Мұрағат: 05.03.2018


Дәстүрлі әншіге құрмет

Күні: , 90 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Қазақстан  Республикасының  еңбек  сіңірген  әртісі  Сәуле  Таудаеваны  қабылдап,  дәстүрлі  әншіні  60  жылдық  мерейтойымен  құттықтады.

– Сіз бүгінде біздің өңірдің мақтаныштары Мұхит пен Ғарифолланың қалдырған мұрасын, әуезді ән-термелері мен шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында қажырлы еңбек етіп  келесіз. Сол арқылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған бірқатар игі істерге өз үлесіңізді қосудасыз. Әсіресе, екінің бірі айта алмайтын, батыс мектебінің ерекше өнерін басқа өңірлерге танытудағы сіздің еңбегіңіз зор. Жұбан ақын айтқан «мың өліп, мың тірілген» халық болсақ та, біздің ұлттың салт-дәстүрі мен өнері ата-бабаларымыздан бізге жетті. Ал ендігі мақсат – осы құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу. Еліміздің батыс өңірінен түлеп ұшқан өнерпаздар биік сахналарда өнер көрсетіп жүргендігі, бізге зор мақтаныш. Сол үшін таланты бар, өнерді жанына серік еткен, алдына мақсат қоя білетін жастарды тәрбиелеп, елге таныту жолында да еңбектенуіміз керек. Олар басқа өңірлердің өнерпаздарымен араласып, өнерде қатар жүріп, біртұтас қазақ елі екендіктерін көрсете білуі қажет. Ал сондай өнерлі шәкірттерді тәрбиелейтін өзіңіз секілді жандар. Сондықтан сізді бүгінгі мерейтойыңызбен, алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен, жалпы, көктем мейрамдарымен шын жүректен құттықтаймын! Еңбегіңізге шығармашылық табыс, отбасыңызға бақ пен береке тілеймін, –  деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, дәстүрлі әнші Сәуле Таудаева кезінде Алматы қаласындағы эстрада-цирк өнері студиясының халық әндері бөлімінде, Ғарифолла Құрманғалиев класынан дәріс алған. Сонау сексенінші жылдардан бері облыстық филармонияның әншісі. Бірнеше халықаралық және республикалық ән байқауларының лауреаты. Көп жыл бойы Құрманғазы атындағы саз колледжінде Мұхит класында дәріс берген әнші бүгінде Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде халық әні бөлімінде шәкірт  тәрбиелеуде.

– Өзім батыстың ән мектебін қалыптастырған Ғарифолла ағамыздан дәріс алсам, бүгінде сол өнерді кейінгі ұрпаққа үйрету, келешекке жеткізу бағытында еңбек етіп келемін. Бүгінгі таңда біздің дәстүрлі өнеріміз өз жалғасын тауып келеді. Өнерді бағалай білетін талантты жастарымыз аз емес. Мен тәрбиелеген шәкірттердің алды Астанада, еліміздің өзге де өңірлерінде әнші болса, кейінгілері өзіммен үзеңгілес облыстық филармонияда, аудан-ауылдарда жемісті қызмет атқаруда. Менің мерейтойымды ескеріп, арнайы қабылдаған облыс әкіміне дән ризамын, – деді қабылдаудан соң мерейтой  иесі  Сәуле  Таудаева.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»

Күні: , 83 рет оқылды

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысты.

Елбасы бірлескен отырыс барысында халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жариялады. Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әлеуметтік бастамалар қоғамымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталғанын атап өтті.

– Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба. Өркендеген Қазақстан – бұл, ең алдымен, мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, патриоттық танытатын өздеріне сенімді адамдардың мекені деп санаймын, – деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың 

«Президенттің  бес  әлеуметтік  бастамасы»  атты  халыққа  үндеуі

Құрметті  қазақстандықтар!

Наурыз айының еліміздің Тәуелсіздік күнтізбесінде ерекше орны  бар. Біз көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту күнін атап  өтеміз. Сонымен бірге бұл – Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған  күн.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы шуақты көктем айының еншісінде. Қымбатты әйелдерімізді де ме-рекесімен наурыз айында құттықтаймыз. Осы ізгі оқиғалардың бәрі Қазақстан халқын біріктіре  түседі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  да  осыған  бағытталған.

Біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан абыроймен өттік. Ел иесі қазақ халқының маңына ұйысқан барша этностар оны жоғары бағалайды.

Бүгінде Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында «Қазақ еліне мың алғыс!» атты монументтер  бой  көтерген. Бұл ескерткіштерді еліміздегі түрлі этностық топтар бастарына күн туған кезде бауырына басқан қазақтың жері мен еліне алғыс ретінде өз бастамаларымен тұрғызды. Қазақ халқы да оларға ұлттық тарихымызға көрсеткен зор құрметі үшін алғысын білдіреді.Осындай өзара құрмет пен сенім мызғымас ел бірлігіне негіз болса, ізгі шаралар халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілінің айқын көрінісіне айналуда.Жақсылықты жадында сақтай білген  елдің рухы қашан да биік.

Заманауи Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін  қосты. Мен этномәдени бірлестіктерге де айрықша ризашылық  білдіремін.

Біз, бәріміз бірге өте күрделі,  қилы  замандардан  өттік. Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған  халқыма да алғыс айтамын.

Өткен сайлаулардың бәрінде халқымыз мені бірауыздан қолдап,  сайлады. Мен үшін ең үлкен марапат – осы. Елімнің қолдауы маған жұмыс барысында  зор  күш-жігер  берді.

Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін. Сол себепті, мен бүгін Қазақстан Республикасы Парламентінің қабырғасынан жаңа әлеуметтік бастамалар көтеріп, халқыма үндеу жариялағалы отырмын. Бұл қадам талайдан бері менің  көкейімде  жүр. Бірақ Қазақстан алдымен бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты  елге  айналуы  керек  еді. Міне, сол күн де туды! Бұл – біздің қоғамның әлеуметтік бірлігін нығайту үшін жігерімізді жанып, нақты  іске  кірісетін  сәт.  Біз оны ауқымды әлеуметтік жобалар арқылы жүзеге асырамыз. Мемлекет осындай түбегейлі шараларды  қолға  алады.

«Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс. Жаңа ұсыныстардың маңыздылығын ескеріп, мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа әлеуметтік бастамаларымды өздеріңізбен талқылау үшін бүгінгі Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысын шақырттым.

Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама.Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба.

Мен өркендеген Қазақстан –  ең алдымен мемлекеті өзін қорғап,  қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан-жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын.Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз.

Қымбатты  достар!

Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз. Мен Президенттің бес әлеуметтік  бастамасын  ұсынамын.

 Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін  беру».

Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық.

2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай  жасау  керек.

Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын  тетіктер  қажет.  Сондықтан мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын.

Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен несие алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен  аспайтын  болады.

Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауы тиіс.

Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу  керек.

Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға  жұмсауы  қажет.

Бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына зор серпін береді. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық үшін баспана  алудың  қолжетімділігі артады.

Сонымен қатар бұл экономиканың, шағын және орта бизнестің өрістеуіне жұмыс істейді, жаңа  жұмыс  орындарын  ашады. Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа  айналады!

 Екінші бастама: «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық   жүктемесін  азайту».

Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, бір процент қана салық салуды ұсынамын.

Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек. Ал осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нәтижесінде еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады. Әрі қарай Үкімет табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу  мүмкіндігін  зерделеуі  керек.

 Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын  жақсарту».

Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр, олардың 30 процентке жуығы мемлекет бөлген грантпен  білім  алуда.

Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін төмендегідей шараларды ұсынамын. Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың  грант  бөлу  керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық  білім беруге  тиесілі  болады.  Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік  береді. Мұнда ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары  туралы сөз болып  отыр. Бұл да жастарға мемлекет қамқорлығының  айқын  көрінісі. Сонымен бірге техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құнын ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтеру  керек.

Аталған шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді, бұл – жалпы әлемдік тренд. Сонымен бірге адам ресурстарына  салынатын  үлкен  салым.

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.

Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.

Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік  береді.

2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын  біржола  шешеді.

 Төртінші бастама: «Шағын несие  беруді  көбейту».

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым  тиімді  тетік  саналады.

2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілді. Алайда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті  шағын несиелерді ала алмады.

Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді  тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жыл мен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың  адамға  жететін  болады. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру  керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл, әсіресе, ауылаймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін  атап  өткім  келеді.

Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру».

Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі.

Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген.  Тоғыз  облысқа  газ  тартылған.

Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр.

Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған — Қарағанды Теміртау – Астана бағытында магистральды газ құбырын салу жобасын  жүзеге  асыруымыз  керек.

Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология жақсарады.

Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға  таралуын 6 есеге немесе жылына  35  мың  тоннаға  азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз  етуге  мүмкіндік  береді.

Президенттің бес бастамасы – осы.

Оларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы ел экономикасының әрі қарай  дами  түсуіне  жол  ашады.

Үкімет пен Ұлттық Банкке бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін жасауды тапсырамын.

Парламент депутаттарынан заңнамаға қажет өзгерістерді уақ-тылы  енгізуді  өтінемін.

Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен  талқылауды  қажет  етеді.

Халық пен бизнес өкілдерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды.

«Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады.

Құрметті  отандастар!

Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне  ие  болады.

Бағдарламаны заңдық тұрғыдан бекіту  қажет  деп  санаймын. Оны іске асыру «әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа, нақты мазмұнмен байыта  түспек.

Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет –  әлеуметтік  мемлекет.

Біз өткенге салауат айтып, келешекке  көз  тіккен  елміз.

Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін.

Ардақты  ағайын!

Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың  бірлігі.

Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген.

Қасқа жолды Қасым хан жұртын жұдырықтай жұмылдыра білгенінің арқасында қазіргі қазақ жерінің  негізгі  аумағын  біріктірді. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген осы!

«Қазақ ордасының Ликургы» – әз Тәуке елін татулыққа ұйыта білгендіктен қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған  заман  орнатты.

«Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген сөз сол заманнан  қалған  қағида.

Ел басына күн туған кезде барша қазақ Абылай ханның ақ туының астына жиналған соң ғана  жерін  жаудан  тазарта  алды.

«Біріккен жүз бытыраңқы мыңды алады» деп бабаларымыз осыны  айтқан.

Қазақтың осынау 3 ханы – ел тарихындағы 3 асқар тау, оларды асқақтатқан – ел бірлігі. Сонымен бірге алтыбақан алауыздықтың кесірінен еліміз аңырап, жеріміз қаңырап қалған кездер  де аз емес. Бұл да – тарихтың  ащы  сабағы.

«Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар, себебі өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. Осыны жадында тұтып, тарихтан тағылым ала білген халқымыз Тәуелсіздік дәуірінде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында талай табыстарға  кенелуде.  Табысымызды еселеп, Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін бізге балталаса да  бұзылмайтын  берік  ауызбіршілік керек. Берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай алсақ, мерекелі тірлігімізге төнетін  қауіп  жоқ.

Ел мен жердің иесі ретінде Қазақстандағы жақсы мен жаманның бәріне қазақ жауапты.Осы ұлы жауапкершілікті сезініп, барша ұлыстардың ұйытқысы болып, өзгеге өнеге көрсете білейік. Сонда ғана халқымыздың атын иеленген қасиетті Қазақстанымыз  көркейіп, дами береді.

Еліміздің көңілі жайлы, тұрмысы майлы  болады. Осыны үнемі есте тұтып, тың міндеттерді тындырымды жұмысқа  ұластырайық!

Іске  сәт!

www.akorda.kz


Игілікке бастар үш жобаның жүзеге асар күні жақын

Күні: , 99 рет оқылды

Өткен  апта  соңында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов Жаңақала,  Қазталов, Ақжайық  аудандарында  жұмыс  сапарымен  болып,  жүргізіліп  жатқан  бірқатар  құрылыстардың  барысымен  танысты.

Алдымен Жаңақала ауданында болған облыс әкімі топтық су құбыры құрылысының барысын көріп, құрылысшылармен кездесті. Сондай-ақ су көтеру насостық станциясының құрылысы жүріп жатырған Жуалыой елді мекенінде болып, Құлшық жер асты су қорының бұрғылау жұмыстарына назар аударды.

Айта кетейік, Жаңақала ауданы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жайы көп жылдардан бері шешімін таппай келген түйткілдердің бірі болатын. Осы бағытта өткен жылы Жаңақала топтық су құбыры құрылысын жүргізуге қаражат қаралып, жұмысы басталған еді. Жобаның жалпы құны 2,522 млрд. теңге болса, былтырғы жылы соның  550,0 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген болатын. Құрылыстың бас мердігері «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның басшысы Валерий Крыловтың айтуынша, ұзындығы 150,54 шақырым болатын су құбырының бүгінгі таңда 140 шақырымы жерге көміліп, құбыр тарту жұмыстарының 90 пайызы бітіп тұр.

– Құлшық құмынан жер асты суын тарту – бүгінгі таңда облыстағы ең маңызды да үлкен құрылыстардың бірі. Бұл жобаның құрылысы ойдағыдай аяқталғанда, ауданның сегіз елді мекені, яғни аудан тұрғындарының 70 пайызға жуығы сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқтала келді. Құлшықта жер асты су қорының бұрғылау және электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Ауа райы сәл жылынған соң сыйымдылығы 2000 текше метр болатын екі деңгейлі су қоймасы салынып, қажет ғимарат тұрғызылатын болады. Қажетті құрылыс жабдықтары мен құрылғылар толықтай сатылып алынды. Құрылыстың аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың қараша айына белгіленген болса, біз мерзімінен бұрын шілде айында толық тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді  мердігер компания басшысы Валерий Крылов.

«Жайықгидрогеология» ЖШС-ның бас директоры Бисен Дауымовтың айтуынша, Құлшық аумағындағы жер асты суының қоры 1991 жылы барлау жүргізу нәтижесінде белгілі болған. Өткен жылы Үкімет жанынан құрылған комиссия келіп, судың мөлшері мен сапасына сараптама жүргізіп, бекіткен болатын. Судың қоры 27 жылға жетеді деп жоспарланды. Өнімділігі тәулігіне 2130 текше метр болмақ. Бұл су қоры Бөкей ордасы ауданының шығыс бетін және Жаңақала ауданының батыс жағындағы ауылдарды таза әрі сапалы ауыз сумен қамтуға жеткілікті. Су 30 метр тереңдіктен шығады. Бұл жерде алты бірдей ұңғыма салынады. Сол арқылы Жаңақала ауданы орталығы және оған барар жолдағы бірсыпыра ауылдардағы 17 мыңдай тұрғын таза сумен қамтылатын болады. Бұл көп жылдар бойы ауыз су тапшылығын тартып келе жатырған аудан тұрғындары үшін зор қуаныш болмақ.

Бұдан соң аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан бойынша ағымдағы жылы жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жобасын таныстырды. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы ауданның Мәстексай, Жаңақазан ауылдарындағы су құбырларын қайта құру, Сарыкөл, Жаңажол ауылдарына су құбырларын тарту жоспарланған. Сонымен қатар аудан орталығынан жалдамалы негіздегі үш қабатты тұрғын үй салу, Жаңақазан, Жаңажол, Мәстексай, Жаңақала ауылдарынан спорт алаңдарын тұрғызу, инженерлік инфрақұрылым тарту, бірқатар ауылішілік жолдарға орташа жөндеумен лимандарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да осы жылдың еншісінде екен.

Содан кейін облыс әкімі Қазталов ауданында болып, Киров – Шежін су арнасының үшінші кезеңінің жұмыстарымен танысты.

Қазталовтықтар үшін маңызды жоба саналатын су арнасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Азиятехстрой» ЖШС мамандарының айтуынша, бұл жердегі басты мақсат – осы арна арқылы Жайық өзенінің суын Қараөзенге жеткізу. Сонда Ресейдегі Еділ өзенінен босатылатын 100 миллион текше метр су 30 миллион текше метрге дейін төмендемекші. Яғни бұл бағытқа бюджеттен бөлінетін қаржы да 3,5 есеге дейін азаяды. Оған қоса төрт бірдей ауданның аумағын қамтитын 133 мың гектар суармалы  жер пайда болып, шаруа қожалықтарының тынысы кеңейеді.

Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Жалпы, Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округінде орналасқан Киров су қоймасының бұл тармағы 180 шақырымнан асады.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Су арнасы бойынан салынатын алты нысанның үшеуінің құрылысы толықтай атқарылған. Киров су қоймасынан тартылған су арнасы енді 200 метр қазылған соң Қараөзенге қосылады.

Аталған жобаның аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың қараша айында болғанымен, мердігер компания құрылысты ерте бітіруге мүдделі. Канал қазу жұмысымен танысқан облыс әкімі мердігер компания басшыларына құрылысты барынша тез аяқтап, көктем мезгіліндегі су тасқынын тиімді пайдаланып, Қараөзенге су түсіруді тапсырды.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков бірқатар елді мекеннің көгілдір отынның игілігін көре алмай отырғандығын айтып, газдандыру жобасымен таныстырды. Бүгінгі таңда ауданды көгілдір отынмен қамту 44 пайызды құраса, жобалық құжаты жасақталған ауылдарды газдандыру жұмыстары аяқталған соң көрсеткіш 77 пайызға жетеді. Сондай-ақ аудан әкімі Қарасу, Көктерек ауылдарын таза ауыз сумен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқандығын мәлімдеді. Сонымен қатар Қазталов, Жалпақтал ауылдарындағы бой көтеретін тұрғын үйдің құрылыс, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жайында баяндады.

Қазталов ауданының да ағымдағы жылға жоспары мығым. Олардың қатарында Жалпақтал, Қараөзен, Ақпәтер, Қайыңды, Жаңажол, Таңат, Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық, Қособа ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыстарын аяқтау бар. Сонымен қатар Қазталов пен Жалпақталда ауылішілік  жолдарына күрделі жөндеп, Қазталов ауылындағы саз мектебін салу жоспарда тұр.

Оның сыртында Бозоба – Қайыңды бағытындағы Қараөзен өзені арқылы өтетін қалқымалы өткелді жөндеу, Қайыңды, Болашақ, Қараөзен, Көктерек және Жаңажол ауылдарында футбол ойын алаңдарын салу да биылғы жылдың еншісінде. Мұнымен қоса Қазталов ауылында 900 орындық, Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп, Қараөзен ауылында 60 орындық балабақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Сондай-ақ Қазталов, Жалпақтал ауылдарында екі қабатты 12 пәтерлі  алты тұрғын үй құрылысы және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдеріне инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Аудандағы 13 елді мекенді көгілдір отынмен қам-ту үшін жалпы құны 1, 653 млрд. теңгенің үш жобасы жасақталып отыр.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Ақжайық ауданында да болып, Азнабай – Тайпақ суландыру жүйесін дамыту бағытындағы мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мамандардың айтуы бойынша, көлемі 15 500 гектарды құрайтын Азнабай – Тайпақ суландыру жүйесінің құрылысы 1955 жылы басталып, 1959 жылы іске қосылған. Су арнасының ұзындығы 224,38 шақырым. Кейін суландыру жүйесі бірнеше рет өзгертіліп, ақыр соңында  істен  шыққан.

«Қазсушар» мекемесінің бас гидротехнигі Шынболат Ермағанбетовтың айтуынша, Жайықтың  сол жақ бетін суландыру үшін арғы беттегі Ақжайық ауылының тұсынан су сорғыш насос қондырғыларын қойып, бұрынғы Жайық – Шалқар каналын қайта қалпына келтіру қажет. Сол канал арқылы суды Ащы өзеніне түсіріп, аталған өзен бойындағы су қоймасының деңгейін көтеру керек. Бұдан соң Ащы – Азынабай – Тайпақ каналын қайта қалпына келтіріп, жабдықтап, суды Өлеңті өзеніне түсіру қажет. Аталған өзеннің түбінде Аяқ деген бөгет бар. Сол бөгет бойындағы 50 шақырымдай канал арқылы Жайықтың арғы бетіндегі 400 мың гектардай жерді  суландыруға  мүмкіндік   туады.

– Бүгінгі жұмыс сапарымызда өңіріміз үшін маңызы зор үш жобаның жұмыстарымен таныстық. Жаңақала ауданының халқын таза ауыз сумен қамту шешімін таппай келген өзекті мәселелердің бірі болатын. Бүгінгі таңда министрліктермен бірлесе жұмыс жасаудың нәтижесінде сол түйткілдің оң шешімін таптық. Маңызды жобаны жүзеге асыру үшін  2 миллиард теңгеден астам қаражат қаралды. Аудан орталығынан 150 шақырымда орналасқан Құлшық деген жерден таза ауыз судың көзі табылып, су құ-быры тартылуда. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың күз мезгіліне дейін толық аяқтауымыз керек. Аудан орталығына дейінгі сегіз елді мекен де осы таза судың қайырын көрмек. Сол арқылы Елбасымыздың Жолдауындағы халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары біртіндеп шешімін таппақ. Сондай-ақ Елбасымыздың тапсырмасымен өңірлерде ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіру, сол арқылы ауыл шаруашылығы саласының дамуына жол ашу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ен далаға су барса, шаруалар мал басын көбейтуге, мал азығын молынан дайындауға мүмкіндік алады. Осы бағытта үкіметтен бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаражатқа Киров – Шежін каналын салу жұмысы басталып, құрылыстың бүгінде үшінші кезеңі аяқталуға жақындады. Бұл су арнасы арқылы 180 шақырым жерде орналасқан Жайық өзенінің суын Қараөзенге жеткіземіз. Жоспар бойынша 30 миллион текше метр су баруы керек. Бүгін канал қазу жұмысымен танысып, құрылыстың қарқынды жүріп жатқандығына көз жеткіздік. Енді 200 метр қазылған соң арна Қараөзенге жетеді. Мақсатымыз – көктемгі суды тиімді  пайдаланып, өзенге жеткізу. Құрылыс ойдағыдай аяқталған жағдайда 130 мың гектардан астам жер суланатын болады. Бұл мал өсірумен шұғылданатын шаруа жандарға керемет мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ бұрын қолға алынып, артынша қараусыз қалып, істен шыққан Ақжайық ауданындағы Азнабай – Тайпақ суландыру жүйесі жұмысымен де таныстық. Осы ауданда жұмыс сапарымен болып, шаруа қожалығы басшыларымен кездескенде олар әрдайым су тапшылығын айтып жүр. Егер бұл каналға жан бітірсек, Жайық өзенінің арғы бетіндегі 400 мың гектардан астам  жерге су шығатын болады. Бүгінгі жұмыс сапарымызда каналды жандандыру туралы мамандардың пікірлерін тыңдадық. Жалпы ұзындығы 180 шақырымды құрайтын суландыру жұмысын да үш кезеңге бөлуді көздеп отырмыз. Наурыз айына жоспарланған облыстық мәслихат сессиясында бұл жобаға қаражат қарастырамыз. Осы айтылған үш ауқымды жоба іске асқан кезде аталған аудандардың халқы үлкен игілікке кенеледі деп ойлаймыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов сапар соңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қазталов ауданына қарасты Жұлдыз ауылындағы жөндеуді қажет ететін мектепте болды. Облыс әкімі жөндеудің жобалық-сметалық құжатын толық дайындап, мектептің құрылысына болашақта қаржы қарастыру  қажеттігін  айтты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Орал – Жаңақала – Қазталов – Ақжайық


Дауасыз дерт меңдеген қос перзенттің ата-анасы қайырымды жандардан көмек күтеді

Күні: , 70 рет оқылды

…Тоғыз жастағы Дәурен ауыл баласы болып, ащы құрт сорып көрген жоқ. Мұз кәмпиттің тәтті дәмін де білмейді. Жесе, үсті-басын қаптаған тырысқан жарасы қозып, қанайды.

Ол өзге құрбы-құрдастарымен бірге шаңды боратып доп теуіп, ойнаған емес. Тіпті бала болып, қатты дауыс шығарып жылай да алмайды.

«Құдай бір ұрғанды қос ұрады» демекші,  бесіктегі он бір айлық Мансұрдан да ағасының «пигментті ксеродерма» диагнозы анықталды. Бұл өзі – 250 мың адамның ішінде бір кездесетін сирек сырқат.

– Менің жүрегім қалай қан жылайтыны бір Аллаға аян. Туған ағам марқұм Самиғолланың жалғыз ұлы Думанның  қос құлыншағы бірдей осындай кеселге тап болды. Інім болады ғой, ол отбасымен Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылында тұрады, – деп редакцияға келген  Орал қаласының тұрғыны Света Жақсылықова көз жасына ерік бере отырып, іштегі шемен боп қатқан шерімен бөлісті. Біз де үнсіз  құлақ  түрдік.

 – Қыс мезгілінде балапандардың тұла бойын қаптаған жара сәл-пәл азаяды. Көктем шыға сәуір туысымен қос ұлдың бойын жара қаптап, тіпті мойындарын да бұра алмай қалады. Мойындарын бұрса, тырысқан жаралар қиылып, жарылып, қанайды. Содан да тірілей азапқа түскен сәбилер мойындарын бұрмай, бар денесімен бұрылады. Үлкені Дәурен қуақылау, бірдеңе айтып сәл езу тартады, рақаттанып күлуді әсте білмейді. Ондайда жыламайыншы, көз жасымды балақандарға көрсетпейінші-ақ деймін, бірақ сондай қалыптарын көргенде шыдамаймын, – деді ақтарыла түскен Света Бисенбайқызы.

Қос бала өзге құралпы балақандар секілді бақырып-шақырып жыламайды да. Ауыздарын қатты ашса, еріндерін қаптаған сары жара қиылып кетпек. Сондықтан еріндерін сәл бұртитып, дыбыссыз жылағансиды. Сонда бақырып жылау да құлыншақтарға жарасады екен деген ойға кетесің… Кейде жәудіреген қос жанарды да  жара басып, аштырмайды. Бет-жүзіндегі жара біткен сыздап ауырып, қышитыны бар. Ондайда үлкені Дәурен жарды ұрып, қолды-аяққа тұрмай, жынданып кете жаздайды. Тоғыз жыл бойы осылай күн-күнге, түн-түнге ұласып, әйтеуір аурудың бір емі табылар деген нәзік үміттің жетегімен мысықтабандаған жылдар жылжып өтіп жатыр.

– Балалардың аурулығын айтып, Сырым ауданының әкіміне Думан Жақсылықовтың үйіне газ және су кіргізіп берулерін сұрап өтініш бергенмін. Міне, жаңа жыл қарсаңында інімнің ескі үйіне көгілдір отын кіргізілді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке, әкімдік қызметкерлеріне рахмет айтамыз! Енді ауыз су мәселесі шешілсе деймін. Ауладағы қырық жылғы құдық дұрыс жасамайды. Сырқат балапандардың әрқайсысына кем дегенде 4-5 шелек су керек. Келінім Эльмира балалардың бойындағы жараларға арнайы жақпамайларды күніге пәленбай рет жағады. Әрі жара жарылып, қанайтындықтан, жиі жуындыруға тура келеді. Отыз жастағы келінім төрт баланың анасы, демалыс дегенді мүлдем білмейді. Жас болса да, басына түскен сынақты сыр бермей көтеріп келеді. Басқа біреу болса, қайтеді, кім білген?! Айналайын бала өзі, бағы жанар енді. «Үмітсіз шайтан» деген, еңбегіңнің зейнетін көрерсің деп қоямын. Басқа не дейін?.. – деді Света  Бисенбайқызы.

Бірге туған бауыр бауырға қарайласпақ түгілі, амандық-саулық сұрасуға мұрсат жоқ дейтін мына заманда ағасының ұлының балапандарына қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, қайтсем көмек етем деп шырылдап жүрген Светаның жайы бөлек. «Келіннің денсаулығы мәз емес. Балаларды күту үшін олардың анасының да дені сау болғаны дұрыс. Сондықтан науқас бағып отырған ана ретінде оған қамқорлық болса деймін. Дәрігерлік тексерістен өтсе деймін. Алдағы жаз айларында демалысқа шипажайларға, мына тұрған «Ақжайық» шипажайына отбасымен төрт көзі түгел барып, демалса деп армандаймын. Адам баласы ғой, жүйкесі демалып қалар ма еді?! Ініме тұрақты жұмыс керек. Келіншегі төрт баласымен үйде отыр. Қолдарында зейнеткер әжесі бар. Сол кісінің зейнетақысы мен Дәуренге мүгедек бала санаты бойынша 59 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Оның ау-руының емі жоқ деседі. Солай бола тұра, жылда тексерістен өтеді. Дәрігерлік сараптаманы балалардың сырқаты жазылмайтын болған соң өмірлік қылып неге бермейтінін түсінбеймін. Екінші ұлға 2017 жылғы қазанда емі жоқ деген диагнозды Алматыдан қойды. Мүгедектікке төрт айдан кейін шығады деген, әлі ештеңеден хабар жоқ. Оған 25 мың теңге шамасында балалар жәрдемақысы беріледі. Енді бір жасқа толатындықтан, онысы тоқтайды, – деді терең күрсінген кейіпкеріміз.

– Жедел түрде дәрігер шақыртсам, дәрігерлер өздерінің екпелерін егеді. Ал былайынша балалар мазасызданып жылағанда тыныштандыратын екпелерді дәрігердің рұқсаты-кеңесімен өзім сатып аламын. Дәрі-дәрмекті еш уақытта тегін алып көрмедім. Жараны сүртуге залалсыздандырылған салфеткалар пайдаланамыз. Жұбайым Думан ауылдағы мәдениет үйінде оператор болып уақытша жұмыс істейді. Жаз шыға жұмыссыз қалады, бірақ тас соғады, қой бағады, әйтеуір,  балалардың нанын тауып береді, – дейді сырқат балалардың анасы Эльмира Кенжеәлиева.

Өткен жылы Дәурен Самиғолланы әке-шешесі елімізде емдей алмайды деген соң бір шипасы болар деп Израильге апармақшы болды. Бірақ жеме-жемге келгенде ол жақтағылар мұндай сырқаттың жазылмайтынын, емі жоқтығын кесіп айтты. Тек диагнозын қайта нақтылауға болады десті. Елімізде мұндай сырқатқа квота да берілмейді екен. Дәрігерлер науқасты текке жолға шығарып, шаршатпауға кеңес берді. Сол тұста Оралда гранд-бал өткізуге келген «Қайыр» қорының директоры Алпамыс Шаримов та қолұшын созып, балалардың ем-домына деп қаржылай көмек берді. Сонда мейірімі азайған қоғамда әлі де қайырымды жандар барын сезінді бұл отбасы. Жас болса да, айналасына ізгілік нұрын сеуіп жүрген Алпамыс інісіне Света апасы мың алғыс айтады. Енді науқас балақайларды көлеңкелі жерге, шаң-топырағы аздау жерге қоныс аударуы керек депті. Бұлдырты ауылының топырағы құмды болғандықтан, жазда ауыл іші көкала шаң, құмды дауыл көз аштырмайды. Ондайда ұлдардың жарасына шаң тұрып, одан сайын қышынады.

– Біздің Орал – таза, жасыл қала. Осы қаладан бір пәтер алып жатсақ, балалар балконнан сыртқа қарап, сырттағы ойнаған ұл-қызды көрсе деймін. Ауылда шаң, сондықтан балалар тек түнге қарата сыртқа  шығады. Онда да қорадағы бірер сиырдан басқа не көреді?  Анасына да бала-шағасын қарау жеңілдер еді», – дейді Света.  Оның айтуынша, дәрігерлер мұндай ауруды тұқым қуалайтын ауру, тексеріп көрелік депті. «Мен әкемнен 1,5 жаста, шешемнен 15 жасымда қалғанмын. Кімнен дерің бар ма? Мүмкін, менің тұқымымнан шығар, мүмкін жеңгем жағынан болар. Енді оны кімнен, қай жақтан деп іздеудің мәнісі бар ма? Емі жоқ, жазылмайды деген соң кімнен екенін білгенде не істейсің? Қолымыздан бар келетіні сол балаларға жағдай жасау, күн түспейтін, көлеңкелі жерде күтім жасау ғана. Үкімет мұндай науқасы бар балаларға үй береді деп күт-пеймін. Мен тек Аллаға, одан кейін мына өмірдегі қайырымды, мейірімді жандарға сенемін. Інімнің бала-шағасына тұтас пәтердің құнын емес, жартысын толтыруға көмек қолдарын созса дейміз. Өзіміз де қарекет етеміз, – деді сөз арасында  Света  Жақсылықова.

Ол бұрын Сырым ауданының Жетікөл ауылындағы балабақшада жұмыс істеп, кейін  денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. «Омыртқам ауырып, орнымнан тұра алмай қалдым. Апаларым келіп, аяғыма шұлығымды кигізетін. Сондайда оларға: «Мені неше күн бағасыңдар? Ертең шаршаған соң кетіп қаласыңдар» деп шұлығымды аяғымның башпайларымен алып, киюді үйрендім. Сонда таңғалған апаларыма «Менің ауруым ауру емес, аямаңдар. Сырқатымның емі Қазақстаннан табылып тұр. Құдай емі табылмаған аурудан сақтасын. Емі шетелде десе, ақша жетпей жатса, сонда не істейсіңдер?» деп ұрсатын едім. Міне, Алла Тағала бұл сондай болады, істеп көр деп сынағандай емі жоқ ауруды бауырларыма бергені. Сынақ шығар, қолымнан келген көмегімді берейін дегенім», – деді ол кетуге жиналып  жатып.

Ұлы Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» демекші, қаршадай ұлдардың тағдыры кімкімді де бейжай қалдырмасы анық. Бұл отбасыға қолұшымды созамын дейтін қайырымды азаматтарға отанасы Эльмира Кенжеәлиеваның ұялы телефон нөмірі мынадай: +77056383539, +77789811412, ал есепшоты  kz076010002008939652.

Ардақ МҰҚАНОВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

 – ҚР  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекiтілген медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу қағидаларының 23-тармағының 2-тармақшасына сәйкес 16 жасқа дейінгі балаларға «мүгедек бала» санаты бойынша мүгедектік алты айға, бір, екі, бес жылға және 16 жасқа толғанға дейін тағайындалады. Ал мерзімсіз мүгедектік,  яғни өмірлік мүгедектік ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған кезде, емдеу-оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда, мүгедектік тобы тұрақты болғанда және бірінші топтағы мүгедекті кемінде төрт жыл, екінші топтағы мүгедекті кемінде бес жыл, үшінші топтағы мүгедекті кемінде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейін беріледі. Сондықтан Д. Самиғоллаға қағидаларға сәйкес мүгедек бала санаты 2017 жылдың 24 тамызында тағайындалды. Ал мерзімсіз мүгедектік тобы 18 жастан кейін көрсетілген мерзімдер мен шарттар сақталған  кезде  тағайындалады.

Ал Мансұр Самиғолланың денсаулық жағдайының нашарлауын растайтын диагностикалық емдеу және оңалту іс-шаралары жүргізіліп, төрт айдан кейін медициналық мекеме оның құжаттарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдауы тиіс. Сәбидің апасының айтуына қарағанда, Мансұрдың диагнозы қазан айында қойылған, сондықтан төрт ай өтпегендіктен, оның  құжаттары  бізге  әлі  түспеген.

Екатерина ОЛЬХОВСКАЯ,

Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің   директоры:

– Пигментті ксеродерма – созылмалы, ультракүлгін сәулесіне жоғарғы сезімталдығымен ерекшеленетін, тұқым қуалайтын тері ауруы. Мұндай науқастардың терісі күн сәулесінің әсерінен қызарып, қабыршақтанады, тіпті күйік алу жағдайы да кездеседі. Теріде ақшыл қоңыр түстен қара түске дейін дақтар пайда болады және тері жұқарады. Бұл дерт ультракүлгін сәулелерінен зақымданған ДНК жасушаларын қалпына келтіруге жауап беретін ағзадағы эндонуклиаз, полимераз-1 ферменттерінің  жетіспеушілігінен  туындайды. Мұндай науқастар дерматологтың, педиатордың, көз дәрігерінің қадағалауында болады. Олар күн көзіне бас киімсіз шықпауы керек.

Сондай-ақ күн сәулесінен қорғайтын «СПФ-50» сықпамайларды жағуы тиіс. Дәурен Самиғолла республикалық тері венерологиялық ғылыми-зерттеу институтына екі мәрте, Астана қаласындағы республикалық диагностикалық орталыққа  квотамен  тегін барып қаралды. Ал Мансұр Самиғолланы 2017 жылдың тамызында Алматыдағы тері венерологиялық ғылыми-зерттеу институтына жолдадық.  Оның  да  диагнозы  расталды.

Мұндай сырқат балаларға ылғалды, күн сәулесі көп түспейтін қоңыржай ауа райы жағымды және олардың терісіне күн сайын, тіпті сағат сайын  мұқият  күтім  керек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Әлжан ЖАРМҰХАМЕДОВ, баскетболдан Мюнхен олимпиадасының (1972) чемпионы: «Әкенің ақылын тыңдап өскен ұл кем болмайды»

Күні: , 109 рет оқылды

…1972 жылы Мюнхен олимпиадасындағы баскетболдан АҚШ пен КСРО құрамалары арасындағы финалдық ойын қалай аяқталғанын көзі қарақты жанкүйер жақсы біледі. Ал, сол тарихи ойында алаңда ең көп уақыт өткізген ойыншы қазақ Әлжан Жармұхамедов екенін көпшілік біле бермеуі мүмкін. Жеңіліп көрмеген АҚШ баскетболшыларын тізе бүктірген ойын қаһарманымен жуырда әңгімелесудің сәті үсті.

– Әлжан Мүсірбекұлы, шынын айту керек. Сіздің қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы екеніңізді спорт тарихын терген жанкүйерлер болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз?

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бостандық ауданында дүниеге келдім. Ол ауданды өткен ғасырдың елуінші жылдары Никита Хрущев Өзбекстан құрамына беріп жіберген. Әкем Мүсірбек – Қызылорда өңірінің тумасы. Руы Жаппас. Әкем отызыншы жылдары жұмыс іздеп, оңтүстікке барып, сол жақта қалып қойған. Ал, анам Украинаның Днепропетровск қаласынан. Отызыншы жылдар тарихта несімен есте қалғанын барлығымыз білеміз. Анам да сол жылдардағы аштықтан қашып, еліміздің оңтүстігіне орналасқан. Ата-анам еңбек еткен адамдар. Оларды табыстырған да еңбек. Осылайша Кіші жүз қазағы мен украин қызы көңіл жарастырып, үйленген. Жанұямызда менен бөлек екі қыз және інім бар.

– Спортқа қалай келдіңіз?

– Бала күнімде спортшы болам деген ой тіпті болған емес. Мектептегі дене шынықтыру сабағынан берген ұстазымыздың сабағы қызықсыз өтетін. Бізге ол сабақты әскери адам жүргізген. Дене шынықтыру кезінде ол кісі оқушыларды сапқа тұрғызып қойып, саптық гимнастиканы ғана үйрететін. Ер балалар дене шынықтыру сабағынан қашып кететінбіз. Қолдан жасалған алаңда доп қуалау ермегіміз болатын. Қай заманда да футбол ең қолжетімді спорт болды ғой. 1961 жылы мектеп бітірген соң Шыршық қаласындағы «Өзбекхимнаш» зауытына жұмысқа орналастым. Екі жылдай сол жерде еңбек еттім. Міне, сол кезде зауыттың спорт жетекшісі баскетбол ойнауға үйретіп, спорттық бабыма келтіре бастады. Алғашында бұл іске немқұрайлы қарағаныммен, күн өткен сайын ұнай бастады. Ақыры зауыттағы жұмысымды қойып, Ташкент қаласындағы дене шынықтыру институтына оқуға түсетін болдым. Осы жолды сілтеген зауыттың спорт жетекшісіне деген ризашылығым шексіз.

1963 жылы дене шынықтыру институтына түскен бойда-ақ баскетбол бапкері мені өзіне жақын тартты. 19 жастағы жас жігіт болсам да, баскетболшы болам деген жан үшін бұл өте кеш. Баскетбол техникасы мен тактикасын меңгеру өте қиынға соқты. Бапкерім де шеберлігімді шыңдай түсу үшін маған көп жаттығу керектігін айтып отыратын. Өзіме қатты ұнаған соң баскетболға шындап ден қоя бастадым. Бар уақытымды қитұрқы пастар мен үш ұпайлық лақтыруларды шыңдауға жұмсайтынмын. Тіпті сабақтар арасындағы үзілісімді де спортзалда өткізіп жүрдім. Осылайша төрт жыл өтіп кетті. Төккен тер текке кетпеді. 1967 жылы КСРО құрамасының сапына ендім. Алғаш үлкен жеңісім де көп күттірген жоқ. Ол Еуропа чемпионатының алтын жүлдесі еді.

– КСРО құрамында талай жеңістерге қол жеткізіп, кейін жаттықтырушы қызметін де абыроймен атқарған екенсіз?

– Алғашқы жетістіктеріммен бірге атақ та келді. Мені сол кездегі үздік клубтардың бірі – Мәскеудің ЦСКА-сы өз қатарларында көргісі келді. Бірақ баскетболдағы жолымды ашып, үлкен жетістіктерге жеткізген туған командамды тастап кеткім келмеді. Екі жыл бойы ЦСКА командасына бармаудың амалын жасаумен жүрдім. Тіпті, жаттығуымызға офицерлер ішкі істер қызметкерлерімен бірге келген кездер де болды. Ондай жағдайда киім ауыстыратын бөлмеге кіріп, терезеден қашып шығатынмын. Көбіне ЦСКА-дан қашып, Алматыға тығылатын едім. Осылайша амалы таусылған армиялықтар менімен қуыспақ ойнағаннан шаршаса керек. «Ел құрамасында ойнағысы келсе, ЦСКА-ға келсін», – деген шарт қойды. Келіспеске амал қалмады. Екі күннің ішінде мені алып кетті. Қалған 11 жылым Мәскеуде өтті. 10 мәрте Кеңестер одағының чемпионы атандым. Әлем чемпионаты мен универсиаданың жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы деген атағым тағы бар. Бес жыл Германияда қызмет жасадым. Орта Азия әскери округінде қызмет қылдым. Армия қатарынан шыққан соң кері Мәскеуге бардым. Мюнхен олимпиадасында бірге ойнаған Сергей Беловпен бірлесіп Ресей құрамасын баптадым. Ресейліктердің әлем біріншіліктерінде алған екі күмісіне бір кісідей үлес қостым.

– Әлжан аға, сізге қарап көз қуанады. Бұрынғының батырларындай десек, артық айтқанымыз емес. Әкеңізге тартқансыз ба, әлде нағашыларыңыз тұлғалы адамдар ма еді?

– Аталарымды көрген емеспін. Нағашы атам Украина жағында қайтыс болған. Әкемнің айтуы бойынша, атам ірі тұлғалы кісі болған. Анам да нағашы атамның ірі адам болғанын айтатын. Нағашы атамның суретін ғана көрдім. Ол кісі қасындағы жолдастарынан бір бас ұзын екен. Кейін атым шығып, КСРО-ға танымал бола бастағанда, анам Қызылорда және Жезқазған жағынан туыстарымды тапты. Нағашы жағыммен сол кезде араласа бастадық. Өз ағайыным да, нағашы жағым да ірі болғанын ескерсек, менің тұлғам екі жаққа да ортақ болар.

– Әкеңіз ескінің естелігі мен өзінің өмірі жайында әңгімелер айтты ма?

– Әкем Мүсірбек Бостандық ауданына белгілі шебер болатын. Үй салып беру, сынған заттарды жөндеу керек болса, халық әкеме келетін. Ал мен оның бірінші көмекшісі едім. Сондықтан оның балалық шағы мен ата-әжелеріміздің көшпенді өмірі жайында көп естідім. Олардың Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан арасын жайлап жүргені жайындағы әңгімелер мен жұт кезіндегі қиындығы жайында айтқандары есімде. Әкемнің ортаншы ағасының соғыстан келмей қалғанын да білемін. Бір жылы қатты жұт болып, атамыз қолында бар малының бәрін союға тура келген. Әкем еркелеу болса керек. Ренжіткен ағасына жаңа піскен етті лақтырып, өшін алыпты. Аштық боп жатса да, ет лақтыратындай заман-ай, – деп күліп қоямын осы оқиға есіме түскенде. Менің қазақ тілін ұмытпай жүргенім сол әкеміздің қасында көп уақыт өткізгендіктен болар. Өйткені әкем бізбен тек қана қазақ тілінде сөйлесетін.

– «Әке көрген оқ жонар» дейді. Сізді әкеңіз неге үйретті? Оның тәрбиесі не нәрсеге құрылған еді?

– Үлкенді сыйлау. Әкем де, анам да ең бірінші айтатын сөзі «үлкенді сыйла» еді. Олардың сөзі мен үшін заң болды. Сондай-ақ «бастаған ісіңді соңына дейін жеткіз» дейтін әкем. Еңбекті сыйлауды да үйреткен әкем. Анамның да тәрбиесі солай еді. Сондықтан жанұяда алған тәрбиемнің өмірде көп пайдасы тиді. Әкенің ақылын тыңдап өскен ұл кем болмайды.

– Әлжан аға, «Движение вверх» фильмі жайында алып-қашпа әңгіме көп. Тіпті, сол кезде сіздерді баптаған бапкердің шын тегін пайдалануға жақындары тыйым салғаны жайында да естіп-біліп жатырмыз. Осы жайында айтып берсеңіз.

– Мен де, менің жолдасым да сценарийді оқып шықтық. Кондрашиннің (1972 жылы КСРО құрамасын баптаған адам) жолдасына ол ұнамаса керек. Бірақ, шынын айтайын, ол кезде шетке шығатын спортшылардың барлығы алып-сатумен айналысатын. Қара уылдырық, фотоаппарат алып кететінбіз сапарға. Оларды сатып, жақындарымызға сыйлық алып келетін едік. Дегенмен алғашқы сценарийде бізді спортшы емес, алыпсатар сияқты етіп көрсеткен. Жолдасым егер дәл солай етіп түсірер болса, премьераға бармайтынын айтты. Маған да алғаш сценарий ұнаған жоқ. Фильм түсірушілерге өз назымызды білдірдік. Олар барлығын ескеріп, жақсы көруге тұрарлық лента шығарды. Ал, бапкеріміздің жолдасы айтқанынан қайтпады. Сондықтан Кондрашин емес, тегі Гаранжин болып өзгертілді фильмде. Дәл осы тұс маған ұнамайды. Өйткені Владимир Кондрашин баскетболға өмірін арнаған нағыз батыр. Өмірде болған адам. Жеңіске жетуімізге бар кү-шін салған кісінің аты фильмде аталмай қалғаны өзіме онша ұнамайды. Өйткені баскетбол тарихында алғаш рет Америка құрамасын жеңген спортшыларды тәрбиелеген, баптаған адам сол ғой. Тағы да айтам, фильм жаман емес, тек Кондрашиннің аты аталмай қалғаны болмаса.

– Әкеңіз сіздің Қазақстан атынан ойнағаныңызды қалаған деседі. Сол рас па?

– Әкем біздің ауданды Өзбекстанға қосып жібергеніне де қарсы болды. Ол ауданды өзбектің жері деудің өзі қисынсыз. Өйткені тұрғындардың барлығы қазақтар болатын. Кейін Бостандықтан көп қазақ көше бастады. Бала күнімнен бірге өскен достарымның көбі Қазақстанға көшіп келді. Қазір Алматыда тұрады. Ал, әкемнің көшетін мүмкіндігі болмады. Бірақ ол біздің өз Отанымызға оралып, қазақ жерінде өмір сүргенімізді қалады.

– КСРО құрамасы 1972 жылдан кейін 1988 жылы олимпиада алтынын иеленді. Сол құрамада жерлесіміз Валерий Тихоненконың болғанын білеміз. Бірақ одан кейін ТМД елдері арасынан тек өзіңіз баптаған Ресей екі рет әлемдік сында жүлде салғаны болмаса, басқа республикалар жақсы нәтижемен қуантар емес. Неліктен? Баскетбол мектебі қалыптасқан ел едік қой.

– КСРО құрамында болған барлық елдерде баскетбол құлдырап кетті. Литва ғана болар өз деңгейін түсірмей тұрған. Ал қалған республикаларда баскетболдың деңгейі жоқ. Шынымды айтсам, мен ЦСКА ойнап жатқан кезде де ойын көруге бармаймын. Өйткені сапалы ойын көрсетер жергілікті баскетболшы жоқ, кілең шетелдіктер. Біздің ел басшылары «Астана» баскетбол клубын құрып, осы ойынды дамытсақ деп жатыр. Қазір «Астана» бірыңғай ВТБ лигасында ойнап жүр. Жеңісімен көп қуантпаса да, баскетболдың дамуына өзіндік септігін тигізері сөзсіз.

– Әлжан аға, «Астана» командасындағы Рустам Мырзағалиевтің ойыны ұнай ма?

– Барынша ойнап жүр, қазақ балаларын ойынға тартып, қызығушылығын ояту үшін Рустамдай ойыншыларды көбірек насихаттау керек-ақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау қаласында Әлжан Жармұхамедов атындағы баскетбол академиясы ашылған-ды. Сол жылдары «Атырау» командасы ел чемпионы атанғанынан хабардармын. Бірақ ол команда осы күні жоқ. Кез келген нәрсені құртып жіберу оңай. Ал қалпына келтіру қиын. Сондықтан қолда барды пайдалана отырып, баскетболды дамыта түсуіміз керек. Өз басым қазақ баскетболын барынша қарап жүрем. Әрине, деңгей төмен. Бірақ болашағы бар.

– Әлжан аға, көп жанкүйер үшін олимпиада алтынын алған алғашқы қазақ – Жақсылық Үшкемпіров. Сізді көп атай бермейді. Бірақ қазақ арасынан шыққан алғашқы олимпиада чемпионы сіз екенін көріп, біліп жатырмыз. Ал, Жақсылық ағамызбен қарым-қатынасыңыз қалай?

– Ол 1980 жылғы олимпиада чемпионы ғой. Шынымды айтсам, жақсы танымаймын. Ол қазақ даласында туып, қазақ елінде тәрбиеленген спортшылар арасынан шыққан тұңғыш чемпион. Бірақ, мен де қазақтың баласымын. Құжатымда «қазақ» деп жазулы тұр. Кім болса да, өз жеңісін еліне арнайды ғой.

– Елге келу ойыңызда жоқ па?

– Бұл өте жиі қойылатын сұрақ. Алғаш рет 1968 жыл елге келгім келген. Ол кезде Алматыда «Локомотив» деген баскетбол командасы болатын. Жарты жыл қазақ командасына ойнауға рұқсат беретін қағазды күтіп жүрдім. Реті шықпады. Одан кейін де бірнеше рет мені елге алып келгісі келген.  Бірақ «үйтеміз-бүйтеміз» деп уәдені үйіп-төккендердің сөзі сөз күйінде ғана қалды…

Сұхбаттасқан Түгелбай БИСЕН


Талантты жастарды танытқан жоба

Күні: , 71 рет оқылды

Ел арасында көзге түспей жүрген талантты да дарынды жастарды танып, шеберлігін шыңдайтын «Танылмаған талант» облыстық байқауы өз мәресіне жетті.

– Жоба өткен жылы «Ақжайық» телеарнасының тікелей қол­дауы­­мен, облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасы және об­лыс­тық, аудандық жастармен жұ­­­мыс жөніндегі ресурстық ор­та­­­­лық­­тарының тікелей ұйым­дас­ты­руы­мен басталған болатын. Ау­дандар мен қала жастары ішінен дарындылар іріктеліп, байқаудың алғашқы кезеңдерінде 700 өнер­паз бақтарын сынады. Талант­ты­­лар арасынан топ жарған 18 қа­ты­­сушы ғана финалға шықты. «Ән және ақын» аталымы бойынша қатысушы өте көп болды. Жастар­дың байқауға деген қызығушылы­ғы жоғары деңгейде. Осы жылдың жаз мезгілінен бастап аудандарға қайтадан іріктеу кезеңіне барып қалуымыз мүмкін. Бірақ өткен жы­лы қатысқандар бұл жаңа жо­ба­ға қатыса алмайды – дейді об­лыс­тық жастармен жұмыс жө­нін­де­гі ре­сурстық орталығының ке­ңес­ші маманы Гүлжанар Қаленова.

Дарынды жастарды таны­тып, шеберлігін шыңдап, шығар­машы­­лыққа деген ынтасын оятуды көз­деген байқау финалында қаты­­су­­шы­лар алты аталым бо­йын­ша өнерлерін ортаға салды. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, көрермендер киелі сөз өнерін се­рік етіп, ақындықты жанына жа­қын тұтқандардың, әсем әнді әуеле­те шырқағандардың, домбыраның шанағынан құдіретті күй төккен, би өнерінің сан түрін құбылта орындағандардың, тіпті әзіл әле­міне саяхат жасаған­дар­­дың өне­рін тамашалады. Ал қа­зы­лар әр аталым бойынша жас­тар­дың көр­­сеткен өнеріне жеке-жеке сын-пі­кірлерін білдіріп, кеңестерін айт­ты. Әсіресе, өлең өрген жас­тар­дың шығармаларының мән-маз­­мұ­ны­на үңілген «Жайық үні» га­зе­ті­нің ре­­дак­торы, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі Мира Шүйін­ш­әлиева «Әдебиет – ардың ісі» еке­нін баса айтып өтті. Ал жобаға қолдау білдіріп, облыс тұрғында­ры­ның тамашалауына мүмкіндік берген «Qazaqstan» РТРК» АҚ БҚО фи­лиа­лының ди­ректоры Аслан­бек Ғұ­ба­шев ел ішінде танылмай жүр­ген таланттарды танытуда мұндай жобалардың зор рөл атқаратынын атап өтті. Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселесі басқар­масының басшысы Аян Сакошев жастарға жаңа жеңістер тіледі.

Жүйріктен жүйрік озған байқау нәтижесінде «Үздік ақын» аталы­мы бойынша теректілік Айбек Әбілқалым, «Үздік ән» аталымы­мен Шыңғырлау ауданының өнер­па­зы Асқар Елеусін, «Ерекше өнер иесі» болып М. Өтемісов атында­­ғы БҚМУ-дың студенті Мәжит Бей­сенбек, «Үз­дік аспап орындаушы» аталымы бойынша қазта­лов­тық Гүлшат Ізмағамбетова мен Әсем Бекжан, «Үздік әзіл орын­дау­шы» ата­лымымен тас­қа­ла­­­лық Бақдәу­лет Сұлтанмұратов, үздік топтық және жеке би орын­дау­шы ретінде Сырым ауданы­­ның «Ай­на­лайын» би тобы лауреат атан­ды. Же­ңім­паз­дар диплом­­дар­мен, бағалы сый­лық­тармен ма­рапатталды.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Асық — әрі тәрбие әрі ем

Күні: , 92 рет оқылды

Қазталов ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің мамандары қарапайым асықтың мүмкіндіктерін ұлттық кодты қалыптастырудың құралы ретінде тиімді пайдалануда.

Аудан орталығындағы арнайы кабинетте рухани жаңғыру және ұлттық тәрбие беру мақсатында «Асық терапия» жүйесі ашылды. Мәселен, психологиялық-педагогикалық түзету орталығына келген балалар асықпен ойнау арқылы түстерді ажыратуды үйреніп, математикалық қабілеттерін арттырып, сөздік қорларын молайтуда. Сондай-ақ балақайлар асықтан түрлі қолөнер туындыларын да жасап үлгерген. Бүгінде аталмыш  кабинеттің қоржынында мыңға жуық асық бар. Мамандар асық  балалардың ой-санасын табиғи жолмен дамытудың ең тиімді әдісі екенін айтады. Ендеше, асық жинайық   ағайын…

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

 Қазталов  ауданы


Сала ардагеріне арналды

Күні: , 85 рет оқылды

Оралда Қазақ телевизиясының 60 жылдығына және Орал телестудиясының тұңғыш басшысы Наурызғали Сыдықовтың 90 жылдығына арналған шахматтан жарыс мәреге жетті.

Турнирді ұйымдастырған “AQJAIYQ” телеарнасының басшысы Асланбек Ғұбашевтің айтуынша, биыл Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай мерейтойлық шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде Орал телестудиясының негізін қалаған Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері Наурызғали Сыдықовтың орны ерекше. 1964 жылдан 1988 жылы зейнетке шыққанға дейін Орал телерадио комитетінің төрағасы қызметін атқарған ол кісі, әсіресе, шахмат ойынын жақсы көрген екен. Сол жылдары облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің редакциялары және телерадиокомитеті арасында жарыс ұдайы өтіп тұрды. Міне, енді сол дәстүр қайта жаңғыртылып отыр. БАҚ қызметкерлері арасындағы жарыс швейцариялық жүйемен өтті. Турнир қорытындысында “AQJAIYQ” телеарнасының қызметкерлері Біржан Кухаев пен Марат Айса бас жүлде мен екінші орынды жеңіп алды. Үшінші жүлде облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқовқа бұйырды. «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Ерденбек Әбіш, «Жайық Пресс» ЖШС қызметкері, ер адамдармен ойында шеберлігін таныта білген Данагүл Шарапиеваға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

«Юнисерв» компаниясының (бас директоры Нұрғазы Сәтбаев) демеушілігімен өткен жарысқа БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Наурызғали Сыдықовтың ұлы, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықовтың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта аталмыш шахмат турнирі дәстүрлі түрде өтіп тұратын болады. Айта кетейік, “AQJAIYQ” телеарнасының ғимараты Н. Сыдықов атындағы көшеде орын тепкен.

Елжан  ЕРАЛЫ


«Екпінде» еңбек еткен қалам тербеп…

Күні: , 109 рет оқылды

Таяуда дәл осындай тақырыпта аудан әкімдігінің қолдауымен, «Екпін» газеті редакциясының ұйымдастыруымен кездесу кеші өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында болған шараға әр жылдары аудандық газетте еңбек еткен Э. Шыңғали, А. Нәріков, Ғ. Сейтақ, Т. Кенжеғалиев сынды ақын-журналистер арнайы келді.

Алдымен аудан әкімі С. Әлиев қонақтарды қабылдап, Тасқалада атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ ауданның мерейтойына байланысты оның тарихынан сыр шертетін энциклопедияны жарыққа шығару жөнінде жұмыстанып жатқанын айтты. Қабылдаудан соң қонақтар газет редакциясында болып, ұжыммен және көп жылдар осы мекемеде еңбек еткен зейнеткерлермен кездесті.

Одан әрі шара Қ. Сәтбаев атындағы мектепте жалғасты. Кездесуде қонақтар журналистикаға, әдебиет әлеміне қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, өлеңдерін оқыды. Шара барысында А. Нәріковтің сөзіне жазылған Л. Шукеевтің «Туған жер», Ғ. Сейтақтың сөзіне жазылған, бүгінде ауданның әнұранына айналған Д. Қажымовтың «Жайнай бер, Тасқала!» әндері шырқалды.

Емен-жарқын сипатта өткен кездесуде оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өлеңдерін оқып, ақындардың ақ батасын алды.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы


Егіз әуен

Күні: , 55 рет оқылды

Сәрсенбі күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында «Егіз әуен» атты дуэт кеші өтті.

Концерттің аты айтып тұрғандай, қос дауыстың бір арнаға тоғысып, тыңдарман қауымды серпілтуді мақсат тұтқан кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ән кешінің шымылдығы ҚР еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахымова мен Альбина Рамазанованың орындауындағы «Орал вальсі» әнімен ашылды. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен ерекше дауыс иесі Айбар Қайырханов қосыла ән шырқады. Көрермен қауымға көбінесе дәстүрлі әндерімен танылып жүрген Күләш Қуанышқалиева мен Ақмарал Ахметова осы жолы  эстрадалық әнді шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Фархат Оразов пен Ақмарал Кемелханова халық әні «Құрбыжанды» нақышына келтіре орындап, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Мәди Сабыр, Тимур Мусин, Ақбота Молдағайынова, Асланбек Қуаналиев, Айым Шекеева, Дархан Құлбабаев, Гүлфаризат Нұрсейітова сияқты жас таланттардың шырқаған әндері де көпшілік  көңілінен  шықты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»   


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика