Мұрағат: 16.02.2018


ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ: «Осындай отандық компанияларға қолдау көрсетеміз»

Күні: , 143 рет оқылды


Ақ  Жайық  өңіріне  іссапармен  келген  ҚР  Энергетика  министрі  Қанат  Бозымбаев  кеше Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгіновпен  бірге Оралдағы  бірқатар  маңызды стратегиялық  нысандарды  аралады.


Министр алдымен «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өндірістік базасына ат басын тіреді. Аталмыш кәсіпорынның техникалық директоры Нұрболат Жұмалиев министрге  жылу қуат орталығының жұмысы жайында  баяндады.

– Орал жылу қуат орталығында өндірілетін энергетикалық қуат – 85,5 МВт. Үш бу турбинасы, бес энергетикалық қазандық, алты су жылыту қазандығы бар. Қазіргі уақытта орталықтағы бес энергетикалық қазандықтың екеуі, үш бу турбинасының екеуі және су жылыту қазандығының үшеуі жұмыс істеп тұр. Ал өзгелері күн салқындағанда қосымша іске қосылады, – деді техникалық директор.

Қанат Бозымбаев жылу орталығының бекітілген жылу қуат межесі мен қазіргі іс жүзіндегі жылу қуат шамасының арасында айырмашылық бар-жоғын сұрады. Бұған бекітілген жылу қуатының сағатына 976 гигакалорияны, ал іс жүзінде өндірілетін қуаттың сағатына 561 гигакалорияны құрайтыны, айырмашылықтың болуы сегізінші су жылытқыш қазандығының жоқтығынан деп түсіндірілді.

– Бүгінде Орал қаласына сағатына 476,2 гигакалория жылу қуатын жеткізуге келісімшарт жасалды. 100 гигакалориядай қосымша жылу қуаты қорда бар. Қалада дербес 20 қазандық жұмыс істейді, – деп нақпа-нақ жауап  берді  Н. Жұмалиев.

– Бізде жылу қуатынан тапшылық жоқ, – деп  үстемеледі  облыс  әкімі.

Бұдан кейін Н. Жұмалиев министрге Орал жылу қуат орталығының  негізгі және қосымша құрал-жабдықтарына қайта жабдықтау және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын әңгімеледі. Оның айтуынша, мақсат  – орталықтың белгіленген өндірістік қуатын  ұлғайту. Үш кезеңмен іске асырылатын жұмыс барысында турбоагрегатты, энергетикалық қазандықтарды, су жылыту қазандықтарын ауыстыру жоспарланған. Бүгінде ЖҚО-да 300 млн. кВт шамасында электр қуаты өндірілсе, жаңғырту жұмыстарынан кейін оның шамасы 350-380 млн. кВт-қа жетеді деп күтілуде. Бірінші кезеңнің жұмысын  іске асыруға 4,5-5 млрд. теңге көлемінде қаржы керек. Бұл шаруа ҚР Энергетика министрлігі жасақтаған жылумен қамту жүйесінің құрылысы мен реконструкциялау үшін облыстық бюджеттерді республикалық бюджет есебінен несиелеу бағдарламасы бойынша  жүргізіледі.

Бұдан кейін Қ. Бозымбаев жылу қуат орталығындағы газтурбоагрегаттың және жылу беру қазандықтарының жұмыс ырғағын көріп, байқады.  Мамандармен тілдесіп, жұмысқа қатысты түйінді түйткілдер бар-жоғын сұрап білді. Олар қыс басталғалы жылу беруде тоқталыс немесе апатты жағдай орын алмағанын айтты.

Сондай-ақ, министр облыс әкімінен Орал жылу қуат орталығына қосымша газ жеткізетін күретамыр газ құбырының құрылыс жұмысының жай-жапсарын сұрады. «Магистралды газ құбыры тартылды. Енді алдағы уақытта жылу орталығымен құбырларды тоғыстыру жұмысы жүргізіледі», – деді Алтай  Көлгінов.

*   *   *

Облыстағы электр желілерінің 83 пайызы тозған. Бұл жайында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясының ұжымымен кездесуінде айтты. Министр бұл мәселе тариф құнын шектегендіктен пайда болды деп есептейді. Тозығы жеткен электр желілері мен инфрақұрылымын жөндеуге жұмсалатын қаражат мөлшері әзірше белгісіз. Сондықтан даму стратегиясын жасақтап, өңір әлеуетіне қатысты инвестициялық бағдарлама қабылдау қажет. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы тапшы.

Мәселені инвестициялық тарифтер мен мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында шешуге болады. Қанат Бозымбаев қазіргі уақытта өңір жұртшылығын электр қуатымен қамтамасыз етуде айтарлықтай түйткіл жоқ екенін айтты.

Кездесуде Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген басым бағыттарға тоқталған министр салалық бағыттар бойынша атқарылған жұмыс жайын баяндады.

Оның мәліметінше, былтыр елімізде мұнай өндірісі 86,2 млн. тоннаға жетсе, Батыс Қазақстан облысы бойынша 13,1 млн. тонна мұнай өндірілді. Қарашығанақ кен орнында 12,5 млн. тонна конденсат және 22,2 текше метр газ өндірілген екен. Біздің облыс  республика бойынша мұнай өндіру көлемі жөнінен үшінші орында. Былтыр «Жайықмұнай» компаниясы 142 мың тонна сұйытылған газды өндірді. Оның ішінде 28 мың тоннадан астамы газ құю бекеттеріне тасымалданды. ҚР Энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлесе жұмыстануы арқасында өңірдегі елді мекендерді газдандыру  деңгейі  94  пайызға  жетті.

– Облыста иесіз қалған 99 шақырым электр желісі мен 11 қосалқы трансформатор стансасы  бар екені анықталды. Облыс әкімдігі оларды иесіз деп танып, меншігіне алып, өңірлік энергокомпанияларға беруі тиіс. Былтыр «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамына сәйкес бұл бағытта жұмыс жүргізу үшін заңнама талаптарын жетілдірдік, – деді Қанат Бозымбаев. Министрдің айтуынша, былтыр облыстағы өндірістік қалдықтардың көлемі 110 мың тоннаға дейін көбейді. Өндірістік қалдықтардың 33 пайызы өңделді. Облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтардың 2,1 пайызы өңделіп, кәдеге жаратылды. Елді мекендердің 61 пайызында қалдықтар  көлікпен  тасымалданады.

– 2016 жылы еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың 2 пайызы, ал өткен жылы 9 пайызы өңделді. Қалдықтардың өңдеу қарқыны үш есеге артқанымен, әзірше бұл бағыттағы Батыс Қазақстан облысының үлесі мардымсыз. Өңірдегі 318 полигон мен қоқыс үйіндісінің сегізі ғана экологиялық-санитарлық талапқа сәйкес қоршалып, құжаттары жасалған. Әлемдегі дамыған елдерден үлгі ала отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің кешенді амалын қарастыратын боламыз. Оған шағын және орта бизнес өкілдерін тартуымыз қажет. Облыс әкімдігі фин компаниясымен қалдықтарды өңдеу жөнінде келісімге келгені қуантады. Инвестормен тығыз байланыс орнатып, бұл бағытта жұмысты жүйелі жүргізуге министрлік те мүдделі. Алдағы уақытта ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын жетілдіреміз. Соның аясында қоршаған ортаға зиянын тигізген кәсіпорындардан өндірілген өтемақыны мақсатты түрде жұмсалуына, яғни облыс әкімдіктері бюджетке өндірілген миллиардтаған қаржыны өңірлердің экологиясын жақсартуға бөлуіне ықпал етуіне басымдық беріледі, – деді  Қанат Бозымбаев.

Министр елімізде мұнай-газ кеніштерін сандық технологиялар арқылы басқару, «Ақылды кен орны», «Цифрлық электрстанса», «Ақылды желілер» пилоттық жобаларын іске қосу қолға алынатынын баяндады. Жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде тың жобалардың жүзеге асуына қолдау білдіретінін айтты. Сондай-ақ министрмен кездесу кезінде «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директорлары кеңесінің төрағасы Яхия Чудров пен «Отделстрой» құрылыс компаниясының директоры Валентина Михно өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесуден кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Орал трансформатор зауытына барды.

– Бұл зауыт заманауи талапқа сай құрал-жабдықтар шығаруда.

Кәсіпорын басшылығы жаңа технологияларды қолданысқа енгізуді жоспарлауда. Трансформатор бөлшектері ішкі нарықты қамтамасыз етуде және экспортқа шығарылуда. Осындай отандық компанияларға қолдау көрсетеміз, – деді  Қанат  Бозымбаев.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді   түсірген Айбатыр   НҰРАШ


Былтыр тоғыз мемлекетке агроөнімдер экспорттадық

Күні: , 111 рет оқылды


Кеше Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында облыс әкімі Алтай Көлгінов ел-жұрт алдында есеп берді. Жиында облыс әкімі өткен жылғы өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттер туралы баяндады. Есепті кездесуге облыс халқына қоса, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Есет Байкен, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің мемлекеттік инспекторы Серік Ғизатұлы қатысты.


— Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Енді біздің ел атқа қонады.

Дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарыса алады» деген болатын. Мақсаты айқын еліміз өткен жылы да айтулы шараларды табысты өткерді. Осыдан тура бір жыл бұрын алдарыңызда есеп беріп, 2017 жылғы атқарылатын жоспарлармен бөліссек, бүгін, міне, еліміз бен өңіріміздің дамуы жолында ерекше орын алған тағы бір жылды қорытындылаймыз. Біз үнемі барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулер мен азаматтарды қабылдауда сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді ескеріп келеміз. Ағымдағы жылдың қаңтар айында біз тұрғындардың арасында ресми сайтымыз және жергілікті БАҚ арқылы онлайн сауалнама жүргіздік. 20 сұрақтан тұратын онлайн сауалнамаға 40 күннің ішінде облыстың мыңдаған белсенді тұрғыны қатысты. Сауалнамаға қатысушылардың 15 пайызы жол жөндеуді, 12 пайызы өңірдегі медициналық қызмет көрсетуді  дамыту, 8 пайызы жұмыссыздықпен күресуді алға тартса, 8 пайызы тұрғын үй құрылысы қарқынын төмендетпеуді сұраған. Ауыз су, газбен қамту, абаттандыру, қоғамдық тәртіпті күшейтуді талап еткен тұрғындар да бар. Барлық тұрғынның ұсынысын ескеретін боламыз. Өңіріміздің дамуына, күнделікті тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамай, белсенділік танытқан әр тұрғынға алғысымызды білдіреміз, — деп бастады облыс әкімі өз баяндамасын.

Облыс әкімінің айтуынша, 2017 жыл облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткіштермен қорытындыланған. Оған бірінші кезекте Елбасы қабылдаған мемлекеттік бағдарламалар тікелей септігін тигізген. Атап айтқанда, ішкі жалпы өнім өткен жылдың тоғыз айлық қорытындысы бойынша 1,5 триллион теңгені құраған.

Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға артқан. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінде 5,5 %-ға өсім байқалып, 2 триллион теңгені құраған. Оның ішінде тау-кен өндірісі 5,5 пайызға, өңдеу саласы 5,7 пайызға артқан. Облыс тұрғындарының саны өткен жылы 647 мың адамды құраса, облыс орталығы Орал қаласында 304 мың тұрғын бар.

— Елбасы 2050 жылға қарай елдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндетін қойды. Бұл көрсеткіш біздің өңірде жыл сайын 1,5 — 2 пайызға өсіп, бүгінде 42 пайызды құрап отыр. Яғни біздің облыс Астанадан кейінгі екінші орында. Шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 112 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 5 мың адам осы салаға келген. Салық саласы бойынша мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 2 млрд. теңгеге артып, 256 млрд. теңгені құрады. Бір ғана Индустрияландыру картасының кәсіпорындары 5 млрд. теңгеден астам салық төледі. Индустрияландыру картасына жалпы құны 81 млрд. теңге болатын 22 жоба енгізілген болатын. 2017 жылы 536 адамды жұмыспен қамтыған 10 жоба іске қосылды.

Облыс тұрғындарын толғандыратын ең түйткілді мәселенің бірі — жол екендігін жоғарыда айтқан болатынбыз. Батыс Қазақстан жол жөнінен еліміз бойынша ең артта қалған өңір болып саналады. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. 2014 жылы облыста 160 шақырым жол ретке келтірілсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 290 шақырымға жетті. Ал өткен жылы 500 шақырым жол жөндеу қолға алынып, соның 420 шақырымы аяқталды. Мұндай жұмыстар Ақжайық, Бөрлі, Тасқала секілді облыстың тоғыз ауданында және Орал қаласында жүргізілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген қаржыға күретамыр жолдарымыз жөнделіп жатыр. Аяқталуына 30 шақырымы қалған Орал — Саратов тасжолын жөндеу жұмыстары биыл жалғасын табады. Ал облыстық маңызы бар жолдардың 128,5 шақырымы жөнделді. Орал қаласында 67 көшеде жөндеу жұмыстары басталған болса, соның 61 көшесінде жөндеу аяқталды. Облыс орталығының жолдарын жөндеуге 2015 жылы – 1,3 млрд. теңге, 2016 жылы – 2,4 млрд. теңге, ал 2017 жылы 8,1 млрд. теңге бөлінді. Депо көпірін қайта салу жұмыстары қарқынды жүруде. Егер көпірдің құрылысын қосатын болсақ, 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жол жөндеу жұмыстары кезінде 11 мың адам жұмыспен қамтылды.

Өңір тұрғындарын баспанамен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Тұрғындарды жеке қабылдағанда да осы түйткіл көп айтылады. Тұрғын үйге деген халықтың сұранысы күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылар саны 56 мыңды, ал баспана кезегіндегілер 22 мың тұрғынды құрап отыр. Елбасымыз қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы кезінде өңірімізге 14 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы қаражат есебінен облыс орталығында 14 көп қабатты тұрғын үй және сегіз ауданда 188 тұрғын үй салынды. Сөйтіп, өткен жылы 1500 облыс тұрғыны баспаналы болды. Жалпы, соңғы екі жылда 3000-нан астам отбасы тұрғын үймен қамтылды. Бұлардың ішіндегі кезекте тұрған 700 жанұя ата-ана қамқорлығынсыз өскен балалардың отбасылары. Былтыр баспаналы болған тұрғындардың қатарында мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар және белгілі себептермен жеңілдікке ие болған отбасылар да баршылық.

Қандай да бір құрылыс жүргізу үшін әуелі инженерлік-коммуникациялық желі тарту керектігі өздеріңізге мәлім. Ауылдық жерлерде 128 тұрғын үй, облыс орталығында 28 көп қабатты тұрғын үй және 13 әлеуметтік нысан салу мақсатында инженерлік-коммуникациялық желіге арналған 15 нысан бой көтеріп, 200 шақырым жылу және электр желілері тартылды.

Тұрғындарды толғандырып жүрген, біздің жұмысымыздағы басшылыққа алынған басым бағыттардың тағы бірі – алыс елді мекендерді таза ауыз сумен қамту. 2016 жылы өңірдегі 443 елді мекеннің 37 пайызында ғана орталықтандырылған ауыз су болды. Президентіміздің тапсырмасын орындау мақсатында, Парламент депутаттары мен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде өткен жылы 13 миллиард теңгеге 60 ауылға таза ауыз су жеткізу жұмыстарын жүргізуді бастадық. Нәтижесінде бұл бағыттағы көрсеткішті 40 пайыздан асырдық. Осы ауылдарда 77 мың халық тұрады. Қазір облыстың 178 елді мекеніне ауыз су жеткізілген. Бөлінген қаржының 9 млрд. теңгесіне 1 100 шақырым су құбыры тартылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Облысты көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 93,4 пайызды құрап келсе, өткен жылы алты ауданның 36 елді мекеніне газ тарту жұмыстары жүргізілді. Алыс елді мекендердің тұрғындары отын, көмір жағудан құтылды. Нәтижесінде өңірдің газбен қамтылу көрсеткіші 94 пайызға жетті. 23 елді мекен бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Басталған жұмыстар аяқталған соң облыс аумағындағы елді мекендердің көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 95 пайызға жететін болады.

Бөрлі ауданындағы Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын кезекпен, қауіпсіз аймаққа көшіру өзекті мәселенің бірі болатын. Өткен жылы бұл елді мекендердің тұрғындары толығымен Ақсай қаласына қоныс аударды. Атап айтқанда, 464 отбасы немесе 2000-нан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Олар үшін екі тоғыз қабатты, 100 бір қабатты тұрғын үйлер, 320 орындық балабақша және 300 оқушыға есептелген су жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді.

Соңғы жылдары облыс орталығының көшелерін жөндеу, көркейту жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Қала көшелеріндегі және шаһар маңындағы шағын ауылдарға қатынайтын бірқатар жолдар жөндеуден өтті. Өткен жылы 10 мың адам тұратын 54 көп қабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Шаһардың сәнін арттыра түсу үшін тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, орнына жаңа көп қабатты тұрғын үй салу жұмыстары да қарқын алуда, — деген Алтай Сейдірұлы одан әрі ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер туралы баяндады.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы ауыл тұрғындарына 10,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға артық. Бұған қоса ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 8,5 млрд. теңге несие берілді. 2016 жылғы көрсеткіштен 5,7 пайызға көп. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 300 ауыл тұрғыны 1,5 млрд. теңгені құрайтын шағын несиемен қамтылды. Нәтижесінде 285 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы алғанда, агроөнеркәсіптік кешенді инвестициялау 70 пайызға дейін артты. Былтырғы есеп бойынша өңірде 556 мың ірі қара, 1 млн. 156 мың ұсақ мал, 170 мың бас жылқы және 1 млн. 503 мыңнан астам құс тіркелген. Асыл тұқымды мал саны 2017 жылы 88 500-ден асты. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 21,3 пайызға артық.

Өткен жылы Әзірбайжан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украина секілді тоғыз мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған.

— Мемлекет басшысы айқындап берген ирригациялық жүйелерді қайта жаңарту және жайылымдық жерлерді суландыру жұмыстары өңірімізде қарқынды жүруде. Осы салада 2 млрд. 250 млн. теңгеге барлығы алты жобаны бастаған болсақ, соның төртеуі аяқталды. Соның арқасында өңірде 3,5 мың гектар жер тұрақты сумен, 70 мыңнан астам гектар жер суару жүйесімен қамтамасыз етілді. Екі жыл ішінде облыста игерілмей жатқан 1 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар аудандарда тиісті жоспарларға сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Өткен жылдың өзінде 43 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған болса, өңіріміз бойынша барлығы 214 кооператив жұмыс істейді. Жұмыспен қамту саласындағы кешенді бағдарламалар нәтижесінде 27 500 адам жұмыспен қамтылды. Бір жыл ішінде 14 мыңнан астам жұмыс орындары жасақталса, соның 11 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары.

2017 жыл білім беру саласы үшін де табысқа толы жыл болды. Былтыр өңірімізде әлеуметтік сала бойынша 46 нысанды күрделі жөндеуден өткіздік. 24 жаңа білім беру нысаны салынды. Сол арқылы біз үш ауысымдағы үш мектептің және апатты жағдайдағы бір мектептің мәселесін шештік. Ал маман тапшылығын өткен жылы алғаш рет жергілікті бюджет есебінен 200 мектеп түлегіне білім гранты беру арқылы шеше бастадық. Сол 200 гранттың 66-сы болашақ мұғалімдерді дайындауға жұмсалды. Педагог мамандар дипломын алған соң, келісімшартқа сәйкес маман жетіспейтін мектептерде қызмет істейтін болады.

Егер 2016 жылы тек 24 жеке балабақша болса, қазір ол көрсеткіш 43-ке дейін көбейді. Соның нәтижесінде үш жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру мекемелермен қамту 99,9 пайызға жетті. Сонымен қатар облыс мектептеріндегі ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 пайызды құрайды. Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі балалардың 61 пайызын қамтыды. Интернетке облыстың 380 мектебі толық қосылса, оның 330-ы кеңжолақты ғаламтор жүйесімен қамтылған.

Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, өткен жылы 19 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек, Успен ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынды. Облыс орталығындағы жаңа емхана пайдалануға берілді. Соңғы жылдары өңірімізге 270 медицина мамандары жұмысқа келді. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде қызмет жасауда. Дегенмен, әлі де болса, облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне 207 маман жетіспейді. Бұл түйткілді де шешу жолдарын қарастырудамыз, — деген облыс әкімі мәдениет, спорт, жастармен жұмыс, қоғамдық тәртіп салаларындағы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті.

Бұдан соң облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының биылғы Жолдауда айтылған міндеттері мен соған сәйкес атқарылатын жұ-мыстардың жоспарымен бөлісті.

— Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл басында Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 10 үлкен бағытты атап көрсетті. Барлығы да елімізді ілгерілетіп, халқымыздың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған. 2018 жылы атқарылатын жұмыстар Елбасының биылғы Жолдауындағы бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады. Осы тапсырмаларға сәйкес біздің де жұмыс жоспарымыз жасақталмақ. Индустрияландыру тұрғысынан біз тағы жеті жобаны енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс сәтті орындалған жағдайда қосымша 150 жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз энергиятиімділік, қуат үнемдеу, өнеркәсіптік және тұрмыстық қоқыстарды қайта өңдеу бойынша жаңа технологияларды енгізу секілді жұмыстарды нақты жоспарлауымыз керек. Еске сала кетейін, Астанадағы «ЭКСПО» көрмесі жаңа технологиялармен танысуға зор мүмкіндік берді. Сол көрменің арқасында Оралдағы қатты қалдықтарды кәдеге жарату бойынша финдік әріптестер бізге жұмысқа келді. Жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр.

Жолдаудың Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бөлімінде Президент «Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін аутожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек» деп атап өтті. Сондықтан біз өткен жылы атқарған жол жөндеу жұмыстарының деңгейінен түспеуді мақсат еттік. Биыл Жалпақтал ауылынан асқан тасжолды Қазталов ауылына жеткізуді көздеп отырмыз. Саратов бағытындағы тас жолдың 104 шақырымын толықтай жөндеп, шекараға сегіз жолақты жол салынатын болады. Бұдан кейін Орынбор бағытындағы тас жолды жөндеу жоспарымызда бар. Инвестициялар және даму министрлігімен  жобалау жұмыстарын бастадық, — деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, шаһардағы былтыр басталған алты көшенің жолын жөндеу жалғасады, бұған қоса 13 шақырым жол жөнделмек. Осы жұмыстар аяқталған соң, жыл соңында өткен үш жылда жөнделген жолдардың ұзындығы бойынша 1 мың шақырымнан аспақ. Ел аузында «Омега көпірі» атанып кеткен өткелді жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс орталығында 21 көп қабатты және ауылдық жерлерде 123 бір қабатты тұрғын үй салу күн тәртібінде тұр. Осы үйлердің құрылысы аяқталған күнде тағы 2000 отбасы баспаналы болып, тұрғын үймен қамтылғандар саны 5 мыңнан аспақ. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы аясында тозығы жеткен үйлер мен білім, денсаулық сақтау және спорт нысандарын бұзып, қайта салу жұмысы жоспарлы түрде жалғасатын болады.

Ағымдағы жылы «Орал» әуежай терминалын бұзып, қайта салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыс орталығында тұрғындарға қызмет көрсетудің жаңа арнайы орталығы жасақталуда. Бұл орталықта транзиттік және жергілікті көлік иелері үшін қажетті инфрақұрылымның барлығы болады. Ішкі туризмді дамыту үшін жаңа заманауи қонақүйлер салу да ойдағы шаруа.

— Ақ Жайық өңірінде мәдениет дамығанымен, облыс орталығында лайықты мәдениет үйі жоқ. Осы бағытта түрлі кездесулерде тұрғындар тарапынан өтініштер айтылып жүр. Сондықтан халықтың ұсынысын ескеріп, биыл 1500 орындық заманауи мәдениет үйінің құрылысын бастайтын боламыз, — деді облыс әкімі.

Есептік жиын барысында қала тұрғындарының саны жыл санап артып келетіндігі, таяу жылдары қала халқы 400 мың адамға жететіндігі айтылды. Қала тұрғындарын тұрғын үймен қамту мақсатында Ақжайық ықшамауданы бой көтермек. Аумағы 450 гектарды құрайтын жаңа шағынауданда 50 мың адамға есептелген 130 көп қабатты үйлер, 20 шақты әлеуметтік нысандар салынбақ.

— Былтыр 12 ауданның 100-ден аса елді мекенінде болдық. Жағдайды көзбен көріп жүрміз. Елбасымыздың «Ауыл дегеніміз – халықтық тұрмыс-салтымыздың, ұлттық мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымыздың, рухымыздың қайнар көзі» деген сөзі бар. Сондықтан біз қала мен ауылды бөліп қарамаймыз. Керісінше, арасындағы айырмашылықты жоюға күш салатын боламыз. Сол мақсатта биыл тағы 50 ауылдың халқына таза ауыз су жеткізетін боламыз. Газдандыру жұмыстары да жалғасын табады. 2018-2021 жылдар аралығында ұялы байланыс пен интернет жеткізуді кезең-кезеңімен жүзеге асырмақпыз. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен тығыз жұмыс істеуді бастадық. 92 елді мекенді интернетпен қамту жұмыстарын бастаймыз. Елбасы биылғы Жолдауында «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының тиісті тапсырмаларына сәйкес өңірімізде суармалы жерлердің аумағы ұлғайып келеді. Біздің жоспарымызда Жаңақала ауданындағы қақпаларды жөндеу мен Азнабай — Тайпақ каналын қалпына келтіру жұмыстары бар. Осы жұмыстар жүзеге асқаннан кейін біз 215 мың га жайылымдық жерлерді суландыруға мүмкіндік аламыз. Ағымдағы жылы әлеуметтік сала бойынша 20 мың адамды жұмыспен қамту шаралары қолға алынатын болады. Сонымен қатар 8 мың адам бос жұмыс орындарына орналасып, 4 мыңнан астам адам кәсіби білім алып, 400 кісіге несиелер мен гранттар табыстау көзделіп отыр. Салынып жатқан білім нысандарының құрылысы аяқталып, рет-ретімен мектептерді күрделі жөндеу жұмыстары жалғасатын болады. Облыста 223 шағын мектеп бар. Соның барлығы «Bilim Media» электронды оқулықтарымен және интернетпен қамтамасыз етіледі.

— Құрметті батысқазақстандықтар! Елбасымыз «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында халық пен биліктің алдына 30 дамыған елдің қатарына ену жөнінде асқақ мақсат қойды. Мемлекет басшысының өңірлердің әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы тапсырмаларына сәйкес, тиісті министрліктермен, Парламент депутаттары және «Нұр Отан» партиясымен жүйелі жұмыс істеп келеміз.

Нәтижелі жұмыстар мәслихат депутаттарының, қоғамдық кеңес мүшелерінің, көп ұлтты еліміздің бірлігін нығайтудағы үлесі зор облыстағы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерінің, кәсіпкерлер мен тұрғындардың қолдауы арқылы жүзеге асуда. Елдігімізге сызат түсірмей, Елбасы бастап, қоғам болып қостап, бірлігіміздің арқасында аяқтан тұрған еліміздің гүлденуі жолында ынтымақпен еңбек етейік! – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Есептік  кездесудегі сұрақ-жауаптар

Айнагүл  САЛЫҚҚЫЗЫ,

«Бәйтерек» қоғамдық ұйымының өкілі:

– Ауыр дертке шалдыққан балалардың өздерінің де және олардың ата-аналарының да өмірі қиындыққа толы. Әсіресе, әлгіндей жеткіншектердің әке-шешелерін «Біз өмірден өткесін бұл бейшаралардың тағдыры не болмақ?..» деген сұрақ жиі мазалайды. Сол себепті айықпас ауыр дертке шалдыққан балалар үшін 18 жастан кейін өздері тұратын арнайы үй ашылса дейміз. Тағы бір айтпағым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру салаларында мекемеаралық жүйелі байланыс жоқ. Соның кесірінен ата-аналар өздерін мазалаған мәселенің ұшығын таба алмай, аталмыш мекемелердің арасында сабылып жүреді де қояды…

Алтай   КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Әрине, мен біздің облыста да тірек-қимыл дертіне шалдыққан балаларға қатысты қиындықтар бар екендігінен жалпы хабардармын. Ал енді жаңағы арнайы үй жөніндегі сіздің ұсынысыңызды біздің өңірде  әлгіндей ауру-сырқауға ұшыраған қанша бала бар және жаңағы сіз айтқан нысанға сұраныс қаншалықты өзекті, міне, осындай мәселелерді жан-жақты зерделеген жөн.  Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер тарапынан жазылмас кеселге душар болған балаларға жанашырлық таныту бағытындағы жобалар қызу қолдау табары шүбәсіз. Екінші сұрағыңыз бойынша біз тиісті салалардың басшыларымен мүмкіндігі шектеулі перзенттері бар ата-аналардың кездесуін ұйымдастыратын боламыз. Осы жүздесуде сіз өз ой-пікіріңізді  ортаға  салып  көріңіз.

Қалима  ШАЙХЫҚЫЗЫ,

еңбек ардагері,  «Ескі әуежай» шағынауданының  тұрғыны:

– Тәуелсіздік көшесінің бойына түнгі жарық қажет. Кеңес Одағының Батыры Константин Малин атындағы көшеден №37 мектепке дейінгі аралықта тасжол да, тротуар да жоқ. Сондай-ақ ауа райының қолайсыз кезінде балшығы езіліп жататын Қажымұқан көшесі арқылы жүруге мәжбүр болатын мектеп оқушылары, балабақшаға баратын балалар қиындық көріп келеді. №52 маршрутқа қатысты «Газельдер» Малин көшесінің бойына аялдаса екен дейміз. Өйткені аялдама қашық болып тұр. Қажымұқан және Малин көшелерінің қиылысы маңында ешқандай дүкен жоқ. Осы жерден «Желаев» нан комбинатының  дүкені  ашылса  екен.

Алтай   КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Жарық мәселесін жоспарға сай қарастырамыз. Жалпы, аталмыш ауданды жарықтандыру басталды. Бүгінгі таңда Алаш көшесіне жарық орнатылды. Көше жолдарына келсек, өзіңіз көтергендей, мектеп, емхана, өзге де әлеуметтік нысандарға баратын жолдардың мәселесін шешуді бірінші кезекке қоямыз. Өткен жылы сондай 29 нысанға баратын жолды жөнге келтірдік. Сіз көтерген мәселені жоспарға бекітейік. «Желаев» комбинатының нан дүкенін ашу қиын емес, оны ашып береміз. Бұл мәселе қала әкімінің бақылауында болады.

Борис  МЯСНИКОВ,

облыстық  мәслихаттың бұрынғы   депутаты:

– Жайық өзенінің экологиялық мәселесіне қатысты үкіметаралық келісімге қол қойылғанымен, Ресей тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ. Орынбор суды жіберген күнде де, біз оны ұтымды пайдалана алмаймыз. Сондықтан Жайық өзенінің мәселесі қаузалайтын жиындардың бәріне бұл мәселемен бірнеше онжылдықтар бойына айналысқан тәжірибелі жұртшылықты шақыруларыңызды  сұраймын.

Алтай   КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Осы мәселе бойынша 2016 жылы Астана қаласында екі елдің Президенттері үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл құжат бүгінде заңды күшіне енді. Үкіметаралық жұмыс топтары құрылды. Аталмыш топтардың жақын арадағы кездесуі сәуір айының басында Орал қаласында өтетін болып келісілді. Кездесу форматына сай келген жағдайда сізді сол жиынға шақырамын. Өйткені сіз Жайық экологиясының жай-жапсарын жақсы білесіз.

Жайсаң  АҚБАЙ,

еңбек  ардагері:

– Менің сұрағым еліміздің Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мырзаға. Осыдан 15 жыл бұрын Қарашығанақта мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде ұсыныс болды. Аяқсыз қалды. Президентіміз жуырда өткен Үкімет отырысында мұнай өңдейтін төртінші зауытты салу жөнінде міндет қойды. Біз мұнайдың үстінде отырғандықтан, зауыт та біздің өңірде салынуы тиіс. Бізге де табыс керек, жастарға жұмыс керек. Осы мәселеге  қатысты  министрдің   жауабын  естігім  келеді.

Қанат  БОЗЫМБАЕВ,

ҚР  Энергетика  министрі:

– Бұл мәселе бойынша жұмыс тобы құрылды. Инвесторларды тарта отырып, жол картасын әзірлеудеміз. Осы жылы техника-экономикалық негіздеме дайын болады. Сол негіздеме бойынша зауыт қай өңірде салынатыны, қандай өнім шығаратыны, қуаты қандай болатындығы белгілі болады.

Сондықтан қазіргі таңда зауыттың қай өңірде салынатынын нақты айта алмаймыз. Анығы қазан-қараша айларына қарай белгілі болатын шығар.

Жанар  ДӘУЛЕТОВА,

журналист:

– Орал қаласы маңындағы Анискин көліне күн сайын цистернамен қалдықтар төгілуде. Бұл экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Өйткені Анискин көлі Жайық өзеніне жақын орналасқан. Осы мәселеге назар аударуды сұраймын. Өз баяндамаңызда қалада сапалы жолдар салынып жатқаны туралы айттыңыз.  Жол салынғанда жанына суағар неге қоса салынбайды? Жаңбырлы маусымдарда жолдың бетін су басады. Қаланың орталығында, Еуразия даңғылындағы Кеңес дәуірінен қалған суағарлардан айналаға  жағымсыз иіс тарайды. Осыған  неге  ешкім  назар  аудармайды?

Алтай   КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Анискин көлі туралы ақпарат бергеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Экология департаменті мен жергілікті полицияға бүгін барып тексеріс жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтап, баяндауды тапсырамын. Суағар салу шынын айтқанда қымбатқа шығады. Мүмкіндігіне қарай салып та келеміз. Бірақ барлық жерге бірдей суағар құрылысын жүргізу қосымша көптеген қаражатты қажет етеді. Бірінші кезекте асфальт төсеу мәселесі тұрған көшелер бар. Бірте-бірте суағар мәселесіне де жетеміз.

Рүстем  БӨПЕШЕВ,

Жәнібек  ауданындағы Жақсыбай  ауылының  тұрғыны:

– Қазталов – Жәнібек аудандарының жол мәселесіне қатысты ұсынысым бар. Қазталовтан Жәнібекке қарай салынып жатқан жолды Қошанкөл, Қараоба, Жақсыбай, Борсы арқылы жүргізсе екен деймін. Себебі, тіке салынып жатқан жол тек қана төрт ауыл арқылы өтеді.  Сол ауылдарда барлығы 4 мыңға жуық халық бар. Ал жол құрылысын Борсы, Жақсыбай арқылы жүргізген жағдайда тоғыз ауыл, төрт елді мекен, яғни 10 мыңдай ауыл тұрғынын қамтуға болады. Осы мәселенің тиімді жағы қарастырылса  екен.

Алтай   КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Ол жолдың республикалық маңызы бар. Сондықтан өзіне тән

ережелері болады. Дегенмен, сіздің сөзіңіздің де жаны бар. Мәселені қарастырып көрейік.

Салидат  САЙЫМОВА, Қазақстан  студенттері альянсының  белсендісі:

– Студенттерге, жас мамандарға арналған жалдамалы тұрғын үй салу мүмкіндігі бар ма?

Орал қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттер саны айтарлықтай көп. Жатақханадан орын жетіспеушілігі  мәселесі  бар.

Алтай   КӨЛГІНОВ,

облыс  әкімі:

– Иә, жатақханалардан студенттерге орын жетіспеушілігі кім-кімді де ойландыратындай мәселе. Университеттермен жұмыс жүргізетін боламыз. Жалпы, жас жанұялар баспана мәселесіне келгенде мемлекеттік бағдарламалармен қамтылған. Бұрын «Ақжайық – жас отау» бағдарламасы болғаны есіңізде шығар? Бұл бағдарлама өте жақсы жұмыс  жасады. Бірақ жекешелендіруге қатысты талаптар бойынша бұл бағдарлама әзірге тоқтатылды. Қазіргі таңда жас отбасыларды баспанамен қамтудағы Алматы қаласының тәжірибесімен танысудамыз. Заңды тетіктері табылған жағдайда жас отбасыларға арналған бағдарламаны жаңғыртатын  боламыз.

Р.S.    Сұрақ-жауап барысында облыстық мәслихаттың депутаты Қатауолла Ашығалиев «Қазтрансгазаймақ» ЖШС газ құбырына айырып-қосу мәселесін жеке-дара шешпеуі үшін әкімдік жанынан газтехникалық инспекция құру керектігін алға тартты. Сондай-ақ ол «Дипломмен – ауылға» бюджеттік бағдарламасына малдәрігерлерін  кірістіру  керек  екендігін  де  айтты. 

Ал педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев «Рухани жаңғыру» бағытындағы жасампаз істерге ұйытқы болып жүргені үшін, ашық қоғам қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмысы және облыстың инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру мақсатындағы қажырлы еңбегі үшін облыс әкімі Алтай Көлгіновке ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Әрі ғалым жерлесіміз батысқазақстандықтарды еліміз бен туған өлкемізді гүлдендіру жолындағы жемісті еңбек ырғағынан жаңылмауға шақырды. Осындай мазмұндағы ұсыныс-тілектерін тағы да біраз жерлестеріміз жеткізді.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Жеңіс шеруіне қатысқан жеңіс сарбазы

Күні: , 130 рет оқылды


Орал қаласының байырғы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Гапичтің есінен кетпейтін екі оқиға бар. Оның бірі Кенигсберг қаласы үшін жан алып, жан беріскен шайқастар болса, екіншісі 1945 жылы 24 маусымда Мәскеу қаласындағы Жеңіс шеруіне қатысуы.


Күні кеше ғана 95-ке толған ол әлі тың, жүрісі ширақ, тілі күрмелмейді. Жас кезінде спорттың сан түрімен, соның ішінде спорттық гимнастикамен айналысқан оның өзін сергек те сенімді сезінуі түсінікті. Жан жары Лариса Петровнаның да өмірден өткеніне қарамастан, жалғызсырап көрген емес. Өйткені Иван Степанович қашанда өзін қоғамға, адамдарға қажетті санайды. Әрине, жалғыз ұлы Александр мен одан өрбіген ұрпағы атасын еңсені езетін жалғыздықтың құрсауында  қалдырған да емес.

Иван Степанович – Қарағанды қаласының тумасы. Ата-анасы шахтерлер қаласына бұрынғы Ақмола, бүгінгі Астана қаласынан қоныс аударса керек. Қарағандыда  оның  балалық шағы  өтті. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Кеңес одағының бүкіл жастары сияқты спортпен жан-жақты айналысты. Әсіресе, гимнастика десе, ішкен асын жерге қоятын еді. Айрықша қабілетінің күшімен талай рет мектепішілік, қалалық және облыстық жарыстың көш басында жүрді. Сабақты спортпен ұштастырған бозбалаға сол кездегі астана – Алматы қаласындағы республикалық жарысқа жолдама берілді. 9-сынып бітірген Иван 1941 жылы маусымның ортасында жерлестерімен бірге пойызбен Алматыға аттанды. Алайда жолда суыт хабар жетті, соғыс басталыпты… Жарыс та, басқасы да жайына қалды. Туған өлкесіне суыт оралған жас жігіт замандастарымен бірге қалалық әскери комиссариатты жағалады. Шахтер әкесі мен асхана меңгерушісі қызметін атқаратын  анасы ұлының тілегін аса мақұлдамаса да, қарсы болған жоқ.

Сөйтіп, 1941 жылдың 23 тамызында ол әскерге алынды. Бірақ өзі аңсағандай, бірден майданға жеткен жоқ. Соғыстың алғашқы айларындағы қанқұйлы сәтсіздіктерден орынды қорытынды шығарған елдің әскери басшылығы жауынгерлік білігі мен білімі жоқ жастарды оқ пен оттың өтіне бірден жібермеді. Кейіпкеріміз де Ташкент қаласындағы әскери байланысшылар оқуын бітіріп, қарашада Мәскеу түбінен бір шықты.

– Әскери байланысшы – ауыр да азапты іс. Үнемі қаңғыған оқ пен снаряд не минадан сақтанып жүргенің. Бірақ жауынгерлік міндетімді атқаруда мүлт кеткенім жоқ. Өйткені біздің әскердің соғыстың алғашқы айларында көп шығынға ұшырауына басқа себептермен қатар, байланыстың әлсіз болуы да кесірін тигізді.  Айтпақшы, алғашқы ұстаған қаруым немістің «Шмайссері» болды. «Жау қаруы» демесең, ұстауға жеңіл, қолдануға қолайлы еді. 1891 жылғы үлгідегі Мосинның бесатарын айтпағанның өзінде, ППШ сынды өз қаруымыздың да салмағы өте ауыр болды. Жалпы алғанда, қатыгез дұшпанның соғысқа даярлығы да, техникасы да, қаруы да мықты болып, талайдың сорын қайнатты. Кейін әйтеуір, біздің қару мен техниканың сапасы артып, дұрыс соғысуға мүмкіндік алдық. Рас, естуім бар, кей жерде жау қаруын ұстауға тыйым салыныпты. Алайда жаның қысылғанда, таңдап жатуға мүмкіндік бола ма?! — дейді бүгінде күлімсіреп Иван Степанович.

1942 жылы қаңтарда құрамында  И. Гапич бар  арнаулы топты әскери басшылық Смоленск облысының аумағына аттандырған. Неміс басып алған жерде жасырын әрекет еткен топ байланыс жүйелері мен теміржолды қопару, көпірлерді жару сынды әрекеттерді белсенді жүргізді. Елді мекендердегі саны аз гарнизондарға кенеттен шабуыл жасап, құртып отырды. Азық-түлік және қару-жарақ қоймаларын өртеді. Әрине, жау да қарап қалмады. Өздерінің тылында әрекет еткен қарулы топты құрту үшін бар күшін төкті. Көп қандыкөйлек қаруласынан айырылған Иван саны сиреп қалған жауынгер достарымен бірге құрсаудан әйтеуір сытылып шығып, кері оралды. Сол күндер мен түндер жайында жеңіс сарбазы қазір сағаттап айтуға даяр.

Одан кейінгі  И. Гапичтың  майдан жолдары Белоруссия мен Балтық бойы елдерінде, Польшада жалғасып, Шығыс Пруссияда аяқталды. Әсіресе, Кенигсберг қаласындағы қиян-кескі шайқастарды И. Гапич әлі күнге дейін ұмытпайды.

– Аталмыш қала жаудың мықты бекінген орны болатын. Сондықтан дұшпан аянбай қорғанды. Қаншама қарулас боздақтардың қаны төгілді десеңізші?! Көктемде толарсақтан саз кешкен кеңес сарбаздары ақыры жеңіп шықты. Ұлы Жеңісті мен сол қалада қарсы алдым. Ал 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысуым мен үшін тосын сый болды. Тіпті күткенім жоқ. Оған қатысуға менен де лайық қаруластарым болды ғой. Шеруге теңізші, зеңбірекші, тағы басқа әскери сала өкілдерін іріктеп жатқанда, байланысшы ретінде таңдау маған түсіпті. Оған әлі күнге дейін разымын. Іріктеу де оңай болған жоқ. Қатысушының бойы 1 метр 70 сантиметрден кем емес, спорттық пішіндегі азамат болуы және басқа да талаптар қойылды. Барлық қатқыл талаптардан ойдағыдай өтіп, көппен бірге сапта тұрдық. И. Сталин, Г. Жуков, К. Рокоссовский сынды тарихи тұлғаларды көзіммен көргенімді мақтаныш етемін. Ең бастысы – тізе бүккен дұшпанның туларының Кремль іргесіне жиіркенішпен лақтырылғандығы есіме түскенде, Отаным үшін мақтаныш сезімі қазір де кеудемді кернейді, — дейді батыр ақсақал.

Соғыстан кейін майдангер құқық қорғау саласында қызмет етті. Заңгер болу оның бозбала кезінен бергі арманы болыпты. 1947 жылы әскерден босап, жауынгерлік шинелін азаматтық киіммен ауыстырған ол көп ұзамай Алматыдағы заң институтына оқуға түсті. Оны 1951 жылы ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Қарағандыдағы №2 қалалық прокуратурадан бастады. Өмірінің 35 жылын прокуратура қызметіне арнаған И. Гапич еліміздің көптеген өңірінде еңбек етті. 1966-1986 жылдары Орал облысы прокурорының орынбасары болды. Соғыста алған І дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен жауынгерлік өңірге тағар белгілерін бейбіт еңбектегі сан алуан марапаты толықтырды. Қазір ол – Орал қаласының құрметті азаматы. Құқық саласындағы шәкірттері де бүгінде Иван Степановичті шын жүректен құрмет тұтады, үнемі хабарласып тұрады, ара-арасында ақыл-кеңес сұрайды. Қарулас және әріптес дос-жарандары бар. Әсіресе, досы, Орал қаласының тұрғыны, майдангер Хамза Сафинді бауырындай көреді. Қандай ма болсын шақырудан, денсаулығы жақсы болса, тартынбайды. Майданда қандай таңдаулы сарбаз болса да, бейбіт өмірде де сондай мақтаулы жанның 95 жылдық ғұмырына өзінің шүкірлік етуі құрметке лайық. Жеңіс сарбазының ел-жұртқа тілейтіні бейбіт өмір мен жасампаз еңбек.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Темір табыттар ағыны тоқтаған күн

Күні: , 85 рет оқылды


1989 жылғы 15 ақпанда Кеңес әскері Ауғанстан аумағынан шығарылғаны мәлім. Осы айтулы оқиғаға  29 жыл  толуына  орай Орал  қаласындағы  Жеңіс  алаңында  интернационалист-жауынгерлердің  есімдерін  ұлықтауға арналған  салтанатты шара өтті.


Шара Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне арналған бір минут  үнсіздіктен басталды.

Содан соң Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов елімізден аттанған жауынгерлердің ерліктерін еске алып, олардың интернационалдық борыштарын абыроймен атқарғанын айтты.

– Ауған соғысының аяқталғанына 29  жыл толғанымен, сол бір зұлмат жылдардың қайғы-қасіреті әлі де болса көптің көкейінде. Себебі, талай отбасын қан жылатқан сол соғыста біреу ұлынан, енді біреу асыл жарынан, ал біреулер әкелерінен айырылды. Сондықтан қыршын кеткен боздақтардың ерліктеріне тағзым етіп, құрмет көрсету – біздің міндетіміз. Сондай-ақ бұл аға толқын өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелерінде зор мәнге ие. Осы мүмкіндікті қалт жібермеуіміз керек», – деді Мирболат Сағынғалиұлы.

Ал облыстық қорғаныс істер жөніндегі басқарма бастығының бірінші орынбасары, жұмылдыру бөлімінің бастығы, полковник  Сергей  Щербинин ұрыс даласында қаза тапқан ерлердің есімін ұлықтаудың  маңыздылығына  тоқталды.

– Жыл сайын  ақпан айының 15-інде біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста  18-20 жастағы өрімдей жігіттер жазықсыз құрбан болды.

1979 жылы басталған бұл зұлмат соғыста Кеңес әскерлері қайталанбас қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Мейлі өзге елде болсын, халықтың тыныштығын қалаған батырларымыздың басым бөлігі сол бір сұм жылдарда майдан даласында қаза тапса, тағы бірі із-түссіз жоғалып кетті. Айта кетсек, Қазақстаннан Ауғанстанға 29 мыңнан астам жауынгерлер аттанса, оның 701-і  қаза тауып, елімізге әкелініп жерленді. Сондай-ақ 21 адам із-түссіз жоғалып кетті. Ал Батыс Қазақстан облысынан Ауғанстанға  аттанған 1500-ден астам сарбаздың  28-і майдан даласында қаза тапты.  Бұл күн – Ауғанстаннан ағылған темір табыттардың тоқтаған, ал аналар марқұм болған балаларын жоқтаған күн.  Сондықтан Ауған соғысының ардагерлері мен елі үшін жанын пида еткен ерлердің туған-туыстарына амандық, дендеріне саулық тілеймін, – деді полковник  Сергей  Александрұлы.

Шара барысында ауған соғысының бірқатар ардагерлері «Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 20 жыл» «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл» төсбелгілерімен марапатталды. Олардың қатарында Игорь Щелоков, Игорь және Олег Сутерлер,  Владимир Тулин және Мерхан Жұмалиев пен  Қайрат  Әділханов  сияқты  азаматтар бар.

Елін қорғаған ел есімдерін ұлықтау мақсатындағы осынау шара  Ауғанстан жерінде қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл  шоқтарын  қоюмен  аяқталды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы һәм Ғұмар Қараш»

Күні: , 116 рет оқылды


Таяуда  Жәнібекте  «Рухани  жаңғыру: Алаш  қозғалысы  һәм  Ғұмар Қараш»  атты  облыстық  ғылыми-тәжірибелік  конференция  өтті. Басқосуда «Ұлысын ұлықтаған  Ғұмар  елі» атты  жинақтың  тұсауы  кесілді.


Конференцияға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, «Ғ. Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі» атты монографияның авторы, БҚИТУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы  Бақтылы  Боранбаева,  БҚИТУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманәлин, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек  Жақсығалиев, құрметті  қонақтар мен  зиялы қауым өкілдері  қатысты.

Салтанатты шара аудан әкімі Азамат  Сафималиев  пен  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиевтің  Ғұмар  Қараштың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым  етуімен  басталды.

Аудандық мәдениет үйінде жалғасқан шарада аудандық кітапхана ұйымдастырған  «Жойылмаса игі еді артта қалған ізіміз…» атты  көрме-инсталляциясы тамашаланды. Мәні зор мағыналы басқосуда «Ұлысын ұлықтаған Ғұмар елі» атты  жинақтың  тұсаукесер  рәсімін  Азамат Сафималиев  пен  БҚИТУ-дың профессоры, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова жасады. Көзге көрнекті, тәлімді ойға толы жинақта жерлес ақындардың өлеңдері, аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияларының баяндамалар мен аудандық шығармашылық  байқауда үздік  танылған өлеңдер топтастырылған.

– Аудан үшін өткен жылдың жағымды жаңалықтарының бірі Ғұмар Қараш зиратының «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» қатарына енуі болды. Осы тұста бабамызға арнап кесене тұрғызу мақсатында барша жерлесімізге, шаруа қожалығының жетекшілері мен кәсіпкерлерге осынау елдік әрі сауапты іске бір кісідей атсалысып,  ақын атындағы қорға қаржылай қолдау білдіруге үндеу тасталды.

Жерлес бабамыздың өнегелі өмірі мен шығармашылығын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпаққа насихаттау бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы уақытта да барша қазақ ұлтының перзенті Ғұмар Қараш бабамызды ұлықтайтын маңызды жұмыстар жалғасын таба береді деп сенемін, – деді  шараның ашылуында  Азамат Сафималиев.

Конференцияда «1919 жылы Хан ордасында өткен мұғалімдердің ІІ сиезі және Ғұмар Қараш» тақырыбында алаштанушы Д. Сүлейменова баяндама жасады. Дәметкен Досмұқанқызы «Хабар», «Ұран», «Дұрыстық жолы» кітаптарында жарияланған Ғұмар Қараштың педагогикалық мұралары, оның халықты білімге, бірлікке үндеген ой-пікір, ұсыныстары хақында  ой толғады. Сонымен қатар кітапханаға «Алаш  идеясы – ұлттың идеясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жинағын және зайыбы С. Сүлейменов екеуінің «Биікке самғайтын құс» атты   жерлесіміз Т. Жароковтың өмірі мен шығармашылығы туралы жазған кітабын табыстады.

Ғұмар Қараштың ұлттың ғасырлар бойы жасай беретін тұлғасы болып қалыптасуына әсер еткен факторларға тоқталған  ғұмартанушы  Бақтылы  Боранбаева Т. Жароков атындағы мектептің директоры Сержан Қошановқа Ғұмар баба өлеңдерінің аудиожазбасы мен «Алаш тағылымы және тәуелсіздік» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияның жинағын тарту етті. Жиында басқа да ғалымдар сөз алып, Ғ. Қараш туралы  пайымдауларымен  бөлісті.

*   *   *

Конференциядан соң  Оралдан келген ғалымдар аудан орталығындағы №1 мектеп-лицейіне барып, «Тарихтың жұмбақ сырлары» атты  дөңгелек үстелге қатысты.

Алаш арыстары көтерген ұлттық идеялары және Ғұмар Қараштың өмірі мен өнер жолы хақында ой қозғауды мақсат тұтқан жиында «Жәнібек» атауының шығу тегі жөнінде де сөз қозғалып, мұғалімдер мен оқушылар өз пікірлерін білдірді.

Шара барысында Жаңабек Жақсығалиев аталмыш білім ұясының мектеп музейін жасақтау бағытында әлі де ізденіс керектігіне тоқталып, өлке тарихын зерттеу жұмыстарының жандануына көпшіліктің, соның ішінде мұғалімдердің үлес қосу қажеттілігін  жеткізді.

Меңдігүл  ФАЗЫЛОВА,

Әсемгүл  ҚУАНҒАЛИЕВА,

Жәнібек  ауданы


Сталинград майданының сұрапылы

Күні: , 156 рет оқылды


Жәнібек ауылында Жәңгір ханның тұсында старшын болған  Жантөренің ұрпағы тұрады екен дегенді естіп, Серік Сарбалиннің үйіне бардық.  Әкесі мен өзі жинақтаған қолжазбаларды көрсеткен ағаның қолындағы  құжаттармен мұқият таныстық. Алдымен майдангер Төлеген Сарбалиннің  (суретте) өз қолымен жазған дәптерінен дерек келтіре кетуді жөн көрдік.


«Саин Мулякаев бізді Орда әскери комиссариатынан 1942 жылдың маусым айында  Сталинградқа, одан соң Дубовка қаласына жеткізді. Мұнда 70 оқу батальонында бір айдай әскери дайындықтан өткеннен кейін біздерді Астрахань қаласына әкелді. Бірер айдан соң Қалмақ қырының Яндык селосына келдік. Хызляр теміржолының жетінші разъезінен 1943 жылдың 1 қаңтарынан  шабуылға шықтық. Ростов облысының, Буденовка селосының батыс жақ биіктігін аларда ауыр жараланып, әскери саптан шығып, Саратов қаласындағы әскери госпитальде ота жасалғаннан кейін біздерді Куйбышев облысының Мелекес деген қалашығындағы әскери госпитальге жеткізді. Осы жерде үш рет ота жасалып,   1943 жылдың шілдесінде елге қайтарды.

Елге келгеннен кейін кеңес, шаруашылық жұмыстарына араласып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен тылдағы еңбекшілерді  жұмылдырдық. Еңкейген кәріден, өрімдей балаларға дейін майдандағы әкелері мен ағаларының, апа-бауырларының орнын басты.

Серік Төлегенұлы әңгімесін былай өрбітті. «Менің әкем Төлеген Сарбалин Басқұншақтағы Кардон сала деген жерде 1923 жылы 15 қыркүйекте дүниеге келген. Анасынан ерте жетім қалған соң 1930-1935 жылдары орыс жерінде тұратын нағашыларының қолына барып, Калачи қаласында 4-сыныпқа дейін оқыған. Нағашылары қайтыс болған соң елге оралып,  Жоғары Басқұншақта тұз өндіру саласында нәпақасын тауыпты. Ұлы Отан соғысы басталғанда, Орда әскери комиссариатынан 1942 жылдың маусым айында соғысқа аттанған. 28-гвардиялық дивизияның құрамында елімізді жаудан азат ету жолында бірнеше шайқастарға қатысып, 1943 жылдың  шілде айында II топтағы мүгедек болып елге оралған. Селолық кеңеске жұмысқа орналасқан әкем 1945 жылы анамыз Қапиятпен отау құрыпты. Анам 1925 жылы 29 желтоқсанда Торғай Сарбасты жылқы зауытында (қазіргі Басқұншақтың қасындағы әскери қалашық) дүниеге келген. Нағашы атам Кәкімжан Чербенов (Какуш)  сол жерде 1934 жылдан бастап  ұжымшар төрағасы болып істеген. 1942 жылы соғысқа кетіп, оралмапты. Анам отбасындағы ең үлкені болғандықтан, барлық ауыртпалық өзіне түседі. 7-сыныпты бітіргеннен кейін ары қарай оқуға мүмкіндігі болмай, бес  бауырын  асырапты.

Анам өз естеліктерінде соғыс кезіндегі елдегі ауыр тұрмысты әңгімелеп беретін. Аштықтан жерлестерінің көз жұмғанын қиналып еске алатын. Бірде анам мен жақын апасы екеуі Шоңай стансасына қос ат жеккен арбамен келіп,  май шайқайтын цехқа май тапсырғалы жатқанда, Сталинград (Волгоград) жақтан жау ұшақтары жетіп келеді. Арбаның үстінде тұрған анам ұшақтың немістердікі екенін айыра алмай қалады. Ауылдың шетіне жақындаған әлгілер бомбаларын тастай бастайды. «Аттар үркіп ала қашқанда, арбаны қатты ұстап алып жата бердім» дейді анам. Аттардың өздері ауылға алып барған. Апасы май алатын жерде қалып қойған. Ертеңіне ерте тұрып, соғыстан аяғы жоқ мүгедек болып оралған ағай екеуі келсе,  Шоңай  қирап қалған. Май алатын жер орнымен жоқ, май алушы кісі де қаза тапқан. Жараланған апасын май алатын жердің қасындағы үйден тапқан. Содан апасының өмір бойы екі құлағы естімей қалыпты. Көп адам қаза тапқан, үйлер мен су мұнарасы аман. Бұл неміс фашистерінің ең алғашқы бомбалауы екен, содан кейінде, әсіресе, әскери эшелондар келгенде Жәнібек, Шоңай, Эльтон, Сайқын, Жоғары Басқұншақты жиі бомбалап  тұрыпты.

Төменгі сыныпта оқып жүрге-німде есімде қалғаны, әкем 9 мамыр мейрамын ерекше қарсы алатын. Тәуір костюмін киіп, барлық медалін тағып, көшеге шығатын. Сол кезде ауылдағы соғысқа барған барлық майдангер Қайсағали Лайықов, Жексенбай Мұханғалиев, Қабдір Мұханбетқалиевтер бірінің үйіне бірі барып, майдан жолдарын естеріне алушы еді. Сол күні әкем соғыста екі көзінен айырылған құрдасы Нұрлыбай Кенжеғалиевқа кіріп шығатын. Кішірек кезімде әкемнен соғыс туралы сұрағанымда, «Сендер соғысты ешқашан көрмеңдер» деп жауап қайтаратын.

1975 жылы киномеханик болып жұмыс істеп жүргенімде, клубта соғыс жайлы кинолар қоямын. Сонда немістерді аңқау, қорқақ етіп көрсететін. Мен әкемнен «Немістер шынында да сондай болған ба?» – деп әдейі сұрап, әңгімеге тарттым. Сұрағымды тыңдаған әкем «Бұл  кинода ғана ғой», – деп күлді де, әңгімесін бастады.

«Соңғы техникамен жарақтандырылған немістердің қару-жарақтары, оқ-дәрілері өте жақсы, мол болды. Құралайды көзге атқан мергендері нысанаға  дәл тигізетін. Ал біздерде бірде-бір мерген болған жоқ. Барлығымызда ППШ автоматы болатын, шабуылға шығарда сол екі дисканы толтыратын оқ та болмай қалушы еді. Артымыздан келіп, үлгермей жататын. Ол кезде Кеңес армиясындағы қиыншылық барлығында бірдей болды. Бірінші офицеріміз алғашқы ұрыста қаза тапты, госпитальдан келген, соғыстың басынан бастап қатысқан, тактиканы жақсы білуші еді. Бірінші рет ұрысқа кіріскенім есімде. Сол  шайқаста бір деревняны азат етуде біздің он солдатты деревняның сол жағынан шабуыл жасауға жіберді. Негізгі күш шабуылды бастап, біздер ауылға кірдік. Жүгіріп үйдің артына барсақ, бір фашист автоматтың магазинін алып, ауыстырып жатыр екен. Мен автоматпен атып үлгердім. Ең бірінші жауды атуым, сол немісті көпке дейін ұмыта алмадым, көз алдыма келе  беретін. Ал екінші офицеріміз өте жас, жаңадан оқу бітіріп келген, көп тәжірибесі жоқ болатын. Дүрбімен қарап тұрғанда, басынан оқ тиіп, барлығымыздың көз алдымызда қаза тапты. Үшінші командиріміз тәжірибелі де алғыр лейтенант Гарбузов деген болды. Бірде қоршауда қалғанда біздерді алып шықты. Тағы бір есімде қалғаны, Ростов облысының Красный Октябрь  ауданындағы Буденовка деген селоның батыс жақ бетіндегі биіктікті аларда неміс бекіністері өте мықты болғандықтан, біздің жақтан біршама адам оққа ұшты. Шабуылға әзірленіп жатқанымызда, айып батальонына түскен жиырмаға жуық кісіні алып келді. Ішінде сақа жігіт де көп екен. Біздердің олармен араласуымызға тыйым салынды. Қастарынан өтіп бара жатқанда байқағанымыз, барлығының да қолдарында ескі винтовкалар. Содан қайтадан ұрыс басталды, бірінші болып айыпталушы батальондағы жауынгерлерді жіберді. Шамалы уақыттың ішінде барлығының үні өшті, мылтықтың дауысы естілмей қалды.

Содан кейін соңғы келгендер, барлығымыз қатар шабуылға шықтық. Ол жерде бізден бірнеше жүздеген адам оққа ұшты. Немістердің артиллериясы біздерді ата бастады. Сол жерде өте ауыр жараландым, қолымды оқтың жарықшағы қиратып кетті. Тірі қалғанымызды госпитальға жеткізді. Осы соңғы шайқасым болды. Лейтенант Гарбузовтың,  қасымдағылардың  қаншасы  тірі  қалғанын  білмеймін…»

Соғыстағы ерлігі үшін Төлеген Сарбалин «1941-1945 ж. ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 30, 40 жылдығы», «В. И. Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік, 1977, 1979 жылдары КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының атынан Орал облыстық атқару кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері», «КСРО Қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл» медальдарымен  марапатталды.

Серік ағаның абзал әкесі туралы айтқан тағылымды естелігін тыңдай отырып, Төлеген атаның да туған жерін қапысыз сүйген жүрегінің лүпілінің тынысын сезгендей  болдық…

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Жәнібек ауданы


Шаруалардың алаңы

Күні: , 110 рет оқылды


Қызылоба  ауылдық  округінде  облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Б. Төремұратов, облыстық жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ж. Молдашев,  облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасы кооперация бөлімінің басшысы Ж. Шайжанов сықылды бір топ маман  Пятимар, Қызылоба, Бірлік ауылдарының шаруаларымен бас қосты.


Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин төрағалық еткен жиынға аталмыш үш ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының, ЖШС, өндірістік кооператив жетекшілері және ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіне сай алғашқы болып мінберге көтерілген  Ж. Шайжанов «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңның және «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды (демеуқаржылау) қағидалары туралы» заңға енген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндаса, Б. Төремұратов пен Ж. Молдашов  «Жайылымдар туралы» заңды жан-жақты түсіндіріп өтті. Мамандардың баяндамаларына құлақ түрсек, қазіргі таңда мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауда және ауыл шаруашылығын дамыту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда басымдылық кооперативтерге беріліп отырғандығы  айтылды. Сондай-ақ шаруаларға ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілетін демеуқаржының аясы кеңігендігі де жағымды жаңалық болды. Ал «Жайылымдар туралы» заңды түсіндірген мамандар Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, пайдаланылмай жатқан жерлерді үкіметке қайтару тетігі әлі оң шешім таппағанымен, бұл мәселе Парламентте қаралып жатқандығын айтты. Алдағы уақытта заң қабылданған кезде  игерілмей, бос жатқан жерлер қайтарылып, шаруасын дөңгелетіп отырған шаруаларға берілетіндігі сөз болды.

Осы жерде айта кетеріміз, мұндай жиын жаңақазандық және жаңажолдық, көпжасарлық және қырқопалық шаруалардың қатысуымен Мәстексай, Жаңақала ауылдық округтерінің орталықтарында  да  өткен болатын.

Қазақ халқы жер дауы мен жесір дауына әу бастан бейжай қарамаған. Осы орайда алыстан ат терлетіп келген мамандарға шаруалар тарапынан жер мәселесіне байланысты қойылған сұрақтар да, айтылған  ұсыныстар да аз болмады. Соның ішінде жаңақазандық Ж. Әлекешев шаруа қожалығын құру мақсатында алынған жерлерді мақсатты пайдаланбай, тек шөбін ғана сатып, бизнес көзіне айналдырып отырғандар бар екендігін, сол жерлерді қайтып алудың заңдылығын сұраса, мәстексайлық шаруалар қайтарылған жерлерді шаруаларға беру кезінде басымдылық кооперативтерге берілсе деген ұсыныстарын білдірді. Ал мәстексайлық шаруа Э. Әлмұқанов:

– Ауданның оңтүстігінде орналасқан ауылдық округтердегі жер мәселесінің негізгі түйткілі, ол – су. Мұндағы шаруалардың барлығы судың жоқтығынан  Қараөзеннің айналасына шоғырланып, жер тапшылығын көруде. Егер бұрынғыдай Қамыс – Самар көліне су шығаратын болсаңыздар, мұндай мәселе болмас еді, – деп жер мәселесінің  өзен-көлдерге су жіберу арқылы ғана шешуге болатындығын алға тартты. Үш ауылдық округ орталықтарында өткен жиынның барлығында да тұрғындар елді мекен айналасындағы халықтың малы жайылатын жайылымның тарлығын айтып, мәселе көтерсе, шаруа қожалықтары шабындықтарына жекенің немесе басқа шаруа қожалықтарының малдары түсіп, қиындық тудырып отырғандығын алға тартты. Сонымен қоса шаруа қожалықтары мал бордақылау, субсидиялау бағытында өздерін мазалаған сұрақтарын ортаға салып, мамандардан  тұшымды   жауаптарын  алды.

Нұрғали  ҒАББАС,

Жаңақала  ауданы


Мұғалімдер оңтайлы өзгерістерден үмітті

Күні: , 162 рет оқылды


Еліміздің білім саласындағы айтулы бетбұрыстар кім-кімге де аян. Мұны Ақжайық ауданының мысалынан да тап басуға болады. Аудандық білім бөлімінің өткен жылғы бюджеті 4 млрд. 20 млн. теңгені құрады.


Ал 2016 жылы 3 млрд. 400 млн. теңге болған-ды. Тек өткен жылдың өзінде білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту мақсатында бірқатар мектептерге компьютер, спорттық жабдықтар, асханаларға қажетті дүние-мүліктер, жазғы лагерьлерге екі бассейн, 42 мектепке 119 интерактивті тақта, 17 орта мектепке роботты техникалар сатып алынды.

Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін тұрғындар тілегіне сай былтыр жүзеге асқан мына жаңалықтар да ауыл-елге соны бір леп әкелді. Есенсай орта мектебі күрделі жөндеуден өтсе, Шабдаржапта (Тайпақ ауылдық округі) жобалық құны 635,7 млн. теңгені құрайтын 198 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Атамекендегі (Алмалы ауылдық округі) негізгі мектеп оқушы саны көбеюіне орай орта мектепке айналды. Аудан орталығынан 100 орындық интернатымен қоса 300 орындық мектеп-гимназия және Атамекенде 108 орындық мектеп ғимаратының құрылысына жобалау-сметалық құжаттары дайындалды.

Білім бөлімінің басшысы Бақыт Абдолованың айтуынша, Жамбыл ауылдық округіндегі Михаил Абдолов атындағы бұрынғы 640 орындық орта, қазіргі 44 бала оқитын негізгі мектеп ғимаратының бір бөлігін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Яғни оны аудандық жазғы лагерьге айналдыру керек. Бұл оқушылардың жазғы демалысын әлдеқайда ұтымды, мазмұнды жүргізуге мүмкіндік берер еді. Сонымен қатар айталық, Чапаев №1, Қ. Байсықов атындағы, Алғабас, Базартөбе, Ғ. Махамбетов атындағы орта мектептер ғимараттарына күрделі жөндеу қажет. Краснояр орта мектебі мен Тайпақ мектепгимназиясы ғимараттарының шатыры, Жаңабұлақ орта мектебінің жылу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу де – кезек күттірмейтін мәселе.

Иә, уақыт әкелген игі өзгерістермен қатар салада, әрине, шешімін табуы тиіс күрмеулер жетіп жатыр. Бақыт Ілиясқызы білім ошақтарында жаратылыстану бағыты бойынша қосымша кабинеттер мәселесі шешілсе, біраз қиындық сейілетінін әңгімеледі. Мысалы, биологиядан  – 15, физикадан – 8, химиядан – 16, роботты техникадан 19 жаңа модификациялы пән кабинеттері қажет. Облыстық білім басқармасына сұраныс берілген. Әрине, жаңа технологиялардың уақытында бұл кабинеттер мұғалімдерге де, оқушыларға да жеңілдіктер әкеліп, ұлқыздың теория жүзінде оқығандарын іске асыруына мол мүмкіндік туғызар  еді.

Бала жаны бағбандарының дайындық курсынан өтуі жүйеленіп бір жолға қойылды. Алайда  ауданда педкадрмен қамту мәселесіне қашан нүкте қойылары белгісіз. Бұл, әсіресе, шағын мектептерге қатысты. Кейбір мамандар мұндай мектептерге бармайды. Білім бөлімі аудандық газетте дүркін-дүркін бұл бағытта байқаулар жариялауда. Дегенмен, нәтиже жоқтың қасы. Мәселен, аудан бойынша қазір орыс тілі мен әдебиетінен – 4, химиядан – 3, биологиядан – 4, географиядан үш мұғалім керек, тарих, физика, информатика, технология, алғашқы әскери дайындық, математика пәндері бойынша да  кадрға  қажеттілік  туындап  отыр.

Аудандағы тоғыз мектепте оқушылар тасымалы ұйымдастырылған. Дегенмен, білім бөлімі басшысының сөзіне қарағанда, оқушыларды тасымалдап жүрген көліктердің көбі ескі көрінеді. Мұндай көліктермен, әрине, тасымалмен оқитын 144 оқушының қауіпсіздігіне  кепілдік  беру  қиын.

Көп жердегідей, бұл ауданда да балабақша кезегінде тұрған балғындар саны көп. Чапаев ауылының өзінде мұндай сәбилер саны қазір – 546. Аудан мектептеріндегі даму мүмкіндігі шектеулі бала саны – 302. Инклюзивті оқытуда кадр жетіспеушілігі байқалады.

Түйткілді мәселелер жайында айта кетсек, жуық арада таусылмайды. Мұғалімдерге берілетін жүктеменің ауқымдылығы педагогтардың жүйкесіне тиетіні (оларды шаршататын нәрсе онсыз да аз ба?) жыр болып айтылуда. Қағазбастылық жетіп жатыр. Алайда жаңа жылдың зор үміт пен сенім лебін алып келгені қайсыбір жерден де байқалады. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім берудің жаңа сапасына, мұғалім мәртебесіне байланысты қағидалар бүкіл жұртымызды елең еткізді. «Біраздан бері айтылып келе жатқан мәселелер біртіндеп шешімін тапса екен. Бұл еліміздің, жас ұрпақтың жарқын болашағы деген сөз ғой», – дейді мектептегілер. Жолдауда көзделген мақсат-мұратқа  ілесу үшін бүгіндегі олқылықтардан, шалағайлықтардан арылу керек. Мына ой-толғамдардан талай нәрсені  аңғаруға  болатындай.

 

Ғалия МЕҢДІБАЕВА,

Жаңабұлақ орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі (Жаңабұлақ  ауылы):

– Көптеген әріптесімнің пікірінен бастайын. Жүктеме 18 сағаттан аспауы керек деп есептейміз. Алайда мектептерде кейбір пәндерден 18-22 сағат жүк-темеге дейін бар. Бұл білім сапасына кері әсер етіп жатады.

Қазіргі жаңартылған бағдарлама жобасы мұғалімдер қауымына жайсыз тиіп отыр, себебі әлі де дәл мұндай бетбұрыстарға дайындығымыз жеткіліксіз. Ауылдардағы мектептер үшін бұл бағдарлама бұлыңғырлау және мұғалімдер мұны мойындайды. Себебі, әлі күнге дейін техникалық база жетіспейді. Оқулықтардағы мәліметтер өте күрделі, қосымша ресурстар аз, компьютер жетіспейді, интернет желісі нашар. Әріптестерімнің көзі жетіп отырған тағы бір түйткілді жайт – педагогтардың 90 пайызы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқып үлгермей жатыр, тек үлгі бойынша сабақ беріп жүр. Бізге дайындап берген жоспарлардың үлгісі жүйесіз. Түзетулер көп болғаны жұмысымызға кедергі болып келеді. Сонымен қатар бағдарламалар оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай болуы керек екені айтпаса да түсінікті. Оқытудың жаңа бағдарламаларын игеруде мұғалімдердің оқу курстарының ақылы болуы қалтамызға соқпай қоймайды. Осы ретте бізге қолдау керек. Жүктемеге, басқа да қиындыққа қатысты Білім және ғылым министрлігі біраз шара қолға алып жатқаны үмітімізді үкілейді. Барша ұстазды мазалайтын жайттар біртіндеп шешімін тапса деп тілеймін. Елбасымыздың Жолдауынан білім саласына қатысты игі өзгерістерді жүзеге асыру жолында сабақ алатын мәселе жеткілікті. Оқушы портфолиасының талаптары мұғалім мен оқушы үшін де өте ауыр. Жоғарыдан сұратқан қағаздармен жүргенде, күнделікті сабақты дайындауға мүмкіндігіміз болмай қалатын күндер де кездеседі. Біздің басты мақсатымыз – стандарттық  оқу бағдарламасын орындау, тәрбиелі, сауатты жас буынды тәрбиелеу. Оған қол жеткізу оңайға соқпайын деп тұр. Мысалы, күнделікті қарапайым журналды қағаз, электронды, жаңартылған білім бойынша, үш нұсқада толтырамыз. Алайда мұғалімдердің сынып жетекшілігі үшін алатын ақшасы 2500-5000 теңге. Алатын жалақымыздың көп бөлігі қағаз алуға жұмсалатыны жасырын  емес.

 

Мәкка  ҮМБЕТӘЛИЕВА,

Сарытоғай орта мектебінің биология пәні мұғалімі (Жанама  ауылы):

– Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімге сабақты ұйымдастыру жолдары, бағалау, электронды журнал пайдалану туралы әдістемелік көмек ұйымдастырылды, іске асырылу тетіктері нақтыланған оқу-әдістемелік құралдары да бар. Әйтсе де, алаңдатқан сұрақ аз емес. Солардың қатарында сабақты бағалау бар. Қалыптастырушы бағалау мен жиынтық бағалау, кері байланыстың мәнін түсініп ұйымдастыру біздің арамызда әлі де жеткілікті деңгейге жеткен жоқ. Интернет желісінің жұмыс жасамауы қиындық туғызуда. Педагогтың көзқарасын, оқушымен қарым-қатынасын түбегейлі өзгерту, әр баланың жеке және жас ерекшелігіне қарай дербес дамуын қамтамасыз ету күрделі мәселе. Әлгіндей қиындықтарға қарап, біз тоқырап қалмауға тиіспіз. Шәкірттің  рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын педагогтар ғана бүгінгі қоғамның мүддесі мен әр баланың үдесінен шыға алады. Биылғы Жолдаудағы меже-мұраттарды жүзеге асыруда мемлекетімізге көмектесуіміз керек. Өз кезегінде, мемлекеттен бізге де  көмек  ұлғаяры  шүбәсіз.

 

Айша  ҚАЙСАҚОВА,

Бітік мектеп-бөбекжайының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі  (Первомай ауылы):

– Назарбаев зияткерлік мектеп-терінің әдістемелік көмектерімен, интернет желісінен «СМК», «Bilimland» т. б. сайттары арқылы заман ағымынан қалмай жаңалықты игерудеміз. Оқушы портфолиосы, пәндік есеп беру біз үшін жаңалық емес, тек оның мазмұны мен түрі өзгерді деуге болады. Осы мәтіндік есептер жазу бұрыннан да көп уақытымызды жеп келеді. Енді оны электронды нұсқаға толық айналдырса, құба-құп болар еді. Қағазбастылықтан аз да болса арылар едік… Бұрынғы оқу бағдарламасы бойынша берілген білім нақты, сауатты жазу, сөйлеу,  ойлау мәдениетін меңгертсе, жаңаша оқу баланың әр пәннен алған білімін өмірде қолдана алу икемділігіне бағытталған. Оқушының жазу сауаттылығы есепке алынбай бара жатыр емес пе?.. Осы орайда өзіміз сыни көзқарас танытып отырмасақ, сауатсыздыққа жол беріп алуымыз мүмкін. Осындай жағдайлар мұғалімдерді ойландыруы керек.

 

Қанапия ТАСПАЙ,

Ғ. Махамбетов атындағы орта мектептің директоры (Базаршолан  ауылы):

– Біздің мектепке орыс тілі мен әдебиеті, математика, алғашқы әскери дайындық пәндерінен мамандар қажет. Бұл олқылықты жою үшін мұғалімдердің апталық жүктемесін 18 сағаттан 14-16 сағатқа дейін азайту қажет деп ойлаймын. Оған қоса мамандар тұрақтау үшін «Дипломмен  ауылға!» бағдарламасымен келген жастарға берілетін қаражат көлемін көбейтіп, тұрақты бес жыл жұмыс жасауға міндеттейтін талап, ережелер қабылданса, қалай болар еді. Мұғалімдер қауымын өз міндеттерінен тыс қоғамдық шараларға тарту әлі де тоқтаған жоқ. Қағазбастылық азаймай келеді. Халыққа қызмет көрсету орталығынан, статистика бөлімдерінен алуға болатын мәліметтерді ауыл, аудан әкімдіктері немесе білім бөлімі әлі күнге дейін әр түрлі формада сұратып жүр. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудың тиімді де, қиын жақтары бар. Қалыптастырушы және жиынтық бағалауды әр тоқсан сайын өткізу, оны шығарып тексеру қағазбастылықтан құтқармайтын тәсіл. Ал 40 минөт сабақ математика, химия, физика, т. б. пәндер үшін аз уақыт. Ділімізге сай, ауылдық мектепке сай бағдарлама әзірлеу қажет. Мысалы, 7-сыныпта ботаника, зоология, анатомия қосылып кеткен, бұрын сатылап көшіп отыратын (ботаника, зоология, анатомия, жалпы биология)  едік…

 

Талқыны  түйіндесек

Өмірде игі өзгерістермен қоса, дамуға, ілгерілеуге берілген мүмкіндіктермен қоса қиындықтар қабаттаса жүретінін айтып жату артық. Ал жоғарыдағы пайымдардан жасанды кедергілер, өмірдің өзінен алыс жүктемелер аз емесін айқын аңғаруға болады. Келешегіміздің бесігі – мектептің тағдыры оны көтермейді. Халқымызды алаңдататын мәселелер күн ұзарта бермей шешімін тапса деген тілекті барлық жерден естуге болады. Мұғалім қауым небір қиындықты жеңіп, небір сынақтан өтіп келеді. Бүгінгі қиындықтардан да өтері, «аз да болса саз болсын» дегендей, біртіндеп келер бетбұрыстармен  жолығары  сөзсіз.

Рақмет   ҚАЛИ,

Бекем   БЕКҰЛЫ,

Ақжайық   ауданы


Масленица мейрамында

Күні: , 96 рет оқылды


Е. Пугачев музей-үйінде осындағы жыл сайынғы дәстүр бойынша Масленица мейрамы тойланды.


Жаңа жыл санауы бойынша   ақпан  айының  екінші  жартысына  немесе  наурыз айының  басына келетін Масленица мейрамы биыл 12 ақпанда басталып, 18-і күні аяқталады.  Бұл славян халқы асыға күтетін думанды да өте көңілді мейрам болып саналады. Өйткені тұрғындар жас-кәрісі бірдей ойын-сауық құрып, ән-күймен, түрлі ойындармен көңілді кештер ұйымдастырады. Жеті күнге созылатын мейрамның әр күнінің өз атауы бар. Әр күн атауына сай тойланып отырады.

Е. Пугачев музей-үйіндегі мерекені Зашаған кентіндегі мектептен тыс орталығының оқушылары көңілді өткізді. Мерекеге сай киінген ұл-қыздар орыс халқының әзіл өлеңдерін айтып, билерін орындады. Ертегі кейіпкерлері болып киінген балалар театрландырылған көріністері арқылы Масленица мейрамының мәнін ашты. №32 мектеп  оқушылары да өнерлерін көрсетіп, оқушыларды дайындап, белсенді атсалысқандары үшін ұстаздарға облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М. Ерсаевтың алғысхаты табысталды. Балаларға да сыйлықтар берілді. Шара соңында әдеттегідей «қуыршақ масленицамен» қоштасу рәсімі өтті.

Келген қонақтар мерекенің басты дәмі құймақтан дәм татты. Балалардың әндетіп тұрып жаққан «қуыршағы» көпке дейін жана қоймады. Ал орыс халқында егер қуыршақ тез жанып болмаса, қыс ұзаққа созылады деген ырым бар екен.

Бірақ балалар шуағын шашқан гүл көктемді асыға күтіп жүргендерін айтады. Сондықтан да көктемнің көп кешікпей келетініне сенеді.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика