Мұрағат: 05.02.2018


Мұзайдын шақырады

Күні: , 33 рет оқылды


Өткен сенбі күні  «Жастар» стадионындағы   жасанды мұзайдын қала тұрғындарының  игілігіне берілді.  Мұзайдынының ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


– Көпшілік сырғанауға арналған мұзайдынын «ҚПО б. в.» компаниясы бір жыл көлемінде күрделі жөндеуден өткізген болатын. Жалпы, стадионды жаңғыртуға Қарашығанақ кен орнын игерушілердің облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысы есебінен 800 млн. теңге жұмсалды. Алаңның астына қойылған мұздатқыш қондырғылар Еуропадан әкелінді. Көктемде стадион аумағы абаттандырылып, жасанды жабыны бар футбол алаңы жасақталмақ. Жалпы, бұл мұзайдын «Ақжайық» допты хоккей командасына жаттығуға берілді. Өйткені осы кезге дейін Оралдың «Ақжайығы» допты хоккейден өз ойындарын уақытша «Стеновик» стадионында өткізіп келген еді. Енді мұнда допты хоккейден Қазақстан құрамасы да жаттыға алады. Бүгінде «Ақжайық» командасының кейбір ойыншылары республика құрама командасында ойнап жүр. Өздеріңізге мәлім, ҚР-ның допты хоккей құрама командасы Хабаровскіде өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысып, жартылай финалға өткен еді. Финляндия, Ресей, Швеция секілді елдердің азулы құрама командаларымен додаға түскені біз үшін үлкен жетістік.

Жаңа айдынның ашылуына орай қала тұрғындары мен жастарды бұқаралық спортпен айналысуға шақырамын, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Салтанатты рәсімнің соңы көпшіліктің конькимен сырғанауына ұласты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Ашық әкімдік» өтеді

Күні: , 44 рет оқылды


Алдағы 10 ақпан күні сағат 10. 00-де Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында дәстүрлі «Ашық әкімдік» атты шара ұйымдастырылады.


Бұл шара барысында әрбір батысқазақстандық өзін толғандырған мәселелерді облыс әкімінің өзіне, облыстық және қалалық жергілікті атқарушы билік өкілдеріне, сондай-ақ құқық қорғау құрылымдары, коммуналдық қызмет және өзге де мекеме-кәсіпорын басшыларына айтып, ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.

«Ашық әкімдікті» өткізудегі мақсат – тұрғындар арасындағы туындаған көкейкесті мәселелерді жедел әрі тиімді жолмен шешіп, құқықтық және әлеуметтік көмектер көрсетудің жолдарын қарастыру.

Айта кетейік, былтыр өткен дәл осындай шараға 44 мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты, онда 151 қала және 500-ден астам аудан тұрғындары өз сауалдарына тиісінше жауаптар  алған еді.

Қабылдау көпшілік үшін қолайлы болып табылатын сенбі күнге белгіленіп отыр. Сондықтан тұрғындардың «Ашық есік» күніне келулеріне болады.


«Мойынбау» жасайды

Күні: , 54 рет оқылды

????????????????????????????????????


Ақжайық ауданының Мерген ауылында тұратын Берікжан Елемесұлы деген азамат түнде жарыққа шағылатын материалдан малға мойынбау жасауды қолға алды. Оның айтуынша, мұндай құрал тәуліктің қараңғы кезінде жолдағы қауіпсіздікке септеседі, яғни аутокөліктердің малға соқтығысуын болдырмауға мүмкіндік береді.


– Жолдарда көліктердің малды қағып, мұның салдарынан дау-дамай туып, тіпті адам өліміне соқтырып жүрген оқыс-оқиға аз ба?! Бұл мені де қатты алаңдатады, жанымды ауыртады. Өткен күзде осындай дүние жасау жайында ой келген-ді. Мақсатым – мал иелеріне өзіндік көмегімді көрсету, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігіне үлесімді қосу. Алғашқы даналар қолымда бар, – деді Берікжан. Аңғарғанымыз, оның қолөнерліктен хабары бар екен.

Мойынбаудың ұзындығы 110 сантиметр, төзімді материалға көмкеріліп, іс машинасымен тігілген, шығыршығы бар. Ірі қараның, жылқының мойнына түйіп байлауға да, өзіңіз қалаған басқа амалмен де бекітуге болады. Жарық сезгіштігі түнде кем дегенде 500 метр қашықтықтан байқалады. Нағыз әпербақан жүргізуші болмаса, жарыққа шағылған дүниені көріп, байқау қиын емес. Б. Елемесұлы мойынбауға қажетті заттарды табу қиын еместігін, бүгінде оны мергендіктерге дайындап жүргенін, алыс-жақыннан тапсырыс-тарды қабылдайтынын айтты. Оның ұялы телефоны: 87772216247.

Тиісті қызметтер, яғни полиция, жол қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар, т. б. мойынбауға орай үн қосар.

Бекем   БЕКҰЛЫ,

Ақжайық   ауданы


Ұлттық нақыштағы шаңырақ немесе ақпандағы бал қымыз

Күні: , 54 рет оқылды


Осы  бір орта бойлы, жасы жетпіске жақындап қалған Қошанкөл ауылының тұрғыны Меңдіхан Халықұлы ағамызды аудан орталығынан жиі көреміз. Қолынан тастамайтын сөмкесі бар ағамыз бірде Орал қаласынан, келесіде басқа өңірден келе жатады, әйтеуір тыным таппайды. «Апырмай, осы ағамыз неге үйінде тып-тыныш жатпайды екен?» деп те ойлаймыз. Енді соның мәнін ұққандай болдық. Анықтап тұрып баяндайық.


Боранды күні Қошанкөл ауылына, дәлірек айтқанда, Меңдіхан ағаның шаңырағына барудың сәті түсті. Ағамыз мал жайлап, соның ішінде жұбайы Тойған апай және келінімен бірге қолдағы биелерді сауып, ішке кіріп жатыр екен. Амандық сұрасып,  төрге озған біз жеке шаңыраққа емес, ұлттық рухани орталыққа кіргендей әсерге қалдық. Суреттерде көрініп тұрғандай, шаңырақ жасауы ұлттық негізде жасақталған. Шындығы керек, қазіргі күнде қай үйге бара қалсақ та, заманауи еуропалық үлгідегі жабдықталған бөлмелерге тап боламыз ғой. Ал мынандай шаңырақты бірінші рет көруіміз.

– Мына тұрған бұрыш ұлтымыздан бөліп ала алмайтын жылқы туралы жинақталған жәдігерлер деуге болады. Қамшының тоғыз түрі ілініп тұрса, сонымен қатар қымызды сақтайтын электр энергиясымен жұмыс жасайтын саба да бар. Білетін болсаңыздар, қымыздың құнарлылығын және дәмдік қасиетін жоймау үшін екі мыңнан үш мыңға дейін қымызды пісу керек. Бұл ыдыстар тек ағаштан жасалған. Ал тостақтар және басқа да жылқы туралы еңбектерді өткен жылы медицина ғылымының докторы, академик,  жылқы сүтінен бес түрлі арнайы тағам шығарған Төрегелді Шарманов ағаның арнайы фирмасынан алып қайтқан едім. 1990 жылдардан бастап жылқы кәсібімен айналысып келемін. Өздеріңіз білетіндей, табын-табын жылқы ұстап отырған жоқпын. Бірақ қысы-жазы қолдағы биелерден қымыз өндіріп, пайдаланудамыз. Қазіргі қыс айында үш бие сауып отырмыз. Бұл биелерді келінім Мейрамгүл сауады. Қазірдің өзінде жылқының саумал  сүтімен емделіп жүрген адамдар бар. Солар сұраныс беріп тұрады. Тек бір жылқымен ғана айналысып отырған жоқпыз. Балам «Балауса» шаруа қожалығын  құрды. Жеті бұқашықты бордақылауға қойдық. Бұның барлығы да өз қаражатымызға жасалып жатыр. Жаңа үйге кіріп, табалдырықтан аттағанда, сіздер таңғалып жатырдыңыздар. Оның себебі – басқасын білмеймін, менің жеке басымда тәрбиенің барлығы, оның коды ұлттық қасиетімізде деп санаймын. Сол себепті үйдің перделерінен бастап, басқа да қойылған дүние-мүліктер ұлттық бейнемізді көрсетуге арналған. Елбасымыздың рухани жаңғыру төңірегінде айтқан сөздерінің түп-төркіні де осындай ұлттық құндылықтарды пайдаланудан шығып жатқан жоқ па?! – деп ағамыз әңгімесін бір қайырды.

Меңдіхан аға зайыбы Тойған апамен төрт қыз, бір ұл тәрбиелеген екен. Қыздары қияға қонса, ұлы Дархан ата-ана шаңырағында. Үйдегі барлық шаруаның басын ұстап отырған да осы Дархан. Жалғыз ұлдың зайыбы, яғни  осы шаңырақтың келіні Мейрамгүл жеті ұлы бар шаңырақтың жалғыз кенже қызы екен. Сол жалғыз қыз Мейрамгүл бүгінде жылқының бауырында отырып, бал қымызды дайындаған ибалы келін атанып жүр. Осындай шаңырақтар елімізде көп болса, қазақ ұлты қай жерде де биікте тұрары сөзсіз.

– Айтпақшы, сөз басында ағамыз сапарда жиі жүреді деп айтқан болатынбыз. Оның да өзіндік себебі бар. Меңдіхан аға бірінші дәрежелі тоғызқұмалақшы. Облыстық сайыстардан қалып көрген жоқ. Қазіргі күнде бұл ісін келіні Мейрамгүл жалғастырып, мектепте үйірме жұмысын жүргізсе, немерелері Гүлxан мен Аделия облыстық деңгейдегі сайыстарда жүлделі орындардан көрінуде.

Қыстың қақаған аязында жаңа сауылған саумалдан дәм татып, әрі ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтап жүрген шаңырақпен қоштасып шығып бара жатқанда, Меңдіхан аға: – Алдағы уақытта жорға сайысын ұйымдастырсам, – деген ойын жеткізді. Шаршауды білмейтін ағамыздың бұл мақсаты да орындалар.

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов   ауданы 


Олимпиадашыларға қолдау көрсетті

Күні: , 54 рет оқылды


Сенбі  күні  «Атамекен»  туризм  орталығында  мемлекеттік  мекеме  қызметкерлері  арасында  «Денсаулық  күні»  өтті.  Жақын  күндері  Оңтүстік  Кореяның   Пхенчхан  қаласында  өтетін   қысқы олимпиадаға  қатысатын  қазақстандық   жерлестерімізді  қолдауға  арналған  шараға  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  пен  спорттың шорт-трек   түрінен  еліміздің  еңбек  сіңірген  жаттықтырушысы   Максим  Лозовой  қатысты.


Орал қалалық әкімдігі мен қалалық спорт басқармасы ұйымдастырған шараға қатысқан мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен командалары шағын футбол, хоккей, волейбол, шаңғы жарысынан сайысқа түсті.

– Оңтүстік Кореяда әлемдік деңгейде өтетін қысқы олимпиаданың ашылу салтанаты да күн санап жақындап келеді. Ел командасының құрамында біздің өңірдің екі спортшысы Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев қатысатыны баршаңызға белгілі.

Бүгінгі шара үлкен додаға қатысатын барша қазақстандық спортшыларымызды және біздің облыстан барып, ел намысын қорғайтын жерлестерімізді қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Облыс орталығында спорт саласы айтарлықтай жақсы дамып келеді. Соңғы жылдары шаһарда көптеген спорт алаңдары салынды. Қыс мезгіліндегі спорт ойындарын насихаттау мақсатында қалада 40-қа жуық мұзайдыны жасақталды. Сол алаңдарда 15 мыңнан астам қала тұрғыны жаттығып, түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Спортшыларымызды қолдауға арналған бүгінгі шара жақсы деңгейде өтсін. Қысқы олимпиадада ел намысын қорғайтын жерлестеріміз көк байрақты биіктен желбірете берсін, – деді жарыстың ашылу салтанатында сөз  алған  қала  әкімі  Мұрат Мұқаев.

Айта кетейік, ХХІІІ қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында жерлесіміз, шорт-тректен әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы Абзал Әжіғалиев Қазақстан Республикасының көк Туын көтеріп шығады. Олимпиадада Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев 500 метрлік қашықтықта сынға түседі. Нұрберген сондай-ақ 1000 және 1500 метр қашықтықта да бағын сынамақ. Оған қоса олар Қазақстан құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафетада команданың неғұрлым биіктен көрінуі үшін барын салмақ. Сочи олимпиадасында Қазақстан ерлер құрамасының осы эстафеталық жарыста бесінші орынға ие болғаны белгілі. Алдағы ақ олимпиадада қазақстандықтар осы спорт түрінен де  жүлде  күтіп  отыр.

Табиғат аясында өткен шара барысында облыс әкімі көппен бірге шаңғы жарысына қатысты. Шағын футбол, волейбол, хоккей және шаңғы жарысынан өткен шара қорытындысы бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер  марапатталды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Генералдардың алғысы

Күні: , 44 рет оқылды


Жексенбі күні Орал қаласындағы Жеңіс алаңында Сталинград шайқасының  75 жылдығына  арналған  шара өтті. Аталмыш шараға республикалық «Генералдар кеңесі»  қоғамдық  бірлестігінің  төрағасы  Рүстем  Қайдаров бастаған  генералдар  және  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  арнайы  қатысты. Шараға   жиналған  көпшілік  «Мәңгілік алауға»  және  батыр  қыздар  ескерткішіне  арнайы  барып, гүл  шоқтарын қойып,  боздақтар  рухына  тағзым  етті.  Мәншүк  Мәметова  музейін  аралады.


– Жақында ғана Волгоград қаласында өткен Сталинград шайқасының 75 жылдығына арналған шараға Қазақстаннан 11 генерал барып, қатысып келдік. Сталинград шайқасына батысқазақстандықтар ерлікпен зор үлес қосты. Сталинградтағы әскерлерге қару-жарақ, азық-түлік, жылы киімдерді уақытымен жеткізуде оралдықтардың көмегі зор болды. Тіпті танк корпусына әр отбасы өз үлесін қосып, қаржы жинап берген. Соғыс басталмас бұрын Қазақстан Республикасында 6 млн. халық  тұрған. Соның 1 млн. 200 мыңы әскер қатарына шақырылып, 102 мыңдай адам хат-хабарсыз кеткен. Ел есінде қалған үш батыр қыздың да батыстан болуы тегін емес. Сондықтан тарихи күнде біз  батысқазақстандықтарға алғыс айту үшін арнайы келдік, – дейді генерал-майор Рүстем Қайдаров.

Сталинград Қазақстанға ең жақын орналасқан майдан шебі болды. Дон мен Еділ аралығында 200 тәулік бойы жүрген сұрапыл шайқас неміс фашист әскерлерін талқандаудың басы болған еді. Сталинград шайқасына жүздеген мың кеңес жауынгерлері қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Аумағы 100 мың шақырымға жеткен Сталинград түбіндегі шайқас оған қатысқан жауынгерлер мен әскери техника саны бойынша адамзат тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі болды. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн. 200 мың жауынгер, Батыс Қазақстан облысынан 76 мың жауынгер майданға аттанды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика