Мұрағат: 15.11.2017


«Тең құқық – тең мүмкіндік»

Күні: , 59 рет оқылды


2017 жылғы 17 қарашада са­ғат 11.00-де Батыс Қазақстан об­лысы прокуратурасы­ның ұйым­дастыруымен Батыс Қазақстан об­лысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқар­масының мәжі­ліс залында «Тең құқық – тең мүм­кіндік» акциясы аясында мүм­кіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру, олардың күнде­лікті өмірде кездесетін өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу мақсатында кездесу өтеді.


Көмек қолын созғысы келетін қайырым­ды жандарды Орал қа­ласы, Сарайшық кө­шесі 44/2 мекенжайында күтеміз. Кездесу туралы толық ақпаратты 50 52 32 телефоны арқылы (Ағеділ Бекжанов) алуға болады.


Қаржыгерлердің еңбегі қомақты

Күні: , 60 рет оқылды


Кеше облыс әкімдігінің «Астана» залында Ұлттық валюта – теңге және қаржыгерлер күніне орай салтанатты шара өтіп,  облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.


«Тәуелсіз еліміздің өзіндік на­рығы, қаржы айналымы қа­лыптасты. Бүгінде еліміздің қаржы жүйесі, экономикасы да­мып келеді. Қазақстанның дамуы Елбасының ішкі және сыртқы сарабдал саясатының арқасында, сонымен қатар бұл — халықтың үлкен жетістігі. Осы жетістіктің ішінде өздеріңіздің де үлестеріңіз бар. Қаржы са­ласының ардагерлерін, сала қызметкерлерін, баршаңызды төл мерекемен құттықтаймын», — деген Алтай Сейдірұлы жи­налғандарға мерекелік ақ тілегін білдірді.

Жиында БҚО бойынша қа­зынашылық департаменті бас­шысының орынбасары Арман Балғайшиев, Ұлттық банкі БҚ филиалы директорының орын­басары Сергей Родин, «Қазақ­стан халық жинақ банкі» АҚ-ның БҚО филиалының директоры Вадим Каблов, «Фортебанк» АҚ-ның Орал қаласындағы фи­лиалының директоры Сәкен Назаров, «Банк Центр Кредит» АҚ-ның Орал қаласындағы филиалының директоры Ғари­фолла Сүйербаев, қаржы сала­сының ардагері Асқар Хамитов облыс әкімінің қолынан мерекелік құттықтаухат алды.

Марапатталғандар атынан сөз алған Асқар Хамитов, ме­ре­ке­лік ша­раны ұйымдастырған об­лыс әкімдігіне алғыс айтты. «Әдет­тегі тірлікте жұмыстары көз­­­ге көп көріне бермейтін, елеу­сіздеу көрінетін қаржы са­ла­сының шаруасы өзге са­лалармен тығыз байланысты. 1995 жылғы облыс бюджеті бүгінде 15 есеге өсіп, 143 миллиард теңгеге жетті. Онда қар­жыгерлердің еңбегі зор», – деді ол. Ұлттық банк БҚ фи­лиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов мұндай кәсіби ме­рекенің ТМД-ның өзге елдерінде жоқтығын айтса, сала ардагері Борис Ізбасаров теңге­нің айналымға кіру тарихынан сыр шертті. Сондай-ақ БҚО бойынша қазынашылық депар­тамен­тінің басшысы Дархан Қуаны­шев әріптестеріне мерекелік жүрекжарды лебізін білдірді.

Шара соңы облыстық филар­мония әншілерінің мерекелік шашуына ұласты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Азаматтық қоғамды дамыту – ортақ іс

Күні: , 55 рет оқылды


Кеше  ҚР  Дін  істері  және  азаматтық  қоғам  министрі  Нұрлан Ермекбаевтың  қатысуымен  облыс  әкімдігі  жанындағы  үкіметтік емес  ұйымдармен  өзара іс-қимыл  және  ынтымақтастық  жөнінде  кеңес  отырысы  өтті.  Облыс әкімі  Алтай  Көлгіновтің  төрағалығымен  болған  жиынға ҮЕҰ,  саяси  партия,  мемлекеттік  құрылым  өкілдері,  аудан  әкімдері  қатысты.


– Азаматтық қоғамның рөлін арттыру – «100 нақты» қадам Ұлт жоспарындағы маңызды мақсаттардың бірі. Еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстары азаматтық сектордың қоғамдағы үлесімен тығыз байланысты. Қазір елімізде азаматтық қоғамның дамуы үшін мемлекеттік қолдау механизмдері нақтыланды. Яғни әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыстар, гранттар бөлу, ҮЕҰ-лардың кәсібилігін арттыру, ынталандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Былтыр ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды.

650 мың тұрғыны бар Ақ Жайық өңірінде 645 ҮЕҰ тіркелген. Соның 100-ден астамы белсенді қызмет атқаруда. ҮЕҰ-лардың белсенділігін арттыру мәселесін біраздан бері көтеріп келеміз. Биылдың өзінде 800 млн. теңгеге жуық қаражат мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінді. Бұл қаржы қоғамның әр түрлі топтарының мәселелерін шешуге бағытталды. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік құрылымдармен бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор. Өткен жылы болған облыстық ҮЕҰ форумының қорытындысына сәйкес азаматтық қоғамды дамыту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, биылғы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға өсті.

Былтыр тек төрт облыстық басқарма әлеуметтік тапсырыс негізінде қоғамдық бірлестіктермен бірігіп жұмыс істесе, ағымдағы жылы олардың қатары жетіге жетті. Өңірде 14 қоғамдық келісім кеңесі белсенді жұмыс істеп жатқанын да айта кету керек.

Жалпы алғанда, еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына батысқазақстандықтар да үлкен үлес қосуда, – деді жиынды ашқан Алтай  Сейдірұлы.

Содан кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында үлкен іс-шаралар қолға алынып жатқанын баяндады. Бұл бағдарламалық мақалада азаматтық қоғамның даму бағдары да айқындалған. Соның аясында министрлікпен бірнеше ірі жоба іске асырылуда. Оған мысал ретінде «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Атамекен» жобасын, оның ішіндегі шағын  жобаларды айтуға болады.

– Біз биылдан бастап еліміздегі қарапайым адамдарды толғандыратын мәселелер бойынша мониторинг жүргізуді қолға алдық. Үкімет басшысының қолдауымен басталған бұл шараға ҮЕҰ-лар да белсенді қатысып жатыр. Мониторинг бойынша қоғамның түрлі салаларына қатысты жинақталған мәселелер үкіметке ұсынылады. Одан әрі тиісті министрліктер мен ведомстволар оларды шешумен жұмыстанатын болады. ҮЕҰ-лардың ұсынысы бойынша біздің министрлік Премьерминистрге орталық және жергілікті атқарушы биліктің азаматтық қоғам өкілдерімен тұрақты кездесу кестесін бекітуді ұсынған еді. Ол қолдау тапты. Яғни жылына кем дегенде екі рет билік құрылымдары ҮЕҰ өкілдерімен кездесулері керек. Кездесулер кестесі министрліктің сайтына орналастырылды. Осы жерде айта кетер жайт, мұндай кездесулерге барынша маңызды әрі нақты мәселелер бойынша жан-жақты дайындалып келген жөн. Міне, бұл мысалдардан-ақ азаматтық қоғамның бізде қаншалықты алға басқанын, олардың билікке ықпалын көруге болады. Дегенмен де осы бағыттағы жұмыстар ауқымын кеңейту қажет, — деген Нұрлан Байұзақұлы ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлерімен де  таныстырып  өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан  Нарымбетов өңірдегі азаматтық қоғамды дамыту бағытында ағымдағы жылы басқармамен атқарылған іс-шараларға тоқталып өтті. Олардың арасында негізінен ҮЕҰ-ларды ынталандыру, қоғамдық шараларға тарту, отбасы құндылықтарын насихаттау, азаматтардың құқықтық санасын дамыту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы» аясындағы шаралар көрініс тапқан.

Жиын барысында сөз алған ҮЕҰ жетекшілері азаматтық қоғамды жетілдіру жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерін айтты. БҚО Азаматтық альянсының төрайымы Айгүл Туркинаның сөзіне қарағанда, бұл саладағы бәсекелестік төмен. Себебі, кәсіби ҮЕҰ-лардың саны аз. Сондай-ақ кейбір мемқұрылымдар ҮЕҰ-мен бірігіп жұмыс істеудің мәні мен маңызын түйіндейді. Ал «Бәйтерек» қоғамдық ұйымының төрайымы Меруерт Санкаева азаматтық қоғам жөнінде БАҚ-тарда, әсіресе, республикалық ақпарат құралдарында көптеп материал ұйымдастыру қажеттілігін тілге тиек етті.

Кеңес отырысының соңы марапаттау шарасына ұласты. Үкіметтік емес секторды дамытуға үлес қосқан бірқатар ұйымдар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі мен облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Олардың ішінде БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамының төрағасы  Жұмажан Қожжанов, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, «Ақотау» отбасы орталығының төрайымы Алтынай Есқалиева, «Аруана-Жайық» қоғамдық қорының төрайымы  Ұлдай  Сариева бар.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


«Дін және ұлттық тарих»

Күні: , 98 рет оқылды


Кеше  облыстық  қазақ  драма  театрында «Дін  және ұлттық  тарих»  тақырыбында  республикалық  ғылыми-тәжірибелік  конференция  өтті.  Оған  ғалымдар  мен  дінтанушылар,  аудан  әкімдері, мемқұрылым өкілдері ҮЕҰ-ның  өкілдері, студенттер  қатысты. Конференцияға  ҚР  Дін  істері  және   азаматтық  қоғам  министрі Нұрлан  Ермекбаев  пен  облыс  әкімі  Алтай Көлгінов қатысып, сөз  сөйледі.


Алқалы басқосуды М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті, тарихшы,  ғалым Жаңабек Жақсығалиев ашып,  жүргізді.

– Құрметті конференция қонақтары! Бізде бүгін маңызды жиын өтуде. Еліміздің дін саласындағы танымал ғалымдар, мамандармен бірге Ақ Жайық өңіріне бет бұрып келгеніңіз үшін Нұрлан Байұзақұлы сізге және құрметті қонақтарға алғыс айтамын!  Батыр Махамбет, домбырасынан күй төгілген Құрманғазы мен Динаның және өзге де жайсаңдардың еліне қош келдіңіздер! Қазір өңірімізде жасампаз еңбек салтанат құруда. Жаңадан кәсіпорындар ашылып, жүздеген шақырым жол салынуда. Көп қабатты үйлер бой көтеріп, жаңадан жұмыс орындары ашылуда. Бұл – Елбасымыздың сан алуан бастамасының өңірде жүзеге асырылуының нақты көрінісі. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – өзекті де өміршең  құжат. Содан туындайтын бір мақсат — елдің әр азаматы бүгінде прагматик, білімді, білікті болуы тиіс. Әсіресе, адамдардың нано және биотехнологияларға, «жасыл экономикаға» назарын бұру қажет. Себебі – келешек сол салалардың еншісінде. Халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесінің де халыққа бергені мол. Бүгінгі мәселе туралы айтсам, дін – адам үшін аса маңызды нығмет. Сондықтан ол тек жасампаздық жолында қызмет етуі керек. Қазір бұл бағытта облысымызда толымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 14 ақпарат тобының күшімен күні бүгінге дейін 302 шара іске асты. Дін саласында 12 үкіметтік емес ұйым заң шеңберінде әрекет етеді. Сараптамашылардың пайымдауынша, өңір халқының 86 пайызы діннен хабардар. Демек, барлық мүдделі тараптарды, соның ішінде дін өкілдерін де қатыстыра отырып, қоғамда ұлтаралық және дінаралық татулық пен ынтымақтың қалыптасуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде Нұрлан Ермекбаев осы конференцияны ұйымдастырғаны үшін облыс әкіміне алғыс айтып, Қазақстан үшін ұлтаралық және дінаралық ынтымақтың маңызды екенін айрықша атап өтті. Оның айтуынша, Отанымыз – түрлі ұлт пен дінді ынтымақ жолында біріктіріп отырған айрықша аймақ. Жалпы, Қазақстандағы ислам – далалық исламның жарқын көрінісі. Яғни ұлттық салт-дәстүр мен дін өзара біте қайнасып кеткен. Сондықтан қазақта дінаралық, ұлтаралық қақтығыс болып көрген жоқ. – Міне, ата-бабамыздан қалған сол ұлы рухани мұраны көздің қарашығындай қорғау қажет. Рас, кей қандастар жат ағымның жолында жүр. Алайда түптің түбінде олардың дәстүрлі дінімізге кері оралатынына сенемін. Бұған дін және діни бірлестіктер туралы заңға енгізілетін өзгерістердің септігін тигізері сөзсіз. Алдағы мақсат – Қазақстанда исламтанудың жаңа модельдік үлгісін қалыптастыру, — деді сөзін аяқтай келіп Н. Ермекбаев.

Әрі қарай конференцияға қатысушылар ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары Серікбай Ораздың «Қазақ руханиятын жаңғыртудың жаңа кезеңі», Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының «Дін және діндарлық: кеше және бүгін», Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің  «Яссауи» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Досай Кенжетаевтың «Дін және мәдениет қатынасындағы болмыстық тұжырымдар», Атырау облысы дін істері басқармасы «Ақпараттық-талдау» орталығы КММ-ның басшысы Мейірбек Құбышевтың «Атырау облысындағы ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарының бағыт-бағдарлары туралы», «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің исламтану мамандығының докторанты Нұржан Стамбакиевтің «Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни  сауаттылықтың мәні», М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті Жаңабек Жақсығалиевтің «Әулиеге құрмет: шындық пен күмән» атты баяндамаларын тыңдады.

Конференцияның жұмысы түстен кейін секциялық отырыстарда  жалғасын  тапты.

   Серік   ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Ғибраты мол рухани кеш

Күні: , 65 рет оқылды


Сейсенбі күні Оралдағы облыстық қазақ драма театрында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен Мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, қаламгер-ақын Есенғали Раушановтың «Еркем, Жайық…» атты шығармашылық кеші өтті. Әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар алаштың біртуар азаматының мерейлі 60 жасқа толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде ақынның шығармашылық кештері өтіп, енді міне, кезек Ақ Жайық өңіріне де келіп жетті.


Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі Есенғали Раушановтың Жайық жұртына қонаққа келуі ілуде бір көрініс табатын құбылыс. Сондықтан ақынның жыр кешіне әдебиетіміздің әлеуетті өкілдеріне қоса, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы мүшелері, жергілікті қаламгерлер мен ақын-жазушылар, Атырау, Алматы қалаларынан келген жас ақындар, жалпы өңірдегі өлең сүйер, өнер сүйер қауым қатысып, залда ине шаншар жер болмады.

Кеш шымылдығы Есенғали ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған деректі фильммен ашылды. Бүгінгі қоғамның, шығармашыл ортаның барометрі атанған арқалы ақынды Жайық жұртшылығы атынан мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов аталмыш кештің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын жеткізді.

– Ақжайыққа ат басын бұрып келген ақын-жазушылар, әнші-жыршылар, күйшілер біздің өңірдің аудиториясының ерекше екендігін айтады. Себебі бұл қасиетті топырақта негіз бар. Күй атасы Құрманғазы мен Дина, алты алашқа ән оздырған Мұхит, оның бер жағында Жұбан, Қадыр сынды қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілдерінің қатары сиреген емес. Осындай бай өңірге арнайы келген Есенғали Раушановтың да қазақ поэзиясындағы орны ерекше. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты өнер мен мәдениет болса, мұның бәрі біздің өсіп-өркендеуіміздің көрінісі деуге болады. Экономика ел дамуының бір қанаты болса, руханият – екінші қанаты. Бір-бірінсіз дамуы мүмкін емес», – деген өңір басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, ықылас гүлін ұсынып, сый-құрмет көрсетті.

– Бесігін әнмен тербеген, жоқтауын жырмен айтатын қазақ деген халықтың қашанда сөз өнерінде өзіндік орны ерекше. Өзге ұлттардан бөлек оның айтыс деген өнері бар. Ол баршаға аян. Оны ендігі жерде егемендік алғалы әлем мойындайтын жағдайға келдік. Оның өзі ұлы шүкірлік. Бес ғасыр бойы Қыз Жібек дастанын жырлаған, сонау ғасырдан ұлы өзен Еділ – Жайық болып, ұлттың мақтанына да, қасіретіне де айналған, оның жырынан мәңгі орын алған өлкеге бүгін қайта жаңғырған дәуірде жас ақын, жаңа ақын, кезеңнің мықты ақындарының ат басын бұрмауға қақы жоқ. Бүгінгі біздің әдебиетіміздің үлкен мақтанышы, өзгелермен шатастыруға болмайтын, өзгелермен қатар қоюға болмайтын, көп қолжазбаның ішінен өзінің даусымен танылатын ақын Есенғали Раушанов келіп отыр. Тайырлардан бастап, Жұбан, Қадыр дүниеге келген топырақта әннен де, күйден де, жырдан да ерекше тұрған осы жерге Қасымның өзін Ресейден келе жатқанда туған Қарқаралысына дейін жеткізбей осы жерде ұстап қалған Ақжайық қыздарының Жібектен қалған сұлулығы, мықтылығы. Біздің қыздар өлеңді тыңдайды, жастанып жатады, жатқа оқиды. Сөз тыңдайтын, сөздің қасиетін білетін жерге Есенғали Раушановтың келуі заңдылық. Есенғалидың жырларында даланың ботасынан аруанасына дейінгі түйенің мінезі бар. Қазақтың мінезі бар. Ол өлеңді заманына қарай өзгертіп не жұмбақтап жазбайды. Арудың бұрымындай әдемі өрілетін қазақтың қара өлеңінің ұйқасымен жазады. Соның өзі оның ұлтжандылығы, рухани жаңғыруымыздағы ұлтқа деген бұрылыстың үлкен көрінісі. Оның сонау Желтоқсан көтерілісі кезінде дүниені дүр сілкіндірген «Қара бауыр қасқалдақ» атты өлеңінің өзі неге тұрады?! Есенғалидың әкелген жаңа жанры – «Құстар – біздің досымыз». Жас ұрпақ осындай рухты жырларды оқып өсуі керек. Азаматтың алпысы, дәуренінің тал түсі. Ендеше, тал түсің құтты болсын, – деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева.

Поэзия әлеміне енді ғана қадам басқан балаң шағында «Есенғали ауылда қой бағып жүр, Есениндей болсам деп ойланып жүр» деп армандаған Есенғали Раушанов ешкімге еліктемей, солықтамай-ақ, іштей түлеп келіп, қазақ өлеңін жаңа биікке көтерді. Қазақы қара өлеңге жаңаша түр беріп, ұлттық бояуды әлем әдебиеті үлгілерімен шебер астастыра білген нағыз суреткерге айналды.

Сахна төріне көтерілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал қаламгер-баспагер Мереке Құлкенов «Зейнолла Қабдоловша айтсақ, Есенғали Раушанов қазақ поэзиясындағы бүтін бітім. Баяғы шалдар көрген, басын жел жеп, жаңбыр жуған тастар болады ғой, бүп-бүтін. Сол мынау біздің Есенғали. Есенғалиға балаң деген сөз жараспайды. Ол «қазақ поэзиясында сендер барсыңдар ма деп келген жоқ. Әй, мен бармын, қайдасыңдар?» деп келді. Оныншы класс оқып жүргенде Есенғалидың топтама өлеңдері шықты. Сонда ұлы ақындарымыздың бірі Жұмекен Нәжімеденов «мына баланың аяқ алысы бөлек, шынымен бала ма?» деп басын шайқап, тамсанған екен. Шын талант өзінің мінезімен, талантымен, тентектігімен өмірге келе қалатын сияқты. Оның сөздік қорының молдығына қазақ әдебиетінің корифейлері Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова таңғалып отыратын», – деп баға берді.

Келесі сөз кезегін алған Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Светқали Нұржанов «Кім біледі түркінің құс көңілін» деп өзі жырлағандай, құс көңіл ақынның Есілден басталған тойы Жайықтың жағасында жалғасып жатуы заңды деп көрерменді бір серпілтті.

– Есенғали жырларынан ұлы жыраулардың ұлық сарыны анық сезіледі. Осыдан алты жүз жыл бұрын Қарға бойлы Қазтуған жыраудың Еділ мен Жайық бойынан бармағын қарс-қарс шайнап, қалай кеткені елдің жадынан өше қойған жоқ. Шылбырын сүйретіп, шынжырын үзіп кеткен Қазтуғанның, міне, сол жыры араға ғасырлар салып, Есенғалидың көкмойнақ тұлпарына мініп, Есенғали болып қайта оралды, – деді.

Ақынның өзі «Бар жазғаным бір том өлең» десе де, газет-журналға өте сирек сұхбат берсе де, өлең сүйер қауым, әсіресе, жас буын оның отты жырларын іздеп жүріп оқиды, еліктейді. Шығармашылық кеште Есенғали Раушановтың сөздеріне жазылған әндер орындалып, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дарынды студент-жастары ақынның өлеңдерін оқыды.

Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды,

Саудаға салмай өсті сүйіп жырды.

Өмірде кейін жүрді ол осылай,

Өмірде ол осылай биік жүрді, – деп ақынның өзі жырлағандай, Есенғали Раушановтың қиналғанда да, қуанғанда да өлеңнен басқа сырласы жоқ.

Кеш соңында сөз алған Есенғали Раушанов «Ақын халықтың алдына шығып, өлең оқыса, бірдеңе үйрету үшін оқымайды, халықтан бірдеңе үйрену үшін оқиды. Сондықтан қай кезде де басымды иіп құрмет тұтатыным, мені бағалайтын, сынайтын, қолдайтын, қолпаштайтын өздеріңіз. Бойында жарты қасық қазақтың қаны бар әрбір азамат үшін Ақ Жайықтың орны бөлек. Маған ерекше қымбат. Сіздер аман жүріңіздер», – деп шынайы ризашылығын білдірді.

Түйінін айтқанда, «Ерке, Жайық…» сұлу сөзге сусап жүрген қалың көрерменге ұмытылмас әсер сыйлаған ғибраты мол рухани кеш болды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Компьютердің зиян-залалы

Күні: , 77 рет оқылды


Қазіргі әлемді теледидар мен компьютерсіз елестету қиын. Әрине, компьютердің пайдасы шаш-етектен. Ғаламтор арқылы сансыз ақпарат алуға мүмкіндік береді. Әйткенмен, денсаулыққа зияны да мол. Шамадан тыс пайдаланған кезде көз жанарының солуы мен омыртқа ауруларына әкеліп соғады. Ескі үлгідегі дөңес  экранды компьютерлер зиянды сәулелерді көп таратады.


Көзге ауырлық түседі

 

Монитордың алдында отырған адам көз алдындағы экранның үнемі жыпылықтап тұратындығын сезбейді. Бұл көз жанарына өте зиян. Ал енді сондай монитордың алдында балаңыз қараусыз және ұзақ уақыт отырып қалса, көзіне салмақ түседі. Балалардың көздері ересектердікіндей төзімді болмайды. Көз бұлшық еттерінің шаршауы көздің қызаруына, көру қабілетінің нашарлауына әкеліп соғады. Одан кейін көзге арналған жаттығу мен жалпы дене жаттығуларын жасап, таза ауада серуендеген абзал. Мысалы, алыста тұрған бір затқа қараңыз, кейін мұрныңыздың ұшына қараңыз. Осылай үш-төрт рет қайталау керек. Бұл жаттығуды ата-анасы немесе ересектердің бірі баламен қосылып жасағаны ләзім.

Еңсесін тік ұстай алмау

Компьютер алдында көп уақыт жайсыз отыру мүсіннің және омыртқаның қисаюына әкеліп соғады. Оның алдын алу үшін компьютер мониторының алдында 20 минуттан артық отыруға болмайды.

Саусақ буындарының аурулары. Қолмен тышқанды ары-бері қозғалту мен жылдам әрекеттер атқару (ойын ойнағанда, мәтін тергенде) кезінде саусақ бұлшық еттеріне күш түседі, шаршайды.

Тыныс алуы қиындайды. Екі шынтақты алға қарай созған кезде кеуде қуысының ауаны жұту қызметі қиындайды. Еркін тыныстамаған баланың да басы ауырып кетеді. Оған қоса арқа бұлшық еттері де шаршайды.

Остеохондроз. Компьютерде ұзақ уақыт бойы отырғанда иық пен еңсені тік ұстамау мен түзу отырмаудың соңы остеохондрозға әкеп соғуы мүмкін.

Компьютерлік ойындардың арасында балалардың психикасына кері әсер ететін ойындар бар. Жалпы, балаңыздың қандай ойынға әуестігін мұқият сараптап шығу керек. Балаларға теріс сипаттағы, яғни мазмұны өлім, атыс-шабыс, агрессия және т. б. насихаттайтын ойындарды ойнатуға болмайды. Жас буын компьютердің шынайы өмірді алмастыра алмайтынын жіті түсінуі керек. Табысты адам компьютерді тек қана жұмыс немесе сабақ кезінде пайдаланады.

Мөлдір ҚҰРМАШЕВА,

БҚОСӨСҚО «Жалын» жастар денсаулығы

орталығының әлеуметтік педагогы


Ажары тайған аялдамалар…

Күні: , 58 рет оқылды


Қара жолдың бойындағы аялдамалардың тіршіліктегі орны һәм маңызы қандай екенін айтудың өзі артық та шығар?! Өкінішке қарай, бұлардың басым көбінің жайлылығы мен тазалығы сын көтереді деу қиын-ақ. Көп жерде солай. Ал бұған кінәлі кім?


Мәселен, Ақжайық ауданының аумағындағы аялдамалардың ұсқынсыз, аянышты халіне көз жүгіртсеңіз, біздің мәдениетіміз, қоғам мүлкіне жанашырлығымыз, ортақ дүниеге көзқарасымыз қандай деңгейде екені байқалып қалатындай.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының Чапаев селосында орналасқан №40 жол пайдалану бөлімшесіне «Орал – Атырау» тасжолының 73-шақырымынан 214-шақырымына дейінгі және «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов» бағытындағы аутокөлік жолын қадағалау жүктелген. Жолды күтіп-баптау, яғни ағымдағы жөндеу, қыс мезгілінде қардан тазалау, белгілерді жаңарту секілді жолшылардың тынымсыз тірлігі жыл бойы жалғасып жатады. Түптеп келгенде, соның бәрі жүргізушілердің, жолаушылардың амандығын, қара жолдағы жайлылықты қамтамасыз етуге арналады. Көлік иелері көктайғақ кезінде апатқа ұшырап қалмауы үшін әлденеше жүк көлігіне тиелген құм аралас тұз бірінші кезекте жол бойындағы қауіпті деген жерлерге себіледі. Ұйтқыған боран күндерінде трактор, автогрейдерлер Шапдаржап пен Алғабас, Чапаев пен Қазталов ауылдарының арасын қардан тазалауға жұмылдырылады.

Аталған ұжым қақаған аяздарда жол бойында тұрып қалған көлік иелеріне де көмек қолдарын ұсынады. Бұл үшін Чапаев пен Тайпақ ауылдарында жылыту пунктері жұмыс жасайды. Ыстық тамақ, бірнеше адамдық жатын орын қарастырылған. Мұндай жағдайға көбіне ауыр жүк көліктерін тізгіндеген шетел азаматтары тап болып қалады екен.

Ал көктем шыға бөлімшенің жұмысшы қызметкерлері бірнеше айлық ұйымдастырып, жол бойын тазалауға, белгілерді жаңартуға кіріседі. Сала мамандарының сөзінше, жол белгілері жыл сайын ауыстыруды қажет етеді. Себебі, ауылдар маңындағы белгілерді сотқарлар таспен атқылап немесе майыстырып кетеді екен. Мұндай белгілер аңшылардың да «нысанасына» айналған. Қаруланған аңшысымақтар ой-қырды шарлап, қанжығалары майланса да, жолдағы белгілерді атқылауды тоқтатпай келеді. «Оған дәлел – белгілерді тесіп өткен оқтың іздері», – дейді бөлімше басшысы Асхат Қойшығұлов.

Міне, жолды күтіп-баптау, жол қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан қыруар қам-қарекетті бағаламаудың көрінісі. Бұдан кімге пайда, кімге зиян?

Аялдамаларға қайта оралсақ, қабырғаларға бейәдеп сөздер жазып, анайы суреттер салып кету тоқшылықтан, еріккендіктен емей, немене?! Қабырғалары жазылған адам есімдерінен көрінбейтін аялдамалар аз емес. Ал ішкі тазалығын сөз етсеңіз, жүрегіңіз айнып кетеді-ау. Толған бос шөлмек, темекінің қораптары мен тұқылдары… Тап бір настықтың табылмас үлгісі. Тағы не айтуға болады десек, оны өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз. Аялдамалардың сарғайған іргелерін көріп, жолаушылардың дәрет үшін көп алысқа бармайтынын байқайсыз. Қайда барсын, себебі ол жерлерде салынған әжетханалар жоқ. Сондықтан аялдаманы шыр айналып жүргендерді көргенде, әжет-ханалардың орны қандай екенін бағамдай беріңіз. Аудан аумағындағы Алғабас пен Шабдаржап ауылының арасындағы 238 шақырым аралығында орналасқан 18 аялдаманың жайы осындай. Неге? Себебі, республикалық маңызы бар жолдардың құрамына кіретін Орал – Атырау тасжолын күрделі жөндеуден өткізгенде аялдама маңына әжетхана салу жобаға енбей қалыпты. Сонда республикалық маңызы бар жолдарда жүретін жолаушылардың әлгі «шаруалары» маңызды емес пе?

Осы жолмен күніне орта есеппен үш мыңға жуық көлік өтеді екен. Сонда «қажет» үшін қанша адамның тысқа шығатынын есептей беріңіз. Жол бойындағы әжетханасы бар дәмханалардың аралары тым алшақ. Бұл мәселе көпшілікті ойландыратыны айтпаса да түсінікті. Асхат Бекежанұлы осы бір мәселені қозғап, жоғарғы жаққа хат та жазған. Бірақ қозғалыс жоқ. Басқа облыстардағы жол бойындағы қолайлылықты көргенде, бізге неге бұл істі тезірек қолға алмасқа деп ойлайсыз ғой?! Әйтпесе, аялдамалардағы дақтарды кетіру үшін жыл сайын қыруар қаржы кетіп жатыр.

№40 жол пайдалану бөлімшесіндегі 22 жұмысшы-қызметкермен қоса Тайпақ ауылындағы пункттегі алты жұмыскер жол бойының тазалығы үшін жұмылып жүр. Мысалы, олар жаз маусымында жол жиегіндегі шөпті 6-7 рет шабады. Аялдамаларда орналасқан қоқыс салғыштарды толған сайын тазарту осы қызметкерлердің жұмысы. Бірақ олар жолаушылардың, жүргіншілердің салақтығы шектен шыққандықтан, жиі-жиі тазартуға үлгере алмай жатады. Қараңыз, шашылған неше түрлі қағаз, қораптар, баклажкалар… Осындайда көмек қолын созатын ауылдық округтер жоқ емес. Бударин, Чапаев, Мерген, Тайпақ ауылдық округтерінің әкімдіктері өз ауылдарының төңірегіндегі аялдамалардың маңын таза ұстауда көпке үлгі болып келеді. Қорыта айтқанда, тұрғындарға көрсетілер қызмет сапасын арттыру бұл қарапайым халықтың мемқұрылымдарға деген сенімінің артуына негіз болары хақ. Сонымен қатар жолаушылар мен көлік иелері де мәдениетке, тазалыққа жете мән бергені дұрыс.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН


Жолаушыларға обал болып тұр…

Күні: , 63 рет оқылды


Қаланың қайнаған тірлігінде қоғамдық көліктің алатын орны зор. Оның қызметін еңкейген кәріден құндақтаулы сәбиге (әрине ата-анасымен) дейін пайдаланады. Ал, біз сөз еткелі отырған №12 бағытта қатынап, қаланы Подстепный және аэробекетпен жалғайтын автобус.


Әдеттегідей таңертеңгі уақытта жұмысқа, жоғары, орта оқу орындарына, мектепке, балабақшаға бет алған үлкенді-кішілі жолаушылар №12 автобус бағыты бойынша қала мен Подстепный ауылына қатынайды. Аталған автобустар, өте шағын әрі көбі тозыңқыраған, халыққа мүлдем қолайсыз. Үнемі жолаушылардың тең жартысы жолда қалып, қашан мінсең де бір-бірімен жабысып, қыстырылған адамдар, күнде еститінің жолаушылардың арасындағы ұрыс-керіс. Оған қоса №1, №2, №3 саяжай аялдамалары деп аталатын жерлерден мінгесетін халықтың қалың нөпірі автобусқа үнемі сыймайды. Қарап тұрсаң, жаның ашиды. Тіпті, обал-ақ. Мектепке баласын жетектеген ата-аналар, өрімдей студент қыз-жігіттеріміз амалсыздан автобуста ине шаншар орынның жоқтығынан, келесі автобусты күтуіне тура келіп жатады. Автобустың өзі араға 15-20 минут уақыт салып, күттіріп қоятыны тағы бар. Кейде жол бойынан такси ұстап, күндегісін күнде 100 теңгесін жоюмен болады. Қарап тұрсаңыз, күн сайын 100 теңгені жұмсау қарапайым қара халыққа оңай тимесі кәміл. 100 теңге түгілі, қазір автобустың ақысы тағы өсті, ол аздай қоғамдық көліктің ақысы өскесін, жеке таксилердің ақысы өспей қайда барсын?!

Осы №12 автобусқа қариялар да көп мінеді. Сондайда орынның босамауынан, тіпті қозғалуға, әрі бері бұрылуға мүмкіндіктің жоқтығынан автобус теміріне асылып, кетіп бара жатады. Әрине, бұл жерде жастар орын бермейді деген түсінік тумасын. Бар орындардың өзінде жасы үлкендер, аяғы ауыр әйелдер, ана мен балалар отырады. Сондықтан да лажы болса, тұрып баруға мәжбүр. Кейде үлкен шапшаңдықпен келе жатқан автобус тежегішті басып, кілт тоқтаған кезде, үлкен кісілердің, жас балалардың құлап, азан-қазан болып жататынын да жиі көреміз. Шекесі тырысып келе жатқан жолаушылар, жүйкесі жұқарып келе жатқан көлік жүргізушімен, кондуктормен қызыл кеңірдек болып жататын сәттер көп.

Сонда дейміз-ау, қарайған халықты (жолаушыларды деп түсініңіз) күн сайын бейнетке салып қойғанша, осы №12 бағытқа үлкен-үлкен автобустар шығаруға болмай ма? Әйтпесе, жолаушыларға обал ғой…

Гүлфия ҚОЛҒАНАТОВА,

«Орал өңірі»


Иранға қой еті жөнелтілді

Күні: , 71 рет оқылды


Сейсенбі күні Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС өндірген қой еті Иран еліне жол тартты. Өңірден үшінші мәрте жөнелтілген ет төрт тәулікте Иранға жетіп, дүкен сөрелерінен табылмақ.


Өткен жылы аталмыш компания 10 мың тонна ет өңдеуге қауқарлы мал соятын цехы бар кешенді іске қосқан болатын. Кешен шикізат қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және 100-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Пайдалануға берілген кешен өңірдегі ауыл шаруашылығын өңдеу және азық-түлік өндірісін индустрияландырудың екінші бесжылдығының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жоғары технологиялы өндірістерді дамыту ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырары сөзсіз.

Экспорттаушы компания өкілінің айтуынша, Иранда біздің өңірде өндірілген қой етіне деген сұраныс жоғары. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бері жөнелтіле бастаған қой етін жыл соңына дейін 200 тоннаға жеткізу туралы келісімшарт жасалған. Иранға жөнелтілген 18 тонна вакуумдалған қой еті мұздатылған түрінде жіберілді. Болашақта сиыр етін де осы елге экспорттау туралы  келісім  жүргізілуде.

– Иран елі Қазақстанда, соның ішінде осы өңірде өндірілген ет өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. «Кублей» компаниясындағы ет өндіру процесімен толықтай танысқандықтан, осы кәсіпорынмен келісімшартқа отырдық. Бұл жерде мал мұсылмандық тәртіптермен, халал қылып сойылып өңделетіндіктен, біз қойған талаптарға толықтай сай болып отыр. «Кублей» компаниясында өндірілген ет мұздатылған күйде болғандықтан көлікпен жеткізуге өте қолайлы. Ол жаққа апарылған сапалы ет өнімдері халықтың көңілінен шығуда, – дейді «Zira Et» ЖШС экспорттаушы компанияның өкілі Заур Оружов.

Сонымен қатар өңір шаруалары өсірген ірі қара малының етіне шет мемлекеттерден сұраныс көп. Әсіресе, көршілес Ресей елі табиғи таза сиыр етін қабылдауға  мүдделі  болып  отыр.

– Бүгін «Кублей» компаниясы қой етінің үшінші партиясын Иранға жіберді. Бұл – экспортты жолға қойған өңірдегі екінші кәсіпорын. «Батыс Марқа Ламб» компаниясы ұшақ арқылы 18 тоннадан үш мәрте салқындатылған қой етін жөнелтті. «Кублей» компаниясы да бұл елмен келісімшартқа отырып, мұздатылып, вакуумдалған қой еттерін жіберуде. Бұл компанияның әр аудандарда өз өкілдері бар. Сол жерден тірілей қабылданған қой осы мал сою бекетіне жеткізіледі. Осы жерде мал мамандарының, имамның қатысуымен мал халал сойылады. Қой төшкелері сұранысқа байланысты әр түрлі температурада салқындатылады. Тапсырыс берушінің қалауына орай тұтас төшкелей немесе бөлшектеліп, қажет болса вакуумдалып дайындалады. Қой етіне деген сұраныс артуына орай шаруалармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, облыста қой санын көбейту бағытындағы істер атқарылуда. Шаруалар осы мал сою бекетіне өз ұсақ малдарын әкеліп, өткізіп, пайдасын көреді. Сонымен қатар етке өткізілген әр қойдың басына мемлекет тарапынан 1500 теңге демеуқаржы төленеді. Бұл мал өсірген қожалық иелері үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік  Есенғалиев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Жоба кері қайтарылды

Күні: , 74 рет оқылды


Таяуда  Шынарлы (Чинарев)  кенішін  игеріп  жатқан «Жайықмұнай»  ЖШС-ның  өндірістік  базасында  БҚО  бойынша  экология  департаменті  жанынан  құрылған  мемлекеттік экологиялық сараптаманың  сарапшылық  кеңесінің  көшпелі отырысы болды.


Биылғы 13 қыркүйекте мемлекеттік экологиялық сараптамасының қарауына «Жайықмұнай» ЖШС-ның атмосфераға ластағыш заттардың шектеулі-рауалды шығарындылары (ШРШ) нормативтерінің түзетілген жобасы түскен болатын. Жиында  осы  мәселе  қаралды.

Кеңес отырысын ашқан аталмыш серіктестіктің бас директоры Жомарт Дәркеев кенішті игеру басталған жиырма жылдай уақыт ішінде «Жайықмұнай» өзін ҚР заңнамаларын құрметтейтін, қоршаған ортаны қорғауды назардан тыс қалдырмайтын компания ретінде көрсеткенін тілге тиек етті. Мұндай ашық пікіралмасу шарасының олар үшін де тиімді тұстары көп. Сол себепті «жайықмұнайлықтар» алдағы уақытта да көшпелі отырыстарды ұйымдастыруға мүдделі.

Содан соң сөз алған БҚО бойынша экология департаменті басшысы, мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңесінің төрағасы Ербол Қуанов сараптама қарауына түскен жобаларды қазір кабинетте емес, өндіріс нысаны басына барып қарау тәжірибесі қолға алынғанын жеткізді. Жобада көрсетілген іс-шаралар қаншалықты жүзеге асып жатқанын көргеннен кейін барып шешім қабылданатын болады.

– Үлкен жобаларды кабинетте талқылаған кезде жобалаушылардың, инженерлердің сызбаларын көріп, кейбір жайттарға түсінбей қалатын кездер болады.

Ал оның бәрін көзбен көру басқа әсер береді. Яғни көшпелі отырыс кеңес мүшелеріне, департамент мамандарына нақты жағдайды бағамдауға, объективті шешім қабылдауға мүмкіндік беретіні анық. Сөздің шыны керек, біраз жылдан бері бұл мәселемен дендеп айналысып келе жатқан мамандарымыздың ішінде өндіріс нысандарын көрмегендер де бар. Бұл шара олар үшін де маңызды деп ойлаймын, – деді Ербол Қуанов.

Айта кету керек, аталмыш компания 2017-2018 жылдарға атмосфераға ластағыш заттардың ШРШ нормативтері жобасына түзету енгізіп отыр. Ол түзету ластаушы заттар шығарындыларының көздері бар жаңа нысандарды іске қосуға  байланысты орын алған. Ұсынылған ШРШ нормативтері жобасына сәйкес «жайықмұнайлықтар» тарапынан сұралып отырған лимит көлемі 2018 жылға 14 888,5393 тоннаны құрайды.

Жиын барысында «Жайықмұнай» ЖШС мен жобалаушы компания өкілдері мәлімдегендей, кеніштен атмосфераға шығарылатын ластағыш заттардың көлемін азайту бағытында іс-шаралар алынуда. Олардың арасында жоғары герметикалық, буды рекуперациялау жабдықтары, ілеспе газдың жану мерзімін қысқартатын, скважинадағы көлденең алаулардың көлемін азайтатын қондырғылар бар. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары кеніштегі  ГТЭС-та өндірілген электр қуатын пайдалану арқылы жүргізілуде. Сондай-ақ технологияық пештердің дизель отынынан газға ауысуы ауаға шығаратын ингредиенттердің мөлшерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Мұндай ізгі бастамаларға оң баға берген сарапшылық кеңес мүшелері атмосфераға шығарылатын ластағыш заттардың көлемін азайту керектігіне тоқталды. Нәтижесінде жобаны қайта қарау үшін «Жайықмұнай» ЖШС-ның нормативтік құжатын кері қайтару туралы шешім қабылданды.

– Жаңа сарапшылық кеңес мүшелері айтып өткен мәселелер орынды. Қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар көлемін тағы да төмендету бағытында серіктестік ішінде компания басшыларының, мамандардың қатысуымен үлкен жиын өткіземіз. Сол жиын қорытындысы сарапшылық кеңес мүшелерінің де, біздің де техникалық сұраныстарымызды қанағаттандырады деп ойлаймын, – деді отырыстан соң бізге сұхбат берген «Жайықмұнай» ЖШС-ның департамент басшысы Анастасия Григорьева.

Шара барысында сарапшылық кеңес мүшелері кеніштегі өндіріс нысандарының жұмыстарымен танысты. Сарапшылық кеңес төрағасы атап өткендей, жалпы «Жайықмұнай» ЖШС экология мәселесіне барынша мән беріп келе жатқаны байқалады. Кеніш аумағы таза, жасыл желекпен көмкерілген. Сол себепті бұл жайт өзгелерге  үлгі  болуы  керек.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Зеленов  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика