Ту көтерер тұлға
Санаулы күндерден соң Оңтүстік кәріс елінің Пхенчхан қаласында XXIII қысқы олимпиада ойындары басталады. Төрт жылдықтың басты бәсекесіне әлемнің 80 мемлекетінен 5000-ға жуық спортшы мен ресми тұлға қатысады деп күтілуде. Сол байрақты доданың ашылу салтанатында шорт-тректен еліміздің намысын қорғайтын батысқазақстандық Абзал Әжіғалиев көк туымызды көтеріп шығады. Үлкен сынға аттанар алдында Мемлекет басшысының өзі еліміздің олимпиадалық құрамасының серкесі (команда капитаны) ретінде Отанымыздың туын қолына ұстататын Абайдың Абзалы кім? Шорт-трекші жерлесіміз туралы білеміз бе? Кейіпкерімізді оқырмандарға таныстыру мақсатымен оның отбасында болған едік.
Абзал Әжіғалиев 1992 жылы Сырым ауданының Жосалы ауылдық округіне қарасты Қоңыр ауылында өмірге келген. Марқұм әкесі Абай өмірден ерте өткендіктен, төрт жасқа дейін ол Қоңыр ауылындағы аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленген. Сол ауылда балабақшаға барған. Жеңгесі Гүлниса Әжіғалиеваның айтуынша, ол балабақшада бір орында байыз тауып отырмайтын, таңсық дүниелерді қозғап көруге әуес бала болған. Арасында жол түсіп әкесімен қалаға қыдырып келгенде, өзге балалар балмұздақ сұраса, ол ең бірінші бәліш сұрайды екен. Өйткені дүкендегі бәлішті анасының пісіргені деп ойласа керек. Содан Оралға көшіп келіп, қалалық №36 мектептің табалдырығын аттайды. Мектепте білім алумен қатар қаладағы бокс, каратэ үйірмелеріне қатысып жүреді.
2001 жылы Оралда жабық мұзайдынды спорт сарайы ашылған соң шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы және ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековтің жетекшілігімен шорт-трекпен шұғылдана бастайды. Оралдық Жасұлан Тұрарбекұлы есімді ұстазынан коньки тебуден өзге өзін жан-жақты дамыту жолдарын үйренеді. Абзал – бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясының студенті.
Анасы Шолпан ұлының қысқы олимпиадада көк байрағымызды алып шығатынын естігенде, көз жасына ерік бергенін жасырмады.
– Абзал алдына қойған мақсатына қалайда жетуге тырысады. Оның шорт-трек үйірмесіне қатысуына басында қарсы болғаным рас. Тіпті «Конькиден саған пайда жоқ, одан да сабағыңды оқы» деп үйірмеге жібермеу үшін үйден шығармаған кездерім де болды. Өйткені сабағына, әрі екі мезгіл жаттығуға бару үшін жолақы қалтаға едәуір салмақ салатын. Екіншіден, мен мұндай жетістікке жетеді деп ойлаған жоқпын. Жай ғана ермегі шығар дедім. Бірақ ол дегенінен қайтпады. Мен жұмыста болған кезде жасырынып, мұзайдынына кетіп қалатын. Спорттық үйірмеге бару үшін ұлым үйден қашып кетіп, ағайындарға түнеген, ал мен оны полициямен іздеген кездер де болды. Жоғары сынып оқыған кезде шорт-трекпен айналысуына ризашылығымды бердім. Содан бастап күннің суығына, ұйытқыған боранға қарамастан, таңғы жетіде конькиін құшақтап, мұзайдынына кететін,- дейді анасы Шолпан Қайлонова.
Абайдың Абзалы шорт-тректен біраз жетістікке қол жеткізіп үлгерді. Ол Сочи олимпиадасында негізін батысқазақстандық шорттрекшілер құраған ҚР ұлттық құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафетада бесінші орынға табан тіресе, 2016 жылы қарашада АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта алдына жан салмай жеңімпаз атанды. Біздің жерлесіміз шорттрек бойынша мұндай табысқа қазақстандықтар арасынан тұңғыш рет қол жеткізді. Одан кейін Алматы қаласында өткен ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиадада және Минскіде әлем кубогы кезеңінде дәл сол қашықтықта күміс жүлдеге ие болғаны және бар. Ал қазір XXIII қысқы олимпиадаға дайындықты ширата түсу үшін командаластарымен бірге Жапонияда жаттығуда.
Абзал ғаламтор арқылы тіл үйренгенді жақсы көреді екен. Бүгінде ол қазақ, орыс тілдерін айтпағанда, ағылшын, түрік, кәріс, қытай тілдерін меңгерген. Әлеуметтік желідегі достары да әр ұлттан болғандықтан, өзге тілді меңгеру үшін солардың тілінде сөйлескенді құп көреді. Өзге елдегі жарыс-жаттығуларға барғанда да тілді меңгеруге мол мүмкіндік туатынын жиі айтады екен.
Абзал бала кезінен анасының қатал тәрбиесін көргендіктен, ішкі сырын анасынан гөрі жеңгесімен бөліседі.
– Абзал – қайын ағамның ұлы. Ұлдарым Дарын, Дарханмен тетелес өсті. Ол — өте бауырмал. Мінезі ақжарқын, ешкімге жамандық ойламайды. Мақтанғанды ұнатпайды. Көңіл күйін сыртқа сездіре білмейді. Әлем кубогында жүлделі орын алғанын естіп, хабарлассақ, «Иә, солай бұйырды, тәпә» дейді. Кішкентай кезінде «Тәтәй апа» дегенге тілі келмей, «тәпә» деп атап кеткен еді. Ол шыққан доданы жосалылықтар теледидардан үзбей тамашалайды. Ауыл тұрғындары Абзалжанды «Жосалының баласы» деп мақтан тұтады. Оның достары, сыныптастары көп. Бірақ қалыңдығым бар дегенін естімеппін. Бірде сыныптас қызының тойынан келгенде, «Туу, тәпә, менің сыныптас қыздарым шетінен әдемі екен ғой. Осы кезге дейін қалай байқамағанмын?! Сол кезде аңғарсам, мүмкін қазір біреуін жар етіп, бөпемнің маңдайынан сүйіп отырар едім» дегені бар. Арғы аталарымыз түбінде Әжіғали атағын бір ұрпағым әлемге танытады деп кеткен екен. Лайым, солай болғай, — дейді жеңгесі Гүлниса Әжіғалиева.
Абзал шорт-тректен алғашқы жүлдесін Мәскеу қаласында өткен жарыстан алған. Жарыстан жүлдемен оралса, кейіпкеріміз ең алдымен анасына сыйлық алып қуантады екен. Анасына берген алғашқы сыйлығы – ұялы телефон болған. Одан кейін алтын сырға, әтірлер, әшекей бұйымдар, қыз-келіншектердің бет-қол күтіміне арналған кремдер сыйлаған. Анасы үшін ұлының әр сыйлығы құнды болғандықтан, оны көзінің қарашығындай сақтап, сөреге жинап қоюда.
Анасының айтуынша, Абзал ес білгелі өмірінде бір оқиғаға қатты қамыққан. Ол оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын болған. Бірде ол кезекті жарыстан жүлделі келе жатқанда пойызға конькиін ұмытып кеткен. Анасына қуанышын жеткізуге асыққанда, киім-кешегін салған сөмкесін алып, вагонның ең жоғарғы сөресіне қойған конькиін ұмытып кеткен еді. Оралдан соң жүрдек пойыз Мәскеуге асып кеткен. Қайтар жолында пойызды тексергенмен, коньки орнында болмаған. Сол оқиғадан кейін кейіпкеріміз көпке дейін сатып алған конькилеріне үйлесе алмаған. Алайда спорттың бұл түріне деген ынта-ықылас оның талабын жасыта алмады. Абзал Әжіғалиев 2011 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.
Ал оның Дарын есімді інісі көкесінің бауырмал және жанашыр екенін айтады.
— Көке қалада өскендіктен бе, әйтеуір, өте пысық. Оралға келгенде, бізді күн сайын қыдыртады. Әсіресе, қалалық саябаққа жиі барамыз. Үлкен мама жұмысқа кетерде есікті кілттеп кетсе, біз бірінші қабаттан секіріп түсіп, сыртқа шығып кететін едік. Тетелес өссек те, оның ағалық қамқорлығы ерекше. Күн салқын болса, бірінші бізді қалың киіндіріп алып, сосын өзі киінетін. Көке ұлттық құрама сапындағы шорттірекшілер қатарында Алматыда дайындықта жүргенде де, біз Алатаудың баурайындағы әсем қалаға қыдырып бардық. Сол кезде көкенің жалақысы кешігіп түсетіндіктен, ұялы телефонын сатып, сол ақшаға бізді қыдыртқаны есімде. Абзалдай ағамның барына мақтанамын, — дейді Дарын Сейфолла.
Олимпиада – өзге спорттық жарыстардан бәсі жоғары тұратын үлкен сынақ. Төрт жылда бір-ақ рет өтетін мұндай дүниежүзілік додада осал қарсыластың болмайтындығы бесенеден белгілі. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран спортшылар өз елінің абыройы үшін жарыс жолында барын да, жанын да салары анық. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байрақты бәсеке алдында ел намысын қорғайтын жерлесімізге жеңіс тілейміз!
Гүлсезім БИЯШЕВА,
«Орал өңірі»