Мұрағат: 04.04.2018


Киберқылмыс алаяқтықтың «көкесі» ме?..

Күні: , 356 рет оқылды

«Заманына қарай зәлімі» демекші, ақпарат ғасыры  саналатын ХХІ ғасырда адам қолымен жасалатын қылмыстың өзі жаңаша сипат алған. Сөйте тұра, бетіне бетперде киіп, қолына суық қару алып, банктерге шабуыл жасау қазір де оқтын-оқтын болып  тұрады. Айтпағымыз, техника мен технология дамыған заманда өз үйінде отырып-ақ, адамдардың жеке есепшотынан миллиондаған ақшаны жымқырып алатын «өте ақылды» ұрылардың көбейіп отырғандығы. Мұндай алаяқтар өздерін «хакерлер» деп атағанымен, көздегендері біреудің мүлкін иемдену арқылы оңай олжаға кенелу. Алайда қарапайым ұрылардан басты айырмашылығы – олардың қылмысты қай жерде (елде) отырып жасағанын анықтау қиын және көп жағдайда ізін кесу мүмкін емес.

Жасыратыны жоқ, ХХІ ғасырдың ұрпағы ки­беркеңістікте өмір сү­­руде. Бүгінгінің адамы қолынан ұялы телефонын тастамайтын, әлеу­­­мет­тік желіден екі елі ажы­ра­май­тын, ғаламторсыз өмірін елес­­те­те алмайтын күнге жетті. Жас­­­тар­ды айтпағанның өзінде аға бу­ын өкілдері де тәуліктің басым бө­лі­гін киберкеңістікте өткізеді. Яғни, ғаламтор арқылы хабар ал­­­ма­сады, ақпаратпен танысады, ақ­ша аударымдарын жасайды, қала бер­ді, сауда-саттықпен айналы­са­ды. Қысқаша айтқанда, адам­зат атаулы «әлемдік шырмауық­тың» тұтқынына айналғандай. Киберкеңістікке соншалықты тәуелді болғанымызбен, одан сақ­­­та­­ну және қорғану жолдарын бі­ле­­міз бе? Дербес компью­­те­­рі­міз­де­­­гі немесе ұялы теле­фо­­ны­мыздағы жеке мә­лі­мет­те­рі­міз­дің қауіпсізді­гіне кім жауап­ты? Ки­берқауіп­­сіз­­дік дегеніміз не? Міне, бұл ға­лам­­тор пай­да­ла­ну­­шы­лар­дың бар­лы­­ғы­ның демей-ақ қояйық, басым бөлі­гі­нің ең «әл­сіз» тұсы. Киберқауіпсіздікке қол сұғушы­­лар, яғни хакерлер екі топқа бө­­­лі­не­ді. Алғашқылары – бағдар­ла­­ма­ны алдын ала әзірлеу барысын­­да оның ішіне тез арада құжат­­сыз өзгертулер енгізіп жіберетін ком­пьютер мамандары болса, ке­йінгілері – құпия ақпараттарды шар­шамай-талмай тек қана аң­дып, ұрымтал сәтті күтіп отыра­тын ала­яқтар. Тарихқа көз салсақ, әлем­дегі ең алғашқы компьютерлік қыл­мыскер – америкалық Кевин Митник 1994 жылы ФТБ (Федералды тергеу бюросы) тізі­мінде әлемдегі іздеуде жүрген 10 қылмыскердің «ең азулысы» атанған. Компью­терлік қылмыскер не­месе «ха­кинг» ұғымы қоғамға дәл сол кезден бастап орныққан тә­­різді. Қазақстандағы ең алғашқы ки­бер­қылмыс 2003 жылы Қоста­най облысындағы Лисаковск қа­ла­­сын­да тіркелді. Кибер­қыл­мыс­кер­лер «Гол+Пас» букмекерлік кеңсесі­нен компьютерлік желі арқылы 3 миллион 500 мың теңгені оп-оңай жым­­қырып кеткен. Көп ұза­май құ­қық қорғау құрылымда­ры­ның құ­рығына түскен алаяқтар жа­са­ған қылмысы үшін бес жылға сот­талды. ҚР Ішкі істер министрлігі республикада жасалған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмыс­ты 2013 жылдың желтоқсанында ашты. Министрліктің «К» басқар­масы қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троялық ат» деген арнайы бағдарламаның кө­ме­гі­­мен заңды тұлғалардың шотынан ақша ұрлаған қылмыстық топтың жолын кесті. «Банк-клиент» жүйе­сі арқылы әр түрлі банк­тер­де­гі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алы­нып, қадағалана бастаған. Ара­да көп уақыт өтпей, белгілі бір ұлт­тық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші дең­гей­де­гі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнген. Қыл­­мыскер­лер ұсталған соң, олар­дың Қа­­зақстандағы отыздан астам ірі ком­паниялардың шотынан 400 мил­­лион теңгеден астам ақша ұрла­­ға­ны дәлелденді. LSM.kz. сайтының мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстан азаматтары түрлі кибершабуыл­­дардың салдарынан 1 млн. дол­лар­ға дейінгі қаражатынан айы­рыл­ған. Компьютерлік вирустар, спам, хакерлік шабуылдар мен бас­­қа да киберқатерлерден сақтауға ар­налған жүйелерді құрумен айналысатын халықаралық «Касперский зертханасы» компаниясының Моңғолия және Орта Азия елдері бойынша басқарушы директоры Евгений Питолиннің айтуынша, Қазақстан кибершабуылдың кесі­рінен қаржылай шығынға жиі ұшы­райтын бес елдің қатарына кі­ре­ді. Оның айтуынша, 2018 жылы кибершабуылдардан мемлекеттік құрылымдар, өндіріс орындары, шағын және орта бизнес өкілде­рі көбірек зардап шегуі мүмкін екен. Ал «Microsoft» корпорация­сы­­ның болжамы бойынша, 2020 жыл­ға қарай хакерлік ша­бу­ыл­­дан әлем­дік экономикаға келтірілген шы­ғын мөлшері 3 трлн. долларға жет­пек. Өткен жылы «The Qazaq Times» сайты Еуропа және Азия елдері­не бұрын-соңды кездесіп көрмеген жойқын вирустық кибершабуыл жасалғанын хабарлаған болатын. Белгісіз жойқын вирустық кибершабуыл Қазақстан, Индонезия, Жапония, Вьетнам, Филипин, Украина, Түркия, Португалия, Франция, Италия, Германия, Ұлыбрита­ния, Испания елдеріне жасалған. MalwareHunterTeam халықаралық киберқауіпсіздік ұйымының мәлі­ме­тінше, белгісіз вирустан Ресей мен Тайван елдерінің мемлекеттік және жеке алпауыт компания­лары ең көп зардап шеккен. Ал «Касперский зертханасының» мәлімдеуінше, бір күнде белгісіз ви­рус арқылы әлемнің 74 еліне 45 000 рет кибершабуыл жасаған. Әлем­ге вирустың жаңа түрімен кибер­ша­буыл жасап отырған белгісіз хакерлер, зақымданған компьютерлерді қайта қалпына кел­ті­ру үшін әрқайсысына 600 дол­­лардан қаржы сұраған. Компьютерлік қылмысты дер кезінде ашудың қиындығы – оның халықаралық байланыс желісі арқылы қашықтық талғамай, мем­ле­­кетаралық шекараларды «аттап» кететіндігімен байланыс­ты. Оның үстіне хакерлер аты-жөні мен жұмыс орнын, компания атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін арнайы бағдар­ла­маларды қолданады. Құқық қор­­ғау­шылар қылмыспен күрес шараларын үнемі жетілдіріп отыр­ғанына қарамастан, алаяқтар күн сайын қылмыстың жаңа схемаларын ойлап табады. Әйткенмен, бұл киберқылмыскердің бәрі жаза­сыз қалып жатыр деген сөз емес. Облыстық ішкі істер де­пар­таментінің криминалдық поли­ция басқармасының жедел уә­­кі­лі Олжас Шүйіншәлиевтің мә­­лім­де­уін­ше, 2017 жылы об­лыс аумағында ғаламтор же­лі­сі ар­қылы 28 алаяқтық фак­ті­сі тір­келсе, ағымдағы жыл­дың қаң­тар-ақпан айларын­да 10 алаяқ­­­тық факті орын алған. Абы­­рой болғанда, екінші дең­гей­лі банк­терге немесе меке­ме-ұйым­дар­­ға хакерлік шабуылдар жа­­сал­­­ма­­ған. Деген­мен, тәр­тіп сақ­­шы­­ла­­ры кибер­қыл­мыс­тар­дың жыл санап көбейіп бара жат­қа­­ны­на алаңдаулы. Киберқылмыстың ең көп та­рал­ған түрі – әлеуметтік желі­лердегі алаяқтық. Қазір Инста­грамм, ОLX, KOLESA.KZ, KRISHA.KZ, ВКонтакте сияқты әлеумет­тік желілерде жарнама май­да­ны қызып тұр. Арзан бағамен тауар сатамын, қалаған тауарың­ды жеңілдікпен жеткізіп беремін, көтерме бағамен алсаң, қомақ­ты жеңілдік жасаймын деген хабарламалардан көз сү­рі­не­ді. Құқық қорғау қызмет­­кер­лерінің айтуынша, алаяқтар өз құрбанда­рын осы әлеуметтік желілерден із­деп табады және аз уақыттың ішін­де ондаған, тіп­ті жүздеген адам­ды тақырға отыр­ғызып кететін кө­рінеді. — Өткен жылы 18 жастағы оралдық бойжеткен Инста­­грамм же­лі­сіндегі «МУВ Уральск» парақ­шасы­на балалар киімін ар­зан бағамен сата­ты­ны тура­лы хабарлама жа­за­­ды. Са­ты­ла­тын тауарлардың су­рет­­­­те­­рін па­рақ­ша­сы­на жүктеп, whatsapp ар­қы­лы хабарласу үшін те­­ле­фон нө­­мірін қалдырады. Та­уар­дың толық құнын алдын ала та­лап етіп, QIWI әмиянға немесе экс­­пресс төлемдер арқылы сатып алу­шы­лардың әрқайсысынан 15-30 мың­ға дейін ақша аударуын сұрайды. Содан кейін тауар сатушы бірнеше күн бойы түрлі сылтаулар айтып, тауарды тез арада жеткізіп беруге уәде береді де, соңында мүл­де жоғалып кетеді. Сатып алушы уә­делі тауарын да, сатушыны да таба алмай, санын соғып қалады. Сонда ғана алаяқтың құрбаны бол­­ға­­нын түсініп, құ­қық қорғау құ­­ры­­лым­дарына шағым түсіреді. Осы әдіс бо­йын­ша алаяқ бойжеткен 40-тан ас­там адамды алдап, жалпы кө­­­ле­­мі 600 мың теңгеден ас­там ақ­­ша­ны қалтасына басқан. Ол көп ұза­май құрықталды, зар­дап ше­гу­ші­лер­ге келтірілген шы­ғын­ды толық өте­ді. Тарап­тар­дың келі­суімен іс сот­қа жет­пей қысқар­тыл­ды, — дейді Олжас Шүйіншәлиев. Тағы бір мысал, жыл басында Орал қаласында Инстаграмм ар­қылы қымбат құндыз ішіктерді же­ңілдетілген бағамен сатып ал­мақ болған бірнеше әйел алаяқ­тың арбауына түсіпті. Қажетті қа­ра­­жат­ты сатушының есепшотына ау­­­­дар­ғанымен, арманындағы құн­­дыз ішік­­ке қол жеткізе алмаған соң тәр­­тіп сақшыларына ша­ғым­­да­ну­ға мәж­бүр болған. Адамнан айла артылған ба, әдет­те клиенттерді алдағысы келетін сатушы әлеуметтік желілерде хабарлама беріп, «шетелге көшіп бара жатырмын» деген желеу­­­мен тауарды екі есе арзан баға­­ға ұсынады. Хабарласқан бар­лық клиент­терге алдын ала тө­­лем жа­сау туралы шарт қояды да, ақ­шаны алған соң зым-зия жоқ бо­­лады. Өткен жылдың соңында облыс тұрғынының пәтер сатамын деп жеке есепшотында­ғы 17 миллион теңгесін ұрлатып алғанын көзі қарақты оқырман ұмыта қойма­ған шығар. Жағдай былай бол­ған екен, жарнама сайтқа шық­қан соң пәтер сатып алушы қоңырау ша­­лып, саудаласады. Бағасына екі жақ келіскен соң, әлгі адам пә­­­­тер иесінің жеке есепшотын сұ­­рай­­­­ды. Пәтер иесі ойланбастан, та­­ны­­май­­тын адам­ға өзінің банк кар­та­сы­ның деректемеле­рін береді. Біраз уа­қыттан соң са­тып алушы қайта хабарласып, ақша тез түсуі үшін сатушының бан­ко­мат­қа барып, бірнеше операция орын­­дауын сұ­райды. Аңғал аза­мат ойланбастан, алаяқ­тың нұсқауымен құпиясөзді енгі­зіп, мо­бильді банк жүйесін­де­гі мә­лі­мет­терін қолды еткенін аң­­ғармай қалады. Депозитіндегі қар­­жы­сы­ның ұрланға­­­нын бірне­ше күн­нен соң түсінеді. — Арнайы кодтардың көмегі­мен банктік карталардан ақша ұрлай­тын фактілер жиіледі. Алаяқтар ОLX, KOLESA.KZ, KRISHA.KZ сайт­та­рындағы хабарландырулар бо­­йын­­ша хабарласып, сатып алу­­шылар немесе сатушы болып адам­дар­дың банк карталарының де­­рек­те­рін сұрап біледі де, есеп­­шотында­ғы қаржыны арнайы код­­тар­ды пайдаланып ұрлап ала­ды. Көп жағдайда азаматтар ақ­­параттық қауіпсіздік мәселесіне баса көңіл бөлмейді. Банк карта­ла­ры­на ту­ған жылы, балалары­ның есімі немесе «1234567890» сияқ­ты өте қа­ра­пайым құпиясөздер қояды. Алаяқтар ұялы телефонды ұр­лап алу арқылы да азамат­тың же­ке мәліметіне ие бола алады. Өйт­ке­ні ұялы телефонда адам­ның аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірле­рі­­нен бас­­тап, интернет банкинг, ақша аударымдары, банк карта­сы­­ның құпиясөзі сияқты мә­лі­меттердің барлығы бар. Оңай құ­пия­сөз­дерді хакерлер еш­ қиын­дық­сыз ашып алады. Ұялы те­ле­фон­ды символдар мен сандардан тұ­ратын күрделі құпиясөзбен құ­лып­тап қою және құпиясөзді жиі ауыстырып тұру арқылы алаяқ­­тардан қорғана аласыз, — дей­ді Олжас Әлібекұлы. Мамандар азаматтарға ға­ламтордан келген күмәнді сілтемелерді ашпауға кеңес бе­ре­ді. Нақ­ты көз жеткізіп алма­йынша, әлеу­­­мет­тік желілердегі сауда-саттықтан да абай болуға шақырады. — Ғаламтор алаяқтарына алданып қалмас үшін ең алдымен белгісіз сайттың мекенжайын арнайы сервистен тексеріп алған жөн. Егер сайт жақын арада құрылған болса, онда оның бір күндік сайт болуы ықтимал. Әккі алаяқтар – нағыз психологтар, олар адамның сөйлеу мәнері, түр-сипаты мен іс-әрекеті арқылы сіздің қандай адам екеніңізді анықтай алады. Ең дұрысы, тауарды сатып алмас бұрын, яғни сатушының есепшо­тына ақша аудармас бұрын онымен бір рет болса да кездесіп, құ­­жаттарын қараңыз. Ол туралы мей­­­лінше көп ақпарат алуға ты­рысы­ңыз, — дейді криминалист маман. Мемлекет басшысының Жол­дау­дағы тапсырмасына орай ел Үкіметі өткен жылы «Қазақстан­ның киберқалқаны» киберқауіп­­­­сіздік тұ­жырымдамасын әзір­ле­­­­ген бола­тын. Қылмыстық ко­­декс­­­­тің 190-бабының 2-бөлімінің 4-тар­­­­­­ма­­ғы­­на сәйкес киберқылмыс үшін қылмыс­тық жауапкершілік те көз­­­­­­дел­­ген. Әйткенмен, кибер­қыл­мыс­қа қо­­ғам болып қарсы шықпай, оның алдын алу мүмкін емес. Осы орай­­да әр адамның өзінің ақ­па­­­раттық қауіпсіздігіне, яғни жеке мәлі­меттерінің құпиялылығына баса мән бергені аса маңызды.  

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Жайық ет» ЖШС-ның жұмысымен танысты

Күні: , 402 рет оқылды

Облысқа  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Мәжілісі­нің депутаттары,  «Нұр Отан» партиясы  фракциясының  мүшелері Бақытбек  Смағұл,  Аманжан  Жамалов  және  Сапархан  Омаров Деркөл  кенті  аумағында  орналасқан  «Жайық  ет»  ЖШС  жұмы­сымен  танысты.

«Жайық ет» кәсіпорнының негізі 2003 жылы бұрынғы Орал ет комбинаты базасында қалан­ған. 2009 жылы мұнда өндірістің көлемді жаңғырту жұмыстары басталған, ол 2013 жылы аяқ­тал­ған. Қазіргі таңда кәсіпорын ет пен шұжықтың жүзден астам түрін және қалбырдағы өнімдерді шығарады. Кәсіпорын басшысы Темірға­ли Ескендіровтің айтуынша, 2017 жыл­дың 6 желтоқсанында Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында жаңа өндірістік кешен іске қосы­лып, жылына 7 мың тонна құс етін өндіруде. Қазіргі таңда жоба толық қуатында жұмыс істеп тұр. Құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыру аясында 185 тұрақты жұмыс орны ашыл­ған. Кәсіпорынның бордақылау алаңдары Зеленов ауданына қа­расты Щапов ауылында орналас­қан. Айта кету керек, Еуропадағы Hantmann, LasKalo, Pek Mont сынды белгілі фирмалардан жеткі­зілген жабдықтардың арқасында өндіріс кешені толықтай автомат­тандырылған. – Қазір елімізде орташа есеппен бір адам жылына 17 келі құс етін тұтынады. Егер салыстырмалы түрде алып қарасақ, Ресейде бір адамның құс етіне деген қажеттілігі  – 25 келі. Құс етіне сұ­раныс жыл санап артып келеді. Біз өнімдерімізді ең алдымен, жергі­лікті тұтынушыларға ұсынамыз. Өнімдеріміз базарлар мен ірі сау­да орындарында сатылады. Көр­шілес Атырау және Ақтөбе облыс­тарына да жөнелтеміз. Жақын­да құс етін Маңғыстау облысына шығара бастадық. Жергі­лік­ті нарықты мұздатылған, сапа­лы, қолжетімді құс етімен қамта­масыз еткіміз келеді, – дейді Те­мірғали Қаратайұлы. «Жайық ет» кәсіпорнының құс етін терең өңдейтін жаңа өндірістік кешенінің жұмысымен таныс­қан Мәжіліс депутаттарының айтуынша, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету­ді басым­дыққа алып отырған аталмыш жо­баның болашағы зор. – Ауыл шаруашылығы мемле­кет пен барлық қаржы институт­тары тарапынан жан-жақты қол­дауды қажет ететін сала. Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуға ба­ғыт­талған кешенді шараларды атқарып жатыр. Былтыр ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа бағ­- дарламасы қабылданды. Сол кө­мектің арқасында елімізде өнді­ріс орындары көптеп ашылу­да. Елбасы шикізат өндірумен шектеліп қалмай, терең өңдеу өнер­кәсібін дамытудың маңыз­дылы­ғын үнемі айтып келеді. Осы орай­­да «Жайық ет» кәсіпорны сияқ­- ты заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орында­­рын дамытып, айналасына шағын жә­не орта шаруа қожалықтарын бі­рік­тіре алсақ, ұтылмасымыз анық, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  Сапархан  Омаров. Халық қалаулыларының жұмыс сапарының мақсаты – жергілікті жерлерде Елбасының Жол­дауларын, мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық бағдарлама­ларын, «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасын» халыққа түсіндіріп, олар­дың  жүзеге асу барысын бақылау.   Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал  өңірі»

55 нысан тексеріледі

Күні: , 403 рет оқылды

Ресейдің  Кемерово  қаласындағы  60-тан  астам  адамның  өмірін  жалмаған  өрттен  кейін  Қазақстан  Республикасының Премьер-министрі  Бақытжан  Сағынтаев  жауапты  органдарға, елі­міздегі  сауда  орталықтарына  тексеріс  жүргізуді  тапсырған болатын.  Кеше  төтеншеліктер  Орал  қаласындағы  «Сити  центр» сауда  орталығының  қауіпсіздік  жағдайын  тексерді.

Қаннен-қаперсіз сауда ор­нын аралап жүрген келушілер аяқ астынан қа­раңғылық құрсауында қалып, дабыл қағылды. Әр қабатта орна­тылған дыбыс күшейткіштер ар­қылы сауда орнында өрт шық­қан­дығы, сабыр сақтап, көрсетіл­ген бағытқа қарай жүріп, ғима­раттан шығу керектігін ескертіп жатты. Сонымен қатар сауда ор­нының қызметкерлері келушілер арасында кептеліс тудырмай, олар­дың сыртқа шығуына көмек көрсетті. Жедел сатылар мен жыл­жымалы сатылар тоқтатылып, жоғарғы қабаттағы адамдар қо­сым­ша баспалдақтар арқылы төменгі қабатқа түсірілді. Өрт шыққан жағдайда адам денсаулығына қа­уіп төндіретін түтін немесе улы газды сыртқа қарай шығаратын сорғылар автоматты түрде іске қосылды. Азғантай уақыттың ішінде келушілерге толы болатын көп қабатты ғимарат қаңырап бос қалды. Құрамына төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерімен қатар өкілетті орган және үкімет­тік емес ұйымдардың мүшелері енгізілген комиссия сауда орталы­ғының барлық қабаттарын аралап, қауіпсіздік жағдайына көз жеткізді. – «Сити центр» сауда орталы­ғы­на өткен жылдың соңында тексеріс жүргізіп, бірқатар олқылық­тарды анықтап, соларды жоюға ес­керту берілген еді. Алдыңғы тек­­­серісте кейбір қабаттардағы қо­сымша есіктердің жабық тұ­руы, төтенше жағдай орын алғанда ха­- лықты құлақтандыру құрылғыла­рының дұрыс жұмыс жасамауы, электр көздерінің ақаулары секілді кемшін тұстар анықталған болатын. Бүгін сол жұмыстардың орындалуын қадағаладық. Сын ескертпелердің бірқатары қалып­қа келтірілген. Дегенмен толық­- тай талапқа сай келеді деп айта алмаймыз. Тексеріс бір күнмен бі­тіп қалмай, әрдайым бақылауда болады. Біз анықтаған кемшілік­тердің дер кезінде орындалмаға­ны анықталған жағдайда сауда орталықтарының иелері әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, жеке кәсіпкерлік деңгейіне қа­рай 500 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынатын болады, – дейді БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақы­лау және профилактикалық қызмет бас­қармасы басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерлан Тө­регелдиев. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің БҚО бо­йынша департаментінің басқар­ма басшысы Біржан Хайруллин­- нің айтуынша, екі ай мерзімнің ішінде өңірдегі 55 нысан тексерістен өтпек. – Мұндай шараларға қатысуы­мыздың басты мақсаты – тек­се­рістердің әділ әрі шынайы өтуін қадағалау болып табылады. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне талаптан тыс қысым көрсетілмеуіне де мүдделіміз. Өңірдің барлық аумағында жүргізілетін жоспардан тыс бақылауларға тұтас қоғам болып атсалысуға шақырамын, – дейді  Біржан Марданұлы.   Нұрбек  ОРАЗАЕВ, «Орал  өңірі»

Қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі жетілдірілуде

Күні: , 63 рет оқылды

Елбасы биылғы Жолдауының «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» атты екінші міндетінде қатты тұрмыстық қалдықтарды заман талабына сай кәдеге жарату және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қажеттілігіне тоқталғаны белгілі. Соған орай облысымызда да тиісті іс-шаралар қолға алынуда.

Облыста жылына орта есеппен 108 мың тоннадай қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жинақталады. Бүгінгі күні өңірімізде 6,2 млн. тонна қалдық бар. Аудандарда 318 қоқыс орны және Орал, Ақсай қалаларында 2 ҚТҚ полигоны орналасқан. Қоқыс орындарын заңнамалар талаптарына сәйкестендіру мақсатында бүгінгі таңда аудандық әкімдіктермен қоқыс орындарына 247 жер телімі  (77%) ресімделді, қалғаны ресім-делу  үстінде. Дәстүрлі тәсіл, яғни қалдық-тарды қоқыс орындарына тасып шығару тиімсіз әрі қауіпті екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Содан келіп қазіргі қоқыс орындары қоршаған ортаға шектен тыс сал-мақ түсіруде және ол топырақтың, жерасты сулары мен атмосфераның негізгі ластаушы болып табылады. Ал қалдықтарды басқару бойынша еліміздегі тәжірибе көрсеткендей, ірі қоқыс өңдеу зауыттарын салу тиімсіз. Қазақстан үшін ең оңтайлы әдіс қоқыстарды бөлек жинау және сұрыптау, ҚТҚ-ны кіші және орта бизнес кәсіпорындарында өңдеу болып табылады. Соған орай ел үкіметімен бірқатар іс-шаралар қолға алынып, республикамызда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кәсіпорындар құрылып, жұмыстарын бастады. Алайда олар қосалқы шикізаттардың тап-шылығына кезігуде. Тұрғындар қоқыстарды бөліп, сұрыптамай, барлығын бір жерге тастай салуы оған себеп болып отыр. Ал жеңіл ақша тауып отырған қоқыс орындары бұл қалдықтарды сұрыптауға мүдделі  емес. Қазақстанның жасыл экономикаға көшуіне және заңнамаларға тиісті талаптардың енгізілуіне байланысты облысымызда да қал-дықтарды бөлек жинау бойынша жұмыстар басталды. Қалдықтарды бөлек жинау және кәсіп-керлік нысандарын қалдықтарды басқару саласына тарту оң нәтиже беруде. Соңғы үш жылда ҚТҚ өңдеу 0,8 %-дан  2,14 %-ға  дейін  артты. Облыста 2020 жылға дейінгі тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды, кәдеге жаратуды және қайта өң-деуді енгізу бойынша төрт жол картасы жасақталып, бекітілді. Өңірде қалдықтарды бөлек жинау үшін 1084  торлы контейнер, оның 767-сі Орал қаласына, 317-сі аудандарға қойылды. Ақсай қаласында 2016-2017 жылдары қал-дықтарды жинау үшін 118 бірлік жерасты контейнері орнатылды. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында үкімет қаулысымен «ӨКМ операторы» ЖШС құрылды. Бұл серіктестік шығарылған өнімнің қоршаған ортаға залалын барынша төмендету бағытында жұмыс істейді. Өңдеуші кәсіпорындар қалдықтарды жинағаны және қай-талап пайдаланғаны үшін ӨКМ операторынан тиісті өтемақы алады. Мысалы, республика бойынша 2016 жылы автокөлік шиналарын өңдеуші кәсіпорындар 540 млн. теңгеден астам қаржы алса, ескі автокөліктерді кәдеге жаратуға тапсырған заңды және жеке тұлғаларға 849,1 млн. теңге төленді. Сонымен қатар тұр-ғындарды қалдықтармен сауатты жұмыстануға шақыратын эко-логиялық білім беру жүйесін де қолға алуда. Серіктестік сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды, батарейкаларды жинау үшін облысымызға 54 арнайы контейнер орнатты, оның 27-сі Орал қаласына және 27-сі аудан орталықтарына  қойылды. Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында алдымызда біраз мақсат тұр. Олардың ішінде қал-дықтарды бөлек жинау, сұрыптау, кәдеге жарату және өңдеу жү- йесіне бизнес өкілдерін тарту бойынша жұмыстарды күшейту бар. Айта кету керек, «Даму» қоры арқылы «жасыл» технологияларға несие беріледі және бұл салада еңбек етіп жүрген заңды тұлғаларға «ӨКМ операторы» ЖШС арқылы демеуқаржы төленеді. Сонымен қатар тұрғындар арасында қалдықтарды бөлек жинау туралы насихат жұмыстарын жүргізу, ауылдық округтерде ҚТҚ-ны бөлек жинауды енгізу, «KazWaste» қалдықтарды басқару бойынша қазақстандық ассоциациясымен бірлесіп қалдықтармен жұмыс-танатын кәсіпорындар арасында кеңес өткізу – алда тұрған міндеттердің бірі. Бұл міндеттерді орындауға баса мән берілетін  болады.   Амангелді ДӘУЛЕТЖАНОВ, облыстық  табиғи  ресурстар және  табиғат  пайдалануды реттеу  басқармасының басшысы

Ауласы қардан тазаланбаған үйлерге қауіп төнуде

Күні: , 352 рет оқылды

Бөрлі  ауданында  еріген  қар  суы екі тұрғын  үй  мен  төрт  аула­ға  кірді.  Төтенше  жағдай  Ақсай  іргесіндегі  Қызылтал ша­ғынауданында  орын  алды. Тұрғындарға  төтеншеліктер  көмек­ке  келіп,  арнайы  техникалар  суды  сорып  жатыр.

Сәуірдің  3-і күні кешкі­сін  Ғайниевтердің шаңы­ра­ғына қардың  суы кірген. Лап берген лай судың дең­гейі бірнеше минуттың аралы­ғын­да 15 сантиметрге дейін көте­ріл­- ген. Судың екпінінен еден кө­те­рі­ліп, қабырғалары сыз тарта бастапты. Отбасының жиһаздары мен тұрмыстық техникаларының барлығы жарамсыз. «Төтен­ше жағдай қызметіне хабарластым, телефо­нын ала алмадым. Үйде тек үлкен кісі мен зайыбым ғана болды. Қа­лалық әкімдікке де телефон шалдым. Құммен болса да көмектесің­дерші дедім. Екі үйге де су кірді», – дейді   қызылталдық Алтынбек  Ғайниев. Жылдағы  көріністен жалыққан тұрғындар бұл жағдайға осыдан екі жыл бұрын салынған ауыл­іші­лік  жолдардың  жанында  арықтар мен арнайы  тұрбалардың  салын­бауы себеп деп ашынады. Айту­ларынша, ауылдың жоғары жағынан келген қар суының ағар бас­қа жолы жоқ. «2016  жылы Қызыл­талдың көшелеріне жол салынды. Сол  кезде су ағатын жердің бар­лы­ғын бітеп  тастады. Екі жылда бес тұрғын  үй суға кетіп тұр. Арғы көшелерде қауіпті  жағдайда  тұрған  тағы үйлер бар. Тұрба салын­ған жоқ. Соның кесірінен суға кетіп жатырмыз», – дейді  тағы бір қызыл­­талдық  Орынғали Сарқұлов. Ал  билік өкілдерінің айтар өз уәжі бар. Қар суы кірген тұрғын  үйлерге арнайы келген аудан әкімі Алдияр Халелов аталған жағ­дайға тұрғындардың өздері кінә­лі екендігін айтты. «Жеке сектор­ға әр тұрғын өздері жауапты. Тіп­ті кей аулалардан қар шығарыл­ма­ған. Кешеден бері осы шағын­ауданда жүрмін. Қолына күрек алып, жылға ойып жүрген ешкім­ді көрмедім. Аудан басшысы әр үй­дің ауласындағы суды сору керек деген түсінікті қою керек», – деп  атап өтті Алдияр  Сансызбайұлы. Шынымен  де, төтеншеліктер жұмыс жасап жатқан аймақтан біз де тұрғындардың қарасын көрмедік. Тіпті ауласында су сорылып жат­қан баспананың есігі кілтеулі тұр. Аудан әкімінің тапсырмасымен аталған жағдай бойынша жедел комиссия құрылды. Орын алған жағдай бойынша арнайы АКТ жа­­салып, қорытындысын жақын күн­дері Бөрлі аудандық төтен­ше жағ­дай бөлімінің қызметкерлері береді. Бөрлі  ауданы әкімдігі  баспа­сөз қызметінің мәліметіне сәйкес, бү­гінге дейін қала бойынша 73979.9 м3  қар шығарылып, 5084.2 м3 су со­рылды, 41 шақырым арықтар та­зартылды. 33 техника  жұмылды­рылып, аудан бойынша 19 тонна жанар-жағармай,  150  тонна инерт­ті материалдар, 10  мың қап да­йындалды. Су тасқыны болған жағ­дай­да құрамында 81 адам, 39 бірлік техника  мен  қайық  дайын  тұр.  

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Өнеркәсіп дамуындағы оң үрдіс

Күні: , 31 рет оқылды

«Бизнесті  жүргізу  жеңілдігі  жөніндегі  өңірлер  мен  қалалардың рейтингі  және  оның  нәтижесі  бойынша  арнайы сыйлық  беру»  туралы  Елбасының  Жарлығына  сәйкес  өткен  жылы бірінші рет облыстардың  және  қалалардың  рейтингісі  шығарылды. Оның нәтижесінде  14  облыс  және  Астана,  Алматы қалалары  арасынан, 2016  жылғы  статистикалық  мәлі­меттер және  кәсіпкерлер  ортасында  жүргізілген  сауалнама  бойынша  БҚО  6-орыннан  көрінді.  Бұл  туралы  сейсенбіде  Өңірлік коммуникациялар  қызметінің  алаңында өткен  брифингте  облыстық  кәсіпкерлік  және  индустриалдық-инновациялық  даму  басқармасының  басшысы  Арман  Жалмағамбетов  айтты.

  Елбасы «2015-2019 жылдарға арналған индустриалдық-инно­вациялық даму» мемлекеттік бағ­дар­ламасын әрі қарай дамыту, ел экономикасын модернизациялау және цифрландыру жөнінде бір­қатар міндеттер қойды. Өңірі­мізде осы міндеттерді орындау ба­ғытында ауқымды жұмыстар жасалуда. Арман Жалмағамбетов­тың айтуынша, жалпы аймақтық өнімде өнеркәсіп саласының үле­сі шамамен 50%-ға жуық, ал рес­публиканың өнеркәсібіндегі облыс үлесі шамамен 9%-ды құрай­ды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстың өнеркәсіп дамуында  оң  үрдіс  байқалады. – Есептік кезеңде облыстың кәсіпорындарымен 1,9 трлн. теңгеге өнім өндірілді және ол 2016 жылғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда 5,5%-ға өсті. Мұндай өсімге тау-кен және өңдеу өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемін арт­тыру есебінен қол жеткізілді. Өң­деу өнеркәсібі саласының экс­порт көлемі 2016 жылғы көрсет­кіштен 20,8%-ға өсіп, 182,2 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл  сала­да 2017 жылдың тоғыз айының қо­рытындысы бойынша еңбек ете­тін жұмысшылар саны 18,5 мың адамды құрап, 22,7% пайызға артты. Тартылған инвестиция көле­мі 16 млрд. теңге, – деді Арман Жанатұлы. Оның баяндауынша, өңдеу өнеркәсібі саласындағы негізгі үлес тамақ өнеркәсібіне тиесілі, яғни оның үлесі 30%-ға жуық, машина саласының үлесі  – 21,1%, мұнай өңдеу саласының үлесі 17,6%. Өткен жылы өңірдің машина жасаушыларымен 33,3 млрд. теңгенің, мұнай өңдеушілермен 27,8 млрд. теңгенің өнімдері өндірілді. Бұл салада өнім өндіру 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,8 есеге өсті. Бұл са­ладағы өсім «Кон­ден­­сат» АҚ-ның өндірістік база­сындағы бензин өн­дірісінің іске қосылуы есебінен болды. Аталмыш кәсіпорын­да өткен жылы же­ңіл мұнай өнімдерін алуды қамтамасыз ететін ва­куумдық айдау секциясы іске қосылды. Зауыт жаңғыртудан өтіп, енді жылына бұ­рынғыдай 600 мың тонна емес, 850 мың тон­наға дейін көмірсу­те­гі өңде­леді. Биыл К5 экология­лық кла­сына дейін дизель оты­нын ги­дро­тазартуға арналған қон­дыр­ғы орнату жоспарланған. Қазір­­гі уақытта гидротазарту қондыр­ғысы құрылысы жүруде», – де­ді  Арман  Жалмағамбетов. «Зениттехсервис» ЖШС алда­ғы уақытта 10 метрден жоғары бұйымдарды ыстықтай мырыш­тау цехын ұйымдастыруды, «Ги­дроприбор» ҒЗИ» АҚ базасында металл және тұрбаларды метал­лографикалық зерттеу жүргізетін зерттеу зертханасын ашуды жоспарлады. Өңірдің кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында II бесжылдықта 1340 тұрақты жұмыс орнын құру­мен жалпы құны 84,4 млрд. теңге­ні құрайтын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Өткен жылы 8 млрд. теңгеге 10 жоба іс­ке қосылды. Биыл 10 жобаны іске асыру көзделген және 3,3 млрд. теңгеге алты жоба индустрия­лан­дыру картасына енгізілді. Сон­да шамамен 200 жұмыс орын құ­рылады. Олардың қатарында «Мал шаруашылығының қалдықтарын өңдеу цех құрылысы» («Кублей» ЖШС), «Сэндвич-панельдер шыға­ратын зауыт құрылысы» («Агран» ЖШС), «Химиялық өндіріс базасы­ның құрылысы» («Топан» ЖШС), «Кірпіш зауытының құрылысы» («134» ЖШС), «Бетон араласты­- ру цехы» («Global Procurement» ЖШС), «Кондитерлік өнімдер шы­ғаратын цехтын жаңғыртылуы» («Хасанов» ЖК) секілді жобалар бар. «Бизнестің жол картасы  – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша «Орал сауда-өнеркәсіп компания­сы» ЖШС-ға қорғаныш жабынды пластикалық тұрбалар өндірісіне қосымша жабдық, «Орал кабель» ЖШС-ға электр кабелін өндіруге және «Стекло-Сервис» ЖШС-ға шы­ныны өндірістік өңдеу, берікті­гін нығайту кешенін жаңғырту­ға, кеңейтуге қажетті жабдықтар алу­ға  қолдау  көрсетілді. Өңірдегі жас және өз істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлер ара­сында қайтарымсыз гранттық қаржыға құштарлық басым. 2015-2017 жылдары 45 кәсіпкерге 76 млн. теңге инновациялық грант­тық қаржы берілген. Оның ішін­- де 32 грантқа ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер ие болды.  2017 жы­лы 19 кәсіпкерге 47 млн. тең­ге грант бұйырды. Биыл 3 сәуір­ден бастап грантқа өтінімдер қа­­- былдануда. Бұған бюджеттен 47 млн. теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту­ды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 2017 жылы несиелеуге 852,8 млн. теңге, биыл 300,3 млн. теңге бөлінді. Бұл несие 6%-бен екінші деңгейдегі банктер арқылы беріледі.   Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал  өңірі»

Домбыраға қой ішегін тартқан шебер

Күні: , 358 рет оқылды

«ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі аясында Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері өтіп жатқан кез еді. Домбыра шебері Асылан Серікбаевтың туындыларымен Астанадағы этноауылдағы көрмесінде таныстық.

Әсем қалыбымен көз тар татын қоңыр үнді домбыралар қаздай тізіліп тұрды. Этноауылда белгілі бокс бапкері, олимпиада жеңімпазы Даниярдың әкесі, жерлесіміз Марат Елеусіновті жолықтырдық. Бапкер Оралдан келген шеберге екі домбырасын жөндетіп алғанын айтты. – Қос домбыраның біреуі әкемнің көзіндей болған ескі мұра. Асыланның қолы шебер, епсекті екен. Аспаптарымды қалпына келтіріп, өңдеп берді, – деген Марат ағаның сөзінен риза екендігі байқалып  тұрды. Осыдан бірер апта бұрын Асылан Серікбаевтың Құрманғазы атындағы саз колледжіндегі шеберханасына барудың сәті түсті. Құрқылтайдың ұясындай шағын бөлме ісмердің асай-мүсейі мен керек-жарағына толы. Соларға қарап, оның домбыра жасаумен ғана айналыспайтынын бірден аңғаруға болады. Қабырғаға шашы әдемі қайырылған, дөңгелек жүзді, қалың қасты, көзқарасынан  мінезінің жайлы екендігі сезіліп тұрған жігіттің қарындашпен салынған портреті ілініпті. Ол кейіпкеріміздің нақ өзі еді. Пор-третті суретші  достары  сыйға  тартыпты. Асылан Серікбаев Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында дүниеге келген. 1986 жылы әкесі Серікбай Бостандық ауылындағы мектеп директоры болып таға-йындалған кезде отбасы осы ауылға көшіп келді. Бір үйдегі төрт ұл мен екі қыз тату болып өсті. Бала күнінде талдан садақ иіп, ағаш мылтық пен ойыншық мәшинені жасауға құмар Асылан апаларына сыммен безендірілген сырға мен сақинаны сыйға тартумен болыпты. Әкелері Серікбай – өнерпаз адам. Күй тартып, ән салады. Анасы Шәрбану Сапарғалиева көпті ісмерлігімен сүйсінткен. Киіз басып, құрақ көрпе жасайтын. Кейуана бүгінде зейнет жасында. Мектепте ұстаздық қызмет атқарып, оқушы қыздарды ісмерлікке баулыған. Өнер текпен келіп, қанмен сіңетіні белгілі. Асыланның атасы Сату қолы шебер кісі болған екен. Тіпті ол құлпытас та құйған көрінеді. Баба жолымен қолөнерге аңсары ауған бозбала 1996 жылы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтында сәндік қолданбалы өнер және дизайн  мамандығы бойынша оқуға түседі. Институтты тәмамдаған соң Орал қаласындағы №30 мектепте еңбекке баулу пәнінен сабақ берді. Кейін екі-үш жыл  Астана қаласында жеке кәсіппен айналысады. 2004 жылдан бері Құрманғазы атындағы саз колледжінде еңбек етіп келеді. Жасы қырыққа келген азамат бүгінде әріптестеріне абыройлы. Өнер адамдары, саз мектептерінің мұғалімдері шеберді өздері іздеп келеді. Тапсырыспен музыкалық аспаптар  жасатады. – Колледжде бірге қызмет істеген Сүлеймен Бақтыгереев өмірде де, өнерде де ұстазым болды. Ақсақал қазір зейнет жасында, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Қолымның икемі бар екенін байқап, маған «домбыра жасау қолыңнан келеді, байқап көр» деп ұсыныс жасады. Домбыраның шанақтарын иіп, қалай құрастырылатынын көрсетті. Үш-төрт күннің ішінде ұстаздың көрсетуімен бір домбыраны құрастырдым. Кейін  барлық технологиясын үйретті. Содан бері аспап жасау сүйікті ісіме айналды, – деді Асылан Серікбаев. Оның айтуынша, домбыра жасау үшін пайдаланылатын ағаштың әбден кепкені жақсы. Шанаққа қатты ағаш қажет. Ол үшін біздің өңірде өсетін қайың, үйеңкі, шамшат, шетен кәдеге асады. Соның біреуінен үш миллиметр қалыңдықтағы кесінділер алынады. Кесінділерді қыздырып, қалыпқа салып иетін шағын темір пешті шебердің өзі жасап алыпты. Оларды қалыпқа салу үшін суға шылайды. Пешке қыздырғаннан кейін қайтадан кептіреді. Домбыраның мойын тұғыры жонылып, саға тұсынан шанақ кесінділері біріктіріледі. Шанақтың тілімдерінің саны әр түрлі болады. Жетіден бастап тақ саннан көбейтіліп салынады. Шанақ бір күн бойы қалыпта ұсталады. Домбыраның мойыны сүйірлене жонылып, шабылған соң шанақ-тың бетіне қақпақ дайындалады. Ол үшін шанақтың ішкі жиегіне кергіш салынады. Кергіш – қалыңдығы 7 миллиметр, жұқа тақтайша. Қақпақ шыршадан жасалса, дыбыстың әсерлі шығуын қамтамасыз етеді немесе қарағайды да қолдануға болады. Оның да қызылқарағай, балқарағай деген түрлерін екшеп алу қажет. Қалай болғанда да, шанақ пен оның қақпағының материалдары дыбыс тербелісімен үйлесім табуы тиіс. Қақпақпен беттестіріліп, сағадан жоғары мойынбет жапсырылады. Мойынбеттің қарағаш, қызылағаш секілді қатты шикізаттан жасалғаны жөн. Өнерпаздарға мәлім, ішекті, негізінен, сағаға жақын тартса, әуен дұрыс шығады. Саусақ ұштары тиген сайын қақпақ желінбес үшін сол  тұсқа  қорған  жасырылады. Перне өлшемдерін жасарда барлық шеберге бір өлшем бекітілген. Яғни домбыра мойнының ұзындығы 48 см болуы тиіс. Бұл өлшем қазақ музыкасын зерттеуші, композитор, көрнекті ғалым Ахмет Жұбанов домбыра құрылысына елеулі өзгерістер енгізгеннен бері қолданылады екен. Қойдың ішегі синтетикалық материалмен ауыстырылды. Қазіргі уақытта қойдың ішегін пайдалану мүлдем ұмыт болды. Бірақ Асылан Серікбаев осы тәсілді қайтадан жандандырыпты. Ол үшін сойылған қойдың ішегі әбден жуылып, тазартылған соң тұзға ұсталады. Кейін қайнаған жусан суымен жуылады. Жусан жұпары ішектің жағымсыз иісін кетіріп, қатая түсуіне септеседі. Қойдың ішегінен қажетті жұқа қабығы (пленка) алынғанша майы әбден сылынып алынып, арқан ескен секілді ұршыққа иіріледі. Бұл технологияны шеберге жергілікті күйші Ербол Ғұбайдуллин айтып берген. Күйші әжесінен естігенін баяндаған  көрінеді. – Қойдың ішегі көлеңкеде кептіріледі. «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Асқар Кен-жеғалиев екеуіміз ішекті жасау, оны қолдану технологиясын біраз зерттедік. Қойдың ішегі ұзаққа шыдамайды, үзілгіш келеді. Бұрын қазақтар ұзын етіп, шумақтап орап, бірге алып жүретін болған. Жусан суына жуу секілді тәсілдерді ізденіс барысында өзіміз тыңнан таптық, – деді Асылан Серікбаев. Оның айтуынша, домбыраға бап қажет. Оны бөлмеде қалыпты ауа температурасында ұстаған дұрыс. Күн суытқан шақта, жаңадан жасалса да, домбыраны жалаң кү-йінде сыртқа алып шығу аспап дыбысының дұрыс шығуына кері әсерін тигізеді. Шеберханада домбырадан бөлек, қобыз да ілулі тұр. Оны үйеңкіден жасап, сүйекпен әрлеген. Шанағына түйенің терісі жапсырылған. Киіктің мүйізі қобыз құрылысына пайдаланылған. Қабырғаға сәндік үшін ілінген алмас қылыш біздің кейіпкеріміздің қолымен жасалған. Оның да сабы киік мүйізінен жасалыпты. Шебер скрипканы да жөндейді екен. Екеуміз әңгімелесіп отырғанда, шеберханаға қолына домбыра ұстаған ақжарқын жүзді ер адам кіріп келді. Теректі ауданындағы Ақжайық балалар саз мектебінің директоры Ақболат  Қыдырғалиев  екен. – Мектептегі аспаптарымыздың күйі кетіп, кейде сынып та қалып жатады. Сол кезде Асекеңнің көмегіне жүгінеміз. Өтінішімізді аяқасты етпей, көмектесуге даяр. Музыкалық аспаптарды жасап, ұлттық өнерімізді насихаттауға үлес қосып жүрген мұндай азаматтар біздің өңірде аса көп емес, – деді келген мейман. Шебер оның әкелген домбырасын қолына алып, күйінің келмей тұрғаны шанақ бетіндегі қақпақтың төмен түскенінен  екенін  сол  жерде  айтып  берді. Асылан Серікбаевтың қолынан шыққан өнер туындыларын еліміздің қалаларында өтетін көр-мелерге ұйымдастырушылар аттай қалап алып барады. Әңгіме арасында Асекең Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне ағаштан жонылған ортекелі домбыраны сыйға тартқанын айтты. Домбыра шебері қолөнер сайыс-тарынан да жүлдесіз қалып жатқан жоқ. Мәселен,  былтыр ол Атырауда өткен домбыра шеберлері арасында өткен аймақтық байқауда екінші  орын  алған.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Көне дөңгелектер кәдеге жарамақ

Күні: , 371 рет оқылды

Адам  табиғаттың ажырамас бөлшегі деп жатамыз. Қоршаған ортаны қастерлеп, ластануына жол бермеудің маңызы күн санап артып келеді. Еліміз күнделікті тұрмыстан шығатын қоқыстар мен зауыт-фабрикалардың өндірістік қалдықтары қоршаған ортаға залалын келтірмеу үшін бірқатар тың жобаларды іске асыруда. Соңғы жылдары өңірімізде тозығы жеткен көліктерді қабылдайтын пункттің, тұрмыстық  қатты  қалдықтарды өңдеу орындарының ашылуы, пластик  шыныларын  кәдеге  жаратуды қолға алу – соның айғағы.

Ағымдағы жылы өңіріміздегі «Кама-Орталығы» ЖШС ескірген аутокөлік  доңғалақтарын терең өңдеуден өткізіп, ұнтақтап, кәдеге жарататын  зауытты  іске  қосты. Іске қосылған зауыт өңірдегі экономикалық әрі экологиялық тұрғыдан тиімді инновациялық жобалардың бірі болып саналады. Жаңа зауыт иелері қайталама шикізаттан дайын өнім шығарумен қатар, жол жөндеу және құрылыстың басқа да салаларына арналған резеңке ұнтақ өндіруді жоспарлап  отыр. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, әлемнің дамыған елдері аутокөлік санының күрт артуына байланысты ескі доңғалақты кәдеге жарату мәселесіне жан-жақты мән беруде. Аутокөлік шиналарының өздігінен ыдырауы үшін жүз жылдан астам уақыт қажет. Сондықтан бұл өнім заң бойынша міндетті түрде утилизациялануға жатады. Пайдаланудан шыққан бір тонна көлік шинасынан 700 келідей резеңке шығады. Оны қайта өңдеу арқылы жанар-жағармайға (пиролиз) немесе пайдалы резеңке бұйымдарға айналдыруға болады. Егер бір тонна шинаны отын ретінде жағар болсақ, 270 келі қара күйе мен 450 келі улы қалдықтар ауаға таралады. Бұл экологияға орасан зор нұқсан тигізеді. Сондықтан ескі шиналарды дұрыс кәдеге жарату  жасыл экономика концепциясын ұстанады. Үлкен көлемдегі шикізатты қайта өңдеу ісі қаржылай тиімді. Шикізат тегін келеді, тіпті ірі кәсіпорындар қалдықты кәдеге  жарату үшін белгілі мөлшерде ақша  төлейді. Аталмыш зауыт «Автокомбинат» ЖШС-ның өндіріс ғимараттарын қайта жаңғырту және заманауи құрылғымен жабдықтау нәтижесінде іске қосылған. Пайдаланылған көне доңғалақтарды қайта өңдеуден кейінгі өнімнің қолданылу саласы да әр түрлі. Тозығы жеткен шиналар зауытта өңдеудің бірнеше кезеңінен өтіп, кейін ұнтаққа айналады. Өндірілген резеңке ұнтағынан балалар алаңқайы немесе спорт алаңына жамылғы ретінде қолданылатын таптырмас материалдар жасалады. Бұл өнім жарақаттанудан сақтайды, тозбайды,  80 градус ыстық пен суыққа төтеп береді. Ал төсеніштердің пайдаланылу мерзімі он жылды құрайды. Сондай-ақ мұндай резеңке жамылғылар теннис корттарына, жүгіру жолақтарына, медицина және балалар мекемелерінің едендеріне төсеуге өте ыңғайлы болмақ. Айта кетейік, аутокөлік шиналарының қалдықтары «қауіпті қатты қалдық» санатына жатады. Оның молекулярлық ыдырау процесі орташа есеппен 150 жылдай, яғни бір шинаның залалсыздану уақыты бірнеше ұрпақтың ғұмырына тең. Дүниежүзі бойынша қалдықтарды қайта өңдеу мәселесінің маңызы жылдан-жылға артып отыр. Оның басты себебі – ескі шиналардың көбеюі және оларды экологияға зиян келтірмей жою мәселесі. Ресми мәліметтерге сәйкес, еліміздің  аумағында жыл сайын 300 мыңнан астам аутокөлік шиналарының қалдықтары пайда болады. Осы ретте Елбасымыз жасыл экономикаға көшу концепциясының аясында 2030 жылға дейін қалдықты кәдеге жарату көлемін ең кемінде 30 пайызға жеткізуді  тапсырған  болатын. «Кама-Орталығы» ЖШС-ның құрылтайшысы Валерий Голоуховтың айтуынша, доңғалақтарды қайта өңдеудің басты артықшылығы,  Елбасымыздың Жолдауында айтылған тұрмыстық қал-дықтарды қайта өңдеу, сол арқылы елдегі экологиялық тазалықты  сақтау  болып  табылады. – Іске қосылған зауыт жылына еліміздің түкпір-түкпірінен жеткізілген 2 мың тоннадан астам шикізатты өңдеуге қауқарлы. Біздің қарамағымыздағы логистика орталығында ескірген доңғалақтарды қабылдау жақсы жолға қойылған. Бүгінгі таңда қоймаларымызда жыл бойы өңдеуге жететін шикізат қоры бар. Күнделікті өңделген шиналардың орны толығып отырады. Бұл  зауыттың ерекшелігі, мұнда Ресейдің Новосибирск қаласындағы «ЭкоГолдСтандарт» фирмасы өндірген, сертификатталған  жабдықтар орнатылған. Дөңгелек құрамында ұсақ-түйек металл, түрлі қоқыстар көп болады. Солардан тазартылған соң доңғалақ бірнеше үлкен бөліктерге бөлінеді. Кейін бірнеше қайтара ұсақтау процесінен өткен соң  олардың құрамы жоғарыда айтқан қалдықтардан тазартылады. Ресейлік жабдықтар сапалы, әрі тазалығы жоғары резеңке ұнтақтарын шығаруға қауқарлы. Осы бағытта қолға алынған жоба игі нәтижесін береді деген үміттеміз, – дейді кәсіпорын басшысы Валерий  Голоухов.  

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жарамсызды жарамды еткен

Күні: , 18 рет оқылды

Тасқалалық  Қанат Буентаев  небәрі  он  күннің  ішінде  көліктің  жарамсыз  дөңгелектерінен ұзындығы  —  8,  ені  6 метр болатын  қора  тұрғызды.

– Қазір қалтаның қалыңдығына келіп тірелетін заман ғой. Тығырықтан қалай шығу керек деп ойланасың? Біріншіден, жарамсыз дөңгелектерді іске жаратайын деп құрылыс жұмысына кірісе кеттім. Екіншіден, резинаны өртеу  экологияға залал. Қораны тәжірибе жүзінде сынамақ болып, салып көрдім. Қыстан ойдағыдай шықтық, енді гараж салу ойда бар. Әр доңғалақ  ішін топырақ, қоқыс  қалдықтарымен толтырдым. Құрылысқа 700-ге жуық резина жұмсалды. Оның өзін үш айдай жинадым, – деген Қанат Әбілұлының болашақта қорасын төрт түлікке толтырып, шаруашылықпен айналыссам  деген  ниеті  бар. Қанат жары екеуі екі қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Әкелері қолға алған іске балалары да қолғабыс етеді. Қыста жылы, жазда салқын қораға қақпақтарды көшеден, күл-қоқыстардан жинапты. Еңбекқор азамат оған бір тиын да ақша жұмсамаған. Тек ескі резиналарды бір-біріне бекіту үшін арнайы шегелерді 3000 теңгеге сатып алған. Енді есік пен терезені орнату ғана қалыпты. «Еңбек ептілікті сүйеді» демекші, еңбекқорлығы мен ептілігінің арқасында Қанат бірнеше жыл бұрын ауласын жеңіл көліктің қаңқаларымен қоршап алған. Екі жұмада тұрғызылған аулаға 43 көліктің қаңқасы кеткен. – Негізі, мұны бір кинодан көріп, неге жасап көрмеске деген ой келді. Жарамсыз темір тұл-пардың қаңқасы да кәдеге асты, қоқыс та азайды. Үйдің айналасында 20 шақты бала бар. Оларға, әрине, ойын алаңы қажет. Арнайы жер болса, алаң салу жоспарда бар. Үйімнің жанында бос жатқан жердің пайдаланылмағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Егер сол жерді маған берсе,  жарамсыз жабдықтардан салынған ойын алаңы көздің жауын алып тұрар еді,  –  дейді кейіпкеріміз.

Динара   НАСЫР,

Тасқала   ауданы


Сарыбел шайқасы – Жетісу жерін жоңғардан азат еткен ұлы жеңіс

Күні: , 773 рет оқылды

Отандық тарихнамада жоңғармен арпалыс кезеңі туралы жазғанда Орбұлақ пен Аңырақай шайқасы туралы жиі айтылатыны белгілі. Солай болуы да заңды. Дегенмен соңғы кезде табылған деректерді ақтарып, оларды халық зердесінің теңдессіз қазына-қоры – тарихи эпостарымызбен парықтап салыс­тырғанда, жоңғармен болған шешуші соғыстың соңғы нүктесін қойған тағы бір алапат шайқастың орны анықталып отыр. Қалжыраған алаш қайта сілкініп, қайрат-күшін жиып, басы бір тудың астына түгел табысып, еңселі ел болуына баспалдақ болған сондай ірі оқиғаның бірі – Сарыбел шайқасы.

  Рас, Сарыбел десе қазіргі бізге Иманжүсіп ақынның: «Абылай аспас Арқаның сары белі, Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі», деген әні естілгендей болады. Мәшһүр Жүсіп бабамыз жазып кеткен Абылай туралы «Абылай аспас Сарыбел» деген аңыз әңгіме тіл ұшына тағы орала кетеді. Халық қаптаған қалың жаудан азат етіп, жұртын барақатты өмірге қауыш­тырған дана ханы Абылайды ұлы-лық пен кемелдіктің эталоны етеді, ол туралы аңыздың ақ самалымен көмкерген жырлар, небір кестелі сөз орамдарын қалдырды. «Абылай аспас асу» – бұл да биіктік пен өрліктің өнегелі өлшемі, Алаш ұрпағы үшін таймас серт пен мәрттіктің  асқақ  межесі. Шыңғыстың отбасында дүниеге келіп, Шығыстың жарық жұлдызына айналған Шоқан Уәлиханов арқылы жеткен «Абылай» туралы жырда: «Абылайдай тақсыр хан Айыл-тұрман тағынды. Арғымағын оздырды, Баяу жатқан қырғызды Сарыбелде тоздырды», деген жолдар бар. Осы тарихи жырдағы «Сарыбел» жер атауына Ш. Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағын құрастырушылар мынадай түсіндірме беріпті: «Сарыбель – горный проход в Киргизском Алатау, против Қарабалты и Сокулука. По историческим преданиям Аблай с войском хотел пройти через этот перевал на тучные джайляу Сусамыр, но киргизы преградили ему путь». Демек жоғарыдағы деректен аңғарға­нымыздай, қырғыздардың қонысына жақын жерде орна-ласқан бұл Сарыбел – «Он үш бағаналы Цяньлун қартасында» көрсетілгендей, Күрті өзенінің бас-талған тұсы, Кекілік тауы мен Суық­төбенің Қастек асуымен ұштасатын ай­мақ­тың жалпы атауы. Жер жаннаты Жеті­судың төріндегі осы аймақта жоң­ғар-қалмақтарға  қарсы  үлкен  жорық  басталған. Біз осы қастерлі мекенде жоңғарды жер жастандырған қазақтың біріккен әскери қолының жорығы туралы сөз етпекпіз. Бұл заман  туралы  әйгілі  Бұқар  жырау: «Кіші қара қалмақ бүлерде, Бұлт бұрқан болысты… Буыршындай тіздесті, Жамандықты іздесті», деген ғой. Сарыбел шайқасы уақыт тұрғысы­нан дәп осы тұсқа, жоңғар мемлекеті алауыздыққа ұшырап бытырап, Цин им­пе­рия­сының жер қайысқан жазалаушы ләшкері тап берген талмау тұсқа орайлас келеді. Халық жырында: «Лабачы деген бір елді, Анты менен улатқан. Еренші мен Серенді, Тозғындатып шулатқан», деп мадақ­тай­ды дана Абылайды. Халықтың Лабачы деп отыр-ғаны Әмірсанаға басында одақтас, соңынан тақ таласы кезінде қас дұшпаны болған бауыры, Жоңғарияның ірі көсемі Давачи, ал Еренші мен Серендер белгілі қолбасылар, тарихта болған сардарлар. Қалдан Серен қайтыс болған соң Жоң­ғария мемлекеті билікқұмар нояндар­дың тақ таласының құрбанына ұшырап, ауыр бұлғаққа тап болады. Әсіресе, 1753-1754 жылдардағы Жоңғар елінде жаңа талас-тартыс қыза түседі. Қалдан Сереннің көзі жұмылған соң Бұқар жырау айтқандай, «Ханын қалмақ жаулаған, Сүйткен қалмақ оңбаған» зобалаң дәуір басталады. Қалдан Сереннің тұтқынында болып, ақ үйлі аманат салтымен қоңтайжының қызына неке қидырып, сый-сияпатпен ішке сертті түйдіріп 1743 жылы босаған Абылай заманның тарпы, дүниенің дүрбелең дүбірін қапысыз түсінетін, түйсінетін білікке ие болады. ХVІІІ ғасыр бедерінде Орта Азияда Қалдан Сереннің ай­бар-атағын еске салсақ, қаһарлы қон­тай­жымен мәміле жасап, тағылым түйген Абылайдың да абыройы асқақтай түседі. Абылай ендігі жерде Жоңға-риядағы әскери-саяси істерге белсенді араласып отырады. Көк-жал Барақ, қыпшақ Қошқарбай, Қожаберген, Жарылғап батырларды барлауға, ұдайы алғы шепке жұмсап, өзімен одақтас, серіктес болған ірі жоңғар әміршілеріне жақтасып отырады. Мәселен, 1753 жылы Давачи хан сай­ланғанда өзіне мықты қарсылас бол­ған дөрбет нояны Немеке-Жиргалды  Абы­лай­дың көмегімен талқандай-ды да, оның ұлысынан 3000 адамды қазақ ханына олжаға береді, өзі малын бөліске салады. Сол 1753 жылдың қараша айында, әуелінде одақтас болған Давачи мен Әмірсана жауласып, Давачи әскер бас­тап Әмірсанаға қарсы жорыққа шығады. Сонда Абылай қазақ әскерін бастап өзіне күйеу болған Әмірсанаға көмек көрсетеді. Абылай-Әмірсана одағынан 3 мәрте жеңілген Давачи ақыры Тарбағатай төңірегінен Бұратала (қазіргі ҚХР, ШҰАР, Бұратала) жеріне шегінуге мәж­бүр болады. Осы кезде Омбыдағы Ресей үкіметіне жеткен мәліметтерге қара­ғанда, аталмыш оқиғамен байланыс­ты көптеген жоңғар тұтқындары мен босқындары қазақ жеріне енген. Ал қытай тіліндегі Цин патшалық орда естелігінде сақталған бір деректе, 1754 жылы Абылай Әмірсанаға көмек беру үшін 50 000 әскер бастап жорыққа шығып, Жайырдан Ілеге дейінгі жоңғар қоныстарын шап­қан. Онда тұрғын отбасы қалмаған» де­лін­­ген. XVIII ғасырда құрастырылған «Патша бекіткен жоңғарларды тыныш­тан­дыру жоспарлары» атты қытай мұ­ра­ғат құжаттар жинағының бірін­ші кітабында 1753-1754 жылдары қазақтар­дың Бұратала мен Іле төңірегінде әске­ри жорықтар жүргізгендігі туралы бір­неше мәрте мәлімет кездеседі. Мыса­лы, атал­мыш дереккөздің тағы бір пара­­ғын­да қазақ Абылай мен қалмақ Батма-Церен, Еренцин 10 000 қазақ-қал­мақ әс­керін бастап Давачиге шабуыл жа­сап, Бұратала сынды жерлердегі қарсы­лас­тарын түгелдей тонаған. Сонда Абылай Талқы тауының шығысы арқылы әлгі тоналған адамдарды кері алып кеткен деп нақты мәлімет қалдырған. Міне, халық жырындағы «Еренші мен Серенді, Тоз­ғын­датып шулатқан» деген жолдар осы оқиғаға куә болған жыраулардың аузынан шыққан болса керек. Әуелі Абылай ханды паналап, содан кейін Ресейге қашып бар-ған Әмірсана көз жұмғаннан кейін жоңғар қалмақ­тары 1755 жылы Құлжадағы Цин патша­лық армиясына шабуыл жасап, генерал Бандиді әскерімен бірге түгел қырып кетеді. Осы оқиғадан рухтанған олар Батыр-Обашы, Букучаған, Церен, Цебек (Себек), Қасақшира, Ужет, Әңгідей, Чохор, Бардамут сынды басшыларының ұйыт­қы болуымен қайта ес жия бастай­ды. Осылайша 1757 жылдың соңына таман Қасақшира мен Ужеттің басшылығымен Сарыбел жеріне жиналып, Жоңғар хандығын қалпына келтірмек болады. Сөйтіп 1757 жылдың жазында Церен мың әскерді бастап барып Ақтау-Ортау жерінде мал бағып жүрген Ұлы жүздің Манасбай және Қайнатөбет деген екі ауылын шабады. Сонда әлгі екі ауылға жақын қоныстанған Орта жүздің Наймантай, Жаназар батырлары 500 әскермен жоңғардың артынан қуып барып, біраз малды кері қайтарып алады. Осыдан кейін үш жүздің біріккен қолы Сарыбелде шоғырланып жатқан жоңғарға жорық жасауға бел буады. Ақтау-Ортау оқиғасынан кейін Церен әуелі өз елін бастап, Лепсі өзенінің Балқаш көліне құйылатын Чеченқара деп аталатын жеріне қашып барып, содан әрі Сарыбелге кеткен. Дереккөздерге қарағанда, осы кезде Сарыбелге жиналған қалмақтардың саны он мыңнан асқан. Осы жағдаймен байланысты болса керек, қазақтың үш жүзі бас біріктіріп, күш жинап, жоңғарға қарсы  аттанған. Сарыбелге Балқаштың солтүстігінен аттанатын жасақтар Балқаш көлінің мұз қатқан бетінен жүріп өтіп, одан әрі Сарыбел жеріне баруды көздеген. Әбіл­пейіз сұлтан бастаған қазақ жасақ­тары Көксу, Қаратал жерлерін басып өтіп, Ілеге жетуді мақсат етіп, 1757 жылы қараша айының соңында аттанған. Бұл бағыттағы топты Орта жүзден Сарытүгіл батыр, Үмбетей батыр және Кіші жүз Тұңғышы батыр бастап, олар Қабанбай батыр бастаған топпен Керібұлақ жерінде бас қосқан. Ал батыстан шығысқа қарай Шу өзенін бойлап, Сарыбел жеріне баруды көздеген қазақ қолын Кіші жүзден Ерәлі сұлтан бастаған. Олардың бәрі Сарыбелді бетке алып жолға шыққан. Алғашқы соғыс Түкжан батыр мен Чохор, Бардамут есімді қалмақ қолбас­шылары арасында 1758 жылы қаңтар айының ортасында басталған. Түкжан бастаған екі мыңдық қазақ жасағы жеңіс­ке жетіп, жоңғардың 500 түтінін тұт­қынға алған. Түкжан батыр Сарыбелде соғыс бастар алдында Орта жүздегі өзге сардарлар да соғысқа жан-жақты дайындық жасай бастайды. Қабанбай батыр әуелі Таубасар батырды жіберу арқылы Дәулетбай, Қожаберген, Көкжал Барақ сынды батырларға: «Церен біздің елдің шет жағасында тұратын Кіші жүздің адамдарын тонап кетті. Кіші жүз Нұралы хан әскер бастап аттанған, сол себептен, біздің Орта жүз де әскерімізді аттандырамыз» деп жан-жаққа хабаршы жіберген, сөйтіп Кіші жүз Тұңғышы батырмен «әскерлеріміздің басын Чеченқарада қосып әрі жорыққа бірге аттанайық» деп уағдаласқан. Қабанбай батыр өзі 1757 жылы 15 желтоқсан күні жолға шық­қан. Дерек­терге қарағанда, Орта жүз қазақ­тары­ның жасақтары Балқаш көлі­нің мұз бетінен тікелей жүріп өтпек бол­ған. Балқаш көлінің мұз беті арқылы Сары­бел төңірегіндегі қалмақтарға шабуыл жасау – қазақтардың жиі қолданатын әскери тактикасы болса керек. Өйткені, мұн­дай жағдай 1758 жылдағы Сарыбел шай­­қасынан жарты ғасыр бұрынғы қазақ-қал­мақ соғыстарында  да  болған  екен. Сарыбел шайқасы үшін Абылай хан тәмам қазақ еліне жарлық айтып, қылқұйрық боп аттануға ұран тастайды. Аруақты батырлар мен даңқты қол­басшылар майданның тактикасын жүйелеп, айла-тәсілмен жауды шырғалап, қоршауға түсіру, барлау жасау, жаудың ізіне өкшелей түскен манж-цин әскери­лері­мен дипломатиялық байланыстар жасау бағытына күш салған секілді. Бұл оқи­ғаның сұлбасы «Қабанбай батыр» эпо­­сы­ның Қ. Әділбеков нұсқасында көрініс табады: «Ел үшін күйзеліпті ер Қабан-бай, «Қалмақтан қалам ба, – деп, – бір кек алмай». Батырдың бұл хабарын естіген соң, Келіпті Тоғас, Қосай, ер Дәулетбай». Әрі қарай халқына қалқан болған қаһарман ерлердің есімдері былайша жырланады: «Мұрыннан келді шауып ер Боранбай. «Ерінбей ел намысын іздесем» деп, Шанышқылыдан келіпті Берді-қожа. Халықтың қанын жоқтап, қа-мын жейтін, Келіпті қаз дауысты ер Қазы-бек. Келіпті көкжарлыдан Көкжал Барақ. «Тамам батыр бас қосты» дегеннен соң, Келіпті атышулы тентек Матай. «Қаны сұйық қалмақты жайратам» деп, Үйсіннен іздеп кепті Сарышуаш… Хабарын батырлардан естіген соң, Төреден іздеп кепті хан Абылай»… Жоңғарлардың шерігі шегірткедей қаптап келгенде алдынан шеп құрып тойтарыс берген Әбілқайыр хан маңдайына жазыл­ған сызығы түгесіліп, ақырғы шай­қас­қа қатыса алмай өмірі үзіліпті, сон­дық­тан баһадүр қолбасшының екі көкжал ұлы Нұралы мен Ералы сұлтандар әйгілі ұрыс­қа қатысыпты. Олар сонау Оралдан Жеті­суға шеру тартып он мың қолмен қазақ қосынының алапасын арттырыпты. Осы­лай­ша дүйім алты Алаштың басы қосыл­ған ақырғы айқаста ата жау­дың ордасы талқандалып, шаңырағы шай­­қалып, Алаш­тың байрағы мәңгіге ас­пан­дапты. Аруақты бабалардың нар на­мысы ұрпағын жебепті. Деректерге қарағанда жігерлі жас сұлтан, Әбілмәмбет ханның ұлы Әбіл­пейіз алдыңғы шепте атой салып, жау­ды жасытып майырыпты. Кейіннен Ала­таудан Алтайға дейінгі кең байтақ ата­жұртын ойрат қалдықтарынан түбе­гейлі азат етіп қоймай шайқалған шаруа-тұр­мысын оңалдыруға ерекше үлес қос­қан бұл Әбілпейіз сұлтан бір жағынан Нұра­лы сұлтанның қызын  алған  күйеу  баласы  еді. Нұралы мен Әбілпейіз сұлтандардың тізе қосып Сарыбелге жиналған жоңғар қосындарына соққы жасағаны белгілі қытайтанушы-ғалым Бахыт Еженханұлы аударған манж-цин деректерінде былайша таңбаланыпты «қазақтың Дәулетбай (Қабанбайдың інісі) батыры маған: «Біздің естуімізше, Батур-Обашы қызылша ауруынан қайтыс болған. Ал Қасақшира басқаратын ел түгелдей босқын болып кеткен. Тек Церен ғана Сарыбелге қашып кеткен. Кіші жүздің Нұралы ханы мен оның інісі әскер бастап екі бағытпен олардың ізіне түсіп кетті» деп айтты» десе, келесі деректе Әбілпейіз сұлтан манж-цин өкілдеріне былай депті: «Церенге қазір 10 000-нан астам түтін қарасты… оларды түбегейлі құрт­пасақ, біздің елге тыныштық болмайды. Оларды түп-тұқиянымен жоя алмасақ, тірі қалғанын Яркент, Қашқар және бұрыттардың (қырғыз) жерлеріне дейін қуып апарғанда ғана іс тәмамдалады. Біз бірлесе отырып былай деп шештік: Кіші жүз Ералы сұлтан 10 000-нан астам әскер бастап Шу жеріне барып, Орта жүздің Сары­тоған батыры Ақтау-Ортаудан Кері­бұлақ жеріне барып Қабанбаймен бас қосып, әрі қарай Церенді қуалап, көк­темде қар еріген кезде кері оралатын болды». 1758 жылы 4-5 ақпанда Ералы баста­ған Кіші жүз әскері Сарыбелге жетіп, сон­дағы жоңғар-қалмақ қосынына шабуыл жасап, Чохор, Әңгідей және Бардамұттың әскерлерін жояды. Содан Ералы сұлтан бастаған қазақ қолы 1758 жылдың ақпан-наурыз-сәуір айларына дейін Қастек асуында, Сарыбелде болған. Осы орайда ержүрек Ералы сұлтанның әлі күнге дейін тарихымыздағы лайықты орнын ала алмай келе жатқанын айтқан жөн. Жоңғар-қалмақтар осыдан кейін Сары­белден қаша бастаған. Церен шығыс­тағы Талқы асуы арқылы Бұратала жеріне, одан Сәуір, Жайсан көлінің маңына, одан әрі Қалба тау асуы арқылы Ресейге кетуді көздеген. Әңгідей де Бұратала жеріне жеткен. Ал Қасақшира мен Букучаған Іленің жоғарғы ағысына  барып  бой  тасалауды  ұйғарған. Кескілескен шайқастар 1758 жылдың жаз айларынан кейін де жалғасқан. Сол оқиғалар арқылы қазақ жұрты жоң­ғар-қалмақ қалдықтарын Жетісу мен Тар­бағатай жерлерінен біржола тазал­аған. Осылайша Сарыбел шайқасы Жеті­су жерін жоңғардан азат еткен ұлы  жеңіс  болды! Биыл 260 жыл толып отырған Сарыбел шайқасында төрт төңіректен түгел жиналып, бір тудың астына бас біріктіріп, ынтымақпен тізе қосып жаудың ақырғы мығым бекінісіне ауыр соққы берген Алаштың айбыны асқақтап, киіз туыр­лықты қазақтың береке-бірлігі құрыш болаттай шыңдалып, тұтастығы нығая түсті. Сондықтан ақбас Алатаудың баурайында аруақты Наурызбай, Сұран­шы, Саурық сынды сұрапыл батырлар мен Сүйінбай, Жамбыл сынды сұңғыла ақындарды дүние-ге әкелген, Сарыбел шайқасы арқылы Алаштың ынтымағын тербеткен осы қасиетті жерге қазақ-тың бірлігін арқау еткен еңселі ескерткіш бой көтерсе, абзал болар еді! Алты Алаштың осы ұйыған ынты­мағын 1762-1763 жылдары Нұралы ханның Цин патшалығына жолдаған хатындағы «Біз Кіші жүздің Нұралы ханы, Ералы сұлтаны, Досәлі сұлтаны, Айшуақ сұлтаны және Қарағай сұлтаны боламыз. …Біздің қазақтар үш ханға тиесілі болып бөлінгенімізбен, соғыссақ бәрiміз бірігіп соғысып, бейбiт өмiр сүрсек, бәрiміз бiрге сүреміз» деген жолдардан да айқын  байқауға  болады. Ұлы далада берекелі бейбіт өмірге араға ғасырлар салып, аңсап жеткен алты Алаш ырысты мекенін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйыққа айналдырды. Осы абат күнге жету жолында жанын қиған, табаны үзеңгіден таймаған, найзасы қолынан аумаған тұғырлы тұлғала-рымызға түмен мәрте тағзым етеміз!

Дархан   ҚЫДЫРӘЛІ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика