Мұрағат: 22.01.2018


«Қызыл кітап» – табиғатқа берілген қызыл мандат!

Күні: , 889 рет оқылды


   …Отыра алмас ұл шыдап,

   Қызың шыдап.

   Жоғалғандар тізімі – ұзын шұбақ.

   Қызыл кітап –

   Мезгілсіз кеткендердің

   Бастарына қойылған қызыл шырақ!

   Келеді кез,

   Күрделі біздің бұл кез!

   Жаутаңдайды адамға түзде мың көз,

   Қызыл кітап –

 Опат боп кеткен аңның,

 Бастарына қойылған қызыл күмбез.

 Қашқан кезде адамнан

 Ізін қандап,

 Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап.

 Қызыл кітап –

 Тірі жан тимесін деп,

 Хайуанатқа берілген қызыл мандат!.. 

                                                                                    

Қадыр МЫРЗА ӘЛИ

(«Қызыл кітап» поэмасынан)


«Қызыл кітап» – бұл жер бетінен жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жәндіктер, құстар мен аңдар туралы қысқаша сипаттамалық жинақ. Өкінішке орай, бүгіндері әлгіндей зауал төніп тұрған табиғат перзенттері аз емес. Тіпті жылдан жылға олардың қатары көбейіп, сондықтан да «Қызыл кітап» атаулы әр шыққан сайын күрт қалыңдап барады.

1948 жылы құрылған Халықаралық табиғатты қорғау қоғамы сиреп кеткен өсімдіктер мен хайуа-наттардың тізімін жасауға кірісті. Араға бір жыл салып, тым сирек ұшырасатын түрлерді қорғауды мақсат тұтқан комиссия құрылды. Осы комиссия мүшелерінің жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1963 жылы алғашқы халықаралық «Қызыл кітап» шықты. Үшбу комиссияның төрағасы, ағылшын эколог-орнитологы Питер Скотт «Қызыл түс қауіп-қатердің түсі, сол себепті адамдардың назарын бірден аударуы тиіс» деген ұйғарымға келіп, құрып кету қаупі төнген табиғат перзенттеріне арналған алғашқы жинақ қызыл түспен һәм сондай атаумен шықты. Содан бері халықаралық «Қызыл кітап» толықтырылып, бірнеше рет қайта басылған көрінеді. Бұған қоса әр мемлекет өзінің «Қызыл кітабын» шығаруды жолға қойды. Керек десеңіз, Ресей Федерациясы сияқты жер көлемі тым үлкен мемлекеттер өзінің құрамындағы әр аумақтық бөлініске қатысты дербес «Қызыл кітап» шығаруды дағдыға айналдырған. Ерекше екпін түсіріп айта кетерлік бір мәселе, қай жылы, қай мемлекетте, қай тілде, қандай көлеммен шықса да, «Қызыл кітап» атаулының бір-ақ басты мақсаты бар, ол – жер бетінен жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттерін (өсімдік, жәндік, құс, аң, балық, т.с.с) біржола құрып, мүлдем жойылып кетуден арашалап қалу. Осы тұста бәлкім, балаң, жасөспірім-көкөрім санада «Құдай жаратқан жәндік пен өсімдікке, аң мен құсқа мүлдем жойылып, тып-типыл құрып кететін қауіп-қатер қайдан?!» деген сауал қылаң беруі әбден кәдік. Иә, ондай қауіп-қатер негізінен адамнан, яғни адамның ашкөздігі мен адам қолымен жасалатын техногендік үрдістер кең дүниенің апшысын қуырып, тынысын тарылтып, жайпап барады.

Қазақстандық қоғамда қазіргі кезде сана сергектігі, рухани жаңғыру, рухани түлеу мәселесі өткір тұрға-ны мәлім. Демек, туған еліңнің, туған өлкеңнің табиғатына жанашыр болу әрі перзенттік парыз, әрі Отанның ортақ шаруасына оң иығыңды тосу деген сөз. Осындай ұғым-түсінікпен біз бүгін «Қызыл кітап» деген арнайы айдар ашып отырмыз. Бұл айдар аясында Ақ Жайық атырабы, яғни біздің Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қызыл кітапқа» енген табиғаттың төл перзенттерінің сипаттамасы беріліп тұрмақ. Дала-қала, аудан-ауыл, ел-жұрт тегіс білсін, туған өлкеміздің қай өсімдігі мен қай хайуанатының тағдыры қыл үстінде тұрғандығын. Біліп қана қоймай, олардың жер бетінен мүлдем жойылып, біржола құрып кетуіне жол бермей, үлкен-кішіміз бірдей жанашыр болайық, әлеумет! Осы идеяны қағазға түсірмек ойда жүргенде, ең болмаса қолымызға ұстап, парақтап көрейік деп «Қызыл кітапты» іздегенбіз. Облыс орталығындағы кітап дүкендерінен бірде-бір үшбу жинақты таппадық. Содан табиғатты қорғау, эколо-гиялық ахуалды қадағалау тікелей міндет-миссиясы болып табылатын облыстық деңгейдегі барлық мекемеге хабарластық. «Қызыл кітап» олардың барлығында дерлік жоқ болып шықты. Іздегенімізді тек Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың кітапханасынан ғана таптық. Көрдіңіз бе, табиғаттың қай перзентіне адамның аялы алақаны, жанашыр көзқарасы керек екендігі жөнінде мәлімет беретін «Қызыл кітаптың» өзі қасқалдақтың қанындай қат болып тұр. Негізі мұндай жинақ әр мекеме, тіпті әр үйде тұрса да, еш артықтық етпес еді…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

 

Ақ тұңғиық

Саны азайып бара жатқан сирек түрлердің бірі.

Ақ тұңғиық азықтық, өндірістік, шипалық және эстетикалық маңызға ие. Көпжылдық шөптесін су өсімдігі. Сабағы жоқ. Жапырақтары ұзынсағақты, суда қалқып жүреді, қалақтары тең бүйірлі емес, жапырақтарының үстіңгі беті жасыл, ал төменгі беті күлгін түсті. Тостағаншасының түбі дөңгелек. Гүлдері ақ түсті, біртіндеп аталыққа айналады, саны көп. Аналығы сары түсті, жалпақ. Гүлдері таңғы сағат 7-лерде ашылып, кешкі бесте жабылады. Түнде су астына кетеді. Жапырақтарының устьицалары тек үстіңгі бетінде болады және олардың саны орасан көп – 1 мм-ге 460-тай устьице келеді. Вегетативті  көбеюі ірі тамырсабағы арқылы жүзеге асады. Маусым-тамыз айларында гүлдеп, шілде-қыркүйекте жеміс береді. Табиғи жағдайы Батыс Қазақстанда (Жайық өзенінің бассейні) тоғандарда, қақ суларда, ағысы баяу өзендердің тоғандарында, көлдерде кездеседі. Кішігірім өзендердің арналарының кеуіп кетуі, су қоймаларының таяздануы, суының ластануы және өсімдіктің әсем гүлдерін көптеп жинау кесірінен тамырсабағының зақымдалуы түрдің сақталуына теріс әсер етеді. Қолдан өсіруге келмейді. Сирек су өсімдіктерін: сальвиния, тұңғиық, сарытұңғиық сияқты өсімдіктерді сақтау үшін Жайық өзенінің тармақтарының бірінде (Быковка, Прорва) қорықша құрылуы тиіс.

Алып көртышқан

Сирек, таралу аймағы шағын, Каспий өңірінің эндемигі. Солтүстік Каспий өңірінде таралған, Қазақстанда Жайық, Жем өзендерінің аралығында мекендейді. Әр түрлі типтегі құмдардың ылғалы мол жазықты және дөңесті бөліктерінде, терең сайлардың беткейлері мен құрғап қалған өзен арналарында ұшырасады. Қазақстанда жалпы саны белгісіз. Қоныстау тығыздығы 1 га-да 0,26-дан төрт басқа дейін ауытқып отырады. Шектейтін негізгі себептер – малды шектен тыс жаю, қатал қыс пен құрғақшылық. Батыс Қазақстан облысының Қарағаш құмды алқабында қорықша ұйымдастыру қажет.

Бұйра бірқазан

Саны кеміп келе жатқан түр. Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарындағы және Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі кейбір өзен-көлдерде жекеленіп ұялайтын топтары кездеседі. Тіршілік мекенінің нашарлауы және қасақылықтың (браконерліктің) әсерлерінен республикамызда бар-жоғы осы құстың ұялайтын 2 мыңға жуық жұбы ғана сақталып қалған. Ең алдымен Іле өзенінің бойында, сол сияқты Торғай өзенінің көлдерінде қорғалатын территорияларды ұйымдастыру керек.

Еділ майшабағы

Республика суларында, өзендердегі уылдырық шашатын жерлерінің жойылуынан және ретсіз аулаудың нәтижесінде саны өте жылдам кеміп келе жатқан өтпелі балық. Солтүстік Каспий су алқабында тіршілік етеді, бұрын онда ауланатын майшабақтардың негізін құраған. Жайық (бұрын 300 шақырымға дейін өрістейтін), Еділ, Терек өзендерінде уылдырық шашатын. Теңізде жайылып, ұзындығы 40 см, салмағы 600 г жететін. Таралу аймағының қазақстандық бөлігінде бұрын да көп болмайтын, ал қазір өте сирек кездеседі. Табиғи көбеюіне қамқорлық жасап, қолдан өсіру биотехникасын іске асыру қажет.


Нотариустердің көрсеткіші қомақты

Күні: , 77 рет оқылды


БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Хамидолла Құсдәулетов пен Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Естай Рашқалиев БАҚ өкілдерімен жүздесті.


Дәстүрлі брифингте сөз алған Хамидолла Мұхитұлының айтуынша, өткен жылы 63 170 жылжымайтын мүлікке құқық беретін құжат тіркелген. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 10 мыңға артық. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 460-бабы бойынша 1978 іс қозғалыпты. Аталмыш істерге байланысты өндірілген айыппұлдың мөлшері 44 млн. 699 195 теңгеге жеткен. Азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қоюды қамтамасыз ету бөлімі былтыр 26 539 жазбаны жүзеге асырған. Заңды тұлғаларды тіркеу ісінде де алға басушылық байқалады. Мысалы, былтыр 2534 заңды тұлға тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 533-ке артық көрсеткіш. Тек нотариустың саны ғана бір адамға азайыпты. Жалпы нотариус қызметі былтыр мемлекеттік бюджетке 124 миллион теңге кіріс түсірген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, екі есеге артық көрсеткішті құрап отыр. Адвокаттардың саны былтыр 11 адамға өскен екен. Өңірде бір аймақтық адвокаттар алқасы, 15 заң кеңесі, екі кеңсе жұмыс жасауда. Департамент былтыр 89 адвокатпен тегін заң көмегін көрсету жөнінде шарт жасасқан.

– Жеке сот орындаушыларының жалпы саны да жыл сайын өсіп келеді. Қазір жалпы алғанда өңірде 72 жеке сот орындаушысы бар. Олардың басым көпшілігі Орал қаласының үлесіне тиеді. Өткен жылы жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына үміткерлер аттестациялаудан өтті. Оған сегіз үміткер қатысып, ал-тауы кәсіби мақсатына жетті, – деді сөзін сабақтаған баяндамашы.

Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының өндірісінде былтыр 95 201 атқару құжаты болып, оның жартысына жуығы орындалған екен. Алайда жеке сот орындаушыларының кәсіптік қызметіне қатысты арыз-шағымдар да тыйылмаған. Былтыр сондай 297 шағымның 16-сы расталып, сол бойынша жекелеген сот орындаушылары тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Прокуратурадан үш, соттан төрт  жеке ұйғарым түсіп, сол бойынша да тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар бар екен. Бұдан басқа тауар белгілерін қолдану туралы заңнаманың талаптарын сақтау бойынша 14 тексеру жүргізіліп, 14 құқықбұзушылық анықталған. Сол бойынша кінәлі тұлғаларға 1 млн. 266 102 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Жанна БАЛЫҚОВА,

 «Приуралье» газеті:

– Адвокатура туралы не айтар едіңіз? Медиацияның барысы қандай?

Х. ҚҰСДӘУЛЕТОВ:

– Өткен жылы «Адвокатура туралы» заң жасақталу үстінде. Енді ол алдағы жарты жылдың ішінде қабылдануы тиіс. Заңның басты өзегі – адвокат қызметін халыққа қолжетімді жасау. Бір ғана мысал, бұрын адвокат болғысы келетін заңгер мамандар лицензиядан басқа құны 800 мың теңге тұратын кіру жарнасын төлейтін. Жаңа заң жобасында ол алып тасталынған. Бұдан бұрынғы заңның салдарынан еліміздегі адвокат саны бүгінде төрт мыңнан аспайды. Ал біздің Бөкей ордасы сияқты алыс ауданында шамамен 15 мың адамға бір ғана адвокат бар. Қаланы айтпағанда, әр ауданда 3-4 қорғаушының болғаны жақсы ғой. Демек, жаңа заң қабылданған соң жағдайдың өзгеретініне сенеміз.

– Турасын айтайын, біз медиаторларға билік жүргізуге өкілетті емеспіз. Бірақ қамқорлық жасауға мүдделіміз. Мәселен, оларға әдістемелік көмек көрсетіп, семинарлар ұйымдастырамыз. Алайда медиаторларға белгілі бір құжат немесе сертификат беруге құқымыз жоқ.


Жарығы жиі сөнетін Ынтымақ

Күні: , 106 рет оқылды


Жылдағы  дәстүр   бойынша  Елбасы  Жарлығына  сәйкес  барлық деңгейдегі  әкімдердің  тұрғындар  алдындағы  есептік  кездесуі  басталды.


Достық ауылдық округіне  қарасты Ынтымақ ауылында өткен жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелерді алға тартты. Әсіресе, тозығы жеткен электр желісінің жиі үзілуінен жарық сөніп, ынтымақтықтардың берекесі қашады. Соның салдарынан біраз тұрмыстық техника істен шыққандығын тұрғындар қынжыла жеткізді.

– Ток желісі ескі, қолдан келген жұмыстарды жасаудамыз. Ал, егер жанып кеткен телевизор болса, оны да жөндеп береміз. Болашақта ажыратқыш қойып, шама келгенше күшті осы жерге салатын боламыз, – деді аудандық электр жүйесінің  маманы.

Жиын түс ауа Бастау ауылында жалғасты. Мұнда тұрғындар ауылда дүкеннің жоқтығын тілге тиек етіп, балалардың оқуына алаңдайтындықтарын да жасырмады. Себебі ауылдағы бастауыш мектепте жалғыз  мұғалім  жұмыс істейді.

– Мұғалімді аудан орталығына жиі шақыртатындықтан, сабақ болмай жатады. Сол себепті оқушылар бағдарламадан қалып қоя ма деген ой бізге маза бермейді. Қазір балаларымыздың білімі жаман емес. Сондықтан осы мәселені аудандық білім бөліміне жеткізуіңізді сұраймыз, – деді ауыл ақсақалы Ж. Аманбаев ақсақал.

Назгүл  ЖӘРДЕМОВА,

Тасқала  ауданы


«Рухани жаңғыру» бойынша 10 жоба жүзеге аспақ

Күні: , 127 рет оқылды


Биыл  Бөрлі  ауданында  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында 10 жоба  жүзеге  асырылмақшы.  Бұл  туралы  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұловтың  аталмыш  ауданға  жасаған  жұмыс  сапары  кезінде  айтылды.


Ғабидолла Абдоллаұлы әуелі Ақсай қаласының Аралтал шағынауданында бой көтерген 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. Бұл білім ордасында бұрынғы Аралтал шағынауданынан Пугачев ауылына тасымалмен оқып жүрген (105 оқушы), Пепел (11 оқушы) және Березов пен Бестау ауылдарынан (32 оқушы) жаңа Аралталға көшіп келген балалар оқитын болады. Мектеп жанында балабақша  жұмыс жасайды.

Одан соң Ғабидолла Абдоллаұлы Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ-1» ықшамауданында орналасқан №9 «Наурыз» бөбекжайына барды. Балдырғандарға жасалған жағдайға оң бағасын беріп, бөбектерге ұлттық салт-дәстүрге сай тәрбие беруге көңіл бөліну керектігін  атап  өтті.

«Қарашығанақ» спорт кешенінде 400 бала спорттың 17 түрінен тұрақты айналысады. Ғабидолла Абдоллаұлы мұндағы тәрбиеленушілермен тілдесіп, өздеріне жасаған жағдайды ескеріп, ел үмітін ақтар саңлақ болыңдар деген тілек білдірді.

Осы сапары барысында облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуден өткен өнер мектебі мен Бөрлі мәдениет үйіне бас сұғып, ондағы қызметкерлермен тілдесті.

Аудан әкімдігінде өткен жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мереке Ізтілеуов меценаттардың көмегімен жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды. Олардың ішінде Ақсай қаласындағы «Наурыз» саябағын абаттандыру, жайластыру, Александров ауылы аумағындағы алма бағын қайта қалпына келтіру, Бөрлі ауылындағы «Жеңіс» саябағын абаттандыру мен суармалы плантациялар жасау, Киров ауылында волейбол ала-ңын салу, Приурал ауылында Жайық өзені бойында жазғы демалыс орнын жайластыру, Жаңаталап ауылындағы кітапхана мен дәрігерлік пунктінің ғимаратын қоршау сынды жобалары бар. Бұл жобаларға оң бағасын берген Ғабидолла Абдоллаұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақстанның жарқын келбетін қалыптастыратынын  жеткізді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде сананы жаңғыртып, ұлттық кодымызды қалыптастыруға бағытталған істер аз емес. Дегенмен біз жас ұрпақтың өз халқының  тілін, дәстүрі мен мәдениетін құрметтеп, тарихын танып білуге баса  назар  аударуымыз  керек.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Жұмадағы жақсылық

Күні: , 98 рет оқылды


Облыс орталығында екі аптадан бері әр жұма күні қалалықтарды тегін тасымалдайтын маршрут шыққан еді. Бұл – Орал қаласында №6 маршрут желісінде жүрген Kz 244BM02 нөмірлі қоғамдық көлік. Оралдықтардың алғысын арқалаған азаматтардың игі ісі туралы бұған дейін әлеуметтік желіде де, басылымдарда да жазылды. Десек те, облыстық газет бетінде де жақсылық ойлаған қайырымды жандардың жұмысын атап өтуді жөн көрдік.


Қасиетті жұмадағы қадірлі істі қолға алуды бастаған Талғат Чудобаев пен Жұмабек Жаукен есімді азаматтар екен. Көптен бері қоғамға пайдалы акция ұйымдастыруды ойластырып жүрген   жігіттер   осы   ойға   тоқталып, белді бекем буады. Барлық мұсылман үшін қасиетті жұма күн әрі аптадағы соңғы жұмыс күні болып саналады. Қалалықтардың қауырт жұмысқа толы аптаны тегін көлікпен жүріп, жақсы көңіл күймен қорытындылауын тіледік дейді ұйымдастырушылар. Өздерінің тың идеясын достарымен бөліскен олар «Ақжол» ЖШС-да Kz 244BM02 нөмірлі №6 маршрутты жүргізетін Жәрдем Қайырғалиев есімді азаматпен танысады. Бұл азамат та жігіттердің игі бастамасын құп көріп, қолдау білдіреді.

«Көп түкірсе, көл» дегендей, серіктестікке беруге тиісті қаражатты он шақты жігіт жинап берген соң, «Жұмада жақсылық жасайық!» деген жазуы бар «ГАЗель» жолаушыларды тасымалдауға жолға шықты. Азаматтар бұл істері үлкендермен қатар балаларға да үлгі болғанын қалайды. – Біз осы акцияны екі айдай тұрақты өткіземіз. Кейін жазбаша түрдегі ұсыныспен қаламыздағы жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарк директорларына жолыққымыз келеді. Олар да өз қаражаты есебінен осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастырса деген тілегіміз бар. Алдағы күндері халық көп жүретін №2, №7 маршруттар бағытында да тегін тасымалдайтын көлік шықса деп ойлаймыз. Бұл акцияны облысымызда жандандырсақ, еліміздегі өзге өңірлерге де үлгі болар еді, – дейді Талғат Чудобаев. «Пластик» – «Балауса» шағынауданы аялдамалары аралығында жолаушылар тасымалдайтын №6 қоғамдық көлігінің жолында 40 шақты аялдама бар.

Бұған дейін де түрлі қайы-рымдылық шараларын ұйымдас-тырған азаматтар елдің өздеріне айтқан алғысы жанға шуақ шашып, қанаттандыра түсетінін айтады. Халқымызда «Қайырым-дылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп тегін айтылмаса керек. Өйткені «Жақсы ниет – жарым ырыс» қашанда.

Айна ИМАШЕВА,

Орал қаласы

Суретке түсірген Динара КИНДЕРБАЕВА


Жұмысшы мамандардың ұстаханасы

Күні: , 199 рет оқылды


Елімізде 2017 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталған болатын. Ал биылғы Жолдауында Елбасы: «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып,  техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын  жаңарту керек», — деп атап өтті. Облысымызда осындай кәсіптік  білім беретін оқу орындарының бірі – Батыс Қазақстан индустриалды колледжі.


Колледж алғаш рет 1940  жылы 2 қазанда №1 кәсiптiк  лицей болып ашылған. Ол кезде №6 ФЗО деп аталған лицейдің 1941 жылғы алғашқы түлектері Отан қорғау үшiн майданға аттанады. Сол жылдан бері оқу орнының атауы түрліше  өзгергенімен,  өнеркәсіпке қажетті мамандарды даярлаудан қол үзген жоқ.  Колледжде токарьлық іс және металл өңдеу (түрлері бойынша), токарь, фрезерлеуші, кең бейінді станокшы, дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша), электр газымен дәнекерлеуші, электр байланысы және желімен хабарлаудың желілік құрылыстарын пайдалану, электр байланысы және желімен хабарлаудың  желілік құрылыстарының электрмонтері мамандықтары мен біліктіліктері бойынша 400-ден астам студент оқып жатыр.

– Батыс Қазақстан индустриалды колледжі 2015 жылы «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ-мен серіктестік туралы келісімшартқа қол қойған болатын. Бұл келісімшартта машина құрастыру және энергетикалық өнеркәсіптерге жоғары білікті мамандарды даярлау қарастырылған. Аталған екі мамандық бойынша құрылған топтар эксперименттік болып саналады. Колледж мұғалімдері мен өндірістік оқыту шеберлері бірігіп «Кәсіпқор» холдингі» ұсынған шетелдік бағдарламаларды біздің стандарттарға сай жасап шықты.  Бағдарлама модульдік құзыреттілік тәсілдемесіне және студенттерге бірнеше жұмысшы мамандығын меңгертетіндігімен ерекшеленеді. Мысалы, металл өңдеу мамандығы 2016 жылдан бастап оқытылуда. Өткен жылдан бастап студенттер механик мамандығын меңгеруге кірісті. Оқудың екінші жылында темір жонушылыққа (токарь) оқыса, ал  үшінші  жылы сандық-бағдарламалық құрылғысының (станогының) операторы бойынша білім алады. Электржабдықтау мамандығы өткен жылы енгізілді.  Бұл бағдарлама Германияның GIZ модульдік білім беру бағдарламасы негізінде құрылды. Бағдарлама  екі жұмысшы мамандығын қарастырады: өндірістегі электр жабдықтарын жөндеу бойынша электрмонтер және трансформатор құрастырушы. Оқуды бітіргендер негізгі мамандығына қоса, электрмеханик біліктілігін алып шығады, – дейді колледж директоры Әли Масалимов.

Колледж студенттерге машина құрастыру, энергетика, байланыс және коммуналдық шаруашылық секілді төрт бағытта білім береді. Бұл оқу орны облыстағы машина жасау бойынша оқытатын жалғыз колледж. Мұнда ел экономикасында, соның ішінде батыс өңірде сұранысқа ие дәнекерлеушілер мен электр жабдықтаушыларды оқытады. Индустриалды колледж болғандықтан, өндіріске, өнеркәсіпке арналған электриктерді әзірлейді, байланысшыларды дайындайды.

Мұнда теорияны өндіріспен ұштастыра оқытатын дуалды оқыту жүйесі жолға қойылған. Бұл жүйе техникалық-кәсіптік оқу орны жеке сектордағы өндіріс және шаруашылық мекемелерімен серіктес болып, қазіргі нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгерген жұмысшы мамандар даярлауды мақсат етеді.  Биыл мұнда дуалды оқыту жүйесімен үш мамандық бойынша білім алуда. Студенттер 60 пайыз өндірістік оқытумен  қамтылса, қырық пайызын колледж қабырғасында теориялық біліммен толықтырады. Дәнекерлеушілер «Стройкомбинат» ЖШС-да оқып жатса, байланысшылар «Қазақтелеком» АҚ-да, ал электрмонтерлар «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да жаңа жүйемен білім алуда. Бұл мекемелерде колледж студенттері машықтан, ал мұғалімдері тәжірибеден өтеді. Соңғы жылдары колледж басшылығы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-мен тығыз байланыста жұмыстануда. Соның нәтижесінде жиырма шақ-ты түлек осы зауытта еңбек етіп жүр.

«Орал «Зенит» зауыты» АҚ бірлесе жұмыс жасауда. Қазір колледж басшылығы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС басқарушы директоры Ақжол Сауранбаевтың бастамасымен трансформаторға арналған бөлшектер жасауға ке-лісімшарт жасасқан. Өндірістік оқыту сабақтарында өндіріс шеберлері мен студенттер оқу орны шеберханасының жону қондыр-ғысында (токарьный станок) бөлшектерді күн сайын дайындайды. Айта кетсек, 2017 жылы осы тапсырыс арқылы колледж бюджетіне 2 миллион теңгеге жуық кіріс кірген. Аталмыш қаражат есебінен үздік оқытушылар мен студенттер «ЭКСПО – 2017» көрмесіне жіберілген. Сондай-ақ бұл қаражат құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, әдебиеттер алуға жұмсалған.

Колледж газ және мұнай саласындағы ұлттық машина жасау кластеріне еніп отыр. Соны-мен қатар колледж ұжымы облыс пен қаладағы сексеннен астам кәсіпорынмен тығыз қарымқатынаста жұмыс жасайды. Студенттердің машықтан өтуі толықтай кәсіпорындар мен зауыттарда жүзеге асырылады. Ал  жұмысқа орналастыру 92 пайызға орындалып отыр. Бүгін колледж базасында WorldSkills Kazakhstan жобасының жұмысшы мамандықтар бойынша құзыреттілік орталығын ұйымдастыру бағытында дайындық жұмыстары жасалуда. Директордың сөзінше, бұл жерде республикалық және жергілікті бюджеттен, серіктестердің қаржысынан, яғни үш жақтан қаржы бөлініп, бес құзыреттілік бойынша құрал-жабдықтар сатып алынып, облыстағы барлық колледж пайдаланатын орталық болады. «Біздің ұжымдағы жоғары және бірінші санатты оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері 50 пайызды құрайды. Оқыту әдістемелерінің авторлары да бар. Білім беру 80 пайызға мемлекеттік тілде жүргізіледі. Сондай-ақ студенттердің де 80 пайызы облыстың әр өңірінен келгендер», – дейді Марья Темірешқызы.

Осы кезге дейін колледждегі басты мәселе  жатақхананың жоқтығы болып келіпті. Бұл жөнінде колледж директоры Әли Масалимов жағымды жаңалығымен бөлісті. «Жатақхана жоқтығы күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе болатын. Биыл 500 орындық жатақхана салу жөнінде шешім қабылданды. Жатақхана ауылдан келіп оқитын балаларға өте қажет. Пәтер жалдауға көбінің шамасы келе бермейді. Біздегі контингенттің 90 пайызы аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары. Жатақхана пәтер жалдағаннан арзан әрі заманауи үлгіде жабдықталған, оқу мен тәрбие беруге ыңғайлы болады. Ата-анасы жоқ балалар толық қамтамасыз етіледі. Қазіргі оқу ғимараты 1989 жылы салынған. Салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмепті. Қазір 370 млн. теңгеге жобалау-сметалық құжаттарын жасап, жергілікті бюджеттен түсетін қаражатты күтіп отырмыз. Өткен жылы асхананың біраз құрал-жабдықтарын жаңғырттық. Мәселен,  2016 жылы жергілікті бюджеттен базаны нығайтуға 30 млн. теңгеден астам ақша бөлінді. Былтыр тек қана құрал-жабдық үшін 36 млн. ақша бөлінді. Соңғы үлгідегі үш интерактивті-виртуалды жаттығу құрылғысы мен сандық-бағдарламалық тәсілмен басқарылатын қондырғы (станогы) алынды», – дейді колледж директоры. Сондай-ақ мұнда тек зертхана жұмыстарын жасайтын ғана емес, қашықтықтан басқаратын 3D форматтағы заманауи оқу құ-рылғысы да бар.

«Біз балаларды көбіне токарь, фрезерлеуші, станок мамандары болуға шақырамыз. Өткен жылы электриктер мен дәнекерлеушілікке оқуға бір орынға үш кісіден келді. Балалар көбінесе осы екі мамандыққа қызығушылық білдіреді. Бір айта кететін жайт, кейбір балалар құжаттарын реттемей-ақ оқуын тастап, әскер қатарына кетіп қалады. Қайтып келгенде оқу бағдарламасынан кешігіп, үш жылға жуық уақыт өткізіп алады. Айтып, түсіндіріп отырғанымызбен, тыңдамайтындар да бар. Ал тиісті құжаттарын тапсырып, академиялық демалысқа кетсе, қайтып келгенде оқу бағдарламасына қарай жалғастыратын болады. Соңғы кезде колледжде ағылшын тіліне көп көңіл бөлініп жатыр. Таза ағыл-шын тілінде оқытпағанмен, мамандығына қатысты тірек сөздерді үйретеміз. 2019 жылдан бастау алатын ағылшын тілінде оқыту бағдарламасына ұстаздар өздерін осылай дайындап жатыр. «Кәсіпқор» холдингі» бағдарламасымен арнайы пән мұғалімдері Тілектес Ахмадиев және Айдана Жұмагереева Малайзияға барып, бір ай тіл үйреніп келді. Мұғалімдердің білім-білігін арттыру үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз», –  дейді  колледж  директоры.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар-налған бағдарламасы» бойынша мұнда қыркүйек айынан бері 50 бала оқып жатыр. Үш жыл ішінде олар үш біліктілік алып шықпақ. Өткен жылы Ақтауда өткен «Batys Skills» аймақаралық чемпионатында колледждің токарьлары екінші орын алған екен. Сондай-ақ колледж әлеуметтік серіктестік бойынша өткен байқауда бірінші орын иеленген. Жұмысшы мамандықты дәріптеп, еңбектің дәмін өндіріс орындарында сезінуге жетелейтін бүгінгі уақытпен бұл колледждің мақсат-мұраты үндес, тұрмыс-тіршілігі сәйкес.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Сәкен ГАНЕНОВ,

колледждің фрезерлеуші мамандығы бойынша өндірістік  оқыту  шебері:

– Осы колледжде фрезерлеуші мамандығында оқыған болатынмын. Алғашқы еңбек жолымды да осы колледжден бастадым. Колледж студенттерге теориямен қатар, практика жүзінде мамандығының қыр-сырын үйретеді. Сонымен қатар өзінің түлектерін практикадан өткізген кезде зауыттарға жіберу арқылы білімдерін шыңдайды. Еңбек етіп жатқан мамандығым бойынша жоғары  оқу орнының техникалық бағыттағы бөліміне құжат тапсырып қойдым.  Фрезерлеуші дегеніміз – темір жонушы. Бұл мамандықпен қоса, токарьлық мамандық та бар.

Бұл екеуі қатар жүреді. Қазір токарь-фрезерлеуші мамандығына оқытамыз. Студенттер кең бейімді станокшы мамандығын алып шығады. Бұл алған білім мен тәжірибенің зауыттарға жұмысқа тұруға көмегі зор.

Еділ ЖҮСІПОВ,

колледждің  байланыс  электрмеханигі бойынша өндірістік оқыту шебері:

– Осы колледжде үш жыл оқып, байланыс электрмеханигі деген мамандық алып шықтым. Колледжде түлектердің теориялық та, практикалық та білім алуына барлық жағдай жасалған. Зауытта тәжірибеден өту барысында өздерін жақ-сы жағынан көрсеткен түлектерді жұмыс-қа алып қалады. Үздік оқитын студенттерге шәкіртақы беріледі. Жастар оқуға талпынуы керек. Машықтан өту кезінде жақсы үйреніп шықса, жұмысқа орналасу да оңай. Мен «Қазақтелеком» АҚ-дан практикадан өткен болатынмын. Өзіме мамандығым ұнайды. Байланыс электрмеханигі телефон өткізеді, интернет кіргізеді, кабельдер тартады. Бұл мамандыққа ер балалармен қатар қыздар да оқиды. Оқу бітірген соң қыздар көбінесе кеңседегі жұмыстарға орналасып жатады.

Саят ҚОҢЫРБАЕВ,

электрмеханик мамандығының бірінші курс студенті:

– Мен Шыңғырлау ауданына қарасты Лубен ауылының Андрей Тихоненко атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің 9-сыныбын бітіріп келдім. Мен екі жыл алты ай ішінде бір емес, үш бірдей электрмонтер, трансформатор жинаушы және техник мамандықтарын алып шығатын боламын. Бұлар ер балаларға өте қажет мамандық деп ойлаймын. Осы колледжге түскеніме ешқандай өкінішім жоқ. Барлық жағдай жасалған. Стипендияны ай сайын уақтылы алып отырамыз. Білікті мамандар сабақ береді. Кураторымыз Айдана Серікқызы Малайзияға барып, білімін шыңдап келген болатын. Болашақта кәсіптік білімімді жоғары оқу орнында арттырсам деймін.


«Андас» – алғашқы қарлығаш

Күні: , 172 рет оқылды


Ақсерік  Әйтімов  облысымызда  бәсекеге  қабілетті  үш  деңгейлі  білім беретін  ірі  жеке  меншік  ғылыми-білім  кешенін  құрды.  Сонымен  қатар  ол  жастарға  заманауи ғылым мен технологияны меңгеруге қолғабыс етіп жүр.  ЭЕМ  операторларына  арналған  курстардан  бастап,  жоғары  буын мамандарына арналған  курстар  ашу арқылы  жергілікті  кәсіпорындар мен  мекемелерді  мамандармен  қамтамасыз  етуге  септігін  тигізуде. Ол мамандарды  дайындау  үдерісіне  инновациялық  технологияларды енгізе отырып,  кадрларды  дайындаудың  деңгейін  көтеру үшін  Ресейдің және алыс  шетелдің  жетекші  жоғары  оқу  орындарымен  халықаралық байланыстарды  тиімді  пайдаланып,  білім  жүйесін  жаңғыртуға  зор  үлес қосуда.


Бірлескен  жоба

Тоқсаныншы жылдар толқымалы кездер еді. Дүкен сөрелері босап, халықтың қолда барын ұқсатуға тырысып, ас-судан тарылып жүрген сәттері. Осыдан 25 жыл бұрын 1993 жылы қаламыздағы «Андас» оқу орталығы осындай қиын шақтарда жұмысын бастайды. Бұл оқу орталығының құрылуы  да  өз  алдына  қызық  әңгіме.

– Біз  жұмысымызды бастаған жылдар елдегі экономиканың тұралап жатқан шағы болды. Сол кезде тіпті дұрыс қаламсап та жоқ еді. Халықтың  қамығып жүрген кезі. Сол кездері Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында жұмыс жасайтын Валерий Исмағұлов «Германиядан кәсіпкерлер келіп жүр. Бірақ оларды ешкім қабылдамауда» деп хабарласады. Мен ол кезде жеке кәсіппен айналысып жүрген едім. Әлгі  адамдармен кездесіп, олардың жобасымен таныстым. Сөйлесе келе, олармен еліміздегі мамандардың біліктіліктерін жетілдіру мақсатында шарт жасастық. Олар бізге ұйымдастыру техникасымен, мамандар жағынан көмектесетін болды.

Сөйтіп қазақстандық және германиялық «Андас» оқу орталығы болып құрылып, жұмысымызды бастадық. Ол кезде компьютер білуге ұмтылыс болған  жоқ. Кей ата-аналардың «Жейтін тамақ таппай тұрғанда қайдағы оқу?» деп айтқан кездері де болды. Бірақ сауаттылығы жоғары ата-аналар балаларын оқытты. Кейіннен өздері оқыды. Компьютердің қаламызға жаңадан келіп жатқан кезі. Германиядағы серіктестеріміз алып келген IBM маркалы компьютерлерді орнатып, оқытуды қолға алдық. Бүгіндері билік тізгінін ұстап жүрген мемлекеттік қызметкерлердің, кәсіпкерлердің көпшілігі нарықтық экономиканың қыр-сырын алғаш бізде игеріп, тіпті компьютерді де бізден үйренді, – дейді Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің  құрылтайшысы Ақсерік  Сарыұлы.

Алғаш ашылған жылдары бес жылға созылған келісімшарт аясында қысқа мерзімді курстар жүргізу арқылы бірнеше маман білімін тегін жетілдіреді. Сол кездері Қаратөбе аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Шыныбеков ең бірінші болып қаратөбелік мұғалімдердің компьютерлік білім алуына ықпал етеді. Сол жылдары «Андастың» алғашқы қарлығаштарын, алпыс адамды Германияға апарып, тегін тәжірибеден өткізеді. Немістерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін  дәріптеп, киіз үй апарып, көрме ұйымдастырғаны да Ақсерік Сарыұлының жадында әдемі естелік болып сақталып қалған. Жұмыссыз жүрген жандарға білім беріп, жұмыс көзін табуға көмектесуді мақсат еткен оқыту  орталығы қанатын кеңге жайып, мыңдаған жандардың арнайы маман иесі болып, өмірден орнын табуына мұрындық болды.

«Андас» оқыту орталығының мұғалімдері неміс серіктестерінен көп нәрсені  үйренді.

– Олардың өздерінің әдістемелік құралдары, зертханасы, арнайы бағдарламасы болды. Соны біздің мұғалімдер тез игеріп алып кетті. Сол жылдардан бері IT технологиясын дамыту мақсатында жұмыстанып келеміз, – дейді Ақсерік  Әйтімов.

Жаңашыл  азамат

Ең алғаш үш адаммен басталған алақандай оқу орталығы «Андас» бүгіндері еліміздегі IT технологиясын тереңдетіп оқытатын Қазақ инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне айналды. Жүрген жерінде ой-қиялдың жемісі саналатын озық дүниелерді жинап жүретін Ақсерік Сарыұлы студенттерін әлемдегі озық құрылғылармен хабардар етуден жалыққан емес. Жаңашылдыққа жаны құмар жан талай жасты құпиясы қатпарлы ғылым әлеміне жетелеп жүр. Ғалымның ерекше қасиетін бағалайтын жандар оны «Инноватор адам» деп те атайды екен.

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені көп сатылы білім алу жүйесін  қалыптастыра отырып, Болон конвенциясына сәйкес колледж, университет түлектеріне білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында халық арасында кеңінен тараған халықаралық «Кіші Болашақ» бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде облыс орталығынан әрі асып көрмеген қаракөздер Ресейдің Мәскеу, Самара, Татарстандағы Альметьев және өзге қалалардағы жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндіктеріне қол жеткізген.  Бүгінгі таңда 215-тен астам студент грант арқылы бакалавриат, магистратура, аспирантура негізінде ақпараттық жүйе, IT технология, техникалық және өзге де мамандықтар бойынша білім алуда.

Аталмыш кешеннің құрылтайшысы Ақсерік Сарыұлының «Жасыл энергетика» саласындағы «Батыс Қазақстан облысындағы жел қуатын пайдалану барысындағы мәселелер мен жаңғыртылатын қуат көздері» атты ғылыми жобасы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің төрінен орын алады. Ғалымның ғылым-білім саласына қосқан өлшеусіз еңбегі жоғары бағаланып, «100 жаңа есім» жобасы  жеңімпаздарының  бірі  атанды.

А. Әйтімов басқаратын ұжым өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде ресейлік жетекші жоғары оқу орындарымен, ҒЗИ мен ғылыми консорциумдардың академиялық құрылымдарымен елеулі жетістіктерге қол жеткізді.

Осындай елеулі еңбектер ескерусіз қалған жоқ. Ол ҚР Президентінің Алғысхатын алып, «Шапағат» медалін иеленді. Халықаралық дәрежеде «Біріккен Еуропа» марапатының  иегері  атанды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жымпитыға 4G келді

Күні: , 97 рет оқылды


Сырым  ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық  қоғамдық  кеңестің отырысында  Сырым  ауданының  2017  жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы  жайлы  есеп  берді. Отырысқа  кеңес  мүшелері, аудандық  мәслихат  депутаттары,  сонымен бірге  облыстық  қоғамдық кеңестің  мүшелері  Жұмажан Қожжанов  пен  Алтынай Есқалиева  қатысты.


Ауданның агроөнеркәсіп кешенінің алдындағы тұрған негізгі мақсат – асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысушы құрылымдардың қатарын көбейту. Күні бүгін ауданда 12 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Олардағы мал басы саны 3111 басты құрап отыр. Жоғары сапалы ет өнімдерін өндіру мәселесі де осы саланың күн тәртібінде тұр. Биыл ауданның таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 74,5, ал газдандыру 99 пайызды құрады.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстан үшін «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы жаңа тиімділіктерді көздейді деп атап өтті. «Цифрланудың» тиімділігі бүгін ауылдарға да жетіп үлгерді. Сырым ауданының орталығы Жымпитыда ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Altel және TELE2 ұялы байланыс операторлары өзінің абоненттері үшін 4G жоғары жылдамдықты ұялы интернет тарата бастады. Бұл туралы аудан әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің есептік баяндамасында  мәлімдеді.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Әлемді мейірім құтқарады

Күні: , 180 рет оқылды


Олар “өз үйіміз болса ғой” деп жиі армандайтын. Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылын бес-алты жылдан бері қоныс етіп келе жатқан Кенжебековтер  бүгінгі күнге дейін  осы ауылдың әр бұрышында тұрып келіпті. Тағдырдың жазуымен сөйлей алмайтын, өз ойларын ыммен ғана түсіндіретін отағасы Әділбек пен отанасы Орынбасардың 9-сыныпта оқитын егіз ұлдары Жүрсін мен Ерсіннің де бар ойы баспаналы болу еді. Тек кішкентай егіздер Рауан мен Аман ғана алаңсыз еді.


— Бізге өте қиын болды. Бес-алты жылда алты пәтер ауыстырдық.  Бір үйден екінші үйге көшу оңай емес еді. Көшер кезде ата-анамызбен бірге қиналып, еңсеміз түсіп,  заттарды жинауға көмектесетінбіз.  Қайта-қайта көшіп жүргесін, олардың да көңіл күйі болмайтын. Көбіне ақшамыз жететін шағын үйлерді таңдап аламыз. Ондай үйлер алтауымызға тарлық ететін, — дейді өткен күндерді еске алған үлкен егіз ұлдардың бірі Ерсін.

Армандар   орындалады

Өткен жылдың соңында  Кенжебековтар әулетінің көп жылғы арманы орындалып, көптен күткен баспанаға қол жеткізді. Әрдайым көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп жүретін “Юнисерв” компаниясының басшысы Нұрғазы Сәтбаев оларға бар жағдайы жасалып, ыстық, суық суы кіріп тұрған, төрт бөлмелі баспананы салтанатты түрде  тарту етті.  Осы салтанатты сәттің бел ортасында болған біз де  талай жыл тұрмыс тауқыметін тартып келген отбасының қуанышын жүрегімізбен сезіндік.

— Бұл отбасының өмірге деген құлшынысын көргеннен кейін,  осындай шешімге келдік. Біз балалардың болашағына сенеміз. Бұл ісіміз еліміздегі өзге кәсіпкерлерге ой салса екен, — деп еді баспананың кілтін табыстаған “Юнисерв” ЖШС-ның директоры Дінмұхаммед Қайратұлы.

Шашу шашылып, ақ тілектер айтылып, ақ түйенің қарны жарылған сол күні ерлі-зайыптылар төрт ұлдарымен қоса қуанып,  келген қонақтарға қос қолдап көрісіп, үйге сүйреп, киімдерін іліп, бәйек болып жүрді.  Өздері сөйлей алмаса да,  қуанып тұрғандарын ыммен ұлдары арқылы жиылғандарға жеткізіп, қайырымдылық танытқан жандарға алғыстарын айтып жатты.

Әлеуметтік   педагогтың  көмегі

Бұл отбасына үлкен қуаныш сыйлауға үлес қосқан бірден-бір жан — мектептің әлеуметтік педагогі Айгүл Қоскарина. Ол Подстепный ауылындағы №1 мектепте 2014 жылдан бері жұмыс жасайды.

— Менің есебімде көп балалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі 25 отбасы болды. Солардың бәрінің құжатымен танысып отырғанымда, Кенжебековтер отбасының аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасы  ретінде бірден үш санатқа жататындығы белгілі болды. Тұрақты баспанасы жоқ, жағдайлары төмен отбасыны өз бақылауыма алдым. Баспанасы, жағдайы жоқ болғандығына қарамастан, егіз ұлдардың сабаққа жауапкершіліктері жоғары болды.  Балалардың тәртібі, тәрбиесі, айналасындағылармен тіл табысуы керемет.

Ата-анасы екеуі бірдей сөйлей алмайтындықтан, оларға көмектескім келді. “Мектепке жол” акциясы кезінде Подстепныйдағы ірі мекеме-кәсіпорындарға  барып, мектебімдегі әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек сұрадым. “Юнисерв” компаниясы алғашында Кенжебековтерге киіммен көмектесіп тұрды. Кейіннен осы отбасыны өздерінің қамқорлығына алып, тұрақты түрде жәрдемдесе бастады. Мекеме қызметкері Әлия Масалимова өзі келіп, балалардың жағдайымен танысты. Отбасының жағдайынан хабардар болған компания басшысы Нұрғазы Сәтбаев та балаларға алаңдап “Жағдайлары қалай, ішетін тамақтары бар ма?” деп сұрап тұратын. Шындығында, Кенжебековтер отбасының жағдайы ауыр болды. Алатын зейнетақыларының басым бөлігі  пәтерақы мен коммуналдық төлемдерді төлеуге жұмсалып, өздеріне аз қаражат қалатын. Сондықтан да Нұрғазы Сәтбаев осы отбасыға үй алып береміз деп шешім қабылдағанын естігенде, мен де қатты қуандым. Олар үйді ғана алып беріп қоймай, жаңа үйге жөндеу жұмыстарын жүргізіп,  “Балалар өздерін бақытты сезінсін” деп,  заманға сай жиһаздарды жеткізді. Ас үй жиһазы мен терезе жабыны, төсеніштеріне дейін төсеп, ыстық, салқын суларды  кіргізіп берді. Жаңа жылды балалар өз үйінде қарсы алды. Бұл – үлкен қуаныш, — дейді әлеуметтік педагог.

Еңбекқор  ана

Екі бірдей егіз ұлдарды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана — Орынбасармен біз Ерсіннің аудармасы арқылы сөйлестік. Ерсін ата-анасымен ым арқылы сөйлесуді әбден меңгеріп алған. Орынбасар Алматыдағы клубтардың бірінде аспаз болып жұмыс жасап жүріп, Әділбекпен танысады.  Әділбек Кенжебеков — Сырым ауданы, Жосалы ауылының тумасы. Орынбасар Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шоңжы ауылында дүниеге келген.   Әділбек Көктөбеге апарып, өзіне күйеуге шығуға ұсыныс жасағанда ол  23 жаста екен. Сөйтіп, жүрек қалауымен  отбасылық өмірді Алматыда бастаған олар сол жерде еңбек етеді.  Көп жыл  Орынбасардың інісінің үйін паналайды. Егіз ұлдар Жүрсін мен Ерсінді төрт жасына дейін нағашы әжелері бағып береді.  Алматыда ол аспаз, тігінші, тағы басқа көптеген жұмыс жасайды. Кішкентай егіздерді бағу да оңайға соқпайды. 2012 жылы олар Әділбектің үлкен апасы Айгүлдің шақыртуымен Подстепныйға көшіп  келеді.  Осы жерде дәл сол жылы тағы да егіз ұлдар Рауан мен Аман дүниеге  келеді. “Бұл жерге келгеніміз жақсы болды. Ауасы жанға жайлы. Ал адамдары мейірімді” дейді Орынбасар. Әңгіме арасында ол бізге қорап толы  тоқыма жұмысы туралы журналды   әкеліп көрсетті. Ол қолы қалт еткенде,  тоқыма тоқып, іс  тігеді екен. Өз қолымен құрап жасаған көрпесі, тоқыған әдемі шұлықтары мен тұрмысқа қажетті бұйымдары көз тартарлықтай әдемі. Бірде  ол балабақшадағы кішкентай егіздердің тобындағы барлық балаға дерлік жылы шұлық тоқып береді. Оның ақ ниетін жоғары бағалаған ата-аналар “алмаймын” десе де, ақша жинап беріпті.  Орынбасар “Енді іс машинам болса, шеберлігімді шыңдап, ісімді дамытқым келеді” дейді. Еңбекқор ана тоқыма саласында өзін жетілдіргісі келеді. Қыстыгүні киетін қалың жемпірлердің сан түрін, дәл журналдағыдай тоқып меңгеруді үйреніп жүрген ол отбасы мүшелеріне әдемі жемпірлер тоқып беріп, қуантқанды жөн көреді.

Ерте  есейген  бала

9-сыныпта оқитын егіздердің бірі — Ерсін әңгімешіл, ақкөңіл бала. Өзін  салмақты ұстайтын оның сөз саптауы үлкендерге көбірек ұқсайды. Ата-анасының аудармашысы, інілерінің қамқор ағасы Ерсін өздеріне баспана сыйлап, армандарын орындаған Нұрғазы Сәтбаевтың жақсылығын ешқашан ұмытпайтынын айтады.

— Мен Нұрғазы ағаға, әлеуметтік педагог Айгүл Сәркенқызына отбасымның атынан алғыс айтамын. Жүрегі мейірімге толы Нұрғазы ағаның жақсылығын қалай қайтарсам болады? деп күнде ойлаймын, — дейді ол риясыз көңілмен.

Алатаудың баурайынан келген Ерсін мен Жүрсін Подстепный мектебіне келген сәттерінде жаңа сыныптастарымен аз-кем уақыт үйренісе алмай жүреді. Шалбарды  “сым” деп айтып, күлкіге қалған кездері де болыпты.  Алғашында өздерін “новенький” деп басынғысы келгендерге егіздер бір-бірін қолдап, қорғау арқылы жауап беріпті.  Қазір олардың бәрімен дос. Олар өз мектебін, сыныптастарын жақсы көреді.

— Сыныптастарымыз қазір бізді бірден ажыратады. Ал мұғалімдер әлі шатыстырады. Біздің кейде бір-біріміздің орнымызға сабақ айтқан кездеріміз де болды, — деп жымиды кейіпкер бала.

Олар үй тірлігін өзара бөлісіп алған. Отағасы ауладағы жұмыстармен қоса, зайыбына үй шаруасындағы  жұмыстарына көмектеседі. Отанасы тамақ пісірумен айналысады. Ерсін еденді,  Жүрсін ыдыс-аяқты жуады. Екі кішкентай егіздер киімдерді жинап, орын-орнына қояды. Сенбі-жексенбі күндері олар үйді,  ауланың қарын тазалайды.

— Арманым көп. Болашақта өзім жақсы көретін мамандықтың иесі болғым келеді. Ата-анам өте мейірімді адамдар. Тек сөйлей алмайтындары болмаса… Олардың әр кез қуанып, күліп жүргенін көргіміз келеді. Інілерімнің заманға сай білім алуына көңіл бөлсек дейміз, — дейді  ерте есейген Ерсін.

Өз  үйім – өлең  төсегім

Бүгіндері Жүрсін мен Ерсін өздерін шын бақытты сезінеді. Өйткені олардың енді өз үйі бар. Есейіп қалған Ерсін  өте бауырмал. Әңгіме арасында ол  ылғи көмек қолын созатын әжесін, әр кез өздерін ойлап жүретін Айгүл апасын, нағашыларын аузынан тастамай айтып отырды. Біз қаршадай ұлдың отбасы жауапкершілігін қазірден-ақ өз иығына  алғанын түсіндік. Өмірде бір нәрсеге бір нәрсе сеп болып жатады. Олардың баспаналы болуына ықпал еткен  мектептегі қарапайым ғана әлеуметтік педагогтен өзге мамандар да үлгі алса,  құба-құп. Егер әлеуметтік педагог жанашырлық танытып, дабыл қақпағанда, олар өңіріміздегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың бірі болып, әлі пәтер жалдап жүре берер ме еді… Әлеуметтік педагогтің өтінішін жүребарды тыңдамай, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасын панасына алып, мейірімін аямаған, баспана сыйлап, бар жағдайын жасаған  “Юнисерв” ЖШС-ның басшылығына қандай мақтау айтсақ та жарасады. “Әлемді мейірім құтқарады” демекші, бүтіндей бір отбасына мейірім сыйлап, алғыс арқалаған кәсіпкердің игі ісі өзгелерге жұғысты болғай!

Айтпақшы, Кенжебековтер отбасы маусым айын асыға күтеді. Өйткені олар үшін маусым айы мерекеге толы. Маусымның  15-і кішкентай егіздердің, 19-ыншы жұлдызы  Жүрсін мен Ерсіннің, 20-сы отағасы Әділбек Кенжебековтің туған күні. Енді олардың өз туған күндерін өз баспанасында тойлайтыны көңілге қуаныш ұялатады.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ


«Ақжайықта» жаңа ойыншы

Күні: , 499 рет оқылды


Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» командасына жаңа ойыншы алынды.


«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, украиналық жартылай қорғаушы Андрей Ткачукпен келісімшартқа қол қойылды.

А. Ткачук Украинаның Житомир қаласында футбол әліппесін үйренген. 2004 жылы 23 қарашада осы елдің бірінші лигасында ойнайтын «Полесье» (Житомир) командасының құрамында бірінші кездесуін өткізді. Содан кейін «Карпаты» (Львов) командасында доп теуіп, оның 2006 жылы бірінші лигада екінші орын алып, жоғары топқа қосылуына көмектесті. Украина жоғары лигасында алғаш 2007 жылы «Днепр» – «Карпаты» командалары арасындағы кездесуде ойнады.  2008 жылдан Львов командасының негізгі ойыншысына айналды. 2013 жылы жалға беру негізінде маусым аяғына дейін «Арсенал» (Киев) командасында болды. 2014 жылы «Карпаты» командасынан қол үзіп, «Ворксла» (Полтава) клубына қосылды. 2014 жылдан осы команда құрамында 73 матч өткізіп, үш гол соқты. Жалпы спорттық жолында 226 рет алаңға шыққан.

«Командаға жаңадан әзірге бір ғана ойыншы алынып отыр. 28 қаңтар күні оқу-жаттығу жиыны мәреге жеткенге кейін басқа да футболшыларды қарап, бір мәмілеге келетін боламыз», – деді «Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілханов.

Айта кетейік, футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігіне дайындалып жатқан «Ақжайық» командасының бас бапкерлігіне украиналық маман Владимир Мазяр бекітілген болатын.

Оралдықтар оқу-жаттығу жиыны барысында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін «Амкар» (Пермь) командасымен өткен кездесудің бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Екінші таймда 65-минутта командада сыннан өтіп жүрген, бұған дейін Болгария елінде ойнап келген Еркебұлан Нұрғалиевке қарсы тәртіп бұзылып, 11 метрлік айып добы белгіленді.

Оны Еркебұланның өзі дәл орындады. Бұдан кейін «Амкар» шабуылға шыққанымен, «Ақжайықтың» қорғанысы сыр берген жоқ.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика