Мұрағат: 21.02.2018


Үшжақты меморандумға қол қойылды

Күні: , 95 рет оқылды


Кеше облыс әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Басқосуда облыс әкімдігі, қызметкерлердің облыстық бірлестіктері және өңірлік жұмыс берушілердің бірлестіктері арасында үшжақты аймақтық келісімге қол қойылды.


Жиында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева аталмыш келісімнің мақсаты мен еңбек қатынастарын реттеудегі әлеуметтік әріптестіктің тиімділігіне тоқталды.

– Бұл үшжақты келісімнің мәні еңбек қатынастарын реттеп, бизнес өкілдеріне қолдау білдіру және халықты нәтижелі жұмыспен қамту болып отыр. Аймақтық келісім екі бөлімнен тұрады. Біріншісі, экономиканы технологиялық модернизациялау, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, халықты нәтижелі жұмыспен қамту, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздікке қатысты жеті тараудан тұрады. Ал екінші бөлімде әлеуметтік әріптестік арасындағы нақты шараларды жүзеге асыру бағытындағы жол картасы берілген, – деді Бибігүл Тишанқызы.

Комиссия отырысында облыстық жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов еңбек дауларын болдырмау, жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатындағы өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Әлеуметтік әріптестікті дамыту бағытында облысымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Еңбек қатынастарын реттеудегі басты құжат ұжымдық еңбек шарты екені мәлім. Бүгінде 92% ірі, 97% орта және 6% кіші кәсіпорындармен ұжымдық шарт жасалды. Апта сайын жұмыссыз қалғандардың санына байланысты мониторинг ұйымдастырамыз. Өткен жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатындағы «Парыз» республикалық байқауына қатысу үшін облыс кәсіпкерлерінен 30-дан астам өтініш келіп түскен болатын. Соның ішіндегі орта және кіші кәсіпорындар арасынан экологиялық таза өнім аталымымен Зеленов ауданының «Белес» ЖШС-ның өнімі жеңімпаз атанды. Өткен жылы аталмыш келісім аясында жеке кәсіпкерлік нысандары қол қойғаны туралы меморандумдар саны 4132 болса, соның 35-і ірі кәсіпорындар және 5866-сы орта және шағын бизнес субъектілері болды. Аталған келісім аясында экономиканы технологиялық модернизациялауға басымдық беріліп отыр.

Бұл келісім жаңа «Еңбек кодексі» мен «Кәсіподақтар туралы» заңды басшылыққа ала отырып жасалды, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Комиссия отырысының соңында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева және қызметкерлердің облыстық бірлестіктері атынан Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов, жұмыс берушілердің облыстық бірлестіктері атынан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин үшжақты меморандумға қол қойды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Тасқын мен өрт бейқамдықты көтермейді

Күні: , 120 рет оқылды


Кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардабын жою бойынша комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ағымдағы жылғы міндеттер нақтыланды. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы пысықталып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселелері талқыланды. Селекторлық режимде өткен комиссия отырысына барлық аудандардың әкімдері қатысты.


БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің мәлімдеуінше, былтыр облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 64 (2016 жылы – 66) төтенше жағдай орын алған.

Былтырғы жаз айларында орын алған аптап ыстық пен аңызақ желдің салдарынан өңірде дала өрті жиі лаң салғаны белгілі. Тілсіз жау екі адамның өмірін үзіп, шабындық пен жайылым өртеніп, мал шығыны, орын алып ауыл-аймақтағы ағайынды біраз әбігерге түсірген болатын. Осындай төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында барлық аудан әкімдеріне төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, өртке қарсы күрес шараларын күшейту бағытында нақты іс-шаралар бекітілген еді.

– Орал қаласы әкімдігімен иесіз қалған гидротехникалық нысандарды коммуналдық меншікке беру бағытындағы жұмыстар аяқсыз қалған. Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандары әкімдіктері тарапынан 2017 жылғы бюджетті нақтылау барысында өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдық округтерде дала өрттерінің алдын алуға қажетті қаражат бөлінбеген. Ақжайық, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында 2018 жылдың бюджетінде дала өрттерінің алдын алу және жоюға тағы да қаражат қарастырылмаған. Жаңақала, Зеленов, Жәнібек, Ақжайық және Тасқала аудандары әкімдеріне өткен жылдың тамыз айына дейін өртке қарсы бекеттер ашу туралы тапсырма орындалмаған, – деді Жасұлан Қыдырғожаұлы.

Аталған аудандардың әкімдерінен мәселенің жай-жапсарын сұраған облыс әкімі Алтай Көлгінов тапсырманы орындамаған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының әкімдеріне тиісті шара қолданылатынын айтты. Өзге аудандарда өртке қарсы бекеттерді ашуға қаражат бөлініп, жұмыстар қолға алынған.

– Наурыз айының екінші он күндігінен бастап күн 0-7 градусқа дейінгі жылы ауа райы күтілуде. Облыс аумағындағы күзгі ылғал мен қар қоры биыл тиісті мөлшерден 30-80% төмен болғанымен, жердегі тоң өткен жылғыдан қалың. Әсіресе, Орал қаласы мен Шыңғырлау ауданы аумағында тоңның қалыңдығы 114-124 сантиметрді құрайды. Күн бірден жылып, еріген тоң мен қар суына жауын-шашын қосылатын болса, су тасқыны қаупі артады, – дейді «Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Нұржан Шияп.

– Облыстың төтенше және кезек күттірмейтін резервінде 1,3 млрд. теңге қаражат қарастырылған. 165 тонна жанар-жағармай, 123 мың қапшық қоры, 12,4 мың тонна инертті материал (ПГС, қиыршық тас) дайындалып, облыстық бюджеттен мұз жару жұмыстарына 11,6 млн. теңге, әуеден бақылауға 14,7 млн. теңге, қарышты мониторинг жүргізуге 6,5 млн. теңге жоспарланған. Елді мекендерден шығарылған қардың көлемі 115 мың текше метрді құрайды, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді Жасұлан Жұмашев.

Төтеншеліктердің мәлімдеуінше, су тасқынының алдын алуда 872 дана техниканың, 88 дана жүзу құралының, 2794 жеке құрамның дайындығы  сақадай сай. Облыста былтырдан бастап мұз жару шараларымен қатар арнайы құралдың көмегімен мұз кесу жұмыстары қолға алынған болатын. 25 ақпанда өзен-көлдердегі мұз қалың қатқан аймақтарда мұз кесу басталмақ.

Облыс аумағына су қорының 80 пайызы көршілес Ресей елінен Жайық, Шаған, Қараөзен және Сарыөзен, яғни трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес Саратов облысы аумағындағы Қараөзендегі су деңгейі Новоузенск қаласы гидробекетінде (759 см) тиісті мөлшерден (1025 см) 70 пайызға төмен. Сарыөзен, Кіші өзен ауылы гидробекетінде (198 см) тиісті мөлшерден (262 см) 26 пайызға төмен. Ал Жайық өзені бойынша болжам наурыз айында жасалмақ.

– Былтыр Жайық өзеніне соңғы 20 жылда болмаған мол су қоры келді. Соның арқасында 16 мың гектар жерге, көлтабандарға су шығарылды, су қоймаларына 482 млн. текше метр су алынды. Екі өзен бойынша былтыр 1 млрд. 600 млн. теңгеге Волгоград және Саратов жүйелері бойынша Ресейден су алынды.

Биыл Саратов және Волгоград облыстарының су шаруашылығы басқармаларымен арадағы келісімшартқа сәйкес Қараөзен бойынша 32,600 млн. текше метр су, Сарыөзен бойынша 32,600 млн. текше метр су және Жәнібек жүйесі бойынша  25,4 млн. текше метр су аламыз. Облысқа 1 млрд. 964 млн. теңгеге 90 млн. текше метр су алуға келісімшарт жасалды, – деді «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев.

Биыл су тапшылығы орын алуы мүмкін. Мамандар сондықтан көктемгі су тасқынын тиімді пайдаланып, су қорын молырақ жинап алуымыз қажет екенін айтады.

– Сарыөзен мен Қараөзен бойынша Ресей мен Қазақстан арасындағы ортақ келісімшартқа сәйкес Ресей өз қоймаларындағы су  қорының тең жартысын бізге тегін беруі керек. Күзде арнайы комиссия құрылып, көрші елдің су қоймаларындағы су қорын тексеріп келдік. 15 наурызда Орынбор қаласында өтетін комиссия отырысында көктемде түсетін суды өзендерімізге құйып алу туралы мәселе көтереміз. Үлкен өзенге су алсақ, Жалпақталдың су қоймалары арқылы Үлкен өзендегі суды Кіші өзенге беретін жағдайға жетеміз. Жиырма жылдан астам уақыт аршылмаған Көшім каналының 42 шақырымын тазалау арқылы Киров қоймасына мол су қорын жинай аламыз, – деп атап өтті «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының басшысы Н. Жұмағалиев.

Жиында «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директоры Қуат Мусиннің, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ БҚО филиалының директоры Марат Қуанышәлиевтің, Орал қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мирболат Нұржановтың, Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың баяндамалары тыңдалды.

Жиынды қорытындылаған Алтай Көлгінов аудан әкімдері мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшылығына көктемгі су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді және ветеринария қызметімен бірлесіп, мал молаларын қадағалауға алуды, сонымен қатар шаруашылыққа пайдалану үшін көктемде келетін тасқын суды су қоймаларына жинап алуды нықтап тапсырды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Қалған өмірі тар қапаста, темір торда өтеді

Күні: , 256 рет оқылды


Өткен жылы күзде Зашаған кентінде орын алған осынау қанды оқиға кімнің болмасын жағасын ұстатып, жанын түршіктірді. Қанішердің қолынан бір түнде анасы үш жасар сәбиімен және бір бойжеткен ажал құшты. Қылмыскер мұнысымен қоймай, ізін жасыру үшін мәйіттер жатқан үйге өрт қойған. Бұл сұмдық оқиғадан кейін облыстың күштік құрылымдары аяқтарынан тік тұрды. Барлық күш үш адамның өміріне нүкте қойған қандықол қанішерді жердің жарығына кіріп кетсе де табуға жұмылдырылды.


Қанды оқиға қалай орын алды? Біз атышулы қылмысты тергеу барысымен және соттың қаулы-үкімімен мұқият таныстық.

Тергеуге, сотқа берген қылмыскердің жауабына сүйенсек, былтырғы төртінші қыркүйектегі оқиға былай өрбіген. Өзінің айтуынша, сол күні түнде аса ауыр қылмыс жасап, қанішер атанам-ау деген ой 24 жастағы Әділеттің қаперіне де кірмеген көрінеді. Айта кетейік, Әділет Бексұлтанұлы Камалиев (фотосуретте) 1993 жылдың 26 наурызында Батыс Қазақстан облысында туылған, ұлты қазақ, ҚР азаматы, білімі арнаулы орта, үйленген, екі баласы бар, жұмыссыз, бұрын сотталмаған.

Әділет сол күні күндізгі сағат үштердің шамасында өзінің «ВАЗ21140» аутокөлігін айдап, Гүлнәрдің* үйіне келеді. Зашаған кенті,  Южная көшесі №11 мекенжайда тұратын Гүлнәрдің жалдамалы баспанасында өзінен басқа үш жасар ұлы Медет* болған. Шай ішкен  соң Әділет аулаға шығып, көлігін жөндейді, Гүлнәр сол жерде жүріп, ұлын ойнатады. Сағат төрт жарымдардың шамасында оларға Гүлнәрдің құрбысы Сәуле* қосылады. Барлығы дастарханда қайта бас қосып, шай ішеді. Үстел басында Гүлнәр «Подстепный ауылында Айнұр* есімді группаласым бар, соған барып қайтайық» деген ұсыныс айтады. Ұсынысты басқалары да қолдай кетеді. Әділеттің машинасына жайғасқан олар кешкі сағат тоғыздарда Гүлнәрдің құрбысының үйіне  барады.

…Дастархан басындағы отырыстан соң келген қонақтар сағат 11-лерде үйлеріне қайтуды ұйғарады. Әңгімелері жарасқан үшеу қайтар жолда Оралдағы Достық даңғылы бойында орналасқан «Рахат» кафесіне қарамақарсы сыра дүңгіршегінен әрқайсысының cыйымдылығы 1,5 литрлік екі баклажка сыра алуды жөн көреді. Көңілді кеш Гүлнәрдің жалдамалы пәтерінде дастархан басындағы сыра ішумен жалғасады. Әжептәуір әңгіме-дүкен құрып отырған үшеудің әңгімесін түн жарымда соғыл-ған телефон қоңырауы үзеді. Гүлнәрдің телефонына қоңырау шалған Ерқос* есімді жігіт боп шығады. Біраз уақыт телефонмен сөйлескен Гүлнәр Әділетке «екі көшеден кейін тұратын құда баламның үй жағына аутокөлігіңмен апарып тасташы» деп өтініш жасайды. Келіншектің бұйымтайын жерге тастамаған жігіт келісе кетеді. Сол бойда Зашаған кентіндегі «Шағатай» дүкенінің қасына Гүлнәрді  жеткізіп  тастайды.

Өзі пәтерге қайтып келеді. Бұл кезде үш жасар Медет ұйқыға кеткен. Шаңыраққа қонақ болып келген Сәуле теледидар қарап отыр. Көшеден алып келген сырасы сарқылған Әділет Сәуленің жанына жайғасып, әңгімеге тартады. Әділет Сәуледен құрбысы Гүлнәрдің жеке өмірі туралы сұрай бастайды. Себебі, Гүлнәрдің бір адаммен сөз байласып жүргендігінен бұдан бұрын да хабардар еді. «Гүлнәр  егер Атыраудағы жігітке азаматтық некеде тұру үшін күйеуге шықса қалай болады? Олар үйлесіп кете ала ма? Негізі азаматтық некеде тұрғандардың барлығы уақытша емес пе?» деп сұрақты төтесінен қояды. Сәуле де көп тосылмастан, Әділетке өз ойын ашықтан-ашық жеткізеді. «Гүлнәр күйеуге шығайын деп жүрген жігіттің болашағы бар. Тұрмыс құрған соң Гүлнәрдің барлық жағдайын жасап береді. Ал қазіргі кезде сен оған үйленетін болсаң, оның жағдайын жасай алмайсың, онымен бірге тұра алмайсың, сендердің болашақтарың бұлыңғыр», деп екеуара әңгімені қысқа қайырған. Осыдан кейін екеуінің арасында келіспеушілік туындайды. Бірінің сөзіне бірі қарсы уәж айтып, екеуара әңгіме шиеленісе түседі.

Ішілген сыраның уыты бойына тараған Әділетті ашу қысады. Көздеріне қан құйылған ол ас бөлмеден алған пышақты қыса ұстап қонақ бөлмеге кіріп келеді. Қаннен-қаперсіз теледидар қарап отырған Сәулеге жетіп барып, кеуде тұсына пышақты сілтеп келіп жібереді. Осы сәтте жәбірленушінің көмек сұрап айқайлаған ащы дауысынан бүлдіршін оянып, көз алдындағы сұмдық көріністі көріп, дауыстап жылай бастайды. Көздеріне қан құйылған қылмыскер сәбидің көзінше жас қыздың денесінің мойын тұсынан, оң жақ иығынан, қабырғасы мен кеуде тұсына барлығы 17 жерден пышақ сұғып үлгереді. Аса жанды жерлерінің зақымдануынан Сәуле сол жерде жан тапсырады. Шап-шағын бөлме қанға боялады. Осы сұмдық жағдайдың бәрі үш жасар Медеттің көз алдында жасалды.

Санасы буалдырланып, көзі қан толған әумесер Әділетке «Көршілер естіп қоймастан бұрын жалғыз куәгер Медеттің де көзін құрту керек» деген ой келеді. Көзбен көрген жайттан шошынған бүлдіршін анасын жоқтап, шыңғырып жылап тұрды. Енді Әділет орнынан тұрып, ас бөлмедегі үстел үстінде жатқан қайшыны қолына алып, бүлдіршінге қарай беттеді. Ешқандай қарсылық көрсетуге шамасы келмейтін баланың көзін құрту Әділетке қиын болмады. Қолындағы қаруын жалақтатып, қонақ бөлмедегі бүлдіршінге қарай бағыттады. Өзіне қауіп төн-генін сезген балақай жан ұшыра шырылдап, сыртқы есікке қарай ұмтылды. Екі аттап баланы ұстап алған Әділет қолындағы қайшысын мықтап қысып, байғұс баланың балғын денесіне сұғыпсұғып алды. Сәбидің өңеш тұсындағы күре тамырларына жасалған соққыдан шашыраған қаннан қанішердің үсті-басы қып-қызыл түске боялды. Бүлдіршіннің жанталасқан қимылдарына қарамастан, денесіне қайшымен жасалған соққылар жалғаса берді. Үшкір қайшымен 27 жерден аяусыз түйрелген бейкүнә сәби ақыры қимылсыз қалды. Бір бөлмедегі екі өлі дененің ортасында көзі қанға боялған  Әділет  тұрды.

«Болар іс болды, енді не болса да аяғына дейін баруым керек» деп шешкен қанішер көп ұзамай үйдің ауласына шықты. Бұндағы мақсаты – сырттан келетін Гүлнәрді күтіп алып, оның да көзін құрту болатын. Екі бірдей адамның өмірін жалмағанын енді түсінген Әділет аулада байыз тауып отыра алмай, әрі-берлі ұзақ жүрді. Түн жарымда үйіне оралған Гүлнәрді ауладан күтіп алды. Еш нәрседен бейхабар Гүлнәр алғашында ауладағы адам көлеңкесінен шошып кеткенімен, кейін оның Әділет екендігін таниды. Гүлнәрдің «Әлі ұйықтаған жоқсындар ма?» деген сауалына «Иә, әлі ұйықтай қоймадық» деп жауап береді Әділет. Қаннен-қаперсіз үйге беттеген әйелдің артынан қылмыскер де кіріп келе жатады. Еш алаңсыз үй табалдырығынан аттаған Гүлнәрдің арт жағынан жабысқан Әділет сол бойда қолындағы қайшымен оның мойын тұсынан қатты соққы жасап үлгереді. Жарақат алған Гүлнәр сол бойда сұлқ түсіп, жерге құлайды. Әділет деген атыңнан садаға кеткір кезекті құрбанының толық жан тапсырғанына көз жеткізуі үшін қайшыны бейшара келіншектің денесінің әр тұсынан әлсін-әлсін тыға береді. Қайшымен 48 жерден жасалған соққының нәтижесінде Гүлнәр да сол  жерде  жан тәсілім қылады.

Үшеуінің де толықтай жан тапсырғанына көз жеткізген қанішер енді ізін жасырудың жолдарын ойлай бастайды. Үш денені осы күйі тастап кетсе, өзінің қылмысы тез ашылып қалатынын түсінген ол үйді өлі денелермен қоса өртеп жіберуге бел буды. Сөйтіп үй ішіндегі киім-кешек, терезе жабын, қағаз секілді тез жанғыш заттарды жансыз денелердің үстіне жинап, сіріңкемен тұтатады. Өрттің газдан болғанын дәлелдеу үшін дәлізде тұрған газ плитаның түтікшелерін ашып, сыртқы есікті мұқият кілттеп, оқиға орнынан бой тасалайды.

Ауладағы көлігіне мініп, Құс фабрикасының маңында тұратын апасының үйіне барады. Айтпақ-шы, үстіне киген, қанға боялған көкшіл түсті жейдесін, қызыл түсті шолақ шалбарын, қоңыр түсті тәпішкесін үйге барар жолда шешіп, лақтырып кетуді де естен шығармайды. Әпкесінің үйіне кел-ген соң аулада жуынып-шайынып, үстіне таза киімдер киіп, тамақтанып, үйге кіріп ұйқыға жатады. Бірақ полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде сол күні кешкі сағат  жетілер шамасында  қылмыскер  қолға  түседі.

Еш кінәсі, түк жазығы жоқ үш адамның өмірін жалмаған осы қанқұйлы қылмыс Батыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Сот барысында Ә. Камалиев өзінің аса ауыр қылмыс жасағанын мойындап, сыра ішпесе, мұндай қайғылы оқиға болмайтындығын, жасаған әрекетіне шын мәнісінде өкінетіндігін, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрайтынын және өмір бойына бас бостандығынан  айырмауды  сұрады. Сотта ол ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабының 2-бөлігінің 3, 10, 13, 14-тармақтары бойынша айыпты  деп танылып,  өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

* белгісі қойылған оқиға кейіпкерлерінің аты-жөні өзгертілді.


«100 жаңа есімдегі» жерлесіміз

Күні: , 112 рет оқылды


«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы сан алуан этнос өкілдерінің  жеңіс-жетістіктерінің тарихы. Аталмыш жобада Атырау облысының атынан қатысып, жеңіске жеткен Әсемгүл Оразаеваның біздің жерлесіміз екенін біреу білсе, біреу білмес.


Атырау қаласындағы табысты кәсіпкерлердің бірі – Әсемгүл Әлікқызы Зеленов ауданына қарасты Январцев округінде дүниеге келген. Жуырда жоба жеңімпазы ретінде туған жеріне келген Әсемгүл Әлікқызы Дариян ауылында мектеп оқушыларымен кездесті. Дариян қазақ мектебінде оқыған ол ұстаздарымен жүздесіп, емен-жарқын  әңгіме  өрбітті. Өзінің жетістікке жету сырымен бөліскен кәсіпкер бұл жолда еңбекқорлық пен табандылық керек екенін айтты. Кездесуге қатысушыларды қызықты да әсерлі әңгімесімен баурап алған Ә. Оразаева өзін білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама берген сынып жетекшісі Салтанат Жұмағазиеваға  ерекше  алғысын  білдірді.

– Осындай жетістікке жеткенім – мектебім мен мұғалімдерімнің арқасы. Ұстаздарым маған өміріме қажетті білім мен тәрбиені бере алды, – деген ол алдағы жоспарымен де бөлісті.

22 жасында үлкен компанияның негізін қалап, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңіске жеткен Әсемгүл Әлікқызымен дидарласқан дарияндықтар биік белесті бағындырса да, туған жерге перзенттік парызын ұмытпаған  жерлестеріне  ризашылықтарын  білдірді.

Әсемгүл Оразаеваның «USC Travel» компаниясы Канада және Ұлыбритания оқушыларының қатысуымен жаздық лагерьлер ұйымдастырады. Оның тапсырыс берушілері – негізінен елімізге жұмысқа келетін шетелдік азаматтар. Оларды тіркеп, елімізде жұмыс жасауға қажетті құжаттарын рәсімдеп, оңай үйренісіп кетулеріне жағдай жасайтын компания жыл санап көрсететін қызмет аясын кеңейте түсуде. Қазір олар мұнай компанияларына құрал-жабдықтар, арнайы киім-кешек, инертті материалдарды тасымалдауға арналған көліктер сатып алуда.

Әсемгүл Оразаева 2013 жылы «Жемқорлыққа қарсы медиа орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары болып бекітілген. Ал 2015 жылдан Қазақстан психологтар қауымдастығының мүшесі. Ол жерде Әсемгүл Әлікқызы «Жетістіктер академиясы» жобасын қолға алған. Қазір ол жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуы және отбасылық қарым-қатынастар туралы тренингтер өткізіп жүр.

2016 жылы Әсемгүл Әлікқызы әйелдер құқығын қорғау және қолдауды, сондай-ақ мүгедек балаларға көмек көрсетуді жүзеге асыратын халықаралық Орта Азия әйелдер қауымдастығының президенті қызметіне тағайындалды. 2017 жылдан «Smart Deliveri LTD» ЖШС ортақ құрылтайшысы болып  қызмет  атқарып  келеді.

Жас та болса бас болып, кез келген адамның қолы жете бермейтін жетістіктерді небәрі 22 жасында еңсеріп, Қазақстанның «100 жаңа есімі» жинағына енген жерлесіміздің өмір жолы, ел үшін еңбек ету өнегесі көпке үлгі.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Зеленов ауданы


«Қалың қалай, студент?»

Күні: , 133 рет оқылды


Ел ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан жас мамандардың сапалы білім алуына алдымен жақсы жағдай жасалуы керек. Осы орайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Орал» студенттері альянсы» корпоративтік қоры Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың меншігіндегі  жатақханалар мен тамақтану орындарында «Қалың қалай, студент?» атауымен мониторинг ұйымдастырды.


ЖОО иелігіндегі жатақханалар мен асхана-буфеттердің санитарлық жай-күйін қадағалап, асхана мәзіріндегі тағамдардың бағасын білу мақсатында ұйымдастырылған тексеріске облыстық ІІД-ның, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, сондай-ақ жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ – аграрлық, техникалық, экономикалық мамандықтар бойынша жыл сайын 4000-нан астам маман даярлап, білім алушыларын жатақханамен 100% қамтып отырған еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Мұнда 2140 орынға арналған төрт жатақхана бар. Бүгінгі таңда оқу ордасында білім алып жүрген 4032 студент-магистранттың 1840-ы жатақхананың тұрғыны болса, жатақханалардағы 200-дей орын бос тұр.

Комиссия мүшелері тексерісті 560 студентке арналған тоғыз қабатты cтуденттер үйінен бастады. Cтуденттер үйінің дәлізіне жатақханаға кіріп-шығу тәртібі, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері жазылған тақта ілінген.

Жатақхана комендантының айтуынша, мұндағы студенттер жазғы уақытта сағат 23.00-ге дейін, қысқы уақытта 22.00-ге дейін рұқсат қағазы арқылы кіріп болуы тиіс. Сондай-ақ студенттер үйінің ішкі тәртібін бұзғандар тәртіптік жауапкершілікке, яғни барлық қабаттың еденін жууға тартылатындығын немесе студенттер үйінен шығарылатынын жақсы біледі екен.

Студенттер үйінің іші мұнтаздай таза әрі жарық. Тоғыз қабатты жатақхананың әр қабатына бейнебақылау камерасы орнатылған. Ұзын дәліздің қос қапталындағы екі адамдық бөлмелерде студенттердің сабаққа дайындалуына, демалуына, тамақ пісіруіне және жуынуына толық жағдай жасалған. Жалпы айтқанда, жатақхана бір бөлмелі пәтер іспеттес. Бұл жатақханадан орын алғысы келгендер сабағын үздік оқуы тиіс. Әр қабатта туған күн иелеріне құттықтаулар жазылған плакаттар ілінген.

– БҚАТУ-да оқитын студенттердің 1500-і облыс аумағының, өзгелері Ақтөбе, Маңғыстау, Алматы, Астана, Семей, Қостанай секілді Қазақстанның әр өңірінен келгендер. Сондай-ақ Ресей, Қытай мен Моңғолиядан келген оралман бауырларымыз да бар. Бір қуанатынымыз, жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алатын топтардың қатары көбейіп келеді. Оқу жылының басында бірінші курстың студенттерін жатақханаға бейімдеу үшін флэшмоб, кездесу кештерін ұйымдастырамыз. Жатақханадан бөлме беру тәртібі бойынша бірінші курста оқитын студенттердің қасына жоғары курстың студентін орналастырамыз. Өйткені жоғарғы топтың студенті бөлмелесіне кітапхана мен кафедраларды таныстырып, сабақ кестесін қарауды, силлабуспен жұмыстануды үйретуі керек. Тоқсаныншы жылдары ата-аналар жатақханаларда әлімжеттік болады дегенді естіп, балаларын жатақханаға жатқызғысы келмейтін. Қазір ондай жағдай мүлдем кездеспейді. Әр қабаттағы камераларды есептемегенде, жатақхананы сыртынан бақылайтын 17 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның ішінде облыстық ішкі істер департаментінің пультпен басқарылатын бейнебақылау камералары да бар, – дейді аталмыш университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Асхат Өкшебаев.

Содан соң комиссия мүшелері БҚАТУ-дың №2, №3 жатақханаларын аралады. Бұл жатақханалардың әр бөлмесінде үш-төрт студенттен қоныстанған. Бөлмелері қыздың жиған жүгіндей жып-жинақы. Мұндағы студенттер бос уақыттарын кітап оқып, дойбы ойнап, ұлдар жағы гір тасын көтеріп жарысады екен. Ол үшін арнайы бөлме де бар. Аталмыш оқу орнының базасындағы жатақхана бөлмесін жалдаудың бір жылдық құны – 31 400 теңге. Жатақханалардың төменгі қабатында кір жуатын орын жабдықталған.

– «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық студенттер қозғалысы «Қалың қалай, студент?» акциясын 2005 жылдан бері өткізіп келеді. Биылғы айлық аясында қаладағы 13 жатақхананы тексеру жоспарланып, алдымен Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дан бастадық. Ол оқу орны бойынша сын-ескертпелер түскен жоқ. Мониторинг барысында студенттік жатақханалар мен асханалардың санитарлық нормаларын тексеріп, сын-ескертпелерді оқу орын басшылығына жеткізетін боламыз. Студенттердің өтініш-тілектерін, арыз-шағымдарын білу мақсатында анонимді сауалнамалар да үлестірілуде, – дейді «Орал студенттер альянсы» корпоративтік қоғамдық қорының директоры Еркебұлан Орынбасаров.

Айта кетсек, мониторинг 26 ақпанға дейін жалғасады. Нәтижесінде жоғары және арнаулы орта оқу орындары бойынша «Үздік асхана» мен «Үздік жатақхана» анықталмақ.

Нарқыз  ТӨЛЕГЕН,  студент:

— Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға «Серпін» бағдарламасымен қабылдандым. Туған жерім Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы. Оқуға қабылданған кезде, ең алдымен, «Қандай жатақхана бұйырар екен» деген ой болды. №1 студенттер үйінің рұқсатнамасын алған кезім де есімде. Өйткені нөмір бірінші жатақхана деген соң бірінші салынған ескі жатақхана шығар деп ойлаған едім. Өз бөлмемді көрген соң, ойым түбегейлі өзгерді. Бөлме тұрмыстық техникамен және жиһаздармен жабдықталған. Бастысы, әр бөлмеде жуынатын орын мен ас үй бар. Әр қабаттағы теледидар қарауға арналған зал да кең. Сондай-ақ мұнда тәртіп те қатаң сақталады. Апта сайын тазалық тексеріледі.

Айбатыр  ҚАНАТҚАЛИ,  студент:

— Мұнай-газ ісі мамандығы бойынша ақылы негізде оқимын. Қазталов ауданының Жалпақтал ауылынан келдім. Оқуға түскеннен бастап №1 жатақханада тұрып келемін. Жатақхананың іші жарық әрі жылы. Студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Бөлмеде бірге тұратын жігіттермен туған бауырдай болып кеттік. Қиналғанда бір-біріміздің жанымыздан табыламыз. Жатақханада мейрам сайын концерттік бағдарламалар, қызықты ойындар өткізіледі. Бос уақытымызда гір тасын көтереміз.

Диана  СҰЛТАНОВА,  студент:

— Ветеринарлық санитария мамандығы бойынша білім алудамын. Президенттік шәкіртақы иегерімін. Маңғыстау облысынан келдім. Жатақханада тұрғаныма төрт жыл болды. Мұндағы қызметкерлер байсалды, кең пейіл жандар. Жатақханада барлық жағдай жасалған. Ыстық, салқын су үздіксіз келіп тұрады. Студенттердің бос уақыттары тиімді ұйымдастырылады. Бөлмедегі қыздармен татумыз. Бір-біріміздің туған күндерімізде тосын сыйлар жасаймыз. Мен Орал қаласына келіп білім алғаныма және 55 жылдық тарихы бар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті болғаныма қуанамын.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңа ғасырдың білім көші

Күні: , 111 рет оқылды


«Жаңартылған  білім  мазмұны  бұл – мүлде  жаңа  бағдарлама, оқулықтар,  стандарттар  және  кадрлар…»

(Қазақстан  Республикасының  Президенті Н. Ә.  НАЗАРБАЕВТЫҢ Төртінші өнеркәсіптік  революция  жағдайындағы  дамудың  жаңа мүмкіндіктері  атты  Қазақстан  халқына  Жолдауынан)


Қазір  әлем  жаңаша  дамуға  беталды. Яғни  жаһандану үрдісі,  технологиялық  инновация,  табиғаттың,  еңбек нарығының  өзгеруі,  көші-қон… Міне,  соған  байланысты экономика,  саясат,  мәдениет,  білім  бәрі  жаңа  арнаға бет  бұруда.  Бұл  өзгерістен  адам,  соның  ішінде  бала  да  тыс қалмайтыны  белгілі.

Білім  парадигмасындағы өзгеріс

Бұрын баланың әлемі отбасы, аула, мектеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сарапшылар қазір виртуалды орта алғашқы орынға шыққанын айтуда. Ал аула көзден таса бола бастады. Осыдан-ақ балаларды қоршаған ортаның өзгере бастағанын көруге болады. Былтыр облысымызға келіп, өңір педагогтарымен кездескен «Назарбаев мектептері» АҚ-ның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова қазір білім берудің жаңа дәуірі басталғанын мәлімдеді. Егер еліміз әлемдік білім көшінен қалмасын десек, білім ұялары мен ондағы оқу стандарттарына көп жаңалық енгізу қажет. Бұл істе үлкен күш мұғалімдер қауымына  түседі.

– Шетелдік ғалымдардың зерттеуінше, адамзаттың даму тарихының  әр кезеңінде қоғамның сұранысына байланысты білім миссиясы өзгеріп отырған. Мәселен, классикалық білім парадигмасы ХVІІІ ғасырда қалыптаса бастады. Бұған дейін қол еңбегіне, деннің саулығына ғана мән беріліп келсе, XVIII ғасырда өмір сүрген озық ойлы жандар капиталистік өнеркәсіптік өндірістің дамуы үшін білімнің қажеттілігін түсінді. Сөйтіп, еңбекке дайындау, икемділікке, машыққа баулу мақсатында білім беру қолға алынды. Алғашқы индустриалды  даму кезеңінде базалық сауаттылық, нұсқаумен және бұйрықпен жұмыс істей білушілік, зеректілік, аңғарымпаздық, өнертапқыштық негізге алынды. Ал қара күш пен денсаулықтың  мықты болуы соңғы орынға қарай сырылды. ХХ ғасырдың басындағы екінші индустриалды революция кезінде білім деңгейін көтеруге, жаңа дағдыларды меңгеруге, адамның білім мен ақпаратты алып қана қоймай, олармен жұмыс істей білуге, есте сақтау, ойлау мен сөйлеу мәнерлеріне, бағдарлауға, мәселелерді шешуге, есептеу, жоспарлау, бастама көтеру мүмкіндіктеріне назар аударылды. ХХ ғасыр соңындағы үшінші индустриалды революцияда компьютерлік сауаттылық, сараптап, талдап, сыни ойлау, ауқымды ақпараттар ағынымен жұмыс істеу, адамның жеке тұлғалық ерекшеліктері бастапқы орынға шықты. Ал қазір біз төртінші индустриалды даму кезеңіндеміз. Бүгінгі еңбек нарығына жүйелі ойлайтын, әр сала бойынша коммуникативті, көптілді, мультимәдениетті, кез келген жағдайда адамдармен де, жобалармен де жұмыс істей білетін, клиентке бағдарланған, үнемшіл, көркем еңбекке, шығармашылыққа  икемі бар, креативті адам керек. Яғни бұрын мектеп тек базалық дағдыларды үйретсе, енді білім ұясы оқушының заман талабына сай кең көлемді біліммен қарулануына атсалысуы тиіс.

Сол себепті жаңа білім моделіне артылар жауапкершілік зор. Жаңа тұрпатты білім ақпараттық тұрғыдан ғана емес, инновациялық тұрғыдан да оқытуға бағытталған. Нақтылап айтсам, әлі күнге дейін мұғалім мектепте сабақты дайын ақпаратпен түсіндіреді. Оқушылар осылайша сабақ материалдарын мұғалімнің айтқанымен, оның көзқарасы бойынша қабылдайды. Ал жаңа жүйеге сай мұғалім үйден сабақ тақырыбына байланысты қосымша сұрақтар мен тапсырмалар дайындап келуі керек. Сөйтіп, сыныпта оқушылармен бірге сол сұрақтарға жауап іздеп, тапсырмаларды орындаулары қажет. Сабақ барысында бала өзі бір нәрселер жасап, тапсырмаларға жауап іздей отырып, оқу процесіне кеңірек тартылады. Осылайша бүгінгі оқушы жаңа білімді меңгеріп, жаңа машыққа үйреніп, ертеңгі еңбек нарығында орнын табатын болады, – деді Күләш Ноғатайқызы.

Айта кету керек, орта білім беру жүйесін жаңғырту тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде де жүруде. Мәселен, 2015 жылы БҰҰ тарапынан әр мемлекеттің тұрақты дамуы үшін 17 бағыт белгіленген болатын. Соның бірі инклюзивті және сапалы білім беру әрі өмір бойы оқуға жағдайдың туғызылуы болып табылады. Соған сәйкес 2016 жылы ЮНЕСКО «Білім – 2030» бағдарламасын жасақтаса, Экономикалық серіктестік пен даму ұйымы (ОЭСР) «Болашақ білім мен дағды – 2030» жобасын іске қосты. Бұл құжаттардың басты мақсаты – мектеп қабырғасында берілетін білім жүйесін өзгертіп, заман талабына сай ету, жас ұрпақтың бойына қажет дағды мен құзыреттілікті қалыптастырып, жарқын болашақта өмір сүруіне жағдай жасау.

Білім –  экономикалық категория

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жыл өткен сайын әлемдегі технологиялық инновациялардың даму қарқыны артып келеді. Мәселен, осыдан екі-үш ғасыр бұрын жаңа индустриалды революцияға жүз жылдай уақыт қажет болса, ХХ ғасырдың бас кезінде ол елу жылға дейін төмендеді. Ал соңғы кезде бұл үрдіс тіптен жедел жүруде. М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих, экономика және құқық факультеті деканының орынбасары, экономика магистрі Мариям Жұмағалиеваның сөзіне қарағанда, индустриалды революцияға білім мен ғылым саласы жақсы дамыған елдер ұйытқы болып отыр. Осынау фактордың өзі білімнің экономикалық категорияға жеткенін көрсетеді.

– Елу жылға жуық уақыттан бері өтіп келе жатқан Бүкіләлемдік экономикалық  форумда соңғы кездері білімге жете мән беріле бастады. Аталмыш жиында білім саласын дамытуға қатысты түрлі жобалардың тұсау кесілуі дәстүрге айналды. Мәселен, екі жыл бұрын таныстырылымы болған «Білімге жаңаша көзқарас» жобасы былтыр жүзеге асып, әлемнің көп еліндегі балалардың даму дағдыларына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бұған қатысты туындаған мәселелерді жаңа технология негізінде шешу жолдары ұсынылды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы алты бағыттың бірі әрі негізгісі – білімнің салтанат құруы болып табылатыны да тегін емес. Егер әлемдегі  озық отыз елдің қатарына кіреміз десек, бірінші кезекте заман талабына сай жаңа сипаттағы білімді меңгеруге күш салуымыз керек, – дейді Мариям Жұмағалиева.

Болашағы  жоқ мамандықтар…

2016 жылы Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда Оксфорд университеті ғалымдары қазіргі және жақын болашақтағы еңбек нарықтарына қатысты зерттеулерін ұсынған еді.

Онда мамандық атаулысы айтарлықтай өзгеріске ұшырайтыны да сөз болды. Қазірдің өзінде оларды жаңа, өзгермелі және «зейнеткер» мамандықтар деп үш түрге жіктеуде. Жаңа мамандықтың қатарында ІТ медик, генетикалық консультант, биоэтик, агрокибернетик, космогеолог бар. Ал «зейнеткерлікке» кетуге дайындалып жүрген 20 кәсіп түрінің бас жағында бағдарламашы (программист) тұр! Себебі, компьютермен жасалатын қарапайым бағдарламаларды ертең роботтар жүзеге асырмақшы. Мемлекет меншігіндегі мекеме-кәсіпорындарда да жасанды интеллектің үлес салмағы артпақшы. Мәселен, Ұлыбританияда 2030 жылдан кейін 1,3 млн. бюджет қызметкерінің жұмыстарын роботтар атқара бастайтыны бол-жануда. Қытайда түрлі саладағы жұмыс атаулысының 77 пайызы автоматтандырылмақшы. Осылайша «зейнеткер» мамандық иелері біртіндеп қатардан шыға береді. Сөйтіп, алдағы жиырма бес жыл ішінде әлемдегі жұмыссыздық деңгейі 47 пайызға дейін жетпекші. Есесіне заман талабына сай тиісті білімі мен біліктілігі әрі кәсіби дағдысы бар мамандарға деген сұраныс артады.

ЮНЕСКО-ның есептеуі бойынша 2025 жылдары әлем бойынша мұндай кәсіп иелеріне деген қажеттілік 40 млн. адамға жетеді екен. Сарапшылар қазір мектептің бастауыш сыныптарында оқып жүрген балалардың 65 пайызы бүгінде заты түгілі, аты да жоқ мамандық иелері атанады деп отыр. Сол себепті білім саласындағы жаңа технология жас ұрпақтың ертең көштен қалмауына жол ашатынын ескерген жөн. БҰҰ-ның Экономикалық серіктестік пен даму ұйымына қарасты білім бөлімінің директоры А. Шляйхердің пайымдауынша, бүгінгі әлем елдерінің экономикалық және әлеуметтік даму қарқынына қарап мектептер оқушыларды қазір жоқ мамандықтарды меңгеруге, әлі шықпаған жаңа технологиялармен жұмыс істеуге, адам баласы басынан кешпеген проблемаларды шешуге  дайындаулары  керек.

Цифрлық  әлем

Елбасымыз өткен жылғы Жолдауында «Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына, мүлдем жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік» екенін баяндады. АҚШ-тағы «Делойт» компаниясы таратқан мәліметке қарағанда, әлемдегі  жалпы цифрлық кеңестік 2013 жылы 4,4 ZB болса, 2020 жылы ол 44 ZB-қа (44 трлн. гигабайт) жетпекші. Ал 2025 жылы әлемдік экономиканың 46 пайызы цифрлық ортамен байланысты болады. Мамандар пікіріне қарағанда, таратылатын ақпараттар ағынының тоқсан пайызы құрылымдалмаған, яғни шикі мәліметтер. Егер мектептердегі білім жүйесі бұрынғы күйде қалса, онда білім алушылар тасқын судай ақпарат ағынының ішінен қажет әрі тиімді мәліметтерді табуға қауқарсыздау болып өсетін көрінеді. Осындай олқылықты болдырмау үшін БҰҰ-ға мүше мемлекеттер жас ұрпақтың бойына фундаментальды сауаттылық, құзыреттілік секілді заман талабына сай дағдыларды қалыптастыруға жете мән беруде. Бұл үрдістен дамушы мемлекеттер қатарындағы Қазақстан да тыс қалмақ емес. ҚР Үкіметі оқушылар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы жағынан және мәдени-азаматтық салалар бойынша сауатты, креативті болуына, сыни тұрғыдан ойлай алатын азамат ретінде қалыптасуы үшін қажет жағдайларды жасауда.

40  мектеп жаңа  жүйеге  көшпек

Енді өңіріміздегі жағдайға тоқталайық. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, мектептерді жаңартылған білім мазмұнына көшіру бойынша нақты жоспарлар бар. Бірінші кезекте облыстағы қырық шақты білім ұясын толығымен жаңа жүйе бойынша оқыту қолға алынады. Содан соң мұғалімдердің біліктілігін арттыруға жіті мән берілмекші. Педагогтар онлайн режимінде, ал интернеті жоқ ауылдардағы мұғалімдер офлайн режимінде жаңартылған білім мазмұнын меңгеретін  болады.

БҚО білім басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жаңартылған білім беру мазмұнын пилоттық негізде енгізу туралы» 2017 жылдың 31 қазанындағы  №556 бұйрығына сәйкес пилоттық мектептер тізіміне өңірімізден біраз мектептер енді. Мәселен, Теректі ауданындағы Шаған ЖОББМ негізгі орта және жалпы білім берудің оқу бағдарламаларын, оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізсе, Зеленов ауданының Махамбет ЖОББМБ кешені, Асан ЖОББМБ кешені, Орал қаласындағы №25 ЖОББМ, жаратылыстану-математика бағытындағы №28 мектеп лицейі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты, дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-лицей интернаты биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуда. Зеленов ауданы Махамбет ЖОББМБ кешені, сондай-ақ 8 және 10-сыныптарға арналған ағылшын тіліндегі биология, химия, физика және информатика пәндерінің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерінің тиімділік көрсеткіштерін анықтауда. Ал Орал қаласындағы №21 ЖОББМ 10-11-сыныптарға арналған кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәнінің, №34 мектеп-гимназиясы 10-11-сыныптарға арналған алғашқы әскери және технологиялық даярлық пәнінің оқу бағдарламаларын, оқулықтары мен оқуәдістемелік кешендерін апробациядан  өткізіп  жатыр.

– Бүгін білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басты. Білім мазмұнын жаңарту аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту білім берудің басым мақсаттарының бірі ретінде айқындалып отыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан  Қадырова.

Жерұйық  пен  алтын  ғасыр

2016 жылы Ұлыбританияға жасаған сапарымызда Лондон қалалық университетінде болып, осындағы журналистика факультетінің магистратурасында тәлім алып жатқан ресейлік Елена Яковлевамен тілдескен едік. Әлемнің біраз елінде болған ол посткеңестік мемлекеттердегі білім жүйесін әлі жетілдіру қажеттілігін  айтты.

– Мамандығым филолог болғаннан кейін, әрі еңбек жолымды мектеп мұғалімі ретінде бастаған соң, білім саласы жаныма жақын. Сол себепті бұл бағытта ізденіп жүрмін, біраз мақала-материал дайындадым. Бір байқағаным, ТМД елдерінің мектептері әлі күнге дейін «білімді адамды», яғни бойында білімі, біліктілігі, тиісті дағдысы бар жанды қалыптастыруға мән беріп келеді. Ал дамыған  елдер қазір мұндай жүйені қолданбайды. Мәселен, Англиядағы мектептер «өмірлік іс-әрекетке дайын адамды» қалыптастыру қағидатын ұстанады. Нақтылап айтсам, бұл жақтағы білім жүйесі көп тілді, белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлап, әрекет ететін, интеллектуалды, рухани, іскерлік, физикалық жағынан өз-өзін жетілдіре білетін, заман көшін бағдарлай алатын жас ұрпақты дайындауды мақсат тұтады. Жалпы, әлемнің алдыңғы қатарлы елдері адамның өмір бойы оқуына жағдай жасағанын байқадым. Ертең оқуымды аяқтап, еліме оралған соң, өз Отанымда заманауи білім жүйесін қалыптастыруға үлесімді қосқым келеді, — дейді Елена Яковлева.

Иә, шетелде оқып жүрген Лена секілді қазақ жастары да аз емес (өкіншіке орай, бұл сапарымызда жас отандастарымызбен кездесе алмадық). Олар да Қазақстанның барынша дамыған әрі әлеуетті мемлекеттер қатарына енуіне септігін тигізуді мақсат тұтады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері республикамызды аяғынан қаз тұрғызып, іргесін бекітіп, әлемнің біраз елімен терезесін теңестіруге атсалысқан алдыңғы толқыннан «эстафетаны» қабылдап алар жас ұрпақ осал емес. Қазір мектеп қабырғасында жүрген, жаңа мазмұнды біліммен қаруланып жатқан кейінгі толқын олардың алдына шығары хақ. Яғни Қазақ елінің жерұйығы мен алтын  ғасыры  алда!

Әзима  ҒҰБАШЕВА,

М. Ықсанов  атындағы  №36  орта  мектептің  директоры:

– Мектебіміз елдегі білім сапасын көтеруді мақсат тұтқан ірі жобаның қатысушысы болып, республикадағы 30 пилоттық мектептің бірі атанғанымыз – біз үшін үлкен мәртебе. Соған орай біз алдымен жаңартылған білім беру мазмұнын меңгеруімен айналысып, артынан апробацияны енгіздік. Біздің алдымызда «оқу үдерісін қалай жаңа жолға қоюға болады, оқушыны қалай қызықтырамыз, әрбір оқушының жеке танымдық қабілеттерін қалай дамытамыз?» деген сынды мәселелер тұрды. Мұғалімдеріміздің ізденістерінің, жергілікті атқарушы билік және құзыретті құрылымдардың көмектерінің арқасында туындаған мәселелер біртіндеп шешімін тапты. Нақтылап айтсам, мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық база жақсарды. Эксперименттік жұмыстар жүргізген мұғалімдерге 20 пайыздық үстемақы қарастырылды. Осылайша  жаңартылған  білім  мазмұны  жүйесі  мектептің  рухани  жаңғыруына  өз  үлесін  қосуда.

Ербол  ҚУАНОВ,

Е. Ниетқалиев  атындағы  орта  мектеп  директоры  (Жәнібек  ауданы):

– Бұл бағдарламаның мәні – оқушының мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуіне жәрдемдесу. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Сондықтан тек мұғалімдерге емес, ата-аналарға да қойылар талап жоғары. Бұл бағытта мектебімізде түрлі іс-шаралар өтуде. Мәселен, «Критериалды бағалау. Ата-аналарға ақпарат» шарасында  интерактивті тақтаның көмегімен ата-аналар сабақта жүргізілетін әдіс-тәсілдермен  таныстырылып, оқу бағдарламасының ерекшеліктеріне талдау жасалды. «Жаңартылған білім мазмұны бойынша психологтың ата-аналарды қолдауы» шарасы кезінде мектеп психологы білім саласында болып жатқан елеулі өзгерістерді ата-ананың өздері дұрыс түсініп, қабылдауы, кез келген уақытта балаларға қолдау көрсетуі  бағытында  психологиялық  кеңестер  берді.

Қуаныш  МАЮКОВ,

Мереке  ЖОББ  мектеп-балабақша  кешенінің  қосымша  білім  беру педагогы (Тасқала ауданы):

– Біз күні бүгінге дейін сабақ үстінде оқушының сабақты тыңдауына назар аударып  келдік. «Аз сөйлеп, көп тыңда» деп тәлім бердік. Ал жаңартылған білім жүйесінде тыңдауға емес, бастамашылдық, көшбасшылық негізге алынады. Өйткені бұл қасиеттер табысты өмірге, адамның жинақылығына, түрлі мәселелерді шешуге дайын болуына мүмкіндік береді. Сол себепті біз, яғни мұғалім баланың бойында осынау қасиеттерді қалыптастырып,  дамыту  бағытында  жұмыстанудамыз.  Оған  ата-аналар  да  атсалысулары  тиіс.

Айнұр  НҰРҒАЛИЕВА,

Бұлан  орта  мектебінің  мұғалімі (Сырым  ауданы):

– Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес мектебіміздің әр мұғалімі өздерінің сабақтарында жеті модульді қатыстыра отырып, яғни жаңа оқыту технологиясы бойынша білім беруде. Сөздің шыны керек, бұрынғы дәстүрлі сабақ үрдісіне үйренісіп қалғаннан оқушыларға да бұл оңай болып жатқан жоқ. Дегенмен 5-7-сынып оқушылары жаңартылған білім жүйесі бойынша беріліп жатқан сабаққа біртіндеп үйреніп келеді. Мұғалімдердің де қиналып жатқан тұстары жоқ емес. Оған себеп ауылдық жерде интернет желісінің дұрыс жұмыс жасамауы, мектепте техникалық базаның толық жасақталып болмауы және  қағазбастылық себеп болуда. Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген міндет-мақсатқа  сәйкес  бұл  мәселелер  көп  кешікпей  шешімін  табады  деп  ойлаймын.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Режиссерлар жаңаша жұмыс істемек

Күні: , 87 рет оқылды


Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Ресей Федерациясы мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Юрий Паршиннің төрт күнге созылған шеберлік сабағы өтті.


«Мәдени-көпшілік іс-шаралардың режиссурасы және театрландыру» деп аталған білімді шыңдау сабағына өңіріміздің және Атырау облысының мәдениет саласының 40 шақты қызметкері қатысты. Олардың арасында режиссерлар мен әдіскерлер, мәдени-демалыс орталықтарының директорлары және тағы басқалар болды. Шеберлік сағатында бұқара халықтың мәдени демалысын ұйымдастыру арқылы көрерменнің деңгейін көтеру, мәдени-көпшілік шараларды өткізу форматын жаңарту мен режиссураның жаңа әдістерін шебер пайдалану жолдары жан-жақты  айтылды.

– Юрий Паршин облысымызға Самарадан арнайы шақыртумен келді. Профессор өзінің бай тәжірибесімен, әдістемелік шеберханасының кеңестерімен бөлісті. Жалпы мейрамдарды мерекелеу кезіндегі бүкіл жүк режиссерлардың мойнына түседі әрі көп талап қойылады. Қазіргі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында режиссерға қойылатын талаптар бұрынғыдан да күшейе түсті. Әрбір шараның өзіндік міндеті, мақсаты бар. Бар мүмкіндікті пайдаланып, халықтың көңілінен шығатын шара ұйымдастыру қажет. Кейде жас режиссерлар тәжірибесі жетпегендіктен, ал жасы үлкендер  бұрынғы стереотиптен арыла алмай, қиыншылықтарға тап болып жатады.

Профессор шеберлік сағатында осындай кемшіліктерге жол бермейтін әдіс-тәсілдерді үйретті. Юрий Михайлұлы әр қызметкердің жеке қарым-қабілетін бағалап, әрқайсысына кәсіби кеңес берді, – деді шараны ұйымдастырған облыстық жастар шығармашылығы орталығы бөлімінің меңгерушісі Дариға  Күлекешева.

Шеберлік сабақтың соңғы күнінде барлық қатысушыға сертификаттар табыс етілді. Айта кету керек, мұндай семинар соңғы рет 1987 жылы Көкшетау қаласында республикалық деңгейде өткізілген екен. Ұйым-дастырушылардың айтуынша, алдағы уақыттарда осындай бас-қосуларды жиі өткізу жоспарда бар.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

Күні: , 146 рет оқылды


«Қазақ  тілі  әліпбиін  кириллицадан  латын  графикасына  көшіру  туралы»  Қазақстан  Республикасы Президентінің  2017 жылғы  26  қазандағы №569 Жарлығына  өзгеріс  енгізу  туралы ҚАУЛЫ  ЕТЕМІН:


1.«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, № 50-51-52, 326-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін: аталған Жарлықпен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  1. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н. НАЗАРБАЕВ

 Астана,  Ақорда,  2018  жылғы 19 ақпан №637

Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2018  жылғы  19  ақпандағы №637  Жарлығына  ҚОСЫМША

 Қазақстан  Республикасы  Президентінің  2017 жылғы  26 қазандағы

№569  Жарлығымен  БЕКІТІЛГЕН

«Егемен  Қазақстан»

№35, 20 ақпан, 2018  жыл


Қытайға да ет экспортталмақ

Күні: , 124 рет оқылды


Сейсенбі-сәрсенбі  күндері  Орал  қаласындағы  «Кублей» ЖШС  өңдеген   40  тонна  қой  еті кезекті  мәрте  Иранға  жөнелтілді.


Күніне 700 ұсақ малдың  және 505 ірі қараның етін өндіруге әлеуеті жететін кәсіпорыннан өткен жылы 200 тоннадан астам мұздатылған қой еті Иранға экспортталғаны белгілі. «Жыл соңына дейін ирандық компаниялармен келісім-шартқа отырдық. Иранмен қатар Ресей мен Қытайға да экспорттамақпыз. Келесі аптада Иран  мен Ресейге ет жөнелту жоспарда тұр. Жалпы,  зауыттың қуаты жылына 10 мың тонна қой мен сиыр етін өндіруге жетеді», – дейді серіктестіктің техникалық директоры  Рахим  Нағметов.

Ветеринарлық медицина саласында 22 жылдан бері еңбек етіп жүрген Ирандық мал дәрігері Бехдаш Фарухтың айтуынша,  «Кублей» өнімдерінің сапасы  өте  жоғары.

Қазір облыста мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мал саны артуда. Экспорттық әлеуетті пайдалану мақсатында былтыр 1736 тонна ірі қара мал еті, 505 тонна ұсақ мал, яғни қой еті экспортталған.

– Мал етін экспорттау жұмыстары биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері 347 тонна ірі қара мен 32 тонна қой еті экспортталды. Жалпы, ірі қара мал мен қой еттері Ресей Федерациясы, Армения, Беларусь, Иран елдеріне жіберілуде. Биыл ірі қара етін 2420 тонна, қой етін 180 тонна экспорттау  жоспарланып отыр. Облыс нарығы ірі қара мен жылқы, қой етінің түрлерімен толық қамтылған. Құс еті өндірісінің көлемі аздығына байланысты  негізгі бөлігі сырттан әкелінуде. Өткен жыл соңында «Жайық құс» серіктестігінде жылына 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы іске қосылған болатын. Кәсіпорын былтырғы жылдың қараша-желтоқсан айларында 200 тоннадан астам ет өндіріп үлгерді. Осы құс фабрикасының іске қосылуына байланысты құс еті импортының көлемі азаятын болады деп ойлаймыз, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары  Жасұлан  Халиуллин.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Жалақыдан тыс бонус болмақ

Күні: , 79 рет оқылды


Сейсенбіде  облысымызға  жұмыс  сапарымен  келген Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  қызмет  істері және  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы іс-қимыл  агенттігінің аппарат  басшысы  Саян  Ахметжанов  облыс  активімен  кездесті.  Басқосуға  облыс  әкімінің  орынбасары  Игорь  Стексов қатысты.


Бұдан бұрын Саян Қылышұлы Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Шыңғырлау ауданының орталығында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына түрлі сұрақтарымен келген тұрғындарды қабылдады. Сонымен қатар Орал қаласындағы «Smart Uralsk» тұрғындарға қызмет көрсету және қалалық әкімдіктің «Ашық әкімдік» орталықтарының жұмыстарымен танысты.

– Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен нәтижелілігін көтеру мәселелері – өзекті әрі басым бағыттардың бірі.  Өздеріңіз көріп отырғандай, басқару аппаратының тиімді жұмысы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және деңгейін көтеруге, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге қауқарлы.  Бұл жерде мемлекеттік құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыратын ақпараттық технологиялардың әсері айтарлықтай. Орал қаласындағы «Smart Uralsk» тұрғындарға қызмет көрсету және  қалалық әкімдіктің «Ашық әкімдік» орталықтарының жұмыстары өте тиімді, халық пен билік арасындағы қарым-қатынастың ашықтығының көрінісі деуге болады. «Smart Uralsk» орталығында әдеттегі халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерден басқа құқық қорғау, көші-қон саласына және кәсіпкерлікті ашу, дамыту мәселелеріне қатысты қызметтер көрсетіледі. Мемлекеттік құрылымдардың ақпараттық жүйелерінің кірігуі жекелеген мемлекеттік қызметтерді кешенді түрде «бір терезе» қағидасы бойынша көрсетуге көшкенін көрдік, – деді Саян Ахметжанов.

Кездесуде С. Ахметжанов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі басымдықтарын түсіндірді. Оның айтуынша, биыл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы  алты қадамды және “Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың  бірінші бағыты бойынша мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілуде. Жаңа жүйе қанатқақты режімде екі өңірде Астана қаласының әкімдігінде және Маңғыстау облыстарында  қолға алынған. Бұл жүйе факторлық-балдық  жүйеге негізделген. Мемлекеттік қызметкер негізгі лауазымдық еңбекақысынан бөлек бонустар алу мүмкіндігіне ие болады.  Яғни пайдалы еңбек етсе, жалақысынан бөлек қосымша қаржы алады. Сонда мемлекеттік қызметкердің өнімді еңбек еткені арнайы бекітілген көрсеткіш  арқылы бағаланады.  2020 жылы еліміздегі барлық мемқызметкерлердің жалақысын көтеру жоспарланған.

Саян Ахметжанов жиынға қатысушылардың мемлекеттік қызметті жетілдіру, мәртебесін көтеруге байланысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі» 


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика