Мұрағат: 24.01.2018


Жер телімін сатып алу киын ба?

Күні: , 252 рет оқылды


Жер қорының экономикалық тиімділігін арттыру мен нарықтағы белсенді айналымын ынталандыру мақсатында елімізде мемлекет меншігіндегі жер телімдері аукционға шығарылады. Мұның өзі жер қорының экономикалық тиімділігін арттыру және нарықтағы белсенді айналымын ынталандыруды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар Орал қаласында да жүруде.


Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисембалиевтың айтуынша, ҚР-ның «Жер кодексінің» 48-бабына сәйкес коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер телімдерін жалдау құқығын сату аукцион арқылы жүргізіледі.  2017 жылы Орал қаласында осындай екі аукцион өткізген. Мамыр айында өткен аукционда сегіз жер телімі саттыққа шығарылды. Аукцион ағылшындық әдіс бойынша өткізіліп, одан 5 млн. 200 мың теңге түсті. Бұл жер телімдерінің төртеуі Круглоозерный кентінде, төртеуі Деркөл кенті аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта жер телімін сатып алған бір азамат дүкен ғимаратын салып, халыққа сауда қызметін көрсетуде. Ал өзгелері құрылыс  жұмыстарын  бастауда.

– Жер учаскелеріне жалдау құқығын сату үшін БАҚ-тарға хабарлама береміз. Аукционға жасы 18-ге толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Қатысу үшін алдымен бес пайыз көлемінде алғашқы жарна төлеу керек. Түсіндіре кетсек, аукцион қатысушысы ретінде тіркелу үшін жеке және заңды тұлғалар біздің бөлімге келіп, аукционға қатысуға өтінім береді. Сондай-ақ бес пайыздық кепілдік жарнаның енгізілгендігін растайтын төлем құжатын, өкілеттілігін куәландыратын құжатты да тапсырады. Аукцион ағылшын әдісімен өткізіледі, яғни бастапқы бағасының өсуіне қарай, мейлінше қымбаттырақ бағаға өткізу көзделеді. Өткен жылы сегіз жер теліміне аукцион өткізгенде, оған 15 адам қатысып бақ сынады. Жер телімдерін жалға беру құқымен сату  аукциондарынан түсетін қаржы қала қазынасын толықтырады, – деді Арман Бисембалиев.

Оның айтуынша, екінші аукцион 2017 жылғы 12 желтоқсанда өткізілді. Онда бес жер учаскесі ашық аукционға шығарылды. Аукционға шығарылған төрт лот бойынша 29 азамат қатысты да, бір лотқа бір ғана қатысушы болған. Заң бойынша бір адам қатысқан аукцион өткізілмеген болып саналады. Төрт лот бойынша сауда-саттық іске асып, жер телімдері 20 млн. 430 мың теңгеге сатылды. Бұл аукцион қорытындысы бойынша үш адам белгіленген қаржыны төледі, енді бір азамат бағасы ең қымбат жер үшін қомақты қаржыны төлеуде.

– Бүгінде жер телімдерін конкурсқа немесе аукционға шығару бағытында бірқатар жұмыс жасалуда. Алдымен «Гипрозем» сәулет-құрылыс мекемелерімен бірге аукционға шығарылатын жер телімдерін қарастырамыз. Облыс, қала әкімдерінің қабылдауына келетін және жазбаша өтініш еткен тұрғындарға оларға қажетті жер телімінің масштабын, көлемін нақтылауды сұраймыз. Содан кейін арыздарды қабылдап, оларды жер телімін пайдалануға рұқсат беретін 13 құзырлы орынға, ұйым-мекемеге, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындарға жолдаймыз. Өйткені кейбір жер телімдері астымен кәріз, су және жылу, газ желісі өтеді. Осылайша коммуналдық қызмет орындары біз жолдаған 30 шақты жер телімінің тек бесеуі не жетеуіне рұқсат береді. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң  негізінде сол жер телімдеріне конкурс жариялап, техникалық құжаттамаларын дайындаймыз. Өңірде құрылыс жобаларын жасақтайтын лицензиясы бар жеке, заңды тұлғалар, ұйымдар баршылық. Сондықтан порталға құрылыс жобасын жасақтауға конкурс жариялап, төмен баға ұсынған тұлғамен келісімшарт жасалады.

Құрылыс жобасында жер  телімі бойынша жерге орналастырудың сәйкес шекарасы анықталады. Жерге орналастыру құжаттары дайын болған соң әкімдіктің қаулысы шығады. Содан кейін БАҚ арқылы бұл жерлерге конкурс, аукцион өткізілетіні жарияланады, – деді Арман Бисембалиев.

Бөлім басшысының айтуынша, қалалық әкімдікте биыл қанша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің конкурсқа, коммерциялық мақсаттағы жер телімдерінің аукционға шығарылатыны жөнінде нақты жоспар жасалмаған,  алдын  ала  ақпарат  жоқ.

Шаруашылыққа жер конкурспен беріледі

2017 жылғы 27 қарашада шаруа қожалықтары жұмысын жүргізуге және ауыл шаруашылығы өндірісі үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері  алғаш рет конкурсқа шығарылды.

«Аукцион және конкурстың екеуі – екі түрлі нәрсе, конкурсқа ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады, конкурсқа шығарылатын жерлер шаруашылық жүргізуге, ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыруға беріледі», – деп түсіндірді Арман Бисембалиев.

Оның айтуынша, бұл конкурсқа үш жер телімі шығарылды. Олардың барлығы да Круглозерный кенті аумағында орналасқан. Үш лотты 1181 гектар шабындық жер құрады және 1-лотта 89 гектар, 2-лотта 240 гектар, 3-лотта 852 гектар жер болды. Осы үш лотқа жеті ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қатысты. Конкурстың нәтижесі бойынша 89 гектар шабындық шығарылған бір лотқа қатысушы болмағандықтан, өткізілмеген деп саналған. Ал келесі бір лотқа үш адам, тағы бір лотқа төрт адам қатысты. Жер жөніндегі комиссия отырысында тауар өндірушілердің бизнес-жоспары, техникасының бар-жоқтығы жан-жақты қаралып, ескерілген. Сол себептен комиссия жерді түлетумен айналысқан  тәжірибелі, техникасы сайлы, әріптестерінен жұмыс істей алады деген ұсынбалары бар азаматтарға басымдық берді. Нәтижесінде екі шаруашылық құрылымы конкурстың жеңімпазы деп танылды.

Бүгінде қалалық әкімдіктің тиісті қаулысы шығып, аталмыш шаруашылықтармен келісімшарт жасалды. Бұл жер телімдері 10 жыл мерзімге жалға берілді. Өйткені Елбасының 2016 жылғы 6 мамырдағы Жарлығы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері жеке меншікке беруге  мораторий  енгізілген.

Кәсіпкерлер неге бос жер іздеуге мәжбүр?

Мамандардың айтуынша, коммерциялық мақсаттағы жер телімдері үш жыл мерзімге жалға беру құқымен сатылады. Жер телімін сатып алушы үш жыл ішінде жер телімін мақсатты пайдаланып, тиісті кәсіпкерлік ғимаратын салып, жерді толығымен игеруі тиіс.  Тек содан кейін ғана кәсіпкер жер телімінің кадастрлық құнын төлеп, оны өз меншігіне алады. Бұлай болмаған жағдайда «Жер кодексінің» 92-інші және 94-баптары бойынша игерілмеген жер телімі кері мемлекет меншігіне қайтарылады. Әйтпесе, қарайған жер телімін тақымына басып, өзі де игермей, өзгеге де бермей отырса, не болар еді?!

Әдетте іскер азаматтар қалалық әкімдіктен кәсіпкерлікті дамытуға жер телімін сұрасақ, «Жер телімін өздеріңіз іздеп табыңыздар» деп кергиді деседі. Әрине, жер телімін сатып алғысы келетіндердің барлығының қолы бос болса, әрі қаланың қуыс-тесігін жақсы білсе, ештеңе емес. Ал бұлай болмаса ше? Жалпы сонда бұл жер қатынастары бөлімі мамандарының өз міндет-миссияларын өзгелерге сырып тастағаны емес пе?! Сонда  кәсіпкерлердің немесе іспен айналысқысы келетін азаматтардың бос жатқан бизнеске жарамды жер телімдерін қалай іздеп таппақ деген сауалды бөлім басшысынан іркіп қала алмадық.

– Бүгінде ондай жер телімдерін өздеріміз іздестіріп дайындап, тиісті орындармен үйлестірудеміз. Кейде картадан қарап, уақыт тауып барған сол жер телімдері оларға ұнай қоймайды. Кәсіпкерлерде өздеріне ыңғайлы, теміржол тұйықтығы не кірме жолы бар жерлерді сұрайды.  Сондықтан оларға өздеріңе ыңғайлы жер телімдерін тауып көріңіздер деп айтатынымыз рас. Бұл өздері үшін жасалатын шаруа. Бірақ дәл солар тапқан жер телімдерін олардың қолдарына ұстатып жібермей-міз, аукционға шығарамыз, – деді Арман Бисембалиев.

Алайда Ақ Жайық атырабы іскер, ақшалы азаматтардан кенде емес. Аукционға шығарылған коммерциялық жер телімдерін сондай қалталылардың сатып ала беруі де ықтимал. Ондай бірнеше жер телімін сатып алушы оларды игерсе жақсы немесе үш жылдық мерзімді өткізбекке көз алдау үшін қалқитып бірдеңе тұрғызса. Мұның өзі сайып келгенде тағы да жерді тиімді пайдалануға емес, ондай жер телімдерін екінші мәрте саттыққа жол ашпай ма?!  Бұл сұрағымызға мамандар «Жер кодексін» алдымызға тартты. Онда бір азаматтың бірнеше жер телімін жалға алу құқығымен сатып алуына ешқандай кедергі жоқтығы айтылған. Бастысы, сол жер телімдерінің іске жаратылуы, ал олай болмаған жағдайда ол жер телімдері мемлекетке кері қайтарылады. Жоғарыда айтылғандай, үш жылда кәсіпкер ол жерге ешқандай нысан салмай, кәдеге жаратпаса, онда сот арқылы кері қайтарылады. Әуелі бұл жер телімінің құжаты жер инспекциясына жолданады, ондағы мамандармен тексеріледі. Инспекция кәсіпкерге ескертіп, белгілі уақыт ішінде жерді игеруді тапсырады. Одан кейін  де жер игерілмесе, онда сотқа жолданады.

Қала әкімдігіне коммерциялық жер телімдерінің электрондық базасын жасақтау  туралы халық қалаулыларынан ұсыныс түскені мәлім. Бірақ «баяғы жартас сол жартас», әлі қозғалыс жоқ. Қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы базаны жасақтау үшін бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, ревизия жүргізу қажеттігін айтады. Оның қашан  шешілері  белгісіз.

Жер кезегі жылжи ма?

Биылғы жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша Орал қалалық әкімдігінің жер кезегінде 71 мың 180 адам кезекке қойылған.  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы Круглоозерный кентінде егжей-тегжейлі жер (ПДП) жоспары жасақталып, бекітілді. Аталмыш кент аумағынан бір мыңның үстінде жер телімі анықталды. Енді жергілікті атқарушы орган қала әкімдігімен инженерлік-коммуникациялық желілер тартуға қаржы қарастырылуда. Газ, су, жарық желісі тартылып, жол салынған соң ғана жер телімі кезек бойынша беріледі. Алайда қаражаттың қашан бөлінетін, одан кейін коммуникацияның қай уақытта тартылып бітетіні қараңғы. Сондықтан жер қатынастары бөліміндегілер жер кезегінің қашан жылжитынын дөп басып айта алмады.

– Біздің мекемеде кезектегілердің құжаттарын қарап, тексеруден өткізудеміз. Кейбір кезектегі адамдар өмірден озып кетті дегендей. Өткен жылдың аяғында әділет басқармасына, некені тіркеу орнына, көші-қон полициясына тиісті құжаттарды жолдадық. Мысалға, орта есеппен 500 адамның құжатын жібергенімізде, олардың ішінен 16 адамның қайтыс болғаны жөнінде ақпарат алдық. Мұны жер комиссиясына шығарып, марқұмдарды кезек тізімінен алу жөнінде шешім шығарылды, – деді Арман Бисембалиев.

Дегенмен, ауыл-аймақтан екі қолға бір күрек таппай, тірлігі қым-қуыт қалада өзгенің пәтерін сағалап жүрген 71 мың баспанасыздың жер қашан бөлінер екен деп күтіп жүргені шындық. Сондықтан «аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, үйсіздердің күйіне  түсіністікпен  қарау  керек.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

 

Аукцион өтеді!

Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің хабарлауынша, қала әкімдігі 2018 жылғы  31 қаңтарда сағат 11.00-де Орал қаласы, Достық-Дружба даңғылы, 182/1 мекенжайындағы қала әкімдігі ғимаратының үлкен мәжіліс залында коммерциялық бағыттағы нысандар құрылысы үшін жер телімдерін жалдау құқығын сату бойынша аукцион өткізеді.  

Аукционға жалдау құқығын сату үшін ұсынылған жер телімдерінің тізімі

р/с   Сауданы өткізу тәсілі  мен әдісі   Құқықтан айыру түрі   Жер учаскесінің алаңы (га)   Нысаналы мақсаты   Жер учаскесінің орналасқан жері   Бастапқы құны, теңге   Кепілдік жарнасы  
1   Аукцион (ағылшындық әдіс)   3 жылға  жалдау құқығы   0,0627   ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін   Круглоозерный кенті, Атамекен шағынауданы, Сыпыра жырау және Көкпар көшелерінің қиылысында   44015,4   2200,77  
2   Аукцион (ағылшындық әдіс)   3 жылға  жалдау құқығы   0,1000   ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін   Матросов және Л. Чайкина көшелерінің қиылысындағы   163 800   8190  
3   Аукцион (ағылшындық әдіс)   3 жылға  жалдау құқығы   0,0004   жарнамалық объектілерін (сити-борд) орналастыру үшін   Еуразия даңғылы, 246/1-үй ауданындағы (жұп жағы)   748,8   37,44  
4.   Аукцион (ағылшындық әдіс)   3 жылға  жалдау құқығы   0,2500   ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін   Зашаған кенті, Айтқұлов көшесі бойындағы   409 500   20 475  
5.   Аукцион (ағылшындық әдіс)   3 жылға  жалдау құқығы   0,0280   ғимарат құрылысына және оған қызмет көрсету үшін   Шолохов және Штыбы көшелерінің қиылысында   45 864   2293,2  
 

Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің берген ақпаратына сүйенсек, аукцион ағылшындық әдіс бойынша (бастапқы бағасының өсуіне қарай) өткізіледі. «Аукцион қатысушыларын тіркеу ақпараттық хабар жарияланған күннен бастап жүргізіледі және аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады. Аукцион қатысуға өтініштер мына мекенжайда қабылданады: Орал қаласы, Достық-Дружба даңғылы, 182/1, 2п-кабинет анықтама үшін телефон: 8 (7112) 50-08-75», – деді аталмыш бөлім басшысы Арман Бисембалиев.


Байқау!!!

Күні: , 138 рет оқылды


«Жайық Пресс» ЖШС Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық код, «Туған жер», тарих тақырыбындағы мәселелерді жүзеге асыру мақсатында өңіріміздегі барлық мектеп музейлері арасында «Ерекше жәдігер» атты байқау жариялайды.


Байқау талаптары:

Байқауға қатысушы музейлер өздерінің қорындағы ең көне деген жәдігердің суретін және жәдігер тарихы туралы толыққанды ақпаратты қазақ тілінде oral_oniri@inbox.ru, орыс тілінде pri_ru@mail.ru электронды пошталарына «Ерекше жәдігер» байқауына» деген атаумен жолдауы тиіс. Тарихи құндылығы мен көрнекілігіне қарай жолданған жұмыстардың бірқатары «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде жарияланып, толық тізбесі zhaikpress.kz сайтына орналастырылады. Облыстық білім басқармасы және «Жайық Пресс» ЖШС қызметкерлерінен құрылған комиссия үздік деп танылған үш жұмысты анықтайды. Үздік жұмыстарымен ерекшеленген музейлерге арнайы сый тағайындалып, олар туралы «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінде кең көлемді мақала жарық көреді. Байқауға жолданатын жұмыстар бүгіннен бастап ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін қабылданады.


Көп сатылған көліктер

Күні: , 66 рет оқылды


2017 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың ең көп сұранысқа ие автокөлік брендтерінің арасында «Toyota» көш бастады.


Нақтырақ айтқанда, былтыр Қазақстанда «Toyota» ныспылы 9252 автокөлік сатылған. Екінші орында ресейлік Lada (8729 автокөлік сатылған) көліктері тұр. 2017 жылы өзбекстандық Ravon машиналарының 4621 данасы сатылып, аталған марка алғашқы үштікті түйіндеді. Одан кейінгі орындарда Hyundai (3624) мен GAZ (2611) тұр. Сонымен қатар үздік маркалардың ондығына Renault (2486), KIA (2301), UAZ (1900), Nissan (1683) және Chevrolet (1489) енген.

Жалпы 2017 жылы Қазақстан аумағында ресми диллерлер арқылы 46 377 көлік сатылып, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға артық болып отыр. Жеңіл автокөлікті сатып алу үшін былтыр қазақстандықтар 1,12 миллиард (алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,6 пайызға артық) теңге жұмсаған. Жеңіл автокөлікті сатып алу белсенділігі бойынша Алматы (11 928), Астана (8383), Шымкент (3292), Атырау (3257), Қостанай (2893), Қарағанды (2762), Орал (2437), Өскемен (2224), Ақтау (1763) және Ақтөбе (734) қалалары алдыңғы қатарда.


VIP-нөмірлер қымбаттады

Күні: , 96 рет оқылды


Жаңа жылдан бастап, көліктердің VIP мемлекеттік нөмірлері қымбаттады.


Неғұрлым сәнді нөмір болса, соғұрлым бағасы да жоғары. Мәселен, 2017 жылы 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлері үшін 228 АЕК (517 332 теңге) көлемінде төлем енгізілсе, 2018 жылы дәл осындай «крутой» нөмірлер үшін мемлекет қазынасына 285 АЕК (685 425) теңге төлеу қажет болады.


Киелі жерлер жайлы сыр шерткен қос кітап

Күні: , 195 рет оқылды


Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

(Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласынан)


Елордасы Астанада «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған жоспарлары талқыланған форум өткен болатын. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлердегі мәдениет, туризм басқармаларының басшылары, республикалық, облыстық музейлер мен музей-қорықтардың директорлары, белгілі ғалымдар қатысты.

Шараның бел ортасынан оралған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев келген бойда «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллинмен арнайы кездесті. Қадырболат Қабдырұлы бұл жолы рухани бағдарлама аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруға және туған өлкенің тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін Жантас Набиоллаұлына және аталмыш медиаорталықтың жанынан ашылған Батыс Қазақстан өңіріндегі баспасөз тарихын зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Құттымұратұлына мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Құрмет грамотасын табыс етті. Сонымен қатар әр өңір жұртшылығының атсалысуымен жарыққа шыққан, Елордада тұсауы кесілген жалпыұлттық және аймақтық маңызы бар тариxи нысандарға арналған «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты екі жинақты таныстырды. Айта кету керек, министрдің бұл марапатына Фараби Жанқадамов, Гүлназ Айтқалиева, Мирболат Ерсаев, Асылханым Жаркемалиева, Талғат Жүсіпқалиевтер де ие болды. Ал Айболат Құрымбаев, Жәнібек Әбілпейісов, Кәрім Өтеғұлов, Тыныштық Өтешқалиев «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен марапатталды.

— Әр өңірдің өзінің киелі, қасиетті жерлері көп болғанымен, бүгінге дейін бір жерге тоғыстырылмаған еді. Немесе өңірлердегі киелі жерлер насихатталғанмен, толықтырылған бір кітап боп шыққан дүние жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар нәтижесін беріп, қос кітап жарық көрді. Киелі жерлерді анықтау осымен аяқталып қалмайды. Әлі де зерттеулер жүргізіліп, олардың тізіміне өзгерістер енгізіліп, толықтырылатын болады. Өйткені әлі де аяқ баспаған жерлеріміз, тарихқа ілікпей қалып қойып жатқан орындар бар. Кітап шығару оңай емес. Сондықтан да қос кітаптың артында тынымсыз еңбек, үлкен ізденіс жатыр. Министрден алған марапатты бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесі, жемісі деп айтуға болады, — деген Қадырболат Қабдырұлы киелі орындардың мән-мазмұнын ашуда өздерінің әр түрлі үлестерін қосқан облысымыздағы ескерткіштерді қорғау инспекциясы мен облыстық музейге, аудандардағы ағайындарға алғысын білдірді.

— Жалпыұлттық және аймақтық киелі жерлердің тізімі екі бөлек кітап ретінде жарыққа шығуының мәні бар. Іріктеу кезінде әр өңір өте көп нысан ұсынып, республикаға таңдау жасау оңай болмады. Сол себепті жинақ жекелеген өңірге маңызды және республикаға ортақ нысандар деп екіге бөлінді. «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарына» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 52 нысан енген. Бұл – ең жоғары көрсеткіш. Бұдан кейін Қарағанды облысы (43 нысан), Алматы облысы (41 нысан), біздің облыс (40 нысан) тұр. Яғни Батыс Қазақстан облысы төртінші орында екен. Бұл бізді қуантады. Біз соңғы бес жылдан бері құлпытастарды зерттеумен айналысып келеміз. Бұл бағытта жинаққа ғылыми зерттеу нәтижелерінде табылған 13 тұлға енгізілген. Олардың қатарында Жарман хазірет, Дәуқара батыр, Байбарақ батыр, Тайлақ Мәметайұлы, Үкі би, Айшуақ хан, Науша батыр, Жетпіс палуан, Сүгір жырау бар. Байқасам, осы тұлғалармен деңгейлес біраз ата-бабаларымыз қалып қойған. Мәселен, Есім хан, Мәулімберді және т. б. бар. Алайда «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы зерттеу жұмыстарының тоқтамайтынын, қолдау болатынын айтып отыр. Құлпытастарды зерттеу бағытында жұмыстанған батысқазақстандық азаматтарға алғыс білдіремін.

«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» туралы айтар болсам, жинаққа біз тұрақты зерттеп жүрген Ғ. Қараш бабамыздың зираты енген. Бұл тұлғаларымыз осыған дейін ескерусіз келді. Жоба арқасында тұлғамызды республикаға таныта алатындай жағдайға қол жеткізіп отырмыз. Бұл жобаның басы-қасындағы азаматтар әділетті жұмыс істеуде деп есептеймін. Кітапқа маңызы жоғары Сегізсай қорғандар кешені енбеген екен. Болашақта ескерілетініне сенеміз. Жалпы, жинаққа 191 нысан енсе, соның алтауы біздің облыстан екен. Болашақта әлі де түгенделіп жинақ болып шығатынына, яғни тізімге талай лайықтылар енетініне сенемін. Бұрын рухани-мәдени құндылықтар бойынша бір жүйелі орталықтандырылған іс-әрекеттер жасалса, әр өңірдің басын қосатын орталық болса деуші едік. Қазіргі уақытта орталық ашылып, жүйелі жұмыстар басталып жатыр. Жыл бойғы жұмыстың нәтижесінде жарық көрген қос кітаптан облысымызға ғана қатысты емес, басқа өңірлер жөнінде де мол мағлұмат алуға болады. Жалпы Қазақстан бойынша танысуға мүмкіндік бар», — деген Жантас Набиоллаұлы өңірді зерттеп-зерделеуге үлес қосқан жандардың еңбегін атап өтті.

Енді Астана төрінен жеткен қос кітапқа қысқаша тоқталып өтсек. Өткен жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолға алуымен киелі жерлер мен тарихи ескерткіштерді анықтап, тізімін жасап, олардың мән-маңызын зерттеу қолға алынған болатын. Ұлттық музей жанынан «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Терең тағылымы тарих қойнауында жатқан бізге мәлім де беймәлім жерлерді тауып, олардың тылсым сырын ашу оңай болған жоқ. Десек те, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деп бағдарламада айтылғанындай, рухты оятып, рухани азық сыйлайтын құнды жәдігерлерді білу бүгінгі өмірдің тізгінін ұстаған біз үшін міндет болса, келер ұрпаққа таныту – парыз. Рес-публикалық форум барысында да осы бір рухты асқақтатып, қалыптасқан қазақы қалыпты одан әрі жани түсетін құнды дүниелер дәріптелді. Әсіресе, жыл бойғы ізденістің нәтижесінде жарыққа шыққан екі кітап жалпақ жұртқа таныстырылды.

Оның бірі «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» атты жинақ Елбасының алғы сөзімен үш тілде жарық көрді. Таралымы — 1000 дана. Бұл кітапқа біздің өңірден алты нысан: Тақсай қорған кешені, Жайық қалашығы, Жұмағазы Хазірет кесенесі, Ғұмар Қараштың жерленген жері, «Бөкей ордасы» тарихи кешені, Жымпитыдағы Алашорда үйі енген. Атап өтсек, мұнда ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар, діни және ғибадат орындары, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар және саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар болып тақырыптарға бөлінген. Ал «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» атты қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітапқа Астана мен Алматыдағы, сондай-ақ облыстардағы қасиетті нысандар еніп отыр. Облысымыз-дағы бұл жерлердің тізімі Жайық өзенінің оң жақ бетіндегі ең биік нүкте саналатын Ешкі тауынан басталады. Шалқыған Шалқар көлі мен Аққұм кешені де бар. Торатбасы тауы, Айдана қыраты, «Қырық оба» кешені, Үкі би кесенесі, Айшуақ хан, Жолбарыс батыр Торыұлының жерленген жерлері тағы да басқа бірнеше киелі жер енген. Басылымдар туған өлкесінің табиғи, тарихи ескерткіштерін зерттеуге қызығушылық танытатан көпшілік оқырманға арналған.

Сондай-ақ «Қасиетті Қазақстан» атты энциклопедияның І томы жарыққа шықты.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Таңбасы жоқ тон заңсыз

Күні: , 104 рет оқылды


Өткен жылдың соңында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетімен бірге тері бұйымдарын таңбалау жүйесі жобасын іске қосты. Бұл жоба тұтынушыны контрафактілік өнімдерден қорғайды.


Бұдан үш жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақ аясында тері бұйымдарын таңбалау жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Осы уақыт аралығында қажетті ақпараттық жүйені дайындап, нормативтік-құқық актілері қабылданды. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, түрлі семинарлар өткізілді. Таңбалау құны қымбат емес, құн бақылау (сәйкестендіру) таңбалары жүйесінде бекітілген. Тері қалдықтары бар кәсіпкерлер жоба іске қосылған уақыттан бастап күнтізбелік 90 күн ішінде, ал импорттаушылар еркін айналымға тауарларды шығарған күннен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде таңбалау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Тері бұйымдарын таңбалау үш түрден тұрады: қисық, аспалы және тігілмелі.  Кәсіпкер таңбалауды жүргізу үшін ең алдымен GS1 Kazakhstan ассоциациясымен шартқа отыруы керек. Сол  қауымдастықтан GTIN нөмірін алуы керек. Кәсіпкерлер таңба бойынша тапсырысты 2-сатылы эмитентке, яғни таңбаны дайындайтын және сататын тұлғаға береді. Үдеріс барынша ашық, egov.kz арқылы жүзеге асады. Толық ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің және ҚР ҰКП «Атамекен» сайттарынан алуға болады. Жалпы барлық туындаған сұрақтармен БҚО  кәсіпкерлер палатасына 6-кабинетке келіп жолығуға, яки 24-30-78 телефонымен хабарласуға болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Эльмира  Өтешева.

Оның айтуынша, таңбалауға заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер өндірген немесе әкелген қара күзен, саз құндыз, ақ түлкі не қызыл түлкі, үй қояны, не қоян, жанат, қой терісінен жасалған киімдер жатады. Сатылмаған тері бұйымдары да міндетті таңбалануға жатады. Мұндай тауарлары бар кәсіпкерлер пилоттық жоба жұмыс істеген күннен бастап 90 күнтізбелік күн ішінде таңбалауға тиісті. Көтерме саудадағы да, бөлшек саудадағы да тері бұйымдары таңбалануы тиіс. Тіпті жеке тұлғамен жасалған шарт негізінде комиссиялық саудада сатуға ұсынылатын тауарлар да таңбаланады. Ал жеке тұлғалар өздері кию үшін әкелген тері бұйымдары бақылау, яғни сәйкестендіру белгілерімен таңбаланбайды.

– Аталмыш жоба тұтынушыға, мемлекетке не береді? Біріншіден, тұтынушы сатып алатын тауары туралы толық ақпарат алады. Таңбалау тұтынушыны контрафактілік өнімнен қорғайды. Екіншіден, нарықты заңсыз өнімдерден қорғап, зияткерлік меншік құқықтарын сақтауға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлердің бизнес жүргізудегі бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Сондай-ақ еліміздегі көлеңкелі экономиканың көлемін қысқартып, бюджетке түсетін салықтардың түсімін арттырады, – деді  Эльмира  Өтешева.

Қазақстаннан бұрын мұндай жобаны қолға алған Ресей мен Белоруссия тәжірибесі бір жыл ішінде тері бұйымдарының заңды айналымының жеті есеге өскенін көрсетті.  Мамандардың айтуынша, 2016 жылы еліміздің аумағына 11 877 дана тон жеткізілген. Олардың басым бөлігі Қытай, Түркия, Еуразиялық одақ, БАӘ, Өзбекстан және өзге де елдерден тасымалданған. Тиісті заңдылықтарға өзгерістер енгізілмегендіктен, әзірге жоба бойынша тері бұйымдарынан тұратын тауарлар таңбаланбаған жағдайда ешқандай шара, санкция қарастырылмаған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Меценаттардың қолдауымен 247 жоба жүзеге аспақ

Күні: , 94 рет оқылды


«Рухани жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  биыл  меценаттардың  қолдауымен  облыста  жалпы  құны  1 млрд.  513 млн.  теңге құрайтын  247  жобаны  жүзеге  асыру  жоспарлануда  (бір  жоба – құны 7 млн.  теңгелік  Шыңғырлау ауданындағы  Утва  өзені үстінен көпір  салу  жобасы  қазірдің  өзінде  жүзеге  асырылды). Бұл  туралы сейсенбі  күні  БҚО  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында өткен  брифингте  айтылды.  Баспасөз  мәслихатына  қатысқан   «Рухани жаңғыру» өңірлік  жобалық  кеңсесінің  жетекшісі  Салтанат  Тұманбаева,  кеңсе  менеджері  Гүлсім  Усағалиева  және  кеңсе әкімгері  Мұхтар  Дәулетжанов  өткен  жылы  атқарылған  жобалар мен  2018  жылға  жоспарланған  жобалар  жөнінде  кеңінен  әңгіме  қозғады.


Аталмыш кеңсе жетекшісі Салтанат Тұманбаеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің 2017 жылғы басты жұмысы алты арнайы жоба, төрт кіші бағдарлама және 12 базалық бағыт аясында жүргізілген. Бұл жұмыстарға алдағы уақытта тағы да кіші бағдарламалар қосылмақ.

– «Рухани жаңғыру» – бір-екі жылға арналған бағдарлама емес, бірнеше жыл ішінде жүйелі жүзеге асырылатын бағдарлама. Сол себепті, біз өз жұмысымызда саннан гөрі сапаға айрықша мән береміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша («Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламалары шеңберінде) 143 шараны ұйымдастырып  өткіздік. Оған меценаттар қаржысы есебінен 2 млрд. 377 млн. теңге қаржы жұмсалды. 2018 жылға 174 шара жоспарлап отырмыз. Халықтан, қоғамдық ұйымдардан келіп түскен ұсыныс-пікірлерді сарапшылар кеңесінің талқысына салып, елеп-екшегеннен кейін шаралар саны әрі қарай толықтырылады, – дейді Салтанат Асқарқызы.

Жобалық кеңсенің әкімгері М. Дәулетжанов бағдарламаны жүзеге асыру барысында жас ұрпақтың бойына қазақстандық патриотизмді сіңіру үшін өлкетанудың үлкен рөл атқаратындығын атап өтіп, осы бағытта атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

– Биылдан бастап бізде «Туристік марафон» жобасы жүзеге асырылмақ. Жоба аясында 87 мың бала алдағы екі жыл ішінде өз ауылының, ауданының, облысының көрікті жерлеріне куә болып, одан әрі Қазақстанның қасиетті жерлеріне сапар шегеді. Біздің ойымызша, қазақстандық патриотизмнің негізі туған жерге деген сүйіспеншілік арқылы қалыптасады. Осы мақсатпен жобалық кеңсе қызметкерлері бірнеше ауданды аралады. Сапар барысында мектеп музейлерінің жұмысын тексердік. Оларға сарапшылар кеңесі  баға берді, — деді ол.

Өткен жылдың аяғында Орал қаласында «Жомарт жүрек» облыстық байқауы өткізіліп,  22 меценат туған ауылдарының дамуына қосқан қомақты үлестері үшін түрлі аталымдармен марапатталғаны белгілі. Осы бағытта 2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде дәстүрге айналған жобалармен бірге,  жаңа, тың бастамалар қолға алынбақ. Олардың ішінен «Заманауи дәрістер», «Мейірімді көктем» акциясы, «Бастау» коворкинг орталығы, «Елім менің» жастар коалициясының қызметі, «Гүлдене бер, туған ел!» және «Таза қала!» акцияларын ерекше атап өтуге болады.

Гүлсім Задашқызының  айтуынша, «Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша жүргізіліп отырған жұмыстардың да қарқыны жақсы. Қасиетті жерлердің республикалық тізіміне Батыс Қазақстан облысынан алты нысан енген. Олар ортағасырлық «Жайық» қалашығы, «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені, Тақсай қорған кешені, Жұмағазы-хазірет және Ғұмар Қараш кесенелері, Жымпиты ауылындағы  Алашорда  музейі.

Қазіргі уақытта Сырым ауданындағы Алашорда музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп,  жалпы құны 22 млн. 914 мың теңгеге экспозициялар толық жаңартылған. Сондай-ақ меценаттар қаржысы есебінен Жәнібек ауданында Ғұмар Қарашқа кесене тұрғызылмақ. Аталған нысандардың құрылысынан бөлек, жыл ішінде көптеген кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып, ғылыми-зерттеу бағытындағы экспедициялар ұйымдастырылып,  инфрақұрылым жасақталмақ. Сондай-ақ ұлттық кодты насихаттау мақсатында облыс мектептерінде домбыра сабақтары өтуде. Алдағы  мамыр айының екінші онкүндігінде Орал қаласындағы басты алаңда ұлы күйші Құрманғазының шығармасын бір мезгілде көптеген домбырашының орындауы бойынша флешмоб  өтеді  деп  жоспарлануда.

Брифинг соңында спикерлер журналистердің  сұрақтарына жауап  берді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жаңа мектепте күй күмбірлейді

Күні: , 101 рет оқылды


Кеше  Орал  қаласына  қарасты  Деркөл кентінде  600  орындық жаңа  мектеп  салтанатты  түрде  ашылды.


Мектеп құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталған болатын. Аталмыш білім ошағында барлығы 56 кабинет бар. Мектептегі бастауыш сынып және пәндік кабинеттерден бөлек төрт мультимедиялық, төрт информатика, жаратылыстану пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер заманауи білім беру жүйесіне сай жабдықталған. Кітапханасының оқу залы 25 оқушыға есептелген. Бұдан бөлек, екі шеберхана, екі спортзал, 200 орындық акт залы, 130 орындық асханасы бар. Жеті кабинетке интерактивті тақта орнатылған. Психолог, логопед және медициналық қызметкерлерге арнайы кабинеттер қарастырылған. Мектепте 25 сынып ашып, бес 500 оқушыны қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ 100 оқушыға арналған төрт сыныптан тұратын шағын орталық жұмыс жасамақ. Құны 1 434, 1 млн. теңгені құраған жоба Ұлттық қордан  қаржыландырылған.

– Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласында төрт бірдей мектептің құрылысы аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 3,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Төрт мектеп 2400 оқушыны қамтиды. Президентіміздің биылғы Жолдауында білім саласына әдеттегідей айрықша мән берілген. Елбасы Жолдауына сәйкес, биыл мұғалімдердің жалақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейеді. Осыған дейін біздің облысымыздың  білім саласы еліміз бойынша үнемі алдыңғы қатардан көрініп келді. Осы жетістігімізді одан әрмен дамытуымыз керек. Шалғай аудан-ауылдарда 223 шағын жинақты мектеп бар. Олар да материалдық-техникалық жағынан жетілдірілуі тиіс. Биыл шағын мектептердің барлығы электронды контентпен, компьютермен қамтылатын болады. Мұны Елбасы Жолдауындағы білім саласын цифрландыру бағытына сай жүзеге асырмақпыз. Қала және ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылықты барынша азайтқымыз келеді. Бұл – шалғай мектептердегі білім сапасын арттырады. Бүгінгі таңда қаладағы тұрғындар санының артуымен бірге мектеп оқушылары да, сәйкесінше, көбейіп келеді. Әрине, бұл – қуанарлық жайт. Он жыл бұрын қала тұрғындарының саны 220 мыңдай болса, қазір 300 мыңнан асты. Облыс тұрғындарының саны да артып келеді. Мұның бәрі демографиялық оң өзгерісті, экономикамыздың, мемлекетіміздің дамуын айғақтайды. Мемлекетіміз әрі қарай тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында түрлі әлеуметтік бағдарламаларды дамыта бермек, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов жаңа нысанның салтанатты ашылуында. Ол сондай-ақ күз бен көктемгі лайсаңнан қиындық көріп келген аталмыш аудан тұрғындарына биылдан бастап жол салынатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді. Облыс әкімі мектептің құрылыс жұмыстарын ойдағыдай атқарғаны үшін «Альтаир» ЖШС-ның бас директоры Сергей Потиченкоға ризашылығын білдіріп, құрылыс сапасы алдағы уақытта да бақылауда болатынын айтты. Аталмыш мектеп орналасқан шағынауданның тұрғындары атынан құттықтау сөз алған ардагер-ұстаз Мақсот Тоқтар Елбасына, облыс басшылығына өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай туғызғаны үшін алғысын жеткізді.

Алтай Сейдірұлы су жаңа білім ошағындағы өнерлі өрендерді тәрбиелейтін «Шабыт» орталығының жұмысымен, барлық пәндік кабинеттердің  жарақтандырылуымен танысты. №49 орта жалпы білім беретін жаңа мектептің директоры Нұржан Алпысбаев аталмыш білім ошағында қоңырау орнына қазақтың күйлері күмбірлейтіндігін  тілге  тиек  етті.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Астана Ақ Жайыққа жақындай түсті

Күні: , 57 рет оқылды


Сейсенбі  күні  Астана  қаласының  әкімі  Әсет  Исекешев  пен  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  Елордада   кездесті.  Елбасымыздың   «Төртінші  өнеркәсіптік   революция жағдайындағы  дамудың  жаңа  мүмкіндіктері»  атты  Жолдауы  аясында өткен  басқосуда  аймақаралық  ынтымақтастықты  дамыту жайы  талқыланды.  Кездесу   Қарашығанақ   Петролеум  Оперейтинг  (ҚПО)  мұнай  және  газ  конденсатты  кен  орнын  игеру жөніндегі  консорциум  басшылығының  қатысуымен  өтті.


Сондай-ақ кездесуге Астана қаласындағы бірқатар өндірістік компания қатысты. Атап айтқанда, мұнай өнімдерін өндіруші «Іскер-Ойл» ЖШС, медициналық құрылғылар шығаратын «KAZMEDPRIBOR Holding» ЖШС, ағынды суларды тазартатын құрылғы шығарушы «Торговый Дом Эколос» ЖШС, құрылыс материалдарын өндіретін «Selena Insulations» ЖШС, трансформаторлық қосалқы станциялар жасайтын «Спецэлектра» серіктестіктерімен қатар «Documentolog» ЖШС, «Коркем-телеком» ЖШС секілді IT-компаниялар қатысты.

Басқосу барысында қатысушылар «Индустрия 4.0» принциптерін қолдана отырып, индустриалды-инновациялық даму мен цифрландыру элементтері және «Смарт сити» концепциясы аясындағы әріптестіктің болашағы туралы талқылады. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруді дамыту үшін жағдай туғызу, қызмет көрсету сапасын арттыру туралы да айтылды.

Кездесу соңында Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында «Индустрия 4.0», цифрландыру және «Смарт сити» концепциясы аясында және Астана қаласы әкімдігі мен «ҚПО б.в.» компаниясы арасында бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыру және өнім түрін кеңейту мақсатында Астана қаласының шағын және орта бизнес базасында жаңа өндірістерді құру туралы меморандумға қол қойылды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Астана қаласының үлгісінде Оралқаласында «Смарт сити» концепциясының жүзеге асырылып жатқандығын айтты.

– Біздің басты мақсатымыз –Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру. Біз Астана қаласында «Смарт сити» жобасының өте жоғары деңгейде іске асырылып жатқанын көрдік. Бірнеше кәсіпорындарды араладық. Соның ішінде Астана қаласында жол жүру ережелерін сақтауда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар көп. Осы тәжірибе біз үшін де нәтижелі болады деп ойлаймын. Сондай-ақ «Индустрия 4.0» бағытына тоқталсақ, Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ компаниясы – еліміздегі ең ірі инвесторлардың бірі. Былтыр бұл компаниямен бірге Қазақстанның жеті өңірін араласақ, биыл Астанадан бастап отырмыз. Мақсат – Елбасының сапалы отандық өнім шығару және жергілікті қамтуды жүзеге асыру туралы тапсырмасын орындау. Мысалы, былтырғы жылы жергілікті қамту бойынша Қарашығанақ компаниясы 130 млрд. теңге инвестиция құйды. Биыл да сол жұмыстар жалғасын таппақ. Астана қаласының кәсіпкерлерін тартып, сапалы отандық өнім өндіруді жолға қойғымыз келеді. Бірнеше келісімшарт жасастық, – деді  облыс  әкімі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық тәжірибені таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек» деген болатын. Орал қаласы «Смарт сити» принциптеріне сәйкестендіруде Астана қаласын әрдайым үлгі етіп келеді. Елордаға қарап бой түзеп келе жатқан Орал қаласында басталған жаңа жобалар жоқ емес. Ағымдағы жылы облысымызда «Смарт сити» концепциясы бойынша 30 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Аталған концепция аясында облыс аумағындағы жолдар бойына, көп қабатты үйлердің кіреберістеріне, мектептер мен балабақшаларға 6 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұған қоса биыл 1500 камера орнату жоспарланып отыр.

Облыс орталығындағы бірқатар қоғамдық көліктерге жолақыны электронды қосымшамен төлеу үшін SMS-BUS жүйесі енгізіле бастады. Сондай-ақ емханалардағы кезекті азайту мақсатында «Электрондық  кезек» жүйесі  жұмыс жасауда.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Абайсызда атылды

Күні: , 463 рет оқылды


Орал қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде жазатайым оқиға орын алды. Кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысы үйіндегі аңшы мылтығын қызықтамақ болғанда, оқтаулы тұрған мылтық абайсызда атылып, қасындағы сыныптасын ауыр жарақаттаған.


Облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Ибрагим Жүсіпқалиевтің айтуынша, оқиға орын алған кезде үйде екі оқушыдан өзге ешкім болмаған. Мойын омыртқасы ауыр зақымданған оқушы бүгінгі таңда облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Өз  тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика