Мұрағат: 26.03.2018


Досым ҚУАНАЕВ, баскетболдан Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер құрамасының бас бапкері: «Жеткіншектерге телефонға телміргеннен, баскетбол ойнаған бек пайдалы»

Күні: , 287 рет оқылды

Облысымызда кенжелеп қалған спорттың бір түрі – баскетбол. Мәселен, спорттың осы түрінен Жайық жұртының намысын қорғайтын баскетбол құрама командасы тек 2012 жылы ғана құрылған екен. Тиісті қолдаудың арқасында бұл спорт түрі бүгіндері біртіндеп дамып келеді.

Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы, даңқты баскетболшы Әлжан Жармұхамедовтың жуырда өңірімізге келіп, жас баскетболшылармен кездесуі батысқазақстандық спортшыларға тың серпін бергендей.

– Баскетболдан облыстың құрама командасы құрылған ілкі жылдары біраз қиыншылықтарға кез болдық. Жаттықтырушылар жетіспеді. Тіпті доптың өзін ата-аналар, кейде жаттықтырушылар сатып алып жүрді. Және ол доптар арзан болғандықтан, сапасы да сын көтермей, жиі ауыстыруға тура келетін. Соған қарамастан, батысқазақстандық баскетболшылар сол жылы Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысты. Нәтижесінде бесінші орынға тұрақтады. Баскетболшыларымыздың сол кездегі мақсаты еліміз бойынша үздік бестікке кіру болса, қазір олар үздік үштікке еніп отыр, – деді баскетболдан облыс құрамасының бас бапкері Досым Қуанаев.

Федерация баскетболды дамытпақ

Бүгінде облыста 350-ге жуық жасөспірім баскетболмен айналысуда. Қаладағы «Нефтэк» компаниясы басшылығының қолдауымен облыстық құраманың баскетболшылары «Зенит» зауытының маңындағы БҚИТУ спорт залында алаңсыз жаттығып жүр. Аталмыш спорт залда ұлдар командасы аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі, жексенбі күндері, ал қыздар дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері екі сағаттан жаттығады. Мұнда баскетболдан олимпиада резервтері 10 жастан бастап дайындалуда. Облыстық құрама команданың негізгі ойыншылары – Орал қаласындағы №1 мектептің шәкірттері. Сонымен қоса қалалық №7, №34 №36, №43, №44, №45 мектептердің де оқушылары бар. Облыстық баскетбол құрама командасы жыл сайын өтетін ел чемпионаттарына қатысып жүр. Нәтиже де жаман емес, айта кетсек, 2016 жылы Қостанай облысындағы Лисаковск қаласында өткен 2003 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында ұлдар IV орын, қыздар III орын алды. Ал былтыр Атырау қаласында ұйымдастырылған ҚР чемпионатында ұлдар III орын алды. Кейін Шортанды қаласында өткен чемпионатқа қатысып, финалға жолдама алғанымен, Атырау облысының «Барыс» құрама командасынан бәсі кем түсіпті.

Биыл облысымызда баскетбол және стритбол федерациясы құрылды. Федерацияның президенті болып «Нефтэк» компаниясының директоры Асылбек Нұпов, ал атқарушы директоры болып Досым Қуанаев бекітілді.

Аталмыш федерацияның басты мақсаттарының бірі – аудандардағы спорт мектептері жанынан баскетбол бөлімін ашу. Қазір Бөрлі, Бөкей ордасы, Шыңғырлау, Тасқала, Зеленов аудандарында ғана баскетбол бөлімі бар. Осы аудандардағы құрама командалар облыстық жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдап жүр.

Облыстық баскетбол және стритбол федерациясы жас төрешілерді тәрбиелеуге де көңіл бөлуде. Облыстық құраманың баскетболшылары Әділ Шәутенбаев пен Мейрамбек Шамұратов наурыз-сәуір айларында өтетін ел чемпионатында төреші болмақ. Бұған дейін олар Алматы және Шортанды қалаларында өткен күзгі, қысқы чемпионаттарда төрешілік міндетін абыроймен атқарған.

Досым Сейілханұлының айтуынша, облыстық құрама команданың ойыншысы Ділназ Еркебай былтыр Астана қаласындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне оқуға түскен. Сондай-ақ баскетболдан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, ҚР спорт шебері нормативін толық орындаған Нұрайна Сейілханова бүгінде Ақтөбе құрама командасының сапында ойнап жүр.

Стритбол – көше ойыны

Стритбол – ережесі баскетболға ұқсас көше ойыны. Алайда өзіндік ерекшеліктері бар. Стритбол ойыны ашық аспан астында ойналады және оған әр командада үш ойыншыдан алты адам қатысады. Стритболда бір ғана себет болады. Ойыншылар допты сол себетке дөп түсіруі қажет. Егер допты алыстан дәл түсірсе, баскетболдағыдай үш ұпай емес, екі ұпай беріледі. Баскетболды 10 минуттан 4 тайм ойнаған соң ұпай саны көп команда жеңіске жетсе, мұнда алғаш 16 доп салған команда ұтады. Жалпы бұл ойындар спортшыны жылдам, епті болуға, қиын жағдайда тез ше-шім қабылдай алатын алғырлыққа баулиды.

– Материалдық-техникалық базамыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Бұрын бұдан да қиын жағдайды бастан өткерген едік. Биыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы электронды табло, доп, баскетболшылардың киетін формаларын алып беретін болды. Орал қаласының Әйтиев көшесіндегі ОЖСШМ спорт залы әлемдік стандартқа сай салынған және орналасқан жері де ыңғайлы. Алайда онда баскетбол ойынына арналған қалқан жоқ, осы мәселе шешілсе екен дейміз. Егер ол кешен баскетбол алаңының стандарттарына сай жабдықталса, ҚР чемпионатын өткізгіміз келеді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы аудандарда баскетбол бөлімін ашуға ниетті. Сонымен қоса жаңадан бой көтерген шағынаудандарға және студент-жастардың көп шоғырланатын аудандарына стритбол алаңын салса, жастар мен жасөспірімдер бос уақытын тиімді пайдаланар еді, – дейді Досым Сейілханұлы.

Бас бапкерді жасөспірімдердің әлеуметтік желіде көп отыратындығы толғандырады. Бұл бірінші кезекте жасөспірімдердің денсаулығына зиян келтіретіні мәлім. Досым Сейілханұлы спорттық додаларға барғанда шәкірттерінің телефонын ата-аналарына хабарласуы үшін бір сағатқа беріп, кері жинап алады екен. Соның нәтижесінде әлеуметтік желіні жиі серік еткен бұйығы балалар қазір бір-бірімен емен-жарқын ашылып сөйлесетін болған. Ойында да жақсы нәтижеге қол жеткізе бастапты.

– Меніңше, әлеуметтік желіні көп қолдану адамды сөйлеу қабілетін әлсіретіп, сөздік қорының кемуіне әкелетін секілді. Сол себепті үйде ата-аналар балаларының әлеуметтік желіге, интернет ойындарға құмар болмауын қадағалауы керек. Ал біз бала кезімізде сыртта көп ойнайтынбыз. Құмнан, сымнан, ағаштан бұйымдар жасайтын едік. Одан қала берді жарысып кітап оқитынбыз. Бұл денсаулығымызға да, рухани тұрғыдан тұлға болып қалыптасуымызға да өте пайдалы болғаны шүбәсіз, – дейді ол. Бір сөзбен айтқанда, облыстың бас бапкері жасөспірім-көкөрім ұл-қыздар үшін телефон мен компьютерге телміргеннен гөрі баскетбол ойнаған бек пайдалы деп есептейді.

Бір қуанарлығы, баскетболмен айналысқысы келген жасөспірімдер Орал қаласындағы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі баскетбол үйірмесіне тегін қатыса алады.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Наурыз нақыштары

Күні: , 57 рет оқылды

Орал қаласындағы жаңа алаңда Ұлыстың ұлы күні кеңінен аталып өтті. Алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын облыс әкімінің міндетін атқарушы Игорь Стексов және қала әкімі Мұрат Мұқаев құттықтады.

– Құрметті батысқазақстандықтар, облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтың атынан сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Наурыз – жаңару мен жандану мезгілі. Ауа райының суығына қарамастан, бүгінгі мейрам әр тұрғынның жүрегіне жылылық ұялатары сөзсіз. Ұлыстың ұлы күнін қазақтар өзге ұлт өкілдерімен бірге тойлап келеді. Елбасымыздың салиқалы саясаты және бірлігіміздің арқасында Қазақстан әлемдік аренадағы үлкен белестерді бағындыруда. Жаңа жыл әр отбасыға бақ-береке алып келсін! – деді Игорь Валерьевич.

Жасампаз еңбек пен ырыс-ынтымақтың, тату-тәтті тіршіліктің жарқын мерекесі әз Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Бұл кезде табиғат қана түрленіп қоймай, ұлттық құндылықтарға басымдық беріліп, сән-салтанатын паш етіп, салт-дәстүр ерекше сипатқа ие болады. Бар жаман-дық ескі жылмен кетіп, жаңа жыл жақсылыққа толсын! Әр отбасыға шаттық, мереке тілеймін! – деді өз сөзінде Мұрат Рахметұлы.

Мерекелік шараның негізгі бөлігі «Наурыз – көктем сәлемі» деп аталған театрландырылған қойылыммен басталды. Ер жігіттер тарих еншісіндегі үлкен ескерткіш – Тайқазанның көшірмесін ортаға алып шықса, қыз-келіншектер көрермендерге дәм ұсынды. Халықтық «Ақжайық», «Назерке», үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамбльдері ұлттық би орындап, «Әжелер сәлемі», «Ару аналар» ансамбльдері тамылжытып ән салды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, облыстық басқармалардың қызметкерлері мен жоғары оқу орындарының студенттері шараға ұйытқы болды. Олар алаңға жағалай киіз үйлер құрып, шағын көріністер ұйымдастырып, әннен шашу шашып, мерекенің сәнін келтірді. Әр киіз үйдің ішінде наурыз көже сапырылып, ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды. Мейрамда 200-ден астам шығармашылық адамдары өнер көрсетті. Жастар алаң ортасында құрылған алтыбақан маңына үйіріліп, бүлдіршіндер түйе мен атқа мініп, естелік суретке түсіп жатты. Ал үлкендер концерттік бағдар-ламаны бастан-аяқ тамашалады.

– Наурыз – көк шығып, ағаштар бүршік жаратын жасампаздық мерекесі. Осыған сай адамның да жан дүниесі тазарып, жаңарады. Ақ ұлпа әлі ери қоймағанымен, біз Наурызды тойлауды Көрісу күнінен-ақ бастап кеттік. Ерекше мейрамда бір-бірімізді құттықтап, түрлі тәтті дәмдерімізді ұсынудамыз. Жыл сайын жаңа алаңда ұйымдастырылатын дүбірлі тойға қатысып, қуанып қаламыз, – дейді қала тұрғыны Әйгерім Ғұбашева.

Ауа райының ызғарына қарамастан, алаңда жиналған халықтың қарасы көп болды.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»

*  *  *

Наурыздың 22-сі күні Достық үйі алдында  қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Өз өнерін кәсіпке айналдырған отызға жуық оралдық көрмеге қолдан жасалған бұйымдарын қойды. Оның ішінде ұлттық киім, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқ, әшекейлер мен кәдесыйлар және сәндік бұйымдар болды. Жәрмеңкені облыстық туризм және сыртқы  байланыстар басқармасы ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, орта және шағын бизнес өкілдерін қолдау мақсатында ұйымдастырды.

– Көрмеге бесіктер мен шағын үстелдерді және Құран оқуға арналған тұғырды саттыққа әкелдім. Кәсібімді бастағаныма жеті жыл болды. Өндіріс орнымыз «Шебер» базарында орналасқан. Қарауымда жеті адам жұмыс жасайды. Ағаштан ұлттық бұйымдарды жасаймыз. Жиналмалы бесіктерді көтерме сауда бағасымен сатып алып жатады, – деді оралдық кәсіпкер Нұрділдә Алсиеуов.

Шеберлер жәрмеңкесіне алғаш қатысқан Гүлсая Бақыт жұқа киізден (фетр) жасалған қыздарға арналған сәндік бұйымдар мен әшекейлі сөмкелерді көрмеге қойыпты. Ол биыл мемлекеттік бағдарлама аясында Орал «Сервис» технологиялық колледжінде үш ай тігін курсын оқыған. Қалалық жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмыс орнының жалақысы аз  болған соң, өз кәсібін бастауға бел буыпты. Өзі бұрыннан ісмерлікке үйір екен. Тігін курсынан көйлек тігуді де үйреніпті. Гүлсаяның көрмеге қойған бұйымдарын сатып алушылар табылды. Ол кәсіп жолындағы алғашқы табысын осы жәрмеңкеден түсірді.

Шеберлердің бірі Елена Полищук түрлі мүсін кейпінде балдан жасалған шағын балауыздарын әкеліпті. Бояу-қоспасыз жасалған балауыздардың қалдығын өсімдік майымен араластырып, емге пайдалануға болады. Елена түрлі-түсті көздің жауын алатын фарфор шамдарды да саттыққа қойыпты. Жәрмеңкеден басқа да бұйымдар саудаланды. Бір шебер жылқының қылынан өрілген қамшыны жасапты. Қамшының құны 10 мың теңге шамасында.

Достық ауылының екінші қанатына қаладағы этномәдени орталықтардың көрмелері орналасты. Өзге этнос өкілдері ұлттық тағамдар мен этнографиялық және діни кітаптарын қоса ұсынды. Қолөнер шеберлері жәрмеңкесінде жасөспірімдер арасында күш сынасу, асық ату және тоғызқұмалақ ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкені ай сайын өткізу жоспарлануда. Келушілерге сауалнама парағы таратылып, өз ұсынысын білдіруге мүмкіндік жасалған. Келесі жәрмеңкеге еліміздің Алматы қаласы мен Ресейдің көршілес Самара облысынан қолөнер шеберлерін шақыру ойластырылуда.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

*  *  *

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша өткен жылдың қараша айында қылқан жапырақты қарағай көшеттерін отырғызу акциясы бастау алған болатын.

Игі шараны жалғастыру мақсатында жуырда Теректі ауданы аумағындағы Подстепный – Әуежай жолдарының қиылысқан тұсына қосымша 55 қарағай көшеті егілді. Аталған шарада Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері белсенділік танытты. Дәл осы төңіректі өткен жылдан бастап барлығы 800-ден астам ағаш көшеті отырғызылып үлгерілді. Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданында 50 дана қылқан жапырақты ағаш көшеті егілді. Шараға аудан басшылығы, орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері және ауыл тұрғындары үлес қосты.

Қайрат ЕСЕНҒАЛИЕВ,

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы


Көгерістегі Наурыз

Күні: , 45 рет оқылды

Наурыз  мерекесі  Бұлдырты  ауылдық  округіне  қарасты  Көгеріс  елді  мекенінде  көп  жылғы  үзілістен  кейін  биыл  қайта тойланды.

Бұрын хабарлағаны­мыз­дай, осыдан екі жыл бұ­рын «Көгеріс» кооперативі аталмыш ауылда мәдениет үйін салуды қолға алған еді. Бү­гінде құрылыс жұмыстарының ал­пыс пайызы аяқталды. Ұлыстың ұлы күні сол мәдениет үйінде тойланды.

Айта кетейік, Көгерістегі бұ­рын­ғы мәдениет үйі ел тәуел­сіз­дігінің алғашқы жылдарында өр­теніп кетіп, содан бері ауыл тұр­ғындары көптеген мәдени шарадан алыстап қалды. Соның бірі – Наурыз  мейрамын  тойлау.

– Осы мәдениет үйін салудағы басты мақсатымыз ауылымыз­ды көштен қалдырмау, ынтымақ-бе­рекесін арттыруға ұйытқы болу, жастарымыздың бойында ұлт­тық құндылықтарды дамытуға атса­- лы­су еді. Үш мың жылдық та­ри­хы бар, барша шығыс халқы асыға күтетін, тіпті ЮНЕСКО кө­ле­мінде тойлана бастаған Ұлыстың ұлы күні біздің қазақы ауылда той­ланбауы жаныма бататын. Мә­дениет үйі толық салынып бітпесе де, мұндағы алғашқы мәдени шара өзіміздің жаңа жылымыз­дан басталсын  деген ниетпен әз Наурызды тойладық. Мерекеге бір кісідей атсалысқандары үшін ауыл тұрғындарына, әсіресе, жас­тарға алғыс айтамын, – дейді «Кө­геріс» АӨК-тің төрағасы Боранбай Сарбөпеев.

Шара барысында келіндер са­йысы, өнерпаздар сыны, арқан тар­тыс сынды бөлімдерден тұр­- ­ған ауылдағы төрт көшенің тұр­ғындары арасындағы жарыс көп­шіліктің қызығушылығын туғыз­- ды. Сондай-ақ асық ату, ләңгі те­бу, қол күресі сияқты ұлттық ойын­дар бәсекесі, бата сайыс та жиналған жұртшылыққа мереке­лік көңіл күй сыйлады. Айтыс­тан, әзіл-қалжыңнан көрініс көр­сеткен, жыр-терме айтқан, ұлт­тық және шығыс халықтарының билерін билеген ауыл өнерпазда­ры­на көпшілік ризашылықпен қол соқты.

Шара соңында Бұлдырты ауыл­дық округінің әкімі Ерлан Мақа­шев Наурыз мерекесін өз күште­рімен жоғары деңгейде ұйым­дастырған көгерістіктерге  риза­шы­­­лығын білдіріп, алғысхат та­быс­тады. Ал Көгеріс мектебі мен «Көгеріс» кооперативі атынан түр­лі салада табысты еңбек етіп жүр­ген  тұрғындар  марапатталды.

Мәди   ЫҚЫЛАС,

Сырым   ауданы


Мұзды жарғаннан гөрі кескен тиімді

Күні: , 97 рет оқылды

Кеше  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  «Көктемгі су  тасқынының  өту  барысына  болжау  жасау  және  тасқынға қарсы алынған   іс-шаралар»  тақырыбында  баспасөз  мәслихаты  өтті.

Аталған брифингке қатысқан БҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов су тасқынының алдын алу шаралары турасында баяндады.

– Бүгінгі таңда облыс аумағындағы барлық өзеннің беті әлі күнге мұз күйінде тұр. Жайық өзеніндегі мұз қабатының қалыңдығы – 33-40, Шағанда – 7, Деркөл мен кіші өзендерде 60-74 сантиметрді құрайды. Өңіріміздегі республикалық меншіктегі су қоймаларындағы судың көлемі 54 пайыз мөлшерінде. Аумақтағы республикалық маңызы бар автокөлік жолдары бойында – 459, облыстық және ауданаралық жолдар бойында 1140 су өткізгіш құбырлар орналасқан. Қазір су көп жиналатын жерлердегі құбырларды қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлардың алдын алуға облыс бойынша қажетті қаражат қарастырылып, материалдық-техникалық жағдайы қамтылды. Мұз жару тобы мен авиавизуальды тексеруге, ғарыштық мониторинг жүргізуге де тиісті дәрежеде қаржы бөлінді. Облыс аумағында 57 әр түрлі деңгейдегі бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстар бар. Оның  24-і республикалық, отызы коммуналдық меншікте болса, үшеуі иесіз деп танылған. Өңірдегі су тасқынының алдын алу мақсатында 2017 жылы Сырым ауданының Шолақ-Аңқаты су қоймасы қалпына келтірілді. Облыстық бюджет есебінен Зеленов ауданындағы Деркөл өзеніне гидротехникалық су құйғыш салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыс орталығы аумағындағы еріген қар суы кедергісіз өтуі үшін Зашаған кенттік округіндегі Болашақ, Балауса және Сарытау шағынаудандарындағы жолдар бойына су өткізгіш құбырлар орнатылды. Күні кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық су тасқынына қарсы штабтың отырысы өткізілді. Сол басқосуда облыс әкімі бүгінгі күннен бастап барлық азаматтық қорғаныс жүйесін жоғары дайындық режиміне көшуді тапсырды. Тасқала, Қазталов аудандарының жолдарын қардан тазалауға облыс орталығынан қосымша арнайы техникалар жіберілді. Жайық, Шаған және Деркөл өзендері маңындағы саяжай аумақтарында 75 бау-бақша серіктестігі орналасқан. Ол жерлерде 13 мыңға жуық тұрғын болса, олардың 4 мыңға жуығы балалар. Облыс бойынша — 48, Орал қаласында 28 уақытша орналастыру пункттері әзірленді. Өзендердегі қауіп төндіретін жерлерде мұз кесу жұмыстары жалғасуда. Бүгінде жалпы ауданы 209 мың шаршы метр мұз кесіліп, 10 136 ойықтар ойылды. Айта кетейік, мұз кептелісі болу қаупі бар өзен аумақтарының мұз қабатын кесу биыл екінші жыл қолданылып  отыр. Мұзды кесу тәсілі қаржылық және экологиялық  жағынан тиімді екені анықталды. Сонымен қатар кесілген мұз бөліктері тез еріп, кептеліс болудан сақтайтынына көз жеткіздік. Көп жылдық мониторингке сәйкес облыста суға кету қаупі бар деп есептелетін 76 елді мекенде бар болса, ол жерлерде 36 мыңнан астам тұрғын, 9 мыңнан астам үй орналасқан. Қазіргі таңда сол аймақтарда су тасқынының алдын алу үшін барлық жағдай  жасалуда. Дәл бүгін облыс бойынша жағдай тұрақты, – деді Ақылбек  Қосманұлы.

Баспасөз мәслихатына қатысқан «Қазгидромед» РМК БҚО филиалының директоры Нұржан Шияптың айтуынша, ауа райының күрт жылуы сәуір айының екінші онкүндігіне тиесілі екен. Оның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңдағы өңірдегі тоңның қату тереңдігі  Орал қаласында  – 129, Шыңғырлауда – 137, Дариянда – 119, Жәнібекте  – 106, Бөрліде – 105, Январцевта – 103, Ақсайда 83 сантиметрді құрап отыр. Сонымен қатар облыстың оңтүстігіндегі Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылы мен Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында тоң қату тереңдігі бәсеңдеген. Ал қар қабатының ең жоғарғы қалыңдығы Январцев ауылында (51 см) болса, ең төменгі көрсеткіш Шыңғырлау мен Жаңақала аудандарында (20 см) тіркелген. Алдын ала жүргізілген бақылаулар бойынша Жайық өзенінің мұз қабатының ашылуы  8-13 сәуірге тұспа-тұс келіп тұр.

– Жалпы, сәуір айына болжанған ауа райының орташа айлық температурасы  +7, +12 градусты құрайды. Сәуір айының бірінші онкүндігінде ауа температурасы түн мезгілінде нөл градустан +5-ке дейін, күндіз +5-тен +15 градусқа дейін жылиды деп күтілуде. Екінші онкүндікте түнде нөл градустан +5, +10, күндіз +10,+15,  кей жерлерде +20 градус жылылық болады деп болжануда. Сәуірдің соңғы онкүндігінде де осындай ауа температурасы сақталады. Келер айдың бірінші және екінші онкүндігі жауын-шашынды болады деп күтілуде, – дейді  Нұржан  Айтмағанбетұлы.

Баспасөз мәслихаты соңында сала мамандары БАҚ арқылы қала тұрғындарын ауладағы қарларын шығаруға және өзен-көлдердегі мұз үстінде сақтық  шараларын  ұстануға  шақырды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Қар тазалауға әскерилер де тартылды

Күні: , 66 рет оқылды

Күні  бүгінге  дейін  Орал  қаласынан  240  мың  текше  метр  қар  шығарылған  болса,  өткен  аптадан  бастап  көше  бойындағы  су  сору жұмыстары  басталды.

Бұл туралы кеше қала ішіндегі қар тазалау жұмыстарымен танысқан қала әкімі Мұрат Мұқаев айтты. «Су тасқынының алдын алу мақсатында қазір облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы барлық коммуналдық мекеме, басқа да кәсіпорындар күшейтілген режимдегі жұмысқа ауысты. Екі ауысымда жұмыс атқаруда. Қазір 130-дан астам техника, сол сияқты «Орал таза қала» мекемесімен 350 адам тек қар тазарту жұмыстарына тартылған болса, оған қосымша 300-ге жуық ерікті, яғни студенттер мен әскерилер жұмылдырылуда. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен басқа да мекемелердің қызметкерлерін есептегенде, бір мыңнан аса халық қар тазарту жұмысымен айналысуда. Қардың наурыз айында көп түсуіне байланысты су тасқынының қаупі әлі де бар. Наурыз мерекесінде түскен қарға орай бүкіл су өтетін арықтарды қайта тазартып, жеке сектордағы қар шығару жұмысын екі-үш қайтара атқарудамыз. Ең бастысы, қала тұғындарынан өз аулаларынан қарды шығаруды, тазалауды сұраймыз. Екіншіден, мекемелер мен кәсіпорындар, кәсіпкерлік нысандары өз аумағындағы қарды шығарып қана қоймай, қар төгетін жерге апарып тастаулары керек», – дейді Мұрат Мұқаев.

Оның айтуынша, қаланың Жұлдыз, Сарытау шағынаудандары, 2-жұмысшы ауылы, қаланың ескі бөлігі, яғни Курени, 2-ПДП аймақтарға су басу қаупі жоғары жерлер болып отыр. Қазір олардың барлығында қар шығару жұмыстары екі ауысымда атқарылып жатыр. Бұл іске 60-қа жуық «КамАЗ», 20 қар тиегіш техника жұмылдырылған.

Қаланың әр аумағында қар тазалау жұмыстары қарқын алған. Мәселен, Неусыпов көшесі 26/2 үйінің шатырында сояудай болып тізілген мұз сүңгілері жаяу жүргіншілерге төбеден қауіп төндіріп тұр. «Евразия» КСК қызметкері Гүлнара Казыева мұзды түсіру үшін өз күштерімен техника жалдап, жұмысшы күшін табу керек екенін айтады. Қалалық әкімдік бөлген тракторды пайдаланып, осы жұмысты қолға алған. Ал Фрунзе мен Есқалиев көшелерінің қиылысында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 55 студенті өз еріктерімен  келіп, қар  аршуда.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Ауыл шаруашылығында 12 қылмыс тіркелді

Күні: , 51 рет оқылды

Таяуда  ҚР Ауыл  шаруашылығы  министрлігінің  Агроөнеркәсіптік  кешендегі  мемлекеттік  инспекция  комитетінің  БҚО  аумақтық  инспекциясында  дөңгелек  үстел  өтті.

Инспекция басшысы Лавр Хайретдинов төрағалық еткен жиында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң талаптарынан туындайтын мәселелер айтылып, сыбайлас жемқорлыққа және құқықбұзушылықтарға жол бермеу жолдары талқыланды. Бұл бағытта баяндама жасаған облыстық аумақтық инспекцияның бөлім басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Темірлан Темірәлиев тиісті жұмыстар жүйелі жүріп жатқандығын атап өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен тығыз байланысты жеке және заңды тұлғалар арасында мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің ашықтығын қамтамасыз ету және оларды сала бойынша ақпараттандыру мақсатында облыстық аумақтық инспекциясының ресми интернет-ресурстары және Facebook әлеуметтік желідегі парақшасы ашылып, салаға қатысты ақпараттар кеңінен жариялануда. Инспекцияның ресми интернет-ресурсында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық мәселелері бойынша әдеп жөніндегі уәкілдің жеке блогын ашу жоспарланып отыр», – деді Темірлан Махметжанұлы.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин жемқорлықтың салдарын және бұл індеттің алдын алу жолдарын нақты мысалдармен баяндады. Оның айтуынша, облыста өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 12 қылмыстық іс тіркелген. Оның бір дерегі пара алуға қатысты болса, қалған жағдайларда қызметін асыра пайдалану немесе қызметіне салғырт қарау  деректері  орын  алған.

Айна  ИМАШЕВА


Күдікті қамалды, тергеу жалғасуда

Күні: , 69 рет оқылды

Ағымдағы  жылдың  19  наурызында  таңғы  сағат 4-5 аралығында  Оралда  болған  әйел  адамның  өліміне  қатысты күдікті  уақытша  оқшаулау  абақтысына  жабылды.  Қазір  тергеушілер  күдікті  Ә.-нің  басқа  да  қылмыстарға  қатысы  бар-жоғын  анықтауда.

БҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Арыстановтың айтуынша, 1968 жылы туған Ж. есімді әйелдің мәйіті 19 наурызда сағат таңертеңгі 8.30-да Орал қаласындағы Алматы көшесі, 154-үйдің ауласынан табылған. Кәсіпкер әйелдің денесінде зорлау және зорлықпен өлтіру белгілері болған. Әйелдің білегіндегі түнгі клубқа келушінің білезігі және бейнебақылау камералары арқылы сол түні олардың қай жерде, кімдермен болғаны және күдікті анықталған. Марқұм әйелдің жанында екі жас жігіт болған екен. Ерлан Мұхитұлының айтуынша, күдікті қылмысты қатты мас күйінде   жасаған.

Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылары сол күні түс ауа 1990 жылы туған Ә. есімді күдіктіні орталық көшелердің бірінде ұстады. Ол өз көлігімен бой тасаламақшы болған көрінеді. Сол түні Ә.-нің жанында болған досы іс бойынша куәгер ретінде өтуде. Қазір тергеу  амалдары  жалғасып  жатыр.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ


Аналардың көңілі үшін…

Күні: , 51 рет оқылды

Жуырда  «Орал  шуағы»  және  «Арнау Батыс»  қоғамдық  бірлестіктерінің  бастамасымен  мүмкіндігі  шектеулі  балалардың  аналарына  арнап  «Ару  ана – 2018»  атты  байқау  ұйымдастырылды.

«Максим» сауда орталығында өткен байқауда қиындыққа мойымай, науқас балаларын тәрбиелеп жүрген жеті ана бақтарын сынады. Олар өздерін таныстырып, балаларымен бірге өнер көрсетті. Сондай-ақ қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Жарыс соңында барлық қатысушылар «Өнерлі ана», «Көрермен көзайымы», «Күміс көмей ана» сықылды түрлі аталымдармен марапатталды.

– Тұңғыш ұлымның көзінде туа біткен ақау бар. Көздері нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатында бірінші сыныпта оқиды. Баламыздың көңілін аулауға, мәдени шаралардан тыс қалдырмауға барынша тырысамыз. Бізге тамаша кеш сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – дейді Динара есімді ана.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған шара екінші рет өтуде.

– Былтыр Теректі ауданында ұйымдастырсақ, биыл қалалық деңгейде өтіп жатыр. Алдағы уақытта ауқымын кеңейтуді көздеп отырмыз. Түрлі дертпен күресіп, үй мен аурухананың ортасында ғана жүретін аналарға мейірім сыйлауды жөн көрудеміз, – дейді  Мәдина  Төлепова.

Байқаудан  бөлек түрлі колөнер бұйымдарын саудалаған жәрмеңке ұйымдастырылды. Одан түскен қаражат сырқат сәбилердің емдомына  жұмсалмақ.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Шыңғырлауда электронды қызмет жолға қойылған

Күні: , 32 рет оқылды

Жуырда  «Нұр Отан»  партиясы  облыстық  филиалы  жанындағы  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  жөніндегі қоғамдық  кеңестің  отырысы  өтті.

Басқосуда БҚО әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Хамидолла Құсдәулетов облыстағы әділет құрылымдарында 2015-2017 жылдар ішінде жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстағы әділет құрылымдарына жеке және заңды тұлғалардан 149 шағым түскен.

Барлық өтініш пен арыздар заңмен бекітілген мерзім ішінде қаралған. Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақтылы көрсетілуіне тұрақты түрде мониторинг  жүргізіліп  отырады.

Мәжілісте сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалында партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалу барысы туралы аудан әкімі, филиал төрағасы Альберт Есалиев баяндады.

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауданның сегіз ауылдық округінде тұрғындардың өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бұл жұмыс ең алдымен электронды қызмет санының және ауыл халқының компьютерлік сауаттылығының артуына бағытталып отыр. Дегенмен кейбір қызмет көрсету орындарында қиындықтар туындап отыр. Бұған себеп – интернет желісі жылдамдығының нашарлығы. Бұл мәселені шешу үшін тиісті құрылымдық мекемелерге ұсыныстар енгізілуде, – деді ол.

Басқосуда тұрғындар тарапынан жеке сот орындаушылардың жұмысына көп сын айтылатыны, қожалық орналасқан жер телімін өз атына, не туысына аударуда кейбір адамдардың қиындықтарға кезігіп жататыны кең талқыланды. Қазіргі ақпараттық технология дамыған кезеңде аудандық әділет басқармасы сайтының іске  қосылмауы да сынға алынды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Қыз Жібек» пен «Ер Тарғын» жырланған кеш

Күні: , 45 рет оқылды

Ұлыстың  ұлы  күні –  Наурыз  мерекесі  қарсаңында  ағайынды  Сәкен  және  Жасұлан  Жанғазиевтер  Орал  қаласындағы  Достық үйінің  сахнасында  «Қыз  Жібек»  және  «Ер  Тарғын»  эпостарын жырлады.

«Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жыр кешін жүргізу барысында аталмыш қоғамдық бірлестіктің төрағасы Аманжол Зинуллин жыр желісімен байланысты тарихи оқиғалардан қызықты мәліметтер келтіріп отырды. Ағайынды жыршылар Сәкен және Жасұлан Жанғазиевтер ұлы күйші Құрманғазының ұстазы Ұзақ Мырзабайұлының аталас ұрпақтары болып келеді екен. Сырым ауданы Жосалы ауылында дүниеге келген олар кәсіби тұрғыда өнер жолын қуған жандар емес. Сәкен Бақытжанұлы Орал қаласындағы А. Н. Островский атындағы драма театрда қоюшы-суретші қызметін атқарса, Жасұлан Бақытжанұлы Зеленов ауданына қарасты Достық ауылында сызу және бейнелеу өнері пәнінен ұстаздық етеді. Ағайынды Жанғазиевтер – бүгінде аса сирек кездесетін қабілет иелері, олар отбасындағы ұлттық тәрбие мен дәстүрлі өнерге деген ерекше іңкәрліктің арқасында ұзынсонар эпостық жырларды бастан-аяқ жаттап алған.

Бас аяғы екі жарым сағатқа созылған аталмыш жыр кешінде әрқайсысы бірнеше сағат бойы жырланатын эпостық жырларды тұтас айтып шығу мүмкін болмады. Жыршылар «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» жырларындағы басты-басты оқиғаларды домбырамен сүйемелдей отырып, сазды мақамға салып айтқанда, тыңдармандар ерекше әсерге бөленді. Көрермендер арасынан сөз алған ақсақалдар эпостық жырлар жырланған мұндай әсерлі кешке тұңғыш рет куә болғандарын айтып, ұлттық рухты көтеретін тағылымды шаралар болашақта да жалғасын таба берсін деген тілектерін білдірді.

Кеш соңында «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зинуллин жыршыларға алғысхат және қаржылай сый-сияпат табыс  етті.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика