Мұрағат: 11.12.2017


Ел Тәуелсіздігіне арналған кездесу

Күні: , 101 рет оқылды

Ел Тәуелсіздігі күніне орай қаламыздағы Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығында аталмыш орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Сырым ауданы және Орал қаласы оқушыларының арасында бокстан кездесу өтті.


2005-2006, 2007-2008, 2009-2010 жылғы балалар арасында барлығы он салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған сайыста қырықтан астам оқушы бақ сынады.

– Бүгінгі кездесу еліміздің Тәуелсіздік күніне, сондай-ақ Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығының ашылғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Сырым ауданының орталығында бокс үйірмесі ашылғанына да бір жылдан асты. Оқушылардың көбі рингке алғаш рет шыққанына қарамастан өте жақсы нәтиже көрсетуде. Негізгі мақсат – ауыл балаларын спортпен айналысуға ынталандыру болып отыр. Өйткені оқушылар және жастар сарайында боксқа қатысушы балалар көп, бір-бірімен тәжірибе алмасады, қалада көптеген жарыстар өтіп тұрады. Бір жағынан ауылға барған жас жаттықтырушылардың машығын, жұмыс үрдістерін де қоса бақыла-мақпыз. Мысалы, Жымпиты ауылындағы жас жаттықтырушы Тайман Оразбаев бокстан облыс чемпионы. Тәрбиелеген балаларының аяқ алысы жаман емес, осы сайыстың өзінде бірнеше оқушысы жеңімпаз атанып үлгерді. Осыған дейін дәл осындай кездесу Зеленов ауданының оқушыларымен өткен болса, алдағы уақытта Қазталов, Ақжайық, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі ауданының жас өрендерін шақырмақпыз, – дейді Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығының меңгерушісі Саттар Аманқосұлы.

Сайыс жеңімпаздарына диплом және бағалы сыйлықтар, ауыл мектебінен келген оқушыларға спорттық киімдер табыс етілді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Шөп-шаламнан өнер тудырған

Күні: , 80 рет оқылды

Жақында Орал қаласының көрме залында «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының» қолдауымен ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Көркейе бер, менің өлкем» атты Михаил Старинецтің суреттер көрмесі ашылды.


Аталмыш көрмеде шөптің сабанынан (салом) жасалған 50-ге жуық туындылары қойылған. Асқан төзімділік пен шеберлікті қажет ететін бұл шығармалардың авторы Михаил Старинец өзі II топтағы мүгедектігіне қарамастан бірнеше мәрте аудандық, қалалық және облыстық фестивальдардың жеңімпазы атанған. Көрме иесінің сурет өнерімен айналысқанына 20 жыл уақыт өткен. Осы аралықта 200-ге тарта картина шебердің қолымен дүниеге келіпті.

– Шығармашылық жұмыспен айналысуда бүгінгі көрменің кейіпкері тың тәсіл ерекше бағыт ұстанғандығы таңқалдырады. Негізінен оңай шаруа емес. Суретші былай қарағанда ешкімге қажет болмай жатқан сабанның жақсыларын тауып, оны кептіріп әбден дайындап алғаннан кейін, қою түстер қажет болатын жерлерін үтікке бастыру арқылы тартымды туындыларды өмірге әкеліп отырған. Өте қиын жұмыс екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ соған қарамастан ойындағысын іске асырып отырған талант иесінің шыдамдылығына риза болдым. Бір картинаны салу үшін айға жуық уақыт кетеді. Әбден шарықтау шегіне жеткеннен кейін лактап, картинаның көп жылға сақталуына жол ашады. Көрменің есігі алдағы айдың екісіне дейін көрермендер үшін айқара ашық тұрады, – дейді қалалық көрме залының меңгерушісі Нұртай Жәрдемов.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


«Жайдармандықтардың» жайдары кеші

Күні: , 92 рет оқылды

Жақында Батыс Қазақстан облысы әкімі жүлдесіне арналған республикалық «Жайдарман» фестивалі өтті.


Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың акт залына жиналған студенттердің қарасы мол болды. Фестивальде «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ Ақжайық КВН лигасы «Ақжайық жастары», М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың «Сіздер үшін», БҚ инновациялық-технологиялық университеті педагогикалық факультетінің «Жаңа толқын» жергілікті командалары, «Сыр елі» Қызылорда құрамасы, биылғы жылғы республикалық жоғары лига сайыстарының күміс жүлдегері, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Байдың балалары» (Шымкент), ақтөбелік «Фемида», республикалық жоғары лига сайыстарының финалдық бәсекесінде өнер көрсетіп, көрермен көзайымы атанған Атырау облысының «Сағыз» құрамасы өнер көрсетті. Өр өмірдің өрнектерін әзілге айналдырып, күлкіге бөлейтін жайдармандықтардың өнері жастарды шат-шадыман күйге бөледі.

Бір-бірімен сайысқа түсіп, әзілдерінің өткірлігін сынға салған топтардың өнеріне облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев, ардагер КВН-ші, талай жандарға демеуші болып жүрген Қанат Талғатов, «Ақжайық» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев, «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев және облыс әкімінің кеңесшісі Жарқын Түсіпбекұлы қазылық жасады.

Жайдарманның жастары бұл жолы да көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. Жастардың өнерін тамашалаған облыс әкімі Алтай Көлгінов марапаттарды өзі табыстады. Жеті топтың ішінен үздік шыққан «Қызылорда құрамасы» 1 орын алып, сары алтындай кубокқа иелік етті. Ақтөбелік «Фемида» 2 орыннан көрініп, үздік үштікті оралдық «Жаңа толқын» командасы түйіндеді. Ал Шымкенттен келген «Байдың балаларының» ойыншысы Ұлан Мықтыбек «Үздік ойыншы» атанды.

Ойын алдында «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукенмен аз-кем сөйлесудің сәті түсіп, оралдық жастардың өнері, жалпы ел жастарының рухани жаңғыруға қосатын үлесі мен тіл үйренуге деген көзқарасы жөнінде сауал қойған едік.

– Жайдарманның Орал қаласындағы ұйымдастырылуына көңілім толады. Жаңадан командалар өсіп келе жатыр. Балалардың ойынға деген қызығушылығы жаман емес. Бәрі аспаннан салбырап түсе салмайды ғой. Тәжірибе жинақтау керек. Оралдық командалардың өнері өзгелерден кем емес, орташа. Бұл шараны елімізде ең бір қасиетті, басқа мерекелерге қарағанда, ерекше мейрам – Тәуелсіздік күні алдындағы мерекелік іс-шара деп айтуға болады. Рухани жаңғыру дегенде бірінші кезекте тілді айтар едім. Ал енді тіл мәселесін шешіп алмай, мемлекеттік тілді ұлықтамай, басқа әңгіме айту ұяттау сияқты. Өткен тарихты білген дұрыс. Сонымен қатар жаңалыққа, жаңа нәрсеге, әлемдік деңгейдегі дүниелерге ұмтылғанымыз дұрыс. Жастар тіл үйренсін. Кейде ағылшын тілін үйренсе, ағылшын немесе американдық болып кетеді деген түсінік кездеседі. Тіл дегеніміз – құрал. Әлемдік дүниеге шығу үшін міндетті түрде тіл керек. Сондықтан да жастар көп оқулары керек, көп іздену керек, Ахмет Байтұрсынов «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деп айтқан екен. Саналы дүниеде біз бірігуіміз керек. Бұрын біздің кезіміздегі жастар басқа тілді білмесе ұялып, кішкене қысылатын. Қазір олай емес. Кейде жайдарман ойыншыларының тілі таза емес деп жатады. Жергілікті диалекті бар, көшенің әңгімесі бар. Бұлар кәсіби адамдар емес, олар әуесқой ойыншылар. Жайдарманға бар болғаны 5-6 жыл уақытын ғана бөледі, сосын әрі қарай өзінің жұмысы бойынша кетеді. Сондай-ақ олар театрда жүрген адамдар емес. Бірақ жастарды барынша үйретіп, тілін барынша «тазалап» шығарып жатырмыз, – деді Есен Елеукен.

Ясипа РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»


Зейнетақы жүйесін қандай өзгерістер күтіп тұр?..

Күні: , 244 рет оқылды

Міне, жыл аяқтала келді. Ал жаңа жылда көп адамды зейнетақы жүйесіндегі тың өзгерістер күтеді. Олар қандай? Бұл туралы таяуда мемлекеттік Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) облыстық бөлімшесінде өткен баспасөз мәслихатында оның директоры Қайрат Ихсанов, директордың орынбасары Гүлмира Рәшева және бас маманы Шара Қалыбековалар әңгімелеп берді.


– 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы ұлғайып, базалық зейнетақыны есептеуге байланысты өзгерістер күшіне енеді. Яғни базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және зейнетақы жарнасын төлеумен расталатын 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі де ескерілмек. Бұдан басқа БЖЗҚ қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгереді. Сонымен, 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, зейнеткерлік жасқа толуына және І, ІІ топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу барысында аталмыш жинақтың бүкіл ақшасын біржола беруді тоқтату жоспарланған. Енді жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағының мөлшері ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, аталмыш ақша алушыға БЖЗҚ-дан бір рет толығымен беріледі. Ал егер алушы зейнетақы төлемін алу үшін қорға жүгінген күні оның жинағының мөлшері ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асса, онда қордан төленетін зейнетақы тек ай сайын ғана берілмек. Ал ең төмен зейнетақы қоры жоғарыда көрсетілген шектен аспаса, оны толығымен алуға мүмкіндік бар. Аталмыш мөлшер келесі жылы 404940 теңгені құрайды, – деді Қайрат Ибрагимұлы БАҚ өкілдеріне.

Оның айтуынша, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері Үкімет қаулысымен бекітілген, зейнетақы төлемнің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде (12,1) айқындалады. Бірақ ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем болмайды.

– Келер жылдың 1 шілдесінен бастап, мемлекеттік бюджеттен базалық зейнетақы жалпы еңбек және жинақтаушының зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, тағайындалады. Яғни базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінгі базалық зейнетақы 14466 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. Он жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері екі пайызға өсіп отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына теңестіріліп, әрі қарай өсірілмейді. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болса, аталмыш адамдарға ортақ зейнетақы төленбейді. Жаңа өзгеріс бойынша алдағы жылы зейнетке шығатындар айына екі жерден, яғни мемлекеттік бюджеттен және салымшының жеке зейнетақы қорынан өзіне тиесілі үлесін алатын болады. Басты мақсат – салымшыларды тұрақты түрде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, – деді Гүлмира Серікқызы.

Әрі қарай ол әр салымшыға өтініш жасаған күннен бастап, қордағы үлесі таусылғанша, ай сайын төлем беріліп тұратынын айтты. Сонымен қатар барлық салымшыны зейнеткерлікке жасы келгенде, қорға тап сол күні жолығып, өзінің заңды құқығын жедел жүзеге асыруға шақырды. Биыл БЖЗҚ облыстық бөлімшесі 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсан күндері таңғы 9-дан түскі сағат 1-ге дейін жұмыс істейді. Себебі – БЖЗҚ-дан төлем алу құқығы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған немесе туындайтын салымшының осы төлемді рәсімдеу құқығын жүзеге асыру.

– Өкініштісі сол, шетелге, көбіне Ресейге кететін салымшылардың іс-әрекетінен қиындықтар болып жатады. Шетелге шығатындар бірінші кезекте көші-қон жөніндегі полицияға жолығып, содан кейін бізге келіп, есеп айырысуы керек. Алайда кейбіреулер оны ескермейді. Нәтижесінде дау-дамай туады. Себебі біз бұған қатысты белгіленген мемлекет заңдылығының шеңберінен шықпаймыз. Соның салдарынан кейде соттасатын да кез болады. Бірақ заң шеңберінен шықпағандықтан, сот бізді жақтап шығады. Ең дұрысы – жанжалдасуға бармау, – деді Гүлмира Серікқызы.

Баспасөз мәслихатының соңында сұрақтарға жауап берілді.

Серік ИХСАНҒАЛИ


«Тозақтың шеңбері» көрермен назарында

Күні: , 270 рет оқылды

Жексенбі күні облыстық қазақ драма театрында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, танымал жазушы-драматург Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасының премьерасы өтті. Премьераға облыс әкімі Алтай Көлгінов, пьеса авторы Сәбит Досанов, жұбайы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Құралай Аққошқарова, інісі, белгілі кәсіпкер Ғабит Досанов, ақын, танымал публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбаев, ақын, «Қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Иса қатысты.


Қазақ халқының басынан өткен сол бір сұрапыл күндерді бейнелейтін қойылым Қайрат Рысқұлбеков пен Фатима атты арудың арасындағы нәзік сезімге толы сәттерді суреттеумен басталады. Мамыражай бейбіт күн. Шынайы сезім. Сыршыл өлең. Әдемі әзіл. Олар бақытты еді. Қайрат сәулетші, Фатима биші болып үлкен асуларды бағындырсақ деп армандайды. Өзіндей ақкөңіл достарының қасында Фатимаға деген ғашықтығын өлеңмен жеткізген Қайрат санаулы сағаттардан соң аппақ армандарының енді орындалмай, тек арман болып қалатынын білмейтін.

«Медеу» мұз айдынында алаңсыз коньки теуіп жүрген жастардың көңілін нілдей бұзған «Қазақ елін басқаруға Г. Колбин тағайындалды» деген радиодан естіген жаңалық болатын. «Қазақтың жерін қазақ қана басқаруы тиіс» деп ұрандатқан бір топ жастар «Менің елім» әнін шырқап, алаңға шығады.

Қойылымның ширыға түсетін осы сәтінде басты рөлде Қайраттың бейнесін сомдаған Жасқайрат Валиуллиев пен Щерба (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі) болып ойнаған Талиғат Жігеровтің образ сомдаудағы шынайы шеберліктері айшықтала түседі. Әсіресе, Щербаның шовинистік көзқарасы, қазақтың сұлу қызына іштей тамсанған нәпсіқұмарлығы, қанша түлкі бұлаңға салғанымен қазақтың қайсар қызы Фатима мен талай тепкіні көрсе де, өз сөзінен қайтпай қасарысып тұрып алған өр мінез Қайраттың алдында шарасыз кейіпке еніп, шаршаған сәті шынайы шықты.

Кез келген адам байқай бермейтін сахна декорациясының өзі нәзік иірімге толы. Сахна ортасында қып-қызыл болып жанған отқа топырлап түсіп жатқан өрімдей жастар, қоршалған қара мата – тозақ шеңберінен шыға алмай бұлқынған, бірақ өз өмірінен гөрі тұтастай бір елдің тағдырын ойлаған жас өмір… Қайрат түсінде анасымен сырласады, сол сәтте сахнадағы ақ мата да үзіледі. Бұл анасының ұлынан үміт үзуі, енді оны ешқашан көре алмайтындығы еді…

Тарихи сәтті бейнелеген қойылымда жастардың рухын көтеретін, патриоттық сезімін оятатын сәттер жетерлік. Оның ішінде ел қамын ойлап, халықтың атынан сөйлеген ақын да, ұлының қалін ойлап, зар еңіреген ананың зары да бар. Қазақтың қайсарлығы мен рухының биіктігін, сабырлы, шыдамды бола жүріп, әділетсіздікке төтеп беріп, соның жолында темірдей төзіммен, өз дегеніне жете алатын халық екендігін бейнелейтін қойылым көрермен көңілінен шықты. Жастардың ширыққан отты жанары, рөлдерін шынайы бере алуы зал толы жастарға әсер еткені анық. Қойылымда Қайратты тұнық сезімге бөлеген ару Фатиманың рөлінде Ақжан Орынбасарова, Қайраттың анасы Дәметкенді Эльмира Мақашева, Колбинды Дулат Хамитов сомдады. Қойылымның қоюшы режиссері – Самал Әбуов, суретшісі – Мұрат Мәмбетов.

Премьера соңында сахнаға көтерілген драмалық шығарманың авторы Сәбит Досанов театр ұжымына ризашылығын білдірді.

– Желтоқсан көтерілісі бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Мен де ауырдым. Осы пьеса менің жылап отырып жазған туындым еді. Бұл – халықтың үлкен трагедиясы. Бүгінгі қойылымға ризамын. Әсіресе Щербаның рөлін ойнаған актер керемет, жақсы сомдады. Қаламгер ретінде кешегі жастардың алдында арым таза деп ойлаймын. Қолымнан келгенін жаздым. Бұл қойылымды бірнеше театр қойды. Бірақ батысқазақстандық режиссер солардың ешқайсысына ұқсамайтын өзіндік шешім тапқан. Декорацияның өзі жеп-жеңіл, керемет жасалған. Қойылымға ризамын. Біздің қасиетті көк аспанды, самсаған жұлдыздарды жаратқан Алла Тағаланың халқымызға сыйлаған екі үлкен бақыты бар. Оның бірі ол қаннан да қымбат, жаннан да тәтті – Тәуелсіздік болса, екіншісі – сол Тәуелсіздікті ұстап, көреген саясатымен көш бастап келе жатқан – біздің Елбасымыз. Бұрыннан қалыптасып қалған мемлекетті басқарудың өзі оңай емес. Ал қирап қалған қырындының ортасынан жаңадан мемлекет орнату – тақыр жерге тау тұрғызғандай еңбек. Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – Елбасымыздың қадап айтып жүрген сөзі «Бірлік түбі – тірлік». Мәңгілік арманымыз – Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Өмір-дегі ең қымбат нәрсе – көңіл. Маған көңіл бөлгендеріңіз үшін рахмет, – деп тебірене сөйлеп, көзіне жас алған драма авторы Сәбит Айтмұқанұлы театр ұжымына естелік сыйлық табыстады.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов үлкен делегацияны бастап, тарихи туындыны көруге арнайы келген жазушы Сәбит Досановқа алғыс айтты.

– Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Біз бүгін Тәуелсіз Қазақстанның 26 жылдығы қарсаңында театр ұжымы тарихи туындыны сахналаған сәттің куәсі болдық. Бірақ біз тарих қойнауына кеткен сол жылдарды ұмытпауымыз керек. Қазір салыстырмалы түрде қарасақ, ширек ғасырдан бері еліміз қаншама жетістіктерге жетті. Көпұлтты мемлекетіміз бір шаңы-рақ астында бірлік пен тұрақтылықта өмір сүріп келеді. Мұның бәрі еңбек пен мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатының нә-тижесі. Сол кездегі қиын сәттерді жеткізіп жазған Сәбит ағаға ризамыз. Ал қойылымды көрерменге шынайы жеткізе білген театр тарландарына басымды иіп, көрермендер атынан алғыс айтамын, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Қойылымның қоюшы режиссері Самал Әбуов қойылымды сахналауды бір ай бұрын қолға алыпты.

– Ұсыныс түскен сәттен бастап, іске кірістім. Өйткені бізде талантты жас актерлер көп. Пьеса негізі көлемді, сегіз бөлімнен тұрады. Оны аз уақытқа сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан ең маңызды деген бөліктерін алып, көрермен на-зарына ұсынуға талпыныс жасадым. Негізінен «Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Қанша қан төгілді? Қанша адамның тағдыры тәлкекке ұшырады?» осы сәттерді бейнелегім келді. Бұның бәрі кейінгі жастар қазақ халқының басынан осындай қиын сәттер өткенін біліп жүрсін деген ниеттен туған ой, – дейді журналистермен ой бөліскен Самал Қадерұлы.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Зәкария ақынмен кездесу

Күні: , 98 рет оқылды

Жуырда ақын, Қазақстан Журналистер одағы және халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, аудандық мәслихат хатшысы Зәкария Сисенғалимен «Айтарым бар…» жобасы аясында кездесу кеші өтті.


Шараны мектептен тыс жұмыс орталығының ұжымы ұйымдастырды. Кешке ақынның үзеңгілес достары, ұстаздар, оқушылар және жыр сүйер қауым қатысты.

Шарада З. Жүсіпқалиұлының сөзіне жазылған «Ақжайық – ару мекенім» әні айтылып, кеш иесі зор құрметпен ортаға шақырылды.

Кездесуде Закария Сисенғали өлеңмен біте қайнасқан өмір жолы, туған жер һәм өскен өңірі жайлы сыр шертіп, оқушыларға ой саларлықтай салиқалы әңгіме өрбітті.

«Сыйлай білу өзгелерді – адамдық,

Сол қасиет жібереді адам қып.

Жалғыз ғана қалдыратын мәңгілік,

Аманатым, ұрпағыма – адалдық», — деп адалдықты ту еткен ақын, туған елінен табан аудармай, жерлестеріне жалынды жырын арнап, жас біткенге үлгі-өнеге көрсетіп келеді.

Қатепті қара нардай қара өлеңнің жүгін көтерген ақын жырларын мектеп оқушылары мен балабақша өрендері жатқа оқыды. Сондай-ақ ақиық ағаларына ойларында жүрген сауалдарын қойып, жайсаң жанның өмір жолымен кеңінен танысты. Жалпы, кездесуге келгендер өрнекті жырларға сусындап, өлең құдіретінің қыр-сырына қанықты.

Ақынмен жылы жүздесуге арналған «Айтарым бар…» жобасы «Өлең өлкесінде», «Біз білмейтін…», «Сіз дайынсыз ба?», «Ойнайық та, ойлайық», «Қайым айтыс», «Қонақ кәде», «Тосын сый» секілді бөлімдерді қамтыды.

Кездесу соңында ақынның замандасы, аудандық «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Өмірзақ Ақбасов сөз алып, жүрекжарды лебізін жеткізіп, кеш иесіне арнаған «О, Зәкар, жолдасым!» атты төл туындысын тебірене оқып берді. Аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева құттықтау сөз сөйледі. Артынша кеш иесі З. Сисенғали ізгілікке үндеген шараны ұйымдастырған ұжымға алғысын айтты. Бұдан соң мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Бекжанқызы сөз алды. Ол кешке келген қонақтарға ризашылық білдіріп, ақын Закария Жүсіпқалиұлына сый-сияпат тапсырып, ілтипат көрсетті.

Кеш соңында ақын мектеп оқушыларына қолтаңбасын қалдырып, естелік суретке түсті.

Алтынбек СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

Жаңақала ауданы


Сәулетті мешіт ашылды

Күні: , 100 рет оқылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан орталығында жаңа мешіт пайдаланылуға берілді. Тек Переметный ғана емес, жақын маңдағы барлық ауылдан келген жамағаттың басын қосқан Алла үйінің ашылу салтанатында аудан әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, игі тілегін білдірді.


Облыстық орталық мешіттің наиб имамы Марат Асанов та ел-жұртты құттықтап, мешіттің салынуына атсалысқан белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мұрат Жәкібаевқа естелікке «Құран Кәрім» сыйлады. Сондай-ақ Марат Рахметоллаұлы дініміздің өркен жайып, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың нығаюына еңбек сіңірген бір топ азаматты ҚМДБ-ның алғысхаттарымен марапаттады. Найб имам және аудан ақсақалы Әнес Көжімов лента қию рәсімін жасады. М. Жәкібаев 250 адамға ақ дастарқан жайды. Ақ дастарқан басында Мұрат Жәкібаев сәні мен салтанаты келіскен осындай мешіттің бой көтеруі тек аудан халқының ғана емес, барша мұсылман қауымының мәртебесі екендігін айтты. Мешіт құрылысына демеушілік жасаған аудан кәсіпкерлері мен Чехия, Өзбекстан, Дағыстан сияқты алыс-жақын елдердің мұсылмандарының да дер кезінде қолұшын берген еңбегін атап өтті. Жиын соңында ауыл азаматтары атынан Сатым Төлегенов демеушілерге ризалығын білдірді. Айта кету керек, ауданның Асан ауылында да жаңа мешіттің құрылысы бітіп, құжаттары рәсімделу үстінде.

Түгелбай БИСЕН,

Зеленов ауданы


Донеділдің атындағы «Донеділ»

Күні: , 59 рет оқылды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тайпақ ауылында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Гүлнар Дәукенованың сазды шығармашылық бағдарламасы тұрғындармен емен жарқын кездесу түрінде өтті.


Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Бердәлі жүргізген кеш барысында елімізге танымал қос өнерпаз өнер тақырыбындағы естеліктерімен бөлісті. Олардың әндерін жергілікті әншілер Венера, Әнуар Нұрғалиевтер, Дәурен Ғилманов, Есенгелді Тапаловтар шырқады. Осы кеште тұсауын кесіп, алғаш сахнаға шыққан Тайпақ балалар саз мектебінің жанынан құрылған фольклорлық ансамбльге «Донеділ» есімі берілді. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Т. Ғабдушев және Тайпақ ауылдық округінің әкімі Б. Шаленов қонақтарға ізгі тілегін білдіріп, иықтарына шапан жауып, аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан алғысхат табыстады. Кеш әсерлі өтіп, халық рухани азық алып тарасты.

Дәурен ҒИЛМАНОВ,

тұңғыш «Ақ Жайық – ару мекенім»

ән фестивалінің лауреаты


Үздік тілшілер анықталды

Күні: , 137 рет оқылды

Бейсенбі күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің мәжіліс залында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқаудың жүлдегерлері мен жеңімпаздары марапатталды.


Аталмыш байқаудың мақсаты мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарына насихаттап жүрген тілшілердің материалдарын саралап, үздік мақалаларды анықтау болатын.

– Биылғы жыл еліміз үшін елеулі жыл. Айта кетсек, әлем елдерін Қазақ даласына бас бұрғызған «EXPO» халықаралық көрмесінің өтуімен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының елдің санасын сілкіндіріп, рухын оятқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жариялануымен ерекшеленді. Сондай-ақ таяу жылдары жүзеге асырылуы көзделген маңызды міндеттердің бірі – қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесі қолға алынды. Аталмыш жаңашылдықтардың жаршысы, «төртінші билік иесі» атанған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері екені жасырын емес. Елбасы Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» мемлекеттік тілдің әлеуметті-коммуникатив-тік қызметін нығайту және кеңейту, тіл саясатын кеңінен насихаттау жолға қойылған болатын. Бірыңғай тіл саясатын насихаттау мақсатында «Мемлекеттік тіл мен БАҚ» байқауы оздырылды. Тілшілер тарапынан ұсынылған материалдарды саралау оңай болған жоқ, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Байқаудың материалдарымен танысып, бағалаған қазылар алқасының төрайымы танымал ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер ұстаз Дариға Мұштанова тілшілерге ұсыныс-пікірін былайша жеткізген еді.

– Бұл байқауға қатысу үшін де адамға батылдық, талап, өзіне деген сенім керек. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы дәстүрлі байқауды мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін, болашақтағы тіл майданының тұлғаларын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып отыр. Бұл бәйгеге бұрын қабырғалы қоғам қайраткерлері, заңгерлер қатысатын. Бұл жолы өршіл жастардың жұмыстарын сараладық. Бала қыранның бір самғауы қашан да кем тұрады. Тәжірибені жинақтай келе олар да жетіледі. Үміткерлер латын графикасы туралы материалдарда таптауыр сөздерді жиі қолданған. Тақырыптан ауытқып кету, бастаған тақырыбын шұбалтып, жалықтырып жіберетін мақалалар да кездесті, – деді ақын Дариға Ғазезқызы.

Қазылар құрамында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист Тихон Әліпқалиев, «QAZAQSTAN» ұлттық телерадио корпорациясы «AQJAI’YQ» филиалының редакторы Гүлмира Тілеубаева, облыстық «Орал өңірі» газетінің бөлім меңгерушісі Нұртас Сафуллин және БҚО «Азаматтық Альянс қауымдастығы» мекемесінің атқарушы директоры Жаннат Танабаевалар болды.

Байқауға 40-тан астам жұмыстар ұсынылған. Қазылар алқасының шешімімен тіл додасында «Үздік мақала» аталымы Теректі аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі Әділет Орынбасаровқа, «Үздік телеарна бағдарламасы» «AQJAI’YQ» телеарнасының редакторы Мұнайдар Балмолдаға, «Үздік сайт мақаласы» «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлсезім Бияшеваға, «Үздік радио бағдарламасы» Қазақстан РТРК БҚО радиосының редакторы Жамал Қадыроваға бұйырды. Байқау үздіктеріне 75 мың теңгелік сертификат табысталды. Сонымен қатар бірқатар журналистер алғысхат және 15 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ынталандыру сыйлы-ғын алған жандардың ішінде әріптесіміз, «Орал өңірі» газетінің фототілшісі Темірболат Тоқмамбетов те бар.

Өз тілшіміз


«Желтоқсанда Жайыққа ат басын бұрдым»

Күні: , 179 рет оқылды

Жексенбі күні облыс әкімі Алтай Көлгінов ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, танымал жазушы, драматург Сәбит Досановпен және оның жұбайы ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Құралай Аққошқарова, інісі, белгілі кәсіпкер Ғабит Досанов, ақын, танымал публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбаев, ақын, «Қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Исамен кездесті.


Танымал жазушы Сәбит Досанов «Тозақ шеңбері» атты пьесасының тұсаукесеріне орай, Ақ Жайыққа ат басын бұрдым дейді.

– Желтоқсан айы – тарихи күндерге толы. Соның ішінде Желтоқсан көтерілісі арқылы ғасырлар бойы ата-бабамыз арманда-ған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сондықтан Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын деп тілеймін! Облыс әкімімен болған кездесуде егемендігіміз, оны баянды ету туралы пікір алыстық. Басшымыз біреу болса, қалғанымыз тіреу болуымыз керек. Елдің жағдайы туралы сөз қозғадық. Ең бастысы еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, – деді журналистермен ой бөліскен Сәбит Айтмұханұлы.

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика