Мұрағат: 02.02.2018


Заман көшінен қалмау – үлкен-кішіге ортақ

Күні: , 201 рет оқылды


Бөкей  ордасы  ауданының  әкімі  Нұрлан  Рахымжанов 2017  жылғы  ауданның  әлеуметтік-экономикалық  даму қорытындылары  мен  ағымдағы  жылғы  міндеттер  туралы  аудан  тұрғындары  алдында  есеп  берді.


Жиынға облыс әкімі А. Көлгінов, облыстық  мәслихат хатшысы М. Құлшар, облыс әкімінің орынбасары Б. Қонысбаева, облыстық деңгейдегі бірқатар сала басшылары мен аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, ауылдық  округтердің  әкімдері, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары мен қоғамдық ұйым жетекшілері, еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ауыл тұрғындары  және  БАҚ  өкілдері  қатысты. Өз баяндамасын еліміз үшін өткен жылғы есте қаларлық оқиғалардан бастаған Нұрлан Сағынтайұлы Қазақстанның халықара-лық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесін сәтті өткізіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде іске кірісуі Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі екенін атап көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен биылғы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан туындайтын  міндеттерді  саралады. 2017 жылы ауданда біркелкі іс тындырылған. Бюджетте қаралған 3 млрд. 866 млн. теңге толықтай игерілген. Салық түсімдерінің жоспары да 298 млн. орнына 329 млн. теңге болып, 110,6 пайызға орындалыпты. Ауылдық округтерге еңбек етуге келген 27 маманға 4 млн. 288 мың теңге көтерме жәрдемақы, 12-сіне үй алу үшін 40 млн. 842 мың теңге  бюджеттік  несие  берілген. Ауыл шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Мал басы өсіп, өнімділігі артқан. Мал тұқымын асылдандыру ісі жоспарлы жүру-де. Қаңтардың 1-і күнгі есеп бойынша Нарын құмы мен Бөкей даласында 64864  ірі қара, 92304 қой-ешкі, 21575 жылқы, 1019 түйе бағылуда. Өткен жылы 6499 тонна ет, 12884 тонна сүт өндірілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда ет 4,5, сүт 0,2 тоннаға артық. Жаңадан 32 қожалық ашылып, олар- дың саны 509-ға жеткен. Әрине, бәрі бірдей кәсіптерін дөңгелетіп кете қойған жоқ. Есепті мерзімде үш шаруа қожалығы жабылып, олардың иелігіндегі 1605 гектар жер қайтарылып алынған. Ал істе шыңдалғандар, мал тұқымын асылдандырып, қарасын көбейткендер мемлекеттен субсидия, несие алып, ілгері ұмтылу үстінде. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, «Береке», «Игілік» бағдарла-маларымен несие алып, тұрмыстарын түзеп, әлеуеттерін жақсар-туда. Аудандағы 969 шағын кәсіп-керлік субъектісінің 40-ы заңды,  929-ы – жеке  тұлғалар. Бөкейліктердің әлеуметтік, мәдени тұрмыс жайларын қамтыған Н. Рахымжанов білім беру, денсаулық сақтау, спортпен шұғылдану, қоғамдық тәртіп, рухани жаңғыру мәселелеріне де тоқталып, 2017 жылы елді мекендерге ауыз су, табиғи газ желілерін тартудың қарқынды жүргенін жеткізді. Құрылыс, коммуналдық қызмет саласын да сөз етті. Алда тұрған қыруар істердің басты-бастыларымен таныстыруды да ұмыт қалдырмады. Жарыссөзде бірінші болып сөз алған ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Чарльз Қойшыбаев бұрнағы  жылы ауданымызға келген облыс әкімімен кездесуде ақсақалдардың шалғайдағы елді мекендерге ауыз сумен табиғи газ желісін тартуға қарқын туғызуды, яғни қаржылай көмек сұрағандарын айтакеліп, осынау өтініштерін орындағаны үшін Алтай Сейдірұлына үлкендер атынан алғыс жаудырды. Сондай-ақ ол шекаралық аймақ басшыларының қатысуымен оздырылған Қазақстан және Ресей Президенттерінің кездесуінде облыс әкімінің теміржол қатынасына байланысты жұртшылық көңілінде жүрген мәселені көтере білгенін батылдыққа балап: «Алтай баламның орнында болсам, менің оны айтпауым да мүмкін еді», – деп ағынан жарылды. Ш. Жексенбаев атындағы орта мектептің директоры Мәншүк Мұ-хамжарова Сайқын – Жаңақала жолының нашарлығын мәлімдеп, кейбір сортаң һәм қиын өткелдерге қиыршық тас төсетуді сұрады,  ауданымызда интернет байланысының нашарлығына өңір басшысының назарын аударды. Ал жиналғандарды рухани жаңғыру, мәдени көпшілік шаралар жайынан хабардар еткен аудандық демалыс орталығының директоры Жоламан Сей-сенғалиев Бисен ауылдық округі орталығынан жаңадан мәдениет үйі, «Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мұхтар Жоламанов Сайқыннан спорттық кешен салынса деген тілектерін білдірді. Шоңай елді мекенінің тұрғыны Әсима Шыңғалиева да әкімдердің жұмысына ризашылығын жеткізіп, шекараның жиегінде отырған шоңайлықтардың ауыз су мен табиғи газ желілерін асыға күтіп отырғандарын айтты. Жиынды түйіндеген облыс әкімі А. Көлгінов еліміздің, Елбасымыздың сыртқы саясаттағы көрегенділігі, халықаралық беделі, жыл басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, АҚШ-қа сапары хақында келелі әңгіме қозғап, алдағы асқаралы  міндеттерді  шешудің жолдарын баяндады. – Чарльз аға айтқан жаңағы сайқындық ақсақалдармен кездесу 2016 жылдың тамызында болған еді, – деп еске алды Алтай Сейдірұлы. – Үлкендердің бірі «Тұңғыштардың мекені болғанмен, шалғай ауданбыз. Орталыққа кейде даусымыз жетпей жатады. Сондық-тан бізге оң көзіңізбен қарарсыз» деп қалды. Мен «Оң көз біреу, барлық өңірге қос жанарыммен бірдей қараймын» дедім. Олар «Онда әр көзіңізге бір-бірден» деп мені сөзден ұстап, ауыз су мен көгілдір отынды шешуді өтінді. Қазір бұл мәселелер реттеліп келеді. «Төбесі көрінген таудың алыстығы жоқ» деп, алғыстарыңызды жаудырып жатсыздар. Ілтипаттарыңызға рақмет! Бұл – біздің міндетіміз. Елбасы алға қойған тапсырманы орындауға атсалысу – әр мемлекеттік қызметкердің борышы, әр қазақстандықтың  парызы. Облыс әкімінің сөзінен аңғар-ғанымыз, ауданымызға қатысты жоспарлар келелі де ауқымды. Ауыл шаруашылығын, орта және шағын бизнесті дамыту, байланыс желілерін жетілдіріп, цифрланды-ру, бәрі бәрінде де, тіпті ішкі авиа-цияны жандандыру жобасында да Бөкей ордасы ұмыт қалмапты. Қазір іскер адамдар заманы екенін еске салған облыс әкімі «Жамантаудағы» қиыршық тас өндіру-ді қолға алатын инвестор іздестіруді құлаққағыс жасады. Сөйлеу-шілердің ұсыныстарына да жеке-жеке тоқталып, түсінік берді. – Ел тәуелсіздігінің тұғыры берік болу үшін әрқайсымыз ерінбей еңбек етуіміз керек. Өйткені  келер күннің жүгі жеңіл емес, алда асқаралы міндеттер тұр. Отыз озық ел бізді жетіп алсын деп күтіп тұрмайды ғой, – деп аяқтады Алтай  Сейдірұлы  өз  сөзін. Иә, бүгінгі табыс ертеңге өлшем емес. Сондықтан заман көшінен қалмау – үлкен-кішіге ортақ парыз. Бірлескен істе береке болары жә-не айқын.  

Каримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Қазақстан – Норвегия 6:1 немесе Рауанның хет-тригі

Күні: , 397 рет оқылды

 
Ресейдің  Хабаровск  қаласында  допты  хоккейден  өтіп  жатқан әлем  чемпионатының  ширек  финалында  Қазақстан  құрамасы Норвегияны  6:1  есебімен  ойсырата  ұтты.

«Ерофей» стадионында қазақ­стандықтар матчты сәтті бастап, алдымен 7-минутта Артем Вшив­ков есеп ашты. 15-минутта бұрыш­тамадан берілген доптан кейін Максим Рязанов есепті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен норвегиялық­тар да қарап қалмай, 25-минутта Николай Йенсен жауап гол соқ­ты. 44-минутта Қазақстан құра­ма­сының капитаны, оралдық оғлан, Ресейдің суперлигасында «Сибсельмаш» (Новосібір) командасында ойнайтын Рауан Исалиев қарсыластар қақпасына үшінші допты енгізді.

Екінші таймда 78-інші және 79-минутта Р. Исалиев қатарынан екі мәрте мергендік танытып, есепті 5:1-ге жеткізіп, хет-триктің авторы атанды. 89-минутта А. Вшив­ков 12 метрлік айып добын дәл орындап, ойын нүктесін қойды.

Жартылай финалда ресейлік маман Ильяс Хандаев жаттық­ты­ратын қазақстандықтар сенбі кү­ні өткен жылғы әлем чемпионы Швеция құрамасымен кездеседі. Ресейліктер финдермен айдынға шығады. Жеңімпаз-жүлдегерлер жек­сенбі күні анықталады.

Айта кетейік, өткен жылы Швецияда өткен чемпионаттың ширек финалында Қазақстан құра­масы норвегтерді 4:0 есебімен жеңіп тұрып, ұтылып қалған болатын. Сөйтіп жартылай финалға шыға алмағаны өз алдына, үз­дік төрттіктің қатарынан ығысқан еді. Биыл сол олқылықтың есесін  қайырды.

Ғайса  БӘЙМЕН


Тоғызқұмалақ үйірмесі ашылды

Күні: , 15 рет оқылды


«Рухани  жаңғыру»   бағдарламасы  аясында Шыңғырлау  ауда­нында  ұлт­тық  ойын  тоғызқұ­ма­лақ­ты  насихаттау  қолға  алынды.

Солардың  қатарына Алмаз ауы­лындағы 15 оқушының бастамасын да қосқан жөн. Олар көптен бері тоғызқұмалақ ойнап, өзгені үйретіп, сөйтіп ұлт­тық ойынның  аясын кеңейтіп  жүр. Бүгінде ауыл жастары ара­сындағы жиі ойна­латын  ойын­ға  айналған оның ой-өрісті  ке­ңейту, есепке  жүйріктік пен тез шешім қабылдауға пай­дасы бар.  Осыған орай  аудан­дық БЖСМ Алмаз ауылына арна­йы маман бекітіп, мектеп оқушы­ла­ры  үйірмеге  тұрақты  қатысу­да. Енді осындай  үйірме ау­дан ор­талығы  – Шыңғырлауда  да  ашылады.

Қаршыға   ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Аудандағы ат спорты федерациясы

Күні: , 296 рет оқылды


Қазталовта  ат  спорты фе­де­­ра­циясын  құру  жөнінде жиын өтті.  Оған  облыстық  ат  спорты  федерациясының президенті  Мүтәлі Төреға­лиев  пен  ауданның  атбегі­лері  қатысты.


Бұл федерацияның басты мақ­­саты атқосшылардың бар­лығының басын бір арнада  то­ғыстырып, бәйгеде шабандоз­дардың қауіпсіздік ережелерін сақтау, сәйгүліктерді баптау бо­лып табылады.  Сондай-ақ тиісті ережесі сақталмай­тын бәй­гелерді ұйымдастырудың ал­дын алу, бәйге аттарының қауіпсіздігін сақтау, ат жарыстарын ережеге сай ұйымдастыру да федерацияның негізгі міндетіне жатады.

Жиналыс барысында феде­ра­цияның жарғысы, құрылтай­шысы мен келісімшарты бекі­тіліп, мүшелері белгіленді. Ал  федерация президенті болып ауданға танымал  атбегі Нұрлан Нұғыманов  сайланды.

 

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов  ауданы


«Кәсіпкерлер «көлеңкеге» кетіп, айырбас пункттері жабылып қалады деген қорқыныш жоқ»

Күні: , 214 рет оқылды


Ұлттық банктің Батыс Қазақстан филиалында өткен баспасөз мәслихатында аталмыш филиал директоры Қозыбақ Құлбарақов ақша айырбастау пункттеріне қатысты өзгерістерді түсіндіріп, жиынды осылай деп қорытты.


Оның айтуынша, 2017 жы­лы өңірдегі банк­тер­дің филиалдарымен 228,2 млрд. теңге шамасында несиелер берілген. Ұлттық валютада берілген несиелер 49,6%-ға өсіп, ал шетел валютасында берілгені 45,3%-ға азайған. Жеке тұлғаларға 103,3 млрд. теңге, заңды тұлғаларға 124,9 млрд. теңге көлемінде несие рәсімделген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда сәйкесінше 64,6%-ға және 39,0%-ға көп.

— 2018 жылдың 1 қаңтарына не­сие бойынша берешектің жалпы шамасы 223,8 млрд. теңгені құрады және өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 12,8%-ға артық. Жеке тұлғалардың несиелік берешегі 126,9 млрд. теңгені құрап, 22,3%-ға өсті, заңды тұлғалар бо­йынша 96,9 млрд. теңгені құрап, 2,4%-ға көбейді. Ал азаматтарға тұрғын үй салуға және баспана сатып алуға берілген несие бойын­ша берешек 38,9 млрд. теңге құра­ды, бұл өткен жылдың тиісті кезе­ңі­мен салыстырғанда 26,7%-ға көп, тұтыну мақсатына берілген несие­лік берешек 23%-ға өсті, — деді Қозыбақ Құлбарақов.

Аталмыш филиал директоры­ның түсіндіруінше, 2018 жылдың 1 қаңтарына несие бойынша мерзімі өткен берешек 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстыр­ған­да 5,2%-ға төмендеген. – Мерзімі өт­кен берешегі бар несиелердің үлес салмағы банктер филиалда­ры­ның қарыз портфелінің 4,4%-ын құрады. Біздің облыс бойынша мерзімі өткен берешек бойынша республикада ең төмен көр­сеткіш­ке ие және ол 10,3 миллиард тең­­­­гені құрайды. Республика бойын­­­­ша мерзімі өткен несие көрсет­­­­кіші – 9,5%, Маңғыстау облы­­сын­да – 7%, Атырау өңірінде – 9,2%, Ақ­­төбе облысында – 7,8%. Осы­­ның өзі өңір тұрғындары мен кә­­сіп­­кер­лер­дің өзге облыс тұр­ғын­да­ры­на қарағанда қар­жы­лық жа­ғы­нан тәр­тіптілігін көр­сетеді, — деді Қо­­зы­бақ Құлбарақов.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша банктер фи­ли­ал­дарындағы салымдар бойынша қалдықтар 2017 жылғы 1 қаң­та­рымен салыстырғанда 9,5%-ға өсіп, 207,4 млрд. теңгеге жетті. Жеке тұлғалардың депозиттері 17,2%-ға ұлғайса, заңды тұлғалар бойынша 24,8%-ға төмендеді. Де­по­зит нарығына тоқталар бол­сақ, 2018 жылдың 1 қаңтарына об­лыс­тағы депозиттер бойынша жеке тұлғалардың үлесі 87,4%-ды, ал заң­­­ды тұлғалардың үлесі 12,6%-ды құ­рады. Соның ішінде ұлттық ва­лютадағы салымдардың үлесі 60,7% немесе 126,0 млрд. теңгені, шетел валютасында 39,3%-ды не­месе 81,4 млрд. теңгені құрады. Ұлттық банк филиалы дирек­то­ры­ның ай­туынша, халық­тың ұлттық ва­лю­тадағы депозиттерге деген сені­мі нығая түскен.

Басқосуда Ұлттық банк бас­қар­масының 2017 жылғы 27 қыр­күйек­тегі №188 қаулысы бо­йынша «Қазақстан Республикасында қол­ма-қол шетел валютасымен айыр­бастау операцияларын ұйым­дас­тыру ережесіне» валюта айырба­­сы бойынша уәкілетті ұйым­дар­­дың жарғылық капиталына қатыс­ты енгізілген өзгерістер жайына да тү­сінік берілді. «Менің білуімше, Ре­сей­де, Өзбекстанда, Тәжікстанда же­ке меншік иелігіндегі айырбас пункттері жоқ. Тек бізде ғана заң­дылық жұмсақ. Жаңа өзгерістер­ге сәйкес енді уәкілетті ұйымдар­­ға біліктілік талабы күшейтілді. Облыс орталықтарындағы айырбас пункттерінің әрқайсысының жар­­­­ғы­лық капиталы 20 миллион тең­­ге, ауылдық жердегі айырбас пункттерінің капиталы 10 миллион теңге болуы керек. Астана, Алматыдағы пункттерде 30 мил­лион теңгеден болуы тиіс. Бұ­рын бұл шама 5 миллион теңге бо­ла­тын. Осының барлығы ДСҰ жағ­да­йында бәсекелестікке дайын болуды көздейді. Күні ертең өзге елдерден коммерциялық банктер өздерінің айырбастау пункттерімен өңірімізге келген жағдайда отандық банктер, уәкілетті ұйым­дар бәсекеге қабілетті болуы тиіс», — деді Қозыбақ Құлбара­қов. Ди­ректордың сөзіне сүйен­сек, өңірде қолма-қол шетел валю­та­сымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензияла­ры бар 32 заңды тұлғаның 47 айыр­бастау пункттері жұмыс іс- тейді. Кәсіпкерлерге капитал­да­­рын толықтыруға 3-4 ай уақыт бе­ріл­ген және оларға өзгерістерді түсінді­ру бағытында семинарлар өткі­зіл­ген. Алайда кәсіпкерлер ақша жоқ деп алақан жаятын кө­рінеді.

— Олардың есептерін қабыл­дап отырмыз, сондықтан 20, 10 миллион теңге ақшаның айналымда жүргені белгілі. Мұның барлығы халық­тың мүддесін қорғау үшін жа­са­лу­да. Жарғылық капиталдың қомақты болуы уәкілетті ұйым­­дардың тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Об­лыстағы айырбасталатын жалпы валюта шамасының 20%-ы өңір­­дегі 47 жеке ақша айырбас пункті ар­­қылы жүргізіледі. Валюта айырбасы бизнесімен айналысатын кә­сіп­кер­лер аталмыш өзгерістерге бай­ла­ныс­ты «көлеңкеге» кетіп қа­лады, айыр­бас пункттері жабылып қалады де­ген қорқыныш жоқ, -деп сөзін қо­рыт­ты филиал директоры.

Соңғы кездері сатылған және сатып алынған шетел валю­та­сы­ның шамасы өскен. Облыс тұр­­ғын­­да­ры­ның Ресей рубліне «құш­тар­лығы» басым. Филиал дирек­то­ры мұны облысымыздың Ресей­дің бес облысымен шектесетінін, алыс-бе­рістің, қарым-қаты­настың қар­қын­дылығымен тү­сіндірді.

 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Бес жер телімі 46 миллион 616 мың теңгеге

Күні: , 192 рет оқылды

Аукционға  Орал қала­сын­дағы, Зашаған  жә­не Круглоозерный кент­те­­ріндегі бес жер телімі шыға­рыл­ды. Жер телімдерін жалдау құ­қы­ғын сатып алуға лоттар бойынша 41 адамнан 71 өтініш түсті. Аук­ционда Круглоозерный кентіндегі алты сотық жер телімі 45 мың теңгеге ұсынылып, 400 мың тең­геге өтті. Орал қаласының А. Ма­тросов және Л. Чайкина көшелерінің қиылысындағы жер телімі 167 мың теңгеге саудаланып, 5,08 млн. тең­геге сатылды. Ал Штыб және Шо­лохов көшелері қиы­­лысындағы жер телімі ең қым­­бат бағаны, яғни 20 млн. 30 мың теңгені құрады. Сарытау шағын­ауда­нында­ғы 25 со­тық жер 18,1 млн. теңгеге, Еуразия даңғылын­дағы  жарнама ны­сандарын орна­туға арналған шағын жер телімі 700 теңгеге ұсы­нылып, оны 3 млн. теңгеге сатып алушы табылды. Аукцион ағыл­шындық әдіспен өткізіліп, одан барлығы 46 миллион 616 мың тең­ге түсті. Бұл қаржы қалалық  бюджетті толықтырмақ.

Орал қалалық жер қатынаста­ры бөлімінің басшысы Арман Би­сембалиевтың айтуынша, келесі аукционды сәуірдің басында өткі­зу  жоспарланған.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ, Орал  қаласы


Жәнібекке әуежай салынбақ

Күні: , 212 рет оқылды


Жәнібек ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысына қатысуға келген облыс әкімі Алтай Көлгінов алдымен ат басын аудан орталығының солтүстік-шығыс бетіндегі екі пәтерлік 20 үйге бұрып, құрылыстың қарқынымен танысты. Тұрғын үйлерді салумен Қызылорда қаласындағы «Қазқұрылыссервис» ЖШС айналысуда. Серіктестіктің бас инженері Мұрат Шингелбаев мәлім еткеніндей, бұл үйлердің құрылысы былтыр басталып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына 125 миллион теңге бөлінген. Құрылысқа қаржысы облыстық бюджеттен толық  қаралған бұл үйлер биыл салынып, пайдалануға берілмек. Облыс әкімі аталған серіктестік басшыларына тұрғын үйді уақытында және сапалы аяқтау жөнінде айқын тапсырмалар жүктеді. Содан кейін Алтай Сейдірұлына аудандық мәдениет үйінің фойесіндегі ауданның әлеуметтік-мәдени және құрылыс саласына жасалған биылғы жұмыс жоспарының макетін аудан әкімінің орынбасарлары Жақсылық Абдолов пен Біржан Меңешов таныстырып өтті.


Аудандық мәдениет үйіндегі аудан әкімі Азамат Сафималиевтің тұрғындармен есепті кездесуіне өңір басшысымен бірге облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құл­шар, облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева және об­лыстық департамент пен бас­қарма басшылары қатысты. Жиында аудан әкімінің өткен жы-лы атқарған жұмысы слайд арқылы көрсетілді. Онда айтылғанындай, биылғы 1 қаңтарға  дейін аудан бойынша 833 шағын кәсіпкерлік субъектісінде 1850 адам жұмыс істеп, бюджетке 42,5 млн. теңге түсім әкелген. Жыл ішінде көпте-ген кәсіпкерлік нысандары іске қосылып, 208 жаңа жұмыс орны ашылған. Былтыр ауданда 18 980 бас мал тұқымдық түрлендірумен қамтылып, бұл көрсеткіш 95 пайызды құраған. Өткен жылы аудандағы шаруа қожалықтары 360 млн. 867 мың теңге субсидия алған. Сол сияқты былтыр тоғыз шаруашылық «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларына қатысып, 231,14 млн. теңге несие алып, 1193 мал басын саудалаған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан об-лыстық филиалы арқылы 50 аула «Береке» бағдарламасына сәйкес 150 млн. теңге несие қар­жыға 782 бас мал сатып алған. Өткен жылы Ресей Федерациясына 1252 бас ірі қара, 3205 ұсақ мал шығарылды немесе 186 тонна ет тапсырылды. Облыс басшысының қолдауымен жайылымдарды су-ландыруға сай 2017 жылы Ақоба ауылдық округіне қарасты Әбділман және Соркөл жайылмаларын реконструкциялау нысанының құрылыс жұмыстары жүзеге асы­рыл­ған. Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында Жәнібек ауылында былтыр 104 пәтердің құ-рылысы қарқын алып, 24 мекенжай үй кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілсе, биыл 80 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезекте тұрғандар  баспаналы  болмақ.

Тұрғындармен кездесуде аудан басшысы алда шешімін күткен істер жөнінде баяндады. Оның сө-зінше, ағымдағы жылы Өңірлер-ді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасымен Ақоба ауылындағы ауыз су құбырын тарту жұмыстарының нәтижесінде 195 ау-ла таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Талов ауылындағы ауыз су құбырына қайта құру жүргізіледі. Майтүбек, И. Жұмаев және Өнеге елді мекендері тұрғындарын кө-гілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құ-жаттамалары жасақталып, сараптамадан өтуде. Тегісшіл елді мекенінде 50 балаға арналған балабақша салу жобасы қолға алынып, мемлекеттік және жекешелік әріптестер арасындағы ынтымақтастық негізінде жергілікті кәсіпкер Есқайыр Елемесовпен меморандумға қол қойылған. Жақсыбай ауылындағы мектепті, Талов, Ұзынкөл ауыл-дарындағы мәдениет үйлерін жә-не Ақобадағы фельдшерлік-акушерлік пунктті, сондай-ақ Қамысты, Ұзынкөл ауылдарындағы суландыру каналдарын реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Аудан бойынша әлеуметтік ны­сандарды күрделі жөндеу­ден өткізу, тұрғын үй құрылысын салып,  пайдалануға беру, көше жолда­рын орта жөндеуден өткізу тағы да басқа жұмыстар қолға алынып, атқарылатын болады.

– Жәнібек ауылындағы асфальтталған тоғыз көшені орташа жөн-деуден өткізу 2017 жылы белгіленгенмен, мердігер компаниялардан ұсыныс түспеу себебінен тоқтап тұр. Бұл жұмыстар биыл жүргізіледі деп күтілуде. Жалпы ұзындығы 3,3 шақырым болатын Абай, Х. Чурин атындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмысын жақсарту мақсатында бұдан бөлек көптеген ірілі-уақты жұмыстар атқарылатын болады, – деді аудан әкімі.

Есепті баяндамадан кейін жарыссөзге қатысқан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев Жәнібек – Орал күрежолы құрылысының таяу жылдарда аяқталуын жұртшылықтың күтіп отырғанын айтты.

– Мұның өзі облыстық деңгейде шешілетін шаруа емес. Бұл жөнінде біз аудандық ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, депутаттарға хат жолдағанмен, оның қай уақытта түйіні тарқатылатыны әлі күнге белгісіз. Ал жол құрылысы жүргізілмесе, аудандағы асфальт зауыты­ның жұмысы тоқтап қала ма деген қауіп бар. Осы мәселеге облыс басшылығы қолдау танытып, қуаттаса деген тілегімізді айтамыз, – деді Бекет Әліпқалиұлы. Ол, сондай-ақ Ресейдің Вишневка ауы-лындағы кеден бекеті көрнекті көрінсе, Жәнібектегі осындай орын керісінше жұтаң, жадағай тартып тұратынын,  сол сияқты  біздегі кеден бекеті орналасқан жерден Қазталов ауданына баратын жолға дейін асфальт төсеу, облыстан қаржы бөлінгенде ауданның шалғайлығы назардан тыс қалмауын сұрай келе, аудан әкімінің жыл ішінде істеген жұмысына қанағаттанатынын  білдірді.

Кездесуде сөз алған Ақоба ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Мұхамбетқалиев биыл ауылға ауыз су келетініне, сол сияқты былтыр ауылдағы білім ордасы жанынан спортзал салынып, пайдалануға берілуіне байланысты ауыл тұрғындарының облыс басшылығына деген ризашылығын жеткізіп, аудан әкімінің жұмысын да оң бағалады. Аудан жастары атынан сөз алған Әлішер Кенжеғалиев облыс әкімінен аудан орталығына спорт кешенін салуға қолдау білдіруін  өтінді. Сол сияқты зейнеткерлер Тәрбие Жөлекенова, Самиға Қайырова, кәсіпкер Нұртай Бисақов облыс орталығына қаты-найтын такси бағасының қымбаттығын, қала мен аудан орталығына жолаушылар тасымалдайтын автобустың жол алыс болғандықтан жиі сынатынын, сондай-ақ аудан орталығындағы теміржолдың үстімен жүретін жолаушылар пойызының Жәнібекке тоқтамайтынын тілге тиек етті.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының қабылдаған бағдарламаларының облыс көлемінде қарқынды жүріп жатқанын, биылғы Жолдауда айтылған 10 міндетті жұрт болып жұмыла  атқарғанда  ғана  биік белестерге жетуге болатындығын айта келіп, аудан бойынша ауыл шаруашылығы, құрылыс, ауыз су, табиғи газ, жол саласында алдағы жылдар-дағы атқарылар жұмыстарды мәлім етті.

– Аудандағы ауыл шаруашылығы жұмыстарында ілгерілеу, алға ұмтылыс бар. Мал басын асылдандыруда шаруалардың демеуқаржыға қол жеткізуі айтуға тұрарлық жайт. Мәселен, Жәнібек ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдары 2015 жылы 340 млн., 2016 жылы 397 млн.  демеуқаржы алса, былтыр 522 млн. теңге көлемінде демеуқаржы алған. Облыс аудандарының ішінде «Нұрлы жер» бағдарлама-сының шеңберінде үй салу жағынан жәнібектіктер алда келеді. Аудан 97 пайыз табиғи газбен қамтылған. Жол салуда қиындықтар көп, миллиардтаған қаржы кетеді. Жалпақталдан келе жатқан асфальт жолды Қазталовқа дейін жеткізіп алайық. «Сабыр түбі – сары алтын» деген, одан әрі қарай  Жәнібекке дейін жеткізуге жұмыстанамыз. Алдағы уақытта облыс орта-лығынан  шалғайда орналасқан Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов ау-дандарына шағын әуежай салу жұмыстарын қолға алу мақсатында техникалық-экономикалық сараптама жұмыстары жасалады. Аталған үш ауданда 50 мыңдай тұрғын бар. Мұның өзі тұрғындардың облыс орталығына тез барып келуіне қолайлы. Бұл мәселеге Үкіметтен қолдау болады. Аудан бюджеті жылдан жылға артып келеді. Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген цифрландыру бағытында 2018-2021 жылдар аралығында 92 елді мекенді кең жолақты интернет байланысына қо-суды жоспарлап отырмыз. Бұл бүгінгі таңдағы маңызды істердің санатына жатады. Соның ішінде Жәнібек ауданына қарасты Ақоба, Жақсыбай, Қамысты, Күйгенкөл, Тау, Ұзынкөл және Жәнібек ауылдарын кең жолақты интернетке қосу бағытында жұмыстар атқарылуда.  Сол сияқты заман талабына сай халықтың тұрмысына оң ықпалын тигізетін ұялы телефон байланысы жақында Ақоба ауылына қосылады. Ұзынкөл ауылын осындай байланыспен қамту үшін іс қылып жатырмыз, ал Тегісшіл елді мекенінде тұрғындар санының аз болуы себепті қиындау болуда, алайда бұл мәселені жан-жақты қарастырып шешеміз деген ойдамыз. Бәріне уақыт керек. Аудан әкімінің баян-дамасында ауылішілік жолдарды асфальттау жұмыстарының жүргізілетіні айтылды. Бұл істер атқарылған жағдайда аудандағы асфальт зауытының жұмысы тоқтап қалмайды. Аудан орталығына спорт кешенін салу үшін алдағы уақытта жұмыстанып, ретін шығаруға тырысамыз. Ал Жәнібектегі теміржолмен өтетін пойызды тоқтату – үлкен мәселе. Мұны шешуге көп уақыт кетеді, дей тұрғанмен бұл күрмеуі көп мәселенің түйінін  шешу мақсатындағы жұмысты жалғастыратын боламыз. Артық уәде беріп жатқан жоқпын, бәрі де кезең-кезеңімен, ретіне қарай жүзеге асатынына сенім мол, – деді облыс әкімі өз сөзінде. Алтай Сейдірұлы сондай-ақ есепті кездесуде ұсыныс-пікірлерін білдірген тұрғындардың сауалына нақты жауаптар қайтарып, аудан әкімі Азамат Сафималиевтің жыл ішінде атқарған жұмысына оң баға берді.

Нұрымбек ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Еселі еңбекке ел риза

Күні: , 313 рет оқылды


2 ақпан күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  іссапармен  Қазталов  ауданына  келді.  Алтай Сейдірұлы  өткен  жылы  Қазталов  ауылында пайдалануға  берілген  100  орындық  интернаттың  жағдайымен, сондай-ақ  аудандық  мәдениет  үйінің  фойесіне  қойылған  оқушылардың  ғылыми-тех­никалық  шығармашылық  жұмыстары  және  қолөнер  бұйымдарының  көрмесімен  танысты.


Содан кейін облыс әкімі Қазталов ауданы әкімі­нің халыққа есеп беру жиынына қатысты. Жиында аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданда 2017 жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

– Өткен жыл Қазталов үшін де табысты жыл болды. Аудан бюджеті 2017 жылы 7, 7 млрд. теңгеге орындалды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда  25,8 пайызға ар­тық. Аудан экономикасының негізі болып саналатын ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім­дерінің жалпы көлемі 14,2 млрд. теңгені құрап, бұрынғыдан 102,5 пайызға ұлғайып отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылым­­да­ры «Агроөнер­кә­сіптік кешенді да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарла­масын» жүзеге асы­руға белсене қатысуда. Осы­ның нәтижесін­де 86 шаруашы­лық «Сыбаға», «Алтын асық», «Құ­лан», «Ынтымақ», «Бірлік», «Іскер» бағдарламалары бойынша 450 млн. теңге несие алуға қол жеткізіп, осы қаражат­қа 1800 бас ірі қара, 400 бас қой, 96 бас жылқы сатып алды. Сонымен қатар «Береке» несие­лік бағдарламасы шеңберінде 49 адам 156,6 млн. теңгеге 858 ірі қара мал сатып ал­са, мал борда­қылау алаңдарында барлық шар­уашылық субъекті­ле­рімен 1200 бас бордақылануда. Ал «Қа­нат» бағдарламасы арқы­лы сегіз шаруа қожалығы 40,6 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникала­рын сатып алуға қол жеткізді. Сонымен қатар өткен жылы шар­уа қожалықтары 13 жаңа қо­ра са­лу, құдық қазу жұ­мыс­­тарын ат­қа­рып, 78 шаруа­шылық 167,1 млн. теңге инвестсубсидия алуға қол жеткізді. Нәти­жесінде ауданның ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өн­дірушілері­не өткен жылы 612,0 млн. теңге көлемінде демеуқар­жы  төленіп  отыр.

Күні бүгінде аудан аумағында көлдетіп және жүйелі суармалы жер көлемі 68 411 гектар жер­ді құрап отырса, «Сакрыл» суландыру жүйесі бойынша 14 901 гектар, «Мамай» суландыру жү­йесі бойынша 1967 гектар жер суландырылады. Сондай-ақ рес­публикалық бюджет арқылы ау­дан аумағы арқылы өтетін «Ки­ров – Шежін» су арнасы бойынша ІІІ кезеңдегі құрылыс және қайта құру жұмыстарына 2 млрд. 291 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда 1 млрд. 976 млн. теңгенің  жұмыстары жүргізілді.

Ауданымызда шағын және ор­та бизнес саласында 1307 субъек­ті тіркеліп, өткен жылы жергі­лік­ті бюджетке 49,9 млн. теңгенің салық төлемдерін түсірді. Кәсіп­керлік картасына енгізілген жал­пы құны 165 млн. теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылып, 31 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасының  «Ақбұ­лақ» бағыты аясында нысандар­дың жалпы құны – 2 318,4 млн. теңгені құрайтын жұмыстар 13 ел­ді мекенде іске асырылып жа­тыр. Сондай-ақ аудан орталы­ғын­да 100 орындық интернаттың  құ­рылысы аяқталса, аудан бойын­ша 4390 шаршы метр тұрғын үй салынып, тұрғындар игілігіне бе­рілді. Жалпақтал ауылындағы Масалиев көшесін күрделі жөн­деу үшін облыстық бюджеттен 50,7 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілсе, Қазталов, Жал­пақтал ауылдарында 56,7 млн. теңгеге ұзындығы 3,2 шақырым  жаяу жүргіншілер жолы салынды.

Жұмыссыз азаматтарды жұ­мыс­пен қамту мақсатында ағым­дағы жылы ауданда 865 жаңа жұ­- мыс орындары ашылды. Нәтиже­лі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ла­масы аясында 40 адам 172,2 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, өз істерін  бастауға  мүмкіндік  алды.

Облыстық бюджеттен Жалпақ­тал ауылындағы «Ертегі» бөбекжа­йының күрделі жөндеу жұмы­сына 93,6 млн. теңге және Қо­шанкөл ауылындағы Ғ. Беға­лиев атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысына 167,581 млн. теңге бөлініп, балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына толық жағдай жасалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы шеңберінде елдің Қ. Бозымов, А. Әйтімов, А. Қа­рағойшин сияқты жомарт жүрек азаматтарының көмегімен 3,3 млн. теңгеге Бірік орта мектебі жанындағы жатақханаға, Қара­өзен орта мектебі жанындағы шағын орталыққа, Бостандық бастауыш мектебінің төбесіне жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, ауданымызда алты жалпы тә­жірибелік дәрігер жетіспейді. Сонымен қатар аудандық аурухана ғимаратына, Ақпәтер, Жаңажол, Қараөзен, Бостандық ауылдық дәрігерлік амбулатория­ла­­ры­ның ғимараттары күрделі жөндеуді қажет етеді. Ауданда «Айбын» спорт клубы құры­лып, бүгінде аудан тұрғындары­ның 29 па­йызы тұрақты спортпен шұ­ғыл­дануда. Бұнымен қоса Тал­ды­- құ­дық, Талдыапан, Ақпә­тер, Қа­ра­су, Бостандық, Қошанкөл ауылдарында футбол ойын алаң­да­рын  орнату жұмыстарын жүр­гізуге 48 млн.  теңге  бөлінді.

Өткен жылы ауданда 267 қыл­мыс тіркеліп, алдыңғы жылдың сәй­кесті кезеңімен салыстыр­ған­да азайғанымен, бөтеннің мүлкін ұрлау төмендемей отыр. Соның ішінде мал ұрлығы бойынша есепте мерзім ішінде 49 дерек тіркеліп отыр.

Елбасымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық ма­қа­ласы қоғамда үлкен сер­піліс берген құ­жат болды. Жалпақ­тал­да аудан­дық және сегіз ауылдық округте жерлестер фору­мы ұйым­дас­тырылып, оған 7800-дей адам тар­тылды. «Туған жер» бағдарла­ма­сы жалпы ұлт­тық патриотизм­нің нағыз өзегіне айналып отыр. Нә­тижесінде өткен жылы 33 млн. теңгеге 33 жоба іске асырылды. Ал­дағы 2018-2021 жылдарда әрбір ауылдық округтер бойынша нақты атқаруға бола­тын 75 жо­ба жоспарланса, биыл­ғы жылы бол­­жамды құны 110 млн. теңге ша­масындағы 34 жобаны іс­ке  асыру  көзделуде.

Дегенмен алда атқарылар ау­қымды жұмыстар тұр. Солардың қатарында Жалпақтал, Қараөзен, Ақпәтер, Қайыңды, Жаңажол, Та­ңат, Талдыапан, Сарықұдық, Қай­­ша­құдық, Қособа ауылда­рында ауыз су жүйесінің құрылыстарын аяқтау, Қазталов пен Жалпақтал­дың он көшесінің ауыл­ішілік  жол­дарына күрделі жөн­деу жұмыс­та­рын жүргізу тұрса, Қаз­талов ауылындағы саз мекте­бін салуды да айтқан жөн. Сонымен қатар Бозоба – Қайыңды бағытындағы Қараөзен өзені ар­қылы өтетін қалқымалы өткелді жөндеу, Қа­йыңды, Болашақ, Қа­ра­өзен, Көк­терек және Жаңа­жол ауылда­рында 45 млн. теңгеге футбол ойын алаңдарын салу да биыл­ғы жылдың еншісінде. Сон­­дай-ақ Қазталов ауылында құ­ны 20  млн. теңге және Жалпақ­тал ауылында құны 19 млн. теңгеге, қуаттылы­ғы тәулігіне 10-15 бас соя­тын, то­ңазытқышымен, кө­лі­гімен қам­тыл­ған мал сою пункт­те­рі  және төрт ауылға мал сою алаңдары салынбақшы. Бұнымен қоса ауданымызда Қазталов ауылын­да 900 орындық мектеп, Сары­құ­дық ауылында 60 орындық мектеп, Қараөзен ауылында 60 орын­дық балабақша салу үшін жо­ба­лық-сметалық құжаттары жасақта­лып жатса, Жұлдыз ауылын­дағы 108 орындық мектептің құры­лыс жобасы аяқталуда. Сондай-ақ Қазталов, Жалпақтал ауылдарында екі қабатты 12 пәтерлі  алты тұрғын үй құрылысы және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Жалпақтал, Қазталов ауыл­дарындағы 61 және 85 жер те­лімдеріне инженерлік-комму­ни­кациялық желілерін жүргізуге жо­балық-сметалық құжаттары жа­сақталуда. Ауданымыздағы 13 ел­ді мекенді көгілдір отынмен қам­ту үшін  жалпы құны  1, 653 млрд. теңгенің үш жобасы жасақталып отыр.

«Бірлігі бар елдің босағасы бе­рік» дейді дана халқымыз. Сон­дықтан Елбасының Жолдау­ла­рын­­дағы басым бағыттарды мақ­сат ете отырып, алдағы биік белестерді бағындыру жолындағы жұмыстарымыз жалғаса беретін болады, – деп баяндамашы сөзін аяқтады. Жиынды облыс әкімі Алтай Көлгінов  қорытындылады.

– Құрметті ағайындар! Еліміз­дің барлық өңіріндей облысы­мыз­дың оңтүстік аудандарының да жылдан-жылға әлеуметтік-эко­номикалық дамуы өркендей түсуде. Бұған дейін Жаңақала, Бө­кей ордасы және Жәнібек ау­дандарында болып, халықпен жүз­­дес­тім. Атқарылып жатырған жұ­мыстарды көзіммен көрдім. Қол­ға алынған шаруа өте көп. Ел­ба­сымыздың тапсырмаларына орай жоспарлы жұмыстар қай аудан­да да жүргізілуде. Әсіресе, мемле­кеттік бағдарламалар аясында­ғы жұмыстар кезең-кезеңімен ат­қарылып жатыр. Солардың ау­қымдысы – республикалық ма­ңы­зы бар жолдар салу. Осыдан он жыл бұрынғы жол жағдайымен қазіргі жолдарды салыстырып көріңіздерші. 2016 жылы облы­сымызда 290 шақырым жол жөн­делсе, былтыр 500 шақырым жол жөнделді. Тасқала ауданының 70 шақырым жолы жаңа кейіпке ену­­де. Енді биыл аудан орталығы Қаз­­таловқа келетін 35 шақырым­дық жол асфальтталады. Соны­мен қа­тар оңтүстік аудандардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы өңіріміздің драйвері деп санайтын болсақ, мал өсіруге қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Ал оны өсіру үшін оның жем-шөп қоры болуы керек қой. Сондықтан су мәселесін ше­шу бірінші кезектегі міндет болып қалуда. Осыған орай Киров – Шежін каналының құрылысы жүр­гі­зілуде. Бүгінгі күнде бір шақы­рым­дық жұмыс көлемі қалып отыр. Мұнымен қоса көктемгі келетін суды ұстап қалу үшін су қоймасын жасақтау да міндеті тұр. Егер бар суды тиімді пайдалансақ, мал басын өсіруге де қолайлы жағдай­лар болады. Тек Қазталов ауданы ғана емес, Ақжайық ауданы­ның Азнабай – Тайпақ каналын, Жәнібек су арналарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Байқап қарасақ, жылдан жылға мал басы өсуде. Мысалы, Жаңақала ауданында мал ба­сы са­ны Кеңес үкіметі кезіндегі­ден әлдеқайда көбейген. Міне, осы­ның нәтижесінде малмен ай­на­лысқан шаруа адамдарына үкі­меттен берілер демеуқаржы да ар­та түсуде. Мәселен, өткен жы­лы облысымызда түрлі бағдар­ла­малар­ға қатысқан ауыл шаруа­шылығы саласының қызметкер­леріне 10 млрд. теңге демеу­қаржы бөлін­се, соның 800 млн. тең­ге қаража­тын Қазталов ау­да­ны алған. Бұл – ауданның үлкен жетістігі. Сонымен қатар шағын және орта бизнес­ті дамыту басты міндет болып қала береді. Бар­лық дамыған ел осы саланы дамыту арқылы әлем­нің өркениет­ті  көшіне  ілесуде.

Сондай-ақ биылғы жылы Нә­тижелі жұмыспен қамту және жап­пай кә­сіпкерлікті дамыту бағдарлама­сының жаңа бағыты бо­йынша жұ­мыс жасаудамыз. Енді халыққа «Ба­лық беруді емес, қар­мақ беруді» қолға аламыз. Себе­бі әрбір адам өзіне пайда келті­ретін істерін жүргізу үшін жағдай жасау­ға күш саламыз. Мемлекет­тің басты ұстанып отырған қағи­дасы осындай. Сонымен қатар жа­ңа баян­дамада айтылып кеткендей, әр ауылдағы әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізіле береді. Ал өздерінің туған ауылына кө­мек қолын созып жатқан азаматтар болса, оларды да қолдаймыз. Жерлестеріңіз Нұрлыбай Жолдыбаев өткен жылы Сарықұдық ауылына фельдшерлік пункт салып берсе, биылғы жылы мәдениет үйі құрылысын қолға алмақшы. Сондай-ақ Ақпәтер ауылында Самат Хамзин дәрігерлік амбулато­рия­ны салуды қолға алайын деп отыр екен. Өте құптарлық іс. Бұндай істі әр кезде де дәріптеп отыруы­мыз  қажет.

Алдағы уақытта Қаз­та­лов ауданында да Елбасы­­ ның Жолда­уын­да айтыл­ған мін­деттеріне сәйкес цифрлан­дыру жұмыстары іске асырылатын болады. Сонымен қатар ау­дандарда да жеке балабақшалар ашуды ойластыру қа­жет. Тұрғын үй мәселесі барлық жерде өткір күйінде қалуда. Бұл  мәселе де өз шешімін табады деп санаймын, – деді Алтай Сей­дірұлы.

Есептік кездесуде сөз алған тұрғындар «Ақбұлақ» бағытының одан әрі жалғасуы, тұрғын үй мә­селесі, дәрігерлік амбулатория салу, ауылдарды көгалдандыру, тағы басқа да мәселелерді қоз­- ғап, сауалдарына тиісті жауап­тар ал­ды.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Мөлдір  ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов  ауданы


Ажал айтып келмейді, бірақ…

Күні: , 26 рет оқылды


«Бүгінгі медицинаның алдына жан салмай, қарбалас қарыштап дамуына мәз болып, кейде адамның ауырғысы келеді. Ата-бабамыздың заманында ауру аз болды ма, бір бақсыға бүкіл аймақ қараса, қазір адамның әр мүшесіне бір кабинет, бір дәрігер қарап отыр. Егер тықыр тырнағыңызға күбіртке түсіп, емханаға бара қалсаңыз, башпайыңыздан бақа басыңызға дейін мүше-мүшеге бөліп, жүздеген кабинеттерге үлестіріп жібереді». Сатирик, жазушы Оспанхан Әубәкіровтың «Өліп көрдің бе?!» атты сықақ әңгімесінде осылай жазғаны бар.  Бұны неге айтып отыр дейтін шығарсыз?! Соңғы уақытта адамға екінші рет өмір сыйлап жататын ақ халаттыларға қатысты сын аз айтылмай жүр. Осы тұста біз Тасқала ауданында былтырғы жылы орын алған шекарашы жігіт пен биыл о дүниелік болған бір жарым айлық нәрестенің өліміне қатысты мән-жайды, сондай-ақ ауруханадан мамандардың неліктен кетіп жатқанын білмек болып, журналистік зерттеу жүргіздік.


Сөзіміз дәлелді болу үшін басынан бастайық. 2017 жылдың 16 қарашасы күні Шежін ауылдық округінде орналасқан «Қызыл жар» шекара заставасының қыз­­мет­ке­рі Жәнібек Телжанов аудан орталығына қорытынды тек­се­ріс сынағын тапсыруға келген уа­қы­тында кенеттен жүрек талмасы ұстап, о дүниелік болып кетті. Оқи­ғаның мән-жайын білу үшін ал­ды­мен марқұмның анасы Уә­сила Мамбетяровамен тілдестік. «Жәнібек жүгіруден сынақты жақ­сы тапсырған. Артынша бір қолы мен бір аяғы ұйып, жаны кете бастапты. Кейін белгілі болғаны, сол жерде жүрегіндегі күретамырда түзілген алғашқы тромб жарылып кеткен. Оқиға орнында шекара жасағының фельдшері алғашқы көмек көрсетіп, «Жедел жәр­дем» шақырады. Балам ауруханаға бар­­ғасын зембілге (носилка) жат­пай, екінші қабаттағы хирургия бө­лі­міне өзім көтерілемін деп өз аяғымен көтеріліп бара жатқан­да, екінші тромб жарылып, көз жұмды. Әрине, ақиқатын айтсам, дәрігерлер оған зембілге жат деп айтқан. Дегенмен, келіспегеніне қарамастан, зембілге жатқызып көтерген жағдайда ұлым тірі қа­лар ма еді-ау деген өкініш өзекті өртейді. Ауруханада тұрақты жұ­мыс істейтін кардиолог маман жоқ. Хирургтың қолынан келер қай­­­ран болмаған», – дейді қара жамыл­­ған ана.

Аудандық аурухана басшысы Гүлсайран Кенжешева науқастың екінші қабатқа өз аяғымен кө­терілмегенін айтып, марқұмның анасы айтқан сөздерді жоққа шы­ғарды. «Ондай жағдай болған жоқ. Шекарашы жігіт бірінші қа­бат­та жансақтау бөлімінде көмек көрсетіліп жатқан кезде қайтыс болды. Қайғылы жағдай орын ал­ғанда басы-қасында жүрген шекарашылармен телефон арқы­лы сөйлестім. Сот-медициналық са­рап­­тама қорытындысы бар», – дейді ол.

Жәнібек Телжановты «Жедел жәрдеммен» ауруханаға жеткізген фельдшер Айнұр Сүгірбаева хабар түскен бойда үш минуттан соң оқиға орнына барғанын айтады. «Барғаннан соң ол жерде 13 минуттай қарап, қолымнан келген көмекті көрсеттім. Сосын 4 минутта ауруханаға алып келдік. Науқасты алып келе жатқанда, ауруханаға хабар бердім. Мен келгенде, дәрігерлер Айтжанов пен Жақсыгереев дайын тұрды», – дейді фельдшер.

Дайын тұрды деген дәрігер Айболат Айтжанов бір сөзінде: «Бас­қа науқасты қарауға кетіп ба­ра жатқанымда шақырып алды» десе, енді бір сөзінде: «5 ми­­нут­­тан соң келдім. Мен бар­ған­да науқас ес-түссіз жатты. Ме­­нен кейін Жақсыгереев келіп кө­мек­тес­ті. Қолдан келгенді істе­дік, бірақ аман алып қалу мүмкін бол­мады», – деп отыр (олардың сөздерін дәлелдейтін аудиожазба қолымызда).

Екі маманның екі түрлі сөй­леуі көңілге күдік ұялатқан соң, «Ауруханаға шұғыл түсетін нау­қасқа қанша минут ішінде көмек көрсетілуі тиіс?» деген сұрақпен БҚО денсаулық сақтау басқарма­сы басшысының орынбасары Гүл­нәр Абдрахмановаға хабар­ластық. «Науқасты «Жедел жәрдем» ауруханаға алып келе жатқанда, фельдшер арнайы алгоритм бо­йынша көмек көрсетеді. Егер нау­­­қастың жағдайы ауыр болса, ау­­руханаға алдын ала хабар бе­рі­леді. Өйткені сол уақытта ке­­ректі дәрігерлер басқа нау­қас­тарды қарап жатуы мүмкін. Ал­дын ала хабарланған кезде бри­гада дайын тұруы тиіс», – деді ол.

Шекарашы жігіттің өліміне қа­тысты материал жинақтап жүр­­генімізде, Достық ауылдық окру­гі­­не қарасты Ынтымақ елді меке­нін­де бір жарым айлық нәрес­те­­нің бақилық болғанын естідік. Сә­би­дің анасы Бақытгүл Тойғожиева 2017 жылдың 30 қарашасында бо­санып, бір ай ауруханада жат­қан. Желтоқсан айының 30-ында үйге шыққаннан кейін ауыл­да­ғы фельдшер Алмагүл Махан сә­­­би­дің сал­мағын өлшеп, тексе­ріп кетеді. «Содан кейін баланы қа­рауға Клара апа 3 қаңтар күні, Света апа 16 қаңтар күні кел­­­ді (Дос­тық ауыл­дық округінің фельдшері мен мед­бикесі). Олар «бәрі жақсы» дегенімен бала қат­ты ма­засызданып, қызуы көте­­­рі­ліп ауырды. Баламның қызуы көте­­рі­ліп жат­қан күні Тасқала­ның дә­­рі­гер­лері мектепке келіп, ба­ла­­лар­­дың денсаулығын тексеріп жүр­ген болатын. Біз де бардық. Олар: «Мектепке кіргіз, баланы жы­лы бөлмеде қарай қояйық», – деді. Содан дәрігер Мәншүк Вахит­­­қы­­зын аутокөлікпен үйге алып кел­­дік. Ол баланың қы­зуын түсіру үшін біраз әрекет қылды. Қызуы ба­сыл­маған соң өз көлі­гі­мізбен ау­дан­дық ауру­ханаға бар­дық. Сәбиімді Оралдан сани­тар­лық авиа­циямен кел­ген дәрі­гер­лер қа­ра­ды. Қойылған диагноз – өкпе қа­­бынуы (пневмония). Ба­лам аман қала­­тын шығар деп үміт­те­­ніп едім. Бі­рақ ажалға араша түсе алмады, не істейміз енді?!», – дейді Бақытгүл.

Ал аудандық аурухананың те­­рапеві Мәншүк Вахитқызы: «Ба­ла­­ларды медициналық тек­се­ру­ден өткізу үшін Достық ауы­лына бардық. Сосын 13.30-дан 14.00-ге дейін жарты сағатта түскі асымызды ішіп, Ынтымаққа шығып кеттік. Біз мектеп жақтан кіргенде, сәбидің ата-анасы басқа жолмен айналып, Достыққа бар­ған. Бізге тап болмай тұр ғой. Содан олар шамамен сағат үштерде келді. «Балам қатты ауырып тұр, қараңызшы» деді. «Балаң қайда?» дегем, көлікте екенін айтты. Сосын мен шұғыл киініп, олардың көлі­гіне отырып, үйлеріне келдім. Сәби қызудан «жанып» жатыр екен. Жылап-жылап даусы да қар­лы­ғып қалған. Тез шешіндіріп, қы­зуын түсіру үшін спирт қосыл­ған сумен денесін сүрттік. Сосын ене­сіне айтып, ауылдағы фельдшер­ді алдырып, қызу түсіру үшін екпе жасадық. 40 минут ішінде қызуын 38-ге әрең түсірдік», – дейді.

Сағат 17.30-да шақырылған са­­­ни­тар­лық авиация Тасқа­лаға 19.54-те келген. Облыс­тық көп­бе­йінді балалар ауруха­на­сының хи­рургі Әліби Хамидол­лаұлы мен реаниматолог Әділбек Есен­гел­­ді­­ұлы сәбиді аман алып қалу үшін қолдарынан келгенді жа­са­­­ға­­­ны­­­мен, нәресте қайтыс бо­ла­­ды. Сә­бидің өлімі неліктен бол­­ға­нын білу үшін облыстық көп­бе­йін­ді балалар ауруханасына бар­ға­ны­мызда, аурухана әкімшілігі қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Мамандардың кетуіне не себеп?!

Бүгінде аудандық ауруханада лор, акушер-гинеколог, рентгенолог, ортопед-травматолог, УЗИ дәрігері, кардиолог жетіспейді. Тұрғындарға бұл мамандардың ауа­дай қажет екенін аурухана басшылығы да жақсы біледі. Алай­­­да кеткен мамандардың орнын толтыру үшін қандай да бір қарекет жасалып жатқандығын тұрғындар көріп отырған жоқ. «Ортопед деген маман маған керек емес, өйткені менде хирург бар. Ол – облыстық деңгейдегі дәрігер. Лордың жоғы рас, кетіп қалды. Акушер-гинеколог бір­неше жылдан бері жоқ. Қазіргі уа­­қытта қаладағы акушер-гинеко­­лог­­пен келісімшартқа отырдық. Ол әр ап­таның сенбі күні келіп, жұ­мыс жасайды. Ал рентгенологқа келетін болсақ, осы жерде 30 жылдай жұмыс істеген адам от­ба­сы­­лық жағдайына байланысты жұ­мыс­­тан шықты. Оның орнына об­­лыс­­тан рентгенологпен келісім­шарт­қа отырдық. Өзіміздегі рент­­гено­лог төрт ай оқыды. Бүгін-ер­тең сертификатын алады. Қолында сертификаты болса, бір дәрі­гер екі-үш мамандық иесі бола береді. УЗИ маманы бала күтіміне орай демалыста. Декретте отыр­ға­ны­на қарамастан, мен ол кісіні де УЗИ мамандығына оқытып жатырмын. Төрт ай оқып, сертификатын алғаннан кейін жұмысын жа­сайды. Кардиологқа келетін бол­сақ, баласының жасқа тол­ма­уы­на бай­ланысты тек сенбі күні жұмыс істейді. Мамандардың же­­­тіспейтіні рас. Алматыдағы, Ақ­­­тө­бедегі ЖОО-ларға сұраныс жі­беріп, керек мамандарды ша­қы­рамыз», – дейді аурухана бас­­шы­сы Гүл­сай­ран Кенжешева.

Қаланың іргесінде тұрған (80 шақырым салыстырмалы түрде пәлендей жер емес), тұрмысқа қолайлы аудандағы дәрігерлер тапшылығы осындай. Халық қай­теді сонда?! Әлде, сенбі күні ғана келетін кардиолог пен акушер-гинекологты күтіп, аптаның қалған алты күнінде ауырмаулары керек пе екен?!

«Кетсеңіз, кете беріңіз, мен ешкімді ұстамаймын!»

Ауруханада біраз жыл еңбек ет­кен терапевт дәрігер Балжан Ша­те­новаға хабарласып, не үшін жұ­мыс­тан шыққандығын сұраған едік.

– Жұмыста кедергілер болды. Басшымыз өзімшіл, біздің айтқан сөзімізге құлақ аспайтын. Бетіне қарап сөз айтсаң, көтере алмайды. Сосын жас мамандар келіп, бірдеңе сұраса, «Ол неге келеді, оны неге шақырасың?» деп ұрса­ды. Олай болмайды ғой. «Мен сендерге ақша төлеп отырмын, мен беріп отырмын» дейді. Қал­та­сы­­нан ақша алғанымыз жоқ оның, мемлекет беріп отыр бізге. Өз маң­­дай терімізбен тапқан ақшамыз. Кіші қызметкерлердің күні, тіпті бір уыс. Олар басшының бе­тіне қа­рап ештеңе айта алмай­ды. «Мы­­на­­лар көзіме көрін­бе­сін, кетсін!», ай­та­тын сөзі осы. Тіпті кетіп бара жат­қан­да «Осы салада осынша жыл жұмыс істеген екен­сіз, рақмет!» деп айтуы ке­рек емес пе?! «Кет­сеңіз, кете бе­рі­ңіз, мен ешкімді ұстамай­мын!» де­ген сөз шықты аузынан, – дейді Б. Шатенова.

Отыз жылдан астам аурухана­да рентгенолог болып жұмыс іс­теген Ораз Кущанов болса, бас дәрі­гер келген маманды тұрақ­тан­дыруға әрекет жасамайды деп отыр. «Жекіп сөйлегесін жас­тар шыдамайды. «Кететін болсаң, ары­зың­ды жаз да жүре бер!», – дейді. Сон­дай сөз бола ма?! Мен бар­да бір­не­ше дәрігер кетті», –  дейді ол.

Мұң-мұқтажын, арыз-шағымын арқалаған, халық «Нұр Отан» пар­тиясына баратыны белгілі. Ау­руханаға қатысты арыз-шағым түскен-түспегенін білмек болып, біз де аталмыш партияның Тас­қала аудандық филиалы төрағасы­ның бірінші орынбасары Думан Ға­зез­ге жолықтық. «Ауруханаға қатыс­ты жеке қабылдауға жазы­лып, «арыз айтамын» деп келген адам болған жоқ. Бірақ бір-екі тұрғын келіп, ауруханада дә­рі­герлердің жетіспеушілігін, ке­зек­ті тым көп күтетіндерін тілге тиек еткендері болды. Бұл жөнінде мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қо­ғам­дық кеңес отырысында ау­рухана басшысына жеткіздім», – деді Д. Ғазез.

Кезекті көп күтеді демекші, осыдан екі жыл бұрын бас дәрі­гер Гүлсайран Кенжешевадан сұх­бат ала барғанымызда, жылдың соңына дейін электронды табло орнатылады деген еді. Бір емес, екі жыл өтті, таблодан әлі хабар болмай тұр. Кезек көбеймесе, азаяр емес. «Отырғаныма бір­та­лай уақыт болды, әлі кіре алмай отырмын. Осыдан екі-үш күн бұ­рын медициналық картамды өз­дері алып қалған, енді оны жо­ғал­тып жіберіп, «картаң жоқ» деп қарамай отыр», – деді бізге мұ­ңын шаққан әже Бақытқаным  Қуа­нышқалиева.

Табло туралы қайта сөз қоз­ғасақ, аурухана басшысы: «Оған үлкен қаржы керек. Қаржылық жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы шешеді. Электронды таблоға қаржы бөлінген жағдайда ол жұмыс жасалынады. 1 ақпаннан бастап қағазсыз электрондық құжат жүйесіне кө­­шеміз», – деп қарап отыр. Сенгі­міз келеді-ақ… Бірақ көңілде күдік басым, күмән көп. Жоғарыда жа­зылған жайттарға орай құзыр­лы органдар не дер екен?!

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала ауданы


Қара жолға қан сіңбесін…

Күні: , 192 рет оқылды


Осыдан 300 жыл бұрын Майқы би «Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп айтып кеткен еді. Бабамыздың сол сөзінің растығына бейсенбі күні  «Орал – Желаев» тасжолының бойында болған жол апаты тағы бір мәрте көзімізді жеткізді.


Күндізгі сағат 4:20 шамасында МАЗ жүк кө­лігі мен «Орал –  Трекин» бағы­тын­да­ғы №74 жо­лау­шылар аутобу­­сы түйі­сіп, нәтижесінде жеті адам ауру­ха­наға жеткізілсе, екеуі оқи­ға орнында көз жұмған еді. БҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасының туындауына МАЗ жүк көлігінің жүргізушісі себеп болған. Ол көліктің рөліне ие бола алмай, жолдың қарсы бағы­тында келе жатқан жолаушылар аутобусына соқтығысқан. Атал­мыш оқиға бойынша ҚР Қыл­мыстық кодексінің 3-бөлімі 345-бабы бойынша қылмыстық  іс қозғалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың айтуынша, қала­лық жедел-жәрдем қызметіне  қо­ңырау түскен соң бес бригада үш минут аралығында оқиға орнына жетіп үлгерген. Алайда алғашқы көмек жеткенше, егде тартқан бір жолаушы мен 1991 жылғы туған жолаушылар аутобусының жүргізушісі көз жұм­­ған. Жарақат алған жолау­шы­лар көпбейінді қалалық ауру­ханаға жеткізілген. Олардың ара­сында 2001 жылғы, 2002 жыл­ғы және 2015 жылғы балалар бар. 2002 жылы дүниеге  келген жас­өспірімнің дене жарақаты жеңіл болған соң қажетті ем-дом жасалып, ауруханадан шы­ғарылған. Екеуі дәрігерлердің қадағалауында. Ал аяғы сынған 1954 жылғы қала тұрғынына ота жасалған. Қазір жарақат алып түскен науқастардың жағ­дайы қанағаттанарлық. Сондай-ақ Қа­нат Дүйсенбайұлы об­­лыс­­та­ғы ау­руханалардың дәрі-дәр­мек­пен, заманауи техникамен тиісті деңгейде қамтылғанын және жол апатынан зардап шеккен­­дерге құятын қан қорының жет­­кілік­­ті екенін де айтты. Қара жолға  қан  сіңіп, арман-үміт үзілмесін, ағайын!

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика