Мұрағат: 07.12.2017


2018 жылдан бастап БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі өзгереді

Күні: , 163 рет оқылды


Мінеки, 2017 жыл да аяқталып келеді. Алдағы жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесінде бірқатар өзгерістер орын алғалы тұр. Солардың бірі – 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың жаңа тәртібі. Бұл жаңалық қарапайым азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан үлкен қызығушылық туғызып отыр. Шын мәнінде бұл туралы 2015 жылы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына тиісті өзгерістер енгізілген кезде белгілі болған. Ал биыл 29 қыркүйекте ҚР Үкіметі қаулысымен зейнетақыны есептеу әдістемесіне тиісті өзгерістер енгізілді. 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою көзделген. Сөйтіп, зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыру, бюджет қаражаты есебінен және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен жүзеге асырылатын жиынтық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру мақсатында ай сайынғы төлем енгізілді. Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді.


Сонымен 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады.

Егер қорға жүгінген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған болса, оларды толығымен алуға болады.  2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 = 404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. Зейнетақы төлемдерін алушының жасына қарай оның зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп 12-ге бөлінеді. Одан шығатын сома зейнетақы қорынан жүзеге асырылатын ай сайынғы төлем болып табылады.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты міндет – оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру.

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлі төлем көздерінен берілетін төлемдер жиынтығы ретінде қарайды.

Бұл төлем көздері: мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар (ортақ зейнетақы) және салымшының өзінің зейнетақы жинақтары (жинақтаушы құрамдауыш, БЖЗҚ-дан төлемдер). Бұл жердегі басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негізде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету.

Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақы да бар. Ол мемлекеттік бюджет есебінен төленеді және барлық зейнеткерге еңбек өтілдерінің шамасына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып тағайындалады. Яғни, базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14 466 теңге көлемінде төленеді (ең төмен күнкөріс деңгейінің жартысынан сәл жоғары). Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады.

Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

Тағы бір құрамдауыш – еңбек өтіліне қарай төленетін ортақ (еңбек зейнетақысы) зейнетақы. Бұл зейнетақы да бюджеттен төленеді. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі жоқ немесе ол алты айдан төмен болған азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Аннуитеттік есептерге сәйкес, ең соңғы ортақ зейнетақы төлемдері 2040 жылдары жүзеге асырылады. Яғни, қазіргі 35-40 жастағы азаматтар 2040 жылдары зейнетке шыққанда ортақ зейнетақы ала алмайтын болады.

Дегенмен, бұл азаматтар мемлекет тарапынан зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдіктерін алуға құқылы (бұл бүгінгі базалық зейнетақы). Біртіндеп ортақ құрамдауыш келмеске кетеді, сәйкесінше 2030 жылға дейін және одан кейін жинақтаушы құрамдауыштың үлесі біртіндеп арта түседі.

Тағы бір құрамдауыш бөлік – бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Ол 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Содан бері зейнетақы жарналары қазақстандықтардың жеке зейнетақы шоттарына аударылып келеді.

Сәйкесінше, зейнеткерлік жасқа толғанда зейнетақы қорынан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты болады.

Егер адамдар бәрібір жалақыларын «конвертпен» алатын болса, болашақта зейнетақы қорынан алатын төлемдерінің мөлшері де мардымсыз болмақ.

Өкінішке қарай көп адам бұл туралы ойлай бермейді. Өйткені, мемлекеттік зейнетақыға иек артады. Сондықтан, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері зейнетақы қорына ең төмен жалақы көлемінде жарна аударады. Бұл олар үшін бүгінгі таңда тиімді шығар. Бірақ, болашақта алатын зейнетақысының мөлшеріне кері әсер ететіні сөзсіз. Зейнетақы жарналарын мейлінше тұрақты және қомақты көлемде аударып тұратын азаматтың болашақта алар зейнетақысы да қомақты бола түседі. Бұл ретте жыл сайын инфляция көлемі ескеріле отырып, ең төмен күнкөріс деңгейі, ең төмен зейнетақы секілді көрсеткіштер өзгеріп отырады. Ал бұл базалық зейнетақының мөлшеріне, сәйкесінше жиынтық зейнетақыға да әсер етеді.

«Қазақстанда зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi. Мысалы, Чехия, Жапония және Словакияда басқарушы компаниялар жарналардың атаулы құнының немесе инфляцияны ескермей нөлдік инвестициялық табыстылықтың сақталуына ғана кепілдік береді. Германияда зейнетақы қорлары енгізілген жарналарға қатысты зейнеткерлікке шығу күніне қарай 2,25 пайыздық мөлшерлемеге ғана кепілдік береді.

Бұл ретте ерікті зейнетақы жарналарын да ұмытуға болмайды. Зейнетақы жинақтарыңыздың көлемін арттыру үшін, сәйкесінше болашақ зейнетақыңыздың мөлшері зейнет алдындағы жалақыңыздың кемінде 40 пайызын құрауы үшін, зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударып тұруға болады.  Ал кейбір батыс елдерінде зейнетақының көлемі жалақының 80 пайызын құрайды. Әрине бұл қызығарлық жағдай. Бірақ бұл елдердің азаматтары өздерінің бүкіл еңбек жолында өздерінің зейнетақы шоттарына қомақты жарналар аударып тұрады. Олар әрбір тиынын үнемдеп жұмсайды. Қазіргі нарық заманында әрбір адамның болашағы өз қолында екендігі белгілі. Демек, қарттықтың қамын қазірден бастап ойлау қажет. Зейнетақы шотыңызға тұрақты түрде жарна аударып тұрсаңыз, зейнет жасындағы өміріңіз де жарқын бола түседі.


Бөкей ордасы тарихи-музей кешені

Күні: , 310 рет оқылды


Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылы Батыс Қазақстандағы Бөкей мен Жәңгір хандардан бастау алатын, өзінің бай тарихымен ерекшеленетін елді мекен екендігі мәлім. Бөкей ордасы тарихи-музей кешені осында орналасқан.


Бөкей сұлтан І Павел патшаның 1801 жылғы 11 наурыздағы жарлығы негізінде Еділ мен Жайық өзендерінің аралығына көшсе, оның ұлы Жәңгір хан 1826 жылы Хан ордасының негізін қалады. 1828 жылы Жәңгір хан өз сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, музей ісін алғаш қолға алды. Ал Орда музейін 1962 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ахметфайыз Тажетдинов осы өңірде өткен тарихи оқиғаларға қатысты жинақтаған 55 экспонатымен қоғамдық негізде ашты.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев киелі Орда топырағына екі мәрте аяқ басып, 1997 жылы келгенінде музейдің тілек және пікір кітабына «Өз жерінің, елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген – халық сана-сезімінің өсуіне себеп болмақ» – деп, осындай тарихы бай мекенді республикаға, шетелдерге таныту қажеттігін айтып, бірнеше тапсырма жүктеген болатын. Соның нәтижесінде бір ғана музей Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне дейін жетіп, құрамындағы 19-ғасырдың ғимараттары қайта жаңғыртылып, төртеуінде музей жасақталды. Бөкей ордасы тарихы музейі, Тәуелсіздік музейі, Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы музейі, Бөкей ордасында халыққа білім беру және тұңғыш қазақ баспаханасы музейлерінен басқа кешеннің құрамындағы Ордадағы тұңғыш штаттық дәрігер А. Сергачев үйі, Тарғын мектебі, Ордада болған мектеп қалашығының үйлері де қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қызмет етіп келеді. Сәйкесінше музей кешенінің қоры толығып, жәдігер саны 16 мыңнан асты.

«Бөкей ордасы – тұңғыштар мекені» деп тегін аталмаған. Мұны қазынашылық ғимаратында орын тепкен Бөкей ордасы тарихы музейінен көруге болады. Мұнда 1801 жылы Бөкейдің Еділ-Жайық аралығына қоныстанған кезінен бастап, Жәңгірдің ел басқару кезеңіндегі Ішкі Қазақ ордасындағы бірінші реформалар, жәрмеңкенің ұйымдастырылуы, 1841 жылы ашылған Қазақстандағы тұңғыш мектеп, медицина саласының дамуы, алғашқы пошта-телеграф, орман шаруашылығы, қазынашылық мекемесінің қызметі көрініс тапқан. Сол секілді 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлтазаттық көтерілісіне қатысты құжаттар, оған қатысқан Арен Шотұлының қанжары, Шыналы Байтілеуұлының найзасы мен есімі белгісіз жауынгер жарағы, Бөкей ордасына келген орыс және шетел зерттеушілері, елі үшін қызмет еткен Шоқанмен тұстас ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, ақындар Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш, әкім Мақаш Бекмұхамедов, күйші-композиторлар Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина сынды бөкейліктен шыққан атақты адамдар туралы деректер мен жәдігерлерді молынан кездестіруге болады. Бөкей ордасы – 100-ден астам ғалым-зерттеушілердің (олардың жиырмадан астамы – академик), үш Кеңес одағының батыры, бір Халық қаһарманы, 25 Социалистік Еңбек Ері, тұңғыш генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәкір Жексенбаев, алты алашқа танымал өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылардың, медицина және басқа сала майталмандарының отаны.

Кешенде туристердің қызығушылығын туғызатын нысандардың бірі – 19-ғасырда салынған Жәңгір ханның сарайы. Бұл ғимараттың қазірге дейін сақталған шығыс бөлігінде «Хан сарайының қару-жарақ палатасы» музейі орналасса, орталық бөлігі тарихи зерттеулер мен Хан сарайын көрген саяхатшылардың сипаттамалары бойынша 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қайта тұрғызылды. Алдағы уақытта «Хан сарайы» мемориалдық музейін жасақтау ойластырылуда.

2010 жылы мектеп қалашығының үйлері сатып алынып, кешен аумағы кеңейтілді. Болашақта қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, мемлекет қайраткері Сейтқали Меңдешевтің, қазақ қыздары арасынан шыққан қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның, өлкетанушы-ұстаз Ахметфайыз Тажетдиновтың мемориалдық музейін, табиғат музейін жасақтау жоспарда. Кешен негізінде алғашқы облыстық тарихи-мәдени этнографиялық «Бөкей орда» музей қорығын жасақтап, оны мәдени-ағарту орталығына айналдыру көзделуде. Себебі осы өлкеде ХІХ ғасырдан сақталған тарихи нысандар әлемдік мәдени туризм орталығы болуға әбден лайық.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 4 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы» туралы  №939 Жарлығы негізінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Батыс аймақтағы «Каспий қақпасы» кластеріне, сондай-ақ 2017 жылы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушыларына арналған туристік маршруттар тізбесіне енгізілді.

«Ашық аспан астындағы музей» атанған кешен құрамында күні бүгін он үш ғимарат және Жәңгір хан, күйші-композитор Дәулеткерей, ғалым-этнограф М-С. Бабажановтардың кесенелерінен тұратын пантеон бар. «Хан қорымындағы» 500-ден астам көне құлпытасты зерттеп, кітапқа енгізу жоспарлануда.

Музейге 1970-1978 жылдары Шарап Сиранов, 1978-2010 жылдары Темірболат Махимов басшылық етті. Қазіргі директоры – Ғайса Махимов.

Елжан ЕРАЛЫ


Жымпиты – «Алаш арыстары» үйі

Күні: , 653 рет оқылды


Қазіргі Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылы – Алашорданың батыс бөлімінің астанасы.


Кезінде Алашорда үкіметі орналасқан орыс саудагері Таракановтың үйі тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі болып табылады. Бұл ғимарат 1867 жылдары салынған, екі қабатты ағаш үй, қабырғасы саман тастан тұрғызылып, сыртқы қабаты тақтаймен қапталған. Жалпы ауданы – 76 шаршы метр.

Орыс саудагері осы ғимараттан кейін 1890 жылдың аяғында астық тартатын механикалық диірмен салады. Онда сөктен бастап ең қымбат сапалы астық тартып, Орынбор, Оралға дейін жеткізіп сатқан.

1917 жылы шілде айында Алаш партиясы құрылды. Осы ғимаратта «Алашорда» үкіметі орналасты. Үкімет басшысы болып Жаһанша Досмұхамедов, орынбасары болып Халел Досмұхамедов сайланды. Сондай-ақ бұл жерге Бақытжан Қаратаев, Бақтығали Бейсенов, Дәулетше Күсепқалиев, атақты Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров, Ғұбайдолла Әлібеков, Қалдыбай Асанов, Бижан Жанқадамов, Кәрім Жәленов, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Мәметов, Қуанай Қосдәулетов секілді Алаш арыстарының табаны тиген.

1920 жылы ғимаратқа Жымпиты уездік партия комитеті орналасқан. 1925 жылы ғимарат аудандық партия комитетіне берілген. 1967 жылы ғимаратта әскери комиссариат орын теуіп, 1994 жылға дейін жұмысын жалғастырған. Одан кейін мұнда аудандық ветеринарлық станса, 2001-2004 жылдары Сырым аудандық балалар музыка мектебі мекендеді. 2005 жылдан бастап тарихи ғимарат аудандық мәдениет үйінің қарамағына алынып, 2007 жылға дейін мәдениет үйінің бухгалтериясы орналасты. 2007 жылы атақты батыр, би, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының 265 жылдығына орай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, баба музейі ретінде ашылды. 2012 жылы Алаш қайраткерлерінің жұмыс жасаған орны болғандықтан, Алаш тарихына байланысты арнайы көрмелер жасақталып, залдар ашылды. Ресми атауы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі болса да, оны халық «Алаш музейі» деп атап кетті. Келген қонақтар да «Алаш музейін көрейік» деп айтып жатады.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алашорда үкіметі мен партиясының 100 жылдығы және заңгер, Батыс Алашорда басшысы Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына орай 2017 жылы тарихи ғимаратқа жаңарту жұмыстары жүргізілді. Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, төрт бірдей зал жаңғыртылып, жаңа жәдігерлермен толықтырылды. Негізгі зал Батыс Алашорда үкіметінің жетекшілері, халық «екі дос» деп атаған Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтің жұмыс бөлмесінен тұрады. Бұл бөлмені белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында шебер суреттейді. Музей бөлмесі соған сәйкестендіріліп, жасақталған. Жаңа жәдігерлер деп – Жаһанша Досмұхамедовтің зайыбы Ольга Константиновнаның қайын сіңлісі Қанипа Шәріпқызына 1964 жылы сыйлаған кілемін, сондай-ақ Жымпитыдағы Алаш қайраткерлерінің жиыны өткен трактирдің иесі Иван Федяниннің скрипкасын айтуға болады. Музейдің тө-менгі қабатында ХХ ғасыр басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кездің ақсүйектерінің бөлмесі орналасқан. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында қолданыста болған пәуескенің көшірмесі жасалып, музей ауласына қойылды. Музейдегі құнды жәдігерлердің бірі – вена орындығы. Мұндай жиһаз жасаудың негізін ХІХ ғасырдың ортасында веналық шебер Михаэль Тонеттің қалағаны белгілі. Музейде бұл екі орындық әуелден болған. Оның мұнда әкелуіне байланысты екі түрлі жорамал бар. Біріншіден, орындықтарды осы ғимараттың иесі болған орыс саудагерінің сатып алуы мүмкін. Екіншіден, бұларды ғимаратты кеңсе қылған Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі арнайы тапсырыспен Ресейден алдыруы ықтимал. Мұның себебі, Алаш зиялылары еуропаша киініп, сол үлгідегі бұйымдарды тұтынды. Бұл олардың суреттерінен айқын аңғарылады.

Тарихи ғимаратқа аяқ басқандар сол кезеңді еске түсіреді. Өйткені 1917 жылы «Азаттық жасасын!» деп жасыл ту тігіп, Алаш арыстарының анттасқан жері осы. Жымпитыдағы Алаш арыстары үйін қазақ тәуелсіздігінің бас тарихи ғимараты деп есептеуге болады. Себебі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың мәліметінше, Семейдегі, Торғайдағы осындай тарихи үйлер жойылып кетті. Сақталғаны – Жымпитыдағы ғимарат қана. Сондықтан тарихи үйдің қайта жандануының маңызы ерекше. Оған қазақ азаттығының қағбасы ретінде кейінгі ұрпақ та тәу ететін болады.

Жалпы, Жымпиты ауылында Алаш қайраткерлерінің ізі сайрап жатыр.  Мысалы, ауылда Алаш саябағы да бар, онда Алаш арыстарының бейнелері көрініс тауып, ескерткіш орнатылған.

Алаш қайраткерлерінің барлығы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылды, айдалды. Алашорда көсемдерінің бірі Ж. Досмұхамедов 1938 жылы 3 тамыз күні атылып, Мәскеудегі Бутов полигонында жерленді.

Айта кетейік, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің бес мыңға жуық қоры бар. Онда келушілерге Сырым заманы мен тарихы, бес қару топтамасы, этнография, археология, табиғат және экология, мәдениет пен өнер, ардагерлер мен Алаш залдары қызмет көрсетеді. Сырым дәуірінен қалған жәдігер болмағанымен, Ресейдің мұрағат құжаттары мен түпнұсқа негізінде жасалған құнды, күміспен күптелген қару-жарақ, ат әбзелдері бар.

Музей алдағы уақытта да жәдігерлермен толықтырылатын болады.

Сырым батырдың музейі, Алаш арыстарының үйі деп іздеп келушілер саны жыл санап артып келеді.

Ғалым АЯН


Аспан аясындағы музей-шаһар

Күні: , 128 рет оқылды


Біз  күні  кешеге  дейін  Жайық бойындағы  ортағасырлық  Сарайшық  қаласын  ғана  біліп келдік. Алайда  Ұлы Жібек  жолы  бойындағы қалаларды зерттеп, Алтын орда кезеңіндегі сауда-саттық  қатынасты  ескерсек, әрі  XVII-XVIII ғасырлардағы орыс ғалымдарының жазба деректеріне жүгінсек, Сарайшық – Ақ  Жайық  атырабындағы  жалғыз шаһар  деген  ғылыми тұжырым  қисынға  келмейді.


2002 жылы құрылған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы бұл мәселенің түйінін шешті. Жайық бойындағы көне қалаларды зерттеу мақсатында мақала авторының төрағалығымен 2002 жылы кешенді археологиялық экспедиция жасағы құрылған болатын. Бұл – Қазақстан тарихы үшін өте маңызды мәселе. Еділ бойында бірнеше қаланың болғаны тарихшыларға белгілі. Ал XVIII-XV ғасырлардағы Жайық бойындағы қалалар туралы деректер сол кезеңнің карталарында, еуропалық және шығыс саяхатшыларының жазба деректерінде ғана келтірілді. Алайда бүгінге дейін аталмыш деректер нақты археологиялық-тарихи ақпарат бере алмады.

Жайық өңіріндегі су қорының молдығы және табиғаты  отырықшы шаруашылық жүргізу үшін өте қолайлы болды. Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған көптеген қорған-обалар бұл жерде адамдардың ертеден бері мекен еткенін және негізінен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқанын айғақтайды. Сол кезден қалған жазба деректерді зерттей келе, Ұлы Жібек жолының осы бағыт арқылы өткендігі де дәлелденді. Ал ұлы сауда керуені өтетін жерде тұрақты тауар саудалайтын орталық болуы қажет. Оның үстіне дала тұрғындары Жібек жолының тауарларының негізгі тұтынушылары болған. Көшпенді тұрмыс дала мен қала мәдениетін байланыстырып, жаңа өркениеттің дамуына әсер етті. Сондықтан көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан халықтың қыстап шығатын және сауда-саттықпен айналысатын тұрақты мекендері болуы керек.

Археологиялық ескерткіштерге мән берсек, біздің заманымызға дейінгі алғашқы мыңжылдықта бұл аймақта сармат, ғұн және түрік тайпалары көшпенді мәдениеттің негізін қалағанын аңғарамыз. Ал ортағасырлық кезеңдегі тұрмыс-тіршілік жағдайы мүлдем өзгерген. Ескерткіштер көлемінің бірден азайғанын байқауға болады. Мұның себебі жаңа дәстүрлер мен жаңаша жерлеу рәсімін енгізген ислам дінінің келуінде. Зерттеушілер көп уақытқа дейін ортағасырлық ескерткіштердің қалдығын таба алмай келді. Сондықтан Кеңес дәуіріндегі тарихи тұжырымдамаларда Жайық өзенінің жағалауы иесіз, бос болғандығы айтылады. Зерттеушілер көшпенді мал шаруашылығымен айналысудың қыр-сырын ұқпағандықтан осындай теріс ғылыми көзқарасқа ұрынды. Жылдың әр мезгілінде қолайлы жерді мекендеген көшпенділер көктем мен жаз мезгілінде облысымыздың солтүстік өңірінде тұрақтаған. Қорғандардың басым бөлігі де аталған аумақтан көптеп табылды.  Ал суық мезгілдерде оңтүстікке қарай көшкен. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келді. Ислам дінін тарату және мал шаруашылығымен айналысу мақсатында халық көшпенді өмір сүргендіктен, бұл өңірде ешкім мекендемеді деген қате тарихи болжамдар жасалды. Алайда XIV-XVI ғасырлардағы жазба деректерінде Батыс Қазақстан облысы маңында 250-300 мың адамның мекендегені көрсетіледі. Ал XIX ғасырдың аяғында көшпенді  мал шаруашылығымен айналысқан халық саны тіптен 800 мыңға жеткен. Сондықтан сол кезден қандайда бір ескерткіштердің қалуы керек еді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы 110-нан астам қаласы бар орта ғасырлардағы ең ұлы мемлекет – Алтын орданың құрамына кірген.

Біздің өңір туралы алғашқы ақпараттар монғол басқыншылығына дейінгі оғыз, және қыпшақ тайпалары кезеңінде көрсетілген. Ахмед ибн Фадланның және Абу Хамид аль-Гарнатидің XII ғасырдағы «Еділ Бұлғариясына саяхат», «Шығыс және орталық Еуропаға саяхат» атты еңбектерінде бүгінгі БҚО аумағындағы сауда керуендері өтетін қалалар жөнінде ақпарат келтірілген. Бұл туралы өзге де шығыс авторлары жазған.

Сонымен қатар Алтын орда кезеңіндегі көптеген ғалымдар мен саяхатшылар өз еңбектерінде сауда-саттық бағытында Жайық өзені арқылы өткендерін жазған.

X-XIV ғасырлардағы саудагер көпестердің жазбаларында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында және Жайық өзенінің бойында бірнеше қаланың болғандығы көрсетіледі. Олардың саны шамамен 8-30 аралығында деп көрсетілген. Сонымен қатар деректерде XIV ғасырда Сарайшықтың солтүстік жоғары жағында, яғни қазіргі Орал қаласының маңында тас ғимараттары бар тағы бір қаланың болғаны жазылған. XVIII-XIX ғасырлардағы орыс ғалымдарының зерттеуінде де ортағасырлық қалалардың болғаны дәлелденеді. XVI ғасыр соңында сызылған «Үлкен сызба» деп аталатын алғашқы орыс картасында да қазіргі Батыс Қазақстан облысының аумағы бойынша бірнеше қала мен елді мекендер белгіленген. 1748 жылы жазылған «Орынбор губерниясының топографиясы» атты еңбегінде П. Рычков Жайық бойында бірнеше қалалардың болғандығы туралы көптеген дәлелдер мен мысалдар келтіреді. Орыс ғалымдарының арасында П. Паллас «Ресей империясының түрлі провинциялары» атты еңбегінде өзі тапқан екі дерек туралы жазады. Біз ол кездегі көптеген карталарда белгіленген Шакашик қаласы туралы жазған деп болжадық. Палластың келтірген дәлеліне сенуге негіз бар. Себебі ол Үлкен және Кіші өзеннің ең жақын ағатын жерінде тағы бір қаланың бар екендігін жазған. Расымен, 2006 жылы біз бұл жерден қалашықтың орнын тауып, оны Жалпақтал деп атадық.

2001 жылдан бері жүргізілген оралдық және алматылық ғалымдардың археологиялық зерттеуі нәтижесінде Орал қаласының маңынан тағы бір қалашық табылды. Бұл қалашық XIV-XVI ғасырларға келеді. Осылайша жоғарыда жазылған барлық деректер расталды. Ендеше, зерттеу жұмыстарының нәтижесін негізге алып, Орал қаласының тарихын 1613 жылдан емес, XIV ғасырдың алғашқы жартысынан бастау керек.

2006 жылы анықталған қаланы, Жалпақтал деп, 2007 жылы анықталған қалашықты Сарыөзен деп шартты атадық. Аталған қалалар XIII-XV ғасырларға, яғни Алтын орда кезеңіне жатқызылды.

Зерттеушілер Алтын орда кезеңіндегі XIII ғасырдың аяғы мен XIV ғасырдың алғашқы жартысына аса мән береді. Себебі осы кезеңде қалалық мәдениет қарқынды дамыған. Сауда-экономикалық маңызы бар орталықтар пайда болған. Үлкен қалалар мен қалашықтар салынған. Бұл кезең Өзбек пен Жәнібек хандардың билік құрған (1312-1357)  уақыттарына сәйкес келеді. Бұл  кезде ескі қалалардың орнын жаңа қалалар басқан. Г. Федоров-Давыдовтың мәліметінше, Алтын ордада көшпелі де, отырықшы да шаруашылық түрлері жүргізілген.

Оның пікірінше, Қазақстанның шығыс және батыс өңірлеріндегі Алтын орда қалаларының ортағасырлық қалалардан үлкен айырмашылығы болған. Бір топ ақсүйек отбасы үйлерінің жанында олардың қызметкерлерінің үйлері шоғырланған. Қорған салуды тоқтатқандықтан, қала аумағы ұлғая берген. Жалпы, Алтын орда кезеңіндегі қалалар шығыстық үлгіде салынған. Күйдірілген кірпіш, өрнектелген тақтайшалардан салынған мешіттер, медреселер, кесенелер және шығыс мәнеріндегі моншалар қаланың сәнін келтірген.

Зерттеулер нәтижесінде табылған ортағасырлық қалалардың бірі «Жайық» қалашығы. Бұл шаһар XIII ғасыр аяғында тұрғызылған және 10 гектар аумақты алып жатқан. Жергілікті халық «Ысқырық тау» атап кеткен қыраттың батысына қарай екі шақырым қашықтықтан көне зираттар табылып, оның Жайық қалашығымен байланысы бар екені дәлелденді. Жайық қалашығының және Еділ бойындағы қалалардың құрылыс мәнері XIII-XIV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан қалаларындағы үйлерге келіңкірейді. Бірақ ұқсастықтарына қоса, айтарлықтай айырмашылықтары да  бар.

Алтынордалық  кезеңнің қалдығы болып саналатын Жайық қалашығы – маңызды әкімшілік-саяси, әскери-сауда саттық қатынасы дамыған үлкен ұлыс орталығы болған. Ғалымдар оны Көкордаға теңейді. Зираттағы ең үлкен кесененің көлемі Жошының  кесенесінен кем түспейді. Яғни жерленген адамның да бақуатты болғаны анық. Қалашық облыс орталығы Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықта. Сол кезден қалған ескерткіштердің өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – қалашықтың өзі, екіншісі одан жоғарырақ орналасқан зират. Ғалымдар Жайық қалашығын ортағасырлық карталарда көрсетілген Шакашик қаласымен сәйкестендіріп отыр. Бұл жаңалық әлемдік тарихи-мәдени қоғамның оң бағасын алды.

Бүгінгі таңда бұл бірегей ескерткіш сыртқы табиғи әсерлерден бұзыла бастады. Сондықтан құнды археологиялық ескерткішті сақтау, жаңғырту, музеефикациялау ісін қолға алу аса маңызды. Зерттеу, сақтау, сондай-ақ тарихи және мәдени археологиялық мұраны пайдалану, аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдесу мақсатында ашық аспан астындағы «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музейін құру қажет. Ол ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын орталыққа айналуы тиіс. Аталмыш музей өзінің маңыздылығы және әсерлілігімен Батыс Қазақстандағы ең тартымды туристік нысанға айнала алады. Бұл жерге Орал, Атырау, Ақтөбе, сондай-ақ Жайық өзеніне деген дәстүрлі қызығушылықтары басым Ресейдің Самара, Орынбор, Саратов және Волгоград қалаларының жақындығы, аталмыш қалалардағы көлік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамығандығы «Жайық қалашығы» музейін Қазақстан туризмінің ерекше  жауқары  етеді.

Мұндай музей мәдени мұра ескерткіштерін сақтау және музеефикациялау бойынша ғылыми жұмыстардың жаңа заманғы әдістерін, сондай-ақ ғылыми айналымға заманауи ақпараттық технологияларды, музей қызметінің әдістері мен түрлерін енгізетін орталық болады.

Аталмыш музей үшін керекті жер аумағы шамамен 300 гектарды құрайды. Оның 52 гектары қаланың өзіне, ал 245 гектардан астамы қорымға тиесілі болады. Бұл жерлерді біртұтас етіп біріктіру бірыңғай тарихи-мәдени кешен құруға мүмкіндік береді.

Ашық аспан аясындағы болашақ «Жайық қалашығы» музей қорығының негізгі қызметі археологиялық, этнографиялық әдістермен, музей экспозицияларының мүмкіндігімен және айрықша ірі ескерткіштерді қалпына  келтіру арқылы қазақ мәдениеті мен тарихын насихаттау болмақ. Музейдің хронологиялық шегі көшпенділердің скиф, сармат заманынан бастап Алтын орда дәуіріндегі ортағасырлық қала мәдениетін қамтиды. Барлық композициялар мен экспонаттар, сондай-ақ қалпына келтірілген ескерткіштер өңір халқының белгілі бір кезеңдегі тарихы мен мәдениеті туралы анағұрлым толық әрі көрнекі ұғым қалыптастыратын бірыңғай ансамбльді құрайды. Музей аумағы қатарласа егілген тал-теректермен қоршалатын болады. Кіреберісіне ортағасырлық архитектураға сай қақпа орнатылады. Музейдің атауы және Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауындағы сөздер жазылған әсем билбордтар қалашықтың кіреберісін ерекше әрлендіріп тұрмақ.

Қорымнан қалаға дейін шағын автобустарға арналған арнайы жолдар төселеді. Туристерге саяхаттың мынадай бірнеше нұсқасы ұсынылады:

– Көне Орал

– Алтын орда – мәдениеті дамыған  мемлекет

– Өңірдің көнеден орта ғасырға дейінгі тұрғындары және мәдениеті

– Ұлы жібек жолының Орал аумағы

– Батыс Қазақстан халқының салт-жоралғылары және басқа да тақырыптар.

Музейдің өз мәртебесі, штаты, материалдық және ғылыми базасы болуы керек. Болашақта шағын қонақүй мен кафе құрылысы  қолға  алынуы  тиіс.

Өз басым бұл жобаның болашағы зор екеніндігіне  бек сенімдімін.

Мұрат  СДЫКОВ,

ҚР ҰҒА-ның  құрметті  академигі, тарих   ғылымдарының  докторы, профессор, Батыс  Қазақстан  тарих   және  археология  орталығының  директоры


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика