Мұрағат: 10.01.2018


Егіндікөл эссесі

Күні: , 410 рет оқылды


Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтың сырын шертеді, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттер бар», – деп жазған болатын.


«Туған жер» бағдарламасына байланысты әңгімелер болсам, 1957 жылы Егіндікөл ауылындағы Социализм жетіжылдық мектебін бітіріп, онжылдық білімді Қаратөбе орта мектебінен алған біз өзімізше есейдік. Білім жолында жан-жаққа кетсек те, өскен жеріміз Егіндікөлімізді еске аламыз. Бала кезіміздегі ағаларымыздың алды сол кезде жетпістің жотасына шығып жатса, соңы қырықтың қырқасында болатын. Бұл аға-апаларымыз қазір «Бұлақ басы», «Арал», көлдің қырқасындағы «Беске»» деп аталатын зираттарда жатыр.

«Тіксай», «Жамансай», «Бұлақсай» мен «Таласкөл», «Соркөл»,  «Егіндікөл», «Сарбастыкөл» деген атаулар босқа айтылмаған. Сай да, көл де, бұлақ та бар.

Бұлақ

Бала кезімізде естіген аңыз әңгімеден бұлақтың көзі үй орнынан да үлкен болғандығын, көзден атқылаған су шалқып, арнасынан асып бара жатқасын ауыл шалдары ақылдасып, бұлақ көзін құрым киізбен бітегенін, шөлдеп келген түйе ботақанымен көзге батып кеткендігін білетінбіз. Алтыншы сыныпта оқып жүргенімде, мектеп кабинетінен 500 грамм кішкентай гирді ұрлап алып, үйден алып шыққан шарғы жіпті ораған дискінің ортасындағы тесікке жіңішке темір өткізіп, әлгі гирді бұрқылдап жатқан бұлақ көзіне салып жібергенімде көздің тереңдігі болар, шарғы жібім жетпей қалғаны есімде. Жер астынан бұрқылдап шығып жатқан сумен бірге бауырының екі жағында қалқаны бар, ұзындығы бес сантиметрдей ақ балық шығатын. Қазір бар-жоғын білмеймін. Бұлақ суы жазда салқын, қыста қатпайды, жып-жылы, бұрқырап, көлге қарай ағып жатады. Бұлақ суын жұртшылық құлағынан бұлақ (аурудың аты) ағатындарға емдікке пайдаланады. Босқа ағып, көлге құйып жатқан бұлақ суын ел игілігіне жаратқан колхоз төрағасы Қаби Мереев деген. Ол колхозға бақша еккізді. Бақшаны суаруға бәленбай жылдан бері ағып, көлге құйылып жатқан бұлақ суын пайдалану мақсатында ауылға тиімді шара жасағаны әлі көз алдымда. С-100 тракторымен бұлақ суы ағар жолына тимей, су жиналатын аңғар жасап екі ортаны бөгеді. Ауыл оны Екі орта деп атады. Төбе болып жатқан «Екі ортаны» қазір барсаң да көресің. Бөгет аңғары суға толған кезде артық су ағып тұратын темір труба салды. Бөгетке жиналған су терең еді. Бөгетке жиналған суды ұстап тұрған қақ-паны ашып жібергенде, қолдан қазылған арықпен аққан бұлақ суы егілген картопты, малға жемге деп егілген қарбызды суарды.

Иван деген ақсақ орыс күндіз бақшашы болса, түнде күзетшісі Ізболғанов Таңат деген бақалтақ бойлы сейтек шал болды. Оның Рахат деген қызы қазір Егіндікөлде тұрады. Бақша жүлге-жүлгемен аққан сумен өздігінен суарылып болған соң қолдан жасалған қақпа жабылып, су қайтадан бөгелген аңғарды толтыратын. Бөгеттің жоғары жағынан қойған темір трубада деңгейінен асқан су таудан аққан судай болып, төмен құлап, көлге тоқтаусыз құя беретін. Су жиналған кезде екі ортадағы тереңдікте Дәулетияров Құспанның (ауылда қара Құспан дейді) Талма деген алты оқитын қызы бөгеген бұлақ суына кеткенін, оның денесін Құлекешов Нығыметтің қызы Назым алып шыққанын бұлаққа суға түсіп жүрген біздер көзімізбен көрдік.

Қабидан кейін тегін ағып жатқан бұлақ суының «пайдасын» халық игілігіне жаратты дегендерді естігенім жоқ. Бір кезде қыз кеткен, «Екі орта» бөгеті сақталып, әлі күнге көлге құйып жатырған бұлақтың қазіргі сиқы мынау: Білмеймін, сол жылдарғы дәстүр ме екен, ата-анамыздың құрдас, замандастарын әке, шеше дейтінбіз. Бұлақ басындағы ескі үйімізді тастап, колхоздың картоп еккен бұрынғы бақшасының орнына жаңа үй салдық. Бізден кейін үй салған, ысықтың майданы Құлекешов Нығымет (суретте) әкемізбен (1900 ж. т) үй арасында үй жоқ көрші болдық. Нығымет әкем соғыста бір қолын беріп келіпті. Ауылда оны «Шолақ қол Нығымет» деп атайды. Нығымет әкеміз әңгімешіл еді. Солтүстік батысқа қарай бір шақырымға жуық жерде көлденең көсіліп, Қазанғап сайы жатыр. Үлкендердің айтуынша, сайдың арғы беті Тұрлығұл қыратты жазығының етегіне ұласады. Ол жерді Тұрлығұл тауы, Тұрлығұл төмпесі деп атай береді. Тұрлығұлдан әрі бір-екі қыр асқанда Тіксай, одан кейін Бұлақсай бар. Нығымет өзінің 1920 жылдардың басында Бұлақсайдың суы қыр бетімен ағып келіп, осы күнгі Үштесіктің тұсынан өтіп, Егіндікөлдің оңтүстік бетінде орналасқан Калинин қыстағындағы Қосағашқа құйып, Қалдығайты өзеніне қосылып кететінін көзімен көргенін әңгімелейтін. Үштесік – ауылдың батыс бетіндегі Егіндікөл – Қоскөл грейдер жолының бойындағы ойпаң жерге көктемгі судың жолды бұзбай ағып өтуі үшін салынған суағар. Қазанғап сайының өзі тайыздалып барып, осы Үштесікке ұласады.

– Осыдан-ақ ертеде бұл жерлер құрғақ қырлық емес, шаруашылыққа қолайлы, ағын суы бар шұрайлы өлке болғанын аңғару қиын емес, – дейтін Нығымет әкем.

Құныскерей паналаған Борлы үңгір

Өмірден өткен кейбір адамдардың тарихта аты жойылмай, ол туралы әңгімелер аңыз болып айтылатын болды. Соның бірі – Құныскерей Қожахметов (суретте). Оның есімі Батыс Қазақстан және Атырау (бұрынғы Гурьев) облыстарына белгілі.

Ол Кеңес өкіметі кезінде Көздіғара ауылдық советінің төрағасы болған. Бір ғана шағын жағдай оның өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, оған атақоныстан қашуға тура келген. Қызылқоға ауданымен шектес жатқан Қаратөбе ауданының «Қаратөбе» совхозына қарасты «Жарлы» бойындағы үңгірді, Егіндікөл ауылының іргесіндегі Қарақоға елді мекенінің сол жағында Сегізсайға шыға берістегі үңгірді паналаған. Осы қыстақтың сол жақ бетінде биік жарды әдейі тескендей, үңгірді адамдары «Құныскерей үңгірі» (суретте) деп аңыздап айтады. 

– Құныскерей Егіндікөл бетінде болыпты. Оны ақын Әсірәлі Әбітиев өз көзімен көрген. Соркөл жақта ертеде қалың қамыс болыпты. Соркөлде Құныскерейді милициялар қамағанда көлдің ішінен шығып, құтылып кеткен. Милицияны атып, қолынан жарақаттап кеткен, – дейді егіндікөлдік Батырбай аға Тінәлиев.

Мына фотолар «банды» Құныскерей қуғыншылардан қашып жүргенде үйрегін атып, жабайы алмасын жеп, балығын аулап, паналаған жер. 2013 жылы 9 қыркүйекте Ақтайсай жақтағы көне құлпытастарды іздеп тауып, фотоға түсірген экспедиция мүшесі, «Қаратөбе өңірі» газетінің сол кездегі фототілшісі Серікбай Хасанов.

Еңбек ардагері Батырбай Тінәлиев (суретте) туған ауылының арғы-бергі тарихына байланысты көптеген қызықты әңгімелерді білетін шежіре аға болды.

Егіндікөл ауылына барғанымда, Сердалин Ертай інімнің үйінде ауылға қыдырып барғанда Батырбай ағамен әң-гімелесіп, айтқандарын диктофонға жазып алдым. Суретін берді.

– Мен 1927 жылы Егіндікөл ауылында туғанмын, – деді ол. Бұрынғылардың айтуынша, біздің Егіндікөлді әуелде тоғыз үй қожа келіп мекендеген екен. Вышканың (бұрынғы Телемұнара орны) қасындағы төмпені Тұрлығұл деп атайды. Тұрлығұл – Қожаның аты. Қожа «Қайтыс болғанда сүйегімді арбаның үстіне салып, тертені қаңтарып, бос қоя беріңдер. Арба қай жерге барып тоқтаса, мені сол жерге жерлеңдер» деп өсиет еткен. Сол өсиеті бойынша қожаны қазіргі Тұрлығұл төмпесіне жерлеген. Қазанғапсай – сол қожаның жайлауы екен. Қожалардан кейін бұл жерді Ысық руының Сейтектері жайлаған.

Әсірәлі ағайдың айтуынша, Сейтекте Жаңабай деген батыр болған. Жаңабай патшадан жер бөліскенде «Сенің жасаған жерің емес, құдай жасады» деп осы Егіндікөлді алыпты.

Сейтектен Тілеуберлі, Жанғабыл, Ырыс, Мәлік. Біздің арғы атамыз осы Мәлік. Әкем Тінәлі, оның әкесі – Жұмалы, оның әкесі – Тайсойған. Жұмалы мен Тайсойғанды көргенім жоқ. Бұлардың бәрі Беске қауымында жатыр.

Бескенің руы да Сейтек. Көл басындағы қыраттағы «Беске» қауымы – Сейтектердің қауымы.

Өз әкем Тінәлі, Тінәлінің әкесі Жұмалы. Жұмалы ауқатты, бай кісі болған. Алмаз ауылымен қатынас жасап тұрған. Түске дейін бір жорға, түстен кейін бір жорға мінеді екен. Отырған қонысы – Арал. Ол күнде Аралдағы құм етегіндегі кішкене татырдың суы бие байлағанда аттың сауырынан келеді екен. Жылқы мен түйе ұстаған.

Түйесінің алды Дөңгелек ащыға құлап жатқанда, арты Аралдағы құдықтан жаңа өріп жатады екен. Жаңақоныстың ар жағындағы Қаратор деген сайда ағаш үй тігіп отырған. Жұмалы атам өзіміздің Ысық руының Сақау торғай, Ұста торғай деген кісілерімен старшындыққа таласып, билікке өткен. Сақау Торғай Жарылғасын тоғайын мекен еткен. Ол ертеде Тұзтөбе жақта орыстың қарауында жұмыс жасап келген. Жалшылығында жүрген орыстан елге барам деп рұқсат сұраған. «Еліңе баратын болсаң, мен сенің үстіне ағаш үй тігем. Алдыңа мал салам» депті қожайыны. Содан бір үйір жылқы мен бір табын сиыр берген. Сақау Торғай Жарылғасын қыстауына келіп, қыстаған дейді. Жарылғасын қыстауы Қалдығайтының арғы бетінде, Қаракемердің етегінде болыпты. Қазір ол жерде жаман қыстаулардың орны қалған, жағалай ор. Ол жерде соғыс уақытында колхоздың малы болды.

Жұмалы атама жара шыққан. Ем болсын деп жетектеген бураны басынан айналдырса да, ауруы жазылмаған. Асқынып кеткен жара ауруынан ол жиырма сегіз жасында қайтыс болған. «Беске» қауымында оған қойылған құлпытастың тұқылы тұр. Құлпытасты сындырып, диірменге пайдаланған.

Әкем Тінәлі атқа мықты болған кісі. Ертеректе екіге жарылып тұрған топтың арасынан атпен шауып келіп, тулақтың үстіне тасталған теңгені іліп әкеткенін көзіммен көрдім. Байдың баласы ғой. Ол кісіні тақымын кесіп тастамаса, аттан түспейді дейтін. Зылт деген аты болды. Қашаған биелерді қайырып, желіге әкеліп тығады. Әкем қайтқанда мен қасында болдым. Сонда «Папам нағыл дейді? Көк айғыр нағыл дейді?» – деп жатты. Қайтарда әкесі ойына түсіп жатқан ғой.

Сейтекұлы Құлпының ұрпағы – Қалмағамбеттің Сәдені деген болыс болыпты. Егіндікөлді ертеде сол басқарыпты. Атамыз өлген соң әкемнің шаруасы төмендегенде сол кісі мал үлестіріп берген.

Қалмағамбеттің Сәдені ертеде кісі өлтірген бе, содан Тұзтөбе жағына қарай шығып кеткен. Сөйтіп ол кісі Тұзтөбеде қалған.

Оның Алман, Әйтекен деген ағалары болды. Олар Лубен ауылында қайтыс болды. Әйтекен деген менің әкемнің құрдасы көрінеді. Мен Әйтекенді де, Алманды да көрдім.

Егіндікөлдегі бұлақ басында мешіт ұстаған Мырзағали деген молда болды. Кейін ол мешіттің қарағайы сол бұлақ басындағы мектептің құрылысына пайдаланылған. Мырзағалидің руы – Ысық. Анамның айтуынша, әулие адам болған. Бұлақ көзінің арғы бетінде Ізболғанның баласы Таңат деген отырды. Пері ме, шайтан ба, қайдан білейін, Таңаттың үйіндегі терезеге жауып қойған шыптаны бота болып сүйкеніп, түсіріп кете береді екен. Сонда Мырзағали молда «Ол әуелде бір жалаңаш бала еді. Қазір өсті. Орындарыңды ауыстырыңдар», – депті.

Мырзағали мешіт ұстағанда, Нұралының әкесі Ынтағали азаншы болған. Ынтағали – Сейтектің Нұрбайы. Ол бұлақ басында отырды. Соғыс жылдарында бақша егіп, картоп, қияр, капустадан жақсы өнім алды.

Әкемнің інісі – Мүсірәлі ағам Жәшиталда отырды. Ол өте шаруа кісі еді. Атамның отырған орны Аралда шағылдың етегін соқамен жыртып, тары екті. Ол күнде көлшіктерде су мол болатын, тары жақсы шықты. Сонда мен кішкентай баламын. Соқаның құйрығын ұстайтынмын.

Ол аңшы болды. Тоқылған үлкен шимен сүзіп, балық аулады. Мүсірәлі ағам Воронеж майданында хабарсыз кетті.

Сүлеймен әулие

Арал деген жерде биік төбе басына ертеде Сүлеймен деген әулие жерленген. Қабірі ұзақ сақталу үшін көртопырақтың үстіне бор төккен екен. Сол зират әлі күнге сақталған. Ертеде ысық жігіті, облыста басшы қызметте болған Жақсығалиев Сағидолла деген кісі белгі қойып, «Мұқанбетжан баласы Сүлеймен 1941 жылы 72 жасында қайтты, Тас тойған Жақсығали баласы Сағидолла. Азамат атынан 1962 жыл» деп жазыпты.

– 1940 жылдардың бас жағына дейін өмір сүрген Сүлеймен атайдың көзін көре қалдық. Оның туып өскен жері осы Егіндікөл. Сүлеймен атай орта бойлы, арық та емес, толық та емес, орташалау келген қара торы кісі еді. Тобығына түсетін мол қара жадағайы болды, – деді Батырбай Тінәлиев аға. Ол кісі бұлақ басындағы Құлекешов Нығметтің төбесі майланған үйінде отырды. Өзі мал баққан кісі еді. Нығметтің айтуынша, Мұқамбетжан өте оқымысты кісі болыпты. Сүлеймен атаны дін ұстағаны үшін милициялар қудалап, түрмеге жапты.

Әкесі Мұхамбетжан Тұщықарадағы Айт мазарынан жүз елу қадамдай жерге жерленген. 1966-67 жылдар шамасында оның басына бұрынғысы жойылып кеткендіктен, жаңа құлпытас қойылды. Атын ұмытып отырмын, Темірбайдың әкесі пар өгізбен сүйреп апарып қойды құлпытасты. Сол кезде ол кісінің жасы жетпіске келіп қал-ған. Бұлар – Ысықтың Қарақұрсағы.

Беске деген ысық – сейтек болыпты. Алтын мен күмістен сақина, білезік, сырға жасайтын зергер болыпты. Егіндікөл ауылының көл басындағы қыратқа алғаш болып жерленген жер

«Беске» атаныпты. Тұтас ғұмырын туған жерінде өткізген Нығымет әке де, Батырбай аға да қайтыс болды.

Аққұмнан табылған жәдігерлер

Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылының іргесінде ұзындығы бірнеше шақырымға созылған Аққұм Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына жақын жатыр.

Ел ауызындағы аңызда Аққұм ХV ғасырда қалмақтың ханы Алшағырдың ордасы болған деседі. Жорыққа кеткен Қарақыпшақ Қобыланды батыр жеңіспен ауылына келсе, қалмақ Алшағыр хан ауылын шауып, Қобыландының ата-анасы мен інісін тұтқындап алып кетеді. Қобыланды кейін қалмақтың Алшағыр деген ханымен соғысқан. Тұтқында жатқан ата-анасын, інісін құтқарған.

Алшағырға болысамын деп келген Шошай ханды да алады. Осы соғыста Қобыланды батыр Алшағыр ханның ордасын талқандайды. Талқандалған орда кейін құмға айналған.

Сонымен, балалық шағымыз өткен Егіндікөл ауылы жасымыз жетпіс бестен асса да, есімізден кетер емес. Оның жазда болатын құм бораны ерекше. Егіндікөлде құм бораны болғанда, Аққұмда да боран болып, талай тарихи жәдігерлерді ашып тастайды. Осы кезде барсаң, олжалы болғаның. Енді бір құм бораны соққанда, оларды көшкен құм жауып тастайды. Егіндікөлдіктер жазда құм күресе, қыста қар күреуге үйренген.

Аты аңызға айналған Аққұм мені Егіндікөл орта мектебіне мұғалім болып келгесін де қызықтырды. Ауылда соққан құм боран басылған бойда Аққұмға бардым. Жезден жасалған екі қырлы, үш қырлы жебе ұштарын, құмыра сынықтарын тауып, маған дейін тарих пәндерінің мұғалімдері Жамаев Ғабдолдла, Аймашев Аманкелді ағалар ұйымдастырған мектеп мұражайына әкеліп қойдым. Енді бір барғанымда, ұшы сынған, сыртын тат басқан қайқы қылыш таптым. Аудандық музей ашылғасын, осы қылышты мұражайға тапсырдым. Бұл қылыш – қазір М. Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайда Аққұм туралы жәдігердің бірі. (суретте).

Егіндікөл – Табындар мекендеген жер

Табынның Қалмақ деген тармағы Лубеннің Кіндікті деген жерін мекендепті. Табын – Жиембет Бөкенбай батыр Қараұлы Бұлдырты мен Қалдығайты өзендерінің аралығындағы Аққұм алқабында дүниеге келген дейді. Шыңғырлау өңірінде Сегізсай бойында Табын руының Қарабатыр, атақты Есенаман дегендер тұқымдарымен батыр болыпты. Егіндікөлдіктер «тау жақ» деп жүргені осы Есенаман тауы. Есенаманның руы – Табын. Есенаманның арғы бабалары Бөкенбай, Қара батыр. Заманында жеті атасының бәрі батыр болған деседі.

Егіндікөл ауылындағы Қаратал орманының іргесінде ағып жатқан Қалдығайты өзеніне жақын жерде «Жәші тал» деген жер бар.

«Жәші тал» деген жерде табын Жәші деген тұрған. Ол Тіленшіұлы Жоламан батырдың баласы. Жоламан Сегізсайдың төртінші сайын мекендеген. Жәшінің моласы Аққұмның бергі бетінде. Жәші талдың бер жағында Әбілеш тоғыты деген жер бар. Әбілеш те табын. Жалпы Жәші тал бойы – табынның жері. Осы кісінің атымен «Әбілеш тоғайы», «Әбілеш тоғыты» деп аталған жер атаулары қариялардың ауызекі әңгімесінде әлі де болса аталып жүр.

«Туған жер» бағдарламасы бойынша егіндікөлдік кәсіпкерлердің ауылға жасаған игі істері –  бөлек көлемді мақала.

Егіндікөлдік Қайыржан  ХАСАНОВ,

өлкетанушы, Қазақстанның  құрметті журналисі,

М. Өтемісов  атындағы БҚМУ-дың  құрметті профессоры,

Орал қаласы


Барлық жоба кеңес мүшелерімен келісілмек

Күні: , 145 рет оқылды


Былтыр  «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасының  төрт  шағын бағдарламасы  бойынша  облысымызда  жүзеге  асатын  44  кіші жобасы  мен  251  шарасының  тізімі  жасалды.  Сол  тізімге  сәйкес өткен  жылға  белгіленген  жоспарлар тиісті  деңгейде  орындалды. Жалпы  сомасы  2,6 млрд.  теңгенің  жобалары  жүзеге  асты. Осы  қаржының  бір бөлігі  бюджет  есебінен  қаралса,  қалғанын меценаттар  бөлді.


Бұл туралы аталмыш бағдарламаны іске асыру бойынша өткен облыстық сарапшылар кеңесінің отырысында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мәлімдеді. Сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында болған осынау жиынға мемлекеттік құрылым, қоғамдық ұйым, ассамблея өкілдері мен кеңес мүшелері қатысты.

– Былтыр жыл соңында «Рухани жаңғыру» бойынша республикалық жобалық кеңсесінен өңірлердегі сарапшылық кеңесін мемлекеттік қызметші емес, тәуелсіз азаматтар басқару жөнінде тапсырма келді. Бұған дейін бұл сарапшылық кеңеске мен жетекшілік жасаған едім. Енді мына тапсырмаға сәйкес ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен, облыс әкімінің шешімімен бұл қызметке облыстық мәслихаттың депутаты Нұрлан Серғалиев тағайындалып отыр. Ал хатшы болып, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ музейінің директоры, тәуелсіз сарапшы Нұржан Төлепов бекітілді. Кеңес мүшелері негізінен бұрынғы құрамда қалды. Осы жаңартылған құраммен жаңа 2018 жылғы жұмысымызды бастаймыз.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын былтыр жариялады.

Сол себепті, өткен жыл бұл бағдарламаның қалыптасу жылы болды. Жобалық кеңсе жасақталды, сарапшылық кеңес құрылды, облысымызда, соның ішінде аудандарда бұл бағытта түрлі жұмыстар атқарылды. Елімізге танымал сарапшылар келіп, «Рухани жаңғырудың» негізгі қағидаттарын жастарымызға түсіндірді. Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция, өзге де маңызды іс-шаралар өтті. Жыл соңында облыс әкімі кейбір меценаттарды марапаттағаны белгілі. Сондай-ақ аудан әкімдері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданауылда жүзеге асатын жобаларының тұсаукесерін жасады. Бұл жобаның бәрі біртұтас картаға енгізіліп, республикалық кеңсемен келісілді. Жалпы жыл қорытындысында осы атқарылған іс-шаралар бойынша біз ел көлемінде алғашқы бестікке ендік. Бұл – жақсы көрсеткіш, – деген Ғабидолла Абдоллаұлы аталмыш бағдарлама бойынша жүзеге асатын барлық жоба сарапшылық кеңес мүшелерімен  келісілетінін  де  атап  өтті.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың сөзіне қарағанда, «Туған жер» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы үш базалық бағытта іске асуда. Олар: рухани-құндылық және практикалық бағдар беру мақсатындағы «Өлкетану», баланың қабілет-қарымын, даму перспективасы мен ертеңгі еңбек нарығындағы мүмкіндіктеріне орай «Саналы азамат» және жастардың бойында азаматтық, патриоттық, рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, дамытуға негізделген «Отаным – тағдырым» бағыттары. 2017-2022 жылдар аралығында өтетін 90 шара тізілімге енгізілді. Былтыр соның жартысы жүзеге асты, оған 32 мыңнан астам адам тартылды. Ал биыл бұл тізілім бойынша 88 іс-шара ұйымдастырылып, 50 мыңнан астам адам қамтылатын болады.

Облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтың айтуынша, өзі жетекшілік жасайтын басқарма «Рухани қазына» кіші бағдарламасына үйлестіруші болып бекітілген. Оның «Туған жер – туған ел» базалық бағыты бойынша 66 іс-шара, соның  ішінде 12 жоба, «Қасиетті Қазақстан» аясында 25 шара, ондағы 3 жоба, «Қазіргі Қазақстанның мәдени жетістіктерінде» 5 іс-шара, соның ішінде 4 жоба белгіленді. Өткен жылға жоспарланған индикатордың бәрі орындалды. Биыл жүзеге асырылатын жобалардың ішінде Жәнібек ауданындағы Ғұмар Қараш кесенесін қайта тұрғызу бар. Құны 8 млн. теңге болатын жоба меценаттар көмегімен жүзеге аспақшы.

Азаматтық белсенділігі мен өз туған өлкесінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған «Атамекен» кіші бағдарламасының өңірімізде жүзеге асуына жауапты болып белгіленген облыстық жастар саясаты басқармасы тарапынан да біраз жұмыс атқарылды. Аталмыш басқарма басшысы Аян Сақошевтің баяндауынша, өңіріміз бойынша 93 жоба тізілімге енгізіліп, оның 67-сі аяқталды.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасына тоқталған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадырәлиев республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-тарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асуы жөнінде барлығы 6234 материал жарық көргенін мәлімдеді.

«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаеваның айтуынша, кеңсеге ғалымдардан және өзге де жеке адамдардан аталмыш бағдарлама аясында жүзеге асыруды сұраған түрлі жоба келіп түсуде. Ол жобаның бәрі сарапшылық кеңеске жолданатын болады. «Бағдарлама арқылы бір жылдың ішінде халықтың санасын жаңғырту мүмкін емес, – деді Салтанат Асқарқызы. – Бағдарлама аясында ұйымдастырылған шараларға қатысқан 100 адамның он шақтысының санасына сәуле түссе, соны үлкен жетістік деп білеміз. Біз енді санға емес, сапалық көрсеткішке мән беруіміз керек. Мәселен, 15 қаңтарда Шыңғырлау ауданында Шыңғырлау өзенінің үстінен салынған көпірдің ашылуы өтеді. Бұл сондағы жергілікті халықтың біраздан бері айтып жүрген мәселесі. Сол себепті тұрғындар үшін онда ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгеннен гөрі, осындай өмірлік қажеттілігі бар жобалардың жүзеге асқаны тиімді».

Жиын барысында сөз алған сарапшылық кеңес төрағасы Нұрлан Серғалиев меценаттарды елжұртқа кеңірек таныстыру қажеттілігіне тоқталды. Облысымыздағы 22 меценаттың ізгілікті істерінен хабардар болған өзге кәсіпкерлердің ішінен солардай болуға талпынатындардың шығары анық. Ал белгілі ғалым, аталмыш кеңестің мүшесі Мұрат Сабыр күнделікті істеліп жатқан шаралардың бәрін «Рухани жаңғыруға» әкеліп тіреуге қарсы екенін білдірді. Көше тазалауды, көпір салуды бұл бағдарламаға әкеліп телудің қаншалықты қажеттілігі бар?! Елбасы айтқандай, ұлттық мәдени код аясындағы, яғни тіл, әдебиет, мәдениет, тарих бағытындағы, мемлекетті құраушы ұлтқа тікелей қатысты нәрселер бағдарлама аясында қамтылуы тиіс. Соның ішінде қазақ даласына ренессанс әкелген Алаш зиялыларын, олардың мұраларын зерттеп, насихаттауымыз керек.

– Біз тарихымызды жөнді білмеуімізден де қасірет шегіп отырғанымыз анық. Рухымыз да, санамыз да сілкіне алмай жүрген еді. «Рухани жаңғыру» – осынау олқылықтарымыздың орнын толтырып, біраз нәрсе жасауға мүмкіндік беретін бағдарлама. Осыған байланысты жастарға жөнді жол сілтеуіміз керек. Ол тек өзіміздегі музейлерді көрсету емес. Мына Атыраудағы Махамбеттің, әрі қарай Астрахандағы Құрманғазының, Ақтөбе облысының аумағындағы Исатайдың кесенелеріне апарайық жас ұрпақты. Сырым төбені көрсін, Жұбанның жүрген жолдарын білсін, Қадырды кеңірек танысын. Орданың музейіне, Сарайшыққа барса, үлкен әсер алып, рухани тұрғыдан байып, Отанға  деген сүйіспеншілігі одан әрі артатыны белгілі. Міне, рухани жаңғыру деген осы, – деді белгілі ақын, сараптамалық кеңестің мүшесі  Ақұштап  Бақтыгереева.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Депутат бағасын берген қожалық

Күні: , 82 рет оқылды


Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Жексенбай Дүйсебаев Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығында болып, асыл тұқымды мал өсіру жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов астаналық мейманды қожалыққа бастап барды.


Айта кетейік, 2004 жылы құрылып, негізінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Сәбит» қожалығының бүгінде шаруасы мығым. Қысқы-жазғы орындардағы мекен-тұрақтарын сайлап алған. Тұрғын үйге қоса, қора-қопсысы да сақадай-сай. Бүгінде кәсібін дөңгелеткен Мирболат, Ерболат есімді ағайынды Құрманғалиевтер өңіріміздегі асыл тұқымды мал өсіруді жақсы жолға қойған маңдайалды шаруашылық. Төрт түліктің ішінен қазақтың асыл тұқымды ақ бас ірі қарасын және асыл тұқымды көшім жылқысын өсіріп, оларды өз төлдері есебінен көбейтуде. Шаруашылықтың малы төрт қыстақта орналасса, олардың бағымымен тұрақты түрде 25 адам шұғылданады. Қожалықтың негізгі малы орналасқан орында бес үй салынған. Біреуінде қожалық иесі тұрса, қалған үйлерде шаруашылықта жұмыс жасайтын төрт отбасы тұрады. Қожалық меншігінде 18 543 гектар жер болса, соның 874 гектары егістік, 811 гектары шабындық, 16 833 гектары жайылымдық жер. Егістіктен түсетін өнім орташа есеппен гектарына 15-20 центнерді құрайды. Бүгінде қожалық иелігінде ірілі-ұсақты 900 бастай асыл тұқымды мал бар. Өткен жылы өңірдің барлық аудандарынан дерлік қожалықтар осы шаруашылықтан 167 бас асыл тұқымды қашар мен бұқа сатып алған.

Түс ауа шаруашылыққа арнайы келген меймандарды ағайынды шаруа жігіттер қожалық маңындағы канал бойынан қарсылап алды. Қонақтардың көліктен түсуі сол екен, қожалық иелері шаруаларымен таныстыра жөнелді. Су арнасын бойлай өскен тал-теректің іргесінде, көпірте шашылған көк шөпті күйсеп тұрған малдың қарасы көп-ақ. Шөбі алдында, суы жанында орналасқан асыл тұқымды аналық осы жерде қыстап шығады екен. Өткен жылғы төлінен енді ажыратылып, төлдеудің жаңа кезеңіне көшкен аналық малдың қыл-майқаны білінбейді. Әр табында 120 бастан бағылады. Каналдың арғы бетінде өткен жылы жай төлдеген марқа бұзаулар анасының қасында ойнақтап жүр. Одан әрі бұрыннан «Қызыл Иван» деп аталып кеткен қожалықтың негізгі мекені орналасқан қыстаққа келіп жеттік. Қаз-қатар салынған тұрғын үйлер, тізілген қора-қопсы. Әуелі заманауи үлгіде салынған малды қолдан ұрықтандыру, ем-дом жұмыстарын жүргізуге арналған бекет, ондағы мал егу жұмыстары көрсетілді. Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсот Балқы-баев келген қонақтарды қожалықтағы мал тұқымын асылдандыру бағытындағы атқарылған істермен, алда тұрған жоспарлармен таныстырды. Маман осы жұмыстардың барысында кездесетін қиындықтарды да атап, сол мәселелердің шешу жолдарын қарастыру керектігін де айтып өтті.

Қаңқасы темірден тұрғызылып, төбесі қымталып салынған орында өткен жылы алынған төлдер тұр. Асыл тұқымды таналар мен бұқашықтарға арналған қорада барлық жағдай жасалған. Көк шөп, құрама жем, таза сулары алдарында. Ауланың іші мұнтаздай. Бұқашықтар шағын бөлмелерге 12-15 бастан бөлініп қойылған. Әр бөлменің тұсында олардың шығу тегі туралы мәлімет, әр айда қосқан тірілей салмағы секілді барлық қажетті мағлұмат жазылған. Ауланың жанында шағын бордақылау алаңы бар. Бұл «майлы орынға» жаңағы бұқашықтар мен таналар кезектесіп, айына екі мәрте кіріп шығады екен.

Асыл тұқымды мал өсірудің кәнігі маманы Мақсот Балқыбаевтың айтуынша, заманауи үлгіде салынған мұндай станция көп жерде кездесе бермейді. Бұл істердің барлығы асыл тұқымды қазақтың ақбас тұқымды малының басын көбейту, таза қанды бұқалар шығару мақсатында жасалуда.

Өңірдегі мақтаулы қожалықтың жұмысымен жіті танысқан Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев та шаруашылық ісіне көңілі толғандығын айтты.

– Сонау жетпісінші жылдардың басында жоғарғы оқу орнында оқығанда, кейін еңбекке араласып, мал шаруашылығы саласында жұмыс жасағанда, асыл тұқымды мал өсіру туралы теориялық білімім болатын. Ал бүгін алғаш рет Батыс Қазақстан облысынан осы игі істің қалай атқарылатынын көзіммен көріп тұрмын. Мал шаруашылығын дамытып, сапалы өнім алуда мал басын асылдандырудың маңызы зор. Айналысып отырған істеріңіз берекелі болсын! – деді Жексенбай Қартабайұлы.

Қожалық иелері жаңа үлгідегі салынған тұрғын үйлердің аумағын кеңінен қоршап, жеміс ағаштарын егуді де қолға алған.

– Атадан мал қалғанша, тал қалсын демей ме атам қазақ. Сол мақсатта шағын болса да, бақ отырғызуды қолға алдық. Өткен жылдың көктемінде бірнеше жүздеген түп алма ағашын ектік. Бұйырса, екі-үш жылда жемісін көреміз бе деп отырмыз, – дейді Ерболат Құрманғалиев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қаңтар айының алғашқы жұмыс күндерінен бастап Парламент депутаттары еліміздің өңірлерін аралауда. Батыс өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар аудан-ауылдарда болдық. Бұндай кездесулер сайлаушылар үшін де, депутаттарға да қажет-ақ. Депутаттар халық пен үкіметтің арасындағы дәнекер іспеттес. Осындай жұмыс сапарларында өңірлердегі оң өзгерістерді көзбе-көз көреміз, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен мұң-мұқтаждарын құлағымызбен естиміз. Содан түйін шығарып, жоғарғы өкілеттік органдарға жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан бірқатар игі істердің куәсі болдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру мен көбейту мақсатында жасалған қарқынды істердің куәсі болдық. Бүгінде қай салаға болмасын мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілуде. Сол арқылы бірқатар түйін шешіліп келеді. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де бар. Мәселен, бүгінде өндірілген өнімді сапалы өңдеп, уақтылы нарыққа шығарып, тиімді бағамен сату жағы ақсаңқырап тұрғаны белгілі. Өнім өндіретін адам оны өткізуге бас ауыртпауы тиіс деп ойлаймын. Бұл жерде өнімді тасымалдау, өңдеу, сақтау, сатумен шұғылданатын басқа буындар іске қосылуы керек. Ендігі жерде осы мәселеге көп көңіл бөліп, бір шешімін табуымыз қажет.


Иесіз ит-мысықтарды жою бағасы неге ала-құла?

Күні: , 126 рет оқылды


Үлкенді-кішілі  елді  мекендердің  көшелерін кезіп, қараусыз жүрген ит-мысық, әсіресе,  ит  атаулы  ел-жұртқа  айтарлықтай қауіпті  екендігін  тәптіштеп  айтып  жату – басы артық  шаруа. Дәрігерлердің  айтуынша,  халықтың  өзге  бөлігіне  қарағанда қараусыз  иттердің  қабуынан  мектепке  бара  жатқан  немесе  сабақтан қайтып  келе  жатқан  балалар көбірек  зардап  шегетін  көрінеді. Бұған  қоса бұралқы  ит-мысықтар  әр  түрлі  жұқпалы дерттерді  таратушы  да  болып  табылады.  Сол  себепті,  олардың  көзін  уақтылы  жойып  отырмаса, жағдай  ушыға  түсері шүбәсіз.


Әлқисса, біздің қолымызға жақында сенімді дереккөздерінен Орал қаласы мен облыс аудандары бойынша бұралқы ит-мысықтардың көзін құртуға арналған ақшаға қатысты мәлімет тиді. Күні кеше түгесілген 2017 жылға тиесілі осы ресми құжатты қарап отырып, біз қараусыз ит-мысықтарды жоюға бағытталатын қаржы-қаражат мөлшерінің әркелкілігіне қатты таңқалдық. Бұған мына төмендегі кесте арқылы сіз де көз жеткізе аласыз.

Енді мына мәселеге зер салайық: Зеленов ауданы әкімдігінің 2012 жылдың 29 ақпандағы №49 қаулысына сәйкес осы ауданға қарасты шаруашылық жүргізуге құқылы ветеринарлық стансаның  бір міндеті – бұралқы ит-мысықтарды жою. 2016 жылы мұндай шаруаны мүлдем атқармаған аталмыш мекеме 2017 жылғы маусым айының біріне дейін 2906 иесіз иттің көзін құртқан. Былтыр осы мақсатқа Зеленов ауданы бойынша жергілікті бюджеттен 4 359 000 теңге бөлініп, осы қаржы жаңағы 2906 бұралқы итті жою барысында түгелдей игерілген көрінеді. Яғни ит басына 1500 теңгеден келіп тұр. Бұл аз ба, көп пе, ол жағы бізге беймәлім, оның анық-қанығын мамандар анықтай жатар. Айтпақшы, Зеленов ауданында қараусыз ит-мысықтарды жоюдың ережесі мен ақшалай құны әлі күнге дейін бекітілмеген көрінеді. Бірақ бізді қатты ойландырғаны, Орал қаласы мен облыс аудандарында қаңғыбас ит-мысықтарды жоюға бөлінетін қаржы-қаражаттың тым ала-құлалылығы. Мәселен, 2017 жылы Теректі ауданы бойынша әлгіндей бір хайуанды ұстап, жоюға 750 теңге жеткілікті болса, тура осындай «операция» үшін Тасқала ауданында 1320 теңге, Жәнібек ауданында 1633 теңге, Қаратөбе ауданында 1642 теңге, Шыңғырлау ауданында 1840 теңге, Бөрлі ауданында 2800 теңге, ал Орал қаласы бойынша тіпті 5094 теңге қазына қаржысы бөлінген екен. Аумағы шағын облыста бір жұмыс үшін бюджет ақшасының әрқилы бөлінуі кім-кімді де ойлантуы тиіс. Өйткені, Теректі ауданының аумағындағы иттің кәдімгі ит секілді төрт аяғы бар да, ал осы мақсатқа аталмыш ауданға қарағанда, бюджет қаржысын әлденеше есе көп бөлетін аудандардың территориясындағы иесіз иттердің 8 немесе 16 аяғы бар ма екен? Бөлінетін бюджет ақшасына қарағанда, кейбір елді мекендердегі «алыпсоқ, бөрібасарлар» ит атушылардан қашқанда, тіпті ғарышқа ұшқан Белка мен Стрелка құсап, зымыранға (ракетаға) мініп, зуылдайды емес пе екен деп ойланып қаласың.

2017 жылғы 26 желтоқсанда өткен Әдеп кеңесінің былтырғы соңғы отырысында «Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Серік Нұрмағанбетов есеп берді. Осы жиында ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов иесіз ит-мысықтарды жоюға қатысты баға саясатын біріздендіріп, жүйелеу қажеттігін ескертті.

Бұл мәселеге қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары да сергек қарар деген үміттеміз.

Бауыржан САЛЫҚҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Сағидолла аңшының тазылары

Күні: , 131 рет оқылды


Қазақта «Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес» деген сөз бар. Бұл ата-бабамыздың осы бір тазы тұқымды итті қалай бағалағанын көрсетеді. Оны аз десеңіз, тазыны жеті қазынаның бірі деп, жігіттің жүйрік ат, қыран құспен қатар тұратын үш серігінің біріне балаған.


Қазақ тазыны қалай құрметтегенін хан Кене заманында біздің тұтқынымызға түскен қырғыздың Қалша деген батырын қайтаруды сұрай келгендерге қазақ-қырғызға аты шыққан «Көкдауыл» атты құмай тазыға айырбастап алғандығынан да көруімізге болады.

Кезінде бір ауылды асыраған иттің сырттаны саналатын тазыны баптау, оның тұқымын көбейту ісі кешегі кеңестер кезінде тоқырап, осы бір құндылығымыздан айырыла жаздадық. Қазақ даласындағы тазының саны 19 ғасырда 150-160 мыңдай болды деп орыс ғалымы А. Добромыслов жазып кеткенімен, осы күні елімізде 500-ге жетер-жетпес қана тазы бар екен. Құрудың аз-ақ алдында қалған тазы тұқымдының саны 200 басқа дейін кеміген кездер де болыпты. Дегенмен ұлттық құндылығымызды сақтап, ит баптауды жанына серік еткен азаматтарымыздың арқасында соңғы жылдары тазы саны артып, қазақтың тамаша салты қайта жаңғыра бастағандай.

Бүгінде елімізде тазы қанын тазартып, оның тұқымын көбейту мақсатында түрлі көрмелер мен сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Зеленов ауданында да тазы асырап, иттің осы түрінің көбеюіне, ұлттық құндылығымыздың сақталуына өз үлесін қосып отырған жан бар. Ол – бірнеше жылдан бері тазы баптайтын Сағидолла Мұқанов. Сәкең ауласындағы Лашын және Тайга есімді тазылардың бірін Алматыдан, енді бірін Тараз қаласынан алдырыпты. Аңшылықпен 1986 жылдан бері айналысып келе жат-қан Сағидолла ағамыз бұрын өзінде белорустың гончак тұқымды иті болғанын айтады. Оның ойынша, гончак – иттің асылы тазыға жетпейді. Гончак жаралы аңды немесе көзіне көрінген аңды қуалайды да, иіс сезіп, із кесу жағына осалдау келетін көрінеді. Ал тазы тұқымды иттің артықшылығы – із кесуі және иісшілдігінде екен. Кейіпкеріміздің өзі айтқандай, тазы туралы білімі мол болмаса да, осы уақытқа дейін біраз мәліметке қаныққан. Ол тазыларды тамақтандыруға ерекше мән берумен қатар бабынан айырмас үшін далаға шығарып, жүгіртіп тұруды дағдыға айналдырған.

– Бірде қос тазымды ертіп, далаға шықтым. Иттерді біраз серуендетіп, ауылға қарай бет алғанымыз сол еді, кенет Лашын әлдененің иісін сезгендей тіміскілене қалды. Сол-ақ екен, бір түлкі сайдан шығып, қаша жөнелді. Лашыным біраз қуалап ба-рып, ауызды сала бергенде түлкі де мойнын бұрып, шап бергендей болды. Осы кезде итім түлкіні аспанға лақтырып үлгерді де, бойы жазылған түлкіні ауадан басып түсті. Осы көрініс әлі күнге көз алдымда, – деп тазысының алғырлығын сүйсіне суреттейді ол.

Ол сондай-ақ «Сарыала қаз деген құстың жұмыртқасынан кейде күшік шығады. Сол нағыз құмай болады екен. Бірақ ондай ит тек Тәңірі берейін деген адамға ғана жолығатын көрінеді» деп келетін ел ауызындағы аңыз әңгімелерді де майын тамыза әңгімелейді. Ағамыз «Лашыным алғыр болса, Тайгам ақылды» дейді. Көпшілік жағдайда Лашынның қуып жетіп алған аңдарын Тайгасы иесіне әкеліп береді екен.

Кейіпкеріміз болашақта тазы тұқымды иттерді көбейтуді қолға алмақ. Сөйтіп ол бір кездері құрып кете жаздаған ит асылын сақтап қалуға өз үлесін қоспақ. Әрине, жігіт ағасының бұл ісі құптарлық. Бабаларымыздан қалған мұра, өнер өзімізден басқа кімге керек?! Бүгінде Алабай десе түркіменнің, борзая десе орыстың иттері еске түседі. Ал қазақтың тазысы неге ешкімге керек емес?! Қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатырған итіміздің бағасын өзіміз түсіріп алғандаймыз. Дәстүрлі саятшылық та өнер, мәдени мұра. Сондықтан тазы асырап, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алған азаматтарға мемлекет тарапынан да қандай да бір демеушілік, қолдау көрсетілер болса, ұтарымыз мол болар еді.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы

Суретті түсірген автор


Бәйгеторы

Күні: , 129 рет оқылды


Осы күнгі Қаратөбе ауданы Қоскөл аймағында Серғазы атамыздың бәйге бермейтін жүйрік торы биесі болыпты. Әкем Сафолла бала күнінде сол торы биеге мініп, ағайындарымен қасқыр соғуға шығады.


Аң аулаушылардың ішінде Серғазының інісі болыс Бисенғалидің ұлы Мамай да бар екен. Мамай ерекше қамшыгер болған. Құлаштап ұрмаған, нұқып ұрған. Қамшысының басында кішкене ғана қорғасын құйылған. Төбелескенде қарсыластарының жауырындарын тесіп жібереді екен. Көкшолақ аты өте ақылды болған. Иесінің айтқанын қалтқысыз түсінген. «Һайт!» деп ақырғанда шоқиып отыра қалып, алдыңғы екі тұяғымен қарсы келгенді соғып, аузымен тістеп, аттан адамды жұлып түсіреді екен.

Қасқыр қажырлы болып қуғыншылардан қара үзіп, қарағандардың арасына жатып алады. Сафолла атамыз торы биемен өкшелеп отырып жетіп, қасқырды соғуға бата алмай, артындағыларды күтіп тұрады. Сол кезде бірінші жеткен Мамай «бір иттің күшігін соғып алмай, манадан неғып тұрсың, әкел торы биені!» – деп ақырады. Сафолла атамыз бергісі келмейді. Сонда Мамай атамыз қамшының ұшымен түртіп қалғанда бала аттың бауырына қалай жалп ете түскенін білмей қалады. Мамай торы биеге қарғып мініп қасқырға ұмтылғанда, тыңайып қалған қасқыр да қарсы ұмтылып биенің тамағын орып жібереді. Мамай атамыз қасқырды өзіне тән әдіспен бір ұрып төбесін ойып жібереді, қасқыр сеспей қатады. Қолқасы кесілген торы биенің тамағынан қанды көбік атқылап тұрады. Аңшылар көйлектерін жыртып биенің тамағын байлап, қасқырды сойып, терісін алып, ауылға қайтады. Серғазы атамыздың кемпірі Шолан Байбақтының тұқымы Қалия есімді әжеміз екен. Ол кісі өте қайратты, әрі емсек кісі болған. Қайныларын «қасқырдың басын кесіп әкел» деп қайта қуып, әкелгесін қасқырдың тістерін қағып алып, отқа өртеп, биенің тамағын тазалап жуып, ұстарамен қырып, қасқыр тісінің күлі мен күшаланы араластырып жараға сеуіп, тарамыспен тігіп тастаған. Содан торы бие құлантаза жазылып кетеді. Тамағында азғантай ғана қара тыртық қалады. Одан кейін де талай жарыста бас бәйгені алады.

Төлеген САФУЛЛИН,

зейнеткер,

Орал қаласы


Депутаттар дән риза

Күні: , 71 рет оқылды


Осы аптаның сейсенбісінде ҚР Парламентінің депутаттары Жексенбай Дүйсебаев, Бақтияр Мәкен және Зәуреш Аманжолова Орал қаласындағы «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚО) жұмысымен танысты.


Халық қалаулылары ХҚО-ға келушілер және қызмет көрсетушілермен жүздесіп, ахуалға қанықты. Аталмыш орталықтың бөлім басшысы Луиза Құсайынова астаналық мәртебелі меймандарды жұмыспен таныстырып, оған толық түсінік берді. – Облыс орталығында осындай екі орын бар. Соның бірі – біз қаланың өзімен қатар Зашаған кентінің тұрғындарына да қызмет көрсетеміз. Осы орынға күні кеше ғана көштік. Әрине, әлі де орын тарлық етеді. Соған қарамастан, біздің орталықта 641 тегін және ақылы қызмет түрі көрсетіледі. Күніне шамамен 1500-2000 адам қабылдаймыз. Мемлекет басшылығының көрсетілетін қызметті цифрландыру жөніндегі тапсырмасы және «Бір терезе» қағидатына сәйкес бізден басқа прокуратура өкілі, адвокат, нотариус, медиаторлар да кез келген уақытта қызмет көрсетуге даяр. Әрине, «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы ұйымдастырған қызметтер түрінде шағын және орта бизнес өкілдерінің қалаған мәселесін жедел шешіп бере алады, – деді Л. Құсайынова депутаттармен әңгіме барысында.

«Атамекен» республикалық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Марат Нұрқуатов та депутаттар сауалына нақты да, жедел жауап қайтарды.

– Орталықтың жұмысы қалыпты екен. Басқа өңірден депутат болып сайлансақ та, Оралдағы мына халыққа қызмет көрсету орталығының тыныс-тіршілігіне дән риза болып, көңіліміз толайып тұр. Мұнда кез келген келушіге толық жағдай жасалған. Тіпті прокуратура өкілі, медиатор және де басқа жұртқа қажетті қызмет түрлері өнімдерінің осы кеңседен табылуы халықты билікке жақындата түседі, – деді БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында депутат Зәуреш Аманжолова.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қоңырау орнына күй ойнайды

Күні: , 116 рет оқылды


«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында домбыраны бүгінгі ұрпаққа кеңірек насихаттауды қолға алуымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыс ауданымызда әлдеқашан басталған.


Мәселен, Қараөзен мектеп-лицейінде 2011-2012 жылдары Зәйлім Мәжитова (бүгінде аудан әкімінің орынбасары) директор қызметін атқарғанда, үзілісте дауыс күшейткіш арқылы күй әуенін ойнатып қоюды үрдіске енгізді. Соның нәтижесінде мектептен бүгінде есімдері елге танымал Жібек Болтанова сынды айтыскер ақындар шықты. Мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Медет Жанболаттың пайымдауынша, күй өнері – ұлт ділінің өзегі. Құрманғазы, Абай, Махамбеттердің ізбасарларын тәрбиелеп шығару үшін алдымен домбыра үніне бөлеп, санасына сіңіру қажет. Осы мақсатта Қараөзен мектеп-лицейінде қоңырауды күймен алмастыру 2011-2012 оқу жылынан жолға қойылған. Міне, осы кезден бастап Құрманғазының, Динаның, Тәттімбеттің, Қазанғаптың, Махамбеттің, Нұрғисаның және тағы да басқа күйшілердің туындылары әр үзіліс сайын күмбірлеп ойналып тұрады. Мұның өзі – рухани тәрбиенің бастауы. Енді бүгінде осы үрдіс ауданның 27 мектебінде қабылданып, оқушыларды сабаққа шақыруды күй орындаумен бастау енгізілді. Сонымен қатар ауданның барлық мектебінде домбыра үйірмесін  ашу жоспарланып отыр. Ал Талдыапан ауылында домбыраға арналған монумент жасалды. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып ашылған композициялық  монумент өзінің бай мазмұнымен ерекшеленеді. Сондай-ақ  домбыраны  насихаттау мақсатында аудандық “Ауыл айнасы” газетінің бетінде үнемі “Нағыз қазақ  домбыра” атты арнайы танымдық айдар ашылды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын табады.

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов ауданы


Ираннан маза қашып тұр…

Күні: , 124 рет оқылды


Міне, өткен жылдың аяғынан бастап, қаңтардың алғашқы күндерінде Иран елі дүрлігу үстінде болды. Діні бір, ділі жақын әрі Қазақстанның  стратегиялық әріптесі болып табылатын мемлекеттің саяси шиеленіске тап болуы ешкімді де немқұрайлы қалдырмайды. Сонымен көне парсы еліндегі дау-дамай неден шықты?!


Соңғы жылдары Қазақстан мен Иран арасында тым тәуір экономикалық қарым-қатынастар қалыптасты. Қазір Қазақстан осыдан санаулы жылдар бұрын салынған көршілес түрікпен елін жарып өтетін жаңа теміржол желісі арқылы Иран және әрі қарай араб елдеріне экспортқа шықты. Оның келешектегі әлеуеті мол. Сондай-ақ, Қазақстан Иранға астық өнімдерін шығарады. Сыртқа ет шығаратындардың ішінде Қызылорда, Қостанайдан басқа біздің Жайық өңірі де бар. Мәселен, былтыр біздің облыстан аталмыш мемлекетке 200 тонна ет жөнелтілген. Демек, Иранның қалыпты тыныс-тіршіліктен ауытқымауы Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан да керек-ақ.

Батыс Азияда орналасқан Иран Ислам Республикасының бес мыңжылдық тарихы бар. Ол көне парсы империясы, Сасанидтер және басқа да тарихта атауы қалған мемлекеттердің мұрагері. Ал 1934 жылдан бергі ресми атауы – Иран. Иран парсының «Айранам» сөзінен шыққан. Оның аудармасы –  «Арийлар елі». Яғни неміс, үнді, ауған ұлттары сияқты парсылар да көне арийлердің ұрпағы. Сол үшін соғыс жылдарында неміс нацистері иран-тәжік ұлттарын «жоғары арий» нәсілінің қатарына қосыпты. 1979 жылғы аятолла Рухолла Хомейни басқарған ұлттық-діни көтерілістен кейінгі осы елдің ресми атауы – Иран Ислам Республикасы.

Бүгінгі Иран ислам әлемінде ішкі жалпы өнім деңгейі жөнінен төртінші орында. Технологиялық дамуы бойынша көп мұсылман елінен көш ілгері. Ұлттық байлығы – газ бен мұнай өз иелігінде әрі оны үнемді пайдалануда. Ел халқының саны – 78 миллион. Оның басым көпшілігі парсылар (61 %), әзірбайжандар (16 %, бірақ кей сарапшылар олардың санын 35-40 пайызға жеткізіп отыр). Қалғандары арабтар мен күрдтер және саны аз өзге ұлт-ұлыстар. Саяси-қоғамдық өміріне келсек, елде ислам, христиандық, отқа табынушылықтан (зороастризм) басқа діни сенім мойындалмайды және тыйым салынған. Өлім жазасы қасақана кісі өлтірушілерге, әйел және бала зорлағандарға, гомосексуализмге қарсы қолданылады және жедел орындалады. Порнография да заң жүзінде қатаң қудаланады.

Халық толқулары былтырғы желтоқсан айының ортасында басталды. Ең әуелі Мешхед, Исфаһан қалаларында басталған шеру елдің өзге өңірінде де жалғасты. Елдің астанасы Теһран да шет қалған жоқ. Шерулер ең әуелі экономикалық ахуалға наразылықтан басталды. Яғни адамдар тұрмыс деңгейінің төмендеуіне, қымбатшылық пен ақшаның құнсыздануына наразылығын білдірді. Оған көп ұзамай әлеуметтік талап – жемқорлықты жүгендеу мәселесі қосылды.

Күн өткен сайын ирандықтар көкейінде жүрген саяси талаптарды да сыртқа шығарды. Атап айтқанда, иран сарбаздарының Сириядағы соғысқа қатысуы, соның салдарынан мемлекеттік бюджетке салмақ түсуі қосылды. Қоғамдық тәртіп сақшылары ереуілге шыққандарға қарсы көзден жас ағызатын газ бен резина оқтарды қолданды. Әсіресе, көшеге шыққандардың басым көпшілігін құрайтын жастардың дүкендерді, қоғамдық орындарды талқандап, көліктерді өртеуі, полиция және қауіпсіздік күштері тарапынан қарсы әрекетті туғызуы түсінікті. Билікке қарсы топтың бір өкілі Мехдет Каруби халықтың құқық қорғау күштеріне өштігін ел түрмелеріндегі саяси тұтқындарды азаптаумен байланыстырып отыр. Ал жастар болса, дін өкілдерінің саяси биліктен кетуін үзілді-кесілді талап етуде.

Толқулардың басында ресми билік көпке дейін үн қатқан жоқ. Жаңа жылдың қарсаңында ғана ел президенті Хасан Рухани адамдардың қай талабын да ашық білдіруге құқылы болғанымен, иран жұртын бейбастақтық жасамауға, сабырға шақырды, әрі арандатушы сыртқы күштерді айыптады. Алайда ереуілшілер тыншымады. Керісінше, студенттер жоғарғы басшы, аятолла Әли Хаменей мен президенттен өз еркімен доғарысқа кетулерін талап етті. Көп ұзамай биліктің жақтастары да ереуілге шығып, отандастарын Батыс пен Израиль, АҚШ-тың айтақтауына ермеуге, ұлт пен халық бірлігін сақтауға шақырды. Теһран қаласының әкімдігі ендігі жерде толқуға шыққандарға қарсы қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеді. Ал шетелдегі 4 миллион ирандық пен АҚШ президенті Трамп, Израиль басшылығы қуаныштарын жасырар емес. АҚШ-тың түрткіштеуімен Ирандағы жағдай жыл басында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде қаралғанымен, Иранның одақтастары Ресей мен Қытай саяси қысымға ашықтан ашық қарсы шықса, Франция қалыс қалды. Нәтижесінде АҚШ пен Англия оқшауланып, Иранға қарсы ұсынысын өткізе алмады. Иранмен тығыз қарым-қатынастағы Германия, Франция, Бразилия сынды ірі мемлекеттер де жеке ұстанымын сақтап отыр. Мұсылман әлемі де бірі бейтарап, бірі жанашыр болып, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуда. Ал Сауд Арабиясының АҚШ жағына шығуы түсініксіз болып, мұсылман әлемінде таңданыс тудыруда. Қазақстан билігі қарама-қарсы тараптарды ынтымақ пен саяси мәмілеге келуге шақырады. Өйткені, Иран басқасын айтпағанда, елімізден астық пен ет, кейбір шикізат түрлерін тұрақты сатып алушы, сенімді экономикалық серіктес.

Қазір әлеуметтік дүмпу саябырсыған сыңайлы. Алайда кей сарапшылар 2009 жылы да Иранда осындай толқулардың болып, кейін басылғанын тілге тиек етсе, өзгелері саяси дағдарыстың өр-шіп, ливиялық нұсқаның көрініс табуы ықтималдығын бекерге шығармайды. Өйткені әлеуметтік желілер арандатушылық әрекеттерін бәсеңдетер емес. Иран билігі қаншама ақпарат көзін бұғауласа да, әзірге бой беретін түрі жоқ. Мұның өзі толқулардың тасасында тұрған қатерлі күштердің барлығын жоққа шығармайды.

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Қайсар ТАШАЙ,

тарихшы, облыстық тарих және археология орталығының қызметкері:

– Әрине, Ирандағы халық толқулары жақсы көрініс емес.  Меніңше, онда негізінен экономикалық мазмұн басым. Жоқшылық пен жұмыссыздық діңкелеткен халық еріксіз ереуілге шықты.

Ал саяси талаптардың артында сыртқы күштердің тұруы әбден мүмкін. Жастардың тәжірибесіздігі мен қызбалығын әлдекімдер жиіркенішті мақсаттарға шебер пайдалануға тырысады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің де бүлдіргіштік қуаты күшті. Әлеуметтік шиеленіске қатысқандардың көшеде ойына келгенін істеуі заңға да, адами әдепке де қайшы. Қандай қоғамдық әрекет болсын, заң шеңберінен шықпау шарт.

Аталмыш оқиғалардан Иранның ресми билігі дұрыс сабақ алса, жақсы болар еді. Себебі Иранның халқы көп. Арасында жастардың қарасы басым. Демек, билік бағаны бұғаулап, жұмыссыздықты ауыздықтап, басқа да әлеуметтік мәселелерді шешсе, елдегі ахуалдың қалпына келері сөзсіз. Әдетте ашынған адамда ақыл мен сабырға жүгіну жетіспей жатады. Ал көйлегі көк, қарыны тоқ кісілер атой салып, көшеге шықпайды. Сонда саяси талаптар өз-өзінен кейінге шегеріледі.  Дегенмен, елде саяси өзгерістер енгізсе де, артық болмас еді. Сөз соңында айтарым, Иранға ынтымақ пен бақуатты тұрмыс тілеймін.


Туды Абзал алып шығады

Күні: , 95 рет оқылды


Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстан туын шорттрекші Абзал Әжіғалиев алып шықпақшы.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевтың мәлім еткеніндей, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы әлем кубогы кезеңдеріне қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Сөйтіп, шорттрекшілер өз тарихында алғаш рет Олимпиаданың он жолдамасына ие болды. Сондықтан ту көтеруші ретінде шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің таңдап алынуы тегін емес.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 1992 жылы дүниеге келген. Оралда 2001 жылы жабық мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков дайындаған шәкірттерінің бірі. Ол Сочи Олимпиадасында негізін батысқазақстандық шорттрекшілер құраған ҚР ұлттық құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафетада бесінші орынға табан тіреді. Ал 2016 жылы қарашада АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта айды аспанға шығарып, жеңімпаз атанды. Ол мұндай табысқа қазақстандықтар арасынан тұңғыш рет қол жеткізді. Одан кейін өткен жылы Алматы қаласында ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиадада және Минскіде әлем кубогы кезеңінде дәл сол қашықтықта күміс жүлдеге ие болды.

А. Әжіғалиев қазіргі таңда командаластарымен бірге Голландияда жаттығуда. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері М. Қарсыбековтің сөзіне қарағанда, Абзал Олимпиадада өзінің оң жамбасына келетін 500 метр қашықтықта сынға түседі.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика