Мұрағат: 19.02.2018


«Ауру малды сау малмен бірге жайылымға шығарма!» – деп бір-бірімізге неге айта алмаймыз?..

Күні: , 175 рет оқылды


Жуырда «Орал өңірі» газетінің редакциясында ел-жұртты малдан адамға жұғатын кеселдің бірі бруцеллезден сақтандыру бағытында «Тікелей желі» өткен болатын. Оқырмандардың сауалдарына «Нұр Отан» партиясы аграрлық сектор комиссиясының мүшесі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов және осы басқарма басшысының орынбасары Қазыбек Тәшімов телефон арқылы жауап берді.


Ғайса АБСАТИРОВ:

– Бруцеллез – малдан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Ол малдан адамға үш жолмен жұғады.

Біріншісі, алиментарлық, яғни  мал шаруашылығы өнімдерінен, ауру малдан алынған сүт, май-қаймақ, ірімшік, айран-сүт өнімдерін пайдаланғанда жұғады.

Екіншісі, ауру малды күткенде, жемдегенде, аналық мал төлдеп жатқанда көмек көрсеткенде, қой қырыққанда, қора тазалағанда шаң-тозаң арқылы тыныс жолдарымен, тері арқылы ауру жұғады. Әсіресе, қолдағы уақ жарықтар мен ерін, көздің кілегей қабықтарына түскен бациллалар ауруды шапшаң қоздыра алады. Олар қоршаған ортаға төзімді келеді. Мысалға, сүтте 10 тәулік, ірімшік және өзге өнімдерде бір айға, көңде, топырақта және су қоймаларында төрт айға дейін сақталады.

Үшінші, қарым-қатынас арқылы жұғады, соның ішінде балалар қозы-лақпен ойнап жұқтырады.

Ауру малдан бруцеллез қоздырғыштарды сыртқы ортаға сілекеймен, нәжіспен және іш тастағанда шығады. Сондықтан малдың төлдеу кезінде мал күтуші арнайы киім киіп, жеке гигиеналық тазалық қатаң сақталуы тиіс.

Аурудың қоздырғыштары жоғары температураға төзімсіз келеді, 60 градуста жарты сағатта, 85 градуста бес минутта өледі. Сүтті қайнатып, етті пісіріп пайдаланған жөн. Бұл жұқпамен негізінен: қой, ешкі, түйе, шошқа, ірі қара мал және иттер ауырады. Жекелер малдың іш тастағанын жасырады. Түсікті мал моласына апармайды, өлексені қарға-сауысқан мен ит тасиды. Ал малдың қағанағы түскен жерде миллиардтаған микробтар болады. Сондықтан сол жердің көңі алынып, дезинфекцияланады. Әйтпесе, сол жерді басқан аяқ киіммен бірге микробтар айналаға, өздеріне, көрші-көлемге тарайды. Бұл тек ауру малдан жұғатын кесел, адамнан адамға жұқпайды. 1928 жылы француз дәрігері, Нобель сыйлығының лауреаты Шарль Никольдың «Бруцеллез – ауруға бақытсыздық, дәрігерге абыройсыздық әкелетін дерт» деген сөзі әлі күнге мән-маңызын жойған жоқ.

Жайдар ҚҰРМАНОВ:

– Соңғы жылдары облыс тұрғындары арасында бруцеллезге шалдығу жиілеп отыр. Оралдағы ауру малды өткізетін үш ет комбинатында жұмыс істейтін жұмысшылар ауруға бейім тәуекел тобына кіреді. Норматив бойынша ондай жерлерге 18-ге жасы толмаған адамдар жұмысқа қабылданбайды. Сондай-ақ арнайы бруцеллездің алдын алу бойынша санитарлық минимумнан өткен адамдар болуы керек. Көбіне «Менің қолымда жара болмаса, ауру неге жұқты?» деген сұрақ қойылады. Кез келген адамның қолында болатын микрожарықшақ арқылы ауру жұғады. Сондықтан ауру малды қолғап киіп сойған қауіпсіз. Департаменттің жоспарлы тексерістеріне ет комбинаттарын кіргіземіз. Алдымен оларға барып түсіндіру семинарларын өткіземіз.

2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірімізде бруцеллез дертіне 77 адам шалдықты. Адамдардың бұл ауруға шалдығуы Қаратөбе ауданында ғана тіркелген жоқ. 2016 жылы бруцеллезбен 25 адамның ауырғаны тіркелді.

Сатыбалды ЖҰМАШЕВ,

ветеринария саласының ардагері, Жаңақала ауданы:

– Малды бруцеллез ауруынан сауықтыру жөнінде облыстық жоспар неге жоқ? Вакциналау мәселесі қалай? Тағы бір сұрақ. Бірнеше қышқылмен, улы, жылдам әсер ететін сұйықтықтармен, дустпен жұмыстанатын ветеринардың жалақысы мардымсыз және оны адам ағзасына зиян келтіретін мамандықтар тізіміне неге енгізбеске?

Серік НҰРМАҒАМБЕТОВ:

– Жоспарсыз жұмыс болмайды. Аудандарда жоспар жасақталады, соның ізінде облыстық жоспар жасалып, тиісті комитетте оны бекітеді. Сол жоспардың арқасында өңірдегі эпизоотиялық жағдайдың тұрақты болып тұрғаны. Кешенді іс-шаралар жоспары да бар. Оны тиісті мемлекеттік құрылымдармен, ғалымдармен бірге атқарудамыз. 2017 жылы облыс аумағында 11 бруцеллез ошағы тіркеліп, соның бесеуі тазарды, екеуінің құжаттары аудандық әкімшіліктерде жатыр, төртеуі әлі тазарған жоқ. Барлығына шектеу шараларын қолданғаннан кейін республикалық эпизоотияға қарсы құрылым жұмыстанады. Оған республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. 15-20 күннің ішінде және екі мәрте теріс нәтиже бергенше малдан қан алынады. Ондай нәтиже болмаса, онда сол елді мекенге немесе шаруашылыққа шектеу қойылады. Қазір ірі қара малдан бруцеллездің төрт ошағы Теректі ауданының Шағатай, Сырымның Қособа, Зеленов ауданының Өркен ауылдарына және «Валентина» шаруа қожалығына шектеу салынды. 2016 жылы Жаңақала ауданындағы Мәстексай, Жаңақала ауылдарының ірі қара малы аурудан тазартылды. Осының барлығы жоспарлы жұмыстардың нәтижесі.

Кеңестік заманда ұйымдасқан, орталықтандырылған шаруашылықтарда вакцинаны қолдану жеңіл болды. Өйткені малды жынысына, жасына қарай бөлектеп ұстайтын. Қазір жекелер төрт түлікті бір қорада ұстайды. Сондықтан вакцинаны пайдалану қиын. Елімізде бруцеллез ауруымен күрес жөнінде стратегия дайындалуда. Осы құжат іске қосылғаннан кейін вакциналау жұмыстары басталады. Ал, ветеринардың бұрынғы кездегідей адам денсаулығына зиян келтіретін мамандықтар тізіміне енгізу жайындағы ой-пікіріңізді құптаймын. Бұл бағытта жұмыстанып көреміз.

Бейбіт ҒҰМАРОВ,

Жалпақтал ауылы,

Қазталов ауданы:

– Мал сою комбинаттарында сойылған бруцеллез малдың еті  қайда  жіберіледі және одан өндірілген өнім адамға қауіпті емес пе?

Жайдар ҚҰРМАНОВ:

–  Ауру мал ет комбинатында

арнайы жерде сойылып, одан кейін ет арнайы технологиялық өңдеуден өткізіледі. Шыққан өнім адам денсаулығына қауіпті емес. Бұл тек біздің өңірге тән емес, әлемдік тәжірибедегі қолданылатын әдіс.

Ержан САРИЕВ,

Жәнібек ауданының тұрғыны:

– Малдан бруцеллез шығып, оның қорытындысымен келіспей, Ресейдің Волгоград облысындағы зертханаға жүгіндік. Ондағылар малға ауру емес деген қорытынды берді. Бұл қалай?

Ғайса АБСАТИРОВ:

– Ауру малдың қанын бір күнде екі зертханаға тапсыруға болады. Егер жергілікті зертханадан оң нәтиже алып, 10 күннен кейін Ресейдің зертханасына апарсаңыздар басқа нәтиже аласыз. Неге? Өйткені қанның құрамы өзгеріп, аурудың нәтижесі көрінбейді. Заң бойынша ауруға шыққан малды екінші рет тексеруге болмайды.

Райхан ҚАНАТ,

Ақжайық ауданы:

– Бруцеллезбен адамдардың емделуі қалай? Олар мезгілінде дәрігерге қаралып жүр ме, дәрігер оларға барып, жағдайын біліп тұра ма, кәдімгі адами қатынас қалай? Осы жайында мақалалар, телехабарлар жоққа тән-ау?! «Адам дәрігері адамды емдейді, мал дәрігері адамзатты емдейді» деген емес пе?..

Жайдар ҚҰРМАНОВ:

– Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бруцеллезді емдеуге толық маманданған. Бір науқасты емдеу курсы – 20-25 күн. Аталмыш аурудан жазылдым дегеннің өзінде сауыққан адам екі жыл бойы медициналық бақылауда болуы керек. Зертханалық тексеруден кейін ғана айыққан делінеді. Мұның өзі бруцеллездің адам ағзасына соншалықты қауіпті дерттің бірі екенін көрсетеді. Науқас адам ауруханаға түскен кезде жедел ауру ошағы зерт-теледі. 2017 жылы облыста 72 ошақ анықталып, бруцеллезге тексерілді. Сол жермен байланысы бар 235 адам тексеріліп, олардың арасынан ауру жұқтырған үш адам анықталды. Ал оларды емдеу жұмыстары әрі қарай жалғасатыны кәміл. Адами қасиет дегенге келсек, бұл – пәлсапалық сұрақ, нақты факті болса, нақты айтуға болар еді.

Уәлиолла ӘБІШЕВ,

Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Мал есебі дұрысталмай, малдан 100% қан алынбай, бруцеллезбен күресу мүмкін емес. Мал қозғалысы көп, ол бақыланбайды. Бұған не айтасыздар?

Серік НҰРМАҒАМБЕТОВ:

– Уәжіңіз орынды. Ауылдық жерлерде салық салынады деп халық мал санын дұрыс бермей жасырып қалады. Қазір малға салық салынбайды. Ауыл-аймақ арасындағы мал қозғалысы тек мал дәрігерінің рұқсатымен болуы керек. Мал дәрігерінің рұқсатынсыз мал сатып алуға болмайды, яғни мал сатып алатын жақта қандай ахуал бар екенін білген жөн. Шектеу қойылған жерден мал алуға мүлдем болмайды. 2002 жылы «Ветеринария туралы» заң қабылданды, ал оның талаптарын орындамаған адамдарға аумақтық инспекция айыппұл салады. Заңның 25-бабының 6-тармағында: «Мемлекеттік ветеринария-лық қадағалау органдарына жаңадан сатып алынған жануарлар, туған төлдер, олардың сойылғаны мен сатылғаны туралы хабарлауға» тиісті екендігі көрсетілген. Сондықтан халық арасында ағарту, түсіндіру жұмыстарын бірлесіп, қоғам болып жүргізуіміз керек.

Нұрәлі ӘЛІМ,

Чапаев ауылы,

Ақжайық ауданы:

– Қораларды дизенфекциялауға байланысты қай жерде кемшіліктер ұшырасты? Кейбір елді мекендерде бұл жұмыс жүрдім-бардым атқарылатын көрінеді.

Қазыбек ТӘШІМОВ:

– Заңға сәйкес дезинфекциялау жұмыстары мал иелері есебінен жүргізіледі. Жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқан сауықтыру шарасы қойылмаған жерде мал иесінің өзі  дезинфекцияға қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражатына сатып алады. Бірақ жұмыстарды ветстансаның қызметкерлері жүргізеді. Ауладан ауру мал шыққан болса, мал иесіне нұсқама беріледі. Яғни ауру малды 10 күннің ішінде арнайы ет өңдеу кәсіпорнына тапсырып, қораны тазарту керек. Бұл талап көбіне орындала бермейді. Тізеден келетін көңнің үстінен дизсұйықтықты шашып кеткеннен ешқандай нәтиже болмайды. Нұсқама орындалмаған жағдайда, мал иесіне Әкімшілік құқықбұзушылық кодекс бойынша тиісті шара алынады. Айыппұл көлемі 50 АЕК-тен басталды, екінші мәрте қайталанса, 100 АЕК ша-масында айыппұл салынады.

Ғайса АБСАТИРОВ:

– Қосып айта кетсем, жеке және заңды тұлға болып табылатын мал иелері малдан қаржы үнемдейді. Еуропа елдерінде ветеринарлық қызмет пен қажетті тауарларына (ауруға қарсы мал ағзасын күшейтетін, дәрумендік бағыттағы)  малдың өз құнынан 6-8 пайызға дейін, Ресейде 10 пайызға дейін қаржы салады. Бізде бұл көрсеткіш 1 пайызды құраса қалай… Әй, қайдам?… «Сенің малың ауруға шықты. Неге өзге малмен бірге жайылымға шығарасыз?» – деп қазақшылықпен бір-бірімізге неге айта алмаймыз? Жеке тұлғаларға бруцеллез дертінен сақтану туралы парақшалар, стендтер дайындап жатырмыз.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

журналист, Орал қаласы:

 – Қай ауданда бруцеллез ауруы көп және қай ауданда аз? Одан қашан құтыламыз?

Серік НҰРМАҒАНБЕТОВ:

– Облыстың 12 ауданында және Орал қаласында да бруцеллез ауруы бар. Бүгінде 2017 жылдың қорытындысымен 9025 бас мал ауруға шығып, түгелдей жойылды. Ауру анықталмаған аудан жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бруцеллезге шалдыққан мал атаулы Қазталов, Ақжайық, Бөкей ордасы аудандарында көп анықталды. Салыстырмалы түрде алсақ, малы аз Орал қаласында, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарында мал ауруы көрсеткіші төмен. Бұл кеселді бір жылдың төңірегінде жоя алмаспыз. Халық арасында түсіндіру жұмыста-рын, мал дәрігерлері зерттеу жұмыстарын жүйелі, нәтижелі жүргізетін болсақ, түгелдей құтылмағанмен, бруцел-лезге шалдығу фактілерін азайтуға болады.

Ақлима ЕСІМОВА,

Шыңғырлау ауданынан:

– Малдан жұғатын дерттен сақтандыру бағытындағы ақыл-кеңестеріңізді айта кетсеңіздер.

Серік НҰРМАҒАНБЕТОВ:

– Соғымға немесе сыйға беретін мал болсын, оның паспорты, ветеринарлық құжаты болуы керек.

Онда қандай ауруға қарсы егілді, қандай ауруларға тексерілді, міне, соның қорытындылары көрсетіледі. Мал паспортындағы нөмір мен мал құлағындағы сырға екеуі сәйкес болса, қорықпауға болады.

Жайдар ҚҰРМАНОВ:

– Өмірде теорияда айтылғанның барлығы орындала бермейді. Әркім өз денсаулығына өзі жауапты. Мұны Елбасы да соңғы екі Жолдауында айтты. Адам нені сатып алып жатыр тексеруіне болады. Көшеде, жабайы базар-дан аяқ астында жатқан нәрсені сатып алған кезде ойлану керек.

Бруцеллез еттен көп жұғады демейміз, оны қайнатамыз. Тек кәуаптан болмаса. Қауіптісі – сүт өнімдері, айран, қаймақ, сүзбе. 12 ауданда бруцеллез бар деп отырмыз, осының өзі адамдарға ой салуы керек. Сүт, ет сатып тұрған адамнан сараптама актіні сұрау керек.

Қанат АСАН,

Көшім ауылы,

Зеленов ауданы:

– Ауруға шыққан малға өтемақы төлеуге қаржы бөлінді ме?

Серік НҰРМАҒАНБЕТОВ:

– Ауру малды тасымалдау үшін 2010 жылы әр ауданға «КамАЗ» көліктері сатып алынды. Мал сойған кәсіпорын бруцеллез малдың құнының 70 пайызын төлейді, қалған 30 пайызы бюджеттен төленеді. Облыс бойынша 2018 жылға өтемақы төлеуге 68 млн. теңге қаражат бөлінді. Былтыр 162 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ауру малға өтемақы төленеді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тері өңдеп, аяқ киім шығаруда

Күні: , 170 рет оқылды


Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс» деп атап өткен болатын. Былтыр индустрияландыру картасы аясында облысымызда жүзеге асқан жобаның бірі – Орал қаласындағы «ПОШ Руно» ЖШС тері өңдеу зауытының батысқазақстандықтар үшін маңызы зор. Өйткені кәсіпорынның негізгі шикізаты облысымызда өсірілетін ірі қара мен ұсақ малдың терісі болғандықтан, тұрғындардың  аталмыш зауытқа мал терісін тапсыруға мүмкіндігі бар.


Сөздің шыны керек, ауылаймаққа барғанда малдың терілерінің пайдаға жарамсыз күйде жатқанын көріп жүрміз. Ал мұндай терілердің атмосфераны ластауға да үлес қосары сөзсіз. Осындай «әттеген-айды» жоюға «ПОШ Руно» зауытының көмегі бар екенін айта кеткен жөн. Өңірдегі және жақын облыстардағы мал сою бекеттерімен келісімге келген зауыт басшылығы тұрғындардан да мал терісін қабылдайды. Ақшасын да қолма-қол төлейді. Мұнда сиыр, жылқы, қой мен ешкі терілерінен иленген «вет-блю» жартылай дайын өнімі өндіріледі. Зауыт күніне 700 ірі қараның, 2400 ұсақ малдың терісін өңдеуге қауқарлы. Жалпы, мұндағы өндіріске күніне 25  тонна  тері  керек.

– Облысымызда мал шаруашылығының даму қарқыны жақсы болғандықтан, шикізат жеткілікті. Өңіріміздегі шикізаттың сапасы жақсы. Біз ірі қара малының терісінің әр келісін 150 теңгеден қабылдаймыз. Егер бір кәсіпкер аудан тұрғындарынан терілерді жинап әкеліп, тонналап тапсыратын болса, бағасы да жоғары болады. Қой-ешкінің терілерін көлеміне қарай 50-100 теңгенің аралығында даналап аламыз. Жылқы малының да терісі қабылданады. Ірі қараның ішінде бұқаның терісі қымбатырақ бағаланады. Біздің зауыт өнімін экспорттауға бағдарланған. Сондықтан сапаға баса мән береміз, – дейді зауыттың коммерциялық директоры Аслан Мырзағалиев.

Қазір тері өңдеу зауытында 50 шақты адам жұмыс жасайды. Жоба толық қуатымен іске қосылған кезде қызметкер саны 100 адамға дейін көбеймекші. Бірінші тоқсанның соңына дейін мұнда «вет-блю» жартылай дайын өнімді одан әрі өңдейтін құрылғыны іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар теріні наппа, велюр, күдері, өңі қашалған былғары түрлері дайын  болғанша  өңдеу  жобаланып  отыр.

Биіктігі екі қабат үйдің пішініндей үлкен зауыттың іші тең-тең боп жатқан терілерге толы екен. Терілерді сапасына қарай сұрыптап жатқан жұмысшылар жүр. Үлкен-үлкен цилиндр пішінді құрылғыларда терілер өңделуде. Түрлі тетіктермен басқарылатын басқа жабдықтардың да жұмысына куә болдық. Мұнда теріні өңдеудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Терілерді алдымен жібітеді, кейін күлдейді, яғни теріні жүннен арылтады және илейді. Одан әрі арнайы барабанда, баркаста жуылып, өңделіп, теріде қалып қойған шел қабатынан, сіңірден, еттен, майдан тазартылады. Белгілі бір ылғалдылыққа жеткенге дейін сығылады. Соңынан терінің көлемі өлшеніп, «вет-блю» деп аталатын жартылай дайын өнім болып шығады.  Теріні өңдеуге Ресей, Германия мен Түркия-ның әр түрлі химикаттары пайдаланылуда. Мамандардың айтуынша, зауытта жаңа технология-мен жасалған құрылғылар қолданылады. Мұндағы біз көрген алып барабандар соңғы үлгіде жасалған итальяндық, испандық құрылғылар екен. Олар тиісінше заманауи әдістермен жұмыс жасайды.

– Зауытқа тапсырар алдында теріні тұздап әкелген дұрыс. Әйтпесе, кейде сарайдың бір бұрышында қараусыз, шіри бастаған терілерді тапсыратындар бар. Уақытында тұздалмаған тері бұзылып, сапасы кетіп, өңдеуге келмей қалады. Біз сондықтан да тапсырылатын терілердің сапасына мән береміз. Сол үшін ірі қараны, ұсақ малды ұқыпты сойып, теріні күтіп ұстаса дейміз. Әйтпесе, кейде тесік-тесік терілерді де көреміз. Тері мал сойылғаннан кейін бір сағаттан соң-ақ тұздалу қажет. Өйткені температура сегіз градустан төмен  болғанда  тері бұзыла бастайды, – дейді  зауыттың бас технологы Кауана  Дәуқара.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында былтыр аталмыш зауыт жанынан аяқ киім тігетін фабрика ашылды. «As and Ar Collection»  деп аталатын бұл фабрика өз жұмысын итальяндық технология бойынша ерлер аяқ киімін тігуден бастады. Мұнда Түркиядан келген аяқ киім тігу шеберлері батысқазақстандық мамандарға аяқ киім тігудің қыр-сырларын үйретуде. Қырық шақты жергілікті тұрғын нәсібін осы кәсіптен тауып жүр. Қазір қысқы аяқ киімнің үш моделінің әрқайсысы бес түрлі түспен тігілуде екен. «As and Ar Collection» брендімен шығатын аяқ киімдер қаладағы түрлі сауда нүктелеріне шығарылған. Аяқ киім тігу жұмысын бір ізге салған мамандар қысқы аяқ киімнен бөлек, көктемгі-күздік модельді тігуді бастады. Сондай-ақ олар көктем мен күздік коллекцияның түрлі-түсті 15 моделін шығаруды жоспарлап отыр. Қысқы аяқ киімнің сауда нүктелеріндегі бағасы 22 мың теңге. Негізгі шикізат «ПОШ Руно» тері өңдеу зауытында дайындалатын терілер болғандықтан, аяқ киім жергілікті өнімнен жасалған деп айтуға әбден болады. Ал етіктің табаны, баулары Түркиядан  сатып  алынуда.

– Әзірше арнайы аяқ киім тігу бойынша ірі фирмалармен жұмыс жасамаймыз. Бренд аяқ киім шығарамыз. Бізге тапсырыс берушілер өзіміздің және көршілес облыс тұрғындары болып табылады. Болашақта Атырау және Ақтөбе облыстарының да нарығына шығып көрмекшіміз. Айта кетсем, акционердің өз қаражаты есебінен тері өңдеу зауытына 2,5 миллиард теңге, аяқ киім фабрикасына 260 миллион теңге жұмсалды. Мемлекеттен инвестсубсидия алдық. Қазір фабрикада елу шақты адам жұмыс жасайды. Аяқ киім тігетін құрылғының өндірістік қуаттылығы күніне 1 мың пар аяқ киім тігуге есептелген. Яғни айына шамамен 25 мың, жылына 250 мың пар аяқ киім тіге аламыз, – дейді Аслан  Мырзағалиев.

Алдағы уақытта аяқ киімді жақын шетелге экспорттауды жоспарлап отырған фабрика басшылығы оралдық өнім түрлерін көбейтуге мүдделі. Ал бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына  үлес  қосары  сөзсіз.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Нар тағдырлы азамат

Күні: , 525 рет оқылды


Жақында Қазталов аудандық мәдениет үйінде Қазталов ауданының құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Абат Есенғалиевтің 70 жасқа толуына орай  «Арды ойлаған азамат» атты тағылымды шара өтті.


Өмір есігін Жаңақала ауданына қарасты Айдархан ауылында ашқан А. Есенғалиев – Саратов малдәрігерлік институтының 1970 жылғы түлегі. Ол жоғары білімді маман ретінде еңбек жолын институтты бітірген жылы Қазталов ауданындағы ветеринарлық станса басшысының орынбасары қызметінен бастады. Алғыр жас маман араға екі жыл салып, аудандық ветеринарлық зертхананың директоры қызметіне тағайындалды. Абат Қадемұлы басқарған жылдары мекеме жаңа орынға көшіп, зертханаға құрал-жабдықтар алынып, әрі мамандармен қамтылуы да жақсара түсті. Міне, қазіргі кезде берісі облысқа, әрісі байтақ елге танымал азаматтың жемісті еңбек жылдары осылай басталған-ды. Ол 1980-1986 жылдары аталмыш аудандағы «Мирон» және «Бостандық» шаруашылықтарын басқарып, қос шаруашылықтың да әлеуметтік-экономикалық жағдайын көш ілгерілетті. Әсіресе, малшылар мен механизаторлардың отбасыларына арнап жаңа үйлердің көптеп салынуы қарапайым еңбек адамдарының ортақ жұмысқа деген құлшынысын арттыра түсті. Абат Қадемұлы бертін келе, облыстың агрокешен саласына жетекшілік жасаған кезде де қарымды ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. 1990 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалуымен қатар, оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқару жүктелді. 1992-1994 жылдары

Орал облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Кейін ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына сайланып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, егемендіктің елең-алаң жылдарында қазақстандық қоғамдағы татулық-түсіністіктің нығая түсуіне, ел экономикасының нарықтық қатынастарға барынша тез бейімделуіне халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы білетін қайраткер ретінде ықпал  ете  білді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген 2000-2004 жылдары Абат Есенғалиевтың ұйымдастырушылық қабілет-қарымы мен туған өлкесіне деген жанашырлық пейілі жарқырай көрінді. Абат ағамыздың айтуынша, 1990-93 жылдары Ақ Жайық атырабында 1,5 млн. гектарға дәнді дақылдар егіліп, жақсы өнім алынған. Алайда содан кейінгі жылдары өтпелі кезең, өліара шақтың қиындықтарына байланысты егістік алқаптың көлемі 250 мың гектарға дейін кеміген көрінеді. Тіпті  сол жылдары біздің өңірде жиі қайталанған қуаңшылықтың салдарынан көктемгі дән себу, егін егу науқанына жеткілікті тұқымдық қор жасақтаудың өзі мүмкін болмады. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде сол кездегі облыс басшыларының ұйытқы болуымен көктемгі егіске қажетті тұқым мәселесі үкімет деңгейіне дейін көтеріліп, облыс бюджетінен ауыл-аймақтың мүддесі үшін 1 млрд. теңге көлемінде қайтарымды қаражат бөлініп, шаруаларға қолдау жасалды. Мал санағы жүргізілді, әрі төрт түліктің тұқымын жаппай асылдандыру жұмыстарына ден қойыла бастады. Малдәрігерлік коммуналдық мекемесі құрылды. Облыстағы зауыттар арқылы ауыл шаруашылығына керекті қосалқы бөлшектер мен қондырғылар шығару жолға қойылды. Соның нәтижесінде 2004 жылы Ақ Жайық атырабының егін алқабы 700 мың гектарға дейін ұлғайды. Осындай қарайған шаруаның бел ортасында Абат ағамыз жүрді. Иә, айтса, айтқандай сол кездегі Батыс Қазақстан облысының әкімі Қырымбек Көшербаев көптеген іргелі істерге ұйытқы болып, өңірдің тыныс-тіршілігіне соны леп,  тың серпін берген еді.

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, бірнеше жыл бойы өңірдегі су магистральдарына республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей, облыстың су шаруашылығына тиесілі нысандар ұзақ жыл күтімсіз қалғаны рас. 2001 жылы жобалық-сметалық құжаттарын жасақтатып, су арналарын жаңғыртуға үш жыл қатарынан 1 млрд. теңгеден қаржы аудартуға күш салдық. Мәселен, 450 млн. теңгеге Жәнібек ауданының аумағындағы арналарға Еділден су айдайтын сорғыларды жөндеттік. Көшім су арнасындағы тозған тоғандар жаңарып-жаңғыртылды. Ал соңғы жылдары облыс аумағындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарының қарқын ала бастауы бізді, әрине, қуантады, – дейді  Абат  Қадемұлы.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз лауазымды  қызмет баспалдағымен тек өзі ғана көтеріліп қана қойған жоқ. Айналасына, соңындағы жастарға көз сала жүріп, уақыты келгенде ел-жұртқа тұтқа болар тұлғалар шоғырын да қалыптастыра білді. Мәселен, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, Орал қаласының бұрынғы әкімі, ҚР Парламенті Мәжілісі V шақырылымының депутаты Самиғолла Оразов, облыстық жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы Агроөнеркәсіптік кешенге қарасты мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО аумақтық ауыл шаруашылығы инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, БҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов сынды біраз азаматтар Абат ағамыздан қызмет бабына қоса, өмірлік бағыт-бағдар алған тұлғалар. «Нар жолында жүк қалмас» дегендей, жолында жүк қалдырмаған, міне, осындай азаматты, мерейтой иесін Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков құттықтап, облыс әкімі Алтай Көлгіновтың атынан алғысхат табыс етті. Сондай-ақ аудан басшысы ұлттық салт-дәстүрімізге сай мерейгердің иығына шапан жапты. Ал Рахметолла Сүйербаев, Уәлиолла Әбішев, Мүсір Айтасов, Балғаным Кәкімова, Нәсіпқали Иманғалиұлы, Хайреддин Жәкиев секілді біраз ардагер тағылымды естеліктер тиегін ағытса, қазталовтық кәсіпкерлердің бірі Жасұлан Байқонақов елге деген ақ пейіл, адал еңбегімен  көпке жаққан ардақты азаматқа  ат  мінгізді.

Жетпіс жастың жоталы биігіне шықса да, Абат Қадемұлы әлі саптан шыққан жоқ, аттан түскен жоқ. Бүгіндері ол Орал газтурбиналық стансасының директоры ретінде туған өлкеміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қосып келеді. Абат аға 1972 жылы математика пәнінің мұғалімі Райхан апамен шаңырақ көтеріп, отау тіккен болатын.  Қол ұстасып, үлкен өмір жолына шыққан жарасымды жұп төрт перзент сүйіп, оларды тең құрбысының алды қылып жеткізді. Бүгіндері ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ата-ана біраз  немере-жиеннің қызығына кенеліп  отыр.

Жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізген шараның соңын ала Абат Қадемұлы, – Мен қандай лауазымды қызмет атқарсам да, халқыма қызмет етуді ең басты мақсат тұттым. Осы мұрат жолында білім-білігімді, ерік-жігерімді, қажыр-қайратымды іркіп қалған кезім жоқ. Бүгін ел-жұртқа деген осы ниет-пейіліме лайық сіздерден сый-құрмет көріп отырмын. Мен үшін халықтың ықыласынан артық атақ-абырой жоқ, – деп тебірене сөз саптап, толқи сөйледі.

Шырайлы шарада әуезді әндер шырқалып, ғибратты естеліктерге қоса, орамды ой мен қанатты сөздер, әдемі әзіл мен орынды қалжың жиі айтылған-дықтан, көпшілік риза болып тарасты.

Әділет   БЕКБОЛАТ,

 Қазталов   ауданы


«Құймақ» мерекесі тойланды

Күні: , 84 рет оқылды


Жексенбі күні Орал қаласындағы Мәдениет және демалыс саябағында славян халықтарының дәстүрлі мейрамы – Масленица кеңінен тойланды. Қысты көңілді шығарып салып, келе жатқан көктемді, табиғаттың жаңаруын қарсы алу мерекесіне мыңдаған оралдықтар мен қала қонақтары жиналды.


– Бүгін ауа райының өзі де шырайланып, нұрын шашып тұр. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Масленица мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

РФ Орал қаласындағы вицеконсулы Владимир Волков жұртшылықты мерекемен құттықтап, Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің Масленицаны бірлесіп атап өтуі – бауырлас елдер арасындағы достық пен бірлікті нығайта түсетін ізгі шаралардың бірі екенін айтты.

Шынында да, ынтымағы мен татулығы жарасқан Қазақ елін мекендейтін жүзден астам ұлт өкілдері арасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі мен Құрбан айт және Рождество мен Масленица мейрамдары қатар тойланады. Айтпақшы, Пасха алдындағы дәстүрлі діни рәміздердің басталуына жол ашып, бір апта бойы ерекше аталып өтілетін Масленицаның соңғы күні – кешірім сұрау жексенбісі деп аталады. Мән-мағынасы қазақ халқының Көрісу айт мейрамына ұқсайды. Яғни бұл күні ренжіскендер татуласып, бірбірінен кешірім сұрайды. Мейрамның ең басты тартуы – құймақ пісіріліп, көпшілікке таратылады.

Облыстағы ұлттық-мәдени орталық ұжымдары өнер көрсетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аязды, суық ауа райына қарамастан, үлкен-кіші ән салып, би билеп, шанамен сырғанап, түрлі спорттық ойындар мен қызықты сайыстарға қатысып, мерекенің көрігін қыздырды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Кімге алғыс айтасыз?

Күні: , 106 рет оқылды


Екатерина  СЕРОВА,

Бестау    ауылының бұрынғы,  Ақсай  қаласының  қазіргі тұрғыны:

— Мен  қазір 83 жастамын. Ұзақ жыл құрылыс саласында жұмыс істедім. Бұрынғы тұрған Бестау ауылымыз Қарашығанақ кен орнының санитарлық-қорғаныс аймағына енгендіктен, Ақсай қаласының осы «Аралтал» шағынауданына былтыр күзде көшіп келдік.  Менің екі қызым бар. Екеуі де Ресейдің Нижний Новгород облысында тұрады, үйлі-баранды. Өткен жазда қыз-күйеулерім жиендеріммен келіп кетті. Олар билік тізгінін ұстаған азаматтардың маған, яғни аналарына осындай жанға жәйлі, тұрмысқа өте қолайлы жағдай жасағандарына өте разы. Үш бөлмелі жаңа үйім өзіме де қатты ұнайды. Таза, жарық. Жаңа үйге барлығын жаңаладым. Жаңа жиһаз сатып алдым. Қартайғанда мен үшін жаңа өмір басталғандай. Ауылымды қимаймын. Бірақ  жаңа мекен көңілден шықты. Ауасы да таза. Бестаудағы көршілерімізбен осында да көршіміз. Біздің жаңа мекен, жаңа қонысқа көшуімізге ұйытқы болған Президентімізден бастап, облыс әкіміне, аудан басшыларына және депутат азаматтардың  барлығына аналық алғысымды айтамын.


Максим  ПАК,

БҚО  кәрістері  этномәдени  бірлестігінің төрағасы,  облыстық  мәслихаттың  депутаты:

– Қазақ халқының жан жылуы мен аялы алақанын сезінгендердің бірі – қандастарым. Сол себепті біз қазақ ұлтының кешегі зобалаң жылдарда жасаған қамқорлығын ешқашан ұмытпақ емеспіз. Осынау сауапты іске алғыс ретінде 2012 жылы Орал қаласындағы Мұнайшылар аллеясының аумағына «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі орнатылғаны белгілі. Кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 75 жыл толуына орай ашылған бұл монумент жанында бүгінде ұлтаралық татулықты нығайтуға бағытталған түрлі шаралардың өтетініне қуаныштымыз. Десек те, бір ескерткіш тұрғызып, жақсылықты өтедік демейміз. Ата-бабаларымыз секілді біз де қолымыздан келгенше Қазақстанның өркендеп, әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің біріне айналуы үшін еңбек етудеміз. Нақтылап айтсам, біздің этномәдени бірлестік тарихи отанымыз – Корея мен Қазақстан арасында саяси, әлеуметтік-экономикалық байланыстардың нығаюына өз үлесін қосуда. Одан бөлек елімізге инвесторлардың келуіне, бизнестің өркендеуіне, сөйтіп жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканың  жаңа  сатыға көтерілуіне  атсалысуда.

Орал қаласындағы  №6  қоғамдық  көліктің  әр  жұма күні  жолаушыларды  тегін  тасымалдап  жүргені  туралы  газетімізде  жазған  едік. «Жұмада  жақсылық  жасайық!»  деген  жазуы  бар  №6  «ГАЗель»  көлігі  «Пластик»  және  «Балауса»  шағынаудандары  аралығындағы  40-қа  жуық  аялдамаға қатынап,  күні  бойғы  қызметі үшін  жолаушылардан  ақы алмайды.

  Жуырда Тілепберген Бушанов есімді азамат редакциямызға арнайы келіп, сауабы мол қайырымды істі қолға алған азаматтарға деген ризашылығын «Орал өңірі» газеті арқылы жеткізуімізді өтінді.

– Биыл 9 ақпан күні 244 ВМ02 нөмірлі №6 маршрутқа отырып едім. «ГАЗель» жүргізушісінің көлігіне мінген бүкіл жолаушыны тегін тасымалдап жүргенін көргенде қатты риза болдым. Қасымда отырған жолаушылардың барлығы да қасиетті жұма күнгі жақсылығына разы болып, ақ ниеттерін жаудырды. Ақшаға құнықпай, күллі мұсылман үшін киелі күнді сауабы мол іске арнап жүрген жүргізушіге «Алланың нұры жаусын, жақсылығы еселеп қайтсын!», – дейді Тілепберген қария.

Айта кетейік, «Жұмадағы жақсылық» акциясын ұйымдастыру туралы бастаманы Талғат Чудобаев пен Жұмабек Жәукен есімді қос азамат көтерген болатын. Жақсы адам жолдасынан танылғы дегендей, бұл бастаманы №6 қоғамдық көліктің жүргізушісі Жәрдем Қайырғалиев қуаттап, әр аптаның жұма күндері жолаушыларды таң алакеуімнен кеш қарайғанша тегін тасуға уәде береді. «Жақсы келді дегенше, жарық келді десейші, Жақсылықтың шуағын алып келді десейші» деп тегін айтылмаса керек. Үлкен-кішінің жүрегіне мейірім пен қуаныштың нұрын сыйлап, елдің алғысына бөленіп жүрген жігіттерге істеріңіз оң болсын дедік.


«Сен ауылың үшін не істедің, кәсіпкер?!»

Күні: , 102 рет оқылды


Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин аудан орталығындағы жеке кәсіпкерлерді жинап, арнайы кездесу өткізді.


Бұл күндері «Өзі би, өзі қожаға» айналған кәсіпкерлермен сынасу емес, сырласу, ашық пікір алысу түрінде өткен кездесуге түрткі болған жай  –  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі еді.

«Туған жерге тағзым» шағын бағдарламасы аясында өткен кездесуде «Мен елім үшін не істедім?» деген сауапты сұраққа жауап ізделгендей де болды. Өйткені осы сұрақ санамызға әлі толық ене қойған жоқ. Екінші сөзбен айтқанда, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ауданымызда әлі де төмендеу екені ақиқат.

Күні бүгін аудан бойынша 1190 кәсіпкерлік субъекті тіркелген болса, оның 530-ы (оның 28-і шаруа қожалықтары) Жаңақала ауылдық округінде. Ал аудан әкімімен кездесуге көптен жұмыс жасайтын, жұмысы жанданып кетті, өзгеге көмектесе алады деген 40-қа жуығы ғана іріктеліп шақырылды. Өкінішке орай, келгені 12-сі ғана болды. Кездесуге арнайы шақырылған кәсіп иелерінен гөрі мекеме басшыларының қарасы екі есе молырақ еді. Осының өзі кәсіпкерлер санасының бүгінгі деңгейін де аңдатты десек, артық  айтқандық болмас.

Бұлай күйінуіміздің себебі – жақында, дәлірек айтқанда, аудан әкімінің қорытынды есебінен кейін аудан басшысының қабылдауына арнайы келген бір көзі ашық зейнеткер:

– Сіз есебіңізде кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын айттыңыз. 2017 жылы аудан бойынша 627 млн. теңге салық түсімі түскен екен. Соның тек 96 млн. теңгесі, яғни 15 пайызы  ғана кәсіпкерлік саладан түскен.

Бұл көрсеткіш кәсіпкерліктің дамығанын көрсете ме? – деп сұрапты. Сұрақ өте орынды, бұған  әкім не деуі керек?

Жылына түскен 96 млн. теңгені 1190 кәсіпкерлік субъекті санына бөлсек, 80 672 теңгеден ғана келеді екен. Айына шақсақ, 6722 теңге.

Жоқ, аудан басшысы бұл көрсеткіштерді көлденең тартып келген кәсіпкерлерді кінәлаған жоқ.

Мәдениеттіліктен жаңылмай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, одан туындайтын міндеттерді қысқа да нұсқа әңгімеледі.

Мұнан кейін мамандар сөз алып, аудан құрылысының бас жоспарын таныстырып, қай жерге қандай кәсіпкерлік нысандар салуға болатынын қаперге берді.

Күні бүгін аудан орталығында 108 бос жер телімі барын, инженерлік инфрақұрылымы шешілсе, сұрағандарға берілетіні айтылды.

Биылғы жылы аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге 466 млн. теңге несие берілетіні де сөз болды. Оның 40 пайызы «Жаңақала – Несие» кредиттік ЖШС арқылы берілетіні, ондағы жеңілдіктер түсіндірілді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров өз кезегінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жаңа нысандағы әлеуметтік көмек туралы түсінік берді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауданда жобаланған жұмыстар туралы тоқталып, кәсіпкерлерді осы жобаларға атсалысуға шақырды.

Алдағы «Алғыс айту күнінде» өтетін қайырымдылық акцияларынан шет қалмауды сұрады. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шаһидолла Абуғали да әркімнің туған жеріне перзенттік парызы туралы келелі әңгіме өрбітті.

Мұнан кейін кездесу сұрақ-жауап түріне ауысып, кәсіпкерлермен риясыз ашық әңгіме болды.

Кездесуді аудан басшысы қорытындылап, осындай түсіністік, бірлік пен ұйымшылдық болса ғана ісімізде береке болып, туған жерімізді түлете алатынымызды ұқтырды.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Үш полицейге үкім шықты

Күні: , 127 рет оқылды


Орал қалалық ІІБ Абай полиция бөлімінің үш қызметкері пара алғаны үшін істі болғаны белгілі. Соған орай өткен апта соңында сот үкімі шықты. Бұл туралы Орал қалалық сотының баспасөз қызметі  мәлімдеді.


Полиция капитандары Альфия Хабибулина мен Бақытжамал Есенәлиева, полиция лейтенанты Әсем Найзабекова сөз байласу арқылы ҚР ӘҚБтК 200-бабының 2-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін азаматша Г. Арыстановадан 250 мың теңге пара алады.

А. Хабибулина, Ә. Найзабекова мен Б. Есенәлиеваға ағымдағы жылдың 15 ақпаны күні Орал қалалық сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-тармағының 2-бөлігі «Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен лауазымды адамның айтарлықтай мөлшерде пара алуы» бойынша үкім шықты. Пара алғаны үшін айыпталған бұрынғы полицейлердің әрқайсысы параның 70 еселенген сомасы мөлшерінде  немесе 17 500 000 теңге айып төлейтін болды. Сонымен қатар олар әскери шендері мен жергілікті өзін өзі басқару және мемлекеттік құрылымдарда қызмет жасау құқығынан өмір бойына айырылды.

Өз тілшіміз


ТЖ-ның әлеуметтік желідегі белсенділігі төмен

Күні: , 84 рет оқылды


Таяуда  Орал   қаласы  әкімдігінде  көктемгі  су тасқынына  төтеншеліктердің  дайындығын  пысықтаған  комиссия  отырысы  өтті.


Қалалық төтенше жағдай басқармасының басшысы Марлен Сәрсенғалиевтің айтуынша, егер көктемгі су тасқыны болса, 595 жеке құрам және 165 бірлік техника жұмылдырылмақ.

– Қаладағы өзендер мен су қоймаларында мұздың қалыңдығы 55 см болса, Жайық өзенінде 3140 см. Қазіргі уақытта Орал қаласы әкімімен 2018 жылға арналған қалалық су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар, төтенше жағдайларды жою және Жайық, Шаған, Деркөл өзендері  жайылмаларында тұратын халықты көшіру жөніндегі жоспарлар дайындалып, бекітілді.

Қаладан шығарылған қардың көлемі 114 мың шаршы метрді  құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Қала аумағындағы  Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің арналарында 72 бағбан және бақша серіктестіктері орналасқан.

Қазіргі уақытта Орал қаласының әкімдігі бұл жерлерді тұрақты мекендейтін халық санын нақтылауда. Қажет болған жағдайда су тасқынына қарсы уақытша орналастыру пункттері белгіленеді, – дейді Марлен Ерболатұлы.

Отырысқа төрағалық жасаған қала әкімі Мұрат Мұқаев оралдық  төтеншеліктердің әлеуметтік желілердегі белсенділігінің тым төмен екендігін сынға алды. Халықпен байланыс орнатып, құлақтандыруда әлеуметтік желінің таптырмас алаң екендігін айтқан шаһар басшысы қалалық төтеншеліктерге заман талабына сай жұмыс жүйесін ширату қажеттігін ескертті.

Жиын барысында төтеншеліктердің берген мәліметіне қарағанда 14 ақпандағы жағдай бойынша Ирикла су қоймасынан біздің облысқа судың берілуі 30 шаршы метрді  құрауда.

Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара облыстарындағы мамандармен  Жайық, Шаған, Үлкен және Кіші Өзен өзендерінде судың жүруі және «Ирикла», «Варфоломеев» су қоймаларының су жіберу көрсеткіштері бойынша болжамды және жедел ақпарат алмасу жұмыстары жүйелі  жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, Зашаған кенті көктемгі су тасқынында көп зардап шегетін аймақтардың біріне жатады.  Сондықтан арық жүйелері құрылысы аяқталған соң ғана зашағандықтардың жағдайы жақсармақ. Сондай-ақ мамандарды қараусыз жатқан тоғандардың  жай-күйі  алаңдатады.

Алдағы уақытта Жайықтың ең жоғарғы бөлігіндегі қар жамылғысы  өлшеніп, көктемгі қиындық  тудыратын барлық жерлер тексерілмек. «Уақтылы әрі сапалы жүргізілген алдын алу жұмыстары  көктемгі су тасқынын болдырмауға септігін тигізеді» деп ой бөліскен мамандар әр апта сайын кездесіп, жағдайды мәлімдеп тұруға  шешім  қабылдады.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Тұңғыш олимпиада чемпионы Оралда

Күні: , 90 рет оқылды


Қандастарымыздың  арасынан  шыққан  тұңғыш олимпиада  чемпионы  Әлжан  Жармұхаммедов  өткен  сенбіде  Оралға келді.


Даңқты баскетболшыны алдымен облыс әкімі Алтай Көлгінов қабылдап, өңірдегі жас спортшыларға қолдау білдіруге уақыт тауып келгені үшін оған ризашылығын білдірді. Содан кейін мәртебелі мейман мен облыс әкімі қаламыздағы «Орал» сауда ойын-сауық кешенінің кинотеатрында болған ресейлік «Движение вверх» көркем фильмінің  көрсетіліміне  қатысты.

– Облыс басшылығының шақыруын қуанышпен қабылдадым. Себебі Ақ Жайық өңірі әкемнің, бабаларымның туған жері. Ал «Движение вверх» фильміне 1972 жылы Мюнхен олимпиадасында КСРО мен АҚШ арасындағы баскетболдан болған финалдық ойын арқау болды. Бұл ойынға қатысып, КСРО-ның олимпиада чемпионы болуына үлес қосқаным мен үшін үлкен мақтаныш. Тарихи шындыққа негізделген бұл киноны қараған соң көпшіліктің, соның ішінде жас ұрпақтың спортқа, салауатты өмір салтына деген қызығушылығы артады деп ойлаймын, – деген Әлжан Мүсірбекұлына облыс әкімінің  алғысхаты  табысталды.

Фильмді тамашалаған соң Орал қаласы мен Зеленов ауданының оқушылары даңқты баскетболшыдан қолтаңба алды.

Айта кетейік, Әлжан Мүсірбекұлы 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданында (бертін келе Н. Хрущевтің пәрменімен Өзбекстанға берілген аудан) туған. Ол әлемнің және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының тоғыз дүркін чемпионы болып табылады.  Бүгінде Мәскеу қаласында тұрады.

Нұр СӘЛІМ,

Новенький орта мектебінің 10-сынып оқушысы (Зеленов  ауданы):

– Баскетболды мектепте ара-тұра ойнаймыз. Өзіме бұл спорт түрі ұнайды. Әлжан ағамыз туралы естігенім болмаса, көп білмейтін едім. Бүгін ол кісіні көріп, қолтаңбасын алғаныма қуаныштымын. Фильмнен үлкен әсер алдым. Енді спортты, соның ішінде  баскетболды  жаныма  серік  етемін.

Света  ҚАНАТОВА,

№12  орта  мектептің  9-сынып  оқушысы  (Орал  қаласы):

– Мен үш жылдан бері баскетбол секциясына барып жүрмін.

Елена Дадашева деген бапкерім бар. Әлжан ағамызбен бірге «Движение вверх» фильмін қарағаныма қуаныштымын. Ал фильм біз секілді жастарды ынталандырады. Спорт тек жаттығу, жеңіс қана емес, ол достық, бірлік, бапкерге деген сенім екенін түсінгендей болдым.

* * *

Көрсетілімнен соң Әлжан Жармұхаммедов «Рухани жаңғыру» музейіне барды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов «Рухани жаңғыру» аясында өңірде қолға алынған іс-шаралар мен соған байланысты музейдің жабдықталғаны жөнінде әңгімеледі. Кейін музей қызметкері тарихи жәдігерлер және фотосуреттермен, облыстағы қасиетті орындар тізіміне енген нысандардың және Астана қаласының  үлгілерімен  таныстырды.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында облыста көп игі істер қолға алынуда екен. Қуаныштымын. Тәуелсіздік жемісі ретінде асыл мұраларды қадірлеу қажет. Сәттілік тілеймін. Осы бағытта жұмыстануды жалғастыра беріңіздер. Жастарға айтарым, мол мүмкіндіктер кезеңінде өмір сүріп жатырсыздар. Қазақ халқы үлкенді сыйлап үйретеді. Бала күннен тәрбие береді. Олимпиадада жетістікке жеткенім – тәрбиенің, тәртіпке бағынудың, тілеулестердің арқасында. Спортпен шұғылданыңыздар. Мақсатқа жетер жолда ерік-жігерлеріңіз күшті болсын, – деді ардагер-спортшы.

Даңқты баскетболшы музейде жастармен кездесіп, олардың қойған сұрақтарына жауап берді. Өзінің өмірбаяны жөнінде әңгімелеп, оралдықтармен «Движение вверх» фильмінің ерекше көріністеріне қатысты алған әсерімен бөлісті. Ол фильмде бапкердің тегі өзгертіліп берілгеніне ғана наразы екен. Бірақ кеңестік спортшылардың жеңіске жеткен сәттері әсерлі берілгенін айтты. Жеңіліске ұшыраған америкалық баскетболшылар ойын нәтижесін әділетсіз санап, марапаттау рәсімінен бас тартқан.

Музейдегі кездесу жастарға серпін бергенін айтқан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошев ардагерге естелікке  спорттық  жейде  табыстады.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика