Мұрағат: 02.03.2018


Музейдегі бір күн

Күні: , 293 рет оқылды

Қандай да бір елге саяхаттаған адам ең алдымен музейге барады. Себебі елдің тарихына үңілу оның халқына деген құрметті білдіреді. Бүгінде әлемде өткен ғасырларға саяхат жасауға мүмкіндік беретін музейдің түрі көп. Мұхиттың ар жағындағы Метрополитен, Париждегі атақты Лувр, Ресейдегі салтанатты Эрмитаж және балауыз мүсіндерімен баурайтын Британиядағы Мадам Тюссо музейлері жыл сайын мыңдаған туристердің қыдырып келуіне ықпал етіп отыр. Онда тарихтан тағылым алғысы келгендердің ұзын-сонар кезегі қысы-жазы үзілмейтін көрінеді.

Музей ісін дамытуда Қазақстанның да аяқ алысы жаман емес. Қазақтың небір ұлы тұлғаларының ізі қалған Алматы қаласының әр бұрышы – музей. Барлық заманауи талаптарға сай келетін Астанадағы Ұлттық музейдің орны айрықша. Ал, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда тың серпіліс тудырған «Рухани жаңғыру» музейінің ең алғаш Орал қаласында ашылғанын білесіз бе? Ашылғанына небәрі екі ай өтсе де, халықтың ықыласына бөленіп үлгерген айрықша орталықтан алған әсерімізді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

Елдің өткені мен бүгінінен хабар беретін «Рухани жаңғыру»  музейіне келушілердің қарасы көп. Музей қызметкерлері күніне жүзден астам оралдықтар мен қала қонақтарын қарсы алады екен. Музей табалдырығын аттаған сәтте-ақ қазақ руханиятының жарқын бейнелері, өлкеміздің киелі жерлері, қазақ тіліндегі алғашқы басылымдар мен Алашорда үкіметі туралы мол дерекке кез болдық. Жәдігерлер келушілерге тарихыңды біл, еліңді, туған өлкеңді таны деп тұрғандай.

Біздің ізімізше бір топ мектеп оқушысы ұстаздарымен бірге кіріп келді. Зеленов ауданының Факел ауылындағы Подхоз негізгі мектебінің оқушылары екен. Жүздерінен шынайы қызығушылық байқалады. Экскурсия жетекшісі Әйгерім Қонысбаева бізді бірінші залға жетелеп, жәдігерлер тарихын баяндай жөнелді.

Музейдің алғашқы залы Қазақстанның жалпы ұлттық киелі орындары қатарына енген Орал өңіріндегі алты киелі нысанға арналған. 2001 жылы қаламыздың оңтүстік-батысындағы Жайық қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған заттар өз заманынан сыр шертіп, уақыт шекарасын жойып жібергендей әсер қалдырды. Хан Жәңгір іргетасын 1826 жылы қалаған Бөкей ордасының тарихи музей кешені, ондағы Хан сарайы, Қазынашылық, Хан мешіті, Қыздар училищесі, тұңғыш аурухана ғимараты, Орда баспаханасы және Жәңгір хан, Мұхамед-Салық Бабажанов, Дәулеткерей кесенелері жайлы ақпарат суретімен қоса ілулі тұр. 2011 жылы археологтар Теректі ауданындағы Тақсай обалар кешенінен алтын әшекеймен көмкерілген әйел адамның мүрдесін тапқан еді. «Тақсай ханшайымының» киімі бүгінде Ұлттық музейде сақтаулы. Ал рухани музейден оның постерін, яғни суретін көруге болады. Өңірімізде «Дәдем ата» атымен әйгілі Жұмағазы хазірет Тәңкеұлы ХІХ ғасырдағы беделді дін ғұламасы болған. Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округінен 18 шақырым жерде орналасқан «Дәдем ата» зиярат орнында салынған мешіт пен қонақ үй туралы да біраз ақпар берілген. Оған қоса белгілі ақын, ойшыл-ағартушы, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш зиратының орналасқан жері көрсетілген. Алашорда үкіметінің батыс қанаты болған Жымпиты ауылында Алаш тарихымен байланысты бірнеше ғимарат сақталған. Өткен ғасырдағы ауыл суреті мен көшірме мүсіндері шынының арғы жағынан шынайы көрінеді. Міне, облыс аумағындағы алты Алаш ардақтайтын алты киелі орын – осы.

Музейдің келесі залында Жайық өңірінде жарық көрген қазақ баспасөзінің тарихы жөніндегі жәдігерлер қойылыпты. Залға ілінген көне аспашам, шебер өрнектелген үстел-орындықтар мен ескі сағат келушілерді бейжай қалдырмасы анық. Мұнда ХІХ ғасыр басында жарық көріп, халықтың көзі, тілі һәм құлағы болған, ұлттық-демократиялық және ағартушылық бағыттағы басылымдардың түпнұсқалары сақтаулы. Сарғайған газет бетіндегі мақалалар – тасқа басылған тарихымыз. Сыры кеткен ескі баспа машиналары өткен ғасырдан сыр шертіп тұр. Шынының арғы жағынан жылтырап тұрған самаурынды да байқамау мүмкін емес. Бұл самаурын – өткен заманның көзі. Оны музей қорына самаурын коллекционері, жерлесіміз Аслан Мұқанов сыйлық ретінде табыс еткен.

– Апай, ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихын алдын ала оқып алғанымыз қандай жақсы болған. Кітаптан оқығаныңды көзбен көргенде ерекше сезімде болады екенсің! Әсіресе, Тақсай ханшайымының біздің заманға бүтін жетуінің өзі – ғажап оқиға, – деп оқушылар өз әсерлерімен бөлісе бастады.

Үшінші залға енгенде балалардың жүзінен бір сәтте таңданыс пен үрейді байқадық. Олардың назары – кезекті мәселені талқылап отырған екі адамда. Бұл адамдар азаттығымыздың ақ таңын армандаумен өткен Алаш арыстары – Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтың балауыз мүсіндері еді. Олар – ХХ ғасырдың басында бодандықтың бұғауындағы халықты өркениеттің өріне сүйреген тұлғалар. Бұл бейнелерді қаламыздағы «TORUS.KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі папье-маше әдісімен дайындаған. Папье-маше – қағазды желім қосылған суға малып, заттың бейнесін жапсырмалап орындайтын жұмыс.

Бір байқағанымыз, залдың интерьері жасыл түспен көмкерілген. Жасыл түс өсіп-өркендеуді, яғни ілгерілеуді, дамуды білдіреді.

Оның үстіне қазақ халқын өзгелермен терезесі тең ел қылуды аңсаған Алашорда қозғалысының туы да жасыл түсті болған көрінеді. Бөлменің бір бұрышында шахмат үстелі мен ескі фигуралары көз тартады. Бұл да – бекзаттық пен терең парасаттың белгісі.

– Бұл музей бұрын генерал Аничкинның үйі болған. 1893 жылы салынған ескі ғимаратқа жуырда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Өздеріңіз көріп тұрған шахмат фигуралары сол жөндеу жұмыстары барысында табылды. Ал шахмат үстелі Алматыдағы антиквариат, яғни көне заттар дүкенінен сатып алынды, – деді экскурсия жетекшісі. Ал 1897-1905 жылдары Қаратөбеде, Жымпитыда, Орынбор, Орал облысында адвокат болып қызмет атқарған тұңғыш қазақ заңгері Бақытжан Қаратаев қолданған пышақ пен ас тәрелке – ерекше атап өтерлік музей экспонаттарының бірі.

«Жаңарған өлке» залында Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алған сәтінен бүгінге дейінгі маңызды оқиғалары қамтылған. Мұнда 2012 жылы халықаралық Сеул саммитінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обамаға Оралдағы «Women Арт Дизайн» шеберлерінің қолынан шыққан тұмарды сыйға тартқан сәтінен естелік сурет бар екен. Бұған қоса, «ЭКСПО – 2017» қалашығының макеті, Қадыр Мырза Әли ескерткішінің шағын көшірмесі ерекше шеберлікпен сомдалған.

– Ұлым екеуміз Алматыдан құрбыларыма қыдырып келдік. Жаңа музейдің ашылғанын естіп, бұл жерге келгенше асықтық. Себебі Батыс Қазақстан аймағының тарихын білуге құштармыз. Әсіресе, Жайық өңіріндегі киелі жерлер туралы біліп шыққанымызға ризамыз, – деп ағынан жарылды алматылық Сәуле апай.

Біз музейге барған күні түс ауа Оралдағы №12 Аманкелді Иманов атындағы жол-көлік колледжінің студенттері келді. Әрі дәл сол күні музейде көрнекті Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне арналған

«Ғұмар Қараш – Алаш қозғалысының жаршысы» атты дөңгелек үстел өтті.

Музейге кіру үшін төленетін арнайы бағалардың барын естен шығармаңыз. Алайда ҰОС, тыл ардагерлері, бірінші топ және туғаннан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін музейге кіру тегін. Ал рухани музейді түгел аралап шығу үшін мектеп оқушысы – 100 теңге, студент – 150 теңге, ересек адам – 200 теңге төлеуі қажет. Топ болып келген мектеп оқушылары жалпы– 300, студенттер – 400, ересектер – 600 теңге төлеуі керек. Музейді құр аралап қоймай, суретке түсіргіңіз келсе, қосымша 1000 теңге төлейсіз. Ал кәсіби бейнетаспаға жазамын деушілер бір сағатқа 5000 теңге төлейді. Айтарлықтай қымбат емес. Ең бастысы, өскелең ұрпаққа музей тамашалау мәдениетін ұғындырып, шаһарымыздағы аталмыш мәдениет ошағы берісі әрбір қазақ баласы, әрісі барша қазақстандық үшін рухани тұрғыдан бек құнды болса дейміз.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Шынайы алғыс пен ыстық ықылас мерекесі

Күні: , 81 рет оқылды

1 наурыз  —  Алғыс айту күніне орай өңірдегі көпті көрген,  көңіліне көп нәрсе түйген қазыналы қарттар облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесті. Ассамблея  үйіндегі басқосуға аудандардағы ардагерлер  кеңестерінің төрағалары, түрлі  ұлт өкілдерінің ақсақалдары қатысты.

Салтанатты жағдайда бас қосқан өңір ардагерлерін облыс әкімі айтулы мерекелермен  құттықтады.

– Осыдан тура үш жыл бұрын мемлекет басшысының Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланды. Көктемнің алғашқы күні аталып өтетін айтулы күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейтіні анық. Алғыс айту күні – бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ еліне ризалығын білдіру арқылы өзара түсіністігіміз бен сыйластығымызды барша жұртқа паш ететін күн. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан халқы ассамблеясын құрып, ел халқын бірлікке, татулыққа шақыруды мақсат еткен болатын. Біздер осы достық пен бірлікті қадірлей білуіміз керек. Алғыс айту күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Әрбір ел азаматына және батысқазақстандық ағайынға шексіз алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Жиынды кәріс ұлтының өкілі Григорий Те, татар ұлты атынан Закир Хузасаитов, беларус ұлтының өкілі Анастасия Сафина, шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Данильбек Саратов, белсенді жастар атынан Нұрзада Сақтағанов және бірқатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары сөз алып, жиналғандарды мерекемен  құттықтап,  ақ  баталарын  берді.

– Мен осы Орал қаласында дүниеге келіп, бар саналы ғұмырымды осы әсем шаһарда өткізіп келемін. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында барымша еңбек еттім. Қазақстан – бұл менің Отаным. Қазақстандық болғанымды мақтан тұтамын. Кейбір елдерде түрлі келеңсіз жағдайлардың орын алып жатқандығынан хабардармыз. Ал біздің еліміз Елбасының салиқалы саясатының арқасында күн санап өсіп, өркендеп келеді. Мен соған қуанамын. Біздер бүгінде ұлттар мен ұлысқа бөлінбей, түр-келбетіміз түрлі болса да, тілеуі бір халық болып, бір отбасындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Осы достығымыз бен сыйластығымыз ұзағынан болғай. Баршаңызды осындай жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! – деді  ассамблея  жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі,  орыс  ұлтының  өкілі  Василий  Баев.

Мерекелік шара соңында жиналғандарға облыс әкімі атынан алғысхаттар табысталып, гүл  шоқтары  ұсынылды. Бұдан соң Тәуелсіздік   алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік  концерттік  бағдарламаны  тамашалады.

* * *

Орал теміржол бекеті алаңында Алғыс айту мерекесіне орай шарапатты шара өтті. Аталған шарада облыстық «Жастар» мәдениет үйінің өнерпаздары Орал тұрғындары мен  қала қонақтарының назарына концерттік  бағдарлама  ұсынды.

Өнерпаздар «Орал – жасыл қалам мәңгі», «Жүрші, сәулем, ауылға», «Өмір тамаша» секілді әндерден шашу шашып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Мейраммен құттықтаған қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов алғыс айтудың қоғамдағы сенім, сыйластық және достықты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді. Қала тұрғындары ұйымдастырушыларға аязды күні жылы лебіз білдіргендері  үшін  алғыс  айтты.

– Алғыс айту – жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы игі шара. Мәдени кездесулер жиі ұйымдастырылып тұруы керек. Көктемнің алғашқы ақ таңында айналамдағы барша адам-ға алғыс айтып шықтым, – дейді қала тұрғыны  Айбат  Қапсиықов.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


IT лицей ашылмақ

Күні: , 74 рет оқылды

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың  «Төртінші  өнеркәсіптік  революция  жағдайындағы  дамудың   жаңа  мүмкіндіктері»  атты Жолдауының  білім  саласына  қатысты  басым  бағыттары талқыланған  облыстың  білім саласы  қызметкерлерінің  активі бейсенбі  күні  Орал  қаласындағы  Назарбаев зияткерлік мектебінде  өтті. Кеңес  жұмысына  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов,  облыстық  білім басқармасының  басшысы  Шолпан  Қадырова,  Орал  қаласы  мен  барлық  аудан әкімдерінің   орынбасарлары,  білім  беру саласының  ардагерлері, БҚО  білім  саласындағы бақылау  департаментінің, «Өрлеу»  біліктілікті  арттыру ұлттық  орталығы»  АҚ  БҚО бойынша  педагогикалық  қызметкерлерінің  біліктілігін арттыру  институтының, жоғары  және  арнаулы  оқу орындарының   басшылары қатысты.

– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыты. Облыста мектепке дейінгі білім беру ісімен мемлекеттік үлгідегі 148 балабақша, 240 шағын орталық, 59 балабақша-мектеп кешендері және 43 жеке балабақша жұмыс жасап, 1-6 жас аралығындағы балдырғандардың 74,2 пайызы, 3-6 жастағы бүлдіршіндердің 99,9 пайызы тәрбие, білім алуда. Биыл 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткішін 100 пайызға дейін жеткізу көзделуде, ол үшін 19 балабақша ашылмақ, оның 15-і жеке балабақша, – деді жиында баяндама жасаған облыстық білім басқармасының  басшысы Шолпан Маратқызы.

Мектепке дейінгі ұйымдарда қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылып, «Жас математик» байқауы, «Жас ұлан» білім беру жобасы, «Робот техникасы», «Жас техник» және шахмат үйірмелері жұмыс жасауда. Биылдан бастап  ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы негізінде мектепалды даярлық сыныптарында «Әліппе» оқулығы мен оқу-әдістемелік кешендері сынақтан өткізілмек.

Өткен оқу жылынан бастап орта білім беру жүйесінде жаңартылған білім мазмұнына көшу қолға алынған болатын. Республика бойынша 30 пилоттық мектеп сынақтан өткізілсе, облыстың барлық мектебінде де жаңартылған білім мазмұнын енгізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыстық әкімдік пен «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ арасында меморандумға қол қойылып, 70 мұғалімнен құралған кеңес комиссиясы тұрақты жұмыс істейді. Әдістемелік десанттар аудан-ауылдарға барып, жаңартылған білім мазмұнының ерекшеліктерін  жұртшылыққа  түсіндіруде.

– Жаңартылған білім мазмұны енгізілетін 67 жетекші мектеп пен көптілді білім беру бойынша алты старт алаңы анықталды. Мұғалімдер Назарбаев зияткерлік мектебінің сайтынан 1, 2, 5, 7-сыныптар үшін жаңартылған білім мазмұны бойынша оқу материалдарын тегін алу мүмкіндігіне ие. 2016 жылы облыста 5299 мұғалім жаңа талапқа сәйкес біліктілік арттырса, 1144 басшы курстан өтті, олардың 389-ы мектеп директорлары.

Биылғы оқу жылынан бастап оқушылардың жүктемесі азайды. Яғни министрліктің бұйрығымен үй тапсырмасын орындау ұзақтығы 130 минуттан аспауы туралы норма бекітілді. Оған қоса бес күндік оқу жүйесіне көшуге нормативтік негіздеме жасалды. Егер мектептерде кабинеттер саны жеткілікті болып, оқу үрдісін толыққанды ұйымдастыруға жағдай жасалса, ата-аналар мен білім беру ұйымы бес күндік оқу аптасына көшу туралы ортақ шешім қабылдай алады, – деді басқарма басшысы.

Кеңесте мұғалімдерді қағазбастылықтан айыру мәселесі де талқыланды. Шолпан Қадырованың мәлімдеуінше, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 26 қаңтардағы №32 бұйрығына сәйкес қазір мектеп мұғалімдері тек бес құжат қана толтырады.

Сонымен қатар республика көлемінде сынып журналдарының электронды нұсқасы Күнделік.kz сайтының жұмыс жасауы да ұстаздардың жүктемесін азайтуға септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар ҚР «Білім туралы» заңы мен жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог кадрлардың өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді. Елбасы Жолдауда жаңартылған білім мазмұнына көшкен мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Біздің облыста тоғыз мыңнан астам педагогтың жалақысына үстемеақы қосылады.

Қазіргі таңда 10-11-сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту бойынша дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыс мұғалімдер және оқушылардың дайындығына орай кезең-кезеңімен жүзеге  аспақ.

Жаңа технологияларды енгізу, игеру және жетілдіру бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде. Осы орайда биыл Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында балалар технопаркін ашу арқылы бизнес-инкубаторлар желісін құру, өнеркәсіп орындарымен, бизнес құрылымдармен байланыс орнату көзделуде. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ІТ лицейін  ашу да жоспарда.

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогикалық шеберлікті арттыру орталығының директоры Лариса Обыденкина, Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова, Ақсай қаласындағы №4 мектеп директоры Лаура Мәметанова Елбасы Жолдауында білім саласының барлық сатылары бойынша нақты міндеттер айқындалғанын айтып, ауыл мен қала білімін теңестіру, жаңартылған білім мазмұнын енгізу, білім сапасын арттыру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бөкей ордасы колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов Жолдауда көрсетілген міндеттерді басшылыққа ала отырып, ауылдағы кең жолақты интернет жылдамдығын арттыру, колледждерді цифрлық қондырғылармен, электронды білім модульдерімен, электронды тренажерлармен қамту мәселесін көтерді.

– Елбасы 1997 жылы еліміздің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдады. Сол кезде ғалымдардың өздері алдағы 10-15 жылды болжау қиын деп айтқан болатын. Бұл стратегиялық бағдарлама 2012 жылға дейін орындалды, кей міндеттерді жоспарлағаннан да артық орындадық. Оны бәріміз білеміз. 2014 жылы Елбасы «Қазақстан – 2050» атты жаңа стратегия жариялады. Оның негізгі мақсаты – алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу болса, жетістікке жетудің кілті – білім мен ғылымның дамуында. Бұл да біздің баршамыздың қолымыздан келетін міндет. Ең бірінші кезекте мұғалімдердің моральдық-әлеуметтік мәртебесін арттыруымыз қажет. Бұл бағытта кәсіподақ ұйымдарымен, жергілікті әкімдіктермен, ішкі саясат бөлімдерімен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Қала мен аудан әкімдерінің орынбасарларын мектепке дейінгі білім беруде жеке балабақшалар санын арттыру, жаңартылған білім мазмұнын енгізуге қолдау көрсету, интернет жылдамдығын жақсарту мәселелерін шешуге атсалысуға шақырамын, – деді кеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Тек Құдайдан мына үйдің астында қалмайық деп тілеймін» Оралдағы апатты үйдің тұрғыны 96 жастағы кейуананың тілегі осындай

Күні: , 75 рет оқылды

— Орал  қаласының  әкімі  М. Мұқаевтың  назарына!

Оралдың  Құрманғазы көшесінің бойындағы №82 үйдің салынғанына 135 жыл болды және соңғы 70 жыл бойына еш жөндеу көрмеген. Орталық базардың маңындағы бұл баспана 2011 жылы апатты үй деп танылғанымен,  әлі күнге дейін мәселе түйіні тарқатылар емес.

«Орал өңірі» газеті редакциясына сол үйдегі 21 отбасының атынан бір топ тұрғын бас тіреп келді. «Тұрғын үйдің қабырғасы қақырап, қатты жел соқса, шатыры сынып, ұшып кетуде. Пәтеріміздің төбесінен жаңбыр өтіп, құм түседі. 80-ге келген анам мен кішкентайлар бар, түнде төбеміз құлап кете ме деп қорқамыз, әр күнімізді қорқынышпен өткізудеміз», – деді №35 пәтердің иесі Күлән Аймырзина.

Аталмыш тұрғын үйді өз көзімізбен барып көрдік. Расында, бұл баспанадан өркениеттің «иісі» шықпайды: көгілдір отын, су құбыры кірмеген, кәріз жүйесі, әжетхана атымен жоқ. Екі қабатты ескі үйдің 1-қабаты түгелімен коммерциялық құрылымдарға, кәсіпкерлерге жеке меншікке берілген. Аяқ басқан сайын сықырлайтын ағаш баспалдақтардың өзі сынып кете жаздап майысып,  зәреңді  алады.

– Біздің үй заңды түрде апатты жағдайда деп танылды. Сондай-ақ аталған үй мамандандырылған  мекеме  «Архстройпроект-А» ЖШСмен  жөндеуге келмейтіндігі және бұзылу керектігі жайында берген 2010 жылғы 4 қазандағы техникалық қорытындысы қолымызда бар. 2017 жылы бұрынғы қала әкімі Нариман Төреғалиев үйіміздің жағдайын ескеріп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы аясында №8 мектеп ауданында салынып жатқан көп қабатты үйден біздің үйдегі 21 отбасына пәтер береміз  деген болатын. Тап осындай жауапты облыс әкімдігінен де алғанбыз. Әзірге еш нәтиже жоқ. Жаңа үйлер салынды, бірақ бізге пәтер берілмеді, – деді №32 пәтердің иесі Мұхтар Сұлтанғалиев ренішті үнмен.

Апатты үйдің тұрғындары бірінші қабаттағы коммерциялық нысандардан, соның ішінде дәріха-надан, «Сэконд хэнд» дүкенінен, шаштараздан, кафеден келетін жағымсыз иістерден бастары ауыратындарын, демалудың қиынға соғатынын айтады. Айтқандай, бұл үйге 1891 жылы орыстың атақты әншісі Федор Шаляпин  тоқтаған. Сондықтан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің тізіміне енген. Соған орай қала әкімдігі тарихи үйді аталмыш тізімнен шығарамыз дескен. Сол мәселе әлі шешілмегендіктен және бірінші қабаттағы кәсіпкерлік нысандары келісімін бермегендіктен де үй сүруге жатпай тұр-ау деп шамалайды  тұрғындар.

Тыл және еңбек ардагері, 96 жастағы Лидия Подгорнова (суретте) бұл үйден 1961 жылы бөлме алып, қоныстанған. «Соғыс жылдарында обком партияда кеңсе меңгерушісі болып күн-түн демей жұмыс істедім. Одан кейін кооперативтік техникумында есепші болдым. Ол кездері жас болған соң, үйімнің жайсыздығын елеп-ескермедім. Апатты деп еді, көшіруден хабар жоқ. Мен жас кезімде Отаным деп еңбек етіп едім, енді кәрімін ғой. Менің сөзімді кім тыңдайды? Тек Құдайдан мына үйдің астында қалмасам деп тілеймін»,  –  деп  күрсінді  кейуана.

Аталған үй тұрғындары «Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар санатымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй кезегіне қойылған. «Бірақ сол кезектің алға жылжитын түрі көрінбейді. 2017 жылы №94 болып тұр едім, биыл тек №92 болып екі санға ғана алға жылжыппын», – деді апатты үйдегі №28 пәтердің иесі Зинат  Жұбанова.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Миржан Нұртазиев Құрманғазы көшесіндегі №82 тұрғын үйдің мәселесімен таныс екенін айтты. «Бұл апатты үйді бұзып, орнына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы бойынша үй салатын инвесторды іздестірудеміз, әзірге таба алмай отырмыз. Әрі осы үйдегі кәсіпкерлік нысандары да үйді бұзуға келісім бермей отыр.

Бұл үй тарихи ескерткіштердің тізімінен шығарылған жоқ. Сондықтан бұл үйдің тұрғындары үйі апатты деп танылған азаматтар санатымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй кезегіне қойылған. Кезектің жылжуына келсек, бәрі заңды. Оралда апатты жағдайда 43 тұрғын үй бар. Қазір мәселенің түйінін шешуге жұмыстанудамыз», – деді Миржан  Нұртазиев.

Техинвентеризация бюросы 1994 жылы бұл үйді 64 пайызға тозған десе, «АрхСтройПроект-А» мекемесі араға бес жыл салып берген техқорытындыда үйдің  жертөлесін, шатырын, ғимараттың негізгі қаңқасының әупірімдеп тұрғанын, «Велика угроза обрушения, и дальнейшее пребывание в здании людей опасно!» деп тайға таңға басқандай етіп көрсеткен. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» демекші, әбден тозығы жеткен үйдің сиқы әлгіндей, демек, адам өмірі бәрінен де қымбат екенін естен  шығармалық!..

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Ел үшін еткен еңбек ұмытылмайды

Күні: , 61 рет оқылды

Облыстық  қазақ  драма  театрына  КСРО  және  Қазақстанның  халық  әртісі, атақты  актриса  Хадиша  Бөкееваның  есімі берілуіне  орай  салтанатты  шара  өтті.

Аталмыш басқосуға облысымыздағы мәдениет саласының қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

– Өткен жыл облысымыз үшін жағымды жаңалықтармен есте қалды. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлының бастамасымен облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның есімін беру туралы ұсыныс ҚР Үкіметінің отырысында қаралып, мақұлданған болатын.  Бүгін сол қуанышты салтанатты түрде атап өтіп отырмыз. Сонымен қоса Алматы қаласындағы Хадиша апамыздың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша жұмыстар жүйелі  жүргізілуде.  Әсіресе, туған жерін өркендетіп, қазақ елінің даңқын арттырған ұлы тұлғаларды дәріптеу мақсатында біраз мәселелер қолға алынды. «Тау алыстаған сайын биіктей түсетіні» секілді   Хадиша апамыз арамызда болмаса да, оның кино мен театр саласының дамуына қосқан үлесі, сомдаған рөлдері ұмытылмайды. Оның табиғи дарыны мен актерлік шеберлігі қазақ театрының сахнасында небір айшықты бейнелерді дүниеге келтіріп, көрермендердің мәдени-көркемдік талғамын дамытуға әсер етті. Ол әлемдік классиканың, орыс және басқа халықтардың таңдаулы шығармаларындағы әр алуан бейнелерді дәл сол елдің таңдаулы шеберлері дәрежесінде сомдай білді. Хадиша Бөкеева есімін иеленген театр ұжымының жұмысына сәттілік тілеймін. Жаңа қойылымдарыңыз көп болсын, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев құттықтау сөзінде.

Кеште  Хадиша Бөкееваның сомдаған кейіпкерлерін, яғни Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Катарина образын, М. Әуезов жазған  «Еңлік-Кебектегі» Еңлікті, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» Ақтоқтыны және «Қара қыпшақ Қобыландыдағы» Қарлыға, «Абайдағы» Әйгерім образын өнердегі шәкірттері сахнаға  алып  шықты.

Хадиша Бөкеевадан тәлім алған ізбасарлары өз  естеліктерімен  бөлісті.

– 1979 жылы КСРО халық әртісі Кәукен Кенжетаев пен Хадиша Бөкеева Т. Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институты жанынан музыкалық драма факультетін ашқан еді. Біз сол факультеттің алғашқы «қарлығаштары» боламыз.  Бірге бітірген түлектің барлығы дерлік ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері. Олардың қатарында Роза Рымбаева, Майра Ілиясова, Құдайберген Бекіш, Гүлбаушан Тілеубекова бар. Біздің облысқа,  республикаға танымал болуымыз ұстазымыз Хадиша Бөкеева берген тәлімінің арқасы деп білемін. Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 22 жыл еңбек еттім. Бүгін менің қуанышымда шек жоқ. Өйткені ұстазымның есімі облыстық қазақ драма театрына берілген кезде мен де туған жеріме біржола оралып отырмын, – деді осыған дейін қызмет бабымен Алматы қаласында тұрып келген жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса  Әсел Мәмбетова.

Салтанатты  шара Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ұжымы дайындаған «Дала дарындары» атты концерттік бағдарламаға  ұласты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңа мультимедиялық портал

Күні: , 48 рет оқылды

Сейсенбі күні  ҚР  Мемлекеттік  хатшысы  Гүлшара  Әбдіхалықованың  қатысуымен  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  көп  салалы  мультимедиялық  порталы  ашылды. Аталмыш  шараға онлайн  режімде  БҚО ҚХА  төрағасы,  облыс  әкімі   Алтай  Көлгінов  бастаған  батысқазақстандық  ассамблея  мүшелері  де  қатысты.

Алғыс айту күніне орай жүзеге асқан аталмыш жоба Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясында  жүктеген тапсырмасына сай орындалып отыр.

Мультимедиялық портал этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандыруды көздейді.  Порталдың онлайн режімінде бейнеконференциялар ұйымдастырып, іс-тәжірибелер алмасуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ  жаңа  ақпараттық желінің 3D жүйесі арқылы еліміздің көрікті жерлерін, қасиетті орындарын көруге болады. «Қазақстан халқы» атты  арнайы мультимедиялық картада қазақ жерін мекендеген әр ұлттың келу тарихы, мәдениеті және ұлттық тағамдары туралы мол мағлұмат берілген. Көп салалы мультимедиялық порталдың тағы бір ерекшелігі, онлайн режімде Қазақ радиосын тыңдап, қорда сақталған бағдарламаларды  тамашалауға  болады.

Шара барысында облыстық ҚХА мен Оңтүстік Қазақстан облысының ҚХА мүшелері бейнебайланыс арқылы бірін-бірі Алғыс айту күнімен құттықтады.

– Қазақстан халқы ассамблеясының мультимедиялық порталының ашылуы – цифрландыруға бағытталған қадам деп есептеймін. Бұл портал этностар арасындағы татулық пен ынтымақты нығайта түсетініне сенімім мол. Алғыс айту күнімен Елбасымызды, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерін, барша қазақстандықты Ақ Жайық жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын, – деді  облыс  әкімі Алтай Сейдірұлы.

 Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Жаңа әкім сайланды

Күні: , 80 рет оқылды

Бейсенбі күні  Ақсай қаласына  жаңа әкім таңдау мақсатында Бөрлі  аудандық  мәслихатының  депутаттары  сайлауға  жиналды.

Бұған дейін Бөрлі аудандық халық  қалаулылары Ақсай қаласы әкімін сайлау мақсатында кандидаттар Амангелді Тоғызбаев, Наталья Хайранбаева және Замир Мырзағалиевпен кездесіп, олардың сайлауалды бағдарламаларымен танысқан болатын.

Үміткерлер  ұсынған  бағдарламаларды  тыңдай  келе,  депутаттар  бейсенбіде қайта  жиналып, өз таңдауларын  жасады. Аудандық  мәслихаттың 13 депутатының  12-сі  қатысқан  сайлаудың қорытындысында  халық қалаулыларының 75 пайызы кандидат Амангелді Тоғызбаевқа, ал 17 пайызы кандидат  Наталья Хайранбаеваға,  8  пайызы Замир Мырзағалиевке  өз дауыстарын берді.

Осылайша ең көп дауысқа ие болған Амангелді Тоғызбаев Ақсай қаласының  әкімі болып сайланды.

Амангелді Тоғызбаев 1964 жылы 21 тамызда Теректі ауданының Федоровка ауылында өмірге келген. Білімі  жоғары, 1987 жылы Алматы кеңестік сауда техникумын, 1999 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университетін тәмамдап, АӨК экономика және  менеджмент мамандығын алып шыққан. Еңбек  жолын К.  Ворошилов  атындағы Орал машина жасау зауытында  бастаған. Әр салада басшылық  қызметте  болған  А.Тоғызбаев  2007-2014  жылдары Теректі  ауданы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет істеді.

2014 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Зеленов ауданы әкімінің орынбасары қызметін  атқарды.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі   ауданы


Рухани бай елдің бірлігі бекем

Күні: , 75 рет оқылды

Мемлекет басшысы  2015  жылдың 14 қаңтардағы Жарлығымен  1 наурыз – Қазақстан  халқы  ассамблеясының  құрылған күнін Алғыс  айту  күні деп  белгілеген  болатын. Осы  атаулы  күнге  орай облыс  орталығында  көптеген  іс-шара  өтті.  Бұл  шаралар  Орал  қаласындағы  «Қазақ халқына мың   алғыс!» монументі  жанындағы  салтанатты жиыннан  бастау  алды.

– Бұл – ерекше күн. ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қуғын-сүргін және сұрапыл соғыс жылдары қазақтың кең байтақ даласына КСРО-ның өзге аймақтарынан департацияланған халықтар келіп, қоныстанды. Сонау қиын заманда біздің халқымыз сол түрлі ұлт-ұлыс өкілдерін мейірімділікпен, шексіз мейірбандықпен қабылдаған еді. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлттың өкілдері өзара татулықпен өмір сүріп, бірге еңбек етіп келеді. Бұл – Елбасының сындарлы саясатының жемісі. Сондықтан да Алғыс айту күнін атап өтуіміздің терең философиялық мәні бар.

Әрқашанда бір-бірімізге алғысымыз шексіз болсын. Біртұтас ел болып, мемлекеттің болашағын бірге қалайық, ағайын! – деді  шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Бұл күн – өзге ұлт өкілдері сұрапыл жылдарда өздерін сырт қақпай, бауырына тартқан қазақ халқына алғыс айтуымен қатар, жалпы адамзат баласының да бір-біріне ризашылығын білдіретін күн.

Жиында сөз сөйлеген облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Данильбек Саратов Корей этномәдени орталығының төрағасы Максим Пак еліміздегі халықтар достығы мен бірлігін нығайтып отырған Елбасы саясатына алғыстарын  білдірді.

Жиын соңында монументке гүл шоқтары қойылды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Оксана  КАТКОВА


Өмірге бейімдеу үйі салынбақ

Күні: , 67 рет оқылды

Орал  қаласының   Зашаған  кентіндегі  Балалар  ауылының маңында  қамқорлыққа  ерекше  мұқтаж  адамдарға  арналған  үйдің  құрылысы  басталмақ. Бұл жөнінде  Алғыс  айту  күні  құрылыс  аумағына  «Естелік капсуласы»  қойылғанда  мәлім болды. Мереке  құрметіне  ұйымдастырылған  шараға  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов,  үкіметтік  емес  ұйымдар  мен  саяси  партиялардың  мүшелері,  БҚО  Қазақстан  халқы ассамблеясының  өкілдері  мен  меценаттар  қатысты.

– «Естелік капсуласын» салу рәсімі Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келуін жақсылыққа балаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйді салу жөнінде үкіметтік емес ұйымдар бірнеше мәрте бастама көтерді. Облыста 2 мыңнан астам бала сал ауруымен ауырады. Жасы 18-ден асқан 500-дей адам осындай әлеуметтік үйге мұқтаж. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында «Туған жер» бағыты бойынша жергілікті азаматтар былтыр өткен меценаттар форумында осы жобаны бірлесіп қолға алуға келісті. Оның ішінде құрылыс компаниялары мен зауыт иелері бар. Соларға алғыс айтамын, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Кейін облыс әкімі Алтай Сейдірұлы, құрылыс мердігерлері мен меценаттар капсула ішіне салынатын аманат-хатқа қол қойды. Қабырғасы кірпішпен өрілген шағын тұғырдың ішіне капсула салынып, оның беті ескерткіш тақтамен жабылды. Болашаққа жолданған капсула 2041 жылы, яғни ел Тәуелсіздігінің  50  жылдығында  ашылмақ.

Аталмыш нысан меценаттардың қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтермек. Жоба құны – 100 млн. теңге. Екі қабатты бейімдеу үйі 50 адамға арналған. Ғимаратта 12 жатын бөлме болмақ және төрт секцияның әрқайсысында санитарлық торап, тынығу бөлмесі,  ас үй орналаспақ. Сонымен қатар шеберхана салынбақ. Үйдің құрылысы 2019 жылдың маусымында аяқталады.

Бұл үйде жасы 18-ден жоғары, зердесі орнықты, жеңіл психоневрологиялық ауытқу деңгейіндегі ауруға шалдыққан мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын болады. Олар өз бетімен тамақ дайындауға, киімдерін жууға, азық-түлік, киім-кешек, шаруашылық тауарларын сатып алуға, бос уақытын ұйымдастыруға үйренеді. Жоба бойынша кәсіби мамандықтарды меңгеріп, жұмысқа орналасуларына жағдай жасалуы тиіс. Өмірге әбден бейімделгенше, тәрбиеленушілер осында тұруға құқылы. Үйленген жағдайда бөлек  баспана беру жағы қарастырылады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


«Менің магниттік кеңістігім»

Күні: , 50 рет оқылды

Бейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінде Орал қаласының тұрғыны Қарлығаш Нығметованың «Мое магнитное пространство» атты кітабы таныстырылды. Шараға Қарлығаш Тілеуғалиқызының тума-туыстары, ұстаздары, оның ерекше қасиетін бағалаушылар келді.

Қарлығаш Тілеуғалиқызы – 2013-2016 жылдары Қазақстанның рекордтар кітабына енген биоэнерготерапевт, емші, ерекше қасиет иесі.

Автобиографиялық кітап шынайы оқиғаларға негізделіп, хронологиялық тәртіпте жазылған. Автор бұл еңбегін өз ата-анасына, ата-бабаларына, жанындағы жақындары мен емделушілеріне арнаған.

Кітапта автордың жерлестері туралы естеліктері, газет беттерінде жарық көрген педагогика саласының ардагерлері туралы материалдары, сонымен қатар журналистердің ол туралы жазған мақалалары жинақталған.

Қарлығаш Нығметова 2015 жылы жалпы салмағы 6 келі болатын төрт үтікті денесіне 40 минут бойы жабыстырып, өз рекордын жаңартқан. Оның осыған дейін үтікті денесінде ұстау ұзақтығы 10 минутты құраған екен. Ерекше қасиет иесінің рекордтары Қазақстан анықтамалығында жазылып келеді.

Денесіне металл бұйымдардың жабысатынын ол бірден байқамаған. 20 жыл бұрын, яғни тұңғыш қызы дүниеге келгеннен кейін тұла бойында бір өзгерістің болғанын сезеді. Қарлығаш Тілеуғалиқызы содан бері ізденіс үстінде.

– Бойымда ерекше магниттік өріс барын тасқалалық сынықшы Бәтима апайға барғанымда білдім. Мен өзге адамға өзімнің магниттік өрісімді беру арқылы оны кейбір дертінен жаза аламын. Шындығында, адам баласының мүмкіндігі шексіз ғой. Мені бағалаушыларға, әсіресе, кітап шығару ісінде ақыл-кеңес беріп, қолдау танытқандарға, баспахана шығынына қаржылай көмектескендерге айрықша алғысымды  білдіремін, – дейді ол.

Қарлығаш Тілеуғалиқызы биологиялық қуаты (биоток) арқылы сырқат жандарды буын және мойын, бел омыртқалар остеохондрозы, артрит, артроз, тағы басқа аурулардан емдеп жүр.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика