Мұрағат: 03.11.2017


Азаматтық қорғау саласында білімді насихаттау.

Күні: , 87 рет оқылды


2014 жылдың 14 сәуіріндегі «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағы 42) тармақшасына, 2014 жылдың 20 мамырдағы №235 Төтенше жағдайлар Министрінің бұйрығына және 2017 жылға арналған Батыс-Қазақстан облысы әкімінің № 22-өкіміне сәйкес Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімімен жыл сайын ТЖ департаментінің базасында облыстық азаматтық қорғау курстары өткізіледі.


Мемлекеттік мекемелердің және ұйымдардың мамандары мен басшыларын оқыту Жоспары бойынша 2017 жылы 430 маманды оқыту жоспарланды. Ағымдағы жылдың 10 ай бойынша «Ұйымдардың басшылары, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары», «Ұйымдардың басшылары», «Ұйымдардағы азаматтық қорғау жөніндегі оқу топтардың басшылары», «Барлық түрдегі жалпы білім беретін мектептер мен орта кәсіптік оқу орындарының оқытушылары», «Қауіпті өндірістік объктілердің басшылары», «Қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері» және т.б. санаттары бойынша 355 адам оқытылды.

Оқу аясында сабақ кестесі бойынша оқыту барысында  бейнеүзіктер  мен презентациялар көрсетумен әр-түрлі тақырыпта дәрістер өткізілді. Алынған білімді нығайту үшін екінші күні сыныптық-топтық оқу өткізіліп, тындаушылар оқу заттарымен, жеке қорғау құралдарымен жақынырақ танысып, қолдағы  құралдарды қолданып, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдерін жүзеге асыруды және алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолдану ережелеріне үйреніп алды.

Үшінші күні тындаушыларға Жедел-құтқару жасағы базасында және №2 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінде экскурсия өткізіліп, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жауынгерлік кезекшілігінің қалай өтетінін, өрт-техникалық және авариялық-құтқару құралдарымен, техникасымен таныстырылды. Курстардың соңы «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-ның өрт-техникалық орталығында аяқталып, оқушылар Батыс Қазақстан облысының азаматтық қорғау тарихы мен «Михайловская» (№2-ӨСБ) Қазақстан аумағындағы ең ескі өрт сөндіру бөлімімен танысты. Оқу нәтижесінде барлық тындаушыларға азаматтық қорғау саласындағы даярлықтан (қайта даярлықтан) өтуі туралы 3 жылға мемлекеттік үлгідегі сертификаттар берілді.

БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері

лейтенант Р.Э.Тумангалеев


Иіссіз әрі түссіз қатер

Күні: , 88 рет оқылды


Улы газды көзбен көру мүмкін емес, құрбаны үшін де оның бар-жоғы беймәлім күйде қалады. Соған қарамастан  газ ауамен араласа отырып, өзінің улағыш құрамын жоғалтпастан тез тарайды.


Дем алу кезінде ағзаға түсіп, газ өкпеге еніп, қан жүйесіне араласады, бұл жерде гемоглобинмен әрекеттеседі.  Нәтижесінде қан тіндерге оттегі бөлу қабілетінен айырылып, ағза оның жеткіліксіздігін тез сезіне бастайды. Алғашқы боп бас миы зақымданады, сонымен қоса басқа да ағзалардың денсаулықтың жалпы жағдайына байланысты зақымдануы әбден мүмкін.

Улы газбен уланып зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны жылдан жылға артуда және бұл статистика азаматтар өмірдегі түрлі жағдайларға қамсыз қарамай, қауіпсіздікке жауаптылықпен қарамайынша өзгермек емес.

Бәрімізге белгілі ең қауіпті кезең – ол жылу беру маусымы кезеңі. Адамдардың улануын болдымау мақсатында жыл сайын тұрақты негізде Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы үгіт-насихат, алдын-алу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Бұған нақты дәлел Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы мен жергілікті полиция қызметімен бірлесіп өткізілген рейдтік шараларды атауға болады, рейдтің басты мақсаты – адамдардың улы және табиғи газбен улануынан қаза болуын алдын алу, болдырмау болып табылады.  Рейд Орал қаласының тұрғын секторларында жүзеге асырылды.

Рейд барысында үй тұрғындарымен әңгімелесулер жүргізіліп, қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді. Қызметкерлермен жадынамалар мен брошюралар үйлестірілді. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Айта кететін жайт, қайғылы жайларды болдырмау үшін жылыту құралдарын жылу беру маусымы алдында  алдын ала тексеріп, жөндеп алған жөн, үш айда бір рет түтін шығаратын құбырлар мен мұржаны тазалап, түтіндіктердің, желдеткіш арналар мен газ қондырғыларының техникалық жағдайын қадағалап тұрған дұрыс.

БҚО ТЖД ӨҚСБПҚБ бас маманы

азаматтық қорғау лейтенанты А.Кадыров


Қазақ әліпбиі латын графикасына көшіру туралы

Күні: , 99 рет оқылды


«Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» — деп жиі айтамыз. Шындығына келгенде, ана тіліміздің ұлтымыз үшін ұят боларлық тұсы, қазақ баласының өз ана тілінде сөлемей, өзге тілге әуестені сияқты көрінетін. Ел егемен болып, өз тәуелсіздігіміз өзімізге тигелі, мемлекеттік тіл болып отырған ұлт тілінің өз жазба таңбасы болмауы, болған күнің өзінде өткеннің табындай таңбаланып отыруы шынында да сын еді.


«Басқа тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» — демекші, орыс графиксына негізделген мемлекеттік тілдің жазуы ғасырға жуық ұлтымызға қызмет етіп келген екен. Көршіліе ағайын, орыс халықның тілін өздерінен артық меңгермесек, кем қалмай меңгеріп келгеніміз крилициялық негіздегі жазба тарихымыздың да өз ықпалы болды. Өзгенің тілін меңгере отырып, уақыт межесіне сай сол ұлт пен ұлысқа деген құрметіміз болды. Ал бүгінде біз үшін бұның бәрі уақыт сыны.

Енді тәуелсіз ел әлем кеңістігіне танымал болып даму қарқынын артырып келе жатқанда мемлекет өз мемлекеттік тілінің тілдік таңбасымен айшықталмаса, ел рәмізінің басты негізі тілдің тұғырлығы танылас еді. Уақыт межесіне сай бұл тұсқа да жеттік.

Тарихтан жеріп болмайды. Осы тұста ұлттық тіліміздің жазба тарихына зер салсақ, латын харіпіндегі қазақ әліпбиін жасауда біз үшін еш қиындық келтірмейді. Біз 1929 — 1940 жылдар аралығында латын әріпті қазақ тілін пайдаланғанбыз. Сол әліпбидегі кейбір харіптерді екшелеп жазсақ, артық болмас еді.

Мәселен, ә, ү, ө әріптері сол кездегі латын жазуынан кейінгі крилицияға да еркін ауысып, тілде өз фунционалдық қызметін атқара алды. Ендеше осы әріптерді сол күйінде қолданыста қалдырсақ, не кедергі болып отыр? Бұрынғы латын әліппесіндегі ғ әріпінің таңбалануын жаңарту қажет. Ол үшін G, g харіпінің үстін қос нүктемен жазуды (Ğğ (ғ), ұсынар едім. Сондай-ақ, ң, һ дыбыстарының бас әріпті қолданысының жоқтығын ескергенде артық етпейді. Ал ң дыбысына алғашқы латын жазбасындағы құйрықты n-ды алуға болады немесе еуропалықтарша n үстіне таңба қоюға (Nn, ň (н, ң), болады. Сонда қос таңбалы болып тек Ж, ж — Zh, zh түрінде қолданылып, қазіргі ұсынылып отырған дәйекшелік таңбаланудан арылар едік.

Қазақ тілінің жазба тіл тарихын негізге ала отырып, келешекте қолдануға қиындық келтірмейді деген оймен келесі латын алфавитін ұсынғанды жөн санаймын. Аа (а), Әә (ә), Bb (б), Vv (в), Gg (г), Ğğ (ғ), Dd (д), Ee (е), Zh zh (ж), Zz (з), Jj (й), Kk (к), Qq (қ), Ll (л), Mm (м), Nn, ň (н, ң), Oo (о), Өө (ө), Pp (п), Rr (р), Ss (с), Tt (т), Ww (у), Uu (ұ), Үү (ү), Ff (ф), Хх (х), һ, Сс (ш), Yy (ы), Ii.

Шхан Нұрлан.Е.

ДБА мамандандырылған

С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ МИК

қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі


АИТВ/ЖИТС туралы әр адам нені білуі қажет?

Күні: , 81 рет оқылды


АИТВ – ЖИТС ауруын тудыратын адамның иммундық тапшылық вирусы.

АИТВ – қарапайым микроскоп арқылы көрінбейтін ең ұсақ вирус, оның бір микроскоптың көмегімен көру мүмкін емес.


Вирустың адам ағзасына енуі (АИТВ) жұқпалы аурулардан қорғауды қамтамасыз ететін иммундық жүйенің бұзылуына және әлсіреуіне әкеп соғады. АИТВ жұқпалы ауруына шалдығу үшін 3 жағдайдың болуы жеткілікті:

– вирустың өзінің болуы,

– жұқпалы ауруға шалдығу үшін АИТВ жеткілікті мөлшері

   – АИТВ қанға сіңуі қажет

АИТВ – ерекше вирус, себебі, адам көп жылдар бойы жұқпалы ауруға шалдыққанмен, дені сау болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, вирус ағзаның ішкі жағында ағзаның иммундық (қорғаныс) жүйесінің бір бөлігі болып табылатын қанның жасушаларын бұза отырып, біртіндеп өрши бастайды. Егер адам жұқпалы ауруға шалдықса, онда ЖИТС тез таралмайды. Вирус адам ағзасында аурудың қандай да болмасын белгілері білінбегенше, он жыл және одан да көп жылдар бойы болуы мүмкін.

Әр адам жұғу жолдарын білу қажет:

-жыныстық жолмен:кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде;жыныстық серіктестікті жиі ауыстырған кезде;мүшеқапсыз жыныстық қатынасқа түскен кезде.

-Қан арқылы:есірткі қан тамыры арқылы пайдаланғанда (залалды ине,шприц және басқа құрал-саймандар,материалдар);татуировка,пирсинг,маникюр,педикюр жасатумен басқа шаралар кезінде (залалсыздандырылмаған ине, құралдар арқылы);кездейсоқ жарақат алғанда қолданылған шприц инесінен дәрі егу кезінде.

-Тікелей: ауру анадан жүктілік кезінде, босанғанда және емізгенде жұғады.

АИТВ қандай жағдайда жұқтырылмайды?

АИТВ сыртқы ортада тұрақсыз және адам организмінен тыс жылдам жойылады, сондықтан да, ол ауа, топырақ, айналадағы заттар арқылы беріле алмайды. Адамдар күнделікті өмірдегі қарым-қатынаста АИТВ жұқтырудан үрейленеді. Алайда, олардың қорқыныштары орынсыз.

АИТВ мына жағдайларда жұқтырылмайды:

  • достық қол алысу кезінде;
  • сүйісу, құшақтасу кезінде;
  • ортақ кітаптарды, қалам мен басқа да тұрмыстық заттарды қолдану кезінде;
  • ортақ дәретхана, бассейнды қолдану кезінде, себебі, сілекей, зәр арқылы берілмейді;
  • ортақ автокөлікті пайдалану кезінде;
  • маса, кене, тарақандар мен басқа да жәндіктердің шағуы кезінде;
  • жөтелу, түшкіру кезінде (ауа арқылы)

АИТВ білу үшін қай кезде тексерілуден өту қажет?

АИТВ-дан тексерілу – инфекцияны ағзаның жеткілікті мөлшерде антителоларды шығару кезінде тест-жүйенің оны анықтауы үшін жүргізу қажет. Яғни, «қауіпті» жағдайдан кейін немесе қорғанбаған жыныстық қатынастардан кейін шамамен 1-3 айдан соң тексерілу қажет.

Жұқтырып алмау үшін не істеу қажет?

  • Жауапты,қауіпсіз жыныстық мінез-құлықты ұстану;
  • Жыныстық серіктеспен өзара адалдықты сақтау;
  • Есірткі тұтынудан бас тарту;
  • Жеке қорғану құралын-мүшеқапты пайдалану;
  • Косметикалық шаралары (пирсинг,татуаж,маникюр,педикюр,құлақ тесу) үшін залалсыздандырылған құралды қолдану.
  • Жеке тазалық құралдарын қолдану.

АИТВ/ЖИТС адамзат алдында тұрған жаңа және қиын проблема ол тек медициналық қана емес,әлеуметтік проблема.Сондықтанда бірлесіп күресу керек деп ойлаймын.

№6 қалалық емхананың СӨС медбикесі:Утарова Т.Е


Латын графикасына көшу – сана сілкінісі

Күні: , 73 рет оқылды


Тарихқа тереңдеп, көнені зерделеп, ертеңге елеңдеп өмір сүрер бүгінгі қоғамда көптеген жаңғыру, сананы сілкінту бел-белестері тұр.


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы жылдың сәуір айында еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы баршамызға үлкен ой салғаны анық.

Күні кеше ғана Елбасымыздың қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғандығынан да хабардар болдық.

Сөз жоқ, Президентіміз Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын жан-жақты бағамдап, ішкі және сыртқы жағдайды толыққанды қадамды ап, әліпбиді қашан, қандай жолдармен ауыстыру керек, осыларға байланысты дұрыс шешім шығарды деп ойлаймыз. Әрине, қазіргі таңда ойлап қарасақ, әліпбиді ауыстыруға ұзақ мерзім, көп қаражат, интеллектуалдық күш қажет.

2016 жылы аудан баспасөзі тарихын зерттеу, зерделеу мақсатында Алматы қаласындағы Кітаптар Палатасында кіші ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Алғашында «Колхозшылар үні» атауымен жарыққа шыққан тарихы терең, байырғы газет беттерін парақтау сәті маңдайымызға бұйырды.

Қаратөбе аудандық газеттің 1936-1940 жылдар аралығындағы нұсқасы латын әліпбиі негізінде жарыққа шыққан екен.

Латын әліпбиі негізінде шыққан газет бетіндегі материалдардан сол кезеңдегі қоғам сипаты аңғарылады.

Кейбір деректерде келтірілген дәлелдердің сәйкес еместігіне осы бір сарғайған газет парақтарын ақтару барысында көз жеткіздік.

Оған дәлел редакция тарихына қосылған қаратөбелік редактор Көпеновтің есімі болатын.

Бүгінгі таңда Қараөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газеті редакциясы мұрағатында сақталынып отырған аталмыш газет тігінділері сканерленіп, «Жайық Пресс» сайтына орналастырылу үстінде. Бұл әрине, туған жер тарихына дәлелді дәйектер арқылы зер салар ұрпақ үшін ауадай қажет.

Және бір мысал, кейбір деректерде аудандық «Колхозшылар үні» газетінің тұңғыш редакторы Жұма Бақтияров 1907 жылы туылған деп беріліп келген.

Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінде 1938 жылдың 15 наурызында латын әліпбиі негізінде жазылып, сақталынған акт мұрағаттық нақты деректер арқылы тұңғыш редактор Жұма Бақтияровтың 1898 жылы туғандығын анықтай білдік.

Міне, бізге Қаратөбе өңірінен шыққан тұңғыш редактордың өмір жолы тарихын түгендеу жолында осылайша латын әліпбиі жол көрсетті.

Сонымен қатар, Қаратөбе аудандық мұрағат мекемесінде сақталынған құжаттардың ішінде бізді әу бастан қызықтырған құнды дүниелердің бірі белгілі драматург, өлке мақтанышы Рақметжан Малабаевтың жеке қорындағы «Жаңа әдебиет» журналы еді.

Өткен тарихымызды көз алдымызға әкелер «Жаңа әдебиет» журналы 1922 жылы Қызылорда қаласынан жарық көрген. Редакция алқасында Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин сынды алаш арыстары қызмет еткен. Басылым таралымы үш мың дананы қамтыпты.

Латын әліпбиі негізінде берілген журнал бетіндегі әдеби туындыларды, әсіресе өлеңдерді қызыға да құштарлана оқыдық. Кейбірін аудандық газет бетіне жарияладық та. Және де бір айта кетерлігі, бұл шығармалардың қай-қайсы да оқу барысында тілші әріптестеріме еш қиындық келтірмеді, тілге жеңіл болды.

Қаратөбе өңірінен шыққан айтулы тұлғалардың бірі, дәрігер, шежіреші қарт Мәрбан Бекмағанбетовтің ұрпағының бізге аманаттап тапсырған көне кітаптардың ішінде «Айтыс» кітабы бар. Латын әліпбиі негізінде 1942 жылы Алматы қаласынан жарық көрген кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Әдет айтыстары» болса, екіншісі «Қыз бен жігіт айтысы» бөлімі. «Айтыс» кітабының да тілі оқуға жеңіл, әрі түсінікті.

Бұның бәрін нақты мысалдар арқылы тізбелеп көрсетудегі мақсат – «Өткенсіз тарих болмайды». Біз өткенімізді өремізден өткізе отырып, болашаққа бойлаймыз. Бұған дәлел – латын әліпбиіне көшу үрдісі.

Осы жолда баршаңызды жұмыла жүк көтеруге шақырамын. Болашағымыз берекелі болсын!

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі

Қаратөбе ауданы

Батыс Қазақстан облысы


Партия жұмысын жетілдіру қажет

Күні: , 90 рет оқылды


Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси  кеңесінің  кеңейтілген отырысына қатысты. Жиынға Саяси кеңес мүшелері – Үкіметтің, Парламенттің, Президент әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік құрылымдардың басшылары қатысты.


Отырыста еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланып, оның қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері қаралды.

– Бүгін біз «Нұр Отан» партиясын жаңғыртуға қатысты маңызды мәселені талқылаймыз. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, Қазақстанды дамыту мен халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты. Партия бірнеше парламенттік сайлаудан лайықты өтіп, еліміздің басты партиялық-саяси күшіне айналды, – деді Саяси кеңес отырысын ашқан Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті партияның еліміздегі стратегиялық реформаларды іске асыру жолындағы жетістіктері мен атқарған жұмысына тоқталып, күрделі әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігі және оларды дәйекті іске асырудың маңыздылығы жөнінде айтты.

– Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Ол кедергіге де тап болуы мүмкін. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен, жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруға тиіс. Билік тармақтары арасындағы бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты конституциялық реформа мәселелеріне келетін болсақ, бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мақсатында жасалған маңызды қадам, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын «Нұр Отан» партиясының қазіргі идеологиялық жұмысының платформасы деп атады.

– Партия қызметін жаңғырту жөнінде айтқан кезде, біз жаңғырудың 2017 жылы жарияланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсінуіміз керек. Осы бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті партия қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына назар аударып, партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің есебін тыңдады.

http://www.akorda.kz


Педагогикалық колледждердің білім беру бағдарламасы өзгереді

Күні: , 128 рет оқылды


Бейсенбі  күні  Ж. Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық  колледжде  «Білім  беру  мазмұнының  жаңару  аясында  педагогикалық  мамандарды  даярлау  мәселелері»  атты республикалық  семинар  өтті.


Семинарға «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма  төрағасы Нұрғали Аршабеков, Астана, Алматы қалаларынан, Ақтөбе, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан, Атырау және өзге де облыстардан жиналған оқытушы ғалымдар, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мамандары, педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренерлері, Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері қатысты.

Семинар басталмас бұрын педагогика ғылымдарының докторы, профессор  Шалқыма Құрманалина атындағы дәрісхананың ашылу салтанаты болды. Ғибратты ғұмырын жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына арнаған Шалқыма Хайроллақызының ғылыми еңбектері мен жеткен жетістіктері, тың ізденістері жинақталған дәрісхананы ақын Ақұштап Бақтыгереева мен БҚО Қазақстан халқы  ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов ашты.

– Бір кездегі қаршадай қыз бүгінде елдің анасы дерлік тұлға бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Бұл оңай жол емес. Кезінде жай маман болып өз жұмысын бастап, бүгінде күллі республикаға танылған Шалқыманың да басынан талай сәттер өтті.  Кейбір мұғалімдер жұмысын тастап, басқа пайдалы қызметке кеткен кездер болды. Ал Шалқыма Хайроллақызы өзіне біткен өр мінезімен алдына қойған мақсатына жету үшін талпынды. Ол табандылығымен, өз мамандығын сүйе білуімен өзінен кейінгі қазақ қыздарына үлгі бола білді. Осы жолда Шалқыма көп еңбек сіңірді.  Ел болып талқылап жатқан «Рухани жаңғырудың» өзегі ұрпақ тәрбиесі мен ұлттың тағдыры. Біз жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру арқылы ғана рухани жаңғыра аламыз. Ал Шалқыма – өз ұлт мүддесі, өз ұрпақ қамы үшін тер төгіп, еңбек етіп жүрген жан. Өз міндетін абыроймен атқарып, көптің құрметіне бөлену үлкен бақыт, – деді ақын Ақұштап.

Келген қонақтар да жаңа дәрісхана, белгілі ұстаз Шалқыма Хайролллақызы туралы игі лебіздерін білдіріп, қызмет барысындағы ұмытылмас кейбір сәттерді еске алып, естеліктер айтты. Колледж студенттері  құрметке бөленген ұстаз-анаға жүректен шыққан  жыр  жолдарын  арнады.

Дәрісхананың ашылуынан соң семинарда бас  қосқан  еліміздің оқытушы-ғалымдары білім мазмұны жаңарып жатқан кездегі педагог мамандарды даярлау мәселелері туралы ойларын ортаға салды. «Кәсіпқор» холдингінің басқарма төрағасы Нұрғали Аршабеков «Білім» бейіні бойынша оқу әдістемелік бірлестік  жұмысының ерекшеліктеріне  тоқталды.

– Он екі жылдық білім беру үрдісіне жаңа сипаттағы педагог қажет екені белгілі. Сондықтан педагогикалық колледждердің білім беру бағдарламасы өзгереді. Техникалық  білім беру саласына  «қолданбалы бакалавр» деген мамандық енеді. Оның жай колледж бітірушіден білімі жоғары болады. Себебі, ол колледж бітірген соң, тағы бір жыл оқып, білімін тереңдетіп «қолданбалы бакалаврдың» дипломын алады, — дейді  Нұрғали  Аршабеков.

Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директорының оқу ісі бойынша орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Т. Сәбитова «Қолданбалы бакалавриатты енгізу, бағдарламаның маңызы, колледж бен жоғары оқу орындарының байланысы» туралы баяндап, өз ұсыныстарын ортаға салды.  Оның  айтуынша, жоғары колледж республикада педагогикалық, гуманитарлық колледждердің ішінде қолданбалы бакалавриат жүйесін алғашқылардың бірі болып бастағандықтан, кейбір мәселелерді шешуде бірқатар қиындықтар туындаған.

– Колледжіміз қолданбалы бакалавриат жүйесіне көшуіне байланысты Білім және ғылым министрлігімен қолданбалы бакалавриат жүйесінің нормативтік-құқықтық актілері әзірленіп, онда төмендегі мәселелер айқындалуы қажет. Біріншіден, педагогикалық мамандықтардың қолданбалы бакалавриат жүйесі бойынша кредит саны нақтыланып берілсе, екіншіден, жоғары колледжді бітірген қолданбалы бакалаврлардың университетте білімін жалғастыруына мемлекет тарапынан жергілікті жерлерде мамандарды бекіту үшін арнайы грант бөлінсе дейміз. Мысалы, мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде мамандар тапшылығы байқалады, себебі тәрбиешінің еңбекақысы өте төмен (40 мың көлемінде). Егер ЖОО-да гранттар бөлінсе, осы мәселені шешуге бір мүмкіндік болар еді. Қолданбалы бакалавр біліктілігіне ие болған маманның мәртебесі нақты анықталып берілсе (оның еңбекақысының төлену жүйесі, біліктілік санаттылығын алуы т.б.), қолданбалы бакалавриат жүйесінен кейінгі академиялық бакалавриат жүйесі бойынша ЖОО-да оқу мерзімі бір жыл көлемінде бекітілсе, нұр үстіне нұр, — дейді ол.

«Білім» бейіні бойынша оқу әдістемелік бірлестігінің төрайымы, профессор Шалқыма Құрманалина оқу-әдістемелік кешендермен қамту жұмысына талдау жасап, 2018 жылдағы жұмыс жоспарларының  жүйесімен  таныстырды.

Екі күнге созылған семинарда «Жаңартылған білім мазмұны  аясында мектепке дейінгі ұйым педагогтарының біліктілігін арттыру», «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында шағын жинақталған мектептерге мұғалім дайындаудың ерекшеліктері» және өзге де өзекті тақырыптар бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Кооперативтің жаңа нысаны

Күні: , 95 рет оқылды


Кеше  Зеленов  ауданына  қарасты  Көшім  ауылында  модульді  мал  сою  бекеті  іске  қосылды. Ашылу  салтанатына  облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат Азбаев пен Зеленов  ауданының  әкімі  Асхат  Шахаров  қатысып,  кәсіп  иелерін  нысанның  ашылуымен  құттықтады.


Жергілікті шаруалардың басын біріктірген «Николай и Ко» ауыл шаруашылығы кооперативінің болашаққа жоспары да мығым. Қолға алған істері оңға басып, мал сою бекеті қалыпты жұмыс жасаса, ет өнімдерін экспортқа шығармақ ойлары бар.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып, ел экономикасының драйверіне айналдыру керектігі туралы айтқан болатын. Елдегі қолға алынып жатқан игі бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың аясында көптеген жетістікке қол жеткізіп келеміз. Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан айтулы қолдау көрсетілуде. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдан бастап барлық өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Осы кәсіпорындар арқылы өндірілген сүт, ет өнімдеріне демеуқаржы төлеу қарастырылған. Бүгінгі ашылғалы отырған мал сою бекеті осы бағыттағы жүргізілген жұмыстардың оң нәтижесі. Осындай ауқымды істі қолға алған кооператив мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.

Айта кетейік, көктем шыға Көшім ауылының 22 тұрғыны бас қосып, «Николай и Ко» кооперативін құрған. Тамыз айында кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан модульді мал сою бекетін сатып алу үшін 19 миллион теңге несие алды.

Ашылған мал сою бекеті бір тәулік ішінде бес және одан да көп мал басын қабылдай алады. Инвестициялық шығындардың жартысы мемлекеттік демеуқаржы есебінен өтелді. Кепіл ретінде жабдықтың өзі қойылған. Бұдан бөлек, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» кооператив мүшелерін «Береке» бағдарламасымен етті бағыттағы сиыр сатып алу үшін қаржыландырған. Олар қордан бөлінген 36 миллион теңгеге қаражатқа 171 бас ірі қара мал сатып алған. Бүгінгі таңда «Николай и Ко» кооперативінің мүшелерінде 300-ден астам ірі қара малы бар.

«Николай и Ко» АӨК төрағасы Николай Супрунның айтуы бойынша, мемлекет ұсынған жеңілдетілген несиелер кооперативтерге үлкен мүмкіндіктер береді. Кооператив малды союға және дайын өнімді сатуға байланысты барлық мәселелерді шешуді өз мойнына алған.

– Алғашында біз өз өнімімізді экспортқа шығарамыз деп ойлаған жоқпыз. Енді өнім көлемі көбейгендіктен етті көршілес Ресей Федерациясына жеткізу жөнінде нақты келісімдеріміз бар. Дәл қазіргі уақытта біздің ауданымызға ресейлік кәсіпкерлер келуде. Олар малдың бағылуы, бордақылануы мен сойылу үрдісінің барлық стандартқа сай екендігін көрді. Ресейліктерге айына 20 тоннаға дейін сиыр етін, 18-20 тонна қой етін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Николай Супрун.

Облыс орталығынан 50 шақырым  жерде орналасқан кооператив өз өнімін «Орал шұжықтары» қайта өңдеу кәсіпорнына, сондай-ақ сауда желілеріне жеткізуді жоспарлап отыр.

Кооператив меншігінде мал азығын дайындайтын екі су жаңа трактор мен шөп маялағыш секілді ортақ техникалары да бар. Модульді мал сою бекетіне бөлінген жер учаскесінен бөлек жайылым мен шабындық жерлер жергілікті әкімдіктің қолдауымен беріледі деп күтілуде. Жақын уақытта жұмысқа ветеринар, қасапшылар және басқа да жұмысшылар қабылданатын болады.

– Біз өткен жылы қожалық құрып, қой өсіруге бет бұрдық. Алғашында қолда бар 50 бас ұсақ малды өсіре бастадық. Бүгінгі таңда қожалық меншігінде 350 бас қой бар. Кейін осы бағдарлама арқылы «Николай и Ко» кооперативіне мүше болып кіріп, төменгі пайызбен 4 миллион теңге несие алуға қол жеткіздім. Сол қаражатқа 19 бас ірі қара малын және жем-шөп сатып алдым. Біздің қожалық екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінгі кооператив жанынан ашылған мал сою бекеті біз секілді қожалық иелеріне тамаша мүмкіндік. Ендігі уақытта өз малымызды алысқа апармай-ақ осы жерге тапсыратын боламыз, – дейді «Оразбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Мәлік  Оразбеков.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Арыстан Арсланбаевтың мәліметінше, жалпы облыс көлемінде аталмыш қордың қатысуымен 1200-ден астам ұсақ шаруашылықты біріктірген 26 кооператив құрылған. Олардың басым көпшілігі ет өндіруге бағытталған. Өңір кооперативтерін қолдауға қордан 2,5 млрд. теңге бөлінген.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру мақсатындағы ауыл шаруашылығы саласын қолдауды жүзеге асыру жұмыстары «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүргізілуде.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Біржанның – «Алтын жүрегі»

Күні: , 169 рет оқылды


Жақында Алматыда «Алтын  жүрек» ұлттық  қоғамдық сыйлығының иегерлері  анықталды. Байқау  қорытындысында 11  аталым  бойынша  33  үздік үміткер марапатталды. Олардың қатарында «Мүгедек  жандарға көрсеткен  қамқорлығы  үшін» оралдық  кәсіпкер,  бірінші топтағы  мүгедек,  «Ғибадат» ЖШС-ның  директоры  Біржан  Қожақов  бар.


Қайсар азамат 2001 жылы жеке кәсіпке бет бұрып, ұлттық бұйымдар мен үй жиһаздарын дайындайтын цех ашқаны белгілі. Бүгінде қарауында 30-дан адам астам қызмет ететін «Ғибадат» ЖШС кейінгі жылдары сал ауруына ұшыраған балаларға вертикализатор шығарумен айналысады. Шетелдерде қымбатқа бағаланатын бұл құрылғыларды қазақстандықтарға қолжетімді бағамен өткізетін серіктестік тік тұрғызғыштарды қайырымдылық шаралары аясында жағдайы төмен және көп балаларға отбасыларға тегін тарту етеді.

Айта кетейік, «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығының аталымдары жомарт кәсіпкерлер мен демеушілер, қайырымдылық қызметімен айналысқан мекеме-ұйымдарға берілді. Ұйымдастыру шараларын «Бауыржан» қоры мен Алматы қаласының әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы өткізді. Биыл «Алтын жүрек» қоғамдық сыйлығын иемденуге 400-ден астам  үміткер  өтініш  жолдаған  екен.

Өз  тілшіміз


Ел таныған Ерофеев

Күні: , 105 рет оқылды


Павел  Ерофеев  –  «Қазтелеком»  АҚ  филиалы  БҚО  телекоммуникациялық  дирекциясындағы  желілерге техникалық күтім жасау  орталығының  электромеханигі.  Телефон  мен  ғаламтор  желісін  орнатады,  істен  шықса  жөндейді.  Ал  оның  ел  көзіне  түсіп,  танылып жүрген  тағы  бір  қасиеті  – қазақ  тілін  жақсы  біледі.


Павел Валерьевич Ақжайық ауданындағы Коловертное ауылының тумасы. Бала шағынан ауылдас қазақ балаларымен бірге ойнап өсті. Негізі әр адамда балалық шағында өзге ұлттың өкілдерімен етене араласса, солардың тілін еріксіз үйреніп алады.

Кезінде Кеңес Одағының Батыры, орыстың қаһарман барлаушысы Николай Кузнецов сонау Сібірдегі бір ауылда неміс балаларымен қоянқолтық жүріп, тілін меңгеріп алған ғой. Меңгергені соншалық, сол тілдің мекленбургтық диалектісінде сөйлегесін, жау арасында кәдімгі шығыспруссиялық «неміс» болып шыға келді. Керек десеңіз, сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Свердловск қаласында политехникалық институт бітірген бұл азамат дипломын неміс тілінде қорғапты. Диплом қорғауға қатысқан, Германиядан арнайы шақырылған екі неміс инженері кете-кеткенше Николайдың ұлты орыс екеніне сенбеген екен. Демек, қай тілді де ерте меңгерсең, соны жетік біліп шығасың. Ал Ерофеевтер отбасындағы үш ұлдың үшеуі  де  қазақшаға  «судай».

– Әкем Валерий де, анам Люба да сөйлемесе де, қазақша түсінеді. Таңданатын түк жоқ, қазақ жерлестер, көршілеріңді күнде көрсең, қалайша тіл білмессің?! Жалпы өзім қазақ тілін меңгергенім үшін ауылдастарым, достарым Данияр Сатыбалдиев, Нұрқанат Жарылғасов және басқасына өмір бойы қарыздармын,  – дейді 24 жасар  Павел  жымиып.

Орта мектепті тәмамдаған П. Ерофеев кей замандастары сияқты бірден жоғары оқу орнына жүгірген жоқ. Орал қаласындағы №1 кәсіптік-техникалық колледжге түсіп, электромонтер мамандығын меңгеруге кірісті. Үш жыл оқып, оны ойдағыдай үйренді. Оқу орнындағы қоғамдық  шаралардан да тартынған жоқ. Осында мемлекеттік тілден дәріс берген ұстазы Г. Ғабдоллина қазақ тілін тек тұрмыстық сөйлеу деңгейінде меңгерген шәкіртін онан әрі тереңдете оқытты. Жақсы баулығаны соншалық, Павел даңқты жерлесіміз, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасын жаттап алыпты.

Қазіргі ұжымында қазақ тілінен дәріс берген Жанар Құсайынованың есімін де ол құрметпен атайды.

– Қазақ тілін білгеннің маған пайдасы көп. Мысалы, өткен айдың 21-інші жұлдызында «Самұрық Қазына» АҚ-ның ұйымдастыруымен Астана қаласында мемлекеттік тілге қатысты республикалық жарыс өткен еді. Сонда жүлделі бірінші орын алып, ақшалай сыйлыққа ие болдым.  Енді міне, ұжым басшылығы таяуда өткен облыстық «Жақсы сөз – жан тынысы» байқауында біздің топтың екінші орынды иеленгені үшін сыйақы берді. Әрі біздің жоғарғы басшылыққа ай сайын мемлекеттік тілді меңгергенім және қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқаным үшін жалақыға қосымша ақы тағайындау жөнінде ұсынба жасапты. Сол үшін ұжым басшылығына және әріптестеріме шын жүректен алғыс айтамын, – деді сөз соңында жас қызметкер.

Еңбектен де, өнерден де бақытын тапқан жас азаматтың отбасылық өмірі де қалыпты. Жұбайы Мария да қазақ тіліне қара жаяу емес. Сөйлемесе де, түсінеді. Әзірге төрт жастағы ұлы Мишаның басқаға қабілеті айқындалмағанымен, әйтеуір, айфонның «құлағында ойнайды», планшетін қасынан екі елі тастамайды. Әкесіне тартып туған ұл болса, мүмкін, келешекте де мемлекеттік тілді  меңгеруге  де  көңілі  ауар.

Астанада кездескен оңтүстіктің қазақтары Павелдің сөз саптауына қарап: «Әй, сен батыстың орысы емессің бе?!» – деп сұрапты. Жоғарыда сөз еткендей,  Н. Кузнецов сияқты өзге ұлт өкілі болса да, сөйлеу мәнеріне қарап, оңтүстік ағайындар қай жердікі екенін аңғарған ғой. Бұл да оның тілді терең білуінің дәлелі.

– Біздің ұжымда мемлекеттік тілді меңгеруге, қолдануға айрықша мән берілген. Мысалы, мекемеде іс қағаздары толықтай мемлекеттік тілде жүргізіледі. Арнаулы қазақ тілін оқыту курсында мемлекеттік бағдарлама бойынша дәрістер өтіп жүр. Іс-тәжірибемізді бөлісу үшін семинарлар мен кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Ал Павел Ерофеев – біздің мақтанышымыз. Ол осында төрт жыл бойы жұмыс істегенімен, өзін тек жақсы қырынан танытты, – деді «Қазтелеком» АҚ филиалы БҚО телекомуникациялық дирекциясының бөлім басшысы  Мәншүк  Тастілеуова.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика