
Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша ем-дом жасау 2020 жылға дейін шегерілді. Өз кезегінде жұмыс берушілер міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарналарды төлеуді жалғастырады, ал қалған санаттар үшін – жеке тұлғалар, қызметкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, соның ішінде жеке кәсіпкерлер мен жалпы жұртшылықтың азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна төлеуі 2020 жылға шегерілуде. Осы орайда Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Нұржамал Жұмағұловамен әңгімелескен едік.
– Нұржамал Шамғонқызы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа не береді?
– 2015 жылдың 16 қарашасында азаматтардың денсаулығын сақтауға қатысты конституциялық құқығын іске асыру мақсатында, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын, қоғамдық қатынастарды реттейтін «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданды.
2016 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасында қаржы ресурстарын жинақтайтын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) құрылды.
2017 жылдың 14 шілдесінен бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы өз жұмысын бастады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – халықтың денсаулығын қорғайтын мемлекеттік жүйе. Бұл жүйе Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарының жынысына, жасына, әлеуметтік жағдайына, тұрғылықты жерiне және табысына қарамастан, медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді. Еліміз озық елдердің тәжірибелерін ескере келе, 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын, ҚР Конституциясының 29-бабында көрсетілген азаматтардың құқығын ескеріп, Елбасының «100 нақты қадам» институционалдық реформасының 80-қадамын жүзеге асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуде.
Қарап отырсақ, бүгінгі таңда азаматтар мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтаудағы ортақ жауапкершілік жоқ. Азаматтардың денсаулығының жауапкершілігі тек мемлекеттің еншісінде, ал азаматтардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі тиісті деңгейде қалыптаспаған (уақтылы диспансерлеуден өту, сауықтыру шараларына қатысу, зиянды әдеттерден арылу, т.б.).
МӘМС-тің негізгі мақсаты – өз денсаулығын жақсарту арқылы және халықтың денсаулығын қорғау ауыртпалықтарын бөлісе отырып, қоғамдық ынтымақтастыққа қол жеткізу.
МӘМС-тің артықшылықтары мынада, дәрігердің қабылдауынан бастап, жоғары технологиялық оталарға, қымбат тұратын зерттеулерге, ауру түрлері бойынша мемлекетпен белгіленген тегін дәрілік заттарды алуға құқығына дейінгі барлық медициналық қызметтерді жалғыз сақтандыру пакеті жабатын болады.
Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында азаматтар өздері таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала алады. Бұл жағдайда, емхананың шығындарын толығымен қор өтейді. Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатылады. Үшіншіден, медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге, азаматтардың Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналары туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Төртіншіден, сапасыз қызмет көрсетілген немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушы ретінде құқықтары бұзылған жағдайда қор сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Бесіншіден, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Облыс бойынша 2018 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталатын болсақ, медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасы жасақталды, деректер базасына 51 медициналық ұйым енгізілді.
Деректер базасына енгізілген денсаулық сақтау субъектілерінің 51 медициналық ұйым өтінімдерін тапсырды, оның ішінде 12 жеке медициналық ұйым, 39 мемлекеттік медициналық ұйым.
Бұл медициналық ұйымдардың 2018 жылда көрсететін көмек түрлерін айта кететін болсақ:
– 29 медициналық ұйым стационарлық медициналық көмекке;
– 23 медициналық ұйым амбулаториялық-емханалық көмекке;
– 16 медициналық ұйым жедел медициналық көмекке өтініштер білдірді.
ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау субъектілерінің арасында медициналық қызметтердің көлемін таңдау және орналастыру жөніндегі аймақтық комиссия құрылды. Комиссияның құрамына мем-лекеттік органдардың ғана емес, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының, «Диабет» қоғамының Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық бірлестігінің, Ұлттық денсаулық сақтау палатасының өкілдері де қатысты.
– Ел-жұрт сақтандыру жүйесіне қосылу үшін не істеуі керек?
– Ең алдымен, тіркелу науқаны аясында әр азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі керек. Содан кейін сол емханада тиісті медициналық көмек түрлерін ала алады. Бұл учаскелік дәрігерді үйге шақыру үшін де өте ыңғайлы. Немесе өз қаласының аумағындағы басқа емхананы таңдауына да болады. Бірақ, бұл жағдайда азаматтар дәрігерді және бала патронажын үйге шақыра алмайтынына келісім беруі керек.
Тіркелуді емханаға барып, сондай-ақ электронды үкімет порталы egov.kz. арқылы да онлайн режимінде жүзеге асыруға болады. Емханаға тіркелу үшін азаматтар жеке куәлік көрсетеді және еркін формада өтініш жазады. Оған қоса, емхана немесе egov.kz порталы арқылы қай санатқа жататынын анықтап алғандары жөн: жеңілдігі бар санаттағы азаматтар, жұмыскер, жеке кәсіпкер немесе халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі сынды санаттар бар. Сақтандыру бойынша төлем мөлшері мен тәртібі осыған байланысты.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдері қалай жүзеге асады?
– Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры аударымдарының көлемі бойынша ең қолайлы жағдай жасалған. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына сәйкес медициналық сақтандыру мәселелері бойынша келесі жарналар мен төлемдер қарастырылған: Жұмыс берушілер үшін МСҚ-ға аударатын аударымдар мөлшері өзгермейді: 2018-2019 жылдары 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді.
ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАР – жарна төлеуден 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілді.
Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде табыс табатын тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендетілді. Олар 2020 жылдан бастап табыстың бір пайызы, 2021 жылдан бастап екі пайызы көлемінде жарна төлейді. 2018-2019 жылдары олардың табысынан жарна ұсталмайды.
Жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары ЖК ретінде өзі үшін жарна аудармайды. Бірақ қарамағындағы қызметкерлер үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударуды тоқтатпайды (2018-2019 жылдары 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%).
Жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2020 жылы 1%, 2021 жылдан бастап 2% ұстап, қорға аударады.
Мемлекет жекелеген санаттағы азаматтар үшін жарнаны 2020 жылдан бастап аударады. Аударылатын жарна мөлшері оған дейінгі екі жылға бекітілген орташа айлық жалақының 4 пайызын құрамақ («Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заңның 26-бабы 2,3-тармақтары).
Жоғарыда көрсетілген санаттарға жатпайтын тұлғалар бір ЕТЖ (ең төменгі жалақының) 5 пайызын төлеп, сақтандыру жүйесіне қосыла алады.
2017 жылға жеке кәсіпкер-лер жарнаны қалай төлейді?
Жалпы тәртіптегі жеке кәсіпкер – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 30-бабы 6-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлер 2017 жылы шілде-желтоқсан айлары үшін жарна аударады. Жарна келесі айдың 25-інен кешіктірілмей төленуі тиіс. Яғни, 2017 жылдың желтоқсаны үшін жарнаны 2018 жылдың қаңтарында төлеуге болады (2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылған).
Жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін пайдаланатын жеке кәсіпкерлер – 2017 жылдың шілде-желтоқсан айлары үшін. Жеңілдетілген декларация ҚР салық органдарына салықтық есеп беретін кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен, ал салықтар есеп беретін кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей өткізіледі. Сондықтан соңғы төлем 2018 жылдың 25 ақпанынан кешіктірмей төленуі тиіс (2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылған).
– Нұржамал Шамғонқызы, қай уақыттан бастап азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылған болып есептеледі?
Қордың Ұлттық банктегі шотына ол үшін жарна аударылған сәттен бастап сақтандырылғандар тізіміне енеді. МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек қорға жарна төлеген (аударған) азаматтар мен жарна төлеуден босатылған жеңілдік санатындағы тұрғындарға көрсетіледі.
Жеңілдік санатындағы азаматтарға жарнаны мемлекет төлейді:
1) балалар;
2) жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар;
3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
4) үш жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен айналысатын, жұмыс істемейтін азаматтар;
5) бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байланысты, баласы (балалары) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар;
6) мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;
7) зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
8) сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар;
9) тергеу изоляторларында отырғандар;
10) жұмыс істемейтін оралмандар;
11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
12) мүгедектер;
13) орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушылар;
14) орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі жоғарғы білім беру, сондай-ақ жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын күндізгі бөлімде бітіргендер, оқуды бітіргеннен кейін күнтізбе бойынша үш айға дейін.
– Жұмыс беруші өзінің МӘМС-ке аударған жарналарын бақылай ала ма?
– Қор сұраным бойынша қызметкерлердің мәртебесі (сақтандырылған немесе сақтандырылмаған) және сұрау салынған кезеңге енгізілген қаражат сомасы туралы ақпаратты ұсына алады. Оған қоса жұмыс беруші Әлеуметтік медициналық сақтан-дыру қорының қызметін қоғамдық бақылауға қатыса алады:
– Қордың қоғамдық кеңесінің мүшесі болса, қызметтің айқындылығын қамтамасыз етуге;
– Кәсіби қауымдастық мүшесі болса, стандарттарды қарауға және тарифтерді бекітуге қатыса алады.
– Нұржамал Шамғонқызы, облыста әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қашан құрылды және қазіргі уақытта қандай өзгерістер болуда?
– 2016 жылы Қазақстан үкіметінің қаулысымен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ құрылды. Қор «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң шеңберінде жәрдемақы мен жарналарды қамтамасыз етумен айналысады.
2017 жылдың 14 шілдесінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның облыстық филиалы ашылып, жұмыс істей бастады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап МӘМС аясында аударымдар мен жарналарды тек жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтар ғана төлеуге кірісті. Еліміз бойынша шілде-желтоқсан айларында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» 32,1 млрд. теңге түскен. Жұмыс берушілердің МӘМС жарналары 26,4 млрд. теңгені (барлық аударымдардың 82%), жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін азаматтардың төлемдері 5,7 млрд. теңгені (18%-ға жуық) құраған. Биылғы желтоқсан айының соңындағы мәліметке сүйенсек, облыстық «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» 1 043 181 140 теңге 80 тиын қаржы келіп түскен. Соның ішінде жұмыс берушілерден 860 950 048 теңге 52 тиын (кәсіпорындар саны 9 207, барлығы 175 714 адамға жарна аударылған), жеке кәсіпкерлерден 182 231 092 теңге 28 тиын (жеке кәсіпкерлер саны 12 007, барлығы 18 971 адамға жарна төленген) қаражат аударылған. Жарнаның толық көлемде және уақтылы төленуін мемлекеттік кіріс органдары бақылайды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстың барлық аудандарында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының аясында жұртшылық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы орайда жеке ұйымдар арасында «Талап» АҚ, «Медицинский центр», «Нефрос-Азия» және «Интертич» ЖШС-лары белсенділік танытқанын айта кеткім келеді. Қор осы кезге дейін атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, облыс аумағында жоспарлы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырады.
– Азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесі емханаларға тіркелу барысында анықтала ма?
– Қазіргі таңда халықты емха-наға тіркеу компаниясын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. 2017 жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында қордың және Денсаулық сақтау басқармасының ресми сайттарында емханаларға тіркелу азаматтарды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне тіркеу компаниясының өтетіні туралы хабарламалар жарық көрді. Облыстық, қалалық және аудандық басылым беттерінде де мәліметтер берілді. Өңірде емханаларға тіркелген азаматтардың жалпы саны 661 632 адам, соның ішінде қалалық медмекемелерде 342 мыңнан астам, ал аудандық денсаулық сақ-тау мекемелерінде 318 мыңнан астам адам тіркеліп, МӘМС жүйесіндегі мәртебесі анықталды. Шетел азаматтарының саны облыс бойынша 395 адам, соның ішінде 263-і Орал қаласында, ал 132 азамат аудандарда тіркелді. Басты артықшылығы – азаматтар ем-дом алатын аурухананы өздері таңдайды. Соның арқасында медициналық мекемелер (олардың ішінде бәрі бар – мемлекеттік және жеке меншік) арасында бәсекелестік күшейіп, нәтижесінде медициналық қызметтің сапасы артады.
ӘМСҚ-ның облыстық филиалының негізгі қызметі медициналық қызметті жоспарлау мен сатып алу болып табылады. Бұл бағытта мемлекеттік мекемелермен қатар жеке медициналық ұйымдардың тең құқығын қамтамасыз етуге баса назар аударылады. «Авиценна», «ОралСтом», «СВА ИНТЕРТИЧ», «ИНТЕРТИЧ Медициналық орталығы», «Медикер Ақсай» мекемелерімен кездесулер өткізіліп және жалғасын табуда.
Бүгінгі таңда облыс тұрғындарына медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында, Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы өз жұмысын бұдан әрі жетілдіретін болады. Сондықтан жақын арада денсаулық сақтаудағы ағымдағы реформалардың арқасында біз озық медицинаға және білікті дәрігерлерге қол жеткіземіз деп үміттенуге барлық негіз бар.
Сұхбаттасқан Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»