Мұрағат: 28.02.2018


«Жатырқап-жатсынбағаны үшін барша қазаққа мың алғыс!»

Күні: , 56 рет оқылды

1 наурыз – Алғыс  айту  күні


Менің  ұлтым – орыс.  Жасым 92-ге келді. Ғұмырымның басым көпшілігі қазақ жерінде өтті. Өйткені соғыстан кейін өзім туып-өскен Ресейдің  Братск қаласында  сол жақта  құрылыста  жүрген қазақ жігіті Мұхаммедғали Бөрекешовпен  танысып,  көңіл  жарастырып,  1946  жылы  отау құрдық.  Қыз кезіндегі  тегім  –  Зырянова.

Көп  ұзамай  ол  туған  елі Қазақстанға  қайтып  оралды.

Жаңа елімде үш ұл, екі қызды өмірге әкелдім. Жастайымнан еңбекке араласқасын, жаңа жерде ешқандай жұмыс таңдағаным жоқ. Сауыншы, пошташы, перзентханада, туберкулезге қарсы ауруханада санитар болып еңбек еттім. Енді, міне, біраз жылдан бері адал еңбегімнің жемісін жеп отырмын. «Еңбек ардагері» медалі, басқа да түрлі марапатым баршылық. Бүгінде ұл-қызымнан 12 немере-жиен, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты  ана  әрі  әжемін.

Қазақ отбасының келінімін.  Балаларым қазақ тілін еркін меңгерген. Қазақи  салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты мейлінше сақтап, қазақ келіні деген атқа лайық болуды естен шығарған емеспін. Бір қызығы, үлкен қызым Алтын туған өлкем – Братск қаласында.

Сол жаққа тұрмысқа шығып, тыныш ғұмыр кешуде. Қазақстанға, туған жеріне балаларымен жиі келіп тұрады. Қалған балаларым өз елінде түтін түтетіп, қызмет жасауда. Алғыс айту күнінде ең алдымен  мені жатырқап-жатсынбағандары үшін барша қазаққа, қала  берді жерлестерім  қазталовтықтарға мың алғыс!

Анна  БӨРЕКЕШОВА,

Қазталов  ауданы


*  *  *

Сырым  ауданының  құрметті  азаматы Біздің әулет ол кезде Қызыл үй деп аталған Жымпитыға 1886-1987 жылдары Самара қаласынан көшіп келген екен. Әкемнің атасы Иван  Сергеевич Алаш қайраткерлері Жаһанша және Халел Досмұхамедовтармен жақын араласқан. Әкем Николай Федянин 1897 жылы Жымпитыда дүниеге келіп, осында өскен. Анам Қаратөбенің тумасы, қазақ қызы Кәрима Дәулетбайқызы 1902 жылы туған. Сол кездегі алғаш өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шыққан әйел адамдардың бірі болған екен. Түрлі басшылық қызметтер атқарған әкем мектепте мұғалім болып та қызмет етті. Әке жолын қуған, біздер, мен, апам Надежда Ташаева, ағам Борис Николаевич те ұстаз атандық. Апамның жұбайы Мақсот Ташаев пен менің жарым Сафура Темірболатова-Федянина да шәкірт тәрбиелеген жандар. Қызым Аида Ниязғалиева да ұстаздық жолды таңдады. Біздің әулеттің жалпы педагогикалық өтілі 250 жылды құрайды. Ағайынды үшеуміз де Сырым ауданының құрметті азаматы атандық. Жымпиты ауылында бар ғұмырым өтіп келеді. Әр жылдарда білім нәрімен сусындатқан шәкірттерімнің аяқ алысын көріп, қайсысының болсын жетістіктерін мақтаныш етемін. Шәкірттеріме алғыс айтамын. Көп жылдан бері ислам дінін ұстанып, жұма сайын мешітке барып тұрамын. Мен туған жерімде ешқандай  да  кемсітушілік,  менсінбеушілік  көрген  емеспін.

Елбасының шуақты көктемнің алғашқы күнін  Алғыс айту күні деп белгілеуінің философиялық мәні зор. Табиғаттың жаңаратын шағындағы бұл  күн барлық қазақстандықтың ынтымағының нығая түсуіне негіз болатын салтанатты күн деп білемін. Қазақстан – түрлі ұлт-ұлыс өкілдерінің басын бі-ріктірген берекелі ел. Ал қоғамдық тұрақтылық-татулықты сақтау – баршамыздың міндетіміз. Елімізде ұлтына, наным-сеніміне қарап ешкім ешкімді ешқашан шеттеткен емес. Өйткені, тілегіміз бір – татулық пен жемісті еңбек. Ұлан байтақ қазақ жеріндегі барша халықты бір мүдде, бір мақсатқа ұйытып отырған Елбасыға алғыс айтамын. XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас тірегі – Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыру арқылы бабалар алдындағы парызымыз өтелері хақ. Елімізде халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикалық өрлеуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды бәріміз тізе қосып, өзара татулықпен бірге орындаймыз. Елдегі оң өзгерістерді, жан-жақты даму қарқынын  көріп  қуанамыз. Алғыс айту күні құтты болсын!

Ким  ФЕДЯНИН,

еңбек  ардагері,

*  *  *

Алғыс айту күніне орай Долин ауылында еріктілер акциясы ұйымдастырылды. Биыл үшінші рет өткізіліп отырған шараға ауыл жастары мен жасөспірімдері белсенділік танытып, ауылдың аға буын өкілдеріне барып, алғыс айтты. Сонымен қатар жастар қарияларға шағын құттықтау парақшаларын таратып, ізгі тілектерін  білдірді. Бұған қоса ауыл жастары егде жандардың аулаларын қардан тазартып, су тасып, отындарын кіргізіп берді. Қариялар жас ұрпақтың бұл қамқорлықтарына дән риза болып,  алғыс айтып,  бата  берді.

Майра  НҰРЫМЖАНҚЫЗЫ,

Долин  ауылдық  округінің жастармен  жұмыс  жөніндегі  маманы,

Теректі  ауданы

*  *  *

– Елбасының Алғыс айту күнін күнтізбедегі ерекше күндердің қатарына қосуды толығымен қолдаймын. Бұл – тәуелсіздігімізді баянды ету бағытында бел жазбастан еңбек еткен барлық отандасымыздың бір-біріне  құрмет  білдіретін  күні.

Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келген ұлт-ұлысты өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен шынайы құрметінің жарқын мерекесі бола алады» деген  сөзі  маған  ұнайды.

Иә, бұл депортация, қуғын-сүргін жылдарындағы қазақ халқының ниет-пейіліне берілген тарихи баға екені сөзсіз. Қазақ халқына алғыс айту тек бір күнмен шектелмеуі керек әрі түрлі этнос өкілдері, әр  адам  нақты  ісімен  көрсетулері  тиіс.

Ольга  НЕЛЮБОВА,

«Батыс»  өңірлік  қолбасшылығы  басқармасы  құпия  бөлімшесінің  бастығы,  аға  лейтенант:

*  *  *

– Ұлттық ұланда  әскери борышымды өтеу арманым еді. Сол арманым орындалды. Әскери бөлімде біздің жақсы жауынгер болып қалыптасуымыз үшін барлық жағдай жасалған. Мұндағы командирлерім де, қасымдағы жауынгер жолдастарым да тамаша жандар. Алғыс айту күніне орай әскерге келген сәттен бастап, әскери өмірдің қыр-сырын үйреткен командирлеріме, әсіресе, бөлім командирі, подполковник Мақсат Бөлтіріков пен батальон командирі, майор Марат Нұрмұратовқа өз ризашылығымды  білдіремін.

Командирлерімнің тәлім-тәрбиесінің арқасында батыр бабалардың даңқты жолдарын және Отанға адал қызмет ету дәстүрлерін меңгерудеміз. Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге мұраға қалдырған қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – біздің  қасиетті  борышымыз!

Ерлан  МАСОВ,

Орал қаласындағы №5517  әскери  бөлімінің   қатардағы  жауынгері:


Аналар жыламасын…

Күні: , 101 рет оқылды


Биылғы жылдың  1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылды.


Енді отбасының табысы ескеріле отырып, оның орнына жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек төленбекші. Алайда бұл жаңалық ауыл-аймақтағы көпбалалы, табыс-кірісі аз отбасылардың кейбірінің онсыз да ыңыршығы шыққан қабырғасын сөге жаздағандай әсер етті.

Тасқала ауданының орталығындағы Ахметқалиев көшесінің бойындағы №33 үйде тұратын Нұрлыгүл Сағынғалиеваның облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына жолдаған шағымхаты осылай өріледі. Мәселенің мән-жайын білмекке Тасқалаға арнайы барып қайттық.

– Алты баламның үлкені 9-сыныпта, ең кішісі 1 жас 8 айда. Жұбайым Тасқала ауылдық округі әкімдігінде газ қазандығының операторы болып жұмыс істейді. Бүгінде жұбайымның 47 мың теңге жалақысы және «Күміс алқаның» 15 мың теңгесімен күнелтіп, өлместің күйін кешудеміз. Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек қолданысқа енгенше әр балаға 23 мың теңгеден алдым. Қазір балаларға берілетін ақша неге тоқтады? Округ әкімдігінің қызметкері табысы-ңыз кедейлік шегінен асып кетті деп түсіндірді. Сонда қалай? – деп әңгімесін бастады Нұрлыгүл Сағынғалиева. Оның айтуынша, бай дейтіндей отбасының малы да, тіпті мал ұстайтын қорасы да жоқ. Бір бас сиыр ұстауға жем-шөбі қымбат, ақша ауыспайды. Тасқалада бір арба шөп 30 мың теңге тұрады. «Үйіміздің жайы мынау, қабырғалары ырсиып, бір-бірінен алшақтап барады. Тұрғын үй кезегіне тұрайық десек, кезекке қоймады. Осы уақытқа шейін ешкімнен көмек сұраған емеспін. Марқұм анам тірі болғанда көмегін беретін. Бауырларым да қарасады. Бірақ қазір қатты қиналып  кеттім.

Отбасының табысы 60 мың теңге, соның сегіз мыңын газға, екі мыңын электр қуатына, екі мыңын дәрі-дәрмекке, 500 теңгесін суға, 11 мың теңгесін «Каспий банкке» несие үшін төлеймін. Балаларды киіндіруге 80 мың теңге несие алғанбыз. Отағасының да бұрынғы несиесі тұр. Төрт бала мектепте оқиды. Оқу басталарда мектептен көмекке егіздерге киім берді. Сонда қолымда 25 мың теңге қалады. Оқу құралдары, тамағың бар.

Қазір бәрі қымбат. Кейде үй жағалап, жоғымды сұрап кететін кезім болады», – деп көзіне  жас алды көпбалалы ана.

Аумағы 40 шаршы метрді құрайтын құрқылтайдың ұясындай баспананың іші салқын, еденінің қарағайларының арасынан ескен мұздай желі сүйегіңнен өтеді. Бір тәуірі, екі бөлмелі үй газбен жылытылады. Бұрын бұл үй отағасы Саяхаттың атында болған. Кейін көпбалалы отбасыға үй беріледі дегенді естіген Нұрлыгүлдің енесі үйді өз атына аудартқан. Оған небары екі жыл болған.  Сондықтан заңға сәйкес бес жыл өтпей тұрғын үй кезегіне алынбайды. Бұл баспананың іргесі сөгілген, апатты жағдай-да. Үй салатын, үйді жөндейтін ақша ауыспайды, материалдар қымбат. Отанасының айтуынша, ауылдық округ әкімдігі ара-тұра қолдан келген көмектерін береді. Бірақ бір пакет тамақ неше күнге жетпек?!

34 жастағы Нұрлыгүл отағасының өткен жылы аулаға бақша егемін деп қарашірік төккенін айтады. «Мен жұмыс істегім келеді. Қандай шаруаны қолға алсам, іске асыра аламын деп ойланамын. Киім тігетін өнерім бар. Кейде тапсырыс алып, тігін машинаммен тігіп те жүрмін. Бірақ мата алатын ақшам болмайды. Жұмыстан қашпаймын, тек қолдау-көмек болса…», – деп тоқтады  Нұрлыгүл.

Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Мұсалимованың айтуынша, қиын өтпелі кезеңде үкімет тұрғындарға жұмыс тауып бере алмағандықтан, оларға әлеуметтік қолдау көрсетті.

– «Бүгінде қиын кезең артта қалды, қазір жұмыстың түрі көп. Сондықтан жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек берудің талаптары орынды.

АӘК-ге мұқтаж болады-ау деп болжаған 112 отбасының 70-сі ғана құжат тапсырды. Ал Н. Сағынғалиевадан өтініш түспеді. Оның отбасының табысы кедейшілік шегінен 378 теңге асып кеткен. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады, – деді Раушан  Сабырғалиқызы.

Мамандардың айтуынша, жаңа сипаттағы АӘК-ні қолданысқа енгізу үшін екі жыл бойы «Өрлеу» бағдарламасы  жұмыс істеді. Енді жаңа бағдарлама сол бағдарламамен пара-пар көрінеді. Екінші тоқсанда кедейшілік деңгейі мен отбасының табысы  арасындағы айырма Нұрлыгүлдің отбасына төленетін  болса, соның үш айдағы ақшасын жинап бір алып, жеке  кәсіпкерлік ашуға, ісін бастауға немесе мал алуға болады.

– Ауылда қолы боста барып жасайтын жалдамалы жұмыстар бар. Уақытым бар, жұмыс жасаймын десе, көмектесуге әзірміз, – дегенді  және  айтты Раушан Сабырғалиқызы Айтқандай, Алғыс айту күніне орай біздің кейіпкеріміздің отбасына аудандық-аумақтық инспекция ұжымы қайырымдылық көмек қолын созбақ.

Бәлкім, ел ішінде сауабы мол қайырымды іске енжарлық танытпай, көпбалалы отбасыға көмек қолын созамыз дейтін азаматтар тағы табылар. Өзі де «Мемлекетке масыл болғым келмейді, жұмыс істеймін, еңбек етемін», – деп отыр. Тек жергілікті атқарушы билік пен құзырлы мемлекеттік құрылымдардан тиісті қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар берілсе… Қалай болғанда да, алқалы да, алқасызда  аналар   жыламасын   дейміз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Тасқала  ауданы

Мағрипа БАРМУШЕВА,

Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  бас  маманы:

– Тасқала  ауылының  тұрғыны Нұрлыгүл Сағынға-лиеваға 2017 жылы 18 жасқа дейінгі балаларына төрт тоқсан бойынша 171 576 теңге жәрдемақы төленді. 2017 жылдың бірінші, екінші және үшінші тоқсандарында ол кісіден мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек сұраған өтініш түспеді. Тек өткен жылдың 4-тоқсанда өтініш түсіп,   21 369  теңге  көлемінде  АӘК  төленді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылып, түскен өтініштерге байланысты отбасының табысы ескеріле отырып, жан басына шаққанда-ғы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға ғана атаулы әлеуметтік көмек берілуде. Кедейшілік шегі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрайды және күнкөріс деңгейі тоқсан сайын өзгереді. 2018 жылдың 1-тоқ-санына белгіленген күнкөріс деңгейі 22 348 теңгені, кедейшілік шегі 11 174 теңге шамасында. 2018 жылдың 1-тоқсанында Н. Сағынғалиева Тасқала ауылдық округі әкімдігіндегі ассистентке жолығып, табысын есептеткенмен, атаулы әлеуметтік көмек сұрап, жұмыспен қамту орталығына да, ауылдық округтің әкіміне де өтініш бермеген. 2017 жылдың 4-тоқсанында Н. Сағынғалиеваның көпбалалы ретінде алатын жәрдемақысы 40 616 теңге, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы 42 894 теңге, жұбайының еңбекақысы 193 733 теңге, яғни төрт тоқсандағы жиынтық табысы  277 243 теңгені құрады. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» туралы заңның 6-бабы 2-тармағына сәйкес жиынтық табыс 277 243 теңгені үш айға және сегізге (Н. Сағынғалиеваның отбасындағы адам саны) бөлгенде, яғни отбасының жан басына шаққандағы табысы 11 552 теңге болды. Ал кедейшілік шегі 2018 жылдың 1-тоқсанына 11 174 теңге болғандықтан, Н. Сағынғалиеваның жан басына шаққандағы табысы 378 теңгеге асып кетті. Сондықтан оған 1-тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Алдағы 2-тоқсанда күнкөріс деңгейі өсуі мүмкін, сондықтан жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкіміне жазбаша  өтініш  беруі  керек.

Бауыржан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Азаматша Н. Сағынғалиеваның үй кезегіне тіркеу жөніндегі арызы, құжаттары табысы аз отбасы санаты бойынша аудандық тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралды. Сонда Н. Сағынғалиеваның жұбайы Саяхаттың 2016 жылғы 21 шілдеде өз атындағы тұрғын үйін өзге біреуге келісімшартпен (договор дарения) тарту еткен құжаты шықты. «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңның 72-бабының 2-тармағы бойынша соңғы бес жыл ішінде қай елді мекендегі болмасын, тұрғын үйін өзгенің меншігіне берген, сонымен қатар тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлатқан азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегіне қойылмайтыны анық көрсетілген. Осындай себептерден Н. Сағынғалиева тұрғын  үй  кезегіне  қойылмады.


«Ой-мұхитта желкен керді өр кеме»

Күні: , 174 рет оқылды

Ой-кәусар

 

Көңілдің  дөп  бір  түскен  алшысындай,

Көзімнің  мөлдіреген  тамшысындай.

Өмірдің қайта туған жаршысындай,

Шабытым,  жырла,  енді жырла.

Сәуле тамып көңілдің іреңіне,

Жұпар дарып,  кеудеге гүл өріле,

Көкіректің  жарлауытын  тіле-тіле,

Толқындарым шықты, міне, жиегіне.

Сияды әлем мына менің кеудеме,

Бой бермейтін жосып аққан селге де.

Тіл біткендей саусақ тимей пернеге,

Ой-мұхитта желкен керді өр кеме.

Сағыныппын, жырламаппын көп болды,

Төкпеппін ғой көңілдегі көктемді,

Төкпеппін ғой кеудемдегі от-демді,

Гүлге бөлеп қырат, дала, бөктерді.

Жырлайын,  жырлайыншы құлаш ұрып,

Қалғандай көкірегім сырға тұнып,

Арудың сәнін ашар сырға қылып,

Келсінші көкейге жыр ырғатылып.

Еміреніп, тамсанып жырлайыншы,

Толқындай дариядағы тулайыншы,

Жырлайыншы,  «кеудеңді аш, кең дүние»,

Мейірленіп,  мөлдіреп тұнайыншы.

Тұнығың боп қалайын бұл өмірде,

Ақ жырыммен өрнек сап іреңіме,

Ей, періште пәк көңіл, пәк шабытым,

Құлап кетпе тұңғиық түнегіне,

Айналсаңшы жыр-қайың тірегіме.

Қар жауып тұр

Аппақ қар, аппақ қар себелеп тұр,

Төңкеріле қарағандай төңірек кіл.

Ұлпа қарды сүйе берді ессіз сезім,

Бұрқасынмен бұрғылауда өлең өткір.

Із тастадым көрпесіне аппақ қардың,

Ақ мамықты, қайтейін, таптап бардым.

Ерініме ұмтылған ұшқындардың

Ғазал дәмін таңдайыма сақтап қалдым.

Қорғасын бұлт сілкінді: жауды үдеп,

Қиыршықпен тұтасты жер менен көк.

Аң-таң болып қолымды жая бердім,

Алақанға қонар деп қар көбелек.

Қасиетін сезбегендей бұрын мұның,

Қастерлімнің білгендей бүгін құнын.

Үңілдім мен тылсымға… аппақ қардың,

Ысырып тастап кілегей шымылдығын.

Түнгі леп

Қызғалдақтың қауызынан

Мөп-мөлдір шық домалап.

Тамып кетті топыраққа

Қанға уызын бояп ап.

Дір-дір етіп жүрек қалды,

Түнек қалды кіл ессіз.

Толқын жалын құшақтап ап,

Кетіп барам күрессіз.

Мұңлы әнге құлақ асып,

Ойға шомды ақ қайың.

Құбылады көңіл лебі

Жанып-сөнген оттайын.

Күмбезінде сәуле ойнап,

Суық қарар жұлдыздар.

Жүрегіме еніп кетті

Тағы да бір түнгі ызғар.

Әдемі

Ақ пейілің бүр жарғаны әдемі,

Ақ жүзіңді мұң шалғаны әдемі.

Кірпігіңнің қайырылғаны әдемі,

Ес-түсімнен айырғаны әдемі.

Жанарыңнан құйылған сыр әдемі,

Қара түндей қою шашың әдемі.

Айға созған ақ білегің әдемі,

Түсіме енген гүл реңің әдемі.

Күбірлесіп, сырласқаның әдемі,

Күлімдесіп, қырға асқаның әдемі.

Мамық бұлтты жамылғаның әдемі,

Айтар сөзден жаңылғаным әдемі.

Құшақ ашып, гүл күткенің әдемі,

Ми шарпыған ыстық демің әдемі.

Қайта-қайта қарағаның әдемі,

Қызыл жібек орамалың әдемі.

Мені оңаша ойлайтының әдемі,

Бірден жіпсіз байлайтының әдемі.

Бірге болған мақпал түн де әдемі,

Жұлдыз саулап, аққан түн де әдемі.

Бірге татқан таң шырыны әдемі,

Әдемісің…

бар болмысың әдемі.

Сондай сұлу жан болғаның әдемі,

Бір ақынға жар болғаның әдемі.

Еділге

(Волгоград қаласына барғанда)

Ау, Еділ!

Ап кетейін деп едім,

Уысыма сыймадың.

Еңіреп тұрып жыладым.

Аттылы адам кешіп өткен,

Аймалап самал есіп өткен

Күміс толқыныңдай туладым.

Дариямды буып ап,

Жағада жатыр дәу қала.

Сірә, қаңғып кетсем бе?!

Тарихымды салып саудаға.

Не болса да,

Саған айтар сырым көп,

Керілген анау кең жайлау

Бұрын бар да, бүгін жоқ!

Елге аттанып барамын,

Жүрек күлтесі тілім боп.

Келе беймаза күй кештім,

Көкіректе тыным жоқ.

Дидарыңа төнген көк аспан

Дария шалқар көкжиекпен ұласқан

Қарай бердім өзіңе

Тұлпардайын кісінесіп

Жайыңды кім бар сұрасқан?!

Баһадүр бабаларым

Найза шаншып жағаға

Дулығасымен су ішкен.

Мақпал төсіңе малынып

Арулар сыңсып, күліскен.

Саған жетпеген сөз ғаріп,

Сарыарқада біз ғаріп,

Зереннен  терең  у  ішкен.

Зердеге сәуле құйдырып,

Жайыңды кім бар біліскен?!

Егізімнің сыңары

Теңіз мұңымның тұрағы

Толқыныңды өпсем бе?

Шетінеген жыр көп менде,

Шертілмеген сыр көп сенде,

Нарынның көшкен құмындай

Нардай боп жағаңа шөксем бе?!

Бәрі де бәрі кеш бүгін,

Біздерден жеткен көш бұрын

Адыра қалды ма…

Сәлем айтқан құстарға

Еділ-Жайық – қос бұрым,

Жаутаңдап кәрі тарихқа

Қарайды жәудір қос құлын.

Төсіңе төсім тимеді

Арманда кетіп барамын

Айдыныңды есілген

Қарашығына көшірген

Кірпігіне сыр ілген жанарым.

Иесін аңсаған арудың,

Естігендеймін боздағанын.

Қайтейін беймаза сағыныш

Жүрек суырып сыздағанын.

Күлте жал-толқын көмкеріп,

Бір аунап тұрып кетер тұлпардай

Өзіңе жүз қарадым.

Көрісерміз, хош Еділ,

Емініп кеп су ішер

Аттиладан қалған мұзбалағың.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ


Банкноттарды айырбастау аяқталды

Күні: , 102 рет оқылды


2018  жылғы  1  наурыздан  бастап  екінші  деңгейдегі  банктер  2006  жылғы  үлгідегі 1000  теңгелік  банкноттарды  айырбастауды  тоқтатады.  Бұл  туралы сәрсенбіде  өткен  баспасөз  конференциясында  ҚР  Ұлттық  банкі  Батыс  Қазақстан  филиалы  директорының  орынбасары  Сергей  Родин  мәлім  етті.


Директордың орынбасары жиында Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №188 қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларына» валюта айырбасы бойынша уәкілетті ұйымдардың жарғылық капиталына қатысты енгізілген өзгерістер жайына тоқталып, 2018 жылғы 5 наурызда уәкілетті ұйымдардың қызметін жаңа талапқа сәйкестендіру мерзімінің аяқталатындығын мәлімдеді. – Соған орай қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті ұйымдарда облыстардың әкімшілік орталықтарында орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 20 миллион теңгеден кем емес көлемінде жарғылық капиталының болуы қажет. Бұл ретте уәкілетті ұйым қосымша айырбастау пунктін ашқан кезде, оның ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы әрбір ашылатын айырбастау пунктіне жоғарыда көрсетілген талапқа сәйкес ұлғайтылуы керек. Қағиданың жаңа редакциясында демалыс және мейрам күндері валюта бағамдарын өзгерту бойынша шектеу жойылған. Бейнебақылау жүйесінің сәйкес келуін растайтын құжат көшірмесінің және кассир туралы (ТАӘ) ақпараттың болу қажеттілігі туралы талап енгізілді. Қолма-қол шетел валютасы банкнотының айналымға жарамды белгілері анықталды,  – деді Сергей  Родин.

Басқосуда екінші деңгейдегі банктердің 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттарды айырбастау кезеңінің аяқталғаны да айтылды. С. Родиннің айтуынша, 2018 жылғы 1 наурыздан бастап екінші деңгейдегі банктер 2006 жылғы үлгідегі 1000 теңгелік ақшаны айырбастауды тоқтатады. Ал Ұлттық банктің филиалдары бұл банкноттарды 2021 жылғы 28 ақпанға дейін айырбастайды. Бұл ретте Ұлттық банк заңды төлем құралы болып табылатын номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкноттардың айналыста екендігін хабарлайды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Әріптестіктің жаңа көкжиегі

Күні: , 58 рет оқылды


Сейсенбі  күні  Жәңгір  хан атындағы  Батыс  Қазақстан аграрлық-техникалық  университетінде  «Университет және  шетел  компаниялары» тақырыбында  халықаралық конференция  өтті.  Конференция  жұмысына  Италия  елінен  келген  Sant’Anna  университетінің, «DG Group», «Valagro-DG Group»  компанияларының, еліміздегі «ҚПО б.в.», «ТШО» және «NCOC» сияқты шетелдік  компаниялардың, «ҚазМұнайГаз» АҚ,  «Жайықмұнай»  ЖШС өкілдері, сонымен қатар  М. Өтемісов  атындағы БҚМУ, ҚазИИТУ, БҚИТУ  секілді жоғары  оқу  орындарының  профессор-оқытушылары мен  білім  алушылары  қатысты.


Жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елімізге инвестиция тарту мәселесіне басымдық бергенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында еліміз миллиардтаған соманы құрайтын инвестицияларды тартып, дамудың жаңа сатысына көтеріліп отыр. Ендігі кезекте инвестиция білім саласына, білімнің сапасын көтеруге жұмсалуы тиіс. Бұл –  дүние жүзіндегі өзекті мәселелердің бірі. Мәселен, Жапонияның жерасты ресурстары болмаса да, әлемдегі экономикасы қарыштап дамыған мемлекеттер ондығынан ойып тұрып, орын  алуының себебі – адам капиталын дамытқаны. Яғни білім-ғылымға салған инвестицияның арқасында елдің экономикасын өркендетіп отыр.

Италиядан келген әріптестеріміз Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен тікелей қарым-қатынас орнатуға ниет білдіріп, қаржысын, жинаған тәжірибесі мен білімін әкелуі Қазақстанға, елдегі жүргізіліп жатқан саясатқа деген халықаралық сенімнің көрінісі болып табылады, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Итальяндық компаниялардың Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен әріптестікті дамытуға қызығушылық танытуы – университеттің биік беделі мен ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. 55 жылдық тарихы бар байырғы білім ордасы өз қызметінде академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық байланысты нығайтуға және оқу үдерісіне шетелдік компанияларды жұмылдыруға ерекше екпін береді.

– Жаңа дәуір жаңа міндеттер қойып, қоғамның барлық саласы сияқты жоғары білім беру саласында да жаңаша көзқарас қалыптаса бастады. Қазір үздіксіз білім алу, өмір бойы оқу өзекті болып отыр. Осы орайда қосымша білімді қайдан алу керек деген мәселе туындайтыны заңды. Біздің университет экстеншн (жаңа білім тарату) орталығы болып табылады. Яғни жоғары білім алғаннан кейін қосымша білім алып, нарықта сұранысқа ие болып отырған мамандықтарға бейімделуіне, жұмысқа орналасуына көмек көрсетеміз. Бүгін конференция аясында пилоттық жоба ретінде жұмыс жасаған «Мечта» студенттер зертханасын заңдастырып, ресми  түрде  бекіттік.

«Мечта» зертханасында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың бұрынғы түлектері, сонымен қатар өзге университеттердің студенттері мен түлектері білімдерін арттыра алады. Шетелдік компанияларға жұмысқа орналасқысы келетін барлық адамды да шақырамыз, – деді  университеттің  басқарма  төрағасы, ректоры Асқар Нәметов.

«Мечта» зертханасы ЖШС-ның бас директоры Криши Гаетаноның айтуынша,  аз уақыттың ішінде 300-ден астам студент пен магистрант ұлттық және шетелдік компанияларда тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасқан. Қазақ жастарының білімге құштарлығын, жаңашылдыққа ұмтылысын ерекше атап өткен итальяндық маман «Мечта» зертханасының көптеген жастың арманының орындалуына жол ашқанын айтады. Итальяндық компаниялардың ғылымдағы, өндірістегі мол білімі мен тәжірибесін Қазақстанға әкелу арқылы ауыл шаруашылығын, мұнай-газ саласын дамытуға болатынын  жеткізді.

«DG Impianti» компаниясының бас атқарушы директоры Микеле Анджело Торторелла Жәңгір  хан атындағы БҚАТУ-мен әріптестіктің қос тарап үшін де тиімді болатынына үлкен сенім білдірді.

– Екі жақтың да үйренетін, үйрететін істері ұшан-теңіз екен. Келісімшарт аясында студент жастардың білімін жетілдіруге басты көңіл бөлеміз. «DG Group» компаниялар тобына кіретін кәсіпорындарда тәжірибе алмасуға, машықтанудан өтуге және жұмысқа орналасуға жағдай жасаймыз. Білім-ғылымдағы, өндірістегі заманауи тәжірибемізбен бөлісу арқылы маман даярлау ісіне жаңашылдық енгізуге, қазақстандық білім жүйесін трансформациялауға үлес қосқымыз келеді, – дейді Микеле Анджело Торторелла.

«DG Impianti» компаниясының бас директоры Палоццо Уильям университетпен әріптестікті жетілдірудің маркетингтік тұжырымдамасы туралы айтып берсе, «Italfluid-DG Group» компаниясының бас директоры Галетта Антонио мұнай-газ саласындағы тәжірибелерімен және жетістіктерімен бөлісті.  Италияның Sant’Anna университетінің (Пиза қаласы) ректоры Перата Пьердоменико жеке компаниялармен жұмыс істеу тәсіліндегі ерекшеліктер туралы баяндап берді.

Әлемдегі ең танымал өсімдік тыңайтқыштары мен биоынталандырғыштарды өндіретін «Valagro-DG Group» компаниясының президенті Ла Рокка Отторино заманауи зертханаларда әзірленіп, қатаң сапа бақылауында өндірілген «Valagro» өнімдерін таныстырып, теңіз балдырларының сығындылары негізіндегі биоынталандырғыштардың көмегімен көкөністер мен жемістердің өсуін, пісуін және рең алу үдерістерін айтарлықтай жақсартуға болатынын атап өтті.

Жиынға қатысқан қазақстандық «Әлем Агро» компаниясының өкілдері шетелдік компаниямен әріптестіктің жемісін көріп отырғанын айтады.

– 2015 жылдан бастап әлемдегі биоынталандырғыштар мен тыңайтқыштар өндірудің үздігі «Valagro-DG Group» компаниясымен эксклюзивті түрде жұмыс жасаймыз. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында шаруалар бұл тыңайтқыштар мен биоынталандырғыштардың артықшылығына, әсіресе, майлы дақылдар өсіруде мол өнім алуға болатынына көз жеткізді. Батыс Қазақстан облысында «Valagro» өнімдерін екі жылдан бері сатып келеміз. Әйтсе де, өзге өңірлермен салыстырғанда сіздің облыста сұраныс әлі де төмен, – дейді «Әлем Агро» компаниясының өкілі Айдос  Төлеков.

Шара соңында білім-ғылым саласындағы халықаралық әріптестікті нығайту және университетке инвестиция тарту мақсатында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, «Мечта» зертханасы ЖШС және «Ди Джи Қазақстан» (DG Kazakhstan) ЖШС арасында «Мечта» зертханасы бірлескен кәсіпорнын» құру туралы үш жақты келісімшартқа  қол  қойылды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Әзірлік барысы ойдағыдай

Күні: , 41 рет оқылды


Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Көктемгі су тасқынына әзірлік барысы және оның алдын алу шаралары» талқыланды.


Брифингке облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев пен «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Нұржан Шияп қатысты.

Нұржан Шияптың айтуынша, биыл жауған қардың тығыздығы мен биіктігі, судың қоры 2017 жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге төмен. Алайда Деркөл, Шаған секілді шағын өзендерде мұз қалың қатқан. Егер мұз кесу жұмыстары жүргізілмесе, сең кептеліп қалуы мүмкін. Жалпы, облыста қардың ең жоғарғы қалыңдығы 18 сантиметрді құрап отыр. Биылғы 26 ақпандағы мәлімет бойынша Орынбор облысының Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 20 текше метр су жіберілуде.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтың мәліметіне сүйенсек, облыстың төтенше және кезек күттірмейтін резервінде көктемгі су тасқынының алдын алуға 1 млрд. 300 млн. теңге қаражат қарастырылған. Ал өткен жылы бұл қаржы 978 млн. теңгені құраған. Аталмыш қаржыға 165 тонна жанар-жағармай, 123 мың қапшық қоры, 12,4 мың тонна инертті материал (ПГС, қиыршық тас) дайындалып, 14,7 млн. теңгеге әуеден бақылау секілді жұмыстар жоспарланған.

— Биыл мұз кесетін арнайы аппарат сатып алдық. Өйткені экологиялық жағынан да, судағы балықтардың қауіпсіздігі үшін де мұзды жарғаннан гөрі кескен тиімді. Су тасқынының алдын алуда 682 дана техниканың, 88 дана жүзу құралының, 2794 жеке құрамның дайындығы сақадай сай. Облыстағы 57 гидротехникалық құрылым қайта қалпына келтіріліп жөнделді. Өткен жылы Сырым ауданындағы Шолақ Аңқаты су қоймасына 103,6 млн. теңгеге жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Зеленов ауданындағы гидротехникалық құрылымдар да қалпына келтірілді. Орал қаласы ғана емес, Бөрлі, Тасқала, Зеленов және басқа аудандарда көктемгі су тасқынына орай әзірлік жұмыстары атқарылуда. Тоң қалың болғандықтан, еріген қар суы уақтылы кетпей қалуы мүмкін. Сондықтан су жүретін арықтарды тазалау өз алдына, аулалардан қарды күні бұрын шығару қажет, — деді Жасұлан Қыдырқожаұлы.

Республикалық маңызы бар жолдарда су өткізетін 439 тұрба бар. Республикалық жолдарда — 37, облыстық жолдарда 54 су өтуі мүмкін жерлер анықталған.

Мамандардың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл қардың аз түсуіне байланысты су тапшылығы орын алуы мүмкін. Сондықтан олар көктемгі су тасқынын тиімді пайдаланып, су қорын молырақ жинап алуды көздейді.

Сондай-ақ қала маңындағы саяжай тұрғындары көктемгі су тасқынынан сақ болғаны жөн. Өйткені саяжайдағы үйлер маусымдық мекен боғандықтан, суға кеткен жағдайда өтемақы төленбейді.

Гүлсезім  ЕРБОЛАТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Үздік мемқызметші анықталмақ

Күні: , 53 рет оқылды


Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны арнайы мониторингілеу жөніндегі облыстық топтың қызметіне және «ҚР  үздік  мемлекеттік  қызметші» байқауы» тақырыбына  арналды.


Брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов және аталмыш департамент жанындағы арнайы мониторингілеу тобының басшысы Әлия Сәлиева қатысты.

Әлия Сәлиеваның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалуына сыртқы талдау жүргізу және бағалау үшін 2016 жылы біздің облыстағы департамент жанынан арнайы мониторингтік топ (АМТ) құрылған. Оның құрамында үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, саяси партиялар және мемлекеттік мекемелерден, барлығы 11 адам бар.

2017 жылы арнайы мониторингтік топтың бес отырысы өтіп, жемқорлыққа қарсы интернет-ресурстардағы жұмыс, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы, мектептер мен балабақшаларды қаржыландыру, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды талдау  секілді 18 мәселе қаралған.

Қоғамдық ұйымдар өкілдерінің тікелей қатысуымен 40 ұйымға 69 тексеріс жүргізілген. Қоғамдық бақылау нәтижесінде 72 құқықбұзушылық фактісі анықталған. Олардың ішінде мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты толыққанды орналастырмау немесе ақпараттың мүлде болмауы, пандустардың жоқтығы, ұсыныстар мен шағымдар кітабының орналастырылмауы, сондай-ақ дұрыс кеңес бермеу, қызмет берушінің дөрекілігі секілді жағдайлар  бар.

Қоғамдық бақылаулар нәтижесінде БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ғимаратына пандус орнатылған. Облыстық қорғаныс істері басқармасы мен Орал қалалық қорғаныс істері басқармасының  ғимараттарына пандус орнату үшін қаржы көздері қарастырылуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында, облыстық фармация басқармасында және өзге де 10 мемлекеттік мекемеде сенім телефондары көрсетілген ақпараттық тақтайшалар жаңартылып, Зеленов аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміндегі жұмыс кестесі түзетілген.

Облыстық ІІД-ның көші-қон және әкімшілік полиция басқармаларында ұсыныстар мен арыз-шағымдар кітаптары ашылып, келушілерге арналған орындықтар көбейтілген. Сондай-ақ кезекті электронды басқару жүйесі іске қосылып, мемлекеттік қызмет  алу үшін ақпараттық нұсқамалар жасақталған.

Мемлекеттік кірістер басқармасында қызмет алушылар үшін құжаттарды қабылдау және кеңес беру бойынша жайлы жағдайлар туғызылып, бұрынғы қызметтік көлік тұрағы енді қала тұрғындарының  пайдалануына да беріліп отыр.

– Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе қоғам өкілдерінің белсенділігіне байланысты. Әлеуметтік желілердің және өзге де медиаресурстардың дамуына байланысты жаппай жемқорлыққа қарсы тұру айрықша күш алуы тиіс. Арнайы мониторингтік топ өз жұмысында тек қана қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың емес, сонымен қатар азаматтық қоғам мүшелерінің де көмегіне жүгінетін болады, – деп атап өтті Әлия Өтемісқызы.

Ал Болат Исақовтың айтуынша, мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру мақсатында 2017 жылы алғаш рет «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсы ұйымдастырылған. Ағымдағы жылы аталған конкурсты өткізу мемлекеттік қызмет істері органдарының 20 жылдығын мерекелеуге арналып, жаңа форматта ұйымдастырылуда.

Биыл конкурс екі кезеңде өткізіледі. Яғни облыстық және республикалық  деңгейде.

Бірінші кезеңді агенттіктің тиісті аумақтық департаменті бекітетін өңірлік конкурстық комиссия  өткізеді. Аталған комиссия агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан құрылады. Комиссия құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, тәуелсіз сарапшылар бар. Комиссия құрамы тоғыз адамнан  және комиссия жұмысын рәсімдейтін хатшыдан тұрады.

Облыстық кезеңде үміткерлердің жинаған құжаттары (өтініш, сауалнама, уәждемелік эссе, қызметтік тізімі) және агенттік белгілеген әдістемелік түсіндірмесіне сәйкес нақтылығы мен дұрыс толтырылуы  тексеріледі. Сондай-ақ кандидаттың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуін тестілеп, ахуалдық мәселені шешу қабілетін бағамдайды.

Мемлекеттік органдар ұсынған үміткерлер құжаттарын конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 күн ішінде тапсыруға тиіс болса, өзінөзі ұсынған мемлекеттік қызметшілер байқауға  қажетті құжаттарды 15 күн ішінде агенттіктің аумақтық департаментіне жіберуі қажет.

Конкурсқа әкімшілік, тәртіптік жазалары жоқ және мемлекеттік қызметте өтілі бір жылдан кем емес мемлекеттік  қызметшілер  қатыса алады.

Конкурс жеңімпаздары 23 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік  қызметшілер  күнінде  марапатталмақ.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


Діни сауатсыздық қалың тұман секілді айқын бағыттан адастырады

Күні: , 76 рет оқылды


Терроризм мен экстремизм идеялары таралуының алдын алу, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бұқараға ұғындыру мақсатында Ақжайық ауданының орталығы Чапаевта «Рухани бірлік – ел болашағы!» атты жүздесу өтті. Шараны аудан әкімі Әділ Жоламанов ашып жүргізді.


Жат идеологияның әрекеті ойлы адамның бәрін алаңдатып келеді. Үрей тудырады, қоғамдық мәселелерде біраз түсінбестікті өршітеді. Салафизм, яғни шын мәнінде уахабилік көзқарасты ұстанушылардың теріс ықпалы көпшілікке мәлім. Ауылдардан тұрғындар, ҮЕҰ өкілдерімен жастар, мұғалімдер мен оқушылар, сондай-ақ психологтар қатысқан жиын діни адасушылықтың себеп-салдарына үңілген фильмді қараудан басталды. Әлгі ағымның жетегінде кеткендер, оның ішінде біздің аймағымыздан да ұшырасты, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырмай, ақиқаттан шеттетілді. Фильмде Қазталов ауданынан сондай жайсыздыққа ұшыраған бір отбасының отанасы сөйледі. Сонау тоқсаныншы жылдары Оралға келген бұл жанұя салафилердің ықпалына түсіп қалады. Қысқа балақ шалбар, жалбыраған сақалды озық деп есептеген отағасы қыздары-на жамылып киінуді бұйырады, бұған көнгісі келмеген қыздарына қол жұмсайды. Отанасы осындай сұмдықты өкініштен өзегі өртеніп отырып баяндады. Бара-бара теріс уағызға әбден уланған отағасы сонау Сирияға беттегісі келгенде ұсталып, сотталады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы дін саласына қатысты пайымдар халықтың көкейінде жүрген көптеген сұраққа нақты жауап болды. 21 ұлт өкілі тұратын ауданымыздың жұрты мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық бағытын қолдап отыр. Тиісті тоғыз заңға және екі кодекске 52 түзету енгізілмек, бұл діни бірлестіктер қызметіне қолайлы жағдай жасайтыны да сөзсіз. Сөйтіп, бірлігіміз бекемденіп, діни мәдениетіміз шыңдала түспек. Аудан әкімі Әділ Жоламанов осы жайында айта келіп, діни сауаттылықты арттыруға үлкен-кішіміз бірдей мүдделілік танытуымыз қажеттігін қадап айтты.

Рухани  ағарту  жұмыстары жанданады

– Мысық тілеулердің көздегені – тату елдің бірлігіне іріткі салу. Мұндайға тұсау салу және титтей де арандатуға жол бермеу мақсатында Ақжайық ауданында да барынша тегеурінді істер атқарылып келеді. Айталық, жуырда ғана діни адасушылыққа ықтимал белгілері бар-ау деген 11 азаматпен (үш ауылдың тұрғындары) жеке-жеке әңгімелесу өткізіліп, оларға радикалдық идеологияның қандай шырғалаңға ұшырататыны жан-жақты ұғындырылды. «Осындай аса маңызды деген шаралар облыс орталығынан теологтардың қатысуымен, жүйелі түрде жүргізіліп келеді», — деді кездесудегі баяндамасында ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Бақтығалиева. Ол оқушылар, жастар арасындағы қоғамымызды жат әрекеттерден арашалау мақсатындағы бағыттар бойынша ізденістерді атады. Мысалы, «Дін тазалығы – ел тұтастығының кепілі», «Дін және дәстүр», тағы басқа тақырыптарда дәрістер, шығармалар мен суреттер байқаулары ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ көркемөнерпаздар ақ пен қараны ажырата алмай қалып, қанатын өкініш өрті шарпығандар жайында сахналық көріністер қоюда тәжірибе жинақтауда. Әлеуметтік желілерде діни тақырыптарға сауатты жарияланымдар орналастырып отыру ұдайы назарда. Медициналық қызметтен, атап айтқанда, балаларына екпе салдырудан әлдебір наным-сенім салдарынан бас тартқан (екпе алмаған балалар саны 74-ке жетіп отыр) ата-аналармен жұмыс жалғасуда.

О. Бақтығалиева осындай барлық іс-шараны теологтармен қоянқолтық орындап, мазмұнға және сапаға қол жеткізу үшін ізденіс қанаттана түсетінін айтты. Ол діни білім беру орындарында оқып жатқан ауданның 16 түлегінің ертең ел ішінде діни сауаттылық үшін қызмет жасайтынына сенім білдірді.

Білгеннен сұрап, оның тілін ал

Кездесуге қатысқан БҚО дін істері басқармасының дін мәселесін зерттеу орталығының басшысы Азат Әбдірахманов пен Орал орталық мешітінің найб имамы Бақытжан Сабырәлиев жиналғандар алдында қоғамдағы қауіп-қатерлер, діни ахуалды жақсарту хақында баяндады.

Бүгінде адам санасына шабуылды жан-жақты меңгергендер аз емес. Терроризм мен экстремизмнің бастаулары осында жатыр. Ұлттық бірлік пен қоғамдық ынтымаққа төнген қауіп-қатерді нақты сезініп, жіті көре білу керек. Тиісті заңнамаларға өзгертулер енгізудің қолға алынғаны сондықтан.

Мысалы, діни ағымдарға қатысты сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалануға, таратуға жол бермеген жөн. Балақты шолтитып, сақалын өзгеше өсірушілерге немесе бет-аузын тұмшалаушыларға бұдан былай біраз айыппұл салынуы мүмкін. Кәмелет жасына толмаған балаларға ата-анасының рұқсатынсыз діни іс-шараларға қатысуына тыйым салу, қоғамға, дәстүрлерімізге жат амалдардан әйелдер құқығын қорғау жөнінде заңнамалық деңгейде толық негіз қаланбақ.

Экстремизмді насихаттаушылар жеті және одан да көп жылға темір торға тоғытылады.

Мешітке барғандардың бұдан былай оның ішкі тәртібі жөнінде ережеге сөзсіз бағынуы керек.

Яғни діни жөн-жоралғыда әлдекімдерге, білгішсымақтарға бұра тартуға жол берілмейді.

Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы өз сөзінде экстремизм мен терроризм жас талғамайтынын, күмәнді біреулерден әрдайым сақтану қажеттілігін қаперге салды. «Осы сайтқа кір, жақсы ақпарат бар» немесе «Тегін ағылшын курсына кел» — деп «бауырына» тарта сөйлейтіндерден қашық жүрген абзал. Мұндай уағызшыларды тани білу үшін де теологтармен ақылдасып отырған жөн. Иә, білгеннен сұрап, білгеннің тілін алу керек.

Жастардың Исламның және басқа діндердің мәнін түсінудегі сауатсыздығы талай сорақылыққа жол ашқаны мәлім. Кездесуде найб имам осыған байланысты біраз жайтты қаузады.

Иман дегеніміз әркімнің жүрегінде болуы керек екенін мүлдем білмей, мұсылмандықты адамның сыртқы түріне қарап бағалау қандай ағаттық десеңші. Жарайды, сақалын қалай-солай өсіріп жүргеннің кім екенін болжай беріңіз, ал сақалын қырып тастап, экстремизмді насихаттап жүргендерді тани білесіз бе? Құранға құлақ ассақ қана төңірегімізде келеңсіз жайттар орын алмайды. Шынайы иман, шынайы мұсылмандық киімде немесе сыртқы әлдебір нәрседе емес, жүректе, адамның жан дүниесінде болады. Діни наным-сенімге байланысты біреудің біреуді өзінің қатарына тартқысы келіп күштеуіне, Исламның кейбір қағидаларын «қате» деп уағыздауға ешкімге құқық берілмеген. «Анау намаз оқымайды» — деп біреудің құқына қол салу да жөн емес.

Бақытжан Сабырәлиев рухани дағдарысқа ұшырамау үшін экстремистік идеологияға қарсы түсінік қалыптастырудың ауадай қажеттілігін еске салды. Бұл бағытта кешігуге болмайды. Әке-шеше балаларының тағдыры үшін өздері діни тұрғыдан бек сауатты болғаны ләзім.

Кездесу барысында аталған орталық басшысы мен найб имам балалардың намаз үйреніп, оқуына, дұға дастарқандарының мәзіріне қатысты сұрақтарға жауап қайтарды.

Болат  ҚОСЖАНҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы


Тастанды сәбидің монологы

Күні: , 197 рет оқылды


Құдіретті  күшті Алланың қалауымен сенің құрсағыңда жаратылып, дамып жатқанымда,  алыстан талып жеткен қоңыр үн құлағыма келді. Бұл сенің үнің еді, анашым!  Бірақ сен қыстығып ұзақ жыладың. Аяғыңмен жер тепкілеп, бұлтиып ішіңде  өсіп келе жатқан мені тоқпақтап, ұзақ жыладың, мама!


Содан соң асығыс киініп алып, үйден жүгіріп шық-тың. Екеуміз сол күні ұзақ жүрдік. Біраз уақыттан соң, әлдебір жерге барғанымызда, ер адамның үні естілді.  Ол адаммен айғайлап, ұрыссып, сен тағы жыладың. Зор дауысты адам сенің алдыңа бір бума ақшаны лақтырып, «Ешкім білмей тұрғанда, оның көзін құрт» деп бұйырды. Зілді дауыстың екпініне шыдамай, оқыстан аунап түстім. Бұл менің жарық дүние үшін жанталасқан алғашқы қарсылығым еді. Сен аялы алақаныңмен мені сипап, тыныштандырдың. Әлі дамып үлгермеген мені құртуға бұйрық берген әкем қандай қатал адам еді? Мені өлтірмеші, мама! Менің өмір сүргім келеді. Енді ғана құралып, кішкентай адам болып, қалыптасып қалған мені бөлшектеп тастауға рұқсат бермеші, анашым! Тұла бойыңды кернеген ашу-ыза жас болып, сыртқа шығып жеңілдеп қалған сен имене басып, ақшаны алдың. Содан соң тастүйін мені өлтіруге шешім қабылдап, әкемнің кабинетінен  шығып  кеттің.

Жүгірген бойы жағымсыз иіс мүңкіген  біраз есікті қақтың.  Бірақ менің бағыма қарай сені қараған дәрігерлердің бәрі мені өлтіруден, яғни түсік жасаудан  бас тартты.

Өйткені бұл кезде мен төрт ай-лық, он төрт апталық едім, анашым! Қолым мен аяқтарымның саусақтары дамып, кәдімгідей кішкентай адам болып қалып едім. Тіпті қазір сен еркелетпесең де, мен саусағымды сорып, еркелеп қылық шығаратынымды сезбейсің-ау, анашым! Сені ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен тексерген апай менің ұл екенімді, өте жақсы дамып, өсіп жатқанымды айтты. Бірақ сен қуанбадың, мама! Сол сәтте жиырылып, тас түйін болып, ренішімді білдірдім. Тастай болып қалған ішіңді сипаған күйі сүйретіле басып үйге қарай аяңдадың.  Енді саған мені жарық дүниеге әкелуден басқа  жол жоқ еді. Сен қатты қиналдың. Айналаңнан сені қолдап, саған үміт беретін жандарды іздедің. Бірақ осы сәтте менің әкемнен бастап, бәрі сенен теріс айналды. Ата-анаң мен бауырларың да әулеттің абыройын аяқ асты еттің деп, сенімен араласпай қалды. Осындай қиын сәттерде жаныңда тек мен қалдым, анашым. Көкірегің қарс айырыла күрсінгеніңді есту мен үшін ауыр еді. Бар ашуыңды менен алып, ішіңді ұрғылап жылағанда, әлі толық жетіле қоймаған жүрегім әбден бүрісіп қалатын.  Сен менен құтылу үшін не жасамадың, десеңші. Құрбыларыңның кеңесімен түрлі дәрілерді ішіп, қалайда мені шығарып тастамақ болдың. Бірнеше күн тамақ ішпей аш жүрдің. Бірақ қанша әрекеттенгеніңмен, Құдайдан күшті емессің ғой, анашым!

Екеуміз көп алыстық. Сен менен құтылмақ болсаң, мен жарық дүние үшін күрестім. Сөйтіп, өмірдің өзі күрес екенін мен сенің құрсағыңда жатып-ақ сезіндім. Арпалысқан күндер жылжып артта қалып, алыс қаладағы туысыңның үйінде өткізген азапқа толы жарты жыл да жарты күндей өте шықты. Тыныс алуың жиілеп, ішің әбден өсіп, мені жарық дүниеге әкелер күнге де жеттің-ау, әйтеуір.  Дәрігерлер мені бауырыңа салғанда жылап жатып, қатты құшақтағаныңда көз жасыңның кермек, ащы дәмін сезіндім. Әлде қуанғаның ба, әлде мұңайғаның ба, жылаған күйі мені тас қылып құшақтап ұзақ жаттың. Мені ешқайда тастап кетпейтініңе сеніп, үміттене бастағаным сол еді, «емізіңіз» деген дәрігерлерге «мен бұл баладан бас тартамын» деп, басыңды шайқадың. Дәрігер апайлар да қандай қатал еді, «отказной» деп жаза берейік пе» деп сұрады. Сен үнсіз, басыңды изедің. «Маматай, мені тастамашы, бар дегеніңді жасайын» деп жалынуға тілім әлі шықпап еді. Перзентханадан шығып бара жатып мені бауырыңа басып, қатты құшақтадың. Сол сәтте «мамам ойын өзгертіп, өзімен алып кетсе екен» деп тіледім.  Менің ойымды көзімнен оқып қойғандай: «Кешір жаным, мен сені алып кете алмаймын, қайда жүрсең де аман бол» деп бетімнен сүйіп шығып кеттің.  Ұзын дәлізден тық-тық етіп кетіп бара жатқан сенің аяғыңның дауысы естілмей қалғанша ойыңнан айнып, мені алып кетердей елеңдеп, шырылдап жылап қала бердім.   Сен қандай безбүйрек, қатал едің, мама!

Біраздан соң «Сүп-сүйкімді, әп-әдемі баланы қалай тастап кеткені?» деп  айналып-толғанған мейірбике  мені «отказной» деп жазылған  кереуетке әкеліп салды.  Мен секілді маңдайының соры қалың тағы екі сәби бар еді қасымда. Үшінші күн дегенде шыңғырып жылап жатқан мені  мейірімді қол құшағына алды. Оның иісі сенің иісіңе ұқсамаса да, ол ананың көзінен төгілген мейірім маған жан шуағын сыйлады. Бәрінен бас тартып, тамақ ішпей, шырқырап жатқан мені бауырына алған ана емізе бастады. Мен ананың омырауына жиналып қалған уызды құшырлана жұттым. Түнде ғана он жыл күткен сәбиі шетінеп,  көзінен жасы сорғалаған ана бойы балқыған күйі мені қатты қысып, емізе берді.  Ерекше шаттық сезімге бөленіп, маған емірене қарап, өзін бақытты сезінген ол «Бұл менің балам!» деді мейірбикелерге қарап.

Мен сол күннен бастап көп жыл зарығып сәби күткен бір мұңлықтың перзенті атандым. Тек анамды ғана емес тұтастай бір әулетті бақытқа бөледім. Ата-анам, ата-әжем бәрі мені ерекше жақсы көрді. Әсіресе, анам сәл ауыра қалсам жанын қоярға жер таппай қиналатын. Әр қылығым оларға қуаныш сыйлады. Тіпті анам менің алғашқы әріпті қай күні айтқанымды, қай күні еңбектеп, қай күні алғаш қадам басқанымды күнделігіне жазып отырады. Бақытқа бөленіп, шаттанып түскен суреттерімді әлеуметтік желіге салып, өзінің ерекше бақытты ана екенін айтып жатады. Бәлкім, сіз де менің мәз болған  суретімді көріп, лайк басқан шығарсыз. Сол сәтте менің тастап кеткен сәбиім де осындай болып қалған шығар деген ой жүрегіңізді шым еткізген болар…

Иә, мен бақыттымын, мама!

Өйткені мен мейірімге шомылып, еш нәрседен таршылық көрмей, ана сүтін арда еміп, ер жетіп келемін.   Бірақ… қанша бақытты болса да, әр жетімнің көңіл түкпірінде «Менің анам қайда жүр екен?» деген сұрақ тұрады. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүние сыйлаған анасын әр жетім іштей іздеп күтеді. Егер сен мені тастамағанда, күн сайын қылығыммен қуантып, сені де дәл осылай бақытқа бөлер едім ғой, анашым! Жалғыз қалған сәттерде жұбанышың, таянышың, тірегің болар едім.  Егер сен мені тастамағанда…

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ


Шетелдік ғалымдармен кездесті

Күні: , 39 рет оқылды


Орал  қаласындағы  «Бастау»  коворкинг  орталығында Италияның  Пиза  қаласынан  келген  ғалымдардың  қатысуымен  пікірталас  алаңы  өтті.


Шараны облыс әкімінің орынбасары, «Болашақ» халықаралық шәкіртақысының иегері Ғабидолла Оспанқұлов жүргізді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы шақырылған қонақтарды Sant’Anna университетінің ректоры Перата Пьердоменико бастап келді. Делегация құрамында «DG Impianti» компаниясының бас директоры Микеле Анджело Торторелла, «Мечта» зертханасы компаниясының бас директоры Криши Н. Гаетано  және  тағы  басқалар  бар.

Итальяндықтар Қазақстандағы ғалымдармен тәжірибе алмасуды көздеп отыр. Олар еліміздің білім саласындағы оң өзгерістерді айтып, халқымыздың интеллектуалдық әлеуетінің зор екеніне сенімді. Шетелдік ғалымдар Елбасының бағдарламалық мақаласына жоғары баға беруде. Оларға бағдарламадағы алты қағидаттың ішінен білімнің салтанат құруына басымдық берілгені ұнаған.

– Қазақстандықтардың білімге инвестиция салғандары елдің  дұрыс жолда келе жатқанын білдіреді. Ал білімсіз мемлекет дами алмайды. Бұл бағдарлама Қазақстанға пайдасын тигізеді деп ойлаймыз, – дейді Перата Пьердоменико.

Ғабидолла Абдоллаұлының айтуынша, шетелде де не болып жатқанын қазақстандықтар көріп-білуі керек. Ол үшін «Болашақпен» білім алуға талпынған жөн. Ол жақтың жетістігін, жақсылығын елге алып келуге атсалысу қажет.

Кездесуге арнайы қатысқан жоғары оқу орындарының студенттері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары қонақтарға сұрақтар қойып, өзара  пікір  алмасты.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика