Мұрағат: 17.01.2018


Сақтықта қорлық жоқ

Күні: , 26 рет оқылды


19 қаңтарда облыстағы христиан діні өкілдері жылдағы дәстүрмен крещение мейрамын атап өтеді.  Бұл күні барлық су атаулы жаңарып, денсаулыққа ғажайып әсер береді деген нанымға сәйкес православтықтар өзен-көлдегі ойықтарға шомылады. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті 18-19 қаңтар күндері күшейтілген тәртіппен жұмыс жасап, ойық маңында тәулік бойы кезекшілік атқаратын болады. Бұл туралы сәрсенбі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мәлім болды.  


БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Ихсановтың айтуынша, биыл облыс аумағында 14 суға шомылу орны белгіленген. Олар: Орал қаласында – Киров саябағы, Ескі собор, Әйелдер монастырі, «Динамо» спорт базасы, Коминтерн ауылы, Чапаев затоны және «Металлист» зауыты аудандарында болса, қала маңында – Круглоозерное ауылында екі жерде (Грифка және Понтон), Деркөл ауылында үш орында (№7 маршруттың соңғы ескі аялдамасы, №4 маршруттың аялдамасы, «Магнит» дүкені), Серебряково мен Желаев ауылдарында. Төтеншеліктер шомылушылардан сақтық шараларын қатаң сақтап, спирттік ішімдік ішпеуге, суға біртіндеп түсуге, сүңгімеуге және суда 1-2 минуттан артық болмауға, шомылғаннан кейін құрғақ орамалмен мұқият сүртініп, ыстық шай ішуге кеңес береді.

– Мұздай суға шомылмас бұрын адамдар алдын ала дәрігерге барып, денсаулығын тексертіп алғанның артықтығы жоқ. Өйткені қан тамырлары ауруларымен, созылмалы жүрек дертімен, тыныс алу және өкпе ауруларымен, тері ауруларымен ауыратын адамдарға шомылуға тыйым салынады. Кішкентай балаларды ойыққа түсіргенде немесе үстінен мұздай су құйып жуындырғанда да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет, – дейді суда құтқару қызметі бөлімшесінің басшысы, құтқарушы Алексей Еремеев.

– Облыс аумағындағы өзен-көлдердегі мұз қабатының қалыңдығы 14-27 см құрайды. Сондықтан өңір тұрғындарын қыс маусымында су бетіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, абай болуға шақырамыз. Өткен жылы қыста төрт адам мұз астына батып кетті. Атап айтсақ, 2017 жылдың 8 желтоқсанында Зеленов ауданындағы Өркен ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан Көшім каналында балық аулау кезінде 1949 және 1953 жылдары туған екі азамат мұз астына батып кеткен, сондай-ақ 19 желтоқсан күні Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңакөш су қоймасында балық аулауға барған «Ауди-80» маркалы аутокөлігімен 1955 және 1953 жылдары туған екі азамат мұз астына кеткен, – деді төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Марс Отаров.

Брифингте төтеншеліктер өңірде өрт оқиғаларының жиілеп кеткенін де айтты. Биылғы жылыту маусымы басталғалы бері облыста 137 (99-ы тұрғын үйлерде) өрт тіркеліп, тілсіз жаудың кесірінен 2 адам қаза болып, 5 адамды күйік шалған.  Өткен жылы Орал қаласында 267 өрт оқиғасы тіркеліп (179 жеке секторда), 6 адам көз жұмып, 14 адам зардап шеккен.

Қате аяқ астынан демекші, 2018 жылдың 16 қаңтарында түнгі сағат 12-де Зеленов ауданына қарасты Краноармейский ауылында тұрғын үйдегі табиғи газбен жылытатын пеш істен шығып, соның салдарынан 1980 жылы туған әйел мен 2017 жылы туған нәресте газбен уланып, ауруханаға жеткізілген.

Мамандар тұрғын жайлардағы өрттің шығуына тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамауы себеп болып отырғанын айтады. Қыс маусымында жылыту пештерін тез тұтанатын бұйымдарға жақын пайдалану, киім, аяқ киім немесе өзге де заттарды пештің үстіне кептіру, бір мезетте бірнеше электр құрылғысын пайдалануы салдарынан болатын электр желілерінің қысқаша тұйықталуы сияқты жайттардың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Сондықтан әрбір жанның өзінің және отбасының денсаулығы мен өмірі алдындағы жауапкершілікті сезініп, сақтықта қорлық жоқ екенін үнемі қаперде ұстағаны абзал дейді мамандар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Жеті бас ірі қараны үптеп кеткен

Күні: , 42 рет оқылды


Теректі ауданының Ақжайық ауылында төртінші қаңтар күні түнде белгісіз біреулер жеті бас ірі қараны қорадан ұрлап әкеткен.


Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде күдікті «Ф»-ны ұстаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Облыстық  ІІД-ның  баспасөз  қызметі


Ауылдағы азғындық

Күні: , 49 рет оқылды


Шыңғырлау ауылындағы Рабочая көшесінің бойында 10 қаңтар күні сағат 20.30 шамасында белгісіз біреу кәмелетке толмаған қыз баланы зорламақ болған.


Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері іздестіру-тергеу шаралары барысында күдікті «Н»-ны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Киік атқан тұрғын ұсталды

Күні: , 40 рет оқылды


Біздің республиканың бүкіл аумағында киіктерді, олардың дене бөліктері мен туындыларын пайдалануға 2020 жылға дейін заң жүзінде тыйым салынған. Заңды белден басқандарға қылмыстық жаза тағайындалып, ірі мөлшерде айыппұл салынатындығына қарамастан, облыста заңсыз киік ату-аулау әлі азаймай тұр. Жуырда сайын даланың еркелері болып есептелетін киіктерді аулаған тағы бір қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды.


БҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері мен «Охотзоопром» ӨБ РМҚК инспекторлары бірлескен рейдтік шаралар барысында 12 қаңтар күні шамамен сағат 13.00-де  Жаңақала ауданының Көпжасар ауылдық округінің маңында мүйізі кесілген жеті киіктің ұшасын тауып алған. Оқиға орнын жіті тексеру кезінде мүйізі кесілген және 72 киіктің ұшасы табылған. Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімі және «Охотзоопром» қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде 1973 жылы туған «Г» есімді Ақжайық ауданының тұрғыны ұсталды.

Күдікті ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір осы оқиға бойынша Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімімен ҚР ҚК 337-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика