Мұрағат: 14.12.2017


Компаниямен тығыз қарым-қатынас орнаған

Күні: , 55 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 2017 жылы облыста атқарылған жұмыстар айтылды.


«Биылдан бастап «Самұрық-Қазына» компаниясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарудамыз. Облыстық басшылық пен аталмыш компания арасындағы меморандумға сәйкес бірқатар шаралар қолға алынды. Жаз айларында «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірлесе отырып 500 миллион теңгеге жуық қаражат тартып, қаланың инфрақұрылымы бойынша үлкен жобалар іске асырылды. Көп функционалды жеті ойын және спорт алаңы салынды. Ең бастысы бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Компаниямен алдағы жылдарда да бірлесіп жұмыстанатын боламыз», – деді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының оператор болуымен өңірімізде облыс әкімдігінің қолдауымен үш жоба жүзеге асырылуда. “Самұрық-Қазына” АҚ Қазақстандағы үлкен 15 ұлттық компанияны топтастырған ірі холдинг екенін атап өткен «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі, басқарушы директоры Лима Диас қор 2016 жылы «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын бастады деді.

Холдингте барлығы 340 мың адам еңбек ететін болса, біздің өңірде холдингтің 5600 қызмет-кері жұмыс істейді. Мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтып отырған холдинг олардың өмір сапасының жақсы болуын да басты назарда ұстап, стратегиялық бағыттарының бірін қалалардың инфрақұрылымын дамытуға арнаған. Бағдарлама «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы қатысатын тоғыз өңірде іске қосылады. Қазіргі таңда «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы Павлодар, Маңғыстау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан мен біздің облыста жұмыс жүруде.

Жастар және оқушылар сарайында облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен орта білім беру ұйымдары арасында өткен «Биіктерге бірге!» үздік спорттық жоба байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мәселен, «Жалпы орта білім беретін мектептерді спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету» бағдарламасы шеңберінде облыстағы 20 мектеп «Биіктерге бірге!» байқауының нәтижесінде жаңа спорттық жабдықтармен қамтылған. Бұл мақсатқа 85 млн. 698 мың теңге жұмсалған. Бөкей ордасы ауданындағы М. Мәметова атындағы ЖОББМ, Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы №4 мектеп, Зеленов ауданындағы Дариян ЖОББМ мектебі бастаған 17 білім ошағы да спорттық құралдар алуға мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болды. «Елбасының біздің алдымызға қойған үлкен міндеті бар. Ол – бұқаралық спортты дамыту. Яғни әрбір жас азаматтың арманы орындалу үшін ең бірінші дені сау болуы керек. Денсаулық болу үшін спортпен айналысу қажет. Бұқаралық спортты дамыту бағытында мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға «SamrukKazyna Trust» мекемесі үлкен қолдау көрсетті», – деген Алтай Сейдірұлы компания басшылығына ризашылығын білдірді.

Құшақтары гүлге толып, марапатқа марқайған ұстаздар қауымының жүзінен қуаныш табы анық байқалды. «Тәуелсіздік күні мерекесі алдында зор қуанышқа кенеліп отырмыз. Оқушылар, ата-аналар мен мектеп ұжымы атынан ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бұл мектептер үшін үлкен көмек. Әлеуметтік жоба болған соң, балалар бұл марапатқа өздерінің еңбектерімен, жетістіктерімен қол жеткізіп отыр. Спорттық құрал-жабдықтардың түрі көп екен. Өте ризамыз. Ұжым болып әрімен қарай биіктерді бағындыра беретінімізге сенімдімін», – деп қуанышымен бөлісті Трекин ЖОББ қазақ мектебінің директоры Нұрсәуле Талипова. Ал Алтай Сейдірұлы осы білім мен тәрбие нысанының спорт залындағы жаңа құрылғылармен арнайы танысып шықты.

«Түзету мектептеріне және интернаттарға қажетті жабдықтар» жобасы бойынша облыстағы үш түзету мектебі 22 млн. 982 мың теңгенің жаңа құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған. Жеке тоқталар болсақ, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына 8 млн. 975 мың теңгеге, ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына құны 6 млн. 538 мың теңге болатын және облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернат кешеніне 7 млн. 468 мың теңгеге заманауи үлгідегі жабдықтар алынған. Журналистер пресс-тур барысында «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдерімен бірге ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына барып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 336 бала тәрбиеленуде. 137 педагог жұмыс жасайды. Жаңадан алынған жабдықтардың барлығының да бала тілінің, ой-өрісінің, дене бітімінің дұрыс қалыптасып, дамуына ерекше көмегі бар. Сондай-ақ облыста «Менің елім» жобасы аясында «Дара» қайырымдылық қорымен бірге жалпы сомасы 15 млн. 500 мың теңгеге психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылған. Қажет болған жағдайда кез келген ерекше бала немесе оның ата-анасы жоғары білікті дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, массажист, тифлопедагог мамандардан кешенді жәрдем ала алады. Орал қаласында ерекше білім беруді талап ететін екі мыңнан аса бала тұратын болса, олардың 800-ден астамы мүмкіндігі шектеулі жан. Жыл сайын орталықта дамуында ауытқуы бар 150 балаға және олардың ата-аналарына тегін қызмет көрсетілетін болады.

«Ойын және спорттық алаңдарын орнату» бағдарламасы аясында Орал қаласында жалпы сомасы 379 млн. 785 мың теңгеге жеті спорттық және ойын алаңы салынған. Бес спорт және ойын алаңы Орал қаласында болса, екеуі Зашаған елді мекенінде орналасқан. Пресс-тур барысында №13 ЖОББ мектепте жаңа спорт және ойын алаңы ашылды. Салтанатты шараға Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері Нұрлан Оразалиев пен Лима Диас қатысты. Көпбейінді алаңдарды ұқыпты ұстау қажет деп атап өткен Мұрат Мұқаев қала халқы атынан компания өкілдеріне алғыс білдірді. Спорт алаңының лентасы қиылып, балалар жаңа алаңдағы алғашқы ойындарын бастап кетті.

Ясипа РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»


Көптен күткен қаулы

Күні: , 88 рет оқылды

Оралдағы  өнер  орталығына  Қадыр  Мырза  Әлидің,  облыстық  қазақ  драма театрына Хадиша  Бөкееваның  есімі  берілгені  жөнінде  ҚР Үкіметінің  қаулысы шықты.


«Бүгін Үкімет отырысында тиісті қаулы қабылданып, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығына ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің есімі ресми түрде берілді. Мәдениет және әдебиетсүйер қауымын шын жүректен құттықтаймын!» – деп жазды Тwitter желісіне БҚО әкімі Алтай Көлгінов.  Сондай-ақ облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Twitter-де Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрына аса дарынды актриса, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хадиша Бөкееваның есімі берілгенін де хабарлады.

«Бүгін Үкімет отырысында тиісті қаулы қабылданды, құтты болсын!» деп облыс халқын құттықтаған әкім биыл Хадиша Бөкееваның туғанына 100 жыл толғандығын да жұрт жадында  жаң-ғыртты.

Облыс әкімі Орал қаласындағы №30 мектепке Ұлы Отан со-ғысы кезінде қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, Қазақстанның  Халық қаһарманы Хиуаз Қайырқызы Доспанованың есімі берілгенін де қуана  хабарлады.

Нұрлыбек  РАХМАН,

zhaikpress.kz


Балаларға базарлық!

Күні: , 40 рет оқылды

Тәуелсіздік күніне арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!» атты мерекелік шара «Алтын ғасыр» мейрамханасында өтті.


Сән-салтанаты келіскен мейрамхана залына «Бәйтерек» мүгедек балалар қоғамдық бірлестігі қамтыған ата-аналар мен балалар жиналды. Шара барысында «Кюнет» компаниясының тәуелсіз өкілдері Ернар Есмұхамбетов пен Дәурен Исатаев бастаған бір топ жас кәсіпкер әлеуметтік көмекті қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларға, кірісі аз отбасыларға сыйлықтар табыс етті. Мәселен, Иван Астафьевке құны 516 000 теңге тұратын кресло-арба, әлеуметтік қолдауды қажетсінетін отбасында тәрбиеленіп жатқан Ислям Сариевке 117 000 теңгеге көмек, тағы да басқа балалар мен отбасыларға қажетті заттар табыс етті. «Шапағат» әлеуметтік медициналық мекемесіне жаңажылдық костюмдер, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіне музыкалық құрылғы табыстады.

«Біздің мекемеде қалада тұратын 65 бала тәрбиеленуде. Бұл кешке барлық бала шақырылды. Ем қабылдауына байланысты келе алмаған балаларға сыйлықтарын жеткізетін боламыз. «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі 14 жылдан бері жұмыс жасайды. Балалар қаладағы түрлі білім ошақтарындағы үйірмелерге тегін қатысады. Бұл шара атааналар мен балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды деп ойлаймын», – деді қоғамдық бірлестіктің бас маманы Айнагүл Есенғалиева. Бірлестік басшысы Меруерт Санкаева мен компания өкілдері келе жатқан ұлы мейраммен құттықтап, игі тілектерін айтты.

Тағдырдың жазуына мойымай, төзімділік танытып, денсаулықтың қадірін бір кісідей білетін бұл ата-аналар өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп жатты.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


«Smart Uralsk» шақырады

Күні: , 57 рет оқылды

Оралдағы Шаған жағалауы көшесінің бойындағы №84 мекенжайында халыққа қызмет көрсететін «Smart Uralsk» орталығы ашылды.


Аталмыш орталықтың мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың цифрландыру туралы тапсырмасы аясында азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру. «Smart Uralsk» орталығының қызметіне күніне кемі 300 адам жүгінуде. Орталық жариялылық және жемқорлықтың алдын алу мақсатында жұмыс жасайды. Қызмет көрсету орталығына жүгінген тұрғындар қажетті көмекті 15-20 минут аралығында алмақ. Электронды кезек жүйесі іске қосылған. Смарт орталықта тұрғындарға көрсетілетін қызмет түрлері де көбейген. Айта кетсек, бұрын халыққа қызмет көрсету орталығында 618 қызмет түрі көрсетілсе, бұл орталықта олардың саны 641-ге жеткен.

Қала әкімі Мұрат Мұқаев «Орал – смарт қала» жобасын таныстырғанда ПИК-тердің жұмысы цифрлана бастағанын және қала мектептерінің барлығына бейнебақылау камералардың орнатылғанын атап өтті. Шаһардағы аулалардың бейнебақылау камерасымен қамтылуына орай қылмыстың ашылу деңгейі артқан. Келесі жылы «Орал – смарт қала» жобасы аясында қаланың барлық аудандарына Wi-fi қондырғысы орнатылып, барлық коммуналдық қызмет ақысын бір жерден немесе ғаламтор арқылы тез әрі ыңғайлы төлеуге жағдай жасалмақ.

Сонымен қоса әр кіреберіске (подъезд) және аулаға бұлтты бейнебақылау камералары орнатылып, барлық маршруттар GPS қондырғымен қамтылмақ.

– Елбасының тапсырмасына орай, цифрландыру, яғни «Бір терезе» қағидасы бойынша ашылып отырған «Smart Uralsk» орталығы халыққа қызмет көрсетудің сапасын жетілдіруді көздейді. Мұнда қарапайым халық пен кәсіпкерлерге қызмет көрсететін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақинвест» ҰК, жергілікті атқарушы құрылымдар мен басқа да салалардың өкілдері отырады. Сондай-ақ, құқықтық қызмет көрсетудің де қолжетімді әрі жедел болуын қамтамасыз ету үшін прокуратура қызметкерлері де көмек көрсетеді. Бір ғана мысал айта кетейін, бұрын кәсіпкер жер теліміне рұқсат қағазын алу үшін 14 мекемеге барып, әрқайсысына бес күн жұмсайтын болса, алдағы жылдан бастап осы қызметтердің бәрін электронды түрде бес-ақ күннің ішінде ала алады.

Яғни, қызмет көрсету мерзімі 14 есе қысқармақ, – деді орталықтың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Осы жиында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Қаржауов, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов құттықтау сөз сөйлеп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Тәуелсіздіктің тегеурінді жемісі

Күні: , 52 рет оқылды

Жуырда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – халықтың рухани жаңғыруының қайнар көзі» атты өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған ғалымдар мен студенттер қатысты.


Алқалы басқосуды БҚМУ-дың жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, доцент Әсет Тасмағамбетов ашты. Ол биыл ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығы аталып өтетіндігін айта келіп, оның мән-маңызына кеңінен тоқталды. Әрі қарай сөз кезегі осы жоғары оқу орнының ғылыми жұмыстар мен халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Олег Юрьевке берілді. Облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Жамал Ихсанова да мерекемен құттықтап, университеттің ғалымдарын, педагогика ғылымдарының докторы Владимир Саловты, тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Галина Нестеренконы, әлемдік тарих және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Алтынай Жорасованы БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының секретариаты атынан алғысхаттармен марапаттады.

Конференцияда облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының ғалымдарының, этномәдени бірлестік жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды. Шараны М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асхат Иманғалиев қорытындылады.

 

Сергей ПОГОДИН,

БҚО Орыс мәдени орталығының төрағасы:

– Мен үшін 16 желтоқсан ерекше күн. Өйткені, Алматы қаласындағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері жастар шеруіне мен де қосылдым. Сондағы ахуалды көзім көрді, жаным сезінді. Біз іштей жастардың жағында болдық. Өкініштісі сол, жас ұрпақ бұлқынысының қайғы-қасіретпен аяқталғаны белгілі. Соған қарамастан 16 желтоқсан өзім үшін тек қайғы ғана емес, қаһарман жастар үшін мақтаныштың да күні. Сондықтан аталған күн – мен және достарым үшін басты мереке. Ол – біздің ортақ тағдырымыздың бір парағы. Бұл күнді бәріміз де жадымызда ұстауымыз керек.

 

Жаңабек ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

1991 жылы ел халқының 40 пайызын құраған қазақтың биыл 71 пайызға жетуі – Тәуелсіздіктің тегеурінді жемісі. Алайда бөрікті аспанға атып, қуануға әлі ерте. Өйткені мемлекет құраушы қазақ ұлты сонау отаршылдық заманнан қалған алауыздық, жалтақтық, сатқындық сынды кесір қылықтардан толық арылып болған жоқ. Ондай жат мінезден толық құтылу үшін қазақтың кемінде екі, қалаберді үш ұрпағы ауысуы қажет. Сондықтан қазақ даласында отаршылдық кезеңде өткен үш жүздей ұлт-азаттық көтерілісі жеңілгесін, біздің өткен ғасырдағы Алаш зиялылары тек елді ағарту жолында ұстады. Олар Әлихан Бөкейханов, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер және басқалары сонымен бірге орайы келгенде, саяси күрестен де тартынбады. Мәселен, солардың бірі – Әлімхан Ермеков Мәскеуде билік басындағылармен саяси тартысқа түсіп, жат қолында кеткен туған жердің басым бөлігін қайтаруға ұйытқы болды. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ол бар болғаны 29 жаста еді. Міне, Тәуелсіздік күні сондай аяулы азаматтарды еске түсірген жөн.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

БҚИТУ-дың доценті,

тарих ғылымдарының кандидаты:

– Қазақтың тарихы сан мыңдаған жылға созылып жатыр. Сақ дәуірінен бері ата-бабамыз азаттық үшін аянбай күрескен. Алайда қалмақпен болған 150 жылдық жанталас және онан кейінгі отаршылдық кезең қазақты есеңгіретіп кетті. Оның зардабы әлі де сезіледі. Қазақ ұлты енді ғана өзінің ұлттық бейнесін анықтауға кірісті. Қазір Қазақстанның әлемдегі беделі зор. Ендігі мақсат – Тәуелсіздікті нығайтып, оны баянды ету жолында барлық күшімізді аямауымыз қажет.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Қылмыс азайғанмен, күрес тоқтамайды

Күні: , 35 рет оқылды

Биыл облыста тіркелген қылмыс саны өткен жылғымен салыстырғанда едәуір азайған. 2017 жылдың он айының қорытындысы бойынша аса ауыр қылмыстар саны – 22,5 және ауыр қылмыстар саны – 11,4, орта және ауырлығы орташа қылмыстар саны 9,3 пайызға төмендеген. Сонымен қатар ауыр дене жарақатын келтіру бойынша – 22, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы – 11,3, соның ішінде пәтер ұрлығы – 6,7, мал ұрлығы – 27,9, ұялы телефон ұрлығы – 12,6, тонау – 17, қарақшылық шабуыл – 70, бұзақылық – 18,4, аутокөлікті заңсыз айдап әкету 15,8 пайызға азайған. Жалпы, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға төмен көрсеткіш.


Өңірдің тәртіп сақшылары ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі бойынша Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан кейінгі үздік үштікке енді. БҚО ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Асылғали Меңдіғалин тіркелген қылмыс саны азайды деп босаңсуға болмайтынын, яғни қылмыспен күрестің еш саябырсымайтынын айтады.

– Бүгінде Қазақстан полициясы – ел азаматтарын кез келген қылмыстық озбырлықтан қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп отырған кәсіби, ұтқыр әрі заманауи құрылым. Тәртіп сақшысы үшін тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығы бәрінен маңызды. Өңірдің полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен тәжірибелілігінің арқасында қасақана кісі өлтіру қылмыстарының ашылу көрсеткіші жоғары, нақтырақ айтсақ, 92,9 пайызды құрайды. Бұл полиция қызметкерлерінің өз жұмысына деген адалдығы мен жауапкершілігінің көрінісі деп бағалаймын. Атап өтер болсақ, жедел-іздестіру шарасы барысында ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Зашаған кентінде орын алған Б. Серікжанованы, Г. Сатқанованы және кәмелетке толмаған М. Серікжанованы өлтіру бойынша аса ауыр қылмыс, сондай-ақ 24 тамызда Новенький ауылында орын алған К. Малаеваны, Тасқала ауданында 13 қыркүйекте орын алған азамат С. Жасақовты өлтіру қылмыстары ізі суымай ашылды. Сонымен қатар жедел полиция мен жергілікті полиция қызметкерлерінің бірлесіп, жедел әрі кәсіби әрекет етуінің нәтижесінде 25 мамырда Теректі ауданында тіркелген аса ауыр қылмыс, яғни 2008 жылы туған «А» деген жасөспірімді зорлау қылмысы ашылды, – дейді Асылғали Шеңдіғалиұлы.

Ауыр және аса ауыр қылмыс саны азайғанымен, алаяқтық қылмыс белең алып отыр. Есепті кезең ішінде облыс аумағында тіркелген алаяқтық қылмыстардың саны өткен жылғымен салыстырғанда 14,3 пайызға артқан. Асылғали Шеңдіғалиұлының айтуынша, бұл қылмыс түрінің арту себебі мынада: тіркелген 793 алаяқтық қыл-мыстың 30-35 пайызы өткен жылы орын алған қылмыстар. Яғни арызданушы ішкі істер органдарына біраз уақыт өткеннен кейін ғана шағымданады. Мәселен, несие рәсімдеу, қарызға ақша алып, кері қайтармау сияқты алаяқтық әрекеттер орын алса да, жәбірленуші ұзақ уақыт бойы «қайтарар» деген үмітпен жүріп қалады да, уақыт өткізіп алады. Екеуара түсіністікке келе алмаған соң, жәбірленуші ақшасын немесе мүлкін қайтара алмайтынын түсініп, ішкі істер органдарына хабарласады. Міне, алаяқтық қылмысының көрсеткіші осындай салдарларға байланысты өсіп отыр. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылықтарының төмендігі, алаяқтық қылмыс түрлерінің технологияның жаңаруымен өзгеріп отыруы (телефон, киви кошелек т. б.), алаяқтардың азаматтардың сеніміне кіруі аталған қылмыстың ұлғаюына әсер етуде, – дейді ол.

Қабылданған алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7,6 пайызға төмендегенімен, өз-өзіне қол жұмсау фактілері азаймай отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың он айында Орал қаласының аумағында 10 суицид оқиғасы тіркелген және тағы он адам өз-өзіне қол жұмсамақ болған (2016 ж. 11 өліммен аяқталса, суицидке оқталу – 3).

– Жасөспірімдер арасындағы суицид – тұтас қоғам болып күресетін кесапат. Суицидтің алдын алу үшін ата-аналар, мұғалімдер, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары бірлесе жұмыстануы керек. Яғни ең алдымен, түсіндіру шараларына баса мән беріліп, жасөспірімдер мен жастар арасында осы тақырыпта дәрістер, әңгімелесулер, сұхбаттасулар, кеңес беру, сұрақ-жауап сияқты сақтандыру жұмыстарының көбірек жүргізілгені дұрыс. Мектеп инспекторлары үнемі ата-аналар жиналыстарына қатысып, оларға кеңес беріп отырулары тиіс.

Ата-аналар болса, өз кезегінде отбасындағы дау-жанжалдарға балаларды араластырмай, олардың өмірге деген талпынысын шыңдап, қиындықтарды жеңуіне жәрдемдесіп, барлық қызы-ғушылықтары мен бастамаларына мейлінше қолдау көрсеткендері жөн. Демек, бұл тұрғыда ата-ананың, отбасының тәрбиесі өте зор.

Өңірімізде штат бойынша кәмелетке толмағандар істері жөніндегі 82 инспектор қызмет атқарады, оның 48-і мектеп инспекторы, қалғаны аға инспекторлар мен аймақтық инспекторлар. 2017 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлармен барлығы 446 (2016 ж. – 430) қылмыс ашылды. Осы тұста айта кетерім, маман тапшылығы да саладағы өзекті мәселенің бірі. Мәселен, Орал қаласының ІІБ Шаған полиция бөліміне қарасты аймақта орналасқан 12 оқу орнына және облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылына небәрі үш қызметкер бекітіліп, жұмыс атқаруда. Осындай үлкен аумаққа үш маман өте аздық етеді, оларға жүктелер салмақ та ауыр.

Жалпы, полиция қызметкерлері туралы қоғамдық пікірді қалыптастыратын негізінен учаскелік инспекторлар екені бесенеден белгілі. Осыған орай Орал қаласының тұрғындары арасында ішкі істер органдары қызметкерлеріне деген халықтың сенім деңгейін анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар арасында ішкі істер органдары қыз-меткерлерінің жұмысына қатысты жасырын сауалнама ұйымдастырылуда. Оның нәтижесі жыл соңында айқындалатын болады, – дейді А. Меңдіғалин.

Облыста азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдыру бағытында да тиімді шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда Орал қаласында құрамына 2 174 ерікті енген 235 қоғамдық құрылым жұмыс атқаруда. Олардың көмегімен 117 қылмыс ашылып (оның ішінде 49 бөтеннің мүлкін ұрлау, 10 факті мал ұрлығына қатысты), 621 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде белсенді үлес қосқандары үшін 213 адам ақшалай сыйақымен ынталандырылған.

Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті бүгінгі таңда деструктивтік діни ағымды ұстанушылармен тиісті жұмыстар жүргізіп, діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, сонымен қатар деструктивті күштерді қаржыландыратын мекемелер мен тұлғаларды анықтау бойынша шаралар қабылдауда. Ғаламтор мен әлеуметтік желілерге мониторинг жасау арқылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабында көзделген «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» қылмысы бойынша төрт фактіні анықтап, оның ішінде үш факті бойынша анықталған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тиісті жазаларын алған. Бір факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

– 2016 жылдың 30 желтоқсанында қабылданған ҚР «Пробация туралы» Заңына сәйкес түзеу мекемесінен босатылған барлық тұлғаларды әлеуметтік оңалту және қалыптастыру мақсатында олар ішкі істер органдарының қызметкерлері тарапынан есепке алынып, жергілікті пробация қызметі мен жергілікті атқарушы органдарына әлеуметтік-құқық көмек беру үшін жолданады.

Барлық аудандарда жергілікті пробация қызметінің мамандары бар. Олар қылмыстық атқару мекемесінен босатылған тұлғаларға көмек көрсету бойынша жергілікті атқарушы органдарымен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.

Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі – ішкі істер органдары қызметінің бейнесі. Бұл ретте тәртіп сақшыларының мойнына зіл батпан міндет жүктелетіні белгілі. Сондықтан қатарымызды білікті мамандармен толықтыруға үлкен мән беріп келеміз.

Құқық қорғау органдарына қызметке жасы он сегізге толған, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене бітімінің даму жағдайы, білімі жоғары – заңгер, арнаулы орта, орта білімі бар, әскер қатарында болған, жасы 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Міндетті түрде тағылымдамадан өткізе отырып, конкурстық негізде жұмысқа алынады. Биылдан бастап, ішкі істер органдарына қызметке алынатын үміткерлерге қойылатын талап – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестілеуден бағдарламалар бойынша тест тапсырады, содан кейін ішкі істер органдарына қызметке қабылданады, – деді БҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Асылғали Меңдіғалин.

Өңіріміздегі ішкі істер органдарының қызметкерлері азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, олардың қауіпсіздігін қорғауда әрдайым жанкешті іс-әрекетімен танылып келеді. Болашақта да тәртіп сақшылары өз кәсіби міндеттерін адал орындап, халықтың сенімін ақтап, қоғамның тыныштығын нығайта береріне сенім мол.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Қоныстой көбеюде!

Күні: , 57 рет оқылды

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жымпиты ауылынан салынған 14 бір пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.


Салтанатты шараға қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, үйлердің құрылысын жүргізген мердігер, «Сәтті сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит Рахметов тұрғындарды қоныстоймен құттықтады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевтің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа тұрғын үй кезектілік тәртібі бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын бес адамға, қамқоршысынан айырылған балалардың санатындағы екі адамға, тұрғын үйлері апатты деп танылған екі азамат пен мемлекеттік және бюджеттік саланың екі қызметкеріне берілген. Жаңа тұрғын үйдің иелеріне кілтті аудан басшысы Төлеген Төреғалиев салтанатты түрде тапсырды.

Жаңа тұрғын үй иелері атынан «Алтын алқа» иегері Гүлсім Кенбаева сөз сөйледі.

Айта кетейік, құны 134 млн. теңгені құрайтын бұл жобаның құрылысы осы жылдың шілде айында басталған еді. Мердігерлер жұмыстарын мерзімінен бұрын әрі сапалы аяқтап отыр. Тұрғын үйдің әрбіріне инженерлік-коммуникациялық желілер толық жеткізілген. Бір пәтердің жалпы ауданы 85, 5 шаршы метрді құрайды.

Нұртай КЕНЖЕБАЕВ,

жаңа тұрғын үйдің иесі:

– Өзім ата-ананың қамқорлығынан ерте қалғандардың бірімін. Қолдау болмаса, жалғыз адамға аяққа тұрып кету қиын екен. Бүгін мемлекеттің қолдауымен өзімнің жеке тұрғын үйіме қолым жеткеніне өте қуаныштымын.

Менің тұрғын үйім осыдан 9 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылып еді. Бұл күнді, өзімнің шаңырағымның кілтін қолыма алатын сәтті көп армандадым. Адамға әуелі баспана керек. Аллаға шүкір, бүгіннен бастап мен де баспаналы жанмын. Бүгіннен бастап қалған арман-мақсатымды жүзеге асыруға толық мүмкіндігім пайда болды деп ойлаймын.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

* * *

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Бөкей ордасы ауданының орталығы – Сайқын ауылында көп пәтерлі үйдің кілті иелеріне табыс етілді.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов тұрғындарды баспанамен қамту ісі жолға қойылғанымен әлі де мұқтаж жандар барын тілге тиек етіп, осы күрделі мәселені шешу бағытында жергілікті бюджеттен 8 млн. теңге қаржы бөлініп, Қ. Сағырбаев көшесіндегі бос ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілгенін жеткізді. Жаңа пәтер иелерін қоныстойымен құттықтады.

Лашығынан аяғы шығып жатса да, «Өз үйім – кең сарайлы боз үйім» деп Жиренше шешен айтпақшы, баспана кілтін қолдарына алғандардың атынан сөйлеген Әлия Қабиева егемен еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне орай тарту етілген тұрғын үй үшін алғысын білдіріп, бұл да Елбасымыздың сарабдал саясатының бір көрінісі екендігіне тоқталды. Қош келдің айтып, қуанышпен бөліскен қоныс иелері жиналғандарға шаңырақтарынан дастарқан жайып, қазақы дәстүрмен ақ пен наннан дәм таттырды.

Жылыту жүйесі жүргізіліп, табиғи газға, орталықтандырылған су құбырына қосылған, бір сөзбен айтқанда, барлық инфрақұрылым жүйесімен қамтылған бұл нысанға жөндеуді жергілікті мердігер Қуаныш Шәріпқалиев бастаған құрылысшылар жүргізіпті.

Айта кетелік, бүгінгі таңда аудан бойынша 187 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Жыл басынан бір пәтерлік 10, 4 және 6 пәтерлік үймен 20 отбасы қамтылды.

Бүгінгі қоныстойдан кейін олардың саны 28-ге жетті.

Раушан БАҚЫТОВА,

Бөкей ордасы ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика