Мұрағат: 14.02.2018


Аэрацияға атсалыстық

Күні: , 81 рет оқылды


«Орал өңірі» газеті редак­ция­сының ұжымы елдегі, өңірдегі жылт еткен жағымды жаңалықты қалың бұқараға жариялаумен қатар, бастама көтеріп, атсалысудан кенде емес. Мәселен,  көктемде қара торғайға ұя жасау, қыста қалың мұз қабатының астында қалған балық атаулыны оттегімен қамту, таза ауада серуендеп, спортты жанына серік етуді насихаттап жүргенімізге оқырмандар куә.


Биыл да сол үрдіс­­тен жа­ңылған жоқ­пыз. Сей­сенбі күні об­лыс­тық ор­ман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі ау­­мақтық инс­пекция­сы қызмет­кер­ле­­рімен бір­ге өзен-көлді аралап, ба­­лықтар­­дың  жаппай  тұншығу  қа­упі­­нің  алдын  алу  шаралары­на ат­са­лыс­тық.

Аталған инспекцияның қыз­мет­керлерімен бірге «УАЗ» ау­­то­­­көлі­гі­не жайғастық. Бағы­ты­­мыз – 2-сая­жай аумағынан өте­тін Жайық өзе­­ні­­нің бір са­­ғасы саналатын Чи­пу­ри­н көлі. Жо­лай саяжай жа­нын­да­ғы ка­налға тоқ­тап, қамыс шап­тық. Мұздай киінген қарулы жі­гіт­­термен бірге қамыс жинауға біз де кірісіп кеттік. Мұның өзі оңай шаруа емес екен. Белуар­дан келетін қарды ом­бы­­лап жүріп, қамыс жинадық. Оны өзіміз мінген кө­лік­ке тиеп, көлге қарай бағыт ұста­дық. Түс мезгілі. Таби­ғат мүл­гіп-ақ тұр. Инспекция жігіттер­і­нің бірі моторлы мұз ойғыш­ты тұ­та­­­тып, ойық ойды. Ар­ты­нан біз ойық­қа қамыс сал­дық. Жұ­мыс­тың қызығына түс­­ке­­ні­­міз сонша, біраздан соң ба­тырланып моторлы құрыл­ғыны да қолға алдық. Сөйтіп, әп-сәт­те 80 шақты ойық ойылып, қамыстар салынды. Біз таби­ғатты қорғауға аз да бол­­­са, үлес қосқанымызға қуан­­сақ, инс­­­­пекция жігіттері атал­ған ша­ра­ға атсалыс­қанымызға разы болып, алғыстарын айтты.

– Біздің өңірде 200-ден астам өзен-көл мен су қой­ма­лары бар. Соның жартысы­нан көбінің қыс мезгілінде бауырлап қату қаупі бар. Жылдағы дәстүр бойынша біз­дің инс­пекция қалың қар мен мұз астындағы балықтарды оттегімен қамту мақсатында аэрация жұмыстарын жүргізуде. Өздеріңіз білесіз, биылғы қыс мезгілі жайлы өтуде. Ауа тем­­пе­ратурасы ай­тар­лықтай тө­мендеген жоқ. Қар қа­ба­ты да қалың емес. Дегенмен, қаң­тар-ақпан айларында балықтарды оттегімен қамту жұмыстары қа­лып­ты атқарылуда. Екі ай­­дың ішін­де табандап қату қау­пі бар өзен-көлдерде 6000-ға жуық ойықтар жасалды. Соң­­­ғы жылдардағы та­­биғат қор­­ғау бағытындағы заңдар­­ға ен­гі­зіл­ген өзгерістерге сай аэра­­ция жұмыстарын жергі­лікті ат­қа­ру­шы құрылым жүр­гізуі тиіс. Дей­тұрғанмен, біздің ұжым өзен-көлдерді аралап, осы жұ­мыс­тарды басы-қасында жү­ріп, бағыт-бағ­дар беріп, бірге атсалысады. Соң­­ғы жылдары өздеріңіз секілді мекеме-кә­сіп­орын қызметкерлері мен сту­дент жастар, оқушылар ынта танытып, игі іске үн қосуда. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық іс. Бар­лық өңір тұрғыны қор­шаған ортаны қорғауға, та­би­ғатты аялауға әлі де болса кө­бірек көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр, – дейді облыстық ор­ман шаруашылығы және жануар­­лар дүниесі аумақтық инспекциясы жа­нын­­да­­ғы Ақжайық инспек­ция­сы бөлімінің бас маманы Геннадий Картунов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Бауыржан ҚАЙДАРОВ, Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Жаңа Салық кодексі адал салық төлеушілердің мүддесін қорғауға бағытталған»

Күні: , 1 044 рет оқылды


– Елімізде жаңа Салық кодексі қабылданып, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл Салық кодексі Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін, яғни салық және бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеу мақсатында әзірленді. Кодекс кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты салық жүктемелерін барынша жеңілдетуге, әкімшілік тетіктерін жетілдіруге, кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруға бағытталған. Оның жобасын дайындауға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы сынды бизнес өкілдері белсене атсалысты. Қоғам мен бизнес тарапынан болған талқылаулар барысында да заң жобасына көптеген өзгерістер енгізілді.


– Бауыржан Наурызғалиұлы, жаңа Салық кодексінің идеологиясы қандай? Сол жөнінде ашып айтсаңыз…

– Өздеріңізге белгілі, бұл – тәуелсіз елдің үшінші Салық кодексі. Бірінші кодекс 2001 жылы, екіншісі, 2009 жылы, үшіншісі, міне, тоғыз жылдан кейін қабылданып, күшіне енді. Бірінші кодексте салықтық жүктеме нормалары жүйеленді, екіншісінде салықтық жүктеме төмендетілді, үшінші кодексте идеологияны өзгерту және жеңілдету көзделген. Жаңа Салық кодексінің идеологиясы адал салық төлеушілердің мүддесін қорғауға бағытталған. Салық заңдылықтарындағы барлық түсініксіз және олқы тұстар салық төлеушілердің пайдасына ше-шілетін болады. Бұл салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік бермек. Егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсім-пұлдар қолданылмайды.

Бұған дейінгі Салық кодекстеріне қарағанда, жаңа Салық кодексінің құрылымы өзгертілді. Әрбір бөлім дербестендірілген. Яғни салық төлеушілердің түрлеріне қарай өз бөлімдері бар.

– Жаңа кодексте шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты қандай өзгерістер қарастырылған?

– Салық кодексінде шағын бизнес субъектілеріне көптеген жеңілдік қарастырылған. Патентпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салық ставкасы екі пайыздан бір пайызға тө-мендетілді. Бұрынғы екі пайыз ставкамен тек сауда саласында қолма-қол ақшамен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер 2020 жылға дейін салық төлейтін болады.

Әлеуметтік салықтың ставкасы 1,5 пайызға азайтылып, 9,5 пайызды (бұрын 11 пайыз болды) құрады, ал шаруа қожалықтары әлеуметтік салықтан толықтай босатылды. Айналымы үлкен шаруа қожалықтары бұған дейін қосылған құн салығының төлеушісі болып есепке тұрса, барлық жеңілдіктен айырылатын болса, ендігі жерде жаңа кодекс бойынша бұл шектеулер алынып тасталады. Мұның өзі ауыл шаруашылы-ғы саласының салық жүктемелерін жеңілдетеді.

Жеңілдетілген декларациямен жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлер үшін шекті табыс 2044 төменгі айлық жалақыға дейін (57,8 млн. теңге) көтерілді. Айналымы көп, бірақ табысы аз салық төлеушілер үшін жаңа салық режимі тіркелген шегерімдер режимі енгізілді. Бұл салық режимі бойынша шекті табыс көлемі 346,7 млн. теңгені (12 260 есе жалақы) құрайды, 50 адамға дейін жұмысшы ұстауға болады. Бұл режимді қолданған кәсіпкерлер 10 пайыз, заңды тұлғалар 20 пайыз табыс салығын төлейді және өз табысынан 30 пайызға дейін құжатпен растаусыз шегерістер жасай алады. 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі бес жылдан үш жылға қысқарады. Бұрындары салық мекемелері шағын, орта бизнес субъектілерін бес жыл бойы қата-рынан тексере беретін. Енді 2020 жылдан бастап үш жылдан кейін кәсіпкерге тиісуге ешкімнің құқығы жоқ.

Салық есептіліктерін салық кезеңі аяқталғанша тапсыруға тыйым салынады, бұл тыйым тек патент есептерін ұсынатындарға қолданылмайды. Электронды саудамен айналысатындар табыс салығынан босатылады. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ұрланып кеткен аутокөліктер үшін салық төленбейді. Интернет байланысы бар елді мекендерде тек ақпаратты онлайн түрде жіберетін бақылау касса машиналарын пайдаланатын болады. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өздері үшін міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жарналарын төлеуден 2018, 2019 жылдары босатылады. Сақтандыру жарналарын тек жұмысшылары бар болған жағдайда айлық жалақыдан 1,5 пайыз көлемінде төлейді.

– Бауыржан Наурызғалиұлы, салықтық әкімшіліктендірудегі өзгерістерге тоқталып өтсеңіз…

– Салықты әкімшіліктендіру ісі негізінен мемлекет пен салық төлеуші арасындағы қатынастарды барынша ыңғайлы етуді көздейді. Жаңа Салық кодексі бойынша мемлекеттік кіріс органдары тарапынан салық төлеушілерді бақылау жұмыстары барынша азайтылды. Бұл, әсіресе, тәуекелі төмен салық төлеушілерге қатысты. Салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар легі қабылданды. Ондағы басты мақсат – адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау.

Салық төлеушілерге алдағы уақытта Салық кодексіне енгізілетін өзгерістермен алдын ала толық танысуына мүмкіндік беріледі. Ставкалардың өсуі, жаңа салықтардың пайда болуы, шегерістердің өсуі  сияқты өзгерістер жылына тек бір рет қана енгізілетін болады (1 шілдеге дейін қабылданып, тек келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді).

– Салық органдарының салық төлеушіге деген қарым-қатынасы салық төлеушілердің өз міндеттемелерін қалай орындайтынына қарай қалыптаспақ. Егер де салық төлеуші әрдайым салық заңдылықтарын бұзатын болса, онда салық органдарының қатаң бақылауында болады деп күтілуде. Осы жағын түсіндіре кетсеңіз…

– Өзіңіз өте жақсы сипаттап бердіңіз, Салық кодексіне сәйкес салық төлеуші заңды бұзбай, өз міндеттерін орындап, салықтық төлемдерін уақытында және толық орындап отырса, салық органы тарапынан оларға бақылау шаралары жүргізілмейді. Бұл мақсатта үш деңгейден тұратын тәуекелді басқару жүйесі енгізілді. Яғни салық төлеушілердің әр түрлі санаттарына салықтық әкімшіліктендірудің түрлі тәсілдері қолданылады. «Жасыл топ» аталатын бірінші санатқа тәуекел дәрежесі төмен салық төлеушілер жататын болады. Оларға тексерулер жүргізілмейді, есеп тапсыру, берешекті төлеу мерзімдерін өзгерту түріндегі босаңсыту, көлбеу мониторинг жүргізуге қатысу мүмкіндігі және тағы басқалар қаралатын болады. Тәуекел дәрежесі орташа топқа әкімшіліктендірудің орташа тетіктері қолданылады, хабарлама жіберіледі, орындалмаған жағдайда салық бақылауы шаралары жүзеге асырылады. «Қызыл аймаққа» тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілер жатады. Оларға ерекше назар аударылады және салық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған жағдайда кіріс органдары жедел әрекет ететін болады.

– Соңғы сұрақ, жаңа Салық кодексінде жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыруға бағытталған қандай жаңалықтар бар?

– Саладағы геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар корпоративтік табыс салығының үлес пайдасынан және артық жұмыс атқару көрсеткіштеріндегі құнның өсуінен босатылған. Ондай компаниялар кен орнын шолуға қажетті шығындарды өндіру жұмыстары басталғаннан кейінгі басқа келісім аясында өтеуге құқылы. Теңіздердегі және тереңде орналасқан мұнай-газ кеніштерін пайдалануға қатысты балама салық түрі енгізілген. Көмір өндіруге қатысты экспортқа үстеме пайдаға салынатын рента салығын ауыртпалық салығына ауыстыру алынып тасталды. Өндірілген пайдалы қазбаларға тиісті төлем алты пайыздан үш пайызға төмендетіліп отыр.

Бір сөзбен айтқанда, жалпы жаңа кодекс, жаңа идеология, жаңа ынталандырулар мен әкімшіліктендірудің жаңа әдістері сапалы жақсартулардың негізін салуда. Салықтық жаңашылдықты енгізудің нәтижесінде салықтық даулар азайып, тексерулердің саны төмендемек және әкімшіліктендіру жеңілдейді. Салықтық саясат тұтас алғанда айқын әрі түсінікті болады. Бұл салық заңдылықтарындағы қолдаулардың бәрі салық төлеушілерді салық міндеттемелерін орындауды ынталандыратыны сөзсіз.

Сұхбаттасқан Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Тұрлаулы тұлғалар туралы

Күні: , 95 рет оқылды


Біз, осы өңірдегі қалам ұстаған қауым Бисен аға Жұмағалиевті көшбасшы тұттық. Ол ұзақ жылдар бойына Батыс Қазақстан және Көкшетау облыстарында лауазымды қызметте болды. Десек те, тұғыры биік тұлға қан майданда қару еткен қаламын жер қойнына енгенше тастамай, танымдық-тағылымдық бағыттағы жазбаларын кейінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Бисен ағаның «Қазақтар Ленинград майданында», «Степные зари Приуралья», «Шолохов Қазақстанда», «Обновленная степь» деп аталған кітаптары кезінде оқырмандардың қолында жүрді. Абзал азаматтың өмірден өткеннен кейін Алматыдағы «Арыс» баспасынан жарық көрген соңғы аманат кітабы «Жайсаңдар жайлы толғаныс» деп аталады. Атынан көрініп тұрғанындай, бұл кітап республикамызды, Батыс Қазақстан облысын басқарған тұлғалар және Ақ Жайық атырабынан шыққан белгілі азаматтар туралы естеліктерден құралған. Сондай-ақ көзі тірісінде Ақ Жайықтың абызы атанған Бисен Жұмағалиев, яғни кітап авторы туралы жазбаларға да орын берілген.


Кітап Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің лебізімен ашылады. «Бисен ағамыз басшылық қызметте жүріп, ел ағаларымен еліміздің даңқты тұлғаларымен, өңірімізден шыққан біртуар жандармен жақын танысып, араласты. Оларды бір өзі танып қана қоймай, көпшіліктің білуі үшін де еңбектенді»  деп  жазады  облыс  әкімі.

Осынау естелік кітапта аға буын болмаса, кейінгі ұрпақ біле бермейтін қазақ еліне ерен еңбек сіңірген, бірақ аттары ұмытылуға айналған бірқатар мемлекет және қоғам қайраткері туралы тебірене айтылады.

Біз кешеден бүгінге келдік, бүгіннен ертеңге барамыз. Демек, өткенді білмей, өмір атты ұлы жолда кездескен оқиғаларды санада сараламай, көңілде елеп-екшемей, болашақты бағамдап, болжай алмаймыз. Сондықтан өткенді білу, одан сабақ алу, адамзат өркениетін алға апаратынын естен шығармауға тиіспіз.

Жұмабай Шаяхметов! Ол кім? Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ! 1902 жылы Ресейдің Омбы облысында дүниеге келіпті. Орысша оқыса да, қазақи тәрбие алған. Ауыл, аудан, облыстық деңгейлерде жауапты қызметтер атқарыпты. Ж. Шаяхметов республика басшылығына өткен ғасырдың отызыншы жылдарының орта шенінен араласа бастайды. Ол 35 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің үшінші хатшысы болып сайланады. Бұл отызыншы жылдардың ойраны, яғни саяси қуғын-сүргіннің белең алып тұрған тұсы болатын. «Саптыаяқтан су ішіп, сабынан қарауыл қараған» кез еді бұл. Жұмабай Шаяхметов, басқа да басшы қазақ кадрлары ұстараның жүзімен жүргендей күй кешті. Мәскеудің «қырағылында» шек болмайтын.

Ж. Шаяхметов бір жыл өтпей жатып Орталық комитеттің екінші хатшылығына жоғарылатылды. Көрнекті қайраткердің ерен іскерлік қабілеті 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тұсында жарқырай көрінді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран тасталғанда, Қазақстан өте берік тыл ретінде КСРО бойынша бірінші орынға шықты. «Жауға атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды» деп тарихи еңбектерде жазылып жүргенін көпшілік біледі. Қазақстанның кен байлығы, азық-түлігі, жұмысшылар мен колхозшылардың жеке көмегі ортақ Отанды қорғауға қызмет етті. Сол бір сұрапыл жылдарда Ж. Шаяхметовтың есімі КСРО аумағына аян болды. И. Сталин Ж. Шаяхметовты «Шығыстың қыраны» деп құрмет тұтыпты. Жұмабай Шаяхметов 1946 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Жоғарыда айтылып өткендей, ол республика тізгінін ұстаған тұңғыш қазақ болды. Осы орайда көкейге бір ой келеді. Жұмабай Шаяхметовке дейін Қазақстанды неге басқа ұлт өкілдері басқарды? Өзгені білмеймін, өзім бұл сауалға жауапты әңгімеге арқау болып отырған кітаптан таптым. Мәселе былай болған екен.  ҚАССР-ын құру жұмысы қолға алынғанда, республика басшылығына И. Сталин Әліби Жангелдинді ұсы-нады. Сол мәселеге арналған алқалы жиында Қазақстаннан бар-ған делегацияның бір мүшесі опасыздыққа тән әрекетке барып, «Қазақтар үш жүзге бөлінген, әрқайсысының өз ханы болған. Сондықтан бізді басқаруға басқа ұлт өкілін жіберген дұрыс болар еді» депті. Сөйтіп, «алтау ала болса, ауыздағы кетеді…» дегендей, басқа қонғалы тұрған бақыттан өзіміз айырылып қалыппыз. Автор бұл деректерді сақталған мұрағат құжаттарына сүйене отырып келтірген. Егер Қазақстанды қандасымыз басқарғанда, анабір жылдардағы жан түршігерлік жағдайлар болмас еді-ау деген ойға қаласың қазір.

Ж. Шаяхметов Қазақстанды өте қиын кезеңде басқарды. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар оның үлесіне тиді. Жеті-сегіз жылдың ішінде республиканың өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, мәдениеті дамып, одақтас республикалар бойынша алдыңғы орындардың біріне шықты.

Н. Хрущев билік басына келген соң Ж. Шаяхметовты қызметтен босатып, төмендетіп жіберді.

Ж. Шаяхметовтың тұсында Қазақ ССР-ында облыс басшыларының 90 пайызы өз қандастарымыз болғаны біраз  нәрсені  аңғартса  керек.

Бисен Жұмағалиев облыстық «Екпінді құрылыс» («Орал өңірі») газетінің редакторы болып қызмет істеген. 1954 жылы Алматы – Мәскеу жүрдек пойызында Жұмабай Шаяхметовпен сапарлас болып, көрнекті қайраткердің ұлағатты әңгімелерін тыңдапты.

Автор Қазақстанда қырық жылдай басшылық қызметте болған ұлы тұлға Дінмұхаммед Қонаевқа естелік кітабының жиырма бетін арнапты. Бұл кісі И. Сталин, Н. Хрущев, Л. Брежнев, М. Горбачев сияқты Кремль «серкелерімен» қызметтес болды. Өте жауапты жұмысқа тағайындаларда қатаң тексеруден өтіп отырды. Беделіне қылау түспеген біртуар тұлға туралы естелікті тебіренбей оқу мүмкін емес. Кәнігі журналистің қалам  сілтесі  тәнті  етеді.

Қазақстанның Д. Қонаев басқарған кезеңдегі дамуын баяндау-ды автор мақсат етпеген. Бұл жағы баршаға мәлім. Бисен Жұмағалиевтың өз сөзімен айтсақ, «ақ пейілді, алып жүректі Димекеңнің» адами қасиеттері естелікте жанжақты көрініс тапқан. Бисен аға 25 жыл бойына екі облыста обкомпарттың хатшысы болды. Осы ұзақ мерзім ішінде А. Қонаевпен сан мәрте кездесіп, қызмет бабында ақылдасып, тікелей тапсырма-нұсқау алғанын жазады автор. Бір ғана жәйтке тоқталайын, 1971 жылдың басында Б. Жұмағалиев, яғни кітап авторы Орал облысынан Көкшетау облысына ауыстырылып, бұрынғы лауазымымен тепе-тең обкомның идеологиялық мәселелер жөніндегі хатшысы болып сайланды. Сол кезде облыстық «Орал өңірі» газетінің жас қызметкері едім. Бисен аға редакторлық қызметте істегенде жұмыстас болған аға журналистер өзара әңгімеде «Неліктен бұлай болды?» деп жатқандары есімде қалыпты. Себебін әңгімеге арқау болған  кітаптан оқып-білдім. Көкшетау облысын ұзақ жылдар бойына басқа ұлт өкілдері басқарды. Аспандағы аққуға үн қосқан Біржан сал, Ақан серінің елі жедел орыстанып бара жатты. Талай-талай тұғыры биік тұлғалар шыққан өңірдің бетін бері қарату үшін идеологиялық жұмысты мықтап қолға алу керек еді. Таңдау Бисен Жұмағалиевке түсіп, Д. Қонаев  қабылдап,  сәттілік  тілейді.

Д. Қонаевтың адамгершілік қасиетіне бір мысал. Кезекті бір қабылдауда Дінмұхаммед Ахметұлы Бисен ағадан: – «Көкшетауға үйрендің бе?», – деп сұрайды. –  «Үйренуін үйрендік-ау келініңіз екеуміз. Тек үш баламыз үш қалада оқып жатыр, сол жағы қиындау болып тұр», – дейді бұл кісі. Республика басшысы сол бойда тиісті жерге телефон шалып, екі бөлмелі пәтер бергізіп, үш студенттің Алматыда оқуына жағдай жасапты. Бұл бір жағынан Бисен ағаның Көкшетаудағы қызметіне риза екенін  білдірсе  керек.

Осынау «Жайсаңдар жайлы толғаныс» кітабында автор Батыс Қазақстан облысын басқарған, яғни өзімен жұмыстас болған азаматтарға тоқталады. Мінәйдар Салин, Сабыр Ниязбеков, Сәлімгерей Тоқтамысов, Шәпет Қоспанов туралы естеліктері терең мазмұндылығымен, әрбір кейіпкерге деген үлкен ілтипаттылығымен ерекшеленеді. Бұл аталған тұлғалар өңіріміздің өркендеуіне айтарлықтай  үлес  қосты.

Кітаптағы өңірімізден шыққан еңселі тұлғалар – генерал Шәкір Жексенбаев, Хамид Чурин, Мәжікен Бутин, Мұзафар Дайыров туралы естеліктер оқырманды бейжай қалдырмайды. Осы аталған адамдармен Бисен аға достық, жолдастық қарым-қатынаста болып, әрқайсының мінез-құлқын, жан дүниесін ашып көрсетуге тырысқан.

Өмір атты ұлы жолда кездесіп, иық түйістіре қатар жүрген Саттар Имашев, Еркін Әуелбеков, академик Түймебай Әшімбаев, Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов хақындағы жазбалар да оқырманның көңіл төрінен орын алары  күмәнсіз.

Бисен Жұмағалиевтың әңгімеге арқау болып отырған естелік кітабының әрін-нәрін келтіріп тұрған қыран қанатты ақын Жұбан Молдағалиев туралы «Шырағдан жырлар» деп тақырып қойған жазбасы  дер  едім.

Жұбан ақынды бір адам білсе, ол – Бисен Жұмағалиев. Екеуі бір ауылда туып-өсті, бір мектепте оқыды. Бала кезден басталған достық егделік жасқа дейін созылды. Жұбан Молдағалиевтың өлеңдерін Бисен ағадай үңіле, зерделеп-зерттеп оқыған адам, сірә, некен-саяқ болар деп ойлаймын өзім. Әрине, әдебиетші ғалымдардың жөні бөлек қой.

Автор Жұбан ақынның майданда жүріп жазған алғашқы өлеңдері туралы толымды пікір айтады.

Қасқая шап, қарсы бар,

Өмірдің нұрлы таңы үшін!

Бір бассаң да, алға бас

Миллиондардың бағы үшін!

Иә, дәл бүгінгі күннің биігінен қарасақ, бұл өлеңнің балаңдығы көрініп-ақ тұр. Ол әлі қалыптасқан ақын емес, үйрену дәуіріндегі шәкірт болатын. Бір шындық айқын. Ол – Жұбан ақынның азаматтық биік мұраттарды мақсат тұтуында.

Соғыс жағдайында қандай жырлар қажет екенін түсінуінде. Бисен Жұмағалиев Жұбан Молдағалиевтың өлеңдерін талдағанда маман әдебиетшіге айналып кетеді. Жұбан ақынның алғашқы туындылары болашақтағы арналы шығармашылығының жолашары болды. «Жыр туралы жыр», «Қыран дала», «Байқоңыр баспалдақтары», «Мен қазақпын» тағы басқа кесек туындыларына ол майданда жазылған  жырлар  арқылы  келді.

Өлеңтінің қармақ тартқан қай жері,

Сайқұдықтың сарымсаққа бай жері.

Көңілімнің көз алдында бәрі де,

Киік оты жұпарланған сай желі.

Туған ауыл, туған жер-ай, далам-ай,

Балаша мәз, байсалдысың даладай.

Сенше түлеп, сенше өзгерсем, арман не?!

Тек өзіңнен мені бөлек санама!

Бұл өлең жолдарын жазғанда Жұбан ақынның көз алдында Бисен досы тұрған шығар?! Құйма құлақ, көмбе көкірек ағалар-ай, қара жерге  қалай  сыйып  жатырсыңдар?!

«Жайсаңдар жайлы толғаныс» естеліктер кітабы автордың, яғни Бисен Жұмағалиевтың қолымен дайындалып, баспаға ұсынылыпты. Баспада жатыңқырап қалған кітап Бисен аға өмірден өткеннен кейін жарық көретін болғандықтан, автор туралы естеліктер қосуға ұйғарым болыпты. Дұрыс шешім! Себебі оның өзі де елдің есінде жүруге лайық жан болатын. Жайсаң Ақбай, Амангелді Құрақов, Иван Гапич, Шәріп Хайроллаұлы, Мырзағали Мұхамбетов, Мәжит Жаданов, Сәбит Жаданов, Ғазиз Хаймулдин, Александр Ялфимов, Нағым Ризуанов, Мира Шүйіншәлиева, Нұрлан Ізтілеуовтің естеліктері абзал ағаның ұмытылмас бейнесін  көз  алдына  әкеледі.

Қорыта айтқанда, «Жайсаңдар жайлы толғаныс» естеліктер кітабы аталған тұрлаулы тұлғаларға, сондай-ақ кітап авторы, Ақ Жайықтың абызы Бисен Жұмағалиевтың өзіне орнатылған ескерткіштей қабылданады деп толық сеніммен айта  аламыз.

Айтқали НӘРІКОВ,

ақын,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі


Қайғы болып хатталған, қасірет болып жатталған жылдар

Күні: , 118 рет оқылды


Бүгін  Кеңес  әскерінің  Ауған  жерінен  шығарылғанына  29 жыл  толып  отыр. Жарияланбаған  соғыс іспетті  Ауған  соғысында  Кеңес  одағының  әр  қиырынан  барған  сарбаздар  өздерінің  интернационалдық  борышын  өтеді.


Сол соғыста зардап шеккен адамның жалпы саны  500 мыңға жуықтаса, соның 10 пайыздан астамы дене жарақатын алды. 10573-і мүгедек атанды. 471 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Ал 14453 сарбаз борышын өтеу жолында мерт болды.

Осындай сананы сансыратқан сұрапыл күндерді қазақстандық отбасылар да бастан кешті. Ауғанстандағы Кеңес әскерінің шектеулі контингенті құрамында Қазақ елінің 22269 сарбазы да қатысты. Олардың 924-і қаза тауып, 1015-і мүгедек болып, елге оралса, 21 сарбаз хабарсыз кетті. Біздің облысымыздан Ауғанстанға 1021 сарбаз аттанған еді. 27 жауынгер ажал құшып, біреуі із-түзсіз жоғалды. Ал 87 сарбаз Ауған соғысының мүгедегі атанды.

Ауған соғысының мүгедектер және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сапар Қалиевтің айтуынша, бүгінде ауғандықтардың  қатары сиреген. Олар жастарды отансүйгіштікке баулып жүр. Бұл майдангер азаматтардың кейде назардан тыс қалатыны да жасырын емес. Мәселен, олардың мәртебесін Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіру мәселесі бірнеше жылдан бері әлі талқыланып келе жатыр. Ауғандық ардагерлердің біразы көпшілікпен қатар  тұрғын  үй  кезегінде  тұр.

– Біздің қоғам әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізумен қатар, сарбаздардың ата-аналарының қал-жағдайын біліп, көмек беруді де естен шығарған емес. Біз ұйымдастыратын іс-шараларға «Зенит» АҚ, «Конденсат» АҚ және «Альтаир» ЖШС демеушілік көрсетеді, – деген Сапар  Қалиев қазір облыс бойынша 747 Ауған соғысының  ардагері  барын  айтты.

Ауған соғысының аптабын кө-ріп, оқ пен өрттің ортасынан келген жандар бейбіт күннің қадірін біледі. Отан мен достықтың қасиетін терең ұғады. Осындай жанның бірі – ҚР Атомдық энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің БҚО бойынша аумақтық департаменті басшысы қызметін атқарып жүрген Серікболат Ешов.

– 1984 жылы Алматы қаласындағы энергетика-құрылыс техникумына оқуға түскен едім. 1987 жылы оқу аяқталған соң, қаладағы Алатау аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, мамыр айында әскер қатарына алындым. Шығыс Қазақстан облысының Курчум деген ауылына бардық. Сол жерде отыз шақты жауынгерді Ауған соғысына дайындаймыз деп Алматы облысының Чунжа ауылына алып кетті. Бұл ауылда маусым айынан желтоқсанның басына дейін тұрдық. Осында  танкіге қарсы гранат атқыштар тобының командирі атандым. Сол жылы 20 желтоқсанда Таулы-Бадахшан автономдық округінің Гүлхана деген ауылына апарып түсірді. Одан кейін Ауғанстан-Пәкістан шекарасында Тергеран деген гарнизонда болдық. Ауған жерінде КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара әскерінің №90878 бөлімінде борышымды өтедім. Түрлі оқиғаға куә болған біздің бөлім 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан  шығарылғанына  да қатысты. Бірақ елге сол бойда барған жоқпыз. Тәжік-Ауған шекарасында да борышымызды өтеген соң, 15 мамырда ғана елге оралдық.

Қазір соғыс даласында бастан кешкен оқиғаларды еске алудың өзі қиын. Ол кезде 19 жаста едім. Жастықпен, жалынды жігермен жүрген шақ. Ауғанстанға әскери борышымызды өтеп, міндетімізді орындаймыз деп аттандық. Біз теңіз деңгейінен үш мың жарым шақырым биіктіктегі таулы жерде тұрдық. Табиғаты, жер бедері басқа өлкеге тап болғанда алғашында дем жетіспейтін. Әскери борышымызды өтеуге барған жерімізде сарбаздар үшін біраз жағдай  жасалды. Ал Ауғанстанға алғаш барған сарбаздарға әлеуметтік-тұрмыстық  жағдай  жасалған  жоқ. Далада түнеп, даланы мекен етті. Талай қиындық көрсе де мойымаған сол ағаларымызды ұмытпаймыз. Қасымдағы жолдастарымның көпшілігі украиндықтар еді. Қазақстаннан үш  жігіт болдық. Қазір сол кезде бірге жүрген оралдық Рашид Фазыловпен және ішкі істер құрылымында  қызмет  етіп  жүрген қызылордалық Алтынбек Ахметовпен араласып, хабарласып  тұрамыз.

Соғыс деген жақсы нәрсе емес. Не жағдай болса да, бәрі бейбіт жолмен шешілсін деп тілеймін. Қазір жастарды Отанды – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу керек. Ол үшін бізге мықты идеология қажет. Ал Отанды сүю ең бірінші отбасыдан, ата-ананы, достарды құрметтеуден бастау алады, – деді Серікболат Есенғалиұлы.

Жүректерге жара салған сол жылдар ұмытылмақ  емес. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл айтқандай, бұл күн ауғандық  жауынгерлер үшін қайғы болып хатталып, қасірет болып жатталып, санада қанмен және термен жазылған күн болып қала  бермек.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Мал сою алаңы ашылды

Күні: , 232 рет оқылды


Жақында  Жалпақтал  ауылында  модульді  мал  сою  алаңы ашылды.  «Ынтымақ»  несиелік  бағдарламасы  бойынша «Ауыл шаруашылығын  қаржылай  қолдау  қоры»  АҚ  ұсынған  кепілсіз несие  көмегімен   «Жалпақтал»  АӨК  тұрғызған  үш  ай  ішінде нысан  ауыл  тұрғындарының  игілігіне  қызмет  жасамақ.


Ауылдық жерде мал баққан шаруа енді бірлі-жарым малын саудалау үшін қалаға барып сандалып жүрмейді. Мал сою бекеті жанында болашақта шұжық цехы мен ет дүкенін, асхана мен қонақүй салу кооператив мүшелерінің  жоспарында  бар.

– Елбасымыз биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің дамуын жақсартуда мемлекет алдындағы жаңа он міндетті айқындап берген болатын. Осы құжаттың үшінші міндетінде агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктері қарастырылып, ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз ету, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажеттігін атап көрсеткен болатын. Тәулігіне 10-15 бас ірі қара малын соятын модульдік мал сою пунктінің құрылысы өткен жылдың қараша айында басталып, қысқа мерзім ішінде пайдалануға беріліп отыр. Жаңадан ашылған модульдік мал сою пунктінің жұмысы жанданып, тұрғындарға қызмет көрсетуде жаңа жетістіктерге жете берсін, – деді аудан әкімі Абат Шыныбеков бекеттің ашылу салтанатында.

Тұрарбек  ҚАЙЫРҒАЛИ,

Жалпақтал  ауылы,

Қазталов  ауданы


Асарлатып салған асхананың игілігін көруде

Күні: , 130 рет оқылды


Өткен  жылдың  күзінде Ханкөл ауылының тұрғындары асарлатып мектеп  жанындағы тозығы жеткен асхананың қабырғасын қайтадан  жаңартып тұрғызды.


Бүгінде үлгі боларлық игі бастаманың қызығын ханкөлдік бүлдіршіндер көріп отыр.  Мектеп  жанындағы  тозығы жеткен асхананы, көгілдір отын кіргізуге жағдайы жоқ екендігін естіп, сол уақытта (қазіргі таңда марқұм) Ханкөл ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Бақытжан Жәлелов бастап ауыл ақсақалдары, ауыл тұрғындары бірігіп бұзып,  қайта салуға шешімге келген болатынбыз. Әбден тозығы жеткен асхананы бұзып,  жерін тегістеуге Бақытжанның қос ұлы Сабыржан мен Төрежан қолындағы техникаларымен  көмек  қолын  созды.

Ауыл ақсақалдары бастап, мектеп ұжымы   және ауыл тұрғындарының бірігуімен аз ғана уақыттың ішінде 5000 мың тас соғылып, ұзындығы – 11, ені 10 метр болатын ғимарат бой көтерді. Облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов 12 тонна қиыршық тас пен бес тонна цемент, аудандық білім беру бөлімі құрылыс материалдарын алып беруге демеушілік жасады. Жаңа оқу жылы басталар тұста жаңа асхананың құрылысы аяқталды. Мектеп оқушылары қазіргі таңда кең, тап-таза, жылы жаңа ғимаратта тамақтанып, жүздерінен қуаныш көрінеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, алақандай ауылда ауыл тұрғындары бірігіп ұйымшылдықтарын көрсетті. Ауыл ақсақалдары бастап, жастарымыз қостап игілікті шаруалар алдағы уақытта да жалғасын   таппақ.

Зәйзағат  БӨЛЕҒАЛИЕВ,

Ханкөл  ауылының  тұрғыны,

Қаратөбе  ауданы


Әр шараның мазмұнына мән берілмек

Күні: , 94 рет оқылды


Таяуда  облыс  әкімдігінде  Елбасымыз  Н. Ә.  Назарбаевтың «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  мақаласынан  туындайтын  міндеттерді  жүзеге  асыру  мақсатында  кездесу  өтті.  Оған шақыру  бойынша  Бөрлі  ауданының  өкілдері  қатысты.  Олардың ішінде  мемлекеттік  құрылымдардың  жетекшілері,  қоғамдық ұйымдардың  жауапты  қызметкерлері  бар.


Жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының БҚО бойынша жобалық кеңсесінің менеджері Гүлсім Усағалиева төрт шағын бағдарлама бойынша әр шараны қалай жоспарлау керектігін баяндады. Сонымен қатар әр шараның төлқұжатын қалай даярлау жайына да тоқталды. Шара төлқұжаты соңынан міндетті түрде сараптамалық кеңестің талқылауынан өтуі тиіс. Содан кейін оның жүзеге асырылуына рұқсат етіледі. Айта кетерлік жәйт, әр шара екі тілде (қазақ және орыс) жүргізілуі керек. Енді әр шараның сапасы мен мазмұнына айрықша мән беріледі. Жұмыс бойынша апталық есеп берілуі қажет. Ол екі тілде жазылып, қос мәтіннің мазмұны бірдей болуы міндетті. Жұмыстың сапасы мен пәрменділігін арттыру мақсатында алдағы айда жалпы еліміз бойынша мамандар, соның ішінде біздің өңірден де сегіз менеджер Астана қаласында мамандану тағылымынан өтуі керек. Жалпы алғанда, алдағы уақытта менеджерлерге талап күшейтіледі.

Кездесу соңында жоғарыда аталған кеңсенің менеджерлері Жанар Әбдірахманова, Әнасыл Құрманәлі, Әдемі Махамбетқызы, Бибігүл Әнуарова қойылған сұрақтарға  жауап   берді.

Артынан Бөрлі ауданынан келген жұмыс тобы облыс орталығында ашылған «Рухани жаңғыру» музейінде болды. Аудан әкімі Алдияр Халелов бастаған делегация туған өлкені, жерді, ауылды, ондағы құндылықтарды қастерлеу арқылы жастарды елін сүюге тәрбиелеу мақсатында жасақталған музеймен  жан-жақты  танысты.

– Өткен жылғы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат деп білемін. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерілген болатын. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөлісті. Бұл бағытта облыс орталығы мен аудан-ауылдарда бірқатар ауқымды шаралар атқарылуда. Бөрлі ауданында арнайы құрылған жұмыс тобы облыс орталығындағы жобалық кеңседе болып, оның жұмысымен танысып, бағыт-бағдар алдық. «Рухани жаңғыру» музейіндегі  құнды деректер мен жәдігерлермен танысып, туған өлке тарихына қанықтық.  Ағымдағы жылы Бөрлі ауданындағы орталық мұражайды күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Жаңартылған мұражай ішінен арнайы «Рухани жаңғыру» бөлмесі ашылмақшы, – деді аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан  Ихсанов.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Cуретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Алаш ардағының төсеніші

Күні: , 112 рет оқылды

Ерекше  жәдігер


Музей жәдігері кез келген музей қорын байытатын негізгі зат болып табылады. Алайда, музейлер тарихын алып қарасақ, өз ғимаратының табалдырығынан бастап тарихи жәдігерге айналғандарды да көруге болады. Сол секілді алты  алашқа мәшһүр болған  Алашорда тарихының құрамдас бөлігіне айналған, бүгінде «Алаш музейі» аталып кеткен ХVІІІ ғасырда салынған Жымпитыдағы екі қабатты ағаш үй бұрын мемлекеттік қорғауда болса,  бүгінде «Киелі Қазақстан» картасына енген 100 нысанның бірегейі болып табылады. Алаш арыстарының табанының ізі қалған, жақтауында қолдарының табы сақталған қастерлі ғимараттың өзі құнды жәдігерге айналуда. Ал оның тарихына қатысты түпнұсқа жәдігерлерді іздестіру барысында Досмұхамедовтардың Мәскеудегі үйінде тұтынған қызыл-сары қалың кілем біздің қорымыздың басты экспонатына  айналып отыр.


Енді бұл кілемнің тарихына келетін болсақ: Ол кілемді 1964 жылы Қазақстанға  Қанипа  Шәріпқызына Ольга Константиновна Досмұхамедова өз қолымен сыйлапты. Ол кісінің шежіресіне тоқталар болсақ, Сұлтан атамыздан тараған екі ұл Досмұхамбет пен Ізмұхамбеттің ұрпақтары болып келеді. Досмұхамбеттен Қабас пен Жаһанша тараса, Ізмұхамбеттен Өлдән мен Шәріп туған. Шәріптен туған қыз  осы Қанипа деген апамыз. Ал Қанипа Жаһанша атамыздың тәрбиесінде болып, содан сол кісінің қарындасы саналып кеткен. Ал Өлдәннан тараған Қадес пен Құдес болатын, Жаһанша  мен Ольга анамызда бала болмай, осы Қадесті бауырларына салған еді. Ол кісі де ұзақ жылдар бойы Мәскеуде тұрып келді. Бүгінде атамыздың жиені болып  саналатын Қанипаның қызы Маржантас Қадырқызы осы кілемді біздің музейімізге сыйға тартқан болатын. Демек, елге келгеніне де елу жылдан асып барады. Оның алдында біраз уақыт бұл кілем Тұрар Рысқұлов алып берген олардың Мәскеудегі пәтерінде пайдалануда болған. Жаһанша атамыздың айтуынша, оның Мәскеудегі үйіне талай Алаш арыстары қонаққа барып тұрған. Ойлап қараңыз, қаншама аңыз болған тұлғалар осы кілемде әңгіме-дүкен құрып, шай ішті десеңіз, оның құндылығы арта түседі. Сонымен кілемнің нақты қай жерде жасалғанын анықтау қиынға түсіп тұр. Дегенмен оның сипаттамасына қарап, Кавказ бен  қазақ кілемдерінің біріне ұқсайтынын көреміз. Бір ғажабы, қаншама уақыт өтсе де, өңін берместен жылтырап тұрғандығы. Асылдың сынығындай болған дүниенің, «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейтінін» тағы бір мәрте дәлелдегендей. Биылғы жылы Батыс Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында оздырылатын іс-шаралардың қатысушылары мен аудан қонақтары міндетті түрде музейімізге келіп, жәдігерді көре алады. Алаш ардақтысының төсеніші болған тәбәрік жәдігер біздің ғана емес, ұлттық құндылығымыз болып табылады.

Айнагүл ОЙШЫБАЕВА,  

Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі,

Сырым ауданы


Аруназға көмек керек

Күні: , 61 рет оқылды


Облыстың кішкентай тұрғыны Аруназ Оразбек сирек кездесетін кесел – тригоноцефалия, метопикалық синостоз ауруына шалдыққан. Сәбиге шұғыл түрде Мәскеу қаласында ота жасалуы қажет.


Аруназ 2017 жылдың 20 тамызында дүниеге келген. Компьютерлік томографиялық тексеру нәтижесінде қойылған диагноз жаңа туған 8000 нәрестенің шамамен біреуінде кездеседі екен. Тригоноцефалия немесе үшбұрышты бас сүйек – тәж жігінің уақытынан бұрын бітелуі. Негізі метопикалық жік сегіз айдан екі жасқа дейінгі аралықта бітуі керек. Өйтпеген жағдайда бас сүйектің өсуі ми көлемінің ұлғаюына ілесе алмай, бас сүйек қуысы қысымының ұлғаюына себеп болады.

Мәскеулік дәрігерлер бас сүйегіне арнайы пластина орнату арқылы сәбидің денсаулығын сақтап қалуға болатынын айтуда. Сирек кездесетін дертке жасалатын отаның құны 5 млн. теңге (800 мың рубль). Ота сәтті өтуі үшін нәресте туылғаннан кейін 7-8 ай ішінде жасалуы қажет. Қазір Аруназ 5 айдан асты. Жас отбасы аз уақыттың ішінде мұндай қаражатты өз күштерімен жинай алмай отыр. Тұңғыштары үшін жанын шүберекке түйген Аңсар Исмағұлов пен Айсұлу Құрмаш қайырымды жандардан, қолы ашық жомарт азаматтардан қаржылай көмек сұрауға мәжбүр.

«Көп түкірсе – көл» демекші, басына тағдырдың қиыншылығы түскен жас отбасыға, кішкентай періште Аруназға қолымыздан келгенше көмек қолын созайық, ағайын!

Реквизиттер:

– Kaspi Gold 5169 4931 9281 6182,

ЖСН 93101040034

– Халық банкі 4402 5735 5290 8453

(Қашанов Н. Г. атына), ЖСН 590318401887

– Киви-әмиян: 87756723676

Байланыс телефондары:

8 775 672 36 76, 8 775 130 30 92.


Бруцеллезге қарсы «Тікелей желі!»

Күні: , 54 рет оқылды


Ақпан айының он бесінші жаңасында, яғни алдағы аптаның бейсенбісінде сағат 11. 00-ден бастап, «Орал өңірі» газетінің редакциясын­да ел-жұртты барынша бруцеллезден (сарып) сақтандыру бағытында «Тікелей желі» өтеді.


Ірілі-ұсақты түлік атаулыдан адамға жұ­ғатын бұл дерт — мал баққан ағайын үшін қатерлі кесел. Ал редакцияда өтетін тікелей желіде жұқпалы дерттен сақтану жолдарын ветеринария ғылымдарының док­торы, про­фессор Ғайса Абсатиров, облыс­тық қоғамдық денсау­лық сақтау департамен­тінің басшысы Жайдар Құрманов және облыс­тық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов әңгімелейтін бо­­­­ла­ды. Көкейкесті тақырыпта өтетін шара барысында мамандар оқыр­ман­дар­дың сауалдарына жауап бе­ру­ге пейіл­­­ді. Сұрақтарыңызды алдын ала газеті­­­­міздің oral_oniri@inbox.ru электронды поштасына жолдау­­ға немесе «Ті­­ке­­­­лей желі» өтетін күні 51-25-80 телефон нөмірі арқылы сауал қоюға болады.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика