Мұрағат: 01.11.2017


Жаңа қоныс – жайлы мекен

Күні: , 90 рет оқылды


Қарашығанақ  мұнайгазконденсаты  кен орнының  санитарлық-қорғаныс  аймағына  енген  Бестау  және  Березов  ауылдарының  тұрғындарын  Ақсай қаласына  көшіру  мәселесі  барлық деңгейдегі  билік  буындарының  жіті назарында.  Былтыр  қолға  алынған  ауқымды жоба  аясында  күні бүгінге  дейін  қос  ауылдан  92 (286 адам) отбасы  жаңадан бой түзеген  Аралтал  шағынауданына қоныс  аударып  үлгерді.


Құрылысқа жауапты мердігер мекеме «Марасант» ЖШС 50 үш бөлмелі, ал мердігер «Строительная инициатива» ЖШС 50 төрт бөлмелі үйді салып үлгерді. Жоба бойынша үйлердің көлемі сәйкесінше 90 және 100 шаршы метрге жуық. Үйлерге қоса ауладан қосалқы шаруашылық нысаны (шолан) салынып, әр үй техникалық сумен қамтылды. Бұл су жаңа баспаналардың әрқайсысы шамамен 20 млн. теңгеге салынды.

«Аралтал» шағынауданына инженерлік инфрақұрылым жүйелерін тартуға жауапты бас мердігер «KazConstructionGroup»  ЖШС өткен жылдың тамыз айында өз жұмысын бастаған болатын. Жобаға сәйкес сумен қамту, көгілдір отын жеткізу және көшелік жолдардың құрылысына жауапты серіктестік бүгінде өз жұмысын аяқтай келді.

Таза ауа, жаңа үй, жайлы мекен! Аралтал шағынауданына көшіп келгендер жағдайларының күрт жақсарғандығына өте қуанышты! Олар енді басталған жаңа өмірдің жарасымды жалғасын табарына сенімді. Әр тұрғынның жүзінен қуаныштың лебі еседі. Мәселен, 82 жастағы Екатерина Серова Ақсай қаласына осыдан екі апта бұрын көшіп келді. Бүгінде заттарын реттеп, жаңа мекенді жайластыруда. Ұзақ жыл құрылыс саласында жұмыс істеген Екатерина Серова ғұмыр жасы сексеннен асып, тоқсанға қараған шағында өмірінің жақсы жаққа өзгергеніне дән риза.

– Менің екі қызым бар. Екеуі де Ресейдің Нижний Новогород облысында тұрады, үйлі-баранды. Жақында қыз-күйеу балаларым жиендеріммен келіп кетті. Олар билік тізгінін ұстаған азаматтардың маған, яғни аналарына осындай жанға жәйлі, тұрмысқа өте қолайлы жағдай жасағандарына өте разы. Жаңа үйім өзіме де қатты ұнайды. Таза, жарық. Жаңа үйге барлығын жаңаладым. Жаңа жиһаз сатып алдым. Қартайғанда мен үшін жаңа өмір басталғандай. Ауылымды қимаймын. Бірақ жаңа мекен көңілден шықты. Ауасы да таза. Ауылдағы көршілерімізбен осында да көршіміз. Біздің жаңа мекен, жаңа қонысқа көшуімізге ұйытқы болған Президентімізден бастап, әкім, депутат азаматтардың барлығына аналық алғысымды айтамын, — дейді Екатерина әжей.

Осыдан бірер апта бұрын Бестаудан Аралталға қоныс аударған Бижановтар отбасы ауыл-аймақ, ағайын-туыс һәм дос-жарандарына берекелі шаңырақ ретінде белгілі. Жаңа жер, жаңа үйге қоныс аударған отбасы туған ауылдарын қимаса да, жаңа мекенжайда шаңырақтарының ынтымағы бұрынғыдан бетер нығайып, ырыстары молая береріне кәміл сенімді.

– Біздің әулет жетпіс жылға жуық Бестау ауылында тұрды. Өзімізді айтпағанда, ата-анамызға құтты қоныс болған ауылдан ірге көтеру оңай болған жоқ. Өзім де ауылдың өркендеуіне бір кісідей үлес қостым. Дегенмен, бізге берілген баспанадағы жан-жақты жәйлі жағдайды көріп, көңіліміз марқайып қалды. Жаңа жерде біз үшін жаңа өмір басталғандай әдемі әсерде жүрміз.  Қонысымыз құтты болғай!  – дейді Асан Бижанов. Асан ағамыз қазақы ою-өрнекпен өрнектеп өзі жасаған ағаш  бұйымдар  онсыз да сыңғырлап тұрған жаңа үйге ерекше әр беріп тұр. Ағаштан түйін түйген отағасы енді Аралталда өз шеберханасын ашпақ ойы бар.

Қоныс аударған халықтың қамы үшін шағынауданда 300 оқушыға арналған мектеп салынуда. Мердігер мекеме «РаЗаСтрой» ЖШС болашақ білім ошағының құрылысын өткен жылдың тамызында бастады. Алдымен былтыр күзге салым жаңбырдың жиі жаууынан жер құрғамай, кейін техникалық шешімдерге орай құрылыс жұмыстары біраз кідірді. Бірақ құрылысқа жауапты мердігер жыл аяғына дейін нысанды тапсырамыз деп отыр. Учаске басшысы Василий Хасановтың айтуынша, жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылатын типтік үлгідегі мектептің жалпы құны  800 млн. теңге көрінеді.

«Аралтал» ықшамауданында жаңа қоныстанушылар үшін азықтүлік дүкені ашылып, көшелік жолдар салынып, көшелерге  еуроконтейнерлер қойылуда. Міне, осылайша Бөрлі ауданының басшылығы жаңа қоныстанушыларға қолдан келген барлық жағдайды жасап бағуда.

Айтпақшы, аталмыш қос ауылдан қоныс аударған әр жанұяға өтемақы төленді. Еске сала кетейік, көшірудің алғашқы  кезеңінде 82 отбасы, соның ішінде Березов ауылынан – 75, ал Бестау ауылынан жеті отбасы, жалпы 416 адам қоныс аударған болатын.

Аудан орталығы – Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ-1» ықшамауданында сәулеті келіскен қос үй бой көтерді. Осы 153 пәтерлі тоғыз қабатты екі үйдің құрылысы негізінен аяқтала келді. Құрылыс жұмыстарын «АзияТехСтрой» және «АТК» компаниялары атқарды. Бүгіндері ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары қатар жүруде. Орайы келгенде айта кетелік, тұрғындардан құралған арнайы комиссия жұмыс сапасын жіті қадағалап тұрады.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Ақсай  қаласы,

Бөрлі  ауданы

Суреттерді  түсірген  Жәдігер  ШҮГІРОВ


Қатерлі дертті жеңген жанұя

Күні: , 91 рет оқылды


Тағдыр тауқыметін көріп, қиындығына мойымаған қайсар жандар өмірде баршылық. Алайда өзгенің өмірге деген құлшынысын арттырып, дендеген дертті жеңуге болатынын дәлелдегендері бірен-саран ғана. Осыдан 14 жыл бұрын 56 жасында қатты сырқаттанып,  дәрігерлер «Дертіңіз ұйқы безі қатерлі ісігінің төртінші сатысы. Алты айлық  ғана ғұмырыңыз қалды, химиятерапия алуға да мүмкіндігіңіз жоқ. Сондықтан үйден күтініңіз» деп онкологиялық ауруханадан шығарып жібергенде, Жақсылық Жұмабаев ағамыз жеңгеймен лағыл тойын (отау құрғандарына 40 жыл) тойлаймын деп ойламаса да  керек. Тап осы мақалада меңдеген қатерлі дертті жеңіп, жұбайы Маржан Шәріпқызымен бақытты ғұмыр кешіп отырған отағасы туралы әңгімелемекпіз.


Жақсылық Жұмабаев бұрынғы Фурманов ауданына қарасты Қарасу ауылдық кеңесінің аумағындағы Қашқар елді мекенінде жарық дүниеге көрінген. Отбасындағы үш ағайынды жігіттің кенжесі. Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелері өмірден ерте өткен. Ол кезде кейіпкеріміз төртінші сыныпта, ортаншы ағасы оныншыда, ал үлкені әскерде болған екен. Олар Қарасудағы мектепте сегізінші сыныпқа дейін білім алып, 11-сыныпты Талдықұдық ауылындағы орта мектептен тәмамдайды. Елде қалған екі ағайынды жігіт аналарымен бірге күнкөріс қамы үшін жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамастан еңбек етеді. Содан әскерден ағалары келіп, колхозға шопыр болып тұрақты жұмысқа кіріседі. Алайда жаңадан етек-жеңін жинап, тұрмыс тауқыметін артқа тастап, бірқалыпты күй кеше бастағанда, үлкен ағасы науқастанып, қайтыс болады. Бұл Жұмабаевтар әулеті үшін орны толмас қайғы еді. Уақыт бір орында тоқтап қалмайтыны белгілі. Кейін Жақсылық ағамыздың өзі әскер қатарына алынады. 1969 жылы елге оралысымен, ортаншы ағасы Асқар Әлмұханов прораб болып қызмет атқаратын Жұлдыз совхозында киномеханик болып, біраз тәжірибе жинайды. Жұмыс жасай жүріп кейіпкеріміз бала күнінен армандаған заңгер мамандығы бойынша оқуға тапсырмақ болады. Алайда бұл мамандыққа жолы болмай, 1971 жылы Алматы қаласындағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түсіп, 1975 жылы техникумды үздік бітіріп, еңбек жолын Айдархан су қоймасында инженерлік қызметтен бастайды. Сол ауылдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Маржан Хайруллинамен шаңырақ көтереді. Жас жанұя екі перзент сүйген соң қалаға көшуге қам жасайды.

– Бірде жұмыс барысымен қалаға келгенде, менен бір сынып төмен оқыған Теміреш Искаков есімді азаматты кездестірдім. Ол «Орал құрылыс комбинатында» басшылық қызмет атқарады екен.

Маған жұмысқа орналасуға көмектесетінін айтып, қалаға көшіп келуге ұсыныс жасады. Жастықтың қызуы шығар, ауылға келе сала жұбайым екеуміз дүние-мүлкімізді сатып, жұмыстан шығып, тәуекел етіп қалаға көшіп келдік. Мақсатымыз – балаларға қалада білім беріп, қаланың өміріне ерте үйрету, қалаға тұрақтандыру болатын. Темірештің арқасында сол мекемеге прораб болып қызметке тұрып, екі бөлмелі қызметтік үй алдық. Ол үй бізге хан сарайындай еді. Сол үйге бір тойдың қонағын қарсылайтын едік қой, шіркін! Ауылдағы ағайын, көрші-көлемнің барлығы бізге келетін. Менің қалаға тұрақтап қалуыма Теміреш жолдасымның үлесі зор болды. Сол мекемеде тапжылмастан жеті жыл қызмет атқарған соң «Тұрғын үй – 1991» мемлекеттік бағдарлама бойынша төртінші шағынауданнан төрт бөлмелі пәтер алдық. Ол кездегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бөлмелері кең, балалар асыр салып ойнайтын болды. Сол кезде төрт бөлмелі пәтердің ішіне қоятын біздің жиһазымыз да жоқ. Бірақ бақыттымыз. Біз көшіп келген соң 1990 жылы үйіміздің алдына №24 мектеп салынды. Жұбайым сол мектепке мұғалім болып қызметке кірісіп, зейнеткерлікке дейін директордың орынбасары қызметін атқарды. Екеуміз таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан, екі ұлымыз үйдің ішкі-сыртқы жұмыстарының барлығын өздері атқаратын. Балаларымды екі нәрседен қашық етіп тәрбиеледім. Біріншісі, өтірік айтпау, екіншісі, ұрлық жасамау болатын. Екеуінің де арты бір-ақ тұтам екенін тү-сіндірдім. Оларға «Егер өтірік айтсаңдар қашан да болмасын оның ақиқаты белгілі болады. Сол кезде араласатын дос-жарандарың, жұмыстастарың сенбейді және адал сөздерің зая кетеді» деп құлақтарына жиі құя бердім. Аллаға шүкір, қазір олар да есейді, өздерінің отбасылары бар. Мені әке ретінде ұялтатындай әрекетке барып көрген жоқ, – дейді ақсақал.

Кейін 2003 жылы 56 жасқа келгенде Жақсылық аға қатты науқастанып, ауруханаға түседі. Ауруханада дәрігерлер қатерлі ісік диагнозын қойып, оған ешқандай ем әсер етпейтінін, алты, әрі кеткенде сегіз айлық ғұмыры қалғанын айтып шығарып салады.

– Бұл дерт атауының өзі адамға үлкен психологиялық соққы беретінін аталмыш диагноз қойылған жандар жақсы біледі. Бұл дертті жеңемін деген адам, ең бірінші, рухани сынбауы керек. Ауруға берілмеу қажет. Жұбайым, балаларым, туысқандарым барлығы көз жастарына ерік беріп, енді не істейміз деп уайымдағанда, мен өзімді сабырлы ұстадым. Өйткені ажалың тура келсе, қандай жағдайда да алып тынады. Ұйқы безі қатерлі дертімен науқастанған миллионерлердің өзі Израилға, Америкаға барып ем алса да, Қорқыттың көрінен құтылмаған. Мен халықтық ем арқылы емделдім. Кенже ұлым Қайрат таныстарынан ресейлік өнертапқыш Николай Шевченконың «Метод лечения «неизлечимых» болезней» атты кітабын алып келді. Онда рак, бауыр циррозы, гепатит, панкреатит, диабет, артрит, астма секілді әр түрлі қатерлі аурулардан емделудің жолы жазылған. Мен соның ішіндегі қайнатылмаған шағу майды араққа қосып дайындайтын тұнбасын кесте бойынша аш қарынға екі жыл қатарынан іштім. Жұбайым Маржан салауатты өмір салтын сақтау туралы «ЗОЖ» журналының бұрынғы тігінділерін тауып, сонда жазылған тұнбаларды дайындап берді. Алдыма әкелген тұнбаны таңдамай іше бердім. Тұнбаны ішкен оңай-ау, алайда арнайы диета ұстауы қиын болды. Сүтке, суға піскен күріш, ботқа, құмықпен тамақтандым. Есімде қалғаны ауырған бірінші жылы қызылшаны күн сайын жейтін едім. Қызылша – өте пайдалы көкөніс. Адам бір нәрсені шектен шыға жегенде ол тамақтан шығып кетеді екен. Қазір қызылшаны жегім келмейді. Сосын ауруымнан сауығуыма адамдардан алған алғысымның да үлесі зор болды деп ойлаймын.

Жастар білмейтін шығар, 1980-90 жылдары ұсақ бұзақылықтары үшін істі болған адамдарды түрмеге түсірмей, қаладағы қара жұмысқа, яғни сол кезде «химияға» жіберуші еді. «Орал құрылыс комбинатында» қызмет атқарған кезде қол астымда сондай жастар көп болды. Оларға арақты ауыздарына татып алмау туралы талабымды қойып, маман болып кетуіне ақылымды айтып, білгенімді үйреттім. Жұмыстан сұранған кездері босаттым. Көмек қажет болса, қолұшын беруге даяр болдым. Солардан алғысты жиі еститін едім. Алған алғысым, отбасымның көз жасы мен жұбайымның қамқорлығы ажал тырнағынан аман қалуыма себепші болды, – дейді кейіпкеріміз.

Жақсылық ағайды баладай күткен Маржан жеңгей үшін отағасының әр сөзі заң іспеттес. Өйткені осы кезге дейін әйел болып қарсы бір сөз айтып көрмеген. Айта кетсек, Маржан Шәріпқызы ғұмырының 35 жылын білім саласына арнап, бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты әже. Гүл баптағанды жақсы көретін ол ауланың ішін гүлбаққа айналдырған. Сондай-ақ екі ұлдан тараған бес немересіне сенбі-жексенбі сайын тәтті тоқаштарын пісіріп күтіп отырады.

Жанұяның жарастығы үшін сенім, түсіністік және сабыр сақтаудың алар орны зор екенін бала-келіндерінің құлағына жиі құйып отыратын ата мен әже – әулеттің байлығы, бала келіндерінің асқар тауы, немерелерінің қамқор-қорғаны.

Жүздерінен мейірім төгілген бақытты отбасының асқар тауларына біз де сүйсініп, баянды ғұмыр тіледік.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Жеке тұлғалардың несиелік берешегі – 119 миллиард теңге

Күні: , 81 рет оқылды


Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте ҚР Ұлттық банкінің БҚО бойынша филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов хабарлады. Оның мәліметінше, облыста екінші деңгейлі банктердің 14 филиалы, 20 сақтандыру компаниясының 22 бөлімшесі, тоғыз микроқаржылық ұйым және қолма-қол шетел валюталарын айырбастау операцияларын ұйымдастыратын 119 пункт қызмет етеді.


Облыста 1 қазанға дейінгі депозит нарығындағы жағдай бойынша банктер филиалдарында салымдар бойынша қалдықтар 199,2 млрд. теңгеге дейін жетті. Республика бойынша қалдықтар көлеміндегі үлесі 1,8% ғана. Облыстағы депозиттердің жалпы сомасындағы жеке тұлғалардың үлесі 87,3%-ды немесе 173,9 млрд. теңгені құраған. Ұлттық валютадағы салымдардың үлесі  56,1% немесе 111,7 млрд. теңге, шетел валютасында 43,9% немесе 87,5 млрд. теңге құрады. Облыстық банк мекемелеріне тартылған салымдардың үлесі 419,9 млрд. теңге болды. Былтырғы есеппен салыстырғанда 21,5 пайызға көбейді.

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында банктердің филиалдары 157,8 млрд. теңге сомасында несиелер берген. Бұл – былтырғы кезеңмен салыстырғанда 56%-ға көп. Ұлттық валютамен берілген несие 58,7%-ға, яғни 156,5 млрд. теңгеге артса, керісінше, шетел валютасында 61,3%-ға, яғни 0,9 млрд. теңгеге дейін азайған. Жеке тұлғаларға 72,9 млрд. теңге сомасында несие берілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 64,7%-ға артық. Шағын кәсіпкерлік нысандарына 23 млрд. теңге, азаматтарға үй салуға және сатып алуға 10,3 млрд. теңге, халыққа тұтыну мақсатында 54,1 млрд. теңге несие берілді. Салалық мақсатта берілген несиелердің едәуір үлесі сауда-саттық (39,3%) пен өнеркәсіп (8,3%) және құрылысқа (3,8%) байланысты. Сақтандыру компаниялары арқылы 1484,2 млн. теңге сомасында төлемдер жүзеге асқан. Оның 32,7%-ы көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға қатысты.

Облыста төлем кәртішкелерін 456 мыңға жуық адам пайдаланады. Өңірде 365 банкомат, 3951 POS-терминал, 49 банктік киоск қызмет етеді. Ұлттық банк филиалы арқылы құнды металдан жасалған 371 инвестициялық және коллекциялық 371 құйма сатылған. Қазан айында екінші деңгейлі банктер 2006 жылғы үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айырбастау кезеңін аяқтады. Бұл банкноттарды Ұлттық банк филиалдары комиссия және айырбастау қызметіне ақы алмастан 2020 жылдың 3 қазанына дейін қабылдайды.

Несиелер бойынша берешектің жалпы сомасы 211 млрд. теңгені құрады. Жеке тұлғалардың берешегі 119 млрд. теңгеге немесе 16%-ға, заңды тұлғалардікі 92 млрд. теңгеге немесе 4,1%-ға көбейді. Кәсіпкерлік субъектілерінің берешегі 52,8 млрд. теңгеге жетіп, яғни 16,2%-ға ұлғайған. Мерзімі өткен несиелер берешегі 10,4 млрд. теңгеге немесе 7,4%-ға азайды. Дегенмен тұрғындар берешегінің үлесі 5,7 млрд. теңгеге, яғни 4,5%-ға өскен.

– Екінші деңгейлі банктер қызметіне қатысты туындаған мәселелерді қарауға біздің филиалға 159 өтініш келіп түсті. 78 өтініш бойынша құжаттамалық тексеру  жүргізілді. Оның көбі – несие беру қызметіне байланысты. Ондай шағымдардың 95%-ы нақты дәлелденбеді. Екінші деңгейлік банктің біреуіне тұтынушы өтінішін уақтылы елемегені үшін жазбаша ұйғарым түрінде бір шектеулі ықпал ету шарасы қолданылды, – деді Қозыбақ Құлбарақов.

ҚР Ұлттық банкінің БҚО бойынша филиалы валюталық заңнаманың сақталуына байланысты 23 іс материалын қарады. Оның ішінде алты іс бойынша әкімшілік айыппұл салынса, оның үшеуі сот арқылы өндірілуге жолданды. Төрт іске қатысты ескерту жасалды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Людмила КАЛАШНИКОВА,

«Орал апталығы» газеті:

– Әкімшілік айыппұлдар қандай заңбұзушылықтар үшін салынған?

Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ:

– Қазақстанның валюталық саясаты өте ырықтандырылған. Қолданыстағы валюталық заңнама шаруашылық субъектілер қызметіне едәуір кеңшілік береді. Бірақ біздің кәсіпкерлердің шетелдегі серіктестері ыңғайсыз жағдайға қалдырып жатады. Мәселен, бизнесмен есептік нөмір ашып шетелдік компанияға қаржы аударса, екінші деңгейлі банктер арқылы бұл мәлімет автоматты түрде кедендік құрылымдарға жолданады. Келісімшарттарға сәйкес белгіленген мерзімде шетелден тауарлар келмесе немесе берілген қаражат қайтарылмаса, заңбұзушылықтың болғанын екінші деңгейлі банк Ұлттық банкке хабарлайды. Ұлттық банк құжаттамалық тексеру жүргізіп, заңнама аясында мәселенің шешілуін қадағалайды. Кейде кәсіпкерлер көзбояушылыққа барып, тауардың түспегені жөнінде банк филиалы мен кедендік құрылымдарға дұрыс ақпар бермейді. Сондықтан кәсіпкерлер қызметі мен төлем тәртібінің бұзылуына байланысты шара алынады. Ал екінші деңгейлі банктер қаражат аударуға делдал ғана болатындықтан, олардың тарапынан заңбұзушылыққа жол берілмейді.

Екатерина ШМИДТ,

 «Қазақстан-Орал» телеарнасы:

– Жақында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев елімізде криптовалюта нарығына қатысты жағдай күрделі екенін айтты. Біздің облыстағы ахуал қандай?

Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ:

– Криптовалюта нарығы туралы қатысты нақты дерек өте аз. Оның негізі Ресей Федерациясынан бастау алуы мүмкін. Криптовалюта нарығы технологиясы мықты сервер арқылы жүзеге асуда. Оралда бірнеше кісі онымен виртуальді түрде байланыс орнатқан. Елімізде криптовалютаға қатысты саясат күннен-күнге қатаңдануда. Егер оған қатысты заңбұзушылықтар болған жағдайда Қазақстан өз азаматтарының мүддесін қорғай алмайды. Заңнамалық тұрғыда криптовалюта саясаты түсініксіз әрі күмәнді болғандықтан, облыс тұрғындарынан оның қаржылық операцияларына қатыспауын сұраймыз.


Делдалсыз «Патриот»

Күні: , 91 рет оқылды


Осыдан үш ай бұрын   Шыңғырлау  ауданының   орталығында ашылған   «Патриот» супермаркеті  ауыл-аймақтың тұрғындары жиі келетін орынға айналды.


Заманауи техникалық жабдықтармен толық қамтылған супермаркеттің тауар айналымы, одан бюджетке түсер салық төлемдері де қомақты. Мәриям Қамзаеваның иелігіндегі сауда орнының тауарларды тасымалдау тізбесі тұрақты, әкелінетін өнімдері сапалы, әсіресе, азық-түліктің пайдалану мерзімі қатаң қадағалануда. Бұл супермаркеттің бір ерекшелігі сол – барлық тауарлар ешбір делдалсыз, өнім өндірушінің өндіріс орнынан тікелей жеткізіледі.

– Тұтынушыларға қызмет көрсету бізде жақсы жолға қойылған. Ұжымның ұйымшылдығы, іскерлігі, жаңаша жұмыс істеу әдісі арқасында кешенге келушілер легі күнбе-күн көбеюде. Тауар өтімділігі жоғары көрсеткішке ие, – деді осы кешеннің әкімшісі Г. Мырзағалиева.

Сөрелердегі тауарлардың сан алуандығынан көз тұнады. Тауарлардың барлығы – отандық және жергілікті өндірушілердің өнімдері. Нақтылайтын болсақ, жергілікті «Аружан» нан өнімдері және кондитерлік цехынан шығатын бөлкелердің 4-5 түрі, торттары, «Намиев М. Ю.» жеке кәсіпкерлігінің ет өнімдері, оралдық «КазКон» кондитерлік цехының тәттілері, «Желаев» және «Белес» ЖШС-ларының астық өнімдерімен қатар макарон түрлері, сонымен қатар теміржол торабы арқылы тікелей жеткізілетін Қостанай ұны, Ақтөбеден тасымаладанатын астық өнімдері «Патриот» сөрелерінен әр кез табылады.

Супермаркеттің мұздатқышты сөрелеріне 50-ге тарта шұжық өнімдері, сыр және ірімшік, балық түрлері қойылған. Өнімдердің бағалары да қолжетімді. Сүт өнімдеріне арналған мұздатқыш-сөрелер тоғыз метрді алып жатыр. Бұған қоса жеміс-жидектер, қалбырлар, тіпті жергілікті тары-талқан осы сөрелерге жайғасқан. Тұрмысқа қажетті заттар да арнайы орында.

«Патриотта» 20 адам еңбек етуде. Барлығы да өз жұмыстарына ұқыпты, тұтынушыларға мәдениетті қызмет көрсетуге дағдыланған.

Еліміздегі кәсіпкерлікті қолдау жобаларының бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шапағатын көріп отырған «Патриот» супермаркетінің басшы-қосшысы шыңғырлаулықтарды сапалы тауармен қамтып, талапқа сай қызмет көрсетуде.

Айсұлу АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы


Сарып ауруын 69 тұрғын жұқтырған

Күні: , 92 рет оқылды


Жақында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында еліміздегі ауыл шаруашылық жануарлары арасындағы сарып ауруына қарсы күрес стратегиялық жоспарына енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер жобасы талқыланды. Жобаны ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты халықаралық эпизоотиялық бюросы және «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС-мен бірлесіп әзірлеген. Семинар кеңеске облыстағы ветеринариялық мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшы-мамандар және шаруа қожалығының жетекшілері қатысты.


ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің БҚО бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Темірхан Қонақбаевтың айтуынша, өңірдегі тұрғындар арасында малының сарып ауруына шалдыққанын жасыратындар баршылық. Әсіресе, оңтүстік аудандарда сүтті және етті бағыттағы ірі қара малын бағып отырғандардың кейбірі осы мәселеге көз жұма қарайды. Сарып ауруына оң нәтиже берген малды оқшаулау, аудан-ауылдарда жайылым тәртібінің реттелмеуі, қан алу жұмыстарының түбегейлі жүргізілмеуіне байланысты күрмеулі түйін көп. Аталған стратегияда сарып ауруы анықталған аумаққа шектеу шарасын қолдану, соған байланысты сауықтыру шарасын жүргізу үшін бюджеттен қаржы бөлу қарастырылған. Басқосуда Зеленов ветеринариялық стансасы директорының орынбасары Арыстанғали Жарылғасымов жобада ветеринариялық бақылау қызметін күшейтуге мән берілгенін қолдайтынын айтып, сарыптың алдын алу үшін облыс бойынша ауылдық елді мекендер маңында ортақ жайылымға шығатын малға «Штамм 19» екпесін қолдануды ұсынды. Оның сөзінше, бұл екпе кеңес кезеңде сынақтан сәтті өткен. Мамандар облыс бойынша аллергиялық туберкулез, құс тұмауы секілді аса сирек кездесетін ауруларға қарсы екпелерге жыл сайын бөлінетін қомақты қаржыны тиімді жұмсауға көңіл бөлу керектігін айтты.

Стратегия жобасын әзірлеуге қатысқан Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы Ғайса Абсатиров сарып ауруына байланысты малдың қанын жүйелі зерттеу жоспарлы және жоспардан тыс жүргізу қарастырылғанын хабарлады. Ғалымның айтуынша, сарып ауруының таралу дәрежелері бойынша өңірлердегі ахуал түрлі санат ауқымында сарапталады.

– Мал иелері де жауапкершілікті сезінуі тиіс. Заңнама  аясында оларға қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Сарыппен ауыратын ірі қарасын қоғамдық табынға қоспасын. Мәселен, Ресейде сарып ауруына оң нәтиже берген сиыр етін сатқаны үшін ауыл тұрғындары сотталды. Ал екпе түрлері неғұрлым көбейген сайын олардың нәтижесі соғұрылым тиімсіз болуда. Ветеринарлық мамандар екпені тасымалдау, оған қатысты санитарлық талаптарды сақтауға аса мән бермейді. Екпе сұйықтығы ыдысқа құйылғаннан кейін төрт сағат мерзім ішінде қолданылуы тиіс. Ауылдық жерлерде шіліңгір шілдеде көлікке салып алып, уақыт оздырып жүретіндер бар, – деді Ғайса Абсатиров.

Семинарда «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы» РҚБ БҚО филиалының өкілі Бауыржан Атауов асыл тұқымды бұқаны қоғамдық табынға қосу қолға алғаннан кейін сарып ауруына шалдыққан ірі қараның күрт көбеюі күмән туғызатынын, ауыл тұрғындары мал етін саттыққа шығару үшін малдәрігерлік анықтаманы уақтылы рәсімдей алмай, әкімшілік кедергіге байланысты жиі шағымданатынын ескеру қажеттігін айтты. Ал облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов өңірде биылғы 9 айда 69 тұрғын сарып ауруына шалдыққанын хабарлады. Былтырғы есептік мерзімде 23 адам жұқтырған. Облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірхан Қонақбаев басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлер стратегия құжатын дайындаумен шұғылданып жатқан республикалық жұмыс тобына жолданатынын мәлімдеді.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»


Жыл үздіктері қайдасыңдар?

Күні: , 75 рет оқылды


Биыл ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің қауымдастығы БҚО бойынша филиалы дәстүрлі «Жыл үздігі – 2017» облыстық жастар сыйлығы байқауын ұйымдастырады.


Оған қатысушылардың жасы 14 пен 29 аралығында болуы тиіс. Байқау талаптары бойынша үміткерлер құжаттарын қарашаның 20-сына дейін жолдаулары шарт.   Бұл жөнінде БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте қауымдастық филиалының төрайымы Салтанат Тұманбаева хабарлады. Оның айтуынша, байқау 11 негізгі, екі арнайы аталымнан тұрады. Яғни, жастар арасында көшбасшылық қарым-қабілетімен танылған белсенділер және біліктілігімен көзге түскен сала мамандары марапатталады. Байқауға қатысушылардың жетістіктері туралы мәліметтерді арнайы комиссия сараптайды.

– Байқау лауреаттары 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болады. «Қайсарлығы мен батылдығы үшін» және «Жыл жаңалығы» атты аталымдар бойынша облыста ерекше қасиетімен көзге түскен жастар арнайы марапатталады. Айта кетерлігі, биылғы байқауға «Үздік жастар ұйымының» орнына «Үздік мектеп көшбасшысы»  аталымы енгізілді. Қазанның 30-нан бастап өтініштер қабылдау басталды, – деді Салтанат Тұманбаева. Оның айтуынша, байқау 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жастарға арналған байқауға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, былтыр 130-дай белсенді жас іріктеу кезеңіне қатысқан.

Өз тілшіміз


200 адамды жұмыспен жарылқайтын зауыт іске қосылмақ

Күні: , 125 рет оқылды


Теректі ауданында жылына 1 миллион тоннаға жуық мұнай өнімдерін шығаруға қауқарлы өңдеу зауытын іске қосу арқылы 200-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Теректі ауданының әкімі Кәрім Жақыпов баяндады.


Брифингте Кәрім Кәримоллаұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті.

– Аудан экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына бағытталып, агроөнеркәсіп кешені жақсы дамыған Теректі өңірі бүгінде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын қатар жүргізуде. Осы есепті күнге аудан бюджеті 7 943,3 миллион теңге, оның ішінде өз кірісіміз 1155,4 миллион теңгені құрап отыр. Аудан бюджетінің салық түсімдері бойынша жоспары ағымдағы жылдың 9 айында 140,9 пайызға асыра орындалып, 960,8 млн. теңге болды. Биыл өнеркәсіптің өндіріс көлемі 1113,6 млн. теңгені немесе 104,2 пайызды құрады. Бұл өсім негізінен мұнай өнімдерін өндіруді ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өнімінің негізгі көлемі өңдеу саласына тиесілі. Өңдеуші өнеркәсіптің құрылымында мұнай өңдеу өндірісі шамамен 6,5 пайызды құраса, азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері – 78,8 пайызды құрайды. Ауданда ауыр дистиллянттық сұйық отын, газойлдық фракция өндірісімен айналысатын «B.N GаsOіl Processing» ЖШС, алкогольсіз сусындар өндіретін «Жайықгидрогеология» ЖШС, тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майын шығаратын «Теректі май комбинаты» ЖШС өнеркәсіп саласының негізгі кәсіпорындары болып есептеледі. Алдағы уақытта бір инвестициялық жобаны іске асыру есебінен өндіріс көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Ол – «ABS-мұнай» ЖШС қолға алған мұнай өнімдерін қайта өң-деу зауытының құрылысы. Осы жобалар ойдағыдай жүзеге асса, 200-ден астам жұмыс орны ашылып, мұнай өнімдерін шығару көлемі жылына 0,8-1 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде, – деді аудан әкімі Кәрім Жақыпов.

Аудан басшысының баяндауынша, аудандағы жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3 млрд. 083,1 млн. теңге құраған. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялардың жалпы мөлшері 1 млрд. 089,3 млн. теңге, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,4 есеге өскен.

Былтырғы жылы ауданға қарасты Ақжайық, Юбилейное, Тоқпай, Жаңа өмір, Федоровка ауылдары аумағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қолға алынған. Ақжайық, Юбилейное, Федоровка ауылдарында бұл жұмыстар аяқталған болса, Тоқпай, Жаңа өмір ауылдарында жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Осы жобалар нәтижесінде кезекте тұрған 1 329 адамға жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімі беріледі. «НефтеСтройСервис LTD»  ЖШС аудандағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мақсатында орталық салуды жоспарлап отыр. Ауданда ауыл шаруашылығы бойынша 440 шаруа қожалығы, 23 ЖШС, барлығы 463 аграқұрылым бар. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12 миллиард 543,5 млн. теңгені құраған. Жалпы егістік көлемі 117,2 мың гектар болса, егіс жұмыстары 121,2 гектар жерге жүргізілген. Шаруалар 23,806 мың тонна күздік бидай, 8,964 мың тонна қара бидай, 45,465 мың тонна жаздық дақылдарды жинап алды. Майлы дақылдардан 8,8 мың тонна мақсары, күнбағыстан 3,7 мың тонна өнім жиналыпты. Көкөніс, картоп дақылдарын мол алу үшін «Жайна» ЖШС, «Балакирев В. А» шаруашылықтары 137 гектардан астам жерге жаңбырлатып суару жүйесін енгізген. Алынған өнімді сапалы сақтау да назарда. Ауданда жалпы сыйымдылығы 2 935 тонна көкөніс қоймасы бар. Сонымен қатар Орал қаласынан «Жайна» ЖШС биылғы жылы сыйымдылығы 1700 тонна картоп қоймасын іске қосты. Ауданда бағбандық кәсіптің көкжиегі кеңейіп келеді. Мысалы, Барбастау ауылында «Жером» қожалығы 112 га жерде алма ағаштарын, «Витамин» қожалығы 4 га жерге қарақат, 2 га жерге таңқұрай, 1 га жерге құлпынай отырғызған.

Теректі ауданының әкімі өз баяндамасында мал шаруашылығының дамуына да тоқталып өтті. Бүгінгі таңда ауданда 44 441 бас ірі қара, 60 851 бас қой, 10 276  ешкі, 10 511 бас жылқы, 3 266 бас шошқа, 48 164 құс бар. Аудандағы мал басын тек қана өсіріп қана қоймай, сапасын жақсарту да назарда. Қазіргі таңда аудан көлемінде 3 842 бас асыл тұқымды мал бар. Оның 3 325-і етті, 517-і сүтті бағыттағы асыл тұқымды түлік. Биылдың өзінде 385 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынған. Сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы 123,5 млн. теңге несиелік қаржыға 6 бұқа және 372 аналық мал алыпты. «Ауыл шарашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы аудан бойынша барлығы 62 жеке тұлға 201,75 млн. теңге несие алған. Покатиловка ауылында «Достық» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі бағасы 4,5 млн. теңгеге 2 тонналық сүт салқындатқыш танкер сатып алып, бүгінгі күнге 6,2 тонна сүт қабылдап, қайта өндеуге тапсырған.

Атқарылған жұмыстар турасында есеп берген аудан әкімі бұдан соң өңірдің таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, сапалы жол қатынасымен қамтылу, тұрғын үй құрылысы жайына тоқталды. Сонымен қатар аудандағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл-аймақты абаттандыру, тұрғындарды жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларында атқарылған игі істер жөнінде айтып өтті.

– Міне, Теректінің экономикалық-әлеуметтік сипатымен таныстырып өттім. Елбасы салған сара жолмен дамып келе жатқан көп ұлтты ауданымыздың ішкі тынысы да берекелі. Қоғамдық сананы жаңғырту, «Туған жер» жобасын іске асыру мақсатында аудан бойынша 5 жоба аясында бірқатар шаралар өткізілуде. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыру бойынша еңбегімен көзге түскен, ел алдында құрметке ие ұстаздар, мәдениет қызметкерлері мен спорт саласына еңбегі сіңген 24 тұлға іріктелді. Еліміздің алдағы күні дамуын айқындайтын «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» әр жолын өзімізге қатысты деп есептеп, әр қадамынан туындаған тапсырма-жоспарларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кеттік. Осы жолдағы әр ісіміздің табысты боларына сенімім мол, – деп қорытындылады өз сөзін аудан әкімі Кәрім Жақыпов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Келешек – латын әліппесінде!

Күні: , 99 рет оқылды


Қазанның 27-сінде  Елбасымыздың Жарлығымен қазақ тілі әліпбиі кириллицадан латын графикасына көшірілді. Осыған орай тап сол күні облыстық қазақ драма театрында «Латын әліпбиіне көшу – болашаққа қадам» атты облыстық жастар форумы өтті. Оған ғалымдар мен ұстаздар, студенттер мен жастар қатысты.


Шара үш тілде жүргізілді. Ең алдымен мемлекеттік тілдің тарихи тағдыры хақында деректі бейнетаспа көрсетілді.

– Құрметті форумға қатысушылар! Мен сіздермен бүгінгідей тарихи күнде кездесіп тұрғаныма  қуаныштымын. Өздеріңізге мәлім, бүгін Елбасымыз тарихи шешім қабылдады, енді алдағы жылдары бәріміз саты-сатысымен латын әліпбиіне көшетін боламыз. Туған таңбамыздың тарихы да сан қырлы. Ұлы даланың мәңгілік иелері бұған дейін ғасырлар бойы түркі жазуын қолданды. Отанымызға ислам діні мен өркениетінің келуіне орай 1300 жылдай араб жазуы қолданысқа енді. 1929 жылдан бастап, сол кездегі саяси жүйенің пәрменімен өзге түркі ұлттары сияқты қазақ та латын жазуына көшті. Ал 1940 жылдан бастап, кириллица жазуына ден қойдық. Енді, міне, алдағы жылдары латын әліпбиіне сатылап көшу кезеңі келіп жетті. Ең маңыздысы сол – Елбасының бастамасын халық қолдады және мақұлдады. Елбасымыз «Мен жалындаған жастарға сенемін!» деп айтқандай, жаңа әліпбиді енгізу, кеңінен қолдану сендердің еншілеріңде! Сенімді ақтайтындарыңызға күмәнім жоқ. Біз әлемнің ең дамыған отыз елінің құрамына  ену жолындамыз. Сол үшін бізде адами капитал сапалы болуы тиіс, – деді бұл шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

– Мен барлық Жайық жастарын осы тарихи күнмен құттықтаймын! Осы жаңа әліпбиге көшуді ұйымдастыру тобының мүшесі болдым. Әрине, бірден ғасырға жуық бойы қолданылған кириллицадан ажырап, жаңа әліпбиге көшу оңай емес. Сондықтан Елбасымыздың оған сатылы түрде 2025 жылға дейін көшуді белгілеуі – саяси ойластырылған шешім. Соны терең және байыпты түрде түсіну қажет. Алдағы қиындықтарды бірлесе отырып жеңейік. Бұрынғы әліпбидегі тоғыз таңба бізге жат еді. Енді олар алынып тасталып, орнына жазуды жеңілдететін, нақты бір нұсқа негізге алынды. Бірақ онымен іс бітпейді. Болашақта оны  да жетілдіру ісі жүре береді. Жалпы, латын таңбасы бізге тосын емес. Өйткені 1929-1939 жылдары оны қолдандық. Мұның өзі бізге оңды тәжірибе болмақ. Тағы бір маңызды тұс – бізден бұрын латын әліпбиін қабылдаған әзірбайжан, өзбек және түрікмен бауырлардың жіберген олқылықтарынан да орынды сабақ алсақ, оңтайлы болар еді, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал саясаткер Дос Көшім.

Форумға қатысқан әдебиет сыншысы, балалар жазушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Елдос Тоқтарбайдың  айтуынша, 27 қазан – біз үшін тарихи күн. Яғни  жаңа әлемге аяқ басудың күні. Латын әліпбиі – біз және келешек ұрпақ үшін аса қажет. Енді оның ел ішінде деңгейі мен беделін көтеру, жастардың ісі. Латын әліпбиін меңгеру үшін сегіз жыл беріліп отыр. Аз уақыт емес. Соның ішінде жаңа әліпбиді толық меңгеріп кетуіміз керек.

Оның жеңісін де, жетістігін де жас ұрпақ көреді. Өйткені келешегіміз латын әліпбиімен байланысты.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы, ғалым Жаңабек Жақсығалиев үш түркі тілді ұлттың латын жазуына әр жылы бірінен соң бірі көшкенін айтты. Басқасы да соған талпынуда. Әзірге ешкім де сол қадамға өкініш білдірмеген сыңайлы. Ғалымның пайымдауынша, латын әліпбиіне көшу – отарсыздану үдерімінің бір көрінісі.

– Өкініштісі сол, қазақ көп жыл бойы саяси-экономикалық, рухани бодандықта болды. Әлі де содан арылар емес. Нәтижесінде адамдар  арасында жалтақтық, жарамсақтық, алауыздық басым. Ал қазір қазақ ұлты ел халқының 71 пайызын құрайды. Демек, бұрынғы кесір қылықтардан арылатын уақыт жетті. Мұхтар Әуезов «Абай жолын» кезең-кезеңімен араб, латын, орыс әліпбиімен жазған. Бұл  мәжбүрліктен болған еді. Ал бүгінгі Елбасы Жарлығының осы жиынмен тұспа тұс келуі – жақсылықтың көрінісі, – деді ғалым сөз сонында.

Облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі, блогер Галина Самойлова латын әліпбиінің қазақ тілінің одан әрі дамуына септігін тигізетінін айта келіп, жастарды Елбасының бастамасын жаппай қолдауға шақырды. Сонымен бірге латын әліпбиінің әлемге жол ашатынын, кәсіпкерліктің алға басуына кең мүмкіндік беретінін атап көрсетті.

– Әрі ол ағылшын тіліне қызығушылықты арттырады. Отандастардың әлем қазақтарымен ынтымағының ұлғайары да сөзсіз, – деді Г. Самойлова.

Форум барысында флэш-моб ұйымдастырды. Жиын соңында Жайық жастарының үндеуі қабылданды.

Серік   ИХСАНҒАЛИ,

«Орал қаласы»


Саясаттанушы журналистермен жүздесті

Күні: , 97 рет оқылды


Өңірімізге іссапармен келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі саясаттанушы Дос Көшім және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбдірашит Әбдірайымов «Жайық Пресс» ЖШС-ында болып, аталмыш ұжымның қызметкерлерімен жүздесті.


Жиынды жүргізген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин ғасырлық тарихы бар «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің басын біріктірген іргелі ұжымға арнайы бас сұққан меймандарға алғыс білдіріп, қош келдің айтты.

Латын қарпіне көшу тақырыбына арналған кездесуде меймандар журналистер тарапынан қойылған көптің көкейінде жүрген сауалдарға бүкпесіз жауап берді.

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы:

– Бүгін Елбасымыз латын қарпіне көшу туралы Жарлыққа қол қойғасын, осыған дейін жалпыхалықтық талқылауда болған бұл мәселе ресми сипат алды. Дос аға, менің сізден сұрайтыным, орыс мектебінің оқушылары ұлтына қарамастан кирилл қарпімен оқи береді екен. Бірегей, халыққа айналамыз деп жүргенімізде екі әліпбимен түрлі көзқарасқа ұрынбаймыз ба? Орыс тілінде білім беретін мектептерде де кириллицаға қосымша латын қарпін танытуға қалай қарайсыз?

 

Дос КӨШІМ:

– Орыс тілінде білім беретін мектептерде де латын қарпімен таңбаланатын әліпби оқытылады. Себебі, олардың бәрінде қазақ тілі пәні бар. Жалпы мемлекеттік әліпби деген ұғым еш уақытта болмаған. Қазақта халық, ұлт деген сөздер бар. Осы сөздердің арасында бір ғана айырмашылық бар. Мысалы, Абайдың кезінде қазақ халқы болсақ, Ахмет Байтұрсынов әліпби шығарған күннен бастап біз ұлтқа айналдық. Әліпбиі бар халық ұлт болады. Содан кейінгі даму кезеңі мемлекет болмақ. Одан артық даму кезеңі жоқ. Сондықтан әліпби ұлтқа қатысты термин. Қазақ ұлты ғана әліпбиін өзгертіп отыр. Әрине, орыс тілді азаматтарға үйренуге тура келеді. Себебі бланкі, құжаттар, көшедегі жазулардың барлығы да мемлекеттік тілде жазылған уақытта латын қарпіне көшіріледі.

 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН:

– Сіз еліміздің өңірлерін жиі аралайсыз. Ұлты басқа, славян нәсілдес отандастарымыздың латын қарпіне көшуге қатысты көзқарасы қалай? Қолдау басым ба әлде әлдебір алаңдаушылық бар ма?

 

Дос КӨШІМ:

– Соңғы төрт жылдың ішінде орыс тілді аудиториямен «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тақырыпта 150-дей кездесу өткіздік. Біз бұл мәселеге келгенде орыс тілді қауым деген тіркесті қолданамыз, орыстар, славян халқы деп сөз саптамаймыз. Себебі бұл тілдік мәселе, ұлтаралық немесе ұлттық мәселе емес. Сондықтан сіз қозғаған мәселеге келгенде, орыс тілді қазақ бауырларымызға қарнымыз көбірек ашады. Басқа ұлт өкілдерінің осы бағытты қолдайтындары пікірлерін ашық білдіреді, сұрақтары болса да ашық қояды. Ал көбінесе қыжырайтып, кейін тартып жүргендер сол аймақтарда тұратын, орыстанып кеткен өзіміздің азаматтар. Солардың қарсылығы басым.

Белгілі саясаттанушы кездесу кезінде бүгінгі таңда өзекті болып отырған үш тілде білім беру мәселесіне қатысты пікірін де ашық білдірді.

– Қазір үш тілділікті енгізіп, бірінші сыныптан бастап қазақша, орысша, ағылшынша оқытудамыз. Енді ертең латын графикасы келеді. Бұл оқушыларға екі есе ауыр жүк болады. Жалпы үкіметке үш тілділікті он жылға шегерсек деген ұсыныс жасағымыз келеді. Сонда бір оқпен екі қоянды атқан болар едік. Біріншіден, латын қарпіне көшуге барлық күшімізді жұмылдырып, тезірек үйреніп, бүкіл қауым болып өтуге тырысу керек. Екіншіден, он жылдың ішінде ағылшын тілінде сабақ бере алатын мұғалімдерді молырақ даярлап үлгеруге болар еді. Алматыда математика пәнін ағылшын тілінде оқыта алатын небары 12 мұғалім бар екен. Ал Қазақстанда жеті жарым мыңдай мектеп бар. Осы тұрғыдан келгенде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту керек деген мәселе ақылға сыймайтын дүние. Сондықтан мемлекет басшылығы ұсынысымызды қабыл алса, қуанар едім. Сонда біз бүгінгі реформамызды жүргізуге жол ашып алар едік. Екінші жағынан балаларымыздың миын ашытпай, жартылай шала ағылшын тіліндегі сабақ беруді тоқтатар едік, – деді ол.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Жерлестер жүздесуі

Күні: , 75 рет оқылды


ҚР  Инвестициялар  және  даму  министрлігінің  жауапты  хатшысы Замир  Сағынов,  ҚР  Ұлттық  академиясының  академигі  Марат Құлманов,  дәрігер  Уайыс  Бисенғалиев,  Орал  қалалық  мәслихатының  депутаты  Тұрарбек  Тілемісов  және  тағы  басқа  да  жалпақталдық  жерлестер  туған  жерде  жүздесті.


Аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов, Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмырзин мәртебелі меймандарды ауылға кіреберісте қазақи салт-дәстүрмен қарсылап алды. Қонақтар ауыл шетіндегі зиратта ата-баба рухына тағзым етті. Мұнан кейін К. Меңдәлиев атындағы орта мектептің музейімен, Ғ. Молдашев атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, оқушылармен кездесті. Мұнан кейін жерлестер мәдениет үйінде еңбек ардагерлерімен дөңгелек үстел басында әңгіме-дүкен құрды. Дөңгелек үстелді жүргізген аудан басшысының орынбасары Сағынғали Ғабидоллаұлы меймандар жайында айтып, академик Марат Құлмановты, Уайыс Бисенғалиевті   таныстырды.

– Ауылға арнайы келгендегі мақсатымыз – өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесу. Қазан айының басында өткен облыстық жерлестер форумына аудан басшысы Абат Абайұлы арнайы шақырған болатын. Содан ауылға баруды жоспарлап жүрген уақытта, бүгін сәті түсіп отыр. Ауылдың жеткен жетістіктеріне, ауылда болып жатқан жақсы жаңалықтарды естіп, қуанып жүреміз. Жалпақтал ауылында қолға алынған жақсы үрдістің бірі – ол мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектердің туған ауылына тарту жасап жатқаны мен үшін қуаныш. Осындай Жалпақтал ауылынан басталған игі дәстүр өзге де ауылдық округтерде жалғасуда. Ауылдың азаматтарына шын көңілден ризамын. Сонымен қатар ауылдың ақсақалдарымен, ақ жаулықты әжелерімен кездескеніме өте қуаныштымын, – деді кездесуде сөз алған Қазталов ауданының құрметті азаматы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты  хатшысы  Замир  Сағынов.

Кездесу барысында еңбек ардагерлері Мәриям Бекешева, Нағым Ризуанов, Мұқсан Бақтыгереев, Қайнеш Қыдырбайұлы, Әлібек Қоңырбаев, Шынболат Өтешқалиев, Сәрсенғали Бисенғалиев келген меймандарға игі лебіздерін білдіріп, арқа-жарқа әңгімелесіп, өткенді еске алды.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Сағынғали Бекжанов келген қонақтарға, ауылдың үлкендеріне ризашылығын білдірді.

Тұрарбек   ҚАЙЫРҒАЛИ,

Жалпақтал  ауылы,

Қазталов   ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика