Мұрағат: 04.12.2017


Көптен күткен қуаныш

Күні: , 85 рет оқылды


ҚР тұңғыш Президенті күні қарсаңында Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында жаңа мәдениет үйі ашылды. Орал қаласынан 12 шақырым қашықтықтағы ауылда 10 мыңнан астам тұрғын бар. Подстепныйда 20 жылдан бері мәдениет ошағы салынбаған.


– «Нұрлы жол» бағдарламасы ауқымында облыста әлеуметтік нысандар жөнделуде. Елбасымыз айтқандай, рухани жаңғыру жолында мәдени құндылықтардың маңызы зор. Міне, подстепныйлықтар ұзақ уақыт күткен мәдени нысан да ашылды. Биыл облыс бойынша көптеген игі іс қолға алынды. Теректі ауданы орталығындағы Тәуелсіздік көшесінің 3,5 км жолы асфальтталды. Аудандық аурухана да күрделі жөндеуден өтуде. Биыл облыста 20-дан астам ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылса, соның ішінде, Теректідегі бес елді мекенге таза ауыз су жеткізілді. Келесі жылы Подстепныйдағы ауылішілік жолдар асфальтталып, оның жанына жүргінші жолы салынады, – деді мәдениет үйінің ашылу салтанатында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Екі қабатты мәдениет үйінің құрылысын жүргізген «Альтаир» ЖШС-ның директоры Сергей Потиченко биыл қолға алынған бұл жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланғанымен, облыс бюджетінен қаржы бөлінуіне байланысты ерте аяқтағандарын айтты. Шара кезінде Сергей Потиченко Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мәулет Жұбатовқа нысанның бейнелік кілтін тапсырды. Айта кетейік, құрылысқа жергілікті бюджеттен 319 млн. 628 мың теңге қаржы жұмсалған. Нысанды салуға 50 адам еңбек еткен. Көрермен залында 300 адамға лайықталған 60 театр креслосы бар. Мәдениет үйінде балаларға арналған үйірмелер ашылған.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Жаңа тынымбақ

Күні: , 68 рет оқылды


ҚР  тұңғыш  Президенті  күніне  орай  шаһардағы  №4  және 6-шағынаудандарда   жаяу  жүргіншілерге  арналған  тынымбақ ашылды.


Өңірде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасына орай абаттандыру мен  көгалдандыру жұмыстары жүйелі жүзеге асып келеді. Айта кетсек, бүгінгі таңда шаһарда 54 тынымбақ бар.

Аталмыш мерекеге орай ашылған бұл демалыс орны маңайдағы шағынаудан тұрғындарының таза ауамен тынығып, балаларымен серуендеуіне жайлы орын болмақ. Жаңа демалыс бағының ашылу салтанатында  сөз алған  Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев  шаһардың жылдан-жылға гүлденіп, әсіресе,  қала тұрғындары мен қонақтарына арналған тынымбақтардың артқанын және мұндай бақтардың жас аналарға, қарияларға, әсіресе, жас ұрпаққа қажет екенін атап өтті.

Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Тухватовтың айтуынша, жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайтын тынымбақтың 3,5 мың шаршы метріне өрнектас, 1,5 мың шаршы метріне асфальт төселген. Сондай-ақ 80 көше шамы орнатылып, жүзден астам шырша отырғызылған. Жаңа нысанға облыстық бюджеттен 111 млн. теңге жұмсалған. Келесі маусымда бұл тынымбақ жасыл желекпен көмкерілетін болады.

Өз  тілшіміз


Он үш заңға өзгеріс енбек

Күні: , 70 рет оқылды


Биылғы  маусым  айында  Елбасы  дін  саласындағы  мемлекеттік  саясаттың  2017-2020  жылдарға  арналған  тұжырымдамасын бекітті.  Құжатта  мемлекет  пен  діни  бірлестіктер  арасындағы  өзара  қарым-қатынасты реттеу,  зайырлылық  ұстанымдарын нығайту,  діни  экстремизге  қарсы  күрес  жүйесін  дамытуға басымдық  берілген.  Соған  байланысты  еліміздің  13  заңы  мен кодексіне діни  қызмет  және  діни  бірлестік мәселелері бойынша елуге жуық  өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізу  бағытында жоба  дайындалды.


Орал қаласында Батыс Қазақстан облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүрдің байланысы» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Оған БҚО-дағы ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелері қатысты. Атырау облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Мұсаев заңнама актілеріне енетін жаңа баптар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, ҚР «Жарнама туралы» заңының 6-бабы «деструктивтік діни ағымдарға тиесілі сыртқы атрибуттар бейнеленген киімдерді жарнамалауға тыйым салатын» тармақшамен толықпақ. «Мәдениет туралы» заң аясында да мұндай атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салынады. Бұл тыйымдарды, әсіресе, БАҚ-тар ескеруі тиіс.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы кодекстің 2-бабының 3-бөлігінің жобасында «тіркеу органның тарапынан берілген некені (ерлі-зайыптылық) қию және тоқтату туралы куәлік ұсынылмаған жағдайда діни рәсімдер мен жоралар бойынша некені қию мен тоқтатуға жол берілмейді» деп жазылған. Ал «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 156-бабының 1-бөлігінің мәтініне «кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе оның заңды өкілдері инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдануға міндетті болатынын» енгізу ұсынылған.

– Исламдық бағыттағы ағымдар ғана емес, протестанттық «Иегова куәгерлері» мен «Жаңа өмір» ұйымдары да балаға екпе салуға қарсы. Тіпті зайырлы ұстанымдағы тұрғындардың кейбірі профилактикалық шараны жүргізуді қолдамау себебін «діни көзқарасына баланысты» деп көрсетуін өтінген. Бұл бағытта қоғамдағы пікірлер алуан түрлі, – деді Қаһарман  Мұсаев.

Семинарда БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Баянгүл Семғалиева интернет ресурстары мен әлеуметтік желілердегі деструктивтік мазмұндағы контенттерден мысалдар келтірді.

Атырау облыстық дін істері басқармасының ақпараттық талдау орталығының басшысы Ернар Абзалов қоғамдық орындар мен мекемелерде діни атрибуттардың көрініс табуына аса мұқият қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, кезінде «Өзін-өзі тану» пәнінің неопротестанттық насихат үлгілері бары анықталған. Өкілетті құрылымдардың (органдардың) мамандары сараптамасынан кейін оқулықтан неопротестанттық  үлгілер  алынып  тасталған.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Шектен тыс қаталдыққа қарсымын

Күні: , 230 рет оқылды

6 желтоқсан  – ҚР  Прокуратура  қызметкерлерінің  күні


Зеленов  ауданының  прокуроры, аға  әділет  кеңесшісі  Зәкәрия Саралиев  құқық  қорғау  органына бірден  «топ  етіп»  түскеннің қатарынан  емес. Ол  –  бүгінгі  лауазымына  талай  жыл  түрлі  құқық қорғау  орындарында  аянбай  еңбек  етіп, қол  жеткізген  жан.


54 жастағы Зәкәрия Ыбырайұлының өмір жолы да қарапайым. Көршілес Ресейдің Самара облысындағы Красноармейский ауданы, Думовка елді мекенінде дүниеге келіпті. Сонда орта мектеп бітіріп, бірден оқуға түсе алмағасын, еңбекке араласты. Кейін әскерде болып  азаматтық борышын өтеген соң, Самара мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқып, оны ойдағыдай аяқтады. Жоғары білімді маман ретінде алғашқыда Красноармейский ауданының тұтынушылар одағында заңгер болып еңбек етті. Артынша оны, сол жылдары Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасы басшысының бірінші орынбасары қызметінде жүрген ағасы Болат Қазақстанға, құқық қорғау саласына қоймай шақырды. Оның тілін алып, атамекенге оралған жас жігіттің милицияда тергеуші болған кезі де бар. Әрі қарай 1993 жылы Орал қалалық прокуратурасына ауысып, үш жыл жұмыс істеді. 1996 жылы облыс прокурорының көмекшісі, содан соң Орал қалалық прокурорының орынбасары, Теректі аудандық прокуроры болды. 2013 жылдан бері Зеленов ауданының прокуроры.

– Есімде қалғаны – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары.Талай күн жұмыс орнында қонған сәттеріміз болды. Себебі жұмыс орнында қылмыстық істер жинақталған құжаттар  үйіліп жатты. Кейде бәрін қарап, екшеп үлгермейсің. Шақырту да көп. Бірінен келіп, екіншісіне кетіп жатасың. Тіпті сәл көз іліндіріп алуға да мүмкіндік жоқ. Қанша шаршасақ та, жұмысқа баруға әзір тұрамыз. Бірақ сол жылдарға өкпем жоқ. Кәсіби құқық қорғаушы, заң қызметкері болуыма көп септігін тигізді. Мол тәжірибе жинадық. Мінез-құлық, ерік-жігерімізді қалыптастырдық, тәрбиелендік. Қазір шүкір ғой, бұрынғымен салыстырғанда қылмыс та азайды, халықтың ертеңгі күніне де сенімі нық, – дейді Зәкәрия бүгінде.

Әдетте, көп адам прокурорды тек қаралаушы ретінде таниды. Иә, ол мемлекеттің атынан айыптаушы ретінде сот процесіне қатысады. – Қазір заң ізгіленіп келеді. Мен де  соған қанағаттанғандық сезіммен қараймын. Бұрынғыдай адамдарды қит етсе, түрмеге тоғыту азайды. Түрме – жазалау орны ғана, одан адам түзеліп келмейді.

Ахуал кейде керісінше болып жүр. Әсіресе, жастарды аяймын. Олардың теріс жолға түсуіне әуелі қоршаған ортасы, қала берді өзі кінәлі. Сондықтан шектен тыс қаталдыққа қарсымын. Мәселен, медиация және айып төлеу әдісін алайық. Қай-қайсысында да кінәліні қалайда түрмеге жібермеу көзделген. Мұның өзі түптің түбінде әлеуметтік шиеленіс қатерін азайтпақ. Рас, мүлдем икемге келмейтіндерге заңның бар қуатын пайдалану қажет, – дейді Зәкәрия  Ыбырайұлы.

Ширекғасырлық тәжірибесі бар З. Саралиевтің айтуынша, бүгінде прокуратура жұмысында өзгеріс көп. Мәселен, қылмыстық және әкімшілік үдерімді электрондық форматқа ауыстыру аяқталды. Ашықтықтың тағы бір кепілі – әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашылды. Мысалы, фейсбуктегі парақшаға бүгінде 2 мың адам жазылған. Сұрақтарға онлайн арқылы жауап беріледі. Жағдай үнемі бақылауда. З. Саралиев те халықтың арыз-шағымдарымен де жүйелі айналысады. Үнемі сарылып, кеңседе отыру – оған тән емес дағды. Ауданды жиі аралап, жалақыны бермеу немесе шектен тыс кешіктіру және басқа да жағдаяттары бойынша барлық прокурорлық өкілеттілігін заң шеңберінде қолданып жүр. Мысалы, таяуда Чинарев кен орнындағы әлеуметтік келіспеушілікке араласып, жұмысшы-қызметкерлердің заңды құқығын қорғап шықты.

Кейіпкеріміз бес әпке, бір қарындастың арасындағы жалғыз ұл екен. Барлық бауырларымен жиі араласып тұрады. Жұбайы Құрма да заң қызметкері, нотариуста істейді. Ұлы Аллаберген де заңгер, Орал қалалық әкімдігінде еңбек етеді. Оларды «Заңгерлер отбасы»  деп  атауға  болады.

Серік  ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жылдамдық өлшегіш жұмысынан жаңылмаған

Күні: , 61 рет оқылды


Жүзден астам оралдық көлік жүргізушісі үшін күздің соңы қарбаласқа толы болды. Оған себеп – халық арасында «фотоаппарат» немесе «спанч-боб» аталып кеткен жылдамдық өлшегіш құрал төңірегіндегі түйткіл. Шаған жағалауы көшесінің бойында, нақтырақ айтсақ, «Өшпес ерлік» ескерткішінің тұсында орнатылған жылдамдық өлшеу құралына «түскен» жүргізушілер жол ережесін бұзбағандарын алға тартып, стационарлық құрылғының жұмысына күмән келтірген болатын. Бұл учаскеде көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Әйтпесе, жол ережесін бұзғаны үшін 10 АЕК көлемінде, яғни 22 690 теңге айыппұл салынады. Наразылық тудырушы тараптың айтуынша, көлік иелері жылдамдықты асырмаса да, «фотоаппарат» суретке түсіріп, кейін айыппұл төлеу жөнінде ұйғарымдар келген. Тіпті кейбір отбасыға бір айдың ішінде бірнеше айыппұл қағазы келген көрінеді. Жергілікті тәртіп сақшылары болса, мәселенің мән-жайын анықтау дереу қолға алынғанын айтады.


– 18 қарашада Шаған жағалауы көшесінде орналасқан стационарлық жылдамдық өлшегіштің жұмысына қатысты жүргізушілердің әлеуметтік желіде жарық көрген наразы пікірлерін оқыдық. Сол күні құрамына БҚО ІІД мен аталмыш құралды орнатқан «Жаңа жобалар» ғылыми-техникалық орталығы» ЖШС-ның қызметкерлері енген жедел жұмыс тобы құрылды. 23 қараша күні тексеру нәтижесі өлшеу құралының сынбағанын, яғни дербес, (автономды) режімде жұмыс істеп тұрғандығын анықтады. Осы аралықта біз жол ережесін бұзғаны жөнінде жазбаша өкіммен келіспейтін жүргізушілермен бірнеше мәрте кездесу өткізіп, пікірлерін тыңдадық. 24 қараша күні кезекті кездесу өткізіп, тексеріс қорытындысы бойынша өлшеу құралының жұмысында ауытқу анықталмағандықтан, ұйғарымдардың өзгермейтіндігін, сәйкесінше, айыппұл заңды күшінде қалатындығын мәлімдедік. Бұл шешіммен келіспеген жағдайда, заң аясында шағымдануға болатынын да айттық. Бүгінге дейін 160-тан астам көлік жүргізуші арыз жазды, – дейді БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Манарбек Нәжиев.

Айта кету керек, «басы дауға қалған» өлшеу құралы 2008 жылдың соңында орнатылып, 2009 жылы іске қосылған. Манарбек Қатиұлының мәлімдеуінше, стационарлық құрал тоқсан сайын жоспарлы тексеруден өтіп тұрады. Биылғы қазан айында 792 заңбұзушылықты анықтаса, жиырмасыншы қарашаға дейін 346 жол ережесін бұзу дерегін тіркеген.

Жүгенсіз жүргізушілердің қатарында 11 патрульдік полиция көлігі де бар. Тәртіп сақшылары жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруының бір себебін Шаған жағалауы көшесінің жаз айларында жөндеуден өткенімен байланыстырады. Оған қоса аталмыш учаскеде жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктер некен-саяқ. Сондықтан көпшілігі тақтайдай тегіс жолда газды басыңқырап жібергенін байқамай қалады, – дейді М. Нәжиев.

Өткен аптаның соңында «NUR.KZ» сайтында Оралдағы өлшеу құралы төңірегіндегі даулы мәселеге қатысты ҚР ІІМ өкілі Алмас Садубаевтың мәлімдемесі жарық көрген болатын. Министрлік өкілі жылдамдық өлшегіштің қалыпты режімде жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Қазір облыс орталығында 2014 жылы орнатылған заманауи зияткерлік қиылыстарды айтпағанда, төрт «фотоаппарат» құрылғы жұмыс істеп тұр. Олар көлік көп жүретін аумақтарда, атап айтсақ, әуежайға барар жолдағы екі саяжай аялдамасы маңында, Зашаған кентіндегі бөген (дамба) аумағында, Жәңгір хан көшесіндегі «Бәйтерек» дүкені аялдамасының тұсында және Шаған жағалауы көшесінің бойында орналасқан.

БҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 11 айында Орал қаласында 365 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апаттың салдарынан 463 адам түрлі дене жарақатын алып, 87 адам көз жұмған. Өткен жылы 420 жол апаты тіркеліп, 501 адам зардап шексе, 89 адам қайтыс болған.

Облыс орталығындағы жол-көлік апаттарының алдын алу мақсатында жергілікті бюджет есебінен стационарлы жылдамдық өлшеу құралдарының санын арттыру көзделуде.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Расул МЕДЕТОВ,

БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары:

– Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айқындалған міндеттерді өңірде жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен «2017-2018 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысында автоматтандыру және цифрландыру жол картасы» жасақталды. Соған сәйкес алдағы жылдары қала көшелеріне 40 жылдамдық өлшегіш құралы, бес зияткерлік қиылыс, оған қоса 200 көпфункционалды дербес бейнекамера орнатылады.

«Қауіпсіз аула» жобасы бойынша жергілікті әкімшіліктің қаржыландыруымен келер жылы Орал қаласында 100 бейнекамера орнатылады, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ бірлескен жоба аясында 1236 бақылау камерасы көпқабатты үйлердің кіре-берістеріне және подьездерге қойылады. Бұлтты қойма (облачное хранилище) мүмкіндігіне ие бақылау камералары түсірген барлық мәлімет онлайн режімде бірден орталықтандырылған базаға тіркеліп, тәртіп сақшыларына қылмыстың алдын алуға және ізін суытпай ашуға жәрдемдеседі.

Николай ҚОШМАҒАНБЕТОВ,

қала тұрғыны:

– Шаған жағалауы көшесіндегі «скоростемер» төңірегіндегі даулы мәселеден хабардармын. Қанша адам болса, сонша пікір болатынын білемін. Наразылық білдіріп жатқан жүргізушілердің бәрі бірдей «сүттен ақ, судан таза» деп айтудан аулақпын. Араларында жылдамдықты асырыңқырап жіберіп, айыппұл төлеуден жалтарып жүргендер де болуы мүмкін. Сондықтан әр жағдай жеке-жеке қаралуы тиіс деп есептеймін.

Гүлзия ГҰБАШЕВА,

қала тұрғыны:

– Қараша айында жолдасымның атына айыппұл туралы ұйғарым келді. Сол бойда төлеп тастадық. Кейін жүргізушілердің жиналып, шағымданып жатқанын естідік. Әрине, темірдің аты темір. Істен шығуы да мүмкін. Бірақ құзырлы мекемелер тексеруден өткізіп, дұрыс жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді ғой. Болашақта көңілге күдік ұялататын осындай «түсініксіздеу» жағдай қайталанбаса екен деймін.

Тілекқабыл МАНКЕЕВ,

қала тұрғыны:

– Қырық жылдан астам жүргізушілік өтілім бар. Сол «фотоаппараттың» жоқ кезінде де талай жүрдік сол көшемен. Қазір де күніне бірнеше мәрте өтеміз. Жол ережесін бұзбай, жылдамдықты асырмай, көлікті сауатты, мәдениетті айдаған жүргізушіге ешнәрсе кедергі бола алмайды. Қазіргі жастар үнемі асығып жүреді. Жылдамдықты асырып, алдыңды орап, өзінің де, өзгенің де жүйкесін жұқартады. Көлігін тек «скоростомердің» тұсынан өтер тұста ғана баяулататын талай «шумахерді» көріп жүрміз…


Депутаттың мәрттігі

Күні: , 90 рет оқылды


Кенжебековтер  әулеті  үшін  ҚР  тұңғыш  Президенті  күні  мерекесі  ерекше  есте қаларлықтай  болды. Өйткені  дәл  осы  мереке  қарсаңында  «UNISERV»  ЖШС-ның  құрылтайшысы,  облыстық  мәслихаттың  депутаты  Нұрғазы Сәтбаев  оларға  жайлы  баспана  сыйлады.


Подстепный ауылының орталығынан сатып алынған үйдің кілтін үй қожайындары Әділбек Кенжебеков пен Орынбасар Өзбековаға «UNISERV» ЖШС директорының міндетін атқарушы Дінмұхамед Сәтбаев  салтанатты  түрде  табыстады.

– Тұңғыш Президент күніне қарай «UNISERV» компаниясының құрылтайшысы Нұрғазы Сәтбаевтың атынан Кенжебековтер әулетіне баспана сыйлап жатырмыз. Бұл отбасын көп жылдан бері білеміз. Мүмкіндігі шектеулі ата-ананың қос егіз,  төрт ұлы бар. «Мектепке жол» акциясы  кезінде жыл сайын көмектесіп, қал-жағдайларын сұрап тұрамыз. Бес-алты жылдың ішінде отбасы алты рет пәтер ауыстырды. Сондықтан өсіп келе жатқан төрт бала өздерін бақытты сезінсін деген ниетпен құрылтайшымыз Нұрғазы Сәтбайұлы осы әулетке жайлы баспана сыйлауға шешім қабылдады. Қазір бүтіндей бір отбасыны қуантқанымызға өзіміз де қуанып тұрмыз, – дейді Дінмұхамед  Қайратұлы.

Кенжебековтердің  отбасындағы егіз ұлдардың үлкені 9-сыныпта, кішісі мектепалды даярлық тобында оқиды. Отағасы Әділбек пен отанасы Орынбасар – мүмкіндігі  шектеулі жандар. Олар бірбірін  ыммен  түсінеді.

Подстепный ауылындағы №1 мектептің әлеуметтік педагогы  Айгүл Коскаринаның айтуынша,  егіз ұлдардың сабағы  жақсы. «UNISERV»  компаниясы бұл отбасына көп жылдан бері көмектесіп келеді. «Мектепке жол» акциясынан бөлек, қыс-көктем мезгілдерінде хабарласып, «Балалардың киімдері бар ма, тамақтары бар ма?» деп ылғи сұрап тұратын. – Осы үйді  «UNISERV»  компаниясы Кенжебековтер әулетіне 19  қазанда сатып алды.  Бірақ үйге жөндеу жүргізілмеген еді. Үйдің ішіне ыстық-салқын сумен қоса,  әжетхана орнатып,  жаңа жиһаздар, терезе жабындары мен төсеніштер алып, бар жағдайды жасап берді. Сондықтан балалардың болашағы жарқын болсын деп, көмек қолын созған  «UNISERV» компаниясының басшысы Нұрғазы Сәтбайұлына, компанияның елгезек қызметкерлеріне айтар  алғысымыз шексіз, – дейді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қуанышқа бөлеген салтанатты шараға БҚО әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов, Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы Дайыр Сапаров және №1 мектептің мұғалімдері қатысты. Шашу шашылып, ақ тілектер  ақтарылған қуанышты күн егіз ұлдардың есінде әдемі естелік  болып, сақталып қалары сөзсіз.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Шаңырақтарыңыз бақ-берекеге толсын!»

Күні: , 67 рет оқылды


1  желтоқсан  – тұңғыш  Президент  күні  қарсаңында  Орал  қаласында 180  отбасы  баспаналы  болды.  Зашаған  кентінде  бой  көтерген  9  қабатты  үйде  басталған  қоныстойға  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  арнайы  келіп,  тұрғындардың  қуанышымен  бөлісті.


Орал – Саратов тасжолының бойынан орын тепкен тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Жобалық құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарын «Болашақ – Т»  ЖШС  жүргізді.

– Бұл зәулім тұрғын үйлер Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда.

Өңірдегі тұрғын үй салу жұмыстарын жергілікті құрылыс компаниялары жаңа технологиямен сапалы әрі уақытылы жүргізуде. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс орталығында 14 көп қабатты тұрғын үй және сегіз ауданда 188 пәтер салынуда. Жалпы биылғы жылы өңірімізде 1700 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Соның 1500 пәтері осы жылдың соңына дейін тұрғындар игілігіне табысталмақ. Бұл игі бастамалардың барлығы ел тәуелсіздігінің, бірліктің, еліміздегі тұрақтылықтың, халқымыздың еңбекқорлығы мен Елбасымыздың уақытылы қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларының аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп санаймын. Халықты тұрғын үймен қамту – ең өзекті мәселелердің бірі. Дегенмен, бұл түйткіл жыл санап шешімін табуда. Осыдан 5-6 жыл бұрын осы жер спортшыларымыз көкпар тартып жүрген ен дала болатын.

Бүгінде зәулім үйлермен, мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандарға толы шағынауданға айналды. Елдегі игі бағдарламалардың арқасында өңірдің мыңдаған тұрғыны жылдар бойына аңсаған өз шаңырақтарына қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ салымшылары ретінде 54 мың тұрғын тіркелген. Алдағы уақытта да осы күре жолдың бойынан көп қабатты зәулім үйлер бой көтеріп, талай отбасы қоныстой тойлайтын болады. Бүгінгі қоныстой иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз бақ пен берекеге толы болсын! – деді  Алтай  Көлгінов.

Бұдан соң ашылу салтанатында шаңырақ иелеріне көптен күткен пәтерлерінің  кілттері табысталып,  жиналғандар су жаңа тұрғын  үйді  аралап  көрді.

Гүлфия  ИСЛЯМҒАЛИЕВА,

Теректі  ауданының  тұрғыны:

– Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғынымыз.

Отағасы Ержан Есболатов Ақжайық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінде жұмыс жасайды. Өзім аудандық ауруханада фармацевт болып қызмет етемін. Жанұямызда үш бала тәрбиелеп отырмыз. Екі баламыз – студент. 2014 жылдан бастап «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкінің» тұрақты салымшысымыз. Ай сайын алатын еңбекақымыздан қаражат ауыстырып, есеп шотымызға салып отырдық. Бүгін екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Өз баспанамызға ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Күре жолдың бойынан салынған тұрғын үйдің төңірегінде мектеп, балабақша сияқты  әлеуметтік  нысандар  түгел  бар.

Анна  АСТРАХАНКИНА,

қала  тұрғыны  (суретте):

– Облыстық перинаталдық орталықта мейірбике болып қызмет жасаймын. Бұл баспанаға қол жеткізу үшін үш жыл бойына қаражат жинадым. Осы уақытқа дейін ата-анамның шаңырағында тұрдым. Әрине, адал еңбекпен тапқан қаржыны үнемдеп, көңілің қалаған кейбір нәрселерден бас тартуға да тура келді. Тұрғын үйге қажет қаржының 30 пайызын жинап, іріктеуге түскенде қатты қобалжыдым. Бірақ бүгін өз алдыма бөлек үй болып, жеке шаңырақ иесі атанғаныма қуанып тұрмын. «ТұрғынүйҚұрылысЖинақ Банкі» салымшыларына берілген мүмкіндікті батыл пайдалану керек дер едім. Бүгін пәтер иелері атанып, қоныстой тойлаған барша көршілерімді қуаныштарымен құттықтаймын.

Данияр-Динара ЗҮБӘЙЫРОВТАР,  жас отбасы:

– Бұл пәтерге қол жеткізу үшін жинақ банкінен есеп шот ашып, үш жыл көлемінде қаражат салдық. Екеуміз де медицина саласында қызмет атқарамыз. Биылғы жылы шаңырақ көтердік. Бүгін пайдалануға берілген 9 қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан бір бөлмелі пәтер алдық. Айтулы мереке қарсаңында су жаңа пәтерге ие болғанымызға қуаныштымыз. Біз секілді жас отбасыларын баспанамен қамту мақсатында қолайлы бағдарлама қабылдаған Елбасына және облыс басшылығына дән ризамыз. Тұрғын үйдің орналасқан жері өте қолайлы. Жас отбасына қажетті балабақша, мектеп, аурухана, спорт кешені, сауда орындары бір жерге шоғырланғандығы  қуантады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Жерді заңсыз иеленгендерге 22 млн. теңге айыппұл!

Күні: , 57 рет оқылды


Өткен аптада өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында  облыстағы жер телімдерін пайдалану ережесі туралы баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С. Нұрғалиев пен жер қатынастары басқармасының басшысы Ә. Мұханбетжановалар хабарлама жасады.


Жиынды ашқан Салауат Нұрғалиев басқарманың атқарған жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы басқарма ұжымы жер заңдылығының сақталуына орай 238 тексеру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде 182 заңбұзушылық анықталып, кінәлі тұлғаларға 22 миллион теңге айыппұл салыныпты. Осы мерзімде басқарма жалпы көлемі 110 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік, жайылымдық және шабындық алқаптарына жүргізген тексеру жұмысының нәтижесінде 97 мың гектарды құрайтын 84 жер телімінің иесіне оны тиісті мақсатында пайдалану жөнінде нұсқама берді.

– Өкініштісі сол, жекелеген тұлғалар жерді пайдаланбайды не игермейді. Соның салдарынан 52 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға мәжбүр болдық. Ал 5,6 мың гектар жер телімін қайтарып алу жөніндегі талап-арыз сотта қаралу үстінде. Келешекте аталмыш іс одан әрі жалғасын табады. Өйткені жердің қашанда тиімді пайдаланылуы мемлекет үшін де, заңды немесе жеке тұлға үшін де маңызды болмақ, – деді әрі қарай С. Нұрғалиев. Баяндамашының сөзінше, басқарма пайдаланылмайтын жер телімдерін кері қайтарумен қатар, жеке және заңды тұлғалардың жер телімін мақсатты түрде игеруіне де түрткі болуда. Соған орай, 63,6 мың гектар жерді пайдаланушылар қазір оны игеруге кірісті, сөйтіп баға жетпес байлық ауыл шаруашылығы айналымына тартылған. Сондай-ақ, ҚР заңдарына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, Салық кодексінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы  жерге салықтың базалық мөлшерлемесін он есеге арттыру қарастырылған. Осы кодекстің нормаларын басшылыққа ала отырып, аталмыш басқарма жерін игермей отырған тауар өндірушілердің тізімін облыстық кіріс департаментіне жолдап, жалпы көлемі 142,9 гектар телімге 9170,3 мың теңге жер салығын салыпты.

Жерге қатысты тағы бір заңбұзушылық – жерді өз бетінше иеленіп алу. Соған байланысты биыл тексерудің нәтижесінде 71 жеке және заңды тұлғаға әкімшілік хаттама толықтырылып, 22 миллион теңге айыппұл салынған. Бұдан басқа, қоғамдық орындарда Жер кодексінің ережелерін түсіндіру мақсатында «Ескерсең, қорғаласың!» атты жадынамалар таратылған. Қалалық қоғамдық көліктерде «Жерді заңсыз басып алуды тоқтатайық!» атты бейнетаспалар көрсетіліп жүр. Барлық шаралар, соның ішінде жер реформасы бойынша түсінік жұмыстары басқарманың ресми сайтында үнемі жариялануда.

– Өңірдегі барлық жер көлемі 15133,9 мың гектарды құрайды. Соның 6 607 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы шабындықтар, жайылымдар және басқасы. Биыл былтырғыға қарағанда егістік, шабындық және жайылым көлемі өсті. Сонымен бірге көршілес Ресейге жалға берілген 1463,7 гектар жер бар, – деді Әлия Биғазықызы. Ол әрі қарай жерді тиісінше пайдаланудағы олқылықтар мен заңсыздықтарға тоқталды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы айналымына тартылмаған жер көлемінің басым көпшілігі Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Қаратөбе аудандарында орналасқан. Сонымен қатар жерді пайдалануға сұраушылардың да аз емес екенін айтты. Оларға жер тек конкурс арқылы беріледі. Жер телімі бойынша конкурстар Ақжайық, Қазталов, Тасқала аудандарында және Орал қаласында өткізіліпті. Бұдан басқа, биыл мамыр айында облыс орталығында сегіз жер телімі бойынша аукцион болған. Оның қорытындысы бойынша жер телімдерінің жалпы құны 5 341 000 теңгені құраған. 12 желтоқсанда Орал қаласының әкімдігі бес жер телімі бойынша аукцион өткізбек. Әр жер телімінің бастапқы құны 44 мың теңгеден 327 мың теңгеге дейін өспек. Қазір соған қатысушылардың өтініштері қабылдануда. – Ресейге жалға берілген жердің ахуалына байланысты айтсам. Биыл сынақ айлағын пайдалану туралы 1995 жылғы 20 қаңтардағы хаттама заңдастырылып, сол бойынша бізге көлемі 1 371 гектарды құрайтын Кіші Боғда кен орыны қайтарылуы тиіс. Қазір жер аумағын мемлекеттік меншікке қабылдау-тапсыру үдерімі аяқталды. Онда келесі жылы қиыршық тас өндіру басталады. Бұған дейін өңірге аталған құрылыс материалы сырттан тасылып келді. Оның қымбатқа түскені де белгілі. Енді өз шикізатымызды кәдеге асыратын боламыз, – деді өз хабарламасында Әлия Мұханбетжанова.

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Балдырғандар балабақшамен толық қамтылған аудан

Күні: , 52 рет оқылды


Қаратөбе аудан аумағындағы 24 мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 633 бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев мәлімдеді.


Биылғы жылдың 10 айы ішіндегі атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген аудан әкімі әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті.

– Аудан бюджеті биылғы жылы 3 630 045,6 мың теңгені құрады. Аудандық бюджеттің барлық түсімдері есепті кезеңге 101,2 пайызға игерілді. Аудан бюджетінің шығыс бөлігінің жоспары 98,1 пайызға орындалды. Он айда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 709,7 миллион теңге болды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 5 341,7 млн. теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 497,0 млн. теңге болып, былтырғы жылмен салыстырғанда 254,7 пайызға артты. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 31,9 мың теңге болса, бөлшек тауар айналымы 2 111,3 млн. теңгені құрады, – деді Жанат Асылханұлы.

Аудан әкімінің айтуынша, аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға зор көңіл бөлініп келеді. Аталған саланың бүгінгі таңдағы өсу динамикасына тоқталсақ, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда едәуір өскен. Бүгінгі таңда ауданда 31 406 бас ірі қара малы, 78 530 бас қой мен ешкі, 7 342 бас жылқы, 15 бас түйе, 11 922 құс өсірілуде. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал басы санын арттыру мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Бұл бағытта аудан шаруашылықтары 223 бас асыл тұқымды бұқа және екі шаруашылығы 148 бас қазақтың ақбас сиыры асыл тұқымды малын сатып алған. Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 147 бас ірі қара мал, қой шаруашылығын дамыту мақсатында бір шаруа қожалық 300 бас асыл тұқымды саулық, 7 шаруа қожалығы 191 бас асыл тұқымды қошқар сатып әкелген. Аудан бойынша 10 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері тіркеліп, жұмыс жасауда. «Қызылжар – 2», «Тобылғы», «Бесотар», «Қаратөбе – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ірі қара малын тұқымдық түрлендіру, мал бордақылау жұмыстарымен шұғылдануда. Соның ішінде «Қаратөбе – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрамы бүгінгі күні 43-ке жетіп отыр. Бұл кооперативтің 35 мүшесі 97,9 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бордақылауға 503 бас ірі қара малын алған. Сонымен қатар Қаратөбе ауылының аумағынан «Қоржын» шаруа қожалығы 100 гектар жер алып, ауысымына 30 бас ірі қара малын союға қауқарлы мал сою бекетінің құрылысын жүргізуде. Аталмыш нысанды алдағы желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, ауданның барлық елді мекендері толықтай көгілдір отынмен қамтылған. Бүгінде Қоскөл, Үшана, Төлен, Ханкөл, Ақтайсай, Дайынөткел, Алакөл ауылдарындағы мектеп, балабақша, асхана, мәдениет үйлері секілді әлеуметтік нысандарға газ тарту жұмыстары аяқталған.

Қаратөбе ауданының аумағында 41 шақырымды құрайтын республикалық және 215,2 шақырым аудандық дәрежедегі жолдар бар.

Аталған республикалық дәрежедегі жолдар қатқыл табанды болса, ауыларалық 181 шақырым жолға қиыршық тас төселген. Ағымдағы жылы жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілген болса, бүгінде ұзындығы 9,2 шақырымды құрайтын 11 көше жолдарын қайта жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда.

Биылғы жылы аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 8 бір пәтерлі тұрғын үй, 14 коммуналдық тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 14 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй салу мақсатында инженерлік желілер тартылуда.

Аудандағы 22 елді мекеннің оны орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Ал он елді мекен орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған болса, Үшағаш және Үшана елді мекендеріне ауыз су тасымалдануда. Қазіргі таңда Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана елді мекендеріне таза ауыз су тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл елді мекендер таза ауыз сумен қамтылған жағдайда ауданның орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 90 пайызға жетпек.

– Биылғы жылы 56 адам – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында ашылған жұмыс орындарына, 41 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 53 адам – жастар практикасына, 332 адам – қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылса, 14 адамға несие беріліп, 152 адам – кәсіптік оқуға жолданған. Аудан бойынша жыл басынан бері 428 жаңа жұмыс орындары ашылды, оның ішінде 89 тұрақты жұмыс орындары. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты шеңберінде аудан бойынша 31 жас техникалық және кәсіби оқытуға жолданды. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында 22 адамға 81407,0 мың теңге көлемінде несие беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін 14 адам 101035,0 мың теңге көлемінде несие алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 36 жас маманға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. «Өрлеу» бағдарламасына аудан бойынша 8 ауылдық округтен 28 отбасы 133 адам қатысып, оларға республикалық бюджеттен 3090,4 мың теңге, жергілікті бюджеттен 2618,0 мың теңге төленді. 17 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 15 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, 8 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді. Жалпы «Өрлеу» бағдарламасына қатысушы отбасылар шартты ақшалай көмек ақшаға 16 бас ірі қара, 136 бас қой мен ешкі, 3 бас жылқы малдарын сатып алды, – деді аудан әкімі Жанат Асантаев.

Аудан әкімі өз баяндамасында аудандағы денсаулық, мәдениет пен білім салаларында атқарылған бірқатар игі істерге де тоқталып өтті.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Сындарлы саясат жемісі

Күні: , 47 рет оқылды


1 желтоқсан –  Қазақстан  Республикасының  тұңғыш  Президенті күні  қарсаңында  облыстық қазақ  драма  театрында  салтанатты  мәжіліс  өтті. Оған  зиялы қауым өкілдері, соғыс  және  еңбек  ардагерлері,  жастар  қатысты. Жиында  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов құттықтау  сөз  сөйледі.


– Құрметті өңір тұрғындары! Өздеріңізге жақсы мәлім, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің күні. Елбасының сындарлы саясатының арқасында көп ұлтты тәуелсіз елімізде ынтымақ пен бірлік салтанат құруда. Сыртқы саясатта да көрші мемлекеттермен татумыз, әлем елдерімен қарым-қатынасымыз қалыпты. Еліміз БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі. Бүгінде әлемдік маңызы бар ауқымды саяси жиындар Отанымыздың бас қаласы – Астанада да өтуде. Мәселен, әлемдегі түрлі дін өкілдерінің басын қосқан тұңғыш кездесу тек Астанада ұйымдастырылды. Елордада басқа да тың идеялар өмірге келіп, жүзеге асырылып жатады. ЕЫҚҰ-ның төрағасы болғанда да Қазақстан талай мақсатты істерге ұйытқы болды. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі де сәтті өтті. Біздің Ақ Жайық өңірі де ойдағыдай дамып келеді. Осыдан біраз жыл бұрын бізде ішкі жалпы өнім бар болғаны 900 миллион теңгені құраса, былтыр ол  2 триллион теңгеге жетті. Облысымызда жолдар мен үйлер салынып, су құбырлары, инженерлік желілер тартылуда. Күні кеше ғана облыс орталығының іргесінде Подстепный ауылында 300 орындық жаңартылған мәдениет үйі есігін айқара ашты. Сол Теректі ауданының бес елді мекеніне биыл су құбыры тартылып, тұрғындар орталықтандырылған  таза суға қол жеткізді. Бүгінгі мерекеге орай, Орал қаласында 180 пәтерлік жаңа үй пайдалануға беріліп, тұрғындарға жаңа үйдің кілті табыс етілді. Жыл аяғына дейін тағы да 180 пәтерлік үй беріліп, адамдар жаңа үй алу қуанышына кеңелмек. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының игілігін әлі де талай адам көреді, – деді облыс басшысы.

Жиналғандар театр фойесінде ұйымдастырылған Елбасының және оған арналған кітаптар мен фотосуреттердің көрмесін  және облыстық Ғ. Құрманғалиев атындағы филармония өнерпаздарының концертін тамашалады. Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов, Эльмира Усаева және Ақмарал Ахметова, Ақсұлу  Жұмалиева,  термешілер Армат Еслямғалиев, Фархат Оразов, Дамир Сатыбаев, Нұргүл Оразғалиева,  «Әдемі» би ансамблі, «Шұғыла» балалар би ансамблі  өнер  көрсетті.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ

Суреттерді  түсірген  Айбатыр НҰРАШ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика