Мұрағат: 08.11.2017


Сақтандыру жарналары қалай төленеді?

Күні: , 78 рет оқылды


Елбасының  «Ұлт  жоспары  –  100  нақты  қадам»  бағдарламасының  80-ші  қадамында  берілген тапсырмаға сәйкес елімізде «Міндетті  әлеуметтік медициналық  сақтандыру  туралы» заңы  қабылданып,  медициналық  сақтандыру  жүйесін  енгізу  жұмыстары  басталды.  Аталмыш  заңның  30-бабының  8-тармағына  сәйкес  аударымдарды  және  жарналарды  төлеудің  толықтығын  және  уақтылығын   бақылауды  мемлекеттік  кіріс  органдары  жүзеге асырады.  Осыған  байланысты  БҚО  бойынша мемлекеттік  кірістер  департаментінің  түсіндіру  жұмыстары  басқармасының  басшысы  Жанғабыл  Сағынов  бірқатар  сауалға  жауап  берді.


– Алдағы жаңа жылдан бастап бас ауырып, балтыр сыздаса, емханаға сақтандыру полисімен барамыз. Өйткені 2018 жылдан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, ендігі жерде азаматтар медициналық көмекті арнайы қорға жиналған қаражат есебінен ғана ала алады. Ал қорға сақтандыру жарналарын азаматтардың жұмыс беруші мекемелері төлейді. Бұл жаңа реформа кезең-кезеңмен іске асырылады.

2018 жылдан кейін жұмыскерлердің өздері де жарна төлеуге кіріседі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігі  негізінде  жұмыс  жасайды.

– Жанғабыл Қарлыбайұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу қашан басталды?

– Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өту кезең-кезеңмен  жүргізіледі, әр кезеңде жүйеге қатысушылар санаты өзгеріп, жарналарды төлеу ставкалары да өсіп отырады. Жарналарды толық төлеу 2022 жылдан басталады деп күтілуде. Ал жарналарды төлеу мерзіміне келсек, жұмыс берушілер жұмысшылары үшін, кәсіпкерлер өздері үшін сақтандыру жарналарын ай сайын аударуды биылғы шілде айынның 1-інен бастап кетті.

Еңбекке жарамсыз болып, жұмыссыз қалғандарға жарна мемлекеттен бөлінеді. Халықтың белсенді емес топтары мен әлеуметтік аз қамтылған бөлігі үшін жарналарды мемлекет 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап орташа айлық жалақының 3,75 пайызы көлемінде төлейді. Сонымен қатар халықтың «өзгелер» санатына жататын тобы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарналарды төлеуді  бастайды.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының ставкаларына тоқталып өтсеңіз.

– Жұмыс берушілердің жұмысшылар үшін аударатын аударымдары 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап есептелген жалақының 1 пайызын құрайды. Мәселен, 100 000 теңге жалақының 1 пайызы 1 000 теңге жарнаны ай сайын жұмыс беруші төлеу керек. Жұмыс берушілердің жұмысшылар үшін аударатын аударымдары 2018 жылғы 1 қаңтарынан бастап 1,5 пайызды, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 пайызын, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 пайызды құрайтын болады. Дара кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, нотариустер мен адвокаттар өздері үшін ай сайын ең төменгі екі айлық жалақының 5 пайызы көлемінде жарналарды төлеулері тиіс. Биыл бұл шама 2 446 теңгені құрайды.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде табыс алатын жеке тұлғалар ай сайын келісімшарттағы табысынан 5 пайыз медициналық сақтандыру жарналарын аударады. Ал ресми табысы жоқ, жеке кәсіпкер болып және жұмыссыз болып тіркелмеген үй шаруасындағы әйелдер, жеке шаруашылығымен айналысатын жеке тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан шығып кеткен азаматтар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төменгі айлық жалақының 5 пайызы (1414 теңге) көлемінде жарна аударулары тиіс.

Салық есептіліктерін ұсынуды уақытша тоқтатқан және әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, нотариустер мен адвокаттар жарнаны төлеушілердің «өзге» санатына жатқызылып, 2018 жылдан бастап бір айлық төменгі жалақының 5 пайызы көлемінде ай сайын жарна төлейді. Жұмысшылар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап  айлық еңбекақыларының 1 пайызы, 2020 жылдын бастап 2 пайызы көлемінде жарналарды төлейтін болады, жарналарды аударуды жұмыс беруші жүзеге асырады.

– Жарналарды төлеу мерзімдері қандай? Жеке кәсіпкер болып тіркеліп, бірақ кәсіпкерлікпен айналыспайтын кәсіпкерлер жарнаны қалай төлейді?

– Жеке кәсіпкерлердің өздері үшін жарналарды төлеу мерзімдеріне келсек, патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер патент құнының есеп-қисабын ұсыну мерзіміне дейін жарналарын төлеуі тиіс. Шаруа қожалықтары салық кезеңінің 1 қаңтарынан 1 қазанына дейін есептелген шаманы төлеуді ағымдағы салық кезеңінің 10 қарашасынан кешіктірмей, ал салық кезеңінің 1 қазанынан 31 желтоқсанына дейін есептелген соманы төлеу есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 10 сәуірінен кешiктiрілмей жүргiзеді. Жеңілдетілген декларациямен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін төлеу мерзімі жарты жылда бір рет жүргізіледі. Басқа салық режимін қолданатын кәсіпкерлер жарналарын ай сайын есепті мерзімнен кейінгі айдың 25-інен кешіктірмеуі керек. Ал салық есептіліктерін нөл көрсеткішімен тапсыратын дара кәсіпкерлер 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өздері үшін ай сайын 2 446 теңге сақтандыру  жарналарын  аударады.

– Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс жасайтын шетелдік тұлғалар сақтандыру жарналарын төлей ме? Жалпы, жарналар кімнің есебінен төленеді?

– Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме, филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғалар мен заңның 6-тарауында белгіленген тәртіппен аударымдар мен жарналарды есептейтін және қорға аударатын жұмыс берушілер аударымдарды төлеушілер болып табылады.

Мемлекет әлеуметтік аз қамтылған тұлғалар үшін жарналарды төлеуді мемлекет қаржысынан, жеке кәсіпкерлер мен өзге де тұлғалар өз қаржысынан, жұмысшылар жалақысынан, ал жұмыс берушілер аударымдарды төлеуді өз қаржылары есебінен жүзеге асырады және бұл сома Салық кодексінің 100-бабына сәйкес МӘМС аударымдарының шығысы бойынша шегерімге жатады.

– Жанғабыл Қарлыбайұлы, сақтандыру жарналарын төлеудің шектеулі шамасы бар ма?

– Жарнаны төлеу үшін есептеген ай сайынғы еңбекақының мөлшері төменгі еңбекақының 15 еселенген мөлшерінен (24 459 теңге х 15 = 366 885 теңге) аспауы керек. Аударымның ең төменгі шекті шамасы төменгі айлық жалақының 1 пайызынан (24 459 теңге х 1% = 245 теңге) кем болмауы тиіс. Сақтандыру жарналарын уақытында немесе толық төлемеген салық төлеушілерге мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылып, олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 92-1-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

 Сұхбаттасқан Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

 

Телефон ұрлау тыйылмай тұр

Күні: , 67 рет оқылды


Облыс   көлеміндегі қылмыстық   құқықбұзушылықтардың  саны  өткен  жылдың  осындай  мерзімімен  салыстырғанда  11  пайызға төмендеген.  Ал  ағымдағы  жылдың  өткен  10 айында қоғамдық  орындарда  жасалған  құқықбұзушылықтар  саны 5  пайызға  артып,  көше   қылмыстары  3,3  пайызға  азайған.


Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының басшысы Жанат Нұрмағанбетова мәлімдеді.

Спикердің баяндауынша, жасалған қылмыс түрлерінің ішінде өзгенің мүлкіне қол сұғу ең көп орын алып отыр. Соңғы он жыл мерзімнің ішінде жасалған ұрлықтың саны төрт есеге өскен. Атап айтқанда, 2007 жылы 1 708 ұрлық тіркелген болса, өткен жылы  бұл көрсеткіш  6 746-ға  жеткен.

Ұрлық-қарлықтың басым көпшілігі мал ұрлығы мен пәтер тонау, қоғамдық орындар мен көліктерде қалтаға түсу арқылы ұялы телефондар мен бағалы заттарды жымқыру болып отыр. Ағымдағы жылы өңірде мал ұрлығына қатысты 349 қылмыстық іс тіркелген. Жүргізілген талдаулар мал ұрлығының Ақжайық, Сырым, Теректі, Қазталов, Зеленов аудандарында көп орын алғандығын көрсеткен.

– Тіркелген қылмыстардың жалпы саны 10 мыңның үстінде болса, соның ішінде алты мыңға жуық қылмыс ұрлыққа қатысты болып табылады. Ауылдық жерлерде мал ұрлығы, ал облыс орталығында ұялы телефон ұрлығы көп. Ұялы телефондар көп жағдайда қоғамдық көліктер мен пәтерлерден қолды болуда. Мал етін тапсыру бекеттерінде бақылауды күшейту және малдарды құжаттандыру жұмыстарын одан әрі дамытудың нәтижесінде мал ұрлығын азайту көзделуде, – деді баспасөз мәслихатында сөз алған басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің басшысы Ержан Мұхитов.

Бас прокуратураның бастамасымен өткен жылдың 4 қазанынан бастап «Ұрлыққа жол жоқ!» жобасы қолға алынған. Жобаның басты мақсаты – орын алатын қылмыстың санын барынша төмендету болатын. Ағымдағы жылға, статистикалық деректерге сүйенсек, бұл жоба өз нәтижесін беріп, қылмыстың кейбір түрлері едәуір азайған.

Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі күні қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қала бойынша 300-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құқықбұзушылықтардың уақытылы ашылуына және жалпы заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға септігін тигізуде. Сонымен қатар комитет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік  корпорациясы» КЕАҚ халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдаудағы өзара әрекеттестік жобасын іске асыруда. Бұл жобаның аясында Қазақстан Республикасының кез келген азаматы келеңсіз жайтқа тап болғанда немесе құқығына нұқсан келтірілген жағдайда жақын маңда орналасқан ХҚКО-ға жүгіне алады. Ол жердегі ХҚКО қызметкерлері электронды үкімет порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданып, өтініштерді мемлекеттік органдарға жолдауға көмектеседі. Бұл жоба ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Қанатқақты (пилоттық) режімде қолға алынған жоба көп кешікпей біздің  өңірге  де  енгізілмек.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Көне шаһардың көнекөз ғимараттары

Күні: , 99 рет оқылды


Орал  – қазақ  елінің  байырғы  қалаларының  бірі.  Шаһардың  Шаған  мен  Жайық  өзендерінің  тоғысқан  тұсындағы  тарихи   бөлігін  ХІХ  ғасырдың  тарихи-мәдени  сәулет  ескерткіштері құрайды.


Қала орталығындағы шығыстық сәулет үлгісінде салынған үш қатарлы Ванюшин үйі (қазір Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей орналасқан) ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші болып табылады. Бұл үй 1984 жылы 12 қыркүйекте Орал облыстық атқару комитетінің №473 шешімі-мен тарихи ғимарат ретінде танылып, облыстық архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінің  есебіне  алынған.

Жергілікті өлкетанушы Геннадий Васильевтің пікірінше, өлкеміздегі патша үкіметінің отарлық саясатын жүзеге асырушы ірі көпестердің бірі Александр Ванюшин бұл үйді 1876 жылы салдырған.

Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейге кіретін есіктің жоғарғы жағына қарайтын болсаңыз, тасқа қашалып жазылған «1876» санын көруге болады. Деректерге қарағанда, бұл ғимарат кейін көпестер бірлестігіне сатылып, Орал қаласының көпестері мен саудагерлерінің көңіл көтеріп, демалатын коммерциялық клуб үйіне айналады.

Александр Ванюшин үйінің алдында үлкен сауда базары болғандығын ескі суреттерден де көруге болады. Қазір бұл Некрасов атындағы шағын алаң.

А. Ванюшиннің ұрпақтары туралы өлкетанушы Николай Чесноков: «Көпестің жанұясында екі ұл, бір қыз болды. Қызы Анна Александровна Ванюшина қаладағы өте бай әйел болған. Ол бұл үйді кейін шарап өндіретін үйге айналдырып, жоғары сапалы ұннан жасалған шарап бірнеше рет халықаралық көрмелерге қатысып, медальдарға ие болған» — деген мәлімет береді.

1997 жылы №38 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген кезімде өлкетанушы Геннадий Васильевті мектепке шақырып, осы ғимарат тарихын айтып беруді өтінген едім. Сонда ол: «1980 жылдардың бас кезінде А. Ванюшин үйіне үлкен жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ғимараттың жертөлесінен сынған бөтелкелер мен шараптың этикеткалары табылды» – деп сол этикетканың біреуін маған көрсеткен  еді.

Азамат соғысы кезінде 1919 жылдың қаңтар айынан бастап, Ванюшин үйіне Орал қалалық РКП(б), кейінірек губерниялық комитет орналасып  жұмыс  жасайды. Ал 1930 жылдары бұл үй өлкеміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орны болғандығын облыстық мұрағат қорында сақталған ауыл шаруашылығы техникумының төлқұжаты дәлелдейді.

ХІХ ғасырдың ескерткіш үйінің 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы тарихымен де тығыз байланысы бар. Өйткені соғыс басталған кезде өлкемізге Одесса қаласынан эвакуацияланып келген жаяу әскери училищесі осы үйге орналасады. Алты айлық қысқа мерзімді курсты тәмамдаған кеңес жауынгерлері осы үйден Сталинград майданына жөнелтіліп отырған.

Қаланың байырғы тұрғыны С. Аверянова соғыс кезінде бұл үйдің жертөлесіндегі жауынгерлердің кір киімдерін жуатын бөлмесінде анасының қызмет еткенін, ал өзі оның «кішкентай көмекшісі» болғанын  айтады.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Ванюшин үйі қайтадан ауыл шаруашылығы техникумының оқу корпусы болып 1981 жылға дейін қызмет етеді. Одан соң ғимаратта пионерлер үйі орналасты. Ал 1996 жылдан бері Ванюшин үйі қаламыздағы жалпы білім беретін орта мектепке айналды.

Облыс орталығындағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіші, көпес Александр Карев үйінің салыну тарихы кім-кімді де қызықтыратыны анық.

Дерек көздеріне қарағанда, Бузулук көпесі (Ресей) Карев алғаш рет Орал қаласына ат-арбамен келген. Жайық жағасындағы балықшылардың жағаға лақтырып тастайтын ұсақ балықтарын жинап, Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына дейін баруды кәсіп еткен. Өздерін Жайық өзені балығының қожасы санаған казактар бекіре тұқымдас балықтарды ғана аулап, ұсақ шабақтарды суға қайта лақтырып жіберетін еді. Осы балық аулау маусымында Александр Карев балықтың мол қорын жинап алып, оны Ресей қалаларына апарып, саудасын қыздырған. Ал балық сатудан түскен ақшасына сол кездегі оралдықтар үшін ең қажетті иірілген жіп, арқан сияқты тауарларды әкеліп, жоғары бағамен өткізіп отырған. Сөйтіп, бірте-бірте қаржы қорын жинаған көпес А. Карев 1900 жылы Орал қаласында дүкенімен бірге екі қабатты үй тұрғызбақшы болады. Алайда тағдыр Каревке бұл үйінің құрылысы аяқталғанын көруді жазбайды. Қалың орман арасында құрылысқа қажетті материалдар дайындап жүрген кезде ағаш астында қалып, қайтыс болады да, әйелі Кариха үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, үш қабатты үй тұрғызады (А. Карев құрылыстың үшінші қабатынан құлап, өлім құшты деген дерек те айтылады). Сөйтіп, қала ортасындағы алыстан көз тартатын әдемі Карев үйі бой көтереді. Қазақтар биіктігі мен сыртқы түсіне қарап, бұл үйді «Нар үй» немесе «Қызыл үй» деп атаған. 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін бұл ғимаратта бірнеше дүкен, мысалы, «Шмит және К°» сауда үйі, екінші қабатында ресторан және офицерлер клубы, үшінші қабатында қонақүй орналасады.

1919 жылдың жазында Орал қаласы қызыл әскер бөлімшелерінің қолына көшкеннен кейін Карев үйі «Еңбекшілер сарайы» деп аталады да, бұл үйге жергілікті кәсіподақ орналасады. Ал 1920 жылдардың бас кезінде үйдің бірінші қабатында «Красный Урал» газетінің баспаханасы және конференция залы орналасады да, үшінші қабаты қонақүй болып қала береді. 1923 жылы қараша айында Орал қаласына келген халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллиннің осы қонақүйде тоқтағаны жөнінде мәліметтер бар.

А. Карев үйінің жанында кең аумақты қамтыған металшылар кәсіподағының қалалық бағы болған. Бұл бақта әдеби кештер өткізіліп, ақындар өлең оқып отырған. Қазір бұл бақтың орнында қалалық сот пен балабақша орналасқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында Карев үйінің екінші және үшінші қабаты эвакуацияланып келген әскери госпитальдың баспанасына айналады. 1965-1984 жылдар аралығында ғимараттың үшінші қабатынан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциялары қоныстанады. Ал екінші қабаты бүгінгі күнге дейін бұрынғы Н. Крупская (қазір Ж. Молдағалиев) атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен облыстық филармонияның құзырында. Филармония залы өзінің жоғарғы акустикасымен ерекшеленеді.

ХІХ ғасыр соңында Орал қаласында бой көтерген архитектуралық сәулет ескерткіштерінің бірі алғашқы коммерциялық банк ғимараты. Қазақстанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысында капиталистік қатынастардың дамуына байланысты. Бұл ғимаратта біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облысының  әкімдігі қоныстанған.

Деректерге жүгінсек, ғимарат 1896 жылы сәулетші Александр Бунькиннің жетекшілігімен тұрғызылған. Құрылыс жұмысына мәскеулік белгілі теміржол құрылысшысы Николай Раевский басшылық еткен.

Орыс сауда-өндірістік коммерциялық банк үйі үш қабатты. Төменгі жер асты қабаты бар. Екінші қабаты жаяу адам жүретін жолмен деңгейлес болды. Екінші қабатқа – дүкен, ал үшінші қабатқа банк және биржа орналасады. Жоба бойынша құрылысқа 22 мың сом қаржы бөлінеді. Орал қаласында бұл үйге алғашқы орталық жылу құбыры, желдеткіштер, электр желісі тартылады. Сонымен қатар ғимараттың төңірегіне алғашқы жаяу адам жүретін жолдар мен көпірлер салынып, аумағы 1000 шаршы метр көлемінде көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, Орал қаласының бүгінгідей көрікті орталығына айналады. Ғимараттың қасбетінде бедерлі сәнді торлармен көмкерілген балкондар болды. Сол әдемі балкондарды қазір де көре аламыз.

Ғимаратқа кіретін есік алдындағы бағаналардың арасына екі арыстан мүсіні қойылды. Бұл мүсіндердің авторы Николай Гаврилович Калентьев. ХІХ ғасыр соңында тұрғызылған қаладағы бұл ғимарат әмбебап үй болды деп те айтуға болады. Өйткені мұнда банк, биржа кеңсесінен басқа, нотариалдық кеңсе, ресторан, коммерциялық шайхана және дүкендер орналасады. Осы ғимаратта ірі кәсіпкерлер Компанейцаның дәріханасы, көпес Р. Функаның дүкені, Грязновтың шаштаразы қала тұрғындарына қызмет көрсеткен. Ал үшінші қабаттағы кең дәлізде кеңсе қызметкерлерінің демалысы үшін концерт, спектакльдер қойылған.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін бұл ғимарат жұмысшы солдат, шаруалар кеңесінің үйі, ал 1919 жылдан облыстық революциялық комитет, 1920 жылы губерниялық комитет, 1924 жылы Орал губерниялық соты, кейін облыстық атқару комитеті орналасады. Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген 1991 жылдан бастап, аталмыш ғимаратта Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қоныстанды.

Міне, Орал қаласы – өзінің көне сәулет ескерткіштерімен ерекшеленетін сәнді қала. Демек, қаламыздағы көненің көзі саналатын мәдени-тарихи архитектуралық ескерткіштердің тарихымен танысып, олардың сәнді келбетінің бұзылмай сақталуына қамқорлық жасауға өз үлесімізді қосу абыройлы  міндет  екенін  ұмытпау  қажет.

Бақтылы  БОРАНБАЕВА,

Батыс  Қазақстан инновациялық-технологиялық

 университетінің  доценті, тарих  ғылымдарының кандидаты


Тайман АМАНОВ, облыстық онкологиялық диспансері басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары: «Бұл дертке дауа жоқ деген қате түсінік»

Күні: , 111 рет оқылды


Бірде емханада дәрігердің «Онкологқа барып, қаралғаныңыз дұрыс» деген сөзіне бола қорқып, өз-өзінен тұншығып жылаған, елуден асқан әйелді көріп, біртүрлі күй кешкен едім. Шынында да, халқымыз атын айтпай «Жаман ауру» деп атайтын қатерлі ісік ауруынан қорықпайтын адам кемде-кем. Редакцияға арнайы келген ардагер-журналист Амантай Боранқұл ағамыз аты жаман аурудан емделіп, беті бері қарап келе жатқандығын айтып, жұртшылықты аталмыш аурудан қорықпай, емделуге шақырды. Ол кісінің өтінішімен облыстық онкологиялық ауруханада қызмет жасап жүрген алтын қолды хирург Тайман Амановты арнайы іздеп бардық. Тайман Аманов – республикаға танымал онкологтың бірі. Біз барғанда жүздеріне үміт пен күдік қатар ұялаған бірнеше науқас хирургке кіруге кезекте тұр екен. Белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауында болып, сұрақтарымызды қойдық.


Қатерлі  ісік  деген  не?

— Қатерлі ісік – әлемдегі ең күрделі аурулардың бірі. Кез келген дерттің неден пайда болғандығын білуге болады. Мәселен, өкпе ауруларында кох таяқшаларын тауып емдесе, ауру асқынбайды. Ал қатерлі ісік себебі анықталмаған ауру болғандықтан, бұл дертті емдеу өте қиын. Өйткені қатерлі ісіктің қоздырғышы жоқ. Бұл адам күйзеліске түскенде немесе иммунитеті төмендегенде пайда болады. Күйзеліс басталған кезде адамның бойындағы созылмалы ауру-сырқау асқынып кетеді. Жас ұлғайған сайын немесе адам жиі ауыра берсе, ағзадағы иммундық жүйе шаршайды. Қатты күйзеліс пен созылмалы аурулардың асқынуынан сау жасушалар (клеткалар) қатерлі ісіктің клеткасына айнала бастайды. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл дерт адам бойында бір жылдан бес жылға дейін жүруі мүмкін. Мәселен, бес жылдың алғашқы жартысында аурудың клиникалық белгілері байқалмайды. Екі жыл жарымнан кейін ауру жайлап біліне бастайды. Мәселен, асқазан қатерлі ісігінде асқазан ауырады, қанайды, науқас тамақ іше алмай қалады. Өзіненөзі жүдеп кетеді, тез шаршайды, көңіл күйі болмайды, қонаққа барғысы келмейді. Осы кезде науқас ойланып, тезірек дәрігерге қаралғаны дұрыс. Біздің ауруханаға жыл сайын 1200-1300 науқас есепке алынады. Олардың 70 пайызы – 65 жастан асқандар. Жылына ауруханада 750-800 ота жасалады. Аурудың алғашқы бірінші, екінші сатысында келсе, емдеу оңай. “Бұл дертке дауа жоқ” деген қате ұғым. Қазір мемлекет қатерлі ісік ауруларының алдын алып, оны емдеу үшін бар жағдайды жасап отыр. Диагностика, ота жасайтын, емдейтін жаңа үлгідегі аппараттарымыз бар. Тек аурудың алғашқы сатыларында анықталғаны тиімді. Науқасқа аурудың бірінші сатысында 100%, екінші сатысында 80% сауығып кетуге мүмкіндік бар. Алайда емнің қонуы көп жағдайда сырқат адамның өзіне де байланысты.

Кейбіреулер қорқып кетіп қалады. Қорқудың қажеті жоқ. Басқа түскен соң емделіп, соны жеңуге тырысқан жөн. Қатерлі ісікке кез келген адам шалдығуы мүмкін. Өйткені ешкім де сақтандырылмаған. Бұл психикалық, жұқпалы ауру емес. Адамның өзі “өшіктіріп” алатын ауру. Сондықтан мүмкіндігінше қатты күйзеліске түспеген дұрыс. Ең бастысы, науқас жақсылыққа сенуі керек. «Менде бәрі жақсы болады» деп ойлап, бізге көмектесуі тиіс. Сонда ғана біз бұл ауруды жеңе аламыз, — дейді талай науқасқа үміт сыйлаған дәрігер.

Скринингтің пайдасы зор

Скрининг дегеніміз – түрлі аурулар қаупін төмендетудегі профилактикалық шараларды күшейтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Осы мақсатта әр емханада жылма-жыл балалар мен ересектер арасындағы аурудың алдын алу және ерте сатысында анықтау мақсатында скринингтік тексерулер өткізіледі.

Тайман Төлеуғалиұлының айтуынша, Еуропада скринингтің көмегімен қатерлі ісіктің 84 пайызын бірінші сатысында анықтауға қол жеткізген. Бұл әдіс біздің елімізде де барынша кеңінен қолданылуда. Қазір халықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Биылдың өзінде 110-дай адам қатерлі ісіктің бірінші сатысында тіркеуге алынған. Скринингтің мақсаты – қатерлі ісікті науқастың өзіне байқалмаған кезінде анықтау. Айтпай келетін ауру адамның өзіне білінбегенімен, оны арнайы аппараттармен дер кезінде анықтауға мүмкіндік мол. Сондықтан әйел адамдар, аналар уақытында дәрігерге қаралып, анализдер тапсырып, тексеріліп тұрғаны дұрыс.

Қатерлі аурудың алдын алу үшін не істеу керек?

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл аурудың көбеюіне, біріншіден, экологияның ластануы әсер етуде. Қазір әлемде ең бірінші орында өкпе қатерлі ісігі тұр. Өйткені ауа лас. Өкпе қатерлі ісігінің шамамен 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпті зат бензопирен бар. Күніне 20-30 дана шылым шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды, содан ісік туындайды. Экологиялық мәселеге қазір көңіл бөліне бастады. Екіншіден, созылмалы сырқаты бар адам уақытында тұрақты ем-дом алып тұруы қажет. Мамандардың айтуынша, оны қатерлі ісікке айналдырып алмау үшін жыл сайын дәрігерге тескеріліп тұрғаны дұрыс. Сондай-ақ қандай қиын жағдайда да, адам қатты күйзеліске түсіп кетпей, өмірге құштарлығын жоймағаны жөн.

Облыстық онкологиялық ауруханада осыдан 30 жыл бұрын жылына 200-250 ота жасалған. Ал қазір жыл сайынғы жасалатын отаның саны 750-800-ге дейін жетіп отыр. Соның ішінде ең ауыр әрі қиын ота қылтамаққа жасалады.

— Қылтамаққа қатысты жылына 30-40 ота жасалады. Бұл – 6-7 сағатқа созылатын ең күрделі операция. Қаншама адамдар екі-үш жыл өткен соң да келіп, ризашылықтарын айтып кетіп жатады. Біз адамдардың өмірін сәл де болса ұзартқанымызға қуанамыз. Мәселен, жетпіс жастағы науқас асқазан қатерлі ісігінің үшінші сатысында келеді. Мен ота жасап, оның ісігін алып тастаймын. Ол кісі бұдан кейін де шамамен бес жылдай өмір сүреді. Тағы бір-екі немересін көріп, маңдайынан иіскеуі мүмкін. Қатарынан қалмай, қонақтығына барады. Мұның өзі шарасыздықтан гөрі шүкір емес пе?! Бұл жерде адамның рухының мықтылығы ерекше рөл атқарады. Адам өз-өзіне көмектессе, өзін-өзі жеңе білсе, бәрі жақсы болады, — дейді Тайман Төлеуғалиұлы.

Қатерлі ісік қашан пайда болған?

Саналы адам қалыптаспай тұрып, қатерлі ісік ауруы бұрыннан белгілі болған. 1932 жылы антрополог Луис Лики Kенияда адамның жақ сүйегін тапқан, болжам бойынша ол қатерлі ісікпен зақымдалған. Сонымен қоса бұрынғы адамдардың қаңқаларынан сүйек, мұрын, жұтқыншақ, сүт безі және меланома ісіктeріне ұқсас патологиялық өзгерістің бары байқалған. Ерте кездегі ғалымдардың жазбалары бойынша біздің заманымызға дейінгі ежелгі Египетте ісіктерді емдеу шаралары папирустармен жазылған. Сонымен қоса Египетте ісікті маймен күйдіру емін қолданған. Ол майдың құрамында мышьяк болған. Гиппократ сүт безі, тік ішек және мұрын, жұтқыншақ обырларына сипаттама берген. Емнің дәрежесіне қарай ісікті хирургиялық жолмен алып тастағаннан кейін жараны құрамында өсімдік майы және мышьягы бар маймен өңдеу керек. Болжам бойынша олар қалған жасуша ісіктерін жою қасиеттеріне ие көрінеді. Рим дәрігері Гален «oncos» сөзін ісікті сипаттауға қолданған, қазіргі «онкология» сөзін де негіздеген осы ғалым.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, әр адамның өмірі өз қолында. Сондықтан мүмкіндігінше дер кезінде дәрігерге қаралып, тексеріліп тұрған дұрыс.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Алданыш СЫНҒОЖИЕВА,

Қаратөбе ауданындағы Ханкөл ауылының тұрғыны:

— Осыдан төрт жыл бұрын асқазаннан ота жасалдым. Бірінші Алла, екінші Тайман дәрігердің арқасында аман-есен жүрмін. Ауырған әзірде қою тамақ іше алмай қалдым. Ас қорыта алмай жүрдім. Мен өзімді «қылтамақ» шығармын деп ойладым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Уақытымен дәрігерге қаралып, өзіме қойылған барлық талапты орындаймын. Осы күнге жеткенім үшін, жақсы дәрігерге жолыққаным үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Адам өмірін ажалдан арашалап қалу үшін күндіз-түні қасымыздан табылған облыстық онкологиялық аурухананың дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз.

Амантай БОРАНҚҰЛ,

Орал қаласының тұрғыны:

— Негізі, сап-сау жүрген адам едім. Өйткені өзіме аурудың белгілері білінген жоқ. Сөйтіп, шипажайға бармақ болып, тексеруден өтіп жүргенімде, «Асқазаныңызда ісік бар» деді. Басында тіпті мән берген жоқпын. Бірақ «Шұғыл ота жасау керек» дегенде ғана қауіпті дерт екендігін түсінгендей болдым. «Енді отаны қайда жасатқан дұрыс?» деген сұрақ туындады. «Алматыға барсам ба, әлде осы жерде жасатам ба?» деп жүргенімде, алматылық дәрігерлер «Өздеріңізде Тайман Аманов сықылды мықты хирургтер бар, сонда жасалғаныңыз дұрыс қой» — деді. Өзім де «Не болса да, өз жерімде болайын, алда-жалда ана дүниеге аттанып кетіп жатсам, балаларға мені Оралға, Оралдан Қаратөбеге жеткізу қиын болар» деп ойладым. Сөйтіп, ота жасатып шықтым. Қазір жағдайым жаман емес. Облыстық онкологиялық аурухананың мықты онколог-хирургі Тайман Амановқа, аурухана басшысы Есенгелді Рабаевқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен төл газетімнің оқырмандарына денсаулық тілеймін. Сырқаттанып жүрген жандар болса, қорықпай дәрігерге қаралуға шақырамын. Бойға жабысқан дертті дендетіп, асқындырып алмай, емделсе, әр адамға өмірін ұзартуға мүмкіндік бар. Сондықтан уақытында дәрігерге қаралып, ем қабылдаған дұрыс.


Қазақтың тойы «мазақтың тойына» айналмасын!..

Күні: , 110 рет оқылды


Өзге ұлт-ұлысқа қарағанда, қонақжайлылығымызбен оқ бойы озық тұратын біздер үшін той жасау дегенің  күнделікті ауқаттанумен пара-пар әдетке айналып бара жатқандай.  Тіпті банктерден несие алып та той жасаудың бір амалын табамыз. Әйтеуір, жақсылығымызды жариялауда, қуанышымызбен бөлісуде алдымызға жан салмаймыз. Дегенмен қазіргі таңда «Той дегенде, қу бас домалайды», «Тойға барсаң, тойып бар» деп қызық көруге баратын қазекеңнің ұрпағы Абай атамызша айтсақ, «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жанның» күйін кешіп жүр. Олай деуімізге дәлел де, дәйек те көп.


Той дегенде, ойымызға бірден асабаның оралатыны хақ. Бүгінгінің асабалары бірінен-бірі озу үшін түрлі бағдарламалар ұйымдастырады. Оның ішінде қажеті де, тұрпайысы да бәрі бар. Не керек, тамашалап отырған барша жан «аһ» ұрып, келесіде өзіне қоңырау шалса немесе туған-туыс, дос-жарандарына айтып, атағы төрткүл әлемге жайылса болды. Ал ол жазған сценарий бойынша өткен тойдан қонақтар, әсіресе, жастар қандай үлгі-өнеге алуда? Ол жағы ешкімнің шымбайына батпай тұр.

Жұмыс бабымен фейсбукқа мақала жүктеп болып, «Достарымда қандай жаңалық бар екен?» деген оймен жиналып қалған жаңалықтарды шолып шығуды жөн көрдім. Барлық сайттар келісіп алғандай, бір тойдағы ессіздікті жарыса жариялап, оқырмандар оны қызу талқылап жатыр екен. Мен де көрейін деп шештім. Ұят-ай!

Асаба бір ер адамды ортаға шақырып, орындыққа отырғызыпты. Сосын бір бойжеткен шықты да, «бұралаңдап» билей жөнелді. Алдына отырады. Аймалайды… Масқара! Жұрттың бәрі аузының сілекейі құрып, аңтарылып қарап отыр. Құдды, осы күнге дейін би немесе қыз бен еркек көрмегендей. Соңына дейін көруге дәтім шыдамады. Намысым да жібермеді. Қатты налыдым. Осындай күйге қалай жеткенімізді түсінбей дал болдым…

Қалыптасқан салт-дәстүр бойынша мүндай жиындарға тайлы-таяғымыз қалмай, бала-шағамызбен бірге барамыз. Сонда әкесінің алдында жартылай жалаңаш басқа біреудің отырғанын көрген ұл мен қыз, оның жан жары қандай күйде болды екен? Онымен қоймай, барлығы жарыса видеоға түсіріп, оны таң атар-атпастан сайттардан көрсе?.. Ұяттан кірерге тесік таппаған шығар немесе шімірікпей, бірге видеоға түсірді. Себебі соңғы кезде осындай құбылысты жиі байқаймын. Әке-шешесінің жұлқына қимылдаған мән-мағынасы жоқ биін балалары мәз болып, ұялы телефондарына түсіріп тұрады.

Алыстан арбаламай-ақ қояйын, өзім тұрмысқа шыққанда, екі жақтың тойын басқаратын асабаларға ешкімге өтпейтін мылжың әзіл айтпауын, ойын ойнатқанда да абай болуын ескерттік. Құдайға шүкір, орынсыз әзіл болмады. Дегенмен қандай ойын болатынын тәптіштеп сұрап алу қажет екенін қайдан білейік? Бір кезде сенген асабамыз ортаға жақсы билеп жүрген әйелдер мен ерлерді шақырып, «Әуен ырғағы бойынша билейсіздер» деді. Ойынның шартын естігенде, төбе шашым тік тұрды. Әуен тоқтағанда, ер адам жұбын көтеріп алуы тиіс. Үлгермесе, ұтылады… Әйтеуір, бұл ойын да бітті. Бәрі күлкіге қарық болды.

Қай жерде, неге күлерімді білмей мен тұрдым. Сонда ұққаным, қазіргі той басқарушылардың ойынша, біреудің әйелін басқа еркектің құшақтап, көтеруі, бетінен сүюі – қалыпты  жағдай. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы шығар, бәлкім?

«Ютубтан» «қазақтың тойы» деп іздесең, басың бәлеге қалады. Киімдерін шешіп, есіріп билеп жүрген ер адам… Ащы суды сіміріп ішіп, есін білмей, үстел үстіне шығып билеген қыз… Бір қызды «домбыраша» ұстап алып, Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа» күйіне делебесі қозып, санынан «шертіп» отырған жігіт…

Міне, қазіргі тойдың жай-күйі? Бұлар  көргеніміз. Көрмеген, естімегеніміз қаншама? Шетелден біреу келіп, осындай қуаныштың үстінен түссе, біздер, қазақтар, туралы не ойлайды екен?

Ұрпағы үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған Ахмет Байтұрсынов атамыз: «Аяулы азаматтар, сендер адаспаңдар. Сендер адассаңдар, Алаш жұрты адасады!» деп өсиет айтса, Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!» деп ұрпағына үлкен үміт артып еді. Өте өкінішті…

Рухсыздық пен намыссыздық түбімізге жетпей қоймас. Тәубемізге келіп, балаларымыздың, әпке-сіңлі, іні-қарындастарымыздың болашағына қам жейтін уақыт таяды. Мәңгілік дүние жоқ. Мәңгіге жас болып қалмаймыз. Ойланайық, ағайын! Арсыздықтың кесірінен ел болудан қалған небір ұлттар бар.  Бетін әрмен қылсын.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы

Гүлім БАЗАРБАЕВА,

Федоров ауылының тұрғыны:

— Бала кезімізде той дегенің төбелеспен аяқталушы еді. Сол кезде көптеген ұл балалар төбелес көру үшін ғана той жағалайтын. Сөйтіп, жұдырықтасудың түр-түрін меңгеретін. Қазіргі тойларда бұрынғы сән-салтанаттың ізі жоқ. Тек қана жастардың басы қосылса, ештеңе емес, ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әжелеріміз бен өрімдей бүлдіршіндердің де барын ұмытпау керек қой. Асабалардың тілек айту үшін ортаға шақырғанда: «Әжелер, сіздер билемей-ақ қойыңыздар. Сіздердің жүрістеріңіздің өзі би ғой», — деп кемсітетіні ұнамайды. Мұны естіп өскен жасөспірімдерден не күтуге болады? Шаршы топта сөз бастау қиын екенін түсінемін. Дегенмен жүйелі сөйлеп, орынды әзіл айтып, ұлттық дүниетаным мен табиғатымызға сай ойын ойнатса да болады ғой. Мысалы, ұлттық ойындарымызды жаңа форматта дәріптесек, өте жақсы болар еді. Бұл батыстың мәдениетінен сыр шертетін сайқымазақ пен сиқыршыдан мың есе артық деп ойлаймын.


«Көңіліміз бір марқайып қалды», – дейді ресейлік қандастарымыз

Күні: , 46 рет оқылды


Ресейдің Волгоград облысына қарасты Волжск қаласындағы мәдениет сарайында «Халықтар бірлігі күні»  аталып өтті.


Шараның  салтанатты ашылуында Волжск қалалық округінің басшысы Игорь Воронин құттықтау сөз алып, ізгі тілегін арнады. Волжск қаласын мекен еткен орыс, қазақ, украин, шешен, дағыстан, әзірбайжан, татар ұлтының өкілдері би билеп, әннен шашу шашса, Мәскеу қаласынан арнайы келген «Земляне» тобы өнерлерін ортаға салды. Ресейлік қандастарымыздың шақыруы бойынша атаулы мерекеге арнайы барған Жәнібек аудандық мәдениет  үйінің директоры Жақсылық Бисенғалиев Құрманғазының «Адай», Түркештің «Көңілашар», Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйлерін нақышына келтіре тартса, өзі шығарған «Қазақ қазақ болғалы» және Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар, жігіттер» термелерімен қоса, «Әкешім», «Ана қадірі» әндерін орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. «Волжск қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Ерсайын Назаров бастаған қандастарымыз орталық алаңға екі бірдей киіз үй тігіп, ұлттық киімдердің көрмесін ұйымдастырды. Киіз үйде жайылған дастарқаннан дәм татқан қала басшысы Игорь Николаевич қазақ халқының қонақжайлық қасиетіне дән риза болып, жәнібектік Жақсылық Бисенғалиевтің өнеріне сүйсінгенін жасырмады.

– Бізде өтетін кез келген мәдени және спорттық шараларға көбіне жәнібектік азаматтар қолдау білдіруде. Осы тұрғыда Жәнібек ауданының әкімдігіне алғысымыз шексіз. Міне, бүгінгі шарамызға келген Жақсылық Бисенғалиевтің домбыра тартып, күй орындап, ән мен терме айтқанына тек қана қазақ бауырларымыз емес, өзге ұлт өкілдері де риза болуда. Тіпті ұлттық киім киген Жақсылық Қаздықұлымен естелікке суретке түскен адам санында есеп жоқ. Ата жұрттан келген сіздерге ризамыз. Көңіліміз бір марқайып қалды, – дейді ресейлік бауырымыз Ерсайын Назаров.

Ахмедияр  БАТЫРХАНОВ,

Жәнібек  ауданы


Ғаламтор кіріс көзі ме?

Күні: , 86 рет оқылды


Қаржы нарығы туралы таным-түсінік қазақы қалың ортада әлі түбегейлі қалыптасып бола қойған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтырмақ ниетпен біз бүгін “Қаржы нарығы” атты арнайы айдар ашып отырмыз. Үшбу тақырыпта өзіңізді толғандырған мәселелер болса, хат жазып, хабарласқайсыз.

Редакция алқасы


Ғаламтор (интернет) мен ақпараттық технологиялардың адамзаттың күнделікті тұрмысы мен жұмысына дендеп енгені соншалықты, қазіргі өмірімізді ғаламторсыз, әсіресе, әлеуметтік желісіз елестету мүмкін емес. Таңның атысынан кештің батысына дейін әлеуметтік желіге байланғандар қатарында тек жастар ғана емес, орта жастағылар да, зейнеткерлер де көп. Әрине, оның пайдасы да, залалы да шаш етектен. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып, төрткүл дүниені, бүкіл жер жаһанды шағын мониторға сыйғызып, ақпарат-мәлімет алу бойынша орасан мол мүмкіндіктер сыйлайтын да, барлық бос уақытыңды, кейде денсаулығың мен қаражатыңды, жалпы шынайы өміріңді ұрлайтын да интернет. Беделді «Pew Research Center» халықаралық компаниясының сарапшылары жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, 2025 жылы ғаламтор Жер шарын мекен етуші тұрғындардың электр қуаты, жылу, табиғи газ сияқты күнделікті тұрмыстіршіліктегі ең негізгі қажеттіліктерінің біріне айналады екен.

Демек, замана көшінен шет қалмас үшін, интернетті өз кәдемізге жаратып, табыс көзіне айналдыра білуді үйренгеніміз абзал. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, ебін тапқан адамға ғаламтор – ғаламат бизнестің көзі. Ғаламтор арқылы ақша тауып, байып кеткен танымал тұлғалардың бірі  – «Фейсбук» әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг. Ол қазір 20 млрд. долларға жуық қаржысы бар әлемдегі ең дәулетті кәсіпкерлердің бірі. Американдық Мэтт Муленвет небәрі 19 жасында «Wordpress» сайтын құрып, кәсібін арттырды. Одан кейін «Whateverlife.com» сайтын ашқан Эшли Коуллс та үздіктердің қатарында. Әйгілі «ютуб» порталын білмейтін адам қазір кемде-кем. Оның негізін қалаған Чад Херли өзіне және ұрпағына жететін байлыққа кенелді. Қазір ол ғаламтор саласынан мүлдем кетіп, дизайнерлік салаға ауысқан.

Айына бір миллионнан аса адам кіретін кез келген сайт – жақсы табыс көзі. Біздің елімізде пайдалы қызмет көрсету арқылы аты шыққан kolesa.kz, krisha.kz, chokomarket.kz, olx.kz секілді интернет-дүкендер табысты сайттардың қатарында. Бастысы, сіздің ұсынысыңыз (ақпарат, тауар, қызмет көрсету, т.б.) сұраныс тудыруы қажет.

Түрлі әлеуметтік желілер мен блогтұғырды тиімді пайдаланып, табыс тауып отырған кәнігі блогерлерді айтпағанның өзінде, ғаламторды қызып тұрған кәсіп көзіне айналдырғандар ортамызда толып жүр.

Соның бірі – оралдық Жанат Молдағалиева. Жоғары білімді мұғалім болса да, бала тәрбиесімен үйде отырған жас ана қолы қалт еткенде аспаздықпен айналысқанды ұнатады. Алғашында «Инстаграмм» желісіндегі аспаздық парақшаларына жазылып, қарапайым қызықтаушы болған ол бертін келе түрлі курстарға қатысып, шеберлігін арттырады. Ақылы курстардан бос уақытын да, ақшасын да аямайды.

– Бала кезімнен ас әзірлегенді, тәтті тағамдар пісіргенді ұнатамын. Ал шеберлік курсына табыс табу мақсатында емес, білмейтінімді үйрену және тәжірибе алмасу үшін бардым. Алғашында отбасыма арнап пісірген тәттілерімді өз парақшама салып жүрдім. Туыстарым, достарым қызығып, тортқа, самса мен пирогтарға тапсырыс бере бастады. Қазір жазылушыларымның қатары күн санап артып келеді. Танымайтын адамдардан да тапсырыс түсіп жатады. Аптасына екі-үш тапсырыс аламын. Кәсібім өзіме ұнайды. Арманым – шағын кондитерлік цех ашу, – дейді ғаламторды игілігіне жаратып отырған Жанат замандасымыз.

Интернет сауданың болашағы зор екенін дамыған елдер әлдеқашан мойындап үлгерген. Мәселен, АҚШ пен Еуропада халықтың 40 пайыздан астамы тауарды онлайн сауда арқылы жасайды. Интернет саудасына арналған платформа құрып, миллионер атанғандар саны 12 мың адамнан асқан. Мәселен, АҚШ-тағы ең әйгілі «Amazon» корпорациясының негізін қалаушы Джефф Безос жуырда Билл Гейтсті басып озып, әлемдегі ең бай адам атануы мүмкін. Ал аталған компаниядан бірнеше есе үлкен қаржы айналымына ие қытайлық Alibaba Group компаниясының негізін қалаған 17 кісі де миллиардерлер қатарында.

Испанияның Эльч қаласында тұратын қандасымыз Гүлзина Ғиззатованың айтуынша, тұрмыстық техника мен киім-кешекті былай қойғанда, Еуропада тамақты да онлайн алуға болады екен. Кәдімгі піскен тамақты жеткізіп беру емес, ондай қызмет біздің елімізде де бар. Бұл жерде біздің айтып отырғанымыз,  үйде отырып үлкен сауда-саттық орындарына интернет арқылы азық-түлікке өтініш қабылдап, жеткізіп беру жүйесі. Яғни, еуропалықтар біздегідей демалыс күндері сөмке көтеріп, базар араламай-ақ үйде отырып, керекті заттарды сайттан таңдап, сұраныс жібереді. Интернет дүкендер болса, санаулы уақытта үйге әкеліп береді. Қызметтің мұндай түрін егде жастағылар мен үйде отырып жұмыс істейтін адамдар көбірек қажетсінеді екен. Көңіліңізден шықпаған тауарды кері қайтаруда да еш қиындық жоқ.

«Қазақстандықтар интернет арқылы сауда жасауға жүрексінеді. Ал шындығында пайдалы жағы өте көп», дейді жерлесіміз Индира Аманжолова.

– Интернет арқылы тапсырыс беруге батылым жетпей, ұзақ жүрдім. Алматылық құрбыларымның кеңесімен байқап көрмек болып шештім. Онда да сатып, пайда табамын деген ой болған жоқ. Бастапқыда өзіме және балаларыма киім-кешек алдым. Бағасы да, сапасы да көңілімнен шықты. Кейін инстаграмнан арнайы аккаунт ашып, балалар мен әйелдер киіміне тапсырыс қабылдай бастадым. Парақшамда тек санаулы жазылушы болатын, сатып алған киімдері көңілдерінен шыққан таныстарым өз парақшаларында мен туралы жылы лебіздер жазды. Бір жылда менің оқырмандарымның саны төрт мыңнан асты. Бұл дегеніңіз менің интернет дүкенімде төрт мың сатып алушы бар деген сөз. Бұдан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз. Біріншіден, киімдердің сапасы Қытай мен Қырғызстаннан жеткізілетін тауарлардан анағұрлым жоғары. Екіншіден, шетелдік тауардың бағасы еліміздегі сауда

орындары ұсынған бағамен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан. Өйткені сауда орынын жалға алмайсың, коммуналдық төлем тағы жоқ.

Интернет тапсырысты төлеу мен жеткізу мерзімінде қиыншылықтар туындаған емес. Тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда, көршілес қалаларда да тұрақты сатып алушыларым бар. Оларға тауарды жеткізіп беремін. Осы кәсіппен айналыса бастағанда бала тәрбиесімен үйде отырған едім, қазір жұмысқа орналастым. Бірақ интернет сауданы орта жолдан тастаған жоқпын. Керісінше, тауар түрлерін көбейтіп, қызмет көрсету сапасын арттырып, негізгі табыс көзіне айналдырғым келеді, – дейді ол.

Елімізде әлеуметтік желі арқылы қомақты қаржы тауып отырғандардың басым көпшілігі – шоу бизнес өкілдері. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, танымал әнші

Қайрат Нұртас әйгілі «LG» компаниясының ресми өкіліне айналып, сол арқылы қыруар қаржы табады. Ал әнші Айқын телеарнаға берген бір сұхбатында 200-300 долларға жарнама жасап бере алатынын айтқан еді. «Бір фото үшін кемі 150-200 доллар төлейді. Жалпы жарнама берушілер үшін алыс-беріс тиімдірек», – дейді ол. Ал желідегі оқырмандар саны миллионнан асып жығылатын ең танымал жұлдыздар жарнама берушілермен ұзақ уақыттық келісімшартқа отырғанды жөн көреді. Олар бір пост жариялаумен шектелмей, бүтін бір брендтің келбетіне айналғанды ұнатады. Соның арқасында жылына 6-7 миллион теңге табыс табады.

Отандық жұлдыздардың ішінде продюсер, тележүргізуші Баян Мақсатқызы ең алғашқы болып, бір миллион жазылушыға қол жеткізді. Киген киімі мен боянған косметикасын, ішкен тамағы мен көрген киносын, шетелдегі демалысы мен тойдағы ән-биін, қысқасы, әр басқан қадамын ғаламторға жүктеу арқылы оқырмандарын «қызыққа бөлейтін» өнер адамдары үшін әлеуметтік желі «майшелпекке» айналғандай. Яғни, біздің жұлдыздар парақшасына сауда белгілері мен қызмет түрлерін жарнамалаған ақпараттар шығару арқылы тым тәуір табыс тауып жүр. Оқырмандар саны артқан сайын, табыс та молая түседі. Өйткені жазылушылар неғұрлым көп болса, тапсырыс берушілер де ұлғайып отырады.

Инста-оқырмандарының саны миллионға жеткен әнші Мақпал Исабекова аукцион арқылы аккаунтын 1,5 миллион теңгеге сатып, түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсады. Ал бір миллион аудиториясы бар белсенді парақшаны өз бизнесін жарнамалау мақсатында астаналық кәсіпкер сатып алды. Аты-жөнін атамауымды өтінген менің бір танысым бес мыңнан астам оқырманы бар аккаунтын қаламыздағы ақпараттық бағыттағы мекемеге сатып, 20 мың теңге пайда көрген. Тек Инстаграмм емес, Фейсбук, Вконтакте, Твиттер және т.б. әлеуметтік желілерде де осылай. Барлығы айналып келгенде, сол баяғы жарнаманың жағдайына тіреледі. Қалай десек те, заманына сай бұл да – бизнес, яки, кіріс көзі.

Қалауын тапсаң, қар жанады демекші, әлеуметтік желіде ертелі-кеш текке уақыт жоғалтқаннан гөрі оны пайдалы іске жұмсағанның артықтығы болмайды. Ғаламторды табыс көзіне айналдырғыңыз келсе, нар тәуекел! Өйткені мұнда ақша табудың сан алуан тәсілі бар. Бастысы, кез келген істің пайдасы мен залалын айыра білу керек.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

diko_8484@mail.ru


Қоғамдық кеңестерге kazkenes.kz сайты ұсынылды

Күні: , 37 рет оқылды


Орал қаласында жергілікті қоғамдық кеңестердің мүшелері, ҮЕҰ-ның өкілдері және белсенді азаматтардың қатысуымен «Халықты шешімдер қабылдау процесіне тарту құралдарын дамыту» тақырыбында семинар өтті. Аталған семинар Қазақстан Азаматтық альянсы ЗТБ-ның, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Бұл басқосу — «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ-ның мемлекеттік гранты аясында қаржыландырылатын «Республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестердің қызметін бағалау және қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту үшін олардың әлеуетін арттыруға арналған кеңестерді жасақтау» жобасын жүзеге асырудың қорытынды кезеңінің шарасы. Семинардың мақсаты — жергілікті қоғаммен өзара әрекеттесу тетіктерін қолдануда қоғамдық кеңестердің мүшелерінің құзыреттілігін арттыру және халықты әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне тарту. Шешімдер қабылдау кез келген басқару қызметінің маңызды бөлшегі саналады. Шешімді басқару еңбегінің өнімі ретінде, ал оны қабылдауды осы өнімнің пайда болуына әкелетін процесс ретінде қарастыруға болады.

Бүгінде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған уақыты және ол адамның коммуникацияны шынайы режимде қабылдауына әсер етеді. Қоғамдық кеңестердің мүшелері халықты тарту үшін коммуникацияның барлық мүмкін сервистерін қолдана отырып, қоғамдық бақылау құзыреттілігін жүзеге асыру процесінде тәуелсіз болып қалады. Сол себепті семинар барысында коммуникацияның барынша тиімді және нәтижелі қызметтері қарастырылды. Мысалы, бірлескен қолжетімділіктің «бұлтты» сақтаушыларының көмегімен сарапшылар мен қоғамдық кеңестердің мүшелері ескертпелерді, ұсыныстар мен мәселені шешу жолдарын бірлесе талдай отырып, бір құжатпен жұмыс істей алады. Әлеуметтік желілерде қоғамдық кеңестер қандай да болмасын сұрақтар бойынша мәліметтер жинап, халықты жоспарлармен таныстырып, аңдатпалармен ақпараттандырады және кездесулер, тыңдаулар, отырыстарға шақырып, жаңалықтарымен бөлісе алады.

Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ақпарат әр түрлі болмас үшін және қоғамдық құрылымдардың өзара әрекеттесе жұмыстануы үшін кеңестердің қолдануына бірыңғай коммуникация платформа – kazkenes.kz сайты ұсынылды. Бұл сайт заманауи технологиялардың мүмкіндігін, қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Коммуникацияның белгіленген құралдарының көмегімен халықты тарту қоғамдық бақылау қызметін сапалы жүзеге асыру үшін кеңістікті ашады және конструктивті тәжірибе жағдайларында қоғамдық кеңестер мүшелері жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ


«Еңлік-Кебектегі» Еспембет кім?

Күні: , 66 рет оқылды

Мұхтар  Әуезовтің  туғанына 120  жыл  толуына  орай


Еңлік-Кебек  оқиғасы  әдебиет  тарихында  мүлде  белгісіз  дүние емес. Ол  туралы  алғаш  мағлұмат  мерзімді  баспасөз  бетінде 1892 жылы  «Дала  уалаяты» газетінде 29, 31, 34-40  сандарында «Қазақтардың  естерінен  кетпей  жүрген  бір  сөз»  деген  атпен  жарияланды.  Соңына  «Ұмытылған» деген  бүркеншік  ат  қойылыпты.  Мұны  жазған  Абай  Құнанбаев  деген  болжам бар. Бұл  пікірді  алға тартушы  –  ғалым-жазушы  Мұхтар  Мағауин. «Ұмытылған»  деген  бүркеншік  атты  Шәкәрім  Құдайбердіұлы да  пайдаланғаны  аян.  Бұл оқиға 1900 жылы тағы  да сол «Дала уалаяты»  газетінің  45-50  сандарында «Қазақ  турасынан  хикая»  деген  тақырыппен  жарық  көрді.


Еңлік-Кебек оқиғасына арнап Абай тапсырмасы бойынша кезінде Мағауия Абайұлы Құнанбаев «Еңлік-Кебек», Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жолсыз жаза» атты дастандар жазған. Соңғы дастан 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспаханасынан жеке кітапша болып жарық көрген. «Дала уалаяты» газетінің беттерінде басылған әңгімеде матай қызы Еңліктің айттырып қойған жері – Керей елі деп келтірілген. Еңлікті алып қашқан Кебек екенін білген матайлар Тобықты жағына сұрау салса да, кейінгі жақ бәтуаласудан бас тартады. Үш ай олар ешқандай мәміле ұсынбайды. Тауы шағылған матайлар керейлерге барады. Олар: «Еңлікті қашырған – қыздың әкесі, бұл шаруаны өздерің шешіңдер», – деп бұлаң құйрыққа салады.

Екі-үш ай уақыт өткен соң, тобықтылар жоңғарлармен шайқаста жүрген Кебектің немере ағасы Тоқтамыс батырдың келуін күтейік деп тайсақтай береді. Тобықтылардың мұндай енжарлығына намыстанған матайлар өре түрегеледі. Оларға сыбандар қосылады. Сөйтіп, матайлар жағы Еңлік пен Кебекті ұстап беруін, екеуінің де өлім жазасына кесілуін талап етеді. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов 1917 жылы Ералы жазығында қойған «Еңлік-Кебек» пьесасының негізіне Шәкәрімнің жоғарыда аталған дастандағы үлгіні арқау еткен. Бұл туралы 1917 жылы 19 шілде күні «Сарыарқа» газетінің №2 санында «Игілікті іс» тақырыбымен жарық көрген мынадай қысқаша хабар-мақала  жарияланыпты:

«Өткен мамыр айының аяғында бір жерде отырған Абайдың он шақты ұлының он төрт, он бес жасы игілік мақсатпен бір ұйым ашты. Ұйым аты «Талап» болды. Ұйымға кірген талапты жігіттердің алды жүз он бес теңгеден ықтиярлы жарна салып, бес жүз теңге ақша жинады. Бұдан басқа ұйым мүшелері ай сайын үш теңгеден беріп, ұйым қазынасын толтыра беруге міндетті болды. Бұл ұйымның ашылғандығы әзірге көздеген мақсаты, әлдері келгенше кітап бастыра бермек. Одан соң бұл ұйым жігіттері Шәкәрім қажының «Еңлік-Кебек» дастанын сахна түріне айналдырып, Тұрағұл Құнанбаев мырзаның бір қыз ұзатқан тойында көрсетілім жасап, ойын көрсетті. Мұны істегендегі парызы – жиналған ақшасын Құлжадағы аш-жалаңаштарға жібермек еді. Екі үй қатарластырыла тігілді. Билет құны елу тиын болды. Ойын басталар алдында семинарист Мұхтар Әуезов пьеса көрсетілімінің мақсаты туралы сөз сөйлеп, болар іспен таныстырды».

Матайлар жағының өктемдігін өсіре көрсету үшін М. Әуезов сахараның Кеңгірбай сынды кесек сөз иесіне қарсы оған дәрежелес өз ортасының көкжалы Еспембет бидің образын ойдан қосып, көрермен алдына шығарады. Дәл осындай мақсатпен бұл дауға еш қатысы жоқ батыр Есенді Еңлікке «әмеңгер» етіп, оны Кебекке «өлтіртеді». Анығында, «Дала уалаяты» газетінің екі басылымында да Есеннің де, Еспембеттің де есімдері кездеспейді. Бұларда Еңлік пен Кебектен басқа төрт адамның аты ғана аталады. Олар Тоқтамыс – Кебектің аталас ағасы, Қабанбай батыр – Еңліктің туған нағашысы, Нысан – абыз және тобықты биі – Кеңгірбай.

Пьесадағы оқиғаның үдеп барып, барынша асқынған шарықтау шегі найман мен тобықты билерінің дауласуын бейнелейтін сахналық көрініс. Бұл тартыс, әсіресе, Көбей мен Еспембет арасында қатты ширығады. Екі би де ағып тұр. Сөздері жаттанды, жасық емес. Керісінше қорғасын оқтай тиген жерін ойып, тесіп жатқан сөздер. Аспанда шапшыған ашу да, қапияда жол тапқан тапқырлық та, өресі биік ой да, бұлтартпас қисын да, кегежеден тартқан кесірлік те – бәрі бар. Қысқасы, характерлерді дәл бейнелейтін  тамаша  драмалық  тіл.

Амал не, сөздің майын тамызғанымен, кеселді түйін шешіліп, кердің мойны кесілерге келгенде, Көбей табан тіреп тұра алмайды. Еспембет абырой-бедел салмағымен, ақыры, Кебекті Еңлікпен қоса құрбандыққа шалады. Драманың жанр ерекшелігі, сахна шарты осыны талап етті. Көркемдік тұспал әсерлі шығуы үшін Кеңгірбай мен Көбей секілді тобықтының тұлғалы билерін дегеніне көндіретін, өктем сөйлеп, қос ғашықты қатыгез жазаға тартатындай қатал да беделді қарсылас жағымсыз кейіпкер керек болды.

Дәл осындай тәуекелге Әуезов еріксіз барған. Онсыз пьеса толыққанды болып шықпай, тартыс та солғындап, тек аңыз ретінде қалады. Міне, осы арада драматург ойына Еспембет есімі оралады. Шындығында, Еңлік-Кебек оқиғасының алды-артында, қалың найман ішінде Еспембет атты би болмаған. Керісінше, дәл сол аттас батыр сол кезде өмір кешкенін кейбір деректер дәлелдейді.

Ендеше, Әуезов пьесасындағы Еспембет кім? Қай дәуірде өмір кешкен?

«Сахнадағы билердің айтысын, олардың келеге түскен кезіндегі іс-әрекеттерін, ортаға қамшы тастай беріп кезек алатынын, ара бидің өзін қалай ұстау керектігін, тіпті олардың сөздері мен технологиялық дайындығын Мұхтарға айтып жаздырған Тұрағұл екенін ескерсек, Еспембет есімін атаған да сол деп күмәнсіз сенуге болады». Бұл деректі тұңғыш іздеп табушы және әдеби айналымға түсіруші – мұхтартану саласында аянбай тер төгіп жүрген сыншы Тұрсын  Жұртбаев.

Ендеше, алдымен Тұрағұлдың кім екенін атап өткен жөн. Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев (1876-1934)  – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған ұлы. Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия сынды ағаларына ұқсаған бұл да кезінде сауаты басым, әдебиет сүйгіш жан. Ол М. Горькийдің «Челкаш», А. Неверовтың «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Балалар туралы ертегі» атты әңгімелерін орысшадан қазақшаға аударып, бастыртып шығартқан. Әкесі, ағалары дүниеден өткеннен кейінгі уақытта ел ортасының сөзіне араласқан Тұрағұл жас Мұхтарға әкесі Абай жайында, алыс-жақын ел тарихы туралы бірталай танымдық әңгімелер айта жүрсе керек. Кейбір деректерге қарағанда, М. Әуезов «Еңлік-Кебек» пьесасын жазған кезде оған келісті кеңесші болғандардың бірі –  осы Тұрағұл екен.

Әділінде, Еспембет  халық арасында аңызға айналған Абылай  хан батырларының бірі болған. Асқан мерген, садақшы болып, барлау тобын басқарған, бар өмірін ат үстінде өткізген ержүрек адам. Кезінде тапқырлығы мен өжеттілігі үшін Абылай мен Қазыбек би оған «Адақ» деген ат берген. Сондықтан да болар, ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, Еспембетке бір табан жақын ақын Дулат Бабатайұлы (1802-1871) «Еспембет» атты ұзақ дастан жазып кеткен. Бұл дастан:

Ер  Еспембет  кешегі,

Ерекше  еді  деседі.

Тіл  біткеннің  шешені,

Үлгі  айтса  көшелі.

Жауға шапса  көсемі, – деп басталса,

Өле-өлгенше  ел  болды,

Еспембеттің  арманы.

Еспембеттей  ер  қайда,

Ер күтетін ел қайда, – деп аяқталатын бұл ұзақ жырда басынан аяғына дейін батыр Еспембет ерлігі асқан шабытпен келісті кестеленеді.

Дулаттың Еспембетке бір табан жақын деуіміздің де салмақты себебі бар. Өйткені дастанның бас кейіпкері Еспембет те, оны жырға қосушы Дулат та – Аягөз өңірінің тумасы. Екеуі де – Орта жүздегі Найман руының Қаракерей деген тобынан тарайтын Сыбан әулетінен шыққандар. Бұдан бергісін біліктесек, батыр Еспембет те, ақын Дулат та – осы сыбанның Жарасқұл деген ұлының ұрпақтары. Еспембет Жарасқұлға немере болса, Дулат оның шөбересі. Өйткені Дулаттың әкесі Досым мен Еспембет – Қойбас балалары. Қысқаша қайырып айтқанда, Еспембет осы әулеттің XVIII ғасырдағы тұлғалы тумасы болса, Дулат оның ХІХ ғасырдағы парасатты  перзенті.

Өзінен 80-90 жылдай бұрын туып, бар саналы өмірін ел қорғауға арнаған Еспембеттің сол өмірін Дулат өрелі өлең өрнегіне арқау еткен. Дастанда баяндалғандай, Еспембеттің әкесі Қойбас жоңғар басқыншылығында қаза табуына байланысты ол жеті жасынан бастап туған нағашысы Уақ руының белгілі батыры Ер Қосайдың тәрбиесінде болады. Соның нәтижесінде Еспембет он төрт жасында-ақ ат үстінде шауып келе жатқанда тартқан садақ оғы мүлт кетпес мерген, жекпежекке шыққанда ұрған жерін сындыратын, қимылына көз ілеспес найзагер де жойқын күш иесі бола бастайды. Он төрт жасынан асқанда Еспембет қартайған нағашысы Ер Қосайға өзінің туған жеріне қайтқысы келетінін айтады. Нағашысы жиеннің бұл тілегіне қарсы болмай, құлынынан таңдап өсірген Ақбөрте құнанды мінгізіп, ер қаруын асындырып, батасын беріп аттандырады. Бұл – қазақ пен қалмақ жаугершілігінің әлі де толастамай тұрған кезі болса керек. Туыстарының бәрі жаумен шайқасып жүргенде өзінің ауылдағы бала-шаға ортасында болуын намыс санаған Еспембет те жорыққа аттанады. Аз уақыт ішінде-ақ оның ұрыста жойқын қимылын таныған аталас туысы, қартайыңқырап қалған Ақтамберді батыр оған өз орны – Абылай әскеріндегі Найман жасағын басқаруды сеніп тапсырады. Жаугершілік кезінде туған Еспембет бар өмірін жорыққа арнайды. Ол «Ақтабан шұбырынды» аяқталған соң да Абылай қасына жасақ басы болып қалады да, хан сарайымен қоса Түркістанға келеді. Ал Ақтамберді бастаған өз жерлестері Арқа жаққа – Аягөзге қайтады. Еспембет ұзақ жасамаған деседі. Анығы – ұрыста қаза тапқан. Зираты Ташкент жақта деген аңыз бар. Еспембеттің кейбір ұрпақтары  Шығыс Қазақстан облысы, бүгінгі Аягөз өңірінің Ақшатау, Мыңбұлақ жерлерінен кездесіп қалады.

Еспембет туралы тағы бір әдеби дерек – ақын Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы Адақ батыр – осы Еспембет. Осы поэманың «Адақ» деген тарауында:

Күресте  қалың  қолды адақтаған,

Майданда  бетіне жау  қаратпаған.

Сондықтан Адақ  деген  есім  алып,

Ер еді атына кір жанатпаған, – деп Сәкен Сейфуллин де Еспембетті Абылай хан батырларының ішіндегі ең мергені, ақ берені екенін мадақтай жырға қосқан. Өйткені осы поэмадағы Абылай ханның қасындағы барлық батырының ішінде анық атымен аталып, тұтқынға түскен қалмақ қызының шартымен Оқжетпестің басына ілінген ақ орамалға «оқ жеткізіп» атып түсірген де, қыз жұмбақтарының бәрін дерлік шешіп, оның астына ат мінгіздіртіп, еліне қайтарылуына себепкер болған да осы жалғыз Адақ – Еспембет.

Көркем шығармалардағы шындық қанша құнды болғанымен, өмірлік шындықтың қасиеті барынша басым. «Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат» дейді емес пе?! Сондықтан да Еңлік-Кебек оқиғасы кезінде Кеңгірбай мен Еспембеттің келеге түсуі мүмкін емес. Еспембет – жаужағадан алғанда ауылда қалған батагөй билердің қатарына жатқызуға  келмейтін  толағай  тұлға.

Ендеше, М. Әуезов қаламындағы Еспембет сол заманның салтына сай билердің шартты жиынтық тұлғасы, жазушы қиялының жемісі деуіміз керек. Дәл осындай пәтуәлі пікірді С. Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы батыр Адаққа да арнап айтуға болады. Бұл, әрине, екі суреткердің жазып кеткен шығармаларының маңызы мен олардың қазақ әдебиетіндегі орнына ешбір зияны  тимесі  анық  мәселе.

Ғабит  ЗҰЛХАРОВ,

архив  саласынының  ардагері,

Қазақстан  Журналистер одағының  мүшесі,

Семей  қаласы


«SMS BUS» – Оралда

Күні: , 45 рет оқылды


Орал қаласында «SMS BUS» жобасы іске қосылды. Бұл туралы Орал қаласының жолаушы көлігі және аутокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев және «SMS BUS» компаниясының өкілі Сержан Идиятов БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.


– Өткен жылдың шілде айында Орал қаласының әкімдігі «Smart city» бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарлама аясында қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізу көзделген болатын. Биыл бұл мәселе бойынша Алматы қаласына барып, «SMS BUS» жобасымен толық танысып қайттық. Енді жолақысын бұрынғыдай қолма-қол және оның баламасы, яғни электронды билет арқылы төлеуге болады. Алдымен 5, 10, 22 және 36 маршруттарда, кейін барлық аутобустарда қанатқақты жоба іске қосылмақ, – деді Қайрат Қуанышқалиұлы.

«SMS BUS» жобасымен толығырақ таныстырған Сержан Серікұлының мәліметінше, жолақысын ұялы телефондағы бірлік есебінен және банк картасы арқылы төлеуге болады. Жобаның басты ерекшелігі, қала бюджетіне, жолаушыларға және аутобус парктеріне қаржылай салмақ салмауында.

– Егер автобусқа қандай да бір құрылғыны орнатсақ, ол уақыт өте түрлі себептермен бұзылып, істен шығуы әбден мүмкін. Ал бұл жобада ешқандай құрылғы орнатудың қажеті жоқ. Тіпті ұялы телефонның смартфон болуы да шарт емес. Жолақысын ең қарапайым телефон арқылы да төлеуге болады. Ол үшін жолаушы өзі мінген автобустың жеке кодын 2505 нөміріне хабарлама түрінде жіберуі керек. Ал жеке кодты әр аутобустың қабырғасында ілінген ақпарат қағаздарынан қарай алады. Төлемді банк картасы арқылы өтеу үшін жолаушы алдын ала smsbus.kz сайтына кіріп, жеке банк картасын (Visa, Master Card) комиссиясыз тіркеуі тиіс. Содан соң 2505 нөміріне аутобус кодын және «банк» сөзін қосып, хабарлама жіберу қажет. Барлық хабарламалар тегін жасалады. Төлем сәтті орындалған соң, ұялы телефонға хабарлама арқылы келген электронды түбіртекті кондукторға көрсету керек. Егер жолаушы аутобус кодын дұрыс жазбай немесе телефонындағы теңгерімі, картадағы ақшасы жеткіліксіз болса, ол туралы хабарлама келеді.

Сондай-ақ төлемді одан әрі ыңғайлы қылу үшін арнайы «SMS BUS Пассажир», «SMS BUS Контролер» қосымшаларын смартфон ұялы телефондарға жазып алуға болады. Бұндай кезде жолаушыға ақының төленгендігі туралы QR (Quick response – тез қабылдау) коды келеді, кондуктор өз смартфонын жолаушының смартфонына тақап тексере алады, – дейді С. Идиятов.

Мамандар аталған жобаға қоғамдық көлік иелері түрліше көзқарас білдіргенін жеткізді. Еуропаның Италия, Бельгия, Финляндия секілді елдерінде кең қолданысқа ие болған жоба біздің елімізде алғаш рет 2016 жылы Алматы қаласында іске қосылып, оң нәтиже көрсеткен. Ал Орал қаласы – аталмыш жобаны іске қосқан еліміздегі екінші шаһар.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика