Мұрағат: 13.12.2017


Ардагерлермен ой бөлісу

Күні: , 118 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, 80 жасқа толған еңбек ардагерлері Нұрлан Ізтілеуов және Сағи Алдыбергеновтермен кездесті.


Ардагерлерді қоғамдық өмірге араластыра отырып, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру – негізгі мақсат. Осы тұрғыда биыл бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтар бол-сақ, облыстық «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Жүз нақты көмек» сияқты тағы да басқа шара жүзеге асты. Оған жергілікті атқарушы құрылым, бизнес өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер және студент жастар белсенді қатысқан болатын. Биыл ҚР Ардагерлер қозғалысының 30 жылдық мерейтойы өңірімізде де кеңінен аталып өтті.

Кездесуде облыс әкімі еңбек ардагерлерімен атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылы бірлесе жүзеге асыратын жобалар бойынша кеңесті. Сонымен қатар А. Көлгінов еңбек ардагерлерін мерейлі жастарымен құттықтап, өңіріміздің экономикалық өрлеуіне қосқан еңбектері үшін алғыс білдірді.

– Сіздерді еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында 80 жас мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Азаттығымыздың алғашқы жылдарында аянбай еңбек етіп, жас ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Бейбіт еліміздің тұрақты дамуының арқасында бүгінде бейнетті жылдарыңыздың зейнетін көріп отырсыздар. Отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді облыс әкімі.

Ардагерлер мемлекеттің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, нақты қолдауларға алғыс білдірді. Сондай-ақ облыста ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды, қала мектептері мен ауылдағы білім ошақтарының арасындағы айырмашылықтарды жою туралы бастамаларды қолдап, өңір дамуына оң бағаларын берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Жәнібекте 40 үй салынуда

Күні: , 77 рет оқылды

Бұл жайында Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте айтты. Оның мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бюджеттен бөлінген 159 млн. 600 мың теңгеден астам қаражатқа аудан орталығында үш пәтерлі сегіз тұрғын үй салынып, 24 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл екі пәтерлі 40 үйдің құрылысы басталды. Келесі жылы 80 отбасы баспаналы болмақ.


Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 787 млн. теңгеге Жәнібек және Қамысты ауылдарындағы ауыз су құбырлары толықтай жаңартылған. Жақсыбай ауылдық округіндегі Майтүбек пен Таудағы Жұмаев елді мекендеріне орта қысымдағы газ жеткізілген. Биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақоба ауылындағы мектеп жанынан спорт зал пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмысына 61 млн. 890 мың 970 теңге қаржы бөлінген. Ауыл тұрғындарының жергілікті биліктен осы мәселенің шешімін табуды сұрағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Сонымен қатар жыл ішінде Ақоба ауылдық округінде 393 млн. 583 мың теңгеге Әбділман және Соркөл жайылмалары қалпына келтірілді. Енді Ащыөзек өзені арқылы 3 мың гектар алқапқа 6 млн. текше метр су жиналады. Жайылым мен шабындықты көлдете суғару арқылы мал азығының мол қорын жасақтауға жағдай жасалды.

Аудан бойынша ауылшаруашылық мақсатта пайдалануға аумағы 797 мың гектарға жуық алқап берілген. Жыл басынан бері 11 шаруа қожалығы пайдаланбай отырған 13 956 га алқап жер қорына қайтарылған. Жәнібекте 39 864 ірі қара, 72 901 қой мен ешкі, 12 665 жылқы, 105 түйе бар. Ауданда 11 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Соның төртеуі мал бордақылаумен және тұқымдық түрлендірумен айналысуда. Кооперативтер мен шаруа қожалықтарына «Береке», «Сыба-ға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары ауқымында асыл тұқымды мал басын көбейткені үшін демеуқаржы бөлінуде. Аудан бойынша 189 ауылшаруашылық тауарын өндірушіге 353 млн. 288 мың теңге көлемінде демеуқаржы төленген.

Брифингте шағын және орта бизнес саласын дамыту жайы да айтылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы ауқымында бір кәсіпкерге аутокөлікті жөндейтін кешен құрылысын жүргізуге 8 миллион теңге берілген. Жыл ішінде үш азық-түлік, бір шаруашылық дүкені, бір кафе пайдалануға берілді. Жәнібекте өндіріс өнімінің көлемі 1 млрд. 940 млн. тең-геге жуық болса, аудан экономикасына 2 млрд. 200 млн. теңгеден астам көлемінде инвестиция тартылған.

Аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында мектептерде 43 жаңа кабинет ашылған. Ауданда он орта, екі негізгі, төрт бастауыш мектепте 2500-ге жуық оқушы білім алуда. «Бірқатар ау-дандарда мектеп-гимназия мен лицейлер бар. Біздің ауданның оқушылары осындай білім ордаларында оқуға тырысады. Сондықтан Жәнібекте білім ұясына лицей мәртебесін беру мәселесін тұрғындар жиі көтереді. Қазіргі уақытта аудан орталығындағы №1 мектепте тереңдетіліп оқытатын екі сынып ашылды. Оған қабылдауға дарынды балалар іріктелді. Мектепке бірден лицей мәртебесін беру мүмкін емес. Кешенді оқу бағдарламасын нығайту керек. Терең білім алатын сынып оқушылары түлеп ұшқанша, жоба нәтижесін зерделейміз. Балаларды қабылдау үшін мектеп жанындағы интернат ғимараты келесі жылы күрделі жөндеуден өткізіледі», – деді аудан әкімі Азамат Сафималиев. Оның айтуынша, биыл аудандағы тоғыз балабақшаға, екі мектеп-балабақша кешені мен он бір шағын орталыққа 881 бала қабылданған. Тегісшіл ауылында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жергілікті инвестор 30 балаға арналған балабақша салуға бекінген.

Брифингте әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларында атқарылған шараларға тоқтала келіп, аудан әкімі алдағы жылдары қолға алынатын іс-шаралар жоспарымен бөлісті. Мысалы, Ақобаға су құбырын тарту қолға алынып, Талов ауылының су жүйесі жаңғыртылады. Аудан орталығында 157 тұрғын баспана салатын алаң дайын тұр. Екі қабатты сегіз пә-терлі үй жөнделеді. Жәнібектегі 18 елді мекеннің 15-іне көгілдір отын жеткізілген. Келесі жылы Өнегеге табиғи газ барады. Қалған елді мекенге газ құбырын тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз деп есептелінген. Аудан орталығының солтүстік бөлігіндегі тоғыз жаңа көшеге «ЖайықСтройПроект» ЖШС жол салмақ. Бұрыннан асфальтталған тоғыз көшенің жолы орташа жөнделеді деп күтілуде.

Аудан әкімі Азамат Сафималиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 21,8 млн. теңгеге 15 жоба іске асырылатынын хабарлады. Жобаларды жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттар қаржыландырады.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Алмагүл ЖАМПЕЙІСОВА, «Ақжайық» телеарнасы:

– Жәнібек – Ресеймен шекаралас аудан. Көрші елмен байланыс жолы қалай?

Азамат САФИМАЛИЕВ, аудан әкімі:

– Ресейдің Волгоград облысының Палласов, Новоузен аудандарымен және Саратовтың Питер ауданымен тығыз қарым-қатынастамыз. Әсіресе, Палласов ауданымен тауар айналымы ауқымды. Кәсіпкерлер арасындағы байланыс аясы кеңіп келеді. Жақында Волгоград облысынан келген кәсіпкерлер Жәнібекте сауда үйін ашқысы келетінін айтты. Қазіргі уақытта келіссөз жүргізілуде. Көрші елге қатынайтын үш бекеттің екеуі арқылы ірі тауар алып өтуге болмайтыны қиындық тудырып жатады. Дегенмен екі елдің кәсіпкерлері ынтымақтасып, жәрмеңкелер өткізуде. Ресей аудандарында биыл Жәнібек күндері аясында шаралар ұйымдастырылды. Рухани жаңғыру бойынша келесі жылы Ұлыстың ұлы күнін бірігіп тойлауды жоспарлаудамыз.

Манарбек КӨШӘЛИЕВ, «ТДК-42» телеарнасы:

– Ауданда мал басын дамытуға мемлекеттен мол қаржы бөлінуде. Бірақ саттыққа шығарылатын мал атаулы көрші облыстардағы Атырау, Ақтау қалаларына асырылады. Орал қаласындағы нарықты неге қамтамасыз етпеске?

Азамат САФИМАЛИЕВ, аудан әкімі:

– Мал басы көрші облыстарға тірілей саттыққа жіберілетіні рас. Ауданда «Мирхат и К» ауыл шаруашылығы кооперативі мал соятын цех пен тоңазытатын жабдық алуға қам жасауда. Кооператив басшылығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 36 млн. теңге несие алуға құжат дайындады. Ресейдің Палласов ауданынан келген бір кәсіпкер сатып алған малды сойып, етін тоңазытқан күйінде тасымалдап алғысы келеді. Соған байланысты келіссөз жүргізілуде. Аудан бойынша 15 мал сою қосыны бар. Шекараға жақын орналасқан Талов ауылында осындай қосын ашу қарастырылуда.


Жылдамдық өлшегіштің жұмысы тексерілуде

Күні: , 46 рет оқылды

Орал қаласындағы Шаған жағалауы көшесі бойында орналасқан жылдамдық өлшеуіш құралының дұрыс жұмыс жасамауы туралы көлік жүргізушілерден шағымдардың жаппай түсуіне байланысты БҚО прокурорының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында облыс прокурорының орынбасары Тәжиден Найманов мәлімдеді.


Еске сала кетейік, шаһардағы «Өшпес ерлік» ескерткішінің тұсында орнатылған жылдамдық өлшеу құралына түскен жүргізушілер жол ережесін бұзбағандарын алға тартып, стационарлық құрылғының жұмысына күмән келтірген болатын. Жолдың бұл бөлігінде көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Әйтпесе, жол ережесін бұзғаны үшін 10 АЕК көлемінде, яғни 22 690 теңге айыппұл салынады. Наразылық тудырушы тараптың айтуынша, көлік иелері жылдамдықты асырмаса да, «фотоаппарат» суретке түсіріп, кейін айыппұл төлеу жөнінде ұйғарымдар келген. Тіпті кейбір отбасыға бір айдың ішінде бірнеше айыппұл қағазы келген көрінеді.

– Жоғарыда аталған стационарлық жылдамдық өлшеуіштің жұмысына қатысты облыстық прокуратураға 150-ден астам шағым түсті. Күні бүгінге дейін тіркелген шағымдар облыстық ішкі істер департаменті мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментіне жолданды. Облыстық прокуратура тарапынан талдау жүргізілді. Со-нымен қатар біздің тапсырмамыз бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті аталған жылдамдық өлшеуіш құралдың техникалық жағдайына, құрылғыны сертификаттаудағы заңдылықтардың сақталғандығына тексеріс тағайындалды. Осы құрылғының дұрыс жұмыс жасауына шағым түсе бастаған кезде де бірқатар тексерістер жүргізілген болатын. Сондай-ақ аталған құралды орнатқан Астана қаласындағы «Жаңа жобалар» ғылыми-техникалық орталығы ЖШС қызметі жан-жақты тексерілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде аталған серіктестік құралды орнату барысында заңсыз әрекетке бармағандығы және құрылғының еш ақаусыз жұмыс жасап тұрғандығы анықталған болатын. Аталған жайттарға қайта тексеріс жүргізу мақсатында құрылған жұмыс тобының құрамына Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті мен Қазақстан метрология институтының мамандары тартылды. Комиссия өз жұмысын бір аптаның ішінде тәмамдап, шешімін жариялайтын болады. Біз өз тараптарымыздан шығарылған шешім туралы БАҚ өкілдері арқылы тұрғындарға жеткіземіз, – деді Тәжиден Жүкенұлы.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжанның айтуынша, шағымданушы тарап түрлі жағдайларға байланысты жылдамдық өлшеуіш құралының қызметіне күмән келтірген. Бірі жаз мезгілінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстары кезінде өлшеуіш құрал қызметінің зақымданған болуы ықтималдығын алға тартса, екіншісі құрылғының істен шығуы себепті барлық көлікті қатар фотосуретке түсірген деген уәж айтады. Дегенмен, құрылғыны қондырған мекеме талапқа сай жұмыс жасайды деп сертификат берген. Егер құрылған жұмыс тобы жылдамдық өлшеуіштің қызметін ақаусыз деп тапса, көлік жүргізушілерге салынған айыппұлдар заңды күшіне енеді. Керісінше шағымданушы тараптың айтқан жайттары дәлелденсе, айыппұлдар заңды күшін жоймақ.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Пилоттық жоба қажет

Күні: , 65 рет оқылды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдар басшыларының қатысуымен өңірлік деңгейдегі партиялық тыңдау өтті.


Тыңдалымды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова жүргізді. Басқосуда Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды. Алдымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы баян етті.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға басқармаға бюджеттен 8 млрд. 819,6 млн. теңге бөлінген болса, бұл өткен жылғы деңгейден 11 пайызға артық. Баяндамашы айтып өткендей қазір облысымызда ауыл шаруашылығы саласында алты мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы бар. Өсімдік шаруашылығы бойынша алынған өнім мөлшерін атап өткен Сатқан Ержанұлы дәнді дақылдар алқабынан алынған астықтың орташа өнімділігі гектарына 14,7 центнерді құрайды деді. Бірінші қарашадағы мал өнімдерінің өндірілуін өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда артқаны байқалады. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 53 шаруашылық 784,3 млн. теңге несие алған болса, «Құлан» бағдарламасымен 18 шаруашылық 503,4 млн. теңге несие рәсімдеген. Ал жеті шаруашылық «Алтын сақа» бағдарламасы бойынша 55,1 млн. теңге несие алып отыр. Облыста ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасының орындалуы 73,7 пайызды құрап отыр. Биылдан бастап қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды жә-не жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған салалық бағдарламасы» аясында республикалық бюджеттен 1 млрд. 474,0 млн. теңге қаражат бөлінген. Күні бүгін бұл қаржының 1 млрд. 437, 7 млн. теңгесі игерілген. Осының нәтижесінде облыста 290 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Сатқан Ержанұлы өз сөзінде қайта өңдеу өндірісінің көлемін арттыру мақсатындағы инвестициялық жобаларға да тоқталды.

Ал облыстағы суармалы жерлер жөнінде баяндаған облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Махамбет Ықсанғали лиманды суару жүйелеріне тоқталды. Мәселен, өткен жылы басталған суару аумағы 2354 га құрайтын Сырым ауданындағы «Өлеңті лиманды суару жүйесін жаңғырту» жобасының құрылыс-монтаж жұмысы аяқталуда. Ал 1980 га жерді лиманды суаруға мүмкіндік беретін Жәнібек ауданы Ақоба ауылдық округі Ащыөзек өзенінің бойындағы Әбділман және Соркөл лиманды суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. «Қазіргі таңда коммуналдық меншіктегі су қоймалары ауылдық округ әкімі аппараты теңгеріміне тапсырылған. Ал ауыл әкімі аппараттарында су объектілерін пайдалану үшін білікті мамандар мен арнаулы техниканың болмауы қиындық тудырады. Осы ретте, облысымыздағы коммуналдық меншіктегі 28 су шаруашылығы нысанын, атап айтқанда 5 су қоймасы, 3 суландыру каналы мен 20 лиманды суару учаскелерін республикалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде», – деді Махамбет Ықсанғали. Облысымызда 162 мың га көлтабандық (лиман) және 51 мың га тұрақты суармалы жер есепте бар. Ел Үкіметі тасқын суларды сақтау, жинақтау және тарату бойынша шалғайдағы жайылымдарда мал суаратын суландыру құрылғыларын (құдықтарды) қалпына келтіру және жайластыру бойынша жоспар бекіткен болатын. Осы жоспарға сәйкес облысымызда 2017-2021 жылдар аралығында еріген қар және тасқын суды жинақтау үшін 22 су айдыны бойынша құрылыс жұмыстары және қалпына келтіру жұмыстары, сондайақ 2017-2019 жылдар аралығында шалғайдағы жайылымдарда мал суаратын 99 суландыру құрылғыларын жайластыру көзделген.

Баяндамашыларға сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының “Аграрлық сектор” бойынша партиялық кураторы Нұрлан Серғалиев өз ойын ортаға салды. Облыста мал басын көбейтумен қатар, ірі қара мен ұсақ малдың алаңсыз жайылатын жайылымының болуын да назарда ұстау қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша ауыл шаруашылығы саласында пилоттық жобаны қолға алу, суармалы жерлерді, су қоймаларын жандандыру бойынша ұсынба айтылды. Партиялық тыңдауға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі және Саяси кеңесі бюросының мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық мемлекеттік атқарушы органдар басшылары, облыстық филиал қызметкерлері қатысты.

Ясипа РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»


Жасанды интеллект дәрігер-маманды алмастырады

Күні: , 239 рет оқылды

Жақында Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде Америкалық денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, дәрігер-ғалым Алмаз Шарман облыстағы денсаулық сақтау саласындағы мекеме-ұйымдардың басшыларымен кездесті.


— Оралдағы медициналық колледж – ұзақ жыл бойына өзіндік дәстүрін қалыптастырған, сапалы мамандар дайындауға әлеуетті білім беру ұйымы. Дегенмен еліміз бойынша алда заман талабына сай жаңғыртылған ірі медициналық құрылымды қалыптастыру міндеті тұр. Әлемде көптеген елдер индустриалды қоғамын құрса, енді инновациялық экономиканы дамытуға көңіл бөлуде. Дамыған елдер ұзақ мерзімді постмодернистік кезеңге қадам басуға дайындалуда. Яғни жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар жетілдірілуде. 1991 жылдан бастап АҚШ-та еңбек еткенде интернет жүйесімен алғаш таныстым. Содан елімізде тұңғыш телемедициналық кешен ашу идеясы ойға оралды. Бірақ сол кезеңде технология жетіспеушілігіне байланысты ол идеяны бірден жүзеге асыру мүмкін болмады. 2008 жылы Қазақстандағы ұлттық медициналық холдингтің басқарма төрағасы болып тағандайылғаннан кейінгі мерзім мен үшін жемісті кезең болды. Астанада заманауи ауруханалар желісі салынды. 2012 жылы холдингтің ана мен бала орталығы JCI халықаралақ аккредитация жүйесіне қол жеткізді. Одан бөлек, елімізде тұңғыш рет ауруханалар мен клиникаларды корпоративті басқару жүзеге асты. Кейін кардио және нейро-хирургиялық орталықтар ашылды.

Әлемде қазіргі уақытта 3 миллиондай адам медицина саласында қызмет етеді. Қолданыста 6 мыңдай дәрі-дәрмек түрі бар.

14 мыңға жуық ауру түрі анықталған. Әрбір дертті зерттеу, емдеу жүйесі – бөлек сала, бөлек ғылым. Еліміз бойынша ауруға қойылатын диагноздың 40 пайызы нақты емес болып шығады. АҚШ-та да бұл мәселе өзекті. Мәселен, штаттардағы жергілікті мамандар қойған диагноз қорытындыларының 25 пайызын орталық клиникадағы жетекші дәрігерлер мақұлдамайды. Қазіргі уақытта науқасты емдеуді дұрыс жүргізу, тіпті түпкілікті шешімді емделушінің өзі қабылдай алатын деңгейге жеткізу жолдары зерттелуде. Оның бәрі – технологияға байланысты. Соңғы кезде шалғайға жүк тасымалдайтын машиналарды компьютер арқылы басқару жүйесі сынақтан өтуде. Ірі компаниялар жүргізушісіз такси қызметін енгізуді жоспарлауда. Үш-төрт жылдан кейін Америкада көлік жүргізетін мамандық жойылатын болады. Компьютерлік диагностика қазіргі уақытта рентген түсірілімдерін «оқып», ауруға қатысты өздігінен ғылыми болжам жасай алады. Көптеген фармацевтикалық компания жасанды интеллектерді белсенді пайдалануда. Бір жыл бұрын елімізде гарвардтық клиника әзірлеген бағдарламаны сынақтан өткіздік. Бағдарлама бойынша томографиядан өткен 800-ден астам емделушінің түсіріліміне Ұлттық хирургия орталығының мамандары мен шымкенттік дәрігерлер талдама жасады. Бірақ компьютер арқылы талдама жасалған түсірілімдер қорытындысы әлдеқайда нақты екені белгілі болды. Технологияның қарқынды дамуына байланысты көлік жүргізу мамандығы секілді, уақыт өте, медицина саласында радиолог, анестезиологтар қажет болмай қалуы мүмкін, – деген Алмаз Шарман жаңа технологияларға бетбұрыс жасаудың маңызын түсіндірді.

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев облыстағы медициналық ұйымдардың 80 пайызы жаңа құрылғылармен жабдықталғанын айтты. Бірақ кейбір ауруханалар мен емханалардағы мамандар сол құрылғыларды пайдалана алмайды. Дәрігер-мамандардың тұрақтамауы да өзекті мәселе болуда. Соған байланысты көптеген тұрғын ем алу үшін Ресейдің Орынбор және Самара облыстарына барады екен. Олардың 80 пайызы онкологиялық дертке байланысты тексеруден өтеді. Басқарма басшысы жергілікті емдеу мекемелері автономды жүйеге ауысып жатқанын хабарлады. «Алматыдағы ірі емдеу орталықтары мен біздің облыстағы медициналық колледж арасында байланыс орнатылуына мүдделіміз», – деді Қанат Төсекбаев. Халықаралық денсаулық сақтау саласының маманы Алмаз Шарман басқосуда қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Энергетика – экономиканың алтын өзегі

Күні: , 73 рет оқылды

Энергетик күні – бұл тұтынушыларға электр және жылу энергиясын өндіру, беру мен сатуды қамтитын өнеркәсіп қызметкерлерінің ағымдағы жылы 17 желтоқсанда атап өтілетін кәсіби мерекесі. Кеңселерде, үйлерде, мектептерде, ауруханаларда жылылық пен жайлылықты, жарық тіршілікті қамтамасыз ететін энергетиктердің толассыз еңбегін бағалау мүмкін емес, ол өте маңызды сала. Бұл мейрамның тарихы тереңде жатыр. Сонау 1920 жылдың 22 желтоқсанында Кеңестердің VIII Бүкілресейлік съезінде Ресейді электрлендірудің мемлекеттік жоспары (ГОЭЛРО) қабылданған күннің естелігі ретінде 1966 жылдың 23 мамырында КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен белгіленген.


Энергетик күні – энергетика жүйесін құру мен қызмет көрсетуге атсалысқан және қатысы бар барлық адамдардың мерекесі. Сонымен қатар бұл қазіргі таңда энергетикалық саланың жауапты орнында еңбек ететін қызметкерлердің мейрамы. Сонымен қатар Энергетика күні – бұл «жылу» және «жарық» деген түсініктер тек жәй сөз емес, бүкіл дәуір деп есептейтін адамдардың мерекесі.

Электр энергетикасы өндірістің электр энергиясын өндіру, беру, жеткізу және тұтыну секторларын қамтиды. Осы мақалада біз электр энергиясын жеткізу секторы туралы толығырақ тоқталамыз, өйткені бұл секторда бүгінгі күні әрқайсымызға қатысты белгілі бір проблемалық мәселелер бар.

Адамдардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етуде және олардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасауда энергетиканың алатын орны ерекше және қызметінің барлық салаларында өндірістің маңызды факторларының бірі болып табылады. Энергияны қолданудың өсуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық өсуімен қатар жүреді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін анықтайтын және негізін құрайтын энергетикалық қауіпсіздік болып табылады. Осыған байланысты энергетика саласы ғана аймақтың энергетикалық қауіпсіздігі мен электр энергиясымен сенімді және үзіліссіз қамтамасыз етудегі жауапкершілікте болады десек артық айтқандық емес.

Экономика ғылымының тілімен айтсақ, энергиямен қамтамасыз ету – бір жағынан тұтынудың игілігі (халықтың тұтыну энергиясы), ал екінші жағынан өндіріс факторы (өнеркәсіптік тұтыну үшін энергия). Демек, электр энергетикасының міндеті – тұтынушылардың электр энергиясына сұранысын қамтамасыз ету Электр энергиясының құны негізінен тұтынушыға берілген токтың соңғы кернеуіне байланысты және бұл тәуелділік кері пропорционалды, кернеу неғұрлым жоғары болса, баға соғұрлым төмен. Тұтынушыға энергияның қажетті кернеуін беру үшін оны сол ретпен азайтады. Нәтижесінде, тұрғындарға берілетін ең қымбат электр энергиясы кернеуі 220 Вт.

Облысымыздың энергетика саласының 100 жылдық даму тарихы бар кездесетін қиындықтарға қарамастан, қазіргі талаптарға сай және жаңа технологияларды енгізу арқылы дамуын жалғастырып отыр.

Қазіргі таңда облысымыз өзінің электр энергиясына деген қажеттілігін өзіндік көздер есебінен толық қамтамасыз ете алады, импорт жалпы тұтынудың 3-4 пайызынан аспайды.

2001 жылдан бастап облыста қуаттылығы 160 МВт Қарашығанақ ГТЭС-ы, Орал ЖЭО-да қуаттылығы 28 МВт газтурбиналық қондырғысы (ГТҚ), Новенький ауылының маңында қуаттылығы 54МВт Орал ГТЭС-ы, Белес ауылының маңында қуаттылығы 100МВт ГТЭС-ы кезең-кезеңмен пайдалануға берілді. Бұл көрсетілген генерациялаушы қуаттар экономиканың өсуін және өндірісті әр тараптандыруға бағытталған келешегі бар жобаларды іске асыруды ескере отырып, қысқа мерзімді даму бағытында өңірдің қажеттіліктерін қанағаттандыра алады.

Электр энергиясын тарату мен беру, оны облысымыздың әрбір тұтынушысына, яғни Орал мен Ақсай қалаларының, 443 ауылдық елді мекендердің тұрғындарына, сонымен қатар көптеген мал шаруашылығы нүктелері мен басқа да өндірістік нысандарына жеткізуді «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ қамтамасыз етеді.

Компания балансында 21 мың шақырым электр желілері, 152 трансформаторлы қосалқы станциялар және 3040 дана трансформаторлық пункттер бар. Бұдан басқа сенімгерлік басқаруда 600 шақырымнан артық электр беру желілері, 2 қосалқы станция және трансформаторлық пункттің айтарлықтай саны бар. Кәсіпорында 1650-ден астам қызметкер ең-бек етеді.

Табиғи монополия субъектісі ретінде компанияның негізгі табысы – бұл электр энергиясының бағасына қосылған электр энергиясын тасымалдау қызметінің құны, біз мұны түпкілікті тұтынушылар ретінде төлейміз.

Қазіргі уақытта ұйымдастырушы компания бес негізгі өндірістік қызметтерден (жоғары вольтті желілер қызметі, электр техникалық қызмет, релелік қорғаныс және автоматика қызметі, оқшаулау мен асқын кернеуден қорғау қызметі, диспетчерлік және технологиялық басқару қызметі), 16 аудандық электр торабынан және Орал қалалық филиалынан тұрады.

Электр желілері компаниясының өндірістік қызметін шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады: электр желісі кешенін күзгі-қысқы кезеңде пайдалануға, қысқы және көктемгі су тасқынының тікелей өтуіне дайындау.

2016-2020 жылдарға арналған бекітілген орташа мерзімді тарифке сәйкес, компания әр көктем сайын электр желілері шаруашылығын күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсетудің негізгі шараларына кіріседі және бұл жұмыс күзге дейін жалғасады.

Жылға жоспарланған жұмыстарды жүргізуде қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу, оларды бөлімдерге бөлу және тікелей жөндеу, жабдықтарды орнату және баптау, желілер мен тіректерді ауыстыру, аутокөліктер мен арнайы техникаларды дайындау күнделікті жұмыстардың аясында барлық ұжымның күн сайынғы термен төгілген еңбегі жатыр.

Мастерлер мен электрмонтерлердің жұмысы өмір мен денсаулыққа қауіп төндіреді, оған байланысты компания өздерінің өмірін қауіп-қатерлі осы мамандықпен байланыстырған адамдар үшін өндірісте қауіпсіздік техникасы, жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелеріне көп көңіл бөледі.

Кәсіпорында кадрларды дайындау мен қайта даярлауға арналған оқу-кеңес беру пункті жұмыс жасайды. Сондай-ақ, «Шалқар» оқу-жаттығу полигонында аудандық электр тораптары мен қалалық филиалдың электрмонтерлер бригадаларының шеберлікті байқау-конкурстары жыл сайын өткізіледі.

Жоғарыда өрмелеп жұмыс жасауға жұмысқа орналасқаннан кейін бір жылдан соң ғана рұқсат етіледі, ал мастерлер үш жыл әзірленеді, содан кейін энерготасымалдағыштармен жұмыс жасауға жіберіледі.

Кадрлармен жұмыстың негізі – мамандар мен жұмысшыларды жоғары сапалы деңгейде әзірлеу, еңбек тәртібін сақтау, монтерден бастап бастыққа дейін кәсіби біліктілікті қайта оқыту.

Ағымдағы жылы алдағы қысқы-күзгі кезеңге әзірлік барысында әр түрлі кернеудегі 2345 шақырым электр беру желісіне, 21 қосалқы станцияларға, 305 трансформаторлық пункттерге, сондай-ақ, ғимараттар мен имараттарға, ауто және арнайы техникаларға жалпы сомасы 239 млн. теңге көлемінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қайта қалпына келтіру-жөндеу жұмыстарынан басқа, тарифте инвестициялық құрам аясында электр энергиясын тұтынуды бақылаудың және коммерциялық есебін жүргізудің автоматтандырылған жүйесін (ЭТБЕАЖ) кезеңмен енгізу қарастырылған.

ЭТБЕАЖ-сын енгізуден басқа 2016-2017 жылдары ұзындығы 36 шақырым 110 кВ №126 әуе желісін, жалпы ұзындығы 38 шақырым Бударино – В. Вологино мен Шагатай – Чалкар 35кВ әуе желісін және 10кВ кабелді желілерді қайта құрылымдау жұмыстары орындалды, 20 қосалқы станциялар (вакумдағы майлы ажыратқыштарды ауыстыру) қайта жаңғыртылды, сондай-ақ, байланысты жақсарту үшін жалпы сомасы 634 млн. теңге болатын екі радиорелелік станция орнатылды.

Компания жүргізген шаралардың арқасында электр энергиясының шығындары айтарлықтай азайды, қазіргі уақытта нормативті деңгейден аспайды.

Әрине, барлығыңызға белгілі, тарифта көрсетілген қаражат барлық шешілмеген мәселелерді шешуге көмектесті деп айта алмаймыз, қазіргі кездегі басты шешілмеген мәселе – бұл жабдықтардың ескіріп, тозуы. Бұл мәселе тек біздің облысымызға ғана емес, республика бойынша ортақ мәселе. Негізінен электр желілерінің барлық құрылысы өткен ғасырдың 70-80 жылдарында жүргізілген және көрсетілген жабдықтар Кеңестер одағы кезінде салынған ресурстарын толық пайдаланып бітті және тозды.

Ауылдық электр тораптары қызметкерлеріне дала өрттері мен жазғы қатты жел, сымдардың қатуы, қар түсуі мен қарлы борандар секілді табиғаттың стихиялы құбылыстарымен күресуге тура келеді. Осындай жағдайлардағы және тәулік бойғы жұмыс шынымен де құрмет пен алғысқа лайықты.

Егер мамандықты дұрыс таңдаса және жұмысы өзіне ұнаса қандай да қиындықты жеңіп шығуға болады. Қайта қалпына келтірілген электр энергиясы, жаңа электр беру желілері немесе ЖТҚС үшін тұрғындар алғысын айтып жатырса, онда кез келген қызметкер өз мамандығы үшін мақтана алады. Біздің сала мамандары үшін адамдарға пайдасын тигізу, әр үйде жайлылық, жарық, үйлесімділік орнату маңызды болып табылады.

Кез келген кәсіпорындағы сияқты «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-да өндірістің озаттары мен үздіктері бар. Ең үлкен алғыс сезімімізді саланың ардагерлеріне арнағымыз келеді. Олар – біздің тірі тарихымыз. Оларға теңдеусіз тәжірибелері үшін алғыс айта-мыз. Біздің бүгінгі жеткен жетістіктерімізде олардың да қосқан өзіндік үлесі бар. Аға буын үлесіне көп жаңа техниканың, кадрлардың жетіспеуі, көптеген апатты жағдайларға әкеліп соқтырған желілердің сапасыз жобалануы мен құрылысы тәрізді қиындықтар тап болды.

Бұл мақалада біз алыс ауылдарды, әлеуметтік нысандарды және т.б. электрмен жабдықтауда аудандық электр тораптары мен басқа да бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлерінің еңбегін атап өткіміз келеді, себебі, кей жағдайларда жұмыстарды техника мен құралдардың жетіспеуіне қарамай орындауға тура келді.

АЭТ-да электр шаруашылығын әзірлеуде негізгі жұмыстар уақытында және сапалы орындалып отырады, ұжым ұйымшылдықпен кәсіби біртұтас командамен жұмыс жасайды, сондықтан қысқы кезеңнің тұрақты өтуі күмән туғызбайды.

Ақжайық АЭТ-ның бастығы Талғат Талапаловта Ақжайық ауданының электр желісі жүйесінде электрмонтерден бастыққа дейін көтерілген 28 жылдық еңбек жолы бар, Жалпақтал ауданы электр желісіндегі Бауыржан Бердалиевтің жұмыс өтілі – 24 жыл.

Өзінің мамандығын бір рет таңдап оны өмір бойы өзгертпей келе жатырған мамандар бар.

Атап өтсек, Зеленов АЭТ-ның бастығы Валерий Козин осы салада 32 жыл, сондай-ақ, Теректі АЭТ-ның бастығы Мұрат Ғалиев осы салада 28 жыл жұмыс жасап келеді.

Сергей Доля 1998 жылдан бастап Қалалық филиалда еңбек етеді. Қызмет істеген еңбек жолында ол кәсіби жоғарылауда барлық кезеңнен, бақылаушыдан қалалық бөлімнің бастығына дейін көтерілді.

Осындай басшылардың жоғары кәсіби және өмірлік тәжіри-белері, адамдармен жұмыс жа-сай білуі арқасында компания бөлімшелерінің ұжымдары алға қойған барлық мақсаттарға жетуді ой-дағыдай жүзеге асырады.

Әрине, негізгі жұмысты біздің электр желілері мен қосалқы станциялардағы жұмыстарының тікелей орындаушылары техникалық мамандықтың қызметкерлері орындайды. Бұлар – мастерлер, электрмонтерлер, жүргізушілер, диспетчерлер және басқалары.

Іс жүзінде біздің кәсіпорынның әрбір бөлімшесінде тәжірибелі және «шыныққан» өз ісінің кәсіби мамандарымен қатар сала ардагерлерінің тәжірибелерін қабылдаған жас мамандар да жұмыстануда.

Электрик жұмысында уақ-түйек жоқ. Дұрыс бұралмаған бір сым қосалқы станцияның бар-лық жабдықтарын жоғалтуға, немесе тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды тоқтан ажыратуға және басқа да жағымсыз салдарға әкеліп соғуы мүмкін.

Осы мақаланың аясында, біз барлық еңбегі сіңген қызметкер-лерімізді атай алмаймыз, тек электр беру желілерін, қосалқы станцияларын және басқа да имараттардың құрылысы, жөндеу, қайта құру жөніндегі ең маңызды жұмыстарында белсене қатысқан өндіріске еңбегі сіңген кейбір ардагерлерді атап кетеміз.

Бұл қалалық филиалдың қосалқы станциялар мен жоғары вольтты желілер қызметінің мастері Ғалымбек Исқалиев, көлік-жөндеу цехының тракторшысы Серік Жақсығұлов, Жаңақала АЭТ-ның электрмонтері Роман Ғабдуллин, Ақсай АЭТ-ның электрмонтері Алексей Барановский, Тайпақ АЭТ-ның электрмонтері Ғарифолла Әлжанов, Бөкей ордасы АЭТ-ның электрмонтері Ермек Аманғалиев, Қазталов АЭТ-ның электрмонтері Қуанышбек Аманғалиев, Приурал АЭТ-ның электрмонтері Николай Мольский, Қаратөбе АЭТ-ның электрмонтері Бейбіт Джамангарин, Чапаев АЭТ-ның электрмонтері Нұрлан Қуаналиев, Зеленов АЭТ-ның электрмонтері Александар Табаков, Жалпақтал АЭТ-ның жүргізушісі Берік Хайруллин, Тасқала АЭТ-ның электрмонтері Бектілеу Мырзағалиев, Сырым АЭТ-ның мастері Ұзаққайыр Саханов, Жәнібек АЭТ-ның электрмонтері Ерік Жексенов, Ақжайық АЭТ-ның электрмонтері Миржан Амирханов, Шыңғырлау АЭТ-ның электрмонтері Айболат Құттиев, Теректі АЭТ-ның электрмонтері Нұржан Ахметов және көптеген басқалары.

Қорыта айтқанда, «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ-ын облысымыздың қарқынды дамып келе жатырған кәсіпорындарының бірі деуге болады. Өзінің кәсіби мейрамын энергетиктер еңбектегі жетістігімен, көтеріңкі көңіл күймен және ертеңгі күнге деген сенімділікпен қарсы алады.

Кәсіпорын басшылығы атынан барлық қызметкерлерді, өндіріс ардагерлерін кәсіби мейрамымен құттықтаймыз, еңбектеріне табыс, мықты денсаулық, бақыт, амандық және де, әрине, өмірлік қажыр-қайрат тілейміз! Біздің жұ-мысымызда төтенше жағдайлар болмасын, ал сеніп тапсырылған нысандар сенімді және апатсыз пайдаланылсын!

Қуат МУСИН,

«Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның

Басқарма төрағасы-директор


Алақай, «Ақбұлақ» келді!

Күні: , 67 рет оқылды

Желтоқсанның 12-сі күні Аңқаты ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша салынған таза су құбыры пайдалануға берілді.


Құрылыстың ашылуына арнайы келген аудан әкімі Кәрім Жақыпов, аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Нұрғалиев аңқатылықтарды алдағы мерекемен құттықтап, су құбыры игіліктеріне жарасын деген тілектерін білдірді.

Аңқаты ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғазы Жаленов ауылға таза су жеткізіп, қамқорлық көрсеткен билік басындағы азаматтарға, оны іс жүзінде орындаған аудан басшылығы мен «ТасқалаТрансГаз» компаниясы құрылысшыларына алғысын айтты.

Жақсылықты көзімен көруге жиналған халық алдында аудан әкімі Кәрім Жақыпов пен ауыл ақсақалы Кеңес Сақпаев су құбырының «тұсаукесер» рәсімін жасады. Тап осындай салтанатты рәсім Ақжайық ауылында да өтті.

Қос ауылға су құбырын тартуды қатар жүргізген «ТасқалаТрансГаз» ЖШС құрылысшылары Ақжайық ауылындағы су құбырын да осыдан екі күн бұрын іске қосты.

«Ақбұлақтың» әр үйге келерін күткен ақжайықтық халықты аудан әкімі Кәрім Жақыпов, аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Нұрғалиев құттықтады. Округ әкімі Болат Қадырәлиев, ауылдың қариясы Сатқан Ахметжанов аталмыш жақсылықты жүзеге асырғандардың бәріне алғысын жаудырды.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА,

Теректі ауданы

* * *

ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылдық округінің орталығы «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында жаңғыртылған жаңа ауыз су жүйесіне салтанатты түрде іске қосылды. Жобалық құны 270 млн. теңге ұзындығы 17 шақырым жаңа су құбыры арқылы ауылдағы 200 үйге таза ауыз су жеткізіліп отыр.

Жаңа жүйені сумен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртынан алты бірдей ұңғыма қазылған. Барлау нәтижелері көрсеткендей бұл ұңғымалардағы судың литрге шаққандағы өнімділігі қалыптағы көрсеткіштен бес есеге артық. Судың мынадай өнімділігі жағдайында, Аралтөбе ауылын ауыз сумен қамту үшін бір ұңғыманың өзі жеткілікті. Жүйенің екінші нүктесінің басында сыйымдылығы 25 текше метрді құрайтын су мұнарасы мен су тазарту станциясы орналасқан. Осы жерде су жиналатын 200 текше метр бір резервуар мен көлемі 75 текше метрлік қосымша үш резервуар бар.

Салтанатты шараға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, мердігер, «ГазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юсуп Қазиев қатысты.

– Мемлекеттің дамуы тұрғындарының тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Кейінгі жылдары Аралтөбе ауылдық округінде үлкен жұмыстар жасалды. Округ орталығы мен елді мекендер көгілдір отынға қосылды. Ұялы байланыс жүйесі жаңа сапамен жұмыс істеп тұр. Ұлы мереке қарсаңында ауылдастардың тағы бір қуанышына ортақтасудың мүмкіндігі туды. Таза ауыз су енді әрбір аралтөбеліктің үйіне дейін жетті. Жақсылық құтты болсын! – деді аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Жаңа ауыз су жүйесін салтанатты түрде іске қосу рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Аманғалиев жүргізді.

– Көгілдір отын келгенде қатты қуанғанбыз. Газ – ауыл адамының арманы еді ғой. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ауыл ауыз судың жаңа жүйесіне қосылды. Газдың келуінің өзі ауылға кәдімгідей ажар әкеліп еді, енді үй-үйге жеткен таза ауыз су тұрғын үйлердің де қолайлылығын арттыратыны сөзсіз.

Шынын айту керек, ауылдағы тұрмысымыздың қала тұрмысынан айырмашылығы болмай бара жатыр. Тіпті, қазір ауылдан қалаға көшу сирек, керісінше қаладан ауылға көшу жиіледі.

Бір-екі жылда Аралтөбенің өзіне қаладан 4-5 жанұяның шамасы көшіп келді. Ауылға береке кіре бастады деген осы.

Біздер, аралтөбеліктер әуелі іс басында жүрген азаматтарға разымыз. Жұмыстар өте жүйелі жүрді. Тұралау, тоқтау болған жоқ. Су құбырын жаңалап-жаңғырту кезінде де ауыл ауыз су-сыз қалған жоқ. Өз міндетін ақ-адал атқарған «Газстрой»-дың ұжымына дән ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Бисенов.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Ішкі ағзаңа мұқият бол!

Күні: , 51 рет оқылды

Таяуда облыстық клиникалық ауруханада семинар-кеңес өтті. Шара ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылғы 26 қаңтардағы №727 бұйрығына сәйкес, «2018-2020 жылдарға арналған гастроэнтерологиялық қызметті одан әрі жетілдірудің жол картасы» бағдарламасын түсіндіру аясында ұйымдастырылған.


Алқалы жиынға өңірдегі барлық аурухана басшыларының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасарлары, гастроэнтерологтар, терапевтер, хирургтер, проктологтар мен жұқпалы аурулар мамандары қатысты. Жиынға келген ҚР Бас гепатологы, гепатология мен гастроэнторология бойынша республикалық үйлестіру орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы Күлпәш Қалиасқарова жиналғандарға шеберлік сыныбын өткізді.

– Бүгінде басқа аурумен қатар ішек-асқазан және өзге де ішкі ағзаға байланысты дерттер әлемде алдыңғы орынға шығып, талай жанның өмірін жалмады және бұл үрдіс жыл өткен сайын ұлғайып және «жасарып» келеді. Осы ахуалды ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы былтыр мамыр айында аталмыш аурулардың бірі – қатерлі жұқпалы гепатит С дертіне қарсы алдын алу және емдеу шараларын күшейтуге шақырды. Өйткені, аталмыш дерттен сан миллион адам зардап шегеді және оның өлімге душар ету қатері де өте ықтимал. Гепатиттің аса қауіптілігі – ол адам ағзасында жылдар бойы «бұғып жатып», күтпеген жерден адам әлсіреген шақта бой көтеруі мүмкін. Себебі оның қоздырғышы көп адамның ағзасында бар. Демек, әркім де салауатты өмір салтын ұстанып, дене еңбегі және спортпен жүйелі айналысса, дертті қоздырушыны ағзаның қорғаныс күшінің өзі жояды. Әсіресе, бауырға сақ болған жөн. Бауыры ауыратындардың 20 пайызы 20-30 жылдан кейін көбіне циррозға ұшырайды. Ал асқынған бауыр циррозының негізінен ажалмен аяқталатыны анық. Сондықтан халқымыз «Сақтансаң сақтайды» немесе «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деп бекер айтпаған. Демек, денсаулықты, қала берді өмірді сақтаудың басты тетіктері – әр адамның өз қолында, – деді Күлпәш Сағындыққызы. Әрі қарай ол сапалы нақтаманың (диагноз) нәтижесінде елімізде 2020 жылға дейін өлім көрсеткішін кемінде 10, 2030 жылға дейін 65 пайызға кеміту жоспарланып отырғанын айтты. Соңынан асқазан-ішек және бауыр дерттеріне байланысты құнды кеңестерімен бөлісті.

Жиында аталмыш аурухананың гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Мұқанова «БҚО-дағы ішектің қабынып аурулары және емдеудің заманауи әдістері туралы» хабарлама жасады.

– Бауырмен қатар ішкі ағзадағы ішектердің де ауруы аса қатерлі. Ол да асқынса, обырға әкеліп соқтырады. Өкініштісі сол, адамдар көбіне ауру асқынған соң, дәрігерге жүгінеді. Бұл орайда хирург үстеліне жатуға тура келеді. Қай ауру болса да, алдын ала сақтанып, өзін отаға жеткізбеуі қажет. Айтар кеңесім, жылына бір рет әр адам асқазаны мен бауырын, өңеш пен ішектерін тексертуі қажет, – деді сөз соңында Гүлнәр Айболатқызы.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ота жасаудың тың тәсілі

Күні: , 123 рет оқылды

Облыстық кардиологиялық орталықта жүрек-қан тамырына ота жасалып, ағзаға сіңіп кететін стент қойылды. Бұл скаффолд-магмарис деп аталатын жаңа технология еліміздің батыс аймағында алғаш рет Оралда қолданылып отыр.


Аталмыш ота Алматы қалалық кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі, профессор, интервенциялық кардиолог Оразбек Саховтың қатысуымен өткен шеберлік класта жасалды. Шараға Батыс Қазақстан облыстық кардиология орталығының дәрігер-хирургтері қатысты. «Отаны жергілікті дәрігерлердің өздері жасады. Мен тек теориялық жағынан көмек беріп тұрдым. Ота жақсы өтті. Науқастың артериясының ішкі перделері зақымдалып, жүрек- қан тамырларында қатты тарылып тұрған жерлер болды. Отадан кейін тамыр толық орнына келді. Бұл стентті қою үшін адам жасына шектеу жоқ. Дегенмен бұл технология негізінен жастарға өте көп көмек болады деп ойлаймын. Мәселен, металл стентті бір қойғаннан кейін ол жер біраз уақыт өткен соң, мүмкін бес не он жылдан кейін қайтадан тарылуы мүмкін. Сол кезде тағы да металл стент қоятын болсақ, онда тамырдың ішінде екі қатар темір тұрады. Ал егер магмарис секілді толық еріп кететін жаңа технологияны қолданатын болсақ, 10 жылдан кейін сол жерге тағы да ота жасау керек болса, стенттің орны таза тұрады. Жүректің ишемиялық ауруларының себебі өте көп. Атеросклероздың пайда болуына себеп болатын 200-ден астам фактор бар. Негізгілерін атап өтетін болсақ, бұл ауру гиподинамия, яғни қозғалыстың аздығы, тамақтануға да байланысты, холестериннің жоғары болуына, тұқым қуалаушылық әсерінен де пайда болуы мүмкін.

Жалпы скаффолд-магмарис – өте жаңа технология. Қазақстанға биыл ғана енді. Қазіргі кезде еліміз бойынша тек қана үш клиникада қолданылды. Бірақ бүкіл батыс өңірінде Оралда бірінші рет қолданылып отыр», – деді Оразбек Сраилұлы.

Шеберлік класс барысында жаңа технология бойынша екі ота жасалды. Бірінші 1948 жылы туған науқасқа отаны интервенциялық кардиолог Ақылбек Ермұханов, екінші 46 жастағы науқасқа жоғары технологиялық хирургиялық отаны дәрігер рентген-хирург Талғат Ғұсманов жасады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін білсек те, аурудың ауылынан алыс кете алмайтын жағдайлар болып тұрады. Ал адам ағзасының «моторы» саналатын жүректің ырғақты жұмысынан жаңылуы ерекше ем-домды қажет етері сөзсіз. Облыстық кардиологиялық орталығының директоры Ақтілек Өмірбаевтың айтуынша, мұнда жылына жүрек тамырларына 2 мыңға жуық коронаро-графиялық зерттеу және 700-дей стенттеу жасалады. Коронарографиялық зерттеу жүргізу өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. 2016 жылы 1551 науқасқа осындай зерттеу жүргізілген болса, биыл 1807 науқас қамтылып отыр. «Бұл медициналық қызметтердің бәрін біздің орталықтың дәрігерлері жасайды. Ал жүрек-қан тамырына 455 стент қойылған болса, биыл мұндай 630 жасалған. Стенттеу 40 пайызға жуық артып отыр. Биыл ауруханадан жүрегін емдетіп шыққан науқастардың да, жүрек талмасы себебінен қайтыс болғандар да азайды. Бұл жоспарлы коронарографиялық зерттеу мен стенттеудің және күндізгі стационарлық емдеудің әлдеқайда жақсаруы-ның нәтижесінде болып отыр», – дейді Ақтілек Армандаұлы.

Маманның Алматыдан ат арытып келуінің мақсаты кардиологиялық және кардиохирургиялық науқастарға медициналық көмек көрсету, имплантациялау, ишемиялық жүрек ауруларымен ауыратын науқастарға адам ағзасына сіңіп кететін скаффолд-магмарис стентін орнату, интервенциялық диагностикалау және емдеу әдістеріне (коронарлық зерттеулер, стенттеу) тәжірибе алмасу болды.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Дизентерия жұқпасыныңалдын-алу шаралары

Күні: , 40 рет оқылды

Біздің Орал қаласында жеделішек инфекциялары арасында дизентерия сырқаты 2016 жылғы 10 айлық көрсеткіш бойынша 44 жағдай тіркелсе, 2017 жылғы 10 айлық көрсеткіш бойынша 22 жағдай тіркеліп отыр, бұл жағдай дизентерия сырқатының 50 пайызға азайғанын көрсетіп отыр.


Дизентерия – ішек бактериялық инфекция асқынуы, тікішектің шарышты қабатының қабыну болып табылады. Дизентерия қоздырғышы болып Shigella (Шигелла) тұқымдасының энтеробактериялары табылады.

Инфекция қоздырғыш көзі науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы.

Инкубациялық кезеңі: дизентерияда 1-7 күн құрайды, тағамнан улануда бірнеше сағаттан 2-3 күнге дейін жетеді. Клиникалық белгілер пайда болғаннан (іш өту және т.б.) бастап науқас адам қоршаған ортада жұқпалы болады.

Инфекция қоздырғышын тарату фекальді-оральді механизммен беріледі.

Қоздырғыштың тағам жолымен жұқтыруда паштет, жеміс-жидектер, көкөністер, салаттар мен винегрет және т.б. азық-түліктерді сақтау, тасымалдау немесе дайындау кезінде санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталмауынан болуы мүмкін. Механикалық тасымалдаушы және санитарлық қолайсыздық көрсеткіші болып табылатын шыбындар арқылы.

Тұрмыстық — қарым-қатынас ластанған қолмен тұрмыстық заттар арқылы жұқтыру, негізі кішкентай балаларда жиі болады. Дизентерия қоздырғышы тұрмыстық заттар (ыдыс-аяқ, ойыншықтар және т.б.) арқылы таралады. Тағамдық өнеркәсіпте жұмыс істейтін адамдар ауруын жасыруы нәтижесінде дизентерияның негізгі көзі болып табылады. Дизентерияны «кір қол» ауруы деп атайды. Көбіне инфекция кір қол және нәжіспен ластанған тұрмыста қолданатын заттар арқылы жиі таралады. Балалар мекемелерінде санитарлық, эпидемияға қарсы ережелердің сақталмауынан дизентерия ауруы горшоктар, ойыншықтар, ыдыстар, төсек жабдықтары, шыбындар, кір қол арқылы таралуы мүмкін.

Тағам арқылы көбіне Зонне дизентериясы таралады. Инфекция таратушы факторлар: сүт, балмұздақ, қаймақ, сарымай. Көпшілік тамақтандыру мекемелерінде салаттар, винегреттер, компот, кисель, ет өнімдері, фарш, балық арқылы таралады. Тағам өнімдерінде қоздырғыштар көбеюі де мүмкін. Тағаммен байланысты өршулер өте ауыр түрде өтеді, клиникалық белгілері тамақпен улану белгілеріне ұқсас болады.

Су арқылы Флекснер дизентериясы таралады. Ашық су қоймаларының суы жаңбыр, еріген қардың суымен, тазаланбаған тұрмыстық қалдық суларымен және кір жуылған суларымен ластанады. Сумен байланысты өршулер бір белгілі су көзімен қатысты болады, тек ластанған суды ішкендер ауырады, суға шомылу кезінде залалданған суды жұтудан болады.Инкубациялық кезеңі ұзақтау, клиникалық белгілері орташа ауыр түрде болады.

Дизентерияның алдын алу.

Халықты эпидемиологиялық сапалы, қауіпсіз азық-түлікпен, сумен қамтамассыз ету шараларын өткізу. Алдын-алу бір әдісі санитарлық-гигиеналық тәртіпті сақтау. Өнеркәсіпте қатаң санитарлық бақылау қою, әсіресе сүт және сүтөнімдері қолданатын өнеркәсіптер. Санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу өте маңызды орын алады.

Дизентерияны болдырмау үшін, келесі сақтық іс-шараларды сақтау тиіс:

1) жеке бас гигиенасын сақтау, көшеден кейін, дәретханаға барғаннан соң, тамақ ішер алдында қолды жуу;

2) азық-түлікті бейберекет орындарынан алмау, тез бұзылатын тағамдардың сақтау мерзіміне және сақтау шарттарына аса назар аудару;

3) сақтау мерзімі өткен немесе тоңазытқышта сақталмаған тағамдарды қолданбау;

4) көкөністермен жеміс-жидектерді мұқият суға жуу және қайнаған суға шаю;

5) шомылуға рұқсат етілген жерлерде шомылу, сүңгу кезінде суды жұтпау;

6) бау-бақша өнімдерін кесілгенін алмау;

Дендеріңіз сау болсын, аурудың алдын-алу шараларын қатаң сақтаңыздар.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика