Мұрағат: Апрель, 2018


Ақын атындағы аудан

Күні: , 91 рет оқылды

Таяуда Астанадағы ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономостикалық комиссиядан Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасына Орал қаласындағы бесінші ықшамауданды ақын Қадыр Мырза Әли атымен атау жөніндегі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұсынысын мақұлдаған ақжолтай хабар жетті.

Үшбу ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның биылғы оныншы сәуірдегі жиналысында мақұлданған. «Енді Орал қалалық әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі шықса болды, облыс орталығындағы 5-ықшамауданы ресми түрде абыз ақынның атымен аталатын болады» дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшылығы. Осы мәліметтен кейін біз Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеровке хабарластық. «Алдағы мамыр айында қалалық мәслихаттың бір сессиясын өткізуді көздеп отырмыз. Сол сессияда сіз айтқан мәселе бойынша Орал қалалық әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі қабылдануы тиіс» деді ол.

Ретті жерінде айта кетелік, республикалық ономастикалық комиссияның 10 сәуір күнгі талқылауында Орал қаласының 5-ші ықшамауданындағы жаңа алаңды Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті алаңы деп атау, сондай-ақ «Жұлдыз», «Көкжиек» «Сарыарқа» шағынаудандарындағы көптеген көшелерге жаңадан атау беру жөніндегі  ұсыныстар  да  мақұлданған.


Жаңаөзеннен жүлдемен оралды

Күні: , 71 рет оқылды

Батысқазақстандық Жансая Мусина Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында өткен «Береке басы – бірлікте» атты аймақтық ақындар айтысында бірінші орынға ие болды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына арналған жыр додасына барлығы 10 ақын қатысып, бақ сынады.

Айтыс қорытындысында жаңаөзендік Абай Жолмағамбетов бас жүлдені (500 мыңтеңге) жеңіп алды. Жансаяға бірінші орын  үшін 400 мың теңге берілді. Сондай-ақ атыраулық Шалқарбай Ізбасаров екінші (300 мың теңге), астаналық Рауан Қайдаров, жаңаөзендік Арғынбек Қалбаев және ақтөбелік Марат Ахметов үшінші жүлдені (200 мың теңгеден)  қанжығаға  байлады.

«Айтыс қызу өтті, бәсекелестік жоғары болды. Елдің бірлігін, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу керектігін, рухани жаңғырудағы табыс-жетістіктерімізді жырладық. Әрине, Жаңаөзен қаласын да ұмытпадық», деді Ж. Мусина.


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 51 рет оқылды

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн әрбір қазақстандықтың татулығы мен достығының, бірлігі мен бауырмалдығының баға жетпес нышанына, жалпыұлттық жарасым мейрамына айналды.  Бүгінде ұлы дала төсіндегі тұғырлы мемлекетіміз өркендеп  келеді.  Бұл – қоғамдық ынтымақ пен саяси тұрақтылықтың жемісі, ұлт тұтастығының  жарқын  үлгісі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ» деген пікірінің өмірлік  мән-маңызы зор. Бірлігі бекем еліміздің еңсесін биіктетуге, өңірімізде бейбітшілік пен достықтың мәңгі салтанат құруына  облыс  тұрғындары  зор  үлес  қосып  жүргендіктерін  атап  өткім  келеді.

Құрметті жерлестер! Сіздерге мықты денсаулық, құт-береке, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін!  Бірлігіміз нығайып, берекеміз артып, әл-ауқатымыз жақсарып, өңіріміз гүлденіп, еліміз өрлей берсін!

Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі  А.  КӨЛГІНОВ


Финдік технология қызықтырады

Күні: , 58 рет оқылды

Бейсенбі  күні  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгі­нов  жұмыс  сапарымен  Финляндия  елінің  астанасы  Хельсинки қаласында  болды.

Облыс әкімінің бұл жол­ғы шет мемлекетке жұ­мыс сапарының мақса­ты – энергетика және тұрақты да­му, қоршаған ортаны қорғау жә­не тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу секілді салалардың қала инфрақұрылымын дамыту­да қолданылуы бағытындағы тә­жірибелерді сараптау болатын.

Жұмыс сапары барысында облыс  әкімі Финляндия СІМ мемлекеттік хатшысының  орынбасары Маркк Кейняненмен кездесті. Он­да облыс әкімі Батыс Қазақстан облысы бойынша атқарылып жат­­қан шаралар Елбасы белгілеген стра­тегиялық тапсырмалар аясында жүзеге асып жатқанын айтты.

Шара барысында қазақстандық делегацияға «VTT» технологиялық зерттеулер орталығының маман­дары жасақтаған «Смарт-сити» тех­нологиясын енгізу және тұр­мыстық қалдықтарды өңдеудің жа­ңа тұжырымдамалары таныс­тырылды.

Облыс әкімі бұл сапарда сон­дай-ақ Эспоо қаласындағы тұр­мыс­тық қалдықтарды өңдеу орта­лығында болды. Бұл жерде об­лыс әкімі озық технологияларды енгізу жолында Финляндия елі­мен Батыс Қазақстан облысы ара­сында жан-жақты ынтымақ­тастық орнатуға мүдделі екендігін ай­тып өтті. Әсіресе,  екі жақты келі­сімге сәйкес Орал қаласы­нан са­лынатын қатты тұрмыстық қал­дық­тарды басқару жүйесі бо­йын­­ша кешен құрылы­сын іске қо­су­дың маңыздылығына тоқтал­ды. Аталған жоба тұр­мыс­тық қал­дық­тарды толықтай басқаруға жағ­­дай туғызады деп күтілуде. Сол ар­­қылы тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрып­тау және қайта өңдеу бір инфрақұ­рылымға біріктірілмек.

Кездесу барысында Хельсин­ки мен Батыс Қазақстан әкімдігі­нің, Фин «Бизнес-хаб» жобасы, «Collaprime» компаниясы арасын­да ынтамақтастық жөніндегі келі­сімге қол қойылды. Бұл өз кезегінде екі тараптың өткен жылы Астанада өткен «ЭКСПО — 2017» көрмесі кезіндегі келісімінің келесі маңызды қадамы болып есептеледі. Айта кетейік, бұған дейін­гі БҚО әкімдігі мен «Collaprime» ком­паниясы арасындағы келісім 3D-жобалау бағытында колледж мұғалімдерінің біліктілігін артты­руға  бағытталған  еді.

Қос тарап финдік BIM-технологиялары мен 3D-жобалау технологиясы облыстың инфрақұрылы­мы мен құрылысы саласына оң әсе­рін тигізетініне сенім білді­ретінін жеткізді. Айта кету керек, «Collaprime» 2016 жылы Финлян­дияның BIM-технологиялары бо­йынша үздік  компаниясы  атан­ған.

Облыс  әкімінің  баспасөз қызметі


Шаруашылықтардың жағдайларымен танысуда

Күні: , 64 рет оқылды

25-26 сәуір  күндері  облыс әкімінің  бірінші  орынбасары  Игорь  Стексов  Қазталов, Жәнібек  аудандарында  жұмыс  сапарымен  болды.

Құрамында облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария басқармасының басшылары бар топ Қазталов ауданында болған кезде алдымен Талдыапан ауылдық округіне қарасты Байбоз қыстағына ат басын бұрды. «Дархан» шаруа қожалығының иелігінде бұл қыстақта 440 бас аналық ірі қара малы, 12 бас асыл тұқымды бұқа, 467 бас жылқы, 1080 бас қой өсіріледі. Нұрлыбай Жолдыбаев жетекшілік ететін қожалық мал басын түрлендіру, лизингке техника алу секілді мемлекеттік, салалық бағдарламаларға қатысып келеді. Соңғы жылдары 22 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алған. Қазір мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Биыл ол «Бауырлар» атты жаңа шаруа қожалығын құрып, 80 млн. теңгеге 260 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алған.

– Елбасы өзінің Жолдауларында ауылдың, әсіресе, ауыл тұрғындарының әл-ахуалын көтеруге ерекше назар аударып, осы мақсатта атқарылуы тиісті ауқымды істерді белгілеп беруде. Соған орай ауылдағы ағайынның ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында келіп тұрмыз, – деді Игорь Стексов.

Аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлыбай Жолдыбайұлы қазіргі күні ауылдық жердегі интернет желісінің шамалы екенін сөз етті. Игорь Валерьевич бұл бағыттағы тиісті жұмыстар  жүріп  жатқанын  айтты.

Одан кейін Жалпақтал ауылындағы мал сою алаңының жұмысымен танысты. «Ынтымақ» несиелік бағдарламасы бойынша тұрғызылған нысан ауыл тұрғынына қызмет көрсетуде. Қасапханада тәулігіне 10-15 ірі қара союға болады. Ет сақтайтын тоңазытқышы бар.

– Біз өзіміз мал бордақылап, соларды осында сойып, етке өткізгіміз келеді. Алайда оған қаражатымыздың жоқтығы қолбайлау. Сонымен қатар сойылған ірі қара малының етін тасу үшін арнайы көлігіміз де болмай отыр. Ал жалпы болашақта мал сою бекеті жанынан шұжық цехын, асхана мен қонақүй салу ойда бар, – деді «Жалпақтал» АӨК төрағасы Дархан Догоров. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған мәселелерді шешу бағытын қарастыратынын айтты.

Игорь Стексов Жалпақталдағы аумақтық ветеринариялық зертхана мен мекемеде болып, мамандармен кездесті. Одан кейін Қараөзеннің тасуы салдарынан Жалпақтал мен Қараөзен ауылдық округтерінің аумағындағы жайылымдарға шыққан су мөлшерін бажайлап, «Автобаза», «Гүрілдеуік» сынды бөгеттерге барып, «Киров – Шежін» каналының жұмысымен  танысты.

Одан соң Ақпәтер ауылдық округіндегі «Қамқор» шаруашылығына табан тіреді. Ағайынды Хасановтардың қожалығы 1999 жылы құрылған. Мұнда қазір 470 бас көшім жылқысы, 1500 бас еділбай қойы, 250 бас герефорд сиыры, 600 бас ірі қара малы бағылады. Соңғы жылдары 1000 бас ірі қара малына арналған бордақылау алаңын салып, онда өткен жылы 311 бас мал тұрса, биылғы жылы әзірге 105 бас мал бордақыланып, Ақтау қаласына етке тапсырылды. Ағайынды жігіттердің қажырлы істеріне табыс тілеген облыс әкімінің бірінші орынбасары еңбек ете білген жанға әрқашан да қолдаудың бар екендігін жеткізді.

Қазталов аудандық ветеринария стансасындағы дезинфекциялық құрлығы орнатылған автокөлікті, оны дала өрттерін сөндіруге де тиімді қолдануға болатындығын көрген И. Стексов жаз айларында орын алатын дала өртіне қарсы осындай автокөліктерді көбейту туралы ұсынысын білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Тереңкөл ауылдық округіндегі «Кеңдала» шаруа қожалығына соғып, бүгінгі заманға сай салынған үй-жайлармен және техникалармен танысып, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып жүрген Әбуғали Ғұмаровқа өз ризашылығын білдірді.

*  *  *

Игорь Стексовтың Жәнібек ауданына сапары Ақоба ауылдық округіндегі Соркөл жайылымынан басталды. Бөгетке жиналған су мөлшерінің деңгейін көріп, Соркөл мен Әбділман жайылымдары туралы толыққанды мәлімет алды.

Ақоба ауылында болған кезде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында тұрғын үйлерге су өткізу жұмысының жай-жапсарымен танысты.

Бұдан соң 1000 бас малды бордақылаумен айналысатын «Әлем» шаруа қожалығына бет түзеді. Аталған шаруа қожалығының жетекшісі Ескендір Елемесов шаруашылығының тыныс-тіршілігінен хабардар етті. «Әлем» – мал  шаруашылығын ғылыми негізде ұштастырып отырған облыстағы санаулы құрылымдардың бірі. Ірі қара малын сұрыптап, селекциялық жұмыстарды жүргізуді де назардан тыс қалдырған емес. Мал бордақылау кешенін аралаған кезде Игорь Валерьевич шаруа қожалығында атқарылып жатырған жұмыстарға, бизнес пен ғылымды шебер ұштастырған шаруашылық басшысына ризашылығын білдірді.

Ұзынкөл ауылындағы «Үміт» шаруа қожалығында 100 бас ірі қараны бордақылауға арналып салынып жатқан орынды көрді. Аталған шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Қуанышқалиевтың айтуынша, бордақылау орнын салуды былтыр күзде бастап, қазір соның жартысы аяқтала келген, қалғаны биыл бітеді. «Мал бордақылау орнын салу үшін өз қаражатымнан 6,5 млн. теңге жұмсадым. Осы орынның ішінен тереңдігі 60 метр ұңғыма құдық қаздырдым. Шаруашылығымда электр желісі жоқ, содан қиындық көреміз. Сондықтан баламалы электр энергиясын өндіретін  құрылғыға тапсырыс беріп қойдым», – деді ол.

Жәнібек ауданының орталығындағы «Қараш» шаруа қожалығының мал сою, ет өндірумен шұғылданатын орынға келген кезде қожалық қызметкері Бауыржан Қарашев қасапхана бүгінгі таңда жаңартылып, жаңғыртылып, мал сойып, ет өндіруге дайындалып жатқанын айтты. Мал соятын орынның жанында жаңадан екі будка орнатылып, оның ішіне жаңадан екі үлкен тоңазытқыш қойылған. Тоңазытқыштарға 30 тонна ет сияды. Болашақта мұнда 30 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мал соятын орынның жұмысын бақылауда ұстайтынын айтып, кәсіп иесіне табыс тіледі.

Облыс әкімінің орынбасары бастаған топ аудандағы агроөнеркәсіп саласының жұмыстарымен мұқият танысқан соң Бөкей ордасы ауданына аттанды.

Тұрарбек  АҚМУРЗИН,

Қайрат  ЖАҚЫП,

Гүлзара  ТӨРЕҒАЛИЕВА,

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Қазталов  ауданы,

Жәнібек  ауданы


«Қазақстандағы тұтастық пен табыстың негізі – бірлік»

Күні: , 82 рет оқылды

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

1 мамыр –  Қазақстанды мекендейтін  түрі  басқа  болса  да,  тілегі бір, жүзі  басқа  болса  да, жүрегі  бір  барлық ұлт-ұлыстың  ортақ  мейрамы. «Бірлік  болмай, тірлік болмас»  деген  аталы сөзді бойтұмар  тұтқан  қазақстандықтар «қуана  білгенге  құт,  бағалай білгенге  бақ  қонатынын»  әуел  бастан  санасына  тоқып  өскен. Тарихы  терең, шежіресі  шерлі  қазақ  халқының  әрқашан  құшағы ашық,  пейілі  кең  болғаны  әмбеге  аян. Батыс  Қазақстан  облысы  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  жастар  қанатының  жетекшісі, «Яик»  казак  фольклорлық-этнографиялық  орталығының  жетекшісі,  облыстық  жастар  мәслихатының депутаты,  жас  кәсіпкер және  қазақтың  күйеу  баласы Игорь Спиридонов  Қазақстандағы тұтастық  пен  табыстың  негізі  –  бірлік  деп  санайды.

– Қазаққа күйеу бала екен-сіз. Қазақта жігіттің үш жұрты бар, соның бірі – қайын жұрт. Жалпы, қайын жұртқа барғанда күйеу баланың міндетін қалай атқарасыз?

– Қайын атам мен қайын енем өте қарапайым, бауырмал жандар. Бір қалада тұрғандықтан, жиі кездесіп тұрамыз, мерекелерде, қонақтықта бас қосамыз. Ол кісілер мені туған баласынан кем көрмейді, сыйлайды. Зайыбым Анжелика екеуміз екі жақтың атаанасына да бірдей қараймыз. Қонақ шақырғанды, өзіміз де қонаққа барғанды жақсы көреміз. Елімізде аталып өтілетін «Наурыз», «Құрбан айт», «Рождество», «Пасха», «Сабан той» сияқты мейрамдардың барлығы да біздің «ассамблеялық отбасы» үшін аса маңызды. Достарымыздың қатарында орыс, қазақ, татар, украин және тағы басқа өзге ұлт өкілдері өте көп. Біз, қазақстандықтар, отандастарымызды ұлтына, ұстанымына, діни сенім-нанымына қарамастан, туыс-бауыр, дос-жаран ретінде құрметтейміз, татумыз.

Меніңше, еліміздің және әрқайсымыздың жетістігіміз – ортақ отанымыздағы татулық және ынтымақпен өте тығыз байланысты.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз? Болашақ жарыңызбен қалай таныстыңыз?

– Зайыбым Анжелика Өтегенқызы Орал қаласының тумасы. Ресейде жоғары білім алып, университетті қызыл дипломға бітірген. Оқудан жазғы демалысқа келгенде өзіміздің туған қаламызда таныстық. Кейін көңіл жарастырып, шаңырақ көтердік. Мамандығы инженер, қазір сәби күтіміне байланысты демалыста. Радмир және Вилор есімді қос ұлымыз бар, әзірге екеуі де мектеп жасына жете қойған жоқ. Бірақ анасы екеуміз қазірден көздері үйренсін, білсін деген ниетпен қазақ әліппесін көрнекті жерге іліп қойдық. Жалпы, үйде қазақ және орыс тілдерін қатар қолданамыз. Дастарқанымыздан қазақтың сүрленген еті мен қазы-қартасынан пісірілген асы, күрең бауырсақ, көже үзілмейді. Орыс халқының ұлттық тағамдары да күнделікті ас мәзірімізден шет қалған  емес.

– Қазақ тілінде тым тәуір сөйлейсіз. Ойыңызды қысылмай, еркін жеткізесіз. Тіл үйрену үшін арнайы курстарға бардыңыз ба, әлде зайыбыңыз үйретті ме?

– Туған жерім – Орал қаласы. Балабақшада да, мектепте де қазақ балаларымен бірге жүрдім, қазақ достарым көп болды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жоғары білім алдым. Яғни, қазақ тілін қажеттіліктен, мәжбүрліктен үйрендім деп айта алмаймын. Өскен ортам, қаумалаған достарым, Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы сынды достықтың ордасы – менің қазақ тілін қиындықсыз меңгеруіме оң ықпал етті. Ендігі мақсатым – тілдік білім-білігімді жетілдіріп, қазақ тілінде емін-еркін ойлап, таза сөйлесетін деңгейге жетсем деймін. Айналамдағы өзге ұлт өкілдеріне «Тағдырларыңды Қазақстанмен байланыстырғыларың келсе, ең алдымен мемлекеттік тілді білулерің керек» деп үнемі айтып жүремін. Өйткені Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят. Шын ниетімен үйренгісі келген адамға қазақ тілін меңгерудің еш қиындығы жоқ. Күніне бір сөз үйренсең, бір жылда өз ойыңды іркілмей айта алатын  дәрежеге  жетуге  болады.

– Мәдени-көпшілік шараларда қазақы ою-өрнекпен безендірілген ерекше киімдер киіп  жүресіз…

– Иә, мәдени-көпшілік шараларға киюге арналған қазақы ою-өрнекпен көмкерілген бірнеше костюмым бар. Оларды жергілікті дизайнерлерге арнайы тапсырыспен тіктірдім. Қазақстан халқы ассамблеясының сессияларына, мереке-мейрамдарда түрлі форумдар мен кездесулерде киіп жүрмін. Өзіме қатты ұнайды.

Өзге мемлекеттерге барғанда шетелдіктер ұлттық киімдеріме қатты қызығып, ою-өрнектердің қандай мағына беретінін білгісі келеді. Әр оюдың мән-маңызы, жалпы, қазақ халқының сәлт-дәстүрі туралы қал-қадірімше түсіндіріп, айтып беруге тырысамын.

Шет мемлекеттерде әдетте Қазақстаннан келген барлық адамды, мейлі оның ұлты орыс, әлде беларусь болсын, қазақтар деп қабылдайды. Сондықтан Қазақстан туралы сұрағысы келсе, «Сіздің қазақ халқында қалай?» (Как у вас у казахов?) деп сұрайды. Осындай сәттерде ерекше толқып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясының қоғамдық-саяси мән-маңызы зор екендігіне кезекті рет көз  жеткіземін.

– Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Өзіңіз жетекшілік жасайтын БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанаты мен «Яик» казак фольклорлық-этнографиялық орталығы өңірде халықтар достығы мен Жайық жұртының ынтымағын нығайту мақсатында түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүр. Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің өміршеңдігін танытып қана қойған жоқ, қазіргі таңда одан әрі өрлеу үстінде. Елімізге келген мәртебелі меймандар қазақстандық ынтымақ-татулықтың тірегіне айналған ассамблея құрылымын, толеранттылықтың ең таңдаулы үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуге және оны өз елдерінде қолданысқа енгізуге ынталы екендерін ұдайы айтып жатады. Мен де еліміздің тұрақтылығы мен татулығына, бейбітшілігі мен бірлігіне қызмет ететін ассамблея сияқты осындай айрықша институттың бір мүшесі екенімді мақтан тұтамын.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының, «Яик» казак фольклорлық-этнографиялық орталығының жетекшісі ретінде, жалпы тәуелсіз Қазақстанның патриоты ретінде барлық білім-білігімді, жастық қажыр-қайратымды Отанымның өркендеп гүлденуі жолында жұмсағым келеді.

Қазіргі таңда  облыстық ассамблеяның жастар қанаты Орал қаласы мен аудандарда түрлі бағыттағы мәдени, спорттық, қоғамдық шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру жолында жұмыстануда. «Бірлік түбі – береке» демекші, ел мен жер тағдырына селқос қарамайтын, туған еліміздің, қазақстандық қоғамның кемелденуіне үлес қосқысы келетін жастарды ассамблея қатарына шақырамын.

Облыс халқын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Достығымыз бен татулығымыз нығая берсін, әр шаңыраққа бақ-береке ұялап, татулық пен сыйластық  салтанат  құрсын!

Сұхбаттасқан  Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Өнерің өрге жүзсін, Полина!

Күні: , 57 рет оқылды

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

Орыс  қызы  Полина  Ищенко  қазақтың  қара  домбырасының  құлағында  ойнайды.  Ол  тіпті  осы  өнерімен  талай  республикалық  додаларда  топ  жарып  жүр.

Зеленов ауданының Переметный ауылында дүниеге келген Полина 3-сыныптан бастап домбыра тартуға әуестенді.

– Бала кезімнен өзге аспаптарға қарағанда домбыраның үнін ерекше ұнаттым.  Әкем – жеке кәсіпкер. Анам әкемнің жұмыстарына көмектеседі. Үшінші сыныптан бастап  Переметный ауылындағы музыкалық мектепке бардым. Домбыра аспабы бойынша ұстазым Ағипа Шәкеновадан дәріс алдым. Сол кезде ол  ауылдағы музыкалық мектепте және Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде дәріс беретін. Ағипа Наурызбайқызы маған домбыраның қағысынан бастап күйді мәнерлеп тартудың әдіс-тәсілдерін үйретті. Алғаш күй тартқанда, саусақтарымның басы ауырып қалатын. Ойын баласы едім. Үйірмеден шыққан соң қыздармен  «мак па мак», «резинка», «тығылыспақ» секілді ойындар ойнап, сол жерге домбырамды ұмытып кететін кездерім де болды. Үйге келген соң анам: «Бүгін қандай күй үйрендің?» деп алдымнан шыққанда, домбырам есіме түсіп, кері жүгіретінмін. Үшінші сыныптағы домбырамды әлі күнге дейін пайдаланамын. Өйткені анам сыйлаған сол домбыра мен үшін ыстық. Келесі жылы жаңа домбыра алмақпын. Ұстазым Ағипа Наурызбайқызына алғысым зор.

Оны шәкірт тәрбиелеудегі шыдамдылығы  үшін қатты сыйлаймын. Сол кісіге еліктеп өстім. Содан тоғызыншы сыныпты бітірген соң, Құрманғазы атындағы саз колледжіне  оқуға түстім.  Арманым – елімізге танымал кәсіби домбырашы  болу, – дейді Полина Сергеевна.

Бойжеткен бүгінде Құрманғазы атындағы саз колледжіндегі домбыра сыныбының I курсында оқиды. Бар зейінін музыкалық білімге арнаған ол сабаққа таңғы сағат 8.00-де барғаннан  қосымша дәріс алып, ымырт үйіріле үйге қайтуды үйреншікті әдетке айналдырған. Бос уақытында фантастика жанры бойынша кітап оқығанды ұнатады. Ата-анасы алғашында қыздарының өнер жолын таңдағанын емес, дәрігер  болғанын қалаған. Алайда қайсар қыз жүрек қалауынан жырақ кетпейтінін айтқан. Қазақтың қара домбырасының құлағында ойнайтын қыздары облыстық, республикалық додаларда топ жарған соң рұқсатын берген. Бүгінде ағайын-туғандары жиналған отырыс Полинаның күй тартуынсыз өтпейді  екен.

Кейіпкеріміз ең алғаш Құрманғазының «Балбырауын» күйін тартып үйренген. Ол күйді үйренбес бұрын оның шығу тарихына зер салғанды жөн санайды.  «Егер күйдің шығу төркінін білсең, күй тартқанда көз алдыңа көрініс келеді. Сонда ойыңда қалған әуен арқылы ноталары тез жатталып қалады», – дейді  ол.

Полинаның өзге ұлт өкілдеріне үлгі боларлық тағы бір қыры – мемлекеттік тілді меңгеруге ден қойып, қазақша сөйлей бастағаны. Ол қазақ тілін үйрену үшін қазақша ән мен аудио ертегілерді тыңдайды екен. Анасы Светлана Анатольевнаның кеңесі бойынша қазақ  қыздарымен  достасқан.

Кейіпкерімізді бала кезінен домбыраға баулыған Ағипа Шәкеновамен тілдескен едік.

Оның  айтуынша, Полина – өз тобының ішіндегі  беделді,  еңбекқор  қыз.

– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушыларым биіктен көрініп жатса, мен үшін ол үлкен мерей.

Домбыра тартуға әркімнің қызығуы мүмкін, бірақ оның тілін кез келген адам түсіне бермейді. Өзге ұлт өкілі болғанына қарамастан, шәкіртім Полинаның бойында ұлттық аспабымызға деген сүйіспеншілік те, шеберлік те жетеді. Оған домбыраны қалай ұстау керектігінен бастап үйреттім. Жауапкершілігі мол. Дайындыққа уақытында келеді. Қабілеті жоғары, күйді меңгеру техникасы жақсы. Айтқаныңды тез қағып алады.

Ол маған екі сағат дайындалуға келсе, екеуміз домбыра тартып отырғанда уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Күй үйреткенде дыбыс қатарына, яғни гамма мен арпеджиосына, нотаға, сандарға, штрихтарына, ритмдарына қараймыз. Полина үйрете бастаған күйді үйіне барған  соң ғаламтор арқылы атақты домбырашылардың орындауынан қарап, сабаққа жаттығып келеді. Переметный ауылындағы «Ел мұра» ансамблінің құрамында концерттерге қатысып жүр. Адамгершілігі мол, жаны нәзік қыз. Жұмыс барысында қатты сөйлеп  қалсам, жылап қалады.  Онымен қазақша сөйлесем, – дейді Ағипа Наурызбайқызы.

– Бүгінде бойжеткен  дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына  арналатын республикалық конкурсқа дайындық үстінде. Ол жас болса  да облыстық, республикалық додаларда бағын сынап үлгерген. Қазақстанның халық әртісі, композитор Латиф Хамидидің 100 жылдығына арналған Семей қаласында өткен республикалық байқауда «Әртістік орындаушылық шеберлігі үшін» аталымын жеңіп алса, «Балдәурен» республикалық конкурсынан лауреат атанған. Облыстық байқауларда да бірнеше мәрте  жүлдеге  ие  болыпты.

Әңгімеміздің соңында Полинаға қолқа салып, күй орындап беруін өтіндік. Орыс қызы қазақтың  қара домбырасын  қолына  алып,  халық  күйі  «Аққуды» шертті. Қасиетті қара домбыраның шанағынан төгілген күйдің күмбірлеген сиқырлы  үні  жүректі баурап әкетті…

Талабыңа  нұр  жауып, өнерің  өрге  жүзсін,  Полина!

 Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Ұстаздыққа арналған ғажайып ғұмыр

Күні: , 59 рет оқылды

Қазақ  тілі  –  Қазақстан  халқын  біріктіруші  фактор

Жуырда  Сырым  ауданындағы  Қ. Мырзалиев  атындағы мектептің  физика сыныбына  Қазақ КСР-і  халық ағарту  ісінің үздігі,  кезіндегі  жаңашыл  ұстаз,  еңбек  ардагері, Сырым ауданының  құрметті  азаматы  Ким  Федяниннің  есімі  салтанатты  түрде  берілді.  Сыныптың  ашылуы  шарасына  ардагер ұстаз  Ким  Федяниннің  өзі  және  шәкірттері  мен  қоғамдық ұйымдардың  өкілдері  қатысты.

Ким Федянин – біріншіден  ұстаз, екіншіден  қоғам қайраткері. Оның Жымпиты орта мектебінде басталған еңбек жолы 41 жылға жалғасқан. Ол 1984-1993 жылдар аралығында мектептің директоры қызметінде болды. Басшылық  қызметте болса да, Ким Федянин өзінің ең әуелі мұғалім екендігін ұмытпады. Ким Николаевич  жасақтаған физика кабинеті сол жылдарда облыс көлеміндегі уақыт талабына сай жабдықталған, материалдық  базасы жетік, озық кабинет атанды. Кейін бұл кабинеттен, берісі ұстазының жолын жалғаған, әрісі Еуропа елдерінде тағылымдамадан өткен, Назарбаев университеті сияқты атақты  білім ордасында қызмет жасайтын ғалымдар шықты. Федянин ұстаздың қайраткерлігі деп, оның білім беру ісінде қазақ балаларына ғылымды қазақ тілінде түсіндіру тәжірибесін  енгізгенін айтар едік. Педагог оқулықтардың тілін қазақша сөйлетіп қана қоймай, ғұмыр бойы  қазақ тілінің айнымас жанашыры болып келеді. Осы қасиеттері Ким Федянинді әуелі  аудан,  соңынан  облыс  көлемінде  зор абыройға  бөледі.

Түске жақын аудандық мәдениет үйінде Ким Федяниннің мерейлі 80 жасының құрметіне орай «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты  кездесу кеші өтті. Ардагер – ұстазды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады:

– Еңбегінің бағасын ел білетін ұстаздың біреуі – өзіңіз. Сіз тамаша ұстаз ғана емес, біз үшін аузында аталы сөзі бар абыз ақсақалдың да біреуісіз. Сіздің тойыңыз – шәкірттеріңіздің, тіпті тұтас еліңіздің тойы. Жақсылықты елмен бірге көре беріңіз! – деді аудан әкімі өзінің сөзінде. Осы сияқты кеш иесіне Сырым аудандық мәслихаты, Қазталов ауданының әкімдігі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы, облыстық білім басқармасы, аудандық білім беру бөлімі құттықтау лебіздерін жолдады.

Ким Федяниннің шәкірті, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Сатыбалды Құлбеков  ұстазына майлы бояумен салынған төл туындысын сыйлады. Салтанат барысында өнерпаздар өнер көрсетіп, ардагер ұстаздың әр жылдардағы шәкірттері тілек білдірді.

– Ким Николаевичтің сабақ түсіндіруі ерекше еді. Сабақ емес, құдды ертегі тыңдағандай боласың. Ақиқат сөз айтылуы керек. Менің беретін бағам сол, Ким Федянин – Сырым ауданының №1 ұстазы, – деді шәкірттердің  бірі  Ерболат  Исанов.

Жымпитының  қадірлі  ұстазына, сыйлы  азаматына  айналған  Ким  Николайұлының өмірбаянын  қысқаша  тарқатайық. Ол  1938 жылы 13  сәуірде Жымпиты ауылында дүниеге келген. Әкесі, марқұм Николай кезінде гимназия бітіріпті.  Қаржы саласында, кеңшарда басшылық қызметтер атқарған, Жымпитыда орыс тілі, тарих, математика пәндерінен дәріс берген, қазақ, татар, неміс, француз, латын тілдерін шебер меңгерген, скрипкада ойнап, халық әндерін құйқылжыта шырқайтын білімдар да өнерлі жан екен дейді  көре  қалғандар.

Ал атасы Иван өте білімді, Алаштың қайраткерлері Жаһанша  және Халел Досмұхамедовтермен өте жақын араласқан жан. Ким ағамыз 1958 жылы Жымпиты орта мектебін (қазіргі Қ. Мырзалиев  атындағы орта мектеп) ойдағыдай бітіріп, сол кездердегі А. Пушкин атындағы  педагогикалық институына оқуға түсіп, физика және өндіріс негіздері мамандығын меңгереді.  Сөйтіп, жас маманның ұстаздық  жолы 1963 жылы Жымпитыдағы орта мектептің оқушыларына дәріс беруден басталады.

Ким Николайұлы орыс әдебиеті және орыс тілі пәндерінің оқытушысы Сафура Хұсайынқызымен екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиендер күлкісіне  бөленген  бақытты  ата мен әже.

Сөздің ретіне қарай мына жәйтті де айта кеткен жөн болар. Ким Николайұлының ағасы Борис Николайұлы мен апасы Надежда Николайқызы кезінде ауданның құрметті азаматтары атағын иеленгендердің  қатарында болса, енді, міне,  2015 жылдың қазан айында  К. Федянинге де аудандық мәслихаттың шешімімен Сырым ауданының құрметті азаматы атағы  берілді.

Міне, бір әулетте Сырым ауданының үш бірдей құрметті азаматы, өнегелі өмір жолдарымен жан-жағына әдемі де жылы шуағын шашып тұр деген осы емес пе?!

 Айта кетейік, Ким Федянин әулетінен шыққан жалғыз педагог емес. Федяниндер жанұясы – 260 жылдық өтілі бар педагогтар  әулеті. Кимнің әкесі Федянин  Николай кезінде Қадыр Мырзалиевке сабақ берген. Ал атасы Иван Федянин Алаш зиялылары Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедовтармен рухтас адам болған дедік жоғарыда. Суретші Сатыбалды Құлбеков Федяниндер әулеті туралы бір сөзінде: «Ким мырзаның арғы тегі – орыс аристократиясының өкілдері» деп еді. Осындай тектен тараған Ким Федянин  ағамыз  қайдан осал болсын?!

Мүсірбек   АЙТАШЕВ,

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


«Көкек» ана анықталды

Күні: , 92 рет оқылды

Ағымдағы жылдың 5 наурызы күні Деркөл кентіндегі көпірдің астынан төсек жаймасына оралған шарананың өлі денесі табылғандығы бұдан бұрын хабарланған болатын.

Орал қалалық ІІБ қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында бір тәуліктен соң күдікті әйелді анықтады. Оның сол шарананың анасы екендігін дәлелдеу үшін сот молекулярлы-генетикалық сараптама жасады.

19 сәуір күнгі сараптама қорытындысымен аталған күдіктінің нәрестенің анасы екендігі 99,9 пайыз дәлелденді.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізу шарасы шеңберінде Қылмыстық кодекстің 100-бабына сәйкес күдіктіге «қаладан тысқары жерге шығуға және тиісті іс-әрекеттерге жол бермеу» шарасы қолданылды.

БҚО ІІД баспасөз қызметі


БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса ҚАПАҚОВ: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына тың серпін берді»

Күні: , 204 рет оқылды

— Ғайса Хамедоллаұлы, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қандай, қанша құрылымдық бөлімшелері бар, актив мүшелерінің саны қанша?

Облыстық ассамблея және оның құрылымдық бөлімшелерімен қандай  жұмыстар  атқарылуда?

– Қазір Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы – өңіріміздің әр түрлі саласында жұмыс істейтін, сан алуан салт-дәстүрді ұстанатын, жалындаған жастан бастап, елге танымал тұлғалардың, ақсақалдардың басын біріктіріп, елдің тыныштығын сақтауға, бірлік пен келісімді нығайтуға арналған жұмыстарға атсалысып отырған конституциялық құрылым.

Бүгінде ҚХА жанынан, ассамблея, қоғамдық келісім, аналар, қайырымдылық кеңестері, ақсақалдар алқасы, сарапшылық топ, журналистер қауымы, жастар қанаты сияқты құрылымдық бөлімшелер жұмыс жасауда. Олар аудан орталықтарында да, ауылдық жерлерде де ұйымдастырылған. Сондай-ақ өңірде 51 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 17-сі облыстық болып саналады. Осы құрылымдардың жұмысын қамтамасыз етумен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі айналысады. Облысымызда төрт Достық үйі бар: біреуі облыс орталығында болса, қалғаны Зеленов, Теректі және Бөрлі аудандарында.

Қазіргі кезде облыстық ассамблеяның  актив мүшелерінің саны 21 мыңнан астам адамды құрайды. Еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың салтанат  құруында олардың еңбегі зор. Сондықтан осы сәтті пайдалана отырып, актив мүшелеріне абыройлы еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін.

Ассамблея өз жұмысын ашық та, жария түрде атқарып отыр. Оны көпшілік ақпарат құралдары арқылы біліп жүргені аян. Тек өткен жылы облыс бойынша 800-ден астам түрлі іс-шара өткізіліп, оларға облыстың барлық тұрғыны тартылды. Биылдың өзінде бекітілген жоспарға сәйкес 12 бағыттағы үлкенді-кішілі 130-ға тарта шара өткізу көзделіп отыр. Қазір сол жоспардың жүзеге асуына тиянақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына жаңа тыныс, тың серпін берді десек, артық айтқандық емес. Жоспарланып отырған шаралар Ақ Жайық өңірінде татулықтың, тұрақтылықтың одан әрі өркендеуіне өз әсерін беретініне сенімдімін.

— Өткен жылы облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгінов жыл сайын өңірімізде өткізіліп келе жатқан Этнос күнінің географиясын, идеялық мазмұнын байытуды ұсынып, бұл жобаны жүзеге асыру үшін тың идеялар, жаңа ракурстар керектігін мәлімдеді. Соған байланысты Этнос күндері қаншалықты  жаңаша  сипат  алды?

– Этнос күні жобасын жаңғырту мақсатында бүгінде оның көкжиегі кеңейіп, «Этнос апталығы» болып өзгертілді. Енді аптаның әр күнінде мәдени-ағарту, көпшілік-танымдық бағыттағы этностардың салт-дәстүрлеріне, өнеріне, тіліне, әдебиетіне арналған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады, яғни жоба аясында аптаның әр күні тақырыптық бағыт бойынша атап өтіледі.

«Этнос апталығы» облыс жұртшылығына әр түрлі этникалық топтардың рухани құндылықтарын танып, ұғынуға үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар апталық аясында «Қазақ тану» жобасы кеңінен насихатталмақ. Бұл жобаның негізгі мақсаты – өз ұлтымыздың салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті, тарихы арқылы  қазақ  халқының болмысын тану, жан-жүрегімен сезіну, қонақжайлығын, кең пейілді дархан көңілін, бауырмалдығын, үлкенді құрметтеу қасиеттерін баршаға үлгі ету.

«Қазақ тану» жобасы қазақ халқының және қазіргі заманғы Қазақстан азаматының рухани келбетін барша әлемге таныстыру болып табылады.

– Биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жария-ланғаны мәлім. Бұл мерейлі датаға орай облысымызда қандай іс-шаралар жоспарланып отыр? Жалпы, өңірімізде өзбек этномәдени бірлестігін құру  жоспары  бар  ма?

– Облысымызда бүгінгі таңда 600-ден астам өзбек этносы тұрып жатыр. Өткен жылы өзбек этносының өкілдері, өңірде қызмет етіп жатқан өзбек кәсіпкерлері  тарапынан этномәдени бірлестік ашу туралы ұсыныстар түсті. Болашақта облыстық ассамблеяның қатары  толығады  деп ойлаймын.

Мерейлі датаға қатысты шаралар облысымызда да өтуде. Мәселен,  Орал қаласына Өзбекстанның халық әртісі, профессор Ф. Садыков келіп, Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптарының оркестрімен бірлесіп, жаңа концерттік бағдарлама жасақтап, батысқазақстандықтарға ұсынды. Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу күніне арналған концерт облыстық ассамблея мүшелерінің, тұрғындардың көңілінен шыққан сияқты.

– БҚО ассамблеясының жастар қанатының жұмысы сізді қанағаттандыра ма? Бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту мақсатында қандай қам-қарекеттер  жасалуда?

– Облыстық ассамблеяның жастар қанатының тыныс-тіршілігі бүгінде жаңа сипат алуда. Оралда республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік жұмыс штабы құрылды. Оларға ассамблея үйі ғимаратынан арнайы орын бөлінді. 27 адамнан тұратын штаб құрамында облыстық ассамблея жастар қанатының көшбасшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы Достық клубтарының жетекшілері бар. Таяуда штабтың бірінші отырысы өтті. Алдағы уақытта облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының І форумын өткізу жоспарлануда. Оған республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының көшбасшысы Максим Споткай қатыс-пақшы.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қызметі жоғары оқу орындарындағы, колледждердегі Достық клубтары және ірі мекеме-кәсіпорындардағы жастар бөлімшелері арқылы жүргізілетін болады. Бұл шара барысында аталмыш қозғалыстың құрамына жастарды кеңінен тарту өрістелмек.

– Медиация институтын дамыту бағытында қандай шаралар алынуда?

– Медиация институтын дамыту бағытында облысымызда ауыз толтырып айтатын жұмыстар бар. Бүгінде өңірімізде (барлық аудан мен ауылдық округте) 145-тен астам медиация кабинеті мен бұрыштар ашылды. БҚО ҚХА кәсіби және кәсіби емес медиаторларының тізіліміне сәйкес, оның құрамына 268 медиатор (40 кәсіби, 228 кәсіби емес) кіреді. Жақында «Батыс Қазақстан облысында медиацияның тиімді әдістері» атты медиаторлардың форумы өткені белгілі. Онда облыстағы барлық медиатор бас қосып, бірқатар көкейтесті мәселелерді талқылаған болатын. Сол алқалы жиынның қорытындысы бойынша қоғамдық медиаторлар қауымдастығын құру жөнінде ұсыныс бірауыздан  қабылданып, аталмыш ұйымның құрылуына қатысты ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Қауымдастықтың ережесі бекітіліп, жұмыс  жоспары  жасақталды.

— Ғайса Хамедоллаұлы, облыстағы ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту мақсатындағы іс-шараларға орай БҚО ҚХА-мен жүргізілетін әлеуметтік сауалнамалар жөнінде айтып өтсеңіз…

– Биыл 17 наурызда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Этносаралық және конфессияаралық қатынастар орталығының жетекшісі А. Сәдуақасованың қатысуымен облыстық ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда өткен жылғы «Батыс Қазақстан облысында этносаралық жағдайға мониторинг жасау» әлеуметтану зерттеуінің қорытындысы тыңдалып, құрылымдық бөлімшелердің құрамдарына өзгерістер енгізіліп, облыстық ассамблеяның биылғы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар БҚО ҚХА ғылыми-сарапшылық тобы мен ассамблея кафедрасының есепті кезеңдегі жұмыстары да қорытындыланып, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бұл жиында облыстағы этносаралық ахуал туралы өңірлік, республикалық ауқымды өткізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері талқыланды.

Жалпы айтқанда, есепті кезеңде өңірімізде этносаралық қатынастар барысында алаңдаушылық туғызатын әрекеттер байқалған жоқ, ахуал тұрақты. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 97,8%-ы Қазақстанның біртұтас халқының өкіліміз деп жауап берген. Респонденттердің басым көпшілігі өңірдегі этносаралық саладағы жағдайды «тыныш» деп санайды. Респонденттердің 92,1 %-ы басқа ұлт өкілдерінің оларға деген көзқарасы «жақсы» деп бағалады. Зерттеу нәтижелері бойынша сұрау салынғандардың басым көпшілігі, яғни 81%-ы Қазақстандағы этносаралық келісімді сақтау бойынша іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдайтындарын білдіріп отыр.

– Жыл өткен сайын ассамблеяның да жұмыс бағыты жаңаша сипатқа ие болуда. Осыған кеңірек тоқталып, алдағы жоспарларыңызды да айта кетсеңіз…

– Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы көбеймесе, азаймайды деп атап көрсеткені белгілі.  ҚХА-ның ХХV сессиясында ассамблея жұмысының жаңа бағыттары айқындалды. Олардың арасында қоғамдық келісім кеңестерін, қайырымдылықты және медиацияны дамытуды қамтамасыз ету, сол жұмысқа этномәдени бірлестіктердің әлеуетін пайдалану, сонымен қатар оларды жалпы мемлекеттік мәселелерді шешуге тарту бар.

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітіліп, облыста қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы негізгі міндеттер айқындалғаны белгілі. Тұжырымдамадағы негізгі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында БҚО ҚХА-ның биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. 128 тармақтан тұратын жоспарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бес бағытты қамтитын шаралар қарастырылған.  Облыстық  ассамблеяның құрылымдық бөлімшелерімен өткізілетін іс-шараларда қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылдық округінің Өркен ауылын өз қамқорлығына алып, абаттандыру мақсатында саябақ ашу туралы шешім қабылдады. Этномәдени бірлестіктер құрылыс материалдарын, қара топырақ, тал-терек сатып алып, өз күштерімен құрылыс жұмыстарын жүргізді. «Достық» деп аталатын бұл саябақтың  аумағы 40-90 шаршы метрді құрайды, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға өрнектас төселіп, темір шарбақпен қоршалды. Бақтың ашылу салтанатында  340 тал-терек егіліп, екі гүлзар аллеясы жасақталды. Осындай өнегелі ісімен ассамблея мүшелері облысымызда этносаралық бірліктің мықтылығын іс жүзінде дәлелдей  білді. Сонымен қатар «Туған жер» жобасы аясында «Туған өлкем – тірегім» атты облыстық Достық клубтарының форумын, «Туған жерге – тағзым» атты меценаттар форумын өткізу жоспарда бар. Аталмыш шараларды ұйымдастырудағы мақсат – туған өлкенің өзекті мәселелеріне назар аударып, ауыл-аймақтардың абаттануына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ету.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Ақ Жайық өңірінің тарихы мен киелі жерлерін көршілес облыс жастарына таныстыру мақсатында арнайы этнографиялық-туристік маршрут жобасы жасақталды. Жоба аясында Алаш музейіне, Ғұмар Қараштың жерленген жеріне, Жұмағазы хазірет кесенесіне, Жайық қалашығына және Хан ордасындағы тарихи-музей кешеніне бару жоспарлануда.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақтың ұлттық өнерін таныстыру мақсатында Ресейдің көршілес облыстарына гастрольдік сапарлар ұйымдастыру көзделуде. Екі елдің жастары арасында этносаралық байланысты нығайту мақсатында «Достық» клубтарының кездесулерін өткізуді  жоспарлаудамыз.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облысымыз бойынша жеңімпаздарын қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға қатыстыру және жастар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен кездесулер, арнайы брифингтерді  ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Этномәдени бірлестіктер арасында латын әліпбиін енгізуге байланысты семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілмекші, облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптама тобының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылатын  болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған шараларды жүзеге асыруға облыстың әр тұрғыны өзіндік үлесін қосқаны жөн. Сондай-ақ батысқазақстандықтар ассамблеямен атқарылған істерді жүрегімен сезінгендері, әрі бұл істердің алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асуына атсалысқандары абзал. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар алу – біздің негізгі міндеттеріміздің  бірі.

Сұхбаттасқан  Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика