Мұрағат: 24.11.2017


Азық-түлік экспорты артып келеді

Күні: , 95 рет оқылды


ҚР  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  жыл  сайынғы  Жолдауы – отандастарымыз  үшін  маңызды саяси  оқиғалардың бірі болып табылады.  Елбасы  өз  Жолдауында, жаңа  экономиканың  ілгерілеу  қарқынын  қамтамасыз ету  қажеттігін, сондай-ақ  экономикада  мемлекеттің  рөлін  азайтып, кәсіпкерлікті ынталандыру  туралы  атап  өтті.


Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің келешегі кемел.  Аграрлық сектор жаңа экономиканың қозғаушы күші болуы тиіс. Агроөнеркәсіп кешенінің құрамына ветеринариялық қызметі кіреді.

Ветеринариялық қызметке  жануарларды аурулардан қорғау және емдеу, халықты адам мен  жануарларға ортақ  аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, облыс аумағын басқа мемлекеттерден әкелінетін жануарлар арқылы тарайтын  жұқпалы және экзотикалық дерттерден қорғау міндеті кіреді. Сонымен қатар ветеринариялық дәрі-дәрмектердің  жем-шөп пен жем-шөптік қоспаларының қауiпсiздiгi мен сапасын бақылау, жануарлар аурулары диагностикасының, оларға қарсы күрестің және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін әзірлеу, жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою бойынша жүргізілетін жұмыстармен де ветеринария саласының қызметкерлері айналысады. Егер осы қарайған міндет-миссияның әрқайсысы уақтылы әрі сапалы атқарылса, агрокешеннің әлеуетін арттырып, өндірістік шығындарды  азайтуға  мүмкіндік  береді.

Мемлекет басшысы мал шаруашылығы өнімінің экспортын әр кез назарда ұстап келеді. Тек биылдың өзінде біздің облыстан 1448 тонна ірі қара еті және ет өнімдері соның 1420,7 тоннасы Ресей  Федерациясына, 27,3 тоннасы Белоруссияға экспортталды. 304,8 тонна қой еті, соның 186,2 тоннасы Ресей Федерациясына және 118,6 тоннасы Иран ислам республикасына жөнелтілді. Сонымен қатар күні бүгінге облыстан 1706,5 тонна балық, 883,5 майшабақ уылдырығы, 1 540 800 дана жұмыртқа Ресей Федерациясына және 604800 дана жұмыртқа Тәжікстан мен Қырғызстанға, 280,3 тонна балық қалбырлары Түркіменстанға экспортқа шығарылды.

Серік  НҰРМАҒАНБЕТОВ, 

облыстық  ветеринария басқармасының  басшысы


Кең даланы жасампаз еңбекке бөлегендер

Күні: , 92 рет оқылды


Төскейді  малға толтырған  шаруаның, алқапта егінді жайқалтқан диқанның, ала  жаздай  бау-бақшасын баптаған  бағбанның ел ырыздығын еселеудегі еңбегі ерен.


Кеше облыстық қазақ драма театрында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерін паш ететін бейнебаян көрсетіліп, сала үздіктері марапатталды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сала ардагерлері мен бүгінгі шаруа адамын кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай–ақ Елбасының Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген тапсырмасына орай өңірде жасалып жатқан жұмыстарға, қол жеткен жетістіктерге тоқталды. – Биыл өңірдің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 10,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл дегеніңіз, 2016 жылғы қаржыға қарағанда 12 пайызға артық. Соңғы бес жылда өңірдің агросаласына 67 миллиард теңге бөлінді. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басы өсуде, жаңа технологияларды пайдаланудың нәтижесінде жоғары өнім алынып, салада алға ілгерілеушілік басым, – деді Арман Кәрімұлы.

Облыста 6087 шаруашылық құрылымы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы көрсеткішпен салыстырғанда 18 есеге өсіп, яғни 7 млрд. теңгеден 131 млрд. теңгеге жеткен. Мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. 2000 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда ірі қара саны 1,7 есе, қой–ешкі 2,3 есе, жылқы 2,9 есе, құс саны 2,8 есе көбейді. Сонымен қатар мал өнімдерін өңдеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңір диқандары дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 14,7 центнерден өнім жинап, тәуелсіздік алған 26 жылдың ішінде бірінші рет жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сонымен қатар алдағы міндеттер де ауқымды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары атап көрсеткендей, жаңа технологиялы өңдеу кәсіпорындары мен қоймалар салу, кооперативтер құру бағытында жұмыстар жалғаса береді.

Салтанатты жиналыста сала үздіктері марапатталды. Жаңақала ауданынан «Айдархан» ЖШС–ның директоры Серікқали Қайырбеков, «БайерКаз» ЖШС–ның аймақтық өкілі Алдаберген Нұғманов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, сала ардагері Абат Есенғалиев, «Жайық–ет» компаниясының бас директоры Темірғали Ескендіров, Зеленов ауданынан «Заман» ЖШС–ның басшысы Абай Жанғалиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин, Тасқала ауданынан «Аюпов» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Аюпов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және бір топ қызметкерлер министрліктің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің түрлі аталымдары бойынша алғысхаттармен марапатталды. Соның ішінде «Астық өндірісіндегі жоғары жетістіктері үшін» аталымы бойынша Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ, «Үздік асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысатын шаруашылық» аталымында Бөкей ордасы ауданының «Береке» шаруа қожалығы (басшысы Е. Жабасов), «Үздік асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруашылық» деп Ақжайық ауданының «Еділбай» шаруа қожалығы (басшысы – А. Баянов), Зеленов ауданының «Хайруллин Н. К.» шаруа қожалығы (басшысы Н. Хайруллин), «Үздік асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысатын шаруашылық» деп танылған Бөкей ордасы ауданының «М. Буранбаев» шаруа қожалығы (басшысы М. Боранбаев), «Үздік бау–бақша шаруашылығы» аталымы бойынша Зеленов ауданының «Жаңа әлем» шаруа қожалығы, (басшысы А. Кан), «Үздік тұқым шаруашылығы» аталымы бойынша Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы (басшысы Қ. Молдабеков) марапатқа ие болды. «Үздік қайта өңдеуші кәсіпорын» – Бөрлі ауданының «PREMIUM FOODS» ЖК (басшысы – Игорь Шайдецкий), «Үздік мал бордақылау алаңы» – Ақжайық ауданының «Батыс Бордақылау» шаруа қожалығы (басшысы А. Өтеғалиева) және Зеленов ауданының «Сүндетов» шаруа қожалығы (басшысы Е. Сүндетов), «Үздік мал азығын дайындаушы шаруашылық» – Тасқала ауданының «Ақбидай» шаруа қожалығы (басшысы Н. Хасанов) пен Теректі ауданының «Шарақап» шаруа қожалығы (басшысы А. Джанназаров), «Үздік түйе шаруашылығы» аталымында Бөкей ордасы ауданының «Рауан» шаруа қожалығы (басшысы Р. Мұхамбетшин) облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. «Үздік құс шаруашылығы маманы» – «Орал құс фабрикасы» ЖШС–ның маманы Ақзила Айтықова, «Үздік орман шаруашылығы» – Бөрлі ауданының Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі, «Облыстың ауыл шаруашылығы өнімінің үздік экспорттаушысы» – «Кублей» ЖШС (директоры Т. Берекешов), «Үздік сапалы өнім» – «Белес компаниялар тобы» (басшысы А. Андрощук), «Облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздік инвесторы» – Орал қаласының «ПОШ–Руно» ЖШС (директоры Р. Ирменов), «Үздік агроном» – Шыңғырлау ауданынан «Жарас» шаруа қожалығының агрономы – Ерсайын Тілегенов, «Үздік фермер» – Сырым ауданы «Правда» шаруа қожалығы (басшысы Қ. Мендіғалиев), «Үздік механизатор» – Тасқала ауданы «Луч» шаруа қожалығының механизаторы – Николай Хохлов, «Үздік комбайншы» – Зеленов ауданы «Асан–Ауыл» ЖШС-ның комбайншысы – Болат Биғалиев, «Үздік техник-осеменатор» – Зеленов ауданы Дариян ауылдық округінің ауыл шаруашылығы жануарларының техник-осеменаторы – Иван Бричковский, «Үздік ветеринар» – Қаратөбе аудандық ветеринариялық стансасының директоры Марат Сенғалиев, «Асыл тұқымды малдың үздік бағалаушысы» – Зеленов ауданы «Шунайбеков» шаруа қожалығының бағалаушы маманы Серік Жұмағұлов, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» – БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімі басшысы Алмат Есполов, «Жер қатынастары саласының үздігі» – Тасқала аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Айнагүл Керейәулеті, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» – Қазталов ауданы «Ажкей» шаруа қожалығының басшысы Мырзагелді Таспихов, «Ауыл шаруашылығы саласының үздік қаржы институты» «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ–ның БҚО филиалы үздіктер қатарынан табылып, марапатқа ие болды.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Анатолий КАН,

Зеленов ауданының «Жаңа әлем» шаруа қожалығының басшысы,

«Үздік бау-бақша шаруашылығы» аталымының иегері:

 — Шаруашылығымыз 2013 жылы құрылған. 50-60 гектарға пияз және өзге де бақша дақылдарын өсіреміз. Өнімдеріміз Оралдағы сауда нүктелеріне және өзге өңірлерге, Ресейдің іргелес облыстарына өткізіледі. Тамшылата суару әдісін қолданып, дақылдардың гибридті  сұрыптарын егеміз.

Серікқали ҚАЙЫРБЕКОВ,

Жаңақала ауданындағы «Айдархан» ЖШС-ның директоры,

«Еңбек ардагері» медалінің иегері:

— 1997 жылы серіктестігіміз құрылды. Зейнеткерлікке шықсақ та, ауыл шаруашылығы саласына жастарды тартып, жұмыс істеудемін. Шаруашылық еділбай қойын өсіреді. Қазір серіктестікте 2,5 мыңдай қой, 300-дей сиыр, 300-ге тарта жылқы бар. Сексен адамды жұмыспен қамтудамыз. Еңбегімізді ескеріп, осындай марапатқа ұсынған аудан, облыс басшылығына алғысым шексіз.


Әлеуметтік еңбек саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр

Күні: , 117 рет оқылды


Кеше өңірімізге іссапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты жұмыспен қамту орталығының жұмыс барысымен танысты.


Осы орталық басшысының орынбасары Айнұр Қазмұқанова Астанадан келген министрге ағымдағы жұмыс жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, биыл жұмыспен қамту орталығына 9 мыңнан астам адам жолығып, оның 2800-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал әлеуметтік жұмысқа — 124, жастар тәжірибесіне — 685, қоғамдық жұмыстарға 1300-ге жуық тұрғын орналастырылған. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама» бойынша 1002 адам қысқа мерзімдік оқуға жолданса, ал 2018 жылы 1780 жанұяны атаулы әлеуметтік көмекпен қамту жоспарланған.

Электронды кезектің тиімділігін тексерген Тамара Қасымқызы компьютерлік базаны жүргізудің дұрыстығына да мән берді.

– Жыл басынан бері 2600 мекеме 12 мың жұмыс орнын ұсынған болатын. Бүгінде 300-ден астам мекемеде 1500 бос жұмыс орны бар. Олардың көпшілігі мемлекеттік мекемелер. Жұмыс жасауға дайын азаматтар өздерімен бірге жеке куәліктерін, еңбек кітапшаларын және дипломдарын алып келулері тиіс. Кейін олармен әлеуметтік келісім жасап, жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Егер отбасында анасы бала тәрбиесімен отырған болса, отағасын жұмысқа орналастырамыз. Олардың балаларын ескеріп, шартты әлеуметтік келісім жасасамыз, осылайша атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал әйелі бала бағып, отағасы мүгедек болған жағдайда шартсыз әлеуметтік көмек беріледі. Ел-жұртпен  жұмыс жасау қолайлылығын арттыру мақсатында барлығын компьютерлік базаға енгізіп отырамыз, – дейді Айнұр Мұхамбетқалиқызы.

Сала мамандарының қызметімен барынша танысқан министр  оларға жұмыстың  тиімділігін  арттыра  беруді тапсырды.

*    *    *

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облысымызға жұмыс сапары барысында «Орал «Зенит» зауытында» болып, өңірдегі ірі мекеме-кәсіпорын басшыларымен кездесті.

– Бүгін біз Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру, соның ішінде әлеуметтік еңбек саласын жаңғыртудағы кадрлар ағынын басқаруды талқылау мақсатымен жиналып отырмыз. Өңіріміздегі ірі кәсіпорындармен Жол картасын жасақтау да күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Елбасымыз халыққа Жолдауында экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетіндігін айтқан болатын. Біздің өңір еліміздегі өнеркәсіптік аймақтардың бірі болғандықтан, кадрлар ағынын басқару жобасы ендірілген еді. Бүгінгі таңда өңірдегі жүйе қалыптастырушы кәсіпорындармен Жол қартасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында облыста өңірлік штаб құрылып, қызмет жасауда, – деді осы жиында облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Кездесу барысында министр жоғарыда айтып өткен облыс кәсіпорындарындағы кадрлар ағынын басқару және Жол картасына байланысты ахуалмен танысты.

Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік еңбек саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүзеге  асатын  болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында үшінші жаңғырту кезеңіне көшу қажеттігін жариялағанын атап өтті. Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды қамтамасыз етуді көздеген бұл қадам, әлеуметттік еңбек саласындағы бірқатар міндеттерді шешуге де септігін тигізбек.

– Алдымызда тұрған үлкен мәселе – елімізде Үшінші жаңғыру стратегиясын жүзеге асыру негізінде жаңа технологияларды енгізу болып отыр. Ал ол дегеніміз, кәсіби мамандарды талап ететін болады. Еліміздегі жаңғырту стратегиясы, бір жағынан, жаңа заманауи мүмкіндіктерге қол жеткізіп, жұмыс сапасын жақсартса, екінші жағынан, жұмыс күшін көп талап етпейді. Ірі кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізгенде бірқатар жұмысшылар еңбектен босатылуы мүмкін. Тиісінше жаңа заманауи құрылғыларды меңгергендер жұмысқа алынады. Сондықтан жақында  мыңдаған кәсіпорындарда жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың 48 пайызының жаңғыртылатындығы анықталды. Жаңғыртылатын кәсіпорындар жұмыс жасайтын адамдарды жұмыстан босатуға немесе қайта даярлықтан өткізуге мәжбүр болатындықтарын айтып, мемлекеттен қолдау сұраған болатын.

Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде ашылған штабтармен ақылдаса келе, Жол картасын жасақтадық. Сол арқылы жаңғыртылуға байланысты қысқартуға ұшыраған жұмысшыларды қайта даярлықтын өткізу көзделіп отыр.

Кәсіпорын белгілі бір адамды  қайта оқуға жолдаса, оның оқу шығынының 70 пайызын мемлекет өтейді. Қалған 30 пайызын аталған кәсіпорынның өздері төлейді. Батыс Қазақстан өңірінде жұмысшылыр саны 500-ден асатын 23 ірі кәсіпорын болса, бүгінде солардың тоғызымен Жол картасына келісім жасалған. Бүгінгі жұмыс сапарымыздың да басты мақсаты – осы жобаның өңірде атқарылуы мен сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдау болатын, – деді Тамара Дүйсенова.

– Біздің кәсіпорында 900-дей адам еңбек етсе, соның 600-і – қатардағы жұмысшылар. Олардың орташа еңбекақылары 173 мың теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап зауытқа түсетін тапсырыс көлемі азайып кетті. Әзірге зауыт жұмысшыларын еңбекпен қамтып отырмыз. Желтоқсан айынан бастап тапсырыс түсіп, жағдайымыз оңалмаса, 260-тай адамды жұмыстан қысқартуға мәжбүр боламыз. Осы жағдайдың алдын алу үшін облыста алғашқылардың бірі болып, Жол картасын қолдадық.

Бүгінгі таңда жұмысшыларды қайта даярлықтан өткізіп, заманауи құрылғыларды еркін меңгертіп, қызмет бағытын өзгертудің нәтижесінде жұмыс орындарын сақтап қалу үшін бірқатар шаруа атқарылуда, – деді министр қатысқан жиында сөйлеген «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-ның  бас директоры Вячеслав Валиев. Сонымен қатар кездесуде «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ бас директорының орынбасары Наталия Фадина, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның директоры Есенжан Шунаев, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ның  бас директоры Қуат Мусин өздері  басқаратын өнеркәсіп ошақтарындағы қазіргі ахуал туралы баяндап, көкейкесті сауалдарына  министрдің жауабын  естіді.

– Жол картасы бірінші кезекте жаңғыртулар нәтижесінде туындайтын әлеуметтік қатерлерден қорғайтын жақсы құрал болады деп санаймын. Мемлекет орталық және жергілікті деңгейлерде қысқартулар және кадрларға қосымша қажеттіліктер болған жағдайда қолдау көрсетуге дайын. Жұмысшыларға да, қажет ететін кәсіпорындарға да нақты қолдау көрсетілетін болады, – деді Т. Дүйсенова. Сондай-ақ министр халықты жұмыспен қамту тақырыбына да тоқталды. Бұл бағытта министрлік жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін үлкен алаң бола алатын Электронды еңбек биржасы мен enbek.kz сайтын әзірлегендігін  айтты.

Министр алда тұрған мақсаттарды ескере отырып, жұмыспен қамту орталықтарын күшейту арқылы жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде қосымша жұмыс орындарын ашып, материалдық-техникалық жабдықталуы  мен маман даярлау ісіне аса мән беру керек екенін атап өтті.

*    *    *

Өңірімізге іссапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыстық мәслихаттың үлкен залында қала, аудандар және  ауылдық округ әкімдерімен, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жетекшілерімен жүздесті. Жиынды облыс әкімі Алтай Көлгінов жүргізді.

Министр басқосуда еліміздің әлеуметтік еңбек саласына енгізілетін өзгерістерге жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ ендігі жылдың бірінші қаңтарынан әйел затының зейнет жасын көтеру, бірінші шілдесінен базалық зейнетақыны өзгерту мәселелері айтылды, өтініштер тыңдалып,  сауалдарға  жауап  берілді.

– Біз осыған дейін мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында аталмыш көмекке мұқтаж отбасылардың көптеген жылдар бойына кіріс табысы мардымсыз жағдайда қалуына аса мән бермей келдік. Мүмкін ол жанұяларда қандай да бір себеппен білім ала алмауына байланысты жұмысқа орналаса алмай жүргендері немесе мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік мәнге ие науқастар аурулар бар шығар. Сондықтан ендігі атаулы әлеуметтік көмек қаржылай сипатта ғана емес, жан-жақты, кешенді түрде жүргізілуі тиіс, — деді Тамара Қасымқызы.

Министрдің айтуынша, жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің нәтижесінде жанұялар кедейліктен құтылып, тұрмыстарын түзеп алуы керек. Келер жылдан бастап көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек екі түрде жүргізіледі. Біріншісі – отбасында жұмысқа қабілетті жандар болмаған жағдайда немесе мүгедектер, туберкулез секілді әлеуметтік ауру-сырқатқа шалдыққан адамдарға сөзсіз бұрынғыдай қаржылай көмек көрсетіледі. Ал егер жанұяда жұмысқа қабілетті адам болса, олармен әлеуметтік келісімшарт жасалып, нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында көмек көрсетілуі керек. Атаулы әлеуметтік көмекті алатын адам алты айлық қаражатын бірден алып, өзінің жеке шаруашылығын дамытуына немесе жаңадан іс бастауына да болады. Мұндай жағдайда алты айлық көлемдегі атаулы көмекке ие болған адам оны шартта көрсетілгендей мақсатты түрде жұмсамаса, алған қаражаты кері қайтарылмақ. Жиында жыл аяғы таяп қалуына байланысты атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандармен жаңа сипаттағы әлеуметтік келісімшарт жасау жұмысын жеделдету керектігі айтылды.

– Аудан, қала, ауыл әкімдерімен, сондай-ақ іргелі мекеме, кәсіпорын, өкілдерімен кездесіп, 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енетін әлеуметтік еңбек саласындағы өзгерістерді айтып, осы мәселеге қатысты үкіметтік емес ұйымдардың пікірін білуге келдік. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілмек.  Мұның бұрынғы әлеуметтік көмектен өзгешелігі – бұрын атаулы әлеуметтік көмек ақшалай көрсетілсе, алдағы уақытта көмекке мұқтаж отбасында еңбекке қабілетті жанұя мүшесі болса, оны жұмысқа орналастыру немесе оқуға жіберу, шағын несиелер беру, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қызмет көрсету мәселелері де қоса қарастырылмақ. Өңірде 750-ден астам жанұяны қабылдап, олармен әлеуметтік келісімшарт жасалған. Жұмыспен қамту орталықтары сондай отбасы мүшелерін қабылдауға, оларға қажетті әлеуметтік жәрдемнен  басқа да қызмет түрлерін көрсетуге даяр болуы керек. Сапарымыздың барысында  Орал қалалық жұмыспен қамту орталығында болдық. Атқарылған жұмыстар бар. Бірақ көмекке мұқтаж отбасылардың әрбір мүшесімен жұмыс жүргізу жағы әлі де жетіспейді. Жұмыспен қамту орталықтарында азаматтарға сапалы қызмет көрсететін алаңдар, автоматтандырылған базалар болуы тиіс. Тағы бір үлкен мәселе, жұмыс берушілер жайында болып отыр. Қазіргі таңда ірі ауқымды технологиялық модернизациялар үрдісі  жүріп жатыр. Осыған байланысты көптеген өндіріс ошақтарындағы жұмысшылар саны қысқаруы мүмкін. Осыған орай арнайы жол картасын жасап, мұндай кәсіпорындарға қандай көмек көрсете алатынымызды айтудамыз. Жұмыс берушілер қысқарған еңбеккерлерді әрі қарай да жұмыспен қамту мәселелерін қарастырар болса, ондай мамандарды оқыту үшін қажетті қаржының 70 пайызын мемлекет төлейді. Егер де оларға жас мамандар қажет болса, жас түлектерді жұмысқа шақырып, олардың еңбекақысын алты айға дейін жастар практикасы аясында мемлекет төлейді. Одан кейін жұмыс беруші сол мамандардың ішінен өз талаптарына сай келетін маманды таңдап алуына болады. Жаңа әлеуметтік жұмыс орындарын ашса, бір жылдың көлемінде олардың еңбекақысының 35  пайызын мемлекет төлейді. Батыс Қазақстан облысындағы 23 мекеменің тоғызы осы бағыттағы Жол картасымен жұмыс жасауға қол қойған. Бүгін олардың бірнешеуінің есебін тыңдадық, – деді министр Тамара Дүйсеновва жиыннан кейін журналистерге берген сұхбатында.

*    *    *

Түс қайта Тамара Дүйсенова Орал қаласының психологиялық-педагогикалық  түзету  кабинетінде болды.

Айта кетейік, аталған кабинет «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту, «Дара» жеке қайырымдылық қорларының қолдауымен ашылған Қазақстандағы жетінші және аумағы бойынша ең үлкен орталық болып табылады. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова министрді орталық мамандарымен таныстырып, жалпы облыс бойынша дамуында ауытқу бар балалардың жағдайын баяндады. Шолпан Маратқызының мәліметінше, облысымызда 6025 бала психологиялық көмекке мұқтаж. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген.

– Облысымызда көздері нашар көретін, есту қабілеті төмен және ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған үш мектеп-интернаты бар. Сонымен қатар 12 мектепке дейінгі балаларды психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті қызмет етуде. Олардың біреуі осы орталық болса, қалған 11-і аудандарда орналасқан. Бүгінде бұл орталыққа барлығы 68 бала келіп жүр. Дефектолог, психолог, логопед, массажист, тифлопедагог, сурдопедагог секілді білікті мамандар балалардың қабілеттерін арттыру үшін қызмет етіп, ата-аналарына консультативтік көмек көрсетуде. Жуырда «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен Ақсай қаласында жаңа орталық ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Шолпан Маратқызы.

Орталықтың әр бөлмесінде болып, балалардың даму қабілеттерін бақылаған Тамара Қасымқызы ата-аналармен де жүздесті. Өз кезегінде ата-аналар орталық қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін айтып, алғыстарын жаудырды.

Сондай-ақ аз уақыт аралығында балаларының бойынан айтарлықтай дамуды байқағандарын да жеткізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіндегі мамандардың қызметіне риза болып, нәтижелі еңбектері  үшін  алғысын  білдірді.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Cуреттерді  түсірген  Айбатыр  НҰРАШ


Латынша шыққан кітаптар көрмесі

Күні: , 82 рет оқылды


«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырған шараға мемлекеттік құрылым, ҮЕҰ және зиялы қауым өкілдері қатысты.


— Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан бері қоғамымызда үлкен рухани серпіліс сезілуде. Осы мақаланың үлкен бір бағыты – тіліміздің жаңғыруы, яғни латын тіліне көшу жайы. Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы» Жарлығына батысқазақстандықтар да өз қолдауын білдіріп, түрлі шаралар ұйымдастыруда. Бүгін де осы үрдіс жалғасын тауып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысы Ұлттық кітапхананың қолдауымен тағы бір мәні зор шара өткізіп жатқанына қуаныштымыз, – деді көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов. Осынау шараға арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешовтың айтуынша, латын қарпіне оралуда мұндай көрменің маңызы зор. Бұл көрмеге қойылған қазақ зиялы қауым өкілдерінің 1929-1940 жылдары шыққан еңбектерінде ұлтымыздың бірлігі, ел болып қалыптасуда өткен жолы турасында көп жазылған. Сол себепті бұл шығармаларды оқудан сырт қалмаған жөн.

— Қазақ елі 1929-1941 жылдар аралығында латын қарпін пайдаланды. Осы уақытта көптеген еңбектер, оқулықтар шықты. Біз Ұлттық кітапханамен бірлесіп, сол кездері латын қарпінде шыққан 1,5 мыңнан аса кітапты таптық. Бүгін сол кітаптардың 100-ден астамын әкеліп отырмыз. Батысқазақстандық аға, орта және жас буын бәрі де Салтанат сарайына келіп, 1 желтоқсанға дейін осы көрмені тегін тамашалап, кітаптарды оқып, жан дүниелерін байытады деп ойлаймын, — деді «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мұхтар Манкеев.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ


«Тек энциклопедиялық біліммен жаңа әлемнен орын табу қиын»

Күні: , 73 рет оқылды


Назарбаев  зияткерлік  мектебінің  тәжірибесі өңіріміздегі  білім  ұяларында пилоттық  негізде  қолданылып келсе,  енді  ол  жүйелі  түрде барлық  мектепке  енгізілетін болады.  Алыс  елді  мекендердегі  шағын  жинақты мектептер  де  одан  тыс  қалмақ емес.


Бұл туралы таяуда жаңартылған білім жүйесіне байланысты өткен жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Осынау алқалы басқосуға «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ-ның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, өңіріміздегі білім ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.

Жиынды ашқан облыс басшысының айтуынша, Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша ашылған Назарбаев зияткерлік мектептері әлемдік тәжірибені қолданып отырған республикамыздағы алдыңғы шептегі білім ұялары болып табылады. Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінен білім алғандар да далада қалып жатқан жоқ. Олар елімізді айтпағанда, әлемнің белді оқу орындарында оқуда.

– Біздің алдымызда тұрған міндет – Назарбаев зияткерлік мектебінің  тәжірибесін өңіріміздегі  барлық білім ұясына енгізу.  Осы мәселеге байланысты ақылдасу мақсатында Күләш Ноғатайқызын облысымызға арнайы шақырған едік. Шақыруымызды қабыл алғаныңыз үшін және облыстық білім басқармасы басшысының лауазымына Шолпан Қадырованы тағайындар алдында өзіңізбен сөйлесіп, рұқсат сұраған кезде өңіріміздегі білім саласының жағдайын ескеріп, жақсы маманыңызды бізге жолдап, қолдау көрсеткеніңіз үшін өз ризашылығымды білдіремін.

Облыстағы мектептерді жаңартылған білім мазмұнына көшу бойынша нақты жоспарымыз бар.

Бірінші кезекте біз әр аудандағы және қаладағы екі-үш мектепті, яғни барлығы қырық шақты білім ұясын толығымен жаңа жүйе бойынша оқытуды қолға алмақпыз. Содан соң мұғалімдердің біліктілігін арттыруға жіті мән бермекпіз. Ол үшін қаламыздағы Оқушылар сарайында арнайы бөлме ашып, онда жаңартылған білім континенттерін орналастырамыз.

Сөйтіп, бұрынғыдай педагогтардың сабақ кестесін бұзбай, уақытын алмай, қаражатты шығындамай, онлайн режимінде оқытуды ойластырудамыз. Шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасын дамыту да назардан тыс қалмақ емес. Интернеті жоқ шалғай елді мекендердегі мектептер онлайн режимінде жаңартылған білім мазмұнын меңгеретін болады. Мұның бәрі Елбасының цифрландыру тапсырмасы аясында жүзеге асады. Қала мектебі мен ауыл мектебі арасындағы айырмашылықты барынша төмендетуге бұл жүйе де оң әсерін беретін болады, – деді Алтай  Сейдірұлы.

Мінберге көтерілген Күләш Шәмшидинова жаңартылған білім мазмұнының мәні мен маңызы жөнінде баяндады. Оның сөзіне қарағанда, қазір әлем өзгеріп жатыр, яғни жаһандану, технологиялық инновация, климаттың өзгеруі, көші-қон үрдісі қарқынды жүруде. Саясат, экономика, білім, мәдениет бәрі жаңа арнаға бет бұруда. Бұл  үдерістен адам, соның ішінде бала да тыс қалмайтыны белгілі. Жаңартылған білім жүйесінің қажеттілігін осы тұрғыдан қараған жөн. Бұрын балалық шақ отбасы, аула, мектеппен байланысты болса, қазір виртуалды орта алғашқы орынға шықты. Мұның бәрі балаларды қоршаған ортаның  өзгергендігін  көрсетеді.

– Егер тарихқа көз салсақ, қоғам сұранысына байланысты білім беру миссиясының өзгеріп отырғанын көре аламыз. Нақтылап айтсақ, қоғам талқысы арқылы оқу-тәрбиенің мазмұны мен формасы, әдістері, педагогикалық ойлау мен бағыт-бағдары айқындалып отырған. Классикалық білім парадигмасы ХVІІІ ғасырдан бастау алғаны белгілі. Бұған дейін еңбек нарығында тек қол еңбегіне мән берілсе, енді базалық сауаттылық, нұсқаумен  және  бұйрықпен жұмыс істей білушілік, зеректілік, өнертапқыштық негізге алына бастады. Осынау алғашқы индустриалды революцияның талабы бойынша мектептер осы бағытта білім беруді қолға алды. ХХ ғасырдың басындағы екінші индустриалды революция кезінде білім деңгейін көтеруге, жаңаша ойлауға, адамның білім мен ақпаратты алып қана қоймай,  олармен жұмыс істей білуге, есте сақтау, сөйлеу мәнеріне, мәселелерді шешу мүмкіндігіне назар аударылды. ХХ ғасыр соңындағы үшінші индустриалды революцияда компьютерлік сауаттылық, сараптап, талдап, сыни ойлау, ауқымды ақпараттар ағынымен жұмыс істеу бастапқы орынға шықты. Ал қазір біз төртінші индустриалды революция кезеңіндеміз. Бүгінгі еңбек нарығының талабына сәйкес адам жүйелі ойлайтын, әрбір сала бойынша коммуникативті, көптілді, мультимәдениетті, кез келген жағдайда адамдармен де, жобалармен де жұмыс істей білетін, клиент таба алатын, көркем еңбекке, шығармашылыққа икемі бар, креативті болуы керек. Яғни бұрын мектеп тек базалық дағдыларды үйретсе, енді бұған қоса оқушының заман талабына сай икемді болуына атсалысуы тиіс. Оксфорд университеті ғалымдарының зерттеулеріне қарағанда, бүгінде мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген балалардың 65 пайызы ертең қазіргі біздің қоғамда жоқ жаңа кәсіптің иесі атанады. Бес жылдан соң бүгінгі еңбек нарығы үшін маңызды деп танылған машық пен дағдының 35 пайызының бәсі төмендейді. Көп кешікпей жойылатын 20 мамандықтың ішінде бағдарламашы (программист) да бар. Себебі, жай ғана бағдарламашы ертең сұранысқа ие болмайды. Олардың орнын робот басады. Жұмыссыздық деңгейінің артатынын осыдан-ақ бағамдауға болады. Мәселен, Ұлыбританияда 2030 жылы 1,3 млн. бюджет қызметкерінің жұмысын роботтар атқара бастайтыны болжануда. ЮНЕСКО-ның есептеуі бойынша тиісті біліктілігі мен кәсіби дағдысы бар жоғары білімді маманға деген сұраныс 2020 жылы әлем бойынша 40 млн. адамға жетеді.

Қазір республикамызда қолданысқа еніп жатқан жаңартылған білім мазмұны осындай ауқымды мәселелерді шешуге қауқарлы. Бұған дейін білім беру ұйымдары «білімді адамды», яғни бойында білімі, біліктілігі, тиісті дағдысы бар жанды қалыптастырып келді. Қазір ондай жүйе заман талабына сай емес. Бейнелеп айтқанда, тек энциклопедиялық біліммен жаңа әлемнен орын табу қиын. Сол себепті мектептер «өмірлік іс-әрекетке дайын адамды», яғни белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлап, әрекет ететін, интеллектуалды,  рухани, физикалық жағынан өз-өзін жетілдіре білетін жандарды дайындауы тиіс.

Мұндай жағдайға жету үшін бірінші кезекте мұғалімнің өзі тиісті талапқа сай болуы керек. Ол үшін үш факторға арқа сүйеген дұрыс. Біріншісі, «Жақсы білім – өмірлік  азық» деген қағидадан аттап өтіп, өмір бойы білім алуға мән беру. Содан кейін бастамашылдық, яғни бойында көшбасшылық қасиетті қалыптастырғаны жөн. Үшіншісі, білімділіктен құзыреттілікке көшу. Соңғысын тарқатып айтып өтейін. Сөздің шыны керек, қазіргі білім моделі қоғамның да, жеке адамның да сұранысын қанағаттандырмайды. Сол себепті оқушыны білім нәрімен сусындатуда жаңаша әдісті, яғни күрделі әрі әмбебап тәсілдерді қолданып, оқушымен серіктес болғаны абзал. Міне, осындай деңгейге жету бізге оңай болмасы анық. Бұл бағыттағы кедергінің бірі – мектептерде әлі күнге дейін мұғалімнің сабақты дайын ақпаратпен түсіндіруі. Ал оқушылар сол материалды мұғалімнің айтқаны бойынша қабылдайды. Бұл жаңартылған білім мазмұнына сай емес. Жаңа жүйе бойынша мұғалім сабақ тақырыбына байланысты қосымша сұрақтар дайындап  келуі тиіс. Сыныпта оқушылармен бірге сол сұрақтарға жауап іздеуі керек. Осылайша есеп шығарып, ауызша, жазбаша тапсырмаларды орындап, оқушының тақырыпты меңгеруіне ұйытқы бола білуі міндеттеледі. Иә, санамалап шыққанымыздың бәрі мұғалім үшін үлкен ауыртпалық, оны меңгеруде өзінің үйреншікті, жанына жайлы ортасынан алыстайды әрі нәтижесіне де алаңдайды. Осындай жағдайда мұғалімге жан-жақтан үлкен қолдау керек, – деген Күләш Ноғатайқызы Назарбаев зияткерлік мектептері тарапынан білім ұяларына көрсетілетін әдістемелік қолдау шараларына да тоқталды.

Жиын барысында облыстық, қалалық мектептер директорлары, аудандық білім бөлімдерінің басшылары, педагогикалық шеберлік орталығының қызметкерлері бұл бағытта атқарылып жатқан істерді баяндады. Мектепте биылдан бастап жаңартылған білім мазмұны бойынша оқып жатқан өз баласының бойынан байқаған өзгеріске байланысты жаңа білім жүйесіне оң баға беріп сөйлеген Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Нұрлан Серғалиев төрт жылдан кейін студент болып келетіндер үшін университетте әзірлік басталғанын айтты. «Ең бірінші кезекте, біз, яғни профессорлық-педагогтік құрам өзгеруіміз керек, — деді Нұрлан Хабиболлаұлы.

– Оқудың әдіс-тәсілдері де жаңаруы тиіс. Күні кеше осы бағытта университетте үлкен жиын өткізіп, осы мәселелерді талқыладық. Бұйыртса, жаңаша біліммен қаруланған жастарды қабылдап, оларға заманауи жоғары білім беруге біз барынша дайындалып үлгереміз».

Шара соңында БҚО әкімдігі мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ арасында өзара ынтымақтастық  жөнінде меморандумға қол  қойылды.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


«Коконың құпиясы» қазақ тілінде көрсетілуде

Күні: , 138 рет оқылды


Осы аптаның бейсенбісінде Оралдағы «City Center» ойын-сауық орталығында «Коконың құпиясы» атты анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі көрсетілімі өтті. Шараға облыс бойынша танымал блогерлер және «Жас өркен», «Жас ұлан» ұйымының балалары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов көрермендерді аталған фильмнің тұсаукесерімен құттықтады.


— Бүгін кезекті голливудтық мультфильм қазақ тілінде сөйлемек. Мұндай жүйелі жұмысты атқарып жүрген «Болашақ» корпоративтік қорына ризамыз. Жастар бос уақыттарында жаңадан шыққан фильмдерді көруге құштар.  Қазақ тілі «Walt Disney»-дің 39-шы тілі болып, голливудтық фильмдердің негізгі тілдерінің қатарына енді. Жаңа анимациялық фильмнің тұ-саукесері құтты болсын! — деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

«Коконың құпиясы» – «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен қазақ тіліне тәржімаланған 23-ші фильм болып табылады. Аталған фильм 23 қарашадан бастап қаламыздағы кинотеатрларда көрсетілуде. Анимациялық фильмнің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың мәліметінше, дубляж жұмыстарына 70-ке жуық маман жұмылдырылған. Компьютерлік анимация жанрында қызмет етіп келе жатқан «Пиксар» студиясының кез келген фильмі көпшіліктің ықыласына бөленіп, әр жылдары «Оскар» сыйлығының жүлдегері атануда.

Компанияның кезекті туындысында мексикалықтардың «ата-бабаны еске алу күні» атты дәстүрлі мерекесі кезіндегі шытырман оқиғалар баяндалады. Жан-тәнімен музыкант болғысы келетін 12 жасар Мигель есімді бала аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың жолын жалғауды армандайды. Алайда Мигель етікшілер әулетінде дүниеге келген соң, жазылмаған заң бойынша ата-баба ісін жалғауы тиіс. Сонымен қатар оның отбасы белгілі бір себептермен музыканы жек көреді. Арманы үшін үйінен қашып, байқаусызда «марқұмдар әлеміне» тап болған Мигельді түрлі қиындықтар мен қызықтар күтуде. Сонымен Санта-Сесилья тұрғындарының оқиғасын желтоқсанның 23-не дейін қаламыздағы үлкен экрандардан тамашалауға болады.

Фильм режиссері Ли Анкрич картинаны барынша әсерлі етіп түсіру үшін арнайы экспедиция жасағын құрған. Олар үш жыл бойы Мехикодағы музейлерді, шіркеулерді, шеберханаларды және зираттарды аралап, Тлаколула, Эль-Туле, Сан-Маркос, Абасоло қалаларының тұрғындарымен тілдесіпті. Осылайша олардың өмір сүру салты, сүйікті асы, отбасылық құндылықтары туралы білген.

Дариға МҰШТАНОВА,

айтыскер ақын:

– Балаларға арналған әлемдік шығармалардың қазақ тіліндегі аудармасын немерелеріммен көруді дағдыға айналдырып, тұрақты көрермені болдық. Себебі, балаларымыздың не көріп жүргенін біз де көруге тиістіміз. Бұрын шетелдік мультфильмдерді қарамайтын едім. Түпнұсқадан қазақ тіліне сапалы аударыла бастағалы тәрбиелік мәнін байқадым. Қазақтың ертегілері сияқты рухани маңызы бар екен. Балалар ұғымына жатық тілмен аударылған. Тәрбие жұмысын баладан бастау өте дұрыс.

Мақсат ТӨЛЕУҒАЛИ,

мектеп оқушысы:

– Мен Ақжайық ауданының Самал ауылындағы мектептің 4-сыныбында оқимын. Әпкем «Коконың құпиясы» мультфильміне алып келді. Маған қатты ұнады. Жасы менімен шамалас Мигельдің арманы орындалса екен деп тілеп отырдым. Оның қасында тілі салпаңдап жүретін Данте деген итке қатты күлкім келді. Екеуі түрлі оқиғаға тап бола береді. Сосын Мигельдің  марқұмдар әлеміндегі досы Эктор да күлкілі. Өтірікті көп айтады екен. Бірақ негізі өте мейірімді болып шықты. Енді сыныптастарымның бәріне көруге кеңес беремін.

Айым  ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Бөрлідегі көш сәтімен жүзеге асуда

Күні: , 90 рет оқылды


Екі жыл бұрын  Березов пен Бестаудан басталған көштің биыл екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Екі ауылдан екінші кезеңде 373 түтін, яғни 1456 адам келеді деп жоспарланған. Жоба аясында Ақсай маңындағы Аралтал ауылында жаңадан салынған үш және төрт пәтерлі үйлерге 100 отбасы қоныстанды.


Қазан айында Ақсай қаласындағы 10-шағынауданда 9 қабатты 153 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қарашаның 22-сіне дейін 263 отбасы жаңа қоныстарын қолай көріп, келісімшартқа қол қойды. Енді қалған отбасылармен келісімшарт жасалуда. Айта кетейік, 2015 жылы Бөрлідегі көштің алғашқы кезеңінде 82 отбасы Ақсайдағы көппәтерлі екі тұрғын үйге қоныс аударды. Қазіргі уақытта березовтықтар мен бестаулықтарға әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қаладағы 10-шағынауданда 320 орындық балабақша ашылды. Аралталда «РаЗаСтрой» ЖШС 300 бала сиятын мектептің құрылысын жүргізуде.

Экологиялық ахуал зардабына байланысты балалардың денсаулығын оңалтуға баса мән берілді. 2014-2015 жылдары облыстағы «Ақжайық» шипажайында 145 оқушы, Алматы қаласы маңындағы «Алатау» республикалық шипажайында — 10, Ақтөбедегі «Дару» сауықтыру орталығында тоғыз  бала ем қабылдады. Сондай-ақ С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасында — 6, Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясының ғылыми орталығында екі бала тексеруден  өтті. Өткен жылы Березов ауылынан  Ақсай қаласына бірінші кезеңде көшірілген отбасылардағы 18 жасқа дейінгі 122 бала көп бейінді облыстық балалар ауруханасына ем алу үшін жіберілді. Былтырғы тамыз айында березовтық 22 бала Ресейдің Орынбор облысы Тюльганский ауданы Ташла ауылындағы «Солнечная страна» оқу-сауықтыру орталығында  ем қабылдап, демалуларына мүмкіндік жасалды. Биылғы көктемде Березов мектебінің 5-9-сыныптарында оқитын 38 бала Қарағанды облысындағы «Березники», 30 оқушы Алматы облысындағы «Маралсай» шипажайларында демалды. 2014 жылы «ҚПО б. в.» компаниясының демеушілігімен 30 зейнеткер мен бюджеттік мекемелердің 10 қызметкерінің денсаулығын оңалтуға жағдай жасалды. Сол жылы компания және 59 адамның өңіріміздегі Жаңақала ауданаралық сауықтыру орталығында емделуіне демеушілік жасады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ


«Президент және біз»

Күні: , 68 рет оқылды


Таяуда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да аталмыш жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының «Ынтымақ» атты депутаттар тобымен кездесті. «Президент және біз» тақырыбындағы жиын сұрақ-жауап түрінде өрбіді.


Жүздесуді аталмыш оқу орнының ректоры, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Серғалиев ашты.

— Санаулы күндерден соң, Қазақстанның алғашқы Президенті күнін атап өтеміз. Бұл — Елбасымыз Нұрсұлтан  Әбішұлы  Назарбаевтың сан жылғы салиқалы саяси еңбегі мен Отанымыздың жарқын келешегі жолындағы қажыр-қайратын ұлықтау күні. Өйткені Тәуелсіздік жылдарындағы бар жетістіктер Президентіміздің ерік-жігері, қажыр-қайратымен тығыз байланысты. Осы атаулы күнмен бәріңізді құттықтаймын! — деді Н. Серғалиев.

Облыстық мәслихаттың депутаты және «Ынтымақ» тобының жетекшісі Максим Пак өздерінің қоғамдық міндеттері туралы баяндады.

— Біздің мақсатымыз — басқа да мүдделі тараптармен бірге өңірдегі қоғамдық ынтымақты нығайта түсу. Сонымен бірге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларын ел арасында кеңінен насихаттап, толық түсінік беру болып табылады. Біз сіздерді ашық әңгімеге шақыра отырып, көңіліңізде жүрген сұрақтарды іркілмей бергеніңізді қалаймыз, — деді өңірдің кәріс ұлттық-мәдени бірлестігінің төрағасы.

— Кезінде  Жәңгір хан жыл сайын дерлік Қап тауының баурайындағы Пятигорск қаласының төңірегінде демалыпты. Өзімен бірге үнемі 72 адамды апарса керек. Әр сапарында ол қасындағыларды жинап алып, «Тек жүрмеңдер,  мұнда өнер мен шаруашылықта, кәсіпте не жаңалық бар, соны көңілдеріңе түйіп жүріңдер! Бізге қажеттісі болса, сұраңдар және үйреніңдер!» — дейді екен. Өзі де жәй жүрмей, бір дағыстандық зергерді тауып, Ордаға көшіріп әкелген.  Мәселен, «Ұлы жібек жолының» бір құрамдас бөлігі ретінде Солтүстік Кавказ да Қазақстан тарапынан қызығушылыққа ие болса дейміз. Сол жақта еліміздің иелігіндегі «Қазақстан» шипажайы мен «Қазақстан геологы» деген демалыс үйі бар. Ставрополь өлкесіндегі осындай қадау-қадау жерлерге екі киіз үйден тігіп, туристер игілігіне ұсынса, қандай жақсы! Әрі сол аймақта өмір сүретін балқар, шеркеш, құмық сынды түркі тілді ұлттар бар. Мәселен, балқар тілінің туған тілімізден айырмашылығы шамалы. Тіпті осыған орай арнайы туристік бағдарлама жасаса да, артық емес. Таяуда Атырау қаласында болған «Ибн Батутта ізімен» атты ғылыми жиынға қатыстым. Көршілер де «Жібек жолының жаңғырығы» сияқты менің ойларыммен үндес бағдарлама жасамақ көрінеді. Осы ұсынысыма сіздің қоғамдық ұйым қолдау жасаса деген тілегім бар, — деді БҚАТУ музейінің директоры Нұржан Төлепов. Бұл ұсынысты депутат М. Пак та, ректор Н. Серғалиев те қолдады.

Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде БҚАТУ-дың политехникалық факультетінің екінші курс студенті Диана Молдағашева Максим Пактан  бірлестіктің жұмысы туралы баяндауын өтінді. — Бізде «Ұлттық-мәдени бірлестіктер тек ән-би, мерекелік шарамен айналысады» деген қате түсінік бар. Рас, олар да қажет. Бірақ тек онымен шектеліп қалмаймыз. Ізгілік те басты жұмыс бағыттарының біріне жатады. Мәселен, «Арба» қоғамдық ұйымын қамқорлығымызға алдық. Одан басқа өткен жылдары бір қазақ отбасына көмектесіп, олардың Оңтүстік кәріс елінде жанұя мүшесінің біріне тегін ота жасауына қолұшын бергеніміз бар. Жалғызбасты қариялар мен көп балалы отбасылар, тұрмысы нашар жанұяларға қамқорлық көрсету де еншімізде, — деді өз жауабында М. Пак.

Ал агрономия факультетінің үшінші курс студенті Жансая Қойшиеваның сұрағына «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығының» төрағасы Аманжол Зинуллин жауап берді. – Шыны керек, Кеңес өкіметінің тұсында ұлтымыз көп қағажу көрді. Дініміз, тіліміз, діліміз шеттетілді. Енді, міне, бәрі артта қалып, тәуелсіз қазақ елінде отырмыз. Елбасымыздың бір көрегендігі — ол өзге ұлттардың да Отанымызда өзін еркін сезінуіне мүмкіндік берді. Ал биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын Елбасының қазақ ұлтының келешегін көркейтуге бағытталған кемеңгер мақсаты деп түсінемін. Біздің бірлестік 1998 жылдан бері қызмет істейді. Мақсатымыз — ана тіл, діл мен дәстүрді жаңғырту және сақтау. Басқасын айтпағанда, соңғы кезде «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі», «Ер-азаматтың жанұядағы орны» атты шараларға ұйытқы болдық. Бүгіндері  біз сияқты саны аз ұлттарға жаһандану мен тексіздік (космополитизм) қатер төндіруде. Сондықтан өзге ұлт өкілдерінің қазақтың рухани жаңғыруына түсіністікпен қарағанын қалар едік. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа  Отаны жоқ, — деді А. Зинуллин. Әрі қарай ол оқытушы А. Жұбанәлиеваның латын әліпбиіне көшу жайындағы сұрағына қазір сол мақсатқа орай курстар ашыла бастағанын және оны меңгерудің қиындығы жоқтығын айтты.

Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының  жастарға көмегі жөніндегі сұраққа облыстық мәслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева жауап қайтарды. Оның айтуынша, жастарға қамқорлық жүйелі. Мәселен, оның өзін жоғары оқу орнының төртінші курсында жүргенінде-ақ, БҚАТУ әкімшілігі жұмысқа алыпты. -Мысалы,  29 қарашада Орал қаласында меценаттардың қатысуымен жерлестер форумы өтеді. Онда да жастар үшін жағымды жаңалықтар ұсынылады. Сондай-ақ түрлі мемлекеттік бағдарламалар да жастарды жұмыспен қамту, кәсіби және техникалық, өзге де білімін жетілдіруге бағытталған. Демек, жастардың өздері ұмтылса, мемлекеттен қолдау бар, — деді С. Тұманбаева.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Қалдықтарды әкел де, жеңілдікке ие бол

Күні: , 114 рет оқылды


Кеше Орал қаласындағы «Технодом» дүкенінде «Табиғатты қорғаймыз, Қазақстанды қадірлейміз» жобасы аясында акция басталды. Осы шара барысында тұрғындарға электрлік қалдықтарды арнайы контейнерге жинау насихатталуда. Шараны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Технодом» компаниясымен бірлесіп  ұйымдастыруда.


– Былтыр ҚР Энергетика министрлігінің бастамасымен Астана қаласындағы сауда орталықтары желілерінде электрлік қалдықтарды арнайы жәшікке жинауға үндеу мақсатында акциялар ұйымдастырылды. ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қауіпті қалдықтарды қоқыс алаңдарына төгуге тыйым салынады. Соған байланысты экологиялық тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мақсатында осындай шаралар алдын ала қолға алынуда, – деді акцияға қатысқан облыстық экология департаментінің бас маманы Төлеген Бақтығалиев.

Экобокстарға электротехника құралдары немесе олардың бөлшектері, тоқ өткізгіш сымдар мен қолданылған телефондар салынуы тиіс. Қалдықтар арнайы кәсіпорында өңделмек. Мамандардың айтуынша, әлемде жылына 50 миллион тонна электроқалдық шығарылады. Яғни әрбір адамның үлесіне жеті келіден келеді. БҰҰ мұндай қоқыстың көлемі келер жылы 33 пайызға артатынын айтып, дабыл қағуда. Тұрмыстық қалдықтардан шығып жатқан улы заттардың 50 пайызы – батарейкалардың үлесінде. Қолданылған батарейканың біреуі жердің 20 шаршы метр аумағын ауыр металдармен ластайды. Ал ескі теледидар салдарынан қорғасын мен фосфор 80 мың литр суға араласады.

Мысалдардан байқағанымыздай, су мен ауаға таралған және топыраққа сіңген ауыр металдар салдарынан адамдар мен жануарлардың ағзасы улануда.

– Акцияның ерекшелігі – қарашаның 24-і мен 26-сы күндері орталық базар маңындағы дүкеніміздегі экобоксқа қалдықтар әкелген тұрғындар бізден тауар сатып алғанда арнайы жеңілдікке ие болады.

Бұған дейін еліміздегі «Технодом» сауда орталықтарының желілерінде 120-дан астам экобокс орнатылған, – деді Оралдағы «Технодом» сауда дүкенінің менеджері Ольга Кузнецова. «Технодомдағы» тұңғыш экобокстан кейін тағы екі жәшік басқа сауда орталықтарына орналастырылмақ.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

“Орал өңірі”


«Ақ Жайық — ару мекенім»

Күні: , 195 рет оқылды


Сәрсенбі  күні облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Д. Қажымовтың әндерін орындаушылардың ІІ  республикалық  «Ақ Жайық — ару мекенім» атты ән фестивалі  өтті.


Ән байқауына Астана, Алматы, Шымкент, Орал қалаларынан және аудандардан барлығы 20 үміткер қатысты. Қазақ әндерінің  дамуына өлшеусіз  үлес қосып жүрген Д. Қажымов  шығармашылығын  келер ұрпаққа  жалғастыру,  сазгер арқылы елдің рухын биіктетіп, ән өнерін  дамытуды және жас талантты орындаушылардың  жаңа есімдерін ашуды мақсат еткен байқаудың қазылар алқасына ҚР-халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов төрағалық етті.

Байқаудың салтанатты ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев сөз алып, жас үміткерлерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде сахнаға көтерілген белгілі  ақын Ақұштап Бақтыгереева жас таланттарға ақ батасын берді.

— Бесігін әнмен тербейтін, жоқтауын жырмен айтатын,  қолына домбыра берсе, кез келген жиын тойда төгілтіп  ән салатын өнерлі халықтың ұрпағымыз. Сал  Мұхиты, Ғарифолласы,  Құрманғазы, Дәулеткерей, Динасы бар Батыстың төрінде ән бәйгесі болмауы мүмкін емес.  Әсіресе,  бүгінгідей еліміз еркіндік алып, өз домбырамыз төрге шығып, өз сахнамыз өзімізге тиген кезде өз таланттарымызды құрметтемеуге  қақымыз  жоқ. «Ақ Жайығым — айдай ару мекенім» деп  өңіріміздің  гимніне айналған ән жазған Донеділ бауырымыздың ән мерекесі қанатын кеңге жая берсін! Өз халқыңның сахнасында өз тіліңде ән шырқау да бақыт, түсіне білген адамға. Бүгінгі ән бәйгесіне түскелі тұрған жас таланттарымызға ұлттық өнерді қадірлеңіздер, өз дауыстарыңмен, өз жүректеріңмен шырқаңдар дегім келеді, — деп тебірене сөйлеген Ақұштап ақын өнерлі жастарға ақ жол тіледі.

Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен ән шырқаған Нұрғали Нүсіпжанов пен Донеділ Қажымовтың әндеріне көрермен ерекше ықыласпен қол соғып, орындарынан тұрып, құрмет көрсетті.

— Бүгін мен үшін әрі қуанышты, әрі қобалжулы күн. «Әркімнің өзіне ыстық туған жері» демекші, осындай үлкен өнер мерекесін ұйымдастырған ел азаматтарына алғысым шексіз, — деп толқи сөйлеген әнші-композитор Донеділ Қажымов ән фестивалін өткізіп жатқан облыс басшылығына, мәдениет қызметкерлеріне және Алматыдан ат арытып арнайы келген белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжановқа шынайы ризашылығын білдірді.

Екі күнге созылған ән байқауының гала-концертіне де әнсүйер қауым көп жиналды.  Өнер тойына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы келіп, ақ тілегін арнады.

— Екі күн бойы Ақ Жайықтың төрінде дүбірлі өнер тойы өтіп жатыр. «Ақ Жайық — ару мекенім» атты республикалық ән фестивалінің екінші мәрте өтуіне себепкер болған Донеділ Қажымов ағамызды мерейлі 65 жасымен құттықтаймыз!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өнерге аса мән бергендігі баршаңызға белгілі. Ұлттық құндылықтарымыздың насихатталуы, өнеріміздің шарықтауы біздің елдің дамуына зор үлес қосары сөзсіз. Өнер — біздің рухани қазынамыз! Сондықтан да Ақ Жайық өңірінен шыққан күй аталарын, жалпы өнер тарландарын әр кез насихаттап жүреміз, — деп сөзін сабақтаған Ғабидолла Оспанқұлов қазылар алқасының төрағасы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғали Нүсіпжановқа және әнші-композитор  Донеділ Қажымовқа облыс әкімдігінің атынан сый-құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.

Екі күнге созылған өнер додасының қорытындысында бас жүлде теректілік «Үш қоңыр» триосына, бірінші орын сырымдық Бекей Қанатовқа, екінші орын оралдық Мәди Сабыров пен шымкенттік Өсербай Бөріхановқа, үшінші орын  жәнібектік Райымбек Кәрімов, оралдық Айым Шекеева мен  Еркебұлан Қайырғалиевке бұйырды.

Гала-концертте ән фестивалінің жеңімпаздары өз өнерлерін дүйім жұртшылыққа паш етті. Өнер додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

 Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі» 


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика