Мұрағат: 26.02.2018


Кейбір маршруттар өзгереді

Күні: , 940 рет оқылды


1 наурыздан бастап Орал қаласындағы кейбір автобус маршруттарында өзгеріс болады.


«Ақжол авто» ЖШС №27, №34, №36, №51 автобус маршруттары бойынша уақытша қызмет көрсеткен еді. Аталмыш серіктестіктің бұл бағыттағы келісімшартты бұзу жөніндегі өтініші негізінде жоғарыда аталған маршруттарға «№1 жолаушылар автокөлік мекемесі» ЖШС уақытша қызмет көрсетпекші. Соған орай Орал қаласының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен кейбір автобус маршруттарының қозғалыс сұлбасын өзгерту туралы шешім қабылданды. Мәселен, №36 «Бортау (Меловое горки) – Мичурин ауылы» маршруты жабылып, №3 маршруттың қозғалыс сұлбасы темір жол вокзалымен жүру арқылы «Бортау (Меловое горки) – Мичурин ауылы» бағытында өзгертілді. Бұл маршрутта орташа сыйымдылықты 20 автобус қызмет көрсететін болады. Ал №3 «Коминтерн – Вокзал» маршруты «Коминтерн – Автосалон» болып өзгертілді, онда 6 бірлік «ГАЗель» маркалы шағын автобустар қызмет көрсетпекші.

Жалпы бұл бағыттағы барлық сұрақ бойынша Орал қаласының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне (тел.: 50-04-02) хабарласуға болады.


Сіз қандай әкесіз?..

Күні: , 70 рет оқылды


Жұмақ  ананың  табанының  астында  десек,  сол жәннаттың ортаңғы  қақпасы  әкелеріміз  екенін  айтады Мұхаммед  пайғамбарымыз (с. а. у.) өз  хадистерінің  бірінде.


Қазіргі қоғамда әке рөлі қандай?  «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалының қолдауымен «Камен» бастауыш партия ұйымы мүшелерінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен «Әке көрген оқ жонар» атты шарада әлгі сауалға жауап ізделінді. Шараға қатысқан көп балалы отбасылардың отағалары мен «Ақ тілеу» әжелер ансамблі мүшелері өнегелі  әңгіме  өрбітті.

– Бұрынғы әкелер қатал, айтқанынан қайтпайтын еді. Қас-қабағымен-ақ бала-шағасын ықтырып отыратын. Олардың алдын кесіп өту, айтқанын екі ету ойымызға кіріп те шықпайтын. Аналарымыздың «Әкең келе жатыр!» деген сөзі-ақ есімізді жиғызып,  еркелігімізді қойғызатын. Әкемізге деген құрметіміз анамыздың сөзі арқылы артып отырушы еді, – деген пікірін ортаға салған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенова бүгінгі әкелердің бала тәрбиесіндегі орнына тоқталды.

Облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, Оян ауылынан келген Мақат Қойшыбаев қазақтың әке-шеше түгілі, көрші-көлем мен бір ауылда тұрған азаматтарға үлкен сыйластық танытқан халық екенін айтты.

– Үлгі-өнегесімен еліне жаққан азаматтарды әкеміздей көріп өсіп едік. Ескерту айтса, құлақ түріп, ақылын алатынбыз. Соны  абырой санап, сол адамның көңілін қалдырмайтынбыз, – деді ақсақал. Байқап қараған жанға бұл сөздердің жаны бар, әрине. Қазіргі қоғамда баланың көрші түгілі, әке-шешенің сөзін көтермейтін «мінездері» бар. Өз дегенін істетеді, болмаса өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне барады. Кей жағдайда баланың әке-шешеге деген сыйластығы олардың материалдық жағдайына тәуелді болып қалатынына не дерсіз? «Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген дана халық ұрпағының аяқ астынан өзгеруіне не себеп? Қазіргі заманғы бала тәрбиесінде қателік көбіне-көп  кімнен  кетіп  тұр?

Бүгінде ауданымыз бойынша 1349 толық отбасы болса, толық емес отбасы саны – 358. Жалпы, еліміздегі статистикаға сүйенсек, 68 мыңнан астам жалғызбасты әке бар. Алайда олардың көпшілігі әйелімен ажырасқан соң, балаға алимент төлемей жүргендер екенін ескергеніміз жөн. Алайда  ана орнына  ана, әке орнына әке болып жүрген кейбір алтын басты азаматтар да баршылық.

Аман-есен ер жетсе, екі ұлы екі қанаты болайын деп тұрған сондай азаматтың бірі – Самат Айтбаев. Оның әйелі Аида небары 25 жасында өмірден озған. Әйелі өмірден өткенде үлкен ұлы бес жаста, кішісі бес айлық болған. Тағдырдың сынағына мойымай, келер күнге үмітпен қараған әкенің бар уайымы да, сенімі де – екі баласының  болашағы.

– Көп жағдайда әке шешенің орнын баса алмайды деп жатады. Жарымнан айырылғалы біраз уақыт өтті. Балаларым ер жетіп қалды. Тәрбиелеу керек, аяқтарына тұрғызуым керек деген мақсатпен өмір сүріп келемін. Ұлдарымды бағып-қағуда анам көмектеседі. Жергілікті билік тарапынан беріліп жатқан жәрдем аз емес. Баланың әке мен ана тәрбиесін қатар көргені, әрине, жақсы. Дегенмен, басқа салған соң көнбеске амал бар ма?!  Өз басымнан өткенді ешкімге тілемеймін, — деді С. Айтбаев.

«Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» дейді қазақ нақылы. Дегенмен, ана мейірімін сезіп өскен балада арман бар ма, шіркін!

Аудандық мәдени-демалыс орталығында қызмет атқарып, өнерімен ел қошеметіне бөленген Мағжан Жұмағалиев көп балалы отбасында тәрбиеленгенін мақтан  етеді.

– Үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлауды үйреткен әкеміз – өмірімде үлгі алып өскен тұлғам. Оның сабырлы мінезі мен адалдығы маған да дарыса екен деп армандаушы едім. Ауыл мектебінде оператор болып қызмет еткен әкеміз Тілекқабыл, анам Оралгүл, екеуі бес бала тәрбиелеп өсірді. Отбасымыздың берекеге толы болуын тілейтін еді. Жаман әдеттен аулақ болу, дұрыс жүру, ел көзіне жаман көрінбеу ұл-қызының мақсаты болды. Қарапайым қызметте болса да, армандарымыздың орындалуын тілейтін, біздің алаңсыз оқуымызға барын салатын. Әлі есімде, студент кезімде маған ақша беріп жіберіп, сыртындағы қағазға өз есімін жазып жіберетін. Сондағысы үйді сағынбасын, алаңсыз оқысын деген ниеті екен, – дейді  Мағжан  Жұмағалиев.

Тағдыр сый етіп берген атаананы мақтау да, оларды мақтан тұту да – бала үшін парыз, үлкен абырой. Бір қызығы, шараға қатысқан мектеп оқушыларына «Өз әкелерің жайлы не айтасыңдар?» дегенде орнынан көтерілген жан болмады. Осыдан-ақ, бала әкесі жайлы айта алмайтындай не күн туды деген ойда қаласың. Әкелері мақтауға лайық емес пе? Әлде, күні бойы телефон мен ғаламтордан қол үзбейтін балаға бүгінгі әке тәрбиесінің шапағаты  сезілмей  ме  екен?..

Әсемгүл  БЕКЕШЕВА,

Тасқала  ауданы


«Қыран бүркіт не алмайды салса баптап?..»

Күні: , 102 рет оқылды


Орал қаласында құсбегілердің «Қансонар – 2018» республикалық турнирі өтті.


— Қадірменді оралдықтар, қала қонақтары, ұлттық спорт жанашырлары, бабаларымыздан асыл мұра болып жеткен құсбегілік өнердің Ақ Жайық өңірінде алғаш рет өткелі тұрған сайысы құтты болсын! Жаһандану дәуірінде салт-дәстүріміз бен ұлттық ко-дымыздың сақталып қалуына әсерін тигізетін ұлттық нақыштағы спорт түрлерін жаңғырту – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан спорттың бұл түрін өңірімізде жүйелі түрде дамытуға бел буып отырмыз. Халқымыз әрқашан ауызбірлікте болып, ұлттық дәстүріміз жаңғыра берсін, ағайын! – деді турнирдің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Ортағасырлық Жайық қалашығы маңында сенбі күні басталып, екі күнге созылған шараны тамашалаушылардың қарасы мол болды. Олардың қатарында  жергілікті жұртшылықтан бөлек Ресейдің көршілес облыстарынан келген туристер де бар.

— Дәл осындай турнир осыған дейін Маңғыстау, Атырау облыстарында өткен болатын. Енді бүгін Батыс Қазақстанда ұйымдастырылуын осы өңірде құсбегілік өнерді дамытудың бастамасы деп білеміз. Бүгінгі турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атынан алғысымды білдіремін, — деді ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспанов.

Турнирде Астана, Алматы қалаларының, сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысының құсбегілері өнер көрсетті.

— Бүгінгі турнирге еліміздің ең мықты бүркітшілері қатысып отыр. Сіздерден кешірім өтініп бір айтарымыз, ақпанның он бе-сінен кейін қоян, қарсақ, түлкі, қасқырды аулауға болмайды. Заң бойынша қысқы аңшылық маусымы жабылады. Өйткені аңдардың жұптасу уақыты басталып кетеді. Сондықтан қазір бүркіттерді қолға қондыру, еркін ұшыру, шырға тарту арқылы  сынаймыз. Асыра мақтамай, сөздің турасын айтар болсақ, құсбегілер сайысы көптеген өңірлерде бүгінгідей деңгейде ұйымдастырыла бермейді. Төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау, облыстық спорт басқармасының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, баршаңызға зор алғысымызды білдіреміз, — деді ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібаев. Турнирдің бас төрешісі болған Рамазан Ғайноллаұлы сайыс басталар алдында көрермен қауымға сақтық шараларын ұмытпауды мұқият ескертті.

Сайыстың ашылу салтанатында Ғарифолла Құманғалиев атындағы облыстық  филармонияның «Орал сазы» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Жарыс өтетін жерге үш киіз үй тігілген. Оның бірінде өңірдегі қолөнершілердің қолынан шыққан ұлттық киімдер мен бұйымдар сатылса, екінші киіз үйге облыстық өлкетану музейінде сақталған саят өнеріне қатысты жәдігерлер қойылған. Ал электр пешімен жылытылған үшінші киіз үйден келушілердің барлығына қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ, көже, айран, құрт, ірімшіктен тегін дәм татуға мүмкіндік жасалған.

Турнирдің алғашқы күнінде барлығы 16 қыран сынға түсті. Салғаннан Ақмола, Атырау, Жамбыл облысынан келген құсбегілер жоғары ұпаймен көш бастап, келесі күнгі сайысқа 10 қыран іріктеліп алынды. Екінші күнгі шырға тартудан кейін жеті қыран ақтық сынға шықты. Осы күні көпшілік қаршыға мен ителгінің иесі айналдырған шырға мен кептерді әуеден бүріп түскеніне, бүркіттердің үй қоянына шүйліккеніне куә болды.

Сайыс қорытындысында бас жүлде алған атыраулық бүркітші Арман Қошқаров 200 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жамбыл облысынан келген Бақдәулет Бабабажанов екінші орыннан көрініп, 100 мың теңгеге ие болды. Ал Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбек және астаналық Серікбек Күнтуған үшінші орынды тең бөлісіп, әрқайсысысы 50 мың теңгеден иеленді.

Сайысқа қатысқан қос қаршығаның екеуі де Жамбыл облысынан болатын. Серікболсын Жалғасұлының қаршығасы бірінші, Қалижан Дауылбаевтың құсы екінші орыннан көрінді. Ал ителгілердің сайысында алматылық Ғабит Таңатов және жамбылдық Данияр Нарбек баптаған құстардың өнері сәйкесінше бірінші және екінші орынға лайық деп бағаланды. Қаршыға, ителгі сайыстарында бірінші орыннан көрінгендерге 50 мың, екінші орын алғандарға 30 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Бүркітшілер сайысында Батыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен Жанәділ Ғазезовтың құсы бесінші орыннан көрінгенін айта кетейік.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Аққұмнан шыққан академик

Күні: , 107 рет оқылды


Бірде  мал  асылдандыру  жұмыстарына  үлес  қоспақ  ниетпен Қаратөбе  ауданының  Егіндікөл  ауылына  барғанымызда,  Мәлік   Шалменов  ағамыздың  академик  атағын  алғаны  туралы  жақсы хабарды  естіп,  ауыл  адамдарымен  бірге  қуандық.  Егіндікөлдің  қарадомалақ  балаларына  дейін  атақты  академик  Мәлік  ағасын  үлгі  тұтып,  солардай  елге  еңбегі  сіңген  азамат  болуды  армандайтынына  куә  болдық.


Ендігі  әңгіме  былайғы  жұрт  Егіндікөл  ауылына мақтаныш болған профессор Мәлік Шалменовты біле ме екен? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осы сұраққа жауап ретінде ғалым аға туралы бір үзік сырды сіздердің  назарыңызға  ұсынамыз. Профессор М. Шалменов Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға қарасты ветеринарлық медицина және биотехнология факультеті ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мәлік ағамыздың жұмыс кабинеті оқу ғимаратының үшінші қабатында орналасқан. Мейрамдармен құттықтап, көрісіп немесе ақылдасып кеңесу үшін ағамыздың кабинетіне барып тұру біздің дағдымызға айналған. Ғалым ағаға ұстазға тән ұлағаттылық, ғалымға тән ізденімпаздық, маманға тән біліктілік, жетекшіге тән талапшылдық, жақсы адамға тән қарапайымдылық сондай жарасады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Аз сөйлеп, көп тындыратын, арық айтып, семіз шығатын азамат. Мәкең білім мен ғылым, атакәсібі мал шаруашылығы мен ветеринария, оның ішінде паразитология туралы ойларын ешкімге жалтақтамай, ашық та батыл айтып жүр. Бүгінде зейнет жасына жетсе де, еселі еңбегімен, зерделі зерттеулерімен, тың ізденістерімен жастарға өнеге көрсетуде. Ол – эпизоотология, паразитология және ветеринарлық санитарлық сараптау кафедрасының профессоры қызметін абыроймен атқарып жүрген білікті маман, ұлағатты ұстаз, ветеринария ғылымдардың докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Ол Қаратөбенің Егіндікөл ауылында 1948 жылы 28 ақпанда дүниеге келіпті. Ұлы Отан соғысынан Жеңіспен оралған майдангердің ұлы, Аққұмның қарапайым қара баласы. Қаратөбеден шыққан тұңғыш ветеринария ғылымдарының докторы 2012 жылдан бермен қарай Егіндікөл орта мектебінің үш жақсы оқитын оқушысына (әрқайсысына 40 мың теңгеден) жылына 120 000 теңге профессор М. Шалменов атындағы шәкіртақы тағайындап, өз қаражаты есебінен төлеп келеді. Бұл жәй ғана жомарттық емес, сонымен қатар жеткіншектерді жан-жақты жақсы білім алуға ынталандырып, үлкен ғылым жолына түсіруге бағыттаған ізгі ниет, туған жерге деген перзенттік парыз бен өзі оқыған мектепке деген қамқорлықтың бір көрінісі. Ол Москвадағы  К. Скрябин атындағы Бүкілодақтық гельминтология институтының аспирантурасын бітіріп, ветеринария ғылымдарының кандидаты мәртебесін,  1991 жылы доцент ғылыми дәрежесін алды, ғылыми зерттеулерді ұлғайтуға, ғылыми кадрларды дайындауға, ветеринарлық ғылыми-зерттеу стансасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға тікелей атсалысты. Ғалым ұсынған эхинококкозбен күресудің әдіс-тәсілдердің жиынтығының келешегі зор, экономикалық тұрғыдан тиімді жеңіл орындалады. М. Шалменовтың докторлық диссертациясында жаңа сапалы дезинвазиялық дәрмектер жасалып, олардың қолдану тәсілдері жетілдірілді. Иттердің эхинококктарының дернәсілдері мен жұмыртқаларына қарсы сыртқы орта нысандарын дезинвазиялауға арналған тиімді дезинвазиялық дәрмектер ұсынылды. Мәлік ағамыздың ғылыми жетекшілігімен бір PhD докторы, бір ғылым кандидаты, 10 магистр диссертация және 45 түлек диплом жұмыстарын  қорғады. Сонымен қатар 230-дан астам ғылыми еңбектері, соның ішінде алты  оқулық, 41 ғылыми әдістемелік нұсқау, ұсыныстар, тоғыз авторлық  куәлік, алты ҚР алдын ала патенті, екі ҚР инновациялық патенті, 12 плакаттары бар. Ол ветеринария саласындағы айрықша маңызды міндеттерді шешуге, малдың облысымызда кең тараған бруцеллез, туберкулез, эхинококкоз, ценуроз, эстроз және басқа да аурулармен күрес шараларын іздестіруге, сол арқылы облысымыздың азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал етті. Белсенді қызметі үшін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақ МҒЗИ, облыстық аумақтық басқармасының, Батыс Қазақстан облысы әкімінің, БҚАТУ ректораты Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ветеринария саласын дамытудағы еңбектері үшін» және «Білім шыңы» медальдарымен марапатталған. Мәкең шаңғы тебу, жүгіру, балық аулау, аңға шығуды жақсы көреді, сонымен қатар саяжайда жұмыс жасағанды өте ұнатады. Академик Шалменов – өнегелі шаңырақ иесі, жанұяның ұйытқысы, қамқор әке және Шалменовтердің тату-тәтті әулетінің мейірімді ақылшысы. Мәлік аға Әлипа жеңгеміз екеуі үш перзент сүйіп, оларды қатарынан кем қылмай жеткізіп, бүгіндері біраз немере-жиеннің қызығына кенеліп отыр. Осынау тамаша қасиеттерінің арқасында Мәлік Шалменұлы шәкірттерінің, әріптестерінің, жора-жолдастарының арасында айрықша құрмет-беделге ие. Профессор М. Шалменовтің ғылыми мектебі өркендеп, тамырын тереңге жаюда. Ғалым ағаның ел игілігіне  үлес қосып жүрген шәкірттері де ұлағатты ұстазының жолын жалғап, бастаған істерін  баянды ете  түсуде.

Болатқали  ТӨЛЕБАЕВ,

 Жәңгір  хан  атындағы Батыс  Қазақстан  аграрлық-техникалық  университетінің  доценті, ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының  кандидаты


Жемқорлыққа қарсы саясат жоғары бағалануда

Күні: , 62 рет оқылды


«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында жаңа әлемге бейімделу мен жетістікке жету жолындағы 10 негізгі міндеттің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес екендігі көрсетілген.


Жемқорлықтың алдын алудың жаңа бағыты Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясымен басталды. 2015 жылғы 15 қарашада қабылданған ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асырудың жаңа заманғы әдістері мен формаларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Жаңа заң мемлекеттік қызметте ашық конкурстық іріктеу механизмі арқылы меритократия қағидаларын енгізуге, біліктілік негізінде мансаптық өсуге, еңбек нәтижесі бойынша жалақы төлеуге мүмкіндік берді. ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» өзара байланысты заңдардың қабылдануы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметіне қоғамдық бақылауды күшейтеді. ҚР Президенті Жарлығымен қабылданған мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі және Әдеп жөніндегі уәкіл туралы қағиданың қабылдануы мемлекеттік қызмет әдебінің белсенді дамуына және мемлекеттік қызметшілердің моралдық-рухани ұстанымының қалыптасуына бастауда.

Құқық қорғау және сот жүйесі органдарында жасырын негативті тәуелділік пен қарама-қайшылық ойларды анықтау мақсатында полиграфологиялық зерттеу жұмыстары енгізілді. Бейнебақылау жүйесінің орнатылуы сот үрдісіндегі және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысын және олардың тарапынан құқықбұзушылықтарды бақылауға мүмкіндік берді. Квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды ұйымдастыруда маңызды өзгерістер орын алды. Атап айтсақ, ұлттық компаниялар сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарлар жасақтап бекітіп, оны жүзеге асыруда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуде және кадрлық саясат қағидасының ашықтығын қамтамасыз етуде.

Соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлықты қабылдамауды насихаттау жаңа деңгейге жетті және қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау дәрежесін күшейтудің маңызды факторына айналды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жетілдіруі және әкімшілік үрдістердегі жемқорлық деңгейінің төмендеуі Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сыбайлас жемқорлықпен күрес Ыстамбұл жоспары аясындағы мониторинг үрдістеріне белсенді қатысуына себеп болды. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының бірінші кезеңін жүзеге асыру арқылы тұрғындардың сыбайлас жемқорлықты азайтудағы мемлекеттік органдардың жұмысына деген сенімін күшейтті.

Бүгінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының бірінші үш жылдық кезеңі табысты аяқталды. «Транспаренси интернешнл» халықаралық ұйымы 2017 жылғы сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексіне сәйкес Қазақстан 31 ұпай жинап және әлемнің 180 елдерінің арасында 122 орынды иеленіп, 2016 жылмен салыстырғанда өзінің көрсеткіштерін екі ұпайға және тоғыз позицияға жақсартқан. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексін есептеу кезінде тоғыз халықаралық рейтингтік агенттіктер зерттеулерінің нәтижелері қолданылды, оның алтауы біздің елімізде сыбайлас жемқорлық көрсеткіштерінің жақсарғандығын көрсетті.

Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлықты күнделікті дағдыға айналдыру қоғам мен мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұмысы екені даусыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса береді.

Болат ИСАҚОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы


«Зейнеткерлердің несие алмағаны дұрыс»

Күні: , 79 рет оқылды


Таяуда  Алматыда  Қазақстан  Ұлттық  банк   төрағасы Данияр  Ақышевтың  онлайн-конференциясы  өтті. Қазақ-стандықтар  үш  сағат  бойы  онлайн  режімде Алматыда  өткен  Ұлттық  банктің  қызметі,  жүргізіліп отырған  ақша-несие  саясаты,  қаржылық  қызметтер саласындағы  құқықтарды  қорғау туралы  және  басқа да  көптеген  сұрақтарға  жауап алды. Төраға  жиында азаматтардың  40-тан  аса  сауалдарына  жауап  берді.  Бұл шараға  еліміздің  өзге  өңірлерімен  бірге онлайн  режимінде  Ұлттық  банктің  Батыс  Қазақстан филиалының  директоры  Қозыбақ Құлбарақов,  филиал мамандары  және  БАҚ  өкілдері  қатысты.


Данияр Ақышев Мемлекет басшысының қаржы институтының жұмысына қатысты айтқан сыны өте орынды екенін атап өтті. «Ұлттық банк 2008-2009 жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуде қаржылық реттеуші ретінде кешігіп қалғаны рас. Статистика көрсеткеніндей, нашар не-сиелер портфелінің 90 пайызы 2006 жылдан бастап берілген. Несие қорларын дұрыс басқара алмаған банктердің жұмысы бірнеше жыл бойы қордалана  келе жақында ғана жария болды», — деді ол. Төраға дағдарыс қайталанбас үшін Ұлттық  банктің банктердің жағдайы нашарлаған кезде  превентивті әрекет ету құралдарын жетілдіретінін жеткізді. Қазір Ұлттық банктің бақылау функцияларын күшейтетін заң жобасы жасалып, оны талқылау жалғасуда.

ҚР Ұлттық банктің басшысы қаржы пирамидаларының жұмысы өте жақсы ұйымдастырылғанын, Ұлттық банктің сайтында қаржы пирамидасының «тұзағына» түсіп қалмаудың жадынамасы бар екенін еске салды. «Арнайы жадынамада қаржы пирамидаларының белгілері көрсетілген. Біріншіден,  олардың  Ұлттық банктен депозит ашу туралы арнайы лицензиялары болмайды.  Екіншіден,   мемлекеттік тіркеу туралы жарғысы жоқ. Үшіншіден, ұйымның қаржылық  ахуалы туралы ақпарат жоқ. Төртіншіден, салынған қаржының сақталуына ешқандай кепілдік берілмейді. Бесіншіден, нарық деңгейінен тым жоғары табыс ұсынылады. Алтыншыдан, әр тартылған клиент үшін бонус береді. Жетіншіден, тіркелген кезде ақша төлейсіз. Сегізіншіден, БАҚ арқылы жарнама таратады. Тоғызыншыдан, үлкен шаралар өткізіп, қымбат сыйлықтар береді. Оныншыдан, ақша айналымы, бизнес жұмысы туралы ақпарат ашық емес», – деді ол. Сондықтан төраға азаматтарға осы 10 кеңесті есте ұстап, қаржы пирамидаларының қитұртқылығынан сақтануға  кеңес берді. Сондай-ақ Данияр Ақышев онлайн-конференция барысында зейнеткерлерге несие алмауға кеңес берді. Оның айтуынша, Ұлттық банк халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстануда. Осы мақсатта стратегия дайындау жұмыстары басталды. “Дегенмен  зейнеткерлерге бірнеше кеңес бергім келеді. Біріншісі, ақшаны үйде емес, банкте сақтаған дұрыс. Бұл ақшаның толық сақталуын қамтамасыз етеді. Оған қоса  мемлекет 10 миллион теңгеге дейін депозит салымына кепілдік береді. Екіншісі, Ұлттық банк лицензия бермеген компанияларға сенбеу керек. Үшіншіден, ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаңыздар”, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасы елімізде криптовалютаны қолдануға қатысты шараларды қатаңдандыруға уәде берді. «Үкіметке өз ұсыныстарымызды жолдадық, олардың көпшілігі мақұлданды. Елімізде криптовалютаны теңгеге сатып алуға шектеу қойылуы керек. Қазақстанда криптовалютаның өндірісімен және жарнамасымен айналысатын компаниялардың қызметіне тосқауыл қою жоспарлануда», деген Д. Ақышев криптовалютаның ешқандай құндылығы жоқтығын, майнерлер мен делдалдардың цифрлық валютаны сату-сатып алу барысында еш жауапкершілігі болмайтынын түсіндірді. «Еліміздің азаматтарына ақшаларыңызды криптовалютаға салмаңыздар дер едім. Өйткені салынған инвестицияны жоғалту тәуекелі жоғары, салынған ақшаңыздың сақталатынына ешқандай кепілдік берілмейді», – деді бас банкир.

Бас банкир теңгенің қазіргі жайына тоқтала келе, оның  жыл басынан бері 4 пайызға нығайғанын, қаңтарда теңгеге сұраныстың өскенін, ЕДБ-лардың қаңтар айында 830  млрд.  теңге көлемінде несие бергенін айтты. «Несие бойынша пайыздық  көрсеткіш 14,7%-ға  жетті», –  деді Данияр Ақышев.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Қайыров қайта оралды

Күні: , 87 рет оқылды


Түркияда қорытынды оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайыққа» тағы бірнеше ойыншы алынды.


Оралдың қос бірдей түлегі Руслан Қайыров пен Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антиповпен еңбек шарты жасалды. Осылайша Вахид Масудов жаттықтырған кезде басқа командаға кетуге мәжбүр болған Р. Қайыров «Ақжайыққа» қайта оралды. Оған қоса батысқазақстандық командаға Семей футболының түлегі, 26 жасар қорғаушы Әлібек Сәкенов алынды. Ол бұдан бұрын «Спартак» (Семей), «Алтай» және «Атырау» командаларында доп тепкен. Сонымен қатар тәжірибелі жартылай қорғаушы Игорь Худобякпен келісімшартқа қол қойылды. Отыз үш жасар футболшы «Карпаты» (Львов) клубында 2005 жылдан бері 309 матч өткізіп, 37 гол соқты. Соның ішінде соңғы маусымда 16 ойында бір гол соғып, бір мәрте нәтижелі пас берді. Сондай-ақ

И. Худобяк 2013-2014 жылғы маусымда ресейлік «Ростов» командасының құрамында доп тепкен.

Оған қоса Украина ұлттық құрамасы сапында алты кездесуде алаңға шыққан.

И. Худобяк – «Ақжайықтың» құрамына алынған жетінші украиналық футболшы. Команданы жаңа маусымға украиналық маман Владимир Мазярдың дайындап жатқаны белгілі.

Оқу-жаттығу жиыны барысында оралдықтар бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Даниялық «Тистед» командасымен өткен ойында «Ақжайықтың» қосалқы құрамы бірінші таймда өз қақпасына үш гол өткізіп алды. Екінші таймда негізгі құрам ойыншылары алаңға шығып, есені қайтара білді. Андрей Ткачук, Азат Ерсәлімов және Адеринсола Эсеола мергендік танытып, қос команда 3:3 есебімен тең тарқасты.

Украина бірінші лигасының өкілі «Оболонь» клубымен өткен матчта В. Мазярдың шәкірттері 1:0 есебімен жеңіске жетті. 75-минутта А. Эсеоланың пасынан кейін И. Худобяк жалғыз голдың авторы атанды.

Батысқазақстандықтар Түркиядағы соңғы жолдастық ойынын 28 ақпан күні ресейлік «Томь» клубымен өткізеді.

Ғайса БӘЙМЕН

Сурет  kazfootball.kz  сайтынан  алынды

“Донеділ” кітабы таныстырылды

Күні: , 134 рет оқылды


Өткен  аптаның соңында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, халықаралық «Қадыр Мырза Әли» қоғамдық қорының директоры, танымал әнші-композитор Донеділ Қажымовтың «Донеділ» атты кітабының таныстырылымы өтті.


«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Жайық жұртының жиі шырқайтын әніне айналған «Ақ Жайық – ару мекенім» әнінің авторы Донеділ Қажымов жерлестеріне жаңа қаламгерлік қырынан танылды. Ол «Донеділ» атты тырнақалды туындысын өмірден ерте озған әкесі Ізмағамбетке арнап, ардақты әкесінің жарқын бейнесін ұрпақтар жадында жаңғыртуды және оқырманға өзінің шығармашылық өмір жолы туралы баяндауды мақсат тұтқан екен.

Кітапқа естелік әңгімелер мен фотосуреттер де еніп, сазгердің әндері нотасымен қоса берілген.

– Донеділ  Ізмағамбетұлы – Ақ Жайық өңірінен түлеп ұшып, өзінің тума талантымен бүкіл республикаға танылған азамат. Оның «Ақжайық – ару мекенім» атты әні – халықтың ең сүйіп тыңдайтын әрі үлкен-кіші бірдей қосыла шырқайтын әндердің бірі. Донеділ Қажымов «Сегіз қырлы, бір сырлы» талант иесі. Оның ішінде сазгерлігі мен әншілігі бір төбе, ұйымдастырушылық қабілеті бір төбе, оған қоса ағамыздың басшылық қызметін де ерекше атап өтуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияны басқарып, өңірдегі мәдениет пен өнерді дамыту жолында аянбай еңбек етті, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Шара барысында тіл жанашыры Мақсот Берген, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиев, Донеділ Қажымовтың бірнеше әніне сөз жазған оралдық ақын Болатқали Төлебаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер Айман Қуатова сөз алып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Кеште Донеділ Қажымовтың бұрын орындалып жүрген танымал әндерімен қатар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали мен сазгер-әнші Ербол Ақбасовтың «Донеділ-Гүлнәр» атты жаңа әні облыс сахнасында тұңғыш рет орындалды. Ел-жұрт назарына «Басына бақ қонады өнерлінің» атты көрме ұсынылды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Қос ғасыр куәгері

Күні: , 83 рет оқылды


Екі ғасырды басынан өткізген анамыз Збира Дүйсенғалиқызы туралы сыр шертпекпін. Збира Қоңырова 1918 жылы ақпанның 23 жұлдызында бұрынғы Фурманов ауданының  Сүттігенді елді мекенінде өмірге келген.


Жан жолдасы Әтембек Қоңыров 1939 жылы әскер қатарына алынып, Отан қорғау міндетін атқарып жүрген кезінде бірден қан майданға аттанған. Соғыста желкесінен ауыр жараланған. Госпитальдан жазылып шыққаннан кейін де Еуропа елдерін фашизмнен азат етуге қатысып, туған жеріне 1946 жылы ғана оралды. Жұбайы  жеті жыл майданда болған кезінде анамыз Збира тылда аянбай еңбек еткен. Колхоздың ауыл шаруашылығы жұмыстарына белсене араласып, аттан түспей, малдәрігерлік жұмысын атқарған. Отағасы елге келгеннен кейін де Збира әже шаруашылық  жұмыстарынан қол үзген емес. Ал Әтембек аға мектепте ұстаздық ете жүріп, аудан, облыс көлемінде өткен алғашқы ақындар айтысына қатысып, облыс ақыны атанған. Оның ақындық өнері “Ақындар үні” деп аталатын жинаққа енген. Әтембек Қоңыров туралы мәліметтер туған жері Қазталов ауданындағы Көктерек ауылының мұражайында  сақталған. Ол  1965 жылы  бұл дүниеден өтті.

Збира әжеміз зейнеткерлікке шыққанға дейін де еңбектен қол үзген жоқ. Еңбек ете жүріп, төрт қызының жоғары білімді маман болуына  септігін  тигізді.

Збира әжеміз Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20, 30, 40, 50, 60, 65, 70  жылдық  төсбелгілерімен марапатталған. Бүгінде әжеміз қыздарының жан шуағының арқасында 100 жасқа толып отыр. Қос ғасырдың куәгеріне айналған әжеге өзімнің жүрекжарды өлеңімді арнаймын.

Қош алды өзіңізді ғасыр-ғұмыр,

Бұл биіктік – үлкен асу, асыл  тұғыр.

Мерейтойлық туған күн құтты болсын,

Жырымыздан  тұрсыншы шашылып  нұр.

Қиындық, ауыр жылдар артта қалған,

Арамызда өзіңізсіз  көңіліміздің сүйеуі,

Анасыз басыңызға бақыт қонған.

Ана деген тіршіліктің тірегі,

Бар балаға жылу берер жүрегі.

Жер бетінде аман болсын аналар,

Бар баланың айтар осы тілегі.

Қанапия   ЖҰМАҒАЛИЕВА,

зейнеткер-ұстаз,

еңбек ардагері,

Орал   қаласы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика