Мұрағат: 29.11.2017


Мейрам алдындағы қос біріншілік

Күні: , 30 рет оқылды


Үстіміздегі жылдың 28 қарашасы күні «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мейрамына орай  Облыстық авиация спорты бойынша балалар-жасөспірімдер спорт-техникалық мектебінде авиамодель бөлімінен біріншілік өтті.


Жарысты өткізудің  мақсаты – өскелең ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, авиамодель спортын дамыту және насихаттау болып табылады.  Біріншілікке Облыстық авиация спорты бойынша балалар-жасөспірімдер спорт-техникалық мектебінің оқушылары қатысты. Жарыс бағдарламасында  лақтырма планерлер қанаттарының құлашы 50 — 80метрге дейін болуы шарт. Нәтижесінде 500 мм дейінгі модельдер бойынша 1 орынды Шамин Валерий, 2 орынды Сағатов Бекзат, 3 орынды Кириллов Андрей иеленсе, 500 мм-ден жоғары модельдер бойынша 1 орынды Усов Вячеслав, 2 орынды Жұбангалиев А және 3 орынды Қазбекұлы Нұржігіт жеңіп алды.  Сонымен қатар,осы күні парашют спортынан пневматикалық қарумен атудан мектеп біріншілігі оздырылды. Жарыстың мақсаты —  жастар арасында пневматикалық қарумен атуды насихаттау, мықты спортшыларды анықтау. Біріншілік жеңімпаздары қыздар және ұлдар арасында анықталды. Нәтижесінде ұлдар арасында 1 орын Есенов Арман, 2 орын Вяткин Кирилл, 3 орын Алимешев Берік, ал қыздар арасында 1 орынды Журавлева Алина, 2 орынды Адилова Светлана, 3 орынды Белихина Анастасия иеленді. Барлық жеңімпаздар медаль, дипломдармен марапатталды. Бұл шаралар  мектеп директоры Орынбасаров Ерген Елеусізұлы басшылығымен сонымен қатар, парашют бөлімінің аға жаттықтырушысы Р.Р.Сюндюков, авиамодель бөлімінің аға жаттықтырушысы С.И.Кузнецовтың ұйымдастыруларымен өте жақсы деңгейде өтті.

Гульфайруз Ерсайынқызы

Мемлекеттік тілді енгізу маманы


Жеңгендер Италияға барады

Күні: , 33 рет оқылды


Орал қаласындағы «Арман» спорт кешенінде кикбоксингтен жастар арасында ҚР біріншілігі өтті.


Кикбоксингтен ел біріншілігі қаламызда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2006 жылы өткізілген екен.

– Жарыста еліміздің барлық аймақтарынан келген 160-қа жуық  спортшы бақтарын сынап көруде. Озып шыққандары 2018 жылы Италияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алады. Оралдық спортшылардың бет алысы жаман емес. Жалпы ересектер арасындағы жарыстарда оралдық кикбоксингшілер жақсы жағынан көзге түсіп жүр, – деді жарыстың бас төрешісі Қуандық Сұлтанғали.

Үш күнге созылған жарыс қорытындысында Бейбарыс Сұлтанбек (51 келі, Тараз), Ақбар Алматов (54 келі, ШҚО), Нұржан Сапарәлі (57 келі, ОҚО), Данияр Омар (60 келі, Қызылорда), Дәурен Әжімов (63,5 келі, Ақтөбе), Мейірхан Айтбаев (67 келі, ОҚО), Асылхан Төлембай (71 келі, Ақтөбе), Руслан Степанов (75 келі, Қарағанды), Бағдат Сағындық (81 келі, ОҚО), Никита Суходол (+91 келі, Ақтөбе), қыздар арасында (фулл-контакт) Айман Қаршыға (48 келі, Тараз), Диана Жүсіпова (52 келі, Астана), Саяна Шимирова (56 келі, Астана) чемпионы атанды. Оралдық Арнұр Нұрболатов +91 келі салмақта екінші орын алса, Ержан Рахымғалиев (67келі) үшінші орынды иеленді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Еліне елеулі тұлға»

Күні: , 38 рет оқылды


Ер азамат қанша жасқа келсе де өзінің туған жеріне баруы үшін әуелі ауылдағы ағайынның алдында абыройы асқақ болып, жоғын жоқтап, әрдайым қол ұшын созудан аянбауы заңдылық. Міне, сол заңдылықты берік ұстанған жандардың бірі – Мақсот Қабышұлы. Сейсенбі күні Сырым ауданының Алғабас ауылдық округінде КСРО және ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР білім беру саласының құрметті азаматы Мақсот Бергеннің 70 жас мерейтойына арналған «Еліне елеулі тұлға» атты кездесу кеші өтті.


Алғабасқа арнайы бағыт ұстаған қонақтарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бастаған сырымдықтар дәстүр бойынша Сырым шыққан төбеден ақ дәммен қарсы алды. Мәдениет үйінің фойесіне жасақталған көрмедегі кітаптар композициясы анадайдан көз тартады. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламадан бұрын бейнебаян арқылы Мақсот Қабышұлының өмірбаянымен танысты. Айтулы шараның “Еліне елеулі тұлға” деп аталуында да үлкен мән бар екендігі сол бейнекөрсетілім арқылы түсінікті болды.

– Баршаңызды ҚР тұңғыш Президенті күнімен құттықтай отырып, ауданымызға келген қонақтарға қош келдіңіз деймін. Мақсот Қабышұлы ауылдан шығып үлкен білім әлемінде ізіңізді қалдырып, қазіргі таңда өз ісіңіздің нағыз маманы атандыңыз. Жетістіктеріңізді көріп қуанып жүреміз. Сіз ел-жұрттың сый-құрметіне лайық жансыз. Аман жүріңіз, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын! – деген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев кеш иесінің иығына шапан жапса, мерейтой иесінің зайыбы Меруерт Елеуқызына да сый-құрмет көрсетті. Кеш барысында Донеділ Қажымов, Гүлнәр Дәукенова, Қатимолла Бердіғалиев сынды өнер саңлақтары ауыл халқының алдында ән салып кеш ажарын аша түсті.

– Мақсот ағамыз ауылмен тығыз байланыста. Шақыртуды күтпей-ақ өзі аяқтай келіп хал-жағдайымызға көз жеткізеді. Анау жылдары Мақсот ағай мектебіміздің бірқатар оқушыларына шәкіртақы тағайындаған болатын. Сол оқушылар мектеп бітіргенше ағамыздың атындағы шәкіртақыны алып тұрды және қазіргі таңда үмітімізді ақтап мемлекеттік грантқа ие болды. Әр уақытта да Мақсот Қабышұлы ауылға бүйрегі бұрып тұратын азамат, – дейді Алғабас ауылындағы М. Қаналиев атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Сәлмен Ибрагимов.

Шара соңында ауыл халқының ризашылығына бөленіп толқи да тебірене сөйлеген Мақсот Қабышұлы кешке жиналғандардың баршасына алғысын білдірді. Өңірімізге белгілі әнші, ерекше дауыс иесі Айбар Қайырханов “Атамекен” әнімен шараның шымылдығын жапты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 34 рет оқылды


Сіздерді тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл бесінші жыл қатарынан мейрам ретінде аталып өтілетін тұңғыш Президент күні – халқымыздың бірлігін бекемдей түсетін мемлекеттік деңгейдегі мерекеге айналды. Елбасымыздың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңіндегі еңбегін халқымыз әрдайым жоғары бағалайды.


Бүгінде Қазақстан қарышты дамуы дүниежүзін таңғалдырған, өзіндік айқын бағыты бар егемен ел ретінде қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен жүргізіп отырған саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуда зор жетістіктер көп.

Әсіресе, биылғы жыл Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласымен және 100-ден аса мемлекеттің қатысуымен өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесімен ерекшеленді. Еліміздің осындай биік белестерден көрініп, жыл сайын дамудың жаңа сатысына көтерілуі – туған халқының көреген көшбасшысы, жарқын істердің жасампаз ұйытқысы Елбасы мен оған қолдау көрсеткен халықтың бірлігінің нәтижесі екені сөзсіз.

Сіздерді тұңғыш Президент күнімен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, тәуелсіз Отанымыздың өркендеуі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін.

Құрметпен, Батыс Қазақстан облысының әкімі       А. КӨЛГІНОВ


«Сізді тексеруге барады»

Күні: , 24 рет оқылды


Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Qamqor» мобильді қосымшасы сіздің бизнесіңізді заңсыз тексерулерден қорғайтын болады.


Бұл туралы осы тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті БҚО бойынша басқармасы басшысының орынбасары Асқар Капулов мәлімдеді.

Бизнесті заңсыз тексерістерден қорғау прокуратура органдарының басты жұмыс бағытының бірі болып табылады. Кәсіпкерлік қызметтерді мемлекет тарапынан реттеу және жетілдіру үшін комитет инновациялық ІТ технологиялар енгізуде.

– «Qamqor» мобильдік қосымшасы барша кәсіп иелері үшін көп көмегін тигізуде. Еліміздің Бас прокуратурасы енгізген мобильді қосымшаны бүгінде 13 мың кәсіпкер жүктеп алған. Сіз аталған мобильді қосымшаның көмегімен өз ұялы телефоныңыз арқылы Бас прокуратурамен байланыс орната аласыз. Бұл қосымшаның жұмыс механизміне келер болсақ, алдымен оны ұялы телефонға жүктеп алып, тіркеу-ден өту қажет. Егер сізге кенеттен тексеріс тағайындалған жағдайда ұялы байланысыңызға «Сізді тексеруге барады» деген мәтінде хабарлама түседі. Сонымен қатар бұл қосымшада тексеріске қатысатын тұлғалар, тексеріс мерзімі, құқықтық негіздері, тексеріс нысаны туралы толық мәлімет көрсетіледі. Бұл, біріншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды тоқтату, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша үлкен көмек. Өтініштер онлайн режімінде прокуратураға түсіп, жұмысты едәуір жеңілдетеді, – дейді Асқар Капулов.

Сала маманының айтуынша, тегін қосымшаны Android сервистік қорынан Play Market және AppStore жүйелері арқылы жүктеп алуға болады. Сондай-ақ кәсіпкерлерге онлайн режімде тексеріс тағайындау және тексеріс барысында орын алған заңбұзушылықтар туралы шағым беру мүмкіндігі ұсынылады. Заң-бұзушылықтар туралы хабарламалар шұғыл әрекет жасау мақсатында аталған комитеттің аумақтық басқармаларына лезде түсіп отырады. Тексерістің тіркелгендігі туралы ақпарат болмаған жағдайда немесе тексеріспен келіспеген жағдайда кәсіпкер ұялы телефон арқылы шағымдана алады. Ол шағымды комитеттің аумақтық басқармасы қарап, деректер расталған жағдайда істің мән-жайын анықтау үшін мобильді топты жолдайтын болады.

– «Qamqor» мобильдік қосымшасы тексеріс үрдісін қосымша бақылап отыруға, осылайша кәсіпкерлер мен бизнес иелерін тексерушілердің заңсыз әрекеттерінен қорғауға мүмкіндік береді. Алайда өңіріміздегі бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлер осындай тамаша мүмкіндікті пайдалануға құлшыныс танытпай отыр. Кәсіппен шұғылданып отырған барша ағайынды баспасөз беттері арқылы мобильдік қосымшаға тіркелулерін сұраймын, – деді Асқар Жұмағалиұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Электрондық сервистің қанатқақты жобасы

Күні: , 25 рет оқылды


Сейсенбіде облыс әкімдігінің «Ақ Жайық» залында «Медиацияға сандық технологиялар арқылы қол жеткізу» электрондық сервис пилоттық жобасының тұсаукесері өтті. Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, мемқұрылымдардың, ҮЕҰ және қоғамдық ұйымдардың, ХҚКО, БАҚ өкілдері мен медиаторлар қатысты.


— Қазіргі уақытта әлемде цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Елбасымыз экономиканы және мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрландыруды басым бағыттардың бірі ретінде дамытуды тапсырды. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, жұмыс істеуде. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы бес институционалдық реформалардың тәжірибелік құндылығы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда заңның үстемдігін қамтамасыз ету, тұрғындар арасындағы дау-дамайды сотқа жеткізбей, баламалы медиация жолымен шешуді халық арасына тарату болып табылады. Бүгінде өңірімізде 100-ден аса медиация кабинеті жұмыс істейді. Бұл – үлкен бірлескен жұмыс, бұл шара облыстық соттың бастамасымен өткізіліп отыр, – деді Алтай Көлгінов жиынды ашқан сөзінде.

Облыстық соттың төрағасы Бек Әметов облыс басшылығына медиация институтын кеңінен насихаттауға бағытталған жобаны қолдағаны үшін алғысын білдірді. «Бұл жоба түрлі дауларды сот-сыз, медиация көмегімен шешуге мүмкіндік береді. Тұсаукесер шараға заңды тұлғалардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысып отырғаны қуантады және жобаны әрі қарай тереңдетіп, енгізу жұмыстарын бірге жалғастыратын боламыз. Пилоттық жоба халықтың барлық топтарына қолжетімді медиаторлар қызметіне жүгінуге жағдай жасайды және өз қызметін екі кезеңнен тұратын пилоттық режімде бастайды», – деді Бек Әметов.

Шарада сөз алған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Ақан Жұмағұлов аталмыш жобаның медиацияны дамытуды, медиацияға цифрлық технологиялар арқылы халықтың қолжетімділігін арттыруды көздейтінін айтып, жоба жайында жалпы түсінік берді. Одан кейін «Logitex» ЖШС-ның жобалар менеджері Антон Скрамовский қанатқақты жобамен таныстырды. Оның айтуынша, жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде электронды сервис №1 халыққа қызмет көрсету орталығында іске қосылды. Сервис жеке кабинетке кіруге мүмкіндігі бар, өтінімдерді бақылай алатын, пайдаланушылар үшін өтінімдерді қабылдау кестесін жүргізетін ХҚКО-ның қызметкері мен тікелей медиаторларға ғана қолжетімді. Медиатордың қызметіне жүгінгісі келетін азамат онлайн-өтінімді ХҚКО-ға барып, арыз жазады. Одан кейін ондағы оператор автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істеп жүрген кәсіби және кәсіби емес медиаторлар тізіліміне жаңағы азаматтың өтінішін жолдайды. Қай медиатор өтінімді бірінші болып қабылдаса, азаматты сол медиатордың қабылдауына жазады. Бұл ретте, мамандануы мен даудың санатына байланысты шешімді медиатордың өзі қабылдайды.

Тіркеуден кейін ХҚКО-ның қызметкері жүгінген адамға медиатордың аты-жөні, мекенжайы және қабылдау уақытын хабардар етіп, талон береді. Электрондық сервистің қызметінің жылдамдығы азаматтар мен медиаторлардың белсенділігіне тәуелді болады.

Екінші кезең 2018 жылдан басталады. Келесі жылдан бастап портал құру арқылы аталған сервисті барлық азаматтар үшін жалпы қолжетімділік деңгейіне шығару жоспарланған. Порталдағы кабинеттің сілтемесіне кіру арқылы пайдаланушы медиация туралы материалдармен танысып, медиаторлар тізімін, жұмыс кестесін, олар туралы пікірлерді және медиатордың жұмыс тәжірибесімен жете таныса алады. Сервис дербес гаджеттер, смартфондарда жүктеу және орнату мүмкін болатын мобильдік қосымшасында қолжетімді болады.

Жоба бойынша медиаторларға оңайлатылған қолжетімділік тұрғындардың медиаторды таңдау үшін іздеуге кететін уақыт шығындарын, сондай-ақ құжаттармен әуре сарсаңға түсуді, соттық дауларды болдырмайды және құқық қорғау органдарының жұмысын қысқартады. Барлық салада жаңа технологияларды енгізу өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, демек, осындай жобаның арқасында азаматтар мәселесін тез, тиімді және үлкен шығындарсыз шешуге негіз болады. Алдағы уақытта тұрғындар даулы жағдайларды үйреншікті түрде соттарда емес, медиаторлардың қызметін пайдалану арқылы шешудің қаншалықты ыңғайлы және тиімді екеніне көз жеткізе алады.

Басқосуда жобаға қатысты сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді. Жобаны жетілдіруге байланысты ұсыныс-пікірлер де айтылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары аталмыш электронды сервистік қызметті көрсетуге дайын. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Алматы сықылды ірі қалаларда мұндай сервистік қызмет көрсету басталғанын, Оралда ашылатын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының «Ақылды қала» аталатынын, онда ротация тәртібімен медиаторлардың да өз қызметтерін көрсете алатынын жеткізді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


220 отбасыға әлеуметтік көмек

Күні: , 29 рет оқылды


Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Орал қаласында «Қайырымдылық керуені» атты акция өтті.


Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі бірлесіп ұйымдастырған бұл шара таяуда өтетін «Туған жерім – тірегім» атты меценаттар мен қайырымды жандардың облыстық форумы аясындағы шаралардың алғашқысы.

Облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жеке кәсіпкерлер, Орал қаласындағы ірі сауда орталықтары мен базарлардың басшылығы ұсынған азық-түлік тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне жеткізілді. Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандарына азық-түлік салынған сөмкелерді тиісті мекенжайға жеткізуге жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқитын студент-жастардан құралған еріктілер тобы жәрдемдесті.

«Қайырымдылық керуені» аясында барлығы 220 оралдық отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді  түсірген Р. ХАЛЕЛОВ


Біз президенттік шәкіртақы иегеріміз!

Күні: , 53 рет оқылды

Сақи  АБАТОВ,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  ІІІ курс  студенті:

– Машина жасау факультетінде мұнай-газ ісі мамандығын игерудемін. Мектепте оқып жүргенімде, Байқоңыр қаласында өткен физика-математикалық бағыттағы халықаралық конкурста бас жүлдені жеңіп, жоғары оқу орнына грант ұтып алдым.

Сол кезде бірден мұнайшы мамандығына баруға бел будым. Себебі мұнай-газ саласының стратегиялық маңызын сақтап қалуға өз үлесімді қосқым келеді. Бірінші курстан бастап ғылыми, мәдени шараларда белсенділік танытып, білім мен өнерді қатар алып жүрмін. Оқу ордамыздың намысын облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде қорғап келемін. Өзім үшемнің ортаншысымын. Сәдуақас және Мұхамбетқали есімді сыңар бауырларым бар. Үшеуміздің де оқу үлгеріміміз жақсы. Университет қабырғасындағы шаралар да бізсіз өтпейді. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналған ғылыми конкурста «Инженерлік-технологиялық мәселелерді шешудің инновациялық жолдары» атты жобаны Сәдуақас екеуміз қорғап, ІІ дәрежелі диплом алдық. Тұңғыш Президент шәкіртақысы дәл маған бұйырғанымен, мұндай мәртебеге бауырларым да әбден лайықты. Күшім қабындап, рухым шалқып тұрған шағымда сапалы білім алып,  таптырмас  маман  атанғым  келеді.

Нұржауған  ЕСЕН,

Жәңгір  хан  атындағы БҚАТУ-дың  ІV  курс  студенті:

–  Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында дүниеге келдім. 2014 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне оқуға түсіп, агрономия факультетінде өсімдік қорғау және карантин  мамандығын игерудемін. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы президенттік шәкіртақы иегерімін, агрономия факультетінің студенттік деканы қызметін атқарамын,

«Айнұры» би ансамблінің мүшесімін. Сонымен қатар әлФараби атындағы ҚазҰУ-да өткен ғылыми-инновациялық жобалар байқауының үшінші орын иегері атандым.

Астана қаласындағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетінің академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысып, үздік нәтижеге қол жеткіздім. Қысқасы, университет өміріне белсенді араласып, студенттік өмірімді мазмұнды өткізудемін. Осы қарқынымнан таймай, елімді жетістіктеріммен қуанта беруге уәде беремін!  Жерлестерімді   Елбасы  күнімен  құттықтаймын!

Айдана  ДҮЗБАСОВА,

М. Өтемісов  атындағы БҚМУ-дың  ІV  курс  студенті:

– Тарих, экономика және құқық факультетінің студентімін. Тұңғыш Президент атындағы шәкіртақыға 3-курстан бастап іліктім. 2015, 2016 жылдары Қарағанды қаласында өткен пәндік олимпиадаға өз мамандығым бойынша қатысып, екі жыл қатарынан үшінші орынды иелендім. Өз тарихын білмеген ел жетім. Тарих дегеніміз, оқиғалардың, есімдердің, құжаттар мен даталардың құр тізбесі ғана емес, тарих – халықтардың қуанышы мен қайғысының, жарқын өмірге талпынысының, мәңгі жасампаздығының жылнамасы.

Олай болса, болашақта тарих пәнінің мұғалімі ретінде оқушыларға  қызықты  мағлұматтар  сыйламақпын.

Ақтоты   ЖАНҰЗАҚ,

М. Өтемісов   атындағы  БҚМУ-дың  ІV курс  студенті:

–  Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданының тумасымын. Елбасының қолдауымен бастау алған «Серпін» әлеуметтік жобасы аясында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға оқуға түстім. Үшінші курстан бастап тұңғыш Президент атындағы шәкіртақы иегерімін. Сонымен қатар «Ақиқат» пікірталас орталығы жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесімін. 2015 жылы Ақтөбе қаласында өткен жас буындарға арналған пікірсайыс турнирінде бірінші  орын алдым. Ал Қарағанды қаласында өткен пәндік олимпиадада «Бастауышта оқыту педагогикасының әдістемесі» бойынша үшінші  орынға іліктім. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді. Сондықтан мәртебелі маман атану үшін жан-жақты  ізденіс  үстіндемін.

Ксения  ГУРЕНКО,

Жәңгір  хан  атындағы  БҚАТУ-дың  ІV  курс студенті:

– Орал қаласындағы №20 мектепті «Алтын белгіге» бітірген соң 2014 жылы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға құрылыс мамандығы бойынша оқуға түстім. Биылғы  көктемде республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, құрылыс конструкциялары бөлімі бойынша үшінші орын алдым.

Президенттік шәкіртақыны Елбасының көреген саясаты, қазіргі заман талаптарына сай жастарға қолдау көрсетуі деп түсінемін. Құрылысшы – ең құрметті, ең жауапты мамандықтардың бірі. Сондықтан отбасымның, ұстаздарымның және тұңғыш Президентіміздің маған артқан сенімдерін ақтауға тырысамын. Ал менің жақсы нәтижелерім  өзімнен  кейінгі  жастарға  жұғысты  болсын!

Президенттік   шәкіртақы   иелерімен  дидарласқан

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Елді әлемге паш еткен

Күні: , 23 рет оқылды


Ғасырлар  бойы  күреспен,  тегеурін  тіреспен  келген  тәуелсіздікті баянды  етіп,  елімізді  бүкіл  әлемге  танытқан,  өркениетті мемлекеттердің  қатарына  қосқан  қазақ  халқының бағына біткен біртуар  ұлы  тұлға – Қазақстан  Республикасының тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаев.


Елбасы толғағы қиын кезеңде елдің еңсесін көтеріп, тұралап қалған ел экономикасын  жандандырып,  халқының арманын асқақтатып, мемлекет дамуының айқын келбетін, даңғыл жолын қалыптастыра білді.

Халқымыздың санғасырлық тарихында бостандық үшін, тәуелсіздік үшін жан алып, жан беріскен кезеңдер аз болмады. Сол қиын кезеңді артқа тастап, ұлы жеңісіміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен мемлекет ретінде жарқын болашаққа басуымызға көпшілік  күдікпен қарағаны рас. Осы тұста көш бастайтын, асуы бұлыңғыр көрінер елдің келешегін кемел етер асыл тұлғаны таңдау қажеттілігі туындады. Көреген халқымыздың таңдауы тұтастай Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті. Таңдау тура болып, үміттер ақталды. Еш  қажымайтын қайсар мінезімен, ел-жұртының тағдырына жанашырлығымен, кемеңгер ойлылығымен, шебер саясаткерлігімен дараланып, ел сенімінен шыға білді. Мемлекет дамуының жаңашыл үрдісін құрып, жоспарлар мен бағыттарды айқындап, теңдессіз бағдарламаларды қабылдады. Соның арқасында ел экономикасы тұрақталып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара бастады. Өндіріс пен өнеркәсіп қызметі қайта жанданып, әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді. Шекарамыз бекітіліп, ел байлығы игеріліп, халықтың игілігіне жаратылды. Сырт мемлекеттермен ынтымақтастық, достық, дипломатиялық  қарым-қатынастар орнатылып, маңызы зор тиімді шешімдер қабылданды. Түрлі әлемдік қауымдастық мүшелігіне өтіп, ұстаным мен ұсынысымызды, пікіріміз бен ойымызды өткір айтар дәрежеге жеттік. Еуразия кіндігінен қазақстандықтардың мақтанышы әрі кейінгі ұрпаққа тарихи мұра болар Елордамыздың жаңа келбетін қалап, әлем көз тіге қарар маңызды саяси алаңға айналдыра алдық. Ядролық қарудан бас тарта отырып, бейбітшілікті қалаушы мемлекет екенімізді  әлемге  паш  еттік.

Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қысқа мерзім ішінде өтпелі кезеңнің  ауыртпалығын артқа тастап, тиімді ғаламдық маңызға ие шараларға қол жеткізді. Тауар тапшылығы жоғалып, отандық өнім сапасы жақсарды. Азаматтар экономикалық  еркіндіктің  арқасында  меншік иелеріне айналды. Ұлттық валютамыз теңге тұрақты қаржы бірлігі болды. Бүгінгі таңда қазақ елі әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесі ретінде дамуда. Бұл Көшбасшымыздың жасампаз еңбегінің жемісі, халқымыздың ұлы жетістігі  деп  білемін.

Руслан  ДЕМЕУОВ, 

Батыс  Қазақстан  облысының  кәмелетке  толмағандардың істері  жөніндегі мамандандырылған ауданаралық   сотының  кеңсе   меңгерушісі


Шарболаттай шыңдалған

Күні: , 23 рет оқылды


Біздің тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаев жайында киноэпопеялық шығармаларды көрген сайын, ой көзінен өткізген сайын Қазақстан мен Назарбаев егіз ұғым екеніне тіпті қаныға түсемін. Кино индустрияның осы бір тамаша туындылары арқылы Елбасымыздың бойында тәрбие мен ұлағат қатар өрілгеніне, оны адами парасат биігіне шығарғанына тәнті боламын. Қуат аламын, мұны өзімнің мұғалімдік қызметімде, қоғамдық жұмысымда пайдаланып келемін.


Иә, «Елбасы жолы» фильмдер циклының барлық бөлімі де ерекше толқытпай қоймайды. «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі кәдімгі ауылдан шыққан өреннің білімге деген ұмтылысы, алға қойған мақсаты қандай! Ұл-қыздарымызға нағыз жанды тәрбие деген осы емес пе?! Бүгінде біз жиі айтатын, бірақ шынтуайтында, иіріміне бойлауды құнттамай жататын рухани түлеудің тұма бұлағы деген сол емес пе?! Балалық періште кез… Бозбала Нұрсұлтанның қимыл-қозғалысында, мінез-құлқында әке-шешеден, ауылдың басқа да үлкендерінен дарыған игі қасиеттер леп береді ғой. Құрыш о бастан-ақ қалай шыныққан деңіз?!

«Отты өзен» және «Теміртау» фильмдерінің әйгілі Теміртау қаласында түсірілгені әрине, тегіннен тек емес. Бұл Елбасының темірдей, шарболаттай шыңдалған Теміртауы ғой. Домна пешінің жанында тұрып жұмыс істеген болашақ Елиесінің аптал азамат болып қалыптасу жолы сүйсіндірмей қоймайды. Әлгі пештер жанында тұрған адамның әрбір қадамы, қимыл-қозғалысы өте қырағы, сақ болуы қажет. Мұны Елбасымыз өзінің кітаптарында да жазды. Мүлт кетуге мүлдем болмайды, мерт боласың. Өйткені пештер температурасы 2 мың градусқа дейін жетеді екен. Ал тыста – Арқаның ақырған аязы. Міне, құрыш осылай шыныққан.

Циклдің төртінші бөлімі – «Тығырықтан жол тапқан» фильмінде Мемлекет басшысының 1971-1977 жылдар аралығындағы өмір кезеңі бейнеленеді. Саясатқа енді қадам басқан азаматтың өмірден осыған дейін түйгендері, санада қорытқандары әбден пайдаға асады. Жұртына деген ықылас-пейілін, ақ жүрегін Жаратқан Ие қолдайды. Киноэпопеяны мәрелеген «Жұлдыздар тоғысқанда» атты фильмнің Оралда бірінші көрсетіліміне барып көргенімде де айрықша толқыдым. Ғұмырын елдің бақытына жұмсаған, қажет кезінде нар тәуекелге мініп, өмірін бәйгеге тіккен Президентіміздің, дүние жүзі таныған Көшбасшымыздың бүкіл бастан өткергені, қызметі ұлттық тарихымыздың ерек жарқын беттері болып табылады. Ұлағатты, тағы-лымды тарих деген осы. Ұлы мәртебелі тәуелсіздігіміздің өшпейтін парақтары деген осы. Бұл бізді өмір сүруді, еңбек етуді, халқыңа пайда әкелуді Елиесінен үйренуге меңзейді.

Валентина БОРИЧЕВСКАЯ,

Чапаев №1 орта мектебі директорының орынбасары, «Радуга» славян мәдени орталығының жетекшісі,

Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика