Мұрағат: Декабрь, 2017


«БЖЗҚ» АҚ бөлімшелерінің 2017 жылғы 30-31 желтоқсан – демалыс күндеріндегі жұмыс кестесі туралы

Күні: , 97 рет оқылды


БЖЗҚ зейнетақы заңнамасын­да 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін өзгерістер­ге байланысты, ағымдағы жылы зей­неткерлік жасқа толған және толатын салымшылар мен алушыларды, сондай-ақ І және ІІ топ­тар­дағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдарға мы­надай мә­ліметтерді хабарлайды.


2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ-дан міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зей­нетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған, сондай-ақ І мен ІІ топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген азаматтарға ай сайын төленетін болады.

Егер зейнетақы қорына жүгін­ген күні зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспа­ған жағдайда, оларды толығымен алуға болады. (2018 жылы бұл сома – 404 940 теңгені құрайды (33 745 x12)). Ал егер зейнетақы жинақтары бұл сомадан артық болса, онда зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады.

Осыған байланысты, БЖЗҚ биыл зейнеткерлік жасқа толған немесе толатын (ерлер – 63 жас, әйелдер – 58 жас), сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген салым­шылар мен алушыларға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қол­даныста болатын тәртіпте рәсім­дей алатындықтарын хабарлай­ды. Бұл үшін БЖЗҚ бөлімшесіне барып зейнетақы төлемдерін рә­сімдеу жөніндегі өтінішті рәсімдеу қажет.

Тағы да естеріңізге саламыз, салымшылар мен алушылар жоға­рыда аталған құқықтарын толы­ғымен жүзеге асыруға мүмкіндік алуы үшін БЖЗҚ-ның барлық операциялық бөлімшелері 2017 жылдың 30 және 31 желтоқсаны күндері таңғы сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.


«Мерейлі мәуліт»

Күні: , 78 рет оқылды


Мұхаммед  Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с.)  туған  күніне  байланысты  қаламыздағы  жастар  шығармашылығы  орталығында  «Мерейлі  мәуліт»  атты  шара  өтті.


Шара «Алла елшісіне сағыныш хат»  атты бейнебаян көрсетілімімен басталды. Содан соң Орал шаһарындағы Тәжіден Батырұлы атындағы мешіттің наиб имамы Талғат Мұратұлы Құран аятын оқыды. Одан әрі облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, ата-бабамыз қабылдаған Ислам дінінің құндылықтары және осынау мерекенің мәні мен маңызы жөнінде  айтып өтті.

– Мәуліт – Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние есігін ашып, әлемге қуаныш нұрын ала келген күн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке мен Мәдинаға келгенде тұрғындар Оны (с.ғ.с.) көріп, «Толықсыған ай туды» деп қуанысып, ерекше сезіммен қарсы алған.

Мәуліт күнін біз де  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тамаша қасиеттерін, көркем мінезін еске ала отырып, атап өткеніміз жөн.  Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған салауат айтса, періштелерім оған он салауат айтады» деген. Сондай-ақ Мәуліт оқылып, салауат айтылған жерге Алланың нұры мен шапағаты төгілетіндігі  де айтылған, – деді өз сөзінде ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов.

Облыстық орталық мешіттің наиб имамы Бақытжан Сабырәлиев «Шапағат шамшырағы әз-Мұхаммед (с.ғ.с.)» тақырыбында баяндама жасады. Шара барысында Алла Тағаланың ұлықтылығы, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ Орал медресесінің шәкірттері мен өнерпаздары діни әндерді орындады. Мәселен, Фархат Оразов  «Пайғамбарға мадақ», Нұрбол Қабдуллин «Пайғамбарға арнау»,  «Асыл адам», Бауыржан Қыдырғалиев «Келесі жұмаңды нәсіп ет Алла» атты  діни әуендер көпшілік көңілінен шықты. Ал ақындар Мұрадым Мирланов пен Айнабек Бисенғалиев жиналғандарға  тамаша  айтыс  сыйлады.

Нұрлан  САМАТҰЛЫ,

Орал  қаласы


Жаңа жыл қарсаңындағы жақсылық

Күні: , 85 рет оқылды


«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылдық округіне тартылған таза ауыз су құбыры іске қосылды.


Жаңа жыл қарсаңында округ орталығының тұрғындары ғана емес, Ескіесім, Баянтөбе елдімекендерінің жұртшылығы да осындай қуанышқа кенелді. Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафуддин базаршоландықтарды маңызды оқиғамен құттықтауға арнайы келді. Құрылғыны орнатқан «Жиенбай» ЖШС-ның жұмысшы-қызметкерлеріне округ тұрғындары дән разы. Жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын таза ауыз су құбыры әр үйге тартылған. Айта кетерлігі, Ескіесім елді мекені аудандағы таза ауыз су құбырына қосылған 24-ші ауыл.

Борис МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Ақжайық ауданы


АТТ-ның саны азайып, сапасына мән берілмек

Күні: , 74 рет оқылды


Кеше  облыс  әкімдігінің  жанындағы  діни  бірлестіктермен байланыстар  жөніндегі  кеңестің  кезекті  отырысы  өтті.  Алқалы басқосуға  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов қатысты.


Облыста күні бүгінге дейін 75 діни ұйым тіркелген. Оның 44-і ислам дінін уағыздайды. Енді келесі жылы заңдылық негізде бір кришнаит ұйымы жұмысына кіріспек. Мемлекеттік тіркеуден өтпесе де, баптистер жұмысын тоқтатпай отыр. Ал, біздің басқармада тіркелген сегіз миссионер заң шеңберінде жұмыс атқарып жүр. Дін саласында былтыр бір құқықбұзушылық тіркелсе, биыл олардың саны 18-ге жетті. Биыл дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру мақсатында БАҚ-тарда жалпы саны 4936 материал жарық көрді. Елдің дінге қатысты ой-пікірін анықтау мақсатында ұдайы мониторинг жүргізілуде. Біз ақпараттық-түсіндіру топтарының (АТТ) жұмыстарына жіті назар аударып отырмыз. Құрамында 213 адамды қамтитын 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жүйелі де жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді. Басқарманың өзге де құзырлы топтармен ынтымақтастығы жолға қойылған. Мәселен, жоғары оқу орындарымен арадағы байланыстың нәтижесінде биыл қыркүйек айында бірінші курс студенттерімен кездесу оздырылып, онда білікті дінтанушылар теріс діни ағымдар және олардың қатерлілігі жөнінде дәрістер өткізді, сөйтіп ашық әңгіме жағдайында бетпе-бет жүздесу болды. Прокуратура органдарымен де байланыс жақсы. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері А. Зинуллин мен Д. Саратовтар ерекше белсенділік танытып, ел арасындағы, әсіресе, жастар алдындағы түсінік жұмысына ұдайы қатысып жүр.

Сондай-ақ дін істері басқармасы христиандық православие тармағының дін басылармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Мәселен, екі тараптың ұйымдастыруымен Орал қаласында 250-дей діндар қатысқан кездесу өткізіліп, онда жалған христиандықтың мақсаты мен мәні, зиянды салдары жөнінде кеңінен баяндалды. Жалпы алғанда, діни түсінік жұмыстары Ақжайық, Бөрлі, Зеленов аудандарында жақсы жолға қойылған. Өкініштісі сол, өзге аудандарда әлі де енжарлық басым.

Дегенмен түгелімен алғанда, өңірде жат ағымға еріп кетіп, адасқандардың жыл өткен сайын азайғаны байқалады. Әрине, біз қашан да жұмысымызға сын көзбен қарауымыз қажет. Келешекте ақпараттық-түсіндіру топтарының санын азайтып, сапасына мән бермекпіз. Әрі бұқаралық жұмыстардың жанды болуын қамтамасыз етуіміз керек. Ел арасында түрлі мәселелер бойынша мониторинг жүргізу арқылы халықтың ой-пікіріне құлақ түргіміз келеді, – деді  жиындағы алғашқы баяндамашы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Саялбек  Ғиззатов.

– Құзырлы құрылымдардың бұл бағытта жүйелі жұмыс істегені көрініп тұр. Бірақ жұмысты әлі де ширата түсу керек. Нәзік те иірімі мол дін саласы әркімнен де жұмысты үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді.  Мәселен теріс діни ағымнан зардап шегіп, қорлық көрген, оны ашық айтқысы келген куәгерлерді тиімді пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ кей аудандардың топ жұмысынан мүлдем хабарсыз болуы да алаңдатарлық жәйт. Топ мүшелерінің терең білім және біліктілікпен қатар жұртты ұйытатын сөзге шешен болуы да аса маңызды. Жұмыс әдістемесін де жаңартып отыру керек. Әйтпесе, істе қайтарым  болмайды. Биыл «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол Парламент қарауында жатыр. Сол заң қабылданған соң, жаңартылған құжатпен жұмыс істейміз, – деді басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Әрі қарай ол Бөкей ордасы, Сырым, Теректі және өзге де аудан басшыларына жұмысты күшейтуді  тапсырды.

– Мектеп – мемлекеттік мекеме. Біздің мемлекет зайырлы болғандықтан, мектеп аумағында діни киімге рұқсат етілмейді. Өкініштісі сол, арамызда бұған қарсы оқушылар мен олардың ата-аналары аз емес. Тілге тиек етсек, биыл оқу жылының басында сондай 162 дерек анықталды. Соған орай білім ұяларының басшыларына талап күшейтіліп, арнаулы комиссияда мәселелер қаралып, ата-аналарға ескертулер жасалды, айыппұлдар салынды.

Соның нәтижесінде мектепке діни киіммен келетіндердің саны 111-ге дейін азайды. 26 оқушы өңірден тыс жерге ауысты. Бір оқушыны ата-анасы алып кетсе, 11 мектептегі 24 оқушы орамалға байланысты сабаққа қатыспай отыр. Осыған орай дін өкілдері мен мемлекеттік құрылымдардан көмек пен қолдау сұраймыз, – деді екінші баяндамасында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

– 24 оқушыны мектепке қайтару қажет. Олардың еш кінәсі жоқ. Бәрі де ата-ананың теріс ықпалына байланысты. Ал ескертуді қабылдап, түсініп, ұл-қызын мектепке қайта әкелген ата-аналарға ризамыз. Бұл іс өзгелерге үлгі болуы тиіс. Жалпы мемлекеттік заң талабы орындалуы керек. Сондықтан қалған балаларды қайтаруда үгіт-насихат та, заңның күші де қолданылуы тиіс, – деді сөз соңында  Ғабидолла Абдоллаұлы.

Жиында ҚМДБ-ның  БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов, «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени қоғамының жетекшісі Данильбек Саратов, облыстық білім сапасын қадағалау департаментінің басшысы Светлана Бахишевалар сөйледі. Соңынан діни ақпараттық-түсінік жұмысына белсене қатысқаны үшін Д. Саратов, облыстық мешіттің наиб имамы М. Асанов және басқалары марапатталды.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Билік пен бизнестің ынтымақтастығы

Күні: , 417 рет оқылды


Кеше  өңірдегі кәсіпкерлік  палатасында облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  бір  топ  бизнес өкілдерімен  кездесті.  Кәсіпкерлермен  жеке кездесу  үрдісі  облыс  әкімінің  бастамасымен  тек  біздің  өңірде  ғана  өткізілетіндігін  айта  кетейік.


Мұндай кездесу ағымдағы жылы бірнеше мәрте ұйымдастырылып отыр. Кездесуге келген жеті кәсіпкер жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен өз жоба-жоспарлары жөнінде өңір басшысына тікелей айтуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айынан бері 56 кәсіпкер облыс әкімінің қабылдауында болған.

Облыс әкімімен кездесуге келген кәсіпкердің бірі айналысып отырған кәсібінің аясын кеңейтуді мақсат етсе, екіншісі, өз жобаларын жүзеге асырғысы келеді.

– Біздің кәсіпорын көп жылдан бері шынжыр табанды аэроботтар құрастырумен шұғылданып келеді. Алға қойған жоспарларымыз да аз емес. Кәсібімізді одан әрі дамытуға арнайы орынның болмауы қолбайлау болуда. Қазіргі уақытта ғимаратты жалға алып отырмыз. Оған көп шығын жұмсаймыз. Осыған орай бізге арнайы ғимарат бөлуге немесе жер телімін беруге көмектессеңіз, – деді «AIROBOT» ЖШС жетекшісі Айбар Хуспанов.

Облыс әкімі бұл мәселенің аяқ асты шешілмейтіндігін, бірақ жуық арада құзыретті органдармен ақылдаса отырып, түйіткілді шешу жағын қарастыратындығын мәлімдеді.

Кездесуге келген Гүлмира Салихова есімді жеке кәсіпкер Орал қаласынан асхана салуға жер телімін сұраса, ақсайлық Әлібек Төлепов те көлік жөндеу бекетін салуға жерден көмек керектігін  айтты. Облыс әкімі мәселені барынша шешу жолын қарастыратындығын жеткізді.

Жалпы бұл күні «Атамекен» палатасында өткен кездесуде облыс әкімі жеті кәсіпкерді қабылдады.

– Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігі бағытында үлкен міндеттер жүктеп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де жақсы қарқын алуда. Облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен әкімдікте қабылдасақ, бұл жерде тек өңірдің бизнес өкілдерімен ғана кездесеміз. Бұл басқосуларда кәсіпкерлер бизнес саласындағы кездескен қиындықтар туралы, оны қолдауға қажет жағдайлар туралы өз ойларын ортаға салады. Кәсіпкерлердің іскерлігі мен ой өрістерінің өсуі, кездесуге тыңғылықты дайындықпен келуі көңіл қуантады. Бүгінгі кездесуге келген «Азия Глобал Сервис» серіктестігінің жас жігіттері оқу орталығын ашып, бизнес саласындағы білімдері мен тәжірибелерін кейінгі жастарға оқытқысы келетіндіктерін айтты. Келер жылдың ақпан айында осы тақырыпта жастар форумын ұйымдастырамыз деп жоспарладық. Биылғы өткізілген тұрақты кездесулеріміз келер жылы да өз жалғасын таппақ. Себебі билік пен бизнестің арасындағы көпір үзілмеу керек, – деді облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


80 автобус сатып алмақ

Күні: , 66 рет оқылды


2018  жылдың  1  мамырына  дейін  қаладағы  жолаушылар  тасымалымен  айналысатын  мекемелер  80 жаңа  автобус  сатып  алуды  жоспарлап  отыр.


Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Рүстем Закарин қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын мекеме басшыларымен өткен баспасөз брифингінде айтты. Қоғамдық көліктердің жұмысы облыс және қала әкімдігінің үнемі бақылауында екенін айтқан Рүстем Сәрсенбайұлы  жолаушы тасымалымен айналысатын мекемелер жаңа автобустар алуға дайын деді. Ал БҚО автомобильмен тасымалдау ассоциациясының төрағасы Александр Бакланның айтуынша, автобустарды несиеге алу жөнінде екінші деңгейлі банктермен келісімшартқа отыру бойынша  жұмыстар  жүргізілуде.

«Келер жылдың бірінші тоқсанында әрбір мекеме өздеріне бекітілген маршруттар бойынша қалалықтарды жаңа автобустармен қуантады деп ойлаймын. Соңғы жылдары Орал қаласы экологиялық таза қала ретінде танылуда. Сондықтан да автобустарға бірдей жасыл реңк берілетін шығар. Автобустар заманауи үлгіде жаңартылады», – деген Александр Баклан өзі басқаратын «Орал Тех Сервис» мекемесі шамамен 600 млн. теңгеге 20 автобус сатып алатынын айтты. Бұл несие мемлекеттік қолдау арқылы 14 пайызбен берілмек.  Ал «Ақжол авто» ЖШС ресейлік өндірістен шығатын он автобусты 200 млн. теңгеге сатып алмақ. «Биыл жолаушылар көлігін тасымалдау бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Busreport» атты жүйе 500 автокөлікте қолданылуда. Бұл жүйемен телефон арқылы қандай автобустың қай жерде, қай уақытпен келе жатқанын көруге мүмкіндік бар. Сегізінші қарашадан бастап қаламыздағы үш маршрутта СМС-бас жүйесі қосылды. Қазіргі уақытта 1074 транзакция өткізілді. Яғни осынша адам осы жүйені қолданған. Қала әкімшілігі «Ютонг», «Русские автобусы», «Голден Драгон Бас», «Daewoo Bus», «Haiger Quazar» секілді автобус шығаратын компаниялармен кездесулер жүргізді», – деді  Орал қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары  Айдар  Минеев.

Жол полициясымен тұрақты жүргізілетін «Автобус» профилактикалық іс-шарасы барысында биыл 56 автобус жүргізушісі әкімшілік  жауапкершілікке  тартылған.

Ясипа  РАХИМҚЫЗЫ


Құлпытас – тарихымыздың қайнары

Күні: , 374 рет оқылды


Үш ғасырға жуық бодандықтың қамытын киген, бодандыққа дейін де, кейін де тарихын қағазға түсіріп хаттамаған ел үшін ата-бабамыздың тасқа жазған жазбалары түсінген адамға аса құнды құжат, жазба тарихымыз екені анық. Соңғы бес жылда облысымыз бойынша құлпытастарды зерттеу жұмыстарын мүмкіндігімізше атқарып келеміз. Нәтижесінде үш мыңға жақын құлпытас табылып, суретке түсірілді. Үш ханның, сұлтандардың, ел билеген билеушілердің, батырларымыз бен әулиелеріміздің, тарихи маңызы бар талай тұлғалардың құлпытастары табылып, оқылып, шынайы тарихымызды жазуға қажет көптеген тың мәлімет айналымға енгізілуде. Көптеген замандасымыздың ата-бабалары табылды. Құлпытас аудармалары көпке жария болмағандықтан, көпшілігі әзірге хабарсыз.


«Dana.qaz» журналында «Құлпытас сырын ашайық!» айдарымен басталған ісіміз республикалық деңгейде ғалымдардың қызығушылығына ие болып, Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығының қаржылай қолдау білдіруінен-ақ бұл жобаның әлем тарихында да орны бар екенін түсінуге болады. Бірақ қажет қаржы өз елімізден табылмай, өзге елден табылуы түсінген адамға қуанатын жәйт емес екені анық.

Жүйелі жұмысты құлпытастарды зерттеудің маңыздылығы мен оны ұйымдастыру жолы туралы “Орал өңірі” газетінде (11.12.2014 ж.) “Құлпытасты құрметтеу – ардың ісі” және “Приуралье” газетінде “Надгробия чтить – поступок совести” (11.12.2014 ж.) атауымен мақала жариялаудан бастадық. Одан соң барлық аудан әкімдеріне жұмыстарды бірлесіп атқару жөнінде хат жолдадық. Әр ауданда жұмыс тобы құрылды. Біз жұмыс тобына арнайы нұсқаулық дайындап, ұғынықты болуы үшін бейнероликтер жасадық. Аудандарда жасақталған жұмыс тобын Орал қаласына шақыртып, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті ақпараттармен қаруландырдық. Біздің бастамамызды түсініп қолдағаны да, мәніне терең бойламай, салғырт қарағандары да болды. Қолдан келгені жасалды. Нәтижесінде бүгінгі есебіміз бойынша 12 ауданның 63 ауылдық округінен 250-ге тарта қорым қаралды. Құлпытастардың көпшілігі суретке сапасыз түсірілген, нұсқаулыққа сай жасалмаған. Сондықтан бұл ісіміз өңірімізде қанша құлпытас барын анықтау бағытында жасалған қадам болды деп есептеуге болады. Тізімге алынған қорымдардың көбіне қайта барып, нұсқаулығымызға сай тазалап, сапалы суретке түсіру қажет. Оған қоса кей аудандардың тіптен жұмыстанбағанын, кейбірінің немқұрайлы қарап, салғырт жасағанын ескерсек, есепке алынбай, суретке түсірілмеген талай қорым бар екені анық.

Әзірге қолда барымыз:

  1. Ақжайық ауданының 5 ауылдық округінен 23 қорым есепке алынып, 186 құлпытас тіркелді.
  2. Бөрлі ауданының 4 ауылдық округінен 8 қорым және ескі МТС-тың іргетасына салынғандары есепке алынып, 113 құлпытас тіркелді.
  3. Бөкей ордасы ауданының 3 ауылдық округінен 9 қорым есепке алынып, 141 құлпытас және Хан зираты қорымынан 526 құлпытас суретке түсіріліп, қазіргі уақытта алматылық ғалымдармен бірге жұмыстанудамыз, барлығы 667 құлпытас тіркелді.
  4. Жаңақала ауданының аумағынан 604 құлпытас оқылып, аударылды. Бұл жұмысты Мұратбек Жахатов бір өзі атқарды.
  5. Жәнібек ауданының 4 ауылдық округінен 29 қорым қаралып, 108 құлпытас тіркелді.
  6. Зеленов ауданының 4 ауылдық округінен 7 қорым қаралып, 21 құлпытас тіркелді.
  7. Қазталов ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым қаралып, 56 құлпытас тіркелді.
  8. Қаратөбе ауданының 8 ауылдық округінен 73 қорым есепке алынып, 401 құлпытас тіркелді.
  9. Сырым ауданының 10 ауылдық округінен 26 қорым қаралып, 66 құлпытас тіркелді.
  10. Тасқала ауданының 1 ауылдық округінен 2 қорым қаралып, 16 құлпытас тіркелді.
  11. Теректі ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым қаралып, 288 құлпытас тіркелді. Бұның жартысы – алматылық ғалымдармен бірлесіп жұмыстанып жатқан Хан зиратындағы құлпытастар.
  12. Шыңғырлау ауданының 7 ауылдық округінен 20 қорым есепке алынып, 117 құлпытас тіркелді.

Тек осы құлпытастардағы тұлғаларды білу арқылы көптеген жерлестеріміз ата-бабаларын танып, тектерін түгендей алады. Бұның өзі өткеніміз бен бүгінгімізді жалғап, көпшіліктің нағыз рухани жаңғыруына сеп болары сөзсіз.

Біздің жобамыздың маңыздылығына көзі жеткен Алматыдағы Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері – т.ғ.д., профессор (OIC) Әшірбек Мүмінов, т.ғ.к. Айтжан Нұрманова, т.ғ.к. Дина Медерова, Бағдат Дүйсенов арнайы жоба жасап, үш қорымды ғылыми негізде зерттеуді қолға алды. Бұл жобаға Батыс Қазақстан облысынан Қазыбек Қабжан, Жәнібек Исмурзин, Мұратбек Жахатов, Айболат Құрымбаев және мен кірдім. Институттан қарастырылған қаражат жасаған жұмыстарды кітап етіп шығаруға жетпейтін болды. Түркияда уақытша қызметте жүрген Әшірбек Мүмінов Стамбұлдағы Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығының бас директоры, проф. (OIC) Хален Эренмен сөйлесіп, Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды ислам мәдениетінің бөлшегі ретінде қарауды ұсынып, Алматы қаласында “Арал – Каспий өңірінің мұсылмандық мұрасы” атты ғылыми семинар ұйымдастырды. Жиынның қорытындысы бойынша Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеудің ғылыми орталығы біздің алматылық ғалымдармен бірлесіп зерттеп жатқан құлпытастарды – “Мәулімберді білім-мемориалдық кешені”, “Жантөре хан кешені”, “Бөкей ордасының ислам мәдениеті”, “Хан зираты” атты ғылыми жинақтарды қазақ және ағылшын тілдерінде шығаруды қаржыландыруға уәде етті. Бірақ шығарылған жинақтың бір данасы да бізге берілмейді. Бәрі ұйымға мүше 56 мемлекеттің ірі ғылыми орталықтары мен кітапханаларына таратылмақ. Тәжірибелі, кәсіби білікті ғалымдармен бірлесе шығарылмақ бұл жинақтар құлпытастарды зерттеуде істі қалай жүйелі атқару және кітап етіп шығаруда үлгі болмақ.

Сыры ашылған құлпытастар

Жинақталған үш мыңға жуық құлпытастың оқылғандардың арасында хан, батыр, би, сұлтан, әулие – бәрі де табылып жатыр. Бәрін жариялап, таныстыру мүмкін емес, бірақ дәлел үшін бірсыпырасын ұсынайын.

 
  Хандар   Қорым, орналасқан жері   Қысқаша сипаттама  
1   Есім хан Нұралыұлы   Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңын­дағы көне қорымдағы №5 құлпытас. Қорымнан 5 құлпытас тіркелді.   Нұралы ханның үлкен ба­ла­сы, Ерәлі ханның мұ­ра­гері, Әбілқайыр хан­ның немересі. 1794-1797 жыл­дар аралығында Кіші жүзі ханы болған тарихи тұлға.  
2   Жантөре хан Айшуақұлы   Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы Хан зираты қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда сақталған 141 құлпытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тілдерінде жинағы жасалды. Сонымен қатар қорымда Әбіл­қайыр тұқымынан тараған бірнеше сұлтан-төре жерленген.   Әбілғазы мен Қаратай ханның билігін жалғас­тырушы, Айшуақтың үл­кен ұлы, Әбілқайырдың не­ме­ресі. 1805-1809 жылдар ара­­лығында Кіші жүз ханы бол­ған тарихи тұлға.  
3   Жәңгір хан Бөкейханұлы   Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық округіне қарасты Хан зираты қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда сақталған 628 құлпытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тілдерінде жинағы дайындалуда. Сонымен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жер­ленген.   Әбілқайыр ханның шө­бе­­ресі, Нұралы ханның не­мересі, Бөкей ханның ұлы. 1823-1845 жылдар ара­­­­­­лығындағы Бөкей орда­сының ханы  
4   Айшуақ хан Әбілқайырұлы   Теректі ауданы Бекей ауылы маңындағы қорымда орналасқан.   1797-1805 жылдар ара­лы­ғында Кіші жүздің ханы болған. Хандыққа 1797 жы­лы 70 жасында қол жеткі­- зіп, 78 жасында өз еркімен бас тартқан. 
       
  Батырлар   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Дәуқара батыр Қарақожаұлы   Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен ауылынан 2-3 шақырым жердегі Дәуқара батыр қорымындағы №1 құлпытас. Қорымнан 9 құлпытас тіркелді. Дәуқара батыр (1687-1751) – Кіші жүз Байұлы Сұлтансиық ішіндегі ай­бақты руының ұранына шық­қан айтулы батыр, та­рихи тұлға.  
2   Науша батыр Қаржауұлы   Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда 2 құлпытас сақталған. Байбақты руынан шық­қан, тумысынан еш­кім­ге оз­быр­лық жа­са­ма­ған, еш­кім­ге на­мы­сын жібер­меген, ақыл­ды бол­ған. Оның жау­ға көрсеткен ерлік қай­ратынан кейін халқы «Найзагер, батыр Науша» деп атап кеткен.
3   Ерсары батыр Бегетайұлы   Сырым ауданы Тоғанас ауылдық округіне қа­расты әулие Жұмағазы қазірет қоры­мын­дағы №7 құлпытас. Қорымда 6 құлпытас Жұма­ға­зы хазірет пен ұрпақтарына қойыл­ған және 7-ші Ерсары батырдың құлпытасы оқшау жатыр. Атақты найзагер, мерген, батыр.  
4   Байбақты Тайлақ батыр   Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қа­расты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қорымындағы №3 құлпытас. Қалмақтарға қарсы шық­қан батыр.  
5   Өгіз батыр Тайлақұлы   Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қо­рымындағы №1 құлпытас. Батыр, Тайлақ батырдың ұлы.  
6   Толыбай батыр Тайлақұлы   Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қа­расты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қорымындағы №2 құлпытас. Атығай руынан шыққан батыр.  
7   Өтебай Сәңкібайұлы   Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар ауылынан 3 км шығысқа қарай орналасқан Қаратоған/Қарақоға қауымында орналасқан №26 құлпытас. Тана руының Қалқаман тайпасынан, старшын.  
8   Сәңкібай Тұмабайұлы   Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар ауы­лынан 3 км шығысқа қарай орналасқан Қа­ра­қоға қауымында орналасқан №16 құлпы­тас. Бөкей сұлтанның қолбасы, қалқаман тананың баты­ры.  
9   Сатай батыр Кенжеғараұлы   Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық окру­гіндегі Байғұтты-Шолаққамыс атты көне қо­ныс маңында, Байғұтты сорының оңтүстік қабағындағы үлкен қорымда тұр. Бұл қо­­рымды жергілікті қариялар «Кенжеғара қа­уымы» деп атайды. Мұнда ХІХ ғасырға жа­та­тын 40-50 құлпытас сақталған. Старшын, алаша руы­ның биі, Махамбет Өтеміс­ұлы­ның қайын атасы.  
10   Шора Наушаұлы   Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымындағы №2 құлпытас. Науша батырдың баласы.  
11   Жетпіс палуан Бақтыбайұлы   Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық ок­ру­гіне қарасты Хандық деген мекенде орна­ласқан құлпытас.   Халқының қорғаны бо­­лып, жұртының жоғын жоқ­та­ған ерен қайратты, мықты палуан.  
 
  Дін ғұламалары, әулие, ғалымдар   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Дамолла Қажыәлі ибн шайх Мәулімберді   Ақжайық ауданы Базартөбе ауыл­дық округінде орналасқан.   Өте жоғары білімді, ғалым, терең білім алып, кітап жаз­ған шәйх–үлкен ғұлама  
2   Сүлеймен хазірет   Бисен мен Орда ауылдарының ара­сындағы құм жолдың бо­йын­дағы Сағи, Сүлеймен ха­зі­рет қоры­мын­да­ғы («Хазірет» атан­­ған жер) №2 құл­­пытас.   Сүлеймен хазірет Соқыран­ұлы (1800-1849) – діндар-ғұ­ла­­­ма, Бөкей ордасынан шық­қан зия­лы­лардың бірі, Самарқандағы діни медресені тә­мамдаған дамолла.  
3   Бостан   Ақжайық ауданының Қурай­лысай ауылдық окру­гіне қа­расты Сайқұ­­дық ауы­лы­нан 6 км жерде, жергі­­лік­ті жұрт «Бостан қауымы» деп атай­тын көне зи­ратта орналасқан.   Мешіт ұстаған адам, жергі­лікті тұр­ғындардың айтуы бойынша, ер­те­ректе Бостан атауымен ме­шіт болған екен.  
   
  Билер, байлар, т.б.   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Жанайбай би Еділұлы   Бөрлі ауданы Бөрлі ауылынан оң­түс­тік-шы­ғысқа қарай 40 км жерде, бұ­рынғы Аман­келді колхозының ор­­нындағы Шиесабақ деген ­жер­де, Қа­раба өзенінің жағасында Жанай ­ата қо­рымында сақталған жалғыз құл­пытас. Жанай ата өте беделді адам болған, кейін бұл жерге кісі түнеп, зиярат орнына айналдырған.      
2   Қазы би Сырымұлы Сырым ауданы Жетікөл округіне қарасты Ай­­дар соры маңындағы Сы­­рым батыр ұр­пақ­та­рының қорымы. Би болған кісі. 1770-1772 жылдары туылып, 90 жастан асқанда қайтыс болғанға ұқсайды. Тегі – Кіші жүздің Байбақты атасынан, оның ішінде Әй­тімбет, одан Шолан. Шоланнан – Түр­кеш, Дат. Даттан – Сырым батыр . Сы­­рымнан Қазы, Жүсіп болып та­ра­лады.
3   Байшеркеш   Ақжайық ауданы Базартөбе ауыл­дық окру­гін­де Мәулімберді қо­ры­мында орна­ласқан №23 құлпы­тас. Мәулімбердінің әкесі.  
4   Байболұлы Секерәлі   Теректі ауданы Шағатай ауылдық ок­ругі Қы­зылжар ауылы «Хан зираты» қорымында ор­наласқан №39 құл­пытас. Кердері руының құтсиық тайпасы Амалды немересі Байбол ұлы Се­керәлі 22 жасында 1857 жылы дү­ниеден өткен.  
5   Келалы мырза   Теректі ауданы Шағатай ауылдық ок­ругінің Қызылжар ауылы «Хан зи­раты» қорымында орналасқан №64 құлпытас. Кіші жүз Байұлы байбақты руының батан тайпасының Қара балалары Бұланның немересі Нұқабан бидің баласы, 1825 жылы 49 жасында дү­ниеден өткен. 
6   Шынәлі Сұлтанқызы Ермекжан ханым   Бөкей ордасы ауданы Хан зираты қорымында орналасқан құлпытас. Белгілі ақын Шәңгерей Бөкеевтің туған анасы. Атасы Орман сұлтан Нұралы ханның Ырыс атты қалмақ әйелінен туған. Орманның Күсеп­қа­ли деген баласынан Сүлеймен, одан Әмина тарайды. Әмина – Кеңес Ода­ғының Батыры Мәншүк Мәмето­ваның анасы.
 
  Сұлтандар   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Өтепәлі сұлтан Айшуақұлы   Теректі ауданы Шағатай ауылдық округі Қызылжар ауылындағы Хан зираты қорымындағы құлпытас.   Айшуақ ханның баласы, сұлтан.  
2   Асфендияр сұлтан Суғалиұлы   Бөрлі ауданы Успен ауылдық округіне қарасты Қаракемер ауылының көпшілік зиратында сақ­талған көне құлпытас. Жолбастаушы Ақсай қала­сының тұрғыны Зарлық Мусиннің айтуынша, дәл осы қорымда сұлтан-правитель Баймағамбет Ай­шуақов та жерленген.   Әйгілі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шөбересі, Айшуақ ханның немересі.  
3   Сүйінішқали Жаналыұлы   Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық округіне қа­­рас­ты Хан зираты қорымындағы №5 құлпытас. Қо­рымда сақталған 628 құл­пытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тіл­дерінде жинағы дайындалуда. Соны­мен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жер­ленген.   Сұлтан  
4   Қыдыр Жаналыұлы   Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық окру­гіне қа­­расты Хан зираты қорымындағы №22 құл­пы­тас. Қо­рымда сақталған 628 құлпытас зерттеліп, қа­зақ жә­не ағылшын тілдерінде жинағы дайында­лу­да. Соны­- ­­мен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жерленген.  Сұлтан  
5   Шығайұлы Көшекқали   Жаңақала ауданында орналасқан №1 құлпытас   1815-1816 жылдары дүниеге келген, сұлтан.  
           

Бұрын белгісіз боп келген үш ханның құлпытасы табылды, тіпті осыған дейін әбден зерттелді деп жүрген Жәңгір хан Бөкейханұлының туған жылы тек құлпытасы оқылған соң ғана анықталып, тарихтағы қателік түзетілді. Енді құлпытасы табылған үш ханға назар аударсақ. Бұның екеуі өлтірілген, біреуі қарттықтан дүние салған. Қазақ хандығы үш жүзге бөлінген кезден-ақ Әбілқайыр өзінің ақылы мен айлакерлігі, батырлығы мен көшбасшылығы арқасында мұрагерлік жолмен емес, өз күшімен 1718-1848 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болды. Бақталастарының қолынан қаза тапты. Құлпытасы болмағанымен, тыңғылықты зерттеулерден кейін шамамен жатқан жері анықталды. Ақтөбе облысының аумағында. Орнына ұлы Нұралы хан болды. Ресей патшалығының бекітуімен таққа келген алғашқы билеуші еді. 1748-1786 жылдар аралығында 40 жылдан астам хан болғанымен, 1785 жылы биліктен аластатып, Уфаға жер аударды, 1790 жылы сол жақта қайтыс болды. Яғни ханымыздың сүйегі шетелде жатыр, өкініштісі, әлі басын барып қарайтып, еш құрмет көрсетпедік. Тіпті нақты қай жерде жерленгенін де білмейміз. Нұралы ханнан кейін Патшалық Ресей билеушілері хандарымызды жиі ауыстырады. Билеушімен халықтың арасын әдейі барынша араз етіп, бір-бірімен арпалыстырып, халықтың берекесін кетіріп, елді аздырады. Хандарымызға Жайықтың жағасынан ішке (Қазақ бетіне) қарай шамамен 30 шақырымнан артық баруға тыйым салады. Оларды халықтың ортасына жібермей, өз дегендерімен жүргізді. Үш бірдей ханымыздың құлпытастарының Жайық бойынан қашық болмауының сыры осыда. 1791-1794 жылдар аралығында Әбілқайырдың ұлы Ерәлі билікте болса, 1794 жылы хан боп бекіген Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның ұлы Есім 1797 жылы өлтірілген. Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңынан табылған құлпытасымыз осы Есім Нұралыұлынікі. Қаза болған Есім ханның орнына 1797 жылы 70 жас шағына қараған Әбілқайыр ханның ұлы Айшуақты хан етіп бекітеді. 1805 жылы өзінің қарттығына байланысты Айшуақ хандықтан бас тартып, орнына ұлы Жантөрені хан етіп бекітуге ұсыныс береді. Қалауы қабыл болып, Жантөре хан болады, бірақ 1809 жылы бақталастарының қолынан қаза табады. Айшуақ Әбілқайырұлының құлпытасын Теректі ауданына қарасты Бекей ауылы маңынан тапсақ, ұлы Жантөренің құлпытасы Теректі ауданы Қызылжар ауылы маңындағы Хан зиратында. Жантөреден кейін әдейі бірнеше жыл хан етіп ешкімді бекітпейді. 1812 жылы Кіші жүзді екіге бөліп, қазақ бетіне Айшуақтың ұлы Шерғазыны, Ішкі ордаға Нұралының ұлы Бөкейді хан етіп бекітеді.

Енді хандарымызды тізбектеп қарасақ:

1718-1748 ж.ж. Әбілқайыр Қажыұлы

1748-1786 ж.ж. Нұралы Әбілқайырұлы

1791-1794 ж.ж. Ерәлі Әбілқайырұлы

1794-1797 ж.ж. Есім Нұралыұлы

1797-1805 ж.ж. Айшуақ Әбілқайырұлы

1805-1809 ж.ж. Жантөре Айшуақұлы

1812-1824 ж.ж. Шерғазы Айшуақұлы (Осымен қазақ бетіндегі хандық билік жойылды)

Ішкі ордалықта

1812-1815 ж.ж. Бөкей Нұралыұлы

1815-1823 ж.ж. Шығай Нұралыұлы

1825-1845 ж.ж. Жәңгір Бөкейұлы

Хандарымыздың шамамен қай жылдары билік құрғандарын білгенімізбен, қай жылдары дүниеге келіп, қашан қайтыс болғандары туралы нақты деректер жоқ еді. Тек құлпытастары табылып, оқылғандарын ғана қазір біліп отырмыз. Алдағы уақытта басқаларын да тауып, ақтаңдақтарды анықтау аса маңызды болмақ. Кәсіби, ісіне адал берілген тарихшыларымыз хандарымыздың атқарған істерін жан-жақты жазар, біздің мақсатымыз – оларды қолдан келгенше қажет мәліметтермен қаруландыру.

Батырларымыздың құлпытастары табылуы да көптеген жаңсақ пікір, жалған әңгімелердің таралуына тосқауыл болды. Сырым ауданы Жамбыл ауылы маңындағы Тайлақ қорымында «Қыз Жібек» жырындағы Бекежанның ұлы Тайлақ батыр жерленген деген пікір көптің аузында болды, тіпті жазушылардың өзі шығармаларына осылай арқау еткен. 2015 жылы осы қорымдағы құлпытастар оқылғанда ғана байбақты руы күшпен тайпасынан шыққан Тайлақ батыр екендігі, 1808 жылы 90 жасында қайтыс болғандығын білдік. Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр Қарақожаұлы туралы да аңыз-әңгіме көп те, нақты мәліметтер жоқ еді. Құлпытасы оқылған соң ғана 1754 жылы 64 жасында бақилық болғаны белгілі болды. Жетпіс палуан Бақтыбайұлының орыс ұлығының алдында жауырыны жерге тимеген мықтыны жеңіп, ұрпақтарына жер алып бергендігі туралы қызықты әңгіме тарағанымен, нақты деректер болмаған соң сенімсіздікпен қараушылар болатын. Құлпытасы табылып, оқылғаннан кейін 1896 жылы 84 жасында қайтқанын білдік. Оның ұлы Ғаббас Алашорданың прокуроры болғанын, «халық жауы» болып атылғанын, Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Ғаббас Жетпісұлының ісінде әкесі «палуан» деп көрсетілгенін анықтадық. Құлпытас арқылы анықталған деректер шежіре әңгіменің шамамен қай уақытта болғанын анықтауға мүмкіндік беруімен қатар, тың зерттеулерге себеп болды. Алматыдан келген ғалым Әшірбек Мүміновтың Мәулімберлі қорымындағы құлпытастарды аударуы тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтың орнын толтырды. Сол маңдағы Қарақоға қорымында Өтебай Сәңкібайұлының, оның әкесінің, басқа да әулет мүшелерінің құлпытастарының оқылуы да үлкен жаңалық. Тарихшы Жәнібек Исмурзиннің айтуы бойынша, Жанмырзаұлы Есенгелдінің ұлы Бекей өлген соң дистанция төрбасшысы Есенгелді байдың орнына Өтебай Сәңкібайұлы осы қызметке келіпті. Ел аузында ел билеушілігінен бөлек Өтебайдың батырлығы жөнінде де көп айтылады. Бөрлі ауданы Бөрлі ауылы маңындағы ескі МТС-тың іргетасына қаланған құлпытастарды шығаруымыз да осы жобаның аясындағы ауқымды істердің бірі.

Тек бірен-саран құлпытасқа ғана қысқаша тоқталып отырмын, егер әр қорымдағы әр құлпытастағы мәліметті толық тарқатуға жұмыстансақ, атқарар ісіміздің ауқымы мен анықтар мәліметтеріміздің көлемін бағамдай беріңіз.

Әзірге барды қорытып, игерген жоқпыз, ал далада кезегін күткен құлпытастар тіпті көп. “Әй, қап!” деп санымызды соқпау үшін ісімізді әлде де ширату қажет.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ


Ел білетін Есенғалиев

Күні: , 364 рет оқылды


Еңбек жолында Абат Есенғалиев ірі лауазымды қызметтер атқарды.  Абат Қадимұлының туған жері – Жаңақала ауданы Айдархан ауылы. Әке-шешесі дүниеден ерте озғандықтан, алты жасар баланы Ресейдің Саратов облысы, Александр Гай ауданында тұратын әкесінің інісі Бақыт Есенғалиев қолына алып, қамқорлайды. Балалық шағы туған жерімен шекаралас Алғайда өткен бозбала елге оралып, Қазталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы мектептің 11-сыныбында оқиды. Мектеп түлегі 1965 жылы Ресейдің Саратов малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Институтта білім алғаннан кейін жолдамамен Қазталов ауданында еңбек жолын бастады. 1971 жылы ветеринарлық станса басшысының орынбасары болды. 1972 жылы аудандық ветеринарлық зертхананың директоры қызметіне тағайындалды. Абат Қадимұлы басқарған жылдары мекеме жаңа орынға көшіп, елеулі кәсіпорынға айналды. Зертханаға жабдықтар алынып, мамандар тарту мәселесі шешілді.


1980-1986 жылдары Қазталов ауданындағы «Мирон» және «Бостандық» кеңшарларын басқарды. Сол кезеңдерде тұралап қалған қос шаруашылықтың жағдайы жақсарды. Екі жыл жарым ішінде «Мирон» мамандандырылған кеңшарында тері, тұқым қоймасы, кеңсе ғимараты, МТМ салынды.

Іскер азамат Бостандықты да түлетті. Облыста тұңғыш қолданылған цехтық жүйе арқылы басқарылған кеңшарда әлеуметтік нысандар бой көтерді. Малшылар мен механизаторларға баспаналар берілді. Ауылды қақ жара ағатын Сарыөзенге көпір салынды. 1987 жылы облыстық агроөндірістік комитеті төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары болып тағайындалғаннан кейін Абат Есенғалиев мал мен құс шаруашылығын дамыту жайына ден қойды. 1990 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалуымен қатар, оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқару жүктелді. 1992-1994 жылдары Орал облыстық әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Кейін бір жылға жуық ҚР Жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды. 1995-2000 жылдары Орал қаласындағы «Газқамту» АҚ-ның бас директоры, «Батысгаз» АҚ-ның вице-президенті қызметін атқарды. 2000 жылдың соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыртуымен өңір басшысының ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. 2004 жылдың тамызында «Аңқаты» ЖШС басшысының кеңесшісі болды. 2005 жылдан бастап он жылға жуық уақыттай Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Қазіргі уақытта Орал газтурбиналық стансасының директоры.

Жетпіс жасты алқымдаса да, Абат ағамыз әлі тың. 1972 жылы математика пәнінің мұғалімі Райхан апамен отау тіккелі екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Ерік жеке кәсіпкер, Берік облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет етуде. Қыздары Самал мен Сенім тұрмыс құрып, өмірде өз бақытын тапқан. Абат Қадимұлы ұрпақтарынан немере-жиендер сүйіп отыр.

Сұхбат барысында кейіпкеріміздің еңбек жолымен ұштастыра отырып, сауалдар өзегіне өңірімізде қордаланған мәселелердің біразын өзек қылуға тырысқан едік. Ол кісіден байыпты жауап алдық, айтар уәжі мен пікірлерінің салмағын бағамдадық. Облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына сергек қарап отырғанына көзіміз жетті.

Абат Қадимұлы кезінде сүттей ұйып отырған шаруашылықтар егемендіктің елең-алаңында таратылмағанын құп көргенін айтады. «1994 жылға дейін шаруашылықтарды сақтап қалу мәселесіне баса назар аудардық. Осы мақсатта Израиль тәжірибесін зерттедім. Соғыстан кейін біздің елден көшкен жебірейлер ұжымдастыру тәжірибесін орнықты жүзеге асырған. Олар шаруашылықтарын «кибутси» деп атайды. Басқарма басшылары сайланғаннан кейін, олар тұрғындарға есеп беріп отыруға міндетті. Жұмысшылардың еңбекақысы, ақылы демалысқа шығуы – бәрі ұжымшар есебінен жүргізіледі. Осы үлгіге сүйеніп, біздің өңірде сақталған кеңшарлар жарғысына өзгерістер енгізіп, оларды акционерлік қоғам ретінде құрғымыз келді. Шаруашылықтағы әр адам акция есебінен пайда табуына мүмкіндік бар еді. Бөлек «отау құрғысы» келген шаруа қожалықтарының бетін қақпадық. Бірақ мен 1995 жылы депутаттық қызметтен оралғанда, облыстағы шаруашылықтардың көбесі сөгіліп болған еді. Шаруашылықтарды бүтін ұстап қалғанда, кооперативтерді қайта құру мәселесіне жолықпас еді», – деді Абат Есенғалиев.

Оның айтуынша, 1990-93 жылдары Ақ Жайық өңірінде 1,5 млн. га жерге дәнді дақылдар егіліп, жақсы өнім алынған. Ол 2000 жылы облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған кезде, егістік алқаптың көлемі 250 мың гектарға дейін кеміген еді. Егістік науқанына тұқым әзір болмады. Құзырлы құрылымдар алдында мәселе көтеріліп, облыс бюджетінен ауыл-аймақ деңгейін көтеруге 1 млрд. теңге көлемінде қайтарымды қаражат бөлініп, шаруаларға қолдау жасалды. Төрт түлік санағы жүргізілді. Малдәрігерлік коммуналдық мекемесі құрылды. Облыстағы зауыттар арқылы ауыл шаруашылығына керекті қосалқы бөлшектер мен қондырғылар шығару жолға қойылды. Соның нәтижесінде 2004 жылы егістік көлемі 700 мың гектарға дейін ұлғайды.

Қазіргі уақытта облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді суландыру-суғару жүйесін дамытуға назар аударылып жатқаны мәлім.

Мәселен, Киров-Шежін магистралді каналы қайтадан жаңғыртылуда. Енді Азынабай – Тайпақ су арнасын қалпына келтіру жоспарлануда. Біз Әбекеңнен ауыл шаруашылығын дамытудың күре тамыры – су арналары мен тоғандардың күтімі кенжелеп қалу себебін сұрадық. «Өңірдегі су магистральдеріне республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей, ұзақ жылдар бойы күтімсіз қалғаны рас. 2001 жылы жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтатып, су арналарын жаңғыртуға үш жыл қатарынан 1 млрд. теңгеден қаражат аудартуға күш салдық. Мәселен, 450 млн. теңгеге Жәнібек ауданы аумағындағы арналарға Еділден су айдайтын сорғыларды жөндеттік. Көшім су арнасындағы тозған тоғандар қалпына келтірілді», – деп еске алды Абат Есенғалиев.

Осы ретте айта кетейік, 2000 жылдары біраз ауылға «болашағы жоқ» деген ат қойылып, айдар тағылды. Мемлекеттік оңтайландыру саясатының салқын лебі есті. Сол кезеңде атқамінерлер ауылдарды аралап, бұл мәселені тұрғындарға ашық айтуы тиіс болды. «Алдымен, шекараға таяу орналасқан ауылдардың жағдайын нығайтып алу керек болды. Бұл шешімнің стратегиялық мәні бар еді. Сондықтан кездесу өткен бірқатар ауылға көгілдір отын, су жеткізу, жаңа нысандар салу таяу уақытта қолға алынбайтынын, оған бюджет қаржысы жоқтығын ашық баяндадық. Мәселен, сол кезде Ақжайықтағы Жамбыл, Жәнібектегі Ақоба, Қазталовтағы Талдықұдық ауылдарының әлеуеті төмен еді», – дейді Абат Қадимұлы.

Өңірдегі кадр саясатын қалыптастыруға Абат Қадимұлының ықпалы аз болған жоқ. Есенғалиевтің шекпенінен шыққан, ел білетін азаматтардың біразы бүгінде басшылық қызметте жүр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Салауат Нұрғалиев, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО-дағы аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбековтің және басқа да азаматтардың мансаптық өрлеу жолдарында кейіпкеріміздің қолтаңбасы жатыр. Абат Есенғалиев жергілікті маман кіндік қаны тамған өлке жұртшылығы алдында жауапкершілігі зор болатынын ерте түйсінетінін айтты.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Рахметолла СҮЙЕРБАЕВ, еңбек ардагері:

– 1984-1988 жылдары Қазталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқардым. Қазталовта еңбек еткен кезінде Абат Қадимұлы іскерлік қабілетімен бірден көзге түсті. 1983-86 жылдары “Бостандық” кеңшарын басқарды. Кеңшарда тұқым қоймасы, көпір, медпункт салынды. Іскер азаматтың болашағына сенім артып,  қолдау білдірдік. 1986 жылы Ақжайық аудандық агроөндірістік комитетінің төрағасы болды. Бірнеше жылдан кейін екеуміз еліміздің Жоғары кеңесінің депутаты болып сайландық. Мен Бөрлі, ол Қазталов ауданы атынан сайлауға түсті. Абат Есенғалиев өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарын қалпына келтіруге зор үлес қосты. Мәселен, сүт өндірумен айналысатын ірі шаруашылықтардың негізі қалануына ықпал етті.

Тұяқбай РЫСБЕКОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Біраз жыл басшы-лық қызметте болған Абат Есенғалиев – жарқын да жайдары мінезді, мәдениетті, жаны жайсаң, мәрт көңіл, адал, бекзат болмыс иесі. Тектілігі сөйлеген сөзінен, ісінен, тіпті, жүріс-тұрысынан аңғарылып тұрады. Абат Қадимұлы бес жыл бойы Орынбор қаласындағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының (ВИМС) аспирантурасында сырттай оқып, 1994 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. Замандасым туралы «Егемен ел үшін еңбек еткен ерлер» кітабымда кеңінен жазғанмын. Абат Қадимұлы – «мен істедім» деп кеуде кермейтін, іскерлігі мен адамгершілігін көпшілік жоға-ры бағалайтын азамат.


Ақын рухына құрмет

Күні: , 73 рет оқылды


Кеше Орал қаласында қазақтың ақиық ақыны Қайрат Жұмағалиевке арналған ескерткіш тақта ашылды.


Ақын өмірінің соңғы жылдарында қызмет еткен «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаны халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева және Қайрат Жұмағалиевтің жары София Нығметоллақызы салтанатты түрде ашты.

Шараға Жайық өңірінің аға буын қаламгерлері, ақынның көзін көре қалған замандастары мен әріптестері жиылды.

– Ақынның туған жерге оралуы, туған жер топырағының қасиеті, «Туған жердің бір уыс топырағы бұйырсын» деген ата-бабадан жалғасқан арман – Қайрат Жұмағалиевтің өмір жолының бәрі өздеріңізге белгілі. Еріктен тыс полигон жасалып, Хан орданың ойрандалуы, кешегі қазақ жастарының, қазақ ұрпағының, анасының сонау Ақтабан шұбырындыдан кейінгі тағы бір қасіретті көші сіз бен біздің көз алдымызда өтті. Соның бәрін ескеріп, тарихқа тағзым етіп, туған жер топырағын және ананы қастерлеген ақынға арналған шараны ұйымдастырып отырған біздің өскелең ұрпаққа, ұлттың жас азаматтарына өз атымнан шексіз алғысымды білдіріп, «Рахмет сіздерге, балаларым, рахмет сіздерге, жас ұрпақ!» дегім келеді. Әулиедей болып өткен алдыңғы ұрпаққа тағзым бүгінгі рухани жаңғырудың, Елбасы саясатының тағы бір көрінісі. Туған жер тебіренткен, туған жерін жырлаған, туған жерге қызмет еткен ұлдың есімі өшпейтініне тағы бір куә болып отырмыз, – деп тебіренді ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Қайрат Жұмағалиевтің анаға, ана тіліне деген кіршіксіз махаббатынан туған жалынды жырларын жатқа оқыды. Бөкей ордасынан түлеп ұшқан жазушы Сара Латиева, ескерткіш тақтаның ашылуына бастамашы болған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретденов жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Ақынның жары София Нығметоллақызы бастамашы азаматтарға, шараға қатысушыларға зор алғысын жеткізді.

Облыстық филармонияның әншісі Мәди Сабыров ақын Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған Марат Омаровтың «Анашым» әнін шырқады.

Салтанатты шара «Жайық Пресс» ЖШС-ның конференция залында, ақынның жары София ана жайған қазақы дастархан басында жалғасты. «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жүргізген бұл жиында ақын рухына құран бағышталып, тағылымды естеліктер айтылды. Жиылған көпшілік экраннан Қайрат Жұмағалиевтің көзі тірісінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің қызметкерлеріне берген әсерлі сұхбаттарын тамашалады. Шараға қатысушылардың бәріне Қайрат Жұмағалиевтің «Кие» атты таңдамалы өлеңдер жинағы сыйға тартылды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Омыртқаға жаңа әдіспен ота жасалуда

Күні: , 63 рет оқылды


Ресейдегі  Н. Пирогов  атындағы ғылыми-зерттеу  медуниверситетінің  мамандары  Л. Калугин  мен И. Тимощук  Орал қалалық  көпбейінді  ауруханасында  шеберлік  сыныбын  өткізіп,  іс-тәжірибелерімен  бөлісті.  Олар  екі  күнде  бес  адамға  эндоскопиялық ота жасады.


– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев көршілес ресейлік әріптестерімен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында бізге сол елден іс-тәжірибесімен бөлісуге кәнігі мамандарды шақыра бастады. Солардың ішінде «Санте Медикал Системс» ЖАҚ вертебрология бөлімінің басшысы Леонид Калугин мен сол бөлімнің жетекші маманы Иван Тимощук бар. Біз олар келмес бұрын облыстық, қалалық және аудандық ауруханаларға шақыру хат жібердік. Мақсат – шеберлік сыныптарына мүмкіндігінше көп әріптесті қатыстыру. Олардың  ішінде біздің аурухананың үш нейрохирургы да бар. Ресейлік меймандарға ота жасау үшін нақтамасы бар бес адам ұсынылды.  Мәскеулік мамандар жоғары санатты, орта жастағы дәрігерлер.  Яғни күш-қуаты толысқан шақтағы жандардың қолы жеңіл, ем-домының шипалы боларына сенеміз, – дейді аталмыш аурухананың директоры, жоғары санатты дәрігер Арман Қалыбеков.

Арман Талғатұлының айтуынша, әдетте омыртқаларды бір-бірімен байланыстырып тұратын диск тәрізді зат уақыт өте келе тозып, жанындағы жұлын миға (спинной мозг) кері әсерін тигізе бастайды. Мұның өзі қарттықтан, қатты соққы тиюден және үстелде ұзақ отыру жұмыс үдерімінен болады. Сол диск жұлын миды да зақымдауы мүмкін. Мұндай зақымдау – медицинада жарық (грыжа) деп аталады. Бұрын ондай дертке ота жасау кезінде пышақ (скальпел), кейде тіпті медициналық бұрғы қолданылып, ол адамның тәніне көп жарақат салып, кейде өмір бойы кетпейтін тыртық (шрам) қалдыратын. Денеге кең көлемде тілік салудың кесірінен адам отадан соң ең кемі он күн, кейде ай немесе айлар бойы төсекке таңылып жатты. Тіпті ота дұрыс жасалмаса, мүгедектікке ұшырау жағдаяты да аз болған жоқ. Ал қазіргі заманауи медициналық құралдардың көмегімен дәрігер омыртқаның екі жағынан көзге көрінбейтін жұп-жұқа, шағын тілік жасап (тереңдігі 6,5 миллиметр) жоғарыда аталған дискінің тозған жерін кесіп, орнын жым-жылағай бітеп шығады. Ота жасалған адам ешқандай ауырсыну сезімін басынан кешпейді, тез жазылып, сол күні-ақ орнынан тұрып кетеді. Ең бастысы, тәнінде тыртық қалмайды. Омыртқа да жұмысын онан әрі «кінәратсыз» атқарады. Нәтижесінде  адам өмірінің сапасы артады. Айтпақшы, мұндай жаңа әдіс өзге де тәндегі кінәратқа қарсы қолданылмақ.

Көп ұзамай отадан шыққан дәрігер Иван Тимощукті сөзге тарттық. – Біз батысқазақстандық әріптестеріміздің шақыруын ерекше ықыласпен қабыл алдық.  Әріптестерімізге отаның жаңа үлгісін көрсетіп, үйреттік. Оларға ризамын. Өйткені, білуге және тәжірибе алмасуға ықыласы күшті. Науқасқа жанашыр дәрігер тап осындай болуы тиіс. Жаңа ғана ота жасап, көмекке ділгер жанның  жан және тән азабын жеңілдеткен сияқтымын. Әйтеуір, өзімнің бүгінгі отама  көңілім толады, – деді  Иван  Андрейұлы.

Серпін  САЯҚ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика