Мұрағат: 03.01.2018


Жаңа жылда – жаңа пәтер!

Күні: , 54 рет оқылды


Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Орал қаласына қарасты Зашаған кентінде 156 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған.


Пәтер кілттерін иелеріне салтанатты жағдайда табыс еткен облыс әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік тапсырысты ойдағыдай атқарған «СКФ Отдел строй» ЖШС басшылығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ шараға Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Айгүл Наурызәлиева арнайы қатысты.

– Биыл өңірімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 115 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынды. Ал жалпы алғанда облыста осы жылы салынған тұрғын үйлердің аумағы 380 мың шаршы метрге жетті. Бұл үлкен рекорд, былтырғымен салыстырғанда 80 пайызға артық. Мұның бәрі халық игілігі үшін, өмір сапасын арттыру бағытында Елбасы қабылдаған бағдарлама аясында атқарылып жатырған игілікті істер. Бес-алты жыл бұрын бұл жерде ешқандай құрылыс болмаған еді. Осыған қарап-ақ, шаһарымыздың, өңіріміздің, мемлекетіміздің қаншалықты дамып келе жатырғанын байқауға болады. Өткен және биылғы жылда 3 мың (үш мың) батысқазақстандық мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болған екен. Бұл – ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік пен тұрақтылықтың жемісі. Жаңа жыл қарсаңында қол жеткізген жаңа қоныстарыңыз, көптен күткен қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді Алтай Сейдірұлы.

Пәтерлер «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына берілді. Жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындар атынан сөз алған зейнеткер Жұмағыз Тінәлиева мемлекет қамқорлығына ризалығын білдіріп, ат үстіндегі азаматтарға аналық алғысын айтып, әр шаңыраққа амандық-саулық пен құт-береке тіледі.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Олимпиадашылардың құрметіне

Күні: , 89 рет оқылды


Отызыншы  желтоқсанда  Орал  қалалық  мәдениет  және демалыс  саябағында  Жаңа  жыл  мерекесіне орай көпшілік  жүгіру  шарасы  өтті.  Оған облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  және  2000-нан астам  қала  тұрғыны  белсене  қатысты.


Аталмыш шараға жиналғандар 2,5 мың метр қашықтықты жүгіріп өтті. Мәреге жеткен соң облыс әкімі Алтай Көлгінов жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Жерлестер, Жаңа жыл мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Бүгінгі іс-шараға қатысқандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Елбасымыздың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тапсырмасын орындап келеміз. Айтулы шарамызды 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысатын жерлестерімізге арнап, сәтті қадам тілейміз, – деді шара барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, 2017 жылы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында велошеру мен шаңғы жорықтары өткізілді. Батысқазақстандық спортшыларымыз әлемдік және республикалық додаларда топ жарды.

Шара барысында лотерея ойнатылып, ұтыс иелері бағалы сыйлықтарға ие болды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


Қазақтың қыран қызы

Күні: , 77 рет оқылды

Орал қаласындағы №30 мектепке Қазақстанның  Халық  Қаһарманы  Хиуаз  Доспанованың  есімі  берілді


Өткен жылдың соңғы жұмыс күні Орал қаласындағы №30 мектепке екінші дүниежүзілік соғыста қазақ қыздарынан шыққан жалғыз әскери ұшқыш, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы  Хиуаз Доспанованың есімі берілуіне орай  салтанатты  шара  өтті.


«Ерлік – елге мұра» атты тағылымды  шарада қазақтың қыран қызының  майдандағы ерлігі  паш еткен бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар соғыс және еңбек ардагері Қалам Шүйінішәлиев, еңбек ардагері Қуанышбай Төлебаев сынды аға ұрпақ өкілдері  кейінгі толқынға ашық аспан, бейбіт күннің қадірін білу жөнінде әңгіме  өрбітті.

–  Хиуаз  Доспанова – неміс фашистеріне қарсы сұрапыл соғыс кезінде ерен ерлік көрсеткен қазақтың қаһарман қызы. Сондай-ақ ол соғыстан қираған халық шаруашылығын қалпына келтіруге де айтулы үлес қосты. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ел үшін жасалған жанқиярлық ерлік пен жасампаз еңбекті өшпес өнеге ретінде насихаттау мәселесі де орынды айтылған. Демек, Хиуаз Доспанованың ерлігін насихаттау, жұрт жадында жиі жаңғырту – бұл елжандылықты, қазақстандық патриотизмді қоғамдық санада нығайтудың керемет тәсілі, –  деді Орал қаласы әкімінің орынбасары  Мирболат Нұржанов.

Тағылымды кеш аталмыш мектеп оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасымен тәмамдалды.

Өз  тілшіміз

1922 жылғы мамыр айының он бесінші жаңасында Атырау облысына қарасты Теңіз ауданының аумағында жарық дүниеге көрінген Хиуаз ДОСПАНОВА 1940 жылы Орал қаласындағы №1 мектепті үздік бітірген. Ол сол жылы орта білім туралы аттестатқа қоса, жергілікті аэроклубтың «запастағы пилот» куәлігіне де қол жеткізеді. Мәс-кеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына әр түрлі желеумен қабылданбаған Х. Доспанова мектеп бітірген жылы Мәскеудегі бірінші медициналық институтқа емтихансыз қабылданады. Ортақ Отанға қауіп төнгенде ол өз еркімен майданға сұранып, 588-ші түнгі бомбалау авиаполкіне штурман-атқыш ретінде тіркеліп, соғысқа кіреді. Оңтүстік майданның құрамында 300-ден астам жауынгерлік тапсырманы орындаған Х. Доспанова Солтүстік Кавказ бен Закавказьені, Украина мен Белоруссияны жаудан азат етуге атсалысты. Сондай-ақ ол Польша мен Германия аспанында да фашистерге қарсы атой салды. Қан майдандағы жанқиярлық ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», бірінші және екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Өте қауіпті әскери тапсырмаларды орындау барысында ұшақтан 14 рет құлап, төрт мәрте ауыр жараланып, елге екінші топтағы мүгедек болып оралған Хиуаз Қайырқызы біраз жыл комсомол-партия құрылымдарында жауапты қызметтер атқарды. Х. Доспанованың бейбіт күнгі еселі еңбегі де мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, ол «Еңбек Қызыл Ту», «Отан» ордендерімен және біраз медальмен марапатталды. Ал 2004 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Хиуаз Доспановаға  «Қазақстанның  халық  қаһарманы»  атағы  берілді.

Бүгінгі ашық аспан, бейбіт күн, жарқын өмір үшін майданда ерен ерлік көрсетіп, соғыстан кейін еселі еңбек еткен қазақтың қаһарман қызы, қыран құсы Хиуаз Қайырқызы Доспанова 2008 жылдың 21 мамырында  Алматы  қаласында  дүние  салды.


«Ау-у-у-у-ууу, екі аяқтылардан бәрін күтуге болады…»

Күні: , 52 рет оқылды

(Жаңажылдық  әзіл  әңгіме)


Қияндағы «Төбет» деген ауыл. Түнгі сағат 12.00. Қораның ішіндегі шөптің үстінде көсілген Сабалақ көзін ашып, аз-кем манаурап жатты да, бір керіліп алып «Ауу-у-у-у-у» деп ұлып жіберді. Ұлуы кенет тоқтап, барқылдаған дауыс «Ауп-ауп»-қа ұласты. Сабалақтың барқылдаған дауысын естіген басқа да «ағайындары» бұған қосыла үн қатты. – Ауп, ауп, ауп! Ырылдаған, қыңсылаған дауыстар ауыл ішін кернеп кетті.


Көп ұзамай ауылдағы барлық ырылдаған, қыңсылаған топ Сабалақ жатқан шөп аулаға да келіп жетті. Сабалақ манаураған көзімен келген топты бір шолып өтіп еді, төбеті бар, қаншығы бар, қандені бар, күшігі бар бәрі де жиналыпты. Сабалақ азу тісін ақситып тұрып, ырылдаған дауыспен сөз бастап кетті. – Қадірменді ағайын-туыс, мына басталған жылымыз қайырымен болсын дейік! Бұл жыл біздер үшін ерекше жыл болғалы тұр. 12 жылда бір келетін, то есть біздерді бір елейтін, суреттерімізді көшелерге іліп қоятын жыл атауында өзімізді бір түгендеп, алдағы қарекетімізді де белгілеп алған жөн сияқты («Ыр-р-р-р!» деп бір ырылдап алған Сабалақ сөзін қайта сабақтады).

– Бәрің де білесіңдер, сонау ықылым заманда Ит деген тайпадан тараған үлкен қауым едік. Мына екі аяқты пенделермен дос болдық. Адал қызмет жасадық. Тазы руынан шыққандар аңшылық қызметте болды. Біздің Төбет руынан шыққандар ауыл-қораны күзетті. Қанден руынан шыққандар жаушылық қызметін, бүгінгі тілмен айтқанда, қожайындарға хабар беруші қызметін атқарды.

Тіпті біздің рудан шыққан Сырттан деп аталатын ағайындар көк бөріні де алып жүрді. Заман өзгерді. Соның әсері ме, иттік кодымызды жойып алған сияқтымыз. Аумалы-төкпелі заманда түркімендердің алабайларына, немістің абшаркаларына, ағылшынның бұлдықтарына еліктейміз деп төбет тұқымына тән қасиеттерден айырылдық. Біздің қаншық аталатын ұрғашыларымыз жоғарыда айтқандармен шата болып, шата күшіктерді дүниеге әкелді. Өздерін ақылды санайтын мына екі аяқты қожайындарымыз да бізді дәріптемей, ата жауымыз көк бөріден тарадық, – деп даурығып жүр. Өздерің көріп жүргендей, кино шығарып, өлең айтатын болса, көк бөріні дәріптеп ұлытып қояды. Бізді ұлытып қойса да, ештеңелері кетпес еді-ау… (Осы арада Сабалақ Ау-у-у-у… – деп бір ұлып алды).

– Жә, құрысын, айта берсе реніш таусылмас. Алдағы қарекетімізге де бір барлау жасап қояйық, – деп Сабалақ құйрығын бұлғаңдатып, ырылдап барып сөзін аяқтады.

– Дұрыс айтасың, Сәбеке! – деп Барбоз аталып кеткен боз ит сөз бастады. – Осы біз кім болып бара жатырмыз? Біз иттік намысымыздан айырылдық. Олай дейтін себебім – мына екі аяқтылар өздерінің небір жаман қасиеттерін біздерге теңейтін болды. Пәктімен (фактімен) айтайын, жақында қожайынымның екі ұлы арақ ішіп алып төбелесті. Сонда әлгілердің сақалы шошаңдаған әкесі оларға:

– Ит болып кеттіңдер ме? Бір-біріңмен итше ырылдаспай жүріңдер! – деп ұрсып жатқандарын көрдім. Сары шашты ағайындарынан үйренген жынды суды ішіп жынданатындарына біздің қандай кінәміз бар?.. Барбоз көзі қызара «аф-аф» деп ызалана үріп жіберді.

Осы кезде ауылдағы біраз төбет, қандендердің анасы атанған Қарақаншық қыңсылай қосыла кетті. – Сабалақ та, Барбоз да дұрыс айтады. Мына екі аяқтылар ұрысса, керіссе, бір-біріне «итсің» деп шыға келеді. Мен де пәктімен айтайын. Қожайынның қызы қалада оқитын еді. Сол қыз күйеуге шығып кетіпті. Өзім бес ай сайын жеті-сегіз күшіктен туып жүргесін, сырттағы әңгімелерге көп құлақ түре бермеймін ғой. Зауыт салып жатырғандар дей ме, енбестор (инвестор) дей ме түсінбеймін, әйтеуір, әлгі қыз қытайға тиіп кеткен көрінеді. Соны қожайынымның көршісінің зуылдаған қара әйелі, әлгі қаншық қыз бай таппай қалатындай қара қытайға тиіп кетіпті, – деп сумаңдап өсек тасып жүр. Ал осы жерде қаншық ит менің қандай кінәм бар? Менің күшіктерім мына отырған сендердің ұрпақтарың емес пе? – деп қыңсылап барып сөзін үзді.

Бір уақытта гүріліне ырылы қосылған, бөрі алмаса да, атын бөрібасар қойған Бөрібасардың дауысы естілді. – Қарақтарым, иттер-ай!

Бәріңдікі де жөн. Көргенім де, түйгенім де көп болғасын айтып жатырмын. Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Осы ауылдағы майлы сүйектің бәрін кемірдім десем, өтірік айтқандық болмас. Енді, міне, шау тарттым, сүйекті кемірмек түгіл, быламық ішуге шамам келмей бара жатыр.Қожайыным да итаяққа жуындыны бірде құйса, бірде құймайды. Қартайғасын, пайдам жоқ болғасын мені неғылсын?! Алдында қала мен екі ортаға «Жеппен» әрлі-берлі шауып жүретін баласына, – Алабай болмаса, абшарканың күшігін алып кел, – деп айтып жатқанын мына саңырау құлағым естіп қалды. Знашит, бұл екі аяқтылардан бәрін күтуге болады. Өздерінің қаусаған кемпір-шал, ата-анасын қарттар үйіне ытқытып жіберетін бұлардан бәрін де күтуге болады. «Жақсы ит – өлімтігін көрсетпейді» деген мәтел бар ғой. Қыс кетіп, жер аяғы кеңігесін кетемін деп жүрмін. Бір жерден топырақ бұйырар… Ендігі айтар аманатым – шамаларың жетсе, қожайындар әкеліп жатқан шет ағайындардың күшіктерін бәрің жабыла талайсыңдар ма, әйтеуір, күн көрсетпеңдер! Болмаса, даланың бөрісіне айдап салыңдар! Олар айқасып жатқанда сендер бұғып қалыңдар! Бұл келімсек ағайындар күшіктерін өсіріп бір көбейіп алса, дес бермей кетеді. «Төбет» деген ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан мына ауыл да жер бетінен жойылады. Ал Қарақаншық, сен қаншық күшіктеріңе олармен шатыспа деген ақылыңды үйретіп бақ! – деп бар күшін сала ырылдаған дауыс шығарып, сөзін аяқтады.

Бір кезде топ иттің ішінен шіңк-шіңк етіп үрген дауыс шықты. Бәрі дауыс шыққан жаққа мойын бұрып еді, Саққұлақ атанып кеткен ақ қанден екен. – Туыстар, Сабалақ атам да, Барбоз ағам да, анам Қарақаншық та дұрыс айтты. Біз құрып бара жатырмыз! Мен сияқтыларды бойыма қарап хабаршы атап жүр ғой. Бұның да пайдасы тиіп жүр. Елеусіз болғандықтан біздер үйдің дәлізі емес, төрге де шығып кететін жағдайларымыз болып қалып жатады. Үйдегі жалқау мияу, тарғыл мысық деп ойлап қала ма, екі аяқтылар маған көп мән бере қоймайды. Сонда бір естігенім, осы қаңтар-ақпан айында ауылда біздің тұқымды көбейіп кетті деп екі аяқтылар біздің біразымыздың көзімізді жоймақшы екендігін естідім. Олардың айтатындары – түрлі аурулардың таралуына жол береді, – дейтін көрінеді. Ал айтыңдаршы, ауаны да, жерді де бүлдіріп жатқан кімдер? Тіпті біз жемейтін қалдықтарды шашып жатырғандар кімдер? Бұған да біз кінәлі болып жатырмыз. Сондықтан Сабалақ ата, сіз бастап, біз қостап өзімізді қорғап қалатындай бір шешімге келуіміз керек, – деп шіңк-шіңк үріп жіберді.

Жиналған иттер қауымы қанден Саққұлақтың шіңкілдеп айтқан шешіміне тоқтады. Ол шешім – «Ит – жеті қазынаның бірі» деген.

Шешімді қабылдаған иттер үріп қоя берді. Ырылдаған, абалаған, қыңсылаған дауыстан «Төбет» ауылының түнгі аспаны азан-қазан шуға толды. – Ыр-р-р-р-р! Ауп-ауп!  Ау-у-у, ау-у-у…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазталов ауданы


Қазақша күнтізбе қайда?

Күні: , 79 рет оқылды


Бұрындары мереке-мейрамдар туралы ақпарат жазатынын айтпағанның өзінде, әдебиет пен мәдениет, танымал тұлғалар жөнінде тартымды мағлұматтар берілетін қазақша күнтізбе болатын. Кітапша түрінде шығатын сол күнтізбені көрмегелі көп болды. Ал орыс тіліндегі нұсқасы толып тұр.


Күнтізбенің ай сайын аударып отыруға ыңғайлы үстелге қоятыны, көлемі әр түрлі жарға ілетіні, жай плакат түріндегісі де бар.

Кітапша күнтізбелерде дәрігер кеңестері, аспаздық, отбасы секілді тағы да басқа тақырыптар орыс тілінде «сайрап тұр». Бірақ мемлекеттік тілде «сөйлейтіні» жоқ.

Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында күнтізбе сатып алу отбасымызда әдетке айналған еді. Сондықтан да көзден бұл-бұл ұшқан күнтізбені іздеп, биыл да «жорыққа» шықтық. Халық көп жүретін базарды аралап, кітап, қалам сатқан сатушыларды жағалап, біраз іздедік, бірақ таппадық. Барлық сатушының айтатыны бір, «календарьдың қазақшасы көптен жоқ». Ал «Мирлан» базарындағы дүңгіршектегі Анастасия есімді сатушы: «Меніңше, көпшілік орыс тіліндегі күнтізбеге үйреніп кеткен секілді. Ресейлік «Кострома» АҚ-да басылған күнтізбелер сатылымда бар. Анда-санда болса да, менен қазақша күнтізбе сұрайтындар бар. Әсіресе, егде жастағылар іздеп жүреді. Қазақ тілінде жазылғаны болса, сатылымға шығарар едім. Өйткені сұраныс бар» деді. Осы жерде халқымыздың «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген нақылы еске түскені. Орыс тілінде түрлі-түрлі тақырыпта шығатын күнтізбені қазақша шығаруға мүмкіндік жоқ па деген ой келеді. Оралдағы ірі кітап дүкені саналатын «Жәңгір ханға» да ат басын бұрдық. Мұндағы сөрелерде көздің жауын алып, еріксіз назар шақыратын кітаптардан көз тұнады. «Жәңгір хан» кітап дүкені «Атамұра» корпорациясының Орал қаласындағы ресми өкілі болып табылады. Дүкенде осы баспадан жарық көрген оқулықтар, әр түрлі көркем әдеби кітаптар бар. «Атамұра» баспасынан шығатын үлкен, парақтап ашылатын қазақ тіліндегі күнтізбе сатылымда бар», – деп жауап қайтарды «бұрынғыдай» күнтізбені сұраған сауалымызға дүкеннің сатушы-кеңесшісі Аида Серікбаева. Мұндағы парақтап ашылатын күнтізбе де әдемі екен. Бірақ біз іздегендей емес. Қалада баспа өнімдерін шығаратын мекемелер де бар. Солардың бірі «Полиграфсервис» ЖШС-ның баспаханасына бас сұғып, жоғымызды сұрағанды жөн көрген едік. Өзін «Александра» деп таныстырған қызметкер мұнда тапсырыс бойынша ғана күнтізбе жасауға болатынын айтты. Әрине, ол үшін керек тақырыпты, яғни қажетті мәтінді тапсырыс беруші өзі әкеп беруі керек.

Еліміздің бай тарихына бойлай отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын ақпараттарды қамтыған күнтізбе жарыққа шықса ғой. Бұл да бір тәрбие құралы емес пе?!

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Пайғамбар (с.ғ.с) орнатқан дінаралық келісім

Күні: , 53 рет оқылды


Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы: «Кафирун» сүресіндегі «Сендерге өз діндерің маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды. Ол замандарда Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, отпарастар, пұтпарастар және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылар болды. Пайғамбардың осы замандарда басқа дін адамдарына көрсеткен толеранттылығы парасатты адам үшін үлкен ғибрат.


 Пайғамбардың  қалаған дінаралық келісімін көріп, түсіне білмек үшін ислам тарихындағы «Мәдиналық келісім» атты парағынан мысал келтірейік. Әрине, мұсылмандардың көсемі бұдан бұрынғы Меккеде өткізген он үш жылында да басқа сенім иелеріне толеранттылық көрсетті. Мысалы, Исламды алғаш насихаттаған жылдарында да Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пұтпарастардың арасында өзінің әділдігі, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) атанған болатын.

Дегенмен, біз Мединелік кезеңді жайдан жай алып отырғанымыз жоқ, бұл уақытта ислам мұсылман мемлекетінің ресми діні, ал пайғамбар заң шығаратын құқыққа ие болған.

Сонымен «Мәдиналық келісім». Мединелік келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни келісім парақ бетіне жазылған соң солай аталып кеткен. Расында да, Мәдиналық келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мединелік келісім келді. Мұнда Мединеде жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері; ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.

Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.

Келісімнің бірінші және басты тармағы – Мәдина тұрғындарының барлығы мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мединенің азаматтары саналды. Бүгінде дәл осы жағдайды полиэтносты және поликонфессионалды Қазақтан қоғамында қалыптасқан ахуалмен салыстыруға болады.

Мемлекетіміздегі конфессиялық және ұлтаралық жағдай өзге елдердегі сияқты көбіне мемлекет ішіндегі және сырттағы саяси, экономикалық және құқықтық жағдайға тәуелді екені мәлім. Сонымен қатар ол мемлекеттің ішіндегі 100-ден астам этносы бар ұлтаралық және 18 конфессиясы бар дінаралық қарым-қатынасқа да тәуелді. Бұл тұрғыдан біздің мемлекетіміз тәуелсіздік жылдарында өзінің қоғамдық-саяси және экономикалық тұрақтылығымен, түрлі ұлттар мен конфессиялар арасындағы татулығымен және ауызбіршілігімен ерекшеленіп отыр. Осы мақсатта мемлекет тарапынан конфессияаралық сенім мен сындарлы сұхбатқа қолдау көрсету және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Полиэтностық және поликонфессиялық қазақстандық қоғам жағдайында сан алуан діни конфессия өкілдерінің бірі-бірімен үн қатысуы, сондай-ақ, олардың мемлекетпен арақатынасы дұрыс жолға қойылуы аса маңызды болып табылатындықтан, дін істері және азаматтық қоғам министрлігі елдегі түрлі діни бірлестіктермен тығыз байланыс орнатып, олармен біріге жұмыс жасауда.

Бүгінгі Қазақ жерінде берік орныққан конфессияаралық тұрақтылық пен этносаралық бірлікті сақтау және нығайту алдағы уақытта да күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

дінтанушы


Мұсылмандық бес парызбен толықпайды

Күні: , 330 рет оқылды

Омар ЖӘЛЕЛ, Абайтанушы ғалым


Мұсылманның парызы қайсы? Міндеті не? Құлшылық пен тіршілік қайтсе қабысады? Бүгінгі күннің әрбір мұсылман баласына ой салатын әңгімені филология ғылымының кандидаты, профессор Омар Жәлел тарқатып берді. Назарларыңызға ұсынамыз. 


– Аға, жақында жарық көрген «Харекет» кітабыңыз оқырмандар арасында қызу талқылануда. Осы кітабыңыз шыққаннан кейін өзіңізде қандай ой пайда болды? «Әттеген-ай» деген тұсыңыз болды ма?

– Жоқ. Ешқандай да өкініш болған жоқ. Себебі, бұл о баста еленіп екшелген, талқылаулардан өткен диссертациялық жұмыс болатын. Шынымды айтсам, «Харекетті» дәл осылай қоғамдық пікір тудырады, оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық болады деп ойлаған жоқпын. Жазылғаннан кейін алты жылдай жатқан дүниемді шәкірттерімнің өтінішімен, айтуымен кітап қылып шығардым. Өкінетіндей бұл әдеби шығарма емес, ғылыми жұмыс. Бірақ, осы «Харекеттен» кейін осы кітапқа енбеген, Абайдың жаңа қырлары, жаңа ойлар келіп жүр.

– Кітабыңыз Абайдың «Адам бол, мал тап» деген қағидасын негізге алады. Адам қайтсе адам қалпында қала алады?

– Шынын айтқанда, кейінгі кезге дейін Абайдың осы «Адам бол, мал тап» деген сөзін назарға алмай келдік. Абай бұл сөзді ештеңеге сүйенбей, айта салғандай сезіндік. Бірақ, Абай анық айтып тұр екен. Жалпы, кешегі Кеңестік кезеңде тәрбиеленген ұрпақ адам болуды мал табумен еш байланыстырған емес. Себебі, ол кезде кәсіппен айналысуды намыс санайтын. Тіпті, «саудагер» деп кемсітіп айтатын. Себебі, идеология солай болды. Ал қазір адамның адам болуы мал табумен байланысты болып тұр. Заманның өзі соған алып келді. Мал – капитал. Қазақ бұрын «мал-жан аман ба?» деп амандасқан. Неге қазақ ең ардақты жанының алдына малды шығарып тұр дейсіз? Ол мынадай үш жағдайға байланысты екен. Біріншісі, мал адамның жанын аштықтан, суықтан, ыстықтан сақтайды. Яғни, физикалық тұрғыдан сақтайды.

Екіншіден, мал адамның ұятын, ұжданын сақтайды. Егер малың жоқ, кедей болсаң еріксіз біреудің дүниесіне көз тігесің. Ұятты қойып одан нан сұрайсың, қарыз сұрайсың. Бұдан кісінің қадірі кетеді. Шәкәрімнің де «мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, біреуге көз сүзбестің қамы үшін жи» дейтіні осы.

Ал үшінші мағынасында мал адамның бойындағы адамдық қасиеттерін жүзеге асыруға көмектеседі. Абай айтады «малды ихсанда қолың қысқа болмас үшін жи» дейді. Ихсан – ислам дініндегі бір мағынасы мұқтажға көмектесу дегенді береді. Адам біреуге жақсылық жасау арқылы ғана өзінің бойындағы жақсы қасиеттерін сыртқа шығара алады екен.

Міне, қазақтың «Мал-жан аман ба?» деген бір ауыз сөзінің астарында: «Харекетің бар ма? Кәсібің бар ма? Қалтаң қалың ба?» деген сөздер жатыр.

– Жалпы адам бай болу үшін білімді болу керек пе әлде ақылды болу керек пе?

– Қолыңда түк жоқ болса құр ақылдан пайда жоқ. Мәшһүр Жүсіп «ақыл малда» дейді. Бір қарағанда құлаққа түрпідей естіледі. Бірақ, шындығы сол. Мәселен, анаңыз қатты ауырып жатса, сіздің қолыңызда сол анаңызды емдететін мал болмаса, құр ақылмен не амал қылмақсыз? Мәшһүрдің «Ақыл малда» деп отырғаны осы.

Қазақта «Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген нақыл бар. Біз қазір «айлығымды көбейтші, сыйақымды көбейтші» деп адамдардан сұрап жүрміз. Осыдан біздің екі көзіміз шығып жүр. Яғни, нәтижесіз. Негізінде, малды иесінен сұрау керек. Ал малдың иесі кім? Әрине, Алла!  Абай «Құдайдан мал сұрайсыңдар, берсе алмайсыңдар» деді. Құдай не берді дегенге, Абай «Алла Тағала сендерге мал табарлық қуат берді» дейді. Сонда адамзатқа денсаулық мал табу үшін берілген екен. Ешкімге жалтақтамай, тіленбей өмір сүру үшін Алла адам баласының он екі мүшесін сау, қуатты қылып жаратты. Негізі, әрбір ата-ана ұл баланы мал табуға, қыз баланы ана болуға тәрбиелеу керек. Қазір тепсе темір үзетін қаншама жігіттер кедей. Неге? Себебі, оларға басында тәрбие дұрыс берілмеген. Қазақта «он екі мүшең сау болса, кедеймін деп айтпа» деген мақал осы жайттарға қатысты айтылса керек.

– Сіз қазір мешіт медресесінде де шәкірттерге дәріс бересіз. Қазір сол шәкірттерге дінді тек бес парыздың төңірегінде ғана түсіндіріп жүрген жоқпыз ба?

– Рас, қазір шәкірттерге дінді тек бес парыз шеңберінде түсіндіріліп жүр. Бірақ, мұсылманшылық бұл бесеуімен толықпайды. Мәселен, ДАИШ-тың содырлары ауыздарынан Алланы тастамайды. Ал, жасап жүргендері мұсылмандықтың маңайына да жуықтамайды. Мәшһүр Жүсіп «Мұсылманшылық ең бірінші уағдаға опалы болумен болады» дейді. Уағда деп отырғаны уәде ғой. Қазақ «Айтсаң уәдеңе жет, уәдесіз Құдайға шет» дейді. Біздің Алла Тағалаға берген ең алғашқы уәдені «әлмисақ уәдесі» дейді екен. Алла Тағала адамды толық жаратпай тұрып «Раббыларың кім?» деп сұрады. Сонда, «Я, Раббым сенсің» деді. Біз осылайша Құдайға уәде бердік. Біз енді сол уәдеге адал болуымыз керек. Алла Тағала Құран Кәрімде бірнеше мәрте, «Мен уәдемнен таймаймын, сендер уәделеріңнен таймаңдар» деп ескертеді. Бірақ, біз ұмытшақпыз. Құдайдың алдындағы уәдемізді ұмытып кетеміз. Мәшһүр Жүсіптің «мұсылманшылық ең бірінші уағдаға опалы болумен болады» деп отырғаны осы.  Біз қазір бір-бірімізге берген уәдені орындамаймыз. Сонда біздің қай жеріміз мұсылман? Сайд Нұрси деген түріктің ғұламасы Англияға барған кезде «слова джентльмен» дегенді көріп таңқалып, «ағылшындарда дін жоқ, мұсылмандық бар екен, ал бізде дін бар, мұсылмандық жоқ» депті. Яғни, ағылшындар бір дүниеге уәде беріп, «слова джентльмен» деп айтса болды. Оған қолхат, келісімшарт дегеннің қажеті жоқ. Міндетті түрде уәдесінде тұрып, орындайды екен. Ал, бізде қолхат жазып беріп тұрып алдап кететіндер бар ғой.

Яссауидың да айтатыны осы. «Басыңа шалма орадың, үстіңде сүннет көйлек, қолыңда тасбих. Бірақ, мұсылман болмадың» дейді Яссауи.

Мұсылмандық екінші сипатын тағы да Мәшһүр айтады: «Пайдамен зиян қатар келгенде пайданы өзгеге беріп, зиянын өзіңе қалдыру» дейді. Бұл өте қиын жағдай. Себебі, біздің нәпсіміз өте күшті. Егер алдымызға бір арзан, бір қымбат зат келіп, соның біреуін өзгеге беру керек болса, сапалысын, тәуірін, қымбаттауын өзімізге алып қалғымыз келіп тұрады. Яғни, нәпсінің қалауын жасаймыз.

Ал бұл да мұсылмандыққа жатпайтын қылық. Қазақ «Пайда зиянның арғы жағында» дейді. Егер әлгі заттың сапалысын біреуге беріп, нашарын өзің алып қалсаң сенің нәпсің зиян шегеді де, рухың байиды екен. Ал, мұсылмандықтың үшінші сипаты жомарттық, төртінші сипаты мұсылмандықтың шыңы, барша адамды Адам ата мен Хауа ананың баласы, менің бауырым деп қараумен болады дейді. Қазір біз өзге ұлтты былай қойғанда, өз қазағымызды жақтырмаймыз ғой.

Одан кейін жалпы жұртқа пайдалы болсаң мұсылмансың дейді. Яғни, жақсы ұстаз болсаң, жақсы етікші болсаң… Жұрт сенің ісіңнен ләззат алса сен шынайы мұсылмансың. Осы ойын қорыта келе, Мәшһүр атамыз айтады: «Әйтпесе, құр намаз оқумен, құр ораза ұстаумен, домалақ-домалақ тастарды жіпке тізіп алып санаумен мұсылманшылық болмайды».

Дін өзі үш нәрсемен болады. Ол ақида, амал, ақылақ (ахлақ). Ақылақ деп айтып отырғаны – мінез.  Дәл қазір бізде осы соңғы ақылақ мәселесі ақсап тұр. Бұны имамдар да түсінді.

 Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК


Қазақ ойшылдарының дәстүрлі діни дүниетанымы

Күні: , 340 рет оқылды


Қазақ ойшылдарының діни дүниетанымы Құран-кәрім, Хадис-шәріп, Шариат секілді исламның қайнар көздерiнен бастау алып, дәстүрлі ислам арнасында қалыптасты. Жалпы дәстүрлі ислам дегенде, Қазақстан жеріне ислам Хижаз бен Хорасан жерлерінде қатаң әһл әл-хадис мектебіне тән ортодоксалдық күйінде тарала қойған жоқ. Жергілікті  мұсылман жамағатының басым бөлігі діни ұстанымы мен көзқарастарында ақидада самарқандық матуридилік ілімді, фыкхта ханафилік мазхабты  басшылыққа алады. Құлшылық ғибадаттарында ата-баба жолын ұстанатындықтан, оларды «дәстүрлі мұсылмандық сенімдегілер» деп атау әдетке айналған.


Қазақ халқының діни дүниетанымының дәстүршілдігі, оның синкреттілігі мұнда исламның өзгеше түркілік реңге ие болуына әкелді. Бұл аймақта ханафилік мазһабтағы суннилік ислам ең алдымен, жергілікті салт-дәстүрге деген төзімділігімен және жаңашылдыққа деген либералдық қатынасымен ерекшеленді. Сондай-ақ исламды таратуда йасауйиа, накшбандйиа тәрізді сопылық ағымдар – тариқаттар ерекше орын алды. Жалпы Йасауиден Шәкәрімге дейінгі қазақ даласының ойшылдарының дүниетанымдық көзқарастарында сопылық дәстүрдің негізгі рухани қайнарлардың бірі болғаны және бұл тарихи-мәдени сабақтастықтың кешегі кеңестік дәуірге дейін сақталып келгені баршаға аян. Әрине, біз бұл жерде, Шәкәрім заманында кең етек алған «надан сопылық», «жалған сопылық» туралы қазіргі заманда бой көрсеткен «күмәнді сопылық» туралы айтып отырғанымыз жоқ.

 Ислам діни дәстүрлерінің көшпенді түркілер сенімінде басты орын алуы иассауийа тариқаты түзген философияның мықтылығымен түсіндіріледі. Көк Тәңірінің ұлылығын қадірлей білген түркі халқының таным-түсінігіне ортақ болған ислам дінінің рухани құндылықтары да Ахмет Яссауи хикметтері арқылы енді. «Диуани хикмет» шумақтарында қазақтар осы күнге дейін қадір тұтатын ойшылдың діни және философиялық ұстанымдары нақты айқындалды. Бұл халықтың рухани танымында, өмір талабына айналған діни дәстүрлерде иассауийа ілімдерінің кеңінен қолданылуына алып келді. Тәңірге деген философиялық ұстаным өз деңгейін кеңейтіп, Аллаға деген сеніммен ұштасып, рухани мәртебесін арттырды. Яғни, сопылық ілімдегі «қалб» мәселесі барынша ашық қарастырылып, бір Аллаға мойынсыну адамзат жүрегіне жазылып қойған сенім ретінде қабылданды.

Сопылық дүниетанымдағы адам мәселесі, еркіндік, өмірдің мәні, ар-ождан, «адамзаттың бәрін сүю» (Абай) сияқты жалпы адамзаттық маңызы бар көптеген мәселелер қай ұлтта болмасын,  уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, адам баласына ортақ құндылық екендігі ешқандай дау тудырмас басы ашық мәселе. Шәкәрімнің негізгі философиялық трактаты «Үш анық» пен діни этикалық сипаты басым поэзиясында Құдай, әлем және адам тақырыптарымен сипатталатын үштағандық мәселені танудағы ислами кәламның, сопылық пен философияның ойлау жүйелерінің өзара ықпалы байқалады. Оның шығармашылығын барлай отырып, түркілік ислам философиясының өзегін сопылық құрайтынын, ал сопылықтың қазақи мұсылмандық түсініктің өзегін құрайтынын, бұл дүниетанымдық жүйенің қалыптасу ерекшеліктері тәфсир және тауил әдістерін талдау арқылы айқындалатынын аңғаруға болады.

Дегенмен, оның діни ағартушылық жаңашылдығы өзінен бұрын және қатар өмір сүрген қазақтың ұлы ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев сияқты демократиялық үрдіске, өркениетке жетуді насихаттаумен де сипатталады. Шәкәрім де ағартушы ретінде дүмшелікке, догматизм мен буквализмге қарсы болды. Мұндай көзқарасты қазақтың діни ағартушыларының көпшілігінен мысалы, Ғұмар Қараш пен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтен де байқауға болады. Айталық Ғұмар Қараш:

«Мысалы надан сопы бір қара тас,

Халық соры осы күні кесірлі су

Надан шейх тентек сопы екі жолдас

Надан шейх діннің соры, күннің соры

Бір қашпа олардан сен мың кері қаш», – деп 1911 жылы жарық көрген «Өрнек» атты еңбегінде: «Хазіреттер (адасқан сопының пірлері) өздері бек дүнияуи ғылымдардан хабарсыз, қатты надан болады. Хатта хазіреттің түрлері, мүрид жиюларының өзі надандықтарынан келеді. Және бұл жолдағы адамдардың бәрінде хияли аурулық болады, ол хияли ауруларға көп уақыттар ридаят шегу (азап), қараңғы ханақаларда күн кешіру, бегіректе надандық себепті әһіл тасауыфтың хияли керімдеріне ишанып (иланып) жүреді» деп тұжырымдайды.

Ал Мәшһүр Жүсіп болса, алдыңғы қатарлы Батыс Еуропа және орыс мәдениетін мойындай отырып, олардың озық ойларының түп-төркінінің ислам қайнар көздерімен үндес келетіндігін атап көрсетеді: «Иауропа (Еуропа) жұртының үлгі-өнеге алып, ғылым-білім алып жатқан үлгілері – осылардың сөзі. Біздің мұсылманды қорлықта қалдырып тұрған – Қал ғылымында жүрген, қалғандардың сөзі. Тоқсан ауыз сөздің түйме­дей түйінін ұстап, күллі Еуропа адамдыққа жетті. Онан біздің мұсылмандардың ғылым-білімге жетілгендері переводтап алып, бізге тәркі-тәржіме қылып түсіндіреді. Молда ат­тары­на қанық болған Лермонтов, Салты­ков, Толс­той­лар біздің мұсылманнан шыққан, жұрт­тан озған ала аяқ жүйріктердің сөзінен үлгі-өнеге алып сөйлеген. Онысын өздері сөйлеген сөзінен білдіріп кеткен. Мұнан келіп біздің мұсылманның жүйріктері переводтап алып, бізге сөйлеп жатыр. Біздің бұған жылдам түсі­не­тініміз: «Құраннан алған жерін – Құраннан көр!», – деп біліп тұрмыз. Хадис шарифтен алған жерін Хадис шарифтен көріп, біліп тұрмыз. Қай кітаптан алған болса, сол кітап­тардың сөзі біздің қолымызда даяр. Сондықтан сөзге сөзі үйлес келген соң, олар­дың сөзіне: «Қылша мойыным – мұнша!» – дейміз.

Ақылға негізделген иманды құп көретін Шәкәрімнің ұлы ұстазы Абайға құлақ түрсек, отыз сегізінші сөзінде «бұл заманның сопы молдалары хәкім атына дұшпан болады» дейді. «Пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, Құдай Тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген нығметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?» деп көрсетеді. Ал, Шәкәрім болса:

Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа,

Сопының бара қойман құрбанына.

Ақиқат сырымды айтсам Толстойдың,

Мың сопыны алмаймын тырнағына, – деп, «таза ақылмен таппаған діннің шын дін емес жындылық» екендігін алға тартады. Шәкәрім діни құндылықтарды насихаттай отырып, жікке бөлінушіліктен, бүліктен бойды аулақ ұстап, қоғамның адамшылық тұрғыдан тазаруын, иман мен рухани нұрға бөленуін уағыздайды.

Бұл тұрғыдан алғанда, Шәкәрімнің діни көзқарастары бүгінгі қазақстандық қоғамда қалыптасқан діни ахуал үшін де өзектілігімен көзге түседі. Ғұмар Қараштың айтып отырған «тентек сопысынан» өзге жатжерлік «надан шейхтар» бүгінгі жастардың санасын улауда. Әлемдік геосаясаттағы діни фактордың күшеюі, қазақстандық қоғамның дінге қатысты жаһандық үрдістерге ашық болуы діни пиғылдағы экстремизм, терроризм және жалған діндер мәселесін алға тартады.

Атын атап, түсін түстемесек те, жалпы жұртшылыққа белгілі бұл  кері ағымдар рухани ізденіс үстіндегі жастардың дүниетанымдық мәдениеті қалыптаспағанын пайдаланып, олардың кез келген жас адамға тән болып келетін рухани ізденістерін кейде, тіпті әлеуметтік-материалдық мұқтаждықтарын пайдаланып, студент-жастар шоғырланып орналасқан жерлерде тікелей уағыз арқылы немесе интернет ресурстары арқылы оларды өз қатарына тартып алуда. Нәтижесінде көптеген қазақ баласы халқымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген ханафилік дәстүрлі исламнан жеріп, қоғамнан, мемлекеттен, тіпті отбасы мен құрбы-құрдастарынан оқшауланып, мазхабтан тыс, мақсаты күмәнді жатжерлік ағымдардың қатарын толықтырып, өздері байқамай сыртқы ықпалды күштердің геосаяси ойынының құрбанына айналып кетуде.

Жаңа ғасырдың басында орын алып отырған бұл үрдістер жиырмасыншы ғасырдың басында да болған тәрізді. Мысалы, халқының қамын жеген Мәшһүр Жүсіп «солдаттықтан қашқан құмыра бөрікті, толағай басты ноғайлардың», «Ферғана заманынан ақ патшаға қарамай, қашты, қуды, бірін-бірі иттей талап жүрген заманның кезінде өз басын өлімнен алып қашқан сарт-сауанның қуларының», «Мекке… Медине… екі шәріптің адамдарын жамандайтын әпенділердің» қазақ арасына келіп дін үйретпегін  былай деп түйіндейді: «Қазақ мақалында бұрынғы әулие өткен ата-бабалары айтып кеткен: «Қойды шартық бүлдіреді, елді қортық бүлдіреді» – деп. «Сол мақалдың ақиқатын, міне, біздер көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағандай болып нандық. Қазақ ішіне кім келеді? Онан қашқан, мұнан қашқан, жамандықпен көзін ашқан келеді».

Ислам шектен шыққанды жақтамайды, дінде шектен шығушылық пен немқұрайлылықты сипаттайтын «тафрит» және «ифраттың» екеуі де құпталмайды. Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер, орта жолды ұстаныңдар, дұрыс бағыт көпшілік жағында деген мағынада айтылған исламның әз пайғамбарының өсиеттері барша жұртқа белгілі. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да «Махаббат пен құмарлық» атты өлеңінде былай дейді:

«Сөйтсе де ифрат бар, тафрит бар,

Жарай ма соны айырып реттемей.

Не қылсаң, қыл адамға махаббат деп,

Мейлiң сөк, мейлiң үйрет, айла iзденбей.

Ол сүюiң шын болсын, жалған емес,

Бұлдыр болма өзiңе-өзiң сенбей.

Дүниеқұмар, залалкес бола қалсаң,

Өлiмдi ойла келерлiк күнi ертеңдей».

Жас кезінен бастап музыкамен де, метафизикамен де, этикамен де әуестенген Шәкәрім өз дүниетанымының эволюциясы барысында бойындағы білімін Батыстың зайырлы философиялық білімімен де ұштастыра білді. Соның негізінде дарвиндік жаратылыстануды, пәншіл, затшыл материалистік философияны, жанның бір денеден екінші денеге ауысуы туралы спиритуализм мен психологияны теріске шығарды. Діни танымның жоғары деңгейіне көтерілді.

«Келдім қайдан, барам қайда, не етсем пайдам» деген негізгі өмірмәндік мәселелерді қозғайтын ойшыл-ақынның «Үш анық» еңбегі оның отыз жылдық рухани ізденісінің жемісін білдіреді. Оның бірінші анығы көне грек философтарынан бастап, еуропалық классикалық философияға дейін шешімі бірауыздан табылмаған негізгі субстанциялық мәселе болып келген түп негізді былай деп тұжырымдайды: «барлықтың түп себебі – Жаратушының білім, құдірет шеберлігінде өлшеу жоқ. Дәлелдерім: ғылым жолында бұл барлықтың еш нәрсесі өздігінен бар бола алмайды да, қозғала алмайды. Бұған себеп керек. Егер ол себепке де бір себеп керек болып, себептің түбі жоқ болады делінсе, ең түбі себепсіз, бар себеп болмаса болмайды. Сол себепсіз бар болу себеп жаратушы болады. Егер сол себепсіз бар болған атом, нұр сияқтылар делінсе, олар себепсіз бар болған нәрсе емес, дәлелім – оларда қозғалыс бар, қозғалуда, жүрісінің өлшеуі бар. Өлшеулі нәрсе өзі бар болған, егер қозғалыс притяжение, отрицание өзіне тарту әрі итеру заңымен делінсе, ол қозғалысқа да себеп керек. Ол заңды салушы керек… Сондықтан олардың түп себебі –  себепсіз бар себеп, түп жаратушы».

Шәкәрімнің ойынша жан өлмейді, ол да тән тәрізді өзіне азық қажет етеді. Жан-тәннің қожайыны, тән өлсе шіріп басқа түрге ауысады, ал жанның заты ғарыштан. Жанның ажалсыздығы, аса маңыздылығы Шәкәрім көрсеткен екінші – анық. Бұл фәни мен бақилық уақытта да «жанға керек азық Шәкәрімінің ойынша ол – ұждан. Шәкәрім ұжданды үш қасиет құрайды деп санаған. Ол – әділет, мейірім, ынсап. Шәкәрім жан туралы өзінің ізденісінің анығына көз жеткізгеннен кейін, жанға екі дүниеге де керек азық ұждан деген байламға келген. Бұл «Үш анықтағы» қорытынды ой. Шәкәрімнің үшінші анығының да шешуі осы ұждан деген дұрыс». Қазіргі жаңартушылық пен жаһандануға тап келіп отырған еліміз бен халқымыз үшін болашаққа дұрыс бағдар ұстануда өткеннің өсиетінен тәлім алу маңызды. Әсіресе, бүгінгідей плюралистік қоғамда, діндер мен дүниетанымдар, мәдениеттер мен өркениеттер қиюласқан заманда дәстүрлі дін  мен мәдениеттің қазбаланып, оның кей тұстарының қайта бағамдалуы, қараңғы түнде бағдар көрсететін темірқазықтай болған Абай мен Шәкәрімнің діни дүниетанымын қайта пайымдау  осы заманның өзекті мәселелерінің бірі.

Бақытжан САТЕРШИНОВ,

Дінтанушылар конгресінің төрағасы,

философия ғылымының докторы, профессор


Құранда білім алу орамалдан бұрын парыз болған

Күні: , 366 рет оқылды


Білім және ғылым министрлігі барлық орта мектептер, колледждер, лицейлер үшін міндетті форма талаптарын бекіткен. Ол білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары оқушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешелік белгілерін жоюға бағытталғаны белгілі. Сонымен қатар білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай мектеп формасының үлгісін, түсін регламенттейді. Алайда, бүгінде еліміздегі орта білім беру мекемелеріне қыз балалардың орамал тағып келуі мәселесі өзекті болуда. Осыған орай, теология ғылымдарының докторы, белгілі дінтанушы Балғабек Мырзаевпен әңгімелескен едік.


– Балғабек Әбдіқайымұлы, еліміздегі білім беру мекемелерінде хиджаб киген қаракөздеріміздің саны анықталған ба? Бұл турасында Ата Заң не дейді?

– Қазіргі таңда республика мектептерінде оқитын қыз балалалардың саны 1 444 765 адамды құрайды. 1 қарашадағы мәліметтер бойынша осы санның ішіндегі хиджаб киюге қатысты көрсеткіш 2171 болған. Осыған дейінгі теологтардың мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде орамалын шешкен оқушылар да баршылық. Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері сабақ кезінде хиджабын шешуге көнбей, мектепке бармай жүрген 193 фактінің тіркелгенін айтуда. Бұл ахуал негізінен еліміздің батыс өңірлерінде орын алған. Ал кейбір аймақтарда орамал таққандарға көз жұмып қарау фактілері бары жасырын емес.

 Еліміздің негізгі заңы ар-ождан құқығын белгілейді, ол – рухани категориялар, ішкі әлем және наным. Мектептерде орамал тағу және діни киім кию – ар-ождан еркіндігіне жатпайтын сыртқы көріністер. Бұдан басқа, Конституцияның 22-бабы 2-тармағында ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс деп көрсетілген. Мұндай міндеттерге әрбір қоғамдық қарым-қатынас, оның ішінде білім беру саласында ішкі қағидаларды сақтау жатады.

Мектеп формасына қойылатын бірыңғай талаптар – әрбір қазақстандық үшін орта білім беру мекемелерінде міндетті түрде орындауға жататын нормативтік қағида. Мемлекет жоғарыда айтылғандар мен оқушының ішкі жан дүниесін шектемейді, құқығын бұзбайды, сондай-ақ ата-аналардың сеніміне араласпайды. Тек қана білім беру саласында жалпыға ортақ қабылданған ішкі мінез-құлық қағидасын орындауға үндейді. Орта оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін әркім өзінің қалайтын киімін киюге еркі бар.

– Осы бағытта құзырлы органдар қандай шаралар атқаруда? Мектеп формасын міндеттейтін құжаттар орындалмаған жағдайда қандай әкімшілік шаралар қолданылады?

– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және теолог-ғалымдарды тарта отырып, арнайы орта білім беретін мектепте хиджаб киетін қыздардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұдан бөлек, мектеп формасының талаптарын сақтауға қатысты мәселе тек орамалмен ғана шектеліп қалмағанына назар аударған жөн. Атап айтқанда, сабаққа қысқа юбка, қымбат бижутериялар, бағалы әшекей заттар, шектен тыс сәнденіп, боянып, ашық-шашық келетін, жалпы бекітілген мектеп формасындағы талаптан тыс киінетін оқушыларға да шаралар қабылданатын болады.

Яғни, мемлекет тек хиджаб тағу мәселесімен ғана емес, жалпы оқушылардың әлеуметтік теңсіздігін жою бағытында жұмыс жүргізіп отыр. БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде тек хиджабпен күресіп жатқандай көрсету – мәселеге бір жақты қарап отырғандардың қитұрқы әрекеттері. Осыған хиджаб киетін қыздардың ата-аналары ерекше назар аударса деймін.

«Білім туралы» заңның 47-бабы 15-1-тармағында «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті» деп жазылған. 49-бабының 2-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген.  Осы заңның 5-бабына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» деп көрсетілген.

Оған қоса, 49-бапта айтылғандай, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің, балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы көріп отырғанымыздай, заң талаптарын ретке келтіру мақсатынан туындап отыр. Ата-аналарға және орамал тағатын немесе басқа да бұйрыққа қайшы келетін мектеп формасын киетін қыз балаларға осыларды түсіндіру жұмыстары барынша ашық жүргізілуде. Егер осы жұмыстар нәтиже бермесе, онда мектеп формасының талаптарын орындамаған қыздардың ата-аналарына айыппұл салу туралы заң нормаларын қолдану мәжбүрлігі туындайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабына сәйкес ата-аналар балаларының мектеп формасын сақтау туралы талаптарын орындаудан бас тартқан жағдайда бірінші мәрте 10 АЕК мөлшерінде, қайталанған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

– Балғабек Әбдіқайымұлы, біздің елімізде діни білім беретін оқу орындары да бар емес пе? Бәлкім, орамалын шешкісі келмеген оқушы оқуын сонда жалғастырғаны жөн шығар?..

– Әрине, мұны да балама нұсқа ретінде қарастыруға болады. Хиджабын шешпеймін деген қыздардың еліміздегі қыз балаларды қабылдайтын медресе-колледждерде білім алуына мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта қыздарға арналған Сарыағаш, Шымкент, Үшқоңыр медресе-колледждері жұмыс істейді. Сондай-ақ заңнаманың ешқандай нормасына қайшы келмейтіндей тәртіппен ақылы негізде мектеп мұғалімін үйіне шақырып жалғастыруға немесе жеке меншік мектептерде білім алуға болады.

Ал, жалпы алғанда Қазақстанда мемлекеттік білім беру және тәрбиелеу жүйесі зайырлы сипатқа ие және діни білім беру жүйесінен бөлінген. Сондықтан мектепке хиджабпен келетін қыздардың ата-аналарына мемлекеттің, мектептің талаптарына құрметпен қарауын, мемлекеттің заңына бағыну қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беру керек.

– Енді мынаны айтыңызшы, сол қыздарына орамал таққызған ата-аналар бұл талапты қайдан алды, мұндай қадамға неге барады? Әлде, исламда қыздардың білім алуы маңызды емес пе?

–  Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан, әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Қазіргі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.

Рас, кейбір бауырларымыздың мектептегі қыздардың орамал тағу мәселесіне байланысты ұстанымдары біржақты болып келеді. Яғни Құран Кәрімдегі «Нұр» сүресінің 31-аятындағы Алланың қыз балаға орамал тағу керек дегенін негізгі дәлел етіп алға тартады. Әрине, әрбір мұсылман пенде орамалдың балиғат жасына толғандарға парыз, міндет екенін біледі. Оған иланады және кәміл сенеді. Сонымен қатар оның балиғат жасына толғаннан кейін талап етілетініне назар аударады. Ислам діні балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын талап етпейді. Шариғатымыз орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай бүлдіршіннің басына жаулық жабуды міндеттемейді. Ал қыз баланың балиғатқа толуын оның тек 9 жасқа келуімен шектеп қоюға болмайды. Ислам ғұламаларының пікірінше, жағдаятына байланысты қыз бала 12-13 жаста да немесе кейін де (14-15 жас) балиғатқа толуы мүмкін.

Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы – аса маңызды амал. Қасиетті Құранда Исламда зорлық жоқ екендігі баяндалған. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын, оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті. Өйткені, білім алу – Құрандағы ең алғашқы бұйрық. Сондықтан біз білім жолына кедергі болып жатқан мәселелерге келгенде қызымыздың білім алуына рұқсат беруіміз керек.

– Балғабек Әбдіқайымұлы, сөз орайында исламдағы білімнің маңызы жөнінде айта кетсеңіз, әсіресе, әйелдердің білім алуына қатысты шариғат не дейді?

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы тұрғыда: «Аллаға жақындататын білім үйренбей өткізген күннің мен үшін ешқандай қайыры жоқ» деп айтқан хадисі білімнің қаншалықты маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, білім адамзаттың мәртебесін көтеріп, кішіпейіл болуға ықпал етеді. Арам ой, пиғылдан арылтып, шындықты түсінуге, қолынан келгенше жақсылық жасауға шақырады. Алла Тағала ғылыммен шұғылданып, үйренгендерін бойына сіңіре білетін ғалымдарды жоғары мәртебеге шығаратынын Құран Кәрімде былай баяндайды: «Алла Тағала сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздің білімге деген ынтамызды арттыру үшін былай деген: «Кімде-кім білім үйренгісі келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді. Періштелер оның әрекетін ұнатқандықтан, үстіне қанаттарын кереді. Аспан мен жердегі, тіпті судың ішіндегі балықтар да ғалымдар үшін Алладан кешірім тілейді. Ғалымның жай құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды, тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледі».

Негізі адамның білімі артқан сайын Аллаға деген сенімі, құрмет, қорқынышы артады. Жалпы, білім алу – Исламның ең басты құндылығы. Сол себепті, Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп түсті. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кітап? Ол – екі кітап: бірі – Құран кітабы, екіншісі – физикалық және метафизикалық жаратылыс кітабы. Ал жаратылыс ілімінен хабары жоқ адам Құранды дұрыс түсіне алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасында оқытылатын химия, математика, биология және тағы басқа пәндердің барлығы дүниенің құдіретін  тануға жол ашады. Сондай-ақ, аспан мен жер жаратылысы, күн мен түннің алмасуы, күн мен айдың белгілі бір жүйеде қозғалуы, адамның жаратылуы сияқты Алланың бар екенін дәлелдейтін әрі терең ойлануға жетелейтін түрлі құбылыстар тек қана білім арқылы болады.

Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Хальдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали сияқты көптеген ғалымдарымыздың білім жолына түсуіне жоғарыдағы аят-хадистер себеп болғаны анық. Сондықтан мектеп жасындағы баланы имандылыққа баулып, оған білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Діни һәм зайырлы білім – болашақтың кілті.

– Әңгімеңізге рахмет!

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теология ғылымының докторы

 


Ата-ананы сыйлау жиһад жасаудан да жоғары

Күні: , 50 рет оқылды

Қалмахан ЕРЖАНтеолог


Діни мәселелерге байланысты перзенті ата-анаға деген құрметін жоғалтқанын, ағайынның арасы алыстай түскенін қоғамда көріп жүрміз. Неге дінге бет бұрдық деген кей жастардың ата-анаға құрметі кеміді? Ата-ананы сыйламау әдепсіздік пе, әлде күнә ма? Келіннің үлкендерге сәлем салуы шынымен де ширк пе? Осы және өзге де сұрақтарға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің доценті, белгілі ислам зерттеушісі, ғалым Қалмахан Ержан «Kazislam» порталына жауап берген еді.


– Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – ата-ана. Алайда осындай қымбатты жандарға деген құрметіміз азайып бара жатқан секілді…

– Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың бір өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті: «Туу» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей гөр!», – деп дұға ет деген. Бұл аятта әуелі Аллаға серік қоспауды бұйырғаннан кейін, қоғамдағы жеке адамдардың жауапкершіліктеріне тоқталып, Алладан кейінгі кезекте ата-ананың ақысы бар екені еске салынып, оларға жақсы қарауды бұйырған. Осылайша Алла Тағаланың құзырында ата-ананың қадірі қаншалықты маңызды екендігі көрсетілген. Басқа аятта: «Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны қинала жүріп (бірнеше ай) көтерді һәм қиналып босанды. Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы (ең кемінде) отыз айға созылды», – деп әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады. Олай болса, Ұлы Жаратушыны танып, оған құлшылық борышымызды өтегеннен кейінгі міндетіміз – ата-анаға деген жақсылық һәм құрмет көрсету. Дана халқымыз «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет» деп текке айтпаса керек. Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында» деген хадисі де бар.

Алла елшісіне (с.ғ.с.) тізе бүгіп тәлім-тәрбие алған сахабалардың қалауы да Алланың разылығына бөлену болатын. Тәпсір әрі фиқһ мектебінің негізін қалаушы ғалым сахаба Абдулла ибн Масғуд былай дейді:

«Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.): Алла Тағала қандай істі анағұрлым жақсы көреді? – деп сұрадым. Ол: Уақытында оқылған намазды, – деді. Мен тағы: Одан кейін ше? – деп сұрағанымда: Ата-ананы құрметтеуді, – деді. Үшінші рет: Одан кейін ше? – дегенімде: Алла жолындағы күресті, –деп жауап берді. Егер де мен одан әрі сұрай бергенімде Алла елшісі жауап бере беретін еді», – дейді. Демек, Алла Тағаланың разы­лығы – ата-ананың ризашы­лы­ғында екен. Себебі ата-ана разылығына бөлену – ең үлкен бақыт. Олай дейтініміз, ата-ананың шынайы жасаған дұғасын Хақ Тағала қабыл етеді. Ол туралы Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:

 «Үш адамның дұғасы қабыл болады. Олармен Алла Тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы, мүсәпірдің дұғасы, зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы».

Мына бір оқиға өзгелерге үлкен сабақ болса керек.

…Алқамә (сахаба) пайғам­бар­дың көзі тірісінде құлшылығына берік, өте ізетті, иманды жігіт еді. Күндердің күнінде аяқ астынан ауырып, төсек тартып жатып қалады. Ауруы әбден меңдеп, өлетін халге жеткенде, тілі куәлік сөзге келмей күрмеле береді. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарымызға хабар жеткізеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алқамәның шешесін шақыртады.

– Алқамә қандай еді? –деп сұрайды. Анасы:

– Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сұрақты төтесінен қойып:

– Сізбен қарым-қатынасы қалай еді? Анасы:

– Енді «іштен шыққан балам ғой» деп қанша кешіріммен қарағаныммен, мені ренжітетін кездері көп еді. Оны айтып отырған себебім, көбіне әйелін жақтап, маған қарсы шығатын, – деген кезінде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Анасының реніші бала­сының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамә­ні тірідей жағамыз, – деп маңайын­дағыларға бұйырады. Ана байғұс бірден жанұшыр­ды:

– Ойбай-ау, қажеті жоқ. Ба­ламды өртей көрмеңіз, – деп жалын­ғанда, пайғамбар салиқалы түрде:

– Алла Тағаланың о дүние­дегі азабы балаңыздың қазіргі азабынан да қатты. Егер Алла ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген реніш-өкпеңізді қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, – дейді. Ана разылығын айтып, кешір­ген кезде баласының да тілі кәли­маға келіп, өмірден озған екен.

Иә, ата-ананың бала алдын­дағы ақысы өте үлкен. Бірде халифа Омарға бір адам келіп: «Менің ата-анам қатты қартайды. Кішкентай кезімде олар маған қызмет еткеніндей мен оларға қызмет етіп келем. Олардың ақысын өтеген болып саналамын ба?» деп сұрайды. Халифа Омар (р.а.): «Жоқ. Өтеген болып саналмайсың. Себебі олар сенің өсіп, мықты азамат болуың үшін саған қызмет көрсетті. Ал сен олар жақында дүниеден өтуі мүмкін деп қызмет көрсетудесің» деген екен.

– Ата-ананы құрметтемеу шариғат бойынша әдепсіздік пе, әлде күнә ма?

– Әрине, күнә. Егер де осыншама нәрсені біле тұра ата-анаға қарсы шығып, оларға құрметсіздік танытар болсақ үлкен күнә жасаған боламыз. Себебі оларға құрмет көрсету – Алланың тікелей бұйрығы.

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларына:

– Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? – дегенде, сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін үйретіңіз», – деді.

Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу…» – деп айтқан еді.

Адам (құқығына) құқына ерекше көңіл бөлген ислам діні ата-анаға құрмет көрсетуді мойнымызға борыш етіп жазған. Ата-анаға құрмет – тек ар-ождан мәселесі ғана емес, басқа да парыздар сияқты ғибадат. Тіпті, Алла жолында жиһад жасаудан да артық саналған.

Ардақты елші (с.ғ.с.): «Ата-анасын сыйлап, оларға қамқор болған перзенттерге сүйінші! Алла олардың өмірін берекетті етеді», – деген.

Басқа бір хадисте: «Кімде-кім өмірінің ұзақ, ризығының мол және берекетті болуын қаласа, ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын», – деген.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар. Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады» демекші, адам баласының ризық, несібесі ата-анасына байланысты. Үйдің берекеті ата-анасы, әрине түсінген жанға. Кімде-кім ата-анасына құрмет көрсетіп, олардың ізгі дұғаларын алған болса, оның дүниедегі ризық, несібесінің көбеюіне де өзіндік септігі болмақ.

– Қазақ халқы үшін келіннің сәлем салуы ата-ене мен үлкендерге деген құрметтің белгісі болып саналады. Алайда осы сәлем салу төңірегінде тартысты пікірлер көп айтылады…

– Әр нәрсенің өзіндік әдебі болған секілді қазақтың ұлттық дәстүрінде де сәлемдесудің өзіне тән әдебі бар. Жасы кіші үлкенмен, көліктегі жаяу жүргіншімен, жүріп бара жатқан отырғанмен, аз адам көп адаммен сәлемдескен. Келіндер ата-енесімен, қайын ағаларымен немесе үлкен кісілермен, тізесін сәл бүгіп, басын иіп, ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасқан. Мұның өзі қазақтың ең тамаша моральдық қасиеті болып табылады. Жасы кішінің үлкенге бірінші болып сәлем беруі – үлкенге деген сый-құрметі, көліктегінің жаяуға сәлем беруі – көліктегінің такәппарлануға жол бермей, оны қарапайымдылық, сыпайылыққа тәрбиелеуі, жүріп келе жатқанның отырғанға сәлем беруі – бөлмеге кіріп келген адамның міндетіндей болуы, келіннің сәлем беруі – ата-енесіне ізеттілік көрсетуі деп түсіндіріледі. Келіндер ата-енесіне, үлкендерге басын иіп, ибалық сәлем салады демекші, осы тақырып қозғала қалса кейбір жастарымыз ғаламтор беттерінде «иіліп сәлем салу, намаздағы рүкүғқа ұқсайды» деп сәлем салуды ширкке теңеп, шулап кетеді. Егер әрбір иілуді рүкүғқа теңер болсақ, тік тұрып сәлем беру де намаздағы қиямға ұқсағаны ма? Онда әр қимылымыз ширк пе? Кез келген нәрсенің өзіндік өлшемі бар емес пе? Осы кезге дейін қазақ «келіннің сәлемін ширк» екенін білмей келген бе? Халқымыздың әрбір салт-дәстүрін «ширкке», яки «харамға» балайтын болсақ неміз қалады? Шариғатта «келіннің сәлем салуы ширк» деген нақты үкім де жоқ емес пе? Келіннің үлкендерге сәлем салуы – қазақтың көнеден жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпы.

Ұлы Жаратушы адам баласын ең кемел әрі көркем бейнеде жаратып, оны сансыз нығметтерге бөлеген. Бұған қоса, сол нығметтердің қадірін түсіндірсін, адам баласының һәм бүкіл болмыстың жаратылу мақсаты мен сырларын ұғындырсын деп әр қауымға елші жіберген. Осы орайда пайғамбарлар – адамзатқа әр нәрсенің өзіндік мән-мағынасы мен міндеті бар екенін ұқтыратын тәлімі мол ұстаздар. Бізді қоршап тұрған жаратылыстарды танып-біліп, Ұлы құдіретке бас июге шақырушы ардақты асыл тұлғалар да осы пайғамбарлар. Пайғамбарларға иман – Ислам дініндегі иман негіздерінің бірі. Ал, оларға келген ақиқат ортақ. Құранда Меккеде түскен 111 аяттан тұратын Жүсіп пайғамбармен қатысты оқиға баяндалады. Онда «Жүсіп ата-анасын құрметтеп өзінің тағына отырғызды. Ата-анасынан бастап барлық бауырлары оған тағзым етіп, бас иді. Сонда Жүсіп әкесіне: «Әкей! Бұрын бала күнімде көрген түсімнің жоруы, міне, осы. Раббым сол түсімді расқа шығарды», – деген аят бар. Тәпсірші ғалымдар аяттағы Жүсіптің ата-анасымен бауыр­ларының тағзым етуін (сәжде етуін) екі тұрғыда жорамалдайды.

Бірінші жорамал бойынша Жүсіпке құрмет сәлемі ретінде тағзым етілген. Бұл Жүсіп сүресінің «Әкешім! Мен түсімде аспандағы он бір жұлдыздың және күн мен айдың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім», – деген төртінші аятын растайды дейді.

Екінші жорамал бойынша Жүсіпке қауышқаны үшін Аллаға шүкір ету мақсатында сәжде жасалған. Аяттағы «олардың маған тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деген аятты «олардың мен үшін тағзым жасап, сәжде етіп тұрғанын көрдім» деп те аударуға болады. Сонда бұл екінші ойды құптайды дейді.

Жүсіп (а.с.) те бұл әмірді Алладан екенін біліп, шүкір еткен. Бауырларының жаса­ған әрекеті мен жасаған қастан­дығына үндемеген. Демек, мұн­дағы сәжде «құлшылық сәждесі» емес екені аян болып тұр.

Ендеше шариғатта ерекше саналатын сәлем беруді неге ширкке балаймыз? Сәлемдесудің түпкі мақсаты адамдардың және жанұяның тату-тәтті, бақытты өмір сүруіне негізделген емес пе?!

Жастарымыздың өзге елдің салтына ергенін, яки асыл дініміздің бұрмаланып, халық арасында бүлік шығуын көздегендер осы секілді мәселелерді күн тәртібіне қойып, қоғамда қарама-қайшылықтардың болғанын қалайды.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әр ел өз дәстүрін өз еліне дәріптегені жөн. Онсызда халқымыздың алтын қазынасы саналатын ата-дәстүрімізді, салт-санамызды жастардың жадына сіңіре алмай жатқанда әр нәрсені ширк деп жұртты мазаламасын!

Сөз соңы, сәлем салуды ширкке теңей бермей, сәлем беруші сәлем алушыдан бір дәреже артық сауапқа ие болатынын ұмытпай, бір-бірімізді көр­генде сәлем беріп жүрейік, ағайын!

– Әңгімеңізге рахмет.

 Сұхбаттасқан Әлімхан СЫРБАЙ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика