Мұрағат: 16.03.2018


ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕРДІҢ «ҚАЗАҚСТАН – 2050» БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Күні: , 1 355 рет оқылды

ҚҰРМЕТТІ  БАТЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

Мемлекет басшысы ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» – бұл қазақстандықтардың ұлттық және әлеуметтік бірлігінің мықты шоғырландырылған платформасы.

Мемлекет басшысы әлеуметтік мемлекет құндылықтары мен әлеуметтік әділеттіліктің қағидалары біздің мемлекетіміздің өзгеріссіз стратегиялық басымдығы  болып  табылатынын  атап  өтті.

Елбасы барлық қазақстандықтарға жақын және түсінікті нақты іс-қимылдар бағдарламасын  айқындады.

Президенттің бес бастамасын іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай дами  түсуіне  жол  ашады.

Қолжетімді тұрғын үймен, сапалы және қолжетімді біліммен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау және жұмыспен қамту, халық табысының өсуі – бұл әлеуметтік саясатты тиімді жаңғырту үшін уақытылы  қабылданған  шаралар.

«Президенттің бес әлеуметтік жобасы» әлеуметтік әл-ауқаттылық пен халық бірлігі тәуелсіз Қазақстан дамуының басты басымдығы екенін тағы да дәлелдеді.

Бұл бастамалар ұлттық мүдделер мен қазақстандықтардың әл-ауқаты Елбасымыздың мемлекеттік бағытының негізі екендігін  де  дәлелдейді.

Ең қиын экономикалық жағдайлардың өзінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері ұлттық күн тәртібінде өзекті басымдықтар  болып  қалуда.

Біз Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік бастамалары барлық азаматтардың өмір сапасын жақсартуды қамтамасыз етіп, әлеуметтік мемлекет пен ұлттық әлауқаттың прагматикалық қазақстандық үлгісінің негізін қалыптастыратынына  нық  сенімдіміз.

Жаңа міндеттер мемлекеттік органдар мен жалпы азаматтық қоғамдастықтың үйлесімді,  тиімді  жұмысын  талап  етеді.

Біздің коалициямыздың барлық мүшелерін, азаматтық қоғамның барлық өкілдерін осы жұмысқа белсенді қатысуға  шақырамыз.

Халықтың қатысуы және халықтық бақылау – Елбасымыздың әлеуметтік бастамаларының тиімді іске асырылуының кепілі.

«Нұр Отан»  партиясы  Батыс Қазақстан  облыстық  филиалы, «Қазақстанның «Ақ  Жол» демократиялық  партиясы»  БҚО филиалы,  «Қазақстан  Коммунистік Халық  партиясы» облыстық  комитеті,  «Ауыл»  халықтық-демократиялық  патриоттық партиясының  БҚО  филиалы, БҚО  қоғамдық  кеңесі,  Облыстық кәсіподақтар  орталығы,  БҚО мүгедектері  ерікті  қоғамы, «Ардагерлер  ұйымы»  РҚБ  облыстық филиалы,  Ауған  соғысының мүгедектер  және  ардагерлерінің облыстық  қоғамы,  «Ажар»  ҚБ, «Үміт» – Жайық  өңірі  әйелдерінің одағы,  БҚО  Кәсіпкерлер палатасы,  «БҚО  Азаматтық  альянс қауымдастығы»  ЗТБ

2018  жылғы  14 наурыз

Орал  қаласы


Қауіпті сейілту үшін күштің бәрін жұмылдыру керек

Күні: , 80 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов Тасқала  ауданында болып,  көктемгі  су  тасқынының  алдын  алуға  арналған  дайындық  жұмыстарының   жай-жапсарымен  танысты.

Облыс басшысы алдымен ауданды екіге бөліп ағып жатқан Деркөл өзеніне қатысты жағдайға зер салды. Панфилов көшесіндегі көпір бойы мен өзендегі қауіпті деген жерлерді аралап, бұрылыстардағы кедергілерді жою бағытындағы  жұмыстармен   танысты.

Аудан әкімі Санжар Әлиев 10 наурыздан бастап су тасқынының алдын алу үшін сенбіліктер мен ауқымды жұмыстар басталып кеткендігін, ең қауіпті деген тұстардағы жағдайды да баяндап  өтті.

– Қазіргі таңда жергілікті полиция мен ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері тұрғындарға арнайы буклеттер таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ауыл ақсақалдары 8-9 наурыз күндері түскен қарға қарап, салыстырмалы түрде мұндай қар 1986 жылдан бері болып тұрғаны деген болжам айтуда. Сондықтан барлық тұрғындар төтенше жағдайлардың алдын алу үшін күн сайын бір кісідей ауыл ішіндегі арықтарды тазалауға көмек беруде. Оған 200-ден астам адам қатысуда. Ең қауіпті деген бес арнаның төртеуі толықтай аршылды. Енді бір шағын арна қалды, оны бүгін, ертең бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ал суға кетеді деген ең қауіпті Ахметқалиев, Чурилин көшелерінің бір беті мен Первомайск, Шевченко көшелеріндегі қар түгелдей шығарылды. Енді Жеңіс көшесін бастап жатырмыз. Сонымен қоса, қауіп төніп тұрған Атамекен, Аманкелді және І Шежін ауылдарында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мұнда үш К700 тракторы жұмыс істеуде. Олар жиналған қарды аршып, су жүретін жолдарды тазартуда. Жалпы аудан бойынша соңғы төрт күннің ішінде 6 мың текше метр қар шығарылды, – деген  Санжар Жұматайұлына облыс әкімі әлі де көп жұмыстану қажеттігін айта келіп, қарқынды одан әрі күшейте отырып, күні-түні жұмыс жасауды  тапсырды.

– Тасқала ауданында су басу қаупі бар. Себебі жердегі тоң өткен жылға қарағанда екі есе көп. Былтыр ол 50-60 см болатын болса, биыл 54-130 см-ге жетіп отыр. Тасқынның  алдын алу үшін барлық күш осы жерге жұмылдырылуда. Себебі ең көп қар жауған ауданның бірі – Тасқала ауданы. Негізінен, Тасқала, Зеленов, Теректі, Ақжайық аудандарымен қоса, Орал қаласының өзінде қазіргі таңда қар тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Деркөл өзенінде қар еріп, мұз сетінеген уақытта сең кептелісі орын алмауы үшін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері арнайы құралдармен мұз кесіп шығаруда. Жалпы, қалада бұл жұмыстарды толықтай аяқтап, қазір аудандарға шықтық. Биыл қаңтар, ақпан айларында қар деңгейі өте төмен болды. Алайда ақпан айының соңы және наурыз айының алғашқы күндерінде қалыпты мөлшерден артық жауған қардың салдарынан тасқын қаупі бар. Сондықтан қол қусырып қарап отырмай, көшелерде қар шығару жұмысын жүргізіп, қауіпті деген аймақтардағы арықтар мен су жүретін тұрбалар тазалануда. Оған аудандағы барлық мекемелердің қызметкерлері өз еріктерімен атсалысып жатыр. Бұл – құптарлық іс.

Дегенмен халыққа әлі де өз үйлерінің айналасын тазалап, жиналған қарды шығару керектігін түсіндіру керек. Қар шығару жұмыстарына барлық техника жұмылдырылды. Коммуналдық мекемелердің өз техникалары жұмыс істеуде, бірақ ол жеткіліксіз. Сондықтан жол жөндеу және құрылыс мекемелерінің техникаларын көмекке шақырып отырмыз. Ал шалғай елді мекендерге сол жердегі шаруа қожалықтары көмектесуде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барлығымыз бірлесіп Наурыз мейрамына дейін қалың қардан арылсақ, қауіп сейіледі. Алдағы уақытта қар да, жаңбыр да жауады деген болжам бар. Сондықтан қарды барынша тазалап шығаруымыз қажет. Бұл жұмыстардың барлығы жіті бақылауда, – деді Алтай Сейдірұлы БАҚ өкілдеріне  берген  сұхбатында.

Назгүл  ЖӘРДЕМОВА,

Тасқала  ауданы


«Жасырын сатып алушы» заңсыз делдалды анықтады

Күні: , 84 рет оқылды

Кеше Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың қатысуымен өңір кәсіпкерлерінің құқығын қорғауға арналған  «Қуатты бизнес – қуатты Қазақстан» атты форум өтті.

Кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту және ел экономикасына зиян келтіретін сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, оған қарсы іс-қимыл заңнамасын сақтау және бизнес саласында құқықтық қабілеттілікті жетілдіруді мақсат еткен форумға облыс кәсіпкерлері, мемлекеттік құрылым басшылары мен үкіметтік емес ұйым  өкілдері  қатысты.

Форум жұмысын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов ашып, кәсіпкерлікті жүргізу барысында кездесетін әкімшілік кедергілерді қысқартуға бағытталған жұмысты жалғастыру  қажеттігін  атап  өтті.

Кәсіпкерлер бас қосқан дөңгелек үстел барысында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов өңірдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында атқарылған  жұмыстарға  тоқталды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында және келелі жиындарда сөйлеген сөзінде елімізде кәсіпкерлік саласын дамыта түсу қажеттігін айтады. Күні кешегі Елбасының «Перзиденттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде де шағын несие беруді көбейтуді, оған ағымдағы жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің сомасын 62 миллиардқа жеткізуді тапсырған болатын. Бұл бағытта облыс бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынуда. Бүгінгі таңда 37 мыңнан астам өңір тұрғыны шағын және орта бизнеспен айналысатын болса, оларда 110 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Жыл сайын өндірілетін жалпы өнімнің 42 пайызы сол шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі. Облысымызда бизнес саласын дамыту мақсатында барлық жағдай жасалып, бірқатар жеңілдіктер қарастырылып, бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Мысал үшін 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасына 1,6 миллиард теңге бөлінген болса, былтыр ол сома 200 миллионға артқан. Ал ағымдағы жылы бұл бағытқа қосымша 1,3 миллиард теңге қарастыру жоспарлануда. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыруға өткен жылы 2,6 миллиард бөлінген болса, биыл бұл бағдарламаға 4,3 миллиард теңге қаражат қаралды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында да бірқатар жобалар іске асты. Елбасының цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткен жыл соңында облыс орталығында «Smart Uralsk» қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл жердегі басты мақсат – мемлекет тарапынан тұрғындарға көрсетілетін барлық қызметтің сапасын арттыру, кәсіпкерлік саласында әкімшілік кедергілерді жою болатын. Мұнда келушілерге «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Яғни осында халыққа және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда өңірімізде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру кеңесі жұмыс жасайды. Облыс әкімі де шағын және орта бизнес өкілдерін қабылдауды жүйелі түрде іске асыруда. Осы уақытқа дейін сондай 11 кездесу өткізіліп, 67 кәсіпкер қабылдауда болды. Бұл айтылған істің барлығы кәсіпкерлерге жасалған қолдау екені анық, – деді Игорь Стексов.

Сонымен қатар шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаевтың «Кәсіпкерлікті сыбайлас жемқорлықтан қорғау мәлелелері» тақырыбындағы баяндамасы  тыңдалды.

– Тек өткен жылдың өзінде Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметімен «Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық» бойынша 31 дерек анықталды. Кәсіпкерлерге күнделікті жұмыстарына жасанды кедергілер тұғызған тоғыз лауазымды тұлға және мемлекеттік құрылым қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 2017 жылы Мемлекеттік қызмет істері департаменті мен сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі арасындағы бірлескен жоспар шеңберінде «Жасырын сатып алушы» әдісімен шаралар жүргізілді. Олардың нәтижесінде БҚО ІІД-ның тіркеу-емтихан қабылдау бөлімі мен әкімшілік полиция қызметінде мемлекеттік қызмет көрсету үрдісінде заңсыз құжаттарды жинау мен толтыруды тездетуде көмек көрсеткен тұлғалардың болуы, яғни «делдалдардың» бары анықталды, – деді  Рустам  Сапарбекұлы.

Сондай-ақ форумда БҚО кәсіпкерлік палатасының жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Хайдар Қапанов «Кәсіпкерлердің жүйелі мәселелері», ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агеттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысының орынбасары Аманқос Жұбаныш «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы туралы  баяндама  жасады.

Шара соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті мен  ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы арасында өзара ынты-мақтастық туралы жол картасын жүзеге асыруға арналған ісшаралар  жоспарына  қол  қойылды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Қазына қаржысы 20 млрд. теңгеге толықты

Күні: , 72 рет оқылды

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті XVI сессиясы өтті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысқан сессияның күн тәртібінде 15 мәселе қаралып, шешім қабылданды. Олардың қатарында «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу, «Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, облыстағы жергілікті полиция қызметінің қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі 2017 жылдың қорытындысы бойынша есебі туралы және өзге де бірқатар мәселелер болды.

Облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер мен толықтыру енгізу жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев  баяндама  жасады.

Өзгеріс енгізу нәтижесінде 2018 жылғы облыстық бюджет 20,2 млрд. теңгеге арттырылған. Атап айтқанда, әлеуметтік сала шығындарына 5 млрд. теңге бағытталған. Соның ішінде облыс мектептеріне оқулықтар мен компьютерлер сатып алуға 2,4 млрд. теңге, шағын мектептерді Bilimbook компьютер-трансформер контентімен қамтамасыз етуге 285,4 млн. теңге, Орал қаласының Зашаған және Деркөл кенттеріндегі қос мектептің құрылысын қаржыландыруға 225,4 млн. теңге, №19 ОЖББМ ғимаратын күрделі жөндеуге 200,4 млн. теңге, ақпараттық-электрондық архивтің автоматтандырылған жүйесін енгізуге 106,7 млн. теңге, дәрілік заттарға 32,7 млн. теңге, еліміздің спорттық командаларының құрамына кіретін спортшыларға ай сайынғы жабдықталым төлемдеріне 69 млн. теңге, мүгедектерді әлеуметтік қолдау және Инватакси бағдарламасын қаржыландыруға 257,9 млн. теңге қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы, ветеринария және қоршаған ортаны қорғау шығындарына 388,6 млн. теңге бағытталып отыр. Соның ішінде эпизотияға қарсы және табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізуге, сондай-ақ Теректі ауданындағы Орал – Шалқар каналының қал-қымалы сорғы стансасына су бөгетін салуға 57,4 млн. теңге бөлінген.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына бөлінген 437,6 млн. теңге есебінен Орал қаласындағы 29 аула аумағын абаттандыру жұмыстарын бастау және Зашаған кентін үздіксіз электрмен қамтамасыз ету үшін трансформатор сатып алу көзделген. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға 9,3 млрд. теңге жолданған. Мұның ішінде жалға берілетін және коммуналдық тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қажетті шығындар қарастырылған. Су және газбен жабдықтау жұмыстарына 315,3 млн. теңге, жолдар және көлік саласына 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. Бөрлі – Ақсай – Жымпиты автомобиль жолын қайта құруды қаржыландыруға 180,6 млн. теңге, ауылішілік және қалаішілік жолдарды орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға, Ақжайық ауданы және Орал қаласы қалаішілік автомобиль жолын күрделі жөндеуге 790 млн. теңге бөлінген. Аталған өзгерістерді ескергенде, облыстық бюджет, кірістер мен шығыстар бойынша 126,1 млрд. теңгені құрайды.

– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындау мақсатында, сондайақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жуырда ғана жарияланған бес әлеуметтік маңызды ұсыныстарын ескере отырып, бүгінгі сессияның қорытындысы бойынша облыстық бюджетке қосымша 20 млрд.-тан астам қаражат бөлдік. Соның ішінде «Нұрлы жер» және «Қолжетімді баспана» бағдарламалары бойынша 9 млрд. 300 млн. теңге қарастырып отырмыз. Биыл көпқабатты 21 тұрғын үй салынып, тиісті инженерлік коммуникациялар тартылмақ. Бұл әрине мұқтаж азаматтар үшін қолжетімді баспананың мүмкіндіктері кеңейеді деген сөз. Сонымен қатар жаңадан салынатын Ақжайық шағынауданына тиісті инженерлік желілерге қаражат бөлінуде. Транспорт, жол инфрақұрылымдарын және аула аумақтарын абаттандыруды дамытуға қосымша 1 млрд. 300 млн. теңге бөліп отырмыз. Биыл облыс орталығында 30 аула және 40-тан астам көшені жөндейтін боламыз.

Облыстық жергілікті полиция қызметі  бастығының қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету туралы баяндамасынан криминогендік жағдайдың жақсарып, қылмыстың азайғанын естіп отырмыз.

Бұл саланы материалдық жарақтандыруға, цифрландыруға, қызметтік планшеттер алуға, өңірдегі қоғамдық тәртіпті жақсартуға бағытталған өзге де қажеттіліктерге қосымша 550 млн. теңге бөлініп отыр. Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасынан туындайтын міндеттердің бірі – жатақхана құрылысын жүзеге асыру. Бүгінгі таңда индустриалды колледжге жатақхана салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды даярлауға қаражат бөлдік. Білім министрлігімен жұмыстанып, жоғары оқу орындары жанынан да жатақханалар салуды жоспарлаудамыз. Биыл екі жатақхананың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Жалпы біздің өңірдегі оқу орындары үшін кемінде төрт жатақхана құрылысы жаңадан салынуы тиіс, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай  Көлгінов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Орталық Азия мемлекеттерін ортақ мүдде тоғыстырады

Күні: , 62 рет оқылды

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі өтті. Келелі мәселелер талқыланған алқалы жиынға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков және Түрікменстанның Меджлис төрағасы Акджа Нурбердыева қатысты.

Бұл – Орталық Азия өңірінде соңғы жылдары болған ең айтулы оқиғалардың бірі болды және бесжақты келіссөздердің барлық қатысушы ел үшін ортақ мереке – Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің де символдық мәні бар.

Тарихы мен мәдениеті, дәстүрі мен дүниетанымы ортақ бауырлас елдердің басқосуы мемлекеттердің ынтымағын жарастырып, байланысын нығайтуда қашанда маңызды орын алады. Орталық Азия елдері басшыларының мұндай алқалы кездесуі соңғы рет осыдан тоғыз жыл бұрын өткен. Осы мерзім ішінде әлемде талай өзгеріс болып, небір оқиғалар өтті. Әсіресе, Орталық Азия аумағында өзара ақылдаса отырып, ортақ шешім қабылдайтын өзекті мәселелер аз емес. Сондықтан күллі халықаралық қауымдастықтың назарын өзіне аударып отырған бұл кез-десуде мемлекет басшылары өңірдегі қауіпсіздікті нығайту, орнықты дамуды қамтамасыз ету, елдердің әл-ауқатын арттыратын ортақ мәселелерді кеңесе отырып шешуді басты мақсат етті.

Орталық Азия елдері арасындағы ішкі мәселелерді шешу үшін тұрақты консультативтік жұмыс кеңесін өткізу туралы бастаманы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев көтерген. Ал өңір елдері көшбасшылары кездесуінің Астанада өтуі еліміздің бет-беделін айғақтаса керек.

Сонымен Ақордада өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл кездесудің барлығы үшін ортақ көктем мерекесі – Наурызда өтуінің өзіндік мәні бар екенін атай отырып, Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылудың маңызына тоқталды. Оның ең біріншісі, мұндай келелі кездесу мемлекеттеріміздің әлеуетін біріктіріп, ынтымағын арттыра түсу үшін аса тиімді. Екіншіден, өңірішілік сауда мен бірін-бірі толықтырып отыратын экономика көлемінің артуына да септігін тигізеді. Үшіншіден, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда септігі мол болса, төртіншіден, тарихи, этностық және мәдени тығыз байланыстар өңір халықтарын бір-бірімен жақындастыра түсуге ықпалын тигізеді.

Қазақстан Президенті кездесу барысында Орталық Азия елдерінің арасындағы саяси ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу мен күш біріктіруге деген ортақ ұмтылыс бар екеніне тоқталды. Бұрыннан жарасымды байланысы бар мемлекеттер бір-бірін қолдауға келгенде де тартынып қалған емес. Соның бір айғағы ретінде Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткен кезде Нью-Йоркте Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің жиынға қатысқанын жоғары бағалап, елдердің бір-біріне деген мұндай жақсы қолдауы ешқашан үзілмеуге тиіс екенін баса айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірлес елдер арасындағы әріптестіктің нығаюын жоғары бағалап, осы орайда Орталық Азия елдері көшбасшыларының үлесі үлкен екенін ерекше атады. Кездесуде Орталық Азия елдерінің Қазақстанмен байланысы да жоғары деңгейде екені айрықша айтылды.

– 2017 жылы Қазақстанның әр елге экспорты 35 пайызды құрады. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Бұған қоса, үкіметаралық комиссия мәжілістері де тұрақты өткізіліп жатыр. Шекараларымызда жаңа өткізу пункттері ашылып, төлқұжатты бақылау жеңілдей түсті. Елдер арасын жалғайтын жаңа көпірлер мен жолдар салынып, авиарейстер мен жүрдек пойыздар көбейді. Мұның бәрі біздің Орталық Азия мемлекеттерімен байланысымыздың жандана түске-нін айғақтайды, – деді Президент.

Елбасының айтуынша, Орталық Азия елдері басқа мемлекеттермен, соның ішінде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен де ынтымақтастықты нығайта түсуі қажет.

Сөзінің соңында Қазақстан Президенті кездесудің өзара түсіністік пен тұрақтылықты тереңдете түсетініне және оның қорытындысында қабылданған шешімдер елдің игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

Бұдан кейін Қырғыз Республикасының Президенті С. Жээнбеков сөз алып, өңірде қалыптасқан мәселе бойынша ортақ шешім қабылдауға деген ұмтылыс елдерді өзара жақындастыра түсетінін атап өтті. «Бұл кездесу мемлекеттеріміздің бұрыннан қалыптасқан достық рәуіштегі қарым-қатынасына тың серпін береді деп сенемін. Осы орайда, әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғысымды білдіргім келеді. Осындай жылы кездесу ұйымдастырып, қонақжайлылық танытқаныңыз үшін ризашылығымыз шексіз», – деді ол.

Ал Тәжікстан Президенті Э. Рахмон Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көлік-транзиттік байланысты дамыту мәселелеріне тоқталып, су және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану жайын қаузады. Оның айтуынша, терроризм, экстремизм секілді қауіпсіздікке төнген сын-қатерлер Орталық Азия елдерінің жұмыла жұмыс істеп, тиімді шешім қабылдауын талап етеді. Мұндай өзекті мәселені оңтайлы шешу басты басымдық ретінде қарастырылуы тиіс. Өйткені бір елдегі жағдайдың өзі барлық аумаққа салқынын тигізуі мүмкін.

Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев елдердің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды үдете түсу қажеттілігіне тоқталды. «Біздің бірлесе қабылдаған бағдарламаларымыз, шешімдеріміз өзара сенімді нығайтып, бір-бірімізге деген құрметімізді арттыра түсетіні шүбәсіз. Бұл халықтар арасындағы достық пен бауырластықты бекемдей түсуге де әсер етеді. Сондықтан Орталық Азия елдері қай салада да күш-жігерін біріктіріп, бір-біріне деген сыйластығын, қолдауын үдете түсуге тиіс», – деді ол.

Түрікменстанның Меджлис төрағасы Акджа Нурбердыева ел Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің үндеуін жариялады.

– Орталық Азиядағы жақын көршілерімізбен байланысты бекемдей түсу – Түрікменстанның сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтарының бірі. Біздің ел кең көлемдегі көп салалы ынтымақтастық орнатуға және бірлесе қимылдауға қашанда дайын. Сондықтан елдер арасындағы ынтымақтастықтың артуына Түркіменстан да мүдделі, – деді А. Нурбердыева.

Кездесу аяқталғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жұмыс (консультативтік) кездесуінің қорытындысы бойынша брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы алдымен Орталық Азия мемлекеттерінің жұмыс (консультативтік) кездесуі өзара түсіністік пен тату көршілік рәуіште өткенін ерекше атап өтті. Басқосуда өңірлік және халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылғанын айтқан Президент олардың кейбіреулеріне нақты тоқталды.

– Біздің өңірлік мәселелерімізді өзімізден басқа ешкім де шешпейді. Сондықтан ортақ мүдде тұрғысындағы барлық проблеманы бірлесе шешуіміз қажет. Осыған байланысты ортақ басымдықтарды қарастырып, алдағы жоспарларды кеңінен талқыладық. Соның ішінде қауіпсіздікті сақтау, тұрақтылықты нығайту, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық, басқа да салаларды дамыту мәселелері қаралды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстың нығайып келе жатқанын айтып, әлеуетті арттыруға әлі де мүмкіндіктер жетерлік екеніне назар аударды.

– БҰҰ мәліметі бойынша, соңғы он жыл ішінде Орталық Азия елдерінің ішкі жалпы өнімінің орташа өсімі 6,2 пайызды құраған. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 2,6 пайызға артық. Өңір елдерінің сыртқы сауда көлемі де өскені байқалады, – деді Мемлекет басшысы.

Орталық Азия елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстың дамуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға да игі ықпалын тигізіп, өңірлік тұрақты экономикаға қол жеткізілген.

Елбасы инвестициялық әріптестікті қолдау бағытында бірлескен шаралар жүргізу қажеттігін және экономиканы жаңа инновациялық-цифрлы платформаға көшіру, тарифтік саясатты оңтайландыру, транзиттік тасымал саласындағы әкімшілік процедураларды жеңілдету секілді мәселелер күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

Сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын барлық елдердің мүддесін ескере отырып, ортақ құқықтық көзқарас тұрғысында шешу де маңызды рөл атқаратынын баса айтты.

Президент кездесу барысында вице-премьерлер деңгейінде бесжақты жұмыс комиссиясын құру жөніндегі ұсыныста қарастырылғанын атап өтті. Бұл комиссия өңір елдерінің экономикалық әріптестігін нығайтуды мақсат етпек.

Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру бағыттары да жан-жақты талқыланған. Осы орайда Президент Қазақстан Орталық Азия елдерінің студенттерін оқуға қабылдауға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар ортақ спорттық шараларды жандандырып, Орталық Азияның туристік бағдарларын қалыптастыру жайы да жұмыс (консультативтік) кездесуінде сөз болған. «Бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі арттыра түсу қажет. Орталық Азия елдері мәдениетінің фестивалін, жастар кездесуін, спорттық кездесулерді, өңірдегі туризмді дамыту қажет. Осы жиында бұл мәселелердің барлығын талқыладық және нақты жұмыс болады деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.

Брифингтің соңында Елбасы Орталық Азия елдері басшыларының келесі жұмыс кездесуі 2019 жылдың наурызында Өзбекстанда өтетінін мәлімдеп, мұндай жылы шырайдағы кездесудің тұрақты өткізілуі елдер арасындағы достықты, өзара сенім мен тұрақтылықты нығайта түсетініне сенім білдірді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»,  №52, 16 наурыз 2018 жыл

 

Шуақты Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесі

Біз, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы Президенттері Орталық Азия халықтарын бүкіл өңірімізге ортақ Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

2010 жылғы 23 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының қарарымен бұл мейрам Наурыз – Халықаралық күні деп танылғанын және оны ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізгенін ерекше атап өтеміз.

Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет.

Наурызды тойлау кезеңі барлық заманда адами және отбасылық қарым-қатынастардың, достық пен тату көршілік байланыстардың нығаюымен, көршілер арасындағы ерекше қонақжайлылықтың көрініс табуымен қатар келген. Бұл ортақ тарих, мәдениет, дәстүр, тұрмыс арқылы біріккен елдеріміз үшін қазір де маңызды.

Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар.

Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өңірлік көлік-транзит инфра-құрылымның кеңеюі, су-энергетикалық, азық-түлік әлеуеттерін ұтымды игеру, өндіріс және өңдеу салаларын дамыту, озық технологиялар мен инновацияларды қолдану, цифрлы экономика жолындағы ілгерілеу Орталық Азия елдері әл-ауқатының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Біз халықтарымыздың арасындағы өзара құрмет, достық пен бауырластық қатынастарды сақтауға және нығайтуға деген тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, туризм және спорт салаларындағы өзара ықпалдастықты тереңдетуге шақырамыз.

Көктемгі күн мен түннің теңелуі, рухани тазару мен жаңару мерекесінің қарсаңында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан халықтарына, сондай-ақ жер бетіндегі барша халықтарға бейбітшілік, молшылық және қуаныш тілеп, өсіп-өркендеулеріне ниеттестігімізді білдіреміз.

Наурыз мейрамы әр үйге амандық пен бақ-береке әкелсін!


«Үйімізді су баспаса екен…» тасқалалықтардың  бірқатары  жанын шүберекке  түйіп  отыр

Күні: , 93 рет оқылды

Қазақ от пен суды тілсіз жау деп бекер айтпаған. Өйткені, бұл екеуі күтпеген жерден күш алса, ауыздықтау қиынның қиыны. Әрине, Құдай кесапаттың бетін аулақ қылсын дейміз. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтармын» деген халық даналығы да ойда болуы тиіс. Биылғы қары мол қыстан аман шыққан халықтың ендігі уайымы көктем мезгілінде орын алатын су тасқыны қатері екені айтпаса да түсінікті.

Сәл  шегініс… Өткен 2017  жылы аудан аумағында су тасқынына қарсы қандай іс-шаралар жасалынып жатқанын білу үшін аудандық төтенше жағдайлар бөліміне барған едік (ол кезде басшысы Мырзағали Батырашев болатын). Сонда ол су тасқынына «сақадай саймыз» деген-тұғын. Арада апта өтпей жатып, даладан келген қар суы бірқатар үйлерге кәдімгідей қауіп төндіріп, Тасқала жұртшылығының есін екеу, түсін төртеу қылған еді. Тіпті кейбір тұрғындар киім-кешегі мен құжаттарын қолдарына қысып ұстап, жандарын шүберекке түйіп отырғандары да жасырын емес-ті.  Деркөл өзенінің арнасынан тасып кетпеуін қадағалап жүрген жауапты мамандар қыр басындағы қар суы асау аттай тез жетіп келеді  деп ойламаса керек сол кезде. Әйтеуір әупірімдеп жүріп, қауіптің бетін қайтарғанда барып, ел уайымсыз, тыныш қалпына түскені  есте.  Хош.

Биылғы  жауған қардың мөлшері былтырғыға қарағанда екі есе көп. Бұл  дегеніміз – қазірден бастап техникаларды майлап, қажетті құрал-жабдықтарды сайлап қою қажеттігін ұқтырып тұр. Сондықтан да бүгінде төтенше жағдайлар бөлімі мен барлық мекемебөлімдердің қызметкерлері арналарды қардан аршып, сең кептеледі, су бөгеледі деген Деркөл өзенінің маңайын қураған тал-теректерден  тазартып   жатыр.

– Қазіргі таңда Деркөл өзенінде мұздың қалыңдығы – 61 см, қардың биіктігі – 42 см. Төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға аудан бойынша 58 техника мен 205 адамнан тұратын жедел әрекет ету топтары құрылды. Сондай-ақ 8620 литр жанар-жағармай, 13 мың қапшық, бір қар тазалайтын мотор, бір трос, бір резеңке қайық пен дюралюминий қайық, екі моторлы ара, үш мұз оятын бұрғы, үш мотопомпа, бір электрогенератор секілді қажетті құралдар дайын. Бүгінгі күнге дейін Тасқала ауылы бойынша 3500 текше метр қар шығарылды. Су тасқынын болдырмас үшін қолдан келген қарекетті жасап жатырмыз. Дегенмен, қауіп жоқ деп те  айта алмаймыз.  Әсіресе, Тасқала, Бірлік, Атамекен, Амангелді, І Шежін ауылдарын су басу қаупі бар. Орал қаласының төтенше жағдайлар басқармасы жедел құтқару жасағынан бір техника мен 10 адамды бізге көмекке жіберді. Тұрғындар ауласындағы қарды көше бойына шығарып қойса, біздің техникалар алып кетеді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы  Мәди  Шауенов.

Аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға осы жылы 400 мың теңге қаражат бөлінген. Оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда  жоғарыда айтылған құрал-жабдықтардан бөлек қосымша 8620 литр жанар- жағармай, оның ішінде АИ-92-3000 литр, дизель майы – 5620 литр, үш мұз оятын бұрғы мен 50 тонна қиыршық құм дайын тұрған  көрінеді.

Апаттың алдын алу жұмыстарының басы-қасында жүрген аудан  әкімі  Санжар  Әлиев:

– Биыл қардың түсуі жылдық мөлшерден 2 есе көп. Су тасқынының алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Су басу қаупі бар ауылдардың жолын ашып қойдық. Өздеріңіз көріп тұрғандай, барлық мекеме-бөлімдердің қызметкерлері апат орын алады деген жерлердегі арналарды тазартып жатыр. Қазір екі тиегіш (погрузщик) пен он «КамАЗ» ауылдың ішіндегі қарды шығаруда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Деркөл өзенінің мұзын оюды бастап кетті. Көктемгі күн райын болжау қиын. Сондықтан осы жұмыстарды тезірек бітіруге тиіспіз. Ауыл тұрғындарына айтар өтінішіміз, өздерінің үйлерінің қасындағы су ағатын жерлерді ашып, бізге кішкене болса да қолұшын берсе екен дейміз. Су тасқынын болдырмас үшін барлық  шараны  қолданамыз, – дейді.

Жыл сайын  ауламыздың  іші өз алдына, гараж бен шоландарымызға дейін суға толады деп базынасын айтқан Тасқала ауылының тұрғындары Қайрат Тапалов пен Садихин Наджимов үйлерін су алып кетпей ме деп қатты  алаңдайды.

– Біздің арт жағымыздағы су ағатын жыра тым таяз. Су көтерілгенде, бірден ауламызға кіреді. Былтыр  су үйге кіруге бір метрдей ғана жетпей қалды. Неге шара қолданбайтындарын түсінбейміз. Жыраны тереңдетіп қазып, бөгет салса болады ғой.  Құдай сақтасын, бірақ  күн күрт жылынып,  қар еритін болса, үйімізді су басатыны  анық, – дейді олар.

Тұрғындардың уайымын түсінуге болады. Кім баспанасының су астында қалғанын қалайды дейсіз. Енді бұған жауапты мамандар мұны тез арада қолға алады деп үміттенеміз. Айтпақшы, жақында аудан орталығында өткен «Көктем – 2018» республикалық оқужаттығу барысында бірқатар мекемелердің су тасқынына дайын емес екенін көрген аудан әкімінің  орынбасары Арсен Баяндықов  қатаң сынға алып, кемшіліктерді дереу жоюға тапсырма берген болатын.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала   ауданы


Байтағы іргелес, байрағы тұғырлас елдер

Күні: , 51 рет оқылды

«Астана Операда» Өзбекстанның Қазақстандағы жылы ашылды

Қазақ пен өзбек – түптамырын түркіден тарататын енші бөліспеген егіз ел. Ежелден келе жатқан ежеттес достық бүгінгі таңда тіпті жаңа кезеңге көтерілген. Байтағы іргелес, байрағы тұғырлас, Мемлекет басшылары етене бауыр екі ұлыстың ол ынтымағы кеше Алаш төріндегі «Астана Опера» театрында өткен Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ресми түрде ашылу салтанатында тағы бір мәрте тамаша көрініс тапты.

Орталық Азиядай алып ырдуанның екі тәртесі – Қазақстан мен Өзбекстанның бұл бауырластығы қос мемлекеттің тарихи жадысын қайта бір жаңғыртып, болашаққа байыпты бағыт алғандығын білдірді. Екі елге ортақ мереке, Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы салтанатты шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы бауырластық әрі достық қарым-қатынастарды ерекше атап өтті. «Қазақстандағы Өзбекстан жылы екі xалықтың арасындағы бауырластықтың айқын көрінісі болса керек. Бізде ортақ дүниетаным, ортақ көзқарас, ортақ мәдениет, ортақ дін мен ортақ салт-дәстүр бар. Ал тіл мен дәстүр қашанда xалықтардың өзара жақындасуына негіз болған. Бүгін бауырлас елдің үздік өнер ұжымдары Астанаға өзбек мәдениетінің нағыз жауһарларын көрсетеді», – деді Н. Ә. Назарбаев. Президент екі елдің арасындағы сауда-саттық пен экономикалық байланыстардың сәтті дамып жатқанын жеткізді. Өз сөзінде Елбасы өткен жылдың бірқатар маңызды мәселелері мен келелі келісімдері жайына да тоқталды. Соның бірі, өзіміз кеше куә болғандай, ағымдағы жылдың Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланғандығы болды. Сәйкесінше, келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтетін болады. Оны Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Аталған екі үлкен бастаманың арқасында елдер арасындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе түседі. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық нығаяды деп сенеміз», – деп атап өтті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Өз кезегінде көрші елдің басшысы ризашылығын білдірді. «Бүгін мен ең бақытты адаммын. Себебі осындай үлкен марапатты Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен абырой әрі шексіз бақыт. Бұл орден – екі елдің ордені, бұл орден – үлкен достықтың көрінісі. Марапат жасап отырғаныңызға шексіз алғысымды айтамын», – деді Ш. Мирзиёев. Көрші елдің Президенті өз сөзінде бір атаның баласындай болып отырған екі елдің берік бауырластығын тағы бір еске салды. «Бізді бұрынғыдан да бетер жақындастыра түскен қазақ халқының ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан меймандос, қонақжай көңілінің арқасы. Соның нәтижесінде бүгін біз Астананы өз үйіміздей сезініп тұрмыз. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ризашылық білдіреміз. Қазақстан Президентінің былтыр көтерген берекелі бастамасына бүкіл өзбек халқы дән риза. Бізді шекаралық жақындықтан бөлек рухани ортақ тұлғалар, атап айтқанда, Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Бахороддин Нақышбан, Әлішер Науаи мен Абай Құнанбайұлы, Айбек пен Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалар біріктіреді. Біз міндетті түрде бұл рухани байлықтарымызды сақтауымыз және көптеп насихаттауымыз қажет», – деді ол.

Соңғы уақыттағы қос мемлекеттің саяси еркіндігі мен екіжақты нық қадамы берік достықтың мызғымас мұнарасындай болып қаланып келе жатқаны айқын. Бұл бауырластық басқа жұртқа үрей демейік, үлгі екені анық. Оны Елбасымыздың «Орталық Азия елдері басшыларының байланысы жандана түсті. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Наурыз мерекесіне орай бірлескен мәлімдеме жасады. Кеңестің келесі кездесуі Ташкентте өтеді», – деген сөздерінен де анық аңғаруға болады.

Біз бұған дейін де өзбек халқының Президенті Шавкат Мирзиёев мырзаның ұлы ақынымыз Абай мұрасын насихаттау бойынша арнайы қаулы қабылдағанын жазған болатынбыз. Онымен қоса өз сөзінде Ш. Мирзиёев екі елдің татулығын тілге тиек етіп, Ташкент қаласындағы Төле бидің кесенесін де еске алды. «Біз Төле би кесенесінің Ташкент қаласында тұрғызылғанын мақтан тұтамыз. Ол жерге өзбектер де, бауырлас қазақтар да барып, тәу етеді. Әлі есімде, Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келгенде біз бірге сол қасиетті жерге барып, екі елдің xалқын татулық мен бейбітшілікте өмір сүруге үндеген ұлы тұлғаны еске алдық. Ата-бабаларымыз біздің қазіргі достығымызды, шынайы әрі ашық байланыстарымызды көргенде қуанатын еді. Бәрімізге – қазақтарға, қырғыздарға, түрікмендерге, тәжіктер мен өзбектерге, жалпы, Орталық Азияда тұратын ұлт пен ұлыстарға татулықта өмір сүруді жазған екен. Бұл – тағдырдың жазуы. Соған бар күш-жігеріміз ді салып, ортақ үйімізді қорғауымыз қажет», – деді Ш. Мирзиёев.

Тарихи рәсім тамашасынан кейін салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты. Онда Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртістері Фаррух Закиров және Өзбекстанның еңбек сіңірген ансамблі «Ялла» бастаған халық әртістері Нормумин Султонов, Самандар Алимов, Севара Назорхон сынды сахна саңлақтары өнер көрсетті.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан», №52, 16 наурыз, 2018 жыл


«Айбын» мен «Батырда» қызмет еткің келе ме?

Күні: , 66 рет оқылды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» және «Батыр» президенттік полк қатарында әскери борышын өтеуге ниетті үміткерлерді Мемлекеттік күзет қызметінің офицерлері Батыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментіне наурыздың 15-сі мен сәуірдің 20-сы аралығында сұхбаттасуға шақырады. Қырағылық пен батылдық қасиеті бар, моральдық-психологиялық тұрғыдан берік, бойы 180 см кем емес бозбалалар үміткер ретінде қарастырылады.

          Ер-жігіттің абыройын асқақтататын еліміздің ең таңдаулы әскери құрылымы – «Айбын» және «Батыр» президенттік полкі өздеріңізді күтуде.

С 15 марта по 20 апреля офицеры Службы государственной охраны Республики Казахстан приглашают на собеседование молодых людей, желающих пройти срочную воинскую службу в рядах элитного воинского подразделения страны – в Президентских полках «Айбын» и «Батыр». Собеседование состоится в Департаменте по делам обороны Западно- Казахстанской области.

          Если ты имеешь отличные физические данные, морально – психологическую устойчивость, бдительность и смелость, и рост не менее 180 см, то Служба государственной охраны, на которую возложена ответственная миссия по обеспечению безопасности Главы государства и иных охраняемых лиц и объектов, ждет тебя!


Ауладағы қардан арылу шарт!

Күні: , 53 рет оқылды

Қалалық әкімдікте төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтіп, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары  пысықталды.

Қала әкімі, қалалық ТЖК төрағасы Мұрат Мұқаев жүргізген отырыста төрт мәселе қаралды. Ақпан айында комиссияның бірінші отырысы өтіп, онда биылғы су тасқынына дайындық жұмыстары белгіленген. Бұл басқосуда осы жұмыстар сарапталып, алда тұрған міндеттер нақтыланды. Алдымен облыстың гидрометеорологиялық жағдайы туралы «Казгидромет» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Нұржан Шияп баяндады. «Биыл тоң қату тереңдігі өткен жылдағы көрсеткіштен көбірек болып отыр. Сондықтан да бұл жағдай топыраққа судың сіңіуін төмендетіп, өзен арналарында ағынның көлемін ұлғайтуы мүмкін. Біздің болжамымыз бойынша 16 наурызға дейін айтарлықтай күннің жылуы күтілмейді. Астанадан келіп түскен ұзақ мерзімді болжамдар негізінде айтсақ, 16 наурыз күні кей жерлерде жауын-шашын, тұман, көктайғақ күтіледі. Наурыздың үшінші онкүндігінде күн жылиды деп күтілуде. 20 наурыздан 1 сәуір аралығында жауын-шашын болады. Облыс және Орал қаласы бойынша түнгі мезгілде температура минус, ал күндіз  +2, +7 градус болады, – деді филиал директоры.

Орал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Марлен Сәрсенғалиев көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу бағытындағы дайындық жұмыстарымен таныстырды. Оның айтуынша, мұз кептелуін болдырмау үшін жедел құтқару тобының жеке құрамымен Деркөл және Шаған өзендерінде жалпы аумағы 57 750 шаршы метр болатын 2335 шұңқыр қазылған. Орал қаласының аумағында еріген қар суының кедергісіз ағуы үшін Зашаған ауылдық округіндегі Болашақ, Балауса және Сарытау ықшамаудандарындағы қар түгелдей дерлік шығарылған. Қала аумағындағы Орал, Шаған және Деркөл өзендері алқабында орналасқан 75 бағбандық және бақша серіктестік тұрғындарына су тасқынның қаупі жөнінде ақпарат таратылған. Жалпы облыс бойынша су тасқыны жағдайында 2794 жеке құрам және 682 техника, оның ішінде 88 жүзу құралы мен 151 мотопомпа жұмылдырылмақ. Төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда қажет болатын 28 эвакопункт дайын. Олардың дені қалалық мектептерде ұйымдастырылған. Бұл жөнінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов айтты. Төтенше жағдай аймағынан эвакуацияланған тұрғындарды уақытша орналастыратын эвакуациялық пункттер дайын, олар кереуеттермен, тамақтанатын орындармен қамтылған. Азық-түлікпен, басқа да құралдармен қамтамасыз ету үшін екі фирмамен және екі қонақүймен келісімшарт жасалған. Қала әкімі Мұрат Рахметұлы, әсіресе, 1, 2, 3 саяжай аумақтарына қарайтын эвакопункттерге баса назар аудару қажеттігін ескертті. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Тухфатовқа осы аптаның соңына дейін су ағатын барлық каналдарды, жалпы қаладағы қар тазалау жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Баяндамаларды тыңдаған Мұрат Мұқаев құзырлы мекемелер басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Олардың қатарында қосымша су сорғыш, жер қазатын және қар шығаратын техниканы тарту, құм және қапшықтар дайындау жұмыстарын аяқтау және оларды тиісті орындарына жеткізу, жанар-жағармай дайындығын нақтылау, кәсіпкерлердің өздеріне бекітілген аумақтың қарын аршып, далаға шығаруын қамтамасыз ету секілді тағы да бірнеше маңызды тапсырмалар бар. Мұрат Мұқаев өз аумағындағы қарды тазаламаған кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту жөнінде жергілікті полиция бөлімі мен кәсіпкерлік бөліміне тапсыра берілгенін атап өтті. Өзіне тиесілі аумақтағы қарды тазаламай, көшенің сәнін кетірген, қаланың абаттандыру қағидаларын бұзған жеке кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жауапкершілікке тартылмақ. Алдымен кәсіпкерге ескерту беріледі. Бірнеше күн ішінде айналасын тәртіпке келтірмесе, әкімшілік жауапкершілік қолданылатын болады. Аталмыш баптың бірінші бөлімі бойынша шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер үшін шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Комиссия отырысынан соң қала әкімі Мұрат Мұқаев баспасөз құралдары өкілдерімен арнайы кездесті. «Қазір жердегі тоңның қалыңдығы 130 сантиметрге дейін жетіп тұр. Былтыр осы уақытта 70 сантиметр болған еді. Бұл жағдай қар бір мезгілде еріген кезде судың жерге сіңіп үлгермейтінін көрсетеді. Сондықтан да тұрғындардан, әсіресе, жеке сектордағы, соның ішінде 2-Жұмысшы поселкесі, Ремзавод, Сарытау, Зашаған, ескі қаланың орталық бөлігі аудандарының тұрғындарынан аулаларындағы қарды көшеге шығарып, жинап қоюды сұраймыз. Инстаграммдағы «Халықтық бақылау» парақшасына немесе 51-47-33, 50-56-07, 54-52-25 нөмірлеріне хабарласып, үйдің мекенжайын айту қажет. Парақшаға фото-видео жазба да жіберуге болады.  Шығарылған қар тез арада жинап алынатын болады. Қазір қаладағы қарды шығаруды екі есе ұлғайттық. Қар шығаратын техниканың да көлемі артып, 50-дің үстінде КАМаз және 25 қар тиегіш техника тәулік бойы жұмыс істеуде. Кәсіпкерлер, кәсіпкерлік нүктелері, шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің кафе-ресторан, дүкендерінің, жанар-жағармай бекеттерінің алдарындағы қарды үйіп қоймай, өздері далаға тасып шығаруы тиіс. Қарды Асан карьеріне немесе Зашағандағы Бор тауға апаруға болады. Аптаның соңына дейін қала ішіндегі барлық қарды шығарып болуымыз керек», – деді Мұрат  Рахметұлы.

Қала басшысы айтқандай, ешқандай да дүрлігудің қажеті жоқ. Жұмыстар жоспар бойынша жасалуда.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


«Жайықтың жасөспірімдері. Жалын. Жаңғыру»

Күні: , 52 рет оқылды

Сәрсенбіде Орал қаласындағы А. Островский атындағы орыс драма театрында «Жайықтың жасөспірімдері. Жалын. Жаңғыру» тақырыбындағы білім беру ұйымдары басшыларының ІV қалалық форумы өтті.

Бұл шараға облыстық білім беру басқармасының, Орал қалалық әкімдігінің, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ, қала мектептерінің, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері, ардагер мұғалімдер, қамқоршылық кеңесінің, ата-аналар комитеттерінің мүшелері қатысты.

Форумның тақырыбы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндес болғандықтан, қатысушыларға «еркін микрофон» ұсынылып, сөйлеушілердің дені жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу, адам тәрбиесіндегі туған жердің рөлі, ата-анаға, үлкендерге деген құрмет мәселелері төңірегіндегі өз ой-пікірлерімен, нақты істерімен бөлісті.

– Бұрынғы форумдарда басқарушылық, менеджмент, стратегиялық жоспарлау мәселелері қаралатын. Педагогикалық ұжымдардың білім-тәрбие үрдісіндегі көрсеткіштерін, оның қызмет барысында туындайтын түйткілді мәселелерін ортаға салатынбыз.

Ал биылғы форумның жөні бөлек.  Бұл басқосудағы мақсат – жасөспірімдердің тәрбиесіне назар аударту. Соның ішінде рухани, адамгершілік тәрбие беру мәселелері өзекті. Білім жүйесінің бүгіні мен ертеңін ата-аналармен, қоғам болып, тығыз қатынаста отырып талқылаймыз, – деді Орал қаласының білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова. Басқосуда Жансұлу Менешқызы «Рухани жаңғыру: білім беру саласының бүгіні мен ертеңі» тақы-рыбында әңгімеледі. «Педагогтар оқушыларға деген қарым-қатынастарын өзгертуі керек. Бүгінде әлем жаңаруда, өзгеруде. Сондықтан бүгінгі мұғалім тек білім беруші емес, ол баланың досы болуы тиіс. Мұғалім ұл-қызбен достаса отырып, олардың ішкі әлеміндегі өзгерістерді, толқыныстарды сезінуі керек. Қазір әр отбасында түрлі түйткілдер бар. Өмірде көріп жүргеніміздей, жасөспірімдер қиын жағдайларда өздерімен өздері оңаша қалады, оларға үлкендердің назары, «айналайыны» жетпей жатады. Міне, біз осы бағытта жұмыстанбақпыз», – деді ол.

Ж. Төремұратованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыста білім саласында түрлі бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Мысалға, оқушыларға өңіріміздегі қасиетті және тарихи орындарға экскурсия ұйымдастыру, сонымен қатар туған жерді танып білу мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізу. Балаларды өңірдегі және қаладағы табысты адамдармен, ел дамуы жолында еңбек еткен тұлғалармен таныстыру шаралары  жүргізіледі.

Форумда қаладағы №25 «Снежинка» бөбекжайының тәрбиешісі Лилия Пермитина «Рухани жаңғыру» – бөбекжайдан бастау алады», №28 мектеп лицейінің директоры Вадим Болдырев мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы, БҚО «Батыс қамқор» қоғамдық бірлестігінің президенті Әділет Берікқалиев «Жастардың рухани жаңғырудағы рөлі» туралы кеңінен әңгімеледі. №44 мектеп-гимназиясының оқушысы Эльдар Харесов, қалалық көшбасшылар мектебінің мүшелері Ғаділ Амандық, Лаура Кенжеғұлова, Данил Пастуховтар ел болашағының білімді ұрпақтың қолында екенін жеткізді.

Шара барысындағы мектептен тыс жұмыс орталығының жас өнерпаздарының орындауындағы әсем әндер мен билер жиналғандардың  көңілінен  шықты.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика