Мұрағат: 28.11.2017


Ветеринария саласындағы стандарттар мен регламенттердің өзгеруі туралы

Күні: , 40 рет оқылды


2015 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің №7-1/418 бұйрығымен ветеринария саласындағы стандарттар бекітілді. 2015 жылдың 27 қазанында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің № 328 қаулысымен Батыс Қазақстан облысының ветеринария саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттері бекітілді. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік  тіркеу тізілімінде № 4152 болып тіркелген. Аталған қаулымен ветеринария саласындағы алты мемлекеттік көрестілетін қызметтердің регламенттері бекітілді: «Жануарларды өсіруді, жануарларды союға дайындауды (союды), сақтауды, өңдеуді және сатуды жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жем және жемазық қоспаларын өндіру, сақтау және сату бойынша өндіріс объектілеріне тіркеу нөмірлерін беру», «Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық — санитариялық қорытынды беру», «Ветеринариялық анықтамалар беру», «Ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринариялық паспорт бере отырып бірдейлендіруді жүргізу», «Ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға лицензия беру», «Ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды аттестаттау».


Ветеринария саласындағы жетінші регламент («Ветеринариялық зертханалар (сынау хаттамалары) беретін сараптама актiлерiн беру») 2016 жылдың 17 маусымында 27 қазанында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің №188 қаулысымен қосымша бекітілді. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік  тіркеу тізілімінде № 4496 болып тіркелген.

2017 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің №7-1/418 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, 2017 жылдың 3 тамызында жарияланып, 24 тамызында күшіне енді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес Батыс Қазақстан облысының ветеринария саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттеріне өзгерістер енгізіліп, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 22 қыркүйектегі № 241 «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 27 қазандағы № 328 «Батыс Қазақстан блысының ветеринария саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылдың 22 қыркуйегінде №240 «Батыс  Қазақстан  облысы  әкімдігінің  2016  жылғы 17 маусымдағы №188 «Ветеринариялық зертханалар (сынау хаттамалары) беретін сараптама актілерін беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы» қаулылары бекітіліп, 2017 жылдың 25 қазанында жарияланып, 15 қарашасынан бастап күшіне енді.

Стандарттар мен регламенттерде келесі өзгерістер қарастырылды: мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту бойынша көзделген негіздері тізілімі кеңейтілді, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің және биологиялық материалдың сынамаларын алудың мерзімі 5 (бес) жұмыс күніннен 3 (үш) жұмыс күніне дейін қысқартылды, мерзімі өтіп кеткен құжаттарды қабылдамау және тағы да басқа.

А. Сарсенова

БҚО ветеринария басқармасының бас маман-заңгері


Алмалыдағы айтыс

Күні: , 37 рет оқылды


Ақжайық ауданының Алмалы ауылында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы, Ақжайық ауданы әкімдігінің қолдауымен жас ақындардың «Елім деп өткен ер Сырым» атты облыстық айтысы өтті. Оған облыс орталығынан, аудандардан іріктелген, яғни өңірімізге, республикаға танылып келе жатқан он ақын қатысты.


Шарада аудан әкімі Әділ Жоламанов болды.

Айта кетейік, бұл айтыс Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұсынған жоба аясында ұйымдастырылды. Шараны аталмыш орталықтың директоры, белгілі ақын Бауыржан Халиолла кіріспесөзбен ашты.

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлы даламыздың дара перзенті, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының 275 жылдығына, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай айтыстар өткізіп келеміз. Бұл тек облыс орталығымен шектеліп қалатын іс емес. Сондықтан Теректі, Зеленов аудандарында болып, бүгін Ақжайық ауданына ат басын тіредік. Осының бәрі жыл соңында Сырым ауданында қорытындыланбақ,-деді ол.

Көпшіліктің алдында сахнаға суырылып шығып, сөз бастаған Бөрлі ауданынан келген Жарқынбек Шынтаев пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов жұртшылықты «ә» дегеннен үйіріп әкетті. Сырымдай дарабоз перзенттердің ерлігін оқып-үйрену, өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы сабақтастықты үзіп алмау хақында екеуі де әдемі сөз саптады. Дәуір талап етіп отырған рухани түлеудің біздің жарқын тағдырымыз үшін мән-маңызы тілге тиек болды.

Сөз арасында Шынтаев Орынбектің соңғы уақытта эстрада жұлдыздарына ән жазып жүргеніне «тиіссе», қарсылас керісінше «Соғып алармын сойылмен, Бөрліден келген бөріні» деп бет қаратпады. Осылай әдемі өрбіген сөз барымтасында қос өрен да қатар шауып, Жайықтың арғы бет, бергі бетінен жиналған қалың көрермен зор ықыласына ие болды.

Жұп реті екінші болып шыққан қазталовтық Естеміс Мұхамбетов пен талай сахнада олжа салған Сырым ауданының ақыны Бауыржан Ширмединұлының арасында өткен тартыс суырыпсалмалықтың зор тегеурінін көрсеткендей болды. Ерлік пен елдік, бірлік пен еңбек, сана сергектігі мен таным салмағы туралы айтылды. Арасында екеуара әзілдесе отырып, қоғамның түйткілді мәселелерін, ауылдардың жақсылығын да, кем тұстарын да сөз етті. Мысалы, көп жастардың қалаға ағылып жатқанын айтқан Естемістің ойын Бауыржан сәтті жалғады.

…Бұрынғы алмаларың болмаса да,

Алмалы, біреуісің нар ауылдың.

Алмаға алаңдайтын ештеңе жоқ,

«Барында ойна да күл Оралыңның».

Себебі, бүгіндері біраз ауыл,

Алдында тұр емес пе жоғалудың.

Алмалары түгілі осы күні

Адамдары қалған жоқ көп ауылдың,-деп түйіндеді.

Айтса айтқандай-ау, алайда Алмалының өзінде алма қалмады деуге келмейді. Әуелден бау-бақшамен айналысатын ауылдың құнарлы жеріне алма ағашын егіп жатқандар бар. Мысалы, биыл Нұртай Сақыпов деген азаматтың осы жерге 4 мың түп алма талын еккендігін білмейтін адам кемде-кем. Сахнадан бұл да баяндалды.

Теректі ауданының ақыны Эльдар Ихсанов пен Ақжайық ауданының атынан шыққан Айнабек Бисенғалиевтың әзілге құрылған әсерлі сөз сайысы жиналғандардың көңілін тіпті жадыратты. Шымыр шумақ, тастай ұйқастарымен көпшілікті аузына қаратқан Айнабектің тосыннан жасаған «шабуылдарына» Эльдар да тосылып қалмай төтеп, бере білді.

Төртінші жұпқа шыққан жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Бекболат Қаленовтың арасындағы сөз таласы да ұтымды шықты. Жалынан сипатпайтын жүйрік сынды тәжірибелі Мұрадымның топ алдына шығып, астарлы әзілмен әрлеп айтқан шумақтары алмалылықтардың есінде ұзақ қалары сөзсіз. Қарсылас інісі Бекболатқа бағыттап айтқан әр өлеңіне жиналғандардың ішек-сілесі қатып, мәз-мейрам болды. Бұлар ауылдарда орын алып тұрған мал ұрлығы секілді қырсықты, ағайынның алға талпынған еңбегін, жұртымыздың мерейі болып табылатын кәсіпкерлерді жырларына арқау ете білді.

Мысалы, Бекболат ауылдағы жақсылықтар мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты тізе келіп:

…Осыдан артық қандай жағдай керек,

Жұртсыңдар жілік мүжіп, май кемірген.

«Т» деген әріп жетпей тұр демесең,

Алмалы, Алматыдан қай жерің кем,-деп өнерсүйер қауымды бір сергітті.

Ал Мұрадым ақын:

Аман бол, Алмалыдай атпал елім,

Есімі алты Алашқа мақтан елім.

Мыңғырған малын айдап, баққан елім,

Өсіріп қауын-қарбыз, сатқан елім.

Моласын Махамбеттің тауып берген,

Баласын Бектұрғанның тапқан елім.

Ән салып Ғұбайдолла Хибашев боп,

Қанаш боп домбырасын қаққан елім…,- деп жұрттың рухын көтеріп тағы бір тастады.

Қыдыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының маманы, танымал айтыскер Талғат Мықи мен оралдық Алшынбек Мұқанғалиев та өнерлерімен сүйсінтті. Ата-бабаларымыз аманаттаған құндылықтарға үңіле білу, еңбекке жұмылу жырланды. Ағалы-інілі болып айтысқан олардың жырларынан бір-біріне деген сыйластығы есіп тұрды. Жат ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарды сөз ете келіп, осындай олқылықтар болмас үшін Алмалыға да бір мешіттің керек екенін айтқан Талғат:

«Жаңғырып кетеміз» деу бекершілік,

Алланың ақ дінінен бейғам жүріп.

Өйткені елім, Рухани жаңғырудың,

Ең басында тұрады имандылық,-деді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқын рухани түлеуге шақырған мақаласын, елімізді тәуелсіздікке бастаған ұшан-теңіз еңбегін жырға қосты.

Жыр додасын тамашалаған әлеумет ақындардың шабытына шабыт қосып, қолдап отырды. Осындай ерек шараға шақыртуды қабыл алған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Сағадат Рахметжанов сахнаға әлсін-әлі көтеріліп, ән шырқады.

Сахнада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев жыр бәйгесінің мән-мазмұнын әңгімеледі. Ауылдық округ әкімі Армат Хайруллин ұйымдастырушыларға барлық тұрғын атынан алғыс айтты, айтыскерлерді бастап келген ақын Б.Халиолланы, С.Рахметжановты Алғысхатпен қошеметтеді. Сонымен қатар ақындарға ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен тағайындалған қаржылай жүлдені теңдей қылып табыстады.

Алмалыда ақындар айтысы осымен бір жылдың ішінде екінші рет ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн. Жылдың басында алмалылық ақын, еңбек ардагері Жаңылғаным Ахмулдинаның «Өмір өткелдері» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне арналып облыстық айтыс өткен болатын. Осындай ілгері іске әрдайым қолдау жасап келе жатқан кәсіпкер азаматтарының, мәдениет қызметкерлерінің, жас та болса бас бола білген ауылнай Армат Сейғуатұлының ынта-ықыласынатап өткен абзал.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ.

Алмалы ауылы.

Ақжайық ауданы.

Суреттерді түсірген Ержан ШӘКІРОВ


Мобилді топтың қос округке сапары

Күні: , 50 рет оқылды


Қараша айының 22-сі күні республикалық маңызға ие Шымкент-Самара тас жолына таяу орналасқан ауданның солтүстік бетіндегі Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округтеріне бағыт алған  «Парасыз болашаққа. Бірге!» мобильді тобы алдымен Қоскөл ауылына, түстен кейін көршілес Егіндікөл ауылдарына ат басын тіреді.  


Қоскөл ауылдық мәдениет үйіне жиналған ауыл тұрғындары алдында мобильдік топ мүшелері «Нұр Отан» партиясы» Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Нұрлан Оразов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жетекшісі Эльдар Амантаев  күн тәртібіндегі өзекті мәселе сыбайлас жемқорлықпен күрес  және оның алдын алу турасында хабарлама жасады.

«Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы жылғы  Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылудағы ұстанатын бес басым бағыттың бірі ретінде сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін қоюы оның соншалықты маңызды екендігін көрсетіп отыр.  Партия Доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршаның және әр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық біздің мемлекетіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және жаңа қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын жасаймыз», делінген. Доктринада айтылғандай, сыбайлас жемқорлықпен ел болып,  бірдей күресуге баршаңызды шақырамын» —  деді  мобильді топ мүшесі  Нұрлан Оразов.

«Қоғамға қауіп–қатер туғызатын, елдің дамуына кері әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлық –  тамырын кеңге жайған кеселдің бірі. Сыбайлас жемқорлықтың жиі көрініс табатын, ең қауіпті түрі – ол парақорлық.  Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Пара беру  де, пара алу да пайдалы болмайтындай, екеуі де үлкен қылмыс ретінде саналатындай  қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Баршаңызға белгілі парақорлық –   мемлекеттің қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтарына қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, оның жолын кесу, осыған байланысты тіркелген қылмыстарды тергеу, оны ашу жұмыстары елімізде жоспарлы жүргізіліп келеді. Бұл кеселдің  алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан-жылға өсуде. Тәуелсіз ел болып,  әлемдегі еңсесі биік 30 елдің қатарына енуді көздеген шақта баршамыз бірлесе отырып, қоғамды жегі құрттай  құртатын кеселге жол бермеуіміз керек!» — дейді топ мүшесі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық жетекшісі Эльдар Амантаев.

Алқалы жиын барысында «Арыз-шағымдарды тиімді қарастыру» жобасы аясында аудандағы мекеме басшылары  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» «ӘТВЕО» Қаратөбе аудандық бөлімшесінің басшысы Сағима Далабаева  «2018 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енетін  зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар», аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ерболат Сұлтанов  «Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек» туралы түсінік беріп, қос округ  тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

Екі округте де қойылған сауалдардың негізі әлеуметтік мәселелерге байланысты болды.  Қоскөл ауылдық округінің тұрғындары Бейбіт Жұмақай, Ләззәт Мырзағалиева жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек, Серік Жанахметов зейнетақы қорына аударылатын жарна төңірегіндегі түйткіл мәселе бойынша сауал қойса, ауыл ардагері Серік Нығметов  жастарды теріс діни ағымдардардан сақтандыру бағытында сауал тастап,ой-пікірлерін білдірді.

Егіндікөл ауылдық округіндегі жиында ауыл тұрғыны Абзал Құбыниязов окрутегі байланыс саласын арттыру бағытында «Ауылға түрлі  төлемдерді алысқа бармай-ақ жергілікті жерден аударып отыруға мүмкіндік беретін аппаратура  қондыруға ықпал етсеңіздер» деген  тұрғындар үшін тиімді өзекті  мәселені алға қойды.

Мобильді топ мүшесі Айсұлу Дияшева Егіндікөл, Қоскөл ауылдық округтерінің мектеп ұжымдарымен кездесіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның  алдыну мақсатында насихат жұмыстарын жүргізді.

Қаратөбе аудандық жұмыспен қамту орталығының  директоры Назира Жұмағалиева, аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арай Жақсығұлова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  бас маманы Ерболат Сұлтанов  Қоскөл, Егіндікөл ауылдарының  тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы


Латын қарпіне көшу – рухани жаңғырудың бастауы

Күні: , 38 рет оқылды


23 қараша күні № 42 «Ақ ниет» гимназиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген міндеттердің бірі – латын қарпіне көшу туралы «Латын қарпіне көшу – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбында тілші ғалымдармен кездесу өтті.


Аталмыш шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының БҚО филиалының төрағасы  Болат Өтеғалиұлы Жексенғалиев және  филология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Мұрат Бөкенбайұлы Сабыр қатысты. Тіл жанашырлары өздерінің келелі ойларымен бөлісіп, ұстаздар мен оқушылардың  сұрақтарына жауап берді. Елбасы бекіткен латын қарпіне негізделген жаңа әліпби нұсқасымен таныстырып, латын қарпіне көшудің еліміз үшін маңыздылығы, ел ертеңі – бүгінгі оқушылар болғандықтан, оларға артылар міндеттер туралы айтылды. Қазақ тілінің болашағы – жастардың  қолында екендігін анық. Сондықтан, дәл осындай түсіндіру шараларының оқушыларға берері мол.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Жадыра Қаршығақызы Сапарова


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика