Мұрағат: 06.11.2017


Жазушының жаңа кітабы

Күні: , 63 рет оқылды


Таяуда әріптесіміз, өңірімізге танымал прозаик Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» атты кітабы жарық көрді.


Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан шыққан бұл еңбекте пьеса, хикая, әңгімелер жинақталған. Көпшілік оқырман қауымға арналған жинақтағы шығармалардың кейіпкерлері – қазіргі қоғамның адамдары.

Оншақты жылдан бері проза жанрына қалам тербеп жүрген Мира Хамзақызының бұған дейін «Махаббат бағы» (2003 жыл), «Шүберек қуыршақ» (2006 жыл), «Жүректегі құпия» (2009 жыл), «Өкініш» (2014 жыл) атты кітаптары шыққан болатын.

Айта кетейік, автордың туындылары мен шығармалары туралы мақалалар республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақстан әйелдері», «Жалын», «Үркер» сынды басылымдарда жарық көрді.


Жайсаң жанның сапары

Күні: , 98 рет оқылды


Ел  Президенті  Н. Ә. Назарбаев  өзінің  «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру»  атты  мақаласында  қазақ:  «Туған жерге туыңды тік»,  – деп  бекер  айтпаған.  Патриотизм  кіндік  қаның  тамған  жеріңе,  өскен  аулыңа,  қала  мен  өңіріңе,  яғни  туған  жеріңе  деген  сүйіспеншіліктен  басталады»  дей  отырып,  жас  ұрпақ бойына отаншылдық  рухты қалыптастыруды тапсырған  еді.  Ал отаншылдық  рух  бүгінгі  жастар санасына аға  ұрпақтың  өнегесі арқылы,  елге  істеген  жанқиярлық еңбегі  арқылы  беріледі. «100 есім»,  «Туған  жер»  бағдарламаларының  негізі  де  осы.


Жақында «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Алматы облысының және Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Қалдыбек Сәбденов облысымызға  арнайы  келді.

Құрметті мейманның сапар мақсаты 85 жасқа толған шағында еңбек жолын бастағанына 60 жыл толуына орай Жаңақала жерінің бүгінгі келбетіне, жеткен жетістіктеріне куә болып, өзінің алғашқы маңдай тері төгілген, жастығының ізі қалған өңірдің еңбек адамдарымен жүздесу, сол жылдардағы ерен еңбекті жас ұрпаққа үлгі ете отырып өткен күндерінен сыр шертіп, бір серпіліп қайту еді.

Еліне сіңірген еңбегіне орай Кеңес  Одағының үш орден, үш медалімен, Тәуелсіз Қазақстанға еткен үздік еңбегі үшін «Астана» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған өнегелі өмір иесін облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қабылдады.

Қабылдауда қадірлі қонақпен бірге профессор Қ. Бозымов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры Н. Серғалиев, Жаңақала ауданының әкімі Н. Қарағойшин  болды.

Қабылдауда облыс әкімі қадірлі қонақтың өмір жолын әңгімелеп, Жаңақала, бұрынғы Жалпақтал аудандарының экономикасын дамытуға, әсіресе мал тұқымын асылдандыру ісіне қосқан үлесіне ризашылығын білдірді. Ұрпақ тәрбиелеу ісіндегі еңбегіне де тоқталып, осы өңірді ұмытпай, ат ізін салғаны үшін алғыс айтты.

– Алғашқы еңбек жолымды бастаған Жаңақала жері, оның кең пейілді, ақ жүректі, еңбекқор адамдары маған ерекше қымбат. Мен үнемі осы өңірдің жетістіктеріне құлақ түріп, бірге қуанып отырамын. Қазіргі Киров – Шежін арнасының құрылысы, судан Ресейге тәуелділіктен арылу мақсатында Қараөзен суының Сарыөзенге берілуі көп мәселенің түйінін тарқатады. Ұрпақ үшін осындай игі істерге ұйытқы болған жергілікті атқарушы билікке ризамын, – деді қабылдауда тебірене сөйлеген Қалдыбек Сәбденұлы.

Қабылдау соңында облыс әкімі абыз ақсақалдың иығына шапан жауып, ақ тілегін білдірді.

Сол күні алғаш маман болып еңбек еткен өлкесін аңсап жеткенде жаңақалалықтардың аудан шекарасынан ақ дәммен қарсылап, ерекше құрмет көрсетуі қадірлі қарияның мерейін тасыта түсті.

Ал аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында мейманды бір топ аудан ақсақалдары күтіп тұрған-ды. Сағынышпен қауышу, жылы жүздесу соңы саябаққа қарағай көшеттерін отырғызуға ұласты. Сөйтіп, қоғам қайраткері бір кезде экономикасын дамытуға атсалысқан ауданның енді абаттануына да ықылас танытып, жас шыбық отырғызды.

Аудан тұрғындарымен кездесу үшін мәдени демалыс орталығына келген құрметті қонақты «Айзере» әжелер ансамблі шашу шашып, «Ақ босаға» келіндер тобы сәлем салып қарсылады.

Қ. Сәбденов пен ауданды ұзақ жыл басқарған Т. Мерғалиев мәдениет үйі алдындағы күй алыптарының ескерткіштеріне гүл шоғын қойды, қайраткерге арналған  көрмені  тамашалады.

Кездесу кеші Қ. Сәбденовтің өнегелі өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетуден басталды.

Кеш тізгінін белгілі ақын Закария Сисенғали ұстап, қонақтарды залда ине шаншар бос орын қалдырмаған аудан тұрғындарына таныстырды.

Шара барысында сөз алған Т. Мерғалиев Қ. Сәбденұлының ауданның ауыл шаруашылығын дамытудағы іскерлігін дәйекті деректермен тартымды әңгімелесе, Оралдан арнайы келген шәкірті Қ. Бозымов ғылым саласындағы, шәкірт тәрбиелеудегі, еңбек ұжымына басшылық жасаудағы ерен істерінен  естеліктер  өрбітті.

Еңбек ардагері Қ. Қайыржанов пен кезінде Қалдыбек ағаның өзі түсірген келіні Талшын апай да ақжарма тілек айтудан қалыс қалған жоқ.

– Мен бұл өлкені екінші туған жерім деп бағалаймын. Өйткені еңбек жолымды осында бастап, ақ пейілді ауыл адамдарының қамқорлығын көрдім. Сондықтан, осы өңірден келер хабарға құлақ түріп, игі істеріне қуанып отырамын. Осындағы достарыммен де байланысты үзгенім жоқ. Әлі күнге ағайындай араласып келемін. Жаңақала жеріне де аяқ басып тұрғаныма қуаныштымын. Сіздер маған қымбатсыздар, – деді шара барысында толқи сөйлеген Қалдыбек Сәбденов. Қадірлі аға бұл сапарында баласы Асқар мен жиені Сапарғалиды ілестіре келген екен.

Кеш ауыл өнерпаздарының арнайы  концертіне  ұласты.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің алғашқы еңбек жолын бастаған жерді, жалпақ елді ұлық санап, ұмытпай қадірлеуі, әр кез ат ізін салып жүздесіп кетуі «Туған жерге тағзымның» айқын бір көрінісі болды.

Кездесуге келгендер адал еңбектің абыройға бөлеріне, еңбек адамына деген құрметтің ескірмейтініне, «елім» дейтін ер болса, «ерім» дейтін ел барына куә болғандай еді.

Мұндай жайсаң жанның ісі ұрпаққа жұғысты болса, ондай елдің ертеңі жарқын болмасына кімнің дауы  бар?

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Мектептер 2022 жылы латын әліпбиімен оқыта бастайды

Күні: , 74 рет оқылды


Бұл  жайында  Қадыр  Мырза   Әли  атындағы  өнер  және мәдениет орталығындағы  жергілікті  ақын-жазушылар  мен  зиялы қауым өкілдері  және  тілші-мамандар  басқосуында облыстық тілдерді дамыту  басқармасының  бөлім басшысы  Гүлжайна Бисенғалиева  хабарлады.


Оның айтуынша, қазан айының соңында күшіне енген Елбасы Жарлығы негізінде латын әліпбиіне қолдануға нақты шешім қабылданды. Дегенмен қоғамда жаңа қаріптер үлгісі нақты бекітілгенше талқылау жүргізіле береді. Гүлжайна Бисенғалиева келесі жылдан бастап дайындық курстары ұйымдастырыла басталуы мүмкін екенін айтты. «Ұлттық мүдде – ұлы мұрат!» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында ардагер-журналист Тихон Әліпқалиев аға буын үшін латын әріптерімен мәтін оқу қиын болатынын, жаңа әліпбимен бірге орыс мектептерінде кириллица қатар қолданылса, елді жікке бөлу қатері туындауы мүмкін екеніне күдіктенетінін  жеткізді.

– Қоғамдық өзгерістерге болашақ көзімен қарау қажет. Латын әліпбиін қолдану – заман талабы, ғасыр сұранысы. Жас ұрпақ үшін тиімді болары анық. Дегенмен әліпбидің үлгісін бекіткенше бұл бағытта асығыстық танытпаған жөн. Апострофты әліпбидегі «Ә» әрпін «А’» пішінінде беру жаппай сауатсыздық көрінісіне айналуы мүмкін. Онсыз да Әдемі, Олжас атты кісі есімдері «Адеми», «Алжас» болып жазылуда. Ал мектептерде оқушыларды тіл қолданысына орай бөле-жара оқыту орынсыз болмақ. Орыс тілділер де латын әліпбиін меңгерсін, – деді ақын Ақұштап  Бақтыгереева.

Басқосуға қатысушылардың айтуынша, қоғамда жаңа қазақ жазуына қатысты пікір сан алуан.

Ұстаздар да оқыту жүйесінде қос әліпбидің қатар қолданылуы мүмкін екеніне алаңдайды.  «Еуразия» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, филолог Айдарбек Ақболатов билік өкілдерінің тілші-мамандар ұсыныстарына құлақ аспай отырғанына қынжылатынын айтты. Дөңгелек үстелде пікір білдіргендердің дені соңғы уақытта қызу талқыға түскен «үтірлі» әліпбиді әлі жетілдіру  қажеттігін  мәлімдеді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Самарқаулық пен енжарлықтан азаматтық қасиет жоғалады

Күні: , 57 рет оқылды


Мүлдем төзбеушілік дегеніміз – бұл адамдардың ең ұсақ деген құқықбұзушы-лықтарға көңіл бөліп, оларға жол бермеуі. Бұл ұсақ бұзақылық, қоқыс қалдығын лақтыру сияқты нәрселер болуы мүмкін, алайда ол да қоғамдық тыныштықты кетіретіні белгілі. Тәртіпсіздік пен жүгенсіздік одан бетер қауіпті құқықбұзушылықтардың туындауына, әрі қарай өршуіне негіз болады.


«Мүлдем төзбеушілік» деген ұғымның өзі “салғырттық” пен “енжарлық” деген ұғымдарға қарсы қойылады. Өмірде адамдар үлкендерді сыйламау, дөрекілік пен жағадан ұстасу сынды жағдайларды қанша көріп жатса да, оған еттері үйреніп, міз бақпайтынына куә болып жүрміз.

«Мұндайға менің қатысым жоқ» дейтін адамдарды да түсінуге болады, келеңсіздікті айналып өтіп, тыныш жүрген, әрине, қолайлы. Көшелерге тасталған қоқыс қалдықтары, ересек балалардың кішілерді ренжіткенін, өзіңізден көмек сұраған адамды да елемей өтіп кеттіңіз дейік. Мұндай самарқаулық, енжарлықтан адам өзін қанша ақтағанымен, ол өзінің арының және көпшіліктің алдында іскерлік-моральдық және азаматтық мәртебесін жоғалтатыны анық.

Қоғамда мүлдем төзбеушілік міндетін Елбасымыз Парламент палаталарының бірлескен отырысында көтергені белгілі. Үкімет қоғамда кез келген құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мен қылмыстық құқықтықты ізгілендіру арасындағы ортақ вектор жүргізуі тиіс деп атап өткен Президент: “Елдегі заңдардың бұзылуы мен кез келген қылмыстар үшін жазаның міндетті түрде қолданылатыны және әділдіктің орнайтыны жөнінде ешкімде ешқандай күмән болмауы тис” деп түйген болатын.

“Қазақстан Стратегиясы — 2050” қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары” атты Жолдауында Мемлекет басшысы былай деген болатын: «Дамыған қоғам барлық нәрседе тәртіп болуын көздейді: үйдің жайлы кіреберісі, тап-тұйнақтай таза аула және жүзі жарқын тұрғындар. Қандай керемет көрініс! Осындай жетістіктерге жету үшін ең ұсақ құқықбұзушылықтардың, бұзақылықтың, мәдениетсіздіктің көріністеріне жол бермеуіміз керек, өйткені қоғамның тынышы кетеді, өмір сүру сапасы нашарлайды».

“Мүлдем төзбеушілік” қағидаты ең ұсақ деген құқықбұзушылықтарға жол бермеуден басталып, жаңа құқықтық мәдениетті қалыптастыруға негіз болады, азаматтардың санасын жаңа құқықтық деңгейге жетелеп, мүлдем төзбеу ұстанымын қоғамдық өмір салтына айналдырады.

Заңға бағыну мәдениеті ұсақ-түйектерден басталады. Қоғамда ұсақ құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеу ахуалын қалыптастыру үшін құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, азаматтардың қоғамдық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттауда, бейнесюжеттер көрсетілуде, көшедегі бейнекамералардың санын көбейтуде, көшелер жарықтандырылуда, билбордтар орнатылып, заңға сәйкес мінез-құлықты қалыптастыруды үгіттейтін буклеттер таратылуда.

Қоғамдық қауіпсіздік тақырыбы қоғамды түгел қозғайтындықтан, бұл мәселені тек құқық қорғау органдарының иығына арта салу дұрыс емес.

Халықтың да белсенділігін арттырудың маңызы зор. Айталық, нөлдік немесе мүлдем төзбеушілік аясында атқарылған жұмыс нәтижесінде мас күйінде көлікке отыратын жүргізушілер азайды.

Қазір көптеген азамат қоқысты арнайы жәшікке емес, жанына лақтыра салғаны үшін әкімшілік жаза алатынын біледі. Құқықтық тәртіпті сақтау органдары ұсақ құқықбұзушылықтарды анықтауға және олармен күреске бағдарланды, бұл елдегі жалпы қылмыстардың азаюына апаратыны сөзсіз. Бұл бағыттағы прокуратура органдарының басымдыққа ие жұмыс бағыттарының бірі — әкімшілік заңнаманың сақталуын қадағалау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу.

Жүргізілген тексерістер нәтижесінде облыста құқықбұзушылықтардың алдын алу субъектілері көптеген оң нәтижелерге қол жеткізгені байқалады, алайда қабылданып жатқан шаралар әлі де болса жеткіліксіз. Соған орай облыстың БҚО ІІД мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып, ұсақ құқықбұзушылықтардың туындауына себеп болатын жағдайларға жол бермеу, құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында “Қоғамда тәртіпсіздіктер мен құқықбұзушылықтарға нөлдік немесе мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру жөніндегі ұйымдастырушылық және практикалық шараларының жоспарын” жасақтады. Ұсақ құқықбұзушылықтарға бұзақылық, қоғамдық орындарда алкоголь сусындарын ішу немесе мас күйде болу, тыныштықты бұзу, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы қылықтар және т.б. жатады.

Ұсақ құқықбұзушылықтарға нөлдік немесе мүлдем төзбеушілік қағидатын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік құрылымдар көптеген қиындықа тап келуде, ол айтарлықтай күш-жігер мен ресурстарды талап етеді. Әдетте, бұл қиындықтар қоғамның әлеуметтік, мәдени, экономикалық даму ерекшеліктеріне байланысты. Дегенмен статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, ұсақ құқықбұзушылықтар санының азаю динамикасы байқалады.

Биылғы тоғыз айда облыс аумағында жоғарыда көрсетілген санаттағы ұсақ құқықбұзушылықтардың 38 417 дерегі тіркелген, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 20,2%-ға төмендеген. Оны төмендегі кестеден көруге болады.

Келтірілген статистикалық деректерден көріп тұрғанымыздай, әкімшілік құқықбұзушылықтар қатарында ұсақ құқықбұзушылықтар саны артқан, бұл ішкі істер органдарында осы бағыттағы жұмысында белгілі бір дәрежеде оң нәтижелердің бар екенін көрсетеді.

Профилактикалық шаралардың оң нәтиже беруі сонымен қатар кәмелетке толмағандардың бұзақылығымен, мас күйінде жүруімен, алкоголь сусындарын ішуімен, мас күйде көлікке отыру, қозғалысқа қауіп төндіретін заттарды жүретін жолға лақтыру сияқты ұсақ құқықбұзушылықтардың азаюына алып келгенін көрсетті.

Бүгінгі таңда ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасы «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» (әрі қарай — ӘӨБТ) жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысуда.

ӘӨБТ жүйесінің пайдалы тұсы сол — құқықбұзушының ЖСН-ын компьютерге енгізген кезде бағдарлама автоматты түрде оның барлық деректерін шығарып, іздеуде жүргендігі, әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны туралы мәлімет беріп, оның қылығын дәрежелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарламаның іздеу парағына аутокөліктің мемлекеттік нөмірін енгізу арқылы техниканың міндетті техникалық тексерістен өткенін немесе өтпегендігін білуге болады.

Біздің басқарма БҚО прокуратурасымен, ІІД-мен және облыс әкімдігімен бірлесіп, ӘӨБТ жүйесін енгізу мәселесін шешуді, жол полициясы қызметкерлерін тиісті планшеттер мен принтерлермен жабдықтау мәселесін қарастыруда. Бұл құралдар материалдардың шынайылығын анықтауға мүмкіндік береді, яғни құқықбұзушылық жасалған орында дереу электронды хаттама жасалып, мәліметтер енгізілетіндіктен, деректерді бұрмалауға еш жол берілмейді. Сонымен қатар ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, рейдтік іс-шараларды атқаруда. Бұл рейдтердің негізгі мақсаты — ұсақ құқықбұзушылықтарға жол бермеу, халықтың құқықтық мәдениетін жоғарылату, азаматтардың құқықбұзушылықтардың алдын алу ісіне қатысуын қамтамасыз ету және әр азаматты құқықбұзушылықтарға төзбеуге ынталандыру. Ең бастысы, әр азамат өзі құқықбұзушылықтарды жасамай, бұл бағыттағы іс-шараларға өзі үлгі болуы тиіс.

Жанат НҰРМАҒАМБЕТОВА,

ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті БҚО бойынша басқармасының бастығы


Сыр елі жырдан шашу шашты

Күні: , 65 рет оқылды


Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының киелі сахнасында  Қызылорда облыстық филармониясы мен Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы арасындағы меморандум аясында Сыр елі өнер жұлдыздарының концерті өтті.


Бүкіл қазаққа аты мәлім Нартай, Тайжан, Нұртуған ақындар, Базар, Сәрсенбай, Жиенбай, Толмағанбет, Тұрмағанбет жыраулар сынды сыр сүлейлері мен батыстың ән мектебінің асыл қазынасы Мұхит, Қызыл, Қайып, Ғарифолланың халық жадынан өшпейтін киелі мол мұрасы арайлы Ақжайық пен сымбатты Сырдың арасын сан ғасыр бойы жалғап келеді.

Замана үнін, ұлы дала сарынын, баба сырын  көзінің қарашығындай қастерлеп, дәріптеп жүрген Қызылорда облыстық филармониясы Алаш анасын ар тұтқан киелі топырақтан Сыр елінің жыр сәлемін ала келген екен. Өнерге деген құрметтің, халыққа деген ілтипаттың жарқын үлгісін таныта білген кереметтей кештің шымылдығы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Елге сәлем» әнімен ашылды. Әнші, термеші, ҚР Мәдениет қайраткері Үміт Медеуованың орындауындағы халық әні «Ақеркені», И. Елубаеваның «Ақмешіт аспаны», Ә. Тыналиевтің «Ата дәстүрі» әндерін көрермен ыстық ықыласпен тыңдады.

Концертте Зүльфия Баймырза Тұрмағанбеттің «Толғауын» әуелете жырласа, «Тұран» триосы халық әндері «Ахау айым» мен «Әттең айды» нақышына келтіріп, әдемі орындады. Екі сағатқа ұласқан кеште Назерке Нұраддинова, Олжас Нұралиев сынды өнерлі жастардың әуезді тәтті әуендері жүректерге шаттық нұрын сыйлады. «Томирис» би ансамблі ұсынған «Дала сазы», қазақ және грузин билері де көрерменнің көңілінен шықты.

Рухани азығын әуелетіп салған әннен, күмбірлеген күйден, өрнекті биден тапқан патша көңіл көрерменді сырбойылық әрбір өнерпаздың «Сыр елі – жыр елі» деген киелі тіркестің жүгін үлкен жауапкершілікпен арқалап келе жатқаны қуантты.  Құшақ-құшақ гүлі мен қошеметін аямаған көрерменнің ыстық ықыласын көргенде осыны аңғардық.

Кеш соңында сөз алған Батыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев Қызылорда облыстық филармониясының ұжымына Ақ Жайық жұртының атынан ризашылығын жеткізіп, алғысхат табыс етті.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Жас тілшілер – «Жайық Престе»

Күні: , 73 рет оқылды


Жақында Орал қаласында мектеп оқушыларының қатысуымен медиафорум өтті.  Шараның мақсаты – белсенді жастарды ақпараттық ортаға тарту, қызығушылығын арттыру. Форум қатысушылары кейін «Жайық Пресс» медиахолдингіне келіп, облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакцияларымен және ақпарат орталығының қызметімен танысты.


«Жайық Пресс» журналистері оларға ақпаратты жедел тарату, сөз саптау, тіл мәдениеті, газеттердің электрондық нұсқаларын дамыту жөнінде кеңінен әңгімеледі. Шара барысында жас тілшілер медиахолдингтегі баспасөз музейімен танысты. Олар қос басылымда қызмет еткен ардагер-журналистердің бұйымдарына, ескі құжаттар мен газет тігінділеріне,  баспахананың оқу құралдарына қызығушылық танытты.

– Облыстық газеттер редакциясының тыныс-тіршілігімен танысу жас тілшілерге ұнады. Себебі форумға мектепішілік газет-журналдарды дайындап жүрген 9-11 сынып оқушылар шақырылды. Олар форум аясында «Жас тілші», «Блог жүргізу», «Тележүргізуші», «Бейнеоператор», «Фототілші» бағыттары бойынша өткен шеберлік сыныптарына қатысты, – деді облыстық «Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы Жосабек Есенғалиев.

«Жайық Престің» баспасөз залында «Приуралье» газетінің тілшісі Динара Киндербаева мен медиахолдинг маманы Самал Жәмет оқушылардың журналистика саласына қатысты сұрақтарына жауап берді. «Орал өңірі» газетінің фототілшісі Темірболат Тоқмамбетов суретке түсіру ерекшелігін түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті.  Айта кетейік, жас тілшілерге кәсіби бағдар беру мақсатында өткізілген шараларды облыстық білім басқармасының қолдауымен «Өркен» қосымша білім беру орталығы және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы ұйымдастырды.

Айдана ХАМИДУЛЛИНА,

«Жайық Пресс» ақпараттық орталығының қызметкері


Ребрендинг телеарнаға жаңа серпін бермек

Күні: , 66 рет оқылды


Сенбі күні Достық үйінде “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ облыстық филиалының жаңа атауының әрі жаңа маусымының тусаукесері өтті.


Салтанатты шараға арнайы келген “Қазақстан” республикалық телерадиокорпорациясы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Егізбаев телеарнаның жаңа маусымдағы тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп, ұсыныс-пікірлерді қабылдауға даяр екендігін айтты.

— «Қазақстан» ұлттық арнасы үлкен жобаларды қолға алуда. Солардың бірі — «I’m a Singer» жобасы. Біздің Димаш Құдайбергенов бауырымызды әлемге танытқан Қытайдағы бұл жобаның 400 млн. көрермені бар екен. Сондай-ақ ұлттық өнерімізді насихаттайтын «Мен қазақпын» жобасы, «24 сағат табиғат құшағында» реалити-шоуы, «Ел ішінде» тағы да басқа бағдарламалар көрерменге жол тартты. Жаңа маусымда орын алып жатқан жақсы жаңалықтар көрермен көңілінен шығады деген сенімдеміз, — деді Серік Рахметоллаұлы.

Өз кезегінде сахнаға көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов телеарна ұжымын жаңа маусымның тұсаукесерімен құттықтады.

— Елбасымыз “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасын жариялағалы бері елімізде көптеген жоба жүзеге асып келеді. Соның бірі де бірегейі — латын әліпбиіне көшу. Бұл — біздің рухани тәуелсіздігіміздің нық белгісі. Бұл бастаманы толығымен қолдаймыз. 1964 жылдан бастау алған бүгінгі “Aqjai’yq” телернасы өңіріміздің тыныс-тіршілігі мен маңызды жаңалықтарды дер кезінде таратып, өлкеміздің айнасына айналды. Ребрендинг өңіріміздегі телеарна жұмысының одан әрі жандануына жаңа серпін береді деп сенеміз, — деп сөзін сабақтаған Ғабидолла Абдоллаұлы телеарна ұжымына сәттілік тіледі.

Жаңалықтың жаршысына айналған “Aqjai’yq” телернасы әр жыл сайын жаңа бағдарлама, тың ізденістерімен көрерменін қуантып келеді. Елу бес жылға жуық тарихы бар телеарнаның өңіріміз үшін орны бөлек. Туған ел мен туған жердің өсіп-өркендегенін, табиғаттың таңғажайып көріністерін, ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс ахуалын, өңіріміздің тыныс-тіршілігін шынайы көрсетуде ылғи ізденісте жүретін шығармашылық ұжымның да еңбегі зор. Жаңа маусымда көрерменге жол тартқан “Ойталқы”, “Өскен өңір”, «Эрудит» және т. б. бағдарламалар көпшілік көңілінен шығып үлгерді. Телеарнаның заманауи техникалармен жарақтандырылған студиясы бар.

«Біз үшін ең маңыздысы – көрерменнің ықыласы» деп сөзін түйіндеген «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Асыланбек Ғұбашев іңкәр ізденістермен жасалатын іргелі бағдарламалардың жалғаса беретіндігін айтты.

Салтанатты шарада телеарна ұжымын ребрендигпен құттықтаған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадыралиев “Aqjai’yq” телеарнасының ұжымына толағай табыстар тіледі.

Толғауы тоқсан тірліктің әр саласын қамтып, аймақтың тыныс-тіршілігін дер кезінде көрерменге жеткізіп жүрген “Aqjai’yq” телеарнасына көрерменнің ықыласы ерекше. Жаңа атауға ие болған телеарна ұжымына сәттілік тілеген зиялы қауым өкілдері Ақұштап Бақтыгереева, Бауыржан Ғұбайдуллин, Роза Сыйықова, Мира Шүйіншәлиева өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жаңа маусымда жарық көрген бағдарлама кейіпкерлері күнделікті тірлікте қай нәрсеге де қырағы қарап, қалт жібермей, көрерменмен нәзік байланыс орнатқан телеарна журналистеріне шынайы алғыстарын білдірді.

Ақ тілектер ақтарылып, әдемі ән, әсем күйге кезек берілген жаңа атау, жаңа маусымның тұсаукесерінде телеарнаның әнұраны айтылды. Жаңа маусымда тың жобаларымен көрерменін қуантқан, тынысы кеңейген телеарна ұжымына біз де сәттілік тілейміз!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын:

— Біздің телеарна «Ақ Жайық» деген атауды алса деп ең көп армандаған жанның бірі мен шығармын. Ақ Жайықты бала күнімнен өлеңге қостым. Бұл – көптен күткен қуаныш. Телевизия саласында қазір жақсы жаңалықтар болып жатыр. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы қашан өзгереді? — деп ойлайтынмын. Тәубе. Қазір телеарна жаңарып келеді. Ағылшынның мультфильмін іздеп жүріп қарайтын менің немерелерімнің өзі «Мен қазақпынды» күтіп қарайтын болды. Өйткені оның ар жағында ұлттық рух бар еді ғой. Бүгін әркімнің жүрегінде дәл мендей қуаныш бар ғой деп ойлаймын. Ұлттық арнамызда сағынышпен өткенді еске алатын бағдарламалар болса, онда Роза Бағланованың «Ах, Самара городогын», Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» өлеңін оқып тұрғанын жіберсе деп ойлаймын. Мұның бәрі ұлт рухын жоғалтпау үшін, өсіп келе жатқан жас буын тарихты білуі үшін керек. «Таңшолпан» бағдарламасында орынсыз күлкі мен ойсыз сұрақтар қоятын журналистер әлі де бар. Осы ескерілсе деймін.

«Aqjai’yq» атауының оралуы ұлттық сананың оралуы деп есептеймін. Сондықтан «Aqjai’yq” телеарнасынан Ақ Жайыққа арналған өлеңдер тізбек-тізбегімен жіберіліп тұрса… Ұлттың санасын оятатындай хабарлар көп болса деймін. «Aqjai’yq” деген әдемі атау құтты болсын! Осыған лайық жұмыс жасалсын!

Нұрлыбай ЖОЛДЫБАЕВ,

кәсіпкер:

— «Aqjai’yq» телеарнасының ұжымын жаңа атауға ие болуымен құттықтаймыз! Өңіріміздің айнасына арналған телеарнадан ел жаңалықтарын күнделікті қарап, біліп отырамыз. Телеарнаның журналистері «Өскен өңір» бағдарламасында біздің Сарықұдық ауылы жайлы хабар түсірді. Негізі халқымыз «Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың білмесін» деп тегін айтпаған. Кейде эфирге шыға бергің келмейді. Бірақ ауылды көркейту бағытында жасалып жатқан жұмыстар өсіп келе жатқан жас ұрпақтың патриоттық сезімін ояту үшін қажет дегесін құп аламыз.

Өзім осы қалада он бес жылдай тұрып, ауылға көшіп кеткен азаматпын. Содан бері туған ауылымның гүлденуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жүрмін. Мұның бәрі – Елбасымыздың кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын қолдауының арқасы. Мен барша кәсіпкерлерді туған жерінің жаңаруына үлес қосуға шақырамын. Елімізде игі істер көп болсын!

Кенжегүл МАРДАНОВА,

қала тұрғыны:

— Мен — бес баланың анасымын. Орал қаласында тұрамын. Жұбайым қайтыс болып, қиын жағдайға тап болдым. Қыс мезігілінде жұбайым салып кеткен қара шаңырақтың жарығы, жылуы болмай шарасыздықтан белгілі журналист Гүлжан Абайқызы жүргізетін «Өмірдің өзі» бағдарламасына жүгіндім. Мені теледидардан көріп, маған қолұшын созған жандардың бәріне шексіз алғысымды айтамын. Тіпті Астана қаласынан өзім танымайтын Гүлсара апай ай сайын қаражатын салып, аяғымнан тұрып кетуіме жәрдем жасады. Мен өзіме қиын шақта қолдау көрсеткен телеарна ұжымын жаңа атау, жаңа маусыммен құттықтаймын!


Жаңаталаптағы жеті хазірет

Күні: , 106 рет оқылды


Бөрлі ауданының солтүстік шығысында Елек өзенінің жағасында орналасқан Жаңаталап елді мекені белгілі хазіреттердің ауылы болған. «Хазірет» деп дін ілімін терең білген, елге елеулі азаматтарды, имамдар мен ғалымдарды атаған.


Жаңаталап ауылы кезінде «Хазіреттер шаһары», «Хазірет шарт», «Хазірет Шаһараб» деп аталған.

Ел аузындағы «Қазекеш шәрі» деп аталып кеткен осы жер. Сондағы мазарат басындағы құлпытастарда жеті хазіреттің есімі көне араб тілінде жазылған. Олар – Макарим, Сәлімгерей, Мағалым, Жәлеледден, Ширажедден, Мауарин, Машарып. Бұл хазіреттердің руы табын, Қадырбек бөлімінің Сүйіндік атасы. Негізі халық «Қазекеш шәрі» деп Макарим хазіретті атаған. Жаңаталапта сол хазіреттер салған кітапхана, мешіт, медресе, жатақхана болған. Бұл ғимараттар кірпіштен қаланған қорғанмен қоршалған. 1930 жылдары жергілікті тұрғындар оларды бұзып, құрылыс материалдарын пайдалануға алып кеткен. 1935 жылы Жаңаталап колхоз (кейін Қарасу ауылдық кеңесі) болып құрылды.

Жаңаталаптағы жеті хазіреттің ерекше қасиеті әлі күнге ел аузында. Хазіреттер жыл сайын өз қаражаттарына 500-600 адамның діни сауатын ашқан. Соған қарағанда олар сауатты ғана емес, бақуатты да бай адам болғанын білуге болады. Жаңаталапта тұратын Қазекеш есімді қарттың айтуынша, жергілікті тұрғындар Дәден ата, Мүсіреп әулие, Құдайқұл ата секілді әулиелерді сол хазіреттердің шәкірттері деп есептейді екен. Он жыл бұрын хазіреттердің ұрпағынан 40 шақты ағайын бас қосып, Жаңаталап елді мекенінде жүзден астам адамға садақа берді. Ас бергендердің арасында Құсман, Абзал, Рамазан, Абыл, Арман, Серік, Руслан деген азаматтар бар. Оның ішінде Рамазан деген 2007 жылдың жазында ауыл шетіндегі көне мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, халық игілігіне ұсынды. Мешіт қорғаны ішінде мәрмәр тақта орнатылып, оған хазірет молдадан тараған ұрпақтардың есімдері жазылған.

Қазіргі таңда ауылдық округ шаруашылығы шалқу үстінде. Орталығы – Успен ауылдық округі. Жаңаталап ауылында 100-ден астам түтін бар. 2006 жылы ауылға көгілдір отын кіргізілді. 2009 жылы Қарасу мектебі күрделі жөндеуден өтті. Ауыл кітапханасы, мәдениет үйі, медициналық пункт халыққа қызмет етуде. 2015 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үй ауыз сумен қамтылды.

Ауылдың тарихына қатысты тарихи-мәдени мұраларды іздестіріп жинақтау, елді мекен атауларының мәнін зерттеу, көне жәдігерлер арқылы ұрпақ тәрбиелеуге де баса мән беруіміз қажет.

Мәди КЕЛМҰҚАНОВ,

Бөрлі ауданы


Құрылыс барысын қадағалауда

Күні: , 62 рет оқылды


Сырым аудандық мәслихатының депутаттары мен аудандағы қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері Жымпиты ауылындағы бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Нысандарды Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов таныстырды.


Ауа райының қолайсыз кездері Қарасу мөлтекауданының тұрғындары үшін көлікті айтпағанда, жаяу жүрудің өзі бейнетке айналады. Кейінгі жылдары бұл мәселеге жергілікті биліктің нақты назары ауды. Биыл Қарасу мөлтекауданының кіреберісіндегі Қолғанатов көшесі мен іргелес жатқан Асадуллин көшесіне жаңадан жол салынды. Көшелер жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да аяқталды.

Қарасу мөлтекауданы үшін тағы бір тиімді құрылыс – О. Исаев көшесін С. Датов атындағы орталық көшемен байланыстыратын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы. Жолдың жалпы ұзындығы – 760 метр. Жұмыстар қыркүйек айында басталды. Бір жерге жолаушылар көпірі орнатылды. Қазіргі күні беткі жабыны төселу үстінде. Қоғамдық тексеру барысында аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің жаяу жүргіншілер жолының сапасына көңілдері толмады. Себебі, жолдың табанындағы тастар нығыздалмаған, бос. Әрі жолдың беткі жабыны өте жұқа. Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева бұл олқылықтарды жою және жұмысты сапалы атқару туралы тиісті орындарға сұраулар салатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, құрылыс жұмыстарына «Жайық СИТИ» серіктестігі жауапты.

Осы жылдың шілдесінде О. Исаев және Асадуллин көшелерінде бірпәтерлі жалдамалы 14 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Халық қалаулылары бұл жұмыстардың да жүру барысымен танысты. Мердігер «Сәтті сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты өкілі Мәлік Қуанышқалиевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары 65 пайызға орындалған. Барлық үйдің қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған. Алты үйге жылу жүйесі орнатылған. Құрылысшылар енді ішкі сылақ жұмыстарына кірісіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 134 млн. теңге.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы


Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек

Күні: , 171 рет оқылды


Елімізде  2018  жылдың  1  қаңтарынан  «Қазақстан  Республикасының  кейбір  заң   актілеріне  халықты  әлеуметтік  қорғау  мәселелері  бойынша өзгерістер  енгізу  туралы»  заң  күшіне  енеді. Оған  сәйкес  жаңа  жылдан  бастап  қазіргі  қолданыстағы  жәрдемақылар,  яғни  көп  балалы отбасыларға  арнайы  мемлекеттік  жәрдемақы,  аз  қамтылған  отбасыларға арналған 18 жасқа  дейінгі  мемлекеттік  балалар  жәрдемақысы  және  аз  қамтылған үй шаруашылығына  берілетін  атаулы әлеуметтік  көмек  түрлері жойылып,  олардың  орнына  бір  жәрдемақы  ретінде  жаңа  атаулы әлеуметтік  көмек  берілетін  болады.


Жұма күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның төрағалығымен, аудан және қала әкімдерінің әлеуметтік салаға басшылық ететін орынбасарларының, аудандық және қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтары басшыларының қатысуымен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті өңірімізде енгізу мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетовтің айтып өткеніндей, жаңа заң әлеуметтік салаға екі маңызды өзгеріс енгізуді көздейді. Біріншіден, азаматтардың кейбір санаттарына берілетін әлеуметтік төлемдерге қолжетімділікті арттыруды қарастыратын трансформация шаралары болса, екіншіден, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейту көзделеді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 40%-дан 50%-ға дейін көтеріледі.

Жаңа атаулы әлеуметтік көмек екі түрге бөлінеді. Біріншісі, шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Екіншісі, шартты ақшалай көмек (ШАК) құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.

Егер әлеуметтік келісімшарт  талаптары орындалмаған немесе көмектен бас тартқан жағдайда еңбекке қабілетті отбасы мүшелеріне жаза қолданылады.  Яғни бірінші жағдайда ақшалай көмек мөлшері 50 пайызға қысқартылады, ал қайталанса, мүлдем тоқтатылатын болады. Балаларға қатысты әлеуметтік төлем сақталады.

Айта кету керек, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап өңірімізде «Өрлеу» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Жобаға Ақжайық және Бөрлі аудандары қатысып, жаңа форматтағы АӘК енгізуге дайындық мақсатында 31 отбасы, соның ішінде 135 адам әлеуметтік келісімшартпен қамтылса, жергілікті бюджет есебінен 7,4 млн. теңге шартты ақшалай көмек төленді. Жоба алғаш жүзеге асқан 2016 жылдың қорытындысы бойынша, 256 отбасы, оның ішінде 1333 адам атаулы әлеуметтік келісімшартпен қамтылды. Жалпы, пилоттық жоба аясында еңбекке қабілетті 412 адамның 347-сі жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 127 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 147 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Әлеуметтік жұмыс орнына 39 адам, жастар практикасына үш адам, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 30 адам жолданып,  бір  адам қайта даярлаудан  өткен.

2017 жылдың 1 қазанына дейін «Өрлеу» жобасына 567 отбасы, яғни 2807 адам тартылып, жұмыспен қамту көрсеткіші едәуір артқан. Бұл жолы 909 адамның 729-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Соның ішінде 322 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Демек, жаңа АӘК нәтижелі болады деуге толық негіз бар. Қалияр Шадиярұлының мәлімдеуінше, облыста алдын ала болжам бойынша жаңа атаулы әлеуметтік көмекті алатын 3366 отбасы, соның ішінде 55752 адам бар. Олардың санын негізінен жалғызбасты аналар, төрт немесе одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған, мектепке дейінгі балалары бар көп балалы аналар құрап отыр.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева «Жаңа жылдан бастап жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы күрделене түседі. Заң талабы бойынша, аталмыш орталықтарда азаматтардың қолжетімді әрі сапалы көмек алуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс.

Электронды кезек, күту орындары, құжаттардың көшірмесін жасауға, сканерлеуге қажетті құрал-жабдықтар, қысқаша айтқанда, бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін заманауи орталыққа айналуы тиіс дей келе, жаңа форматтағы АӘК енгізуде негізгі күш жұмыспен қамту орталықтарына түсетінін атап өтті. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарының дайындық барысын пысықтады. Орталық басшыларының айтуынша, қазіргі таңда шешімін күткен бірнеше мәселе бар.

Алғашқысы, аудандарды айтпағанда, Орал және Ақсай қалаларының жұмыспен қамту орталықтарының өзінде жаңа заңның талаптарына толық сәйкес келетін кең әрі ыңғайлы ғимарат жоқ. Екінші мәселе – штат санының жетіспеушілігі. Жұмыс көлемі жыл санап артып отырғанына қарамастан, Орал қаласы мен Қаратөбе ауданынан басқа жерде штат саны 2011 жылдан бері еш өзгермеген. Кезекпен сөз алған аудан әкімдерінің орынбасарлары мен орталық басшылары аталмыш мәселені ғимаратты жалға алу немесе сатып алу арқылы шешуге тырысып жатқандарын айтты. Жаңа жылдан бастап халықты жұмыспен қамту орталықтарының штаты әлеуметтік жұмыс бойынша кеңесшілермен және көмекшілермен толықтырылады. Қалияр Шадиярұлы біріктірілген аудандарда штат санын онға дейін, басқа аудандарда жетіге дейін ұлғайтуды және әр ауылдық округке бір ассистенттен бекітуді ұсынды. Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өткен Бибігүл Тишанқызы ғимарат мәселесін келер жылдың алғашқы тоқсанына дейін шешуді, сондай-ақ кедергісіз жұмыс жасауы үшін құрал-жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз етуді тапсырды. Ал штат мәселесінде асығыстыққа жол бермей, жұмыс көлемін ескере отырып, ұлғайту қажеттігін ескертті.

Жаңа жылдағы тағы бір өзгеріс зейнетақы жүйесіне қатысты. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-бабына сәйкес әйел адамдарға зейнеткерлікке шығу жасы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 58 жас 6 ай болады. Ол 1960 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусымы аралығында туғандардан басталады. Қазіргі таңда облыста 1960 жылы туылған әйелдер саны 1257 адам, 704-і ауылда, 553-і қалада тұрады. Үй-үйді аралаған жұмыспен қамту орталықтары мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары зейнетақы жүйесімен қамтылмаған 1960 жылы туылған әйелдердің жеке төлқұжатын толтырып, зейнетақы жүйесіндегі реформа туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, 2018 жылғы 1 қаңтарынан бастап 2027 жылдың аяғына дейін әйел адамдардың зейнеткерлік жасы 10 жыл ішінде біртіндеп әр жыл сайын алты айдан өсіп отырады. Бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы алу құқығы сақталады.

«Кейін зейнетке шығарда қиындық туындамауы үшін зейнетақы жарнасының уақтылы аударылуын қазірден бастап бақылауда ұстау қажет», — дейді мамандар.

– Қаладағы кейбір жеке мекемелерде, ауылдағы шаруа қожалықтарында зейнетақы жарнасы жарты жылда бір рет аударылады. Ол сәйкесінше тек бір айлық жарна болып есептеледі. Осылай біреудің кесірі біреуге тиеді. Зейнетақы алатын кезде еңбек өтілі азайып кететінін жұртшылыққа түсіндіруіміз қажет, — дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов.

Сала мамандарының пайымдауынша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуі әлеуметтік көмек алушылардың 70 пайызын еңбекке тарту арқылы еліміздегі кедейлік деңгейін азайтуға және әлеуметтік масылдықтың алдын алуға ықпалын тигізеді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика