Мұрағат: 12.02.2018


Талайды тамсандырған қобызшылар

Күні: , 71 рет оқылды


«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, жұма күні түскі уақытта Орал қаласындағы «City Center» сауда орталығында жүрген жұртшылық кенеттен қобыз сарынын естігенде, не болғанын түсінбей, аңтарылып қалды. Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінің 2-курсында оқитын  Бейбіт Сайынов сауда орталығына досымен кездесу үшін келген екен.


— Сабақтан шыққан соң ара-тұра осы жерге келеміз. Достарымызбен кездесіп, уақытты қызықты өткіземіз. Бүгін сауда орталығына кірген бетте құлағыма қобыздың үні келді. Алғашында музыкалық қондырғы арқылы қосып қойған шығар деп ойладым. Жақындап келгенде, жасөспірім өнерпаздардың қобыз аспабында ойнап, концерт беріп жатқанын көргенде қатты сүйсіндім. Өзім де бала кезімнен домбыра шертемін, өнерден құралақан емеспін. Оқушылардың бұл бастамасын колледж студенттері болып жалғастырып әкету туралы ой қылаң берді, — дейді ол.

Бұл дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатының «Атамұра» халық аспаптар оркестрінің халық ең көп жиналатын орталықтағы алғашқы концерті емес. Оқушылар оркестрі биылғы қаңтар айында «Атриум» сауда үйінде «Домбыра пати» шарасын ұйымдастырып, қазақ күйлерінің насихатталуына үлес қосқан болатын.

Бұл жолғы «Бабалар үні» атты концертте киелі қобыз аспабымен халық әндері мен күйлерін ғана емес, әлемдік музыка классиктерінің шығармаларын нақышына келтіре орындады.

— Қаламыздағы ең ірі сауда орталығының бірі болғандықтан, халық өте көп келеді. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдер жиі жиналатын орын.  Сондықтан мектепинтернат кешенінің «Өнер» бөлімінде білім алатын қобызшылар оркестрінің шағын концертін осы жерге өткізген жөн деп шештік. Басты мақсат – халықтың төл мәдениетіміз бен өнерімізге деген ықылас-құрметін арттырып, жастардың қызығушылығын ояту арқылы рухани жаңғыру бағдарламасының орындалуына үлес қосу, — дейді дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатының директоры Алмас Мұқаев.

Оралдық өрендердің өнері атыраулық Үнзира Шадуоваға да ерекше әсер сыйлаған екен.

— Өзге аймақтарға үлгі болатын, жалғастырып әкететін бастама екен. Бұл төл өнеріміздің халыққа қажет екендігін аңғартса керек.

Жас ұрпақтың мақтаныш сезімін оятатын, балауса өнерпаздардың  дарынын жетілдіруге, қарым-қабілетін шыңдай түсуге септігін тигізетін шара екен. Халық көп жиналатын орындарда тегін концерт беру арқылы ұлттық өнерді кеңінен насихаттау туралы оралдықтардың бастамасын өз мектебімізде жалғастыратын боламыз, — деді  Атырау облысы, Махамбет ауданындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің директоры Үнзира Есенжанқызы.

Оқушылардан құралған «Атамұра» халық аспаптар оркестрі келесі концертін көктем айларының бірінде ашық аспан аясында беруді жоспарлап отыр.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Қаратөбедегі қарқынды істер

Күні: , 234 рет оқылды


Қаратөбе ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысына келген облыс әкімінің орынбасарлары Ғабидолла Оспанқұлов пен Бибігүл Қонысбаева, облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық басқармалардың басшылары алдымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығындағы бірпәтерлі 14 тұрғын үй құрылысының жұмыстарымен танысты.


Содан соң аудандағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында, жаңадан ашылғалы отырған фитнес орталығында, «Рухани жаңғыру» кеңсесінде болып, ауданда жасалынып жатқан жұмыстарға қанықты.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Атамекен» шағын бағдарламасы бойынша атқарылатын жобалар бойынша жасақталған ауылдық округтердің жоба-көрмелері атқарылмақ маңызды жұмыстар жөнінде толыққанды мәлімет берді.

Зал толы қаратөбеліктер алдында аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында есеп берді.

– Бәсекеге қабілетті қоғамда ұлт тұтастығы мен ел бірлігін бір арнаға тоғыстырған озық идеялардың авторы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жуырда ғана Америка Құрама Штаттарына жасаған жұмыс сапары әлем елдері алдында қазақ елі мәртебесінің асқақ, беделінің биік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы биылғы жылдың басты тарихи құжаты «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жасампаз Жолдаумен жалғасын тауып, сіз бен бізге маңызды міндеттерді жүктеді. Осы орайда Қаратөбе ауданында өткен жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстар мен игі істердің барлығы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Жүйелі түрде жоспарланып жүзеге асқан ауқымды шаралар нәтижесіз емес, – деп аудан әкімі өз есебін бастады.

2018 жылдың 1 қаңтарына аудан халқы 15 596 адамды құрап, орташа айлық жалақы мөлшері 78 188 теңгеге жеткен.

Аудан бюджетінің кіріс бөлігі 4 217,9 млн. теңгені құрап, 110,7%-ға, шығыс бөлігі 4 187,4 млн. теңге немесе 99,9% орындалды. Оның 3 751,5 млн. теңгесін субвенциялар мен трансферттер, 312,2 млн. теңгесін салықтық түсімдер құрайды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда ірі қара 29 161 басты құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 102,5 пайызға, қой-ешкінің саны 69 488 бас немесе 100,9%, жылқы 6576 басты құрап, 106,8%-ға, құс 9839 бас, 100,6%-ға артып отыр. Өткен жылғымен салыстырғанда ірі қарадан 1,4%, жылқыдан 5% артық төл алынған.

Аудандағы барлық мал басына шаққанда асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлесі 8,4% (2456 бас), асыл тұқымды қой малы 2,2% (1195 бас), асыл тұқымды жылқы 1% (63 бас).

Бүгінгі таңда асыл тұқымды мал өсіретін 14 шаруашылық бар.

Олар еділбай, қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын, жабы, қазақтың ақбас сиыры, абердин-ангус, герефорд, әулиекөл сықылды ірі қара тұқымдарын өсірумен айналысуда.

Ауданда он ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Соның ішінде «Қаратөбе – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 35 мүшесі 97,9 млн. теңге несиеге қол жеткізді.

«Аққозы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өз қаражаты есебінен Қоржын ауылынан қой қырқу алаңын салып, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың 4500 бас қойын қырқып, халыққа қызмет көрсеткен.

Құрылыс саласында да оң серпін байқалып отыр. Бірпәтерлі сегіз тұрғын үйдің құрылысы (64,4 млн. теңге) және 14 пәтерлі коммуналдық үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері (15,6 млн. теңге) құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қаратөбе ауылында бірпәтерлі 14 тұрғын үйдің (120,1 млн. теңге) құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда аудандағы 22 елді мекеннің онының халқы орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 80,1% құрайды. Он елді мекендегі немесе аудан халқының 12,9% орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған.

Жергілікті жерде тұщы су көзі болмауына байланысты екі елді мекенге (Үшағаш, Үшана) ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіліп беріліп отыр. Аталмыш елді мекендерге Қаратөбе ауылындағы су көзінен Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана ауылдарына сумен қамту жүйесін өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 915,1 млн. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы ағымдағы жылға жоспарланған. Сонымен қатар «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты бойынша Жусандыой ауылы тұрғындарын таза ауыз сумен қамту үшін ЖСҚ жасақталып, қазіргі таңда кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өту үстінде.

– Елімізде былтырғы жылы бастау алған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» аудандық кеңсесі (құрамы төрт қызметкер) бекітіліп, жұмыс комиссиясы (18 адам) құрылды. Бағдарламаның «Атамекен» шағын бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлер Жарқын Тәжіғалиев Егіндікөл ауылына «ДТ – 75» шынжыр табанды тракторын сатып алып берсе, Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Үшана елді мекеніне Қаратөбе су қоры көзінен Үшанаға дейінгі елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер «КазКонстракшнГрупп» ЖШС басшылығы тозығы жеткен фельдшерлік пункт орнына өз қаражаты есебінен жаңадан фельдшерлік пункт салып берді.  Сондай-ақ «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов Астана қаласына «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалауға 13 оқушыға демеушілік көрсетті.

«Атамекен» шағын бағдарламасы бойынша биылғы жылы меценаттардың демеушілігімен жалпы құны 42,4 млн. теңгені құрайтын 40 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Жалпы жыл қорытындысы бойынша ауданда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 102 іс-шара өткізіліп, 18,3 млн. теңге жұмсалды,  – деді аудан әкімі Жанат Асылханұлы.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала т.б. салаларына толыққанды тоқталған аудан әкімі Ж. Асантаев алдағы уақытта атқарылмақ жоба жұмыстарымен де бөлісті.

Есепті кездесуде сөз алған еңбек ардагері Мәулен Қожахметов, облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқанов, жас маман Мұхтар Шайжанов ауылішілік жолдар салу, аудан орталығынан халықтық банк филиалын ашу, жүзу бассейнін салу сынды мәселелерді көтеріп, аудан әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысына оң баға беріп, ризашылықтарын білдірді.

Аудан тұрғындары алдында облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде баяндаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Қаратөбе өңіріндегі оңды істерді де атап өтіп, елдегі іргелі істерге шынайы алғысын жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайтарып, көкейкесті мәселелердің жоспарлы түрде жүзеге асырылатындығын жеткізді.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Қос қарақшы қолға түсті

Күні: , 75 рет оқылды


Орал қалалық ішкі істер басқармасына қарасты баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, бұл оқиға былтырғы жетінші желтоқсанда таңғы сағат төрттен 20 минут кеткенде орын алған.


Яғни, осы уақытта Орал қаласындағы Еуразия даңғылы бойында орналасқан бір ЖШС-ның ақша айырбастау пунктіне барып, осы нысандағы қызметкерден белгісіз біреу 130 мың теңгені қорқытып-үркітіп тартып алып, тайып тұрған. Әлгі әумесердің кесірінен ақша айырбастау нысанының заңды өкіліне 130 мың теңге шығын келген. Қарайған ақшаны қолды қылған қарақшы ақша айырбастау пунктінің терезесін балғамен бірнеше рет ұрып, сындырған. Сосын ішке кіріп, іштегі жас қызметкерді қылғындырып, жағасынан ұстап тартқылап, қорқытып, «Сендерде ақша бар, тез тауып бер!» деп айқайлайды. Тонаушының қолынан пышақ пен балғаны көріп, зәресі ұшқан әйел адам кассадағы 130 мың теңгені әлгінің қолына ұстатуға мәжбүр болған. Көксегеніне жетіп, ақшаны қалтасына басқан күдікті дереу бой тасалап, балғаны лақтырып кетеді.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, ақшаға құныққан, бір мәрте жолы болып дәніккен әлгі әумесер кезекті «жорығына» биылғы төртінші ақпанда шығады. Ол аталмыш күні таңғы сағат 05.05 пен 05.10 аралығында Орал қаласы Жуков көшесінің  бойындағы ақша айырбастау пунктіне барып, еркін кіріп, бұл жолы терезе әйнегін гантельмен ұрған.  Алайда гантельмен 39 рет ұрса да, әйнек сынбайды. Терезені есесі кеткендей қаншама ұрғыласа да, әйнек сынбай, қолы шаршап, қары талып, дымы құрыған «сабазың» өзінің «еңбек құралы» гантельді «жұмыс орнына» тастамай, пункттен шығып кетеді. Алайда оның үстіне киген киім-кешегінің түсі және бүкіл қылмыстық әрекеті бейнетаспаға жазылып қалады. Бұған қоса  саусақ және алақан іздері де заңға қайшы әрекет орын алған жерде қалып қояды. Арам жолмен ақша таппақ болып, екінші рет қарақшылық шабуылға барған әлгінің қасында бұл жолы және біреу болады. Осы қылмыстық қарекетті тергеп-тексеруге шұғыл кіріскен Орал қалалық ІІБ құрамындағы Абай полиция бөлімінің жедел уәкілдері таяуда 1993 жылғы екі күдіктіні ұстады.  Қос  қарақшы құрдас бүгіндері басқарманың уақытша оқшаулау абақтысында қамауда отыр. Заңға қайшы әрекеттерін мойындаған олардан гантель, қысқы қалың қара түсті күрте мен бас киімі тәркіленді. Қарақшылық әрекетке барған екеуге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 1-ші бөліміне сәйкес іс қозғалып, тергеу-тексеру шаралары жалғасуда.

Өз  тілшіміз


Жылқы атқан жетесіздер

Күні: , 109 рет оқылды


Сүттігенді елді мекеніндегі Қайрат Садықов жетекшілік ететін «Қайрат» шаруа қожалығы мал өсіруді кәсіп еткен ұжым.


Ертемен тебіндегі жылқыларын қарап келуге шыққан Қайраттың баласы терісі сыпырылып, еті бөлшектеліп тасталған жылқының үстінен түсті. Тағы бір жылқы мойнынан жараланған.

Оқиға ақпан айының 2-нен 3-не қараған түнде болған. Бұл жөнінде іле-шала Ақжайық ауылындағы учаскелік полиция бөліміне хабарланды. Дереу оқиға орнына жеткен учаскелік полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Нұрболат Таутешев, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор, полиция майоры Дамир Абдрахманов, тергеуші, полиция подполковнигі Асылбек Тілеков, учаскелік инспектор, полиция майоры Есенжан Боранғалиев екі жылқы аңшы мылтығынан мерт болғанын анықтады. Сонымен қатар қарға түскен аутокөлік және адам іздері сайрап жатты. Осы сәтте бұларға жергілікті полиция подполковнигі Руслан Ашиқов,  учаскелік инспектор, полиция майоры Азамат Жұмабаев қосылды. Сол маңдағы елді мекендерді қамтыған іздестіру жұмысы барысында ұрылардың алыстан келмегені анықталды.

Оқиға орнындағы дөңгелектердің ізін салыстыра келгенде ұрлыққа пайдаланылған «Жигули»  және көлікте болған үш адам 16-ыншы калибрлі аңшы мылтығымен қолға түсті. Қылмысқа барғандардың үшеуі де сүттігенділік болып шықты.

Мұхамбет ЖҰБАНДЫҚОВ,

Ақжайық ауылы


350 тұрғынды қабылдады

Күні: , 52 рет оқылды


Өткен  сенбіде  Орал  қаласындағы  Х. Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрында  дәстүрлі  «Ашық  әкімдік» шарасы  ұйымдастырылды.  Шарада  облыс  әкімінің  орынбасарлары  және  барлығы  44  мемлекеттік  ұйым, коммуналдық  мекемелердің  басшылары  әр  түрлі  мәселемен  жолыққан  облыс  тұрғындарын  қабылдады.


Біз әңгімеге тартқан тұрғындардың денін тұрғын үй, жер кезегі мәселелері мазалайтыны аңғарылды. Оларға берілетін жауап та біркелкі: «Кезегіңізді күтесіз, біз заңнан асып  ештеңе  жасай  алмаймыз…».

Айман Меңдәлиева есімді қала тұрғыны жұбайының қос бөтекесі бірдей ауырып, ерекше күтімді қажет ететін бірінші топ мүгедегі болғандықтан, дәрігерлердің кеңесімен 2011 жылы қалаға көшіп келгенін айтады. Осы жағдайына байланысты 2012 жылдың соңына таман оларға үкімет тарапынан жатақхананың бір бөлмесі берілген екен. Алайда 2014 жылы ұзаққа созылған науқастан 28 жыл отасқан жұбайы о дүниелік болған. «Енді мені далада қалдырмайтын шығар деп қала әкімінің қабылдауына келдім. Мәселемді қарастыратын болды» дейді ол.

– Менің қабылдауымда болған тұрғындар негізінен қоғамдық тәртіпті нығайту, әсіресе, көп қабатты үйлердің аулаларындағы тәртіп, жол-көлік оқиғалары мен отбасындағы жанжал, көршілер арасындағы дау-дамай мәселелерімен жолықты. Әр мәселенің шешу жолдарын қарастырып, қажетті шараларды қолға аламыз, – дейді облыстық жергілікті полиция бастығы, полиция полковнигі   Манарбек   Ғабдуллин.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, қабылдау кезінде өзі басқаратын салаға қатысты офтальмолог қызметін дамыту, аурухананың материалдық-техникалық жағдайын жаңарту секілді бірқатар ұсыныстар, сондай-ақ жекелеген тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмек қажеттілігіне байланысты сауалдар болған. Олардың бірқатарының мәселесі сол жерде шешілген болса, енді кейбіріне қажетті кеңес берілген.

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастыру бөлімінің басшысы Гүлдана Аргенованың айтуынша, осы жолғы «Ашық әкімдікте» мекеме басшылары барлығы 350 тұрғынды қабылдаған. Тұрғындардың 40 пайыздайы тұрғын үй мәселесімен жолықса, тағы 40 пайызы әр түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша, қалғаны өзге де сұрақтармен келген. Әсіресе, мүгедектік жәрдемақы, денсаулық, білім саласы, жол құрылысы мәселелері көбірек көтерілген.

«Ашық әкімдік» қабылдауына келген қала тұрғындарының ішінде журналистер қауымының ерекше назарын аударғаны Нұршат Бисекенова есімді жас келіншектің жан айқайы болды. Ол өткен жылдың көктемінде қайғылы жағдайға ұшыраған. Нұршаттың айтуынша, күйеуі Подстепный ауылы маңында тасжолдың топырақты жиегімен жүріп бара жатқан жерінен көлікке қағылып, қайтыс болған. Аталмыш көліктің иесі ұсталғанымен, тергеу амалдары тиісті деңгейде жүргізілмей, оқиғаның нақты куәгерінің жауабы есепке алынбай, қылмыстық іс екі мәрте қысқартылған. Жәбірленушілердің наразылығы нәтижесінде бүгінгі таңда аталмыш қылмыстық іс үшінші рет көтеріліп отыр. «Қылмыс бұл жолы да «бармақ басты, көз қысты» әрекеттермен бүркемеленіп, соттың әділ шешіміне жете алмаймыз ба деген қаупім бар…» деп шырылдайды әкесіз қалған қос сәбидің анасы. Нұршат Ғалымқызы осы мәселемен облыстық деңгейдегі барлық құзырлы мекемелердің, тіпті облыстық әкімдіктің де есігін қаққан.

– Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың, облыс прокурорының орынбасары Тәжиден Наймановтың, аталмыш мекемеге қарасты заңдылықты қадағалау және тергеу басқармасының бастығы Азамат Сәтбаевтың қабылдауында болдым.

Арман Кәрімұлының жылы қа-былдап, жағдайыма жанашырлық танытқаны, «мәселені бақылауға аламыз» дегені қамыққан көңіліме дем берді, – дейді Нұршат Бисекенова.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Кәсіпкерлерге қатысты 36 ауыр қылмыс тіркелген

Күні: , 39 рет оқылды


Жуырда  БҚО  ішкі  істер  департаменті  жанындағы  консультативтік  кеңестің кезекті  отырысы  өтті.  Жиынға  кеңес мүшелері,  департаменттің  басқарма басшылары  және  БАҚ  өкілдері қатысты.  Күн  тәртібінде  кәсіпкерлік  нысандарына  қатысты  заңға  қайшы әрекеттердің алдын  алу, орын алған  қылмыстарды  ашу және тергеу  мәселелері  талқыланды.


Елбасы халық пен биліктің Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елдің қатарына енуін қамтамасыз ету жөнінде міндет қойғаны белгілі.  Ал кез келген елдің даму көрсеткіші оның бәсекеге қабілеттілік деңгейімен бағаланады. Сондықтан да әлем елдерінің көпшілігі қазіргі жаһандану үдерісінде әлемдік нарықтағы ұлттық бәсекеге қабілеттілік көрсеткішіне баса көңіл аударуда. Ұлттық экономиканың халықаралық ауқымдағы негізгі және аса маңызды рейтингтері Дүниежүзілік экономикалық форуммен анықталады. Қазақстан ДЭФ рейтингінде 2010-2011 жылдары 72-орынды иеленсе,   2015-2016 жылдары позицияларын едәуір жақсартып, 42-орынға көтерілген болатын. Алайда 2016-2017 жылдардағы рейтинг бойынша 53-орынға тұрақтаса, 2017-2018 жылдары 57-орынды иеленді. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексін анықтауда бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау көрсеткішіне де үлкен мән беріледі. Бүгінгі жиында өңірдегі орта және шағын бизнестің дамуына тосқауыл болып отырған қылмыстардың алдын алу, ашылу және тергелу мәселелерін талқылаймыз, – деді алғашқы болып сөз алған консультативтік кеңестің төрағасы Қазыбай Бозымов.

БҚО ІІД-ның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ербол Бердешовтің мәлімдеуінше, ел үкіметімен бекітілген жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторын жақсарту жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған шаралар жоспарына сәйкес ҚР Ішкі істер министрлігі үш индикатор бойынша негізгі орындаушы болып табылады. Олар ең алдымен «Қылмыс және зорлық-зомбылық салдарынан болатын бизнес шығасылары», екіншіден, «Ұйымдасқан қылмыс» және соңғысы, «Полиция қызметінің сенімділігі» индикаторлары. Облыстық ішкі істер департаменті өңірдегі бизнес жүргізуге қажетті жағдай туғызу, әкімшілік кедергілер мен бақылау-қадағалау қызметтерін азайту, азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, кәсіпкерлік және бизнес субъектілеріне қатысты қылмыстарды ізін суытпай ашу бағытында кешенді іс-шараларды қолға алған. Коммерциялық фирмалар мен кәсіпкерлерден ақша бопсалау қылмыстарына жол бермеу мақсатында жедел алдын алу шаралары жүргізілуде. 2017 жылдың 9 қаңтарында облыс орталығындағы ірі базарлардың басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, қылмыстың алдын алу бағытында бірлесе әрекет ету мәселелері талқыланған. Сонымен қатар жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын аутобустар жүргізушілеріне қатысты бопсалау әрекеттерін анықтау және алдын алу бағытында қаладағы жеті аутопарк пен жеті аутокемпингте жедел алдын алу іс-шаралары өткізілген.

Ербол Кәрімұлы өткен жылы облыс аумағында кәсіпкерлерге қатысты 36 ауыр  қылмыс тіркелгенін айтып өтті. Олардың басым бөлігі – ұрлық, тонау, қарақшылық және т. б. Тәртіп сақшыларының пайымдауынша, мұндай қылмыстар көбінесе ғимаратқа дабыл қондырғысын, бейнебақылау камераларын орнатпау, терезелер мен есіктерге темір тор қойылмау сияқты қарапайым сақтық шараларына мән бермеудің салдарынан болады екен. Мал ұрлығы орын алуының басты себебі де төрт түліктің ұзақ уақыт бағусыз жайылуы.

Консультативтік кеңес мүшелері Әлия Сәлиева цифрлық технологияның дамуымен бірге алаяқтық қылмыс түрлерінің де етек жайып, бизнестің дамуына тұсау болып отырғанын айтса, Ақұштап Бақтыгереева өңірімізде алаяқтардың телефон арқылы азаматтарды, әсіресе, егде жандарды бопсалау оқиғаларының көбейіп отырғанына алаңдаушылық білдірді.

БҚО ІІД криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Арыстанов облыста жыл басынан бері телефон арқылы алаяқтық құқықбұзушылық тіркелмегенін мәлімдеп, криминалистика саласында заманауи бейнебақылау камералары мен цифрлық қондырғылардың қылмысты ашуда көп көмегі тиіп отырғанын айтып өтті. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан қоғамдық тәртіп сақшыларының өз қызметін сапалы және жедел атқаруына барлық жағдай жасалуда. Қажетті заманауи құрал-жабдықпен, аутокөліктермен, ІТ технологиямен қамтылу деңгейіне және мамандардың біліктілігін арттыруға да баса мән берілуде. Кеңесте сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Орал қаласындағы әуежай мен облыстағы шекара бекеттерінде айыппұл төлеуге арналған терминалдар санын көбейту мәселесінің өзектілігіне тоқталды.

– Шекара-кеден бекеттерінде төлем аутоматтарының қойылуы – әкімшілік құқық бұзып, қалада немесе басқа да елді мекенде айыппұлды төлеп үлгермей қалған азаматтар үшін мейлінше қолайлы жағдай болар еді. Айыппұлды төлеуді ұмытып кеткен немесе берешегі бар екенін білмей қалған азаматтар орта жолдан кері қайтуға мәжбүр болып жатады, – деді Жантас Набиоллаұлы.

Кеңес отырысында БҚО ІІД-ның көші-қон қызметі басқармасының бөлімше бастығы, полиция майоры Әлия Шыңғалиева ішкі істер құрылымдары қызметіндегі басым бағыттың бірі – халыққа мемлекеттік қызмет түрлерінің сапалы  әрі уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Бұл тұрғыда, мемлекеттік мекемелермен мемлекеттік қызметті алуды цифрландыру және аутоматтандыру қолға алынған. Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызметтер реестріне сәйкес ҚР Ішкі істер министрлігі жеке және заңды тұлғаларға 30-дан аса мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 19-ы автоматтандырылған. Мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, ІІМ-ның «Халықты құжаттандыру және тіркеу» жүйесін электронды үкімет порталымен және өзге де ақпараттық жүйелермен интеграциялау сәтті жүзеге асқан. Инвестициялық климатты жақсарту және туристік қызығушылықты арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше 48 мемлекеттің азаматтары 30 күнге дейін виза талаптарынан босатылады. Жалпы, еліміз әлемнің 63 мемлекетімен визасыз режим орнатқан, шетелдіктерді уақытша тіркеу визалық көші-қон порталы арқылы жүзеге асады.

Әлия Құрманғазықызының мәлімдеуінше, өткен жылы облыста 23 мыңнан астам шетел азаматы уақытша тіркеуге тұрған, басым көпшілігі ТМД елдерінен. 561 шетелдік жұмыс бабымен келген, олардың қатарында Сербия, Үндістан, Иран, Пәкістан, Италия, Канада, Қытай, Колумбия, Нигерия, Словакия, Латвия және т. б. елдердің азаматтары бар. Оған қоса облыс аумағында тұрақты тұруға рұқсат алған 205 шетелдік азамат мемлекеттік кірістер құрылымдарында шағын және орта бизнес субъектілері ретінде тіркелген.

Динара  ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал  өңірі»


Бәсекеге қабілеттілік және ашықтық – медициналық ұйымдарға қойылар басты талап

Күні: , 61 рет оқылды


Облысымыздың  медициналық  ұйымдарындағы  қадағалау кеңестерінің  құрамына  өзгеріс  енгізілуде.


Бұл туралы өткен жұма күні облыстық мәслихаттың шағын залында өңірлік денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен  жиында  айтылды.

– Осыған дейін медициналық ұйымдардағы қадағалау кеңестерінің жұмысы шартты сипат алып келді. Яғни, олар жылына төрт рет қана жиналып, белгілі бір құжаттарға қол қоюмен шектелетін. Әрбір қадағалау кеңесінің құрамында бір салада қызмет атқарғандықтан, бірін-бірі жақсы танитын бас дәрігерлер бас қосқан. Әрине, бұл кеңес жұмысының жабықтығына әкеліп соғады. Бүгінгі таңда облыстағы медициналық ұйымдардың қадағалау кеңестерінің құрамына жаңадан он адам қосылды. Олардың қатарында облыстық мәслихаттың депутаттары, жоғары оқу орындарының проректорлары, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері, білікті қаржыгерлер бар. Олар өз кезегінде медициналық мекемелердегі ашықтықты арттырумен қатар аталмыш ұйымдардағы менеджмент жүйесінің жақсаруына да оң ықпал жасайды. Осыдан он жыл бұрын отаны сәтті жасаған немесе науқасты емдеу нәтижесі жоғары болған дәрігер кәсібіне жетілген маман болып есептелетін. Бүгінгі заман талабы білікті дәрігерге жоғарыда айтылған қасиеттерге ие болумен қатар, жақсы менеджер, жақсы маркетолог, өзі қызмет атқаратын мекемеге қаржылық пайда түсіре алатындай бәсекеге қабілетті болуды жүктейді. Қадағалау кеңесі құрамының түрлі сала мамандарынан құралуы осы талаптар үдесінен шығуға да көмегін тигізері даусыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Қанат  Төсекбаев.

Қанат Дүйсенбайұлы қадағалау кеңесінің мүшелері бас қосқан жиын барысында аталмыш кеңестің заманға сай қызметі, кеңейтілген құзыреттіліктері туралы жан-жақты әңгімеледі. Медициналық мекемелерде менеджмент және ұжымдық басқаруды дамыту – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, сондай-ақ «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Бүгінгі таңда облысымызда барлығы 44 медициналық мекеме болса, соның 32-сінде қадағалау кеңестері құрылған. Биыл облысымыздағы 17 медициналық мекеменің қадағалау кеңесі құрамын қайта сайлау көзделіп отыр. Аталмыш кеңестің құрамын қайта сайлау үш жылда бір рет жүзеге асырылады. Өткен жылы медициналық мекемелерде менеджмент және ұжымдық басқаруды дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жол картасы даярланған.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика