
Өткен жылдың қараша айының соңында редакциямызға Қазталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының тұрғыны, «Еркін» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрадым Шоқпанов есімді азамат келіп, ауылының аумағында орын алған бір оқиға жөнінде баяндады. Бұл оқиғаға өзінің кіші баласы Еркіннің қатысы бар екенін айтып, соған байланысты Еркін ауылдағы полиция қызметкерлерінен жәбір көргенін жеткізді. Тіпті, тәртіп сақшылары Еркіннің ауылда еркін жүруіне кедергі келтіруі салдарынан ол жергілікті колледждегі оқуына бара алмай отырған көрінеді…
Мұрадым Шоқпановтың осынау шағым хатын қолымызға алып, Жалпақталға барып қайттық.
«Полиция ұры деп жала жауып отыр»
Біз Еркінмен (суретте) Қарасу ауылдық округіндегі «Еркін» шаруа қожалығына, яғни Жалпақталдан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Сарышығанақ елді мекеніне барып жолықтық.
– Былтырғы тамыз айында Қазбек Айсабек, Армат Телжан және мен «ВАЗ 2114» аутокөлігімен Жаңақаладағы ағама барып, аутокөліктің қосалқы бөлшегін алып келе жатқан болатынбыз. Қараңғы түскен шақ. Жаңақала ауданының Жаңажол ауылдық округіне қарасты Теңдік елді мекенінің маңынан өткен кезде жолдың бойында жатқан, туылғанына шамамен 2-3 күн болған бұзауды көрдік. Қазбек «Мына бұзауды салып алайық, бәрібір өліп қалады ғой» дегесін, көлікті тоқтаттық. Сыртқа шығып, айналаны қарадық, ешбір жан да, мал да жоқ. Үшеулеп бұзауды аутокөліктің артына салдық. Жалпақталға келгесін Қазбек «Бұзауды мен алайын» дегесін, біз қарсы болған жоқпыз. Бұзауды Қазбектің үйіне түсіріп кеттік. Артынан ол бұл бұзаудың қасына өзінің бір бұзауын қосып, ауылдағы Асқар деген кісінің «ВАЗ-2107» көлігін алды. Асқар алғашында Жалпақтал полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Естөре Құрманғазиевтің аутокөлік сататынын естіп, бұл бұзауларды оның көлігіне алмастырып алмақшы болады. Соңы-нан ауыл тұрғыны Руслан Батыровтың «ВАЗ-2107» көлігіне ауыстырады. Артынан Естөре Құрманғазиев Асқардан бұзауларды қайдан алғанын сұрағанда, ол Қазбек бергенін айтқан. Сосын Қазбекпен сөйлескенде ол бір бұзауды даладан тауып алғанымызды жеткізген. Сөйтіп полиция бізге шықты.
Полиция бөліміне барған бойда бізге бас салып, «Сендер бұзау ұрлағансыңдар» деп кінә тақты. Үшеумізді үш бөлмеде тергеді. Мен бұзауды ұрламағанымызды, даладан тауып алғанымызды айттым. Сөйтіп үстімізден іс қозғады. Артынан Жалпақтал полиция бөлімінің басшысы Сағат Ғаббасов «Бір қой, не баспақ бер, сендерде бар ғой, сосын істі жабамыз» деді. Мен ештеңе бермейтінімді айттым. Ал қасымдағы екі жолдас жігіт полиция қызметкерлері сұраған қой мен ақшаны берген соң оларды босатып жіберді. Менен ештеңе шықпағаннан кейін соңымнан түсті. Яғни былтырғы маусымда «Құлын ұрлапсың» деп жала жапты. «Қайдағы құлын?» дегенімде полиция қызметкерлері күш қолданды, яғни Естөре Құрманғазиев мені мойнымнан қылғындырып ұстап, Асхат Нұғманов ішімнен соғып тұрды. Егер мойындамасам, қамаймыз деді. Олармен салғыласқаннан пайда жоқ екенін көріп әрі қорыққан соң айтқандарына келістім. «Тағы да тауып алған не бар?» деп сұраған соң тамыз айында Армат Телжан екеуміз жолдың бойынан көлік көтергіш (домкрат), темір арқан (трос), ұялы телефон тауып алдық дедім. Осылайша маған қатысты үш іс ашты. Содан Сағат Ғаббасов бір нәрселерді өзі жазды да, мына жерге қол қой деген жерлеріне қолымды қойдым. Сөйтіп бес күн бойы мені полиция бөлімінде заңсыз ұстады. Тек түсте және кешке үйге жіберіп тұрды.
Артынан әкем келіп, аудандық прокуратураға алып барды. Сол кездегі аудан прокуроры Д. Медетбековтің атына Жалпақтал полиция бөлімінің қызметкерлері С. Ғаббасов, Р. Ғайнеденов, А. Нұғманов, Е. Құрманғазиевтің мені кінәлап, малдарды, заттарды ұрлады деп жала жауып, заңсыз әрекеттер жасағанын, ұрып-соққандарын айтып, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, арыз жаздым. Содан кейін тынышталды ғой. Тынышталды дегенде толық тынышталған жоқ, ауылға барсам, олар артымнан бағып жүреді. Көшеде жүргізбеген соң сабаққа бара алмай, қырда жүрмін, – деді Еркін Мұрадымұлы.
«Пара берсек, мұндай оқиға болмас еді…»
Бұл оқиға жөнінде өзінің ой-пікірін білдірген Мұрадым Шоқпановтың (суретте) сөзіне қарағанда, олар қырдағы үйді жаңартып, қора-қопсы салып жатқан. 19 қыркүйекте баласы Еркін қиыршық тас алып келу үшін Жалпақталға кеткен еді. Жүк тасуға арналған «УАЗ» аутокөлігімен бір рейс жасап, тағы алып келуге аттанған болатын. Содан бес күн бойы жоқ. Ұялы телефонын алғашында көтермеген, артынан алып «Шаруаларыммен жүрмін, соңынан хабарласармын» деді. Бесінші күні кешке таман баласының Қазбек деген жолдас жігіті телефон соқты. «Мұрадым ақа, мұнда өзіңіз келмесеңіз болмайды. Полиция қызметкерлері тарапынан Еркінге қысым жасалып жатыр» деді. Мұндай жайсыз хабарды естіген бойда Жалпақталға жетеді. Үйде баласы жоқ екен, звондап, қайда екенін сұрағанда, Жалпақтал ішкі істер бөлімінде екенін айтқан. Тез қайт деді. Көп кешікпей Еркін келіп, жағдайды баяндаған.
– Балама неге сол бойда хабарламадың деп реніш білдірдім. Құс екеш құс та балапанын қорғамай ма?! Еркін балалыққа салынып, полиция қызметкерлерінің ешкімге айтпа, өзіміз реттейміз дегендеріне сеніп қалған ғой. Сөйтіп олардың жазған хаттамаларына білместікпен қол қойған. Ертесіне аудан прокуроры Д. Медетбековке кіріп, болған жайды баяндадым. Ол сол бойда өзінің орынбасары Адат Мұқағанғалиевті шақырып алып, оқиғаның анық-қанығын білу жөнінде тапсырма берді. Оралға барып, БҚО ІІД-ге және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментіне шағым түсірдік. Содан кейін балама қатысты түрлі шақыртулар, қоңыраулар, басқа да заңсыз әрекеттер су сепкендей басылды. Бұл жерде менің бір қателігім, баланы сол бойда ауруханаға апармағаным. Енді полиция қызметкерлерінің оны ұрып-соққанын дәлелдеу қиын. Егер балам да қасындағы жолдастары секілді қой мен ақша берсе, мұндай оқиға болмас еді. Бірақ ол қой мен ақшаны не деп береді?!
Балама құлын ұрлады деген де кінә тағып отыр. Жаңа туған бие ешқашан құлынын бермейді. Құлынды алам дегендерді тістеп, тапап өлтіреді. Әкем жылқышы болды, өзім бес жыл жылқы бақтым. Сол себепті жылқының мінезін жақсы білемін. Полиция қызметкерлерінің осы баланың артынан неге түскенін түсінбеймін?! Бұл істің басталғанына екі-үш айдай уақыт болды. Содан бері еш нәтиже жоқ. Сол себепті газет редакциясына арнайы барған едік, – дейді Мұрадым Шоқпанов.
«Тергеушіге 10 мың теңге, полиция басшысына бір қой бердім»
Содан соң Еркінмен 1-сыныптан бастап жұбын жазбай келе жатқан, қазіргі уақытта колледжде де бірге оқып жүрген, бұл оқиғаға да бірге тап болған Армат Телжанмен сөйлестік. Оның айтуынша, полиция қызметкері Руслан Ғайнединов «Сендер бұзау ұрладыңдар» деп айып тағып, одан 10 мың теңге ақша сұрапты. Артынан полиция бөлімінің басшысы Сағат Ғаббасовпен кездескенде ол бір қой бер деген. Сонда бұл іске қатыстырмайтынын айтқан. Осылайша ол Р. Ғайнединовке журналдың ішіне салып, 10 мың теңге берген. Ал Қазбек Айсабек екеуі бір-бір қойдан Еркіннің УАЗ аутокөлігіне салып, С. Ғаббасовтың көршісі Зұлқарнай Мұхамбетовтың үйіне апарып тастапты. Содан кейін полиция оны мазаламапты.
Армат 18 жасқа толмағандықтан, оның әкесі Арыстан Хамитовпен де тілдестік. Оның сөзіне қарағанда, бұзаудан шыққан дау жөнінде ол зайыбы Ритадан естіген. Әкесі ұрсады деп қорыққан баласы болған оқиға жөнінде алғашында анасына айтады.
– Мен жұмыста болған кезде балам көлігімді алып, достарымен бірге Жаңақала жаққа барады. Келе жатқанда жолдан бұзау тауып алып, сол бастарына пәле болып жабысқанын білдім. Артынан балам полиция қызметкерлері қой мен ақша сұрап жатыр деп келді. Басында жөнді түсінбей, балам кінәлі шығар деп ойлап, сұрағандарын бердік. Яғни қорадан бір тоқты, анасынан 10 мың теңге алып кетті. Артынан жағдайды біліп Еркін, Қазбек және Армат кәмелетке толмауына байланысты мен БҚО ІІД-ге шағым түсірдім, – деді Арыстан Хамитов.
Бұрын тіркеуде болған шәкірт
Еркін жөнінде кеңірек мәлімет алу үшін Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжіне атбасын бұрдық. Колледж директоры жоқ болып, оның орнында қалған өндіріс жөніндегі орынбасары Талғат Бегалиевтің (суретте) айтуынша, Еркіннің курсы өткен жылдың 1-қарашасына дейін өндірістік сараманда болды. Сабақ басталған бойда оның әкесі оқу орнына келіп, болған оқиғаны айтқан. Бұл жағдайға олар түсіністікпен қарап отыр. Жалпы Еркіннің сабағы орта деңгейде. Колледж әкімшілігі тарапынан оның жеке басына байланысты қояр талап жоқ.
– Еркін бізге 9-сыныпты бітіріп келген еді. Сонда ол ұрлыққа байланысты ішкі істер бөлімінде тіркеуде болды. Біз Еркінді түрлі тәрбие шараларына тартып, қадағаладық. Соның нәтижесінде бір жылдан соң, яғни 2016 жылдың қазанында ол тіркеуден шығарылды. Қазіргі таңда оның тарапынан мұндай олқы қылық байқалмайды, – деді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айзада Молдашева (суретте).
«Еркінге қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды»
Жалпақтал полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сағат Ғаббасовпен (суретте) кездескенімізде, ол сөзін Еркіннің әкесі Мұрадымнан бастады. Мұрадым Шоқпанов бұрын бөтеннің мүлкін ұрлап шатылып, артынан екі тараптың татуласуы негізінде қылмыстық іс қысқартылғанын жеткізді. Ал баласы Еркін Төлеп кәмелетке толмаған кезде, яғни 2015 жылы біреудің құлыншағын ұрлаған. Онда да екі жақтың өзара келісуінің нәтижесінде ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
– Былтыр қыркүйек айының 18-інде бізге бір ақпарат түсті. Онда Көктерек ауылдық округіндегі Сатыбалды ауылы мен Қараөзен ауылдық округінің Сарышығанақ көлі арасындағы далалық жолда 1953 жылы туған Сағындық Қаракенов «Renault Duster» аутокөлігінің ішінде ұйықтап жатқанда, белгісіз біреулер көлік сыртында жатқан көлік көтергіш (домкрат), темір арқан (трос) және аутокөлік ішіндегі «Нокиа Х1» ұялы телефонын, әмияндағы 1500 Ресей рублі мен 40 мың теңге ақшаны жымқырып, оқиға орнынан бой тасалағандығы хабарланған. Көлік иесі сол кезде аздап «ұрттап» алған болуы керек, сол себепті бізге келіп, шағым түсіруге ұялған сияқты. С. Қаракеновті шақырып алып сұрағанымызда, мұндай оқиғаның болғанын растап, айтуға ыңғайсызданып жүргенін жеткізді. Орын алған дерек бойынша белгісіз адамға қарсы 21 қыркүйекте ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі, 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. «Еркін» шаруашылығы осы маңда болғасын, Е. Төлеп бұрын ұрлық бойынша есепте тұрғасын, біз бірден сол азаматтан күдіктендік. Зардап шегуші де Еркіннен күдіктенетінін білдірді. Сөйтіп Еркінді шақырып, жауап алдық. Ол бірден мойындаған жоқ. Сол маңмен жиі жүретін көлік иелерін айтып, түлкі бұлаңға салды. Бірақ артынан мойындады. Біздің қызметкерлер үйінен көлік көтергішті, ұялы телефонды тәркіледі. Ал темір арқанды Жаңақаладағы ағасына беріп жібергенін мәлімдеген соң одан алдырдық. Зардап шегуші өзінің заттарын таныды. Менің және тергеушінің қатысуымен болған екі жақтың көзбе-көз кездесуінде С. Қаракенов ақшаларын сұрады. Е. Төлеп ақшаны жойып жібергенін, артынан тауып беретінін айтып, кешірім өтінді. Азамат Е. Төлептің іс-әрекетінде ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімінің 2-тармағында көзделген қылмыстық белгілер байқалғандықтан қылмыстық іс қайта дәрежеленді.Бұл оқиғадан кейін біз Еркін Төлептің басқа қылмыстарға қатыстылығын тексердік. Оперативті тексеріс барысында оның тағы да екі қылмысқа қатысы бары анықталды. Біріншісі, құлын-шақ ұрлығымен байланысты. Осыған қатысты Еркіннен жауап алынғанда, ол қырға кетіп бара жатқанда далада жүрген бір үйір жылқыны көргенін айтты. Үйір ішінде сол кезде бір бие жаңа құлындап жатады. Ол жаңа туған құлынды ұрлап, көлігінің артына (багажник) салады, артынан оны өлтіріп алады. Сөйтіп Еркіннің үстінен ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлімімен тағы бір іс қозғалды.
Енді бірі – бұзау ұрлығына қатысты. Еркін Жалпақталдың тұрғыны Қазбек Айсабек деген азаматпен бірігіп, ауылдағы жасөспірім Армат Телжанды қастарына ертіп, оның әкесінің аутокөлігін алып, үшеуі Сарышығанақ көлі жағына барады. Көлікті Еркін айдап, Жаңақала ауданымен шекараласатын аумаққа қарай жүреді. Бұл мезгілде қараңғы түссе керек. Көп кешікпей далада жайылып жүрген сиырларды, олардың арасындағы қызыл түсті, шамамен 1,5-2 айлық екі бұзауды көреді.
Сол бойда осы бұзауларды қуып жүріп ұстап алады. Артынан бұзауларды Жалпақтал ауылының тұрғыны А. Дүйсеновтің аутокөлігіне айырбастайды. Бұл мәселе бойынша алғашында бұзаулардың иесін, жәбірленушіні анықтай алғанымыз жоқ. Соған орай сол кездегі аудан прокуроры Д. Медетбековке телефон арқылы хабарлап, Е. Төлептің жасаған қылмыстары жөнінде айтып, иесі анықталмаған бұзауларға қатысты не істеу керектігі туралы ақылдастым. Прокурор бірінші бұзаулардың заңды иесін тауып, сосын барып оны тіркеу жөнінде нұсқау берді. Содан кейін ЖПҚ-ның учаскелік полиция инспекторларына осы екі бұзау жөнінде бағдар (ориентировка) жолдап, өз учаскелерінен аталмыш бұзаулардың иелерін анықтау жөнінде тапсырма берілді. Жаңақала ауданындағы әріптестерімізге де бағдар жібердік. Сөйтіп жүргенімізде жаңақалалық бір әріптесіміз келіп, өзімен бірге бір фермерді малшымен әкелді. Шаруа қожалығының басшысы бір күннің ішінде екі бұзауының жоғалғанын айтты, бұзаулардың түр-түсі, жасы бәрі де біз иесіне іздеу салған Зеңгі баба төліне дәл келді. Сөйтіп ол бұзауларын алды. Бұл қылмысқа байланысты ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Осы жерде айта кетейін, Еркіннен алғашында жауап алған кезде оның айтқаны мен бұзау иесінің сөздері бір-біріне сәйкес келіп тұрды. Нақтылап айтсам, бұзау негізінен Қазталов ауданының аумағынан ұрланған. Бұл жаңағы жаңақалалық фермердің шаруашылығына жақын жер. Артынан ол өзінің бастапқыдағы жауабынан айнып кетті.
Жалпы, үш қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жүргізгенімізде Еркін Төлептің адвокаты болды. БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Әміржан Нұғманов күдіктінің жауабын оқиға болған жерде тексеру және нақтылау бағытындағы тергеу әрекеттеріне қатысты. Осылайша тергеу жүргізіп жатқанымызда Е. Төлеп аудандық прокуратураға біздің үстімізден арыз түсірді. Онда «жала жапты, яғни полиция бөлімінің қызметкерлері ұрып-соғып, күш көрсету арқылы жасамаған қылмыстарды жасадың деп мойындатты, тергеуші ақша, Жалпақтал полиция бөлімінің басшысы екі қой алды» деп мені және төрт қызметкерімді қаралаған. Бұл туралы маған аудан прокурорының өзі хабарласып, тексеру жүргізілетінін айтты. Тексерістен соң жинақталған мәліметтерді аудандық прокуратура БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолдады. Соған байланысты ішкі істер департаментіне барып, пара алмағанымызды, ұрып-соқпағанымызды айтып, жауабымызды бердік. Одан бөлек бізге қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті де тексеру шараларын жүргізді. Осы тексеру кезінде біздегі учаскелік полиция қызметкері Е. Құрмағазиев маған хабарласып, оған ауыл тұрғыны Мержан Әбілхайыров деген азамат келіп, Шоқпановтар өзінің мазасын алып жүргендерін айтқан. Яғни «финполдың тергеушісіне полицияға қарсы мәлімдеме жаса, саған ақша береміз» деп айтқанын жеткізді. Мұны сол бойда ауылға келіп, тергеу жүргізіп жатқан ұлттық бюроның қызметкеріне айттым. Бірақ тергеуші одан жауап алмаған соң, мен БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысына шығып, жағдайды баяндадым. Ол кісі учаскелік полицияның рапортын алып, тексеру әрекетін жүргізіңдер деді. Көп кешікпей М. Әбілхайыровты шақырып алып сұрағанымда, ол растады. Аудан прокурорына шығып, бұл бағытта не істейміз дегенімде, қылмыстық іс қозғау керектігін айтты. Осылайша ауыр қылмыс жасады деп айыптау үшін куәні сатып алу дерегі бойынша биылғы 16 қарашада Мұрадым Шоқпанов пен баласы Еркін Төлептің үстінен ҚК 422-бабының 4-бөлімі бойынша іс қозғадық.
Жалпы, Еркін Төлепке де, оның қасында болған азаматтарға да полиция қызметкерлері тарапынан ешқандай қысымшылық немесе заңға қайшы әрекеттер орын алған жоқ. Нақтылап айтсам, арызда көрсетілген ұрып-соғу, пара алу туралы деректері жалған. Жалпы, Еркіннің бес күн бойы таңнан кешке дейін полиция бөлімінде болдым деген сөздері де шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар Еркіннің ауылда жүруіне, оқуға баруына біздің тарапымыздан ешқандай кедергі болып жатқан жоқ, – дейді Сағат Бекқалиұлы.
«Бұзаулар менікі»
Осы сапарымыздың барысында Жаңақала ауданының Қушығанақ елді мекеніндегі «Рахман» шаруа қожалығына да барып қайттық. Шаруашылық меңгерушісі Қайырболат Қанатұлы қарамағындағы мал 2013 жылдан бастап жоғалып келе жатқанын айтты. Сол жылы 7 бас, 2015 жылы 25 бас жоғалды, сол 25-тің біреуі табылған, қалғаны жоқ. Биылғы шілдеде бір бұзаулы сиыр, бір құнажынның да орнын сипап қалған. Ал тамызда бір еркек, бір ұрғашы бұзау із-түзсіз кеткен. Бұзаулары жоғалған бойда да, өзі радиусы 35 шақырым аумақтағы Жаңақала, Қазталов аудандарының шаруа қожалықтарының көпшілігіне барған. Алайда ешкім көрмеген. Сосын ауылдағы учаскелік полиция қызметкеріне звондап айтыпты. Сөйтіп сұрау салып жүргенде қазан айының басында ауылдағы учаскелік полиция қызметкері звондап, бұзауларының түр-түсін сұрамасы бар ма?! Ол ұрғашы бұзауы қызыл қасқа ақ желке, анасы да сондай түсті әрі мүйізі бар, шолақ құйрық, ал еркек күрең түсті, шешесі де күрең, шолақ құйрық, тоқал екенін айтып берген. Жалпақталдан сондай бұзаулар табылғанын естиді. Жалпақталға барғанда ұрғашы бұзауын бірден таниды. Ал екіншісі өліп қалған екен. Үйге әкелгенде бұзау анасына жақындамапты, шешесінің де сүті қайтып кеткен екен. Қазір оны басқа сиырдың сүтімен асырап, қосымша жем беріп отыр.
– Пендеміз ғой, өмірде түрлі жағдайлар болады. Егер Мұрадым Шоқпанов келіп «Балам осындай бір олқылық жасап қойыпты» деп кешірім сұраса, жүрегіміз қатып қалған жоқ қой, кешіреміз. Құдайға шүкір, 200 бастан астам ірі қара малым тұр, екі бас бұзауға қарап тұрған жоқпын. Ал Мұрадым «Бұл бұзаулар сенікі емес, сен өтірік айтып отырсың» деп мені кінәлайды. Бәріміздің балаларымыз бар, Құдайдан қорқамыз, ондай әрекетке бармаймыз. Егер тексерту қажет болса, ДНК бойынша анықтап, ақ-қарасына жетуге болады ғой, – деді ол.
Қылмыстық іс қысқартылды
БҚО адвокаттар алқасының мүшесі Лаура Өтешева екі айға жуық уақыттан бері Еркін Төлепті қорғаумен айналысып келеді. Лаура Өтешеваның айтуынша, Е. Төлепке қатысты үш эпизод бойынша қозғалған қылмыстық іс желтоқсанның ортасында қысқартылған. Яғни құлын мен бұзау ұрлықтарына қатысты қылмыстық құрам анықталған жоқ.
Ал көліктегі заттарды жымқыруға байланысты екі тарап өзара келісті. Қазіргі уақытта бұл іс аудандық прокуратураға бекітілу үшін жолданды. Егер прокуратура бекітсе, іс ресми түрде қысқарады. Бұл істі басында Жалпақтал полиция бөлімі тергесе, артынан ол Қазталов аудандық ішкі істер бөліміне берілді. Көп кешікпей істегі құлын ұрлығы бойынша қылмыстық құрам жоқтығына байланысты бұл эпизод қысқарады. Артынан даладан табылған бұзау да бөтеннің мүлкін заңсыз иелену дерегінің санатына енген жоқ. Қолымызға тиген Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі Т. Бисеновтың №172748031000345 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді (қылмыстық қудалауды) тоқтату туралы 2017 жылдың 16 желтоқсанындағы қаулысында жазылғандай, жәбірленуші Қайырболат Қанатұлына тиесілі екі бұзау былтырғы тамыз айында жоғалғандығы дәлелденді. Екі бұзаудың бірін Е. Төлеп, Қ. Айсабек және А. Телжан Жаңақала ауданынан келе жатқанда тауып алған. Айналада ешқандай мал болмағандықтан, бұзау өлуге қалғандықтан, үшеуінің жандары ашығандықтан, өздерімен ала кеткендігі анықталды. Бұлардан басқа далада ешкім болмағандықтан, олардың сөздеріне қарама-қайшы келетін еш дәлел жоқ. Тауып алған бір бас бұзауды Қ. Айсабек өзіне қалдырып, аяғынан тұрғызып, қасына өзінің бұзауын қосып, екі аптадан соң А. Дүйсеновтің көлігіне ауыстырады, ал ол Р. Батыровтың көлігін алып, бұзауларды соған берген. Р. Батыров болса, Қ. Айсабекпен бір шатыр астында тұратын көрші. Қазбек Р. Батыровтың үйінде тұрған аталмыш бұзаулардың бірінің өлгенін көреді. Өлген бұзау өзінің бұзауы екенін таныған. Ал жәбірленуші Қ. Қанатұлы да, оның малшысы Н. Дүйсенов те өлген бұзауды көрмеген. Соған байланысты бұл бұзау Қ. Қанатұлына тиесілі екендігі дәлелденбеді, яғни оның екінші бұзауы қайда екені белгісіз. Қ. Қанатұлының жоғалған бұзауларының бірін Е. Төлеп, Қ. Айсабек және А. Телжанның тауып алуына келсек, ҚР Жоғарғы сотының “Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы” 2003 жылғы 11 шілдедегі №8 нормативтік қаулысының 2-бөлімінде «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену және меншікке қарсы өзге де қылмыстардың заты бөтен, яғни кінәлінің меншігінде тұрмаған мүлік болып табылады. Бұл орайда заңсыз иелікке түсетін бөтеннің мүлкі қылмыс жасалған кезде меншік иесінің өз иелігінде немесе осы мүлік сеніп тапсырылған басқа тұлғалардың иелігінде немесе олардың иелігінде заңсыз тұруы мүмкін. Басқа адамдармен, соның ішінде құрылтайшылардың қатарында кінәлі адам да бар заңды тұлғаға тиесілі бірлескен меншікте тұрған мүлікті заңсыз алып қою, пиғылдың бағыттылығына қарай бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену, не озбырлық ретінде саралануы мүмкін. Тауып алынған немесе кінәлі адамның қолына кездейсоқ түскен бөтен мүлікті иеленіп алуды бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену ретінде қарауға болмайды» деп жазылған. Сондықтан Е. Төлеп, Қ. Айсабек және А. Телжанның әрекеттерінде ҚР ҚК 188-бабының 2-бөліміндегі 1-тармағында көзделген ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін заңсыз жым қыруды алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасады деген қылмыстық құрам жоқтығынан тоқтатуға жатады.
Адвокат Лаура Өтешеваның айтуынша, енді Мұрадым Шоқпанов пен баласы Еркін Төлептің үстінен ҚК 422-бабының 4-бөліміне сәйкес қозғалған іс бойынша тергеу амалдары жүруде.
Полицейлердің іс-әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық жоқ
Журналистік зерттеу барысында БҚО прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментіне осы оқиғаға байланысты сұрау салған едік.
Таяуда бұл құрылымдардан да жауап келді. Жауаптар ұқсас болғандықтан, тек прокуратураның жауабын жариялауды жөн көрдік.
Қазталов ауданының прокурорының міндетін атқарушы А. Мұқанғалиев жолдаған хатта (№2-060817-00722, 21.12.2017 ж.) былай деп жазылған: «Е. Төлептің аудандық прокуратураға Жалпақтал полиция бөлімінің (әрі қарай – ЖПБ) лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттеріне қатысты арызы 28.09.2017 жылы құзыреттілігіне орай қарау үшін БҚО ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды. 02.10.2017 жылы БҚО ІІД-ның аталмыш басқармасымен арызда көрсетілген тұлғалардың әрекеттері ҚР ҚК 146-бабының 2-бөлімі 1-тармағымен дәрежеленіп, қылмыстық іс қозғалды.
11.10.2017 жылы ҚР ҚПҚ 186-бабына сай қылмыстық істі тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментіне (әрі қарай – департамент) жолданып, тергеу барысында қозғалған іс ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлімі 1-тармағымен (билікті немесе лауазымды өкілеттілікті асыра пайдалану) және 366-бабының 2-бөлімімен (пара алу) қайта дәрежеленді. Департамент ЖПБның қызметкерлері С. Ғаббасов, Р. Ғайнединов, Е. Құрманғазиев, А. Нұғмановтың әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты ҚР ҚПК 35-бабының 1-бөлімі 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатты. Қабылданған шешім Қазталов аудандық прокуратурасымен заңды болып танылғандықтан, прокурорлық ықпал ету шараларын енгізуге негіз жоқ».
Дау-дамайдың бітер түрі көрінбейді
Журналистік зерттеу кезінде аталмыш оқиғаға тікелей немесе жанама қатысы бар, сонымен қатар бұл жайтқа байланысты ой-пікірін білдірген жиырма шақты адаммен жолықтық. Олардың бәрінің айтқандары газет бетіне сыймасы анық. Дегенмен де оқиғаға тікелей қатысы бар жандарды қамтыдық. Ал осы оқиғаның өрбуіне бірден-бір себепші болған Қазбек Айсабекпен кездесе алғанымыз жоқ. Оралда құрылыста (өзінің айтуынша) жұмыс істеп жүрген ол бірнеше рет редакциямызға келемін дегенімен, уәдесінде тұрған жоқ. Оны күте-күте «шаршап», мақаланы жариялап отырған жайымыз бар. Біз ешкімге бұра тартпай, әр тараптың да пікірлерін беруге тырыстық.
Жалпы, бұл дау-дамайдың бітер түрі көрінбейді. Зардап шегуші жақ істің қысқаруымен келіспей, ертең қаулы заңды күшіне енген жағдайда қайта арыз беруді ойлап отыр. Жалпақтал полиция бөлімінің қызметкерлері өздеріне келтірілген моральдық шығынның есесін қайтаруға ниетті…
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,
«Орал өңірі»,
Қазталов ауданы
Р.S. «Орал өңірі» газетінің редакциясы қай кезде де бұқараның арыз-шағымдарын назардан тыс қалдырмайтынын іспен, яғни газетте жарық көрген мақаламатериалдарымен дәлелдеп келеді. Газет ешқашан біреулердің жеке басының мүддесі үшін немесе есеп айырысу, жауырды жаба тоқып, қара басты арашалаудың құралына айналып көрген жоқ. Сол себепті редакцияға шағым айтып келмес бұрын әр адам өзінің ар алдындағы да, заң алдындағы да тазалығын таразылап алса дейміз…