Мұрағат: 07.02.2018


Балбалтас

Күні: , 173 рет оқылды


Батыс Қазақстан облысының аумағында осы кезге дейін сақталған тас ескерткіштердің ең көнесі – Дәуқара батырдың құлпытасы деген пікірде келген едік.


Тарихта жауынгерлігімен аты мәлім кіші жүз Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр құлпытасындағы «Байбақты руғы Алтак(е) тайфасының Андас нмрасі Қарақожаның баласы Дәуқара батр офат болды 64 йаснде 1751 йлде бұ тасны қойды Байғабл Аблай (Елан?!) Құдас (құдасы?!)» деп жазылған мәтінді кирилл қарпіне аударған белгілі өлкетанушы-журналист Қазбек Құттымұратұлы болатын. Әрине, араб эпиграфикалы ескерткіштің осыдан көнесі өңірімізде әлі күнге табыла қойған жоқ. Алайда XIX ғасырда белгілі этнограф-ғалым Мұхамедсалық Бабажанов уақыты жағынан құлпытастардан да көне тасмүсіннің бірін осы күнгі Бөкей ордасы ауданының аумағынан тауып, оны Петерборға асырғаны көзі қарақты оқырмандарға, өлкетанушыларға жақсы мәлім. Ал одан өзге тағы бір көне тас ескерткіш XX ғасырдың екінші жартысында Зеленов ауданынан табылса да, ол жайында осы уақытқа дейін ешбір басылым бетінде жазылмаған екен. Аталмыш ескерткіш тасты топырақтан аршып, қазып алу жұмыстарының басы қасында болған сол кездегі облыстық музей қызметкері, кейін облыстық өлкетану музейін жиырма төрт жыл басқарған, бүгінде музей ісінің ардагері Сара Танабаевамен аталмыш тақырыпта әңгіме өрбіткен едік.

– Қателеспесем, тасмүсінді Дариян ауылынан он шақырымға жуық қашықтықта, Январцев ауылы бетінде жатқан жерінен қазып алдық. Өйткені «Дариянның оңтүстік-батысында» деген сөз еміс-еміс есімде қалған. Ол тастың табылғанына да елу жылға жуық уақыт өтті ғой. 1950-1975 жылдар аралығында облыстық музей директорының орынбасары қызметін атқарған Николай Шишкин аса білікті өлкетанушы еді. Топыраққа көміліп, айдалада жатқан балбалтасты музейге алып келген сол кісі болатын. Мәскеудегі орталық атқару комитетінің партия мектебінде оқыған ол Ұлы Отан соғысы жылдарында жоғары шенді офицер болған. Алайда соғыста тұтқынға түскендіктен, амал жоқ, біздің облыстық музейге келіп қызмет еткен. Әрине, сол кезде үш-ақ адам қызмет ететін, «алтын шіркеу» ғимаратында орналасқан музей Николай Петровичтің дәрежесіне сай жұмыс емес еді. Оның өлке тарихы туралы танымдық мақалалары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарық көретін. 2000 жылы Жайық қалашығы табылған кезде Орал қаласына ортағасырлық қалалар тарихының маманы, академик Карл Байпақов келді. Академик сол жолы біздің облыстық музейдің қорын көргенде таң қалды. Сөйтіп зерттеуге бөлінген ақшадан Батыс Қазақстан облыстық музейінде сақталған жәдігерлер қоры негізінде «Батыс Қазақстанның археологиялық қазыналары» атты кітап жарық көрді. Зеленов ауданынан табылған көне тасмүсіннің суреті аталмыш кітапқа енді. Археология тақырыбында шыққан кітапты қуанып, Самара, Саратов музейлеріне де табыстадық. Сонда Саратов музейінің директоры өздерінде сақталған экспонаттардың біздің музей экспонаттарымен бірдей екенін айтты.

Олай болуы түсінікті де, өйткені ол музейлерде сақталған жәдігерлердің бәрі біздің жерімізден табылған. Және ол жерлер бір кездері бабаларымыз мекен еткен кең байтақ даланың бір бөлігі ғой. Кейін аталмыш музейге барғанымызда, оның іші-сыртында балбалтастардың үйіліп жатқанын көрдік. Балбалтастар Самара музейінде де бар екен. Одан бұрын 1970-80 жылдары Мәскеудегі тарихи музейге жиі барып жүрдік. Сол музейге кіреберістен де балбалтастардың үйіліп жатқанын көретінбіз. Әрине, сол тастар ұланғайыр далада қойылған қалпында самсап тұрса, ол жерлердің түркінікі, яғни біздікі екеніне айқын дәлел болар еді. Өйткені орыстар балбалтас қоймаған, – дейді Сара Есқайырқызы. Оның айтуынша, облысымызда сақталған көне тасмүсін жалғыз бұл емес.

– Орал қаласындағы негізі 1836 жылы қаланған өлкетану музейінде жәдігер ретінде сақталып келген тағы бір балбалтас бүгінде Зеленов ауданы Дариян ауылындағы М. Шолохов мемориалдық музейінде тұр. Өкінішке орай, әуел баста ол ескерткішті кім, қайдан тапқаны белгісіз. Өйткені аталмыш музейдегі бірде-бір экспонаттың тарихы сақталмаған. Сол музейдің ізінде құрылған облыстық өлкетану музейіндегі жәдігерлер тарихы тізімделетін кітап басшылық қызметке Николай Шишкин келгеннен кейін, 1951 жылдан бастап қана жүргізіле бастаған. 2000 жылы Зеленов ауданындағы Шолохов музейін жасақтаған кезімізде сол кезде табылып жатқан көне Жайық қалашығының үлгісін жасадық. Шағын қоршау жасап, ішіне қыпшақ даласының белгісіндей етіп, тамырымен әкеліп жусан отырғыздық. Қабырғаны жағалата Жайық қалашығының орнынан табылған кірпіш, ескі құмыраларды қойдық. XIX ғасырдан бері музейде сақталып келген, ортасынан қақ бөлінген балбалтасты апарып, үстіне қыран құстың тұлыбын қондырдық. Ортасынан сынған тас арқылы ұлттың рухын, қиратылған, бұрмаланған, ақырында ешкімге керексіз болып ұмытылуға айналған мәдениеті мен тарихын көрсеткіміз келді. Сондағы ойымыз – бұл жердің қадым замандардан бері ата-бабамыз жайлаған атамекен жұртымыз екенін ұқтыру болды. Әйтпесе, «Дариян – Оралдан да бұрын пайда болған казак форпосы» деген желеумен тарих шындығы бұрмаланып келді. Ал шын мәнінде біздің өлкеге казактардың келуінен бірнеше ғасыр бұрын да, кейін де бұл жерлердің түркілерге, біздің ата-бабаларымызға тиесілі болғаны еш күмән туғызбайды. Балбалтастың өзі осы аумақтан табылып отыр. Тіпті Дариян деген атауынан да түркілік леп есіп тұрған жоқ па?!

Дария деп жайылып кеткен суды айтады. Ал Дариян – Жайықтың жайылатын тұсы. Бұл жерден о заманнан бері қарай түркі жұрты үзілмеген, – дейді Сара Танабаева.

Жоғарыда аталған «Батыс Қазақстанның археологиялық қазыналары» атты кітапта Зеленов ауданы аумағынан табылған тасмүсін суретінің тұсына «Тас мүсін. Б.д.д. VI-V ғғ.» деп жазылыпты. Бұл кезеңнің бүгінгі Батыс Қазақстан аумағын мекендеген сармат тайпаларының дәуіріне жататыны тарихтан белгілі. Мақаланы жазу барысында аталмыш ғылыми еңбектің жарық көруіне тікелей мұрындық болған тарихшы ғалым Карл Байпақовпен телефон арқылы тілдесіп, көне ескерткіштің сармат дәуіріне жатқызылу себебін сұраған едік.

– Тасмүсіннің сақталу деңгейі өте нашар. Беті соғылған, жалпы пішіні де бүліне бастаған. Оның үстіне тасмүсін иығының тікбұрышты болып келуі – оның түркілік балбалтастардан да тым көне екендігін, яғни сармат дәуірінің ескерткішіне жататындығын айғақтайды. Жауынгерге, батырға қойылған белгі деп болжаймыз.

Б.д.д. IV-II ғасырлардың туындысы болуы да мүмкін. Ал тарихта түрік дәуірінің біздің заманымыздың VI-VIII ғасырларынан бастау алатынын ескерсек, Зеленовтан табылған ескерткіштің түркі кезеңімен салыстырғанда шамамен мың жылдай көнелігі бар екенін шамалауға болады, – деді академик Карл Байпақов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ажырасуға жол бермес амал бар ма?

Күні: , 97 рет оқылды


Біздің  қоғамда  жүрегің  ауыратын  жайттар  баршылық. Тастанды  бала,  бейкүнә  һәм  тірі  жетімдер, аз  қамтылған  отбасы, жалғызбасты ана немесе әке, қараусыз, қауқарсыз  қалып, қарттар үйін паналаған қария, қара басын асырай  алмай,  көше кезген қаңғыбас, ащы судың соңынан кеткен  азғын,  тағысын тағы. Қара аспанды төндірді дей  көрмеңіз,  мәселе күрделі болғандықтан,  қалам  тарттық.


Бұны кейбіреу тағдыр дейді. «Ешкім тағдырынан құтыла алмайды, ол шыр етіп дүниеге келгенде маңдайға жазылып қалған», – дейміз көбіміз көрегенсіп. Өзіңнің де, өзегіңді жарып шыққан баланың да тағдыры өз қолыңда, ел қатарына қосылып, қарекет қыл. Бұл сынақты жеңудің жолдары бар, – дегенді айтатын дуалы сөзіміз азайды қазір. Қазаны басқаның қайғысы басқа, – дегенді осындайда айтқан-ау бұрынғылар.

Жоғарыда айтылған «тағдырлардың» өн бойында бір ауыр дерт бар. Ол – ажырасу қасіреті. Қоғамдағы қасірет атаулының түп-тұқияны осы ажырасудан басталатынын білсек те, мойындау жоқ.

Мақалаға түрткі болған жағдайға ойысайық. Өткен жылы Зеленов ауданында 151 неке рәсімделіп, 169 отбасы ажырасқан. Ажырасулардың 147-сі сот шешімімен болса, 44 неке екі жақтың келісімі арқылы бұзылған. Әрине, бұл жыл бойы тіркелген некенің барлығы бұзылды деген сөз емес. Дегенмен, некелесуден гөрі ажырасудың көп болғаны қынжылтады. Бейбіт күнде «ойрандалып» жатқан отбасылардың жағдайын тереңірек білмек болып, сұрау салдық.

Аудандық АХАТ бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, неке бұзылуының негізгі себептері ерлі-зайыптылар мінездерінің бір-біріне сай келмеуі, тұрмыстық жәбірлеу, ішімдікке салыну, шарасыздықтан отбасын құру, көзге шөп салу, материалдық қиындықтарға төзбеу, ер адамдардың жұмыссыз жүруі және бедеулік екен. Ажырасатындардың орташа жасы 35 пен 40 жас аралығында. Тіпті, әу баста отбасын уақытша құруға келісіп алатындар да бар екен. Түрлі жағдайды реттеп алу үшін неке қидырып, біраз уақыттан кейін ажырасып тынатын көрінеді. Баланың бағымын сылтау қылатын да жандар бар дегенге сенесіз бе? Қазір немере-жиен бағатын ата-әжелер қатары сирек. Онсыз да табысы мардымсыз жастар жұмысынан қол үзгісі жоқ. Міне, даудың басы. Сүйемдей сылтауды сойылдай қылып, екіге айырылған жас жұбайлар кейін өкінетінін ойлап жатпайды.

Қарадай ажыраспақ түгілі, отағасы жазатайым о дүниелік болған кезде әмеңгерлік жолымен болса да, бауыр ет балаларын жетімсіретпей, ұрпақтың бірлігін, әулеттің тұтастығын әріден ойлаған халық едік. Қазір ажырасқан әйел баланы өз атына оп-оңай жаздырып алады. Ажырасқан әкелер болса, «құтырғаннан құтылғандай» оған тіпті бас қатырып жатпайтын сияқты. Ұрпақтың азуы, тексіздіктің белең алуы осы емес пе?!

Жуырда «Қазақстан» ұлттық арнасының «Апта» сараптамалық бағдарламасы еліміздегі ұрық саудасының жүгенсіз кеткенін айтып, дабыл қақты. Ұлттың қан тазалығына, ұрпақтың  болашағына осы тұстан да келер қауіп көп. Бұл енді өз алдына бөлек тақырып. Сондай-ақ бір жылда шетел асып, беті ашылған жеті бойжеткен туралы да мақаламыздың жуырда жария етілетінін қаперіңізге  берейік.

Бүгін бізді ойландырған мәселе ажырасудың алдын қалай аламыз? Ойға оралатыны, әрине, отбасындағы тәрбие. Халықтың отбасы тәрбиесіндегі түрлі шектеулер, мүлдем сөз болмаған «жабық» тақырыптар ұл-қыздардың ойланбай орға түсуіне әкеледі. Қайтеді енді? Шарасыздықтан, көңілжықпастықпен үйлене салады. Сөйтіп, бірер түннің кесірі бір дүмбілез отбасының құрылуына, кейін қайта қирауына сеп болады. Одан әрі тірі жетім, түбін танымас тексіз ұрпақ, жалғызбасты ана сынды сүреңсіз тағдырлар тауқыметі басталады. Көздері жәудіреп қалған жетімдердің обалы кімге?

Елімізде ажырасушы азамат-тарға табысынан балаларына алимент төлетуден басқа (егер ол мүмкін болса) ешқандай шара қолданылмайды. Белгілі шара болса, бәлкім, ойланар ма еді деген дәме ғой біздікі. Отбасы психологтары жоқтың қасы ауданда. Қиюы кетіп тұрған жанұяны сақтап қалуға сеп болар, соған бейілді мамандар бітімгерлікке келсе дегенді ойлаймыз. Отбасын жоспарлау орталықтары болса, жастар сол жерден біраз кеңес алса, құба-құп болар еді. Аудандағы жастар ресурстық орталықтары жанынан отбасы клубы ашылса, қалай болар еді?!  Әжелер мен округтердегі әйелдер кеңесі осы жанұя мәселесімен кеңірек айналысса деген де бір ой қылаң береді. Не айтасыз, ойлы оқырман? Пікір қосыңыз, бәлкім, биыл ажырасу жағдайының азая түсуіне ықпалымыз тиіп қалар.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы


Сталинград қаһармандары ұмытылмайды

Күні: , 136 рет оқылды


Сталинград  майданының 75 жылдығына байланысты М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Оған соғыс ардагерлері мен тарихшылар және студенттер қатысты. Шара Еділ жағалауындағы қиян-кескі ұрыс жайында түсірілген деректі фильмді көрсетуден басталды.


– Жаңа дәуірден бермен кезеңдегі шайқастармен салыстырғанда, ХХ ғасырдағы ҰОС-ның ауқымы сұрапыл болды. Герман әскерлері соғысты бастағанда Кеңес армиясының жағдайы нашар еді. 1942 жылы фашист басқыншылары Еділ жағалауына жетті. Олар әскери қару-жарақ пен техника шығаратын кәсіпорындары бар Сталинград қаласын бір аптаның ішінде басып алып, кейін Каспий теңізі арқылы Қап тауында өндірілетін мұнайға қол жеткізгісі келді. Бірақ Еділ жағалауындағы ұрыс ұзаққа созылып, Сталинград  майданында қос тараптан екі миллионға жуық адам қаза тапты, – деді шараны ашқан университеттің тарих және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Хамида Қожабергенова.

Дөңгелек үстелде баяндама жасаған БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынованың мәліметінше, 12 шілдеде Оңтүстік-Батыс майданы басқармасының негізінде Сталинград майданының жаңа басқармасы құрылды. Оның құрамына 62, 63, 64-армиялар, Батыс майданнан 21, 8-әуе армиялары, 1, 4-танк армиялары, 28, 38, 57-армиялардың бөлімдері кірді. Қорғаныс шебінің ұзындығы  500 км-ден асты. 22 шілде күні немістердің генерал-полковнигі Ф. Паулюстің 6-армиясы Сталинград, Астраханды басып алып, Еділге бекіну үшін шабуылға шықты. 1942 жылдың 28 шілдесінде КСРО Қорғаныс халық комиссарының әскердің артқа шегінуіне болмайтыны жөнінде №227 бұйрығы шықты. Кеңес армиясы қаланы қорғап қалуға бар күшін салды. Сталинград түбіндегі қарсы шабуыл 1942 жылдың күзінен басталды. Даңқты 62-армияның құрамында 3800-ден астам қазақ болды. Осы шайқасқа Қазақстанда жасақталған барлық әскери құрама мен бөлімнің үштен біріне жуығы қатысты. Әйгілі 64-армияның құрамында қазақстандық 29 және 38-атқыштар дивизиясы болды. Олардың екеуі де кейін 72 және 73-гвардиялық дивизияларға айналды.

Сталинград  операциясына Қазақстаннан бес атқыштар, бір атты әскер дивизиясы, бір танк атқыштары бригадасы, бір минометті полк қатысты. Шайқаста ерекше көзге түскен 55 құрама мен бөлім ордендермен марапатталды. 100-ге жуық жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сталинград майданында қазақ ерлерінің бірі, полковник Ғани Сафиуллин басқарған 73-гвардиялық дивизияның өзі ғана жаудың 120 танкісі мен 800 автомашинасын жойды.

Кездесуде профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Ағила Нұрғалиева батысқазақстандық тыл еңбеккерлерінің жеңіске қосқан үлесін баяндаса, университет магистранты Жалғас Идаев Орал қаласында майдан күндері туралы сыр шертетін көше атауларына тоқталды.

Тағылымды шарада майдангер Қалам Сүйіншәлиев бозбала шағында соғысқа аттанып, қару ұстауды меңгергенін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қатарында ұрысқа қатысқанын әңгімеледі. Ардагер елге оралғаннан кейін ұрпақ тәрбиесіне араласып, БҚМУ-да тарихтан дәріс берген. Дөңгелек үстелде университетте педагог болып, ұзақ жыл еңбек еткен Меруерт Жолдықайырова да жастарға ерлік салтын құрметтеп, бейбіт заманда қанағат-шүкіршілікті ұмытпау қажеттігін айтты. Ардагер-ұстаз – соғыс жылдарында облыстық радиокомитетте диктор қызметін атқарған, кейін Жеңіс күні туғанын алғаш  хабарлағандардың  бірі.

– Майдан кезінде радиотолқындар арқылы қауіпті нүктелер жайында шұғыл ақпарат беріп отырдық. Кеңес әскері дұшпанның басып кіргені жөнінде хабарсыз болды. Мәскеу түбінде миллиондаған адам қырылды. Сталинград шайқасында радистер Еділдің екі жағына алма-кезек ауысты. Бес ай бойына телеграфпен «толқын ауладық». Қиян-кескі ұрыс кезінде өзеннің қанға боялғанына куә болдым. Егер қазіргі кездегідей ұялы байланыс телефоны қолымызда болғанда, мұншалықты сұрапыл майдан болмаушы еді, – деді шараға қатысқан ҰОС  ардагері  Григорий  Шишонков.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ

*  *  *

Таяуда Орал қаласындағы Гагарин атындағы балалар кинотеатрында «Ардагерлер – ардағым» шарасы аясында Сталинград  түбіндегі  майдан  жеңіспен  аяқталғанына 75 жыл толуы құрметіне шара өтті. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен студенттер қатысты.

Онда облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы шығарған «Жеңіс тарихы» фильмінің Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына арналған бөлімдері көрсетіліп, кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.

Аталмыш шараны ұйымдастырған ғылыми зерттеулерді қолдау қорының директоры, өлкетанушы Айболат Құрымбаев өз сөзінде Сталинград шайқасының тарихтағы орны жайында айтты. Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері Хамза Сафин, Алексей Толкачев, Григорий Шишонковтар естеліктерімен бөліссе, жоғарыда аталған фильмнің сценарийін жазған мәдениет қайраткері Құжырғали Төлеуішев, аталмыш кинотеатрдың директоры Әлфия Стародубцевалар  ой-пікірлерін білдірді.

Серпін САЯҚ

Хамза САФИН,

Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Өзім Сталинград майданында болғаным жоқ. Басқа жерде жаумен соғыстық. Соның өзінде жанкешті шайқастың әсері бізге де сезілді. Сталинградта нацистік Германияның әскери қуатының бел омыртқасы опырылды. Содан кейін дұшпан ешқашан басымдыққа ие болған жоқ. Міне, сондықтан шайқастың ел мен әлем тарихында оқшау орны қалды.

Айболат ҚҰРЫМБАЕВ,

тарих  ғылымдарының  магистрі, өлкетанушы:

– Сталинград шайқасының отбасылық өміріме тікелей қатысы бар. Марқұм нағашы атам Абдолла Шәкіржанов сол шайқасқа қатысып, тек батыр қаланы ғана емес, мәңгілік қазақ даласын да озбыр жаудан қорғап қалды. Өйткені Еділден бері өтсе, дұшпанды тоқтату мүмкін емес еді. Ол аз десеңіз, атам Қабдолла және әкем Қанафия Құрымбаевтар сол жылдары теміржолшы болып, Астрахан – Рязан теміржолының №65 разъезінде кәсіби міндеттерін абыроймен атқарыпты. Көпке мәлім, теміржолшылар үнемі жау ұшақтарының шабуылына ұшырап, зор бейнет шекті. Соған қарамастан олар барлық кедергіні қайсарлықпен жеңіп шықты. Бала кезімде сол аяулы жандардан ұлы шайқас туралы талай тәлімді әңгімені естігенім бар. Кейін тарихшы ретінде Бөкей ордасы ауданынан оқушылардың «Сайқын – Сталинград» туристік саяхатын сан рет ұйымдастырдым. Демек, Сталинград шайқасы мен үшін де қасиетті ұғым.


Сеніммен алға жылжимыз

Күні: , 102 рет оқылды


Теректі  ауданы  өткен  жылы  жақсы  жаңалықтарға толы  болды.  Көптеген маңызды  нысан  күрделі жөндеуден  өтіп,  су  жаңа ғимараттар  бой  көтерді.  Мемлекеттік  бағдарламалардың көмегімен  өз  істерін ашып, дөңгелетіп  отырған   теректіліктердің  саны  артты.  Жаңа жұмыс  орындары  ашылуда. Бұл  жөнінде  есеп  беру жиынында  аудан  әкімі  Кәрім Жақыпов  мәлім  етті.  Есептік жиынға  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов  қатысты.


Саяси және экономикалық тұрақтылықтың арқасында еліміз гүлденуде. Ауданымыз да тың бастамаларды қолға алып, сеніммен алға жылжып келеді, – деп бастады өз сөзін аудан басшысы Кәрім  Кәримоллаұлы.

Округтерде өткен есептік жиынның қорытындысында биыл 106 өтініш-пікір тыңдалған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 53 сауалға аз. Яғни сауалдың аз болуы – атқарылған жұмыстың көп болуы деген сөз.

– Өткен жылғы есептік кездесуде аудан орталығындағы Тәуелсіздік көшесінің жолын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі көтерілген еді. Нәтижесінде 306 млн. 330 мың теңге бөлініп, «Айдана» ЖШС мердігер боп танылып, 3 км 214 метр жол жөнделді. Жаяу жүргіншілерге арналған 1600 метр жол да қоса салынды. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Федоров ауылында 16 үйдің құрылысы жалғасуда. Ағымдағы жылы кезекте тұрған жерлестерімізге үйдің кілтін ұсынатын боламыз. Сонымен қатар Ақжайық, Федоров ауылдарында үш қабатты көп пәтерлі үйдің құрылысын бастау  жоспарда  бар.

Ауданымыз бойынша көгілдір отын мәселесі өте өзекті. Өткен жылы 19 ауылға газ жүргізу бойынша сметалық құжаттары да-йындалған еді. Қаржы көздерін қарастырып, жоспарды жүзеге асыру үшін жұмыстанатын боламыз, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысының есебінде Сарыөмір ауылындағы жазғы лагердің құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатқандығы, Жаңаөмір ауылына мәдениет үйін салу, Долин ауылындағы Чапаев ЖОББМ-ын күрделі жөндеуден өткізу бойынша сметалық құжаттардың дайын екендігі айтылды. Жайық ауылына да таза ауыз су келетін болады. Қазіргі кезеңде сметалық құжаттар жасақталған.

Аграрлық сектордың дамуы айрықша байқалады. Ауданда  578 ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Ауданның экономикалық белсенді тұрғындарының 14 пайызы осы салада еңбек етеді.  Былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 16 млрд. 989,5 млн. теңге болған. Төленген демеуқаржы көлемі – 556 млн. 957,3 мың теңге.

– Егістік жерді ұлғайту, жаңа агротехникалық әдістер қолдануды қолға алған шаруалардың еңбегі өткен жылы жемісті болды. Ауа райының қолайлы болуы да жақсы өнім алуға мүмкіндік берді. 78 шаруашылық 122,7 мың гектар алқапқа егіс салды.

Күздікке бөлінген 13,0 мың гектарға толықтай дән себілген. Жалпы, 72 мың 175 гектар егіс көлемінен 75 мың 150 тонна дәнді дақылдар, 13,8 мың тонна майлы дақылдар, 11,4 мың тонна көкөніс, картоп және бақша өнімдері жиналды. 50,6 мың гектар жерден 121 мың тонна мал азығы жиналды. Алынған өнімді сапалы сақтау да назарда. Жалпы, 800 тонна картоп қоймаға салынды, – деді Кәрім Жақыпов.

Халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша өткен жылы  17 отбасына біріккен 69 адамға 2 млн. 659 мың теңге көлемінде  атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 11 отбасы, 47 адамға азайған. Жыл ішінде бес мәрте өткізілген бос орындар жәрмеңкесінде 26 жұмыс беруші 34 жұмыс орынын ұсынған екен.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Мемлекеттік  қызмет  көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» деп атап өтілген болатын. Осыған орай, мемлекеттік құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына басты назар аударымыз қажет. 2017 жылы аудан бойынша 28 мың 650 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 13 мың 459-ы қағаз түрінде, 15 мың 191-і электронды түрде көрсетілді, – деді аудан әкімі  өз  есебінде.

Аудан әкімінің есебі тыңдалған соң пікір һәм өтініш айтамын деуші азаматтарға ерік берілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев өз сөзінде жасалған жұмыстарды таразылап, аудан әкімінің жұмысына жақсы деген баға берді. Ал Жайық ауылының тұрғыны Сағынбек Мұханбетқалиев ауылға ауыз су кіргізу жұмыстарын жеделдетуді және ауылға кіреберіс жолды жөндеуді өтінді. Федоров ауылының тұрғыны Бақытжан Жақыбалиев ет-сүт өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен сататын орындардың көбірек ашылуын сұрады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов ауданда өткен жылы жасалынған жұмыстар мен жеткен жетістіктерге оң пікір білдірді. Сонымен бірге облыс басшысы жетістік барлық саланың бірлесе жұмыс жасауының арқасында келетіндігін атап өтті.

– Өткен жылы 60 ауылды таза ауыз сумен қамту жұмыстарын бастадық. Соның ішінде Теректі ауданының бес ауылына ауыз су жеткізіліп, халық игілігін көріп отыр. Жоспарда аудан аумағының үстімен өтетін республикалық маңызы бар Орал – Орынбор тасжолын күрделі жөндеуден өткізу бар. Ауылдарға кеңжолақты интернет тарту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу секілді жұмыстарға қарқын қосылатын болады. Оның барлығы сіздердің игіліктеріңіз үшін жасалып жатырған жұмыстар. Елбасы Жолдауы, онда көрсетілген 10 нақты тапсырма, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  жүктелген міндеттер орындалатын болады, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Облыс және аудан әкімдерінің сөздерінен қанаттанған теректіліктер жаңа белестерді бағындыруға асық.

Әділет   ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі  ауданы

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


МӘМС жарнасы мен төлемдері

Күні: , 63 рет оқылды


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімінің 2020 жылдың 1 қаңтарына шегерілуіне байланысты жарналар мен аударымдарды төлеу тәртібі туралы не білеміз?


  1. ЕГЕР СІЗ ЖҰМЫС БЕРУШІ БОЛСАҢЫЗ

Қашан төлейміз?

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ай сайын

Кім үшін?

Қарамағыңыздағы қызметкерлер үшін

Қанша?

2017 жылы жұмыскер жалақысының 1%, 2018-2019 жылдары 1,5%, 2022 жылдан бастап 3%.

  1. ЕГЕР СІЗ ЖЕКЕ КӘСІПКЕР, ЖЕКЕ МЕНШІК НОТАРИУС, АДВОКАТ, КӘСІБИ МЕДИАТОР БОЛСАҢЫЗ

Қашан төлейміз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – Жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде

Кім үшін?

Өзі үшін және қарамағындағы қызметкерлер үшін. Жеке кәсіпкер ретінде – өзі үшін, жұмыскерлері үшін – жұмыс беруші ретінде

Қанша?

2018-2019 жылдары – ӨЗІ ҮШІН төлемейді, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2 ең төменгі жалақының (ЕТЖ) – 5% көлемінде

Жұмыскерлер үшін жасалатын аударымдар

2017 жылы жұмыскер жалақысының 1%, 2018-2019 жылдары 1,5%, 2022 жылдан бастап 3%.

  1. ЕГЕР СІЗ ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ (ШҚ) ИЕСІ БОЛСАҢЫЗ (ШҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛЫП САНАЛМАЙТЫН)

Қашан төлейміз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап

Кім үшін?

Өзіңіз үшін

Қанша?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 ЕТЖ-ның 5% мөлшерінде

Маңызды:

Жарнаны 3, 6 немесе 12 айға алдын ала төлеп қоюға болады.

  1. ЕГЕР СІЗ

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ

ИЕСІ БОЛСАҢЫЗ

Қашан төлейміз?

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – қарамағыңыздағы жұмыскерлер үшін

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – өзіңіз үшін

Кім үшін?

Өзі үшін және қарамағындағы жұмыскерлері үшін. Өзі үшін – ЖК ретінде, жұмыскерлері үшін – жұмыс беруші ретінде.

Жұмыскерлер үшін жасалатын аударымдар қанша?

2017 жылы жұмыскер жалақысының 1%, 2018-2019 жылдары 1,5%, 2022 жылдан бастап 3%.

Маусымдық жұмыстарды атқаратын қызметкерлер үшін, жұмыс істеген уақыт үшін ғана жарна төленеді. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына сәйкес еңбек келісімшарты маусымдық жұмыстарды атқару уақытына ғана жасалады.

Еңбек келісімшартының мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыскерге жарнаны өз бетінше төлеу қажеттігін айтып жеткізу қажет.

Олар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 1 ЕТЖ-ның 5% көлемінде жарна аударады.

Маңызды:

Жұмыс беруші 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің табысынан ай сайын 1 пайыз көлемінде жарна ұстап, қорға аударып отырады. Бірақ бұл жарна жеке тұлғаның жалпы табысының жиынтығынан алынады және жарна алынатын табыс көлемі он бес ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс.

  1. ЕГЕР СІЗ АЗАМАТТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕЛІСІМШАРТ БОЙЫНША (АҚК) ЕҢБЕК ЕТЕТІН ЖЕКЕ ТҰЛҒА БОЛСАҢЫЗ

Қашан төлейміз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын (келісімшарт әрекет ететін уақыт ішінде)

Кім төлейді?

Жарнаны сіздің қызметіңізді тұтынып отырған мекеме (салық агенті) ұстайды және қорға аударады.

Қанша?

2020 жылы келісімшарт негізінде тапқан табысыңыздың 1%, 2021 жылы – 2%

Маңызды:

Жарна алынатын табыстың жалпы көлемі 15 ЕТЖ-дан аспауы тиіс.

 Мен не істеуім қажет?

1) Қызметті алушы сізге төленген міндетті сақтандыру жарналары туралы хабарлауы тиіс;

2) Сіз МӘМС жүйесіне жасалған төлемдерді e-gov.kz порталы  немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары  арқылы тексере аласыз.

 Нені білуім қажет?

1) Есеп беру кезеңі үшін жарна басқа көздерден аударылса және жарна есептеу объектісі 15 ең төменгі жалақыға жететін болса, азаматтық-құқықтық шарт бойынша МӘМС жүйесіне жарна төлемейсіз;

2) Міндетті сақтандыру пакетін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз.

  1. ЕГЕР СІЗ ЖАЛДАМАЛЫ ЖҰМЫСКЕР БОЛСАҢЫЗ

Қашан төлейміз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын. Жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлер төлейтін жарнаны ұстап, қорға аударып отырады.

Кім төлейді?

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс беруші сіз үшін аударым жасауды, сонымен қатар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші сіздің айлығыңыздан жарна ұстайды және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударады.

Қанша?

2020 жылы жалақының 1%,

2021 жылы – 2%

Мен не істеуім қажет?

1) Жұмыс беруші сізге МӘМС  жүйесіне төленген жарналар мен аударымдар туралы хабарлап отыруы тиіс.

2) Сіз МӘМС жүйесіне жасалған төлемдерді e-gov.kz порталы  немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары  арқылы тексере аласыз.

Нені білуім керек?

1) Міндетті сақтандыру пакетін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз.

  1. ЕГЕР СІЗ АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕҢІЛДІК БЕРІЛГЕН САНАТЫНА ЖАТАТЫН БОЛСАҢЫЗ, сіз үшін жарнаны мемлекет төлейді.

МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН САҚТАНДЫРЫЛАТЫН ЖЕҢІЛДІГІ БАР САНАТТАР:

1) балалар;

2) жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар;

3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

4) үш жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;

5) бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байланысты, баласы (балалары) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар;

6) мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;

7) зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;

8) сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар;

9) тергеу изоляторларында отырғандар;

10) жұмыс істемейтін оралмандар;

11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;

12) мүгедектер;

13) орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар;

14) орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі жоғарғы білім беру, сондай-ақ жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын іштей оқып бітіргендер, оқуды бітіргеннен кейін күнтізбе бойынша үш айға дейін.

 Мен не істеуім керек ?

1) e-gov.kz порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өз мәртебеңізді тексеріңіз;

2) Егер өзіңізді жеңілдігі бар азаматтар тізімінен таппасаңыз, онда растайтын құжаттардың қажетті тізбесін Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру қажет;

3) Әрі қарай бұл мәліметтер сіздің жеңілдігі бар азаматтар тізіміне енгізілгеніңізді растау үшін мемлекеттік органдарға жөнелтіледі. Егер бәрі дұрыс болса, сіз үшін жарнаны мемлекет төлейді.

 Мен нені білуім керек?

1) Егер сіз жеңілдігі бар азаматтар тізімінде болсаңыз, МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз;

  1. ЕГЕР СІЗ ТҰРАҚТЫ ТАБЫСЫ ЖОҚ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН САҚТАНДЫРЫЛАТЫН ЖЕҢІЛДІГІ БАР САНАТТАРҒА КІРМЕЙТІН ЖЕКЕ ТҰЛҒА БОЛСАҢЫЗ

Қашан төлейміз?

2020 жылдан бастап ай сайын

Кім үшін?

Өзіңіз үшін

Қанша?

1 ЕТЖ-ның 5% мөлшерінде

Мен не білуім тиіс?

1) Белгілі бір себептермен жұмыссыз ретінде тіркелуді және мемлекет тарапынан сақтандырылуды жоспарламаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін МӘМС жарнасын міндеттеме деп емес, сақтандыру пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтерді болмашы ақы төлеп алуға берілген мүмкіндік деуге болады.

Қалай болғанда да пациенттің таңдау құқығы шектелмейді. Ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) пакеті меншіктелсе де, қалтасынан қаржы шығарып жеке меншік клиникада емделем десе де, тиісті жарнаны төлеп, өткен 12 айдың қарызын өтеу арқылы МӘМС жүйесіне кірем десе де өзі шешеді.

2) Міндетті сақтандыру пакетін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз.

Мен не істеуім қажет?

1 қадам:

МӘМС жарналарын банктің немесе «Қазпошта» АҚ кез келген бөлімшесі арқылы аудару.

Жарнаны ай сайын немесе әр ай үшін аванс түрінде төлем хабарламасы /тапсырмасы/ арқылы төлеуге болады.

Төлем коды: 122

Маңызды:

Алушының аты-жөні мен ЖСН дұрыс көрсетіңіз

 2 қадам:

Қаржының қайтқан-қайтпағанын 2-3 жұмыс күні ішінде тексеріңіз

Егер ақша кері қайтарылған болса, деректерді қайта тексеріңіз.

Жиі кездесетін қателер:

  • Алушының аты-жөні мен ЖСН дұрыс көрсетілмеген
  • Жарна мөлшері қате есептелді

3 қадам:

Өзіңіздің сақтандырылғандар тізімінде бар-жоғыңызды тексеріңіз:

– Сіз МӘМС жүйесіне жасалған төлемдерді e-gov.kz порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тексере аласыз.

Маңызды:

Егер сіз жеңілдігі бар 14 санатқа жататын азаматтардың қатарында болсаңыз, өзіңіз үшін және сізге жұмыс беруші жарнаны төлеудің қажеті жоқ. Бұл санаттағы азаматтарды мемлекет сақтандырады.

Міндетті сақтандыру жарнасына қатысты қарыздарды өтеуге болады. Бірақ кешіктірілген әр күн үшін (қорға жарна төлейтін күнді қоса алғанда) қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімақы төленеді.

Сақтандырылғандарға көрсетілетін қызмет түрлері:

1) емханалық-амбулаторлық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда):

алғашқы медициналық-санитарлық көмек;

алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының және салалық мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек;

2) дәрігердің рецептісі бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;

3) стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда):

жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу саны шеңберінде, алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медициналық ұйымның жолдамасы бойынша көрсетілетін жоспарлы стационарлық көмек; бұған жоғары технологиялы медициналық қызметтер де кіреді;

шұғыл көрсетілімдер бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе

өзге медицина ұйымының жолдамасы бар-жоғына қарамастан;

4) алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медицина ұйымының жолдамасы бойынша стационарды алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган бекіткен тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда).

Не өзгеріссіз қалады?

Мемлекет тегін медициналық көмектің мынадай түрлеріне кепілдік береді:

1) жедел медициналық жәрдем және санитарлық авиация;

2) әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтан-дыру туралы» заңы бойынша МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы жоқ тұлғаларға көрсетілетін емханалық-амбулаторлық көмек. Оған мыналар кіреді:

алғашқы медициналық-санитарлық көмек;

алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының және салалық дәрігердің жолдамасы бойынша көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмек;

3) стационарлық көмек:

Әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттарға шалдыққандарға көрсетілетін жоспарлы стационарлық көмек – жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу саны шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медициналық ұйымның жолдамасы бойынша;

Шұғыл көрсетілімдер бойынша жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан;

4) алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманының немесе өзге медициналық ұйымның жолдамасы бойынша, әлеуметтік мәні бар аурулар мен өкілетті орган тарапынан бекітілген тізімдегі айналасына қауіп төндіретін сырқаттар кезінде стационарды алмастыратын көмек;

5) профилактикалық екпелер.

АУДАРЫМДАР МЕН ЖАРНАЛАР ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ

KZ92009MEDS368609103

БСН 160440007161

БСК GCVPKZ2A

Жұмыс берушіге арналған ТМК – 121

Жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтіндер үшін ТМК – 122.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы


Барды ұқсатып, жоқты түгендеген абзал

Күні: , 172 рет оқылды


Апта  басында  Ақжайық  ауданының  әкімі Әділ  Жоламановтың   халық  алдындағы  өткен  жылдың  қорытынды  есебі  өтті. Оған  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  арнайы  қатысты.


Қорытынды есеп алдында А. Көлгінов осы шараға келген ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Есет Байкенмен, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшармен бірге алдымен Чапаевтағы «Өркен» coworking орталығының тынысымен танысты. Мұнда жастарға компьютермен жұмыс істеу, интернет қызметтері Wi-Fi арқылы тегін ұсынылады. Мысалы, орталыққа жыл басынан бері 40-тан астам адам келіп, ұсынылатын қызметтерді пайдаланған. Сонымен қатар мұнда қыз-жігіттердің бойында қазіргі талаптарға сай коммуникативтік сынды дағдыларды қалыптастыру мақсатында тренинг, кездесу кештері  өткізіліп  келеді. Сондай-ақ бұл ғимаратта орналасқан рухани жаңғыру кеңсесін көріп шыққан облыс әкімі жиналған жастармен жүздесіп, әңгімелесті. Осы жерде мұғалім Таңшолпан Сарқұлова жас кәсіпкерлерді қолдауға байланысты облыс әкіміне ұсынысын ағылшын тілінде ортаға салды. Түркияда оқып жүрген студент Ахмет Омар өңіріміздің аумағындағы Хан ордасы, Сарайшық қаласы, Шалқар көлі секілді әйгілі жерлердің туристік маршрутын жасау қажеттігін айтты. Жастар сан саланы қамтыған ой-толғамдарымен  бөлісті.

– Мұндай орталық аудандар арасынан алғаш Ақжайықта ашылып отыр. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, жастармен жұмыстануды жандандыру керек. Қызжігіттеріміз оқып-тоқуға құштар болғаны абзал. Жаңа технологиялардың қарыштап дамып тұрған бұл кезеңде білімнің салтанат құруына аса мән бергеніміз жөн-ақ, – деді Алтай Сейдірұлы.

Бәрінен  бұрын – сапа

Өткен жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2091,0 млн. теңге болып, 2,2 есеге өсті. Ал негізгі капиталға жұмсалған инвестициялар көлемі 3035,0 млн. теңгеге жетті. Өткен кезеңмен салыстырғанда бұл да екі есеге өсіп отыр (2016 жылы – 1470,0 млн. теңге).

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемі 14,4 млрд. теңгеге жетіп, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (13,3 млрд.) 4,5 пайызға артты. Ауданның басты тірегі – мал басы тұрақты түрде өсуде. Ірі қара 79,4 мың, ұсақ мал 218,8 мың бас, жылқы 31,5 мың басты құрап отыр. Бәрінен бұрын асыл тұқымды түліктің саны артып, сапаға бетбұрыс еселенуде. Егер осыдан үш-төрт жыл бұрын ірі қара өсіретін асыл тұқымды шаруашылық небары 6-7 болса, қазір 30-ға жетті. Сондай-ақ асыл тұқымды жылқы өсіретін жеті, қой өсіретін екі шаруашылық бар. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 2017 жылы асыл тұқымды 1259 бас мүйізді ірі қара, 76 бас жылқы, 462  бас ұсақ мал сатып алып, нәтижесінде тұқымдық түрлендіру аясында селекциялық және асылдандыру жұмыстарына қатысатын шаруа қожалықтарының саны (226) әлдеқайда артты.

Ә. Жоламанов өз есебінде кез келген ел экономикасының негізі болып табылатын кәсіпкерліктің аудандағы келбеті жайында да түйіндеп айтты. Қазіргі таңда аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің (1727) 83,2 пайызы белсенді жұмыс жасайтындар қатарында. Республикалық маңызы бар Орал – Атырау жолында жол сервисін ұсынатын 32 кәсіпкерлік нысаны мен мұнай құбыры нысандары орналасқан. Жуырда Бударин ауылы тұсынан «Ақ орда» кешені ашылды. Қызмет түрлері жөнінде тәжірибені байытып, сапаны шыңдау күнделікті назарда. Тоғыз жолдың торабындағы ауданның логистикалық мүмкіндіктерін қапы жібермеген  абзал.

Өтініштердің орындалғаны  – тірліктің  ілгерілегені

Өткен жылғы есепті кездесулерде 64 мәселе көтерілген-ді. Оның 27-сі оң шешімін тапты. 15 мәселеге уақтылы түсінік берілді. Ал қалған 22 мәселе бойынша қаржыландыру мүмкіншіліктері қарастырылады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдауларында 275 тұрғын көтерген мәселелердің 40 пайызы өз шешімін тапты. «Аз да болса, саз болсын» қағидасымен, жұрт өтінішінің біртіндеп шешілгені тірлік шырағының жарқырағаны ғой. Бұған осы қорытынды есеп барысында залдан айтылған ризашылықтар да дәлел. Тәуелсіздік жылдары бұрын ойға келмеген істер орындалды. 24 ауылда ауыз су мәселесі шешілді, яғни тұрғындардың 81,4 пайызы бүгінде таза ауыз сумен қамтылып отыр.

Сонымен қатар 11 ауылды таза сумен қамту ағымдағы жылдың еншісінде. Жобалық-сметалық құжаттамалары дайын, мемлекеттік сараптамаға  тапсырылды.

Есепті кездесу барысында қойылған сұрақтарға орай, аудан басшысы газдандыруға қатысты мына деректі тілге тиек етті: аудан тұрғындарының 91,8 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. 2017-2018 жылдарға жоспарланғандай, 11 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жөнінде қам-қарекеттер бар, құжаттары сараптамаға тапсырылды. Ауданның түгел  газдандырылуы  алыс  емес.

Танаптарға  «екінші өмір» оралғай

Елбасының жерді пайдалану тиімділігін арттыру мақсатындағы тапсырмасына сай суландыру жүйесін қалпына келтіруге байланысты облысымызда ауқымды істер қолға алынғаны көпшілікке мәлім. Өткен екі жылда Ақжайықтың өзінде ғана 24 көлтабанның, 11 суландыру арнасының және екі су қоймасының жер актілері мен техникалық паспорттары толығымен рәсімделді. Республикалық меншікке берілетін 18 су нысанының актілері «Қазсушар» мекемесіне тапсырылды. Азынабай – Тайпақ каналын күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасау жұмыстары басталды. Анау кезде сайын далаға су келіп, береке келіп, алқаптар, танаптар дүрілдеп еді-ау. Сол «екінші өмір» оралғай деп тілек білдірді  еңбеккер  қауым.

Қорытынды есепте осы орайдағы әңгімені облыс әкімі салмақтандыра  түсті.

– Ирригациялық жүйелерді қалпына келтірудің стратегиялық маңызы зор. Төрт ауданды сумен  қамтамасыз ету мақсатында Киров – Шежін магистралдық каналын қайта жаңарту 2011 жылдан басталды. Бұл жаңғырту арқылы танаптарды тұрақты көлдете суландыру және жайылымдарды суландыру іске асады. Содан соң Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесіне кірісеміз, – деді Алтай  Сейдірұлы.

«Кеңес  одағы  кезінде жасалмаған  жұмыстар…»

Елбасымыздың «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына сай, облысымыздың экономикасын қолдауға былтыр 28 млрд. теңге бөлінді. Мұның қаншама игілік әкеліп жатқаны Ақжайықтан да көрінеді. Немесе агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына сәйкес өткен жылы аймағымызға алдыңғы жылғыдан біраз артық 10,1 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында шаруа қожалықтары нығайды, саны артты.

Тек осы аудан шаруаларының 710,0 млн. теңге жәрдемқаржыға ие  болуының  өзі  неге  тұрады?!

Қорытынды кездесу мінберінен облыс басшысы осындай біраз деректі таразылады. Былтыр 500 км жолды жөндеу басталды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениеттің 46 нысаны күрделі жөндеуден өткізілді. Төрт спорт кешені пайдалануға берілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес былтыр 60 елді мекенге ауыз су құбырын тарту басталды. Оған республикалық және жергілікті бюджеттен 13 млрд. теңге қаражат қарастырылған. «Бұрынғы Кеңес одағы кезінде жасалмаған жұмыстар ғой соның бәрі. Демек, тәуелсіздігіміздің жемісі. Әңгіме соның бәрін қадірлей білуде, сақтай білуде. Әрине, қол жеткенмен тоқтауға болмайды. Мәселе дегенің, сұрақ дегенің толып тұр.

Ал күрежолдың бойындағы ақжайықтықтар әлі де асфальт жол бармаған аудандарға қарағанда немесе анау жерлерде көмір жағып отырғандарға қарағанда, жағдайларының қаншалықты артық екенін білетін шығар. Жоқтың бәрін бірден табу мүмкін емесі де мәлім», – деді Алтай Сейдірұлы.

Ол Елбасымыздың жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралай келіп, мемлекеттік жеке меншік серіктестік тақырыбын да көтерді. Мысалы, 2016 жылы облыста жеке мектепке дейінгі ұйымдар саны 24 болса, қазір – 43.

Осындай бөбекжай, балабақшаларды әлде де көбейтуге ұмтылу керек. Оған КСРО кезіндегідей пәленбай бөлме, кабинеттері бар ғимараттар керек емес, ойластырса, соншама бір қиындыққа түспейді. Алтай Көлгінов сондай-ақ кең жолақты интернетпен қамтуға қатысты белгіленген істерді әңгімеледі, «цифрлы дәуір» талабына сай ой-пайымдарын ортаға салды.

Асқарбек  СЕРІКОВ,

Чапаев  тұрғыны:

– Баспана салуға жер учаскесіне 11 жылдан бері кезектемін. Қазір кезекте 312-ші болып тұрмын. Кезегім қашан жетер екен?

Әділ  ЖОЛАМАНОВ:

– Тұрғындарға жер телімдеріне қатысты Чапаевта 2007 жылдан бері 2432 адам кезекке тіркеліп, күні бүгінге 459 адамға табысталды. Чапаевтың солтүстік-батыс тұрғын аумағын инженерлік желілермен жабдықтау жұмыстары жүргізілетін болады, бұл аймақтағы 218 жер телімі тұрғындарға беріледі. Сөйтіп, соңғы кезде кезек тез жылжи бастады. Осыған қатысты ықпалды жобаларымыз бар.

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

еңбек  ардагері:

– Жол-көлік оқиғаларының бірден-бір себебі – жылдамдықты асыру. Жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтіп, бір амалын алмаса, қайғы-қасіреттің қайтатын  түрі   жоқ…

Әділ  ЖОЛАМАНОВ:

– Иә, автокөлік иелерінің арасында жол жүру мәдениетін сақтамаушылар аз емес. Жол бойына жылдамдықты анықтағыштар қою, басқа да істер жайында ақылдасудамыз. Бірақ қандай шара алынса да, ең алдымен жүргізушінің өзі жауапкершілікті ұғынбаса, не пайда?! Көліктердің малға соқтығысуын болдырмау үшін ауылдарда мал бағымын ұйымдастыруды жолға қоюымыз керек.

Болат  ЕСҚАЛИЕВ,

Ақжайық  ауданы

Суреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Олимпиадашыларға қолдау білдірді

Күні: , 131 рет оқылды


Сейсенбіде  қаламыздағы  Мұзайдын спорт  сарайында  XXIII  қысқы олимпиада  ойындарына  қатысатын  облыс  спортшыларын қолдауға  арналған  қысқы  спорт  түрлері  фестивалі  өтті.


Оңтүстік Корея төрінде сынға түсетін олимпиадашыларға қолдау көрсетуге арналған шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла  Оспанқұлов арнайы келді.

Ақ Жайық өңірінде соңғы жылдары қысқы спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде шорт-трек 2002 жылдан бері қарқынды дамуда. Осы аралықта біздің жерлестеріміз ұлттық құрама сапында түрлі додаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. ХХIII қысқы олимпиаданың ашылу салтанатында шорт-тректен еліміздің намысын қорғайтын батысқазақстандық Абзал Әжіғалиев көк Туымызды көтеріп шығатын болады. Бұл – біз үшін мақтаныш», – деген Ғабидолла Абдоллаұлы спортшыларға жеңіс тіледі. Сонымен қатар көрермендер арасында отырған Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтің аналарына ризашылығын  білдірді.

Шара барысында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, допты хоккей, шайбалы хоккей сынды қысқы спорт түрлерінен көрсетілім қойылып, көрермендер арасында ойын да ойнатылды. Мұз үстінде өнер көрсеткен конькимен сырғанаудың түр-түрін меңгерген спортшыларға қошемет пен ыстық ықылас зор болды. Айта кету керек, жас мәнерлеп сырғанаушылардың «Қара жорға»  биі  ерекше  көзге  түсті.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

* * *

Таяуда  Пхенчхан  қаласында  өтетін  ХХІІІ  қысқы  олимпиада  ойындарында  еліміздің  байрағын  спортшы  Абзал  Әжіғалиев ұстап  шығатыны  белгілі.  Осыған  орай  Жосалы  ауылының  А. Жұмағалиев  атындағы  орта  мектеп-балабақша  кешенінің ұстаздары  мен оқушылары  бірлесіп,  туған  жерден  түлеп  ұшқан  перзентін  қолдау  мақсатында  акция  ұйымдастырды. 

Акцияда сөз сөйлеген мектеп директоры Ә. Тәжіғалиев спортшы ұлға зор сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Салауатты өмір салтын насихаттаған шара оқушылар арасында өткен шаңғы жарысымен жалғасты. Ауылдастары ұлттық құрама сапында  өнер  көрсететін  шорттрекші Абзал  Әжіғалиевті  мақтан  тұтады.

Бибінұр  НҰҒЫМАНОВА,

Қоңыр  ауылы,

Сырым  ауданы

* * *

Шорт-тректен  әлем  кубогы  кезегінің  жеңімпазы,  жақын күндері  басталатын  қысқы  олимпиаданың  ашылу  салтанатында  еліміздің  көк  байрағын алып  шығатын  Абзал  Әжіғалиев қаладағы  М. Ықсанов  атындағы  №36  мектепте  білім  алған болатын.  Кеше  аталған  мектепте  ХХІІІ  қысқы  олимпиадаға қатысатын  жерлес  спортшыларымызға  қолдау көрсетуге арналған  салтанатты  шара  болды.

Айта кетейік, қысқы олимпиада ойындарына Оралдан шорт-трек шеберлері, әлем кубогы кезеңінің жеңімпаздары Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев қатысады. Айтулы додада жерлестеріміз 500 метрлік қашықтықта сынға түседі. Нұрберген сондай-ақ 1000 және 1500 метр қашықтықта жарыс жолына шығады. Оған қоса жерлестеріміз 5 мың метрлік эстафетаға  қатысады.

Спортшыларға қолдау көрсету мақсатында өткен шарада мектеп директоры Әзима Ғұбашева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, Абзал Әжіғалиевтің анасы Шолпан Тұрарбекқызы, Нұрберген Жұмағазиевтің анасы Зинегүл Жұмағазиева құттықтау сөз сөйлеп, ел намысын қорғайтын батысқазақстандық ұлдарына жеңіс тіледі.

Шара барысында қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған эстафеталық сайыстар ұйымдастырылып, оқушылар флешмоб билеп, әсем  әндер  орындалды.

Ләззат  СӘЛІМОВА,

М. Ықсанов  атындағы №36  мектеп  директорының орынбасары


Жұмбақ қылыш

Күні: , 189 рет оқылды

Ерекше  жәдігер


Қаратөбе аудандық М. Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейі аудан тарихы мен мәдениетінің дамуы жолында бірқатар іс-шараларды абыроймен атқарып келеді. Музейдің басты миссиясы жәдігерлерді сақтаумен ғана шектелмейді.


Аудандағы тарихи-өлкетану музейі 1974 жылы маусым айында белгілі жерлес жазушы Берқайыр Аманшиннің бастамасымен қоғамдық негізде ашылды. Сол кезден бастап музей жұмысы жанданып, жыл сайын жаңа экспонаттармен толықтырылуда. Солардың бірі Аққұм қорығынан табылған қайқы қылыш туралы айтқым келеді.

Қылыштың сабы ағаштан қапталып, мойнына темірден жұлдыз бейнеленген. Жүзі қайқы келген. Материалы – темір. Ұзындығы – 93 см. Музейге жергілікті өлкетанушы Қайыржан Хасанов тапсырған. Қайыржан ағамыздан жәдігердің тарихын сұрағанымызда, ол кісі 1968 жылы Егіндікөл орта мектебінде ұстаздық ете жүріп, оқушылармен Аққұмға саяхатқа шыққан кезінде, Аққұм қорығынан құмның арасынан қайқы қылыш тауып алыпты. Қылышты әспеттеп орап, үйге әкеліп сақтап қойған екен. «Ол кезде ондай дүниелерге баса назар аудармадым ба, әлде құм арасында жатқан қылыш қой деп мән бермедім бе, оның қай дәуірге тиесілі екеніне, қалай жасалғанына да назар аудармаппын. Содан ауданда 1974 жылы музей ашылған кезде бір жәдігер болып музейде тұрсын деп, сол кездегі музей меңгерушісі Марал Қажыгереевке тапсырдым», — дейді.

Міне, күні бүгінге дейін музей төрінде ілулі тұрған қайқы қылыштың тарихы осындай болып шықты. Мүмкін, бұл қылыштың тарихы, жасалу жолы, қай ғасырға жататындығы, кімдердің қолданғандығы кейбір зерттеушілерге ой салар деген үміттеміз. Зерттеуші ғалымдардың, халық аузындағы аңыз әңгімелерге сүйенсек, Аққұм тарихи жер, XII-XIV ғасырлар арасында Хан ордасы болған деседі. Ендеше, бұл қайқы қылыш та сол дәуірден сыр шертетіні анық емес пе?!

Нұрлан  МЕҢДЕШЕВ,

М. Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінің  меңгерушісі


«Ән-махаббат»

Күні: , 70 рет оқылды


Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің 50 жасқа толуына орай «Ән-махаббат» атты шығармашылық  кеші өтті.


Сырым ауданындағы Жосалы ауылында дүние есігін ашқан Жаскелең Орынбасарұлы Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтында музыкалық білім алып, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда қызмет етіп келеді. Ол Ш. Қалдаяқов атындағы республикалық әншілер байқауының, Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай өткізілген «Атамекен» атты республикалық саз конкурсының, сондай-ақ Севастополь қаласында өткен халықаралық ән конкурсының лауреаты атанды. Композитордың «Айдана – аңыз», «Жастық арман», «Бір ән бар еді», «Сағыныш» және өзге де әндері  кеңінен танылды.

– Жаскелең «Жайықтың Шәмшісі» атанған Донеділ Қажымовтың ізбасарларының бірі болып табылады. Өзінің композиторлық қолтаңбасы бар. Оның әуезді әндері кез келген адамның жүрегіне жол табады деп сенемін. Ердің жасы – елуге келген ағама шығармашылық табыстар тілеймін, – деді Дәулеткерей атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Еркін Нұрымбетов.

Кеш барысында композиторды аталған орталық басшысы Бауыржан Халиолла, Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Қабдешұлы және өзге де азаматтар құттықтады. Ұлықбек Есдәулет, Жансая Мусина, Мұнайдар Балмолда секілді ақындардың сөздеріне жазылған «Ақжайық ару», «Сүйкімді қыз», «Сол тұлпар» және өзге де әндері танымал өнерпаздардың орындауында көрерменге ұсынылды. Ал композитор әр әннің жазылу тарихымен бөлісіп отырды.

Жаскелең Ғайсағалиев 1991 жылы «Назқоңыр» ансамблін құрып, аталған топ республикалық «Тамаша» ойын-сауық орталығына қатысқан болатын. Бүгінде  БҚО ІІД жанынан «Орал таңы» вокальдық ансамблін құрып, жемісті еңбек етуде.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Көк тас кеміру жақсылыққа апармайды

Күні: , 197 рет оқылды


Керек-жарақ алуға базаршылап шыққан бір күн еді. Қашанда ығы-жығы халық иін тіресіп жүретін «Мирлан» базары. Қақпадан өте бергенде, сауда жасап отырған апайдың алдындағы бір дорба толы тасқа үңіліп, ішінен кесектерді іріктеп алып жатқан қызға көзім түсті. Ұзай бергенде, сатушы апайдың «Бәрі бірдей топырақ емес пе, несіне таңдайды?» деген үнін құлағым шалғаны.


Бұрындары мектептегі тақтаға жазатын ақ борды жеп қоятын оқушылар болатын. Ал қазір ақ борға қарағанда, көк тас жейтіндер көбейген тәрізді. Кейде қоғамдық көліктерде де осы көк тасты қытырлатып жеп отырғандарды көзіміз шалып, таныстар арасында да осы «ас болмайтын нәрсені» әңгімелеп отыратындарды ұшыратамыз. Сондай сәтте «Бұл тастың таңдап тұрып жейтіндей денсаулыққа бір пайдасы болғаны ма?  Ешқандай зияны жоқ па?..» деген сауалдар жиі мазалайды.  Естуімізше, сайдан қазып алып, тазалап, кептіріп, үлкенді-кішілі пішінде уатып, базарға апарып сатады. Көше бойында кәкір-шүкір сатып отыратындардың алдындағы жаймада да көк тас «менмұндалап» тұрады.

Бір байқалғаны, бұларды көбіне қыздар, әйелдер жейді. Бір таныс қыз баладан мұны не үшін жейтінін сұрағанымда, «Неге екенін білмеймін, әйтеуір, жегім келеді. Бірауық ұмытып кеткендей боламын. Бірақ есіме түскенде, соны жегім кеп, аңсарым ауады да тұрады. Сосын амал жоқ, сатып аламын», – деген болатын өз есімін жасыруын өтініп. Ал бір бойжеткен ақ балшықтың иісін қатты ұнататынын, сондықтан да ауық-ауық осы тасты жеуге тәбеті ашылатынын айтты.  Шынында да, бұл тастың тамақтан өтетін тағамға айналуына не себеп? Сұрақтардың жауабын білу үшін маманға жүгінуді жөн көрдік. Облыстық клиникалық аурухананың гемотология бөлімшесінің дәрігер-гематологы Ырысгүл Қозиева былай дейді:

– Адамдарда әуестік деген әр түрлі болады. Кейбірі тас жейді, бор жейді. Кейбіреулер иістерге, мысалы, бензин, керосин не үй ақтайтын ақ балшықтың иістеріне құмар болады. Мұндай заттарға, әлде иістерге тәуелділік адам ағзасында бір элементтің жетіспеушілігін көрсетеді. Яғни темір жетіспеушілік, қаназдық болғаны. Ел арасында көбісі қаназдық десе түсінбейді де, анемия десе ұғады. Адам бойында бұл аурудың бар-жоғы дәрігерге тексерілгенде белгілі болады. Бор жеу – ағзаға зиян. Біріншіден, ол таза зат емес. Оның құрамында түрлі микробтар болуы мүмкін. Кез келген микроб ағзада инфекция тудырады. Іш өтеді, ішек инфекциялары, асқазан жаралары пайда болады немесе оның құрамында улануға әкеп соқтыратын басқа бір ауыр металдар болуы мүмкін. Бор жейтіндердің жүрегі айнып, құсып, көбінесе үлкен дәрет жүрмей қалады. Ағзасындағы мұндай жайсыздықты сезген адам мамандарға қаралып, дәрігерлік сараптама тапсыруы қажет. Қаназдықтың да түрлері көп. Анемияның қай түріне болсын жүргізілетін ем 10-20 күнде бітпейді. Бір не екі-үші ай бойы емделу қажет. Бір ай емделген соң дәрігерлік сараптама тапсырып, қаралу керек. Емделмей жүре берген адам басқа ауруларға шалдығады.

Анемияның пайда болу себептері де өте көп. Ағзаға темір, дәрумен жетіспеушілігі және фолий қышқылы жетіспеушілігі салдарынан анемия болады. Асқазан жарасы, эрозия, гастрит, атрофиялық гастрит, асқазанға жараның салдарынан қан кетіп асқыну, ішектің инфекциясы, геморрой секілді ішектің түрлі аурулары да себеп болуы мүмкін. Геморройдың асқынған түрі қауіпті. Анемиямен көбінесе әйел адамдар ауырады. Әсіресе,  жүктілік кезінде қаназдық өршиді. Қаназдық көбісінде бала кезден қалыптасады. Ал жас балаларда анемияның пайда болуының себебі – дұрыс тамақтанбау. Мысалы, күніне 300-400 грамдай жас малдың етін қабылдау қажет. Бор жеуге әуес жандардың өзімен-өзі шешім қабылдап, кез келген дәрі-дәрмекті қолдана беруіне болмайды. Анемияның қай түрімен болсын, ауырып келген адам барлық тиісті тексерістен өтеді.

*  *  *

Базардан шығар жолда ұсақ-түйектер сатып отырған апайдың алдындағы көк тасты алушы болып, саудалап көрген едік.

– Көк тастың мына бір кесегі қаншадан?

– 20-дан, 50-ден, целлофан қалташадағылары 100 теңгеден.

– Қай жақтан әкелесіздер?

– Жымпитыдан.

– Сонда бұл тастарды қайдан алады екен?

— Кәдімгі жердің астынан шығатын тас қой. Қазып алады. Мешокпен бізге әкеледі. Біз сатып аламыз.

Байқағанымыздай, тас та бір пайда бизнес көзіне айналған екен. Бірақ әңгімеге арқау боп отырғаны бұл емес, бор мен тастың денсаулыққа зияндығы. Сондықтан да бор жейтіндер өздерінің у жеп жатқандарын ұғынса дейміз.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика