Мұрағат: 28.03.2018


Ақсайға тегін барады

Күні: , 2 481 рет оқылды

«Ақжайық» футбол клубы жанкүйерлердің Ақсайға барып-қайтуы үшін арнайы автобус шығарды.

Премьер-лига командалары арасында ел бірін­ші­лігінің үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңындағы алғашқы ойынын 31 наурыз күні Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткізеді. Сол күні сағат 14.00-де украиналық маман Владимир Мазярдың шәкірттері чемпионатта әзірге жеңіліс таппай, көш бастаушылардың қатарында келе жат­қан Павлодардың «Ертісін» қабылдайды. Арнайы автобус жанкүйерлерді тегін апарып, алып қайтады. Сенбі күні сағат 10.30-да «Ақжайық» футбол клубының стадионы алдынан жүреді. Ақсай­дағы стадионға кіру де тегін, қалтаға соқпайды. «Мамыр айына дейін ойындар Ақсай қаласында өтеді. Күн жылынып, қалыпқа түскеннен кейін Орал­дағы П. Атоян атындағы стадионға көшеміз. Қазіргі кезде команда алдағы кездесуге дайындық үстінде. Батысқазақстандықтардың жеңіс үшін барын салатыны анық», – деді «Ақжайық» футбол клубының ди­ректоры Нұртаза Әбілханов.  

Ғайса БӘЙМЕН

 

Жаңа тағайындаулар

Күні: , 14 456 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  төрағалығы­мен өткен  актив  жиналысында  облыс  әкі­мінің  орынбасарларына қатысты  лауазымдық  өзгерістер  мәлім  етілді.

«Өңір-орталық» ротациясы бо­йынша ҚР Президенті жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіндегі комитет төрағасы қызметіне ауысуына байланысты БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов  осы кезге де­йін атқарып келген қызметі­нен босатылды. Арман Кәрімұлы облыстың екі ауданын, ауыл шаруашылығы бас­қармасын басқарды. 2014 жылы облыс әкімінің орынбасары болса, соңғы үш жылдан аса облыс әкімінің бірінші орынбасары қыз­метін атқарып келді. Актив отырысында облыс әкімі Алтай Көлгі­нов Арман Кәрімұлына өңірде атқар­­­ған қызметі үшін әріптестер атынан шынайы ризашылығын білдіріп, жаңа қызметінде табыс тіледі. ҚР Президенті әкімшілігінің келісіміне сәйкес БҚО әкімінің бі­рінші орынбасары лауазымына осы­ған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Игорь Стексов тағайындалды. Ол 2015 жылдың қаңтар айынан бастап облыс әкімінің кәсіпкерлік, индустриялық-инновация­лық даму және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді. – Игорь Стексовтың ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу саласы бойынша үлкен тәжірибесі бар. Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа драйвері болуы керек деген Елбасының тапсырмасын  орындайды, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетеді деген сеніміміз мол, – деді Алтай Сейдірұлы. Ал Игорь Стексовтың орнына ҚР Президенті әкімшілігінің келісіміне сәйкес 2017 жылдың қаңтарынан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары басқармасын басқарып келген Миржан Сатқанов тағайын­далды. Миржан Мұнайдарұлы 1977 жылы дүниеге келген. Білімі жо­ғары. Түркия Республикасы Докуз Ейлюл университетін тәмам­даған. Еңбек жолын 2001 жылы Орал қалалық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып бастап, 2001-2006  жылдары Батыс Қазақ­стан облысы кәсіпкерлікті қол­дау және дамыту департаменті­нің бас маманы, бөлім басшысы,  басқарма басшысының орын­­баса­ры, 2006-2010 жылдары  «Қа­зақ­стан Халық банкінің зейнет­ақы жинақтау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облысы филиалы ди­ректорының орынбасары, сондай-ақ 2011-2012 жылдары «БҚО кәсіпкерлер қауымдастығы» заң­ды тұлғалар бірлестігінің атқару­шы директоры, 2012-2017 жыл­дар аралығында об­лыстық кә­сіп­­- керлік және индус­триалдық-ин­новациялық даму бас­қармасы басшысының орынбасары және басқарма басшысы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар «өңір-орта­лық» ротациясына сәйкес облыс­тық ішкі саясат басқармасының бас­шысы Бақытжан Нарымбетов ҚР Дін істері және азаматтық қо­ғам министрлігі Азаматтық қо­ғам істері комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босатылды. – Елбасының «100 нақты қа­дам – Ұлт жоспарында» көрсетіл­гендей, кәсіби аппарат құру жолында біз әрдайым меритокра­тия қағидасын ұстанып келеміз. Облыс әкімінің бірінші орынбаса­ры қызметіне ауысқан Игорь Валерьевич үш жылдан аса облыс әкімінің орынбасары қызметін абы­роймен атқарды. Облыстағы кәсіпкерлік саласына жауапты мемлекеттік құрылымдарда же­тек­ші маманнан басқарма басшы­сы деңгейіне дейін қызмет атқар­ған Миржан Мұнайдарұлы осы сала бойынша облыс әкімінің орынбасары  болып  тағайындалып отыр. Ең басты міндет – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінен туын- дайтын тапсырмаларды сапалы орындау. Бұл орайда мен сіздердің мол тәжірибелеріңізге сенім артамын,  – деді жиында сөз алған облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Қола жүлдегерлерге құрмет

Күні: , 1 828 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов   «Ақжайық»  допты  хоккей  командасының  ойыншыларымен  кездесті.  Жерлес  хоккейшілер  жуырда  Ресейдің  Ульяновск  қаласында  жасөспірімдер  арасында  өткен  әлем  чемпионатында  Қазақстан  құрама  командасының  сапында сынға  түсіп,  қола  жүлдеге  ие  болған  еді.

– Спортшыларымыз жыл са­йын жағымды жаңалықтарымен елімізді қуантып келеді. Бірнеше жылдық еңбектің нәтижесінде доп­ты хоккейден ел құрамасы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.  Бұл басқосуға келген хоккейшілер сол республикалық құ­рама сапында ойнап жүр. Мұн­дай жетістікке  Елбасының спорт­шыларға деген қамқорлығы мен бұқаралық спортты дамыту жо­лындағы  мемлекеттік саясаттың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Хоккейшілеріміз әлемдік додада еліміздің абыройын асқақтатты.  Әлем чемпионатында допты хо­к­кейдің «жілігін шағып, майын ішкен» алпауыт елдермен тең ой­нау – еліміз үшін үлкен табыс. Әсіресе, Финляндияны 5:1 есебімен жеңу –  ол  зор тәжірибемен, еңбекпен келген жеңіс дер едім. Бүгінгі басқосуға келген жаттық­тырушылар мен допты хоккейдің ойыншыларына алғысымды білді­ремін. Алдағы уақытта да еңбек­теріңіз ақталып, биік белестер­ден көрініңіздер! – деді об­лыс әкі­мінің орынбасары Ға­бидолла Ос­панқұлов. Кездесуде «Ақжайық» допты хоккей командасының ойыншыларына облыс әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлығы табысталды. Олардың   қатарында  Ершат Қуа­нышұлы, Дәурен Бауыржанұлы, Мақсат Шәкіржанұлы, Аян Ал­мас­ұлы, Аман Есболатұлы,  Батырбек Әлібекұлы, Александр Борисович, Артур Бекзатұлы, Денис Юрьевич сықылды  жерлестеріміз  бар.

Гүлсезім    БИЯШЕВА, «Орал   өңірі»


Кәсіподақта жаңа төрайым

Күні: , 10 612 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  Достық  үйінде  БҚО  мемлекеттік,  банк  мекемелері  және  қоғамдық  қызмет  көрсету  қызметкерлері  салалық кәсіподағының  кезекті  VI  пленумы өтті.  Оған облыс  әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов,  облыстық  және  бастауыш кәсіподақ  ұйымдарының  жетекшілері  қатысты.

Астанадан арнайы кел­ген мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері­нің салалық кәсіподағының төр­ағасы Мирболат Жақыпов жиында кәсіподақ саласындағы өз­ге­рістерді айта келіп, облыстық салалық кәсіподағының басшы­лы­ғына Айгүл Есекенованы ұсын­ды. Көпшіліктің дауысымен Айгүл Оразқызы кәсіподақ төрайымы болып сайланды. Сондай-ақ кәсіп­одақтан шығарылғандардың ор­нына жаңа мүшелер де сайланды.  Пленумда облыс­тық салалық кәсіподағының президиум мү­ше­лерінің тексеру жә­не тұрақты ко­миссиясының жаңа құрамы бекітілді. Жалпы жиын барысында салалық және аумақ­тық кә­сіподақтар бірлестіктері­нің өзара ынтымақтастығы, кәсіп­одақ жұмы­сын жандандыру турасында сөз болды. Шара соңында об­лыстық салалық кәсіподақ пен ау­- мақтық кәсіподақтар бірлесті­гі­­нің өзара әрекеттестігі туралы келісімге  қол  қойылды. – Кәсіподақтар әрқашанда қо­ғаммен бірге тыныстап, заман та­лабына сай барлық мекемемен әріптестік қарым-қатынаста болып келеді. Алдағы уақытта да кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз, – деді жиынды қорытындылаған Ғабидолла Оспанқұлов.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Сайлау ұйымшылдықпен өтті»

Күні: , 393 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Өңірлік коммуникациялар  қыз­ме­ті  алаңында  Батыс  Қазақ­­стан облысындағы  шығып  қалған  депутат­тар­дың  ор­нына  сайлау қорытынды­лары  туралы  бри­­финг  өтті.

Спикер  ретінде  облыс­тық  сайлау  комиссия­сы төрағасының  орынбасары Вячеслав  Иночкин  қатысты. Осыған дейін де хабар­ланғандай, сайлау Жә­ні­бек, Зеленов, Қазталов және Шыңғырлау аудандық мәс­лихаттары бойынша өткізілген бо­­латын. Вячеслав Иночкиннің айтуынша, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысы бекітілген күнтізбелік жоспарға сай жүргізілген. Сайлау жұмысы ұйымшылдықпен өткізіліп, сай­лау­шылардың 90,3 пайызы дауыс беруге қатысқан. Сайлау кезінде  саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер мен сенім білдірілген адамдар қатарынан 41 байқаушы және 7 БАҚ өкілі байқау жүр­гіз­ген. Сайлаудың алдын ала қо­ры­тындылары бойынша жергілікті мәслихаттардың 4 депутаты сайланса, олардың үшеуі ер, біреуі әйел адам. Сайланған депутат­тардың орташа жасы – 47. Сайлау комиссияларына арыз-шағымдар түспеген.

Нұртас  САФУЛЛИН,

«Орал  өңірі»


«Науқастарға инсулин жеткілікті»

Күні: , 39 рет оқылды

Сейсенбі  күні  Өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  алаңын­да облыстық  денсаулық  сақтау  басқармасының  басшысы Қанат  Төсекбаев  өзі  басқаратын  басқарманың  өткен  жылғы  жұмы­сы­ның  қорытындысы   және  биылғы  жылға  арналған  жұмыс  жоспарлары  туралы  баяндады.

  Басқарма басшысы алдымен өңірдегі қант диабетімен ауыратын балалар­ға дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме беріп өтті. – Кеше облыстық денсаулық сақ­тау басқармасына 15 шақты ата-ана қант диабетімен ауыра­- тын балаларға керекті инсулин, бесінші нөмірлі шағын өлшемді ине және помпалық жүйе тапшы­лығы туралы шағымданды. Облысымызда қант диабетімен ауыратын 57 бала бар. Бүгінгі таңда біз­- де өңірдегі бұл дертке шалдық­қан ересектерге де, балалар­ға да қажетті инсулиннің барлық 22 түрі жеткілікті. Ал бесінші нө­мірлі шприц мәселесіне келсек, ол Астана қаласындағы бірың­- ғай дистрибьютор арқылы сатып алынады. Сондықтан бұл мәселе біздің мекеменің жауапкершілігі­не жатпайды. Бүгінгі таңда өзіміз­де бар алтыншы нөмірлі шприц қолданылуда. Біздегі былтыр сатып алынған помпалар жүйесі өндіруші компа­ния өкілдері жол­даған  хаттар  не­гізінде жарамсыз деп танылды. Бұл мәселе біздің өңір­­де ғана емес, тұтас Қа­зақстан бойын­ша пом­- палық жү­йелер­дің аталмыш пар­тиясы толығы­мен қолдануға келмейді деп танылған. Енді «Medtronic» өндіру­ші компаниясы жуық арада барлық помпалық жүйелерді ауыс­­тыр­мақ. Осы жағдай бойынша және дәрі-дәрмекпен қамту­ға бай­ланысты өзге де сұрақтар бо­йын­ша мониторингтік топ құрыл­- ­ды. Денсаулық сақтау басқар­ма­сының жетекшілігімен жұмыс жасайтын аталмыш топтың құра­мын­да Фармация комитетінің және қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің өкілдері бар. Олар дәрі-дәрмекті тегін алатын амбу­латорлық емделушілермен және қалыптасқан жағдаймен тікелей жұмыс жасайды, – дейді Қанат Дүйсенбайұлы. Басқарма басшысының мәлім­деуінше, бүгінгі таңда жүзеге асы­рылып жатқан денсаулық са­ла­сына қатысты іс-шаралар жоспары халықтың денсаулығын ны­ғайтуға және 2019 жылы тұрғын­дардың орташа өмір жасын 73 жасқа жеткізуге, сондай-ақ өңірдің әлеу­меттік-экономи­калық тұ­рақ­- тылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік бағдарлама­ның стратегиялық мақсаттарына жету үшін денсаулық сақтау са­ласының әлеуеті нығайтылып, за­манауи медициналық технология­лар енгізілген. Нәтижесінде негіз­гі жұқпалы аурулар бойынша эпиде­миологиялық жағдайдың тұ­рақ­- талуы және медициналық-демо­графиялық көрсеткіштердің жақса­руы байқалады. Қысқаша айтқан­да, 1000 тұрғынға жалпы өлімжітім көрсеткіші 5,1 пайызға тө­мен­десе, ана өлімінің жағдайла­ры бұрынғымен салыстырғанда ай­тарлықтай азайған. Нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 1000 тірі туыл­- ғанға шаққанда 14,1 пайызға тө­мендеген. Туберкулезден өлім-жі­тім көрсеткіші 100 мың тұрғынға есептегенде 3,7 пайызға, қатерлі ісік атаулыдан өлім-жітім көрсет­кіші 100 мың тұрғынға 4,7 пайызға, жа­рақаттардан, жазатайым жағ­дай­лардан және улану­лардан өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұр­ғын­ға есептегенде 6,9 пайызға  төмен­деген. Ал облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының 2018 жылы ат­қаратын жұмыстары қатарында «Денсаулық» мемлекеттік бағ­дар­ламасы бойынша жоспарлы ин­дикаторларға жету, Ақжайық ау­­- данында инсульттік орталық ашу, өңірімізде 100% қа­ғаз­сыз ауру­хана жобасын жүзеге асы­­ру, мем­- лекеттік-жекешелік келісім­шарт­тарын жүзеге асыру, қада­ғалау кеңестеріне ұжымдық менеджментті енгізу, 15 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөн­деу жүргі­зу, бірыңғай мобильді қо­сымша жасақтау, оқу-клиникалық орта­лығы базасында Қазақ ұлт­тық медициналық университеті­нің филиалын ашу секілді жос­парлар бар.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

 

Жем-шөптен қысылыс кірген жоқ па?..

Күні: , 65 рет оқылды

Қазталов аудандық  ауыл  шаруашылығы  бөлімінің мәліметіне сүйенсек,  ауданда  76905  ірі  қара малы, 195785 қой,  33398  ешкі,  22325 жылқы  316  мал қыстағы  мен  50  елді  мекенде  қыстатылуда.

Барлық мал қыстақ пен елді мекен  мал азығымен жеткілікті мөлшерде қамтылған. Мал азығының тапшылығы сезілген шаруашылықтар ауданның басқа шаруа қожалықтарымен өзара келісіп, шөп тасыма­лын  ұйымдастыруда. Сонымен қатар  кейбір ауылдық округтерде (Қазталов, Болашақ, Қайыңды, Ақпәтер, Талдықұдық, Бірік және Те­реңкөл) қар жамылғысының қалың болуы жылқы малы­ның тебіндік жайылымы мүмкіндігінің  азаюына әкеліп соқты­руына байланысты осы ауылдық округтер бойынша мал қыстақтары мен үйілген шөп орындарына қуатты техникалармен («К-700», «С-100» тракторлары) жол аршылып, жыл­қы малының тебіндеуі үшін жайылымдық жерлер қардан тазартылды. Аудан бойынша мал қыстату науқанының өту барысы ұдайы қадағалауға алынған. Мал азығының тапшылығы мә­селесі туындаған жағдайда ауданішілік мүмкіндіктер арқылы дер кезінде шешілуін қамтамасыз ету шаралары алынады.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы

 

«Кәрі  құда»  кейде  «жалпағынан жатып алса»,  бұған таңғалуға болмайды.  Қазекемнің  «алты  ай  қыс»  дегені  осы  ғой.  Бұл  кезең мал-жанға  қауіп  төндірмеуі  үшін  Ақжайық  ауданында  да  тиісті  іс-шаралар  жасалуда.

Ауданның оңтүстік бетіндегі елді мекендердегі, күтірлердегі мал жайылымда жүр. Ең басты назардағы­сы – ауданның солтүстігіндегі Алға­бас ауылдық округі. Мұнда кей тұста қардың биіктігі бір метр­ге дейін же­теді. Аудан әкімі Әділ Жола­манов кезекті рет жұмыс са­па­рындағы байқастаудан соң Ал­ға­басқа қуат­ты техника тар­туды ұй­ғарған­дық­тан, кешегі сейсенбіде «Жайық­техсервис» кәсіпор­нының Тайпақ­тағы учаскесінен кү­регі­мен қоса «Кировец» келді. Алдымен ок­­руг­ке кірмежол, сон­дай-ақ Бесоба, Қарағай елді ме­­кендеріне апара­тын жолдар қардан тазар­тылу­да. Сосын «Киро­­вец» су іркілу қау­пі бар тұс­тар­ды қар-мұздан арылтады. Ал жол­дардың тазартылуы шаруа қо­жа­лықтарының тыны­сын жеңіл­де­тетіні сөзсіз. Өйткені жем-шөп қо­ры тек осы айдың соңына дейін жетуі ықтимал деп есеп­теп отыр­ған қыстақ иелері өзгелерден пішен жеткізуі керек. «Сағым», «Нұртілек», «Қа­мыстыкөл» шаруа қожалықта­рын­да шөп­тің артық қо­ры бар деп есеп­телуде. Ал кешеге дейін «Сәбит» шаруа қожалығынан басқалар 1700 центнер пішен алған. Бүгінге дейін округ бойынша 5173 қозы, 2029 лақ, 1510 бұзау, 54 құлын қабылдан­ған. Жыл төлінің бағым-күтіміне тәжірибелі жандар тартылған. Жайықтың сол жақ бетіндегі Құ­райлысай ауылдық округінде шөп қоры жеткілікті. Базартөбе, Қабыршақты ауылдық округте­рінде пішені таусыла келген шар­уаларға, тұрғындар ауласына бас­- қа қожалықтардан тасымалдануда. Барлық ауылдық округтегі жағ­дай бақылауда ұсталуда. Аудан бойынша шаруа қожалықтарын­да қазір сатуға шығаруға болатын 5000 дана тайланған шөп бар екен. Сірә, қажет деп тапқандар өздерінің ауласына жемшөп жеткізіп алуды лайсаң күшеймей тұ­рып құнттаса, құба-құп. «Бесқо­нақ»  та  төбе  көрсетіп  тұр.

Болат   ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық   ауданы

 

Сырым  ауданында  114 орындағы  қыстақта  44171  ірі  қара, 15926 жылқы,  78433  қой-ешкі, 53  түйе  бағылуда.  Жалпы, қыс­таққа  аудан  бойынша  153332 тонна  шөп  қоры  әзірленген  бола­тын.  Содан  қалғаны  50683  тонна,  яғни   қор 33  пайызды  құрай­ды.

Ауданда 385 шаруа қожа­лығы, 21 өндірістік кооперативі  жұмыс істейді. – Ауданда 12 шаруашылық асыл тұқымды малды өсірумен тұрақ­ты айналысады. Бүгінде осы шаруа иелерінде 3111 асыл тұқым­ды мал төлімен тіркелген болса, алды 300 бастан  жоғары  асыл тұқымды мал бағып отырған «Талап», «Жібек жолы», «Әмір» шаруа қожалықтары көштің алғы ше- бінен көрінуде, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Усағалиев. Ауданда өткен жылы  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алты ша­р­уашылық 46,9 млн. теңге несие алуға қол жеткізіп, 217 аналық ірі қара, 27 асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Сондай-ақ  «Құлан» бағдарламасына қатысқан төрт  шаруашылық 85,5 млн. теңге не­сие  рәсімдеген  болатын. Осы қар­жыға 261 бие және тоғыз асыл тұқымды айғыр сатып алды. Ал «Алтын асық» бағдарламасы бо­йынша екі шаруашылық 23,6 млн. теңге несиеге 681 саулық қой, 16 асыл тұқымды қошқар сатып алуға қол жеткізді. Жалпы, ауданда мал  қыстағы  бірқалыпты  өтуде.

Мүсірбек   ӘЛІБЕКҰЛЫ,

Сырым   ауданы

 

«Мал  қыстату –  маңызды  науқан»  демекші,  Жәнібек  ауданының  шаруалары  қоңыр  күзде  қора-қопсыларын  жөндеп, ала  жаздай  дайындаған  мал  азығын  күн  жылы,  жер  қарада қыстақ  бастарына  үйіп, қапысыз қамданыс жасады. «Шөбі  көптің – малы  тоққа»  саятын  болсақ,  аудан  бойынша 155317  гектар ша­бын­дықтан 107362 тонна мал  азығы  дайындалып , жоспар  103 пайызға  орындалған болатын.  Бұдан  бөлек  8785  тонна  алдыңғы  жылдан  қалған  шөп  тағы  бар.

Қазіргі таңда аудан бойынша 107 қыстақта 39669 ірі қара, 69769 қой-ешкі, 12539 жылқы және 105 түйе қыстатылуда. Ауылдық округтердегі мал азы­ғының қалған қоры 29186 тонна­ны немесе 27 пайызды құрап отыр, яғни жемшөп жеткілікті деген сөз. Оңтүстіктегі ауылдық округ­тер ауа райының қолайлы қалып­тасуына байланысты бірінші ақ­панға дейін малды далада жа­йып келген. Себебі қар бұрынғы жылдарға қарағанда жай түсіп, жауын-шашынды, қарлы-боран­ды, аязды күндер аз болды. Жыл­қы­лар тебіннен қалған жоқ. Мұ­ның өзі жемшөп үнемделіп, мал қыстату науқанына толық жетеді деген үмітке негіз болды. Сондай-ақ қар қалың түскен жағдайда жемшөп тасымалдайтын, жол та­залайтын техникалармен қамта­масыз ету де ескерілген. – Дегенмен барлық шаруа қо­жалықтарының қарамағындағы мал­дың күйі жақсы деп айтуға болмайды. Әсіресе, жайылымдық жерлерінің былтыр өртенуіне бай­ланысты Талов, Борсы ауыл­дық округтеріндегі шаруа қожа­лықтарының ірі қара малы тиісті қоңын жинай алмауда. Соны­мен қатар өткен жылы нодулярлы дерматит ауруына ұшыра­ған мал арасында төлдерінің өлі түс­кендері кездесіп жатыр. Ал түр­- лі ауруларға қарсы толық егілген малдың сәйкесінше қоңы да жақ­сы. Сондықтан мал шаруашы­- лығын көтерудің бір жолы – ве­теринарлық талаптарды орындау. Әрбір шаруа қожалығында мал ауруларының алдын алу шаралары уақтылы атқарылып, тұқы­мын асылдандыру жұмысы жақсы жолға қойылса, ветеринарлық қағидалардың бәрі ережеге сай орындалып, мал азығы жеткілік­ті болса, алдағы жауапты нау­қан – төл алудан да қысылмай шы­ғамыз, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас ма­маны  Асылбек  Қамашев.

Асқар   ҚҰСАЙЫНОВ,

Жәнібек    ауданы

 


Отпан таудағы ұлы мереке

Күні: , 66 рет оқылды

Амал – еліміздің батыс аймағына жататын төрт облыс үшін ерекше аталып өтетін мейрам. Әсіресе, Маңғыстау облысында ертерек тойланып, көктемнің басы саналатын айрықша мереке. Бұл – жер дүниені жайнатып, қар бауырын, тау сауырын бусантып келетін арайлы көктемнің шуақты мейрамы. Ақ пейілмен, шын көңілмен қауышқан жұртшылық үй-үйді аралап, бір-бірінің амандығын біліседі. Амал мерекесін Маңғыстау түбегіндегі Қаратаудың ең биік шоқысы – Отпан тауда бой көтерген Адай ата кесенесі маңында тойлау дәстүрге айналып келеді. Өйткені, бұл мейрам ел арасында бұрыннан бар болғанымен, Отпан тау тарихи-мәдени кешенінің салынғанына он жылдан асты. Бұл кешен идеясының авторлары, Алашқа әйгілі ақындар Сабыр Адай мен Светқали Нұржанның көздеген мақсат-мүддесі де ел бірлігін нығайту жөніндегі ойдан туындағаны сөзсіз.

Халықтық сипат алып келе жатқан Амал мерекесі биыл рес-публикалық деңгейде аталып өтті. Еліміздің көптеген өңірінен барған тұрғындар Отпан тауда киіз үй тігіп, қонақ қабылдады. Осындай ұлан-асыр тойдан батысқазақстандық-тар да қалыс қалмады. Оралдан шыққан бес көлікке мінген біз Атырау асып, Бейнеу арқылы әуелі Оғланды тауындағы  әулие Бекет ата Мыр-зағұлұлы мешітіне жеттік. Әулиенің бұдан басқа бүгінге дейін сақталып қалған үш мешіті бар екен. Діни ағартушы пір Бекет атаның білімдарлық, батырлық, әділдік қа-сиеттері өз дәуірінде ел арасында ерекше танылған. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Бүгінде де жанына шипа, дертіне дауа тілегендер, бір перзентке зар болып, Алладан ұрпақ сұраған жұртшылық Оғландыға барып, Бекет атаның басына зиярат етеді. Бұл жерде күніне 1000 адамға дейін қабылдай алатын қонақүй, басқа да түрлі кешендер бар. Осы жерден төмен түссеңіз, 1800 метр болатын жалғызаяқ жол Бекет ата мешітіне апарады. Яғни, тау-жартастағы үңгір әулиенің өмір сүрген тұрағы деседі. Осында төрт жылдан бері қызмет жасап келе жатқан молда-шырақшылар Мақсат Алпысбаев пен Бекболат Ермұратовтың айтуынша, мешіт маңындағы бұлақтар да шипалы көрінеді. Келушілер бұлақ көзінен су ішіп, қала берді суды үйге де алып кетеді. Осында бір күн түнеп, Отпан тауға беттедік. Жол бойына кездескен әулие-әнбиелер, батырлардың құрметіне қойылған ескерткіштер мен мазарлардың көптігіне таңғалдық. «362 әулиелі мекен» атанған киелі жер ғой бұл. «Аспан астындағы мұражай» делінетін өңірдің табиғатына таңданумен болдық. Жайқалған жасыл-желек, ну орман болмаса да, аспан астындағы қатпар-қатпар шатқалдар мен шоқылардың жаратылысы көздің жауын алады. Құдды бір сырттан келетін жаулардан қорғану үшін қолдан құйылған қорған іспетті. 13 наурызда Отпан тауға жер-жерден келген қонақтар мен Маңғыстаудағы Адай ата ұрпақтары 70-тен астам киіз үй тігіп, мерекені бастап кетті. Осы күні кешке қалың жұртшылық Адай ата кесенесі маңына жиналып, Ұран отының жағу рәсіміне қатысты. «Тәзіке Ата» қоғамдық-қайырымдылық қорының төраға-сы Роман Балтабаевтың айтуынша, бұл бірлік отын жылма-жыл сегіз-арыс Адай руының ұрпақтары бірінен-біріне табыстап отырады. От жаугершілік заманда ел басына қиын күндер туғанда, соғысқа аттанарда ғана жағылатын болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оттан шыққан қара түтін жүздеген шақырымдарға дейін көрі-неді екен. Бүгінде Ұран отының атауы Бірлік оты болып өзгертіліп, күллі қазақты ынтымаққа шақы-рады. Зау биікке орнатылған көк бөрінің мүсіні де түгел түркіге рух, айбар беріп тұрғандай. Ал 14 наурызда жиналған жұртшылық құшақтасып, көрісіп, қуанысып жатты. Ақ жүректен ағылған тілектер мен жайылған ақ дастарқан біздің халықтың бір-біріне деген шексіз құрметінің белгісіндей. Алты қанат ақшаңқан киіз үйлерге еш именбей кіріп-шығып жүрген жандарды көр-генде, Қадырша айтқанда, «аңғал-саңғал жабусыз қазақтың» қонақжайлылығына, кең пейілдігіне бас имеске амал жоқ. Себебі, Амал мерекесі – ырыс пен ынтымақтың, татулықтың қазақтың жыл санауына, күнпараққа қойылған мөрін-дей. Бұған дәлелдер аз емес. Біздің облысымыз тіккен киіз үйге дәм тата келіп, «Амал мерекесінің аясында біздің мақсат – қазақтың қара шаңырақ ұғымын алдымызға ұстай отырып, қазақ баласының басын біріктіріп, ұлттық рухын көтеру. Ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүр, қазақы қағидаларды ұс-тана отырып, елдің болашағы үшін ағайынды араластыру, сол арқылы ұлттық мүддені нығайту. Орал өңірінен үлкен топпен келіп жатқан ағайындарды бірінші рет көріп тұрмын. Біріншіден, ықылас-ниеттеріңе құлдық, мың рақмет! Ұлттың тұтастығы, ортақ намысымыз үшін жасаған қадамдарыңызға гүл бітсін! Кең даламызды қорғау үшін намыс, ортақ бірлік, ортақ ар, білім-білік керек.  Біз осы үшін амал жасауымыз керек», – деп тебіренген Алаштың ақыны Сабыр Адайдың жүрекжарды тілегі татулыққа үндейді. Ұлт үшін ұйқы беріп, қайғы алған абыздың Отпан тау идеясын ұсынудағы әуелгі ойы да осы емес пе?! Ақ Жайықтың сәлемін жеткізіп, делегацияны бастап барған Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, танымал спорт ардагері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, велоспорттан КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Асқар Шораев, ауылдан келген еңбек ардагерлері Бақтығали Досқалиев пен Мереке Құрманғалиев ізгі тілектерін арнап, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі хақында өз көзқарастарын ортаға салды. Осы екі күнде Отпан тауда көптеген мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Мысалы, «Қара шаңырақ» деп аталатын басты ғимаратта еліміздің Жетісу, Арқа, Сыр, Батыс, Алтай-Тарбағатай ән-жыр мектептері өкілдерінің концерттік бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты. Батыс ән мектебін алыс-жақынға насихаттап жүрген батысқазақстандық әнші Армат Исламғалиев Ғарифолла Құрманғалиевтың «Желдірмесін» орындағанда, алпыс екі тамырды ерекше бір сезім қуалап, жиналғандардың жанын жадыратқанын көрдік. 25 шақырым-дық аламан бәйгеге Алтай мен Атыраудың арасынан ауыздығымен алысқан небір сәйгүліктер жиналған. Оралдық Берік Есен-ғалиевтың жүйрігі 25 шақырым – сегіз айналым бойы мерейімізді тасытып, мәреге екінші келді. Аламаннан атымыз келгесін, арқаланып, рухтанып қалғанымыз рас. Көрісудің мәні – бір жылдан келесі жылға есен-сау жетудің қуанышы, ағайынның бір-бірін сау-саламат көру бақытына шүкір ету және алдағы күндерге, келген жаңа жылға жылы лебіздер арнау. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі өзегі де бірлігімізді шыңдау екені белгілі. Осы мақсатта ең үлкен мерекені атап өтуде де әр азамат қолынан келген көмегін аямайтыны сөз-сіз. Мысалы, Ақжайық ауданы Алғабас ауылындағы ағайынды кәсіпкерлер Мерболат пен Ерболат Құрманғалиевтердің Отпан тауға өз киіз үйлерін тігуі, елден дәм апаруы нағыз азматтық емес пе?! Осындай ортақ істе белсенділік көрсетіп, қолдау танытқан Ақжайық аудандық мәслихат депутаты, «Мұ-қадес» шаруа қожалығының иесі Ақылбек Сағитов, Будариндегі «Аманер» шаруа қожалығының иесі Қа-нат Досқалиев, Зеленов ауданы, Щапов ауылдық округінің әкімі Айтқали Әбжанов, жаңақалалық шаруалар Бекболат Жағыпаров, Асқар Молдашев, бөкейордалық шаруа Ермек Момыновтың да еңбектерін айта кеткен жөн. Жұдырықтай жұмылып атқарған бұл істің барлығы «еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам» деген азаматтардың шын ниетінен туындап отырғаны сөзсіз. Ұлттық құндылықтарды құрсауда ұстаған кешегі қиын кезеңнің өзінде халық жүрегінде орнығып, сақталып қалған көрісу мерекесі бүгінде өзгеше қалыпта тойланып, ерекше сән-салтанатын көрсетіп, мән-мазмұнын байытып келеді. Ақ Жайықтың атырабынан түбектегі Үстірт өңіріне барған біздің облыс өкілдерінің мақсатының бірі осы мейрамның аясында еліміздің басқа да аймақтарындағы ағайынмен арадағы ынтымағымызды арттыру еді. «Жеті қайқы, бес жүйріктің» елінде тұтанған Бірлік отының жалынына жалын қосып, ұлтым деп ұрандаған көпшілікті көргенде, осы мақсатымыз  жүзеге  асқандай  көрінді. Отпан таудың басында бірлік пен ынтымақ деп шеру тартқан көш 14 наурыз күні түстен кейін тарқай бастады. Алайда тау етегіне түскен әрбір жанның көкейінде Каспидей буырқанып жатқан ұлттық намыс пен ар, көк бөрі мүсінінен алған рух пен айбат тулап жатқандай. Тас жолға түсіп алып, құйындай заулап бара жатқан біздің көліктер де ауыздығымен алысқан арғымақтардай бас берер емес. Қатпар-қатпар шоқылар биігіндегі қазбауыр бұлттар да маңғаз далаға ауырластықпен  қол  бұлғағандай…

Бекболат   ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық   ауданы


Ұлыстың ұлы күні

Күні: , 46 рет оқылды

Көрісу айт басталғалы переметныйлықтар бос уақытын орталық алаңда өткізуді дәстүрге айналдырғандай. Ұлттық киім киіп, ән салған әншілердің өнерін тамашалап, киіз үйден ұлттық тағамнан ауыз тиюге асыққан тұрғындар  таяуда Алас күнін атап өтті.

Бір-біріне құшақ жая амандасып, саулық ті-лескен жандар күннің қолайсыздығына қарамастан, ауыл, көше мен үй-үйді аластады. Одан соң арқан тартып, гір тасын  көтерген жігіттерге қолдау білдірген ағайын арқа-жарқа болды. Арнайы тігілген киіз үй ішінде әр тұрғынға қонағасы беріліп, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздан көріністер қойылса, жас жігіттер қыздарға селт еткізер сый- лықтарын ұсынып жатты. Ха-лыққа жөнін айтып, жол сілтеуші қариялар мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға ақ батасын берді.

Түгелбай  БИСЕН,

Зеленов  ауданы

   

Сегізсай негізгі мектебінде өткен Наурыз мерекесінде ауыл азаматы Әсет Төребаев мектеп оқушыларына арнап 150 мың теңгенің спорттық матрас пен киімдерін табыстады.

Ол сондай-ақ мерекелік дастарқанға арнап малын беріп, спорттық сайысқа демеуші болды. Шараның өтуіне Е. Нұраханов, А. Қалниязов, Н. Кенжебаев, Қ. Сансызбайұлы, Н. Айтжанов  демеушілік  жасады. Шара барысында ата-аналар тоқымқағар, сырға салу секілді салт-дәстүрлерден көріністер ұйымдастырса, оқушылар әннен шашу шашып, жыр жолдарын оқып, қыздар мың бұрала биледі. Ауылдағы әжелер ансамблі ән салып, шашу шашып, ата-баба салты бойынша айналаны адыраспанмен аластаса, ауыл қариясы  ақ  батасын  берді.

Жәния ЖҰБАНОВА, Сегізсай негізгі мектебі  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Шыңғырлау ауданы

   

Жуырда  Зашаған кентіндегі «Жәңгір хан» сауда үйінің алдында әз-Наурыз мерекесіне арналған шара өтті.

Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, наурыз көже та-ратқан мерекеге жи-налған халықтың қарасы көп болды. Әсемделген сахнада өнер­паздар  ән  салып, би  биледі.  Мерекеге жиналғандарды қа­ла әкімі Мұрат Мұқаев құттықтады. – Баршаңызды елдік пен бір­лік­тің, ең­бек пен ырыстың жар­қын мерекесімен облыс әкімі Алтай Көлгіновтің және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын! Нау-рыз мерекесінің ерекшелігі мен ма­ңыздылығы жыл санап артып келеді. Көк­темнің ең жарқын мерекесінде барша ағайынға ауыз­біршілік, еңбек пен ырыс, бір­лік пен береке тілеймін, – деді Мұрат Рахметұлы. Шарада ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, ән-жырдан  шашу  шашылды.

Нұрбек  ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Көпке үлгі көшелер

Күні: , 40 рет оқылды

Жаңақала ауданының орталығында Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Ауыл көшелері» атты шара өтті. Осыған орай «Болашақ» ықшамауданында, Желтоқсан, Тоқсанов, Меңдіханов көшелерінде ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, Наурыз мерекесі аталып өтті. Аталмыш көшенің тұрғындары ортақ мейрамды тойлауда үлкен ұйымшылдық танытып, ауыз толтырып айтарлықтай атсалысты.

Әр көшеде тігілген киіз үйлерге арнайы ат басын тіреген аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин бастаған топ жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Думанды шарада ауыл балалары асыр салып ойнаса, өнерпаздар күмбірлетіп күй төгіп, әуелетіп ән шырқап, мың бұрала би биледі. Ал ақсақалдар бата беріп, ақ тілектерін айтса, ауданның білекті жігіттері арқан тартысып, күш сынасты. Нақ осы күні наурыз көже пісіріліп, алтыбақан құрылып, кең дастарқан жайылып, ауылдың үлкен-кішісі бір арқа-жарқа болып қалды.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала ауданы

 

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика