Мұрағат: 26.01.2018


Келін

Күні: , 79 рет оқылды


Айнұр – қаланың қызы. Жасынан ақылды, ерке болғанымен, шаруаға епсіз болып өсті. Көзінің қарашығындай болған жалғыз қызын анасы көп жұмсамай, аялап, мәпелеп өсірді. Алайда ақылды ана қызының жан-дүниесінің жұтаң болмауын бірінші орынға қойып, оны жастайынан кітап оқуға баулыды. Зерделі де зерек, рухани жағынан толысқан ерке қыз бойжеткен соң өз бақытын ауылдан тапты.


Ойдым-ойдым жолдары бар, ұялы байланыс ұс-тамайтын, дұрыс ауыз суы да жоқ қияндағы ауылға Айнұр сүйген жігітімен қол ұстасып кете барды. Содан бері бес жыл өтті. Келгелі бері ата-енесінің қабағын аңдып, солардың бабын табудан жалыққан емес. Қолынан көп нәрсе келмейтін ол алғашында бүлдіріп-күйдіріп, жандырып жүріп, бәрін үйреніп алды. Сиыр сауа алмай, көзін көгертті, ошаққа нан жабам деп қолын күйдірді. Қырық тесік қылып, еттің нанын жайды. Бірақ Айнұр жасыған жоқ. Қалайда бәрін үйренемін деп алға талпынды. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде бесаспап келін атанды.

Қазір ол таңғы бесте тұрып, он сиырды сауып, өріске жібереді. Үйге келіп шай қайнатып, су жылытып қояды. Осы аралықта ұйқыдан тұрған ата-енесіне ыстықтай, дәмдеп шайын береді. Қариялар шайды ұзақ ішеді. Жазғы күндері ауладағы ошаққа шай қайнатып, шоқтың шайын ұсынады. Сүт тартып, май, қаймағын жасайды. Қысы-жазы сиыр сауылатындықтан, бұл үйден құрт-ірімшік үзілмейді. Бә-рін бітіріп, мектептегі жұмысына жүгіреді. Мұғалім болып жұмыс жасайтын ол мектепте де алғыр ұстаздардың қатарында. Сынаптай сырғыған осы уақыт аралығында үш баланың анасы атанды. Күнделікті күйбең тірлікпен жүгіріп жүрген күндердің бірінде өзіне ақылшы, қамқор болған енесі айықпас дертке шалдықты. Бір-біріне үйелмен-сүйелмен үш баланың қасына енесі төртінші бала болып қосылды. Бірақ Айнұр бұл жолы да шыдамдылық пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсетті. Анасы ауырып қалды дегенді естіп, қала маңында тұратын үлкен қызы жылап-еңіреп жетті. Бір аптадай қасында болып, жуындырып-шайындырып, шашын тарап, тамақ беріп, жүгіріп жүрді. Бірақ кетерінде анасының құлағындағы алтын сырға мен алтын жүзікті өзімен бірге ала кетуді ұмытпады. Сөйтіп күндер өтіп жатты. Көрші ауылда тұратын ортаншы қызы бала-шағасымен анасын бағуға келді. Ол да үйдегі жалғыз келін Айнұрға болысқан болып, анасын қарап, жанашырлық танытты. Он күндей жатқан соң ортаншы қызы да кетерінде анасының қобдишасын ақтарып, алтын-күміс әшекейлерінің біразын өзімен алып кетті. Күнде келіп шай ішіп кететін ауылда тұратын кіші қызы да қалған алтын бұйымдарды еншілеп алды. Қобдишада жалғыз ғана қызыл көзді алтын сақина қалды. Ертеңгі күні енесіне ас алып келген Айнұр оның теріс қарап, бүк түсіп, тұншығып жылап жатқанын көрді. Көз жасын тия алмаған кейуана: «Үш қызым бар деп мақтанушы едім. Бірақ үшеуінің сенің қолыңа су құя алмайтынын көріп, қарным ашып тұр. Қыздарымның өресі осыншалық тар болар ма?! Менің асты-үстіме түсіп, шын көңілмен баққан сен ғанасың. Бақытты бол! Балаларың да өзің сияқты парасат-пайымы биік болып өссін», – деп батасын береді.

Түскі асқа келген кенже қыз шай үстінде анасының қобдишасында қалған жалғыз алтын сақина келінге тиесілі екенін, анасын адал бағып жүрген Айнұр екендігін айтып, енді ешкімнің ол сақинаға тиіспеуін сұрады. Жүзін төмен салған Айнұр: «Мен апамды алтын үшін бағып жүрген жоқпын. Бұл менің – келіндік парызым. Ол кісі әлі жазылып кетеді. Бәрі Алланың қолында. Маған ол кісінің батасы да жетеді», – деп, шай құймақ болып атасының кесесіне қол созған еді, көзінен парлап аққан жасын көрсеткісі келмеген күйі атасы үнсіз ғана дастархан басынан тұрып, кетіп барады екен.

Санаулы күндерін өткізіп жатқан ана төбеге қарап, ойланып жатып, үш қызы мен келінін салыстырды. Бірден қолы қалт етсе, шұқшиып кітап оқып отыратын келінінің ішкі жан дүниесінің мол қазынаға толы бай екенін осы кезге дейін аңғармай келіпті. Байқап қараса, қыздарын жалт-жұлт еткен жалтырақ дүниелерге құмар қылып, тәрбиелеген өзі екен. Өзінің материалдық құндылықтарға ғана мән беріп, олардың рухани жұтаңдығын ескермегенін кеш түсінді. Былайғы тірлікте жалт-жұлт еткен дүние бірінші орында болғанмен, өмір мен өлімнің арасында жатқан адамға рухани биіктік қана қажет екен. Жаны қиналып жатқан сәтте қора толы малдың да, сірескен дүниенің де, қобдиша толы алтынның да көк тиын қадірі жоқ екенін ұғынды. Өзінің бала тәрбиесіндегі қателігін кеш түсінген Айнұрдың енесі соңғы күндерін өксікке толы өкінішпен өткізіп жатты.

Өмірден өтер сәтінде қыздарының бәрі келіп, «апалап» айнала қоршап, жылап отырды. Көздерінен тарам-тарам жас ағып жатқанымен, үш қызының да санасында анасынан қалған өзге де бағалы заттарды бөлісіп алу жоспары тұрды. Қиналып жатқан ана жанына босаға жақтан тараған жарық сәуле ғана жылылық сыйлағандай болды. Дәл осы сәтте босағада тұрған жалғыз келіні ғана шын ниетімен енесінің мәңгілік мекенінде де қиындық көрмеуін тілеп, өзі білетін Құран аяттарын күбірлеп оқып тұр еді…

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Электр жарығы жиі өшеді

Күні: , 33 рет оқылды


Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің Көпжасар ауылындағы тұрғындармен кездесуі округтегі мекемелер басшыларының есебін тыңдаудан басталды.


Жетістіктерін әңгімелеген мекеме басшылары аудан әкімінің сұрауына орай бүгінгі таңдағы қиындықтарын да айтып берді.

Округтегі Д. Нұрпейісова атындағы мектеп орыс тілі пәні оқытушысына мұқтаж екен.

Мәдениет үйі электр жарығының нашарлығын, ғимарат шатырын  ауыстыру керектігін айтты.

Басшы бүккенменен, жылу жүйесінде азды-көпті ақау барлығы аудан басшысының назарынан қағыс қалған жоқ.

Мал дәрігерлері ауылда интернет жылдамдығы тым төмен екендігін айтып, шағымданды.

Кітапханашылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай экскурсияға шығуға көмек сұрады.

Балабақша басшысы жылда айтылып, шешімін әлі толық таппай жүрген жылыту жүйесін мұң етті.

Аудан басшысы айтылған мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешуді, аяқсыз қалдырмауды жауапты адамдарға тапсырып, назарда ұсталатынын ескертті.

Есепті кездесу Көпжасар ауылдық округінің әкімі Н. Бектілеудің есебімен басталды.

2017 жылғы есепте тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстардың орындалуын баян еткен ауыл әкімі кейбір орындалмаған істердің себептерін де сөз етті.

382 аулада 2009 адам тұратын округте тиісті жұмыстар атқарылған. Округте мал басының сақталуы жақсы. Салыстырып айтқанда, өткен жылғыдан сиыр саны 600 басқа, қой мен ешкі 800 басқа, жылқы 200 басқа, түйе саны 30 басқа өскен.

Мал азығын дайындау жоспары да орындалыпты.

Мемлекет қамқорлығына орай шаруа қожалықтарының саны да, өсіп келеді. Өткен 2016 жылы 53 шаруа қожалығы болса, 2017 жылы 60-қа жетіпті.  2016 жылы округ шаруалары бір трактор алса, 2017 жылы екі трактор алған екен.

Асыл тұқымды мал алу бұл округте де жүйелі жалғасып, шаруалар демеуқаржы алуға қол жеткізген. «Сыбаға» бағдарламасымен 67 бас алынса, тұрғындар «Береке», «Игілік» сияқты мемлекеттік қолдау бағдарламаларының игілігін де көруде.

Өткен жылы 38 млн. теңге несие алған округ тұрғындары қол қусырып отырмай, тірліктерін қаузауда.

«Өрлеуге» жеті отбасы қатысып, тиісті көмектерін алып, жұмысқа тартылған.

Жыл ішінде 15 қылмыс тіркеліп, оның 13-і ашылып, 78 әкімшілік хаттама толтырылған.

Алдыңғы 2016 жылы округте 45 бас мал бруцеллезге шалдықса, 2017 жылы үш басқа көбейіп, 48 бас болыпты. Бұл ескеруді қажет етеді.

Жаңақала ауданының әкімі Н. Қарағойшин аудан бойынша атқарылған істерді жүйелі әңгімелеп берді.

Өткен жылғы есепті кездесуде аудан бойынша айтылған 41 ұсыныстың 34-і орындалып, жетеуі нақты себептермен орындалмағанына тоқталды. Сол сияқты осы округтің Саралжын, Салтанат ауылдарына табиғи газ жеткізу жұмысы қолға алынып, жобалық құжаттары жасалып жатқанын тұрғындар қаперіне берді.

Кездесуде сөйлеушілер де аз болған жоқ.

Ж. Мамаев деген азамат осы округтен селолық тұтыну кооперативін ашуға жұмыстанып жүргенін, облыстық орман шаруашылығы және табиғатты қорғау инспекторы заңсыз киік аулау тыйылмай отырғанын, өткен жылы облыс бойынша 44 іс тіркеліп, оның 23-і сотта қаралса, Жаңақала ауданы бойынша 15 іс тіркеліп, үшеуі сот арқылы заңды жаза алғанын жеткізді.

Тыңдалған есептерге ризашылық білдірген ауыл ақсақалы А. Салауатов:

– Өткен жылға өкпе жоқ. Ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды, – дей келе, біраз мәселені алға тартты.

–  «Айта-айта «Алтайды», Жамал апай қартайды» дегендей, жол мәселесін айта-айта біз де қартайдық, – деді ол.

Сол сияқты бір ауылдасының 11 адам, үш отбасы қуықтай үш бөлмелі үйде тұратынын, үйленер ұлға жағдай жоғын, өздері баспана салуға мүмкіндігі жоқ аз қамтылған осы отбасына тұрғын үйден көмек көрсетуді сұрады.

Ауыл әкімінің автокөлігі тозып, жаяу жүргенін де бүкпеді.

Бұл ауыл ақсақалының көзі көріп отырған жерлестері үшін маңызды мәселе шешімін тапса деген жанайқайы еді.

Тыңдалған есептерге оң баға берген ауыл тұрғыны  Қ. Гумаров орта мектепке күрделі жөндеу керегін, мектепте бір ғана жылу қазандығы барын, ол үш бірдей ғимаратты толық жылыта алмайтынын, жел тұрса, электр жарығы сөніп, қиындық туатынын, ауылда дәрігер жоғын сөз етті.

Қ. Төлеуғалиев ақсақал да дәрігерлік қызметке өкпе білдірді. Кездесуді аудан әкімі қорытындылап, түскен сұрақтарға жауап берді. Елбасы Жолдауын түсіндірді.

Өмірзақ АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


«Архимедов тетігі»

Күні: , 23 рет оқылды


Орал қаласында ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы «Мемлекеттік-жеке  меншік әріптестік» қазақстандық орталығының екі күндік семинары өткен болатын.


Семинарда аудан әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың мамандары бас қосты. Аталмыш орталықтың сарапшылары мемлекеттік қызметкерлерге  «Архимедов тетігі» негізінде жасалған жобаны таныстырды. Бұл жоба шағын қалаларда шығынға батып жабылып қалған мәдени нысандарды қомақты табыс табатын нысанға айналдыру мәселесін негізге алған. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) жобалары бойынша  облыста  атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік» қазақстандық орталығының байланыс жөніндегі ди-ректоры Дамир Егізбаев былай деді:

– Шағын қалаларда бюджеттен бөлінетін қаржының мардымсыздығы, халық санының аздығы, бизнестің ықшамдығы тұтастай алғанда тар шеңберден шыға алмайды. Тығырықтан шығатын бір жол бар. Ол үшін шағын қалада біріккен әлеуметтік мәдени хаб қалыптастырып, қаржылық, зияткерлік мүмкіндікті бір алаңға топтастыру қажет. Ортақ күш арқылы тоқыраған шағын қалаларды дамушы шаһар дәрежесіне жеткізуге болады. Жүйенің тиімділігін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында тілге тиек еткен болатын.

Бұл бастаманы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева облыстық мәслихат депутаттарымен кездескен кезде қазақстандық мемлекеттікжеке меншік әріптестік орталығының сарапшыларымен бірлесе талқылап, тиімді жүзеге асырудың жолдарын қарастырды. Онда медициналық жабдықтарды лизингке алу, білім және денсаулық  сақтау саласындағы асханалар жұмысын реттеу, дене шынықтырусауықтыру орталықтарының тиімділігін осы жобаға сай бейімдеу жағдайы айтылған болатын.

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының өзге де бағдарламалары талқыланып, қызмет көрсету келісімшарттары негізге алынды.

Бұдан бөлек өткен жылы Батыс Қазақстан облысының жоспарланған МЖӘ жобалары негізінде төрт  типтік келісімшарт жобасы әзірленген болатын.  Олар көлік  жолдарына қызмет көрсету, медициналық жабдықтарды лизингке алу, емханаларды сенімді басқаруға беру, мектептерге сер-вистік қызмет көрсету болып табылады. Бұл тәсілді өзге де облыстар үлгі етіп, байқау құжаттары мен келісімдерін қысқа мерзімде дайындай алады. Батыс Қазақстан облысы қазірде нақты мемлекеттік жеке әріптестік аясында бірнеше жобаны жүзеге асыруды бекітті. Оларды атап өтсек, ШЖҚ «№7 қалалық емхана» МКК-ны сенімгерлік басқаруға беру, «Чапаев – Жаңақала – Сайқын»  күрежол бойындағы 337 шақырым көлік жолын жөндеу мен күтімге алу, Орал қаласындағы №8 облыстық дарынды балаларға арналған арнайы мектептің асхана ғимаратына қызмет жасау үшін жалға беру, қаладағы ШЖҚ «Облыстық клиникалық аурухана» МКК-ға магнитті-резонансты томографты лизингке алу, Тасқала ауданының орталығындағы 280 бүлдіршінге арналған балабақшаның құрылысын жүргізу және пайдалануға беру болатын. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданына қарасты Лубен ауылындағы 35 орындық дәрігерлік ам-булаторияның құрылысын салып, іске қосу, Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылындағы 320 жанкүйерге арналған орны бар дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысын салу және пайдалануға беру, Орал қаласындағы көше жарықтарын технологиялық жаңғыртуды сенімді басқаруға беру жобалары.

ҚР мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың айтуынша, облыс аудандарында жұмыстар қарқынды жүріп жатырған көрінеді. Өткен жылы  орталыққа арнайы барып оқып келген Тасқала ауданының әкімі біраз жобаны іске асыруда. Биыл Ақжайық ауданының әкімі жаңа өнімдерді қолға алмақшы екен. Алдағы уақытта облыста жобалар саны көбейіп қана қоймай, әр салада мемлекеттікжеке меншік әріптестіктің тиімді тетіктерін жүзеге асырудың жолдары  қарастырылатын  болады.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Мереке  ІЗТІЛЕУОВ,

Бөрлі  аудандық  кәсіпкерлік  бөлімінің басшысы:

– Екі күндік оқыту семинарында мемлекеттік-жеке әріптестікті іске асыру бағытында көптеген сұрақтарға тұшымды жауап алдық. Басқосу мазмұнды өтті. Мұндай екі жақты әріптестік – нарықтық қатынасқа керек нәрсе. Бұл екі тарапқа да тиімді деп ойлаймын. Мемлекет бюджет қаржысын тиімді пайдалану мүмкіндігіне, ал бизнес өкілі екі-үш жылға тиімді ұзақ мерзімді салымға ие болады. Бөрлі ауданында мемлекеттік-жеке әріптестік бойынша 2018-2019 жылдарға төрт жоба жоспарланды. Ақсай қаласындағы ішкі қоғамдық көлік қатынасы бойынша қордаланып жатқан мәселелер бар. Екі жақты әріптестік арқылы ең алдымен осы мәселені шешкіміз келеді. Көшені жарықтандыру жұмыстарын да қарастырудамыз. Ал екі кәсіпкер осы әдіспен спорт зал, мектеп салуға ниет білдіріп отыр. Жалпы, шыны керек, бұл жобаны іске асырудағы тетіктері қиындау, бірақ әрдайым осындай басқосуларда соны жеңілдету жағын ақылдасып, кеңесіп отырамыз.


Малға ота жасап, емдеген

Күні: , 58 рет оқылды


Кеңес  дәуірінде  ауданымызда  білікті  де  білімді  мал  мамандары  көп  болды.  Соның  бірі  де  бірегейі  деп  осыдан  80 жыл  бұрын  Ұзынкөл  ауылының  топырағында  кіндік  қаны  тамған  Мақсот  Құбашевті  айтуға  болады.  Осы  ауылдың  жасы  үлкен, бүгінде көзі  тірі  ақсақалдары  мал  шаруашылығы,  ветеринария  жайлы сөз бола қалса: «Шіркін,  Мақсот  малдың  нағыз  маманы  еді  ғой,  ауру  малды  сойып, ота  жасап,  емдеп, жазып,  семіртіп  тапсыратын еді» – деп отырады…


Әке-шешесі  ертеректе  Ресейге қоныс аударып, сонда тұрғандықтан, Мақсот  Саратов облысы Ровный ауданының «Луговой» кеңшарындағы мектепте оқиды. Мектепті бітіргесін Орал ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, мал дәрігері мамандығын алады. Еңбек жолын 1960 жылы Орда ауданындағы М. Мәметова атындағы кеңшарда бастады. Бір жылдан кейін ауданымыздың «Жәнібек» кеңшарында мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1965 жылы жаңадан құрылған «Ұзынкөл» кеңшарында қызмет етеді. Сол жылы Мәскеудегі К. Скрябин атындағы ветеринарлық академиясына түсіп, оны 1969 жылы ойдағыдай тәмамдады. Алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында Ұзынкөл ауылында емдеу-сауықтыру пункті ашылып, Мәкең соның меңгерушілігі қызметін атқарды. Біз онда ойын баласымыз. Аталған пункт ашылатын күні ауыл шетіндегі жөндеуден өткізіліп, іші-сыртын ақтап-әктеп қойған бұрынғы кашарға  ағылған адамдармен бірге осы ғимаратқа бардық. Үстіне ақ халат киген Мәкең ауданнан келген лауазымды кісілерді, ауыл тұрғындарын ғимарат есігі алдынан қарсы алды. Олар ішке еніп кеткен соң бізді «барыңдар, кейін көресіңдер» деп кіргізбеді. Сонда да үлкендермен бірге қабаттасып, қалтарыста ішке кірген бір-екі баланы есік көзінде тұрғандар біраз уақыттан  кейін байқап қалып, тысқа шығарып жіберді. Әлгі балалар  шарбаққа асылып, пункттің сыртынан қызықтап тұрған біздің қасымызға келіп: «Мақсот ақа ауру қойды сойып, операция жасап жатыр, жазып шығарады екен», – дегенде,  жүздерінен таңданыс табы байқалады. Маңдайшасында «Лечебнокормовой пункт для овец» деп жазылған сол пунктті, соған қарай  күн сайын жұмысқа қарай беттеп бара жататын Мақсот ағаны біразға дейін  көріп жүрдік. Біразға дейін демекші, бала болғасын көп нәрсеге мән бермейміз, сөйтсек, Мәкеңді бір жылдан соң  тәжірибелі маман ретінде көршілес Қазталов аудандық малдәрігерлік  зертханасына токсикологдәрігер етіп жіберіпті. Осында екі жыл қызмет атқарып, ауданымыздың ауыл шаруашылығы басқармасына эпизоотолог-дәрігер болып орналасады. Оның бұдан кейінгі еңбек жолының  кезеңіне келгенде аздап көмескілене бастаған көрініс жадымызға оралды.

Ол кезде әке-шешеміздің Ұзынкөлден «Қайрат» кеңшарына қоныс аударғанына бір жылдай болған. Кеңшарға жаңадан директор болып келген Жұмагерей Қажыпов Мәкеңмен әуелден таныс, сыралғы  жандар еді. Екеуі де «Ұзынкөл» кеңшарында ауыл шаруашылығының маманы болып қатар қызмет атқарған-ды. Жұмагерей ағамыз 1973 жылы оған бірге жұмыс жасайық деп, кеңшардың бас мал дәрігері қызметін ұсынады. Мақсот аға да бұл ұсынысты қабыл алады. Ол кеңшардан отбасына мекенжай берілгенше біраз уақыт біздің үйде тұрды. Сол кезде Мәкеңнің  спорттан да, өнерден де хабардар екендігін  көре қалдық. Таңертең ерте тұрып алып, зілтемір мен гір тасын көтеретін, эспандерді керіп-созып,  түрлі жаттығулар жасайтын.  Оның спортпен жүйелі түрде айналысатынының  дәлелі ретінде мына қызықты жайт еске түсіп отыр. Бір жылы ол Алматыға қысқа мерзімге оқуға барып, ауылға келеді. Қолында нән шабадан. Тыстан қарсы алған жұбайы Роза апай шабаданды ұстап көрсе, салмағы зіл қара тас. «Алматыдан базарлықты толтырып келген болды ғой», – деп шабаданды ашса, іші толған гір тасы екен… Қай қалаға барса да, ол үнемі осындай спорттық  құралдарды алғашқы кезекте сатып алатынын естіп қалатынбыз.   «Қайрат» кеңшарында қызмет істегенде, ауылдағы волейбол алаңына барып, өзінен әлдеқайда кіші жастармен доп ойнағанда, шеберлігі олардан еш кем түспейтін. Сол кезде 7-сыныпта оқимын. Бір күні Мәкеңе  ауыл клубында жаңадан экранға жол тартқан «А зори здесь тихие» атты киноға  баратынымды айтып едім, сол арада ол туындының қысқаша мазмұнын, фильмге қандай актерлар түскенін құлаққағыс етіп: «Жақында «Новый  фильм» журналынан оқып едім», – деді.  Бізден де үлкендердің есінде шығар, ол кісінің эрудициясы мықты, жан-жақты білімдар еді.

Ол «Қайрат» кеңшарында табан аудармай жеті жыл қызмет атқарып, үйреншікті кәсібінен көз жазбай, емдеу-сауықтыру пунктін де ашып, ауру малға ота жасап, емдеп, семіртіп, етке өткізіп отырды. Оның бұдан кейінгі еңбек жолы облысымыздың Теректі ауданындағы ұжымшар, кеңшарлардағы малдәрігерлік  қызметпен жалғасты. Сексенінші жылдардың соңында Саратов облысы, Москва ауданының «Заринский» кеңшарында, сосын Киров облысының Юрьев ауданындағы «Заветы Ленина» ұжымшарында, ал зейнеткерлікке шыға тұрса да, 1998 жылдан қайтыс болғанға дейін осы облыстың «Котельницкий» кеңшарының бас мал дәрігері болды. Марқұмның Жәнібек ауылында тұратын інісі Ерсайын Құбашев ағасының 2003 жылы Киров облысында қызмет істеп жүргенде, елге келіп  кеткенін  айтады.

– Сол жолы келгенде ол өзінің Қазан, Алматы қалаларында білімін жетілдіру институтында оқығанын, аталған екі қалада болғанда да, малдәрігерлік институттарда дәріс алып жатқан студенттердің алдында ауру малға ота жасап, емдеп жазғанын әңгімелеп еді. Оның малға ота жасап жатқанда түсірілген суреттері сол екі қаланың жоғары оқу орнында көрнекі жерде ілулі тұр, — дейді ол.

Мәкеңмен қызметтес болған үзеңгілес жолдасы, Жәнібек ауылының тұрғыны Ибрайым Сұлтанов оның қазақ-орыс тілдерінде өте жетік сөйлейтінін, аса білімді, мамандығының қыр-сырын жіті меңгерген жан екендігін баян ете келіп, – Мақсот Пазылұлы «Ұзынкөл» кеңшарында қызмет істегенде, әсіресе, қыс мезгілінде  ауылдың бөлімшелерін ат-шанамен талай бірге араладық. Ол малшы-шопандармен асықпай сөйлесіп, жағдайларына әбден қанығып алған соң ақыл-кеңесін ветеринария тілімен түсінікті етіп жеткізетін. Мамандығын өте жақсы білетін білімді, сауатты  адамның, әрине, өзіндік мінезі, пікірі болады. Мәкеңнің турашыл, тік мінезін сол кездегі кейбір басшылар дұрыс түсініп, бағалай алмады, – дейді Ибрайым ақсақал.

Майталман мал дәрігері 2006 жылы Ресейде қызмет істеп жүріп қайтыс болды. Інісі Ерсайын ағамның денесі  шет жерде қалмасын деп айшылық алыс жердегі Киров облысынан алдырып, сүйегін өз үйінен шығарып, туған жері Ұзынкөл ауылына  жерледі. Мақсот ағаны жерлеу рәсіміне ауылдағы көз көрген, оны білетіндер, білмесе де үлкендердің әңгімелерінен ол туралы  естіп жүретін жігіттер қолдан келген көмегін аямады. Бүгінде марқұмның жұбайы Роза апай да бақилық болған. Олардан өрбіген Баймолла, Әділ атты ұлдарының алдыңғысы Теректі ауданында, соңғысы Ресейдің Норильск қаласында тұрып жатса, қызы Арайлым – Орал қаласының  тұрғыны.

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек  ауданы


Жаңа қонысқа – жаңа мектеп

Күні: , 33 рет оқылды


Осыдан  бірер  күн  бұрын  Ақсай  қаласында  Березов  пен Бестау  ауылдарынан  көшіп  келген  тұрғындардың  балаларына арнап  салынған  №8  жалпы  білім беретін  орта  мектеп  есігін айқара  ашты.  Осылайша  карантин  аумағына  енген  қос  ауылды аудан  орталығына  көшіріп,  әлеуметтік  маңызды  нысандармен қамту  кезеңі  толығымен  аяқталды.


Ақсай шаһарында жаңадан бой түзеген Аралтал шағынауданындағы білім ошағы жаңа заманға сай, соңғы технологиялармен жабдықталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан игі іс тек Аралтал шағынауданы тұрғындары үшін емес, осы шағынаудандағы бастауыш мектеп оқушылары мен Пепел ауылы балалары үшін зор қуаныш. Себебі бұрын Пугачев ауылдық мектебінде тасымалмен барып білім алған оқушылардың енді   өз  мектептері  бар.

Құрылысы өткен жылы басталған мектеп 300 оқушыға арналған білім ошағының жалпы көлемі 7600 шаршы метрді құрап, ғимарат алты блоктан тұрады. Қос қабатты ғимаратта отыз оқу кабинеті бар. Оның төртеуі лингафон-мультимедиялық, екеуі информатика, физика, химия, биология кабинеттері арнайы зертханамен жабдықталған. Жиырма орындық екі оқу залы бар кітапхана, ер және қыз балаларға арналған шеберхана, спортзалы,  96 орындық мәжіліс залы, 104 орындық асхана және бес кабинет интерактивті тақтамен қамтылған. Тіл мүкістігі бар балаларға арналған логопед маманы мен психологке арналған кабинеттер  бар.

Білім ошағының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бөрліліктердің қуанышына ортақтасып,  ізгі  тілегін  білдірді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес осындай зәулім ғимарат ұстаздарға, ел болашағы жастарға табыс етілді. Бұл – үлкен қуаныш. Білім саласына салынған инвестицияның 10-15 жылдан кейін экономикаға бес есе қайтарымы болады. Биылғы Жолдауда ұлт көшбасшысы білім саласын, адами капиталды дамытуды 10 бағыттың ішіндегі негізгі бағыт ретінде атап өтті. Ауыл мектептерін компьютермен қамтамасыз ететін боламыз. Цифрландыру мәселесі қолға алынады. Мұның барлығы да білім сапасын жақсартуға зор ықпал етпек», –  деп  атап  өтті.

Салтанатты шара барысында мектеп құрылысын жүргізген мердігер, «Раза Строй» ЖШС бас директорының орынбасары Абзал Нұрғали мектеп директоры Жанар Жақсығалиеваға ғимараттың  кілтін  табыс  етті. Ал мектептің лентасын қию рәсімі ардагер-ұстаз Ольга Фоняк пен мектеп мақтаныштары Аманбек Күзеев және Альбина Секеноваға  ұсынылды.

Ғабидолла Абдоллаұлы ер және қыз балаларға арналған шеберханаға бас сұқты. Өрендерді өнерге, шеберлікке баулитын шеберхана заманауи құрылғылармен жабдықталып, оқушылардың алаңсыз жұмыстануына зор жағдай туғызылған. Содан соң облыс әкімінің орынбасары «Спикер клубында» болды. Онда Ақсай қаласындағы сегіз мектептің 24 оқушысы «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне сауалдарын қойып, ақыл-кеңестерін тыңдады. Клуб мүшесі, Ақсай қалалық №1 мектептің оқушысы Кәмила Дусмайлова облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлына ағылшын тілінде сауалын қойып, мардымды жауап алды. Жаңа мектеп жанынан ашылған «Спикер клубы» оқушылардың үш тілді меңгеруі үшін жұмыстанбақ. Меймандар мектептегі робототехника кабинетінің жұмысымен танысып, оқушылардың күшімен әзірленген мерекелік концертті тамашалады.

Облыс басшысының орынбасары кітапханадағы оқыған шығармаларын талқылап жатқан кітапқұмар оқушылар мен спортзалда жаттығуларын пысықтап жатқан жас палуандарға сәттілік тілеп, ғимарат дәлізіндегі жарға бекітілген тақтада оқушылармен бірге шахмат ойнады.

Жаңа білім ошағында әзірше 150 бала білім алуда. Жаз шыға шағынауданнан кезекте тұрған бөрліліктерге 1400 жер телімі беріледі. Яғни жер алып, баспана салатын тұрғындардың балалары жаңа мектепте оқитын болады.  800 млн. теңгеге салынған су жаңа мектепте мамандар жеткілікті.

Березов пен Бестау ауылдарынан аудан орталығына көшірілген халықтың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалды. Ақсай шаһарындағы тоғыз қабатты қос үй мен Аралтал шағынауданында 100 жер үй жаңа тұрғындардың құтты қонысына айналды. Онымен қоса былтыр ғана ашылған 320 орындық балабақшада қос ауылдың бүлдіршіндері  тәлім-тәрбие  алуда.

Қымбат  АЙТЕНОВА,

Аралтал  мектебі  тарих  пәнінің  мұғалімі:

– Балалар үшін мектептің жаңа, заманға сай болғаны жақсы. Жаңа білім ошағының іші-сыртын көріп қуандық. Жарық, жылы әрі кең бөлмелер оқушылардың еркін жүріп, сапалы білім алуына септігін тигізеді. Балалардың білім алуынан бөлек мектепте тынығу орындары қарастырылған. Бұл балалардың жан-жақты дамуына да ықпал етпек. Шахмат, дойбы ойнайтын арнайы бұрыштар мен жол жүру ережесін меңгеруге арналған нұсқаулық бар.

Бір сөзбен айтқанда, шәкірттеріміздің сапалы білім алуына жағдайдың  барлығы   бар.

Жаңылсын  НҰРҒЫШБАЕВА,  ата-аналар  өкілі:

– Бүгін – Аралтал тұрғындары үшін өте қуанышты күн. Ендігі жерде балаларымыз сапалы білім алады деп сенеміз. Ол үшін барлық жағдай жасалған.

Ұлым екеуміз жаңа мектепті аралап көрдік. Ұлыма робототехника кабинеті мен ер балаларға арналған шеберханада жабдықталған құралдар қатты ұнады. Біз көрмегенді балаларымыз көруде. Бұл Елбасының сындарлы саясаты мен еліміздің тыныштығының арқасы деп айтамын.

Альбина  СЕКЕНОВА,

Аралтал  орта  мектебінің 11-сынып  оқушысы:

– Пугачев орта мектебінде оқып жүрмін. Біздерге осындай зәулім сарайдай мектеп салған ел ағаларына алғыс айтамын.

Болашақта біздің мектептен ел сенімін ақтайтын, еліне қызмет етер қайраткерлер шығатынына кәміл сенемін. Мектебімізде алаңсыз білім алуымызға  барлық  жағдай   жасалған.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Қайдасың, Дәурен?..

Күні: , 638 рет оқылды


Қараша айында редакциямызға Қазталов ауданындағы Талдықұдық  ауылының  тұрғыны 1985 жылы туған Дәурен Оразаевтың айдың-күннің аманында жоғалып кеткені туралы хабар жеткен еді. Арада екі ай өткен соң, істің мән-жайын білу үшін Дәуреннің анасы Әлия Оразаеваға хабарластық.


Анасының айтуынша, 18 қараша күні көрші ауылға мал іздеп шыққан Дәурен үйіне қайта оралмаған. Төрт күн бойы ауыл адамдары іздестіріп көріпті, еш нәтиже болмаған соң аудандық учаскелік полицияға жүгінген.

– Өзіміз Талдықұдық ауылында тұрамыз. Малымызды ауылдан үш шақырым жердегі Атықара қыстағында ұстаймыз. Сол күні мал жоғалып, Дәурен көрші ауыл – Ақпәтерге мал іздеуге таң алдында шығып кеткен. Ұялы байланыс желісі ұстамайтындықтан, телефонын үйге қалдырып, алаңсыз кете барған. Содан хабарсыз кетті. Ертесіне екі бауыры ауыл маңындағы канал жанынан қаңырап тұрған, жанармайы таусылған көлігін тапты. Ауыл адамдары да жұмыла іздеп, сай-сала, ауыл маңын түгел қарап шықты. Төртінші күні аудандық учаскелік полиция инспекторы Жақсылық Мәженовке хабарластым. Жедел құтқару жасағы үш күн бойы көлік тұрған каналдың суын кезіп іздеді. 30 қараша күні маған келіп, «Таба алмадық, қолдан келген шараның бәрін жасадық, енді бәрі облыстық полицияның құзырында», — деді Жақсылық. Содан соң аудандық прокуратураға бардым. Олар баламның жоғалғанын облыстық департаменттегілердің де біліп отырғанын, іздеу жұмыстары жүргізілетінін айтып,  шығарып салды, — дейді баласының аман-сау екенінен күдерін үзбеген ана.

Куәгерлердің айтуынша, Дәурен ең алдымен Ақпәтердегі Айбек есімді малшы жігітке барған. Екеуі дайын көлікпен Сексенбай елді мекенінде жұмыс істейтін Айбектің әйелін алып келген. Ақпәтерде ұялы телефон байланысы жақсы ұстайтындықтан, Дәурен Айбектің телефонымен әйелі Өзипаға хабарласып, мал іздеп шыққанын, Ақпәтерде екенін, кешке үйге қайтатынын хабарлаған. Алайда сол күні Айбектен бөлек тағы үш жігіт жиналып, ішімдік ішкен көрінеді. Осыдан соң Дәурен туралы жөнді ақпарат жоқ. Өйткені соңғы сәттері жанында болғандар Айбек екі түрлі нұсқа айтады: бірі «Ішіп-жеп, бірге ұйықтап қалдық, таңертең тұрсам, жоқ екен» десе, енді бірде «Кешкі ондар шамасында мені тыңдамай, көлігіне мініп кетіп қалды» дейді.

– Жасырмаймын, балам анда-санда ішімдік ішеді. Бірақ жан баласына зиян тигізіп көрген емес. Өзінің мінезі тұйық. Қолы ашық, ақкөңіл. 2007 жылы үйленді. Келінім Өзипа Наурызова қалада жұмыс істеп, сонда тұрады. Жарық дүниеге сегіз бала әкелдім. Үлкені қайтыс болды. Содан кейінгісі Дәурен,  — деді телефонның ар жағындағы Әлия апай.

Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ана ауылға келіп-кететін саудагерлерден Дәурен туралы түрлі қаңқу сөздер еститінін айтты. Дәуренге ұқсайтын жігітті Чапаев ауылынан, тағы біреулер Оралдағы орталық  базар маңынан көргендерін айтады екен.

– Қатты азып, қап-қара болып кеткен дейді көргендер. Бірақ Дәуреннің нақ өзі екендігіне сенімсіз. Оның үстіне балама іздеу салынған хабарламалар тек аудандағы Жаңажол ауылындағы мектеп пен әкімшілікте ғана ілулі тұр. Баламды көргендер оның іздеуде екенін білмейді ғой. Тиісті жерлерге дереу хабар беріп үлгермейді. Балам туралы хабар облыс көлемінде таратылып, тұтас облыс құлынымның жоғалғанын білсе деймін. Баламды тезірек табуға көмектесіңіздерші! — дейді ұлын жанұшыра іздеген ана.

Бұған дейін де елімізде із-түзсіз жоғалғандар туралы түрлі телехабар түсірілді, басылым беттерінде жазылды. Жоғалғандар саны аз емес, ал жоғалудың себебі сан алуан. Бірі Дәурен секілді мал іздеп шығып, өзі де қоса жоғалады, енді бірі дүкенге шығып кетіп, қайта оралмаған. Олардың арасында басынан жарақат алып, есінен адасқандар, әлдебіреулер күштеп алып кеткендер, серуендеп жүріп, жұмбақ жағдайда жоғалғандар, тіпті өз әйелін өзі өлтіріп тастап, артынша «әйелім жоғалып кетті» деп полицияға арыз бергендер де бар. Мақаланы жазамыз дегенше санамыздан осынша ақпарат тізіліп өтті. Ал жоғалған адамдардың туыстарына құлақ түрсең, «құзырлы мекемелер іздестіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеді, салғырт қарады» деген өкпе-реніштерін айтады. Мүмкін  бұл уәж де орынды шығар. Өйткені ресейлік бір ғана «Жди меня» телебағдарламасы қаншама адамды отбасына қайтарды. Қазақ телеарналары да сондай бір хабарды бастаған еді, эфирден алынғанша талай жанның сағынысып қауышуына септігін тигізген-ді. Осының өзі шындап кіріссе, жер астынан да тауып алатын қауқар бар екенін көрсетіп тұр емес пе?!

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

PS:  Облыстық  ішкі  істер  департаментіне  хабарласып,  осы  уақытқа  дейін  жоғалып  кеткен  адамдардың  есебін  сұрадық.  Өткен  жылы  бір  ғана  Батыс  Қазақстан  облысында  88  адамға  іздеу  салынса,  оның  8-і  ұшты-күйлі  жоғалған.  Ал  соңғы  бес  жыл  ішінде  із-түзсіз  кеткен  37  адам  әлі  күнге  дейін  табылмаған.  Бәрінен  де  жоғалғандардың  орнын  сипап  қалған  ата-анасының,   жұбайыиен  перзенттерінің  ащы  зары  жанға  батады…

Қайдасың,    Дәурен?..


«Алма піс, аузыма түс» дейтіндер әлі бар

Күні: , 72 рет оқылды


Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  өткен  баспасөз  мәслихатында  облыстық  жұмыспен қамтуды  үйлестіру  және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасының  басшысы  Қалияр  Айтмұхамбетов  өзі  басшылық  ететін  саладағы  атқарылған  жұмыстар  туралы  баяндап,  өңір  журналистері қойған  сауалдарға  жауап  берді.


– Азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және облыс тұрғындарының әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету басты мақсатымыз болып табылады. Өткен жылы халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бекітілді. Орталығымызға 28 741 адам жұмыс сұрап жолықса, оның 27 526-сы жұмыспен қамтылды. Ал 2521-і жұмыссыз ретінде әлі тіркеуде. Сондай-ақ былтыр 14 269 бос жұмыс орны ашылып, 5192 маман қайта даярлау курсынан өтті. Ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандардың дені ауылдық жерлерден. Жыл сайын өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің де маңызы өте зор. Өткен жылдың өзінде облысымызда 66 жәрмеңке өткізіліп, нәтижесінде 1272 адам жұмысқа орналасты. «Бастау Бизнес» жобасы аясында жеке кәсібін ашқысы келетін 938 азаматқа арнайы курстар ұйымдастырылып, оның 327-сіне 1 млрд. 773,5 млн. теңге көлемінде шағын несие берілді. Аз қамтылған отбасыларға шартты және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек көрсетіп келеміз, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Басқарма басшысының мәліметінше, табысы аз, тұрмысы төмен тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында мемлекет атаулы әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймай, жұмысқа тұруға жәрдемдесіп, жеке кәсіп ашуға көмектесуде. Сондай-ақ 23 684 мүмкіндігі шектеулі жанға түрлі әлеуметтік көмек көрсетілуде. Мысалы, есту қабілетін арттыратын 1554 жаңа құрал таратылып, 854 адам санаторийге жолдама алған және өзге де шаралар  ұйымдастырылған.

– Көші-қон процестерін реттеу мемлекеттік саясатта маңызды орын алады. 2017 жылы облысымызға 45 қазақ отбасы көшіп келіп, оларға оралман мәртебесі берілді. Оралмандар да ҚР азаматтарымен тең деңгейде әлеуметтік қорғалып, жұмыспен қамтылады. Елбасымыздың сарабдал саясатын жүзеге асыру барысында халықты әлеуметтік қолдау әрдайым назарда болады. Бүгінде қаламыздағы тұрақты мекені жоқ жандарды оңалту орталығында 840 адам тіркеуде тұр. Ал, мемлекет азаматтардың пайда әкелетін кез келген іспен айналысуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Оқығысы келетін адамды оқуға жолдаймыз. Шағын несие аламын десе, оны да алуға көмектесеміз. Бар мәселе жұмыс сұраушылардың өздерінде болып тұр. Жалақысы 50-60 мың теңгені құрайтын жұмысты істегісі келмейді. Бірақ біз өз тарапымыздан қаншалықты көмек қолын созсақ, олардың да сәйкесінше әрекет етуін талап етеміз, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Өңіріміздің еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы қойған сауалымызға Қалияр Айтмұхамбетов өткен жылы 5137 азаматқа арнайы курстарға оқу үшін жолдама бергендігін айтты. Олардың басым бөлігі электр-дәнекерлеуші мамандығын игерген. Сондай-ақ автожүргізуші, механизатор, аспаз және шаштараз мамандықтарын алуға  сұраныс  көп  екен.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Көшелі істер жөнінен көш ілгері Қазталов

Күні: , 151 рет оқылды


Патриотизм  кіндік  қаның  тамған  жеріңе,  өскен  ауылыңа, қалаң  мен  өңіріңе,  яғни  туған  жеріңе  деген  сүйіспеншіліктен   басталады.

(Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н. Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ  «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»   атты  мақаласынан)


Мемлекет  басшысының  «Болашаққа  бағдар: рухани  жаңғыру»  бағдарламасынан  туындайтын  мақсат-міндеттерді  жүзеге  асырудың  жай-жапсары сәрсенбі  күні  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұловтың  төрағалығымен  өткен селекторлық  кеңесте  талқыланды.  Барлық  аудандар  әкімдерінің әлеуметтік  сала  бойынша  орынбасарлары  қатысқан  кеңесте Қазталов  ауданы  әкімінің  орынбасары  Зәйлім  Мәжитова  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасының  және  төрт  шағын  бағыттың орындалу  барысы  жайында  жан-жақты  баяндады.

Зәйлім Исатайқызының айтуынша, ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау бойынша аудандық жобалық кеңсе жасақталып, 29 тармақтан тұратын жұмыс жоспары бекітілген. Арнайы алты жобаны жүзеге асыру бағытында 36 адамнан тұратын аудандық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында қоғамдық ұйымдардың өкілдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мұғалімдер мен ауылдық округтердің әкімдері, мекеме-кәсіпорын басшылары мен жастар ұйымдарының өкілдері бар.

«Тәрбие және білім» шағын бағдарламасы бойынша Қазталов ауданында 19 ірі шара ұйымдастырылып, 953 адам қамтылған. Соның ішінде «Өлкетану» базалық бағыты бойынша 2017 жылы облыстық білім басқармасының сараптама кеңесінің қорытындысы бойынша аудандық шығармашылық топтың мүшесі Мирбол Адаялиевтің «Туған жер – алтын бесік» атты өлкетану курсы ауданның 27 мектебінің оқу бағдарламасына енгізілсе, аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығында бастау алған «Туған өлкем – Ақ Жайық» виртуалды интернет энциклопедиясына аудан тарихына қатысты құнды тарихи мәліметтер мен кесекті тұлғалардың өміріне қатысты тың деректерді жариялау жақсы дәстүрге айналған.

– Биыл мектеп оқушыларын Сарайшық, Жайық қалашығы, киелі Түркістан сияқты тарихи орындар мен музейлерге саяхатқа алып бару, бес мектепте тарихи-өлкетану музейін ашу жоспарлануда. Қазталов ауылындағы А. Оразбаева атындағы орта мектептің 150 жылдық мерейтойына орай мектеп музейін қайта жабдықтап, білім ордасының тарихи-анықтамалық ғылыми кітабын шығармақпыз. Аудан көлемінде оқушылардың «Менің Отаным – Қазақстан» экспедициялық жасақтар слетін, аудандық «Үздік мектеп музейі» фестивалін және «Туған жер – алтын бесік» өлкетану олимпиадасын жыл соңына дейін кезең-кезеңімен өткізу көзделген. Жалпы, «Өлкетану» базалық бағыты бойынша ауданда 12 шара ұйымдастырылып, оған 812 адам тартылды, – деді Зәйлім Исатайқызы.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында жеті мектепте Ақ Жайық атырабынан түлеп ұшқан танымал ақын-жазушылар «Ғұмартану», «Жұбантану», «Қадыртану» «Ақұштаптану» курстары қолға алынып, аудандағы барлық мектепте үшінші тоқсаннан бастап үзіліс уақытындағы қоңырау сыңғырын қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні алмастырған. Мектептің көрнекті жеріне қазақ күйшілерінің өмірі мен шығармашылығы, күйлердің шығу тарихы туралы  мәліметтер  ілінген.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов аудан әкімдерінің орынбасарларына қазталовтықтардың бастамасын үлгі ете отырып, облыстағы барлық мектептерде қоңырау үнін күймен алмастыруды қолға алуды тапсырды.

– Үзіліс күймен басталып, басында атауы берілсе, баланың санасында сол жатталып қалады. Жас ұрпақ күйді біліп, оның шығу тарихы мен мән-мазмұнын санасына сіңіріп өседі. Осы жобаның әдістемесін әзірлеп, бір жүйеге келтіру керек. Екіншіден, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жастар мен оқушылардың асық ойынына қызығушылығын арттыру мақсатында мектептерге барып, асық ойнатып жүр. Мектептерде үзіліс кезінде асық ойнау үшін бұрыш ашылса, бұл балалардың дене қозғалысын жақсартып, оған қоса интеллектуалдық, мергендік, тез шешім қабылдаушылық қасиеттерін дамытады. Спорт мектептерінің мамандарымен бірлесіп, асық ойындарын кеңінен насихаттауды облыс мектептеріне ғана емес,  колледждер мен жоғары оқу орындарында да енгізуді облыстық білім басқармасына тапсырамын,  – деді Ғ. Оспанқұлов.

Қазталовтықтардың аудан мектептері жанындағы қосымша білім беру ұйымдарында ағаштан, жануарлар сүйегінен, матадан ұлттық нақыштағы түрлі кәдесыйлар және зергерлік бұйымдар жасау туралы бастамасы да өзгелерге үлгі етуге тұрарлық. Зәйлім Исатайқызы қойдың жауырынынан жасалған керемет кәдесыйды селекторға қатысушы әріптестерінің назарына ұсына отырып, наурыз айында өтетін аудандық қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесін тамашалауға шақырды. Сонымен қатар іргелі бағдарламаның «Рухани қазына» шағын бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқтала кеткен баяндамашы «Туған жер – туған ел» базалық бағыты бойынша «Туған өлке» энциклопедиялық кітабын, «Қазталовтың жер-су атаулары» және «Жергілікті сазгерлер» жинақтарын шығару қолға  алынғанын  айтып  өтті.

Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған ауыл-аймақты құрметтеуден бастау алады. Бұл орайда туған өлкенің өркендеуіне айтулы үлес қосып жүрген жалпақталдық, қараөзендік және ақпәтерлік азаматтардың ауызбіршілігі сүйсінтеді. Мәселен, Ақпәтер ауылдық округінде өткен «Көше тойларында» шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің демеушілігі мен тұрғындардың белсенділігі арқасында жиналған 4 млн. 500 мың теңгеге 17 жарық фонары, көшеге есімдері берілген соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет белгісі ретінде баннерлер мен лайтбокстар орнатылып, көше тақтайшалары жаңартылды. Ал Жалпақтал, Қазталов ауылдық округтеріндегі көше тойларында жергілікті жұртшылық өз күшімен 148 тонна қатты қалдықты арнайы полигонға тасып шығарды.

Қазталов ауданындағы алты шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы өсіріп, ауыл жастарын атбегілік өнерге баулуды қолға алса, аудан орталығында жеке кәсіпкер Жоламан Есетов өз ауласынан жылқы үйірмесін ашып, ауыл балаларын атқа мінгізіп, жүйрік баптауды үйретіп, ұлттық ат спортының кең қанат жаюына ұйытқы болуда.

Кеңес барысында Ғабидолла Абдоллаұлы аудандағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жұмысы қалай жолға қойылғанын және кеңсе ғимараты жанынан «Рухани жаңғыру» логотипін орнату туралы тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрады. Зәйлім Исатайқызы «Рухани жаңғыру» кеңсесіне қосымша мәжіліс залы берілгенін, ал қараңғы мезгілде де жарқырап, жарық шашып тұратын «Рухани жаңғыру» белгісінің тапсырыспен дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұдан өзге Талдыапан ауылында «Домбыра» монументі, ал Жалпақтал ауылында «Қобыз» монументі орнатылмақ. «Рухани жаңғыру» аясында әр мектепте, әр ауылдық округте «Жерлестер базасын» жасақтау, ауылдан шыққан меценаттармен және кәсіпкерлермен байланыс орнату да жолға қойылған.

Жиында шағын бағдарламалар жетекшілері де кезекпен сөз алды. «Өлкетану» шағын бағдарламасы бойынша облыстық білім беру басқармасының басшысы Шолпан Қадырова өлкетану базалық жобасы аясында өткен барлық шараларды жинақтап, өлкенің тың деректерін ашуды, олардың жалпыға қолжетімділігін  қамтамасыз  етуді  ұсынды.

– Облыстық білім беру басқармасы барлық аудандар мен Орал қаласында «Қазақтың 100 күйі» жобасын бастауды ұсынады. Әр ауданнан жолданған ұсыныстарды талқылап, қоңырау уақытында ойнатылатын күйлердің бірыңғай ортақ тізімін жасаған жөн. «Саналы азамат» базалық жобасы бойынша Қазталов ауданында іскерлік бағыттағы кездесулер, табысқа жеткен кәсіпкер   азаматтардың   шеберлік сағаттары, онлайн дәрістер ұйымдастырылса және «Отаным – тағдырым» бойынша  балалар арасында еріктілер қозғалысын өрістету қажет, – деді Шолпан Маратқызы.

Облыстық сарапшылар кеңесінің төрағасы Нұрлан Серғалиев: – «Рухани жаңғыру» дегенде, ұдайы тарих қойнауына сүңгіп кете бермеуіміз керек шығар. Ел басына күн туғанда, ортақ Отанымыз үшін ерліктің ерен үлгісін көрсеткен, бүгінде ортамызда жүрген майдангерлер мен тыл ардагерлерін назардан тыс қалдырып жүрген жоқпыз ба?! Олардың жер басып жүргендерінің арасында біздің қолдау-көмегімізге зәру жандар бар екендігі кәміл, – дей келе, қайырымдылық бағытындағы іс-шараларға баса көңіл  бөлуге  шақырды.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадырәлиевтің мәлімдеуінше, Қазталов ауданы «Ақпарат толқыны» шағын бағдарламасы бойынша БАҚ беттерінде және әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттар мен мақалалар жөнінен де көш бастап тұр.

– Өткен аптада 180 материал жарық көрді, соның ішінде 47-сі мерзімді басылымдарда, 133-і әлеуметтік желілерде. Қазталов ауданында 41 жарияланым. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл – кей аудандардан екі есе, ал кейбір аудандардан үш-төрт есе озық көрсеткіш. Ақжайық, Жаңақала, Бөкей ордасы, Бөрлі, Зеленов, Теректі және Шыңғырлау аудандарында мазмұнды мақалалар жарық көрді. Мәселен, Шыңғырлау ауданында мемлекеттік қызметшілер жұма күндері жұмысқа ұлттық нақыштағы киім үлгісімен келеді екен.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев облыстың мектеп музейлеріндегі жәдігерлердің сақталуы ерекше назар аударуды талап ететін мәселе екенін айтты.

– Археологиялық сала бойынша табылған заттар: қыш құмыралар мен олардың сынықтары, жебенің ұштары, мамонттың тісі, қару-жарақ түрлері сияқты жәдігерлер балалардың қолына ұстатпас бұрын зерттеу-зерделеуден өтуі тиіс. Оның өзінде олар жабық витрина астынан көрсетіледі. Музей ішін бірқалыпты температурада ұстауға, түрлі кеміргіштер мен шаңнан қорғауға мән беріп, садақ, қылыш, мылтық сияқты қару-жарақ түрлері міндетті түрде дабыл қосылғыш астында сақталуы шарт. Ал мектеп музейі өлкеге қатысты материалдық емес мұра жинаумен айналысып, аңыздар мен мақал-мәтелдер, ертегі-қиссалар, тұлғалар туралы әңгімелерді көнекөз қариялардан жазып алып, мектеп музейі арқылы насихаттаса, қандай ғанибет?! – деді Мирболат Бижанұлы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік жобалық кеңсе менеджері Гүлсім Усағалиева аудандағы әріптестерінен «Рухани жаңғыру» аясындағы шағын бағдарламалар бойынша іс-шараларды әрқайсысын жеке-жеке өткізе бермей, бір-бірін толықтырып, қамтып отыратындай жүйелі түрде ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Осы бағытта Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласы бойынша жүйелі жұмыс баршылық. Қалған аудандардағы жұмыстарды біз көре алмай отырмыз және өңірлік жобалық кеңсемен байланыстары төмен. Әсіресе, Сырым және Бөрлі аудандарымен қарапайым телефон арқылы байланыс орната алмай отырмыз. Апта сайын осындай кедергілер орын алуда, – деді Гүлсім Задашқызы. Ғабидолла Абдоллаұлы қос аудандағы әкім орынбасарларына бұл мәселені бақылауға алып, айтылған сыннан нәтиже шығару қажеттігін ескертті.

Кеңес барысында «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин жақында облыстық басылымда «Қызыл кітап» айдары ашылғанын айта келе, ел ішіндегі басшы-қосшыларға табиғатқа жүйелі жанашырлық таныту мәселесін ұдайы назарда ұстауды ұсынды.

– Бұқаралық санада «Туған елдің, туған өлкенің табиғатын қорғау – Отанды қорғаумен пара-пар іс» деген ұғым-түсінік қалыптастыру өте маңызды. Мәселен, аудан-ауылдардағы және мектептердегі музейлерде табиғатты қорғауға арналған арнайы бұрыш-мүйіс жасақталғаны жөн. Себебі, әр аудан-ауылдың аумағында құрып кетудің алдында тұрған табиғат перзенттері, өсімдіктер, аң-құстар баршылық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында осы жайтты ескерсеңіздер, керім болар еді. Сөз саптауларыңыздан көптеген шенеуніктерге тән логикалық-стилистикалық кемшілік байқалады. «Қазақстандық патриотизмді, ұлтжандылықты, елжандылықты жастардың бойына сіңіру» деп айтасыздар. Адамның бойына сіңетіні оның ішкен-жеген тамағы. Ал патриоттық бағыттағы тәлім-тәрбиені бойға емес, санаға сіңіру шарт! Қаладағы жастар ұйымдарынан қарияларға көрсетілген қайырымдылық-қамқорлық туралы біраз материал редакцияға түсіп тұрады. Ал аудандардан осы бағыттағы материалдар жоқтың қасы. Редакция қызметкерлері өзен-көлдердің бетін қалың қар мен мұз жапқан қыс мезгілінде ойық ойып, балық атаулыға оттегін жіберу және көктем шыға құстарға ұя жасау сықылды сауапты істерді жылдар бойы ұдайы ұйымдастырып келеді. Өкінішке орай, қалалық және аудандық жастар ұйымдары тарапынан осы бастама әлі күнге дейін белсенді қолдау табар емес. Туған елдің табиғатына үнемі жанашырлық таныту рухани тұрғыдан жаңғырудың күретамыр бір бағыты екендігін ұмытпайық, – деді Бауыржан  Файзоллаұлы.

Жиын соңында Ғабидолла Оспанқұлов Зәйлім Мәжитоваға Қазталов ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмысты жүйелі және үлгілі түрде атқарғаны үшін алғысын  білдірді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


«Мен тек міндетімді атқардым», – дейді жоба жеңімпазы

Күні: , 64 рет оқылды


«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңіске жеткен зеленовтық Елена Шушлебинаның ерлігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Ақтөбе облысынан Тасқаладағы туыстарына келген 35 жасар Роза Дүйісова Орал қаласына бара жатқанда толғағы қысып, қатты қиналады. Оның үстіне сәби анасының құрсағында дұрыс орналаспаған. Оралға жеткізу мүмкін емес екенін түсінгесін, Зеленов аудандық орталық ауруханасына қоңырау шалады.


– Шатыспасам, шілденің 19 күні болды бұл оқиға. Дәрігер, акушер-гинеколог еңбек демалысында болатын. Қоңырауға учаскелік медбике болған соң өзім бардым. Діттеген орынға жеткен бойда босанушы әйелді тексеріп, медициналық кітапшасынан жүктіліктің қиын өтіп жатқанын білдім. Қолымның жеңіл болғаны шығар, сағат 12-ден 40 минут кеткенде Роза өмірге қыз әкелді, – дейді сол күнді еске алған Елена Сергеевна.

Иә, қолының да жеңілдігі болар. Бірақ толғағы ауыр болған анаға қоса, жарық дүниеге көрінер сәбидің де өмірін сақтап қалу үшін де біліктілік керек. Әрине, жолда, таксиде де босанып қалып жатқан жағдайлар ұшырасады. Ал енді жүктілік ауыр болып, шақалақ теріс келген кезде баладан да, босанушы анадан да айырылып қалу қаупі артады. Міне, осы ерлігімен бар жауапкершілікті өз мойнына алған тәуекелшілдігінің арқасында мейірбике Елбасының өзі жариялаған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында жеңіске жетті.

– Бұл жобада жеңіп шығамын деген ой болған емес. Алматы мен Астана сияқты қалалардағы білікті дәрігерлер тұрғанда, орта білімді ауыл мейірбикесі жеңіске жетеді деп ойлаған да жоқпын. Әр адам үшін өз елінің бас қаласында болу арман ғой. Менің арманым осы жобаның арқасында орындалды. Президентімізді көріп, қол алыстым. Мен сияқты ауылда туып-өскен жан үшін бұл – үлкен мәртебе. Елбасын бұған дейін бір рет ауданымызға келген сапарында көргенмін. Бұл жолы қолын қысып, рахметін естідім.

Осы күнге дейін елімізде тек спортшылар мен әртістер ғана танымал болса, бұл жоба елімізде барлық сала бойынша кез келген адамға үлгі болатын тұлғалардың бар екенін көрсетті. Біздің облыс атынан жобаға қатысып, жеңімпаз атанған Саида Қалықованың өзі қазіргі заманның батыры деуге лайық жан, – дейді Елена.

Жоба ұйымдастырушылары Еленаның еңбегін ескеріп, Астана қаласына біліктілігін арттырып, дәрігерлік білім алуға екі жылдық оқуға да шақырған. Еліміздің ең үздік деген мейірбикелеріне ғана берілер мүмкіндікті екі баланың анасы әзірге пайдалана алар емес. Жолдың қашықтығы мен үйдегі балаларға қарайтын жанның болмауы кедергі болуда.

Екінің бірі жеңіске жетпейтін жобада үздік болған Елена Сергеевнаның республикаға аты шыққанына жолдасы да іштей разы екен. – Жолдасым мені әрқашан қолдап жүретінін білемін. Өзіме тіке айтпаса да, қуанып, мен үшін мақтанып жүргенін сеземін, – дейді Елена.

Елена өмірін сақтап, өзі босандырып алған Роза анамен сол оқиғадан кейін  кездеспеген. Тек ауруханадан шығарған кезде Розаның ата-анасы арнайы іздеп келіп, алғысын айтыпты.

– Шынымды айтсам, сол Розаның арқасында мен де үлкен жетістікке жетіп отырмын. Алас-қапаста телефонын да жоғалтып алыппын. Әлеуметтік желі арқылы байланысып, баланың жағдайын біліп, алғысымды айтпақпын. Менің оларға жасағанымнан, олардың маған бергені көбірек болды. Зады, мен тек кәсіби міндетімді атқардым, – деп күледі Елена.

Бұрын тек жұмыс пен үй ортасында ғана жүретін медбике келіншек осы күні нағыз жұлдызға айналды. Жуырда аудан орталығында үлкен деңгейде кездесу өтсе, апта соңында Дариян ауылында арнайы кездесу өтпек. Келер аптада Тасқала ауданы шақырып отыр. Бұған дейін облыс, аудан әкімдері қабылдап, алғыстарын білдірген.

Әлі күнге дейін жобада танысқан жаңа достарымен хабар алысып тұратын Елена жоба жеңімпаздары бірлесіп, мұқтаж жандарға көмектесуді де қолға алғанын айтады. Астанадағы басқосу кезінде ойға алған идеяны жоба жеңімпаздары іске асырып та үлгерген. Қазіргі таңда олар мүмкіндігі шектеулі бір баланың еміне ауқымды қаражат аударыпты.

– Бір адам көп нәрсе жасай алмасы анық. Сондықтан жоба жеңімпаздары бірігіп, мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмек беріп тұруға келістік. Біз қалтамыздан шығарған кішкене қаржыдан тарылып қалмаймыз. Бірақ, бірлесіп шығарған сол қаражат көмекке мұқтаж жанға көп пайдасын тигізуі мүмкін, – деген Елена Сергеевна әр қазақстандық бірлік бар жерде берекелі тірліктің де болатынын есте сақтасын, – дейді.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Лунара  ҚОСЖАНОВА:

– Ақтөбе қаласында тұрып жатқан Роза апамыз ауылымызға келген болатын. Ай-күні жақындаған оның жүктілігі ауыр өтіп жатқанынан хабардар едік. Аяқ астынан толғағы қысып, Орал қаласына алып кетті. Жолда босанып қалуы мүмкін дегенді естігенде қорқып кеткенбіз. Бірақ Елена сияқты білікті маманның арқасында апам да, жиенім де аман қалды. Ол үшін Еленаға деген ризашылығымыз шексіз. Қазір Назерке жиенімізге 6 ай толды. Тым жақсы өсіп келеді. Назерке бір жасқа толған кезде өмірін сақтап қалған Еленаға арнайы апарып, таныстырамыз.

Роза  ДҮЙІСОВА:

– Қызымның  да, менің де өмірімді сақтап қалған Еленаға ризашылығым шексіз. Өз ісін білетін, қиын кезде шешім қабылдап, адам өміріне араша түсуге дайын дәрігерлер көп болсын! Назеркемді қолыма алып, әлдилеп отырғаным – Еленаның арқасы. Еңбегі еленіп, халықтың танымал тұлғасына айналуы өте дұрыс болды. Жоба ұйымдастырушылары ерекше қабілетті жандарды таныстырып қана қоймай, бейбіт күннің батырларын қоғамға үлгі етуде. Назерке сияқты балғындар өз өміріне араша түскен жандарды ұмытпай, елжанды болып өсеріне сенемін.


Төтеншеліктерге табысталған Ту

Күні: , 34 рет оқылды


ҚР Президентінің 2017 жылғы 15 қыркүйектегі Жарлығымен азаматтық қорғау бағытындағы уәкілетті мекеме мен білім беру ұйымдарының жалауы бекітілген болатын.


Кеше ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марат Хасенов Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевқа аталмыш департаменттің Туын табыс етті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің акт залында өткен салтанатты шараға аталмыш сала қызметкерлері мен ардагерлері жиылды.

– Бүгін біздің сүйікті Отанымыз департаментімізге өз жалауымызды табыс етуде. Ту абырой мен айбынның, даңқтың символы болып есептеледі. Иә, бұл қасиеттер біздің ұжымымызда да бар. Ту Отан алдындағы қасиетті борышымыз бен ерлік дәстүрімізді әрдайым жадымызда жаңғыртады. Жетістіктеріміз арта берсін, Туымыз еңкеймесін! – деді шарада құттықтау сөз алған сала ардагері, запастағы полковник Константин Федотов.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика