Мұрағат: 19.03.2018


Қадірлі Жайық жұрты!

Күні: , 244 рет оқылды

Араға  жыл  салып,  қайта  оралған  әз  Наурыз  құтты  болсын!

Ықылым заманнан бері халық санасында Наурыз айы жаңарып-жаңғырудың, ын­­­тымақ пен жасампаз еңбектің қайнар көзіндей қабылданады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің басты байлығымыз – береке-бірлігі жарасқан халқымыз екендігін әрдайым айтып келеді. Мемлекет басшы­сының осы сөзіне сүттей ұйыған көпұлтты отандастарымыз жемісті еңбегімен елі­мізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан түлете түсуде. Осындай жасампаз­дық Жайық жұртына да тән. Демек, әз Наурыз – еңсесі биік елдіктің, іргесі сө­­гілмес бірліктің мерекесі.

Пейілі даласындай дархан жұртымыз қашанда күн мен түн теңелер Ұлыстың ұлы күнін ақ дастарқан жайып, ақ ниетпен қарсылап, ел-жұрттың береке-бірлігін, жарасты тірлігін тілеген. Сондай-ақ жазғытұрым уақытта үлкен-кіші бұлақ көзін ашып, тал-терек егіп, жәрдемге мұқтаж жандарға қолұшын созып, сауабы тиер шаруамен айналысқан. Мұндай ғибрат аларлық тағылымды істер ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жалғасып, Мәңгілік елдің бүгінгі тыныс-тіршілігінен де көрініс табуда.

Ақ Жайық атырабын ақ-адал еңбегімен құтты қонысқа айналдырған ба­тыс­қа­зақстандықтардың кемел келешек жолындағы бастамалары баянды, еңбектері жемісті бола бергей. Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!  Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, әлеумет!

Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі                  А. КӨЛГІНОВ


22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар

Күні: , 110 рет оқылды

1   22 наурыз –Ұлыстың ұлы  күніне арналған 2004-2006 ж.т. жасөспірімдер арасында қазақша күрестен ашық турнир   19-21 наурыз   «Орал» спорт клубы   Орал қаласының әкімдігі  
2   Ұлыстың ұлы күніне арналған «БЕРЕКЕ БАСЫ – әз НАУРЫЗ!» атты мерекелік іс-шара   20 наурыз сағ. 16.00 Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы   Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  
3   «НҰР ШАШҚАН НАУРЫЗ!»  атты Наурыз мерекесіне арналған мерекелік мәдени-көп­ші­лік шара   21 наурыз сағ. 10.00   Жастар шығармашылығы орталығы   Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  
4   22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай жергілікті тұрғындарға арналған театр­лан­­ды­рыл­ған мерекелік концерті   21 наурыз сағ.11.00 Желаев селолық округі әкімдігі ғимараты алдында   Орал қаласының әкімдігі  
5   22 наурыз – Ұлыстың ұлы  күніне арналған «НАУРЫЗ – КӨКТЕМ СӘЛЕМІ» атты театр­лан­ды­рылған мерекелік концерт; –  қала тұрғындары арасында (қазақ күресі, аударыспақ, теңге ілу, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, ләңгі тебу, арқан тартыс, табан тартыс) көпшілік жарыс 22 наурыз сағ. 10.00   жаңа алаң   Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Орал қаласының әкімдігі
6    «НАУРЫЗ  АЙЫ  ТУҒАНДА,  ТОЙ  БОЛУШЫ  ЕДІ  БҰЛ МАҢДА»   халық  серуені   22 наурыз сағ. 10.00 25-ші Чапаев дивизиясы  көшесі   Орал қаласының әкімдігі  
7   22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай «ҰЛЫСТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ НАУРЫЗ» атты театр­ландырылған мерекелік концерт   22 наурыз сағ.11.00 Зашаған кенті ауданы   Орал қаласының әкімдігі  
8   Е. Домбаевтың «МАХАББАТ СЕРЕНАДАСЫ» мұңды комедиясы   22 наурыз сағат.15.00 Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры   Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы  
9   22 наурыз – Ұлыстың ұлы  күніне арналған баскетболдан жасөспірімдер мен ерлер арасында турнир   22-26 наурыз   «Орал» спорт клубы   Орал қаласының әкімдігі  

200 мың текше метрге жуық қар шығарылды

Күні: , 90 рет оқылды

Орал қаласы Зашаған кенті Сарытау шағынауданы маңындағы қар суының ағуына арналған арна толықтай аршылып болуы жақын. Осы арнадан аққан қар суы Орал – Саратов тасжолының іргесіндегі ка­налға құйылады. Бұл жайында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Тухватов хабарлады. Ол су арнасын тазалау жұмысын көруге келген облыс әкімі Алтай Көлгіновке қазіргі уақытта қала аумағынан 200 мың текше метрге жуық қар шығарылғанын айтты. Былтыр 500 мыңнан астам текше метр қар тасылған.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың сө­зінше, 100-ден астам техника, яғни 60-қа жуық КамАЗ, 19 қар тиегіш сияқты техника түрлері күн сайын екі ауысымда қар шығарумен қарқынды айналысуда. Сондай-ақ бұл жұмыстарға «Жайық таза қала» ЖШС-ның 300-ден астам қыз­мет­кері жұмылған. Оларға күн сайын 200 студент ерікті түрде көмекке келеді. Мем­­лекеттік ме­кемелер мен кә­сіп­орын қыз­меткерлерін қоса ал­­ған­да, мыңға жуық оралдық қар аршуда жүр. Қала басшысы кәсіпкерлік нысандары мен тұр­ғын үй ауласынан шығарылған қардың техникалармен тасылып жатқанын айтты. Сая­жайлар ау­мағында тасқынның алдын алуға қатысты нұсқаулық парақтары таратылуда.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс тобына қала аумағындағы су тасқыны болуы ықтимал бар­лық учаскені аршып, бақылауға алуды, әлеуметтік нысандар мен көп қабатты үйлердің және қала ішіндегі жеке баспаналардың айналасына түскен қалың қарды тазалау керектігін айтты. Су тасқы­ны қатеріне байланысты тұр­ғын­дар қаперіне салып отыру үшін бейнеролик  түсіруді ұсын­ды. Алтай Көлгінов арықтар ар­қылы аққан су топанға ұласпауы үшін Орал – Саратов жолы бо­йындағы су арнасындағы қарды техникалармен ысыруды тапсырды.

Облыс әкімі бастаған жұмыс то­бы Зашаған кенті аумағындағы жаңа жылыжай құрылысы ма- ­­ңын­да қазылып жатқан арықты көрді. Ұзындығы бір шақырымға жуық­тай­тын жаңа арықты қазу­ға құры­лыс компаниясының өзі мүдделі болып, техника шығарған.

Зашаған кентінің әкімі Әділбек Қадыров кент аумағында ұзын­ды­ғы 20 шақырымнан асатын арық жүйесін тазартуға жастар белсене үлес қосып жатқанын айтты. Үй ауласынан қар шығаруға өтініш біл­­діріп жатқан тұрғындар бар. Қа­рия­лар­ға, мүмкіндігі шектеулі жан­дар­ға, жалғызбасты адам­дар­ға ерік­ті­лер көмектесуде. Әкім­нің ай­туын­ша, Балауса шағын­ау­данындағы көше бойын­дағы жол астына су өт­кіз­гіш құбырлар орнатылуда. Қа­зір­ Зашаған­нан шыға­рыл­ған қардың көлемі 20 мың текше метрден асқан.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Өнерлі қыздар мен өнегелі жеңгелер

Күні: , 93 рет оқылды

Орал  қаласындағы  Оқушылар  мен  жастар  сарайында  облыстық  «Өнерлі қыз,  өнегелі  жеңге»  сайысы  өтті.  Дәстүрлі  байқауға  Орал  қаласы  мен  аудандардан  іріктеліп  келген  9-11-сыныпта  оқитын  қыздар  мен  олардың  жеңгелері  қатысты.

Халықтың мәдени мұрасын, салт-дәстүрін, өнегесін насихаттап,  отбасы мәртебесін нығайтуды мақсат еткен сайыс төрт бөлімнен тұрды.  «Өнерлінің қолы алтын»  кезеңінде  үміткерлер  өздері  жасап әкелген  қолөнер бұйымдарын көрмеге қойды. «Бірлігіміз жарасқан» атты екінші бөлімде жеңгелер мен қайын сіңлілер  бейнеролик арқылы отбасын таныстырды.

Жанұядағы қайын сіңлі мен жеңгенің арасындағы татулық, бірлік, отбасылық құндылықтар көрініс тапқан қойылымдар көрсетілді. Дастарқан әдебі, ибалылық жөнінде тағылымды ойлар айтылды. Ал «Өнегелі жеңге» бөлімінде жеңгелер  ситуациялық сұрақтарға жауап берсе, «Өнерліге өріс кең» кезеңінде үміткерлер өнерлерін  ортаға  салды.

– Біріншіден, баршаңызды қазақтың жаңа жылымен құттықтаймын. Қазақ ежелден  жылдың  басын  көрісуден бастаған. Балаларыма, немерелеріме қазақ халқы туған күнін тойламағанын жиі айтамын. Өйткені олар көрісу мейрамында ғана «жасыңа бір жас қосылуымен» деп бір-бірін құттықтаған. Сондықтан бүгін түркі жұртының туған күні. Осы орайда ұйымдастырылып отырған бұл сайыстың орны ерекше. Бала тәрбиені, ең алдымен, отбасынан алады. Салт-дәстүрді, иба, әдепті бойына жиған келін ғана ұрпағына ұлттық тәрбиені бере алатыны белгілі. Бірінен-бірі өткен өнерлі де өнегелі, ақылды жеңгелер мен қайын  сіңлілердің ішінен үздігін  анықтау бізге қиынға соқты. Үміткерлер  болашақта ескере жүрсін деп  бір-екі ескертпе айтқым келеді. Қазақта  жасөспірім қыздар мен ақ босаға аттаған келіндердің киетін  қиімдері бөлек болған. Жеңгелер  бастарына орамал не желбегей таққан, ал қыздар тақия,  үстеріне қысқа кеудеше киген. Осыны ескерсеңіздер екен деймін. Сонымен қоса үстеріңіздегі  ұлттық нақышпен тігілген концерттік көйлектерді күнделікті киюге болатындай етіп  тіксеңіздер жақсы болар еді. Өйткені біз ұлттық нақыштағы киімдерді мейрамдарда, салтанатты шараларда ғана киеміз, – деді  қазылар алқасының мүшесі,  ҚР мәдениет қайраткері, өлкетанушы  Сара  Танабаева.

Қазылар алқасының шешімі бойынша көрермендерді өнерімен, ақылдылығымен тәнті еткен ақжайықтық Айсұлу Қабашева мен жеңгесі Зухра Құсайынова (суретте) бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші орын бөрлілік Меруерт  Дүйсенбі мен жеңгесі Гүлшат Төлеубаеваға және жаңақалалық Құралай Сәрсенова мен жеңгесі  Әсел Мырзақұловаға бұйырды.

Ал үшінші орынды  бөкейордалық  Ділназ Жасқайратова мен жеңгесі Динара Еділбаева және оралдық Сәния Ниетжан мен жеңгесі

Айымгүл  Таскенова бөлісті.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


Әлеуметтік сараптаманың маңызы зор

Күні: , 94 рет оқылды

Өткен  сенбіде  Достық  үйінде  кеңейтілген  отырыс  өтті.  Оған ҚР  Президенті  жанындағы  мемлекеттік  қызмет  академиясы   этносаралық  және конфессияаралық  қатынастар  орталығының  басшысы  Айгүл  Сәдуақасова,  облыс  әкімінің  орынбасары  Игорь  Стексов  және  облыстық  ассамблеяның  құрылымдық  бөлімшелерінің  жетекшілері,  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері  қатысты.  Басқосуда  ұлтаралық  жағдайға  мониторинг  жасау  мәселесі  сөз  болды.

Жиында А. Сәдуақасова әлеуметтік сараптаманың қоғамдық келісім саласында маңызы өте зор екенін айтып, бір сауалнамада респонденттердің «Кімнің қай ұлтқа жататынын не анықтайды?» деген сұраққа халықтың 49,8 пайызы «әкесінің ұлты» деп жауап қайтарғанын жеткізді.

Отырыста баяндама жасаған М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың проректоры, БҚО ХҚА жанындағы ғылыми сараптама тобы басшысының орынбасары Олег Юровтың айтуынша, әлеуметтік сараптама жұмысы өңірде ұдайы жүргізіліп, халықтың жағдайы қоғамдық сауалнама бойынша анықталып, соған орай, тиісінше қорытындылар жасалады. Сараптама барысында Ақ Жайық өңірі тұрғындарының ұлттық құрамы, әлеуметтік сипаты, ұлтаралық қатынастар мен мемлекеттік құрылымдарға, қоғамдық ұйымдарға көзқарасы және басқасы есепке алынған. Мәселен, халықтың көші-қон бойынша елден басқа жерге қоныс аударушылардың басым көпшілігі оның себебін жұ-мыссыздық және өзге мемлекеттегі ағайын-тумасымен қауышумен байланыстырады екен. Сауалнамаға қатысқандардың дені облыстағы ұлтаралық қарым-қатынастарға қалыпты деген баға берген. Мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын сұрау салынғандардың тоқсан пайызы оң бағалаған. Ассамблея жанындағы қоғамдық кеңес және аналар кеңесі әзірге жоғары бағаға ие болмай отыр. Оны  О. Юров бұл құрылымдардың енді ғана танылуымен түсіндіреді. Сұрау салынғандардың 84 пайызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына оң баға берсе, 90 пайызы қазақ әліпбиін латын жазуына көшіруді қолдайды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Еділ-Жайық қазақтары» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық мәдени орталығының төрағасы Данильбек Саратов, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, ғылым  докторы Владимир Салов ой-пікірлерін  білдірді.

– Ақпараттық-сараптамалық талдау қашанда маңызды. Сараптамалық жұмыс талап деңгейіне сай. Тек ұсынарым – қазір сұраумен қамтылған 18 жастан жоғары 7200 адам меніңше аздық етеді. Келешекте бұдан да көп адам, соның ішінде сан алуан әлеуметтік топтардың өкілдері кеңінен қамтылғаны жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

Жиын соңында облыстық ассамблеяның 2018 жылға арналған жұмыс жоспары және құрылымдық бөлімшелердің құрамы бекітілді.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Алтыншы бекет» көрерменге жол тартты

Күні: , 105 рет оқылды

Жақында «Орал» сауда кешенінің кинозалында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

«ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің  тапсырысы бойынша қазақстандық «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп түсірген фильмнің жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятуда алар  орны зор» дейді  мамандар.

«Алтыншы бекет» фильмі болған оқиғаның желісімен түсірілген. Бұл кинотуындыға Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы түзеу мекемесінің қарауыл қызметінде тұрған кезіндегі жанқиярлық ерлігі негіз болған. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл бола білген. Осы жанқиярлық ерлігі үшін Ербол Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Бүгінде Ербол – Ұлттық  ұланның  сардары (офицері).

Түрменің қатал өмірі, адалдық пен сатқындық, батырлық пен қорқақтық  қоса өрілген аталмыш фильм шынайылығымен құнды. Әсіресе, экстремистік топтың қауіптілігі, жанашырлық сыңай танытып, «бауырым» деп бауырына тартқанымен,  жеме-жемге келгенде құздан лақтырып жіберіп, қарап тұратын, сатқындығы нанымды суреттелген. Кинода бас кейіпкер Ерболдың ескі досы Дәурен де тұтқындардың қатарында болады. Бір кездері бір мектепте оқып, бір қызға ғашық болған екі жігіттің екі түрлі тағдыры да көрерменін сан түрлі ойға жетелейді. Кинода бүгінгі күннің батыры атанған бекет жауынгері Ербол Отарбаевтың рөлін Санұржан Сүлейменов сомдаған.

Фильмнің тұсаукесеріне билік тізгінін ұстаған жауапты қызметтегі азаматтар, қоғам қайраткерлері, ішкі істер құрылымдары  мен Ұлттық ұлан ардагерлері, шоу-бизнес өкілдері, сондай-ақ подполковник Ринат Жұмалиев пен майор Салауат Қабдықұлов сықылды бейбіт күннің батырлары  қатысты.

Батыс өңірлік әскерлерінің басқарма бастығы, подполковник Мамай Құрмантаевтың айтуынша, тәуелсіздік жылдары ерлігі үшін 150-ден астам әскери қызметкер мемлекеттік марапатқа ие болған.

Соның 40-тан астамы ордендермен марапатталған. Ал Ұлттық ұланның әскери қызметкері, полковник Қайрат Үмбетов Халық қаһарманы атанды. 2016 жылғы 5 маусым күні лаңкестердің Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімге шабуыл жасағаны белгілі. Міне, сол кезде өмірін қиған Берікжан Қалиев пен Досбол Сапар ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, ауыр жараланған Сырым Сүндетов пен Денис Чернышов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Фильмнің тұсаукесер көрсетіліміне арнайы келген кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы Гүлжан Еренова мен зайыбы Нұрсұлу Досқалиева, сондай-ақ өрттен адамды құтқарған майор Салауат Қабдықұлов, қарулы қылмыскерлерді ұстаған қатардағы жауынгер Қуаныш Сайлауовқа құрмет көрсетілді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Қуаныш САЙЛАУОВ,

№5517 әскери бөлімнің қызметкері:

– Бұл фильмнің жастарға берер тәлім-тәрбиесі мол деп есептеймін. Кино өте шынайы, болған оқиғаның желісімен түсірілгендіктен,  көрерменге жақсы әсер қалдырады. Тек осы киномен шектеліп қалмай, патриоттық бағыттағы фильмдер әлде де түсірілсе екен деген ұсынысым бар. Отанын, елін сүю, сол жолда басын бәйгеге тіккен жандар туралы түсірілген кино жас ұрпаққа үлгі-өнеге берері сөзсіз.

Азамат  ТӨЛЕПОВ,

облыстық дін істері басқармасының діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы:

– Экстремизм, терроризмге қарсы көптеген кинолар түсірілді. «Алтыншы бекет» сол кинолардың ішіндегі шоқтығы биік  туынды. Фильмде актерлар өте жақсы таңдалған. Басына қиындық түскен адамның экстремистік топтың шырмауына қалай түсетіндігі нанымды суреттелген. Сондай-ақ ислам дініндегі салафиттік «Уаххабизм» ағымын ұстанғандардың тек  қара басын ойлайтындықтары, олардың адал дос бола алмайтындығы, қиын шақта тек өзін ғана ойлап, жанындағы адамды сатып жіберетін тұстары өте әсерлі. Сондықтан бұл фильмді жастар арасында көбірек насихаттау керек деп ойлаймын.

Жаһангер НАДЫРХАНОВ,

№5517 әскери бөлімнің  жауынгері:

– «Алтыншы бекет» фильмі  маған өмірде орын алған нақты фактілерге негізделгенімен  ұнады. Сын сағатта батыл шешім қабылдап, 21 қашқынға жалғыз өзі тосқауыл бола білген Ерболдың ерлігі бәрімізге үлгі. Біз кинодағы басты кейіпкерді мақтан тұтамыз.  Біздің мақсатымыз – Отанға адал қызмет ету. Сондықтан елін сүйген әр азамат осындай ерлікке барады деген сенімдемін.


Ұлтымыздың ұлы ұстазын ресейлік ғалымдар зерттеуде

Күні: , 88 рет оқылды

Таяуда  М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-да  орынборлық  ғалым Татьяна  Тугайдың  «Ахмет  Байтұрсыновтың  орынборлық  жолы» атты  кітабының  таныстырылымы  өтті.

Шарада сөз алған Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Татьяна Тугай сол өңірдегі орыс зиялы қауымының өткен ғасырдың басындағы еңбегі мен шығармашылық ізденісін зерттеу барысында қазақтың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсыновтың есімін құжаттардан жиі ұшырастырғанын айтты. Нәтижесінде оның жан дүниесінде атақты ағартушының өмірі мен қызметіне қызығушылық оянған. Оған А. Байтұрсыновтың Орынбордың орыс-қазақ мектебінде оқығандығы, осы қалада «Қазақ» газетін шығаруға қатысқандығы, Қазақстанның алғашқы астанасы – Орынбордағы қазақтың тұңғыш үкіметінің құрамында жұмыс істеп, ұлты үшін ұлан-ғайыр іс тындырғаны ұнаған.

Т. Тугайдың айтуынша, 1920-1925 жылдары еліміздің астанасы болған Орынбор сол кезден бастап күні бүгінге дейін Қазақстан мен Ресейдің, көрші екі ұлттың арасындағы рухани алтын көпір іспеттес. Сонымен қатар ол қазақтың тағы бір тамаша ұлы Міржақып Дулатовтың сол қаладағы еңбегі және Ахмет Байтұрсынов екеуінің достығы мен ынтымағы жайына да тоқтала кетті. Тек қазақ пен орыс емес, татар ұлтының зиялыларына да құтты мекен болған Орынбордың тәлімді шежіресінен мысалдар келтірді. Татьяна Тугай кітапты шығаруға демеуші Орынбор қаласындағы «Бәйтерек» қорының президенті, кәсіпкер Жаңабай Балабаевқа шын жүректен алғыс айтты. Содан соң БҚМУ-дың ғалымдары, педагогика ғылымдарының докторы, академик Абат Қыдыршаев, проректор Түймеш Дәрішева, БҚИТУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева, БҚМУ-дың жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры Әсет Тасмағамбетов, магистр Ернұр Аяпберген, 1-курс студенті Мирамгүл Оразбай аталмыш еңбекке байланысты ойларын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Шарада сөз алған «Бәйтерек» қоры басқармасының төрайымы Сәуле Тәнкішева өткен жылы шыққан осы ғылыми еңбектің әзірге орыс тілінде 1000 данасы жарық көргенін, оның енді 1000 данасы қазақ тілінде басылатынын хабарлады. Сәуле Совхозқызы аталмыш кітабының өткен жылы 27 қарашада Астанада, 17 желтоқсанда Орынборда таныстырылымы өткенін тілге тиек етіп, сонау алыстағы Польша елінен де оған ыстық ықылас барын қанағаттанғандық сезіммен айтты. Шараның соңында Татьяна Тугай мен Түймеш Дәрішевалар салтанатты түрде кітаптың тұсау кесу рәсімін жасады.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Қызылжардан жүлдемен қайтты

Күні: , 101 рет оқылды

Петропавл қаласында  Сегіз сері (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақовтың  200  жылдығына  арналған «Сал-серілердің  серкесі» атты  республикалық  ақындар  айтысы  мәреге  жетті.

Айтыс өнерін дамыту, ақындардың шеберлігін шыңдай түсу мақсатында ұйымдастырылған айтулы додаға барлығы 16 ақын қатысып, бақ сынады.

Оралдық ақын-ұстаз, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры Жансая Мусина өзіне тән сөз тап-қырлығын бұл жолы да көрсете білді. Сайыс қорытындысында ол солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпарханмен бірге екінші жүлдені (500 мың теңгеден) жеңіп алды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (Renault Duster автомобилі) белгілі айтыскер ақын, алматылық Ринат Зайытовқа бұйырды. Қарағандылық Мақсат Ақанов бірінші жүлдені (1 млн. теңге) қанжығасына байласа, семейлік Әсем Ереже, алматылық Қазірет Бердіхан, Болатбек Оразбаев (Алматы облысы) үшінші орынға (300 мың теңгеден) ие болды.

– «Айтыс жоғары деңгейде өтті.

Мен солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпарханмен сахнаға шықтым. Ең бастысы, ақындар өнеріне көрермендер қошеметі ерекше болды», – деді Қызылжардан жүлдемен қайтқан Жансая Мусина.

Арман  БОЛАТҰЛЫ


Атмосфералық ауаға кешенді тексеріс жүргізіледі

Күні: , 98 рет оқылды

Ақпан  айының  соңында  Бөрлі  ауданындағы  Бөрлі  ауылының тұрғындары  аудан  әкіміне  ауадағы  белгісіз  иістің  салдарынан  тыныстары  тарылып,  денсаулықтары  нашарлайтыны  туралы шағым  түсірген.  Жазылған  жайтқа  орай  БҚО  қоғамдық  денсаулық сақтау  департаментінің   мамандары  23, 27  ақпанда және 15 наурыз  күні  аталған  ауылға  барып,  атмосфералық ауаға жан-жақты  тексеріс  жүргізген.  Кеше  аталған  департамент басшысы  Жайдар  Құрманов  Бөрлі  ауылында  болып,  өткізілген тексерістің  қорытындысын  мәлімдеді.

– Бөрлі ауылы тұрғындарынан шағым түскен күннен бастап біздің тарапымыздан атмосфералық ауаға 105 мәрте тексеру-өлшеу жұмыстары жүргізілді. Бөрлі, Қанай, Бумакөл және Облавка ауылдарында жүргізілген тексерістерде ауаның ластануына байланысты нормативтік сәйкессіздік немесе күкірт сутек, азот және көмірсутектің қос тотықтарының белгіленген мөлшерден артуы байқалған жоқ. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан әкімдігімен бірлескен түрде осы аймақта қажетті зертханалық тексеріс жүргізетін болады. Тексеріс барысында желдің бағыты ескеріліп, жел Ресей Федерациясы бағытынан болған кезде де тиісті зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Сол тексерістің қорытындысымен белгілі бір шешімге келеміз деп ойлаймын.

Бұл ауылдағы ауаның ластануына Қарашығанақ мұнай өңдеу кенішінің ешқандай қатысы жоқ. Себебі, бұл ауыл мұнай кеніші аумағынан 70 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Ал мұнай өңдеу кешені маңындағы Ақсай қаласы, Дмитрово, Жарсуат, Приуралье елді мекендеріндегі тұрғындардан мұндай шағым түспеген. «Қазгидромет» қызметінің ақпаратына сәйкес аудан орталығы Ақсай қаласындағы ауаның ластануын бақылайтын арнайы стационарлық зертханада да ауытқулар анықталған жоқ. Белгіленген нормативке сәйкес күкірт сутектің ауадағы мөлшері 0,008 мг/м кубтан аспауы тиіс.

Ал жүргізілген тексеріс бұл көрсеткіштің Бөрлі ауылындағы мөлшері 0,001-0,002 мг/м куб шамасында екендігін дәлелдеді. Яғни, шектеулі рұқсат етілген шамадан 4-8 есе кем болып шықты. Орын алған жайттың түбегейлі шешімі 15 күндік зерттеулерден кейін нақты болады. Әзірге қобалжитындай ешнәрсе жоқ, – дейді Жайдар  Құрманов.

БҚО «Казгидромет» РМК филиалының директоры Нұржан Шиаптың мәліметінше, жағдайдың анық-қанығына толық көз жеткізу үшін облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының және облыстық  экология департаментінің мамандарымен бірге Бөрлі, Облавка, Қанай және Бумакөл ауылдарында, сонымен қатар РФ шекарасында 15 тәулік бойы күндізгі және түнгі уақыттарда кешенді тексерулер жүргізетін  болады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Ұлы даладан ескен самал»

Күні: , 87 рет оқылды

Таяуда  Орал  қаласындағы  көрме  залында   танымал  кәсіпқой  фотограф  Рафхат  Халеловтың  «Ұлы даладан  ескен  самал»  атты фотокөрмесі  ашылды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен жасақталған жылжымалы көрменің ашылуына келушілердің қарасы қалың болды. Рафхат Халелов алғаш рет «Жаңа ғасырға алтын көпір» атты жеке фото көрмесін 2000 жылы ұйымдастырған болатын. Содан бері еліміздің өзге өңірлері мен Ресейдің Қазан, Орынбор қалаларында жеке көрмесін өткізіп үлгерді. Бұған дейін де көрме иесі фотосуретшілер арасындағы облыстық, республикалық байқауларда I және II екінші дәрежелі дипломдарға ие болған-ды. Осы орайда Рафхат әріптесіміздің 40-қа жуық кітапқа фотосуреттері енгенін  айта  кеткен  жөн.

 – Көрмеге 70-ке тарта туынды қойылды. Негізінен көрме қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған. Көршілес Ресейдегі әріптестермен қарым-қатынасымыз жақсы. Жақында фото көрме ұйымдастыру жөнінде Қазан қаласынан шақырту алдым, – дейді  Р. Халелов.

Өңірімізге танымал адамдардың жарқын бейнесі және табиғат көріністерімен бірге түрлі бағыттағы фотосуреттер қалалық көрме залынан орын алыпты. Келіп тамашалаймын деушілерге көрменің есігі наурыз айының соңына  дейін  айқара  ашық.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ   


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика