Мұрағат: 23.02.2018


Жаңа өкіл имам тағайындалды

Күні: , 142 рет оқылды


Кеше  өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  Қазақстан мұсылмандары  діни  басқармасы  (ҚМДБ) төрағасының  орынбасары, наиб  мүфти  Алау  Шайқымұлы  облыстық  орталық  мешітте өткен  жұма  намазында  біздің облыстағы  жаңа  өкіл  имамды  таныстырды.


– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі ережесіне сәйкес өңірлердегі имамдар бес жыл сайын ауысып отырады. Соған орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен  БҚО бойынша өкіл имам болып келген Руслан Сұлтанов бұл қызметінен босатылып, Астанадағы  республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы болып тағайындалды. Руслан Тыныштықұлы өкіл имам болып қызмет еткен жылдары Ақ Жайық өңірінің рухани өмірінде көптеген игілікті іс жүзеге асқанын білеміз. Батысқазақстандықтарға  серпіліс алып келген бұл шаралардың жоғары деңгейде өтуіне Руслан Тыныштықұлының білімі мен білігі, еңбекқорлығы себепші болғаны анық. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жемісті еңбек етті, – деген Алау Шайқымұлы оған Бас мүфтидің алғысхатын табыстап, иығына шапан жапты.

Өз кезегінде сөз алған Руслан Тыныштықұлы имам болып қызмет еткен кезде тіл табысып жұмыс істеген мешіт жамағатына алғысын айтты. Бес жылға жуық уақыт аралығында біраз мәселе шешілгенін де айтып өтті. Олардың ішінде аудан-ауылдағы мешіттердегі имамдарға төленетін жалақы, облыстық мешіттің күрделі жөндеуден өтуі, өңірге «Әл-Азхар» университетін тәмамдаған  теологтардың  келуі  бар.

Бас мүфтидің бұйрығымен ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы болып тағайындалған Еркебұлан Қарақұловты таныстыра кетсек, ол – «Әл-Азхар» университетінің теология негіздері факультетін үздік тәмамдаған қазақстандықтардың бірі. Одан кейін әлФараби атындағы ҚазМҰУ-да философия және саясаттану факультетін бітіріп, дінтану магистрі ғылыми дәрежесін алды. Еңбек жолын Алматы қаласындағы орталық мешіттің ұстазы болып бастады. Одан кейін ҚМДБ-да бөлім  меңгерушісі, Атырау облыстық орталық мешітінің наиб имамы, Шымкент қалалық А. Қаттани мешітінің бас имамы қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бері ОҚО орталық мешітінің наиб имамы. Сондай-ақ республикалық ақпараттық насихат тобының белсенді  мүшесі  болып  табылады.

Мәди   ЫҚЫЛАС


Жүздеген ауыл сапалы ғаламтормен қамтылмақ

Күні: , 58 рет оқылды


Кеше  ҚР  Ақпарат  және  коммуникациялар  министрінің орынбасары  Қайрат  Балықбаев  облысымызға  жұмыс  сапарымен  келіп, бірқатар  мекеме-кәсіпорындардың  қызметімен  танысты.


Вице-министр алдымен «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына зер салды. Бұдан соң қалалық көпбейінді ауруханада медицина саласы қызметкерлерімен кездесіп, Елбасының биылғы Жолдауы турасында  ой  бөлісті.

– Өңірлерге жұмыс сапарымыздың басты мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауын кеңінен насихаттау болып табылады. Жолдау жүктеген міндеттердің басым бөлігі цифрландыруға қатысты болғандықтан, біздің министрлікке көптеген жүк артылуда. Бүгінгі сапарымызда бірқатар мекемелерде болдық. Соның ішінде ел-жұртқа 641 қызмет түрін көрсететін «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі, заманауи құрал-жабдықпен қамтылуы маған ұнады. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында іске қосылған аталмыш орталықтың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтер сапасын арттырып, қызмет көрсету мерзімін қысқарту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою. Бұл орталықтың жұмысы жақсы жолға қойылғандығына көз жеткіздік. Өткен жылы пайдалануға берілген қалалық көпбейінді ауруханада да цифрландыру бойынша бірқатар жұмыстар жасалғандығын байқадық. Бұл ауруханада SMS-хабарлама арқылы жаңа туған баланы тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеу жақсы қолданысқа енгізілген. Бұл жаңа бағдарламаға сәйкес нәрестені тіркеу өтініштері автоматты түрде жасалып, жаңа босанған аналардың телефонына бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді SMS-хабарлама арқылы алуға ұсыныс жіберіледі. Нәтижесінде балалы болған ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офистеріне бармай-ақ, телефон көмегімен туу туралы куәлік пен тиесілі жәрдемақыларды рәсімдеу, балабақшаға кезекке қою сияқты мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болады.

Бұл сәбидің ата-анасына көп көмек.

– Біздің министрлік еліміздің шалғай ауылдарын кең жолақты ғаламтор желісімен қамту жобасын жасақтауда. Аталған жобамен 2022 жылға дейін еліміз бойынша халық саны 500-ден асатын 1250 елді мекен қамтылатын болады. Жобаның бірінші кезеңіне сіздің өңірден халық көп шоғырланған Сайқын, Достық, Щапов секілді 100-ге жуық елді мекен таңдалып алынды. Осы ауылдардағы мемлекеттік мекемелер мен мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен тұрғындарды сапалы ғаламтор жүйесімен қамту жұмыстары жүргізілетін болады, – деді вице-министр Қайрат Тәкірұлы.

Сондай-ақ вице-министр Орал политехникалық колледжіне де  ат басын бұрды. Алпыс жылдан астам тарихы бар білім ошағының тынысымен танысқан вице-министр шеберханалар мен оқу сыныптарына бас сұғып, студенттермен  әңгімелесті.

*   *   *

Түстен кейін ҚР ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Қайрат Балықбаев қалалық әкімдіктегі «Ашық әкімдік» жобасының жұмысымен танысты.

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндетті орындау мақсатында жүзеге асқан бұл жобаның қызметіне күніне 300-ден астам қала тұрғыны жүгінеді екен. Аталмыш жоба мемлекеттік қызметті алушыларға ыңғайлы мүмкіндік береді. Операциялық залдағы электронды кезектер кедергілерді азайтуда. Кезек күтушілерге жайлы орындар жасақталған.  Мұнда әкімдіктің үш бөлімі – жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы мен  қала әкімінің аппараты «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуде. Бұл жоба бойынша 13 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады.

Сонымен қатар «Ашық әкімдік»  жобасын жүзеге асыру шеңберінде жеке тұрғын үй, шаруашылық құрылыстарына рұқсат беру және өзге де қосымша қызметтер көрсетілуде.

Билік құрылымдарының ашықтығы, онда көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобаның негізгі жұмыс көрсеткіштерімен, талдау нәтижелерімен  танысқан Қайрат Тәкірұлы әкімдік қызметкерлерінің  жұмысына  оң  баға  берді.

Вице-министрдің жұмыс сапары қалалық  №3 емханада жалғасты.  Бұл емханада  рентгенография, УДЗ, флюорография, фиброгастродуоденоскопия,  электрокардиография, спирография,  физио бөлім,  кольпоскопия  кабинеттері  заманауи  жабдықталған.  Мұнда келген қала тұрғындары электронды кезекке тұрады. Науқастардың амбулаторлық карталары электронды жүйеге көшірілген.  Соның нәтижесінде тіркеу орнындағы қызмет көрсетудің уақыт үнемділігі  артқан.

Аталмыш емхананың директоры Раниль Жалиев  «Қазмед» бағдарламасы негізінде енгізілген «Жарқын болашақ»  атты электронды ортақ базасының тиімділігін  айтты.  Бұл жүйе облыстағы мемлекеттік және жеке меншік  емханалардың емделушілері мен дәрігерлерінің ортақ базасы. Аталмыш базада науқастардың денсаулық жағдайы, олардың қаралуға келетін күні, қандай дерттерге шалдыққандығы және әр дәрігердің күніне қанша науқасты қабылдағаны тіркеледі. Ол  үшін науқас емханаға жеке куәлігін алып келуі керек. Емханада заманауи құрылғылармен, электронды жүйелермен  танысқан вице-министр Қайрат Балықбаев  дәрігерлердің қызметіне сәттілік тіледі.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Қатауолла АШЫҒАЛИЕВ: «Еңбекке ерте араласып, шыңдалып өскен бала қор болмайды»

Күні: , 97 рет оқылды


Еліміз  азаттық  алған  жылдары  алғашқылардың бірі болып  шаруашылық  құрып, бүгінгі  таңда  төрт  түлікті түлетіп, өңір  экономикасының  өсуіне  сүбелі  үлес  қосып  жүрген  жандардың  бірі  –  Қатауолла  Ашығалиев  жуырда 70  жасқа толмақ.  Ақпан  айының  соңында  жарық  дүние  есігін  ашқан  атпал  азамат қарапайым  ауыл  шаруашылығы  саласының  маманы бола  жүріп, білімі  мен  біліктілігінің  арқасында  қызмет  сатысында  жоғары  көтерілді.


Ақжайық ауданы мен облыс орталығында бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Халық арасында қайта құру кезеңі  атауымен есте қалған сонау 1986-1994 жылдары Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін, кейін шаһар әкімдігінің басшысы қызметін де абыроймен атқара білді. Облыстық мәслихаттың депутаттығына №3 Ақжайық аудандық сайлау округі атынан алты мәрте сайланған да осы Қатақаң. Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған келелі жиындарда Қатауолла ағайдың депутат ретінде өзекті мәселелерді көтергеніне бірнеше мәрте куә  болдық. Өз ойын еркін жеткізетін Қатауолла Мирәліұлы осыдан бір-екі жыл бұрын елімізде жер реформасына қатысты арнайы құрылған комиссияның  құрамына енуі  де  тегін  емес  болатын.

Қатауолла Ашығалиевтің атаанасы Бөкей ордасы ауданының тумалары. Елдегі қуғын-сүргін кезінде Ресейдің Саратов облысына қоныс аударуға мәжбүр болған. 1964 жылы елге оралып, кейіпкеріміз Жәнібек ауылында орта мектепті бітірген. Еңбекке ерте араласып, кеңшарда қой баққан, көлік жөндеп, машина жүргізген. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Саратов политехникалық институтын тәмамдап, инженер мамандығын алған.

Ауданда жұмыс жасап жүрген жас жігіттің бойынан жұмыскерлікті, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін байқаған облыстағы басшылар оны қалаға қызметке шақырған. Облыстық аутокөлік басқармасында біраз жыл еңбек еткен кейіпкеріміз тоқырау заманында Орал қаласының әкімі қызметін атқарған. 1995 жылы жеке кәсіпке бет бұрып, «Ақас» агрохолдингін құрады. Сол кезде  400-ден астам жұмысшысы бар қожалық  бүгінде ірі агрофирмаға айналды. Қазіргі кезде бұл агроқұрылымда қазақтың 2 мыңға жуық асыл тұқымды ақ бас сиыры, 900-ге жуық сүт бағытындағы ірі қара, 700 басқа жуық көшім жылқысы, 500-ден астам еділбай қойы өсірілуде. Сонымен қатар толықтай автоматтандырылған қожалық меншігіндегі құс фермасы өткен жылы 230 мың дана жұмыртқа өндіріп, өңір нарығына арзан бағамен ұсынған. Шаруашылықтың бағымындағы Гольдштейн-Фриз тұқымды сиыр сүті де дәрумендерге бай. Агрофирма өндірген сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа мен жұмыртқа ұнтағы, сиыр, жылқы, қой және құс еттері, астық пен нан өнімдері  әр  кез  сұранысқа  ие.

– Жалпы өңір халқы аудан-ауылдарда тұрақтау үшін оларға тұрмысқа қажетті барлық жағдайды жасау қажет. Мен ауылдағы ағайынның жақсы тұрмыс кешуі үшін ең маңызды алты факторды атар едім. Олар көгілдір отын, электр жарығы, таза ауыз су, сапалы жол, балаларға заманауи мектеп және аурухана. Міне, осы жағдайлар толық болса, ауылдық жердің жағдайы түзелер еді. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар да жоқ емес. Әуел баста алыс елді мекендерге электр желісін тарту қолға алынды. Кейін көгілдір отынмен қамту жұмыстары жүзеге асырылды. Бұрын ауылдарға газ тартқанда мердігердің міндеті тек ауыл шетіне кіргізіп беру еді. Ал оны әрі қарай ауыл ішіне жеткізу оңай шаруа емес болатын. Бүгінгі таңда газбен қамтылып жатқан ауылдардың көшекөшесіне дейін көгілдір отын құбыры тартылуда. Ауланың іргесінен өтіп жатқан көгілдір отынды үйіне кіргізу тұрғындардың өз құзыретінде. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен бірқатар елді мекендерге таза ауыз су мен сапалы жол жеткізу жұмыстары қарқын алуда. Әрине, бәрі бірден бола қоймайтыны анық. Ең алдымен, аудандар мен облыс орталығының жолын сапалы қылуымыз қажет. Сосын біртіндеп халық көп шоғырланған ауылдармен аудан орталығын жақсы жолмен жалғауымыз керек. Сол жағдайда ғана ауылдық жердегі өндіріс ойдағыдай дамымақ. Ауыл адамы ауласында азын аулақ болса да, мал ұстап, өзінен артылған өнімді нарыққа шығарса ғана, халықтың әл-ауқаты түзеледі. «Алма піс, аузыма түстің» заманы өтті. Қазір тек тынымсыз еңбек етіп, өз күнін өзі көруге талпынатындардың заманы, – дейді Қатауолла  Мирәліұлы.

Ақсақал жасына келсе де, еңбектен еш қол үзбей, өзгелерді де соған үгіттейтін кейіпкеріміз ірі агрофирма құрудың да оңай болмағанын айтады. Тіпті қожалықты алғашқы құрған жылдары тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанның өзге өңірлеріндегі шаруа қожалықтарын айтпағанда, Канаданың үш провинциясын және АҚШ-тың Арканзас, Ахлакома,  Канзас, Техас сықылды солтүстіктегі 17 штатын машинамен аралаған. «Канада елінде өткен семинарға біздің елдің делегациясы құрамында арнайы бардық. Ол жақтағы шаруалардың тұрмыс-тіршілігін көрдік. Екі апта болып, тәжірибе жинадық. Семинар соңында канадалық әріптестер маған «Сіз Қазақстаннан келдіңіз бе?» деп сұрады. Мен болсам, «Қазаққа түрім ұқсамай ма?» деп кері сауал қойдым. «Әрине, ұқсайсыз. Бірақ біздерді немістен де зор сауалдың астына алдыңыз ғой», – деп күлді. Әрине, ол кезде қожалықтың жұмысы мардымсыз жүріп, жаңа технологияға қол жеткізе қоймаған уақыт. Сол желтоқсан айында Канададан кейін ағылшын тілін меңгерген ұлымды ертіп, Солтүстік Америкаға бардым. Ол жақтағы шаруалардың ісін көріп, ерекше қызығып келдім. Сол жолы қысқы мал баптауларын көрсем, келер жылдың қыркүйек айында қайта барып, жазғы шаруаларымен таныстым. Осы іссапарлардан түйгенім, олар өте еңбекқор әрі үнемшіл халық. Олар ауылдың ішінде мал ұстамайды. Мал арнайы жайылымдарда бағылады. Біздің тілмен айтқанда, «қырларына» көгілдір отын, электр жарығын, таза ауыз су мен сапалы жолдар мемлекет қаржысы есебінен тартылады. Бір жағынан, асып-тасыған шашпалықты байқамайсың. Қоршауларының бағаналары ескі шпалдар мен цемент бағаналар. Көрген-білгенімді өз қожалығымда іске асыруға тырыстым. Бірнеше жылдан соң біздің облыста үлкен семинар өтті. Ақтөбе, Атырау, Ақтау өңірлерінің шаруалармен қатар канадалық әріптестер де келді. Семинар аясында біздің агрофирманың жұмысымен танысты. Басқосуға келген өңір шаруалары канадалық делегацияға «Болашақта сіздің елде болып, жаңа технологиялармен таныссақ деген жоспарымыз бар», – деді. Ал канадалықтар «Бізге келудің қажеті жоқ. Біздегі технология осы «Ақас» агрофирмасымен бірдей. Тіпті кей жағдайда бұл қожалықтың жағдайы бізден асып түскен» деп күлді. Сондықтан ізденген, талпынған адам көздеген мақсатына жетеді», –  дейді Қатауолла ағай.

Агрохолдингтің биылғы жылға жоспары да мығым. Кәсіп иесінің айтуынша, ағымдағы жылы сүт бағытындағы сиыр малының санын көбейту мақсатында 300 бас ірі қараға арналған,  3000 шаршы метр қора-қопсының құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырының санын көбейту мақсатында көлемі 6000 шаршы метрді құрайтын төрт мал орны салынып жатыр. Бұған қоса құс фабрикасы жанынан сағатына 2000 тауық союға қауқарлы ет комбинаты салынып, бүгінгі таңда құрылысы аяқталған комбинат сою құрылғыларын күтуде. Астық қоймасында да сағатына 30 тонна  дән кептіре алатын кептіргіш салыну  жоспарланған.

«Жақында 70 жасқа толатыныңызды естіп, өзіңіз туралы мақала жазбақ болып, соңыңыздан екі апта қуғанымызды жасырмаймыз. Бос уақытыңыздың жоқтығына көз жеткізгендей болдық. Күнделікті жұмыс кестеңіз туралы айтсаңыз? Қанша уақытыңызды жұмысқа арнайсыз?» деген сауалымызға шаруа «Мен тәулігіне 25 сағат жұмыс жасаймын», – деп күліп,  қысқа  жауап  берді.

– Біздің агрофирма бірнеше бағыттағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін болғандықтан, оны бір адамның басқаруы өте қиын. Бүгінгі таңда екі ұлым және екі немерем өзім қатарлы еңбек етуде. Жұбайым Лидия екеуміздің шаңырағымызда екі ұл мен үш қыз өскен болса, солардан бүгін алты немере сүйіп отырмын. Алтаудың бесеуі – ұл. Жанұядағы ұлдардың тәрбиесімен өзім айналысамын. Ал қыз балалар жұбайымның мойнында. Бірі биыл мектеп бітіріп, аграрлық білім алуға бағытталса, екіншісі Қытайдағы жоғары оқу орнын биыл химия өндірісінің инженер-технологы мамандығы бойынша тәмамдамақ. Ол немерем де қатарымызды көбейтіп, агрохолдингтің дамуына өз үлесін қосады  деп сенемін. Айта кетейін, екі ұлым 10 жастарынан бастап мектеп бітіргенге дейін жазғы демалыс кезінде қырда еңбек етті. Маң даладағы жалғыз үйде атпен, кейде жаяу мал бақты, шөп шапты, қи ойды. Сол кездегі менің  анам мен жұбайым балаларды алып келуді немесе өздерін балаларға апарып келуімді өтініп, жылайтын. Себебі газ, свет жоқ жерден оларды үш айдан соң ғана өзім алып келетінмін. Немеремнің біреуі 10 жасында «Атамнан кейінгі бастық мен!» деген болатын. 13 жасында маған шаруашылыққа қатысты ескертпелер айта бастады. Кейде немерелерім аналарының айтқанына көнбей жатса, келіндерім «Әке, осыларды да қырға бір апарып алмайсыз ба?» деп ұсыныс айтады. Бала еңбекке ерте араласып, шыңдалып өскеннен қор болмайды. Жалпы, еңбекқор адамды жаным сүйеді. Адам біреуге алақан жайып, жақсылық күткенше еңбектеніп, өз жағдайын өзі жасау керек. Әр істе табысқа жету үшін ынта мен жігер қажет, – дейді Қатауолла Мирәліұлы.

Аталған агрофирмада жұмыс жасайтын 400-ден астам адамға барлық жағдай жасалған. Еңбекақыларын уақтылы алады, жүйелі түрде демалысқа шығады. Жыл сайын тегін дәрігердің тексеруінен өтіп, зейнетақы қорына да қаражат аударылады. Оларға арналып 2500 шаршы метр баспана да салынған. Баспана алуға немесе тұрғын үй салуға пайызсыз несие беру де қарастырылған. Кез келген қайырымдылық шарасынан да қожалық басшылығы қалыс қалған емес.

Еңбегі еленген Қатауолла Ашығалиев – республикалық «Онжылдықтың үздік кәсіпкері» байқауының жеңімпазы, «Құрмет белгісі», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, «Ауыл шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметі» атағын иеленген майталман. Олай болса, күні ертең 70 жасқа толғалы отырған кейіпкерімізді, барша оқырмандар атынан мерейлі жасымен құттықтап, деніне саулық, отбасына бақыт  пен  береке  тілейміз!

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


«Aqjaiyq SkiFest – 2018»

Күні: , 98 рет оқылды


Кеше Оралда «Aqjaiyq SkiFest-2018» қысқы ойындар фестивалі басталды. Пхенчханда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы олимпиада ойындарына қатысушы жерлестерді қолдау мақсатында «Атамекен» туристік базасында көпшілік шаңғымен сырғанау шарасы өтті.


Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, «Шаңырақ» балалар және жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері, қала тұрғындары мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің  өкілдері  қатысты.

— Бүгінгі көпшілік сырғанаудың мақсаты – қысқы олимпиада ойыншыларын, жалпы бұқаралық спортты қолдау. Дене шынықтыру шараларының көптеп өткізілуіне әрқашан да қолдау білдіреміз. Қысқы олимпиадада үш жерлесіміз өнер көрсетуде. Ертең Алексей Полтаранин додаға түседі. Дәл қазір біздің спортшылар 25-орында. Спортшыларға жеңіс тілейміз, — деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Шараға қатысқан 200-ден астам адам үш шақырымдай жолды шаңғымен жүріп өтті. Аталмыш шараға қатысушылардың арасында олимпиада ойындарының жүлдегері Екатерина Ларионова мен самбодан әлемдік сайыстар жүлдегері Нұрбол Серіков те болды. Көпшілік сырғанау кезінде мәре сызығын алғашқы болып кескен шаңғышыларға ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар табыс етілді.

Темірболат   ТОҚМАМБЕТОВ


Инновация мен біліктілік бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты

Күні: , 88 рет оқылды


Елбасының Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық топ мүшелері Бөрлі ауданына келді. ҚР энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжанов «Конденсат» АҚ ұжымымен кездесіп, Жолдаудағы негізгі басым бағытты атап өтті, кәсіпорын мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.  Бүгінде кәсіпорын 450-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың дені мұнай өңдеу саласының мамандары болып табылады.


– «Конденсат» АҚ өңірдің жанармай қажеттілігін толық өтеуге қауқарлы. Екі жыл бұрын компания «К5 экологиялық класының бензин компоненттерін өндіруге арналған қондырғылар» маңызды инновациялық жобасын аяқтады. Осы жобаны іске асыру «Конденсат» АҚ-ға Қазақстанда алғашқы болып жылына 200 мың тонна өндірістік қуаты бар, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін K5 экологиялық класты AИ-92 және АИ-95 маркалы жоғары октанды ерітінділер бензинін шығаруға мүмкіндік берді.

«Конденсат» АҚ қоршаған ортаға өндірістік залалдардың анағұрлым аз болуын бірінші күннен қолға алған мекеме. Өңірдің экологиялық қауіпсіз-дігін қамтамасыз еткен табысты мұнай өндіруші кәсіпорын жаңа технологияларды қолдана отырып өндіру өнімін көбейтуді жоспарлап отыр. Шикізатты жүктеу мәселесін шешіп алсақ, бұл кәсіпорынның болашағы жарқын боларына сенемін, – деді Махамбет Жолдасқалиұлы. Одан соң вице-министр «ҚПО б. в.» компаниясына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Ал Саян Ахметжанов аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мен мемлекеттік кірістер басқармасының жұмыс барысымен танысқан соң аудан  атқамінерлерімен  кездесті.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы

 

Зеленов ауданында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша актив отырысы өтті.

Жиынға ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ешенқұлов қатысып, Жолдау басымдықтарынан туындайтын  міндеттер  туралы  ой   бөлісті.

Жиынды ашып жүргізген аудан әкімі Асхат Шахаров Елбасының Жолдауында ұсынған 10 міндеттің алғашқы бесеуі өнеркәсіпті қарқынды дамытуға бағытталса, одан кейінгі бесеуінде сол белеске жетудің жолдары айқын белгіленгендігін  атап  өтті.

– Жолдау еліміздің заман талабына сай әрекет ету арқылы дамыған елдер көшіне сенімді ілесу тетігін айқындайды. Жолдаудағы өнеркәсіпке ең жаңа технологияларды енгізу, ресурстарды тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, құрылыс және коммуналдық секторға заманауи технология қолдану міндеттері бұлжымас қағидаға айналса ғана көзделген мақсатқа қол жеткіземіз. Ол үшін қаржы секторын жаңалау, адами капиталды дамыту, мемлекеттік істі тиімді басқару, жемқорлықпен күресу, тіршілік ортасына «ақылды технология» енгізу бағдары мемлекеттің жаңа сипатты  ұстанымы бар, – деген Асхат Берлешұлы ауданның экономикалық-инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларға тоқталды. Ауданда әлеуметтік нысандарды талапқа сай жабдықтап, ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету шаралары қарқын алмақ. Ауданішілік қатынас жолдары жөнделіп, елді мекендер газ, таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Шағын және орта кәсіптің тынысын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында тың бастамалар қолға алынуда. Одан әрі сөз алған ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Талғат Ілиясұлы Жолдаудың әр міндеті бойынша сараптамалық  баяндама  жасады.

– Елбасының Жолдауында жаңғырудың негізі ретінде қарастырылатын адами капиталдың дамуына басымдық берілген. Бұл заманауи сын-тегеуріндерге жауап беретін шешім, себебі, бүгінгі постиндустриялық даму, инновациялық экономика ғасырында жоғары деңгейлі маман, өз ісінің шебері кез келген мемлекеттің артықшылығы болып табылады. Жолдауда білім бағдарламаларының негізгі басымдығы жаңа білімді өзгерту мен игеру, соған ұдайы бейімделу керектігі айтылған. Бұл фактор заманауи қоғамның тез өзгеріп отыратындығымен байланысты. Инновация мен жылдамдық қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты белгісі. Сондықтан әлемдегі өзгерістерден қалыспау бүгінгі таңда көштен қалмаудағы ең маңызды шарт болып табылады. Алдағы уақытта жаңа технологиялар көптеген мамандықтардың жойылуына әкелмек. Ал тың мамандықтарға сұраныстар арта бермек. Төртінші өнеркәсіптік революцияның жүзеге асуына бізде қабылданып, жүзеге аса бастаған Индустрияландыру бағдарламасы мен «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары, басқа да инновациялық жобалар қызмет етуде, – деген Талғат Ілиясұлы өткен жылдың қорытындысында еліміздің ішкі жалпы өндірісі – 4%, өнеркәсіп өндірісі 7%ға артып, жұмыссыздық деңгейінің 4,9%-ға төмендегені төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің экономикалық және әлеуметтік негіздері қазірдің өзінде қаланғандығын алға тартты.

Өзара пікір алмасу барысында тұрғындар сұрағына жауап берген мейман одан әрі Қасым Аманжолов мектебінде аудан мектептері директорларымен арнайы жүздесіп, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында министрлік деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар  жайынан  хабардар  етті.

Нұржан   ДҮЗБАТЫР,

Зеленов   ауданы


МӘМС қорында 1 208 476 мың теңге

Күні: , 87 рет оқылды


Батысқазақстандықтар  осы  уақытқа  дейін  МӘМС  қорына 1 208 476  мың  теңге  аударған. Бұл туралы  бейсенбі  күні өңірлік  коммуникациялар  қызметінде  «Әлеуметтік медициналық  сақтандыру  қоры»  КЕАҚ  БҚОФ  директоры Нұржамал  Жұмағұлованың  спикерлігімен  өткен  брифингте айтылды.


Филиал директорының айтуынша, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жылы қазақстандықтарға сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік қызмет түрлерін әзірлеп, емханаға тіркеу қызметін жетілдіруді жоспарлап отыр. Өткен жылдың қараша айында «МСҚ: Халықтық бақылау» қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл еліміздегі ауруханалар мен емханалардың атқарып жатқан жұмысын тұтынушылар тарапанынан бағалап  отыруға, олардың жұмысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бүгінде «Халықтық бақылау» мобильдік қосымшасына Батыс  Қазақстан облысынан 41 (облыстық және қалалық) ұйым тіркелген, оның алтауы  жеке  медициналық  ұйым.

2017 жылы қор тұңғыш рет  тіркеу науқанын өткізді. Қыркүйек айында басталған шара екі айға созылды. Ол бұрын-соңды тіркеуге тұрмаған тұрғындарға  қалаған емханаға тіркелуге мүмкіндік берді. Аталған науқанға облыстық медицина ұйымдары да қатысты. Тіркеу науқаны кезінде облысымыз бойынша тіркелген тұрғындар саны 661 815 адамды құраса, оның ішінде қала тұрғындары – 343 276 адам, ауыл тұрғындары – 318 539 адам, ал шетел азаматтарының саны – 395. Облыста 5 883 000 тұрғын емхана таңдау құқығын пайдаланған. Бұл өңір тұрғындарының медициналық сауаттылығының жоғары  екенін  көрсетеді.

Бүгінгі таңда қор халықпен кері байланыс орнатуға, ашық жұмыс істеуге барын салып отыр. Бұл қор қызметінің басым бағыттарының бірі. Осыған орай тоқсан соңына қарай азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті халыққа қызмет көрсету орталықтарынан «Электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алу (ХҚКО) мүмкіндігіне ие болмақ. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. Ал бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті, сондай-ақ МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын да сол жерден ала алады.

Заң бойынша қор тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ғана емес, осы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Сондықтан қор қазір заңда көрсетілген міндеттерін атқаруға кірісіп кетті. Қордың өңірлік филиалы аталған бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау нысандарының дерекқорын жасады. Дерекқорға мемлекеттік тапсырысты орындауға мүдделі 54 медициналық ұйым енген. Оның 36-сы қалалық, 18-і аудандық медициналық ұйымдар болса, 41-і мемлекеттік, 13-і жеке меншік клиникалар болып табылады.

Нұржамал Шамғонқызының айтуынша, бүгінгі таңда МӘМС қоры 2017 жылы басталған «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заңына қатысты түсіндіру жұмыстарын  жүргізуде.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Нәтижеге бағытталған істе береке бар

Күні: , 113 рет оқылды


Зеленов  ауданында «Рухани  жаңғыру –  уақыт талабы»  атты  облыстық  семинар-кеңес  өтті.  Басқосуға облыс  әкімінің  орынбасары Ғабидолла  Оспанқұлов,  облыстық ішкі  саясат  басқармасының басшысы  Бақытжан Нарымбетов, облыстық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы  Мырзағали Мұхамбетов  және  барлық аудандағы  ардагерлер  кеңесінің  төрағалары  мен  мәдени  қызметкерлер  қатысты.


Ауданға келген меймандар алдымен «Менің елім» монументіне тоқтап, «Достық» мәдениет үйін аралады. Одан әрі «Жеңіс» саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, мәдениет үйіндегі «Рухани жаңғыру алаңы» жұмысымен танысты.

Рухани жаңғыру үрдісінің аяқ алысын бағамдап, келелі кеңесте бас қосқандарға қош келдің айтқан Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаров аудан деңгейінде атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Бағдарламаның «Туған жер» жобасы арқылы әр ауылда игі бастамалар қолға алынып, шағын мұражайлар жасақталуда. Қазірдің өзінде жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен «Менің елім» монументі орнатылып, «Ана мен бала» саябағы іске қосылды. Балалар спорт алаңдары жасақталып, ауылдарда мұз айдындары құйылды. Мәдениет үйінен «Рухани жаңғыру алаңы» құрылып, осы бағыттағы барлық жұмыстың ұйытқысына айналып келеді. Жергілікті шығармашыл жандардың жинақтарын жарыққа шығару қолға алынды. Аудан өлкетанушыларының ізденісі нәтижесінде жинақталған материалдар ел назарына  ұсынылуда. Ағымдағы  жылы «Туған жер» жобасы аясында ауданда нақты 35 жоба іске асырылмақ.

Одан әрі тізгінді алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б. Нарымбетов басқосудың маңыздылығын сөз етіп, өзара сабақтастыққа негізделген

байланыстың өзектілігін алға тартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылар жұмыстар белгілі жоспарға орайластырылып, нәтижеге бағытталған жағдайда ғана ел игілігіне жарайтынын  айтып  өтті.

Кеңесте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің орындалу барысына тоқталды. Өңіріміздің барлық ауданы мен Орал қаласында жасалған оңды істерді тілге тиек еткен Ғабидолла Абдоллаұлы қоғамға қозғау салар бағдарламада көрсетілген әр міндетті атқаруда жұдырықтай жұмылу керектігін баса айтты. Одан әрі кеңесте «Бабалар аманаты» мектебінің жетекшісі, өлкетанушы Жайсаң Ақбай «Саналы ұрпақ, иманды ұл, инабатты қыз тәрбиелеудегі атаәжелердің рөлі» тақырыбында баяндамасын жасады. Жиналғандарға ұлттық тәрбиенің барлық жақсы жақтарын тізіп берген Жайсаң ақсақал:  – Әр елдің өз ата кәсібі болады. Қытай еңбекқор, жапон халқы өте білімді. Біздің қазақ халқының мал өсірудегі шеберлігі мен төрт түліктің бар мүмкіндігін пайдаланғаны осы күні аңыз. Рухани жаңғыру  дегеніміз – ұмытыла бастаған өнерімізді жаңғыртып, оны осы заманға бейімдеу, – деді. Кейін БҚМУ жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры Ә. Тасмағамбетов Елбасы жүктеген міндеттердің өңірдегі белді оқу орнында қалай жүзеге асып жатқанына тоқталып өтсе, «Заман ағымына икемделу дәуірінің жағымды жақтарын бойға сіңіре отырып, ұлттық кодымызды сақтау жұмыстары» атты баяндама оқыған Зеленов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М. Әжкенов те кешегі мен бүгінді ұштастыра отырып, ұрпақ тәрбиесін жандандыра түсу  төңірегінде  ой  қозғады.

– «Рухани жаңғыру» – Қазақстанның мүлдем жаңа сипаттағы буынын қалыптастыратын бірегей жоба. Мұнда әрбір отандасымыздың, Ұлы дала елінің азаматтарының заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, эволюциялық дамуды жақтайтын, ашық, саналы ұрпақ болуы керек екені аталып көрсетілген. Міне, осындай ұрпақты тәрбиелеу жолында рухани байлықтың негізі болып табылатын музейлерге ерекше міндеттер жүктеліп отыр. Өйткені халқымыздың рухани асыл дүниелерін жинақтап, жаңғыртып, еліміздің, өлкеміздің кешегісі мен келешегін жалғап отырған үлкен көпір іспеттес рухани мәдени мекеме – музейлер, – деген облыстық өлкетану мұражайының директоры М. Ерсаев өлке тарихшылары мен музей қызметкерлерінің бағдарламаны іске асырудағы тың бастамалары мен өңірдің киелі жерлері туралы мағлұматтар  беріп  өтті.

Кеңес жұмысын қорытындылаған М. Мұхамбетов Сырым және Бөрлі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары А. Ғалымов пен С. Мырзағалиевке «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Көпшілік назарына зеленовтық көркемөнерпаздардың шағын концерті  ұсынылды.

Түгелбай  БИСЕН,

Зеленов  ауданы


Әди сенімді ақтады

Күні: , 65 рет оқылды


Таяуда Шымкентте өткен халықаралық «Ұлы дала дарыны» атты өнер және білім байқауынан Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Әди Зайтқалиев олжалы оралды.


Он түрлі өнер-білім саласы бойынша сынға түскен оқушылар арасынан Әдидің жұмыстары «Қолөнер және бейнелеу өнері» бағыты бойынша үздік деп танылып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ол бұл байқауға қыштан жасалған қолөнер бұйымдарын ұсынған еді.

 Айта кетейік, бұған дейін Әди Зайтқалиев «Менің елім – мәңгілік ел», «Қазақстан таланттары» республикалық байқауларында қолөнер аталымы бойынша жүлдегер атанған болатын. Әдиге ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық өнерді үйретіп, бойына сіңіріп әрі мұндай байқауларға қатысуына ұйытқы болып жүрген ұстазы – мектебіміздегі өнер пәнінің мұғалімі Нұрбол Әміржанов.

Ақмоншақ ЖҰМАЕВА,

мектептің  баспасөз хатшысы,

Орал қаласы

 

Жерлесіміз ЖОО-ның үздік оқытушысы атанды

Күні: , 99 рет оқылды


Жуырда «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2017» республикалық байқауының нәтижесі жарияланды. Қазақстанның ЖОО профессор-оқытушылар құрамының педагогикалық және ғылыми шеберлігін саралайтын дәстүрлі байқауға бұл жылы да еліміздің тәжірибелі ұстаздары құжат ұсынған.


Байқау нәтижесінде 200 үздік педагог лайық деп танылып, грант иегері атанды. Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің берген мәліметі бойынша біздің жерлесіміз М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова «ЖООның үздік оқытушысы – 2017» байқауының грант иегері атанды. Ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 18 жыл болатын.

Альфия  өзі қызмет жасайтын оқу орнында «Жас ғалым» үйірмесіне жетекшілік етеді. Мақтаулы ұстаздың шәкірттері 2016-17 жылдары  республикалық  студенттік олимпиаданың жүлдегері атанып, білім ордасының мерейін асырды.

Грант жоғары оқу орындарының оқытушыларына әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және біліктілікті арттыру мақсатында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

Өз тілшіміз


Сергей ОГАЙ, «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» ЗТБ-ның төрағасы: «АҚШ-тан келген кәрістер Қазақстандағы ұлтаралық сыйластыққа сүйсінді»

Күні: , 59 рет оқылды


Кеше Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында өңірдегі кәріс ұлттық мәдени орталығының «Келешекке көзқарас» әлеуметтік жобасының таныстырылымы өтті. Оған аталмыш қоғамдық ұйым өкілдерінен басқа өңірдегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері қатысты. Жиынға «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) төрағасы Сергей Огай қатысып, сөз сөйледі.


Басқосуды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов ашты.

– Құрметті әріптестер! Бүгін бізге «Қазақстан кәрістері қауымдастығы» ЗТБ-ның төрағасы Сергей Огай келді. Ол аталған қоғамдық лауазымға таяуда ғана бекітіліп, жұмыс сапарын біздің өңірден бастады. Сергей Геннадьевичтің сан салалы жұмысына қарамастан, Ақжайық өңіріне келуге уақыт табуына ризамыз әрі жаңа жұмысымен құттықтаймыз! – деді Ғайса Хамидоллаұлы. Әрі қарай ол Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын мұрат-мақсаттарға тоқталды.

– Достар мен әріптестер! Ұлттық орталықтардың елдің қоғамдық өміріндегі маңызы аса ерекше. Өйткені ол Отанымыздағы барлық ұлттардың өзара татулықынтымағына дәнекер болуда. Енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасына келсем, менің түсінігім мынадай. Қазір әлем де, қоғам да, адам да өзгеруде. Бүгінгі ахуалды бұдан жиырма жыл бұрынғы жағдаймен мүлдем салыстыруға болмайды. Егер біз қоғамды жаңартпасақ, өзіміз де жаңармасақ, әлемде дамудың қай жағынан да артта қаламыз. Рухани жаңғыру – сонымен бірге ұлттық құндылықтарды да жаңғыртып, жаңа заманға бейімдеу. Біз қазір жаны дархан қазақ елінде өмір сүрудеміз, сол үшін қазақ халқына алғыс айтамыз. Оның бір себебі, бізде ұлтаралық өшпенділік пен кемсітушілік атымен жоқ. Таяуда Қазақстанға американдық кәріс ұлтының өкілдері келіп кетті. Оларды осындағы, ұлттар мен нәсілдердің бір-біріне деген сыйластығы қайран қалдырды. Сөйтсе, бүгінгі АҚШ-тың өзінде ұлттық, нәсілдік кемсітушілік фактілері баршылық көрінеді. Сондай-ақ Елбасының екі кәріс елінің өкілдерін Астанаға шақырып, келіссөз жүргізуге ұсыныс жасауы кәріс ұлтының өкілі ретінде менің санамда ризалық сезімін туғызды. Қашанда әлемді араағайындық пен келісімге шақыратын Қазақстанның келешегі де нұрлы! – деді құрметті қонақ Сергей Геннадьевич.

Облыстық кәріс ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Максим  Пак  бейнетаспа арқылы жоғарыда аталған әлеуметтік жобаның таныстырылымын өткізді. Жоба өңірдегі мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік сауықтыру және сан салалы оңалту жұмыстарына бағытталған. Онда сол жобаға басшылық еткен облыстық кәріс ұлттық-мәдени орталығынан М. Пак, В. Ан, демеушілік танытқан «Монтажтехсервис» компаниялар тобының бас директоры Болат Сәрсенов пен «Юнисерв» компаниясының бас директоры Нұрғазы Сәтбаевтың ізгілікті істері баяндалады. Әрі қарай С. Огай слайдтар арқылы республикалық ұйымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Соңынан Сергей Огай ұйым атынан Нұрғазы Сәтбаев, Ғайса Қапақов, Максим Пак және біраз жерлесімізді Алғысхатпен марапаттады.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика