Мұрағат: 09.02.2018


Зеленовтың әлеуеті арта түспек

Күні: , 76 рет оқылды


Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровтың тұрғындармен есептік кездесуіне қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бағамдап, облыс ауқымында жүзеге асырылатын жұмыстар туралы ой бөлісті. Есептік кездесуге облыстық мәслихат хатшысы М. Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Б. Қонысбаева, И. Стексов, Ғ. Оспанқұлов және облыстық деңгейдегі бірқатар сала басшылары мен облыстық мәслихат депутаттары қатысты.


Алдымен жаңадан ашылған «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесінің жұмысымен танысқан облыс әкімі алаңның жүйелі жұмыстануын алға тартты. Рухани жаңғыру бағытындағы бастамаларға нұсқаушылық жасайтын алаңның ұдайы ізденісте болып, тұрғындар тарапынан жасалған игі ұсыныстарды тиімді іске асыру бағытындағы жұмысына  сәттілік  тіледі.

Ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жұртшылық назарына бейнебаян арқылы ұсынылды.

Бейнебаянда ауданның бюджеттік-салықтық түсімдері, ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері, тұрғындарды жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жер қатынастарын реттеу, халықты сапалы ауыз су және көгілдір отынмен қамту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, өңірлерді дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және түрлі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы мәліметтер келтірілді.

Ауыл шаруашылығы кең тынысты ауданда 2017 жылы айтарлықтай нәтиже тіркелді. Егіс алқабының көлемі кеңейтіліп, 215,8 мың гектарға жетті. Дәнді дақылдардың жалпы көлемі 17,3 ц/га, орташа өнімділік көрсеткішімен 225,3 мың тонна құрады. 156,0 ц/га орташа өнімділік көрсеткішімен жиналған картоптың жалпы көлемі 24,3 мың тонна, көкөніс дақылдары 20,1 мың тонна, орташа өнімділігі 162 ц/га, бақша дақылдары – 7,0 мың тонна, орташа өнімділігі 155 ц/га. Өткен жылы ауданда күздік дақылдар бойынша рекордтық өнім жиналып, орташа өнімділік – 27,9 ц/га құрады, тіпті кейбір шаруашылықтардың өнімділігі – 43,0 ц/га-ға дейін жетті. Сондай-ақ өткен күзде күздік дақыл себілген алқап көлемі 2 мың гектарға ұлғайып, 43,0 мың гектарды еңсерді. 2017 жылы майлы дақылдардың жалпы көлемі 1,4 есеге  ұлғайып, 31,5  мың  га  құрады.

2017 жылы ауданда 9,4 мың тонна ет, 39,0 мың тонна сүт, 63,7 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Мал басында  аздап  болса  да  өсім  бар.

Ауданда тоғыз ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, оның төртеуі ірі қара мал бордақылау, екеуі сүт қабылдау, өңдеу, екеуі мал тұқымын асылдандыру, біреуі бау-бақша өсіру бағытында жұмыстанады. Көшім және Переметный ауылдарында ауыл шаруашылығы кооперативіне тиесілі модельді мал сою бекеттері ашылып, жұмыстануда. Сала жұмысының нәтижелі болуына қаржылай қолдаудың ықпалы ерекше. 2017 жылы 153 қарыз алушыға  1211,3 млн. теңге несие қаражаты беріліпті. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Береке» бағдарламасымен 6 АШӨК (101 қарыз алушы) жалпы сомасы – 355,7 млн. теңге, «Батыс – Шаруа» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 48 қарыз алушыға – 786,7 млн. теңге берілген. «Агрокредиттік корпорация» АҚ арқылы төрт қарыз алушыға, жалпы сомасы 68,9 млн. теңге және бағытталған. Бұдан бөлек зеленовтық ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы көлемі 1,1 млрд. теңге демеуқаржыға қол жеткізген. Мемлекет тарапынан ауданның өсімдік шаруашылығына – 365,3 млн.  теңге,  мал шаруашылығына – 365,8 млн. теңге,  инвестиция – 309,5 млн.  теңге, өнім өңдеу мақсатына – 13,5 млн.  теңге  төленген.

2018 жылдың қаңтарындағы көрсеткіш бойынша ауданда 1043 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 126,8% орындалса, ресми жұмыссыздық  деңгейі 0,9 % көлемінде қалды.

«Өрлеу» бағдарламасына қатысушы 20 отбасыға жеке қосалқы шаруашылық құруына және жеке кәсібін дамытуға 4,6 млн. теңге көлемінде қаражат төленсе, 88 отбасыға 1,0 млн. теңге көлемінде коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын  үй  көмегі  беріліпті.

Аудан бойынша шағын және орта кәсіптің 3190 субъектісі тіркеліп, 2016 жылға қарағанда 20,8%ға өскен. Қазір жұмыстанып тұрған шағын және орта бизнес субъектілер саны 2895 құраса, онда 674 жұмысшы еңбектенуде. Шағын және орта кәсіптің өндірген өнім көлемі (жұмыс және қызмет) 16,5 млрд. теңгеге жуықтаған. Сонымен қатар ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша тіркелген 48 шағын цехта 347 адам жұмыс істеуде. Олар өткен жылы 649,7 млн. теңгеге өнім өндірілген. Экономиканың жаңа драйверіне айналуды көздеген саланың қарқыны қалыпты, өнім көлемін алдағы уақытта әлі де арттыра түсетін  әлеуеті  зор.

Есептік бейнебаянда ауданның инфрақұрылымдық жағдайы да терең зерделенген. Ауданда орталықтандырылған су құбырымен 28 елді мекен қамтылған, бұл халықтың 41,2%-ын құрайды. 37 елді мекен (54,4%) шахталық құдық суын пайдаланса, тұрғын саны 482 адамды құрайтын үш елді мекенге ауыз су тасымалдануда. Ауданның табиғи газбен қамтылуы 82%.

Барлық 68 елді мекеннің әзірге 50-і көгілдір  отынның  игілігін  көруде.

Тиянақты атқарылған істі тайға таңба басқандай тізбектеген бей-некөрсетілім тәмамдалған соң аудан әкімі Асхат Берлешұлы мінберге көтеріліп, жыл бедерінде атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталды.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халықты хабардар ету мақсатында барлық 22 ауылдық округте елмен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы мақсаттарымызды нақтыладық. Есептік кездесулерде талқыланған барлық мәселелер Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асырумен сабақтаса жүзеге асырылады. Өткен жылы ауданда халыққа ұсы-нылатын мемлекеттік қызмет сапалы орындалып, әр салада айтарлықтай белестерді еңсердік. Халықтың әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатындағы жұмыстар биыл да жалғасын таба береді, – дей келе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиянақты іске асыру, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарды еңсеру, цифрландыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысының айтуынша, биыл ауданда таза ауыз су тарту, жол жөндеу, әлеуметтік ғимараттарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, абаттандыру, тұрғын үй салу жұмыстары қарқын алмақ. Биыл кейбір шағын ауылдарға газ тартылады. Макаров округіне қарасты Факел ауылына көгілдір отын тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Бұдан бөлек, Кирсанов, Красный свет, Мирный, Владимировка, Кіші Шаған, Павлов және Горбунов ауылдарына газ тартуға құжаттама жасақталуда.

Өткен жылы атқарылған жұмыстарды түйіндеген аудан әкімі алда атқарылар жұмыстар жайын да пысықтап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған нақты міндеттерінің бірі де бірегейі – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын батыл іске асыру, маңызды реформаның игілігін межелі уақытында халықпен бірге көру. Бұл бағыттағы жұмысымыз жоспарлы іске асырылуда. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданда тақырыптық ғылыми-конференциялар, зиялы қауыммен кездесу кештері, аудан оқушыларының еліміздің киелі орындарына саяхаты, аудан жастарының ел тарихын тану мақсатында экспедициялары ұйымдастырылды, – деді Асхат Берлешұлы.

Одан әрі аудан әкімі «Қазақстан – 2050» стратегиясының ұлт денсаулығын нығайту мақсатында бұқаралық спортты дамытуды міндеттейтіндігін айта келіп, ауылдық округтер мен аудан орталығында балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдары салынатындығын жеткізді.

– Аудан орталығында өткен жылдың соңында «street work out» және балалар ойын алаңы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Елбасы мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында жергілікті азаматтардың қолдауымен «Ана мен бала» демалыс саябағы, «Менің елім» монументі ашылды. Сондай-ақ ағымдағы жыл басында аудан тарихында тұңғыш рет қазақ ақыны Қасым Аманжоловқа мүсін орнатылды. Жергілікті ақын, еңбек ардагері Құмарғали Ғұбайдоллаұлының «Дала дауысы» жыр жинағы оқырманға жол тартты. Аудан орталығынан «Рухани жаңғыру алаңы» кеңсесі өз жұмысын бастады. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады. Елбасының мақаласы ел дамуының нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат екендігін айтып, іскер жерлестерімізді игі мақсатқа жұмылуға шақырудамыз. Осы орайда жергілікті азаматтардың қолдауымен биыл 35 жобаны іске асыруды ойлап отырмыз. Олардың қатарында демалыс саябақтары, спорттық алаңдар мен гүлзарлар, жастар саябақтары бар, – деген Асхат Берлешұлы бұл бастамалардың жастарды отансүйгіштікке баулып, бұқараның спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал  ететіндігін  жеткізді.

Есептік кездесуде сөз алған тұрғындар ауыл көшелеріне қат-қыл жол төсеу, ашық стадионды жабдықтау, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмектің тапшылығы, мемлекеттік қызметтегі жас мамандардың өсуі, тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізуге жер телімін бөлу мәселелерін алға тартты. Әр сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы мінберге көтерілді.

– Бүгін баяндалған істеріміз алдағы уақытта да жалғасын тауып, халықтың ырыздық-ырысын арттыра бермек. Біз берекені көктен емес, еткен еңбектен  тілейтін елміз. Осынау кездесулерде көтерілген сұрақтардың сапасы мен мазмұнының өзгергені мені шын қуантады. Біздің алдымызда бір ғана ұлы мақсат бар. Ол – бірлігі мығым, ырысы мол, жастары білімді, тілі мен ділі берік сақталған мәңгілік елге айналу. Бұл – тұтас халқымыздың ізгі арманы, игі ниеті. Ел игілігі үшін жүргізіліп жатқан реформалар мен қабылданған құжаттар өз нәтижесін беруі үшін бәріміз жауаптымыз, – деген облыс әкімі өңірдегі ең негізгі жол, ауыз су мәселелерінің мемлекеттік «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында шешіліп отырғандығын алға тартты.

Сондай-ақ халықты баспанамен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістетуге жағдай жасау, ауыл шаруашылығын дамыту сынды өзекті мәселелердің күн тәртібінен түспейтіндігіне тоқталып, бұл салада Зеленов ауданының әлеуеті жоғары екендігіне назар аударды. Құнарлы топырақта егіннен мол өнім алып, мал басын асылдандыру арқылы өнімін еселей білген зеленовтық шаруаларға ризашылығын білдірген облыс әкімі қол жеткен нәтижелерді төмендетіп алмауды қаперледі.

Жиын барысында көтерілген әр сұраққа жауап берген Алтай Сейдірұлы тұрғындарды Елбасының Жолдауын іске асыруға жұмылуға, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына белсенді  үн  қосуға  шақырды.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

Суреттерді түсірген  Айбатыр НҰРАШ


6,5 миллиард теңгеге 14 жоба іске аспақ

Күні: , 53 рет оқылды


Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов халық алдындағы есеп беру жиынын өткізді. Ақсай шаһарындағы кездесуге облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов пен облыстың бірқатар сала басшылары қатысты.


Жиын алдында Игорь Стексов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңір меценаттарының жүзеге асырған бірқатар жобаларымен танысты.

Игі іске ұйытқы болғандар арасында «Азия Глобал Сервис» ЖШС-ның және белсенді тұрғындардың қолдауымен 1 млн. теңгеден аса қаражат жұмсалып, Ақсай шаһарының солтүстік бөлігіне балаларға арналған спорт және ойын алаңы салынды. Ал кәсіпкер Қайрат Қапашев аудандық орталық  аурухана жанынан ашылған оңалту орталығына жалпы құны 1,5 млн. теңге болатын сегіз жаңа үлгідегі вертикализатор алып берді.

«Жомарт жүрек» базалық жобасы аясында қайырымдылық аукционы ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдары сатылымға ұсынылды. Жиналған 1 млн. теңгеден аса қаражат мүмкіндігі шектеулі сегіз баланың емделуіне жұмсалды.

Жеке кәсіпкер Нұрбек Ома-ровтың да азаматтығын айта кеткен жөн. Ол  40 млн. теңге қаражатына аудандық мешіт жанынан тұрғындардың игілігі үшін асхана салып берді. Бөрлілік кәсіпкер Нұрсұлтан Дарханов саз мектебіне 1 млн. теңге қаражатқа 50 домбыра тарту етті. Бұрыннан қайырымды істерімен танымал жан осылайша өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге  өз  үлесін  қосты.

«Жомарт жүрек» жобасы негізінде халық қалаулысы шаһардағы елу жылдық тарихы бар №2 орта мектеп ұжымына интерактивті тақта сыйлады. Құны 420 мың теңге болатын тақта аталған білім ошағындағы түзете-дамыта оқыту сыныптарына  берілді.

Игорь Стексов биыл атқарылуы тиіс бірнеше жобалармен танысты. Ауданда «Әлеуметтік бастамалар картасы»  аясында жалпы құны 302 476 500 теңге болатын 10 жоба ұсынылып отыр.  Ең ірі жоба – Ақсай қаласындағы «Наурыз» саябағын абаттандыру, жайластыру (жалпы құны 280 млн. теңге) болса,  9 млн. теңгеге аудан орталығына «Streetworkout» спорт алаңы  салынбақ.

Александров ауылы маңындағы алма бағы аумағын қайта қалпына келтіру де межеленген міндет.

Суармалы плантациялар салу және жайластыру, өзге де жобалар қолға  алынбақ.

Өндірісі өрге, тірлігі төрге озған Бөрлі ауданы үшін өткен тауық жылы табысты жыл болды. Бірнеше нысан пайдалануға беріліп, ел игілігі үшін мардымды істер атқарылды. Жол жөнделіп, жаңа қоныстарын тойлаған тұрғындар да аз болмады.

Аудандағы кәсіпкерлік саласында бірқатар жұмыстар жүргізілуде, 2016 жылмен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлер саны 99 бірлікке артты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтардың өндірген өнімі мен көрсеткен қызметінің жалпы мөлшері 511 млн. теңгені құраған. Ал әлеуметтік нысандардың салынуы аудан халқы  үшін  зор  қуаныш  болды.

– Аудандағы әлеуметтік салада жүргізіліп жатқан құрылыс нысандары көп. Білім беру нысандарын салу мен қайта жөндеу бойынша шаралар қолға алынуда. Үстіміздегі жылы қаржылық мүмкіндіктерге қарай Ақсай қаласының №3, 4 және 5 мектептерін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Балалардың жазғы демалысы мен жаз мезгіліндегі жұмыспен қамтылуы бойынша Бумакөл ауылында жазғы лагерь құрылысын жүргізу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жоспарлануда. Ақсай қаласының 13 шағынауданында 140 орындық балабақша мен 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзір, – деді аудан басшысы  Алдияр  Халелов.

2018 жылы Қызылтал ауылына 300 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге және өлкетану мұражайының күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бөрлі ауылының тұрғындарынан спорттық кешен салу ұсынысы түсіп, бұл жұмыс былтыр басталды. Кешен  құрылысы  биыл  аяқталады.

Десе де, өткен жыл Бөрлі ауданы үшін оңай болмады. Карантин аумағына енген Березов пен Бестау ауылы түгелімен аудан орталығына көшірілді. Тұрғындардың жайлы өмірі үшін барлық жағдай жасалды. Тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік маңызы бар  нысандар  бой  көтерді.

Жиын барысында тұрғындар бұл жобаның оңды іске асқанын айтып, аудан басшылығына зор алғыстарын  білдірді.

Дегенмен осы жылы атқарар шаруа шаш етектен. Өңірде ауыл шаруашылығын дамыту – кезек күттірмейтін мәселе. Алдағы жеті жылда ауданда атқарылуы тиіс жұмыс ауқымды. 6,5 млрд. теңгеге 14 жоба іске аспақ. Мәселен, осы жылы Бөрлі ауылында сүт өнімдерін өндіретін шағын цех іске қосылмақ. Мал шаруашылығын  дамыту мен өнімін өндіру бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша өңірді ауыз сумен қамтуды жүз пайызға жеткізу күн тәртібіндегі шаруа. Ақсай қаласында  тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында көп қабатты баспана салу жоспарда. Кезекте тұрған тұрғындарға жер  телімдері  беріледі.

Есеп беру жиынында сөз алған Ақсай қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Б. Оқаева, Жарсуат ауылдық округіндегі ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Жарлықағанов, Бөрлі жалпы орта білім беретін мектебінің директоры М. Әбдір, Ақсай қаласының №5 мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ф. Демесінова егемендіктің арқасында келген табыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің арқасындағы жеткен жетістіктерге тоқталып, атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.

Сонымен қатар жиында тұрғындар Подстепный ауылынан Ресей Федерациясы, Орынбор облысының Елек ауданына дейінгі аралықтағы жолды жөндеу, Бөрлі ауылына жаңа мектептің қажеттілігін, ауданға дәрігерлер мен мұғалімдер жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Аудан тұрғындарының бірі аудандық білім беру бөліміне жаңа ғимарат салып беруді, енді бірі қаладағы жедел-саты мәселесінің шешілуіне  ықпал  етуді  сұрады.

Жиын барысында ауданда шешімін таба алмай келе жатқан қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды. Ауыл-аймақтағы ғаламтор желісін жақсарту – кезек күттірмейтін  мәселе.

Есептік кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов сөз алып, атқарылған жұ-мыстарға  оң  бағасын  берді.

Қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелерді жазып алған Игорь Стексов мүмкіндігіне қарай алдағы жылдың жоспарына қосатындығын  айтты.

Өткен жылда атқарылған істерге риза болған бөрліліктер аудан әкімі Алдияр Халеловтың жұмысына  оң  бағаларын  берді.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы

Суреттерді  түсірген  Нұраш  АЙБАТЫР


92 пайыз таза сумен қамтылған

Күні: , 67 рет оқылды


Облыс әкімі А. Көлгінов іссапармен Тасқала ауданында болып, аудан әкімі С. Әлиевтің тұрғындар алдындағы есептік жиынына қатысты.


Өңір басшысы алдымен мәдени демалыс орталығының фойесінде  ұйымдастырылған  әр мекеменің жұмыстары көрсетілген стендтер мен «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы  бағдарламасы  арқылы  өз  ісін  ашып,  бүгінде  оны дөңгелентіп  отырған  кәсіпкерлер ұйымдастырған көрмемен  танысты.

Есептік кездесу жыл бойы атқарылған жұмыстарды қамтыған бейнероликпен ашылды. Одан әрі сөз алған аудан басшысы Санжар Жұматайұлы атқарылған келелі істер  туралы  баяндап,  алдағы  жоспармен  бөлісті.

Өткен жылы аудандық бюджет көлемі 4 млрд. 139,3 млн. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға артқан. Мал басында да өсім бар. Әсіресе, ірі қара мал саны (герефорд, қазақтың ақбас, абердин, голштнин түрі), еділбай қойы, көшім жылқысының саны арта түскен. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділігі мен сапасын арттыру үшін 104 шаруа қожалығы 182,3 млн. теңге демеуқаржыға қол жеткізген. 18 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Олар тұқым түрлендіру, мал бордақылау жұ-мыстарымен шұғылдануда. Сүт қабылдау пункті де жұмыс жасауда. «Береке», «Ынтымақ», «Сыбаға» бағдарламалары аясында 84 тұрғын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы несиеге ие болған.

Санжар Жұматайұлының айтуынша, аудандағы бірнеше канал жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімі облыс басшысына осы мәселенің оң шешуін табуына ықпал етуін сұрады.

– Елбасы Жолдауында жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы алаңдарды көбейту қажет екендігі айтылған. Ауданның Мереке, Қазақстан және Шежін ауылдық округтері аумағында ұзындығы 44,83 км Жайықбай – 1  және ұзындығы 28 км Жайықбай – 2 каналдары орналасқан. Бұл каналдар ауыл шаруашылығы малдарын жазғы мезгілде суаруға және мал азығы шөптерін суаруға арналған.  Қазіргі таңда бұл каналдар күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

Биыл Жайықбай – 1 каналын қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама жасауды жоспарлап отырмыз. Оған 20,0 млн. теңге қаражат қажет. Осыған орай сметалық құжат дайындауға қаражат бөлу бойынша орынбасарыңыз Бағдат Оразалдыұлына хат жолданған болатын. Осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуіңізді сұраймын, – деді аудан әкімі.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар-налған бағдарламасы» аясында 17 адам несиеге ие болып, кәсібін ашса, 129 адам кәсіби білім алды. «Феррум Контракт» ЖШС Бірлік ауылында «Шөлмектегі су өндірілетін цехтың құрылысына» жоба дайындап, құжат жинақтап, сараптамадан өткен болатын. Облыстық кәсіпкерлік басқармасына үдемелі индустриялы-инновациялық дамыту картасына енгізуге ұсыныс беріліп, хат жолданған. Биыл құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Инвестиция көлемі 190  млн. теңге. Бірлік ауылынан он адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарда бар.

– «Тасқала ПромСервис» ЖШС 3 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант алып және қосымша 1,1 млн. теңге өз қаражатына ірімшік өңдеу цехын ашпақ. Сонымен қатар 2017-2018 жылдарға жос-парланған құны 20 млн. теңгені құрайтын жабық базардың құрылысы жүргізілуде, – дейді С. Жұматайұлы.

Аудан бойынша 2016-2017 жылдары жалпы ұзындығы 10 426 метр ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда 7431 метр жол толықтай аяқталды. Қалған ұзын-дығы 2995 метрді құрайтын екі көшенің (Шамов, Мәметова) аутомобиль жолдары көшпелі тәсілмен күрделі жөндеу жұмыстары биыл  аяқталатын  болады.

– 2016-2017 жылдары шалғай орналасқан Оян және Атамекен ауылдарына дейінгі жалпы ұзындығы 32 км құрайтын аутомобиль жолдарына үнемделген қаржыдан (79,35 млн. теңгеге)  жергілікті материал төселіп, тығыздау және тегістеу жұмыстары жүргізілген болатын. Осы жол бойынша есептік кездесулерде көп сынпікірлер айтылды. Бірақ күзгі жауын-шашын кезінде опока төселген жолдар езілмей, ауыл арасындағы  қатынас  үзілген  жоқ.

Сонымен қатар биыл күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақ-сатында аудан орталығындағы 28 көше және 3 шағынауданның аутомобиль жолына төрт жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Екі жоба ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жолданып, қазіргі таңда бір жобаның құжаттары толықтай дайын. Жоба құны – 422,340 млн. теңгені құрайды. Бұл жоба ауыспалы тәсілмен  екі  жылға  жоспарланған.

– Алтай Сейдірұлы, ауданымыздың ауылішілік жолдарын жөндеуді жалғастыру үшін бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлуіңізді сұраймын. Олар Тасқала ауылының Ш. Қалдаяқов көшесінің бір бөлігі, Шежін, Х. Доспанова, Т. Жароков, Әбілхайыр хан көшелері, Д. Нұрпейісова және Скоробогатов көшелерінің бір бөлігі, «Көктем» және «Самал» шағынаудандарының аутомобиль жолдары, – деді С. Жұматайұлы.

Жалпы, аудан тұрғындарының 92,1% ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында ІІ Шежін және Мерей ауылдық округінде таза ауыз су жүйесі іске қосылды. Мұнымен қоса, биыл Атамекен,  Алмалы, Қалмақшабын ауылдарында су құбыры қайта жөнделеді. Ашық конкурс жарияланып, мердігер де анықталды. Көктемде жұмысы  басталмақ.

Биыл Тасқала ауылдық округінде жергілікті бюджеттен 6 млн. 980 мың теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 4 км болатын 11 көшеге (Доспамбет жырау, Амангелді, Саябақ, Береке, Шамов, Ақжол, Азаттық, Панфилов, Халықтар достығы, Жағалау, Темір Масин) ауыз су жүйесі жүргізілмек.

– Су бағасын төмендету – бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Бұл бағытта 2015 жылдан бері бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыс басшысынаң қолдауымен биыл су бағасын тө-мендетуге демеуқаржы төленетін болды. Ауыл тұрғындары атынан шынайы ризашылығымды білдіре отырып, рахмет айтамын. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап бір текше метр ауыз су бағасы 30 теңгеге дейін төмендеді, – деді аудан  әкімі.

Биыл барлық округте «Street workout» көше тренажерлары салынбақ. Тасқала және Ақтау ауылдарында дала суын сақтап қалу үшін, бөгетті қайта құру жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Аудан орталығында 36 пәтерлік  екі тұрғын үй құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаты сараптаманың оң қорытындысын алса, бір қабатты, бір пәтерлі, үш бөлмелі арендалық-коммуналдық жеті тұрғын үйдің құрылысына құжаттар толық дайын.  «Аумақтарды дамыту» бағдарламасына сәйкес Ақтау, Совхоз, Ы. Алтынсарин, С. Жақсығұлов атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысына жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, мемлекеттік сараптаудан өтті, – деген аудан басшысы Алтай Сейдірұлынан нысандарға бюджетті нақтылау кезінде мүмкіндігінше қаражат бөлінуіне  ықпал  етуді  сұрады.

– Елбасы Жолдауында көрсетілген оныншы бағыт бойынша қалаларда «Смарт Сити» технологиясын енгізу жұмыстары аясында аудан деңгейінде мүмкіндікке қарап жұмыстанып жатырмыз. «Смарт ауыл» деген атаумен тұжырымдама жасап, жұмысымызды бастағымыз кеп отыр. Сонымен қатар ауылымызда орталықтандырылған кәріз жүйесі болмағандықтан, биыл екі көп пәтерлі үйге аэрофобты биосептик орнату жоспарланып отыр. Егер жоспар сәтті өтсе, алдағы уақытта бірнеше үйлерді біріктіріп, ортақ биосептик орнататын боламыз, – деді аудан әкімі өз баяндамасында .

Жиында сөз алған аудан тұрғындары кейбір ауылдарда интернет желісінің жоқтығын, тіпті аудан орталығында да нашар екендігін, сондай-ақ мектептерді күрделі жөндеуден өткізу керектігі мен тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру сынды мәселелерді  алға  тартты.

Өз кезегінде қос әкім қойылған сұрақтарға  нақты  жауап  айтты.

– Осыған дейін де бірнеше рет кездестік. Әрине, сұрақ көп болады. Бүгін тағы өздеріңізбен кездесіп, сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызға құлақ асып, сұрақтарыңызды тыңдайық деп келдік. Жасалып жатқан жұмыс аз емес. Қолдан келген көмек берілуде. Біздегі ең маңыздысы – жол мәселесі. Оның азабын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Қазір Елбасы тапсырмасына сәйкес жол салу  қарқыны күшейіп келеді. Әлі жолсыз отырған көп аудан бар. Осыған орай Елбасының Батыс Қазақстан облысына қатысты қаражатты көбейту жөнінде арнайы тапсырмасы бар. Соның нәтижесін көріп отырсыздар. Сіздің ауданға дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 104 шақырым жол жасалуда. Екінші ауыз су мәселесі. Бұл барлық ауданда бар. Біз ауыз сумен қамту бойынша республикада соңынан үшінші орында тұрдық. Таза су мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл бағытта да біркелкі жұмыстар атқарылуда. Қазір аудан бойынша жасалған жұмыс нәтижесінде ауыл халқының 92 пайызы сумен қамтылған. Бұл – үлкен жетістік. Су бағасын төмендету бағытында жыл бойы жұмыстандық. Оған депутаттардың да көмегі тиді. Атамекен, Қалмақшабын, Алмалы ауылдарына су тарту жоспарланып отыр. Қажетті қаржы бөлінбек. Алдағы уақытта Жолдауға сәйкес жұмыстар атқарылатын болады,  – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Тұрғындар аудан әкімінің жылдық  жұмысына  оң  баға  берді.

Динара НАСЫР,

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

Суреттерді түсірген  Айбатыр Нұраш


«Халықтық бақылау» жобасы дайындалуда

Күні: , 77 рет оқылды


Бейсенбі күні Шыңғырлау ауданында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың және бірнеше облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен аудан әкімі Альберт Есалиевтың тұрғындар алдындағы есептік жиыны өтті.


Жиынға дейін лауазымды қонақтар ауданда өткен жылдың аяқ шенінде пайдалануға берілген 30 жаңа үйде болып, жаңа қоныстың жалпы жағдайымен танысты. Тұрғындармен тілдесіп, баспана жайына қанықты. Бұдан соң аудан орталығында жеке кәсіпкерлік күшімен бой көтеріп жатқан фармацевтика орталығына соғып, құрылыс жұмыстарына куә болды. Бұдан әрі жаңадан ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды. Бес бөлімнен тұратын музей жәдігерлерінің тарихын, маңызын баяндаған Т. Қалиев пен Н. Хрипченконың әңгімелеріне қаныққан И. Стексов музейдің рухани дамуға берері мол екенін, әсіресе, оған Елбасы өмірі мен еңбек жолына арналған бөлімнің ұнағанын айтып, мұның балаларға алға ұмтылу, үлгі ету бағытында зор ықпалы болатындығын атап өтті. Бұдан соң аудан халқы бас қосқан аудандық Мәдениет үйіндегі жиынға келді.

Жиын кәдуілгі қалыпта аудан әкімі Альберт Есалиевтың өткен 2017 жылы атқарылған жұмысы туралы баяндамасымен басталды. Баяндама арнайы даярланған бейнеслайдпен қоса жүргізіліп, жиын қатысушыларына аса түсінікті форматта баяндалды.

Әрине, атқарылған жұмыс, нәтижелі істер көп. Бір ғана мысал, ауданымыздың 100 пайыз газбен қамтылып, тұрғындардың түгел көгілдір отынға қол жеткізуінің өзі үлкен нәтиже. Бұдан басқа тыныс-тіршілікке қажетті жағдайдың бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Айталық, Шыңғырлау ауылының ауылішілік жолдарын жөндеу, Тасмола ауылын  ұялы байланысқа қосу, Аманкелді елді мекенін ауыз сумен қамту мәселелері өз шешімін тапты.

Есептік кезеңде аудан бюджетіне 1 млрд. 584 млн. теңге кіріс кірген. Мұның 36 пайызы жеке инвестициядан түскен түсім.

Тасмола, Лубен ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз су құбыры тартылуда. Қазірдің өзінде Тасмолада ауыз суды үйлеріне кіргізіп алып, игілігін көріп отырғандар бар. Ал Лубенге сапалы  су жеткізу жұмыстары аяқталса, ауданның таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 90 пайызға жетпек.

Аудан кәсіпкерлері несиелер алып, шаруашылығын кеңейтуде, мал басын асылдандыру жұмыстары да қарқынды. Жаңадан іс бастап, түрлі бағытта кәсіпкерлікті қолға алған тұрғындар да жергілікті әкімшілік қолдауын жоғары бағалап отыр.

Аудан орталығындағы көшелерді асфальттау жоспарға сай жүргізілуде. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғаспақшы. Мәселен, ағымдағы жылы сегіз көшенің 3,2 шақырым жолы жөнделеді деп жоспарланып отыр. Оған облыстық бюджеттен 243 млн. теңге бөлінді. Ал аудан бюджеті есебінен 1,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолы және төрт көше жөндеуден өтеді.

Шыңғырлаулықтарды техникалық сумен қамту да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Есепті кезеңде 1750 метр су құбыры тартылды.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкіметпен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл коммуникацияны дамытуға, ғаламторға еркін шығуға мүмкіндік берері анық. Соған орай ауданымызда көптеген іс-шара атқарылатын болады. Ал былтыр Ақбұлақ ауылдық округіне ұялы байланыс қызметі қосылды. Енді қалған үш ауыл да көп кешікпей осындай игілікке қолжеткізеді.

Облыстық мемлекеттік қызмет департаментімен бірігіп, барлық ауылда мемқызметтерді алу бойынша арнайы бұрыштар аштық. Яғни электронды-сандық қолтаңбасы бар жеке тұлғалар ауылдан ұзап шықпай-ақ, жергілікті әкімдік ғимаратының ішінен қажет мемқызметтерді ала алады. Интернет желісі сапасының төмендегі бұл істердің толыққанды жүзеге асуына кедергі болары рас. Дегенмен уақыт өте келе ол да өз шешімін табары анық.

«Смарт сити» бағдарламасы аясында да аудан орталығында жұмыстар басталды. Соған байланысты көшедегі бейнекамералар саны артпақшы және өзге де жоспарланған шаралар бар.

«Халықтық бақылау» жобасы дайындалуда. Бұл жоба құқықбұзушылыққа қоғамның нөлдік төзімділігі мен оны алдын алудың тиімділігін көтеруге бағытталмақшы.

Жоғарыда аталған мәселелерді уақтылы шешу үшін бүгінгі таңда аудан әкімдігі аппараты жанынан құрылымдық бөлімше құру жайы қарастырылып жатыр, – деді Альберт Есалиев.

Осындай ізгі істерді қорытып өткен баяндамадан соң облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жалпы облыс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, шолу жасады.

Аудан халқын сумен қамту, Шыңғырлау – Сегізсай бағытындағы жолдың жөнделуі, Шыңғырлау мектебінің күрделі жөндеуден өтуі және теміржол бекетінің айналасын абаттандыру хақында жазбаша-ауызша сауалдар түсіп, бұл сұрақтарға аудан басшылығы тарапынан тиянақты жауаптар берілді.

Облыс әкімінің орынбасары И. Стексов халықтан мәселе көтерген, проблема айтқан көп сауал-өтініштердің болмауын аудан халқының тұрмыс-тіршілігінің бақуаттылығы деп бағалап, аудан әкімі А. Есалиевке нәтижелі жұмыстары үшін ризашылық білдірді.

Адақ ШОТПАНОВ,

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


Тарихи-патриоттық шаралар жалғасын таппақ

Күні: , 50 рет оқылды


Бейсенбі күні «Ақ жол» демократиялық партиясы БҚО филиалының ұйымдастыруымен «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы және тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті.


Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 100 жыл және аталған бөлімнің жетекшілерінің бірі болған Халел Досмұхамедовтың 135 жылдық мерейтойына орай өткізілген шараға партия белсенділері, өңір тарихшылары мен студент жастар қатысты.

– Ағымдағы жылы өңіріміз үшін айтулы мерейтойларға толы жыл болмақ. Биыл Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 100, Халел Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толады. Елбасымыз жыл сайынғы халыққа Жолдауында өткенді жаңғыртып, екшелеуге, туған елдің тарихын түгендеп, келер ұрпаққа насихаттауды үнемі назардан тыс қалдырған емес. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында да облыс көлемінде бірқатар ауқымды істер қолға алынды. Бұл шаралардың басы-қасында болған өңір тарихшыларына, қоғамдық қор жетекшілеріне, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен журналистеріне, отансүйгіш студент жастарға зор алғыс айтамын. Сол шаралар биылғы жылы да жалғасын табуы тиіс. Осы мақсатта баршамыз бірлесе атсалысуымыз керек, – деді Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, профессор Дәметкен Сүлейменова.

Бұдан соң дөңгелек үстелге қатысушылар аталған тақырыпта өз ой-пікірлерін білдірді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары, ТДК-42 телеарнасының директоры Табылғали Сапаровтың тарихты зерделеу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі аға буынның ортақ міндеті екендігін айтты. «Осы игі бастамаға атсалысып жүрген тұлғалардың, жастардың есімдерін көпшілікке жариялап, өзгеге үлгі боларлықтай етіп марапаттап отыру қажет. Бүгінгі ардагерлер мен аға буынның бастаған ісін кейінгі ұрпақ жалғастырса игі», – деді ол.

Басқосуда сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин атқарылған істерге, алда тұрған міндеттерге тоқталып, осы бағытта күш біріктіріп, жасалған ауқымды шараларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен насихаттау керек деген ұсыныс-пікірін жеткізді.

Шара соңында «Ақ жол» ҚДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәншүк Ишимғалиева бірқатар белсенді тұлғалар мен студент жастарға партия атынан мерекелік медальдар табыстап, алғысхаттармен марапаттады. Ұлттық құндылықтарды сақтауда, «Алаш» қозғалысын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Жұмағазы хазірет Дәдем Ата» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозов, Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Сонымен қатар М. Ықсанов қоғамдық қорының төрағасы Асқар Атаев, Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, профессор Дәметкен Сүлейменоваға, Надия Жастілек, Ботагөз Асқарова, Райымбек Саматов, Айару Мұратова, Динара Сисенова сынды бір топ студент жастарға алғысхаттар табыс етілді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Оқушылар өнеріне тәнті болды

Күні: , 153 рет оқылды


Ауданымыз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мұрат-мақсаттарға сәйкес ауқымды істерді атқаруда.  Оған таяуда іссапармен келгенде облыс әкімі Алтай Көлгіновте куә болды.


Мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары (Жалпақтал өнер мектебі және Бостандық мектебі, аудандық тәрбие орталығы) аудандық мәдениет үйінде көрмеге қойылды. Мал сүйектерінен жасалған түрлі бұйымдарға облыс әкімі қызығушылық танытты. Облыс әкімдігінің ғимаратының макетін оқушылар Алтай Көлгінов ағасына сыйға тартты. Облыс әкімі ризашылық білдіріп, алтын қолды оқушыларға тілегін айта келіп, бұл сыйлықты облыстық музейге тапсыратынын жеткізді.

Келген қонақтарға көрменің таныстырылымын оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түсіндіріп берді. Міне, бұл заман талабына сай білімнің ұлттық өнермен ұштастырыла жүргізіліп жатқанын байқатып тұрған жоқ па?!

Гауһар ӘДІЛЖАН,

Қазталов ауданы


Сүйінші сұрар сәттер көп болғай!

Күні: , 99 рет оқылды


…Әлқисса, сонымен кеше Оңтүстік кәріс елінде асыға күткен ақ олимпиада ресми түрде ашылды. Үшбу елдің Пхенчхан шаһарында алауы жағылған дүниежүзілік додада 92 мемлекеттің 2925 атлеті спорттың 15 түрі бойынша 102 медаль жиынтығын сарапқа салады. Осы ХХІІІ қысқы олимпиадаға қатысты 57 жолдамаға қол жеткізген 46 отандасымыз ел намысын қорғамақ. Спортшыларға қоса, қарайған елден келген делегациялардың жалпы қарасы 5 мыңға жуық кісі. Олимпиада жылнамасына қоса, жалпы өз елдерінің тарихында төрт жылда бір-ақ өтетін мұндай жаһандық жарыста Малайзия, Сингапур, Эквадор, Эритрея, Косово және Нигерия сықылды алты мемлекеттің олимпиадалық құрамалары алғаш рет бақ сынамақ. Біраз жылғы үзілістен кейін Боливия, Гана, Кения, Колумбия, КХДР, Мадагаскар, Пуэрто-Рико және ОАР құрамалары олимпиадалық қозғалысқа қайтадан қосылды. Өткен жылы Кәріс халықтық-демократиялық республикасының басшылығы (КХДР) өздеріне көрші елде өтетін олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеген болатын. Бірақ биылғы тоғызыншы қаңтарда кәрістің қос мемлекетінің көсемдері келіссөз жүргізіп, соның нәтижесінде екі елдің спортшылары бір тудың аясында шығатын болып келісілді.


Ақ олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын көтеріп шыққан жерлесіміз Абзал Әжіғалиев бастаған барша үкілі үмітімізден Жеңіс пен Жүлде күтеміз. Бірі-бірімізден сүйінші сұрар сәттер көп болсын, ағайын!

Дәурен  АБАЕВ,

 ҚР Ақпарат  және  коммуникация  министрі:

— Біздің министрлік XXIII қысқы олимпиада көрсетілімін жүзеге асыратын құқыққа ие компаниямен келіссөздерді аяқтады. Олимпиада ойындарын 9-25 ақпан аралығында ел тұрғындары отандық арналардың тікелей эфирінен тамашалайды. Дүниежүзі назар аударатын дүбірлі доданы «Хабар», Qazaqstan және Qazsport арналары тікелей трансляциялау құқығына ие болды. Мәселен, Qazaqstan мен Qazsport арналары 150 тікелей трансляцияға шығуды жоспарлап отыр. «Хабар» арнасы арқылы 208 сағат көлемінде 100 трансляция эфирге шығады. Сонымен қатар қазақ және орыс тілдерінде олимпиада күнделігін көрермен назарына ұсыну жоспарланған. Демек, Пхенчханға арнайы барған тілшілер тобы күнделікті соңғы ақпараттарымен бөліседі. Біздің жерлестеріміз тоғыз спорт түрі бойынша сайысқа түседі. Оңтүстік Кореяның алаңдарында ел намысын қорғайтын жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейміз! Алға, Қазақстан!

Алғашқы  аптаға  аңдатпа

(Астана уақытымен)

10 ақпан

13:15 Шаңғы жарысы. Скиатлон (әйелдер)

16:00 Шорт-трек. 1500 метр (ерлер)

16:10 Шана спорты. Жекелей (ерлер)

16:44 Шорт-трек. 500 метр (әйелдер)

17:15 Биатлон. Спринт (әйелдер)

17:21 Шорт-трек. 1500 метр. Жартылай финал (ерлер)

18:22 Шорт-трек. 1500 метр. Финал (ерлер)

18:35, 19:35 Трамплиннен секіру. Қалыпты трамплин (ерлер)

11 ақпан

08:00 Тау шаңғысы. Даунхилл (ерлер)

12:15 Шаңғы жарысы. Скиатлон (ерлер)

16:30 Фристайл. Могул. Екінші квалификация (әйелдер)

17:00 Шана жарысы. Жекелей (ерлер)

17:15 Биатлон. Спринт (ерлер)

18:00 Фристайл. Могул. Финал (әйелдер)

12 ақпан

07:45, 10:45 Тау шаңғысы. Алып слалом (әйелдер)

16:10 Биатлон. Із қуа жүгіру (әйелдер)

18:00 Биатлон. Із қуа жүгіру (ерлер)

18:30 Конькимен жүгіру.  1500 метр (әйелдер)

13 ақпан

08:30, 12:00 Тау шаңғысы. Суперкомбинация (ерлер)

14:30, 15:05 Шаңғы жарысы. Жеке спринт. Квалификация.

18:25 Финал (әйелдер, ерлер)

16:00 Шорт-трек. 500 метр (әйелдер)

16:26 Шорт-трек. 1000 метр (ерлер)

17:00 Конькимен жүгіру. 1500 метр (ерлер)

17:32 Шорт-трек. Эстафета (ерлер)

14 ақпан

07:15, 10:45 Тау шаңғысы. Слалом (әйелдер)

16:00 Конькимен жүгіру. 1000 метр (әйелдер)

17:05 Биатлон. Жекелей (әйелдер)

15 ақпан

08:00 Тау шаңғысы. Супергигант (ерлер)

12:30 Шаңғы жарысы. Жекелей (әйелдер)

17:00 Биатлон. Жекелей (ерлер)

17:00, 17:45 Фристайл. Акробатика (әйелдер)

Үкілі  үміттеріміздің  толық  тізімі

БИАТЛОН – 10 ЖОЛДАМА

  1. Василий Подкорытов (ШҚО)
  2. Максим Браун (Павлодар)
  3. Тимур Хамитгатин (Ақмола)
  4. Роман Еремин (Ақмола)
  5. Владислав Витенко (ШҚО)
  6. Галина Вишневская (ШҚО)
  7. Дарья Климина (Павлодар)
  8. Ольга Полторанина (ШҚО)
  9. Елизавета Бельченко (ШҚО)
  10. Алина Райкова (Павлодар)

ШАҢҒЫ  ЖАРЫС  –  7  ЖОЛДАМА

  1. Алексей Полторанин (ШҚО)
  2. Евгений Величко (Ақмола)
  3. Денис Волотка (Ақмола)
  4. Виталий Пухкало (Қостанай)
  5. Анна Шевченко (Павлодар)
  6. Елена Коломина (ШҚО)
  7. Валерия Тюленова (Ақмола)

КОНЬКИ  ЖАРЫС  –  12  ЖОЛДАМА

  1. Роман Креч (СҚО)
  2. Денис Кузин (Қостанай)
  3. Федор Мезенцов (Алматы)
  4. Артем Крикунов (Қарағанды)
  5. Станислав Палкин (Қарағанды)
  6. Екатрина Айдова (Қарағанды)

МӘНЕРЛЕП  СЫРҒАНАУ  –  3  ЖОЛДАМА

  1. Денис Тен (Алматы)
  2. Элизабет Тұрсынбаева (Қызылорда)
  3. Айза Момбекова (Алматы)

ШОРТ-ТРЕК  –  12  ЖОЛДАМА

  1. Абзал Әжіғалиев (БҚО)
  2. Нұрберген Жұмағазиев (БҚО)
  3. Денис Никиша (Павлодар)
  4. Еркебұлан Шамұханов (Павлодар)
  5. Мерсаид Жақсыбаев (Павлодар)
  6. Анастасия Крестова (Қостанай)
  7. Ким Ионг А (Павлодар)

ФРИСТАЙЛ-МОГУЛ  –  4  ЖОЛДАМА

  1. Дмитрий Рейхерд (ШҚО)
  2. Павел Колмаков (ШҚО)
  3. Юлия Галышева (ШҚО)
  4. Аяулым Әміренова (ШҚО)

ФРИСТАЙЛ-АКРОБАТИКА  –  5  ЖОЛДАМА

  1. Жанбота Алдабергенова (ОҚО)
  2. Ақмаржан Қалмұрзаева (ОҚО)
  3. Маржан Ақжігіт (ОҚО)
  4. Аяна Жолдас (ОҚО)
  5. Ильдар Бадрутдинов (ОҚО)

ТРАМПЛИННЕН  СЕКІРУ  –  1  ЖОЛДАМА

  1. Сергей Ткаченко (ШҚО)

 ТАУ  ШАҢҒЫСЫ  –  2  ЖОЛДАМА

  1. Игорь Закурдаев (Алматы)
  2. Мария Григорова (Алматы)

ШАНА СПОРТЫ  –  1  ЖОЛДАМА

  1. Никита Копыренко (Алматы )

Депутаттың дәрігерлерге алғысы

Күні: , 296 рет оқылды


Еріне  қарап,  елін  таныған  халықпыз.  Жомарт жүректі, кең пейілді бөрлілік  кәсіпкерлер ауданда  тың  жобаларды  қолға  алып,  қайырымдылық істерімен  көпке  үлгі  болуда. Солардың  бірі  – Бөрлі аудандық  мәслихатының  депутаты  Виталий  Ан.


Халық қалаулысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Жомарт жүрек» жобасы негізінде шаһардағы елу жылдық тарихы бар №2 орта мектеп ұжымына интерактивті тақта сыйлады. Құны 420 мың теңге болатын тақта аталған білім ошағындағы түзете-дамыта оқыту сыныбына берілді. Бұл білім ошағында ауыл және қаланың қырыққа жуық баласы аталмыш бағыттағы сыныпта білім алады. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі және дамуында ақауы бар балалар кездеседі. Ерекше күтімді қажет ететін балалармен дефектолог, логопед, психолог мамандар жұмыс жасайды. Сыйға берілген тақта балалардың ой өрісін дамытып, оқуға, білімге құштарлығын оятары сөзсіз. Сонымен қатар бұл сыйлық корей халқының қазақ жеріне қоныстанғанына 80 жыл толуына орай жасалып отыр.

Депутат ерекше күтімді қажет ететін балаларға жасалатын қайырымдылық шарасы одан  әрі  жалғасын  табатындығын  айтты.

Виталий Константинұлы ауданда дәстүрлі емес медицинамен айналысады. Ол ақ желеңділердің ауыр жұмысы тек дәрігерлер күнінде бағаланатындығын да тілге тиек етті.

 – Адам жанына араша түсер жандарға жиі алғыс айтқан жөн. Медицина қызметкерлеріне қатысты кейде теріс пікір де айтылады. Мен Бөрлі ауданындағы денсаулық сақтау мамандарының жасап жатқан жұмыстарына куәмін. Сондықтан ақ халатты жандарға халық қалаулылары атынан алғысымды айтамын, –  деп аудандық орталық аурухананың 28 қызметкеріне алғысхат табыстады. Олардың арасында тек дәрігерлер ғана емес, медбике, фельдшер сықылды қызметкерлер де болды.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Ашық пікір алмасты

Күні: , 338 рет оқылды


Бейсенбі  күні  Орал  қаласындағы  Достық   үйінде  «Еділ – Жайық қазақтары  қауымдастығы»  қоғамдық  бірлестігінің  болашақ  жұмыс жоспарларын  талқылаған  жиын  өтті.  Шараға  этномәдени  бірлестіктер өкілдері,  жастар,  студенттер  мен  оқушылар  қатысты.


Жиында Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, «Еділ – Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зейнуллин аталмыш қауымдастықтың құрылу тарихы, алдағы уақыттағы жұмыс жоспары туралы жастарға толыққанды ақпарат берді. Аманжол Зейноллаұлы жастарға өткен тарихты білудің маңыздылығын айта келіп, елін сүйетін әрбір жас ұлтының игі дәстүрлерін жаңғыртып, рухын көтеретін істермен белсенді түрде айналысуы керектігіне айрықша тоқталды. Жиынға қатысушылар тақырыпқа, сондай-ақ жалпы ассамблея жұмысына қатысты жаңаша пікірлері мен ұсыныстарын еркін түрде ортаға салды.

«Еділ – Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының батыс аймағы филиалының директоры Еркін Ерғалиев бүгінгі таңда аймақтағы тұрғындардың 70 пайызын қазақтар құрап отырғанын, осы тұрғыдан келгенде ассамблея жұмысының 70 пайызы қазақтың тарихын, салт-дәстүрін насихаттауға, жаңғыртуға негізделуі тиіс деп ойлайтынын жеткізді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың ұлы мүддесі үшін күрес – Алаш баласына міндет» деген сөзін негізге ала отырып, ел тәуелсіздігін алғалы бері ширек ғасырдан асса да, мемлекеттік саясат, ұлттық идеологияның әлі де ақсап тұрғанын нақты мысалдармен байыптап жеткізді. Бұл орайда ол ешбір ғылыми негізсіз, зерттелмей, байыпталмай жасалатын реформаларға, әсіресе, мемлекеттік тіл, сондай-ақ бүгінгі латын графикасына көшу мәселелеріндегі олқылықтарға ерекше тоқталды. Тарихшы Жаңабек Жақсығалиев соңғы кездерде ұлттық тарихи сананың көмескіленіп кеткенін ашық түрде мойындап, кейінгі ұрпақты өткен тарихымыздағы ашылмай жатқан, айтылмай қалған тұстарымен таныстыратын тың ғылыми жобаларды қолға алу керектігін айтты. Жиынға қатысқан жастар, студенттер мен оқушылар да тақырыпқа қатысты өткір ой-пікірлерімен бөлісті.

«Еділ – Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зейнуллин жақын арада аталмыш бірлестіктің ақсақалдар алқасы мен жастар қанатын құрып, ұйым жұмысын жандандырмақ жоспарлары бар екенін мәлімдеді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Ұрылар ұсталды

Күні: , 96 рет оқылды


Орал қаласында биылғы төртінші ақпан күні кешкі сағат 21.00-ден  5 ақпанға қараған таңертеңгі сағат 07.00 аралығында белгісіз біреулер ұрлық жасаған.


Олар Ықсанов көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында тұрған қымбат көліктің жолаушы отыратын тұсындағы терезесін сындырып, салон  есігін ашып, ноутбук,  антирадар және түрлі купюрадағы 25 мың теңгені жымқырған. Осылайша түн жамылған суыққолды сұғанақтар 1982 жылғы азаматқа 105 мың теңге шығын келтірген.

«Осы заңға қайшы әрекет бойынша дереу жедел-іздестіру шаралары қолға алынып, 1997 және 1998 жылғы екі баукеспе кезекті аутокөлікті тонау кезінде қолға түсті. Олар алдыңғы ұрлық кезінде көлік салонынан жымқырған заттардың кейбірін сатып үлгерген, ал біразы тәркіленді», – деп хабарлайды Орал  қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі

Бүгіндері үшбу қылмыстық қарекетке тергеп-тексеруді Орал қалалық ІІБ-ге қарасты Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізуде. Аутокөлікті тонау кезінде қолға түскен әлгі екеу әзірше әлгіндей сегіз оқиғаны мойындап, мойындарына су кетулі.  Орал  қалалық ІІБ баспасөз қызметі «Күдіктінің екеуі де,  Орал қаласының тұрғындары. Қос баукеспе бірнеше адамды әбігерге салып, темір тұлпарлардың терезелерін сындырып, бірнеше аутоарғымақтың есіктерін бүлдіріп, кілттерін бұзып, көлік ішіндегі қарайған дүниені қолды қылған. Сол себепті суыққолды қос сұғанаққа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-ші бабының екінші бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды» деген ақпарат таратты.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика