Мұрағат: 08.12.2017


«Тау баласының» тұсауы кесілді

Күні: , 85 рет оқылды

Теректіде тамаша бір кеш өтті. Онда өлең сүйер оқырман өзінің елеңдеп күтіп жүретін жас ақынымен кездесті.


Жас ақын деп отырғанымыз, Әділет Орынбасаров. Оның есімі жамағатқа тек аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің тілшісі ғана емес, сонымен қатар ақын, халық театрының белсенді мүшесі ретінде мәлім.

Әділет Атырау облысының Индербор кентінде дүниеге келген.

Оралдың М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Бала кезінен өлең өрнектеуді жаны сүйеді. Талай рет республикалық, облыстық, қалалық түрлі байқауларда есімі ерекше аталды.

Осы күні кеше Теректі аудандық мәдениет үйінде сөзіміздің басында айтқан кеште оның «Тау баласы» атты кітабының тұсаукесері болды.

«Тау баласының» алғы сөзінде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин: – Біреулер «Қырдың баласымын» десе, жазиралы кең даланы мақтан еткені. Сондықтан Әділеттің «Тау баласымын» деп, қия шыңдарға құлаш сермеуі өзіне қойған талаптың деңгейі болар. Қайта жастарға таудай биікке ұмтылу, соған сай боламын деп талпыну жарасады. Дәл осы талпыныс Әділеттің бойынан анық аңғарылады. Ол – адал жүруді, әділ болуды қалайтын, осыны өзінен ғана емес, өзгелерден де талап ететін, шыншыл, сыншыл, сыршыл ақын» деп Әділеттің өлеңдегі жолы даңғыл болуына ақжарма тілегін арнаған.

Ал «Таңдайдан жыр төгілсе, арман бар ма?!» деп тамсанып тілек жазған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ: – Автор тырнақалды туындысының атын «Тау баласы» деп тегін қоймаған шығар. Оны «Мен таулықпын!» деген өлеңінің өн бойынан сезінуге болады.

Тау естіді іңгәлаған даусымды,

Сонда өткіздім мамыражай маусымды.

Тау сынды ешкім мені тыңдай алмаған,

Ешкім мені түсінбеген тау сынды, – дей келіп,

Маңғаз таулар жүрегіме үңілді,

Сүйеді екем аспан мен жел, гүліңді.

Алып Анам!

Құшағыңа құлаймын,

Тәркі етумен күйбеңімді бүгінгі, – деп түйіндесе, оған иланасың. Тау баласын түсінбейтіндер де болар. Ең бастысы, өлеңінде өтірік айтпайды. Жырларынан қазақ баласының өршілдігін, намысқойлығын айқын сезінесің, – дей келе, жас ақынның келешегіне сеніп, өлең көшінің көрікті болуын тілейді.

Әділеттің осы қасиетін айрықша бағалайтын ақын аға-інілері, бауырлары, достары, оқырмандары жыр жинақтың тұсаукесеріне арнайы келіп игі лебіздерін білдірді.

Айтыскер ақын Бауыржан Ширмедин жүргізген шара барысында кеш кейіпкерінің өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Жыр кешінде аталмыш кітап ата-әжесіне арналғандығын жеткізген Әділет Әлібекұлы бұл кітаптың «дүниеге келуіне» септігін тигізген аудан басшылығына және Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мәулет Жұбатовқа зор ризашылығын жасырмады.

Самал ЖАМЕТ,

Орал қаласы


Тағзым мен аманат

Күні: , 93 рет оқылды

Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік құндылықтары: өткенге тағзым, болашаққа аманат» ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Басқосуға Қазақстан Республикасы ұлттық инженерлік академиясы облыстық филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, академик Ақсерік Әйтімов төрағалық етті. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Астана қаласындағы Еуропа құқығы мен адам құқығы жөніндегі сараптау институтының директоры Марат Башимов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, «Нархоз университетінің» экономика және менеджмент мектебінің деканы, профессор Самажан Өмірзақов, сонымен қатар көрші Ресей елінің және қазақстандық ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. «Бүгінгі ғылыми-практикалық конференцияның маңыздылығын өте жоғары бағалаймыз. Өйткені біздің ел болып дамып отырғанымыз тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының нәтижесі деп есептейміз. Экономикалық дағдарыс кезеңінен аман-есен өтіп, Елбасының салиқалы саясаты арқасында қазақ елі бүкіл мемлекеттің арасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр», – деп әлеуеті артқан 30 елдің қатарына ену жолында тер төгу қажеттігін айтқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Ақсерік Сарыұлын «100 жаңа есім» жобасына енуімен құттықтап, облыс басшысы Алтай Көлгіновтің марапатын табыс етті. Бұл конференцияның мақсаты – тәуелсіздіктің құндылығы мен мазмұнын ұғындыра отырып, жастардың бойында патриоттық, мәдени құндылықтарды қалыптастыру болды.

Пленарлық мәжілістегі мазмұнды да мағыналы баяндамалар арасында «Нархоз университеті» мен «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені алдағы уақыттағы өзара әріптестік байланыста болу үшін меморандумға қол қойды. Ғылым мен білімнің дамуына үлес қосқан бір топ адамға қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңесі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық бірлестігі және SOS Киндердорф халықаралық қоғамдық ұйым марапаты тапсырылды. Конференцияның екінші бөлігінде еліміздегі қазіргі заманауи ғылыми техниканың дамуы және өзекті мәселелері жөнінде баяндамалар оқылды. Шара оздырылған сәтінде, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ғылыми-инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


«100 есімге» енгендермен жүздесу

Күні: , 181 рет оқылды

Жұма күні облыс әкімі Алтай Көлгінов «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының Батыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпаздары Ақсерік Әйтімов, Саида Қалықова, Елена Шушлебинаны қабылдады.


Мемлекет басшысының аталмыш жобаны іске асырудағы маңыздылығын тілге тиек еткен облыс әкімі жоба жеңімпаздарымен емен-жарқын әңгімелесті. Біз әкім қабылдауында болған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарын әңгімеге тарттық.

– Жақында ғана Елбасымен болған кездесуден керемет әсер алдым. Өзім осы жобаға енгеніме әрине, қуаныштымын. Мен «Болашақ» бағдарламасы аясында Флоренцияда екі жарым жыл оқыдым. Ақырғы емтихан тапсырар кезде мен ректорға өте көне және сирек орындалатын күрделі туындыны орындау үшін оркестрдің сүйемелдеуі қажет екендігін айттым. Ректор таңқалды. Өйткені консерватория түлектерінің арасында көпшілігі оркестрмен шығарма орындауға тәуекел ете бермейді. Мен оркестрдің сүйемелдеуімен күрделі туындыны сәтті алып шықтым. Одан бө-лек екі бірдей ғылыми зерттеу жұмысымды министрлікке жібердім. Олар еңбегімді бағалап, маған «Музыка академигі» деген атақ берді. Алдағы жылы Оралда жеке концертімді өткізуді жоспарлап жүрмін, – дейді Астана мемлекеттік филармониясының жеке орындаушысы, пианист, музыка академигі Саида Қалықова.

Сондай-ақ еліміздегі ғылым-білім бағытындағы жобаларды дамытуға үлес қосып жүрген ҚазИИТУ-дың ректоры Ақсерік Әйтімов пен оқыс жағдайда батыл шешім қабылдап сәбидің аман-есен дүниеге келуіне атсалысып, ана мен баланың аман қалуына тікелей ықпал еткен Зеленов аудандық ауруханасының медбикесі Елена Шушлебина өздерін арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен облыс әкімі Алтай Көлгіновке ризашылықтарын білдірді.

Өз тілшіміз


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика