Мұрағат: 14.03.2018


Облыс бюджеті 125 млрд. теңгені құрамақ

Күні: , 70 рет оқылды

Сейсенбіде  облыстық  қоғамдық  кеңестің  кезекті  отырысы  өтті.  Облыстық  мәслихат  залында өткен  басқосуға  кеңес  мүшелерімен  қатар  басқармалар  мен  департамент  басшылары, саяси  партиялар  және  қоғамдық  ұйымдар  өкілдері  қатысты.

Кеңес отырысында БҚО мәслихатының 2017 жылғы 6 желтоқсандағы №15-2 «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, БҚО мәслихатының 2016 жылғы 22 шілдедегі «БҚО бойынша 2016-2018 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік мәні бар автомобиль қатынастары тізбелерін айқындау туралы» №5-4 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы  мәселелер  қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алтай Құлқаев баяндады.

– Ағымдағы жылғы облыстық бюджетті нақтылау барысында Елбасымыздың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы, алда тұрған стратегиялық тапсырмаларды орындау және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету негізге алынды. Нақтылануға ұсынылған бюджет параметрлеріне сәйкес облыс бюджетін қосымша 20,2 миллиард теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың басым бөлігі өңірімізде «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға, аудан-ауылдарды көгілдір отын мен таза ауыз сумен қамтуға, сапалы жолдардың құрылысына жұмсалады деп күтілуде. Сондай-ақ қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу, білім, денсаулық сақтау салаларын жетілдіруге де қаражат қаралмақ. Ағымдағы жылға бекітілген облыстық бюджет 105 миллиард теңге болса, осы өсім нақтыланған жағдайда ол 125 миллиардтан астам теңгені құрамақ, – деді Алтай Есмағұлұлы.

Сондай-ақ оның мәліметінше, өңірдегі мемлекеттік құрылымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оның ішінен төтенше жағдайлар департаментіне құтқару техникаларын, жергілікті әкімшілік полиция қызметкерлеріне бейнежетондар мен планшеттер алу секілді шығындар қарастырылған. Сонымен қатар өңірде салынып жатқан мектептер мен мәдениет ошақтарының құрылыстарын аяқтау, білім ұяларына оқулықтар мен компьютерлер алуға, мұғалімдер білімін жетілдіруге, түрлі әлеуметтік қолдауларға, спорт саласына, денсаулық саласын заманауи емдеу құрылғыларымен қамтуға қаражат қарастыру жоспарланған. Ауыл шаруашылығын дамыту, қоршаған ортаны қорғау, туризм саласын жетілдіруге де қаржылай қолдау көрсетілмек.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Менеев, Орал қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Закарин баяндама  жасады.

Мамандар айтқан мәліметтерге сүйенсек, көпшілік маршруттардың шығынының артуына орай Орал қаласы және Жәнібек, Сырым, Қазталов, Қаратөбе, Тасқала, Шыңғырлау аудандары бағытындағы жолаушылар тасымалын субсидиялау бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Осы жағдайды ескеріп, әлеуметтік маңыздылығына қарай субсидияланатын бұрынғы ауданаралық маршруттарға қосымша 13, ал қалалық маршруттарға 29 бағыттағы жолаушылар тасымалына демеуқаржы төлеуді ұсынды.

Қоғамдық кеңес мүшелері аталған мәселелерді бірауыздан қолдағанымен, өздерінің сын ескертпелері мен ұсыныс-пікірлерін де ашық айтты. Олар қалалық қоғамдық көліктің әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмауын, тұрғындардың автобустарға сыймайтындығын, көліктердегі санитарлық жағдайының нашарлығын, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениеті төмен екендігін атап өтті.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


«Рухани жаңғыру әр адамның өзінен бастау алады»

Күні: , 110 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  Астана  қаласындағы  ҚР  Орталық  коммуникациялар  қызметі  алаңында Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі Алтай  Көлгіновтың  қатысуымен  баспасөз  мәслихаты  өтті. Алтай  Сейдірұлы  Елбасы Н. Ә.  Назарбаевтың «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру» бағдарламалық  мақаласы  бойынша  өңірде атқарылған  жұмыстар  жайлы  баяндап,  республикалық  БАҚ  өкілдерінің  сұрақтарына  жауап  берді.

Жұбан мен Қадырдың поэзиясы өрбіген, Дина мен Құрманғазының күйі күмбірлеген, Махамбеттің жыры төгілген, Жәңгір хан мен Жаһаншаның жаңашылдығымен танылған Ақ Жайық өңірінде «Рухани жаңғыру» аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда екенін айтқан облыс әкімі Алтай Көлгінов әр бағыт бойынша жеке-жеке  тоқталып  өтті.

Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпы саны 250 мыңнан аса адамды қамтыған 150-ге жуық шара өткізілген. «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері аудандар мен Орал қаласында белсенді жұмыс істеуде. Қоғамдық сананы жаңғыртуда құрамына зиялы қауым, «Нұр Отан» партиясы өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық пікір лидерлері мен жастар кірген облыстық сарапшылар кеңесі маңызды рөл атқаруда.

– XXI ғасырда ауадай қажет сапалы білім беру, үштілділікті дамыту, цифрлық сауаттылық сияқты басымдықтарды қамтамасыз етуге жағдай жасау – жергілікті атқарушы билік құрылымдарының негізгі міндеттерінің бірі. Мәселен, облыс бюджетінің 45 проценттен астамы білім саласын дамытуға бағытталған. Былтыр 24 жаңа білім беру нысаны ашылып, 17-сі  жөндеуден  өтті.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-мен меморандум негізінде мұғалімдердің, мектеп директорларының біліктілігі арттырылуда. Жаңартылған бағдарлама 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілген. Облыстың 250 мектебі заманауи робототехника кабинеттерімен жасақталды. Сонымен қатар өңірімізде IT-мектебін ашу жоспарлануда.

Күні бүгін мектептер Bilim Land цифрлық білім беру платформасының ресурстарын белсенді пайдалануда. Бұл платформа мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 10 мыңға жуық қолданушы үшін интерактивті сабаққа мүмкіндік туғызып отыр. Мұғалімдерге арналған мыңдаған көрнекі құрал ұсынады. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде онлайн және офлайн режимдерінде жұмыс істейді.

Облыстың 400-ге жуық мектебінің 330-ы кең жолақты интернетпен қамтылған, ал қалған 30 мектепте интернет жылдамдығы төмен.

2018-2020 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, 443 елді мекеннің 100-ден астамын интернет желісіне қосуды жоспарлап, бекіттік. Қазір облысымыздың 300-ге жуық елді мекенінде интернет бар.

Оған қоса 220 шағын жабдықталған мектептерді Bilimbook компьютерлік құрылғыларымен қамтамасыз етеміз. Ол біз үшін өте маңызды: біз ауыл мен қала жастарының ақпараттық-білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді Алтай Сейдірұлы.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында қосымша 20 мың грант бөлінетіні айтылды. Бұл өз кезегінде жастар үшін жаңа көкжиектерге жол ашады. Облыста, әсіресе, шалғай ауылдарда мұғалімдер, дәрігерлер мен ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен облыс мектептерінің түлектеріне арнап 200 грант бөлінді. Ұзақ мерзімді жоба болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасады. Осы гранттар бойынша білім алған жас мамандар бес жыл ауылға барып жұмыс істеуі тиіс.

Қазіргі таңда облыста төрт ЖОО (екеуі мемлекеттік, екеуі жеке) және 38 колледж жоғары және орта кәсіптік білім беруді жүзеге асырады. Мәселен, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Рухани жаңғыру» институты құрылып, жобалық менеджмент негіздері бойынша семинарлар өткізіп, өлкетану, ғылыми-ағартушылық бағыттағы тарихи басылымдарды жарыққа шығарумен айналысуда.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да студенттерге қазірден бастап оқу орнының қабырғасында бизнес жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды. Шетелдік компаниямен бірлесіп, биотехнология, инженерия және ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау мақсатында «Мечта» зертханасы өз жұмысын бастады. Итальяндық «СантАнна» университетімен әріптестік аясында ІТ-білім, қаржылық сауаттылық дағдыларына үйрету қолға алынды.

– Елбасы «Бес әлеуметтік  бастамада» жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін атап өтті. Біздің өңірде де жатақханаға мұқтаж студенттер аз емес. Бүгінгі таңда 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Жоғары оқу орындары-ның 500, колледждердің 1750 студенті туыстарында немесе пәтер жалдап тұрады. Біз орта және кәсіптік оқу орындарының студенттеріне арналған төрт жатақхана салуды жоспарлап отырмыз, үшеуі студенттерге (барлығы 800 орын), біреуі оқытушыларға (120 орын). Екі жатақхананың құрылысы биыл басталады.

Бұның барлығы – «Рухани жаңғыруда» айтылған білімнің салтанат құруына жол ашатын болады.

Елбасы стратегиялық мақаласында өзіміздікін ғана дұрыс деп, біржақтылыққа жол бермей, өзге елдің озық жетістіктерін зерделей отырып, синергиялық ыңғаймен қабылдауға шақырды. Демек, қоғамдық сананы өзгертудегі басты ерекшелік қазіргі инновациялық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану мен цифрлық саланы дамытуда болмақ. Осы орайда, облысымыздың инновациялық дамудың тірегі болатындай әлеуеті зор.

Бүгінде облыстағы 26 колледжде дуальды оқыту принципі қолға алынды. Оған 78 ірі кәсіпорын, зауыттар қатысуда. Мысал ретінде келтіретін болсақ, облыстағы «Орал трансформатор зауытында» 250 адам үш ауысымда еңбек етуде. Соның ішінде 100-ге жуық маман Жайық өңіріндегі оқу орындарының түлектері. Олардың орташа айлығы – 165 мың теңге, – деді Алтай Сейдірұлы.

Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «SmartCity» тұжырымдамасы қабылданып, 30 жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде балабақша кезегіне қоюдың электронды жүйесі, туу туралы куәлікті толтыру үшін сәбиді смс көмегімен онлайн тіркеу, медициналық ақпараттық жүйе, «Е-КСК» жүйесі, «Қауіпсіз қала», «SmartUralsk» орталығы және «Ашық әкімдік» кеңсесі жобалары тиімділігін және өміршеңдігін қазірдің өзінде дәлелдеп отыр.  Бір ғана мысал, «Ашық әкімдік» қызметін пайдаланушылар саны 30 мыңнан ас-қан. Жалпы, аталмыш жобалардың нәтижесінде облыста заңды және жеке тұлғалардың арыз-шағымдары өткен жылы 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға азайған.

Өңірде жастардың әлеуетін арттыру үшін Орал қаласында және Ақжайық ауданында коворкинг орталықтар ашылды. Орталықта «Рухани жаңғыру» кабинеті, «07 live» жастар интернет каналы, «Заманауи дәрістер» пікір алмасу алаңы қызмет етуде.

Таяу болашақта коворкинг орталықтар басқа аудандарда да ашылмақ. Интеллектуалды дарынды азаматтарды тәрбиелеу мақсатында былтыр тұңғыш рет өткен «Туған өлкем – тірегім» форумы  биыл  да  жалғасын  таппақ.

– 2017 жыл облыс үшін үлкен мәдени, рухани серпіліс әкелген жыл болды. Себебі өңірімізде ұлттық мәдениетті ұлықтау бағытында көптеген іс-шара өткізілді. Жыл соңы өңіріміз үшін маңызды оқиға – Орал қаласында «Рухани жаңғыру» музейінің ашылуымен ерекшеленді. Облыс тұрғындарының, әсіресе, жастардың тәрбиесіне ықпалы орасан зор  бұл музей меценаттардың қолдауымен іске асты. Ашылған уақыт-тан бері 5 мыңнан аса адам келген.

Ұлтымыздың ұлы мұрасы – домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында өңіріміздің барлық мектебінде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнатуды қолға алдық. Оған қоса, мектептерде домбыра үйірмелері кеңейтілуде. Сонымен қатар облыс, аудан орталықтарының көпшілік жиналатын орындарында саз мектептерінің ұлттық аспаптар оркестрлері демалыс күндері өнер көрсетуде.

Биыл күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 195 жылдығына орай облыс орталығы – Орал қаласында «Домбыра» күнін өткізу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы батысқазақстандықтар латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының бастамасын толықтай қолдап отырғанына тоқталып, әсіресе, жастар өз іс-шараларында латын әліпбиін қолдануды тұрақты үрдіске айналдырып отырғанын жеткізді.

Өткен жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығы аясында газеттің өткен ғасырдағы латын әліпбиінде басылған нөмірлері көрермен назарына ұсынылғаны мәлім. Облыста латын әліпбиіне көшіру біртіндеп, кезең-кезеңмен және халықтың пікірімен санаса отырып жүргізілетінін баса айтқан облыс әкімі алдағы уақытта қос облыстық газетте арнайы айдарлар арқылы латын әліпбиін көпшілікке кеңінен таныстыру жұмыстары қолға алынатынын мәлімдеді.

Өткен жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасын жүзеге асыруға тек жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттар емес, туған ауылының тағдырына бейжай қарамайтын Ақ Жайық өңірінің әрбір тұрғыны белсенді атсалысуда. Бағдарламаны жүзе-ге асырудың оң нәтижелерінің бірі – бизнес қауымдастықтың және тұрғындардың өз ауылдарына деген сана-сезімінің өзгеруін  айтуға  болады.

– Өткен жылы «Туған жер» жобасы бойынша меценаттар қаржысы есебінен 2,5 млрд. теңгені құрайтын 60 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде он әлеуметтік нысан (балабақша, спорт кешендері, медициналық амбулаториялар), бес мәдениет нысаны (ескерткіштер, музейлер) салынды және жөндеуден өткізілді. 24 нысанда абаттандыру (кіші сәулет формалары, саябақ, тынымбақтар) жұмыстары атқарылды. 21 нысанның материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Биыл да осы жұмыстар қарқынды жүзеге  асырылатын  болады.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында облыс орталығында қамқорлыққа ерекше мұқтаж адамдарға арналған үйдің іргетасы салынды. Екі қабатты бейімдеу үйі 50 адамға арналған. Әлеуметтік нысанның құрылысы меценаттар қаржысы есебінен бой көтермек, – деген облыс әкімі облыс мектептері жанынан өлкетану музейлерін ашу қолға алынғанын және «Рухани жаңғыру» аясында «Елім менің» жастар коалициясы құрылғанын атап өтті.

Республикалық деңгейде еліміздің киелі орындарын көрсететін «Қасиетті Қазақстан» макет картасы Орал қаласында жасақталуда. Бұл жоба меценаттардың толық қолдауымен жүзеге асатын болады.

«Қазақстанның мәдени жетістіктері» базалық бағыты бойынша былтыр облыстың шығармашылық ұжымдары Македония, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен халықаралық театрлар фестивальдеріне қатысып қайтты. Ұлттық мәдениетіміз бен төл өнерімізді кеңінен насихаттау бағытындағы шаралар биыл да жалғаспақ. Облыстағы өнер ордаларының қатарын биыл Орал қаласында құрылысы басталатын заманауи мәдениет үйі толықтырмақ. Осының барлығы жергілікті биліктің, ел азаматтарының  ұлттық өнерге деген құрметі, қамқорлығы деп білеміз.

Баспасөз мәслихатында облыс әкімі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген батысқазақстандықтардың есімдерін зор мақтанышпен атады. Бүгінде жинаққа есімдері енген Астана қаласындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның солисі, «Жан шуақ» жүлдесінің иегері, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, пианист Саида Қалықованы, Зеленов аудандық орталық ауруханасының медбикесі Елена Шушлебинаны және «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ректоры, ғалым Ақсерік Әйтімовті облыс жұртшылығымен қатар, республика халқы тұтас таниды.

– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі өңіріміздің экономикалық дамуына тың серпін береді. Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бойынша 2017 жылы облыстың  құрылыс саласындағы өсім 42 про центті құрады. Соңғы 2 жыл ішінде 3 мың адам өз үйінің кілттерін алды. Оның ішінде 700 отбасы жетім-жесірлер, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері. Биыл облыс орталығында көпқабатты үйлердің құрылысын бастаймыз, аудандарда бір және екі қабатты үйлер салынатын болады.

Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». Біздің өңірде ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің  25 еселенген көлемінен аз жалақы (60 мың теңге) алатын азаматтардың саны 73 088 адамды (оның ішінде 67 331 жалдамалы қызметкерлер) құрайды. Демек, бұл азаматтарға салық жүктемесі 1 процентке дейін төмендетілетін болады.

Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Президенттің бастамасына сәйкес біз орта және кәсіптік білім беретін оқу орындардың студенттеріне арналған жатақханалар салуды жоспарлап отырғанымызды атап өттім (үш жатақхана 800 орынға – студенттерге, бір жатақхана 120 орындық ұстаздарға).

Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Орта және шағын бизнес – кез келген мемлекет экономикасының алтын тірегі. Президенттің 2050 жылға дейін ішкі жалпы өнімдегі орта және шағын бизнестің үлесін 50 процентке дейін жеткізу туралы нақты тапсырмасы бар. Қазір біздің өңірімізде бұл көрсеткіш 42 процентті құрайды. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл бизнесті шағын несиелендіруге 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Инновациялық бизнес-жобаларды жүзеге асыруға 100 АЕК аспайтын гранттар беріледі. Міне, осы жоғарыда аталған игі жұмыстардың барлығы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында белсенді атқарылуда, – дей келе, Алтай Сейдірұлы «Рухани жаңғыруды» тек меценаттардың есебінен түрлі жобаларды қаржыландыру, нысандар салу деп біржақты қарастыруға болмайтынын, «Рухани жаңғыру» – әр адамның өзінің көркем мінез-құлқынан, отбасындағы тәлім-тәрбиесінен бастау алатынын және бұл  үздіксіз, ұзақ жылдарға созылатын үрдіс екенін ерекше атап өтті.

Гүлмира  САРБАСОВА,

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат  агенттігі:

– Ақ Жайық өңіріндегі туристік нысандарының инфрақұрылымы қалай дамуда? Туризмді дамыту арқылы пайда табу көзделе ме және бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Екінші сұрағым, сіз өз сөзіңізде ішкі туризмді дамытуда шағын авиацияның қызметіне жүгінуге болатынын айттыңыз. Осы жоба туралы кеңірек әңгімелеп  берсеңіз?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Сұрағыңызға рахмет. Бұл екі сауал бір-бірімен байланысты. Өңірде туристік орын өте көп. Кейбір нысандарда инфрақұрылым нашар екенін мойындауымыз керек. Әр нысан бойынша жұмыстанып жатырмыз. «Алаш» музейіне қатысты қиындық жоқ, аудандарда инфрақұрылымға қатысты мәселе бар.

Баяндамамда атап өткен ең ірі нысандардың бірі – «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта орналасқан. Туристердің қызығушылығы зор болғанымен, ол жерге жету, әсіресе, көктем және күз айларында көп қиындық тудырады. Үкімет жол мәселесіндегі қиындықтарды шағын авиацияны дамыту арқылы шешуді ұсынып жатыр. Бізге де тапсырмалар берілді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен бірге өңірде шағын авиацияны дамытуды қолға алмақпыз. Облыстық мәслихаттың отырысында техникалық-экономикалық негіздеме даярлауға бюджеттен қаржы бөлу мәселесін талқылаймыз. Жастар арасында сауалнама жүргізгенде, ең алдымен өзінің туып-өскен өңірін танып білгісі келетінін, содан кейін өзге аймақтың тарихымен танысқысы келетінін ұқтық. Демек, шағын авиацияны дамыту арқылы ішкі туризмді дамытамыз және шалғай ауылдар мен облыс орталығы арасындағы барыс-келісті жеңілдетеміз.

Александра  ВЛАСОВА,

«Казахстанская  правда»  газеті:

– Оқушылардың жазғы демалысы жақындап келеді. Облыс әкімдігімен шалғай ауылдардың, аз қамтылған отбасылардың балаларына демалысты қызықты әрі пайдалы ұйымдастыруға қолдау көрсетіле ме? Өңір балалары жаз айларында Астана қаласында өтетін роботтар көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие бола ма?

Алтай  КӨЛГІНОВ:

– Облыста балалар туризмі өте жақсы дамыған. Қиын-қыстау кезеңде балалар  лагерьлерін талан-таражға түсірмей, толықтай дерлік аман сақтап қалған азаматтардың арқасында өңірде балалар туризміне қажетті инфрақұрылым бар. Облыс орталығында «Атамекен», «Евразия» балалар лагерьлері қысы-жазы қызмет көрсетеді. Әр демалыс сайын балалар мұғалімдерімен бірге келіп, бір апта, он күндеп демалып қайтады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсетін боламыз.

Өңірде робототехника белсенді даму үстінде. «Назарбаев зияткерлік мектебінде», дарынды балаларға арналған лицейлерде, аудандардағы мектептерде робототехникамен айналысуға қажетті жағдай туғызудамыз. Оқушылар робототехника бойынша байқаулар мен жарыстарды қалт жібермейді, жиі қатысады. Біздің балалардың қатарында республикалық және халықаралық жарыстардың  жеңімпаздары  көп.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Қар шығару мен мұз кесу – басты назарда

Күні: , 100 рет оқылды

Синоптиктердің  болжамынша,  Наурыз  мейрамынан  кейін күн  күрт  жылиды  деп  күтілуде,  жаңбыр  жаууы  ықтимал.  Сол  кезеңде  судың  деңгейі көтеріліп  кетуі  мүмкін.  Себебі  жерде  тоң  қалың. Су тасқыны  қаупін  алдын  алу  бағытында  облыс  басшылығы  мен  құзырлы  құрылымдар  тарапынан  тиісті  шаралар  алынуда.

Жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, қазір жағдай тұрақты, бірақ су тасқынының қаупі бар.

– Қаңтар-ақпан айларында қар көп жауған жоқ. Ақпан айының соңы мен наурыз айының басында қар өте көп түсті. Қазір тұрғындар арасында түсіндіру шаралары, ал қауіпті аймақтарда мұз кесу жұмысы жүргізілуде. Сондай-ақ қарды жүйелі түрде шығару да қолға алынды. Мәселен, күні кеше ғана 200 мың текше метр қар шығарылды. Бұл әлі де аз. Әр азамат өзінің ауласындағы қарды шығаруы керек, өкінішке орай, кейде бұл жұмыстар жасалмай жатады. Ал көшедегі қарды коммуналдық мекемелер тазалайды, бүгінгі таңда олар күндіз-түні жұмыс жасауда. Жалпы, қар облыс орталығының жеке секторлары мен Тасқала, Зеленов, Теректі аудандарында мол, – деді Алтай Көлгінов.

Міне, осынау мәселеге байланысты апта басында су тасқынына қарсы облыстық штабтың отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары  Бағдат Азбаевтың төрағалығымен болған кеңеске барлық аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты.

Жиында Бағдат Оразалдыұлы күн жылынғанша қала және аудан әкімдері тиісті мекемелермен бірге қар шығару жұмыстарын тәулік бойы жүргізе отырып, көшелер мен арықтарды қардан толық тазалау қажеттілігін айтты. Сондай-ақ әкімдіктер жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, тұрғындарға су тасқыны қаупі туралы үнпарақтарды жүйелі түрде таратулары керек.

«Қазгидромет»  РМК  БҚО  бойынша филиалының директоры Нұржан Шияптың баяндауынша, тоңның терең қатуы топыраққа ылғалдың сіңуін тежейді, ал бұл жағдай өзен арналарына құйылатын ағынды су көлемін ұлғайтуы мүмкін. Су тасқынының болу-болмауы жауын-шашынға, тоңның еруіне, өзен бассейндерінің тұрақты қар жамылғысымен жабылу көлеміне, сондай-ақ күндізгі және түнгі ауа температурасының нөлден жоғары көрсеткішке тұрақты  көшуіне  байланысты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтың сөзіне қарағанда, қар тазалау, мұз кесу, өзен арналары мен арық-атыз бойын қоқыстан тазарту жұмыстарына 2000-нан астам адам мен 600-ге жуық техника жұмылдырылған. Облыс аумағындағы өзен-көлдер әлі де қысқы режимде. Су қоймаларындағы мұздың қалыңдығы 50 см-ге дейін, ал Жайық өзенінде – 35 см-ді құрайды. Өзен арналарында мұз кептелісі болуы ықтимал аумақтарда 2335 ойық ойылып, 57 мың шаршы метр мұз алынған. Қала бойынша 8 учаскеде мұз кесу аяқталып, қазір Тасқала ауданы аумағында мұз кесу жұмыстары жүріп жатыр.

Ауа райы күрт жылынар болса, Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің арнасы мен еріген қар суынан негізгі қауіп облыс орталығының оңтүстік бөлігіне қоса саяжайларға да төнеді. Су тасқыны ықтимал аумақта 75 бау-бақша бірлестігі орналасқан. Қазіргі таңда қала маңындағы саяжайларды 13847 адам тұрақты мекендейді, олардың 4483-і – балалар.

– Саяжайлар су тасу қаупі бар аймаққа жатады. Өздеріңіз білетіндей, саяжайлар тұрақты мекендеуге емес, тек жаз мезгілінде бау-бақша егуге ғана арналған. ТЖД қызметкерлері облыстық жастар саясаты басқармасының еріктілерімен саяжай алқаптарына рейдтер ұйымдастыруда. Су тасу қаупі, су тасқыны кезіндегі іс-қимыл жайлы тұрғындармен жиындар, әңгімелесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын қолға алдық.

Саяжайлар аумағында су көтерілетін болса, жалғыз амал – тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру. Қазіргі таңда Орал қаласында 28 уақытша қоныс аудару қосыны белгіленді, – деді БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау  капитаны   Марс  Отаров.

Бұған дейін Зашаған кентінде еріген қар суынан және көктемгі жаңбырдан кейін пайда болатын көлемі көлдей шалшық сулар тұрғындарға үлкен қиындық тудырып келген еді. «Көш жүре бара түзеледі» демекші, соңғы жылдары арық жүйесінің құрылысына қажетті қаражат бөлініп, кезең-кезеңімен арықтар салу, су өткізу құбырларын орнату нәтижесінде бұл мәселе күн тәртібінен түсті. Төтеншеліктер тұрғындарды биік ғимараттарда пайда болған мұз сүңгілерінен мейлінше сақ болуға шақырады. Қауіптің алдын алу мақсатында әлеуметтік нысандардың шатырын қар мен мұздан тазалау, қоршау белгілерін қою бағытындағы жұмыстар жүруде.

Төтеншеліктердің мәліметіне қарағанда, Орал қаласының оңтүстік аумағы мен саяжайларға қоса, Тасқала, Атамекен, І Шежін, Амангелді, Подстепный, Асан ауылдарында да қиындық тудыратын аймақтар бар.

Кеңес барысында аудан әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Әр үзілісте күй күмбірлейді

Күні: , 122 рет оқылды

Бүгінгі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында оқушыларға күйді насихаттау, ұлттық мәдениетімізді дәріптеу мақсатында мектептерде «100 күйдің тарихы» жобасын енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметіне қарағанда, өңірдегі барлық білім ошағына оқу-әдістемелік кабинеттің «100 күйдің тарихы» жобасы жолданған. Сол бойынша мектептерде үзіліс кезінде қоңыраудың орнына күй орындау енгізіліп  жатыр.

Жарқын бастаманы қолға алған білім ұяларының бірі – қаладағы №47 жалпы орта білім беретін мектеп. Мұнда әр үзіліс сайын қоңыраудың сыңғырының орнына  күй  күмбірлейді.

– Біздің мектеп 2015 жылдың қыркүйек айында бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан болатын. Сол алғашқы күндерден бастап «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру мақсатында мектепте қоңыраудың үнін күйге ауыстыру бағытында жұмыстар жүргізіле бастады. Мәселен, бүгін Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі қоңыраудың орнына орындалды. Үлкен үзіліс кезінде біз сол күйдің шығу тарихы, күй авторының өмірбаяны жөнінде мектептің радиоторабы арқылы баяндап отырамыз. Сонымен қатар балаларға ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында үлкен үзіліс кезінде асық ату, тоғызқұмалақ, сондай-ақ интеллектуалдық бағыттағы дойбы мен шахмат ойындары да ұйымдастырылады. Оқушылар күйді тыңдай жүріп, оның тарихымен танысады әрі ойын да ойнайды.  Уақыттарын тиімді пайдаланады.

Адам өз елінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуі, оған құрметпен қарауы керек. Әр бала мемлекеттің қамқорлығын сезініп өсуі керек. Сонда ғана ол бала мемлекетшіл азамат болып өседі. Осы бағытта мектепте көптеген жұмыс жасалып жатыр. Іс-шараларға атааналарды да тартудамыз, – дейді мектеп директоры Наталья Ергужиева.

Мектеп қоңырауында орындалатын күйлер күн сайын ауысып отырады. Бүгінде 24 мамырға дейін орындалатын күйлер белгіленіп қойылған. Мектепте 5, 6, 8-сыныптардың оқушылары үшін тоғызқұмалақ, ал 2, 3-сыныптардың шәкірттеріне асық ату үйірмелері  жұмыс  жасайды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Білім саласы инвесторларды күтеді

Күні: , 64 рет оқылды

Мемлекеттік-жеке  меншік  әріптестік  – кәсіпкерлерді  түрлі инвестициялық  жобаларға  тарта  отырып,  мемлекетпен  бірлесе  бизнесті  жаңа  белеске  шығаруға  мүмкіндік  беретін  ірі  жоба. Жеке  капиталды  тарту  арқылы инфрақұрылымды  дамытуға мүмкіндік  беретін  осынау  әріптестік  аясында  тұрғындарға көрсетілетін  қызметтердің  сапасы  да  артатыны  сөзсіз.  Бұл орайда  білім  саласына  инвестиция  тартудың  маңызы  зор.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті (МЖӘ) жүзеге асырудың қажеттілігі Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласында да көрініс тапқан. «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған Елбасы туған жеріне  қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым мен жастар өкілдерін қолдауға, ынталандыруға шақырады. Мемлекет басшысының «Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын құруға болады» деп баяндағанына қарап, мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту қаншалықты маңызды  екенін  аңғаруға  болады.

Бұл іске қатысуға ниетті жеке инвесторлар үшін елімізде қолайлы жағдайлар жасалып, заңнамалық базаны жетілдіруге баса көңіл бөлінуде. Аталмыш бағыттағы жұмыстар облысымызда да біртіндеп жолға қойылып келеді. Алайда  жемісін берді деп айтуға әлі ертерек. Мәселен, бүгінгі таңда Орал қалалық және барлық аудандық білім бөлімдері МЖӘ тәсілімен инвестор тарту бағытында кәсіпкерлермен түсінік  жұмыстарын жүргізді. Тек облыс орталығы мен Ақжайық, Сырым, Бөкей ордасы, Тасқала аудандарында аз да болса да нәтиже бар. Соған орай осынау аудандардың білім беру бөлімдерінің басшыларына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы аясында жоспарланған балабақшаларды салу және бөбекжайларды ұстау бойынша жер телімдерін заңға сәйкес тіркеуден өткізу жұмыстарын жалғастыру тапсырылды. Таяуда Тасқала ауданындағы Қ. Сәтбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу және оған сервистік қызмет көрсету бойынша жеке меншік әріптес айқындалды, бүкіл заңнамалық қағидаларды сақтай отырып, байқау өткізілді. Алайда келіссөздер кезінде келісімшарт талаптарына қатысты мәселе туындады. Соған орай құзырлы министрлікке хат жолданды, қазір ол мәселе  қарастырылу  сатысында.

Жалпы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік үдерісінің жүргізілу барысына  келсек, әр жобаның сипаттамасы әр түрлі. Жобаның сипаттамасына қарай мемлекет тарапынан қолдаулар қарастырылған. Мәселен, жеке әріптес 100 орындық балабақшаның құрылысын жүргізуге ниет танытты дейік. Ғимаратты толықтай іске қосу үшін (қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қосқанда) шамамен 300 млн. теңге қаражат қажет. Мемлекет пен жеке кәсіпкер арасында үш жылдан отыз жылға дейінгі аралықты қамтитын ұзақ мерзімді келісімшарт жасалады. Конкурстың талабына сәйкес, жобаға жұмсалатын қаражаттың 40 пайызын кәсіпкер өз қалтасынан шығарса, қалған 60 пайызына қол жеткізу үшін заңнамаға сәйкес банктен несие рәсімдейді. Банктен алған қаражат мөлшерінің пайыздық сыйақысын мемлекет тарапынан төлеу көзделген. Бұл да жобаны іске қосу үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың бірі. Кейбір жеке кәсіпкерлер МЖӘ-нің жүзеге асу тетіктерін әлі де түсінбейді. Қаражаттың белгілі бір бөлігін тапсам, қалғанын Үкімет береді деп санайды.

Ол дұрыс емес. Мәселен, бір жобаның құны шамамен 220 млн. теңгені құраса, бекітілген конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес байқауға қатысушы ұйымдастырушыға жобаның жалпы құнының 40 пайызы өзінің есепшотында жатқандығы туралы анықтама ұсынуы керек. Ал үміткердің ұсынған қаражаты байқау талаптарына сәйкес келмесе, конкурсты жүргізу рәсімі тоқтатылды.

Байқауды ұйымдастырушы жасақталған конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес жеке әріптестің инвестициялық шығындарын келісімшартта көрсетілген мерзімде өтейді. Сонымен қоса мемлекет тарапынан нысанның сипаттамасына орай барлық эксплуатациялық шығын өтеледі және мемлекеттік нысанды басқарғаны үшін сыйақы төленеді. Шығынның өтелуі айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне сәйкес іске асып отырады. Бұл жерде жеке әріптестің бизнесін ұзақ мерзімге дамытуға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуіне мүмкіндік беріліп отыр.  Ол қос  тарапқа  да  тиімді.

Әзірге өңіріміздегі білім саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асқан жобалар жоқтың қасы. Жұмыс енді жанданып келеді. Тіпті шалғай аудан-ауылдарда балабақша, мектеп саламын дейтін кәсіпкерлер там-тұмдап бой көрсете бастады. Әрине, оның қажеттілігін нақтылап, елді мекеннің демографиялық ахуалын зерттеп-зерделейтін – білім басқармасы. Бұған дейін жоспарлап қойған балабақшалардың жобалық құны 700 млн. теңгеден басталғандықтан, қомақты қаражат салатын инвестор табылмады. Бұл жобаға қызығушылық танытушылардың көбісі «Үкімет маған ақша береді, мен соны жаратамын» деген жаңсақ пікірдің жетегінде жүргендер. Сондықтан да біз жеке кәсіпкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын  жүйелі  түрде  жүргізудеміз.

Жалпы, жүзеге асырылатын жоба бойынша жеке әріптесті айқындау мақсатында конкурс заңға сай облыстық білім басқармасының сайтына және мерзімді басылым беттеріне жарияланып тұрады. Нысан, мүлік мемлекеттің теңгерімінде болған жағдайда МЖӘ жобалары жоғарыда  айтып өткен жүйе арқылы іске асады. Ал жеке әріптес мемлекетке өз ұсынымымен шыққан жағдайда оның өрбу жолдары басқаша. Меншігіндегі мүлікті немесе ұзақ мерзімге жалға алынған нысанды ұсыну үшін кәсіпкер БҚО білім басқармасына жолығып немесе хат жолдау арқылы өтінім бере алады. Басқарма мамандары жеке әріптеспен ұсынылған нысанның мүмкіндігін саралап, мемлекет тарапынан қолдау тетіктерін қарастырады.

Сөзімді Елбасымыздың «Біз сіздерге өз кәсіптеріңізді жандандырып, аяқтарыңызға тұрып кетуге көмектестік, қолдау көрсеттік, енді шаруаларыңызды өрістетіп, дәулеттеріңізді молайтқан тұста мемлекет те сіздерден ел экономикасын қарышты дамытуға көмектесулеріңізді талап етуге құқылы» деп кәсіпкерлерді мемлекеттік-жеке меншік әріптестікке белсенді қатысуға шақырған сөзімен аяқтағым келеді. Ендеше, туған ауылына, өңіріне, еліне қолұшымды беремін деген қалталы азаматтар әріптестіктің пайдалы жағын түсініп, қолдайды деген үміттеміз. Ал бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, дамытуға облыстық білім басқармасының мамандары мүдделі. Яғни инвестор, білім саласы сізді күтеді!

Самиғолла   СҮЛЕЙМЕНОВ,

облыстық  білім  басқармасы  бөлімінің  басшысы 


Сый-құрметке лайық жандар

Күні: , 95 рет оқылды

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында былай делінген: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек». Расында да бойында отаншылдық сезімі қалыптасқан жандар арамызда аз емес. Ал олардың арасында мүмкіндігі шектеулі адамдар кездессе, тіпті құба-құп. Елбасымыз атап көрсеткеніндей, тап сондай жандарды қолдап-көтермелеп отыру – маңызды іс.

Мүмкіндігі шектеулі жандар… Әдетте осы ұғым ойыңа түссе, белгісіз бір дәрменсіз жандар көзіңе елестейтін сияқты. Әрине, ондай адамдардың бары да рас. Алайда сол санаттағылардың басым көпшілігі жыланудан аулақ, барынша өздерінің қоғамға қажетті екеніне сенімділігін көргенде, еріксіз таңданасың. Мәселен, аяғынан айырылған бірінші топ мүгедегі тасқалалық Руслан Шахметовтың өнегесі  үлгі  етуге  әбден  лайық.

– Мал өсіріп, жем-шөп дайындаумен айналысамын. Қожалығымның атауы – «Әскербек». Жеке кәсіппен айналысқаныма биыл 14 жыл толмақ.

Жалпы, жалғыз емеспін. Қарауымда Дархан, Әлібек, Шоқан сынды қажырлы жігіттер бар. Бірақ бәріне бас-көз болып жүрген өзім. Әзірге ісіме көңілім толады. Келешекте де қалыпты жұмысымды жалғастыра беремін. Ешкімге де алақан жаймай, өз күніңді өзің көргенге не жетсін?! Мемлекеттен де несие алып көргенім жоқ. Бар мүмкіндігімді пайдаланып, өмір сүріп жатқан жайым бар, – дейді  Тасқала ауданы, Атамекен ауылының тұрғыны Руслан Мұхамбетрақымұлы. Жылқы баптап, қой-ешкі, сиыр өсіретін ол атбегіліктен де аулақ емес. Кейбір сәйгүліктері талай бәйгеге қатысып, иесіне екі көлік «сыйлапты». Оның мемлекетке иек артпайтыны былай тұрсын, тіпті өткен жылдары Қазақстан ауылдық округі аумағындағы екі көпірді өз есебінен жөндеткен екен. Міне, бұл да нағыз азаматтық іс. Ал оның жерлесі, үшінші топ мүгедегі Лидия Қалиева (суретте) да кәсіпкер. Ол ет және жартылай ет өнімдерін дайындап сатады.

Тағы бір тасқалалық Майсура Ахметова арбаға таңылғанына қарамастан, дүкен ашып отыр. Сөйтіп үш кәсіпкер де қажырлы еңбегімен қатар, жекелеген жерлестеріне жұмыс тауып берді. Тілге тиек етсек, өткен жылы аталмыш ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша Мерей ауылдық округінің тұрғындары Сапарғали Ахметов пен Әбілхайыр Жәкиевтер мемлекеттен тиісінше 1,5 млн. және 5 млн. 220 мың теңге несие алып, шаруасын дөңгелетуде. Басқа аудандарда да белін бекем буып, тәуекелді мұрат тұтқан мүмкіндігі шектеулі жандардың саны көп. Мәселен, шыңғырлаулық «Табын» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Болат Жандәулетұлы 1 млн. несие алып, халыққа қызмет көрсетуде. Теректілік Нұрлыбай Қапизов 3  миллион теңге несие алып, мал өсіреді. Атакәсіппен ордалық Асылбек Башпақов та айналысады. Оның осы мақсатқа алған несиесі –  2 млн. теңге.

– Қазір облыста 120-дан астам сол санаттағы адамдар еңбек етіп жүр. Бізге әлі де белгісіз немесе кәсіпті жаңадан бастап жатқандар қаншама?! Олардың шамамен 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысуда. Басым көпшілігі Ақжайық ауданында тұрады. Оларға мемлекет тарапынан несие беру  ісі де жақсы жолға қойылған. Жергілікті мемлекеттік құрылымдар аталмыш адамдарды барынша қолдап, көмек көрсетіп отырады.  Біз соған ризамыз, – дейді облыстық мүгедектердің ерікті қоғамының төрағасы  Жұмажан  Қожжанов.

Мемлекет мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге тек қаржылық жағынан қолдау көрсетумен бірге оларды «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша оқытып алуға да мән береді. Өйткені қай тың істі бастарда тәжірибемен қатар кәсіпкерлік жөніндегі терең білімнің де маңызы зор. Демек, 20 мүмкіндігі шектеулі адамның қазір аталмыш бағдарлама бойынша оқуының келешекте  өздеріне  пайдасы  мол  болмақ.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Басты мақсат – қауіпсіздік мәселесі

Күні: , 432 рет оқылды

Ата Заңда мемлекетіміз зайырлы екені көрсетілген. Соған сәйкес 1992 жылы «Діни сенім және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданды. Заң қабылданғаннан кейін еліміздегі діни ахуал өзгерді. Заман талабына сай заңнама талаптарын жетілдіру қажет болды. 2011 жылы аталған заңның жаңа жобасы талқыланып, күшіне енді. Дейтұрғанмен былтырдан бастап мемлекет пен діни ұйымдардың арасындағы қарым-қатынасты реттеу, қоғам сұранысына сай құқықтық мәселелердің шешімін табу бағытында заңнама талаптарына енетін өзгерістер қоғамда кеңінен талқылануда. Бұл реформадан қандай жаңалықтар күтеміз? Осы жайында облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатовпен сұхбаттастық.

– Саялбек Махамбетұлы, діни ахуалды реттеу әлі күнге өзекті мәселе ретінде саналуда. Соған сәйкес заң жобасына енетін жаңа баптардың ерекшеліктері жөнінде  айтсаңыз.

– Құқық, заң  мәселесі қоғамдық қатынастарға байланысты өзгеріп тұрады. Биыл Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын талқылауда. Заң жобасында адамның діни сенім бостандығы қорғалатыны, сонымен қатар атеистік көзқарасы болуына қатысты ешкімді жазғыруға жол берілмейтіні көрсетілген. Себебі Құдайға сенбейтіндерге діндарлар тарапынан қысымшылық көрсетілетіні айтылып жатады. Радикалдық көзқарастағы адамдардың Құдайсыз деп айыптауы, осының салдарынан адамның үрейде болуы мемлекеттің зайырлылық ұстанымдарына қайшы. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның соңғы жобасына «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, дінге көзқарасы себептері бойынша жеке және заңды тұлғалардың азаматтық құқықтарын бұзуға немесе дінге сенушілердің немесе дінге сенбеушілердің сезімдері мен қадір-қасиеттерін қорлауға жол берілмейтіні» туралы бап енгізілген.

– Әлі күнге көшеде қара жамылып, бетті тұмшалау, сақал қою мен балақ қысқарту секілді қоғамдық көріністер дауға айналып тұр. Заң шеңберінде бұған қатысты нормативтік актілер қарастырылып  жатыр  ма?

– Айта кетейін, деструктивті діни ағымдардың сыртқы көріністерін қоғамда насихаттау мәселесі жан-жақты сарапталуда. Бетті бүркеп, ниқап киюдің дәстүрлі діни танымға қайшы екенін көптеген азамат айтуда. Ең бастысы, бұл – қоғамдағы қауіпсіздік мәселесі. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енетін 434-2-бапта «бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге қатысты заңнама талаптарын бұзу жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға негіз болатыны» көрсетілмек. Дін адамдары мұны жеке бас құқығына, діни сенім бостандығына қайшы деп қабылдамауы керек. Бет-әлпетін бүркеген адам, шын мәнінде, нені көздейді? Оны біз білмейміз. Осы тұрғыдан алғанда, қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Ал сақал қою, балақ қысқарту, кейбір халықтың діни киімін киіп алып жүру – мұның бәрі кешенді түрде қарастырылады. Сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоса алғанда, деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын айқындайтын белгілер уәкілетті, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер құрылымдарының бірлескен нормативтік-құқықтық актісінде бекітіледі. Адамның діни сенімі мен сыртқы киіміндегі өзгерістер сарапталып барып, қосымша бекітілетін заңнамалық актілермен жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

– Шетелде діни білім алып жатқандарды қадағалауға алу амалдары күшеюде екенін білеміз. Заңнама аясында қандай талаптар қойылмақ?

– Жастар шетелдік күмәнді діни оқу орындарына кетіп қалып жатыр. Қазіргі уақытта бакалавр дәрежесі бойынша негізгі білімді еліміздегі ЖОО-ларда алу мәселесі қаралуда. Қазақстандағы теологиялық оқу орындарында оқығаннан кейін шетелге ҚМБД жолдамасымен барған дұрыс. Елімізде Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті мен тоғыз медресе бар.

Медреселердің біреуі Орал қаласында орналасқан.

– Христиандық және басқа бағытта діни білім алу мәселесі ше?

– Еліміздегі православтар Мәскеу епархиясына бағынады. Олардың Алматыда діни семинариясы бар. Мәскеуге тікелей бағынғаннан кейін мамандарды оқыту мәселесін өздері шешеді, бірақ миссионерлердің бәрі біздің құрылыммен келісім жасайды. Шетелдік діни бірлестік өкілдері арнайы бұйрықтарымен, жолдамасымен келеді.

Айта кетейін, заңнама талаптарында өзге діни бірлестік өкілдерінің ұсыныс-пікірлері де ескерілмек. Мәселен, діни ұйымдар республикалық, аймақтық, жергілікті болып үшке бөлінеді. Соның ішінде, аймақтық діни бірлестік құру үшін 500-ден кем емес ҚР-ның азаматын тіркеуі және олар екі облыстың немесе екі қаланың тұрғындары болуы керек. Енді жаңа заң жобасы бойынша бір облыстан 500 адам жиналса, діни бірлестік құруға рұқсат етілмек. Сондай-ақ гуманизм ұстанымына сай әкімшілік санкцияларды жеңілдету, заңнама талаптарын бұзған жағдайда алдымен  ескерту беру қарастырылуда.

– Мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы айырым ұстанымына қарай құқықтық реттеудің жаңа талаптары еніп жатқаны рас па?

– Заңнама аясында мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің  қызметкерлеріне бірнеше шектеу қойылады. Біріншіден, мемлекеттік қызметкерлер өзінің қызмет бабын діни бірлестіктер мүддесі үшін пайдаланбауы қажет. Екіншіден, мекеме басшыларының өз қарамағындағы адамдарды діни бірлестікке тартуына, яғни үгіт-насихат жүргізуіне тыйым салынады. Кейбір басшылар өзінің діни ұстанымына байланысты ұжым мүшелерін алалауы, мәжбүрлеу шараларын еркінен тыс қолдануы мүмкін. Үшіншіден, мемлекеттік қызметкер діни бірлестіктердің құрылтайшысы немесе бастамашысы бола алмайды. Бюджеттік мекеме өкіліне үшінші нұсқаудың қатысы жоқ. Әрине, Ата Заңымызда жазылғандай, мемлекеттік қызметкерлердің діни сенім бостандығына қысым жасалмайды. Мәселен, жұмыс кестесінен тыс уақытта қалаған діни құл-шылығымен шұғылдана алады.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ


Еркін күрестің оғланына құрмет

Күні: , 116 рет оқылды

Таяуда Орал қаласындағы ОЖСШМ спорт залында Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, өңірімізге танымал балуан Ерген Орынбасаровтың жүлдесіне арналған 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен ел біріншілігі өтті.

– Ерген ағамыздың спорт саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бапкерлік қызметі де жоғары деңгейде, ол – бірнеше мықты шәкірт тәрбиелеген жан. Міне, осы орайда Ерген Елеусізұлының жүлдесіне байланысты республика көлемінде ауқымды шара ұйымдастырылуда. Облысымыздағы спорттың дамуына зор үлесін қосып жүрген ағамыз – батысқазақстандықтардың мақтанышы, – деді турнирдің ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы  Асылбек  Өтешов.

Ерген Елеусізұлына жерлестері атынан игі тілегін арнаған Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов оның иығына қазақы салт-дәстүр бойынша шапан жапты. Пайғамбар жасына жетіп отырған Ерген ағамызға әріптестері мен шәкірттері тілектерін арнап, сый-сияпат  көрсетті.

Еліміздің әр өңірінен бағын сынағалы келген 250-ге жуық балуан боз кілемде терін төгіп, барын салды. Боз кілемдегі белдесулерге Ресейден келген балуандар да қатысып, жарыстың мәртебесін биіктетті.

Екі күнге созылған жарыс нәтижесі бойынша жергілікті балуандар арасынан  Мейрамбек Силыбаев (29 келі, Бөрлі) пен Қазбек Бақытов (47 келі, Сырым) белдесулерін сәтті аяқтап, жеңіс тұғырынан көрінді. Кавказдық балуандардың осал болмайтындығын Сандмагамед Армадов (32 келі, Шешенстан), Саид Бараханов (35 келі, Ресей), Хамзат Астамиров (38 келі, РФ Шешенстан) және Григорий Саридис (66 келі, РФ Орынбор) сықылды спортшылар дәлелдеді. Көрші облыстардан келіп бағын сынаған Жангелді Өтеулі (42 келі, Маңғыстау облысы), Қожахмет Мырзақов (53 келі, Ақтөбе), Нұрбек Бекболатов (59 келі, Ақтөбе) пен Әлімжан Сәлімжандар да (73 келі, Ақтөбе) жарыстың биік сатысынан көріне білді. Турнир қорытындысында Қазбек Бақытов «үздік балуан», Саид Бараханов «үздік техникасы үшін» аталымдары бойынша марапатқа ие болды.

Жеңімпаз-жүлдегерлерге ұйымдастырушылар атынан диплом, медаль, кубоктар мен  бағалы  сыйлықтар  табыс  етілді.

Ахмед САДАЕВ,

бапкер (РФ Шешенстан):

– Бұл турнирге сегіз палуан әкелдік. Соның үшеуі алтын алды, біреуі күмісті олжалады. Ал екеуі қола жүлдені қанағат тұтты. Жалпы нәтиже жаман емес. Шешенстанда бұл спорт түрі жақсы дамыған. Атақты спортшылар баршылық. Бізде бәсекелес болатын елдердің қатарында қазақстандықтар да бар. Әсіресе, жас балуандардың болашағы қуантады. Балуанның бабы мен бағы осындай ірі жарыстарда ашылады. Өз басым Орал қаласына алғашқы рет келіп тұрсам да, табаным тигеніне қуаныштымын. Шәкірттерім де тәжірибе алмасып, біраз ысылды деп ойлаймын.

Қазбек БАҚЫТОВ,

жарыс жеңімпазы (Сырым ауданы):

– Ағаларымыздың жолын қуып, елім-нің туын биікке көтерсем деп армандаймын. Былтыр еркін күрестен әлем чемпионатының күмісін алған Нұрлан Бекжанов сияқты ауылдас ағаларымыз биік шыңнан көрініп жүр.

Соларға қарап біз де жігерленеміз. Туған жерім – Бұлдыртыдан көптеген танымал тұлғалардың шыққанына мақтанамын. Осы жарыста 47 келі салмақ бойынша күресіп, бағымды сынадым. Өткізген үш кездесу де оңайға соқпады. Барлығы да жақсы дайындықпен келген. Әсіресе, финалдық белдесуде орынборлық палуанды соңғы секундтарда 3:2 есебімен жеңдім. Болашақта  әлемдік  жарыстарда  топ  жарсам  деп  армандаймын.

Серікбай ЖҮКЕЕВ, спорт ардагері:

– Ергенмен жас кезімізден таныспыз. Ол Алматыда оқып жүргенде, мен Шымкентте білім алдым. Жарыстарда кездесіп, бір-бірімізге қолдау білдіріп жүрдік. Ол кездегі жарыстар қазіргіге қара-ғанда қиындау еді. Көптеген балуандармен белдесіп жеңсең ғана финалдық айналымға өтесің. Міне, сондай жарыстардан ысылып тәжірибе жинаған Ерекең кейін танымал балуанға айналды. Сол кездің мықтымын деген балуандарын ұтып, төрешілер мен жаттықтырушылардың көзіне түсті. Қазіргі таңда зейнет жасына жетсе де, әлі күнге спорт залдан табылып,  жастарға  білгенін  үйретіп  жүреді.

 

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


Халықты алдап, ақша жасаудың амалы ма? немесе тұрғындардың жанайқайын тыңдайтын кім бар?

Күні: , 138 рет оқылды

Тасқала ауылының тұрғыны Жаңыл Мұханалиева «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы Тасқала газ учаскесіне қатысты арыз-шағымын айта келді. Оның айтуынша, газ есептеуіш құрылғысын (счетчик) уақытында тексеруден өткізбегені үшін ешқандай ескертпей, базадан айырып тастап, мойнына 12 мың теңге жүктеп қойған.

Жетінші ақпан күні пайдаланған газдың ақшасын төлеуге барған Жаңыл Мұханалиева (суретте) кассир қыздан бір ай бұрын газ есептеуіш құрылғысының айырып тасталғанын, енді қайта қостыру үшін 12 мың теңге төлеуге тиіс екендігін естігенде, төбесіне жай түскендей болған.

– Түк түсінбей мекеме басшысы Ақылбекке кірдім. Ол «қалаға барыңыз» дегеннен басқа ештеңе деген жоқ. Ертесіне газ есептеуіш құрылғыны қалаға апарып тексеруден өткізгенімде, олар жарамды екенін айтты. Жарамды болса, мен неге 12 мың теңге төлеуім керек. Менің газ есептеуіш құрылғымның уақыты шілде айында біткен. Ай сайын газдың ақшасын төлеуге барып жүрміз, сонда неге ескертпеген? Әбден жеті ай өткеннен кейін барып естеріне түсіп жатыр ма? Неге осы уақытқа дейін ескерту қағазын (уведомление) бермеген. Мүмкін 12 мың біреуге ақша емес шығар. Алайда біз сияқты қарапайым тұрғындардың қалтасына кәдімгідей салмақ салатыны анық. Уақытында ескертілсе, мойнымызға пәленбай мың ақша іліп неміз бар, — дейді Жаңыл Мұханалиева.

Газ мекемесіне ашулы тек бір адам емес. Сонымен қатар Гүлжамал Жакиева есімді әжей де 43 766 теңге төлеуге тиіс болған. «Жолдасым газдың ақшасын төлеуге барғанда кассада отырған қыз «Сіздің 43 766 теңге абоненттік берешегіңіз бар» депті. Жолдасым ашуланып үйге келді «ай сайын кешіктірмей төлеп отырмыз ғой, қайдағы берешек?» деп. Содан мұндай ақшаны бұлар ауадан алып отыр ма деп газ мекемесінің басшысынан себебін сұрағанымызда, бізге газ есептеуіш құрылғының тексеруден өтуге тиіс уақыты шілде айында өтіп кеткендігін айтты. Бұл қалай сонда? Төлеп келген күндерді есептеп, алып тастағанда әлгі 43 766 теңгеден қазір 26 мыңы қалып отыр. Ай сайын ақша төлеуге бар-ғанда «Сіздің газ есептегіш құрылғыңыздың уақыты өтіп кетті немесе осындай уақытта тексеруден өткізуіңіз қажет» деп неге айтпайды. Уақытында ескерту қағазын неге жібермейді? Шілде айында жіберуге тиіс ескерту қағазын осы күні кеше әкеліп тұр. Ақша алуды біледі, ал ескертуді білмей ме сонда?! Газдың төлеміне 500 теңге жетпей қалса жетіп келеді, енді неге 43 мыңға барғанша айтпаған? Білмей жүре берсек, 100 мыңға дейін апарып қоятын түрлері бар. Газ есептегіш құрылғы әлі бес жылға дейін жарамды. Бір тиын да төлемеймін!» — дейді ашынған әжей.

Мәселенің анық-қанығын білмек болып, газ учаскесіне бас сұғып едік, басшысы Ақылбек Наурызов қандай бір пікір білдіруден бас тартып, «қалаға барыңыз» дегеннен әріге аспады.

Жазған құлда шаршау жоқ. «Қалаға барыңыз» деген соң «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы ішінен орын тепкен «РЦКУ-Уральск» ЖШС-ның директоры Ерлан Мырзабековпен тілдестік.

— Газ есептегіш құрылғының жарамды уақыты бес жылға дейін. Бес жылдан соң міндетті түрде тексеруден өткізу қажет. Егер уақытында тексерістен өтпесе, нормативтік аударыммен әр адам басына есептелінеді. Бір адамға 10 теңге 6 тиын. Сосын көпшілікке ашық келісімшарт деген бар. Онда абоненттің барлық міндеттері жазылып тұрады. Біз үш ай бұрын әр абоненттің түбіртек қағазының (квитанция) астына «Сіздің газ есептегіш құрылғыңыз осындай уақытта тексеруден өтуі қажет» деп жазамыз. Бірақ бұлай жазу немесе ескерту қағазын (уведомление) жіберу біздің міндетімізге кірмейді. Газ есептегіш құрылғыны абоненттердің өздері қашан, қай уақытта тексертетінін білулері қажет. Енді сіз айтып отырған тұрғындардың наразылығына келетін болсақ, газ есептегіш құрылғының тексерістен өткізгендігі жөнінде сертификатпен бізге келсе, бір айдың нормативтік аударымын алып тастаймыз, — дейді Е. Мырзабеков.

«Түбіртектің астына ескерту жазып отырамыз» деген соң, біз де түбіртекке үңіліп көрдік. Көзі нашар көретін адам былай тұрсын, орыс тілінде жазылған ондағы тым ұсақ жазуды сау адамның көзі әрең көреді екен. Жарайды, осы тұста тұрғындарға газ есептегіштің тексеруден өтуге тиіс уақытының өтіп кеткендігі неге бір-екі айдан кейін емес, бақандай жеті айдан соң айтылады? Әлі қанша адамның дәл осылай сең соққан балықтай сенделіп жүрерін бір Құдайдың өзі біледі енді. Әлде бұл да аңқау халықты алдап соғып, ауадан ақша жасаудың бір амалы ма?

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала  ауданы


Киіктің көз жасы

Күні: , 137 рет оқылды

Бір топ киік ымырт үйіріле Сағат көпірінің жазығына тұяқ іліктірген. Күзде орылған қылтанақсыз қырына аял-дамай, жыңғылды ойына ойысқанда, шүйгінді шөпке ілікті.

Қары сәл қалыңдау болса да, қарын тойғызарлық екен. Шағын үйір қадала тебіндеді.

Үйір шетіндегі кәрі теке басын жерден жұлып алды.

Құлағына гүріл естілгендей болған. Қауіп қылар ештеңе жоқ. Екі аяқтылар бұл жолы да айласын асырған екен. Ық жағындағы сайдан шыға келген машина бұларға тіке тартты. Сәл аңыраған киіктер жан ұшыра қашты.

Прожектордың өткір жарығы үйірдің үстінде үйіріліп  жүр. Қалың  қардан еркін жүре алмаған УАЗ көлігі ауыр ыңыранады.

Екі ара әп дегенде алшақтай түскенмен, киіктер қара үзіп кете алмады.  Қалың қар оларға да оңай соқпай келеді. Қашанға шыдарын кім білсін?!

Қалың қарға киліккен бір ешкі кейіндей берді. Кәрі теке іркіле тосқан. Бүгін ғана күйектен өткен жас шыбыш. Әдемі жанары үрейге толып, дәрмені құрып қалыпты. Құрсағында мұның ұрығы «еркек тоқты құрбандық» құтқару керек. Ішкі түйсігі.

Теке шабысын тежеп, үйірді алға асырды да, бір бүйірге қиыстай тартты. Қуғыншыларға да керегі теке еді. Соңына түсті. Ұлы қуғын. Желмен ойнап, құспен жарысып, шабыс тілеп, жеп-жеңіл жүйткитін күндерінің келмеске кеткенін кәрі теке түйсінді.

Тынысы тарылып, төрт аяқтан әл кетіп барады. Гүріл жақындай түсті. Бір ғайыптан болмаса, құтылуы қиын-ды.

Сағат сайына су түсіретін жіңішке жыра қарға толып тұр екен. Бұрылып үлгермеген теке созыла секірді. Текені өкшелеп қалған УАЗ-да тоқтай алмады. Салдыр-гүлдір… Гүріл дыбысы өшті. Самбырлаған екі аяқтылардың даусы ғана естіледі. Бұл кезде шабуға дәрмені қалмаған теке аяңмен қырға қиялап бара жатты.

*  *  *

Иә, ақбөкендер не көрмеді дейсіз?! Көбейген де, қырғынға ұшырап, құрып кетуге аз қалған кездері де жиі қайталанып келеді.

Бұрын сары даланы еркін кезіп, қыр мен ойды тегіс алып, ыңырсып жататын бөкендер қазір Қазақстан, Ресей, Моңғолия жерінде ғана кездеседі. Негізгі массасы, яғни 80 пайызы Қазақстан жерінде.

Иә, екі аяқтылар 1950 жылдан 1990 жылға дейінгі кезеңде бұларды бағалы кәсіптік аң деп қарады.

Азық-түлік, химиялық өнеркәсіп, денсаулық сақтау қажеттілігі үшін деп жаппай аулап, еті мен терісі, мүйізі үшін аз қырғынға ұшыратқан жоқ.

Қазақстандағы киіктің құрып кетуге аз қалған кезі 2003 жыл еді. Сол жылы бар-жоғы 21,1 мың ғана киік қалған екен. Содан 2014 жылға дейін бөкен саны тәп-тәуір артып, 256,7 мыңға дейін жетті. 2015 жылы қайта жұтап, киік саны үш есе кеміп, 84,3 мыңға түсті.

Ресми деректер бойынша 2017 жылы қазақ даласында 152,6 мың киік бар дейді, кім білсін?..

Екі аяқтылар айтқан «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» деп, бұларды құрып кетуден сақтап жүрген табиғи қолайлы жағдай туғанда өсімге ерекше бейімділіктері. Бұлар екі аяқтылар құсап жетімін далаға тастаған емес. Адасып қалған лақты тап келген ешкі исіне емізіп, қарнын тойғызып кете береді. Соның арқасында лақтар аман сақталып, тез көбейе алады.

Оның үстіне екі аяқтылардың бұларға мейірімі түсетіндері де бар. Бір жылдары Қазақстанда киікті аулауға тыйым салатын қаулы қабылдады. 1996 жылы Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл кітабы тізіміне енгізді. Тіпті киік санын қалпына келтіру бағдарламасы жасалып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі көп тараптық келісімдер мен халықаралық өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі беделді ұйымдармен ынтымақтық жасады.

1999 жылы киікті табиғаттан алуға толық тыйым енгізді.

Өкінішке орай сондай шаралар алынып жатса да, жергілікті жерде аулау тыйылмады. Оның үстіне ара-тұра індет жайлаған кездер де бар. Осындай жағдайлардан Қазақстандағы киік саны 2003 жылы 21,1 мың ғана болып, ғалымдарды алаңдатқан еді.

Адамдарды түсініп бола ма?! Бұларды қамқорлыққа ала бастады. 2011 жылға дейін киікті аулауға жан-жақты тыйым салу, басын сақтап, санын қалпына келтіру бағдарламасын әзірледі.

2003  жылы ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жүйесінде жануарлар жүйесін мемлекеттік қорғау жөніндегі республикалық  мамандандырылған қызметін ұйымдастыру көп қорған болды. 2010 жылы Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен 2020 жылға дейін киік аулауға тыйым салуды енгізді.

Қазіргі кезде жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі республикалық мамандандырылған қызметі киік мекендейтін барлық өңірді қамтиды. Қарамағында 16 тірек пункті кіретін 250 инспекторы бар. Олар жол талғамайтын аутокөліктермен, спутниктік радиобайланыспен, оптикалық және навигациялық  аспаптармен, фото және бейне аппаратуралармен, нысанды киім-кешек, табельді қарумен, Ми-2 тікұшақпен қамтамасыз етілді.

Алайда аулаушылар аздап айылын жиғанмен, реті келгенде қырып кетуін әлі қойған жоқ. Бүгінгі қуғын осының көрінісі еді.

Неге екенін қайдам, екі аяқтылардың құмары бұлардың мүйізіне түсіп отыр. Мүйізді киік көрсе, қалайда қағып алуға тырысады. Өткен 2017 жылы облыс бойынша заңсыз киік аулаған 44 іс тіркелсе, оның 15-сі Жаңақала ауданынан еді. Облыс бойынша 23 іс сотта қаралып, жаза алынса, оның үшеуі де осы ауданға тиесілі.

*  *  *

Иә, шекеге біткен екі мүйіз текелердің сорына айналды. Биылдың  өзінде қанша қуғын көрді.

Ең үлкен қуғын жақында Көпжасар даласында болды. Қуатты көлік мінгендер теке біткенді қырып, даланы қан сасытып кетті. Періштесі қаққан шығар, бұл сол қырғыннан аман қалып еді.

«Әкемді алған Құдайға да сенбеймін» деген қорғаушыларға да сенім болмайды екен. Тіпті солардың кейбіреуі реті келсе, мүйізіңді қағып алуға немесе аулаушыларды ізіңе салып жіберіп, олжаны бөлісіп алуға әзір  тұратын сияқты.

Жалпы, мүйізді қымбат бағаға сатып алушыларға неге тыйым салынбайды екен? Ақшаға қызыққандар теке көрсе, көздері қызарып кетеді.

Сілесі құрып ұзақ жатқан кәрі теке таң атып кеткенін, тұру керегін түйсінді. Екі саны ұйып қалғанын сезді. Екі ұмтылып барып қайта жатты.

Машина гүрілі жақындап келеді. Таяу келіп тоқтады. Дабырлаған адам дауыстары. Бұған енді бәрібір сияқты, тұруға да, қашуға да ниет қылмады, қылса да оған халі жоқ-ты.

– Нән теке екен…

– Бұйырған деген осы. Екі мүйізі жарты келіден де асатын шығар?..

– Не істейміз? Бауыздайын ба?..

– Уақыт алып қайтесің, мүйіздерін кесіп ал.

Тізесімен кеудесін басқан екі аяқты мүйізін аралауға кірісті.

Ауыр салмақтан тынысы тарылып, тұяқ серпуге жарамай жатқан шарасыз текенің көзінен мөлдір моншақ домалады.

Теке есін жиғанда, екі аяқтылар көліктеріне мініп, жүріп кеткен еді.

Екі шекесі сынып барады. Не болғанын түсіне алмады.

Есіне күй тартқан жас шыбыш үшін жас текешікпен болған соңғы шайқасы түсті. Екеуі екпіндей ұмтылып, сарт соғысқан. Кәрі текенің миы аузына түскендей болды.

Есі барда кетуді ойлаған. Жоқ, жас теке майдан даласын тастап барады екен. Жеңіс дәмі қандай тәтті! Шыбыш күйектен шықты.

Рахат-ай! Жаны жай тапқандай болды. Мүйіз орнының ауырғаны сезілмейді. Теке үзіліп кеткенін білген жоқ. Жабылмай қалған жанарында мөлдір тамшы тұрып қалыпты. Киіктің көз жасы… Адамдар неге қатыгез еді?..

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика