Мұрағат: 19.01.2018


АҚШ-қа ресми сапар табысты өтті

Күні: , 527 рет оқылды


Мемлекет басшысы кеше Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, оның барысында отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап берді.


Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Америка қарым-қатынастарын дамытудың басым бағыттары мен келешегіне тоқталып, халықаралық жəне өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында қол жеткізілген уағдаластықтар жөнінде əңгімеледі, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалыққа жəне еліміздің əлемде ядролық қаруды таратпау ісіндегі миссиясына қатысты сауалдарға жауап берді.

Елбасы өз сөзінде Ақ үйде өткен кездесудің маңыздылығына тоқталып, Д. Трамптың жылы қабылдағанын, осы сапар арқылы Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы əріптестіктің нығая түскенін атап өтті. Еліміз тəуелсіздік алған тұста АҚШ-тың көрсеткен қолдауы аса маңызды болғанын еске алды. Д. Трамппен бірлескен мəлімдемеде де ең əуелі саяси қолдау, бейбітшілік жағдайдағы əріптестікті дамыту мəселелері қозғалғанын атап көрсетті. Мемлекет басшысының айтуынша, америкалық компаниялар елімізге 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйған. Қазіргі таңда Қазақстанда 550 бірлескен өндіріс жұмыс істейді. Ал осы сапарда жалпы сомасы 7,5 миллиард доллар көлеміндегі жиырмадан астам құжатқа қол қойылды.

«АҚШ тарапы осы сапарда қол жеткізілген келіссөздерді жоғары бағалады. Бұдан бөлек, қазіргі таңда əлемде кездесіп отырған мəселелерді талқыладық. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткізілген шараның маңызы ерекше. Бұрын-соңды еліміз мұндай деңгейдегі ұйымға төрағалық еткен емес. Мұның бəрі ‒ еліміздің табысы», – деді Н. Ә. Назарбаев.

Бұдан кейін Елбасы Н. Ә. Назарбаев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ең алдымен сөз алған «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырəлі Елбасын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығымен жəне АҚШ-қа сапарының сəтті өтуімен құттықтады.

– Сіздің осы сапарыңызды əлемнің беделді бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, халықаралық сарапшылар жоғары бағалап жатыр. Ел тарихына алтын əріптермен жазылған мəртебелі миссияны абыройлы атқарып, мемлекетімізді жаңа белестерге бастаған тарихи жеңісіңізбен құттықтаймыз. АҚШ пен Қазақстан арасындағы байланыс жыл өткен сайын сан сала- лы, қарқынды дамып келеді. Байланыстағы басымдықтардың уақыт өте келетіні белгілі. Қазір Қазақстан тарапы АҚШ-пен арадағы қандай байланыстарға басымдық беріп отыр? – деп сұрады.

«Қазіргі таңда АҚШ ‒ әлем­дегі алып державаның бірі. Оның орнын басатын әзірге мем­лекет жоқ. Сондықтан ғылымы мен техникасы қарыштап дамы­ған елмен қарым-қатынас орна­тудың Қазақстан үшін маңы­зы зор. Осы сапарымда биз­нес өкілдерімен, лауазымды тұлғалармен кездесу өткіздік. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Біріккен инвестиция­ларды жүзеге асыру үшін 3 мил­лиард доллар шамасындағы ке­лісім жасалды», – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы ресми сапар бары­сында қол қойылған құжаттар ел дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті. Алдағы уақытта америкалық бизнес өкілдерінің Қазақстанға келуіне мүмкіндік молая түспек. АҚШ-тың алпауыт компанияларын Қазақстанға әкелуі саяси және экономикалық тұрғыдан елімізге пайдалы болып, аймақтың тұрақтылығын нығайтады.

Сонымен қатар Елбасы Н. Ә. Назарбаев пен АҚШ Прези­денті Д. Трамп арасындағы кездесудің қалай өрбігені жөнінде сұрақ қойылды. Мемлекет бас­шысы Ақ үйде не туралы сөйлескенін тарқатып айтып берді.

«Бұған дейін телефон арқылы сөйлесіп, Эр-Риядта жо­лықтық. Соның бәрі өзара түсі­ністік орнатуға мүмкіндік берді. Д. Трамп бұрынғы Ақ үй басшы­ларына мүлдем ұқсамайды. Ол бизнес саласынан келгендіктен, құр сөзді емес, істі жоғары баға­лайтын адам. Осы тұрғыдан бір-бірімізді жақсы түсініп, бірден тіл табысып кеттік. Талқылаған мәселелерде ортақ пікірде бо­лып, келісімге келдік», – деп жа­уап берді Н. Ә. Назарбаев.

Елбасы кездесуден кейін америкалық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеуіне мол мүмкіндік туғанын атап өтті. Бұдан бөлек, әлемді толғандырған маңызды мәселелер, Иран және Солтүстік Ко­реядағы жағдай туралы сөз бол­ғанына тоқталды.

«Д. Трамп Иранмен арадағы халықаралық келісімді жақ­тырмайтынын жеткізді. Бірақ мәселенің мәнісін айтып, бұл ке­лісімге қолжеткізу үшін қыруар жұмыс атқарылғанын, оны бұзу тағы бір ядролық қаруы бар мемлекеттің қалыптасуына жағ­дай жасайтынын түсіндірдім. Ендігі жерде Иранға қатысты жағдайдың өзгеретініне сенімім мол. Сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалды, терроризмнің қаупін жан-жақты талқыладық», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы ИЛИМ (ДАИШ) террористік ұйымының тамырына балта шабылса да, олардың шағын топтары әлі де толық жойылып бітпегенін мәлімдеді. Қазіргі таңда лаңкес­тер Ауғанстанға көше бастаған. Өз кезегінде бұл елге айтар­лықтай қауіп төндіретінін айт­ты. Сондықтан Қазақстан тара­пы Ауғанстанда содырлармен күресу жұмысында АҚШ-қа көмек көрсетуін жалғастыра береді.

Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін елдің эко­номикасы тұрақты болуы керек. Бұл тұрғыда Д. Трампқа Елбасы Қазақстанның аталған елге көр­сетіп жатқан көмегі туралы баян еткен.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ядролық қаруды тарат­пау жөніндегі пікірімен бөлісті. Қазіргі таңда кей державалар өздерінде ядролық қару бол­ғанына қарамастан, басқа елдер­ге оны қолдануға тыйым салады. Елбасы мұның дұрыс еместігін мәлімдеді. Сондықтан «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ұсы­нылғандай БҰҰ-ның 100 жыл­дық мерейтойына орай әлем ядролық қарудан толықтай бас тартуы тиіс.

«Егер сол мемлекеттер ядролық қарудан бас тарта­тын бағдарламамыз бар деп мәлімдеме жасаса, басқа ел­дер солардан үлгі алатын еді. Кезінде Қазақстан ядролық мемлекеттердің кепілін ала отырып, өзінің арсеналын­да бар оқтұмсықтардан бас тартты. Содан бері Үндістан, Иран, бірқатар мемлекеттер ядролық қаруға ие бола бас­тады. Олардың деструктивті бағыттағы топтардың қолына түсу қаупі туып отыр. Осыған байланысты Қазақстанда Төмен байытылған уран банкі ашыл­ды. Атомды бейбіт мақсатта қолданатын елдер оның қорын бізден алуға мүмкіндіктері бар. Оны атомнан энергия алу секілді бейбіт мақсатта қолданады. Осының нәтижесінде мемлекеттер арасындағы сенім қалып­тасады», – деді Елбасы.

Бұдан кейін Н. Ә. Назарбаев Қытай ұсынысымен басталған «Бір белдеу, бір жол» жобасы жөніндегі пікірімен бөлісті. Ақ үйдегі кездесуде Д. Трамп осы бастама туралы сұраған екен. Елбасы оны жан-жақты тарқатып айтып берген.

«Д. Трампқа бұл жоба тура­лы тереңірек түсіндірдім. Жа­ңа Жібек жолы жөнінде Қытай басшысы 2014 жылы Астанада мәлімдеген болатын. Содан бері қыруар шаруа атқарылып, 600 миллиард доллар бөлінді. Қазіргі таңда бұған 67 мем­лекет үлес қосады. Қазақстан­нан өтетін жолдар арқылы сау­да-экономикалық мүмкінші­ліктердің көкжиегі кеңейе түсті. Алдағы уақытта осы жоба аясында инфрақұрылымға салынған қаржының пайдасын көреміз», – деді Н. Ә. Назарбаев.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, Нью-Йорктен (АҚШ)

«Егемен  Қазақстан»,

№13, 19 қаңтар, 2018 ЖЫЛ

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды


Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тарихи сәт

Күні: , 518 рет оқылды


Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өтті. Бұл шараға әлемдік ақпарат құралдары жіті назар аударып, Қауіпсіздік кеңесінде алғаш рет көтерілген тақырыптың маңызы жөнінде, осы мәселеге ұйытқы болған Қазақстанның бастамалары туралы шартарапқа тікелей хабар таратты. Жиынды ашқан Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібін белгіледі. Бұдан соң Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке, Польша Республикасының Президенті Анджей Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді.


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан», Нью-Йорктен (АҚШ)

«Президент Дуданы Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. Сонымен бірге Котд’Ивуар, Кувейт, Перу жəне Экваторлық Гвинеяны да биыл Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын. Жаһандық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үміттенемін», – деді Елбасы.

Н. Ә. Назарбаев бекітілген күн тəртібіне сəйкес сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы А. Гутерришке берді. Ұйымның басшысы Қазақстан Президентіне осындай жоғары деңгейлі жиынға қатысқаны үшін алғыс айтты жəне атқарған елеулі еңбектерін жоғары бағалады.

«Қазақстан əрдайым ядролық қарудан азат əлем құруды жəне оны таратпау мəселесін қолдап келеді. Осы мəселеде көрегендік танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қаруларының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке зияны жөнінде қарар қабылдаған болатын», – деді А. Гутерриш.

Бас хатшы қазіргі таңда əлемде жаппай қырып-жою қаруларынан келетін қауіп-қатерге тоқталды. Сенім шараларының маңыздылығын атай отырып, Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.

А. Гутерриштің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы кеңес мүшелеріне арнап мəлімдеме жасады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын жəне төрағалық қызметін əлемдік қоғамдастықтың елімізге жəне оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білетінін жеткізді.

«Орталық Азияның бұл мəртебелі қызметтегі бірінші мемлекеті ретінде біз өңіріміздегі халықтардың Дүниежүзілік ұйымның осы маңызды үніне айналдық. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бірінші жылы өтті. Біз кеңестің күн тəртібіндегі өзекті мəселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті жəне əділ болуға тырыстық. Ауғанстан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Əл-Каида жəне Сомали/Эритрей жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Қауіпсіз әрі әділетті әлемге бірлесе қол жеткізу керек

Елбасы ізгі құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз əлем мен əділетті əлемдік тəртіпке бірлесе қол жеткізу керек екенін атап көрсетті. «Бұл істе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рөлі зор жəне оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз. Адамзат XXI ғасырда жаппай қырып-жою қаруларынан азат əлем құру үшін лайықты жолдан өте алады деп сенемін. Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған əлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейді деп сенемін. Кеңестің барлық мүше мемлекеттеріне берік ынтымақтастығы үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі жиын Қазақстан ның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығы кезіндегі негізгі шара. Отырыс жаһандық күн тəртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне арналып отыр.

«Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу мен маңызды жаһандық проблемаларды шешуде негізгі рөл ойнайды. Мен БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру жөнінде ұсыныс айтқан болатынмын. Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нəтижесінде бұл механизм құрылды. Қазіргі таңда Азиядағы өзара ықпалдастық жəне сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, жемісті жұмыс істеуде», – деген Мемлекет басшысы ширек ғасырдан кейін БҰҰ ғимаратында Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан атынан сөз сөйлеп тұрғанын əңгімеге қосты.

Өзара сенімді арттыру – аса өзекті

Елбасы жекелеген елдер арасында да, жаһандық деңгейде де өзара сенімді арттыру мəселесінің əлі де күрделі екенін жəне оның күннен-күнге өзекті бола түскенін жеткізді. Сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тəртібінен түспеуі тиіс. Президент Н. Ә. Назарбаев оның себептерін жан-жақты түсіндіріп берді.

«Сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жарғысында «Біздің басты міндетіміз ‒ келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару» деп жазылған. БҰҰ жүйесіндегі ширек ғасыр ішінде менің елім қарқынды даму жолынан өтті. Ядролық арсенал бойынша əлемдегі төртінші елден таратпау жөніндегі қозғалыстың көшбасшысына айналды. Ядролық қарудан жəне ядролық держава мəртебесінен бас тарту біздің саналы əрі шынайы таңдауымыз жəне Қазақстанның барша халқы қолдап, əлемдік қоғамдастық лайықты бағасын берген ерікті қадамымыз болды», –  деді Н. Ә. Назарбаев.

Қазіргі таңда Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысына айналды. Еліміз ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мəртебемізді заңды түрде бекітті. Елбасы екінші бағыт ретінде өзара сенім ахуалы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға септігін тигізе алатынын атап көрсетті. МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің ашылуы ‒ осы ынтымақтастықтың жарқын мысалы əрі оның жүзеге асуының көрінісі. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға осылайша кезекті үлес қосты.

Солтүстік Кореяны біздің жолмен жүруге шақырамыз

«Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі əрі тəжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Біз тəуелсіз ел болып, мемлекетімізді нығайттық. Ядролық қарудан бас тартып жəне ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық. Осы ретте Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы ғылыми-технологиялық прогрестің қазіргі мүмкіндіктері және жаһанданудың шынайы болмысы жаппай қырып-жою қаруларын таратпау міндетін адамзаттың аман сақталып қалу мәселесіне айналдырып отырғанын мәлімдеді. «Жаппай қырып-жою қарулары бар елдердің көбеюі, ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бүгінгі құқықтық база XX ғасыр соңында «ядролық державалар клубының» кеңеюіне тосқауыл бола алмады. Ядролық қаруды таратпау ту­ралы шартқа негізделген барша­мызға қажет таратпау режімін нығайту терең менталды өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдерді талап етеді деп ойлаймын», – деген Елбасы таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар шаралар атқаруды ұсынды.

«Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. КХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын (санкция шараларын қоса алғанда) айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», –  деп атап өтті Н. Ә. Назарбаев.

Екінші, шара ретінде жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керектігін жеткізді. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жекелеген қарарларында бекітудің маңыздылығын айтты. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамытуға да тоқталды.

«Жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңарту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты. Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім», – деді Елбасы.

Ұсынылған төртінші бағыт ‒ халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару. Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ. Мемлекет басшысы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көпжақты дипломатияның табысты болатынын мәлімдеді. Мұндай күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналып, оған Қазақстан да өз үлесін қосты.

Бұдан кейін Елбасы кейбір қатысушылар тарапынан өз міндеттемелерін жүзеге асыруда туындаған қиындықтарға қарамастан, іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспардың одан әрі табысты іске асуына сенім білдірді және бұл мәселені АҚШ Президентімен талқылағанын айтты. Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде де қолдануға болатынын жеткізді.

«Корея түбегіндегі қазіргі оқиғалар терең қарама-қайшылықтың бар екенін білдіреді. Осыған орай мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін неғұрлым жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырамыз. Сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дың қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын», – деп мәлімдеді Н. Ә. Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы сенім шаралары Таяу Шығыс үшін де өзекті болып отырғанына тоқталды. Сириядағы шиеленіс аймақтан алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде. Өзара сенімнің Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келе жатқан Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын осы жерде ерекше атап өткен жөн.

Ядролық қарудан азат аймақ құру маңызды

«Жаппай қырып-жою қаруларының таралуымен күрес жүргізудегі тиімді құралдың бірі ‒ ядролық қарудан азат аймақтар құру. Сондай-ақ бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып табылады. Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруға күш-жігер жұмсауды жалғастыруды маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды жұмысты жаңғыртуға шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі төңірегінде сөз қозғады. Елбасының айтуынша, халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс. Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болады.

 «Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді», – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Отырыс тақырыбы бүкіл әлем үшін өзекті

Негізгі баяндамадан кейін сөз кезегі жиынға қатысушыларға берілді. Польша Президенті Анджей Дуда өте маңызды тақырыпта жоғары деңгейде пікірталас ұйымдастырған Қазақстанға алғыс айтты.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін жариялағанда, мұны мемлекет үшін жасалған таңдау екенін айтқаны есімде. Содан бері Қазақстан өзінің шешіміне берік екенін көрсетті. Жақында Қазақстанда төмен байытылған уран банкі ашылғанын атап өткім келеді. Бұл – ядролық қауіпсіздікті қолдау жолындағы маңызды қадам және бұл бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы ашық қарым-қатынасты нығайтады», – деді А. Дуда.

Польша Президенті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Оның айтуынша, кеңестегі талқыланатын күн тәртібіндегі мәселелердің бәрі өте маңызды. Сонымен қатар тек ядролық қару емес, биологиялық және химиялық қарудың, баллистикалық ракетаның да қаупін ескеру керек. Сөз соңында Польша Президенті отырыс тақырыбының бүкіл әлем үшін маңызды екенін айтты.

Бұдан кейін сөз алған Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Иранмен ядролық мәміленің орындалмауы алаңдатарлық ахуалға айналғанын мәлімдеді.

«Алтылық тобының» бір мүшесінің кінәсінен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі жан-жақты қамтылған бір­лескен іс-қимылдар жоспарының орындалмауы алаңдаушылық туғызады, соның ішінде Солтүстік Корея мәселесі халықаралық қауіпсіздік архитектурасы үшін алаңдатарлық ахуалға айналады», – деді С. Лавров.

Ол Иранмен ядролық мәмілені орнықты дамыту үшін күш біріктіруге шақыратындығын әрі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарының орындалуы жауапкершілігін Ресей тарапы өз мойнына алатындығын жеткізді.

Отырыс қорытындысы бойынша тарихи құжат ‒ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Құжатта қазіргі халықаралық қатынастар тақырыбындағы маңызды мәселелер қамтылып, оның шешімдері ұсынылған. Айта кету керек, мұндай мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тарихында саяси міндеттеме жүктейтін халықаралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданып отыр. Сондықтан біз сөз соңында осы жайтты және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болып, оның төрінен төрткүл дүниеге төрелік ету мүмкіндігі енді тек қырық жылдан кейін ғана келуі ықтималдығын ескере отырып, бұл оқиға шын мәнінде тарихи сәт екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Ел мерейін өсірген еңселі сәттер мен мәртебелі биіктеріміз лайым көп болғай!

«Егемен  Қазақстан»,

№13, 19 қаңтар 2018 жыл


Жоламанның жылқы үйірмесі

Күні: , 134 рет оқылды


Бүгінде Жоламан Есетовпен қазталовтықтар күнде жүздеседі. Өйткені Қазталов ауданының ауылдарындағы көшелерде ілініп тұрған барлық баннерлер Жоламанның қолынан шыққан. Сонымен қатар түрлі буклеттер де Жоламанның қолымен жасалуда.


Осыларды ескерсек, Жоламан замандасымызбен аудан тұрғындары күнде жүздесіп жүрген жоқ па?!  Өйткені ол – ауданымыздағы ең алғашқы полиграфия өндірісімен айналысып отырған бірден-бір жас кәсіпкер. Осындай еңбегінің нәтижесінде ол осыдан екі жыл бұрын облыстық «Үздік жас кәсіпкер» аталымын жеңіп алды.

Бүгінде Жоламан тағы бір қырынан көрінуде. Жастайынан жылқыны қадір тұтқан ол сәйгүліктер ұстап, баптап күтеді. Бәйге аттарын жаратады. Жоламанның жүйріктері аламан бәйгелерде топ жарып та жүр. Осындай кәсібін өзі ғана біліп қоймай, жасөспірімдерге үйретуді қолға алды. Баптауындағы жеті сәйгүлікпен (ағылшын, қолтума тұқымдары) мектеп оқушыларына тегін үйірме ашты. Жылқы десе, қандары қозатын қазақтың балалары емес пе?! Үйірмеге үйіріліп қарадомалақтар көптеп келе бастады. Олардың ішінде тіпті қыз бала да бар. Бүгінде сол балалар бос уақыттарында Жола-манның қасынан табылуда. Олар атқа мініп үйренумен қатар бәйгеге шабу, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату ұлттық ойындарын да үйренуде. Жоламан оларға жылқы тарихы туралы дәріс те оқып жүр.

Біз барғанда балалар атқа мініп-түсіп, мәз болып жүр екен. – Атқа мінсек, бәйгеге шапқымыз келеді, – дейді олар.

– Алдағы уақытта тай жарысын ұйымдастырамын. Сонымен қатар түрлі ұлттық ат спорты ойындарын да өткізу ойымда бар, – деді бізбен әңгімесінде Жоламан.

Міне, оның осындай ұлттық қадір-қасиетімізді ұлықтайтын, оны жасөспірімдерге үйретіп жүрген ісін байқаған, әр кезде де жаңашылдық бастамаларға қолдау көрсететін аудан әкімі Абат Абайұлы Жоламанға жаңадан құрылып жатқан «Айбын» спорт клубы арқылы үйірме ашуға қолдау көрсететінін білдірген.

Жерлестері сенбі-жексенбі күндері Жоламанның сәйгүліктерімен отбасылық серуенге де шығуда.

Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,

Қазталов ауданы


Төрт аяқты «жауынгерлер»

Күні: , 153 рет оқылды


Халқымыз итті жеті қазынаның бірі санайды. Жануарлардың арасында ит секілді иесіне адал, сенімді дос жоқ екендігін растайтын аңыз-әңгімелер өте көп. Жылнаманың соңынан орын алған жауынгер жануардың біз біле бермейтін қандай қырлары бар? Иттердің тілін түсініп, оларды бұйрықты орындауға үйрететін кинологтардың  бір күні қалай өтеді деген мақсатпен БҚО ІІД-ға қарасты кинологиялық қызмет орталығына барған едік…


Орталық қақпасына кіргенде қызметтік иттерді жаттықтырып жүрген мамандарға көзіміз түсті. Біреулері алдында тұрған иттерге пәрмен беріп жатса, енді бірі доп секілді ойыншықты іздеттіруде. Бізді қарсылаған аталмыш мекеменің бастығы, тәжірибелі кинолог Талап Әсетов  иттермен қалай тіл табысып, жұмыс жасау қажеттігін түсіндіре бастады. Бұл мекемеде қылмыскерді ұстауға, жарылғыш немесе есірткі заттарды іздеуге мамандандырылған 27 ит бар екен. Олармен алты офицер, он кинолог жұмыс жасайды. Қызметтік иттердің аттары Ватсон, Зена, Лотта, Цамбор, Лайма,  Прайд, Велес, Вилли деп кете береді. Сала мамандарының айтуынша, қызметтік иттер бір адамға үйренсе, сол адамның ғана бұйрығын орындайды екен. Ал екінші адамға үйрену үшін  екі-үш айдай  уақытты қажет етеді.

– Біз  иттерді екі айлығынан бастап үйретеміз. Сол жаста олар өздерінің аттарын біледі. Мұнда із кесуші неміс овчаркілері, есірткі іздеуші лабрадор – ретриверлер, белгиялық овчарка тұқымындағы иісшіл иттер бар. Иттердің иісті ажыратып, оны шатыстырмауы үшін түрлі жаттығулар жасаймыз. Жалпы, иттің иісті ажырату қабілеті өте күшті және тәжірибеден өтіп шыңдалғандары ешқашан шатыспайды. Одрология  әдісін  қолданғанда иттердің иісті ажырату дәлдігіне көз жеткізіп жүрміз. Мәселен, қылмыс болған жерде күдікті адамның қолғап, бас киім, ұялы телефон секілді заттары қалып  қойды делік. Ал күдікті адам оларды ешқашан менікі деп мойындамайтыны белгілі.  Осы кезде ішкі істер қызметкерлері иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді. Криминолог мамандар арнайы сүрткіш арқылы бірнеше күдікті адамнан иіс алады. Яғни қолтық астына немесе бас киімнің ішіне арнайы сүрткішті 20 минутқа салып қояды. Содан соң оны нөмірленген банкілерге орналастырады. Иісшіл иттерге қылмыс болған жердегі затты иіскетіп, сол иісті әлгі банкілерден іздеттіреді. Сонымен қоса  көлікті тонау кезінде де мәшинеде соңғы отырған адамның иісі сақталып қалатыны белгілі. Сол кезде де арнайы құралдар  арқылы иіс алынып, із кесуші иттердің көмегіне жүгінеміз, – дейді кинологиялық орталықтың басшысы Талап Әсетов (жоғарыдағы  суретте).

Иттің  де  «мінезі»  бар …

Кинологтар қызметтік иттерді  күшік кезінен тұқымына, мінезіне байланысты әр бағытқа баулып, машықтандырады.  Мәселен, есірт-кі іздеу жұмыстарына негізінен лабрадор, спаниель тұқымындағы иттер  қолданылады.  Өйткені олардың дене тұрқы көлік іші немесе өзге қуыстардағы заттарды алып шығуға икемді келеді. Ал мінез-құлқы ашушаң, қожайы-нынан басқа ешкімге бағынбай-тын иттерді із кесуге бағыттайды. Мұндай иттер қожайынының пәрменімен шабуылдауға бейім тұрады екен.  Есірткі, жарылғыш заттарды іздеуге  оларды ойын әдісі арқылы дағдыландырады. Яғни ойыншығын жасырып қойып, оны иіс арқылы іздеп табуды  бұйырады. Бір қызығы,  иттердің  талғамдарына сай ойнайтын ойыншықтары да әр түрлі.

– Кейбіреулері доппен, ағашпен ойнаса, ал біреулері қатты затты тістегісі келмейтіндіктен, оларға матадан  ойыншық  тігіп  береміз.  Әр иттің психологиясы әр түрлі. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Кейде есірткі, жарылғыш заттар қойылды деп жалған шақыртулар  да келіп түседі. Біз барып, ғимаратты түгел тінтіп,  тексеріп, қауіпті зат таппасақ, қызметтік иттердің ойыншығын тығып қоямыз. Өйткені олар берілген бұйрықты орындамайынша, тынышталмайды. Екіншіден, қожайыны тарапынан бірнеше рет бұйрық беріліп, соңы нәтижесіз бола берсе, иттің одан кейінгі тапсырманы орындауға құлқы болмай, сағы сынып қалуы мүмкін. Кез келген тапсырма ит үшін жай ғана «ойын» және ол әрқашан оң нәтижелі болуы керек. Өз ойыншығын тапқаннан кейін қызметтегі серігіміз бала секілді мәз болып,  жанымызға жүгіріп  келеді, – дейді кинологиялық орталықтың инспектор-кинологы Есенжол  Бекмұханбетұлы. Оның айтуынша, темір торда тұрған иттер күн сайын қожайынының келуін таңғы 09.30-да  күтіп, есігінің алдында тосып тұрады екен.  Иесі тордан босатқанда,  біреулері иесінің иығына табандарын қойып, еркелесе, енді біреулері  айналып жүгіреді.

Кинологиялық орталықтағы  иттер  екі мезгіл құрғақ азықпен   тамақтандырылады. Оларға құрамында май, ақуыз, кальций секілді дәрумендері бар тамақ беріледі.  Бұған қоса түрлі жұқпалы аурулардан сақтау үшін  ветеринар дәрігерлер  уақытында екпе салады.  Ал егер жарақат алып немесе ауырып қалса, ем-дом шаралары жасалады. Тәуір болғаннан кейін қызметтеріне қайта кіріседі.  Иісшіл иттер  2-2,5 жылға  толғанда із кесу жүйесін  жетік  меңгереді. Ал олардың  зейнет  жасы 8-10  жыл.

Жеңіс  шеруіне  иттер  де  қатысқан

Иттердің жұмыс істеу тәсілдері  әр түрлі. Мәселен, лабрадор тұқымды Вилли, Валет, Велес есімді иттер  есірткінің иісін сезсе, сол жерді тырналап, әлгі затты алғанша тыным таппайды. Ал лабрадор Ватсон мен белгиялық овчарка Гемма жарылғыш затты байқаса, ақырын ғана отырып, иесіне қарайды. Сондай-ақ құйрығын тікірейтіп, артқа бірнеше қадам жасайтындары да, тұрған жерінде жерге бауырын төсеп жата қалатындары да бар. Өйткені  олар да жарылғыш затқа тиіспеудің маңыздылығын біледі дейді мамандар.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қызыл алаңда өткен  Жеңіс шеруіне майдангерлермен бірге жетекке ілескен иттердің де жүргенін теледидардан көрген едік. Сол тарихи шеруге КСРО-ның   бас кинологы, подполковник  Александр Мазовер  қолына 14-штурмдық инженер-саперлік бригада жауынгері, жаралы «Тигр» есімді итті көтеріп шыққан болатын.  Төрт аяқты бұл жауынгер Румыния, Чехия, Венгрия және Австрияның мина қойылған алқаптарындағы ұрыстарға қатысқан. Сол жерлерден Тигр 468 мина мен 150 снаряд тапқаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін»  медаліне ие болған еді. Сонда  жауынгер жануардың ерекше қабілеті көптің таңданысын туғызған.

«Ит – адамның досы» екендігіне кәміл сенетін кинолог-мамандар  ит бір секунд иіскеген иісті бес жылға дейін ұмытпайды дейді. Тіпті олар иістің 11 миллион түрін ажырата алатын көрінеді. Адаммен салыстырғанда, олардың иіс сезу қабілеті 10 мың есе күшті. Қараңғылықта олар 100 метрге дейін қозғалған затты байқаса, 25 метр қашықтықтағы дауысты ажыратады екен.  Жалпы, иттерді қызметтік мақсатқа пайдалану Ежелгі Рим мен Грекиядан басталғаны белгілі. Ал тұқымына қарай сұрыптап, шаруашылықтың әр саласына пайдалану ХІХ ғасыр-да жандана түсті.

Бүгінгі таңда әлемде иттердің 500-ден астам түрі бар. Таяуда канадалық ғалымдар ең ақылды иттердің рейтингісін жариялаған болатын.  Нәтижесінде ең ақылды ит – бордер-колли болып танылса, екінші орында пудель тұр екен. Ал үшінші орын неміс овчаркасына берілген. Кейінгі орындарды сары түсті ретривер, доберман-пинчер, лабрадор-ретривер, шотландық төбет және кішкентай папийон иеленіпті.  Рейтинг тізімі ротвейлер және австралиялық төбетпен аяқталған. Ванкувердегі Британдық Колумбия университетінің ғалымдары иттердің 250 сөз бен ымды ұға-тынын және беске дейін санауды білетінін анықтаған. Сондай-ақ иттер қарапайым математикалық есептерді шығара алады екен. Зерттеу жұмыстарының жетекшісі, профессор Стэнли Корин иттердің ақыл-ойының дамуы екі жасар баланың ақылымен бірдей екендігін анықтаған. Осы орайда айта кетсек, облыстық ІІД-ға қарасты кинологиялық орталықтың басшысы Талап Әсетовтің айтуынша,  аталмыш орталық  иттерінің  көмегімен облыста 2016 жылы 143,  2017 жылы 158 ұрлыққа қатысты қылмыс ашылған.

Қызметте иттің ерекше қабілет-терін тиімді пайдаланып жүрген кәсіби кинолог-мамандар  иттермен жұмыс істеуде оны жақсы көру мен түсінудің  маңыздылығы зор екенін алға тартады. Олар қызметтік иттің мойнындағы қар-ғы бауды ұстаудың да өз ережесі бар дейді.

Иесін  тоғыз  жыл  бойы  күткен

Әлемде жеті қазынаның  бірі  – итке қойылған ескерткіштер баршылық.  Олардың ішіндегі Нью-Йорктің орталық саябағындағы Балто атты итке қойылған қола ескерткіш тарихи мәнге ие.  Аляскалық маламут тұқымының Балто деп аталған иті бір ауылдың балаларын ауыр дерттен құтқарған. Оқиға  1925 жылы АҚШ-тың Аляска штатында болған. Сол жылы қыста Ном мекенінде  дифтерия балалар дерті өршіп, жайлайды. Жергілікті халыққа дәрі-дәрмек жеткізу керек болады. Телеграф арқылы мыңдаған шақырым шалғайдағы Анкоридж қаласында дертке қарсы вакцина бары белгілі болған соң, халық ішінен ең төзімді деген ержүрек адамдар тізімделеді.   Бірақ күннің қытымыр аязы мен бет қаратпайтын боранынан тұрғындар  жолға шығуға қорқады. Қолайсыз ауа райында  ұшақтар да кәдеге аспайды. Дәрі-дәрмектерді мұзды шөл арқылы Ненана қаласына дейін ғана жеткізуге мүмкіндік туады. Номға дейін теміржол салынбағандықтан,  жергілікті тұрғындар иттерді жегіп, шанамен жетуді ойластыра бастайды. «Мен» деген шана айдаушылардың дені бұл істен бас тартады. Жолға шығып мұзды шөл мен қытымыр аязға төтеп бере алмағандар орта жолдан оралып та жатады. Содан Ненана қаласына Гуннар Кассен (Gunnar Kassen) есімді азамат бірінші болып жетеді. Оның жеккен иттерінің арасында біз айтып отырған Балто иті бар еді. Дәрі-дәрмектерді алған соң Гуннар қайтар жолда қиын жағдайға ұшырайды. Үдеп соққан дауылдан оның аяқ-қолдары сал боп, шана басқаруға қауқарсыз болып қала-ды. Балалардың тағдырына жарық сәуле түсіру үміті үзіле бастаған кезде Балто адам басқаруынсыз-ақ дұрыс жолды өзі тауып Номға жетеді. Ауыр әрі ұзақ жолдан талып түскен иттің қыңсылауға да шамасы келмеген екен. Бірақ балалар осылай Балтоның естілігі мен шыдамдылығының арқасында аман қалыпты.

Ескерткіште «Шыдамдылық, адалдық, парасаттық үшін» деп жазылған. Сондай-ақ Токионың  Сибуя стансасында Хатико атты итке  қойылған мүсіннің де өзіндік тарихы бар.  Бұл акита-ину тұқымды ит  қайтыс болған  иесін тоғыз жыл бойы жұмыстан қарсы алу үшін  шығып жүрген. Санкт-Петербургтегі эксперименталды медицина институтының алдына академик И. Павловтың бастауымен «Белгісіз итке қайырымды адамнан» деп жазылған мүсін орнатылған еді. Бұл иттерге жалпы ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін қойылған. 2003 жылы Тольятти қаласында өз иелерін апат болған жерде жеті жыл бойы (өлгенше) күтіп отырған итке «Адалдыққа ескерткіш»  атты мүсін орнатылған болатын. Сонымен қоса Парижде  Сена өзенінің жағалауында 40 адамды судан құтқарған Барри атты сенбернарға да ескерткіш қойылыпты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Жемқорлардан 20 миллион теңге

Күні: , 129 рет оқылды


Сәрсенбі күні БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО соттарының 2017 жылғы жұмыс қорытындысы туралы баяндалды. Баспасөз мәслихатына БҚО сотының төрағасы Бек Әметов және облыстық соттар әкімшісі Нұрлан Қажғанов қатысты.


Сала  бойынша  атқарылған жұмыстар турасында баяндаған сот төрағасы өткен жыл ішінде қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің статистикалық деректеріне толық  тоқталып  өтті.

Оның мәліметінше, өткен жылы республика бойынша сот саласымен 1 миллион 300 мыңға жуық іс қаралған болса, соның 50618-і біздің облысқа тиесілі. «Соттарда қаралатын істер санының жыл сайынғы өсуі – халықтың сот саласына деген сенімінің артуы. Жыл бойына қаралған істер көрсеткіші бойынша біздің өңір алдыңғы қатарда тұр», – дейді сот төрағасы.

Облыстық сот төрағасының айтуынша, өткен жылы БҚО соттарында 2014 қылмыстық іс тіркелген. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 68-ге немесе 3,4 пайызға көп. Сондай-ақ аяқталған істер алдыңғы  жылмен салыстырғанда 120-ға немесе 5,8 пайызға, тоқтатылған істер 87-ге немесе 14,8 пайызға,  сотталғандар 70-ке немесе 4,5 пайызға, кәмелет жасқа толмаған сотталғандар 13-ке немесе 48 пайызға артқан. Ал рақымшылық қолдану арқылы жазадан босатылғандар 93-ке немесе 92 пайызға, жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу істері 208-ге немесе 61%-ға, қысқартылған тәртіпте қаралған істер 746-ға немесе 93 пайызға, алқабилердің қатысуымен қаралған істер 4-ке немесе 80 пайызға, медиацияны қолдану  арқылы қаралған істер 258-ге немесе 50 пайызға көбейген.

Есепті кезеңде аяқталмаған істер 70-ке немесе 75,3 пайызға, ақталған тұлғалар 24-ке немесе 49 пайызға, үкім шығару арқылы қаралған істер бірге немесе 0,07 пайызға азайған.

Сондай-ақ өткен жылы азаматтық істер бойынша түскен арыздар 2016 жылмен салыстырғанда 5103-ке немесе 18 пайызға, аяқталған істер 6444-ке немесе 24 пайызға, шешім шығару арқылы қаралған істер 2973-ке немесе 18 пайызға, татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы қаралған істер 212-ге немесе 15,6 пайызға көбейген. Ал сырттай шешімдер 345-ке немесе 76 пайызға, қараусыз қалдырылған талап-арыздар 818-ге немесе 59 пайызға, қабылдаудан бас тартылған арыздар 61-ге немесе 63 пайызға, қайтарылған талап-арыздар 778-ге немесе 76 пайызға азайған. 2017 жылы Орал қаласының №2 сотында 22 641 азаматтық іс тіркелген.

Сонымен қатар 2017 жылы БҚО сотына әкімшілік істердің түсуі 43-ке немесе 0,2 пайызға және қаралған істер 94-ке немесе 0,6 пайызға көбейген. Жыл ішінде Орал қаласының әкімшілік сотымен 8159 іс, Бөрлі аудандық сотымен 1416 іс, Зеленов ауданының №2 сотымен 692 іс, Жаңақала аудандық сотымен 458 іс қаралған. Бұдан бөлек есепті  кезеңде 1434 әкімшілік  іс, оның ішінде медиация тәртібімен 481 іс қысқартылған.

Облыс соттарымен өткен жыл бойына қаралған істер туралы баяндаған сот төрағасы төмендегі деректерге тоқталды. Жыл ішінде сыбайлас жемқорлық бойынша  36 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қаралып, 13 адам сотталып, 13 тұлғаға айыппұл салынып, 10 адамға түрлі жазалау шаралары қолданылған. Аталған баппен айыпты деп танылған 13 тұлғадан мемлекет тарапына 20 миллионға жуық теңге айыппұл өндірілген. Жыныстық қолсұғылмаушылық  бабымен 24 іс бойынша 25 тұлғаға қатысты іс қаралып, олардың 18-і бас бостандығынан айырылған. Қаралған 24 қылмыстық істің 11-і өте ауыр қылмыс түріне жатады. Адам өлтіргені үшін 2016 жылы 40 тұлғаға қатысты 27 іс қаралған болса, өткен жылы 21 тұлғаға қатысты 18 қылмыстық іс қаралып, олар-дың барлығы бас бостандығынан айырылған. Экстремистік және террористік әрекеті үшін 17 тұлғаға қатысты 14 қылмыстық іс қаралып, 16 адам сотталған. Бүгінгі таңның күйіп тұрған өзекті мәселесінің бірі – мал ұрлығына қатысты 53 тұлғаға 27 қылмыстық іс қаралып, сегіз адам бас бостандығынан айырылып, қалғандарына жазаның шартты түрі тағайындалған. Жалпы, өткен жылы облыс бойынша 1500 адам сотталып, 101 тұлға рақымшылық қолдану арқылы жазадан босатылған.

– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауын біздің сала қызметкерлері де толықтай қолдайды. Жолдауда адам капиталының дамуына басым бағыт берілген. Цифрландырумен қатар экономика, өндіріс, банк жүйесі секілді басқа да өзекті салаларды дамытудың айқын бағыттары да келтірілген. Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік саланы алға жылжыту да назардан тыс қалған жоқ. Жолдауда айтылған ауқымды жоспарларды іске асыру жолында бірлесіп жұмыс  жасауымыз  қажет, – деді сот төрағасы Бек Әметов.

Баспасөз мәслихатында БҚО соттар әкімшісі Нұрлан Қажғанов сот жүйесіндегі ақпараттық  техно-логияларға кеңінен тоқталды.

– Сот жүйесі биліктің бір тармағы ретінде электронды құжат айналымын енгізіп, электронды сот ісін жүргізуге көшуде. Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданыла бастаған дыбыс-бейнежазба құрылғысы сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда облыста 69 сот мәжілісі залы 100 пайыз дыбыс-бейнежазба құралдарымен жабдықталған. 2017 жылы тағайындалған 49623 сот мәжілісінің барлығы дыбыс-бейнежазба құралын қолдану арқылы өтті. Облыстың барлық соттарына орнатылған бейнеконференц байланыс жүйесі аумақтық және аудандық соттар араларындағы дистанциялық оқытуға, семинарларды өткізуге, қашықтықтан қатынасу тәсілімен сот төрелігін жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Өткен жылы осы жүйе арқылы онлайн режимде қылмыстық атқару жүйесі департаментінен келіп түскен 622 материал қаралды. Бұйрық арқылы сот ісін жүргізуге арналған электрондық сервисте сот жүйесіндегі тиімді құралдардың бірі. Ол арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейінгі қараудың жаңа тәртібі сот ісін жүргізуді едәуір қысқартып, сот жүйесіне жүктемені төмендетуге септігін тигізді. Өткен жылдың 17 шілдесінен бастап соттар 6055 арызды электрондық тәсілмен қарады. Елімізде 2017 жылдың 20 қыркүйегінен бастап «Электрондық қылмыстық іс» пилоттық жобасы мен «Жазаны тағайындау» пилоттық талдау сервисі іске қосылды. Олар қылмыстық процестің ашықтығын жоғарылатып, қағаз құжат айналымына шығындарды төмендетті, – деді облыстық  соттар  әкімшісі  Нұрлан Қажғанов.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында жылдан-жылға елімізде сотта қаралған істер саны артып келетіндігі, оның санын медиация арқылы қысқарту керектігі айтылды. Сала басшыларының айтуынша, 2017 жылғы 28 қарашада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Батыс Қазақстан облыстық соты мен облыстық әкімдіктің бірлескен жобасы «Цифрлық технологиялар арқылы медиацияға қол жеткізу» пилоттық жобасының тұсаукесері өткен. Жоба азаматтардың медиаторлардың қызметіне жүгінуін ыңғайлы етуге бағытталған. Оңайлатылған жоба тұлғалардың әуре-сарсаңға түспеуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдарының жұмысын азайтады. Электрондық сервис №1 ХҚКО-да іске қосылған. Жобаның екінші кезеңі ағымдағы жылдан бастап енгізілмек. Сервис барлық азаматтарға қолжетімді болып, ол үшін арнайы портал құрылатын болады. Сервисті пайдаланушы сілтеме бойынша кіріп, медиация туралы материалдармен танысып, медиаторлардың тізімін, жұмыс кестесін, пікірлерді, медиатордың жұмыс тәжірибесін және т. б. мәліметтерді қарай алады. Сервис мобильді қосымшада қолжетімді, оны көшіріп алуға және дербес гаджеттер мен смарт-фондарға орнатуға болады.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері сот төрағасына рақымшылық қолдану арқылы жазадан босатылғандарды жұмыспен қамту, сот саласының журналистер үшін ашықтығы, сот залдарына смартфонмен кіруді қамтамасыз ету туралы сауалдарын қойды.

– Өткен жылы 101 адам рақымшылық қолдану арқылы жазадан босатылды. Бірақ  бұлардың бәрі бірдей жазасын өтеу орындарынан шықты деген сөз емес. Олардың ішінде қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес және орта дәрежедегі қылмыс жасап, жазаға тартылғандар бар. Кейбір іс жарияланған рақымшылыққа орай тергеу барысында немесе сотта қаралып барып қысқартылған. Ал жазасын өтеу орындарынан босатылғандар саны он шақты адамды ғана құрайды. Түрмеден босатылғандарды ортаға бейімдеу, жұмыспен қамту бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Өткен жылы бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып, келелі жиындар өткізіліп, құзыретті органдармен бірлесіп түрлі меморандумдарға қол қойылған болатын. Қол қоюшы әрбір тарап аталған мәселені ерекше назарда ұстауға тиіс. Меморандум шарттары бойынша мекеме-кәсіпорындар мен заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер бос жұмыс орны болса, бостандыққа шыққан адамды жұмысқа қабылдауы тиіс. Осы бағытта бірқатар шаралар қолға алынуда. Енді БАҚ өкілдері үшін соттардың ашықтығы туралы айтып өтейін. Әр құзыретті органның өзінің белгіленген ішкі тәртібі бар. Сот ғимараттарындағы тәртіп бізбен сіздерге бірдей. Бұл тәртіптер келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Бүгінгі технологияның дамыған заманында әр түрлі жайттарды күтуге болады. Мысалға, смартфондарға жарылғыш заттар орнатылуы немесе улы заттар салынуы әбден мүмкін. Әлем бойынша неше түрлі жағдайлар орын алуда. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында сот залдарына смартфонмен кіруге тыйым салынған болатын. Ал диктофон, фотоаппарат секілді журналиске қажет құрылғыларды соттың рұқсатымен алып кіруге болады. Атқарған жұмыстарымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың жұртқа тарайтын болғандықтан, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек, – деді Бек Әметұлы.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


276 шаңырақтың шаттығы

Күні: , 98 рет оқылды


Кеше  Орал  қаласының  аумағындағы  Зашаған кентінде  9  қабатты  екі  тұрғын үй пайдалануға  берілді. Жаңа  баспанаға  ие  болған  276  отбасына  пәтер  кілтін  табыстап, қуанышын  бөлісуге  облыс  әкімі Алтай Көлгінов,  облыстық  мәслихаттың  хатшысы  Мәлік  Құлшар,  қала  әкімі Мұрат  Мұқаев  арнайы  қатысты.


Айта кетейік, Зашаған кентінің  Орал – Саратов тас жолы маңындағы Мөңкеұлы көшесінде бой көтерген 9 қабатты, 180 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын, аумағы 10 186,56 шаршы метр тұрғын үй құрылысын «Болашақ-Т» ЖШС уақтылы әрі сапалы жүргізген. Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған баспана кезекте тұрған отбасыларға берілді. Ал сол ауданнан бой көтерген 9 қабатты екінші тұрғын үйді «Домостроитель» тұтынушылар кооперативі салған. Жобаның жалпы құны – 830,8 миллион теңге. Заманауи үлгіде салынған көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің кілттері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына берілді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың толыққанды өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау керектігін басты назарда ұстап келеді. Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында тұрғындардың жағдайын жасап, оларды тұрғын үймен қамтуды тағы да тапсырған болатын. Елімізде қабылданған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бүгін көп қабатты екі тұрғын үйді пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл елдегі қабылданған бағдарламалардың нәтижесі, мемлекеттің халыққа деген қамқорлығы. Екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізген компания басшылары мен жұмысшыларына өңір тұрғындары атынан зор алғыс айтамын. Сіздерді жаңа жылдың алғашқы айындағы көптен күткен қуанышты қоныстойларыңызбен құттықтаймын! Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, еліміз дами берсін, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын, – деді облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Бұдан соң облыс әкімі көп балалы аналар Қырмызы Қабошқызы мен Қамия Ниетқалиеваға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Райгүл Жәлеловаға, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары Сәуле Рахметоваға, Артур Есембаевқа, Асылзада Дүйсенбаеваға пәтер кілттерін табыстады. Салтанатты  шараға  жиналғандар жаңа тұрғын үйді аралап көріп, ағайынның қуанышымен бөлісті.

– Өткен жылы елдегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1500 пәтер берілген болатын. Ағымдағы жылы да осы игі бастама жалғасын тауып, көп қабатты 16 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда құрылысқа қажетті қаражат бөлінді. Енді  осы істерді жүзеге асыру бағытында жұмыстанатын боламыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов  БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сайран  ҒАТАУОВ,

қала  тұрғыны:

– «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшысы атанып, өз баспанамызға қаражат жинай бастағанымызға жеті жылдай уақыт болды. Бүгін көптен күткен арманымыз орындалып, үш бөлмелі, су жаңа пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Отбасымызда үш қызымыз бар. Зайыбым  мәдениет саласының қызметкері болса, өзім «Жедел жәрдем» стансасында жүргізуші болып жұмыс жасаймын.

Қарапайым халыққа жағдай туғызатын осындай бағдарламаның болғанына қуанамыз. Бүгін қоныстой тойлаған барша ағайынды шын жүректен құттықтаймын!

Александр  МАХОРИН,

қала  тұрғыны:

– Соғыс ардагеріне теңестірілген тұлға санатында бұл тұрғын үйді көп күттім. 1989 жылы Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде ауыр жарақат алып, Кеңес одағы әскерінің мүгедегі атандым. Өзімнің шағын болса да, баспанам болса екен деп армандағаныма 17 жыл уақыт өтіпті. Бүгін сол арманым орындалып, зор қуанышқа кенеліп отырмын. Бір бөлмелі болса да, өз мекенім ғой.

Біз секілді қамкөңіл жандарға жағдай жасағаны үшін Елбасыға, облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз  тыныш  болғай.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі» 


«Жолдауда белгіленген міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруымыз керек»

Күні: , 97 рет оқылды


Елбасының  «Төртінші  өнеркәсіптік  революция  жағдайындағы дамудың  жаңа  мүмкіндіктері»  атты  Жолдауын  түсіндіру  және  іске  асыру  жөнінде  облыс  активі  өтті.  Оған  облыс әкімі  Алтай Көлгінов,  облыстық  мәслихат  депутаттары, мемлекеттік  құрылым,  қоғамдық  ұйым,  саяси  партия  филиалдары,  мекеме-кәсіпорын  басшылары,  ардагерлер,  жастар  қатысты.


Жиынды ашқан облыс басшысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы мемлекетіміз, қоғамымыз, еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды  екенін  айтты.

– Әлемде орын алып жатқан динамикалық жағдайлар төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге сай әрі жедел түрде жауап қатуды талап етеді. Ал биылғы Жолдауды қазіргі заманның сынақтарына нақты жауап беретін іс-әрекеттердің кешенді бағдарламасы деуге толық негіз бар. Бұл  Жолдау елде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің логикалық жалғасы. Ол «Қазақстан – 2050» даму стратегиясымен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен ұштасады.

Он басым бағыттан тұратын стратегиялық құжаттың бірінші бағытында Елбасы «цифрлық дәуірге» лайықты өнеркәсіпті қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керегін атап көрсетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы ішкі өнім көлемі төрт пайызға, ал өнеркәсіптік өнімнің көлемінде жеті пайызға жуық өсім бар. Сондықтан өнеркәсіптік компаниялар бүгіннен бастап өндіріске тың технологияларды енгізулері тиіс. Елбасы қойған тапсырманы орындауға облысымыздағы компаниялардың мүмкіндігі жетеді. Өндіріс ошақтарының дені қазірдің өзінде материалдық-техникалық тұрғыда модернизациялаудан өтіп, өндіріс көлемін  ұлғайтуды  көздеп  отыр.

Екіншіден, ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Мемлекет басшысы «шикізат индустриясын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек» деді. Бұл тармақта Президент табиғи байлықты тиімді пайдалануды жеткізіп, сол мақсатта ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге бағыттады. Баламалы энергия көзін дамытып, 2030 жылға қарай оның үлесін 30 процентке жеткізу керектігін баса айтты. Біздің өңірімізде қолға алынған финдік технологияларды одан әрі дамытып, құрылыс саласына кең көлемде енгізуді қамтамасыз етеміз. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің алаңында болған келіссөздердің нәтижесінде қол жеткізілген жаңа технологиялар жасыл экономикаға мүмкіндік ашады. Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар облыс орталығын жарықтандыруда қолданылған энергия үнемдеуші шамдарды алдағы уақытта да кеңінен пайдаланатын боламыз. Мысал үшін айтар болсақ, Еуразия даңғылының бойына қойылған шамдар бізге энергия көздерін 42 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.

Үшіншіден, «ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға мүмкіндік беретіні  белгілі. Ауыл шаруашылығының алға қадам басуы үшін аграрлық университеттерде оқу бағдарламасы жаңартылады. Ғылыммен айналысатын мамандар дайындалады. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдер енгізіледі. Бұл тұрғыда, бізде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың әлеуеті зор. Елбасының тапсырмасы бойынша бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі және өңделген ауыл шаруашылығы өнімнің экспорты кем дегенде 2,5 есеге артуы қажет. Былтыр біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттау бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Мысал ретінде Иран еліне тасымалданған марқа еттерін айтуға болады. Биыл да осы қарқынды төмендетпей, жаңа технологияларды енгізе отырып, тиісті жұмыстарды атқарамыз.

Индустрияландыру күні Елбасының алдында ашылған жылына 7 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың, «Кублей» және «Желаев» макарон өндіру кәсіпорындарының еуропалық мемлекеттерден алынған құрылғылар арқылы техникалық тұрғыда модернизацияланғанын атап өтуге болады. Өзге кәсіпорындар осылайша жаңғыруды қолға алулары тиіс, – деді Алтай Сейдірұлы.

Одан соң облыс әкімі көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жайына тоқталды. 2016 жылы өңірімізде 290 шақырымдай жол жөнделіп салынса, былтыр 500 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар көліктік инфрақұрылымға қатысты мәселелерді шешу мақсатында Оралда арнайы ХҚО салынуда. Онда бір терезе қағидасы негізінде аутокөлікті тіркеу, мемлекеттік нөмірлер беру сынды қызметтер жүргізілетін болады.

Жолдауда айтылған тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту мәселесі Орал қаласы үшін де маңызды. Мәселен, қазір шаһарымызда 200 шақты апатты жағдайда тұрған үй бар. Жергілікті атқарушы билік бұл мәселені мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында шешуде. Оның бірі былтыр тапсырылды. Ал ТҮКШ-ті жаңғырту бағдарламасы шеңберінде былтыр бес үй мен жеті лифт жөнделсе, биыл  10 үй мен 10 лифт жаңа кейіпке енбекші.

Алтай Сейдірұлы адами капиталды дамыту бұл ең алдымен білім, денсаулық және әлеуметтік салаларды дамыту екенін айтты.

Сол себепті білім саласында робототехника кабинеттері жабдықталуда, «Bilim-media» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Енді шағын жинақты мектептер цифрлық контентпен қамтылмақшы. Емханалардағы кезекті азайту үшін қалалық емхананың бәрі электронды кезекті басқаруға арналған «Электронды көрсеткіш тақта» жүйесін іске қосты. «Жедел жәрдем» жүйесі жаңғыртылды. Соның нәтижесінде «Жедел жәрдем» қызметі көлігінің шақырылған мекенжайға жету жылдамдығы 12 минуттан 9 минутқа дейін қысқарды. Қазіргі уақытта барлық емдеу ұйымдарында медициналық ақпараттық жүйе енгізілуде.  Ал жұмыспен қамтуда болжау мен түсіндіру жұмыстарына мән берген дұрыс. Яғни заманауи ІТ технологиялары ертең қандай мамандықтарға деген сұраныстың жоғары болатыны, МӘМС-тің артықшылығы сынды мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізе алады.

Тиімді мемлекеттік басқаруды «Смарт Орал» орталығы жаңа деңгейге шығаратынына сенім мол. Себебі бұл орталықтың әлеуеті өте жоғары. Кәсіпкер бір ғимаратқа кіріп, «Атамекен» палатасының, «Қазақинвест» компаниясының кеңестеріне қоса, нотариус, медиация, адвокаттық қызметтерді ала алады. Құқық қорғау саласының қызметтерінің қолжетімділігі мен жеделділігін қамтамасыз ету мақсатында прокуратура қызметкерлері де осы жерде көмегін береді. Осылайша көрсетілетін мемлекеттік қызмет саны артып келеді. Мысалы үшін бұрын бұл жерде 618 қызмет көрсетілсе, қазір оның саны 641-ге жетті. Енді кәсіпкердің жер телімін алуы жеңілдемекші. Яғни қазір кәсіпкер жер алуы үшін 14 мекемеге баруы тиіс, олардың әрқайсысына бес күн уақыт кетеді екен. Енді  бұл бағыттағы барлық қызмет бес күн ішінде шешілмекші әрі іс-қағаздар электронды форматта жүргізіледі. Сөйтіп, аталмыш қызметке кететін уақыт 14 есеге дейін азаяды.

– Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін қамтамасыз ету үшін біз өңірімізде облыстық прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент, ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті және ішкі істер департаментімен бірігіп, әр түрлі деңгейдегі заңбұзушылықтардың алдын алу жөнінде тығыз жұмыс атқарып келеміз. Сыйбалас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында өткен жылдың  тоғыз айында 550 іс-шара өткізіліп, аудандарда мобильді топтар құрылды. Орал қаласы әкімдігінің бірінші қабатынан ашылған «Ашық әкімдік» – осы жұмыстардың бірі. Бұрын азаматтар жабық кабинеттерден жауап ала алмай, табан тоздырып жүретін. Ол кабинеттерде мәселелердің қалай шешілетіні де беймәлім болып келген. Енді «Ашық әкімдік» арқылы мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылды, толығымен жетілдірілді. Біз Жолдауда көрсетілген Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті атқарушы құрылым және құқық қорғау органдарымен біріге отырып, жемқорлықтың алдын алу жөніндегі іс-шаралардың белсенділігін  төмендетпеуіміз  қажет.

Мемлекет басшысы Жолдауда «2018 жыл — Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл» екенін айтқан еді. Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастауымыз керек. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналатыны сөзсіз. Орал қаласында «Смарт-сити» қағидатына сәйкестендіруге толық мүмкіндіктеріміз бар. Алғашқы қадам ретінде қалада орнатылып жатқан бейнебақылауларды, қоғамдық көліктерді бақылауға арналған infobus.kz. пен автобустарда жолақының электронды нұсқада төлеу үшін енгізілген SMS-BUS жүйелерін, ауруханаларды қағазбастылықтан арылуға бағытталған жаңа жобаларын айтуға болады.  Ағымдағы жылы «Смарт-сити» бойынша 30 жоба  іске  аспақшы.

Еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін Жолдау жарияланғаннан кейін Елбасымыз АҚШ-қа ресми сапармен барды. Әлемдік саясатта өзіндік орны бар бұл мемлекеттің басшысымен, бизнес қауымдастығымен кездесті. Ел экономикасына 7 млрд. доллар қаржы тартатын келісімдерге қол жеткізді. Еліміз БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуде. Бұл да біздің еліміздің, Елбасымыздың халықаралық саясаттағы беделінің нәтижесі. Президентіміз осылайша әрқайсымызға үлгі көрсетіп келеді. Сондықтан біздің, яғни облыс активінің атқаратын жұмыстары да өте ауқымды. Жолдаудан туындайтын міндеттерді бірлесіп, үйлесімді түрде жүзеге асыруымыз керек, — деді Алтай Көлгінов.

Жиын барысында мемлекеттік құрылым, кәсіпкерлік субъектілері  басшылары баяндама жасап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Содан кейін облыс активі жиналысының қарары  қабылданды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

   

Мұрат  МҰҚАЕВ,

Орал  қаласының  әкімі:

– Елбасының биылғы Жолдауында бүкіл әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басқанын айтты. «Smart City» тұжырымдамасы арқылы еліміздің барлық қалаларын жаңа технологиямен қамтамасыз ету көзделуде. «Ақылды қала» баршаға қауіпсіз болуы шарт. Бұл бағытта қала бойынша үш мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Былтыр камералар арқылы 14 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолын кесуге, 82 қылмыстық оқиға дерегін анықтауға мүмкіндік туды. Тұрғындар мен ПИК және қала әкімдігі арасындағы онлайн байланысты қамтамасыз ету үшін «Электронды ПИК» жүйесі іске қосылды. «2018-2023 жылдары Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту» тұжырымдамасына сәйкес бұл бағытта автоматты түрде бақылау жүйесі мен электронды төлемақы енгізу бағытында жұмыс жүргізіледі. Аялдама павильондарында таяу келген автобус туралы ақпар беретін электронды табло орнатуды көздеудеміз. 2020 жылға қарай қаланы қоғамдық WI-FI жүйесімен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. WI-FI жүйесін жаңа алаңда қосудан бастаймыз.

Алмагүл ҚАМИЕВА,

ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің бірінші проректоры, экономика  ғылымдарының  докторы:

–  Президент Жолдауында білім берудің тың әдістемелерін қолдану керектігін көрсетті. Осы орайда  заманауи сандық технологиялар әлем бойынша жоғары оқу орындарына және басқа да білім ордаларына серпін беріп жатқанын атап өткен жөн. Сандық теңдестіру адамдардың  терең білім алуына, тиімді шешімдер қабылдауына және өзара тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік береді. Жаһандық нарықта өз позицияларын сақтап қалуға тырысатын университеттер үшін  халықаралық білім беру кеңістігіне ену стратегиясы ретінде басқа елдерде ашық халықаралық кампустарды құру, шетелдік ғалымдарды,  оқытушылар мен студенттерді тарту, жергілікті ғалымдардың академиялық ұтқырлық бағдарламаларын қолдау және студенттерге арналған шетелдік тәжірибені қолдану маңызды. Әр университет таңдаған стратегиясына қарамастан, сандық трансформациядан өтуі керек. Соған байланысты жаңа үдерістерді жүзеге асыруға педагог мамандар білек сыбана әзірленуде. Мысалы, «Сандық университет: виртуалды білім беру ортасы, оқытушылар мен студенттер үшін ақылды жұмыс орындары» тақырыбында ұсынған менің ғылыми жобамды қаржыландыруға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым қоры 227 млн. теңге көлемінде грант тағайындады. Бұл жоба Президент Жолдауында белгіленген бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Яғни  ғылымның әр түрлі саласы бойынша әлемнің жетекші ғалымдарының үздік бейнесабақтарын базаға жинау, студенттерге 3D модельдеу жобалау, нейроинтерфейс технологияларын үйрену, ғалымдарды әлемнің жетекші кітапханаларымен байланыстыру және басқа ізденіс бағыттарын ұсындық.

Арман МЫРЗАХМЕТОВ,

облыстық наркологиялық диспансері директорының орынбасары:

– Мемлекет басшысы Жолдауда денсаулық саласын сандық технологияға көшіру және ақпараттық-түсіндіру жұмысын кешенді жүргізудің маңызын атап көрсетті. Облыстағы медициналық ұйымдардың бәрі ақпараттық-талдау жүйесін қолданады. Соған сәйкес электронды медициналық картада дәрігерлердің емдік нұсқаулары толық көрсетіледі. Медициналық ақпараттық жүйе арқылы емделушінің электронды құжатын қолданысқа енгізу үшін биылдан бастап облыстық клиникалық аурухана мен №3 қалалық емханада пилоттық жоба жүзеге асуда. Облыс орталығындағы емханалар мен «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясында электронды кезек жүйесі енгізілді. Үш емхана бойынша «Жұқпалы емес ауруларды басқару» бағдарламасын іске асыру мақсатында дәрігер мамандар оқу курстарынан өтуде. Алдағы уақытта бұл бағдарлама аудандық ауруханаларда да қолданылатын болады. Былтыр «Жедел жәрдем» стансасының диспетчерлік қызметі автоматты басқару жүйесіне ауысты. Қаладағы «жедел жәрдем» стансасының базасында бригадалардың қызмет ету деңгейін бақылап отыратын арнайы орталық құрылды. Мұндай реформалар жүйелі түрде жүзеге асатыны мәлім. Облыстағы денсаулық сақтау жүйесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кезең-кезеңімен  көшеді.


Қасым ақынның мүсіні орнатылды

Күні: , 107 рет оқылды


Ауданымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір игі іс жүзеге асты. Осыдан он жыл бұрын аудан орталығында ашылған Қасым Аманжолов атындағы мектептің ауласына ақынның ескерткіш мүсіні орнатылды.


Поэзия әлеміне Ақ Жайық топырағынан қанат қаққан, Шағанның бойында ізі қалған дауылпаз Қасым ақынның мүсіні Зеленов ауданы тарихында қазақ ақынына қойылған алғашқы мүсін.

Мүсіннің салтанатты ашылуына Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғ. Қапақов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Г. Құлжанова, мектептің алғашқы директоры, еңбек ардагері  Г. Байғазиева, ардагер ұстаздар арнайы келді.

– Бұл мектептің құрылысына, оның мемлекеттік тілде білім беретін мектеп ретінде ашылуына азаматтық үлес қосқан құрметті қонақтар ортамызда. Сол кезде ауданға басшылық жасаған Ғайса Хамидоллаұлына, әлеуметтік салаға жетекшілік жасаған әкім орынбасары Гүлназ Мағжанқызына, ашылған мектептің тиянақты қалыптасуына қызмет еткен алғашқы директоры Гүлнар

Рахметоллақызына, осы мектепте ұстаздық еткен еңбек ардагерлеріне елдің айрықша ризашылығын білдіремін. Елбасының стратегиялық мақаласы аясында ақын ескерткішін орнату идеясын құп алған мүсіннің авторы Асқар Бақтығалиұлына алғысым шексіз.

Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2007 жылы іргесі қаланып, 2008 жылдың қаңтарында ашылған мектепке Қасым ақынның аты берілуі тегін емес. Қазақтың қайсар ұлы, дауылпаз ақыны небәрі 44 жыл ғана ғұмыр кешкенімен, оқырманға ой салып, рух-жігер берер жалын жырлары ел жадында мәңгілікке жатталып қалды, – деген аудан әкімі Асхат Шахаров мектеп ұжымына табысты еңбек, ақынның өршіл өлеңдерін жаттап өсіп келе жатқан шәкірттерге жарқын болашақ тіледі. Игі бастаманың жүзеге асуына үлес қосып, демеушілік жасаған кәсіпкер азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.

Жергілікті демеушілердің 1,5 млн. теңге қаражатына салынған, биіктігі 2,8 метр болатын ақын мүсінін ашу құрметі Ғ. Хамидоллаұлы мен Гүлнәр Рахметоллақызына берілді. Шараға қатысушылар мен қонақтар мектептегі әскери даңқ мұражайын аралап, білім ордасының он жылда еңсерген жетістіктерін тамашалады. Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай мектептен ашылған «Парасат» достық клубына бас сұққан қонақтар ұлтаралық татулықты насихаттаған тың бастамаларға  куә болды.

– Ұлттың салт-дәстүрін кеңінен насихаттап, ана тілімізді дәріптеу үшін ұлтжанды орта қалыптастыру қажет болды. Біз бұл мәселені тек мемлекеттік тілде тәлім беретін мектеп ашу арқылы ғана шешуге болатынын білдік. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен ауданға екі мектеп салынатынын естігенде балаша қуандық. Қасым атындағы мектептің ұжымы ойлаған мүддеден шығып, талай іске бастамашы болды. Түлектері жоғары оқу орындарынан мамандық игеріп, елге оралуда.

Бірқатары осы ұжымда қызметте жүр екен. Осынау ұрпақтар сабақтастығы жарасымды жалғасын тапсын, – деген Ғайса Хамидоллаұлы ақынын ардақтаған аудан халқына  береке-бірлік  тіледі.

Ашылған сәтінен бастап білім мен өнердің, спорт пен ғылыми жобалардың, патриоттық, қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып жүрген мектеп оқушылары мен ұжымының жетістіктері бір төбе. Қонақтар назарына мектеп өмірінен сыр шертер бейнеролик ұсынылып, сахнадан Қасым  ақын  әндері  шырқалды.

Нұржан  ДҮЗБАТЫР,

Зеленов  ауданы

Орал

Қасым Аманжолов

Оралым, шықтың алдымнан,

Оралым менің, Оралым!

Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын.

Оралым, сенің қойныңда

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғанмын.

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Өмірдің алтын кесесін

Тосқанмын айдың нұрына.

Кезгенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма.

Сонау бір шетте, сонау үй,

Кетер ме, сірә, көңілден?

Алушы ед тартып мені ылғи

Махаббат, жастық лебімен.

Терезе алды — жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап үйге еніп?..

Сағындым сені, Оралым,

Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.

Келгенше қайтып оралып,

Алып қал осы жырымды.

Сіркіреп жаңбыр жауғанда

Байқарсың өзің анықтап.

Жаным бір жүзер ауаңда,

Ауаңда сенің қалықтап.

Қош болшы енді, Оралым,

Күле бер шалқып, сайранда!

Айтпақшы, қайда бораның?

Кетейін алып майданға!

1943 жыл


Қос қарақшы ұсталды

Күні: , 497 рет оқылды


2018 жылғы қаңтардың 18-інде кешкі сағат 18.00-де  үсті-басына қап-қара киім киген екі бейтаныс, европа нәсілді жігіт Орал қаласы «Ет комбинаты» ауданынан радио таксиге тапсырыс береді. «Калина» маркалы көлік жүргізушісі тапсырысты қабылдап, тапсырыс берушінің мекенжайына лезде келеді.


Такси жүргізушісі алғашында екі жігіттің қылықтары мен іс-әрекеттерінің күдік туғызғанын сезеді, алайда жігіттердің мас емес сау күйін көріп, тапсырыстарын орындауға тырысады. Алайда өзара сөйлесулері мен сөз саптаулары, көзқарастары, сыбырласуларынан секем алғанын жасырмайды. Сонда да диспетчер арқылы жолаушыларды жеткіз деген хабарлама алғасын орындауға бел шешеді. Таксиге жайғасқан екеуі межелі орынға жеткізген соң ғана ақшаны беретіндерін айтады. «Урдинская» көшесіндегі «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» ғимаратына жеткенде көліктен түспеген екеуі өзгелерден тасалау болатын, заводтың артына қарай түсіруін, өзен жағына қарай бұрылуын, сол жақта керекті заттарын алып шығатындарын айтады. Көлік тоқтаған сәтте жігітің біреуі көліктің белдігін (ременін) таксистің мойнына салып, бұрап қылғындырған. Екіншісі пистолетке ұқсас затпен қорқытып, басынан бірнеше рет мықтап соққан.  Жанталасқан такси жүргізушісі белдіктен босап,  жанындағы терезе әйнегін аяғымен теуіп сындырып, қашуды ойлайды. Қарақшылар ұялы телефоны мен көлік ішіндегі ақшаны алып, көліктен шығып, арттарына қарамай қаша жөнелген. Жәбірленуші айқайлап, арттарынан қуа түседі.  Біреуі пистолетпен атып өлтіретіндей сыңай танытқан соң көп әріге бармай дереу полицияға хабарласады. Полицейлер оқиға орнына жеткен соң  такси жүргізушісі екі жігіттің бет-бейнесін айтып, нақтылап баяндап береді. Қарақшылық шабуыл тіркелген оқиға орнына Орал қалалық ІІБ-ның жедел тергеу тобы, жедел уәкілдер, өзге де құрылымдар шақырылды. Абырой болғанда, жаңағы қылмыстық әрекеттер «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша орнатылған сол аудандағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған екен. Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары өздерінің ауданындағы бейнекамераны қарағанда қос қарақшының кімдер екенін бірден таниды. Учаскелік полиция инспекторлары дереу ізге түсіп, күнде көріп жүрген күдіктілерді көп ұзамай ұстады. Бірі 1989 жылғы, екіншісі 1983 жылғы, бұған дейін ұры, тонаушы, ретінде есепке алынған, заң алдында жауапталған бұзақылар екен. Таксистің ақшасы мен ұялы телефоны тәркіленді. Екі қарақшы Орал қалалық ІІБ-ның абақтысына  қамалды.

Осы оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Гүламан ЕСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметкері


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика