Мұрағат: 17.11.2017


Ауаны бүлдіріп жүрген кімдер?..

Күні: , 24 рет оқылды


Облыстық  табиғи  ресурстар  және  табиғат  пайдалануды  реттеу  басқармасы  облыстық  экология,  ішкі   істер  департаменттері бірлесіп  «Таза  ауа»  акциясын  өткізді.  Атмосфералық ауаға белгіленген  нормадан  тыс  лас  заттар шығаратын  аутокөліктерді анықтау  мақсатында  өткен  акция-рейдке  БАҚ  өкілдері  де  қатысты.


Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Фариза Сұлташеваның айтуынша, «Жасыл экономикаға» көшуге байланысты тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-жоспарға сәйкес қалада қоғамдық көлікті

газ отынына көшіру қарастырылған. Өйткені газ отынында ауаны ластаушы заттардың көлемі аз. Бүгінгі күні қала және қала маңына жолаушылар тасымалымен айналысатын 52 маршрут бар. Маршруттағы 661 аутокөліктің 500-і күн сайын жолаушы тасымалына шығады (161-і резервте тұрады). Алайда аталмыш аутокөліктердің 155-і ғана газ отынына ауыстырылған.

Рейд барысында №35, №22 аутокөліктері тексерілді. Облыстық экология департаментінің бас маманы Гүлфара Айсағали тексерілген үш аутокөліктің тек біреуі ғана талапқа сай болғандығын айтты.

– Қазір 12 аутокөлікті тексердік. Олардың ішінде 8 аутокөліктен шыққан зиянды қалдықтар шектеулі нормадан асып кеткендігі белгілі болды. Біз аутокөлік жүргізушілеріне ескерту беріп, жадынамалар тараттық. Егер осы жағдай екінші рет қайталанса, хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынады. Ауаны ластамай, қоршаған ортаны таза ұстау үшін әр көлік иесі көліктерін уақытында жөндеуден өткізіп, майын ауыстырып, барлық талапты орындап жүргені дұрыс, – дейді Гүлфара Айсағали.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Республикалық байқауда жүлдегер атанды

Күні: , 17 рет оқылды


Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің мүшесі Раушан Шақанаева Дина Нұрпейісова атындағы V республикалық «Бұлбұл домбыра» домбырашы қыз-келіншектер байқауына Жәнібек ауданының атынан қатысып, үшінші орынға ие болды.


Үш кезеңнен тұрған сайыс барысында қатысушылар негізінен Динаның күйлерін орындады. Барлығы 23 туынды жатталды. Осылардың ішінде кейбіреуін міндетті түрде және жеребе бойынша, бірқатарын қазылар алқасының сұрауымен орындауға тиісті болды.

Барлығы 14 үміткер қатысқан додада атыраулық Нұрай Зинор бас жүлдені жеңіп алса, алматылық Әйгерім Нетәлиева мен астаналық Тоғжан Үмбет бірінші, қызылордалық Фарида Құдайбергенова екінші, Р. Шақанаевамен бірге алматылықтар Сымбат Әбдуахап, Тұрсынзада Әлімжанова, Мөлдір Қойысова үшінші орынға көтерілді.

Раушан М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін дәстүрлі музыкалық өнер мамандығы бойынша Еркін Нұрымбетовтің класында бітірген. Дәулеткерей атындағы оркестрде 2007 жылдан бері қызмет етеді.

«Бұл – Раушанның республикалық деңгейдегі бірінші табысы. Бұған дейін аймақтық, облыстық сайыстарда жүлде алып жүрген Раушан Шақанаева – оркестрдің музыканты әрі жеке орындаушысы. Ол лирикалық, сондай-ақ күшті қажет ететін шығармаларды да сәтті орындай біледі. Бұл ретте оркестрдегі тартысы кейбір ер адамдардан да артық шығып отырады», – деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Дәулеткерей атындағы оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, композитор Еркін Нұрымбетов.

Елжан ЕРАЛЫ


Махамбет мүсіні ашылды

Күні: , 17 рет оқылды


Кеше  М. Өтемісов  атындағы  Батыс  Қазақстан  мемлекеттік  университетінде  дәстүрлі  «ІХ  Махамбет  оқулары»  мәреге жетті.


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес университеттің 85 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталмастан бұрын Махамбет мүсіні ашылды. Оның авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ибрагим Айденов. Оған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ахмет Ерғалиев көмектескен. И. Айденов мүсін салуда белгілі антрополог Ноэль Шаяхметовтің зерттеулеріне сүйенген.

«Біздің университет үшін Махамбет батыр әрі ақынның орны ерекше. Ұжым оны әрдайым құрмет тұтып, өлеңдерін оқиды, ерлігін насихаттайды. Бүгінгі шара – соның бір көрінісі. Әзірге қаламызда азаттық үшін алысқан Махамбеттің еңселі ескерткіші тұрғызылмаса да, бүгін мүсінін аштық. Университетте Тайманов, Иванов оқулары да дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Махамбет оқулары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын мұрасына қайта оралтып, оны зерттеудің, жас ұрпақ санасына жеткізудің маңыздылығын арттыра түседі», деді университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик  Асхат  Иманғалиев.

Конференцияға Қазақстан мен Ресейдегі ЖОО-лардан, сондай-ақ еліміздегі колледж, мектептерден барлығы 120 баяндама түсті.

Баяндамалар тақырыбы кең көлемді. Атап айтқанда, оларда махамбеттанудың бүгінгі таңдағы өзекті мәселелері, ақын ғұмырымен және оның әдеби мұрасымен байланысты тарихи тың деректер, Махамбет шығармаларының жоғары оқу орындарында және жалпы орта білім беретін мектепте оқытылу жайы қарастырылған. Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетінің теориялық және әдістемелік мәселелері, гуманитарлық, тарих, қоғамдық-әлеуметтік, экономика, өнертану және басқа ғылым салаларының бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары, даму жайы  тексеріс  көзіне  алынды.

Конференцияға Астана, Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларынан  және облыс аудандарынан ғалымдар мен зерттеушілер, ұстаздар қатысып, өз ой-толғамдарымен бөлісті.

Жиын қорытындысына сәйкес арнайы жинақ шығарылатын болады.

Айта кетейік, Оралда Исатай мен Махамбет ескерткішін орнату мәселесі көптен бері сөз болып келеді.

Ғалым  АЯН,

Орал  қаласы


Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға ынтымақтасты

Күні: , 25 рет оқылды


Кеше  облыстық  сот  және  өңірлік  кәсіпкерлер  палатасы кәсіпкерлердің  құқықтарын  қорғау  саласындағы  екіжақты ынтымақтастық  жөніндегі  меморандумға  қол  қойды.


Орал қаласындағы Достық үйінде өткен шара «Қазақстан – 2050» стратегиясында және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы белгілеген кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және бизнес-омбудсмен институтын күшейту жөніндегі құқықтық саясатын іске асыру аясында жүзеге асырылды.

Басқосуды ашқан БҚО сотының төрағасы Бек Әметов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға Елбасының назар аударып отырғанын, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау ісінде сот жүйесінің рөлі зор екендігін баса айтты.

– Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту айқын көрсетілді. Сот жүйесі кәсіпкерліктің, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда басты орын алады. Мемлекет басшысы ауданаралық экономикалық соттардың жұмысын жетілдіру бағытында, кәсіпкерлердің, соның ішінде отандық және шетелдік инвесторлардың даулы мәселелерін шешуде отандық соттардың жұмыс сапасын арттыруға тапсырмалар берді.

Осы ретте соттар мен кәсіпкерлер палатасының өзара ынтымақтастықпен жұмыстануының нәтижелі болатынына назар аудартқым келеді, – деді Бек Әметов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер арасында олардың  құқықтық сауаттылығын арттыру, соттардың, биліктің бір тармағы ретіндегі тәуелсіздігі жайында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуі керек. Сондай-ақ  сот төрағасы ішкі және халықаралық мониторингі бойынша соттардың жұмысын бағалау, инвестицияны қорғау, экономиканы дамыту көрсеткіштерімен анықталатынын жеткізді.

– Елбасының биылғы Жолдауындағы екінші басымдықта шағын және орта бизнесті түбегейлі жақсарту және кеңейту, соның ішінде 2050 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің пайыздық деңгейін 50 пайызға дейін жеткізу тапсырылғаны аян. Өңірде 48 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оларда 120 мыңдай адам және 37 мың субъект тұрақты жұмыс істейді. Мемлекеттің көмек-қолдауымен өңірімізде кәсіпкерлік саласы даму үстінде. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы ай сайын шағын, орта бизнес өкілдерін қабылдап, бұл салалардағы түйткілдерді шешуге тапсырмалар береді. Биыл бұл салада жаңа бағдарлама іске қосылды. Кооперативтер құрылып, мемлекет тарапынан берілетін субсидия, көмек-қолдауларды пайдалануда. Биылдың өзінде 42 кооператив құрылса, олардың жалпы саны 180-ді құрады. Кооперативтерде алты мыңдай тұрғын жұмыс істейді, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов қол қойылатын меморандумның кәсіпкерлікті дамытудағы мән-маңызын атап көрсетті.

Басқосуда кәсіпкерлердің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығы айтылды. Елбасының бес институционалдық  реформаны жүзеге асыратын Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасының 54-қадамында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту қажеттігі айқындалған. Сондай-ақ еліміздегі кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2001-2002 жылдары барлық облыстарда, Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар құрылды. «Қазіргі уақытта сот жүйесінде кәсіпкерлердің құқықтарын, мүдделерін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар алынуда. Әсіресе, мамандандырылған экономикалық соттардың қызметтеріне айрықша көңіл бөлінуде. Өйткені экономикалық даулы мәселелерді шешуде заңдардың мүлтіксіз сақталуы инвесторлардың сот-құқықтық тетіктердің сенімділігіне күмән келтірмей, олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сенімділгін күшейтеді», – деді БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот төрағасы Исатай Сматов. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын көбінесе атқарушы және бақылаушы құрылымдар бұзады. Оның ішінде заңсыз міндеттерді жүктеу, салық және құқық қорғау құрылымдары тарапынан болатын тексерістер, түрлі құжаттар алудағы сөзбұйдаға салушылық бар. Осының барлығы кәсіпкерлердің қалыпты жұмысына кедергі  болады.

– Меморандумға сәйкес Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және аймақтық палата өкілдерінің сот ақпараттарына қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Басты төрт бағыт бойынша: кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін көздейтін заңдылықтарды жетілдіру, кәсіпкерлік өкілдерінің қатысымен өтетін сот істерін қарауда кәсіпкерлік субъектілерін ұйымдастыру, құқықтық жағынан қамтамасыз ету, экономикалық сипаттағы дауларды қараудың баламалы және сотқа дейінгі формаларын қолдану және ұйымдастыруда әдістемелік, құқықтық көмек көрсету, кәсіпкерлерді сот жүйесінің қызметі жөнінде ақпараттану деңгейін көтеру бойынша әріптестік дамитын болады, – деді  Исатай  Сматов.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің өкілі Ғалымжан Ищанов кәсіпкерлер құқықтарын қорғау тәжірибесі туралы, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Нұргүл Танкиева азаматтық сот өндірісіндегі жаңа ақпараттық технологиялардың қолданылуы жайында баяндама жасады.

Шара соңында облыстық сот және өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға облыстық сот төрағасы Бек Әметов және облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан  Қаиршин  қол  қойды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


«Айнур» һәм «Байтерек» немесе қазақша дұрыстап жазуға болмай ма?!

Күні: , 27 рет оқылды


Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы атқарушы және өкілетті органдарға тіл саясатын жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырғанымен, әлі күнге мемлекеттік тілге қатысты ахуал толықтай оңалған жоқ.


Қазақ тілінің емле-ережесін белден басып, ҚР «Тіл туралы» Заңын қаперлеріне алмақ түгілі, оған пысқырып қарамайтын жеке кәсіпкерлер жетіп артылады. Солардың бірі – Тасқала ауылының орталығында орналасқан «Айнур» атты дүкеннің қожайыны. Нысанның атауы қате жазылғанын айтып: «Оны дұрыстайсыздар ма?» деген сауалымызға: «Бір әріпті өзгерту үшін қыруар қаржы керек, сондықтан дұрыстамаймын» деп шорт кесті. Бұл – ана тілімізге деген немқұрайлылықтың анық белгісі және «шығын шықса, шыбын жаны шырқырайдының кебі» демеске амал жоқ. Әйтпесе, қазақ тіліне деген тамшыдай  құрметі болса, қалтасы қалың кәсіпкер үшін бір әріпті өзгерту сөз болып па?!

Атауы ақсап тұрған нысан бұл ғана емес. Ет сататын «Байтерек» дүкенінің иесіне жолығып, дүкеннің маңдайындағы жазуды дұрыстауларын өтіндік. Қожайын сөзге келместен, «алдағы уақытта міндетті түрде дұрыстаймыз» деп уәде етті.

Қазіргі кезде жеке кәсіпкерлер мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Кәсіпкерлік нысандарын жөнсіз тексеруге жол жоқ. Соған сүйене ме, олардың арасында  қазақ тілінің орфографиялық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктерін ескермей, «…Пұшық, шіркін, қор қылды-ау» мәтелінің жоралғысын жасап, сауаттылық заңдылықтарына селсоқтық танытады. Ең болмағанда, нысан атауы жазылған тақтайды ілерде, ономастика мәселесіне жауапты мекемеге тексертсе, қазақ тілі бұлайша қор болмас еді.

ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында: «Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады. Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады. Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» деп көрсетілген.

«Заң талабының бұзылмауын қадағалайтын органдардың әлеуеті қандай?» деген сауалмен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мэлс Нәріковпен әңгімелесіп көрген едік.

– Мемлекеттік тіл мәртебесіне қатысты мәселе өте күрделі. Кәсіпкерлік нысанының атауы дұрыс жазылмаса, оған байланысты шара алу құзыретімізге жатпайды. Атауы қате жазылған нысанның иесі ескертуге құлақ аспаса, кез келген тұрғын прокуратураға шағым түсіре алады. Біздің құрылым жадынама таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізе алады, – деген ол нысандар атауына ауылдық округ әкімшілігі қадағалауы тиістігін жеткізді.

Тасқала ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов те қолдан келер қайран жоқтығын алға тартты. Оның айтуынша, заңнама талаптарына сәйкес жеке кәсіпкерлер қандай атау қойса да өз еркі. «Сіз айтып отырған олқылықтарды болдырмас үшін алдағы уақытта арнайы жоспар бекітіп, атауы қате жазылған нысандардың қожайындарымен сөйлесіп, мәселені шешуге тырысамыз», – деді ауыл басшысы.

Жергілікті атқарушы орган басшыларынан алған жауабымыз осы болды. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарамай, қоғам болып үн қатуымыз маңызды. Қазақ тілінің заңдылығын сақтамай жүрген кәсіпкерлерге азаматтық парызымыз ретінде ескерту жасап, кейін құқық қорғау органдарына шағымдана алатынымызды білдік. Қазақ тілінің қадір-қасиетіне нұқсан келмеуін қадағалап жүру, заң талабына сай қателікті түзетуді талап ету – әр тұрғынның қолынан келеді. Дүкен, кафе, мейрамхана атаулары қазақ тілінде сауатты жазылып тұрса, ол жеке кәсіп иелеріне де, тұтынушыларға да жағымды емес пе?!

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

Тасқала ауданы


Қандай түлік өсірген тиімді?

Күні: , 22 рет оқылды


Соңғы уақытта мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты алынған шаралар өз нәтижесін беруде. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалар Ақ Жайық өңірінде төрт түлік малды мыңғыртып өсіруге жол ашты. Елбасы Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру үшін нақты міндеттер жүктелгені белгілі. Иран, Қытай, Ресеймен қатар Еуропа елдерінде мал етіне сұраныс жоғары. Қазақтың күнкөрісі әуелден-ақ малмен тығыз байланысты, оның үстіне таяу және алыс шетелдердің өздері қазақ елінде өсірілген малдың экологиялық таза етіне «жерік» болып отыр. Тек осындай мүмкіндікті тиімді пайдалана білуіміз қажет.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2017 жылы облыс бойынша 2 мың тонна ірі қара мал еті және ет өнімдерін экспортқа шығару жоспарланған. Ал бүгінгі таңда облыстан экспортқа 1,4 мың тонна ет және ет өнімдері шығарылды. Биылғы жылдың бірінші қазанында өңірімізде 563,3 мың ірі қара мал өсіріліп отырғанын ескерсек, ет экспорты жоспарын орындау қиынға соқпас. Облыста биыл құрылған 42 кооперативтің алтауы сүт өндіру, 36-сы мал шаруашылығы бағытында жұмыстанады. Мамандардың айтуынша, облыс бойынша бордақылауға қойылған малдың жағдайы ветеринарлық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Жалпы өңірдегі тауар өндірушілердің мүмкіншілігі зор, табиғи жайылым, мемлекеттік көмек-қолдау дейсіз бе, барлығы бар. Тек шаруа адамында қолдағы малын асылдандыруға ұмтылыс болса дейсіз…

Қандай мал өсімтал?

– Саланы дамытуда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы басшылыққа алынған. Мемлекеттік ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалардың көмегімен өңірде ірі қара малдың басы жылдан-жылға ұдайы өсіп келеді. Облыста биылғы бірінші қыркүйектегі есеп бойынша 576 мың ірі қара мал, соның ішінде 257 мың сиыр, 170 мың жылқы, 1 201 мың қой, 233 мың ешкі, 1 025 мың құс, 2 800 түйе тіркелді. Ірі қара малдан 100 аналыққа есептегенде 75 бұзау алынды. Бұл орташа көрсеткіш болып табылады. Табиғи-климаттық жағдайға, табиғи мал азығы шығымына байланысты көрсеткіштер әр жылдары түрліше ауытқып отырады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов.

Соңғы жылдары өңірде қой басының саны өсіп келеді. Мемлекет басшысының, облыс әкімінің тікелей араласуымен жасалған келісімшарттарға сай облыстың тауар өндірушілеріне Иран, Қытай мемлекеттеріне қой етін экспорттауға «есіктер» ашылды. Жыл басынан бері 304,7 тонна қой еті экспортқа шығарылды. Сонда қазірдің өзінде жылдық жоспар 3,4 есеге орындалды. Мемлекет тарапынан қой шаруашылығын дамытуға және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге субсидия қарастырылған.

– Мәселен, тауар өндіруші селекциялық жұмыстар жүргізу үшін асыл тұқымды қошқар сатып алған жағдайда, жұмсаған шығынының 50%-ы (20 мың теңгеге дейін) мемлекет тарапынан тауар өндірушіге кері қайтарылады. Сонымен қатар тауар өндіруші селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін тауарлы саулық қойдың әр басына 1 500 теңге, асыл тұқымды саулық қой үшін 2 500 теңге жылына бір реттік мемлекеттік көмекқаржы, сонымен қатар қой бордақылағаны үшін бір басқа 1 500 теңге субсидия беріледі. Ата-бабамыз төрт түліктің қай-қайсысын да өсірген, соның ішінде «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл көсір» деп бекер айтпаған. Қазіргі таңда елімізде де, алыс-жақын шетелде де сұранысы күшті қой малын өсіруге және өнімділігі жоғары, өңірге жерсінген ірі қара тұқымдарын өсіруге мал шаруашылығының маманы ретінде кеңес берер едім, – деді Сатқан Өмірзақов.

Жібек жалды, барқыт түкті жануар

Сонымен қатар өңірімізде төрт түлік малдың төресі жылқының саны 170 мыңға жетіп жығылды. Бұрындары кеңестік заманда жылқыны көптеп өсіруге мән берілмеді. Биыл 100 жылқыдан 68 құлын алынды. (Ең азы 2014 жылы 100-інен 64 құлын алынған). Жібек жалдылардың жыл сайынғы өсімі 10%-дан артып отыр. Жалпы алғанда бұл жаман көрсеткіш емес. Жылқы санымен қатар асыл тұқымды жылқы саны да едәуір өсуде. 2017 жылдың 1 қазанына асыл тұқымды жылқы саны 11 мың басты құрады. Асыл тұқымды жылқының жалпы жылқы ішіндегі үлесі 6,5%-ды құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңі деңгейінен 0,5%-ға жоғарылаған.

Жылқы малын асылдандыру мақсатында мемлекет тарапынан асыл тұқымды айғыр мен байтал сатып алушы тауар өндірушілердің шығынын ішінара өтеу қарастырылған. Мәселен, сатып алынған асыл тұқымды айғыр үшін 100 мың теңге, ал байтал үшін 40 мың теңге көлемінде субсидиялау жолға қойылды. Осының өзі шаруагерлердің қолына уақытылы тиіп жатса, үлкен көмек екені сөзсіз.

Жақында облыстық деңгейде өткен бір жиында қытайлық шаруашылықтардың Қазақстаннан жылқы алуға ықыласты екендері, бұған қатысты екі ел арасында сертификатқа қол қойылғаны айтылды. Олар қазақтың жылқысын будандастыруға, өз жылқыларын асылдандыруға пайдаланбақ. Сондықтан мұның өзі жылқыға деген сұраныстың әлі де күшейетінін байқатады.

12 млрд. теңге қайда жұмсалды?

Соңғы үш жылда мал шаруашылығы саласына 12 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, малдың селекциялық және тұқымды асылдандыру бағытында жүргізілген жұмыстардың шығындарын арзандатуға, отандық және шетелдік шаруашылықтардан асыл тұқымды мал төлін сатып алуға кеткен шығындарды арзандатуға жұмсалды. Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалар табынның өсімін молайтуға пайдаланылатын етті, сүтті және сүтті-етті асыл тұқымды тұқымдық бұқаларын күтіп-бағуға жұмсалған шығындарын арзандатуға және мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен өнiм сапасын арттыруға, өнім өндіру құнын арзандатуға жұмсалуда.

Республикалық бюджет комиссиясының биылғы жылдың 16 қазанында республикалық бюджеттен қаржыландыратын бағдарламалар шеңберінде 2017 жылға бөлінген қаражатты қайта бөлу бойынша отырыс өтті. Онда БҚО-ға «Кредиттер және технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы малын сатып алудың лизингі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау» қосымша 378 743 мың теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданған. Бұл, әрине, субсидиясын ала алмай жүрген шаруаларға ақжолтай хабар. Бұдан бұрын «Орал өңірі» газетінің биылғы 30 наурыздағы санында жарық көрген «Шаруаларды әуре-сарсаңға салған демеуқаржы қайда?» деген мақалада Сырым ауданындағы «Қайсар» шаруа қожалығының басшысы Иманғали Сәрсеков пен Зеленов ауданындағы Зеленый ауылынан кәсіпкер Берікқали Тұқышевтардың демеуқаржы ала алмай жүргені жазылған-тұғын. «Енді оларға «Сыбаға» бағдарламасы арқылы алған несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің субсидиясы қосымша бөлінген қаражат есебінен ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін төлену жоспарланып отыр», – деді Сатқан Өмірзақов.

Сөз түйіні ретінде айтар болсақ, төрт түліктің қай-қайсысы да өсімтал, тек бағымы келіссе… Әдетте, майы таңдайға қатады деп ешкінің етін менсінбейтініміз рас. Сонау 90-жылдардағы қиын кездері ешкі өсіретін бір ауылдасымның дастарқанынан ет үзілмеуші еді. Сонда ағамыз «Ешкі деген – огурцы, жұласың да жейсің», – деп күлетін. Шынында, ешкі малы көбейгіш, жылына екі мезгіл, онда да екі-үш, кейде бесеуден лақтайды. Жалпы қай түлікті өсіру – әркімнің еркі, тек бағымы келіссін…

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Шаймерден САҒЫНҒАЛИЕВ,

Ақжайық ауданының Базаршолан ауылдық округіндегі «Қайсар» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Төрт түлікті өсірудің қиындығы да, пайдасы да көп. Оның қайсыбірін айтасың?! Жаздағы өртте дайын шөбім, 1 мың гектар шабындығым өртенді. Дала өртінен келген шығынның орны толтырылған жоқ. Шаруашылықта негізінен етті ірі қара өсірудеміз. Соңғы жылдары 2-3 бас қазақтың ақ бас тұқымды бұқасын сатып алып, малымды асылдандыруға ден қойдым. Мемлекеттен тиісті субсидиямды алып отырмын. Мал етін Атырау жағына өткіземіз. Шүкір, осы субсидияны тиімді пайдаланып, қой да өсіргім келеді. Қой өсірудің болашағы зор.

Жолдас БАЙҚАТОВ,

Шыңғырлау ауданының Лубен ауылдық округіндегі «Өнім» шаруа қожалығының басшысы:

– Малдың асылын өсіргеннің тиімді екеніне көзіміз жетті. 2009 жылдан бері асыл тұқымды 12 бас бұқа сатып алдық. Көршілес Ақтөбе облысыннан 130 бас қазақтың ақ бас тұқымды сиырын әкеліп, өз алдына асыл тұқымды шаруашылық құру қамындамыз. Ірі қараның етіне сұраныс жоғары. Мал етін Ақтөбенің Алға ауданындағы «АкТеп» компаниясына өткіземіз. Мал өсіріп, мемлекеттен тиісті субсидиямызды алудамыз. Негізі қой өсіру – қазақтың оң жамбасына келетін кәсіп. Бір кездері қойдың етіне сұраныс болмады. Соның кесірінен қой өсіруге мән-маңыз бермедік. Бүгінде қойдың етіне сырттан сұраныс баршылық, сондықтан қойды мыңғыртып өсіру ойымызда бар.


Өрт сөндіретін құралды қолдан жасауға болады

Күні: , 17 рет оқылды


Соңғы жылдары дала өрттері туралы хабарды жиі еститін болдық. Шабындық пен жайылымдар өз алдына, мал-жан өрт құшағында қалып жатыр. Биыл облысымыздың Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінде бір жас жігіт пен 600-ден астам қой-ешкі, көрші Ақтөбе облысында ауыл әкімі мен мектеп мұғалімі өртке оранып, қаза болды. Соғыстан кейінгі жылдары Кеңес Одағының Батыры Темір Масин қаза тапқаннан кейін мұндай тосын оқиғаларды естімеп едік.


ХХІ ғасырда мемлекет төтенше жағдайлармен күресетін мекемелерді жеткілікті қаржымен қамтамасыз етіп отырғанда, төтеншеліктердің осыншалықты дәрменсіздік танытуы ешқандай ақылға қонбайды. Бұрынғы кезде дала өрттерін шаруашылық ұжымдары өз күштерімен сөндіріп отырды. Қазіргі уақытта жағдай мүлдем өзгеше. Шаруа қожалықтарында өрт сөндіретін техникалар жоқтың қасы. Ауыл әкімшілігіне қарасты 5-6 дана 20 литрлік су себетін қондырғыдан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан жергілікті билік ауылдық округтерді өрт сөндіруге арналған техникалармен қамтамасыз етуді шұғыл қолға алуы керек. Әр ауылдық округке «КамАЗ» жүк көлігіне орнатылған өрт сөндіргішті беруге қаржы табылмас. Бұрынғы кездегідей Орал механикалық зауытынан АЦ-4,2 жанар-жағармай тасығышын қайтадан шығару қажет. Оның техникалық құжаттары сақталған болар. Осы іс қолға алынса, зауытта жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түсімін көбейтер еді.

Жергілікті жерлерде шөп шабу науқанына шығар алдында тракторларды міндетті түрде техникалық байқаудан өткізіп тұруды қатаң бақылауға алу керек. Шаруа қожалықтарын өрт сөндіретін құралдармен қамтамасыз етуді күн тәртібінен түсіруге болмайды. Оларға арнап құрылымы қарапайым ВР-3 су таратушы құрылғысын зауытта жасап шығаруға мүмкіндік мол. Осы айтылған мәселелерді шешуге облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары және әр деңгейдегі әкімдер атсалысса, тілсіз жауды ауыздықтап отыруға әбден болады.

Биыл өрт оқиғасы көп болып, тұрғындар зор зардап шекті. Дала өртінің алдын алу мақсатында бірнеше бағытта жұмыстануға болатыны жөнінде өз тәжірибеммен бөліспекпін. Біріншіден, былтырғы жазғы маусым жаңбырлы болып, табиғи шөптің шығымдылығы мол өнім берді. Табиғат берген ризық-несібені түгел игеруге шаруа қожалықтарының мүмкіндігі болмады. Бұл жайт техниканың аздығы, жанар-жағармайдың тапшылығынан орын алды. Болашақта осындай молшылық жылдары шаруа қожалықтарын демей отырып, мемлекеттік жем-шөп қорын жасақтауды қолға алу керек. Дала шөбі ылғи шүйгін бола бермейді, келесі жылы қуаңшылық болуы мүмкін. Ал жем-шөп қорын жасақтау – мал шаруашылығын дамытудың әрқашанда алғы шарты.

Екіншіден, жоғарыда айтқандай, шаруа қожалықтарында өрт сөндіру құралдары тапшы. Оларды сатып алуға қаржы жеткіліксіз. Тәжірибеме сүйене отырып, шаруа қожалықтарына мүлдем жаңа өрт сөндіру құралдарын жасауды ұсынбақпын. Шаруа қожалықтарының көбінде жеңіл машина сүйрейтін бір өсті тіркемелер бар. Оны қолдан құрастыруға немесе сатып алуға болады. Сол тіркемелерге сыйымдылығы 500-ден 1000 литрге дейінгі темір бак орнату керек. Кейін әрбір шаруашылықтағы «МТЗ-80» тракторына тіркеп, компрессормен бактегі қысымды көбейтіп, 3-4 түтікше арқылы су себетін қондырғыларды пайдалануға болады. Өрт сөндіруші жаяу жүріп шаршамас үшін оған тіркеме үстінен орын дайындауға болады. Қосымша күшті де іске қосуға болады. Ал трактордың алдыңғы діңгегіне (брус) көлденең сом темір орнатып, оған бекіген су бүркегішті тракторшы бағыттап отырады. Үнемдеудің арқасында 2-3 сағатқа дейін ыдыстағы су таусылмайды. Сонда су тасымалдауға уақыт жеткілікті болады. Бак орнатылған тіркемелерді Оралдағы кез келген зауыттан шығаруға әбден болады. Зауыттарға тапсырыс беру үшін төтенше жағдаймен күресетін құрылымдар облыстық бюджеттен қаржы бөлдіру мәселесімен шұғылданғандары жөн.

Насиболла ТҮМЕНОВ,

еңбек ардагері,

Орал қаласы


Әлеумет үшін тегін асхана

Күні: , 20 рет оқылды


Бөрлі ауданында бірнеше жерде сауда орындарын ашып, көп жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келе жатқан ағайынды Омаровтар өз қаражаты есебінен асхана салып жатыр.


Ақсай қаласы мешітінің ауласында бой көтеретін бұл асхана 250 орынға есептелген. Ораза айт, Құрбан айт секілді діни мейрамдарда мешіт қызметкерлері бізден палатка сұрап жүрді. Әрі бұл мейрамдардың мезгілі жыл сайын өзгеріп тұратын болған соң, күн суық кезге де сәйкес келіп жатады. Сондай кезде салқын жерде ас беру оңайға түспейтіндігін жыл сайын көріп жүрміз. Екіншіден, көбінесе қазір садақа не той жасайтын болса да, кафе-мейрамханаларды жалдайды. Бірақ ондай үлкен орындарды жалдауға жағдайы келмейтін де жандар бар. Сондықтан көмек болсын деп ойладық. Өйткені  асхананы тұрғындар тегін пайдаланатын болады. Нысан ашылғаннан кейін мешіттің қарамағына беріледі», — дейді «Бәйтерек» компаниялар тобының директоры Мұратбай Омаров (суретте).

Кәсіпкердің айтуынша, құрылыстың жобалау жұмысына 600-800 мыңдай қаражат кеткен болса, жұмыс жасап жатқан құрылысшылар еңбегіне 9 миллион теңге төленген. Ал құрылыс материалдарына, асхана ішін қажетті жабдықтармен қамтуға 24 миллион теңгедей жұмсалып отыр. Мердігер – «Ақсай Сәулет Сервис» ЖШС. Мұратбай Серікбайұлы өздеріне қолұшын созып, көмек көрсетіп жатқан жандар бар екенін айтады. Олар аз да болса, қаражатпен, кейбірі техника беріп көмектескен. Ол  “НазТур” ЖШС, “АксайСнабКонтракт” ЖШС, жеке кәсіпкер Шүкір Шадоев секілді тағы да басқа кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Сондай-ақ аудан басшылығы тарапынан жарық, көгілдір отын өткізуге жәрдем берілді. Кәсібін дөңгелетіп отырған ағайынды Омаровтар ауданда өтетін іс-шараларға демеушілік танытып келеді.

Ясипа  РАБАЕВА,

Бөрлі ауданы


Жол белгілері жаңарды

Күні: , 22 рет оқылды


2017 жылғы 3 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру барысында, жол жүрісі саласындағы заңнаманы бұдан әрі жетілдіруге бағытталған қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданды.


Үкімет қаулысымен жол жүрісі қағидаларына мынадай түзетулер енгізілді:

1) Жол жүрісі саласында қолданылатын түсініктеме аппараты нақтыланды;

Осылайша «аутомобиль» түсінігі, тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарға қолданылмау бөлігінде жол жүрісі туралы конвенциямен сәйкес келтірілген;

«Басып озу» және «озып шығу» түсініктерін әр түрлі талқылауды алып тастау мақсатында аталған маневерлерді жасау кезіндегі әрекетін нақтылайтын өзгерістер енгізілді;

Велосипедшілердің қозғалысымен байланысты мәселелерді реттеу үшін «велосипедші», «велосипед жолы», «велосипед жүретін жолақ» түсініктері енгізілді;

«Мопед» түсінігі, электрлі қозғалтқышпен жабдықталған ұқсас көлік құралдарын соларға жатқызу бөлігінде кеңейтілді;

2) Полицияның міндеті бекітілді, көлік құралын тоқтатқаннан кейін: көлік құралына кідірмей жақын келеді және егер көлік құралы жүргізушісінің «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын және (немесе) жол жүрісі қағидаларын бұзуы сертификатталған арнайы техникалық құралдармен және аспаптармен тіркелген жағдайда, жүргізушіге тиісті материалдарды танысу үшін оны көрсетеді;

3) Жүргізушілерге көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе басқару құқығынан айырылған адамдарға көлік құралын басқаруға беруге тыйым салынды;

4) түнгі уақытта (сағат 23-тен таңғы 06 сағатқа дейін) ауданаралық және халықаралық қатынастарда автобустармен тұрақты емес тасымалдар арқылы тасымалдауға тыйым алынып тасталды;

5) ішкі істер органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз көлік құралын тастап кетпеуге тыйым алынып тасталды;

6) көлік құралына аэрография салуға тыйым алынып тасталды;

7) мотоциклмен жүрген кезінде жолаушылар міндетті түрде мотошлемді пайдалану туралы талап енгізілді;

8) велосипедтердің жаяу жүргіншілер жолағымен жүруге тыйым салынды;

9) велосипед және мопедтердің жолмен қозғалу тәртібі реттелді

Велосипед жолы және велосипед жүретін жолақпен жасына қарамастан велосипед жүргізушілерге, сондай-ақ мопед жүргізушілерге рұқсат беріледі.

Велосипед жолы мен велосипед жүретін жолақ жоқ болған жағдайда мопед жүргізушілерге және 14 жастан үлкен велосипедшілерге жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен, сондай-ақ жолдың жиектерімен жүруге болады.

Барлық велосипедшілерге, оның ішінде 14 жасқа толмаған балаларға велосипедшілер велосипед жолы және велосипед жүретін жолақ болмаған кезде тротуармен немесе жаяу жүргінші жолымен жүруге болады, бірақ егер де ол жаяу жүргіншілерге жүру үшін қауіптілік тудырмаған жағдайда. Әйтпесе велосипедші түсіп велосипедті жетектеген жаяу жүргінші сияқты жүрісті жалғастыру тиіс;

10) бағдаршамның «+» тәрізді секциясы қолдану тәртібі көзделген;

11) жаңа жол белгілері енгізілді;

12) «Бұдырлар» таным белгісі жүргізушінің қалауы бойынша орнатылатыны көзделген;

Көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесіне Экономикалық тергеу қызметінің жедел қызметтері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел қызметтері, инкассация қызметтері, ұйымдасқан велосипедшілер топтарына ілесіп жүретін көлік құралдары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фельдшерлік қызметі енгізілді.

Сонымен бірге экономикалық тергеу қызметінің жедел қызметтері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел қызметтері, мемлекеттік фельдшерлік қызметі көлік құралдарында көк және (немесе) қызыл түсті жарқылдауық маягі орналасады.

Инкассация қызметтері, ұйымдасқан велосипедшілер топтарына ілесіп жүретін көлік құралдары сары немесе қызғылт сары түсті жарқылдауық маягімен жабдықталады.

Арнайы бетті дайындаған Нұрбек ОРАЗАЕВ


Асарлатып мәдениет үйін салуда

Күні: , 13 рет оқылды


Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды елді мекенінде мәдениет үйі жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру және жастарға рухани-мәдени тәрбие беру мақсатында ауыл тұрғындарының, соның ішінде кәсіпкер, шаруа қожалығы жетекшілерінің қолдауымен асарлатып мәдениет үйі салынуда. Болашақта кітапхана да осы ғимаратта орналасатын болады.


Көктерек  ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қабдолұлы мен аудандық мәслихат депутаты Руслан Сарбаевтың сөзіне қарағанда, 2015 жылы іргетасы қаланған клубтың биылғы жылдың соңына дейін төбесі жабылып, есік-терезесі орнатылмақшы. Жалпы, оны келер жылдың күзінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылысы толық аяқталғаннан соң бұл мәдениет үйі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің теңгеріміне берілмекші.

Бүгінгі күнге дейін осынау құрылысқа жалпы сомасы 1,5 млн. теңгедей қаржы жұмсалған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, бұл іске демеушілік жасағандардың ішінде Ақылжан Әбужалитов, Аманжол Қойшекенов, Қайыржан Ғатауов, Бауыржан Қажымов, Марат Серғалиев, Баубек Шайтов, Жүсіпқали Жолдыбаев, Темірхан Жұмағалиев, Абай Хасанов, Абылай Сансызбаев, Қайрат Боранбаев, Жангелді Мәмбетқалиев, Ілияс Әлжанов сықылды ел азаматтары бар. Олардың бұл ізгілікті істеріне ауылдастары дән  риза.

Үміткер  ОРЫНҒАЛИЕВ,

Сатыбалды  ауылы,

Қазталов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика