Мұрағат: 07.03.2018


Ардақты аналар мен әпкелер, қадірлі замандас құрбылар мен қарындастар!..

Күні: , 78 рет оқылды

Баршаңызды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ елі ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған ширек ғасырдан астам уақыттан бері Отанымыз қандай жетістіктерге қол жеткізсе, соның бәрінде сіздердің үлестеріңіз зор. Сіздердің мұндай тарихи миссияларыңызды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәртебелі басқосу, алқалы жиындарда ризашылық сезіммен талай мәрте қоғамдық санада, ел-жұрттың жадында  жаңғыртып келеді. Сонымен қатар Елбасы әйелдер қауымының қызметтік жауапкершілігін, ортақ іске деген ұқыптылығы мен тындырымдылығын жоғары бағалайды. Міне, осы үдеден шығып, халық шаруашылығының әр саласында мінсіз қызмет атқарып, еселі еңбек етіп жүрген Ақ Жайықтың арулары мен сұлулары аз емес. Әрдайым ер-азаматтардың сенімді серігі ретінде сый-құрметке бөленіп, бақ-берекеге кенеле беріңіздер!

«Гүл өссе, жердің көркі, Қыз өссе, елдің көркі» және «Әйел үйге кірсе, шуақ енеді» деген халқымыздың даналығы сіздердің тек бір шаңырақтың шамшырағы ғана емес, жалпы, мына күллі жарық дүниенің шуақ-сәулесі, мейірім-нұры екендеріңізді айшықтай түседі. Сіздер ана ретінде күні ертең-ақ Отанымыздың арқа сүйер тұлғаларына айналар ұл-қыздарымызды тәрбиелеудесіздер. Перзенттеріңіз ата-анасынан алған тәлім-тәрбиеге қоса, білім-білігі мен пайым-парасатының арқасында Мәңгілік елдің өмірлік көшін өркениеттің керуеніне ілестірер қайраткер болып қалыптассын.

Төл мейрамдарыңызға орай бәріңізге де бірінші байлық – денсаулық, айналаңызға түгел амандық, жанұялық жарасым мен баянды бақыт, ал перзенттеріңізге жарқын болашақ тілеймін!

Игі  тілек,  ізгі ниетпен:      

Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі            А.  КӨЛГІНОВ


Оқушыларды заманауи дағдыларға тәрбиелеуге мән берілмек

Күні: , 387 рет оқылды

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен мектептің қамқоршылық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңес барысында  мектеп директоры Тимур Нұркешов сөз алып, білім ордасының жетістіктері мен білім беру саласындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Бұдан соң Сырым ауданындағы М. Қаналиев атындағы ЖОББМ директоры Сәлмен Ибрагимовтың, Қызылағаш ЖОББМ директоры Шара Сұлтаниярованың, Қазталов ауданындағы Жақсыбай ЖОББМ директоры Зәмзагүл Байжанованың, Орал қаласындағы Круглоозерный ЖОБММ директоры Аслан Шахаровтың және №16 ЖОББМ директоры Мария Кабакованың баяндамалары тыңдалды. Олар – өткен жылы облыс әкімі Алтай Көлгіновтың ұсынысымен жас мектеп директорларына қолдау көрсету мақсатында қолға алынған «Principals’ Circle» жобасының қатысушылары. Қалалық, аудандық және ауылдық мектептердің директорлары аталмыш жоба аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында тағылымдамадан өтіп, орта білім берудің жаңартылған мазмұндағы бағдарламасы және НЗМ тәжірибесін тарату мақсатында көптеген іс-шараға қатысты. Жалпы, өткен жылы 35 мектеп директоры тағылымдамадан өтсе, ол биылғы екі ай ішінде аудандық білім беру бөлімінің бес әдіскері білімдерін жетілдірді.

– Теориялық білімімізді жетілдірумен қатар, заманауи менеджер-басшыға қажетті дағдыларды меңгердік. Зияткерлік мектептің тәжірибесімен етене танысып, көрген-түйгенімізді мектебімізде кәдеге асыруға кірісіп те кеттік. Мәселен, «Креативті байқаулар», «Оқушы дауысы», «Сөйлейтін қабырғалар», «Шаңырақ» сияқты жобаларды қолға алдық. «Менің туған көшем», «Менің қалам», «Менің шежірем» зерттеу жұмыстарын, «Қоғамға адал қызмет етем» қайырымдылық акциясын өткіздік. Нәтижесінде ата-аналардың оқу-тәрбие жұмысына араласуы екі есеге артып, оқушылардың білім көрсеткіші жақсарып отыр, – деді Орал қаласындағы №16 мектеп директоры Мария Кабакова.

Ал Круглоозерный жалпы білім беретін орта мектебінде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде оқушылардың ораторлық қабілетін шыңдайтын «ТЕД-спикер» атты жаңа жоба басталған. Мектепте үш жылдан бері «Бірге оқимыз» жобасы аясында оқушылар сынып сағаттарында түрлі жанрдағы кітаптарды оқып, талқылайды. Сондай-ақ жобалық-зерттеу қызметін жүзеге асыруда «Әкелер клубы», «Туған елге тағзым» және т.б. жобалар қолға алынған.

Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген қамқоршылық кеңес төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов мектеп директорларына оқушыларды заманауи дағдыларға тәрбиелеу, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруіне көбірек көңіл бөлу, сонымен қатар білім алушылардың қауіпсіздігі мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін баса айтты.

Бұдан бөлек, қамқоршылық кеңес мүшелерінің өзге де ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жиынға қатысушылар Қазақстанның интеллектуалды әлеуетін дамытуда алдағы уақытта да бір-бірімен кеңесіп жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Кеме «жанының» инженері

Күні: , 123 рет оқылды

Бұрын ер-азаматтардың кәсібі саналатын мамандықтарда соңғы кездері нәзік жандылардың саны жыл санап артып келеді. Сондай мамандықтың бірі – инженер.

Латын тілінен аударғанда «Ingenium» деген сөз өнертапқыштық, жасампаздық деп аударылады екен. Яғни бұл мамандық иелері жаңа, ерекше, қайталанбас дүниені ойлап табуға деген бейімділігімен ерекшеленеді. Біздің кейіпкеріміз, қаламыздағы «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ-ның инженер-конструкторы Татьяна Пономорева да бала кезден айрықша техникалық құ-рылғыларға бір табан жақын болды.

– Мен Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Азов теңізі маңындағы шағын деревняда дүниеге келдім. Балалық шағымыз теңіз жағасында өткендіктен, түрлі су техникаларын көріп, оларды ұстап, қызықтап өстім. Жалпы, техникаға бейімділігім әкем жағынан берілген деп ойлаймын. Себебі, әкем механик болса, атам – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Петербургте арнайы инженерлік білім алған жан. Алайда ол соңынан репрессияға ұшырап, атамыз туралы мәліметтердің бәрі жойылып, атам жөнінде айтуға тыйым салынды. Соған орай оның бұл бағыттағы еңбектерінен бейхабармыз.

Мектеп бітірген соң Қырғыз еліне қоныс аудардық. Алғашында Фрунзе қаласындағы техникалық училищеде оқыдым. Бұл оқу орнын үздік аяқтағаннан соң, прибор зауытында еңбек жолымды бастадым. Міне, осында жүріп, әріптес аға-апаларымның қолынан шыққан түрлі техникалық бұйымдарға қызыға қарайтынмын. Осынау қызығушылық мені Ленинград кеме жасау институтына алып келеді.

Мұнда алты жыл білім нәрімен сусындап, инженер-механик мамандығын алғаннан кейін жолдамамен Оралға келдім. Сол кезде бұл өндіріс орны Ленинградтағы «Гидроприбор» орталық ғылыми зерттеу институтының филиалы болып табылатын. Міне, қырық жылдай уақыт осында еңбек етіп келемін, – дейді  Татьяна  Анатольевна.

Ол инженер болып қызметін бастаған кезде КСРО-да түрлі мақсатқа арналған су асты аппараттары көптеп шығарыла бастады. Мұндай құрылғы атаулысы Қазақстан бойынша «Гидроприбор» ҒЗИ-да дайындалды. Т. Пономарева суға құлап жоғалған техникаларды іздестіру мен ғылыми-зерттеу істеріне арналған «Омар» сынды аппараттардың басқару құрылғыларын, электрмен қамту жүйелерін жасауға белсенді  түрде  қатысты.

Ал еліміз егемендік алғаннан соң машина жасау бағытындағы мұндай қызметке деген сұраныс күрт азайды. 1993 жылы Елбасының бастамасымен қабылданған кеме жасау өндірісін дамыту бағдарламасы бұл өндіріс орнына жаңа тыныс берді десе де болады. Аталмыш бағдарламаға сәйкес «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ кеме өнімдерін жасауға бет бұрды. Нақтылап айтқанда, мемлекет тарапынан кәсіпорынға бұл бағытта жобалық құжаттамаларды дайындау мен шағын кемелерді құрастыру жүктеді. Бұрын күрделі су асты машиналарын дайындауға төселіп қалған оралдық өндіріс-шілер жаңа бағытқа тез бейімделе білді. Мәселен, тәуелсіз Қазақстанда алғаш шығарылған ке-менің бірі – «БМРК-101» шағын кемесін дайындауға үш жылдай уақыт жұмсаса, одан кейінгілерін, бір-екі жылдың ішінде құрастырып шығарды. Сөйтіп, ширек ғасырдай уақыт аралығында мұнда әскери және азаматтық салаларға арналған 30 шағын кеме «дүниеге» келді. Қазір олар-дың бәрі республикамыздағы теңіз бен өзен-көлдерде жүзіп жүр. Ал пайдалану мерзімі аяқталған бойда кемелер заман талабына сай қайта құрастырып шығарылады. Осынау су техника-сының бәрінде кейіпкеріміздің айшықты  қолтаңбасы бар.

– 2015 жылы мұзжарғыш әрі сүйрегіш кеме құрастыруды бастадық. Мұндай бағыттағы кемені жасау республикамызда алғаш рет қолға алынуына байланысты біраз қиналдық. Әрі ол биік болғасын, зауыттың ауласында дайындалды. Күз-қыс мезгілдерінде сыртта жұмыс істеу оңай болған жоқ. Соған қарамастан, әріптестерім оны уақтылы әрі сапалы құрастырып шығарды. «Қажымұқан» атауын алған бұл кеме 2016 жылдан бері Каспий теңізінде өз қызметі бағытында пайдаланылуда.

Жалпы, мен кеменің басқару пульті бойынша инженер-конструкторымын. Өз салама қатысты айтар болсам, біз ешқашан еш нәрсені сатып алған жоқпыз. Бәрін де өзіміз сызбасын сызып, жобасын жасап, заманауи үлгіде дайындап шығарамыз және оған негізінен отандық материалдарды қолданамыз. Тапсырыс берушілердің алғыс айтып, жақсы баға беруіне қарағанда, шығарған өнімдеріміз көпшіліктің көңілінен шығып жатқан сияқты, – дейді инженер  әйел.

Бүгінде зауыттың конструкторлар тобына жетекшілік ететін Татьяна Пономареваны әріптестері жоғары білікті маман ретінде ғана емес, сонымен қатар қиналған жанға қолын соза білетін, жастарға дұрыс жол сілтейтін шуақты жан ретінде  үлгі тұтады. Ал біле білгенге, көпшіліктің мұндай ықыласынан  артық  сый  жоқ.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Александр МИРАНЕНКО, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ бас директорының орынбасары:

– Кәсіпорнымыз мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына белсене қатысып келеді. Бұл бағытта түрлі ғылыми жобаларымыз жүзеге асып жатыр. Осынау істе Татьяна Пономореваның еңбегі ерен. Яғни, ол – еліміздің индустрияландыру ісіне нақты үлесін қосып жүрген жан. «Қазақстанның құрметті машина жасаушысы» атағын алған Татьяна Анатольевна ҚР Индустрия және сауда, Қорғаныс министрліктерінің, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен, алғысхаттарымен марапатталды. Жалпы, Қазақстандағы кеме өндірісінде санаулы инженер әйел болса, ол солардың көшбасшысы іспетті.


«Ел игілігіне арналған оптимистік жоба»

Күні: , 76 рет оқылды

Кеше  өткен  облыс  активінің  жиынында  Елбасының «Президенттің  бес  әлеуметтік  бастамасы»  атты  халыққа  үндеуі талқыланды.  Жиынды  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  жүргізді.

Биылғы наурыз айы еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орын алып отыр. Бесінші наурыз күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүгінгі әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа ауқымды қадам жасау мақсатында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» халыққа ұсынды. Үндеуде Елбасының қазақстандықтар үшін маңызды мәселелерді шешу жөніндегі бастамалары қамтылған. Бүгінгі облыс активінің жиналысында осы мәселелерді талқылау үшін бас қосып отырмыз. Үндеу әлеуметтік бастамалардан тұрғаннан кейін ел тұрғындары арасында кеңінен қолдау табуда. Біздің өңір тұрғындары да жылы шыраймен қабылдады. Елбасы әлеуметтік бес бастаманың жүзеге асыру жолдары мен тетіктерін айшықтап берді. Бұл игілікті істердің барлығы да осы уақытқа дейін қол жеткізген бірлігіміз бен тұтастығымыздың нәтижесінде жүзеге асып отырғанын атап өтті. Алғыс айту күніне орай әрбір қазақстандыққа шынайы ризашылығын жеткізді. Өзге ұлт өкілдері қазақтарға алғысы ретінде төрт өңірде монумент орнатқанын айтып өткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Батыс Қазақстан облысын да ерекше атап өтті. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Бес әлеуметтік бастаманы Президенттің сөзімен айтар болсақ, «Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар  оптимистік жоба». Өңіріміздің экономикалық  дамуына тың серпін беретін осы бастамалар аясында облыста атқарылатын жұмыстардың бірқатарын атап өтуге рұқсат етіңіздер, – деген Алтай Сейдірұлы үндеуде көрсетілген бес бастамаға қатысты облысымызда атқарылар істерге жеке-жеке тоқталып өтті.

– Баспана – өзекті мәселе. Түрлі кездесулерде, азаматтарды қабылдауларда жиі қойылатын сұрақ та осы баспана мәселесі. Өңірімізде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 56 мың, ал баспана кезегінде тұрғандар саны 22 мыңнан асты. Президент қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы өңіріміздегі құрылыс саласының қарқын алуына оң септігін тигізуде. Соңғы екі жыл ішінде үш мың адам өз үйінің кілттерін алды. Оның ішіндегі 700 отбасы жетім-жесірлер, ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік топтар өкілдері. 2017 жылы құрылыстағы  өсім 42 процентті құрады. Осы межені түсірмес үшін Елбасының биылғы Үндеуі мен Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындайтын боламыз. Президенттің ұсынысына сәйкес, жаңа «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, сол арқылы облысымызда мыңдаған тұрғын баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алады. 2018 жылы облыс орталығында  екі мыңға жуық пәтерлі көп қабатты үйлердің құрылысын бастаймыз, аудандарда бір және екі қабатты 140 үй салынатын болады. Мемлекет басшысы жалақысы төмен жұмысшы азаматтарды қолдау мақсатында салық жүктемесін он есеге дейін азайтып, бір процент қана салық салуды ұсынды. Бұл өз кезегінде табысы төмен азаматтар үшін үлкен қолдау болары сөзсіз. Біздің өңірде ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатын азаматтардың саны анықталуда. Өңіріміздегі екі мемлекеттік университетте 3 135 студент грант арқылы білім алуда. Мемлекет басшысының ұсынысына сәйкес, тағы 20 мың білім гранты бөлінетін болды. Біздің  университеттеріміз бұл өзгерістерге кадрлық, материалдық-техникалық жағынан дайын болуы қажет. «Әлеуметтік бес бастамада» жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі ашық айтылды. Біздің өңірде де жатақханаға мұқтаж студенттер жоқ емес. Бүгінгі таңда 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Жоғары оқу орындарының 500, колледждердің 1750 студенті туыстарында немесе пәтер жалдап тұрады. Президенттің бастамасына сәйкес, жатақхана құрылысына көбірек көңіл бөліп, мемлекет пен жеке меншік әріптестігі қағидасында жұмыстануымыз қажет. Біз орта және кәсіптік оқу орындардың студенттеріне арналған жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, құрылысты бастаймыз. Президенттің 2050 жылға дейін Ішкі жалпы өнімдегі орта және шағын бизнестің үлесін 50 процентке дейін жеткізу туралы нақ-ты тапсырмасы бар. Қазір біздің өңірімізде бұл көрсеткіш 42 процентті құрайды. Биыл Елбасы  тапсырмасына сай бизнесті шағын несиелеуге 5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінуде. Бұл облыстағы іскерлік белсенділікті арттыруға айтарлықтай мүмкіндік береді. Инновациялық бизнес-жобаларды жүзеге асыру үшін мөлшері 100 АЕК-дан аспайтын гранттар бөлінеді. Сондай-ақ облысымыз бойынша екі мыңнан астам адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытудан өтпек. Үндеуде айтылған бесінші бағыт – газдандыру мәселесіне келетін болсақ, бұл орайда біздің өңірдің көрсеткіші едәуір жақсы. Алдыңғы жылы газдандыру жұмысын 93 пайызға жеткізген болсақ, өткен жылы бұл көрсеткішті тағы бір пайызға арттырдық. Өткен жылы 36 елді мекенге газ жүргізуді бастадық. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі таңда да жалғасуда, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. Ол сондай-ақ жиынға қатысқан әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен, жалпы жиылған жұртшылықты алда келе жатқан Көрісу мейрамы және дәстүрлі Наурыз мерекесімен  құттықтады.

Филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, мемлекеттік ғылыми стипендия иегері Рита Сұлтанғалиева, жеке кәсіпкер Сергей Гарский, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4-курс студенті Зарина Ықсанова, Серебряков мектебінің мұғалімі Бауыржан Зейнешов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» өздері қызмет атқаратын салаға, жеке өмірлеріне қатысты көңілдеріне қуаныш ұялатқан тұстарына тоқталып өтті. Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры Асхат Иманғалиев, «Стеклосервис» ЖШС-ның директоры Аркадий Рубцов та еліміздегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған аталмыш бағдарламаны қуанышпен қабылдағандықтарын  жеткізді.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Елбасының ана тілі туралы азаматтық сөзі шабыттандырды»

Күні: , 64 рет оқылды

Мереке қарсаңында айтыскер ақын,  Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязовамен сұхбаттасқан едік.

– Шолпан апа, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңындағы көңіл күйіңіз қалай?

— Менің ойымда көптен бері осы 8 наурызды бүгінгі Рухани жаңғыру заманында атай беруіміз керек пе деген сұрақ жүр. Тарихқа үңілсек, Халықаралық әйелдер күні 1910 жылғы Клара Цеткиннің үндеуінен соң әйелдерді құлдықтан, езгіден, жәбірлеуден, зорлық-зомбылықтан құтқару бағытында белгіленген мереке ғой. Мүмкін әлемнің кейбір елдерінде әлі де әйелдердің құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келетін жағдайлар бар шығар. Бірақ біздің елімізде соншама зорлық-зомбылық көріп, құлдықта жүрген әйелдерді мен өз басым көрмеймін. Сондықтан менің әйел ретінде жеке пікірім  елдіктің іргесін ерлер бекітуі керек, намыс туын ерлер көтеруі керек, әйелдер қоғамда тәрбиеші, тәлімгер ретінде ер-азаматтарға қолғабыс жасауымыз керек деп ойлаймын. Біреу келісер, біреу келіспес. Осынау керемет дамыған елде өмір сүріп, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға талпынған кезде 8 наурызды бұрынғы мағынасында тойлау меніңше көңілге қонымсыз. Оны уақыт көрсетер, дамыған қоғам  көрсетер.

– 8 наурыз — әйелдер, аналар мерекесін отбасыңызда тойлаушы ма едіңіз?

– Жалпы, біздің отбасында ерекше күтілетін екі мейрам бар: 14 наурызда келетін Көрісу айт пен қазақтың ежелгі жыл басы – 22 наурыз. Басқа мейрамдар біздің шаңырақта күтілмейді. Ал 8 наурызды отбасымызбен күнтізбенің қарапайым күні ретінде қабылдаймыз. Сондықтан бұл күні мен ешкімнен ерекше құрмет, иә болмаса, сый-сияпат күтпеймін. Бұл кеңес дәуірінен жеткен, қазіргі қазақ елінің күнтізбесінде сол күйінде өзгеріссіз қалған, өзгертуді қажет ететін бір күн ретінде қабылдаймын.

– Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы. Яғни  қыз баланың тәрбиесіне тек ата-анасы ғана емес, тұтас ұлт жауапты. Сіздің әлеуметтік желідегі «Менің тәрбие сағатым» айдарымен берілетін қыз баланың тәрбиесіне, ене мен келіннің сыйластығына қатысты пікір-пайымдарыңызды тұрақты оқып  тұрамыз…

– Осыдан 3-4 жыл бұрын әлеуметтік желіге тіркелген кезде, ондағы жүгенсіздікті, әдепсіздікті, ойына келгенін жаза салатын жауапсыздықты көріп шошынып едім. Қазіргі жастар кітап көп оқымайды, басым бөлігі әлеуметтік желіде отырады. Сондықтан өзімнің әжелік үлгімді, үлкендік жолымды көрсетейін деп, «Менің тәрбие сағатым» айдарын ашып, ойларымды қысқа-нұсқа жаза бастадым.

Біздің бүгінгі қоғамда әйелді, келінді, ананы, әжені толғандыратын басты мәселе – ұлттық тәрбие болуы керек. Біз тәрбиені ұлттық негізде жүргізуіміз керек. Баланы бастан дегендей, ұлды ұлттың тірегі, қызды ұлттың анасы деп кішкентай күнінен тәрбиелеуіміз керек. Ол үлкенді сыйлай білуі керек, тыңдай білуі керек, құрмет көрсете білуі керек, кішіге ізеттілік жасауы керек. Бізде осы керектер жетіспейді. Бүгінгі таңдағы аналардың жіберіп отырған басты қателігі – қыз бала үйдің қонағы деген баяғыдан қалған бір ұстанымды ұстанып алып, ертең басына түскенде жасайды, басына түскенде көреді деген бағытпен келе жатырмыз. Біз бұдан арылуымыз керек. Санамызға жаңа ұғым енгізіп, егер сен ана болсаң, ертең менің қызым басқа босағаны аттағанда бірдеңені білмей қысылмасын, мен үйретпей қалмайын, оны төзімділікке, үй шаруасына икемділікке, тазалыққа үйретейін деген ұстанымды ұстанбай біз ұлттың анасын тәрбиелей алмаймыз.

Қыз дәуренімді бақытты сүрдім, келін дәуренімнен сүрінбей өттім, ана болып, жарық дүниеге перзент әкеліп, тәлім-тәрбие бердім, әжелік дәрежеге жеттім. Өмірде мен не түйдім, соны келесі ұрпаққа үйретейінші деген бағытта әлеуметтік желіде қал-қадерімше тәлім беріп келемін. Біреуге оның пайдасы тиіп жатқан болар, біреуге тимей жатқан шығар. Мен  оны ешкімге міндеттемеймін. Үлкеннің міндеті – айту, кішінің міндеті – тыңдау,  содан  нәтиже  шығару.

Аға толқынның ешқашан кейінгіге көңілі толған емес. Бұл бір жағынан табиғи заңдылық. Бірақ ата-ана өзінің тәрбиелеп өсірген ұл-қызының олқы тұстарын көре отырып, соны жетілдіру үшін жұмыс жасауы керек. Менің байқап жүргенім, қоғамда өзіндік ұстанымы, көзқарасы бар, ойын ашық әрі батыл айта алатын, тапсырма берсең, тап-тұйнақтай қылып орындайтын білімді, алғыр, талантты жастар баршылық. Ендігі міндетіміз – оларды  қолдап,  жол  ашу.

Біздің қоғамда мен сияқтылар баяғы коммунистік партия тәрбиелеп кеткен «мен білеммен» әлі жүр. Біз біліп болып қалдық. Бізден кейін білетіндер өсті. Сол білетіндерді тыңдап, солардың бір олқылау тұрған жеріне ойымызды қосып, әрі қарай жетілдіріп, осы қоғамның толыққанды азаматы ретінде тәрбиелеуге атсалысуымыз керек. Бізде осы жетіспейді. Басқаларды білмеймін, кешегі күні осы қоғамда еңбек етіп,  зейнет жасына жеткен көптеген ата-әжелеріміз қонақтықта, той-домалақта жүр. Олар өздерін қоғамның бөлек мүшелері сияқты санайды. Олай болмайды, қоғаммен бірге даму керек.

Біз бормен жазатын қара тақтада оқып, білім алдық. Одан кейін шарикті қаламсап келді, онымен жазуға үйрендік. Одан кейін тоқылдатып басатын машинка келді, оны көрдік. Енді компьютерді де меңгеріп алдық, қазір жетілген телефондарды үйреніп жатырмыз. Мен өзім қоғамның ағымынан қалмау үшін 54 жасымда компьютердің  оқуын оқыған кісімін. Өмір деген өзен сияқты, толқыны қатты келе жатыр. Егер сол толқынға ілеспесең, жағаға лақтырып тастайды. Сондықтан мен өзімнің қатарластарымды, әсіресе, тыныш өмір сүруге бет бұрған зейнеткерлерді елдің дамуына, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне үлес қосуға шақырғым келеді.

– Шолпан Батырқызы, облыста тіл саласын біраз жыл басқарып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында еселі еңбек еттіңіз. Тіл жанашыры ретінде қазақ тілінің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Мемлекетіміз тіл саясатын кезең-кезеңімен дұрыс жүргізіп келе жатыр. Мен оны осы тілді өмір бойы қолданушы ретінде мақтанып айта аламын. Тіл мәселесінде «Мемлекеттік тіл қазақ тілі болуы керек, орыс тілі онымен бірге қолданыста болу керек» дейтін заң қабылданған күннен бастап осы кезге дейін қызу айтыс-тартыспен, халықтың қарсылығымен немесе қолдауымен біраз жұмыс атқарылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс» деген пәрменін біз қуана қабыл алдық. Алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде «Алаш аңсап күткен азаматтық сөз айтылды» деп пікір қостым.  Қазір бұл сөзді айтатын уақыт келді. Себебі біздің мемлекетіміз, халқымыздың ұлттық санының құрамы бұл сөзді айтуға сәйкес келеді. Парламент пен Үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс деп айтқаны үшін Президентке рақмет. Негізінде Елбасы осы бағытта Жарлық шығарып жібергенде, тіпті керемет болар еді. Ал Президенттің пәрменіне әр түрлі пікір айту, оны бұрмалау – ұят.

Жалпы, мемлекеттік тілде қызмет ету – біздің міндетіміз. Осы орайда «Неге біздің Үкімет пен Парламент басқа мемлекеттің тілімен қазақ мемлекетін басқарады?» деген сұрақ қойғым келеді. Бұлай істеуге қандай қажеттілік бар? 27 жыл уақыт бердік. Тіл үйрететін небір курстарды ашып қойдық, қалағанын оқытып жатырмыз. Қазақ тілін үйренуге шын ықыласты  адам 27 жылда жылына 27 сөз үйренсе, қарапайым сұраққа 27 сөзбен жауап беретін дәрежеге жетер еді. Осыны ескермеген бүгінгі биліктегілер не мемлекеттік тілді білгісі келмейді, білсе де, қолданғысы келмей өздеріне ыңғайлы тілмен жүре бергісі келеді. Ол заман өтті. Кеше Президент нүктесін қойды. Енді бәрі жабылып, жапатармағай қазақ тілін оқиын деп жатыр. Сонда біз Президент айтпаса, қазақша сөйлемейміз бе? Президент талап қоймаса, Үкімет қазақша жұмыс жасамай ма? Мен осыны түсінбеймін.

Елбасының латын әліпбиіне біртіндеп көшу туралы шешімін шын ниетіммен қолдаймын және қолымнан келген бар көмегімді тигіземін. Өйткені, латын қарпі қазақ ұлтына жат емес. Біз бұл қаріппен жазған адамбыз, оқыған адамбыз. Бұл қаріппенен Санкт-Петерборда, Мәскеуде, Қытайда біздің тарихымыз, шығармаларымыз жатыр. Біздің алдымызда осы бай мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, жинақтап, өз тарихымызға қосу міндеті тұр.

Қазір әлемнің 68 пайызы латын қарпін қолданады. Латын қарпімен техника, технология ғылым тілі жазылады. Сондықтан латын әліпбиіне көшу туралы мемлекеттің саясатын біз дұрыс түсінуіміз керек. Әзірше жаңа әліпби толыққанды дәрежеге жете алмай жатыр. Әрине, іздеген адамға кемшілік табылады, оның бәрін жүре-бара түзейміз. Жасым жетпіске таяса да, үйрену үшін күнделікті латын қарпімен бірнеше сөйлем жазып отырамын.

Өйткені ертең өзімнен кейінгі ұрпақ сұраса, жауап бере алатын деңгейде болуым керек. Қазақ қызы, қазақ әйелі ретінде айтатыным, ана тілдің түйткілдерін шешу бағытында жасалып жатқан әрбір жаңа талпынысты, жаңалықты мен қазақпын дейтін адам қолдауы шарт.

– Ақиық ақын Мұқағали «Өлең  деген тумайды жайшылықта,  өлең деген тулайды қайшы-лықта» деп жырлаған. Ақын ретінде сізге қандай құбылыс ерекше шабыт сыйлайды? Келіп жеткен көктемнен  не  күтесіз?

– Айтыс ақынының шабытын шақыратын – халық пен киелі сахна. Жазба өлеңмен де айналысамын. Бірақ қазақ поэзиясына сүбелі үлес қосатын ақын боламын деп емес, өзім үшін жазамын. Өйткені өлең – менің тынысым, менің көңіл күйімнің көрінісі, азаматтық пікірім. Маған өлең түсімде келеді. Таңертең оянғанымда көкірегімде сайрап тұрады. Мен соны қағазға түсіремін. Кейде өңдеймін, кейде өңдемеймін.

Көктемде маған шабыт берген не екенін білгің келіп отырса, ол Елбасымыздың ана тілім туралы Алаш халқына айтқан азаматтық сөзі. Мен содан кейін кәдімгі қанатымды жайып қуанып жүрген анамын. Бұл – ең үлкен бақыт! Елімді осы бақыттан айырмасын. Ананың ең басты бақыты – баласының бақыты. Жастарымыздың, ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын. Балаларымыздың бақытына кенелейік. Солардың тілегін тілеп, қолымыздан келгенше көмегімізді  жасайық  дегім  келеді.

Ұлттық ұғымда, сенің балаң, оның баласы деген ұғым болмаған. Қазақ ұлын елдің баласы деп өсірген. Сондықтан ұрпағымыздың дұрысына қуанып, бұрысын түзеу бағытында қоғам болып жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана бұл қоғамға өзіміздің пайдамызды тигіземіз.

Сұхбаттасқан   Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі» 


«Аңыз болған абысындар» оқырманға жол тартты

Күні: , 151 рет оқылды

Белгілі ақын, ұстаз, ҚР  білім беру саласының үздігі, «Ерен  еңбегі үшін» және Ы.  Алтынсарин атындағы медальдардың иегері Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Дариға Ғазезқызының осы кезге дейін «Адамның жаны – бір жұмбақ», «Өмір-арна», «Қос қанат»  жыр жинақтары мен «Үміт жетелеген бес жыл», «Үміт атты бір ел бар» атты кітаптары жарық көрген болатын.

Кітаптың тұсаукесеріне облысымыздың зиялы қауым өкілдері мен туынды кейіпкерлерінің ұрпақтары  қатысты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы  Сәбит Досанов «Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар»  атты шығармасы — тың тақырыпқа түрен салған, айтары анық, бояуы қанық, шұрайлы шығарма. Оқушының ойына ой қосатын тұлғалық туынды. Адамдардың бір-біріне деген мейірімі, махаббаты қара сөзбен жырланған поэма» деп бағалаған туындыда Сақыпжамал, Сақып, Ділдә атты абысындардың аңызға бергісіз өмір  жолдары  баяндалады.

Бұл үшеуі полигонға байланысты  қасиетті Нарын құмынан Қазталов ауданының Қараоба ауылына көшкен Хайролла мен Жәмиланың келіндері. Яғни Қайсағали, Қизағали және Айса атты ұлдарының тағдыр қосқан келіншектері. Олар бір ананың баласындай болып кеткен үш келін  кер замандағы кәмпескенің зарын, 1932 жылғы аштықты, 1951 жылғы жұтты, сұрапыл соғысты, Сақып пен Қизаның бес баласын бірдей жалмаған қызылқырғын қызылшаны да, алапат полигонның  жарылысын да бастан өткереді. Жанұяның ұйытқысы болған олар  бір-бірінен іргелері де, еншілері де  айырылып көрмеген.  Үлкен абысын келмей, кіші абысындары дастарқан басына отырмаған,  үлкендері дастарқаннан тұрмай жасы кішілері отырған орнынан қозғалмайтындай қазақы дәстүрді берік сақтаған.  Көркем туындыда Қайсағалидың жары Сақыпжамалдың  қыстың көзі қырауда  көшті тоқтатып, көрші ауылдағы малшының шанасынан  түсіп қалған  сәбиді  ажалдан арашалағандығы ерекше суреттеледі. Иіріліп тұрған  азаматтар  асау жиренге жақындай алмай тұрғанда,  Сақыпжамал асауды ерттеп мініп, жалғыз өзі  құндақтаулы  нәрестені іздеуге шығады. Қайтпас қайсарлығының арқасында  ол  сәбиді тауып, анасына қайтарады. Сол эпизодты иін қандыра баяндаған автор: «Нарынның Нарқызының алпысында асау үйреткен  осы шалт мінезі тағы бір айта жүретін аңыз болып қалды бұл елге» деп әсерлі тарауды әдемі түйіндейді.

«Аңыз болған абысындардың» таныстырылымында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  басшысы Қадырболат Мұсағалиев Дариға Ғазезқызының әдебиетке, әсіресе, жас ақындар легінің қалыптасуына қосқан үлесінің айтулы екенін айта келіп, жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімімен  құттықтады.

Содан соң  Дариға  Ғазезқызының үзеңгілес аға-апалары  жаңа кітап туралы өз ойларын ортаға салды.

Солардың бірі – ардагер-журналист  Тихон  Әліпқали.

– Бұл кітаптың қолжазбасын бір демде оқып шықтым. Оқуға өте жеңіл жазылған. Ол да таланттың, шеберліктің арқасы деп білемін. Туындыда адамдардың  ішкі ойының толғанысы мен сезімдері ерекше суреттелген. Кітаптың шыққанына  кейіпкерлердің  ұрпақтары мен қараобалық тұрғындар  үшін қуаныштымын. Өйткені өздері көрген, бір кездері әңгімесін естіген адамдар туралы жазылған  кітапты көп  ешкім  жосылтып   оқи қойған жоқ. Дариға айналайын, шығармашылығың одан әрі дами түссін! – деді  ол.

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова  жаңа кітаптың өскелең ұрпақ бойына сіңірер тәлім-тәрбиесіне тоқталды.

– Бүгін бір керемет кештің куәсі болып отырмыз. Кітапты жанұямызбен оқып, керемет әсер алдық. Өйткені бұл шығарма қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарда туып-өсіп, салт-дәстүрді берік ұстайтын адамдардың жанына шаттық сыйлайды. Мұнда тәлім-тәрбие мен салт-дәстүр тұнып тұр. Біз киелі жерге тәу етуді, аруақты адамның киімімен ұшықтауды, қазаны естірту мен жоқтау айтуды, перзенті жоқ туысқанның бауырына бала салу дегенді жақсы білеміз. Әке келмей, дастарқанға отырмайтын халықпыз. Келін болып түскен соң қайын іні мен  қайын сіңліге ат қоюды да ұмытпадық. Қазақтың маңдайына біткен киелі өнері айтысты да дамытып келеміз. «Аңыз болған абысындар» атты бұл кітапта осы  салт-дәстүрлер  бірінен соң бірі өріліп, алақандай ауылдың тыныс-тіршілігін көз алдыңа алып келеді. Туындыны оқи отырып, өзімнің қазақ болғаныма мақтандым. Мәтіні оқуға жеңіл, суреттеуі де әдемі. Туындының тағы бір ерекшелігі, оқығанда басыңды изеп, мақұлдап оқитындай сөздері нанымды. Мысалы, мәтінде «Сыртқа арығын білдірмес сырттан мінез Сақыпжамал» деген жол бар. Сақыпжамал – өмірде көрмеген қорлығы, от баспаған табаны жоқ  үш абысынның бірі. Қиындықтың бәріне төтеп беріп, қайсар  ұрпақ қалдырған ана туралы оқығанда, мақтанбасқа  амалың жоқ. Сол аналардың ұрпағымын, қазақпын  деп айқайлағың келеді. Автор бір әйелдің зары арқылы кешегі  өткен аналардың зарын жеткізе білген.  Абысын Ділдәнің ауылда қалған апасын іздеп,  ен далада  қашып келе жатқанын да ерекше суреттеген. «Әкесін кәмпескелегенде дүние-мүлкін жаудай талап, үлесіп алған жауыздық көріністер қайта елес беріп, қуып келе жатқан сияқты» — дейді. Маң далада шыбықтай қыздың  сай-саламен қашып келе жатқан кездегі  үрейін көз алдыңа елестетіп, «жауырыныңа құмырсқа жүгіртеді». Мен  кез келген шығарманы оқығанда, жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесін  іздеймін. «Аңыз болған абысындар» – тәлім-тәрбиеміз, салт-дәстүріміз көрініс тапқан нағыз қазақы көркем туынды, – деді Шолпан  Батырқызы.

Ал Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі Амангелді Шахин  аталмыш кітапта ауыл өмірінің көріністері шынайы берілгенін  жеткізді.

— Үш келін де ата жолы  бойынша айттыру  дәстүрімен  келін болып түскен.  Әсіресе, алғашқы келін Сақыпжамалды ауылдың салтымен жеңгесі жетекке алып келе жатқанда,  қайнылығын жасап, тапыраңдаған тайлағымен қалыңдықтың атын үркітпек болған  Жұмағұлға  жас келін Сақыпжамал өз әдісімен жауап береді. Яғни Сақыпжамал кілт тоқтап, жеңгесінен тізгінді сұрап алады да, әлгі тентектің артынан қуады. Жете беріп, тайлағын қамшысымен бір-екі тартып жібереді. Тайлақ атылып, бала бақырып, опан-топан болып сол бетімен ауылға кіріп бір-ақ тоқтайтыны айтылғанда, сол оқиға көз алдыңа келеді.  Сондай-ақ енесінің  аяқ сыбдырын байқаған келіндер басындағы орамалын жүре тартып, шаруаға кірісетіндігінде де үлкен мән жатыр.  Мұнда қазақтың ырымтыйымдары да ерекше қолданылған. Хайролла қарттың үлкен ұлы  Қайсағали аруақты  адам болған. Ол өмірден өтіп кетсе де, ауылдағы босана алмай қиналған келіншектер оның бөркін құшақтаса, толғағы жеңіл болатын көрінеді. Бұл – қазақта бар ырым. Кәмпеске кезінде тентіреп кеткен ата-аналарын сағынып, құсадан ауру болған адамдарды қазақы жолмен емдегендері де айтылады, – деді  Амангелді  Шахин.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын  Ғайсағали Сейтақ  аталмыш кітаптағы Қараоба  атауында да  тарихи мән жатқанын жеткізді.

– Халықаралық әйелдер күні қарсаңында тұсауы кесілген Дариғаның бұл кітабы әйелдер қауымына жасаған тартуы деп ойлаймын. Шығарманың негізгі арқауы – өткен ғасырдағы аштықты, қуғын-сүргінді, соғыс салған ауыртпалықты белшесінен кешкен адамдардың ұрпақты сақтаудағы тірлігі. Соның ішіндегі, аналардың ерлігі  ерекше баяндалады. Бір ғана мысал келтірейік, ол – Айсаның мәрт мінезі. Күйеуінен жастай, қыздарымен қалған жеңгесі Сақыпжамалға көрінетін сәбиі ұл болса, соны беремін деуі. Шын тілесе, Құдай береді демекші, Ділдә егіз ұл босанады. Қазіргінің жігіттері мен абысындары ондай ерлікке бара ала ма, бара  алмай ма, оны айта алмаймыз. Бұл – шынында да,  аға ұрпақтың ұлағаты. Нарын құмында туып-өскен ұрпақтың біріміз. Қараоба атауының өзі тегін аталмаса керек. Онда аштықтан, басқа да нәубеттен қырылған адамдар жерленуі мүмкін. Сондықтан Нарыннан үдере көшіп, Қараобаға қоныс тепкен тұрғындардың тағдыры көпшілікке сабақ болады деп ойлаймын, – деді  Ғайсағали  Сейтақ.

Айта кетсек, кітаптың кейіпкерлері өмірден алынғандықтан, оның ұрпақтары болуы да заңдылық. Солардың бірі, тарихшыұстаз Ырысты Қайсағалиева осы кітаптың жазылуына ұйытқы  болса, шараға Қызылорда облысының Сырдария ауданынан арнайы келген Шынтемір Айсин авторға  шынайы  ризашылығын  білдірді.

— Біз әкелеріміздің қанымен, сол үш анадан өрбіген ұрпақпыз. Өзім, анамыз Құдайдан сұрап алған егіз баланың бірімін. Бүгінгі күнге де жеткізген сол аналарымыздың ақ тілегі. Қазіргі таңда Қайсағалиев, Қизағалиев және Айсин  әулеттері жапырақ жайып, дені Батыс Қазақстанда ұрпақ өрбітіп отыр. Ендеше, егемен еліміздің еңсесі асқақ, рухы биік бола берсін! – деп  ағынан  жарылды  Шынтемір  Айсин.

Кеште Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова  жаңа туындыдан үзінді оқып берсе, өңірімізге танымал өнер иелері Сәуле Таудаева мен Еркін Өтегенов әнмен көркемдеді. Сондай-ақ театрдың белді актрисалары Гүлжиян Шынтемір, Бибігүл Исалиева мен Әсел Мәмбетованың үш абысынды  бейнелеуі  де әсерлі  шықты.

Тұсаукесер рәсімінен соң  кеш иесі Дариға Мұштанова ұйымдастырушыларға алғысын айтып, «Қарлығаш кие» өлеңімен шараны тәмамдады.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Сыйынар ем, ана деген Тәңірге»

Күні: , 68 рет оқылды

Кеше  «Нұр Отан»  партиясының  облыстық  филиалы  «Кедергісіз келешек»  жобасы  аясында Орал қаласындағы көпбалалы және  мүмкіндігі  шектеулі  ұл-қызын  тәрбиелеуші  аналарға  және әжелерге  «Балзия»  мейрамханасында  дастарқан  жайып,  құрмет көрсетті.

«Сыйынар ем, ана деген Тәңірге» атты шара барысында ән салынды, би биленді, жыр шумақтары оқылды. Облыс орталығы және қалалық төрт кенттік округтан келген аналар мен әжелерді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен мерекемен құттықтады.

Өмірдегі бар махаббат, жылылық әйелден бастау алатынын айтқан Серік Кенжебекұлы, әлеуметтік мәселелерді қаузайтын партиялық «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» және басқа жобаларға кеңінен тоқталып, нәзік жандыларды қолдауға арналған барлық қамқорлыққа «Нұр Отан» партиясы лайықты үлесін қосқанын атап көрсетті. Басқосуда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова, облыстық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Мырзағали Мұхамбетов құттықтау сөз сөйледі. Шара қонақтары көпбалалы ана, ардагер ұстаз Айман Сапашева және «Күміс алқа» иегері Светлана Шындәулетова көрсетілген  құрмет пен сый-сияпатқа алғыс айтты.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ


«Миллион раушан гүл»

Күні: , 75 рет оқылды

Кеше  Х. Бөкеева атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында Халықаралық  әйелдер  күніне  арналған  «Миллион  раушан  гүл» атты  мерекелік  концерт  өтті.

Алдымен театр фойесінде «Ақжайықтың асыл арулары» атты жинақтың екінші басылымының таныстырылымы өтті. Облыс әкімдігінің, «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының қолдауымен және «КАТЭК» жобалау компаниясының демеушілігімен жарық көрген кітапқа Ақжайық аруларының ізашарларының салтын ұстаған, қоғамдық ортада құрметке лайықты, қазіргі заманымыздың батыр әйелдері туралы мәліметтер енген.

Кітапты құрастырушы, редакциялық алқа жетекшісі Роза Көжекованың айтуынша, «Ақжайықтың асыл арулары» атты анықтамалық алғаш рет 2013 жылы жарық көрген. Екінші кітап та Алматыдағы «Мерекенің баспалар үйінен» 500 данамен басылып шыққан. Кітаптың бүгінгі кейіпкерлері – атақты жерлестерінің жолын жалғастырып,  егемен еліміздің нығайып, көркеюіне үлес қосып жүрген танымал саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, дәрігерлер, спортшылар. Мейрам қарсаңында оқырманға жол тартқан жаңа кітап – Ақжайық аруларына деген шексіз құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі, – дейді Роза Лукьянқызы.

Кешегі өткен Қыз Жібектің, Бопай ханымның, күй анасы Динаның, қазақтың қайраткер қыздары Мәдина Бегалиева мен Алма Оразбаеваның, Ұлы Отан соғысында өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың ізбасарларын, өңірдің ардақты аналары мен аяулы аруларын облыс әкімі Алтай Көлгінов көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

– Көктем – мерекеге толы мезгіл. Алайда, сол мерекелердің бастауы – әйелдер күнінің орны бөлек. Елбасының кешегі «Бес әлеуметтік бастамасы» біздің аналарымыз, ханымдарымыз үшін үлкен сыйлық болды деп санаймын. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналардың отбасындағы орны ерекше. Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінде облыста мемлекеттік қызметтен бастап, білім, спорт, қаржы, сот және т.б. салаларда басшылық қызметте отырған әйелдер көп.

Іскер әйелдер, өнер адамдары, ауыл шаруашылығы мамандары, ардагерлеріміз, ақын-жазушыларымыз бар. Сіздер қандай құрметке болса да лайықсыздар. Жүздеріңізден күлкі кетпесін, көктемнің шуағындай жайнап жүріңіздер. Ақ Жайық өңірінің аруларын шын жүректен мерекемен құттықтаймын, – деді Алтай Сейдірұлы.

Салтанатты шара облыстың өнер жұлдыздары ұсынған мерекелік концертке ұласты. Донеділ Қажымов, Жаңылсын Хасанова, Айбар Хайырханов, Асланбек Қуанәлиев, Медет Оразов, Дастан Есентеміров, Жаскелең Ғайсағалиев, Марат Сарбөпеев сынды өнер жұлдыздары ән мен жырдан шашу шашып, мерекенің  шырайын  келтірді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Әйел – шаңырақтың шамшырағы

Күні: , 142 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Достық  үйінде  өңіріміздің дамуына  сүбелі үлес  қосқан  зейнеткер  аналармен  және  әр  салада  жемісті  еңбек  етіп  жүрген  нәзік  жандылармен  кездесіп,  оларды  Халықаралық  әйелдер  күнімен  құттықтады.

Мерекелік шара мемлекет пен қоғам өміріне белсенді араласып, өз кәсібінен нәсібін тауып жүрген отбасы ұйытқысы болып отырған ару-аналарға әдемі гүл шоқтарын  тарту  етуден  басталды.

– Біздің қоғамда ананың орны ерекше, бәріміз ананы қадірлейміз. Отбасы құндылықтарын дәріптеп шаңырақтағы шамшырақты сөндірмей отыратын – ана.

«Қыздың жолы жіңішке» деп қыздарды төрге шығаратынымыз да ата-бабамыздан қалған дәстүр.

Күні кеше Президент Парламенттің бірлескен отырысында игі бес бастама көтерді. Халықты толғандыратын мәселелерді айтып өтті. «Отан отбасынан басталады» десек, адам өмірінде баспананың рөлі зор. Баспана сұрап жүрген азаматтарымыз қаншама?! Елбасының қолдауының арқасында бұл мәселе шешіледі деп сенеміз. Жалпы, бес бастаманың қай-қайсының да мәні зор.  Олар баршамыздың бірлесіп атқаратын қызметтеріміздің нәтижесі арқылы жүзеге асатын болады. Баршаңызды көктемдегі ең әдемі мейраммен құттықтаймын! Отбасыларыңызға береке-бірлік, еңбекте табыс тілеймін, – деді Алтай  Сейдірұлы.

Облыс әкімі жыл санап жергілікті атқарушы билік құрылымдарында әйелдер санының артып келе жатқанын да атап өтті. Облыста 180 әйел  басшы лауазымда болса, олардың 54-і судья, 50-і облыстық басқармалардың, аудандық және қалалық бөлімдердің басшылары, ал 15-і ауылдық округ әкімдері мен орынбасарлары болып еңбек етеді. Ал

білім саласында 17 мың, денсаулық сақтау саласында 8,5 мың әйел адам жұмыс істеп жүр. Қорғаныс саласында 127 қыз-келіншек қызмет етсе, олардың сегізі – әскери қызметкер. Облыстағы 48 мың кәсіпкерлік субъектісінің жартысына жуығын бизнес-ледилер басқарып отыр.

Өз кезегінде сөз алған ару аналар да халық игілігі үшін жасалып жатқан оң өзгерістер үшін Елбасына, үкіметке, жергілікті атқарушы билікке алғыстарын айтты. Танымал ақын Ақұштап Бақтыгереева, еңбек ардагері Роза Көжекова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар әр саладағы белсенді әйелдер арасынан облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Светлана Әлмұханова, «Гидроприбор» АҚ инженер-конструкторы Татьяна Пономарева, «ПМК-117» ЖШС директоры Ольга Попова және басқалар сөз алып, облысымызда әр саладағы игі істерді атап өтіп, мерекелік тілектерін арнады. Аналық алғысын айтқан белгілі  ақын, педагог Дариға Мұштанова өзінің күні кеше ғана жарыққа шыққан «Аңыз болған абысындар» кітабын облыс басшысына тарту етті. Ал лебіз-тілегін өлеңмен өрген айтыс ақыны Жансая Мусина облысымызда ақындар айтысы ұйымдастырылса деген тілегін де айтып өтті. Алтай Сейдірұлы  бұл тілекке бірауыздан қолдау білдіріп, алдағы уақытта Оралда республикалық деңгейде айтыс өтетінін жеткізді.

Әйелдер қауымының төл мерекесіне арналған бұл шарада облыстағы өнерпаз жігіттер әннен шашу шашты.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Үш кәсіптің иесі

Күні: , 96 рет оқылды

Қолға  алған  кәсібін кеңейтіп,  әр  ісін тыңғылықты  жүргізетін кәсіпкер  нәзік  жандылар  өңірімізде  баршылық. Ал  солардың  арасында  ер-азаматтармен иық  теңестіріп,  кәсіптің дарасын  таңдаған  аруларымыз бар.  Кәсіпкерлік  саласындағы іскер жас  Индира Әлібекқызы солардың  қатарынан.

Индира осыдан 28 жыл бұрын Жалпақтал ауылында өмірге келген. Әкесі Әлібек жол инспекторы болып қызмет жасап, кейін жеке кәсіпкерлікке ауысқан. Анасы Сара да кәсіптен шет қалмаған. Дүкен ашып, сауда-саттық саласында жүр.

Индира Әлібекқызының негізгі мамандығы – заңгер. 2009 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін зейнетақы жинақтау қорында, №2 Орал қалалық сотында қызмет атқарды. Дегенмен, бұл жұмыс өзіне қол емес екенін түсінді. Ешкімге тәуелсіз болып, өз ісін бастағысы келді. Абай атамыздың «Ісім өнсін десеңіз, ретін тап» деген ұлағатты сөзін ұстаным етіп, бұл тұрғыда кәсіптің не екенін түсініп, неден бастау керектігін және аз уақыттың ішінде нәтижеге жету үшін «Іскерлік байланыс»,  «Бизнес бастау» жобаларына қатысып, түрлі курстарда оқыды. Сөйтіп Индира кәсіпкерлік саласына батыл қадам басты. 2015 жылы «Әлібекова» жеке кәсіпкерлігін ашып, балаларға ағылшын, орыс тілдері мен ментальды арифметиканы үйретуді бастады. Жаз айларында ауылдағы ұл-қыздың бос жүрмей, есептеудің қыр-сырын үйреніп, тіл сындыруына  көмегін  тигізді.

Алайда Индира бұл кәсіппен шектеліп қалуды жөн көрмеді. Жұмысы көп, қиындығы да жетерлік жолаушылар тасымалын қолға алды. «Бақыт Транс» ЖШС-ын ашып, бүгінде «Жалпақтал – Жаңажол», «Жалпақтал – Қараөзен», «Қараөзен – Қазталов» бағыттары бойынша жолаушы тасымалын жүзеге асыруда. Әзірге қатынаста екі аутобус болса, алдағы уақытта олардың қатары тағы екі аутобуспен толықпақ. Сонымен қатар жақын күндері «Жалпақтал – Ақпәтер» бағытына да аутобус шығармақ. Жастық жалын бойында жалындаған, бір іспен шектеліп қалуды қаламайтын жас кәсіпкер өткен жылы тағы бір жаңа кәсіпті бастады. «Қараөзен ауылы» ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, қой өсіруге ден қойды. Қоғамдағы қасаң қағиданы бұзып, ерлермен қатар нәзік жандылар да күрделі шаруаны дөңгелете алатынын дәлелдеді.

– Болашақта ауылішілік таксилердің жұмысын заңдастырып, диспетчерлік бөлім ашқым келеді. Сонымен қатар жүн қырқатын құрылғы алу да ойымда бар. Бұл жоспарым іске асса, жүн экспортымен айналысатын боламын, – деді Индира Әлібекқызы.

Бүгінде сегіз адамды жұмыспен қамтып отырған Индира – екі баланың анасы. Үш бірдей кәсібі, отбасының жұмысы, балаларының тәрбиесі оған бос уақыт қалдырмайтыны белгілі. Дегенмен, Индира қайырымдылық жұмыстарынан да тыс қалып жатқан жоқ. Олардың ішінде мереке күндері жолаушыларды тегін тасымалдау, мүмкіндігі шектеулі жандарға, балаларға жеңілдіктер жасау, сонымен қатар көп балалы, кіріс-табысы аз отбасыларға сыйлықтар тарату сынды қайырымдылықтар бар.

Бізбен әңгімесінде Индира қандай жұмыс болмасын төзімділік пен жауапкершілік керектігін айта келе: «Адамда алдымен айқын мақсат болуы шарт. Сонда ғана діттеген мақсатыңа жетуге болады. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға берілген мүмкіндік көп. Ендеше, осы қолдауды біз, жастар барынша пайдалануыға тиіспіз», – деп ағынан жарылды.

Осындай үш кәсіптің басын қосып, ісін дөңгелетіп отырған Индираға ауылдастары әрдайым тілекші.

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика