Мұрағат: Март, 2018


Жол қалпына келді

Күні: , 49 рет оқылды

Сәрсенбі күні Бөкей ордасы ауданында еріген қар суы жолдың үстіне шығып кетті.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев­тың айтуынша, оқиға түстен кейін аудан орталығы Сайқын ауылынан 91 шақырым жерде, Бисен ауылдық округі аумағында облыстық маңызы бар Чапаев – Жаңақала – Сайқын жолының 317-шақырымында орын алды. Қар қатты ерігендіктен, тұрба­дан өтіп үлгермеді ме, су жолдың үстімен өткен. Көп ұзамай, аталмыш жол бөлігі қалпына кел­ті­ріл­ді. Осы аралықты тиісті ме­­кеме­лер мен жергілікті полиция қыз­ме­ті бақылауға алды. Айта кетейік, Жаңақала мен Сайқын арасында қатқыл табанды жол қатынасы жоқ. Сондықтан көктемгі және күзгі лайсаң кездерінде көліктердің қатынауы қи­ынға айналады.   Елжан  ЕРАЛЫ  

Қызыл су қаупі тұрақты бақылауда

Күні: , 50 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің  төраға­лығымен  облыстық су  тасқынына  қарсы  штабтың  кезекті  отырысы  өтті.  Онда  бір апта бұрын  өткен  штаб  отырысында  су тасқынының  алдын  алу  шараларына  қатысты  берілген  тапсырмалардың  орындалуы  және  қауіп  төндіретін  учаскелерге  қатысты  қандай жұмыстар атқару  қажеттігі  пысықталды.

Алдымен ауа райы және су тасқыны болжамы бо­йынша «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары Данияр Исмурзин баяндама жасады. Оның ұсынған мәліметіне сүйенсек, өңірде қаң­тар-ақпан айларында қар аз жауды, сондықтан жердің тоңы те­реңдеген. – Өңірдегі тоңның қа­ту тереңдігі 15 наурызда Орал қаласында 129 см болса, қазір 126 см, Шыңғырлауда екі апта ішінде 137-ден 127 см-ге түскен. Кей жерлерде тоң жіби бастаса, кейбір жерлерде керісінше көрініс байқалады. Мысалға, Дариян ме­- те­остансасында тоң тереңдігі 2 см-ге өсіп, 119 см-ге, Федоровкада  тоң 80-нен 86 см-ге жетті.  Ал қар қабатының қалыңдығы Январцев ауылында 51 см болса, ең төменгі көрсеткіш Шыңғырлау мен Жаңақалада 20 см. Ал облыс орталығы Оралда қар қалыңдығы 35 см шамасында,   Тайпақта – 29,   Жәнібекте – 95, Бөрліде – 105, Январцевта – 103, Ақсайда 83 сантиметрді құраған. Өзендердегі мұз­дың қалыңдығы түрліше 7-74 см аралығында.  Бүгінде Қалдығайты өзенінде су деңгейінің көтерілуі – 62 см, Утва өзенінде – 43 см. Өз­ге гидробекеттерде су деңгейі­нің көтерілуі айтарлықтай емес, тәулігіне 4 см көтерілгені тіркел­ген. Орал қаласы тұсындағы Жа­йық өзеніндегі мұздың жарылуы 8-13 сәуір аралығында болады деп күтілуде. Қазір қала тұсында­ғы өзеннің мұз қабатының қалыңдығы 39 сантиметрді құрайды. Жа­йық өзенінің су деңгейінің көте­рілуі 500-600 см болады (орташа межесі 591 см жағдайында) деп кү­тілуде. – Бүгін «Қазгидрометтің» ор­та­лық аппаратынан келген мәлімет бойынша, облыс аумағында 31 наурыз – 6 сәуір ара­лығында күн жылынуына, қардың ер­уіне, жа­уын-шашын­­ның түсуі­не және ауа температу­расының көте­рілуіне байланысты су қой­­ма­ларында мұздың еруі, су деңгейінің көтерілуі жә­не су тас­­қыны болуы ық­- ти­мал, – деп ескертті Д. Исмурзин. Басқосуда БҚО төтенше жағдай­­лар департаменті басшысы Жас­лан Жұмашев су тасқыны­ның алдын алу шаралары туралы баяндады. Атал­мыш департаменттің жедел тобы өзендердегі ық­тимал су тасқыны жағдайына күн сайын мониторинг жасап отыр. Бұл жөніндегі ақпарат тұрғындар үшін аталмыш департамент сай­тына салынады. Баяндамашы­­ның айтуын­ша, Атырау облысы­нан алынған мә­лімет бойынша Атырау қаласы тұсындағы Жайық өзенінде мұз еріп, қозғала бастаған. Тайпақ ауылы тұсындағы Жа­йық­тың мұз қа­баты қарайған. Өңір­де қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бү­гінде 502 мың текше метр қар шығарылып, 16 765 тек­ше метр қар суы сорылды. Өзен­дерде мұз кептелісі болмауы үшін 215 мың шаршы метр ауданнан 34 346 ойық ойылды. Облыс әкімі департамент басшысы­нан мұзды жар­ған немесе мұзды кескеннің қайсысы тиімді екенін сұ­рап, нақ­тылады. Ж. Жұмашевтің айтуынша, мұзды жарған­нан гөрі кескен тиім­ді. Өйт­кені қаржы үнемде­ле­ді, уа­қыт көп жоғал­майды әрі қор­шаған ортаға залалсыз. Мұзды жару тек қиын жағ­дайда  ғана  жүргізіледі. Сондай-ақ республикалық ма­ңызы бар аутокөлік жолдарындағы барлық су өткізгіш тұрба тазартылып, ашылған. Ал жергілікті ма­ңы­­зы бар жолдардың 86 пайы­­зы тазартылды. Бұл бағыттағы жұ­мыстар әлі де жалғасуда. Наурыз­дың 25-інен бастап облыстағы бар­лық азаматтық қорғаныс жү­йесі жоғары дайындық режіміне көшірілді. Осы режім әлі сақта­лады. Наурыздың 1-інен бастап департаментте облыстық штаб тәулік бойы кезекшілік етеді. Күн­делікті жедел ақпарат басқару құрылым­дарына, тұрғындарға депар­та­мент сайты арқылы жеткізіліп  отыр. Төтенше жағдайлардың ал­дын алу және оны жою жұмыстарына 97,5 млн. теңге қаралған. Соның 5,8 млн. теңгесі игерілді. Департамент басшысы өзендердегі қа­уіпті деген жерлердің анықта­лып, оларға кезекшілік қойылға­нын және алдағы уақытта төтен­шеліктердің қызметі үш ауысымда жүргізілетінін жеткізді. Облыс әкімі төтеншеліктердің бас­шысына ықтимал су тасқыны жағдайының басқа да жағдайла­ры, соның ішінде мұз үстімен су жүру, мұз кептелісі болуын ескеруді тапсырды. Күннің жылынуына байланысты су қоймаларын­да­ғы мұздың астын су жеп, үстін жел мүжіп, күн сайын жұқарып жатқанын, сондықтан адамдарға сақтық шараларын сақтауды, мұз үстімен жүрудің қауіптілігін жет­кізуді шегелеп тапсырды. Жиында қала әкімі Мұрат Мұ­қаевтың облыс орталығы Оралда­ғы су тасқынына қарсы атқа­рылған шаралар жөніндегі есебі тыңдалды. Оның айтуынша, қала­дағы коммуналдық қызмет орындары екі ауысымда жұмыс істеуде. Қар шығару, су сору жұмыс­тарына 100 техника  және 375 адам тартылған. Облыс әкімі қаладағы қауіпті  аудандардың жайы туралы сұрап, нақтылады. Бұған М. Мұқаев су басу қаупі бар қа­ланың Жұлдыз, Балауса, екіншіт Жұмысшы ауданы, Ескі қала, Ыс­қырықтау (Свистун гора), Курени аудандарында тиісті жұмыстар­дың тұрақты жүргізіліп отырғанын айтты. «Жағдай бақылауда. Қа­- зіргі жағдайға байланысты қала тұрғындары үйлердің суға кеткені жөнінде жалған хабар бере­ді. Коммуналдық қызметтің жұ­мыс­шылары барса, үйлерінің жанындағы немесе септиктегі су­ды тазалауды сұрайды. Сондықтан тұрғындардан онсыз да бір қо­лын екі ете алмай жүрген жұмысшылардың жұмыстарын қиын­дат­пауды сұрар едік», – деді қа­- ла басшысы. Облыс басшысы қала әкіміне жеке тұрғын үй иелері коопера­тивтерімен жұмыстанып, көп қа­батты үйлердің маңын су баспауы үшін жұмыстану керектігін айтты. Сондай-ақ облыс әкімі М. Мұ­қаевқа күні кеше қалада үстіне мұз сүңгісі түсіп қайтыс болған азаматтың отбасына барып, жағ­дайын біліп, көмек көрсетуді тапсырды. Жиынға онлайн режімінде қа­тысқан аудандардың әкімдері де су тасқынының алдын алу жұ­мыс­тары жайында баяндады. Бар­лық ауданда қар шығарылып, тиісті шаруалар жасалуда. Облыс әкімі оларға малдың жем-шөптен та­рықпауын қадағалауды, шалғай ауылдардың жағдайын назарда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар басқосуда Бөкей ордасы ау­данының әкімі Нұрлан Рахымжа­нов Бисен ауылы маңындағы қызыл судың кесірінен жолдағы қиын жағдайдың жойылғанын баяндады. Аталмыш штаб отырысында об­лыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов су құбырлары мен құдықтарға еріген қар суы құйылып, түрлі аурулардың таралуына себеп болуы ықтимал екенін алға тартты. Сондықтан ол аудан-ауылдарда, елді мекендер­де су таситын көліктермен ауыз су тасуды ұйымдастыру жә­не қар суы құйылған жағдайда су құбыр­ларын залалсыздандыру қажетті­гін  ұсынды.   Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал  өңірі»

Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Күні: , 42 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» ең алдымен әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру қажеттігін атап өткен болатын. Президенттің ұсынысына сәйкес «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы қабылданып, сол арқылы облысымызда да мыңдаған тұрғын баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік алатын болады.

Облысымызда тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жоспарлы жүзеге асуда. Өткен жылы өңірі-мізде 392,2 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ал биыл 304,0 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланып отыр. Былтыр тұрғын үй құрылысы Бөрлі ауданында қарқын-ды жүргізіліп, оның аумағы 48 374 мың шаршы метрді құрады. Зеленов ауданында 18 658 мың шаршы метр, Теректі ауданында 16 605 мың шаршы метрді құраса, Орал қаласында 269 139 мың шаршы метр баспана салынды. Сонымен қатар өткен жылы ауылдық елді мекендерде 113 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған болатын. Мәселен, Ақжайық ауданында 6, Бөкей ордасы ауданында 10, Қазталов ауданында 22, Сы-рым ауданында 24 және Шыңғырлау ауданында 35 үй бой көтерді. Ағымдағы жылы Жәнібек, Теректі, Қаратөбе, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Облысымызда мойнына алған міндетін мінсіз атқа-рып, сенімді ақтап жүрген құрылыс компаниялары қатарында «Альтаир», «СКФ Отделстрой», «KCG», «Болашақ-Т», «ПМК-117», «Жиенбай», «Уральскводстрой» сынды ЖШС-лар және «Домостроитель» ӨҚ бар. Ал салынып жатқан нысанның құрылыс сапасын техникалық қадағалау мен авторлық қадағалауды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізеді. ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі №1004 қаулысы негізінде Орал қаласында «СВ плюс» және «Болашақ-Т» ЖШС-лар үй құрылысы комбинаттарын құрып, жұмысын бастаған болатын. Соған орай қазір үйлер жоғары сапада салынып, құрылыс мерзімі қысқаруда. Сонымен қатар құрылысқа жергілікті өнімдер қолданылады. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде төрт панельді үй қолданысқа берілді және кірпішпен толықтырылған үш каркастық-монолиттік үй бой көтерді. Сонымен бірге кірпіш үйлер де тұрғызылуда. Аталмыш екі үй құрылысы комбинатының және кірпіш зауытының өнімдеріне деген  сұраныс  жоғары. Әлеуметтік нысандардың да салыну қарқы жақсы. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық қор қаражаты есебінен екі білім беру нысанының құрылысы аяқталды. Олардың бірі Деркөл кентіндегі 600 оқушыға арналған мектеп болса, екіншісі, Орал қаласындағы 300 баланы қамтитын №4 орта жалпы білім беретін мектеп. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қазталов ауданының орталығында 100 орындық мектеп-интернаты, Жәнібектегі Ақоба ауылындағы орта мектепке жапсарлас спорт зал салынды. Сондай-ақ Теректі ауданындағы Подстепный ауылында 300 орындық мәде-ниет үйі, Зеленов ауданына қарасты Калинин ауылында 160 келушіге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бөрлі ауданындағы Кеңтүбек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен Успенде медициналық пункт бой көтерді. Бұл нысандардың игілігін халық көріп, ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосары сөзсіз.   Арман ӨКСІКБАЕВ, облыстық құрылыс басқармасының басшысы

Цифрландыру мемқызмет сапасын арттырады

Күні: , 60 рет оқылды

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев бейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жайын баяндады. Сонымен қатар облыс орталығындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жоспарлармен де бөлісті.

Орал қаласының аумағы 73,1 мың гектарды құрайды. Соның ішінде елді мекен жері – 10,9 мың га, өнеркәсіп, транпорт санатындағы жер –  2,5 мың га, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 48,9 мың га, ал қор жері – 3,9 мың гектар. Мұрат Рахметұлы жеке тұрғын үй үшін жер телімдерін беру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екендігін баса айтты. Бүгінгі таңда Орал қаласында 71 426 адам жер телімі кезегінде тұр. Шаһар басшысының айтуынша, дайындалған алаңдардың болмауына байланысты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жұмыстары 2012 жылдан қазіргі кезге дейін тоқтап тұр. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру соңғы рет 2010-2012 жылдары жүргізіліп, сол уақыт аралығында әзірленген түпкілікті жобалау жоспарына сәйкес Деркөл кентінен берілген. Осылайша 2000-2012 жылдар аралығында 15 мыңға жуық азаматқа жалпы көлемі 1 496,72 га жер телімі беріліп, Орал қаласында ПДП-2, ПДП-3А, «Солтүстік-Шығыс», «Жұлдыз», «Балауса», «Болашақ», «Арман», «Көктем», «Кең дала» және «Сары тау» шағынаудандары бой көтергені белгілі. 2004 жылдан бері жер кезегінде тұрған оралдықтар тиесілі жер телімін алар  күнді  асыға  күтіп  жүр. – «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі – 2017-2021 жылдарды қамтиды. Қазір Круглоозерный ауылдық округі аумағында түпкілікті жобалау жоспарына сәйкес 1145 жер телімін дайындау көзделіп отыр. Алайда жер телімін беру жол,  табиғи газ, ауыз су, электр желісі сияқты инженерлік инфрақұрылымдар тартылып, мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар құрылысы аяқталған соң ғана басталады. Үкіметтің талабы солай. Инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандардың құры-лысын 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында бастауды көздеп отырмыз, – деді Мұрат Рах-метұлы. Жер кезегінде 71 мыңнан астам адамның тұрғанын ескерсек, жоспарланған 1145 жер телімінің теңізге тамған тамшыдай ғана екені  айтпаса  да  түсінікті. 2011 жылдың шілде айында ҚР Жер кодексінің 50-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдері жалдау шартымен тек екі жыл мерзімге ғана беріледі. Үкі-меттің мұндай қадамға баруына азаматтардың жеке меншікке ал- ған жер телімдерін ұзақ уақыт игермеуі немесе алып-сатумен айналысуы басты себеп болып отыр. Бұдан былай жер телімдері тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, қабылдау актісіне қол қойылғаннан кейін ғана азаматтың жеке менші-гіне  ауысады. ҚР Жер кодексінің 48-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы және коммерциялық бағыттағы жер учаскелері конкурстар мен аукциондар арқылы беріледі. Бүгінге дейін Орал қаласында аукционмен 17 ком-мерциялық бағыттағы жер телімі берілсе, сәуір айында 10 жер телімінің жалдау құқығын сату жөнінде  аукцион  өткізілмек. – Орал қаласының аумағында 165 бау-бақша серіктестігі орна-ласқан. Тұрғындардың дені заң талаптарын жетік білмегендіктен, өздерінің жер телімдерін заңдастырмаған. Рұқсат беретін құ-жаттары болмаса да, жер телімдерін мақсатты пайдаланып отыр. 2016 жылдың 6 мамырындағы «Жер заңдылығының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлыққа байланысты біз ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке бере алмаймыз. Мораторий 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде бо-лады, – деді қала әкімі. Иесіз жатқан, пайдаланылмаған немесе заң талаптарын өрескел бұзып пайдаланылған жерлерді анықтау нәтижесінде 2016-2018 жылдары 123 иесі жоқ жер телімі анықталып, есепке алынған. Олар сот шешімі арқылы мемлекет меншігіне  қайтарылатын  болады. Қаланың сәулет саласын цифрландыру бағытында «Орал қала-сының электронды сәулеті» интернет ресурсы іске қосылаты-нын айтқан Мұрат Рахметұлы тұрғындардың өткен жылы қолға алынған цифрлық жобалардың артықшылығын қазірдің өзінде сезініп отырғанын атап өтті. – «Орал қаласының электронды сәулеті» интернет ресурсы күн сайын үзіліссіз жұмыс жасайтын болады. Нәтижесінде қызмет алушы мен қызмет ұсынушының арасында тікелей байланыс болмайды, құжаттарды ұсыну, қабылдау және беруге уақыт кетпейді, уәкілетті қызметкерлердің жұмысы қадағаланады, мемлекеттік қызметтерге «7/24» қағидасында қол-жетімділік пайда болады. Өткен жылдың соңында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастамасымен жер телімдерін таңдау актісін келісу үрдісі толық автоматтандырылды.  Енді құжат рәсімдеу толығымен автоматты ре-жімде жүргізіледі. Нәтижесінде қызметті алу  мерзімі 2-3 айдан 5-10 күнге дейін қысқарды. Қазіргі таңда аталмыш жобаға 19 мекеме-ұйым тартылды. Сонымен қа-тар «Қолжетімді әкімдік» жобасы аясында азаматтарға 16 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде. Операциялық зал ашылған күннен бастап 40364 адамға қызмет көрсетілген. Орташа есеппен күніне 300-ге жуық қала тұрғыны келеді. Қызмет көрсету деңгейін арттыру, транспорентті жүйені қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығын жетілдіру басты назарда, – деп атап өтті  Мұрат  Мұқаев.   Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Орал   өңірі»

«Мониторинг нәтижесі – облыс экономикасының айнасы»

Күні: , 38 рет оқылды

Бейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингке ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов қатысып, қаржы нарығының қазіргі ахуалы және экономиканың нақты секторына жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы мәлімдеді.

Қозыбақ Құлбарақовтың айтуынша, Ұлттық банк  экономиканың нақты секторына мониторингті 1999 жылдан бастап жүргізіп келеді. Басты мақсат –  кәсіпорындардың бизнес ахуалын саралау, бағалардың динамикасын және инфляциялық төлем әсерін зерттеу, ша-руашылық субъектілерінің кредиттік белсенділіктің өзгеруіне, нақты сектордың несие төлеу қабілеттілігіне және қаржылық орнықтылығының  тәуекелдеріне  шолу  жасау. Бүгінгі таңда облыс аумағында 157 шаруашылық субъектісі эко-номиканың нақты секторының мониторингіне қатысты. Кәсіпорындардың 38 пайызы өңдеу өнеркәсібінде, 32 пайызы сауда саласында және 27 шаруашылық субъектісі  құрылыс  саласында. Кәсіпорындардың басшыларынан тікелей алынатын деректердің Ұлттық банк үшін үлкен мәні бар. Себебі олар ағымдағы ахуал туралы ғана емес, сонымен қатар нақты сектордағы және оның салаларындағы күтілетін өзгерістер туралы жедел деректер алуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде кредиттік тәуекелдерді анықтау, нақты сектордың іскерлік белсенділігінің циклдік өзгерісін және қаржылық орнықтылығын бағалау жөніндегі нақты  міндеттерді  шешу  де  маңыз-ды  болып  табылады. – Ұлттық банк ел экономика-сының нақты секторында іскерлік ахуалды зерттеу үшін тоқсан са-йын аумақтық филиалдары арқылы кәсіпорындар басшыларына пі-кіртерім өткізеді. Кәсіпорындар сауалнамаға ерікті түрде қатысады. Пікіртерімдер кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныстың өзгеруі, дайын өнімнің, шикізат пен материалдар бағасының өзгеруі, кәсіпорындар үшін кредиттік ресурстардың қажеттілігі мен қол-жетімділігінің өзгеруі және т.б. сияқты 25-30 сұрақтан тұрады. Мониторинг нәтижесі – облыс экономикасының айнасы, яғни экономиканың нақты секторына жасалған шолу саладағы ахуалды көрсетеді, – дейді Қозыбақ Әбуұлы. Мониторинг нәтижесі бойынша сауалнамаға қатысқан кәсіп-орындардың іріктемелік коэффициенті 65 пайызды құрап отыр. Кәсіпорындардың жұмысы кері байланыс принципінде құрылады. Яғни алынған ақпарат өңделіп біткен соң жинақталады және бар- лық қатысушыға талдамалы материалдар жіберіледі. Ол жалпы Қазақстан бойынша қызметтері ұқсас кәсіпорындардың өз қыз-меттерін өзгелермен салыстыруына  мүмкіндік  береді. Брифингте белгілі болғанындай, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында облыс аумағындағы екін-ші деңгейлі банктер 34,3 млрд. теңге несие берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,1 пайызға артық. Соның ішінде жеке тұлғаларға 16,9 млрд. теңге (37% артық), заңды тұлғаларға 17,4 млрд. теңге (өсім – 35,2%) несие берілген. Биылғы жылдың алғашқы екі айында шағын кәсіпкерлік субъектілері 5,5 млрд. теңге (36,6% өскен) көлемінде несие алған. Сонымен қатар азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген несиелердің сомасы 2,3 млрд. теңгені (36,5% өскен) құраған, халыққа тұтыну мақсатына берілген несиелер 13,3 млрд. теңге (50,8% өскен) болып отыр. Есесіне, биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мерзімі өткен берешек 2017 жылмен салыстыр-ғанда 28,2 пайызға төмендеп, 8,3 млрд. теңгені құраған. Мерзімі өткен берешегі бар несиелердің үлес салмағы банк филиалдары-ның қарыз портфелінің 3,8 пайызын  құрап  отыр. Облыстың бас банкирінің айтуынша, жеке тұлғалардың депозиттері 17,5 пайызға ұлғайғаны-мен, заңды тұлғалар бойынша 25,2 пайызға төмендеген. Жерлестеріміз өз қаражаттарын шетел валютасынан гөрі, ұлттық валютада сақтағанды жөн санайды екен. Бұған ұлттық валютадағы салымдар үлесінің 63,8%-ды құрап  отырғаны  дәлел.   Динара  ӘЛПЕЙІСОВА, «Орал  өңірі»

Сары алтындай сазандар қайда кетті?

Күні: , 25 рет оқылды

– Алматыда қыдырып жүріп, үлкен лауазымдық қызмет атқар­ған, зейнеткер, жерлес ағамызға сәлемдесіп шығуға ниет еттім, — дейді бір танысым. Есікті ағаның өзі ашып: — Жаңақаладансыңдар ма? Кә­дім­гі біздің Жаңақаладан! Қайран ауыл! Ел есімнен кетпейді. Жүгі­ріп ойнаған сары құм, суына шабақ­ша жүзген өзен-көлдер… Айтқандай, сары сазандары әлі бар ма? Жөр­гек суым төгілген жерді ойла­сам, сары сазандары да түсіме кі­реді. Ондай дәмді балықты басқа жерден жеп көрмеген сияқ­ты­мын. Шіркін-ай!.. Елге деген сартап сағынышы көзінен де, сөзінен де аңғарылған аға балаша қалбалақтап, іздеп келген інілеріне алғысын жаудырумен болыпты. Жаңақаланың сары сазан­да­ры­ның тіл үйірер дәмі мен молдығы туралы бүгінде естелікке айнал­ған мұндай әңгімені көптеп кел­ті­ру­ге болады. — «Ақсеркеде» жүргізуші болып жүрген кезім. Ресейден генералдар келетін болып, командир бізді бір офицер қосып, балық аулау­ға жұмсады, үш адамбыз. Қызыл­жар­ға келдік. Су айналмамен ағып жатыр екен. Сүзіп көрмек болып, бір қолайлы жайманы таңдап, сү­­зу­ге кірістік. Жағаға жақындаған­да, сүз­гі аудың іші қазандай қай­нап кет­ті. Мұндай мол балық көрмеген біз­дің есіміз шықты. Тартып шы­ғара алмай, біраз әбі­герге түстік. Құлаш-құлаш сары сазандар, кісі бойындай жайындар. Екі сүзгенде машина қорабы толды, — дейді бір жерлесіміз. Бұл бұрын балықтың мол бол­ғанына дәлел еді. Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар. Со­нау аштық кезінде дәлелден­ген ақиқат. Кешегі Ұлы Отан соғы­сы кезінде де көп адамның ба­лық­пен жүрек жалғап, аштық­тан аман қалғандарын қазіргі қа­рия­лары­мыз жыр етіп айтады. — Қос өзеннің балығы қиын ке­зеңде елдің ырысына айналып еді, — деп еске алады Сайран Ахметов ағамыз. Көздің құрты болған Жаңақа­­ла­ның балығы кімді қызық­тыр­ма­ды. ХХ ғасырдың сексенінші жыл­дары Қа­ра­өзен бойындағы Сарыкөл ауылы жанынан Ресей­дің Куй­бы­шев әс­кери гарнизоны арнайы кешенді демалыс орнын салуы да соның бір айғағы болса керек. Сол дәмі бөлек мол балық бү­­гін бар ма? «Бар!» деп ауыз тол­ты­­рып айта алмаймыз. Неге? Бірінші себебі – аудан жерінде­гі көптеген өзен-көлдерге су түс­­­пей, құрғап қалуы. Атап айтсақ, ба­­лы­ғы мол Қамыс-Самардың бар­лық көлдері соңғы жылдары тегіс құрғап, балығы қырылып, құс пен аңы ауып кетті. Жаңаталап көл­дері, Айдархан, Мәстексай және Жаңақазан округіндегі көлдер­дің біразы құрғап, соры бетіне шы­ғып, Арал теңізінің тағдырын бас­тан кешуде. Балық түгілі, сол көл­дер­ді айнала қоныстанған елдің де жағдайы мәз емес. Бұл шеші­мі қиын мәселеге айналды. «Кісіде­гі­нің кілті аспанда» де­ген, Ресейден ке­ле­тін суға балық түгілі, халық қа­та­лап жүргені баршаға аян жай. Жаңақала балығының соншама азайып кетуінің екінші себебі – кәсіби аулауда балық қорғау­­дың талаптары сақталмады. Ақша­­ға құныққан ба­лық­­шы­лар тар көз­ді ау­мен көл­дерді сыпыра сүзді. Жа­­рам­ды­сын алды, жарамсыз ша­­бақ­­тар кері суға жіберіл­мей, жа­ғада қалды. Үшінші себебі – қазір аудан ау­мағындағы барлық өзендер мен көлдер жалға беріліп кетті. Жал­ға алушылардың жергілікті аза­мат Қажымұрат Борашевтан бас­қа­сы жалға алу талаптарын сақ­тап отыр­­ған жоқ. Қоғалы көлін жалға ал­ған Қажымұрат Борашев алдымен көлге су түсіріп, су деңгейін сақтауға жұмыстанды. Сондай-ақ Қо­ғалы кө­ліне жыл­ма-жыл шабақ жіберу, олардың өсуін қадаға­лау міндетін де мүл­тіксіз орындап отыр. Қоға- лы кө­лінен балық аулауға тосқа­уыл қойып, қыста балықтың тұншық­пауын да қадағалауда. Ен­ді біразырақ жылда Қоғалы көлі балыққа толып, ел ырысына айналарына тұр­ғындар сенімді. Ал басқа жалға алушылар мұны істеп отыр ма? Жоқ! Олар ақша төлеген адамға балық аулауға рұқ­­сат береді және ауланған ба­лық­ты жеңіл бағамен өздері сатып ала­ды. Жалға алған көліне шабақ жіберіп, өсіру, көл суының тайыздап, қыста бауырлап қа­­туын болдырмауға шара алу жетіс­­пей­ді. Бұл жаны ашымастықтың кө­­рі­­ні­­сі емес пе?! Балық санының азаюына үлес қосып жүрген жерлестеріміз де аз емес. Олар – жергілікті кәсіпқой балықшылар. Бұлар да балықты көбірек ұстаса болды, басқасы­на бас ауыртпайды. Мысалы, жергілікті кәсіпқой балықшылар ба­ғасы арзан қытай ауын бірнеше жүз метр етіп құрады. Ауды шы­ғарғанда бұлар да ауға түскен ба­лықтың үлкенін алып, уағын жа­ға­­ға қалдырып кетеді. Бол­ма­са, құны бірнеше есе өтелген қы­тай ауын жинауға ерініп, құ­ру­­лы күйін­­де қалдырып кете береді. Қытай ауы шірімейді. Түскен балық өліп, ші­ріп, суды сасытып тұра береді. Соңғы жылдары көктемде келген судан балық көрмейсің, тіпті жы­бырлаған тірі жәндік болмай­ды. Құдды өлі су дер­сің. Неге? Бұрын көктемде тасыған сумен балық келіп, жаймаға шығып, ауыл адамдары шаншып, қолмен ұстап, қарық болатын еді-ау! Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – еті ерекше дәмді келе­тін Жаңақала балығы қазір тым азайып кетті. Ұзындығы құлаш-құлаш, түр-түсі сары алтындай са­зандар көзден бұлбұл ұшты. Жер­гілікті балық­шылар уақтау ба­лық­тарды ғана әкеліп сатып жүр. Бұ­рынғы өзен-көлдердегі мол балық, дәмі тіл үйірген сары сазандар туралы әңгіме естелікке ай­на­лып барады…   Өмірзақ  АҚБАСОВ, Жаңақала  ауданы

1 сәуір – Халықаралық құстар күні «Ұшып бара жатпаса аққу-қаздар, Ұяламын қарауға көк аспанға!»

Күні: , 67 рет оқылды

Халықаралық құстар күні 1906 жылы Құстарды қорғау бойынша конвенцияның бекітілуінен кейін атап өтіле бастады. Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға, аң аулаудың белгілі бір түрлеріне тыйым салуға немесе шектеу қоюға, құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталған.

Құстар – табиғат, өмір көркі. Халық шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, қас сұлуын аққуға, ез жігітін жапалаққа теңеген. Ертеде байлар мен патшалар, хандар бұлбұлды бағында сайратып, тотыны үйінде ұстаған, аққуды көлінде жүздіртіп, сұңқарды қолына қондырған. Құс барлық пен бай­лықтың, сұлулық пен сән-салтанаттың белгісі болған. Табиғаттың қысқы ұйқыдан оянуын танытатын көк­тем хабаршысы Құстар күні мерекесі кей дерек­тер бойынша алғаш рет бұқаралық мереке ретінде 1894 жылы АҚШ-та өткізіледі. Бұл мейрам қарқынды түр­де газет басылымдарынан жарық көріп, АҚШ-тың бас­қа да штаттарына, Еуропаға да жеткен. (Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)  

Құста сүт бола ма?

Әрине, «Құста сүт жоқ, жылқыда өт жоқ» деген халық мақалына сүйенетін көпшілік бұл сұраққа ойланбастан жоқ деп жауап берері даусыз.

Ерте заманнан-ақ құс сүті қол жетпейтін нәрсенің символы ретінде белгілі. Алайда құстың сүті өмірде бар нәрсе екен. Кептер балапан басып шығарған кезде оның жемсауында қою сүтке немесе сұйық сүзбеге ұқсас ақшыл түсті бір қоспа түзіледі. Осы сүтімен олар балапандарын асырайды. Жұмыртқа қабығын жаңа ғана жарып шыққан кептер балапандары ұзын тұмсықтарын аналарының жұтқыншағына сұ­ғып жатқанын көруге болады. Үй көгершіндерінің жемсауынан сүт бөлінуі он сегіз күнге де­йін созылады. Одан әрі өсіп келе жатқан балапандары басқа азық түрлерімен қоректенуге кө­шеді. Ал жабайы көгершіннің балапандарын сүтпен қорек­тен­діру мерзімі ұзағырақ. Кө­гер­шін сү­ті­нің құрамы да өзге сүт­қо­рек­ті­лердікіндей ақуыз, май секілді негізгі заттардан құ­ра­­лады және олардың пайыз­дық мөлшері ай­тарлықтай жоғары болады. Құс сүтінің құнарлылығы, оның ұр­пағы үшін маңыздылығы сондай, онымен қоректенген балапан­дар екі күннің ішінде екі есеге де­йін салмақ қосады. Ал ата-ана­сы­ның жемсау сүтімен қо­рек­­тен­бе­ген кептер балапанда­ры әрі қа­рай өмір сүре алмайды. Бір қызығы, балапандарын жемсау сүтімен қоректендіру кө­гершіндерден бөлек қоқиқаз­­дарға, тотықұстардың бірқата­рына, сондай-ақ пингвиндердің кейбір түрлеріне тән құбылыс екен.   Ғылыми әдебиеттер және ғаламтор материалдары негізінде даярлаған: Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Батыс» пен «Экстрим» – регата жеңімпазы

Күні: , 58 рет оқылды

Орал  қаласындағы  №42 «Ақ ниет»  мектеп-гимназиясында математика  пәні  мұғалімдерінің  арасында  республикалық «Мате­матикалық  регата»  олимпиадасы  өтті.  Облыстық  білім  басқар­ма­сының  ұйымдастыруымен, «Дарын»  республикалық ғылыми-практикалық  орталығының  қолдауымен  өткізілген  ша­раға  елі­міздің  барлық  облыстарынан  математика  пәнінің мұғалімдері   келіп  қатысты.

Регатаның салтанатты ашылуында облыстық бі­лім басқармасы бас­шысы­ның орынбасары Зәуре Ғұ­ма­рова қатысушыларға сәттілік ті­ле­ді. Қазылар алқасының төраға­сы, доцент Өтебай Құспанов­тың мә­лімдеуінше, республикалық дең­гейдегі «Математикалық регата» алғаш рет Батыс Қазақстан облысында өткізілуде. – Өңірімізде «Математикалық ре­гата» осыдан он бес жыл бұрын оқушылар арасында ұйымдасты­рылған болатын. Бүгінде олим­пиада 5-11-сыныптар аралығын­да облыстық деңгейде жүйелі өт­кізі­ліп ұрады. Ал аудандық мектеп­терде бастауыш сыныптар ара­- сында мектепішілік жарыстар өткізіледі. Математика оқушылар­­дың техникалық ғылымдарға қы­зығу­шылығын арттырады, – дейді Өтебай  Құспанұлы. Мұғалімдер арасындағы «Мате­матикалық регата» олимпиадасы да алғаш рет 2012 жылы облысымызда бастау алған. Аймақ­тық деңгейдегі олимпиадаға Қазақ­стан­­ның батыс облыстарының мұғалімдері қатысқан. Ұйымдас­ты­рушылар математикалық жарыс ұстаздардың білімін терең­детуге, өзара тәжірибе алмасуға септігін  тигізеріне  сенімді. – Еліміздің 14 облысынан және Ас­тана, Алматы қалаларынан бар­лығы 17 топ қатысты. Әр топтың құрамында математика пәнінен  сабақ беретін төрт мұғалім болды. Төрт кезеңнен тұратын жа­рыстың әр бөлімінде геометрия, алгебрадан қиындатылған үш тапсырмадан берілді. Мақсатымыз – еліміздегі үздік математиктерді аны­қтап, олардың есеп шығару тәсілімен бөлісу, – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практика­лық орталығының педагогикалық- инновациялық зертхана басшысы  Айгүл  Каркулова. Биылғы жарысқа қатысу үшін Ресейдің көршілес қалаларынан өтініштер келіп түскен. Алдағы уақытта аталмыш шараны халық­аралық деңгейде өткізу жоспар­ланып отыр. – Республикалық жарысқа ал­ғаш рет қатысып отырмыз, сон­дықтан алдын ала дайындалдық. Еліміздің түкпір-түкпірінен жи­нал­ған үздік әріптестерімізбен таны­- сып, іскерлік қарым-қатынас орнатамыз деп ойлаймын. Жа­рыстың өту барысын бағамдап, ал­да­ғы уақытта өз облысымызда ұйымдастырғымыз келеді, – дейді Пав­­лодар қаласындағы «Жас да­рын» мамандандырылған мектебінің мұғалімі  Ертас  Байсарин. Хадиша Бөкеева атындағы об­лыстық қазақ драма театрында өткен қорытынды кешке облыс әкі­мінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты. – Математикалық регатаны өт­кізу идеясы Жайық өңірінен бастау алып, республикалық деңгей­де министрлік тарапынан қол­дау тапты. Елбасымыз білім саласын дамытуға баса назар аударып келеді. Өйткені елдің экономика­­лық дамуы сапалы адам капиталына байланысты. Ал адам капиталы­ның негізгі көрсеткіштерінің бі­рі – білім. Біздің мемлекетіміз бі­­лім­ге қара­жат үнемдеген емес. Бұл сөзіміз­ге облыс бюджетінің 46 пайызы білім саласына жұмса­л­тыны дәлел, – деді Ғабидолла Аб­доллаұлы. Олимпиада нәтижесінде бірінші орынды облысымыздың «Батыс» және Ақтөбе облысының «Экс­трим» командалары жеңіп ал­ды. Екінші орынды Алматы қа­ласындағы республикалық физика-математикалық мектебі, Атырау облысының «Тетраэдр», Жам­- был облысының «Лидер 179» командалары иеленді. Ал үшінші орын астаналық «Самғау», шы­ғыс­қазақстандық «Шығыс» коман­даларының  еншісіне  бұйырды.   Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ, «Орал   өңірі»

Орал – оның еңселі ескерткіші

Күні: , 44 рет оқылды

Жақсыдан  із  қалатыны  туралы  халық  даналығы  осы  орайда еске  түседі. Біздің  облысымызға  Мұстахим  Біләлұлы  Ықсанов­тың  басшы  болып  келуімен   байырғы  Оралдың   жаңа  тынысы  ашылды.

Кешікпей Мемлекеттік құрылыс комитеті төр­аға­сының орынбасары, Қа­зақстан Сәулетшілер одағының төрағасы Р. Сейдалиннің және әл­гі комитеттің сәулет басқарма­сы­ның бастығы В. Гребеньнің қаты­суымен, Орал қаласын қайтадан салуға арналған мәжіліс өтті. Сонда бірінші хатшымыз Ықсанов жолдас бізге стратегияны белгілеп берді. Жайық бойында биік үйлер мен мәдени-тұрмыстық нысандары көрікті, көшелері кең, жол­дары түзу, алаңдары мен сквер­­­лері ескерткіштерге толы қала бой түзеуі керек. Ал жаңағы ғи­мараттардың бәрінде осы қала­ға тән нақыштар болуы шарт. Мені сол жиналыстың өзінде Мұстахим Біләлұлының біліктілі­гі қуандырды. Ол заманда Кеңес ода­ғы монолитті үй құрылысына мән бермейтін. Жаңа бірінші хатшы болса, біздің назарымызды дәл осы монолитті, көпқабатты үй­лер құрылысына аударды. Жә­не сырғытпалы қалыптарды қолдануды ұсынды. Мұның өзі құры­лыс қарқынын тездетуге мүмкін­дік берді. Ленин даңғылын кеңей­ту жобасын өзі қарап берді. Сол кездегі басты құрылыс ала­ңы болған Дзержинский көшесінен салынатын зәулім үйлерге батасын беріп отырды деуге болады. Сосын көрген елдің бәрінен ұят­ты етіп келген әуежайдың орнына жаңа әуежай ғимаратын жобалау мен салуға кірістік. Оның іші мен сыртындағы интерьер мен фасадтың әр деталіне көңіл бөлді. Айшықтау мен әрлеу материалдарын өзі таңдады деуге болады. Мұндай талғампаздықты басқа нысандар салу барысында да танытты. Теміржол бекетін салар кезде, оның жобасы еш қала­дағыға ұқсамау талабын қойды. Қайталанбаған соңы жоба жаса­дық. Ал автобекет типтік жобадан алынса да, жергілікті жағдай­ға қатысты көптеген өзгеріс жасадық. Одан кейін қала ішінде­гі жекелеген мекемелердің ғима­раттарын салуды бастадық. Олар­дың көбі типтік емес, тыңнан жасалған жобалар еді. Кейін басшымыз қаланың әр тұсынан тұр­ғын үй аудандарын жобалауды тапсырды. Алғашқы қарлығашы «Строитель» болған мөлтек ау­дандар кешікпей қанатын жая бас­тады. Сонымен бір мезгілде мұндай аудандарға негізгі инженерлік коммуникациялар мен же­лілер тартылды. Мұстахим Біләлұлы осы жұ­мыс­тармен бірге көлік жолда­рына, олардың жақсы тараммен тар­мақталуына көңіл бөлді. Соның арқасында Орал Батыс Қазақстан­дағы ірі жол торабына айналды. Басшының көрегендігін сәулет­шілер қауымы мен ұжымдары то­лық мойындады. Мұстахим Біләлұлы бірде Қазақстандағы Атырау мен Ресейдегі Илецк аралы­ғын­дағы алып жағалауда қанша көпір бар екендігін сұрады. Санап керегі не, сол екі орталықта Жайық­тан өтетін жалғыз көпір болатын. – Демек, екінші көпір салуды қолға алуымыз керек, – деді об­лыстық партия комитетінің бірін­ші хатшысы. Аймақтағы көмірсутегі шикізатын өндірудің артуын айтпаған­да, аграрлық-өнеркәсіптік саясат үшін жаңа екінші көпірдің мәні ерекше болатын. Көрегендіктің тағы бір мысалы – Ықсановтың Орал-ІІ теміржол стансасын да­мытуы. Осының бәрінің арқа­- сын­да Орал қаласы Еуропа мен Азия тоғысқан тұстағы әсем қа­ла­ға айналды. Әрі екі құрлық­тың көлік қатынасындағы маңызды то­рап болып қалыптасты. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі ұрпақта­ры ұмытпас ескерткішті тұрғызу­ға үлгеріп кетті. Ақиқатын айтар болсақ, ол кісі Орал қаласын өзі үшін емес, дәл осы ұрпақтардың  болашағы үшін салғызып еді…   Евгений  КИЗИЛОВ, Орал  қаласының  бұрынғы бас  сәулетшісі

Көктайғақта құлап қалмаңыз!

Күні: , 38 рет оқылды

Көктем –  жылдың  ең  әдемі  мезгілі. Қыс аяқталып, көктем келгенімен,  ауа райы  мүлдем  тұрақсыз.  Таңмен  қар  жауып, түскі уақытта  күн  шығып  тұрса,  кеште  бірден  суытып  кетеді.

Көктемгі мұз өте қауіпті, ол қысқы және күзгі мұз­дан ерекшеленеді. Күзгі мұздың үстіне тұрғанда ол сытырлап, қауіптілігін ескертеді, ал көктемгі мұз еріген суға нық толып, адамның салмағын көтере алмайды. Мұндай мұз аяқ астынан  бірден  жарылып  кетеді. Су тасқыны кезеңі өте қауіпті, мұнда әр адам қарапайым қа­уіп­сіздік ережелерін сақтап, мұқият болуы тиіс. Облыс және қала су айдындарында БҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары өзен­дердің жағаларына құлаған ағаш­тар мен бұталарды кесу, мұздың қалыңдығын азайту бойынша профилактикалық жұмыстар жасап жатыр. Бұл жұмыстар мұз еру кезінде мұздың кептелісін болдырмайды. Бүгінгі таңда Жайық, Шаған және Деркөл өзендеріндегі мұз кептелісі болуы мүмкін 35 аймақта, қала маңында және Ақжайық ауданының Чапаев, Первомай, Зеленов ауданының Белес, Переметный, Зеленый, Мичурин, Тасқала ауданының  Тасқала елді мекенінің маңында мұз кесу жұмыс-тары атқарылды. Қазталов ауда­нының Жалпақтал елді мекенінде мұз кесу жұмыстары жалғасуда. Мұздың қалыңдығын азайту жұ­мыстары 209 840  м2 аймақта ат­қарылды. Көктемгі су тасқыны кезінде көбінесе мектеп жасындағы балалар қауіпті жағдайға тап болып жатады. Үлкендердің қарауынсыз қалып қойып, қарапайым қауіп­сіздік ережелерін білмеген олар жағаларда тентектік жасауға әуес. Осындай жағдайлардың ал­дын алу мақсатымен құтқарушылар қа­ла және облыс оқу орындарының білім алушыларымен профилак­тикалық сабақ өткізеді. Құтқарушылар осы жылдың ақпан айынан бастап Орал қала­сы мен Ақжайық, Қазталов аудандарының оқу орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Облыстық білім басқармасының ақпараттандыру орталығында 52 орта мектептің оқушыларымен онлайн режимінде «Көктем кезіндегі мұздағы қауіпсіздік ережелері және су тасқыны кезеңіндегі ха­лықтың әрекеті» тақырыбындаинтерактивтік  сабақ  өткізді. Сонымен қатар құтқарушылар БАҚ-пен тығыз жұмыс жасауда. Телебағдарламаларға және ра­дио­эфирлерге қатысып, профи­лак­тикалық мақалалар жария­лап, үйлердің маңын су басудан алдын алудың жолдары, көктемгі су басу кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелері жөнінде  айтуда. Аталмыш жұмыстар су басу қау­пі толығымен жойылғанға дейін жалғасын таба бермек.   Құтқарушылар  ескертеді: Көктемгі мұз жүру мен су тасқыны кезінде ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:
  • су айдындарына шығуға;
  • су жүру кезінде өзен бойымен жүруге;
  • мұз кептелісі болған аумаққа жақындауға;
  • құлап кетуі мүмкін жағада тұруға;
  • мұз кептелісіне жақындауға, жағадағы мұздақтарды итеруге;
  • өзен немесе кез келген су айдынының тереңдігін өлшеуге;
  • мұздақтардың үстіне мінуге немесе олармен сырғанауға.
Есте  сақтаңыз:
  • Көктемгі мұзда құлап кету оңай;
  • Жағаға жақын жерлерде мұз тез сынып кетеді;
  • Қар жамылған көктемгі мұз тез опырылып  кетеді.
Өз өміріңізді қауіп-қатерге тікпеңіз! Өзендердегі су еру басталысымен, су айдындарында қауіп­сіздік  ережелерін  сақтаңыздар.   М. БЕРКАЛИЕВ, БҚО ТЖД  жедел-құтқару жасағының  №3  ҚБ  басшысы

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика