Мұрағат: 20.11.2017


Жүрегін жыр кернеген ақын

Күні: , 43 рет оқылды


Сыршыл ақынның бірі Сағынтай Бисенғалиев болып табылатынына оның өлең-жырларының ел арасына кең тарағаны дәлел. Ел-жұрттың ортасында жүріп, айналасындағылардың, өлеңнен мән іздегендердің ойын тамыршыдай тап басатынының себебі – оның жырларының қарапайымдылығында. Қашанда қараша жұртпен жүздесуге асығып тұратын ол осы жылдың өзінде Жайықтың оң жағын жайлаған ауылдардың көбінде болды. Тоқтаған ауылдардың бәрінде толғана өлең оқып, оқырманын орман ойға жетеледі, қаймананың қиялын қияларға, алыстарға әкетті.


Орда бұзар 33 жасында айтысқа шығып, жасындай жарқылдаған сол  кездегі отты жырлары, суырыпсалмалылығы ел-жұрттың есінен әлі кете қойған жоқ. Мысалы, тоқсаныншы жылдары өткен бір айтыста Тайпақ ауылындағы мәдениет үйінің сахнасынан жырлаған Сағынтайдың олжалы болуы оның дарынын тағы бір айшықтады.

Өткен жылдарға бір қайырылып бір қарап, елге есеп беруді  ойлаған ақын өткен аптада Тайпағына тағы барды. Жыр кеші өтті. Өлең-жырға құмар тайпақтықтар екі сағат жарым тапжылмай отырып, Сағынтайдың сырлы әлеміне саяхат жасады. Сахна мінберіне кім шықса да «Сағынтайдың отты жырын сағынып жүреміз» дегенді айтты. Ақын Тілес Жазықбай кеш иесі жайлы тебірене сөйлеп, өлеңдеріне шолу жасады.

60 – бүгін арман жас қой талайға,

Құлап-тұрып, келдім жетіп қалайда.

Сау жері жоқ жырым жырым жазмышым,

Сынбаған тек төзім атты шарайна, – деп жырлаған ақынның адамгершілігін, азаматтығын, өнерге деген адалдығын, ақкөңілділігін Ақжайықта кімді тоқтатып сұрасаң да айтары сөзсіз.

Бұған Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайының жетекшісі Жәнібек Әбілпейісовтың «Сағынтай ақын өзіміздің Ақ Жайықтың даласы іспетті. Кедір-бұдырсыз кең жазық – Сәкеңнің  ашық мінезіндей», – деген сөзі дәлел.

Кеш мінберінен сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова, Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов, белгілі  композитор Құбайдолла Хибашев, Краснояр орта мектебіндегі мұражайдың жетекшісі Болат Дошаев, Тайпақ колледжінің директоры Мәлік Қашымов, ақынның досы Өмірзақ Самат та жүрекжарды лебіздерін арнады.

Көршілес Атырау облысының Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантұрлин, Жаңақала аудандық музейінің директоры Амантай Сәлімов, Қ. Байсықов атындағы орта мектептің директоры Бағдагүл Ізбасарова және Тайпақ музыка мектебінің директоры Ғайнижамал Әділованың ақынға деген сый-құрметі қашанғыдай, ерекше болды.

Алғаш айтысқа шыққандағы айтысқан жұбы Орынша Биманова, тайпақтық тұрғын Бақытқаным Әбдіғалиева ықылас-пейілдерін арнады.

Өзінің туабітті алғырлығының арқасында сөз табиғатын тереңнен толғайтын Сағынтай шайырдың өлең-жыры ән болып шалқып, даланы тербейді. Ол Құбайдолла Хибашев, Рахым Жанайысов сынды композиторлармен шығармашылық байланыста. Жыр кешінде рухани әлемдегі іні-қарындастары – Тайпақ мәдениет үйінің директоры Дәурен Ғилманов, ағайынды Әнуар, Венера Нұрғалиевтер, Асұлан Бақтығалиев кеш иесінің сөзіне жазылған бірнеше әнді орындап, көпшіліктің көңілін серпілтті.

Өнер табиғаты тегінде, аса нәзік құбылыс. Әсіресе, ақындықты серік еткен жандардың белгілі бір орта іздеп, жан азығын аңсайтыны рас. Ал өлең дейтін өндірдің өзегін нәрлеген жасөспірім, балаң ақындарға дұрыс бағыт сілтеп, өнерге баулу жағынан Сағынтай ақынның ұпайы түгел. Аудандық кітапхананың жанынан «Муза» оқырмандар отауын құрып, талай бұлақтың көзін ашты. Ақынның үлкен ұлы Әсет Бисенғалиев, тайпақтық жас ақын Әнуар Аманжолов, жаңақалалық жас жүйрік Орынбек Меңдіқұлов кезек-кезек жыр оқып, оларға сүйсінбеген жан қалмады. Тайпақ мәдениет үйіндегі «Көркемсөз» үйірмесінің мүшелері, яғни бір топ мектеп оқушысы мерейтой иесінің жырларын жатқа оқыды.

Кеш соңында Сағынтай Бисенғалиев өзі де өлеңдерін зор шабытпен оқыды. Алғашқы айтысында жүлдегер боп үйіне барғанда, бір үлкен өкініші сол, соның алдында ғана бұл дүниеден өткен анасын аңсағаны-ай, сол қуанышын анасы көргенде, қандай болар еді. Сол күні құлазыған көңілінен шыққан жырын оқығанда, алпыс екі тамырды отты жырдың ыстығы кезіп, әлдебір мұң екпіні жүректерді бұлқынтқандай болды. Жанарына жас алған залдағы аналар терең күрсініп жатты. Иә, Сағынтай ақынның жүрегін жыр кернейді…

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы


«Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты»

Күні: , 29 рет оқылды


Өткен  жұма  күні  Орал  қаласында  ҚР  Білім  беруді  дамытудың  2016-2019  жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасы  мен  Елбасының «Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы: жаһандық бәсекеге  қабілеттілік»  атты  Жолдауын  жүзеге асыру  мақсатында  «Кәсіптік  білім  және  бизнес: әріптестер  сұхбаты»  атты  жетінші  облыстық  форум өтті.  Форумның  мақсаты – баршаға  арналған тегін  кәсіптік-техникалық  білім  беру  жобасы аясында  кадрларды даярлау  және  қайта  даярлау,  дуальдық  оқыту  жүйесін  енгізу  мәселелеріне бизнес  қоғамдастығы  мен  техникалық  және кәсіптік  білім беру жүйесінің  өзара  тиімді  әрекетін арттыру бойынша  ұсыныстарды  өңдеу және  мүдделі  тараптарды  тарту  үшін  сұхбат  алаңын  құру.


Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысып, бұл шараның бизнес пен кәсіптік оқу орындары арасында іскерлік байланыс орнатудағы, түлектерді жұмыспен қамтудағы, жалпы ел экономикасын жаңа сапаға көтерудегі мән-маңызына тоқталды.

– Бизнес – үнемі ізденуші тарап. Бизнес – өзінің пайдасын еселеп өсіруді ойлайтын тарап. Ол үшін бизнеске жоғары білікті, білімді, сапалы мамандар керек. Форумның тақырыбы «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» демек, мағынасы өте тереңде жатыр. Өңірде биыл жетінші рет өткізілсе, бұл – біздің дұрыс жолда келе жатқанымыздың дәлелі. Өйткені біз жеті жыл бойы бизнеспен әріптестік алаңында сұхбат жүргізіп келеміз. Алайда мәселелер де аз емес, оны өздеріңіз айтып, біліп отырсыздар. Тек бизнесті ғана емес, билікті де әріптес санаңыздар. Тағы бір ұтымды тұсымыз – облыста педагогикалық колледж бар. Жуырда өңірімізге келген сапарында «Кәсіпқор» ұйымының басшысы «Бұл біздің заң шығарушы колледжіміз» деген жоғары баға берді.

Олай деуге толық негіз бар. Өйткені осы колледжден көптеген әдістемелік құралдар, оқулықтар шығарылып, республикаға тарап жатыр. Бұл – үлкен деңгей. Осы деңгейді  түсіріп  алмайық, – деді.

Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: Таяудағы екі-үш жылда дуальдық техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру, келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшу міндетін қойған болатын. Осы өзекті мәселелерді шешуде әлеуметтік серіктестіктің  рөлі  ерекше.

Қазіргі таңда Орал қаласы мен аудандардағы  38 колледжде 19 мыңнан астам студент кәсіби білім алса, 10678 яғни 56,1 пайызы мемлекеттік грант негізінде оқып жүр. Олардың 5093-і, яғни 27 пайызы жұмысшы мамандықтарын игеруде. Облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру орындары 1500-ден астам кәсіпорынмен әлеуметтік әріптестік туралы келісімшартқа сәйкес үш және төрт жақты байланыс орнатқан. Жалпы, техникалық және кәсіптік  даярлау 75 мамандық және 136  біліктілікке топтастырылған 14 сала  бойынша  жүргізіледі.

– Әлеуметтік серіктестіктермен байланысымыз облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің әрекетті түрде дамуына зор үлесін қосуда. Сондықтан бұл жұмыс жалғасын табады.  Нақты нәтижелер де бар. Мәселен, Орал политехникалық колледжі соңғы үш жылда жұмысшы мамандықтарын даярлау және  еңбекке орналастыру мақсатында әлеуметтік серіктестіктермен 300-ден астам келісімшартқа қол жеткізді.

Оның ішінде «Отделстрой», «Уральскстройинвест», «Марасант», «Домостроитель», «Альтаир» ЖШС және  т.б. кәсіпорындар бар.

2016-2017 оқу жылында Ақсай техникалық колледжі «ҚПО б. в.» компаниясы қазақстандық филиалы, «Қазмонтажсервис», «Ақсайконтинентсервис», «Ақсайгрупп». «Қазбургаз» ЖШС өндірістік оқыту туралы келісімшарт жасасты, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабиров.

Қазіргі кезде кәсіптік-техникалық кадрлар даярлауда өндіріс пен білім алушының және мемлекеттің мүддесін біріктіруге бағытталған дуальдық жүйенің маңызы зор. Оның ерекшелігі сол – кәсіптік оқыту үдерісінің басым бөлігі оқу орнында емес, кәсіпорындарда технологиялық, диплом алдындағы тәжірибелерден өтеді. Бұл өндіріс орны үшін де экономикалық жағынан тиімді. Маманды қайта даярлауға, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетпейді. Білім алушы жастар жұмысқа ерте араласып,  еңбекке  бейімделеді.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп құрылған дуальдық оқытуды енгізу жол картасына сәйкес 26 білім беру ұйымы құрылыс, мұнай-газ, қызмет көрсету, энергетика, байланыс, телекоммуникация және  ауыл шаруашылығы салалары бойынша дуальдық оқытуды жүргізеді. Ол техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы бағытындағы 26 колледжде 21 мамандық және 28 біліктілік бойынша  білім алушы 1657 студентті қамтиды. Бұл бағытта тоқсанға жуық келісімшарт жасалған.

Форумда сөз алған колледж басшыларының айтуынша, кадрларды даярлаудың дуальдық жүйесіне біртіндеп көшу студенттердің өндірісте практикадан өтуі мен түлектердің кейінгі жұмысқа орналасуына нақты ықпал етуде.

Соның ішінде аудандық колледждер де қал-қадерінше қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, дуальдық білім беруді нәтижелі жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Зеленов колледжі «Сұлтанғалиева», «Айсұлу», «Ижанова» ЖК, Сырым колледжі «Жібек жолы», «Тагра» ЖШС-лармен фермер шаруашылығы мамандығы бойынша, Жәнібек колледжі «Тұрғалиева», «Бауыржан» ЖК тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша, Жаңақала колледжі «Сағынғалиев», «Көпжасар» ЖК автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету мамандығы бойынша келісімшарттар арқылы  дуальдық оқыту жүйесінің мүмкіндігін  кеңінен  пайдалануда.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетовтың мәлімдеуінше, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын облыста жүзеге асыруға 3 млрд. 540 млн. теңге қаржы бөлініп, баршаға арналған тегін кәсіптік білім беру жобасы қолға алынған. Оған қоса кәсіптік-техникалық кадрларды даярлау бойынша тұрмысы төмен отбасылардың балалары мен өмірлік қиын жағдайға тап болған 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыссыз жастар қатарынан 800 адам өңірдегі 22 колледжге 13 жұмысшы мамандығы бойынша оқуға жолданған. Бұл мақсатқа 168 млн.  теңге қаражат жұмсалған.

– Ағымдағы жылдың 27 сәуірінде облыс әкімінің қаулысымен құрылған халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия отырысында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары мен мамандықтар тізбесі бекітілді. Оқу орындарының тізбесіне тәлімгерлік пен дуальдық оқыту элементтерін пайдаланған және қысқа мерзімді оқыту бойынша бір жылдық тәжірибесі бар оқу орындары қосылды. Облыстағы 25 колледж бен 11 оқу орталығында еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарға қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға  408 млн. теңге қаражат бөлінді. Мамыр айында басталған қысқа мерзімді оқуларға 2912 адам жолданды, соның ішінде 1775 адам курстарды аяқтап, 370 адам жұмысқа орналасты, – деді Қалияр Шадиярұлы.

Форумға қатысушылар қысқа мерзімді курстарды бітірген азаматтарды  жұмыспен қамту өзекті мәселе күйінде қалып отырғанын жеткізді. Әсіресе,  ауыл-аймақта бос жұмыс орындары жоқтың қасы. Оның алдын алу үшін әр аудан-ауыл оқыту курстарына азаматтарды жергілікті жерде нақты сұранысқа ие мамандықтар бойынша ғана жолдауы тиіс деген пікір  білдірді   мамандар.

Сала мамандарының сұраныс пен ұсыныс үйлесім табуы қажет деген пікірін іскерлік тараптың өкілі, Орал трансформатор зауытының сату бөлімінің директоры Әмір Ғалымов та құптады. 2015 жылы Батыс Қазақстан индустриялық колледжімен әлеуметтік әріптестік орнатқан кәсіпорын оқу орнының 17 түлегін тұрақты жұмысқа қабылдаумен қатар,  студенттердің өндірістік оқыту сабағын өткізуге және кәсіптік тәжірибе алмасуына жағдай жасап жүр. Тек студенттер ғана емес, оқытушылар мен оқу өндірістік шеберлері де зауыт қабырғасында тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруда.

Кәсіпорын жыл басынан бері колледж студенттері жасап шығарған келтеқосқыш, төлке, жалғастырғыш тетік сияқты жалпы сомасы 2 млн. теңгені құрайтын қосалқы бөлшектерді сатып алған екен.

Форум аясында кадрларды даярлау және қайта даярлаудағы әлеуметтік серіктестікті іске асыру жөніндегі үшжақты келісімдерге қол қойылды.  Сонымен қатар «Үздік әлеуметтік серіктестік» байқауының жеңімпаздары мен нәтижелі ынтымақтастық орнатқан әлеуметтік серіктестіктер мен колледж қызметкерлері облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының, Техникалық-кәсіптік білімді дамыту және біліктілік берудің республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының құрмет грамтоларымен, алғысхаттарымен марапатталды.

Шара барысында арнайы ұйымдастырылған көрмеде облыстағы 38 колледж өздерінің жетістіктері мен өндірісте кәдеге асар тың жобаларын таныстырып, әлеуметтік серіктестік көкжиегін кеңейту бағытында келіссөздер жүргізді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Бақытжан НАРЫМБЕТОВ, БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы: «ҮЕҰ-ның белсенділігін, кәсібилігін арттыруға жете мән берілмек»

Күні: , 26 рет оқылды


Азаматтық сектор қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Сол себепті жыл өткен сайын «үшінші  секторды» дамытуға  мемлекет тарапынан жете мән берілуде. Нақтылап айтқанда, әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыстар көлемі артып, гранттар бөліне бастады, ҮЕҰ-лардың кәсібилігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүруде. Мұндай іс-шаралардың өңірімізде жүзеге асу барысы жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетовпен сұхбаттасқан едік.


— «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына және Елбасы Жолдауларында көрсетілген реформалардың стратегиялық бағыттарына сәйкес мемлекеттік құрылым мен азаматтық қоғам институттарының өзара біріккен іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар белсенді түрде жүруде. Қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым болса, облысымызда тіркелгендердің саны — 645,  оның ішінде 393-і нақты түрде қызмет етіп, 100-ден астамы белсенді жұмыс жасайды. Былтыр өткізілген облыстық үкіметтік емес ұйымдары форумының ұсыныстарының бірі облыстық басқармалардың қоғамдық ұйымдарды мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа тарту болатын. Соның нәтижесінде биыл осы іс-шараға облыстық білім және дін істері басқармалары қатысуда. Сөйтіп, басқармалардың қатары жетеуге жетті, ал жалпы облыс аумағында 32 мемлекеттік құрылым мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстарды жүзеге асыруда.

Жылдан-жылға облысымызда азаматтық қоғам институттарының әлеуеті артып келеді. Биыл мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысқа бюджеттен 793 млн. теңге бөлінді, өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 30%-ға  артып, 14 бағыт бойынша 198 әлеуметтік маңызды жоба іске асырылуда.

— Бақытжан Хаберұлы, соңғы кезде әлеуметтік желіден өңіріміздегі ҮЕҰ өкілдерінің белсенділігін байқап жүрміз. Биыл олардың Елордаға барып, орталық мемқұрылым, еліміздегі ірі қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесулер өткізгенін көрдік…

— Иә, өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін, кәсібилігін арттыру, бұл саладағы жұмыстарды жаңа арнаға бұру мақсатында біздің басқармамен түрлі шаралар алынуда. Бұл шаралар негізінен бес бағыт бойынша жүзеге асуда. Оның біріншісі – ҮЕҰ-ларды ынталандыру. Тәжірибе алмасу, жаңа жұмыс тәсілдерін жетілдіру мақсатында өңірлік қоғамдық бірлестіктердің республикалық шараларға қатысуына  мүмкіндік  жасалып жатыр. Мысал үшін айтсам, батысқазақстандықтар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Абзал Нүркеновпен, осы министрліктің Азаматтық қоғам комитетінің төрайымы Әлия Ғалымовамен кездесті. Осындай кездесулер Азаматтық бастамаларды қолдау, «Камеда» зерттеулер мен консалтинг орталықтарының және өзге де ірі ҮЕҰлардың өкілдерімен ұйымдастырылды. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері республикалық ардагерлер кеңесіне жолданды. Ал Астанадағы қазақстандық мүгедектер конфедерациясының кеңсесінде Парламент Мәжілісінің депутаты Жаннат Омарбекова-мен болған кездесуге облысымыздан барған делегация мүшелері қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы жөнінде ойларымен бөлісіп қайтты. Атырау қаласында «ASAR» үш жақты ынтымақтастықтың I республикалық форумы өткен еді. Оған облысымыздағы әлеуметтік маңызды жобалар мен идеялардың жәрмеңкесінде үздік деп танылған жобалар ұсынылды. Аталмыш форум барысында «Қазақ саңыраулар қоғамы» БҚО филиалының «Есту қабілеті бұзылған жастар арасында еңбек әлеуетін дамыту» атты жобасын «АқсайГазСервис» компаниясы 2 млн. теңгеге қаржыландыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Екінші бағыт – ҮЕҰ-ларды қоғамдық шараларға тарту. Соған байланысты Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай Сырым ауданында «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» атты республикалық конференция өткізілді. Облысымыздағы белсенді қоғамдық ұйымдар Астана күні қарсаңында «Шеберлер қаласы» шарасын, ал Конституция күніне орай конференция ұйымдастырып, қоғамдық маңызы бар жүздеген іс-шараның  ұйытқысы болуда. Ішкі саясат басқармасы мен БҚО Азаматтық альянсы «Socium» қоғамдық-дискуссиялық клубының эфирлік отырыстарын «Ақжайық» телеарнасында өткізуді қолға алды. Жобаның негізгі мақсаты — міндетті медициналық сақтандыру, ПИК қызметі, қоғамдық кеңес, латын қарпіне көшу, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы сынды қоғамымыздағы өзекті мәселелерді пікірталас алаңында талқылау. Басқарма танымал медиа тренерлерді шақырып, облысымыздың әлеуметтік желі белсенділері мен блогерлерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін тренингтер ұйымдастырғанын да айта кеткен жөн.

Отбасы құндылықтарын насихаттау – бұл үшінші бағыт болып табылады. Биыл облыстық деңгейдегі «Мерейлі отбасы – 2017» байқауына 107 отбасы өтінім беріп, 26 отбасы ұсынылды. Байқаудың облыстық кезеңінде бас жүлдені Тасқала ауданындағы Қойшыбаевтар жанұясы иеленіп, республикалық кезеңге қатысты. «ТДК-42» телеарнасында «Бір шаңырақ астында» және «За семейным столом» бағдарламалары көрерменге жол тартып, өнегелі құндылықтарды насихаттауда. Аудандарда «Жайық дауысы» ұйымымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге семинар-тренингтер мен психологиялық кеңестер арқылы көмек көрсетілді.

Төртінші бағыт азаматтардың құқықтық санасын дамыту болып табылады. Жыл басынан бері БҚО Азаматтық альянсымен бірге сотталғандарды қоғамдық өмірге бейімдеу, олардың құқықтық санасын дамыту, мақсатты топтарға алкоголизм мен темекі шегу профилактикасы бойынша дәрістер оқылды. Адамдар көп жиналатын жерлерге мал ұрлығына қатысты үгіт-көрнекі материалдары таратылып, телеарналарда бейнероликтер көрсетілуде. Міне, осындай іс-шаралар мен құқық қорғау құрылымдарының тиімді іс-қимылдарының нәтижесінде мал ұрлығы өткен жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 27 пайызға төмендеді.

Бесінші бағыт Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылуда. «Атамекен» кіші бағдарламасындағы базалық бағытының бірі — «Әлеуметтік бастамалар картасы» бойынша қазіргі таңда 63 шара, тоғыз кіші жоба жүзеге асырылуда. Меценаттар қаражатына 59 шара жүзеге асырылды. Облысымызда құрамында 125 адам бар волонтерлер корпусы жасақталды. Қазіргі таңда волонтерлердің жеке қабілеттерін дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде. «Жомарт жүрек» жобасы бойынша 29 қараша күні жерлес меценаттарды жинап, «Туған өлкем – тірегім» атты форумын өткізу жоспарлануда. «Атамекен» бағдарламасы аясында «Қазақстан 2050» қозғалысы мен БҚО әкімдігі «Краудсорсингтік платформа» жобасын іске асырып жатыр. Краудсорсингтік платформа дегеніміз – виртуальді алаң, онда кез келген жан қала, аудан өмірін жақсарту үшін өз идеяларын ұсынып, пікірталастырады, сондай-ақ үздік идеяларды, жобаларды таңдап алады. Өткен қазан айында аталмыш жоба ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Абзал Нүркеновке көрсетілді. Бүгінгі таңда www.crowd.kz2050.kz сайтының beta-нұсқасы дайындалды. Оның тұсаукесерін қарашаның соңында өткізуді жоспарлап отырмыз.

— Облысымыздағы ҮЕҰ қызметтеріне қатысты қандай мәселелер бар?

— Біздің басқарманың қолдауымен шілде-тамыз айларында «Innovation Research» зерттеу орталығымен «Мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы ҮЕҰ-ның рөлі» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізілген еді. Соның барысында ҮЕҰ-ның қаржылық тұрақсыздығы, ондағы қызметкерлердің құқықтық сауаттылығының төменділігі қоғамдық ұйымдардың дамуына кедергі болып отырғандығы айтылды. Фокус-топқа қатысқандар тәжірибе алмасу, республикалық бірлестіктердің өңірлік ұйымдармен арадағы байланысын жақсарту, материалдық-техникалық базаны нығайту және бизнес құрылымдармен тиімді байланыс орнату қажеттілігін баяндады. Жалпы, зерттеуге қатысқандардың сөзіне қарағанда, біздегі ҮЕҰ-ларға ешкім ештеңеге үйреткен жоқ, ал бизнес өкілдеріне үйретті, олар үшін барлық қажетті жағдай жасалынуда. Бұл салада бизнесті қолдауға арналғандай бағдарлама жоқ. Сондай-ақ тұрақты ғимараттың болмауы, есепшілер мен заңгерлердің жестіспеушілігі азаматтық қоғамның дамуына кері әсерін тигізуде. Міне, осындай  мәселелерге байланысты бірыңғай ақпараттық-консультативті, әдістемелік-білім беретін, коммуникациялық орталық құру ұсынылуда. Ол орталықтың қызметі өңірдегі ҮЕҰ қызметі деңгейін, ҮЕҰ мен мемқұрылымның өзара байланысын дамытуға бағытталатын болады.

ҮЕҰ әлеуетін дамытуға байланысты сұраныстың өсіп келе жатқанын ескере отырып 2018 жылы облыста Азаматтық ресурстық орталық (коворкинг) ашу жоспарланып отыр. Мұндай ұсыныс Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан да түскен-ді.

Азаматтық ресурстық орталық қызметіне консультативті, құқықтық кеңес беру, аудандардағы ҮЕҰ-лармен желілік жұмыстарды ұйымдастыру, ҮЕҰ-ға арналған мектеп, әдістемелік оқу құралын шығару, әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесін, түрлі байқауларды, оқыту семинарларын, конференция, вебинарлар өткізу кіретін болады. Бұл орталық аудан-ауылдарда орналасқан қоғамдық ұйымдардың қызметіне жіті мән бермек. Сонымен қатар аталмыш орталық өңіріміздегі бастамашыл топтардың, волонтерлардың және белсенді азаматтардың ақылдасар алаңы боларына сенім мол.

Сұхбаттасқан Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”


18 адам мемқызметтен неге кетті?

Күні: , 43 рет оқылды


Жақында   ҚР  Мемлекеттік қызмет  істері  және  сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл агенттігінің  Батыс  Қазақстан  облысындағы  әдеп  жөніндегі кеңесінің  кезекті  отырысы өтті.


Бұл жиында мемлекеттік құрылымдардың мемлекеттік қызмет көрсету барысында заңбұзушылыққа жол бермеу мәселесі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары, сондай-ақ қалалық білім беру бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қаралды.

Аталмыш департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Жақсат Мұратовтың айтуынша, Жаңақала және Тасқала аудан әкімінің аппаратында жүргізілген тексеру нәтижесінде мемлекеттік құрылымның мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу деректері анықталған. Мәселен,  мемлекеттік қызметкерлерді аттестациядан өткізу талаптарының сақталмауы, тәртіптік жаза қолдану ережесінің кей талаптарының орындалмауы, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау ережесі сақталмағандығы белгілі болған. Жаңақала ауданынан 10 ай ішінде 18 қызметкердің мемлекеттік қызметтен кетуі де кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмады. Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин өзінің қызметке келгеніне үш ай болғандығын тілге тиек етіп, алдағы уақытта кадр тұрақтылығын сақтап, жұмыс жасауға пейілді екендігін жеткізді. Кеңес тарапынан аталмыш аудан әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп қағидаттарын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды жолға қою  қажеттігі  айтылды.

Кеңес отырысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі, Х. Бө-кеева атындағы облыстық қазақ драма театры мен А. Островский атындағы облыстық орыс драма театры қызметтерінде уәкілетті орган тарапынан жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындылары қаралып, оның нәтижесі бойынша аталған мемлекеттік құрылым мен ұйым басшыларына ішкі талдау жүргізу жұмыстарын қолға алу және оның сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ отырыста ағымдағы жылдың 9 айында облыстағы мемлекеттік құрылымдардың  тәртіптік комиссияларымен, уәкілетті құрылыммен жүргізілген талдау қорытындылары  қаралды. Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті,  облыстық соттар әкімшісі және Теректі ауданы бойынша бірыңғай тәртіптік комиссиялары тарапынан мемлекеттік қызметшілерге қатысты  тәртіптік істерді қарау кезінде, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдануға қатысты қағиданың кейбір талаптары сақталмайтыны  аталды.  Мәселен тексеру барысында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік комиссияның хаттамасымен таныстырылмағаны, тәртіптік жаза қолдану туралы актілермен таныстырылмауы анықталған.  Осы мәселені қарау қорытындысы бойынша әдеп жөніндегі кеңесімен, аталған мемлекеттік құрылым басшыларына қағидада көзделген талаптарды қатаң сақтау және тәртіптік комиссия жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастыру жөнінде ұсыныс жолдау туралы шешім қабылданды.

Жиын соңында қала әкімдігі арқылы түскен, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментімен жолданған ұсынысы негізінде қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратованың тәртіптік ісі қаралды. Департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Жақсат Мұратов пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының  БҚО бойынша департаментіне қарасты тергеу бөлімінің басшысы Талғат Нұржановтың мәлімдеуінше, қалалық білім бөлімі басшылығының ауызша нұсқауы негізінде білім бөліміндегі лауазымды тұлғалар мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігерден ақша алған-мыс. Алайда, лауазымды тұлғаның кінәсін дәлелдейтін негіздердің жеткіліксіз болуына байланысты тәртіптік  іс қысқартылды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Ақжелеңділер ауылға келгенде

Күні: , 20 рет оқылды


Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округінде «Ақжелеңді абзал жандар» атты форум өтті. «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға кезінде Тайпақ  өңірінің денсаулық сақтау саласында қызмет жасап, бүгінде облыс  аумағында, көршілес Атырау облысында қызмет істеп жүрген 32 дәрігер келді. Ауылдық округ әкімі Болат Шәленовтың бастамасы бойынша жиналған денсаулық сақшылары алдымен Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауылдық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысып, осындағы емделушілермен пікірлесіп, Қ. Байсықов атындағы орта мектептің ұжымымен жүздесті. Мәдениет үйінде ыстық ықыласты кездесу өтті.


— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқын рухани түлеуге шақыруы ұлттық патриотизмге негізделгені белгілі. Осыған орай аудан көлемінде атқарылып келе жатқан тағылымды шаралардың жалғасы – бүгінгі басқосуымызды үлкен бір істің таза тұмасы деп есептеймін. Денсаулық сақтау саласы қашанда ауқымдылығымен, күрделілігімен ерекшеленетіні мәлім. Бұл сала бойынша ауданымызда көптеген жаңалық, жетістіктер баршылық. Міне, бүгін мемлекетіміздің байлығы – халық денсаулығына жанашыр, өз кәсіп, мамандықтарына адал жерлес дәрігерлер өздері түлеп ұшқан жерге келіп отыр. Осы бастама мен «Туған жер» бағдарламасын құп алу біздің тұрғындарымыздың тынысына серпіліс әкеліп, шынайы патриотизмнің зор үлгісіне айналатыны сөзсіз деп білемін, — деді  форумның  ашылуындағы құттықтау  сөзінде аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев.

Аудандық орталық аурухана ұжымы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының биылғы белгіленген көрсеткіштерін орындаған. Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі бойынша алдағы жылдары медициналық қызметтерді біртіндеп электрондық жүйеге ауыстыру көзделуде, биылдан бастап аудандық емхана мен ауруханалар  медициналық ақпараттық жүйе бағдарламасымен жұмыс жасауда. Басқосу барысында осы және басқа да деректер тілге тиек болды.

«Елбасымыз айтқандай, дамыған елдердің қатарынан табылу үшін Қазақстанда қай салада болмасын ілгерілеуге мүдделілік мықты. Соның ішінде халық денсаулығы бірінші орында тұруы қажет деп есептеймін. Біз ауруды емдеумен емес, оның алдын алумен айналысуымыз керек. Сондықтан әрбір тұрғын өз саулығына жауапты әрі бүгінгі медицинаның мүмкіндігін пайдалана білсе, құба-құп. Айталық, Ақжайық ауданы жұртының ауруды ерте анықтауға арналған скринингтерден өту көрсеткіші жаман емес. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетері сөзсіз», — деді өз сөзінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызметті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.

Шарада ақын Сағынтай Бисенғалиев ақ желеңді жандарға арналған жырын оқыды. Денсаулық сақтау саласының үздігі, еңбек ардагері Гүлайым Ешімова, ауылдық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері, жас маман Жансая Бақытжанова сөз сөйлеп, форумның мән-маңызын сөз етті. Ұлттық сараптама орталығының дәрігер-эпидемиологі Алтын Орынғалиева, Теректі ауданы, Федоров ауруханасының лор дәрігері Алексей Мищенко тұрғындарға игі тілек арнап, ауылдық ауруханаға сыйлық табыс етті.

Кеште «Дала сазы», «Толқын» бишілер тобы, балалар музыка мектебінің хор ұжымы, «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, «Толқын» вокалды-аспаптық ансамблі, «Айгөлек» бөбекжайының бүлдіршіндері өнер көрсетті. Дәурен Ғилманов, Дананбек Нәсіпқалиев, Ренат Мырзахметов, Әділет Қайдаров, Асылбек Шәкенов, Мира Хамзина, Қолғанат Марат, Жандос Тасқарин, Мәрзия Мұқанова, Жұлдыз Тасқынбаева, Қоблан Жауынбаев әуелетіп ән шырқады.

Келесі күні дәрігерлер таңертеңнен кешке дейін ауыл тұрғындарын қабылдап, олардың денсаулықтарын тексерді. Олардың арасында педиатр, травматолог-ортопед, онколог, нарколог, дерматолог, гинеколог, психиатр, рентгенолог, фтизиатр, маммолог, кардиохирург және  т. б. мамандар болды. Шынтуайтында, дәрігерлерге жүгінушілерде есеп болған жоқ. Өйткені ауылдық ауруханада хирург, окулист, лор, дерматолог сынды мамандар жоқ. Сондықтан кезекке тұрған тұрғындардың бәрі де шамалары келгенше «қолға түсе бермейтін» дәрігерлердің кеңесін алуға асықты. Әсіресе, окулиске келушілердің қатары көп болды. Олардың ішінде егде жастағылармен қоса жастар жиі кездесті. Көбінің көру қабілеті нашарлаған. Үлкендерді айтпаған-да, кезекте тұрған жастар жанарларындағы кемістікті смартфон телефондардан, компьютерден көретіндіктерін мойындады.

Сондай-ақ балалар педиатрына, кардиохирургке де жүгінушілер аз болмады. Тайпақтағы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Сәрсенғалиевтың айтуынша, округте ішкілікке салынып, тіркеуде тұрған 15 тұрғын бар. Олардың ащы судың арбауынан құтылып, түзу жолға түсуіне дәрігерлердің осындай қабылдауы  өз септігін тигізері сөзсіз. Нарколог Асқар Мырзағалиевқа кеңес сұрап алты  адам келді, әрқайсысымен рәуішті көңіл күйде әңгіме өтті. Жайықтың сол жағалауындағы елді мекендерден де мүмкіндікті мүлт жібермеген келушілер болды.

Шақыруды қабыл алып, көмегін аямаған медицина саласының өкілдерін ауылдық округ әкімі Б. Шәленов алғысхаттармен қошеметтеді.

Бекболат  ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы

Ұлжан БИСЕНОВА,

тыл ардагері:

– Тайпақтың жасы ұлғайған тұрғынымын. Төрт  жылдан бері көз ауруы мазалап жүр. Көз дәрігері келді дегенді естіп, осында жеттім. Осы жаста аудан орталығына, қалаға бару оңайға түспей тұр, сол себепті адам жаны арашашыларының жиі келіп тұруын құп көреміз. Осындай игі бастаманы қолға алып жатқан ауыл әкімі Болат Шәленовке рақмет!

Нығмет ХАЙРУШЕВ,

зейнеткер:

– Менің екі көзіме де ота жасалған. Сондықтан жіті қадағалауда ұстауым керек. Алайда екі жыл бұрын аудан орталығында тексерілгеннен бері дәрігерлерге баруға мүмкіндік болмай жүр еді. Міне, өздері келіп, жұртшылықты қабылдады. Мұндай шаралар әлсін-әлі ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр. Тайпақтағы аурухана ешбір жердегі мекемелерден кем емес. Тек бір-екі маман жетіспей тұр. Мұның да реті түсер амандық болса.

Манарбек БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ауыл тұрғыны:

– Осыдан екі жыл бұрын асқазанымдағы кеселді дәрігерлер емдеді. Дегенмен, эндоскопист маман келеді деген соң, тағы бір тексерілуді ойладым. Жыл сайын өтетін скринингтердің арқасында, мамандардың кеңесімен көп күтініп, саулығымызға мән беріп келеміз. Мұндай қабылдаулардың халық үшін пайдасы зор.


«Күй – тұнып тұрған тарих»

Күні: , 133 рет оқылды


«Қазақстан» орталық концерт залының камералық залында өткен жерлесіміз, күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтжан Тоқтағанның «Ұстаздық еткен жалықпас» атты шығармашылық кешінде қазақ күйіне шөлдеп қалған талғамы биік тыңдарман қауым рухани байлыққа кенелді. Домбыра шанағынан төгілген күй, Абай айтқандай, шымырлап бойға тарап жатты.


«Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі халық күйімен кештің шымылдығын ашқан соң, деректі бейнетаспа көрсетіліп, Ақселеу Сейдімбек пен Қаршыға Ахмедияровтың Айтжан Тоқтаған туралы сәл ертеректе айтқан ой-пікірлері берілді. Екеуі де А. Тоқтағанның қазақ күйлерін зерттеудегі сүбелі еңбегін атап өтті.

Бұл күні домбыра шанағынан төгілген күйлер төл өнерімізге бей-жай қарамайтын елордалық көрермендердің жан-жүрегін тебірентті. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап, Тоқа сынды халық композиторларының күйлері кезек-кезек орындалып, тыңдаған адамның көңіл-құсын биікке қалықтатты. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің, Қаршыға Ахмедияровтың, Айтқали Жайымовтың күйлері шертілді.

Жиналған қауым алдында мерейтой иесінің танымал шәкірттері өнер көрсетті. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде жемісті қызмет істеп жүрген Ержан Тоқсабанов, Мұрат Әбуғазы, Данияр Байжұманов, Руслан Баймурзин, Батыржан Мықтыбаев, Нүркен Әшір, Жексенбек Нұржауов, Арман Жүдебаевтар күмбірлеген күй тартты. Сонымен қатар тағы бір шәкірті Ерлан Рысқали ән шырқап, әсерлі кештің шырайын кіргізді. Айтжан ағаның өз қызы әрі шәкірті Айтолқын Тоқтаған да күй тартып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жас шәкірт Сайын Досан да домбыраны қалай «сөйлете» білудің қыр-сырын ұғына бастағанын танытып, екі күй орындап, ұстазына құрмет көрсетті. Ал әнші Ырысты Сүлейменова осы кеште әннен шашу шашты.

Еңбегін бағалап, жанына қуат, көңіліне шабыт сыйлаған көрермендер алдында Айтжан Тоқтаған: «Күй – қазақ мәдениетінің ішіндегі басты байлығы. Күй өнері қазақ халқының тарихымен бірге жасасып келеді. Сонау аласапыран, шытырманды, аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті. Небір тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Сұрапыл кезеңдердің куәгері деуге болады. Күй – халық тарихын музыка тілімен кейінгі ұрпаққа жеткізуші. Табиғи, таза музыкалық талғаммен жеткен қасиетті хат деп айтуға болады. Айталық, 1937-38 жылдары әндерге тыйым салынған кезде күйлер орындалыпты. Өйткені, біздің бақытымызға қарай, сол кезде ұлт зиялыларын қамауға алып жатқан жазалаушылар күйден, жалпы өнерден бейхабар, ештеңе түсінбейтін адамдар еді. Түсінбеген шығармадан олар қауіптенбейді. Олар күйді тек дыбыстардың жиынтығы деп қараған. Ал шын мәнінде күй дегеніміз ол – тұнып тұрған тарих. Осы құдіретті күйіміз сонау замандардан бүгінгі ұрпаққа жетіп, халқымыздың рухани игілігіне айналды», – деді.

Халыққа деген ризашылығын өнерімен білдіру мақсатында Айтжан Тоқтағанның өзі де осы кеште бірнеше күй орындады.

Айбатыр СЕЙТАҚ,

журналист,

Астана қаласы


Мердігер кестеден неге кешігуде?

Күні: , 36 рет оқылды


Өңірімізде  «Нұрлы жол»  мемлекеттік  бағдарламасы  бойынша  ұзындығы 100  шақырымды  құрайтын  Орал – Тасқала –  Ресей  Федерациясы  шекарасына дейінгі күре жол жаңартылып, қайта  салынуда.  Республикалық жолдардың  ұлттық  операторы болып  табылатын  «ҚазАвтоЖол» ҰК»  АҚ  филиалы  құрылыс маусымының  аяқталуына  орай  аталмыш  бағыттағы  жолға  БАҚ өкілдері  үшін  пресс-тур  ұйымдастырды.


«Юнисерв» компаниясының құрылысшылары Тасқала бағытындағы тасжолдың 61 шақырымына жеткен. Бұл – екінші жұмыс учаскесі.  Бірінші учаскедегі жол телімінің (ұзындығы 27 шақырым) құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Жалпы күре жолдың қалған 73 шақырымы 2018 жылы тапсырылады. Сөйтіп, жолды жаңартып салу жұмыстары толығымен аяқталмақ.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Қуаншәлиевтің айтуынша, жобаның аяқталуы еліміздің және Ресейдің шекаралас облыстары арасындағы жол қатынасын жақсартады. Макроаймақтардың дамуына жол ашып, екі елдің нарығындағы тауар экспорты мен импортына серпін бермек.  Сондай-ақ облыста Қазталов – Жәнібек күре жолының 20 шақырымы, Чапаев – Жалпақтал – Қазталов бағытындағы жолдың 60 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде және нысандардағы жұмыстар биыл аяқталады. Аталмыш күре жолдар да Ресей шекарасына, соның ішінде Волгоград, Саратов облыстарына апарады. Чапаев – Жалпақтал – Қазталов бағытындағы жолдың 35 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Жоба алдағы жылы басталып, үш жыл ішінде, яғни 2020 жылы іске асқанда, Қазталов ауданының орталығы қара жамылғылы жолмен қамтылады.

Филиал басшысынан жыл басында мердігер компанияның биыл жолдың 86 шақырымы жөнделіп, келесі жылға 18 шақырымы қалады деген уәделі сөзіне неге тұрмағанын сұрадық. «Иә, 86 шақырым деп есептелді. Бірақ үш миллиард теңгені бюджеттен алып тастады. Қазір алты миллиард теңгенің көлеміндегі жұмыстар атқарылуда. Биыл Орал – Тасқала – РФ бағытындағы тасжолдың 68 шақырымын бітіреміз. Қараша айының соңына дейін ауа-райының қолайлылығын пайдаланып, жолдың төменгі қабаттарын төсеудеміз. Барлық жұмыс ауқымы алдағы 2018 жылы аяқталады. Жол салушылар жұмыс кестесінен 20 күндей қалыс келеді. Оған құрылыс материалдарының жетіспеушілігі, жүк тасымалдайтын вагондардың тапшылығы себеп болды. Мысалға, қиыршық тас Ақтөбе облысынан жеткізіледі, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Марат Қуаншәлиев.

Аталмыш жоба іске қосылғаннан кейін Орал – Тасқала – РФ (Озинки) күре жолымен тәулігіне үш мыңнан астам көлік жүйткімек. Бұл жол 2-дәрежелі санатпен тәулігіне  жеті мың көлік қозғалысына есептеліп салынуда.

Жолды күту, тазалау – «Қазақавтодор» ЖШС-ның мойнында.  Күре жол іске қосылғаннан кейін жолдың кем-кетігі пайда болса, «Юнисерв» компаниясы бес жыл бойы кепілдік міндеттемесіне сәйкес жол «жыртығын» жамайтын болады.

 – Биыл 4-31 шақырымындағы жол телімі (ұзындығы 27 шақырымды құрады) жаңартылды. Бірінші кезекте жол жабыны кеңейтілді. Жол құрылысында облыста алғаш рет геотекстиль және қиыршықтасты маститті асфальт (ШМА) қолданылды. Жолдың беті транзиттік жүк ағынына төтеп беретіндей етіп нығайтылды. Оның қабаты 64 сантиметрді құрайды. Бұрын жол жеті тонналық жүктемеге лайықталса, енді ол 13 тоннаға дейінгі жүкке шақталды. Қазір мұнда жол жабынның үстіңгі қабаты асфальттық бетон төселуде. Екі аптадан кейін жол бөлігі көлік қозғалысына ашылады, – деді «Юнисерв» компаниясының бас инженері Николай Кондопуло.

Тақтайдай түзу жолдың Зеленов ауданының орталығы Переметное ауылына бұрылыс жолдан асқанда үлкен жүк көліктеріне арналған эстакада, әжетхана салынғанын, қоқыс жәшігі қойылғанын көрдік. Бірақ қоқыс жәшігіне үйілген қоқыстар «кемерінен асып» төгіліп, желмен ұшуда.  Жап-жаңа жолдың жанында көрер көзге  сүйкімсіз көрінеді  екен…

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Айбатыр  НҰРАШ


Жаңа заң жобасы талқыланды

Күні: , 19 рет оқылды


Орал  шаһарындағы  Достық  үйінде «ҚР  «Қазақстан  халқы  ассамблеясы  туралы»  заңына  өзгертулер  мен  толықтырулар  енгізу туралы»  заң  жобасы  талқыланды.


Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары  Ғайса Қапақов төрағалық еткен жиынға облыстық ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің және ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, жергілікті этномәдени бірлестіктерінің басшылары қатысып, пікір алмасты.

– 2008 жылы қабылданған заң жобасына 55-ке жуық өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Еліміздің әр өңірінде түрлі өзгерістер болып жатыр, сол себепті күнделікті жұмысқа жаңа бағдар беру керек. Мәселен, бұдан бұрын этномәдени бірлестіктер болмаған соң, заңды дәрежесі жоқ еді. Сонымен қатар ҚХА кеңес мүшелерінің де жаңа дәрежесі бекітілмекші. Жаңа жоба ҚХА-ның кеңейтілген кеңесінде талқыланды, – дейді  Ғайса  Хамидоллаұлы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жаңа заң жобасымен мұқият танысып, ұсыныс-пікірлерін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне  жолдамақшы.

Айымгүл   ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Рафхат  ХАЛЕЛОВ


Рейд: «Газ қалдықтарынан уланудан абай болыңыз!»

Күні: , 16 рет оқылды


Газ қалдықтарынан улану себептерінің көбеюіне байланысты, Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің Бөрлі ауданы ТЖ бөлімі мен жергілікті полиция қызметкерлері тұрғын үй секторларына тағы бір кезекті рейд өткізді. Бөлім қызметкерлерімен сақтандыру шараларЫ үздіксіз жүргізіліп отырады.


Рейд Бөрлі ауданының Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан «Солтүстік қала» ауданында өткізілді. Нәтижесінде 175 тұрғын үй қамтылды.

Рейд барысында төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға қалдық газдан уланудың статистикасын келтіріп, қаншалықты газ қалдықтарының қауіпті екендігі туралы тұрғын үй иелеріне еске салды, сондай-ақ көмірқышқылдан улануды болдырмау үшін қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар ұсынды. Сонымен қатар, бұл ақпарат аудандық БАҚ арқылы да таратылды.

Газ қалдықтарының иісі жоқ болғандықтан, одан улану өмірдегі келеңсіз жағдайларға себеп болып отыр. Егер де түтін болмаса, көмірқышқыл газы толығымен елеусіз орын алуы мүмкін, әсіресе, ұйықтап жатырған адам үшін аса қауіпті. Тұрғын үйлердегі газ қалдықтарынан уланудың негізгі себептері мыналар болып табылады: жылу пештерін дұрыс пайдаланбау, мұржалардың нашар жай-күйі,  автомобильдің қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған бөлмелерде ұзақ уақыт болу.

Газдан уланудан қорғанудың негізгі жолы ол-таза ауа және негізгі қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Уланудың бірінші белгілері: бас ауруы, бас дене мүшесінің ауырлығы, жүрек айнуы, бас айналу және жүрек қағуының жоғарлауы.

Газ қалдығынан улану кезінде көрсетілетін алғашқы көмек:

— Ең алдымен, уланушыны таза ауаға алып шығу керек. Адамды арқасымен жатқызып, тар киімдерінен босату керек;

— Басы мен кеудесіне суық компресс қою керек;

— Адам өзіне келгеннен кейін, оған жылы шай ішкізу керек;

Газ қалдықтарымен уланудың кез келген жағдайында зардап шегушіні білікті медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемелерге жеткізу тиіс.

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің

Бөрлі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері

азаматтық қорғау майоры

М. Муханов


Жемқорлықпен күрес бағытындағы өткізілген іс-шаралар туралы

Күні: , 15 рет оқылды


Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және күресу бағытында Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен 2017 жылдың басынан бастап бірқатар іс-шаралар жүргізілді.


Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының  2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» № 986 Жарлығын басшылыққа алып жұмыстанады.

2017 жылғы 1 ақпанда Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2017 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мақсатында бұқаралық ақпараттық құралдарындағы жарияланымдарының жоспары бекітілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік мекеме  ретінде ғимараттың көрнекі жеріне лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты азаматтардың арыздары мен шағымдарына арналған жәшік орнатылған. Сенім телефоны  жұмыс жасайды. Сонымен қатар, инспекцияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар стенді орналатырылып, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі» ғимараттың көрнекі жеріне ілінді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытында ең маңызды шаралардың бірі болып мемлекеттік сатып алуды Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүзеге асыру табылады. Өйткені мемлекеттік сатып алудың негізгі мақсаты мемлекеттік қаражатты оңтайлы және тиімді игеру болып табылады. Осыған орай Инспекцияның мемлекеттік сатып алу процесі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V ҚРЗ Заңына, «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Респбликасы Қаржы министрінің 2015 жылғы          11 желтоқсандағы № 648 бұйрығына және мемлекеттік сатып алуға байланысты Қазақстан Республикасының заңнамаларына негізге ала отырып, жүзеге асырылады.

Ағымдағы жылдың 6 қаңтарында № 2.2 — 4/8 бұйрығымен Инспекцияның мемлекеттік сатып алу бойынша жылдық жоспары бекітілді. Осы уақытқа дейін Инспекция 3 мемлекеттік сатып алу тәсілін қолданды. Атап айтқанда:

  1. Ашық конкурс
  2. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілі
  3. Бір көзден алу тәсілі

Қазіргі уақытқа дейін Инспекция мемлекеттік сатып алу бойынша  137 хабарландыру жариялады, соның ішінде 5 хабарландыру ашық конкурс тәсілі бойынша, 82 хабарландыру баға ұсыныстарын сұрату тәсілі бойынша және 50 хабарландыру өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылды.

Мемлекеттік сатып алуды Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргізуі сыбайлас жемқорлық фактісі болмауының басты және негізгі себептерінің бірі болып табылады. Сондықтан келешекте мемлекеттік сатып алу процесінде сыбайлас жемқорлық фактісі болмауы үшін Инспекция мемлекеттік сатып алуды Қазақстан Республикасының заңнамаларын негізге ала отырып жүргізуді —  өзінің сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі бағыты деп есептейді.

Кадрлық, қаржылық және құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы

А.Б. Шайханов


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика